Әңгіме: Салқынбаев Төлеухан Айтқазыұлы | Сәбира Мұхамеджанова
Ел тарихында, тіпті әлем тарихында өшпес із қалдырған, Кеңестік империяның тұтастығына тұңғыш соққы беріп бостандыққа жол салған «Желтоқсан» көтерілісін «тәуелсіздіктің кіндігі» деп бағалаған екен халық қаһарманы Қасым Қайсенов атамыз. Жүрегінде ұлт намысы ұялаған қазақ жастарының ерлігі – ұлтымыздың Ұлы мақтанышы. Ол жөнінде айтылып та, жазылып та жүр, дегенмен әлі де болса айқындалмаған, толық бағаланбай жүрген жәйіттер көп.
Алматыдағы «Желтоқсан оқиғасы» болған күні – ақ Мәсукеудің пәрменімен бүкіл Қазақстан бойынша жаппай жазалау, қаралау шаралары басталып кеткен болатын. Желтоқсаншылар мыңдап жазаға тартылып жүздеп сотталып жатты. Кейіннен басқа республикаларда кеңінен жалғасып күшейе келе кеңес үкіметін құлатып тәуелсіздікке жол ашқан «Желтоқсан» оқиғасына қатысушылар бүгінде ұлтымыздың мақтанышына айналды. Әсіресе желтоқсанда тікелей қазаға ұшыраған төрт қыршынның рухын халқымыз мәңгілік ардақтауы тиіс. Солардың бірі, қайтпас қайсарлықтың, ұлт мүддесіне беріктіктің үлгісіндей болған Сәбира Мұхаметжанованың есімін асқақтату баршамыздың борышымыз. Сәбираны халқымыздың қаһарман қызы ретінде дәріптеп жазып жүрген зиялыларымыз баршылық, солардың арасында Өскеменде болғаан желтоқсан оқиғаларына тиянақты талдау жасаған тарих ғылымдарының докторы Ғани Қарасаев: «Еліміздің тәуелсіздігі мен бостандығы жолында жынын пида еткен «Желтоқсан батыры», қазіргі күнгі отансүйгіштік пен патриоттық тәрбиенің нақты үлгісі болып отырған Сәбира туралы халқымызға, жас ұрпаққа кеңінен мағлұмат беру бүгінгі күн талабына айналып отыр» деп жазады.[1, 90б.] Сол сияқты жазушы А. Алпысбаевтың (Асқар Алтай), журналист Әлия Ибақованың т.б авторлардың, оқиға куәларының деректеріне сүйеніп биыл басталып отырған «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сай әңгімені жаңа бір қырынан қозғамақпыз.
Алматыда басталған Желтоқсан дүмпуі Жезқазған, Талдықорған, Шымкент, Қарағанды және Өскемен секілді қалаларға жайыла түсті. Өскемендегі студент – жастар алаңға 21, 22 желтоқсан күндері шықты. Бұл кезде кеңестік үкіметтің жазалаушы машинасы толық қуатымен іске қосылып, қамауға алу, тергеу жұмыстары басталып кетіп еді. Бүкіл республика бойынша тәртіп пен бақылау күшейтіліп үгіт – насихат жұмыстары кеңінен жүргізіліп жатты. Жер – жерде аңду, жазалау, қорқыту әрекеттері жалпақ елді жайлаған қаһарлы да қиын жағдайда өскемендік студенттер наразылық актылерін ұйымдастырды. Ұлт намысы мен бостандық үшін бастарын бәйгеге тіккен осындай жастардың әрекеті шынымен жанқиярлық қимыл еді. Солардың алдыңғы сапында өз тобын ұйымдастырғандардың бірі болып танылып сол жолда қаза болған қаһарман қызымыз Сәбира Мұхаметжанованың ерлігін ерекше бағалауға тиіспіз. Өскеменнің студент — жастары Алматыда басталған азаттық күресін қайтсек те жалғастыруымыз керек деп ойлады. Бұл жерде студенттер жазалаудың қатты болатынын білген, жатақхананың терезесінен көшедегі бір топ қазақ жастарын миллицияның қалай қоршап алып тұтқындағанын Сәбираның группаластары өз көздерімен көрген. Соған қарамастан олардың бойындағы ұлт бостандығына деген ұмтылыс, ұлттық намыс жоғары болғандықтан өзара жиналатын жерлерін келісіп алып барлығы жатақханадан кетіп қалған. Сол келіскен алаңға барғанымен әрине, дайын тұрған жазалаушылар студенттер толқуын өрістетпеді. «Одан әрі тергеу, тексеру шаралары басталып кетті. Тергеудің соңы «ұлтшылдардың басын қосып, советтік қоғамға қарсы шығуды мақсат тұтқан» Сәбира Мұхамеджанова деп танылады», деп жазады Әлия Ибақова «Қаһарман қазақ қызы еді» деген мақаласында.[3] Аяусыз жүргізілген тергеу – тексеру жұмыстарының беталысы «кінәлілерді» анықтап жаппай жазалау екені айдан анық еді. Жоғарғы жақтан сондай нұсқаулардың келіп жатқанын да айтады авторлар. Сол кездегі уилищенің директоры, оқу ісінің меңгерушілері, сынып жетекшісі болып студент қыздарды «ұлтшыл, бұзақы, тіпті фашиссіңдер» деп айыптаған. Айналып келгенде бәрі жабылып қыздарды оқудан шығаруды, ары қарай заңның жазалауына беруді көздеген. Бір – ақ Сәбира тергеушіге де, училище басшыларына да «Ешкімге тиіспеңдер, оқудан шығармаңдар, барлығын мен ұйымдастырдым және мен алаңға алып шықтым» деп ашық мәлімдеген екен.[3] Бұл жердегі оның көздеген негізгі мақсаты бірге оқыған жолдастарына ара түсу болған, оның үстіне ол шынында да ұйымдастыруға араласқан белсенділердің бірі болған сияқты. Қалай дегенмен де адам өзіне мүлде қатысы жоқ жаланы өз еркімен мойнына алмайды ғой. Осы бетте келіп ол бесінші қабаттағы өзінің бөлмесінің желдеткішінен секіріп кетіп қаза болды. Сәбиранің қазасын кейбіреулер кейіннен «өзіне өзі қол жұмсағанға» жатқызып жүрген көрінеді. Олай емееес, бұл бүкіл бір топтың, қала берді сол училищедегі басқа да ереуілшіл жастардың тағдырына ара түскен ерлік әрекет екені айдан анық қой. Басқа амал жоқ болатын, сондықтан бұл жердегі Сәбирәнің ерлігін пулеметтің ұңғысын кеудесімен жапқан Сұлтан Баймағанбетовтың ерлігімен пара пар деп бағалауға тиіспіз. «…он алты жасар қаршадай қыздың өлімі училищеде оқитын басқа қазақ қыздарын тергеп-тексеруден, қудалаудан құтқарғаны — басы ашық жай» деп жазады оқиғаны бастан – аяқ зерттеген жазушы Асқар Алтай. Бірге оқыған құрбысы Анар Ғабдуллинаның «Мен Сәбираны бір жатақханада тұрғандықтан жақсы білемін. Әр нәрсе туралы өзінің пікірі бар өжет қыз болатын. Алғашқы күнгі жауап алу кезінде: «Бәрін өз мойныма алып, сендерді құтқарып қаламын» дегенін де естіп едім. Иә, Сәбира өзінің қайғылы қазасымен көптеген студент – жастарды тергеу – тексеруден, қудалаудан құтқарып қалды» деген жүрекжарды пікірі Ғ. Қарасаевтың «Алматыдағы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы және Шығыс Қазақстан» атты кітабында келтірілген. [1, 90б.] Бұдан Сәбираның ерлік өлімге саналы түрде барғанын көреміз. Бірге оқыған құрбылары Сәбираны «…өзі айтқандай бізді МҚК – нің қудалауынан, тіпті, сотталудан құтқарып қалу үшін жанын қиып ерлік көрсеткен құрбымыз» деп бағалайды. [1, 89б.]
Рас, алғашқы кезде олардың естері шығып кеткені, көп жыл бойы үрей мен қорқынышта күн кешкендері шындық. Кейбіреулері кейбір ақиқатты айтудан әлі қорқатыны байқалады. Сәбирамен бір бөлмеде тұрған, оның қазасын көзімен көрген Уатқан Қасымовамен әңгімелескенде осыны аңғардық. Желтоқсаннан кейін жер – жерде, тіпті алыс ауылдарда да жаппай қаралау жұмыстары жүргізілгенін көзіміз көрді, әсіресе партияның қоғамдық белсенділері ерекше құлшынды, жиналыстар, митингілер өткізіп хаттамалар жазып желтоқсаншыларды «кеңестік отанның бірлігін бұзушы ұлтшылдар, басбұзарлар, қылмыскерлер, нашақорлар» деп айыптап халықтар достығын, партияның төңірегіне топтасуды насихаттаған жиындар науқаны жүрді. Коммунистік моральдың «биік парасатына» сай тәрбиеленіп «коммунизмде» өмір сүруге дайындалып жүрген «кіршіксіз кеңес халқының» арасынан бір күнде осыншама нашақор қайдан шыға келді деп өзара әңгімелескенде айтатынбыз. Бір – ақ ашып айта алмап едік. Мұхтар Шахановтың 1989 жылғы КСРО халық депутаттарының бірінші съезіндегі жасындай жалынды тарихи сөзінен кейін желтоқсан оқиғасы жөніндгі шындық айтыла бастады. Кейіннен М. Шаханов бастаған комиссия КСРО басшыларын «Желтоқсандағы қазақ ұлтшылдығы» мәселесін қайта қарауға мәжбүр етті. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, 92 – 93 – ші жылдардан бастап «Желтоқсаншы» жастарды ақтау науқаны басталып кетті. Сол кезде баяғыдағы айыптаушы белсенділердің енді оларды «қаһармандар, батырлар, қыршын кеткен боздақтар» деп сайрағанын да көрдік.
Дегенмен желтоқсаншылардың іс жүзінде ақталуы оңайға түскен жоқ. 1991 жылы президент жарлығымен бұрын айыпталған 103 адамның 92-сі ақталған, он бірі «жеке адамға қарсы қылмыс жасады» деген себеппен ақталмай қалған болатын. Желтоқсанның тағы бір құрбаны, 16 жасында қаза болған Ләззәт Асанова анасының шарқ ұрып жүгіргенінінің арқасында желтоқсан көтерілісінің он жылдығы өткен соң ғана барып соттың шешімімен ақталған. «Бірақ ананың бұл жеңісі көпке созылмай Алтынай Асанова тағы бір мәрте сотқа шағымдануға мәжбүр болады. 2004 жылы «Ана тілі» газеті негізгі мазмұны «Л. Асанова Желтоқсан көтерілісіне қатыспаған» дегенге саятын мақала жариялайды». (Талғат Дүйсенбек, «Ләззәт өлімінің құпиясы тым көп») [4] Бұл мақаланы жазған Ләззәтқа сабақ берген музыкалық училищенің бұрынғы мұғалімі екен. Бұған қарсы анасы Алтынай Асанова тағы да ұзақ уақыт соттасып жүріп Ләззәтті екінші рет сотпен ақтап алған. Мұндай жағдай Сәбираға қатысты да орын алған сияқты. Тергеу барысында Сәбираға жабылған жала бірталай жерлестеріміздің санасында берік орнығып қалғаны күні бүгінге дейін байқалады. Сәбираны «мінезі оғаш, тәртібі қиын, нашар қыз» болғандығын дәлелдеуге күш салған училище әкімшілігімен бірге әсіресе класс жетекшісінің ерекша белсенділік көрсеткені жайлы жазылған деректер бар қолымызда. Олар қыздың өлімінен де, желтоқсан оқиғасынан да өздерін алшақтату үшін осыған барғаны анық. Істі жүргізген Ульба аудандық прокуратурасының тергеушісінің де «бұл өлімнің жай өлім емес екенін білсе де, мойынға алар жауапкершілік пен желтоқсан дүрбелеңі дегеннен бой тарту үшін —«разговор по поводу ее поведения и успеваемости» деп жылы жауып қойғаны қайғылы оқиғаға көлеңке түсіреді» дейді жазушы Асқар Алтай.[2]
Оқиғадан кейінгі Сәбираның әкесі Есімбек Мұхаметжановтың, анасы Күлшара Сағидолдинаның тартқан тауқыметі де мол болған. Ата – анасына қыздарының мезгілсіз қазасы оңай тимегені өз алдына, Сәбираға жабылған жала, жұртшылықтың үрке қарауы от басына ұзақ ауыртпашылық әкелген. Туған апайы Сәуле Сәбираның күйігінен ауруға шалдығып қайтыс болған екен. Одан кейінгі ағасы Төрехан да осы тауқыметтің салдарынан көз жұмды дейді ауылдастары. Ел ішінде күні осы уақытқа дейін бұл оқиғаға күдікпен қарайтын адамдардың кездесетіні рас. «Тәуелсіздік күніне жиырма жылдан астам уақыт өтсе де, теріс пікірде жүрген адамдар бар екен» деген Ә. Ибақованың бір сөзі осыны айғақтайды. [3]
Дегенмен Сәбираны «Қаһарман қыз» ретінде танып дәріптеуді әр жерде жеке – жеке, әркім өз бетімен жүргізіп келеді. Оған 2001 жылы «Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы» атағы берілген. «Желтоқсан ақиқаты» Республикалық қоғамдық бірлестігі Желтоқсанның 30 жылдығы медалімен марапаттаған. Сәбираға арналған жыр мүшәйрасы өткізілген. Сәбираның туған ауылындағы «Ақмектеп» орта мектебінде де әртүрлі шаралар өтеді. Сол мектептің мұғалімі, Сәбирамен сегіз жыл бірге оқыған Майгүл Балқиянованың ұйымдастыруымен, мектеп әкімшілігінің қолдауымен Сәбираның қаза болғанына 20 жыл толуына арналған сыныптастарының еске алу кездесуі болып олар қаһарман құрбылырының атындағы география кабинетін жабдықтаған. Ал 25 жылдығында өз аттарынан мектептің даңқ залына ескерткіш тақтатас қойған. Осы шараларды ұйымдастыруға белсене араласқан, сол кезде аудандық газетке мақала жазып үлкен мәселе көтерген Сәбираның көршісі Әміренов Қайрат әлі күнге дейін «Сәбиранің ерлігі мен өнегесі лайықты бағаланбай келеді» деп есептейді. Тарбағатайдың елім деген патриот азаматтарының бірі Сержан Омарбековтің ұйымдастыруымен стол тенисінен жыл сайын аудандық турнир өткізіліп келген, биыл бұл турнир облыстық деңгейде ұйыдастырылды.
Жалғыз Сәбира емес желтоқсанның қаза болған төрт батырын да елі құрмет көрсетіп, әртүрлі деңгейде болса да есте қалдыру шаралары жасалып келеді. Желтоқсанның негізгі тұлғасы Қайрат Рысқұлбековке «Халық қаһарманы» атағы берілген, Тараз қаласында оның атымен аталатын демалыс паркы бар, Семей қаласында Қайрат Рысқұлбеков атындағы мектеп бар. Ескерткіш те қойылған, мұражай да ашылған. Ләззәт пен Ербол Сыпатаевқа Жаркент қаласының орталығында еңселі ескерткіш қойылған. Ләззәтқа арналған «Қаһарман қыз – Ләззәт қыз» деп аталатын ән де бар. Алматы энергетика және байланыс университетінде желтоқсан оқиғасы кезінде қыздарға ара түсіп жазалаушылардың қолынан қаза тапқан Ербол Сыпатаев атында арнайы оқу залы ашылған. 1998 жылы Талдықорған облысындағы «Еңбекші» орта мектебіне үкіметтің қаулысымен Е. Сыпатаевтың есімі берілді, оған арналған мұражай ашылып бір көше оның есімімен аталады. Ербол мен Ләззәтті жерлестері екі рет «Халық қаһарманы» атағына ұсынған көрінеді, әзір болмағанмен келешекте бұл да шешіліп қалуы керек. Себебі олар қандай атақ — дәрежеге болса да лайық. Олардың төртеуі де қаһармандықтың биігіне мәңгі орныққандар. Дегенмен, бес саусақ бірдей емес екені бұ жерде де байқалып тұр. Бір ғана мысал айтсақ – 2011 жылы 1 желтоқсанда мәреге жеткен «Тәуелсіздік бастауы – желтоқсан» атты халықаралық жыр мүшәйрасында жүлделі орындардан бөлек Қ. Рысқұлбеков атындағы, Л. Асанова атындағы, Е. Сыпатаев атандағы деген үш арнаулы жүлде тағайындалыпты да, неге екені белгісіз Сәбирәнің есімі аталмай қалыпы.[3] Үшеуіне арналып қалаларда ескерткіштер қойылғанын айттық. Сәбираға арналған баяғы сыныптастары қойған мектептегі тақтатас та кәзір жоқ. Бұрынғы педагогикалық училищенің, кәзіргі Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің корпусына қойылған ескерткіш тақтаны да алып тастаған. 2011 жылы тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында «Желтоқсан ақиқаты» бірлестігі Өскемендегі бір көшеге есімін беру, ескерткіш қою жөнінде ұсыныстар жасаған, бір – ақ оның бәрі іске аспаған. Мектептегі С. Мұхаметжанова атындағы кабинетте де Сәбираға арналған шағын бұрыш қана бар, оның өзі көзге тым қораш көрінеді. Кезінде Сәбира туралы қысқаша материал бастауыш сыныптың оқулығына да кірген екен. Қаншама ұл – қызға өнеге боларлық осы материалды кейіннен алып тастапты. Қысқасы соңғы кезде қаһарман қыздың бейнесі көмескіленіп, көрсетілетін сый – құрметтің төмендеп бара жатқанын байқаймыз. Бұның себебі не, Сәбираның ерлігі басқалардан кем бе, әлде іздеушісі жетіспей ме? Қазақта «Сый қылсаң сыпыра қыл» деген сөз бар. Ендеше төртеуіне бірдей атақ – дәреже беруден, дәріптеуден неге тартынамыз. Салыстыру үшін айта кетсек, 1991 жылғы Москвада болған тамыз оқиғасы кезінде қаза тапқан үш азаматқа да кеңестер одағының батыры атағы берілген. Олар әскери машинаны (БТР) өртеп оқ атуға мәжбүрлесе де, ескерту үшін атылған оқтан кездейсоқ қаза тапса да. Ал біздің батырларымыз тәулсіздіктің жолын бастап берді емес пе?
Осы мақаланы жазу барысында да кейбір азаматтардан «Сәбира ақталмаған, басқалары ақталған» деген пікірді бірнеше рет естідім. Әлдекімдер осы жағдайды пайдаланып Сәбираның есімі мен ерлігіне шетқақпай жасайтындай көрінді. Бұл – осыған мүдделілер мен жоғарыда айтылған «теріс пікірде жүрген адамдар» арқылы жасалып жатқан бақастық па деп тұспалдауға болады. Иә, Қайрат, Ләззәт, Ерболдарды ақтау жөнінде соттың жеке – жеке шешімі шыққан. Олай болатыны оларға кезінде соттың үкімімен айып тағылған. Ал Сәбираға қатысты сот үкімі шықпаған сияқты, тергеуде іс «Ұлтшылдарды ұйымдастырып советтік қоғамға қарсы шығуды мақсат тұтқан» деген қорытындымен тоқтатылған көрінеді. Егер бұдан да ақтап алу қажет болса бұл жерде заң мамандарының көмегі керек болады. Жазушы Асқар Алтай мақаласын: «Сәбира туралы да Жоғарғы Кеңестен құрылған комиссия өз тұжырымын айтты. Ендігі сөз жергілікті заң қорғау органдарында» деп аяқтапты.[2] Демек жаңағы комиссия Сәбираны ақтаған деп ұғамыз ғой. Бір-ақ оны растайтын құжаттарға ауылдағы біздің қолымыз жетпейді, сондықтан біздікі де тұспал. Әркім өз алдына түспалдай бермеу үшін ендігі жерде қандай да бір заңды шешім шығуы керек сияқты. Ол үшін жанашыр адамдар бұл шаруамен заңды түрде тиянақты айналысып құжаттарды тауып дәлелдеуі керек. Сонда ғана Сәбира туралы көзқарас – пікірлер бір арнаға тоғысып, бір жолға түсер еді, қаһарман қызымыз өз биігіне көтеріліп лайықты бағасын алар еді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қарасаев, Ғ. Алматыдағы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы және Шығыс Қазақстан [Мәтін]: қозғалыстың 20 жылдығына/Ғ. Қарасаев.- Өскемен, 2006. — 126 б.
2. Алпысбаев, А.Желтоқсанның құрбаны болған Сәбира Мұхаметжанова 16 жаста ғана еді. http://www.qamshy.kz/article/
3. Ибақова Ә. Қаһарман қазақ қызы еді… ibakova-aliya@mail.ru. https://www.azattyq.
4. Дүйсенбек Т. Ләззәт өлімінің құпиясы тым көп. https://www.azattyq.org
5. «Тәуелсіздік бастауы – Желтоқсан» Халықаралық жыр мүшәйрасының жүлдегерлері анықталды. https://qazaquni.kz/2011/12/03/