Әңгіме: Сайын Мұратбеков | Жеңеше

0

Біздің колхоздың бойдақ малы Аяққұмды қыстайды. Бұл — ауыл орталығынан жүз елу километрдей қашықта жатқан құмды өңір. Бірақ құм дегенге тақырайған шағыл құмдар емес, сексеуіл, жүзген, еркек шөп өскен біркелкі құба жалдар. Жазға салым қоңыр бұйра мүк басқанда осы жалдар,- күншуақтап бұйыққан жас қозыларға ұқсайды. Ертелі-кеш үстінен сағым аққанда білдірмей, ақырын ғана нәзік дем шығарып, қозғалып жатқандай болады. Ал қысқа қарай жалдар үстін аттың шашасынан ғана келер жұқа қар жапқан кезде, биікке шығып, төңірекке көз жіберсең; қаздың жұмыртқасын сығылыстыра тізіп қойғандай көрінеді. Осы жалдардың арқасына біздің колхоздың бойдақ мал отарлары шашырай қоныстайды, қаһарлы қысты у-шусыз қалтарыста өткереді.

Құм арасында жолаушылар адасқақ келеді. Сондықтан әр қыстаудың іргесіндегі биігірек жалдың үстіне, ескі киім кигізілген ұзын сырықтан қарауыл қойылады. Жер жайын, жол жайын білетіндер алыстын-ақ әрбір қарауылды нұсқап тұрып: «Анау пәленше қыстау, анау түгенше қыстау…» деп шұбырта соғады. Әр қыстаудың белгілі бір аты бар. Мысалы, біздің қыстау Жылыбұлақ деп аталады.

Біз қыстайтын жерде — қыстың қақаған аяздарында буы бұрқырап, көмейіне күлкі тығылғандай бүлк-бүлк етіп қайнап жатқан мөлдір бұлақ бар Рас, құм арасында бұлақ болады дегенге сену қиын. Бірақ біздің қыстау орныққан жалдың түбінде бұлақтың бар екені сол аймаққа тегіс аян. Ертеде мұны әулие бұлақ деп, науқасқа шалдыққандар басына мал айтып сойып, емге ішеді екен. Ал біздің заманымызда бұл бұлақтың ешқандай әулиелігі жоқ екені де барша жұртқа мәлім болады. Бірде барлау жұмыстарын жүргізген бір экспедиция: осы арада жер асты теңізінің кіндігі бар екен дегенді айтыпты. Шынында да Жылыбұлақ теңізге кіндік болса болар. Кейбір бұлақтарға жүз қара мал кеп, бірден бас қойғанда тақыл-тұқыл боп тартылып қалатыны бар, ал Жылыбұлаққа әлденеше жүз мал -тек тұмсықтары сыйысып тұра алса болды — айнала жапырлап кеп бас қойғанда да қыңқ етпейді. Қайта суы молая түсетін тәрізді. Жылыбұлақтың суын мал да мейірі қанғанша тамсана-тамсана ұзақ сіміреді. Егер адамша сөйлей алатын болса: «Ах, шіркін, қайран Жылыбұлақтың суы-ай!» десер еді олар да.

Жылыбұлақтың суы атына сай, ішкенде жалпы шөл суына тән кермек дәмі де білінеді ептеп. Бірақ сонысына қарамастан жұтқан сайын сарайың ашылып, іше түскің кеп, аңсарың ауа береді. «Осындай да тәтті су болады екен-ау» деп еріксіз тамсанасың. Жаз жайлауға көшіп, алыстап кеткенде Жылыбұлақтың суын кәдімгідей-ақ сағынасың.

Жылыбұлақтың суын елден ерекше аңсайтын екі адам бар. Олар біздің отардағы аға шопан Мақсұт қарт пен күзетші жесір әйел Қамар жеңгей. Күнұзын қой бағып бойы тоңазып, селдір сақалды күрең жүзі суықтан тотығып Мақсұт қарт өрістен шаршап қайтады. Сондайда Қамар жеңгей шелек жарым су сиятын сары самаурынды, сексеуілдің ғана шоғымен божылдата қайнатып қарсы алады оны. Тапжылмай отырып кешке дейін ұршық иіретін Мақсұт қарттың кемпірі — Салиха шешей, осы сәтте маған қарап, екі көзін бірдей қулана қысып қойып:

— Ал енді басталды екі апиыншының таусылмас әңгімесі, — дейді.

Салиха шешейдің қазақ кемпіріне тән емес бір әдеті бар — шай ішкенді жақтырмайды. Өзінің айтуына қарағанда, бұрын бұл кісі де шайды көп ішетін болған. Тек, сонау сұрапыл соғыс жылдарында, шай атаулы болмай кеткен кезде, басы ауырып, таңдайы тобарсып, ұзақ жапа шегеді. Ақырында зәру еткен табылмас, нәрседен біржола көңілі суытып, соғыс біткеннен кейін де шай ішпеуге өзіне-өзі ант етеді. Және сол антын еш уақыт бұзған емес. Қайда жүрсе де, қайда барса да дастарқанға отырғанда: «Маған таза ақ суыңнан ғана құя ғой» дейді де ақ судан үш-төрт шыны ішеді. Абысын-ажындары: «Енді заман түзелді ғой, жоқшылықтың беті әрмен кетті, шай ішсеңші бұлданбай» деп талай рет айтып қыстаған да көрінеді. «Күнім шайға қарап тұрса да әдіре қалсын» деп Салиха шешей өз дегенінен қайтпапты. Сол Салиха Мақсұт қарт пен Қамар жеңгейдің шайды ұзақ ішетінін өзіне мазақ етіп, мысқылдап отырады.

Міне, дастарқан жасалып, буы бұрқыраған сары самаурын ысқыра демігіп ортаға келді. Сол сәтте-ақ қаймақ қатқан қызыл күрең қою шайдың хош иісі бұрқ ете түсті. Бүкіл киіз үйдің іші көзге көрінбес тек жүрекпен ғана сезінер әсемдікке бөленеді. Тамаша бір шақ қой бұл!

Мақсұт қарт әуелде қабағы салбырап ештеңені жақтырмай бырыс-тырыс боп отырады. Екі-үш шыны шайдан кейін ғана маңдайы жіпсіп, терісі кеңи бастайды. Жадырап бірер ауыз тіл қатады. Келе-келе өн бойын езілген тер басып, моншадан жаңа шыққандай-ақ қып-қызыл боп бөртіп алады. Осыдан кейін-ақ әңгіме тиегі ағытылады. Ұзақты күнге мал соңында жүріп, адаммен сөйлеспей іші сөзге толып, пысып келе ме кім білсін, біздің іштей күліп, мазақ еткенімізді елең қылмастан өзінің жастық шағында істегендерін еске алып, мақтанады-ай келіп. Мақсұт қарттың әсіресе мақтанып жиі айтатыны: ертеде байдың малын бағып жүргенінде, өрісте қойды ұрлап сауып, сүтті тасқорықпен пісіріп ішкен кезі. Дәл сондағы сүттің дәмі күні бүгінге дейін таңдайында тұрғандай тамсанады. Бір күні байдың бәйбішесі мұның ұрлығын сезіп қойып, шекпенінің ішінен беліне байлап жүрген сапты аяғын шешіп алып қапты. Мақсұт қарт сонда да сүт ішудің амалын табады. Сүтті саулықтарды үлкен қойтастың үстіндегі екі сапты аяқтай сүт сияр шұңғылға сауып, тасқорықпен пісіріп ішеді.

— Жә, қойшы әрі, не болса соны айтпай, — деп кемпірі шалының тым бөсіңкіреп кеткенін жақтырмайды.

— Не қоятыны бар, естісін балалар, — деп Мақсұт қарт күшене сөйлеп, бой бермейді. Шеке тамыры бүлк-бүлк етіп адырайып, маңдайы мен бетінен аққан тер тарам-тарам боп жол сызады.- Білсін, біздің қандай ауыр азаптарды бастан кешіргенімізді. Мынау Қамарға, мынау Шойқараға (Шойқарасы менмін) қараң өшкір сол заман қорқынышты ертегі емес пе. Бұлардың қазіргі бақытты заманына не жетсін, шіркін!..

— Сол, сен айтқан қойтасты ары-бері көшіп жүріп неше көрдім, тіпті, соның үстіне қойды қалай шығарғаныңды білмеймін, — дейді Салиха шешей таласа түсіп.

— Шығардым да шығардым…

Мақсұт қарт сөзін аяқтай алмай ызаға булығып кемпіріне ызбармен қарап қояды. Терін сүртініп, мұнан әрі тістене тырсылдаған күйде шайды үнсіз ішеді. Тек сары самаурынның шүмегі «шүр-р» етіп, ішіндегі судың таусылғаны туралы хабар бергенде ғана кесесін төңкере салады.

Қамар жеңгей болса еш уақыт бір ауыз артық сөз сөйлемейді. Салиха шешейдің айтуымен үй шаруасын үн-түнсіз істейді. Шайды да ең соңына дейін рақаттана, терлеп отырып ішеді. Қарт пен кемпірі арасындағы қақтығыс кезінде, теріс қараған күйде сықылық қағып, көзінен жас аққанша күледі. Қақаған суықтарда үсік шалып, соның салдарынан бір қабат терісі сыпырылып қатпарланып қалған қоңыр күрең жүзін қалың түк басқан. Жайшылықта төңіректегі тіршіліктен бөлініп, жан түкпіріндегі қиялға шомып, өзімен-өзі боп бейғам отырады. Тек осындай бір күлген кездерінде ғана мұңға толы қоңыр көзі бір сәтке болса да ұшқын шаша жадырайтын. Шайдан соң жеңгей ыдыс-аяқтарды жуып-сүртіп, дастарқанды жинайды да жылы киініп алып қой күзетуге шығады.

* * *

Қой есік алдындағы төбесі ашық қамыс қорада жатыр. Колхоз басқармасы жылда көктемде, осы құмды қыстайтын бойдақ малға жабық қора, шопандарға тұрғын үй салуды жоспарлайды. Алайда жаз кезінде басқа жұмыстардан қол тимей, ол жоспар келер жылға қалады. Осылайша жылдан жылға қалумен жабық қора салынбай, Аяққұмдағы бойдақ отарлардың бәрі дерлік уақытша жасалған төбесі ашық қамыс қораларда қыстайды. Ал «уақытша қораның» малды ит-құстан сақтауға сенімді болмасы айтпаса да белгілі ғой. Сондықтан, Аяққұмдағы түнгі мал күзеті айрықша мықты болуы керек. Сәл көз жазуға болмайды. Мылтық алып айтақтап, таң атқанша қораны айналып жүруге тура келеді.

Құмның табиғатын білмейтіндер: онда қар жұқа түседі, ауа райы жұмсақ болар деп ойлайды. Тіптен олай емес. Рас, таулы жерлердей мұнда боран соқпайды. Құм үстіндегі ауа бірқалыпты тымырсық тұрады. Көбіне зілдей ауыр соқыр тұман басып, төңіректе құлаққа ұрғандай тыныштық орнайды. Ал түнгі суығы буыннан ұрып, сай-сүйекті сырқыратады. Аяққұмның суығы-ай, дегенде зар еңіремейтін күзетші кемде-кем-ақ. Аяққұмның түнінен безердей болған адамның бірі Қамар жеңгей шығар.

Біз үй ортасындағы шойын пешке сексеуіл мен сары қиды толтыра салып, отты өртей жағамыз да жылы төсекке енеміз. Үйдің іші тым-тырыс. Қыза түскенін білдіргендей шойын пеш тырс-тырс етіп қояды. Түнге қарай сырттағы дыбыстар киіз үйдің құлаққа шерткендей анық естіледі. Көрші қыстаулардағы күзетшілердің «Ай-оу, айтақ, айтақ» деген дауыстары, иттердің абалай үргені біріне-бірі ұласып жатады. Таң атқанша бір сембейді. Өзіміздің қорадағы қойлардың күтір-күтір күйіс қайырғандары, жөтеліп-пысқырғаны — қойлы ауылдың түнгі тіршілігін молықтыра түскендей болады. Ауық-ауық Қамар жеңгей де ұяң даусын созылта шығарып «айтақтап» қояды. Онан соң қыстың ұзақ түнінде қоңыржай баяу үнмен ыңырси жүріп ән айтады. Қамар жеңгейдің білер әндері де өте көп. Таусылмайды. Әр әнді бір түн айтқаннан кейін екіншілей қайталамайды. Басқа әуенге ауысады. Аузы әннен босаса болды әлдекіммен күбірлеп сөйлескендей боп кетеді. Тегінде, өзімен-өзі оңаша сөйлесіп жүру — Қамар жеңгейдің бойына сіңген бір әдет. Кейде күйеуінің суретін қолына алып сонымен сөйлесіп отырады.

Біз Мақсұт қарт екеуміз қойды кезектесіп бағатынбыз. Екі күн ол, екі күн мен бағам. Мақсұт қарттың үйде қалғанда не істейтінін қайдам, мен өзім осы күнде кітаптан бас көтермеймін.

Бірде сәске кез еді. Түні бойғы күзеттен шаршаған Қамар жеңгей алаңсыз ұйықтасын деп, жылы киініп алып үйдің сыртына шығып, кітап оқып отырғам. Салиха шешей қора сыпырып жүрген. Күн жайма-шуақ жылы еді. Құм арасының белі босаңдап бусанып жатқан. Анда-санда ақырын ғана үрлеп өткен жып-жылы самал жел жас қорданың иісін әкеледі танауға. Көк аязданған киіз үйдің сырты мөлт-мөлт еткен шыққа толы. Кенет үй ішіндегі күңгір-күңгір сөз ойымды бөліп жіберді. Қамар жеңгейдің даусы. Кіммен сөйлесіп отыр екен деп таң-тамаша болдым мен. Ақырын басып кеп ішке ендім. Ұйықтап жатыр деген Қамар жеңгейім ағаш төсек үстінде басын көтеріп отыр. Қолында әбден сарғайған, шет-шеті тозған күй еуінің суреті, соған қарап сөйлеп отыр. Қарсы алдында күйеуінің өзі отырғандай өкпе-назын айтып отыр.

— Мен бейбақты ғой, жападан-жалғыз тастап кеттің. Күт мені, келемін деп аттандың ғой. Келгенің кәне. Сарғайып әлі отырмын. Жолыңа қарай-қарай екі көзім төрт болды, не өлі, не тірі деген хабарың жоқ…

Қолы сәл дір-дір етті. Ендігі сөзді сурет айтып тұрғандай көрінді маған: «Қамықпа, жарым, күте түс әлі» деген тәрізді. Менің кіріп қарап тұрғанымды сезіп, Қамар жеңгей маған бұрылды.

— Жақсы ағаңмен ұрсысып отырмын,- деді көзіне толған жасты іркіп. — Ол кеткенде әлтек-тәлтек басып, тұрып-жығылып жүрген сен де, міне, зіңгіттей азамат болдың. О, дүние-ай!.. Біз жаңадан үй боп, отау тіккен жылы сендермен көрші отырдық. Сен ол кезде екі жастағы былдырлаған сәби едің. Апаң сені емшектен шығарамын деп, біраз күнге біздің үйге әкеп тастаған. Мазалы жақсы бала едің, жылаған жоқсың. Тамаққа тойғызып қойсам болды, домалаңдап ойнай беретінсің. Менің күйеуім сені жақсы көруші еді. Сен оны «Жақсы аға» дейтінсің. Кешкісін жатарда сен екеуміздің ортамызға кіріп, тыпырлап жатып: «Жақсы ағам менікі» деп күйеуімді шөп-шөп сүйіп, мені төсектен қуушы едің… Соларыңды ұмытқан жоқсың ба? Жақсы ағаңды білесің бе?

Айналайын, Қамар жеңгей, қызықсың ғой сен. Осы сұрақты шынымен-ақ ойланып қойып отырсың ба, маған. Әлде буынсыз жерден пышақ ұрып мені қинағың келе ме? Несін жасырайын жақсы ағам менің есімде жоқ. Тіпті қандай екенін көз алдыма келтіре де алмаймын. Көрмеген адамымды қалай елестетейін. Бірақ бұл үшін мен кінәлі емеспін ғой. Туғаннан ес білмегенім үшін сәбилігім кінәлі ғой. Екі жастағысын кім есінде сақтады екен?

Мен осы шындықты айтып сенің көңіліңе титтей де кірбің салғым келмейді. Мейлі, бұрыс болса да шынымды ішке бүгіп, өтірік айтуға мәжбүрмін. «Бәрі есімде, жеңеше, тап бүгінгідей бәрі де көз алдымда, жақсы ағамды да ұмытқан жоқпын» деймін. Мүмкін, бұл өтірігімді өзің де сезетін шығарсың. Сонда да ішіңнен менің дәл осылай айтуымды тілеп тұрасың ғой. Өзің ұмытпайтын жанды басқа да ұмытпаса екен дейсің ғой…

Өзім де ойға қалдым. Расында да қай уақыттан бастап маған ес кірді?!. Иә, иә, ең әуелі, қарнымның қатты ашқаны есімде. Дәл неше жаста екенімді, қай ай, қай күні екенін де білмеймін. Әкемнің қайда екенін де білмеймін. Күн суық. Далада жел соғып тұрды. Аспан қап-қара бұлт еді. Мен терезенің алдына шығып, апамның жұмыстан оралуын зарыға күтіп отырдым. Біз үйелмелі-сүйелмелі бес ағайынды болатынбыз, апам үйге сыртымыздан бекітіп жауып кеткен. Ертеңгісін қалдырған азын-аулақ нанды таласа-тармаса жеп ап, қарнымыз ашып, шуласып отырғанбыз. Сонда мен терезеге бетімді басып жылағанымда бірінші рет ес кіріпті. Таршылық адамды тез есейте ме деймін. Өйткені, мен сол күннен бастап өмірімнің әр кезеңін кинолентадай көз алдыма анық елестете аламын. Сөйтіп жылап отырғанымда, Қамар жеңгей, сен келдің, есікті ашып үйге кірдің. «Жыламаңдар, балапандарым, апаларың қазір келеді» деп бізді жұбаттың. Біз қарнымыздың ашқанын айтып шуылдасып, онан әрмен жыладық. Жүріңдер деп сен бізді өз үйіңе ертіп апардың. Жарты таба нанды алып бізге бөліп бердің де, өзің біздің қомағайлана асаған түрімізге қарап әуелі күлдің, онан соң қабағын түйіліп, мұңайып отырып қалдың. «Балапандарым-ай, сендерді де шулатты-ау соғыс деген қу пәле» дедің.

Сол күні шай қайнатып, тұз салып, құр қара суды ішкенің де анық есімде, өйткені бар наныңды бізге беріп қойған едің.

Біздің үйді жоқшылық тауқыметі жиі қысып тұрды. Анамыз байғұс ертелі-кеш колхоз жұмысында, далада жүреді. Тауып әкелген қос уыс кеусенін түнде қуырып, түйіп, ертеңгі күнге бізге талқан әзірлеп береді. Бірақ бес бірдей балаға ол не болсын. Міне, сол кезде сен бізді ылғи үйіңе ертіп апарушы едің. Өзің жемей аузыңнан жырып, бар наның мен талқаныңа бізді тойғызатынсың. Іш тартқан адамға бала тез үйір болады ғой. Біз сенің үйіңе де дәл өзіміздің үйіміздей еркін кіретінбіз. Мен көбіне сенің бауырыңда жатып ұйықтайтынмын. Сенің жұмыстан қалжырап, шаршап қайтқан кезің, я жайнаңдаған қуанышты шағың менің көз алдымда болушы еді.

Сол жылы қыста сен алыстағы станцияға шанамен колхоздан астық тарттың. Бірде ат құлағы көрінбес алай-түлей боранда оралдың. Аяғыңда тар етік еді. Келген бойда тез шешпек болдың, бірақ мұз болып қатып қалған етік шешілмеді. Ақырында, апам алқымын пышақпен тіліп, әзер шешті. Сенің аяғың күптей боп, қаракөктеніп үсіп кетіпті. Сонда сен:

— Шанам тоқтап қалатын болды-ау деп жыладың. Уақытша ат-шанаңды менің апам айдайтын болды да, біз бес бала сенің үйіңде қалдық. Енді сен аяғыңды орап тастап, күні бойы және ұзақты түнге май шамның жарығымен әскерлерге жіберу үшін жүн қолғап, шұлықтар тоқыдың. Ұйықтамағандықтан көзің шөлдене қызарып, ісіп кетті. Жасаурап тұратын болды. Сен сонда да қойған жоқсың, тоқи бердің.

Бір күні почта таратушы қара домалақ қыз Ұмсынай үйге жүгіріп кіріп:

— Сүйінші, Қамар, биле! — деген үш бұрышты хатты көрсетіп.

Сен аяғыңды ораған көрпені жұлып тастап, еденге секіріп түстің де, тыпырлап билей жөнелдің. Аяғыңды көрген Ұмсынай шошып кетіп:

— Әзілдеймін, Қамар, әзілім ғой. Мә, — деп хатты ұстата берген.

Сен хатты қолыңа алған күйде ішек-сілең қатып, тоқтаусыз билей бердің. Аяғыңнан сауылдап қан ағып, еден үстіне ештеңеге ұқсамайтын белгісіз бір тұрпайы іздер түсіп жатты. Сен оны елең де қылған жоқсың. Хатты көкірегіңе басқан күйде қуана тапырақтап, билей бердің, билей бердің…

Бұл жарыңның ең соңғы жазған хаты еді. Бірақ сен одан ылғи да хат күтумен болдың. Соғыс аяқталды. Ер-азаматтар біртіндеп елге қайта бастады. Сен енді оның өзін қай күні келіп қалар деп, елеңдей күттің.

Майданға сенің күйеуіңмен бірге аттанған жырық ерін Балташ қайтқанда сенің қуанышыңда шек жоқ еді. Сен оның алдынан елден бұрын жүгіре шықтың. Сондағы Балташ сөзі де көңіліңе үлкен медеу болып еді. Оның айтуынша сенің күйеуің қызу ұрыс кезінде азғана топпен жау қоршауында қалып қойыпты. Және тірі қалғаны анық көрінеді. Онан әрі партизандарға қосылды ма, әлде қолға түсті ме, ол жағы беймәлім деген. Тіпті, қолға түскен күнде де тірі қалуы әбден ықтимал деген-ді. Балташ саған сендіре айтқан. Мүмкін, Балташ сенің көңіліңді жасытпайын деген болар. Бірақ жау қолында тұтқында болып, ауыр азаптарды бастан кешіріп, кейін де елге аман-сау келгендер де болды ғой. Сен де күйеуіңді солар сияқты бір күні күтпеген жерден келіп қалар деп тостың. Жылдар өтіп жатты. Тірілер әлдеқашан қайтып болды. Ал сен әлі де күтудесің.

Тағы бірде сенің апаммен сөйлескен сөзіңді де естігем. Мазаң болмай ауырып жүргеніңді айтқасың.

— Турасын айтсам, ренжіме, — деді апам.

— Жоға, неге ренжиін.

— Ендеше тілді алсаң күйеуге шық. Сен тірі адамсың ғой, өміріңді қор қылма.

— Әй, әпке, осы ма бар айтқаныңыз, — деп, Қамар жеңгей, сен түйіліп қалғансың. Осыдан соң көп ұзамай. малға күзетке кеттің…

* * *

Бүгін Қамар жеңгей «Екі жиренді» бастады. Кәдімгі жайшылықта екінің бірі айтатын, халықтың ескі әні деп айтылып, пәлендей мән берілмейтін, кейбіреулер: «басқа бір ән айталықшы, мынау тіпті дауысқа ауыр екен» дейтін әуен. Қамар жеңгейдің қоңыржай даусы «әу» деп басталғаннан-ақ сол «ауыр» әуен еш қысылып-қымтырылмай, іркіліссіз кербез созылып, ырғатыла жөнелді. Әннің әрбір сөзі, әрбір жолы баяғыдағы қазақтардың салт-санасынан туса да, дәл қазіргі сәтте Қамар жеңгейдің бойына шақталып, жаңа бір әуез бен мағына алды. Менің көз алдыма жесір әйелдің назды әуенімен өзім еш уақыт көрмеген, тек үлкендерден ғана естіген елестер келді. Өлеңнің алғашқы жолында -тұяқтары сатыр-сұтыр етіп кең даланың төсін дүбірге толтырған, жаңа қонысқа қарай шұрқыраса шұбырған көп жылқы, соңында бір-бір жарау сәйгүлікке мінген, қарларына құрық ілген: бірі — құндыз бөрікті күлімдеген қара көз, қолаң шаш ақ құба қыз да, екіншісі — түксиген қалың қасты, тебіндей өскен қияқ мұрты бар ақ сұр жігіт келеді; өлеңнің екінші жолы Сарыарқаның тымық бір кешінде әлгі ақ сұр жігіттің жолсыз андызбен қыз аулына қарай суыт жортып бара жатқанын елестетеді. Өлеңнің осы екі жолы да, неге екені белгісіз, мені осылайша таза бір қиялға бөлейді. Бірақ өлеңнің соңғы екі жолы мүлдем басқа сарынға ауысады. Қамар жеңгей:

Түскенде сен есіме, беу, қарағым,

Сағынып сарғаямын санаменен, —

деген кезде, көз алдымда қаз қалпымен жеңгейдің өзі турады. Іште жатқан ыстық жалынын «аһ» ұрып сыртқа шығарғандай болады. «Екі жирен» дәл осы сәтте тек Қамар жеңгейдің төл әніндей боп естіледі маған. Иә, дәл солай, сарғая сағынуға басқа ешкімнің де емес, тек Қамар жеңгейдің ғана қақы бар. Жесір жүрегі лықси толып сыздаған мұңмен сағынып сарғаяды. Осыдан ширек ғасыр бұрын — кешегі сұрапыл соғыс кезінде кебенек кигізіп, майданға өз қолынан аттандырған асыл азаматын содан бері бір минут та көңілінен таса қылмай, сарғая күтіп сағынғанын айтады Қамар жеңгей…

Түскенде сен есіме, беу қарағым…

Үйдегілер — ешқайсымыз да ұйықтамаппыз. Мақсұт қарт жүрегі аузына тығылғандай боп қысылған соң басын көтеріп отырды, ал Салиха шешей қып-қызыл боп қызған шойын пештің дәл іргесінде жатса да қараңғы үйде күйбеңдеп тұрып: «Бар болғыр, қызар емес қой, селкілдеп тоңып кеттім» деп күңкілдей сөйлеп, маздап жатқан отты көсей бастады. Пеш аузынан шыққан күрең қызыл шоқ сәулесі киіз үйдің ішін қан қызыл ғып жіберді.

Қамар жеңгей өз әнінің үйдегілерді үлкен әбігерге салғанын білген жоқ. Бір қалыпты баяу ғана жалғастыруда.

Е-ей, екі-ай жирен,

Жалын түйген.

Жалғанда жақынымсың-ау жаным сүйген,

Аридаш-ай, аридашым-а-ай…

Тегінде, ән айтамын деушілерге бірінші қойылатын шарт даусың болу керек дейді. Дұрыс-ақ шығар, дегенмен маған салса ән салу үшін ең әуелі жүрегің болсын. Дауыс сонан кейін қажет. Міне, Қамар жеңгей ән салып жүр сыртта. Әділін айтсам жеңгейде дауыс дейтіндей дауыс та жоқ, ал бірақ үйдің ішіндегі бізге оның әрбір алған деміне дейін, үніндегі әрбір күрсініске дейін анық жетіп тұр. Қамар жеңгейдің бар тіршілігі, мұң-арманы осы әнде ғана қалған дерсің. Махаббаттың бал-шырынын сусыны қанып жұта алмағанын, өкініші, өксігі көп ішқұсалықтан өртенгенін, оралмасқа кеткен жастық шағын егіле тұрып еске алады. Өзінің жалғыздығын наз етеді. Біз болсақ ұзақ түнді кірпік айқастырмай дөңбекшумен өткіземіз. Өзіміз жылы төсекте жатқанымызбен көңіліміз далада, түнгі суықпен арпалысып жүрген, әрбір адымы аяз боп сықырлаған Қамар жеңгеймен бірге.

Жасыратыны не, дөңбекшіп жатып мен Қамар жеңгейге шын туыстық сезіммен аяушылық білдіремін. «Шіркін-ай,- деймін,- осы бір күзеті құрғыр да әбден мезі ғып, қам көңілін онан әрмен басып жіберген-ау. Әттең, ең болмаса әйелімен ажырасқандардың, не қатыны өлгендердің бірі тап болсашы, осы қу күзеттен құтылар еді ғой», — деп армандаймын.

Бір күні менің тілегімді де құдай ойда жоқта берді.

Кешкі шайды алдымызға енді ала бергенімізде, иттерді шулатып үй іргесіне атты біреу кеп тоқтады. Сәлден кейін үйдің есігі айқара ашылып, сырттан бір құшақ суықты ала-мала, басында түлкі тымағы бар, көк мауытымен тыстатқан қара сеңсең ішік киген, бұл үйге бұрын да талай келіп жүретін Салиха шешейдің бауыры Тілепберген кірді. Сәлемдесіп, сырт киімін шешкеннен кейін төрге шығып, малдасын құрып отырып көріп еді, жаңадан тіккізген, ішінде киізден сырғызған қалың байпағы бар, қонышы тап қара саннан саптама етігі дастарқанға қарай еңкеюге иліктірмеді.

— Өзің тіпті, баяғының төрелеріндей-ақ киініпсің ғой, алпыстан асқанда қыз айттыра жүргеннен саумысың, — деп Мақсұт қарт балдызсынып әзілдеп қойды.- Аяғыңды шешін жазылып отырсаңшы…

— Е, баяғының төрелерінен менің нем кем. Шүкіршілік, өкіметтің арқасында даражамыз олардан асып түсті ғой, — деп әзілге орай іле жауап қатқан Тілепберген, мықшыңдай қозғалып саптамасын шешті. Әр аяғына екі кез ғып аппақ бомазиден шұлғау орапты, онысын да біз көрсін дегендей көтеріңкірей сілкіп, былай шетке қойды.

Тілепберген — көзі тұздай боп көгерген, қалқиған құлақтары жұп-жұқа, қоңыр жирен мысық мұртты, томпақ бет сары шал. Қазір суықтан келген бойда екі-үш шыны ыстық шайды дем алмастан сораптата ішіп жіберген соң, екі беті алмадай боп өңі қызара бөртіп, тершіп шыға келді. Тіпті алпыстан асқан адам деп айта алмайсың, жүзі жайнаң қағып, тұз кездері ойнақтап кетті. Осы бір көздер-ай! Жас адамның көзі сұқтана ойнақшып тұрғанда қаншама әдепсіз болса да, біртүрлі кешірімділік етуге болатын сияқты, ал алпыстан асқан шалдың көзі сөйткенде денең дір ете түсіп, түршіге тітіркенеді екенсің. Қандай сүйкімсіз, жиіркенішті көз. Қамар жеңгей күндегідей сары самаурын сарқылғанша отырып, шайды қанып іше алмады. Шынысын ертерек төңкеріп тезірек киінді де күзетіне кетті.

Қамар жеңгейдің жүріс-тұрысына, қимылына бүкпесіз бір сұғанақтықпен қарай берген Тілепберген енді сөз арасы ғып:

— Қамардың бір жері ауыра ма, өңі сынық қой? — деп сұрады. Бұл сұраққа жауап бергілері келмеген Мақсұт қарт та, Салиха шешей де ананы-мынаны сөз етіп, жалтара берді.

Енді бірде Тілепберген:

— Шаруашылығым күйлі. Шүкіршілік, денім де сау, дыңдаймын. Алпыстан астың деп, сен Мақсұт дік қылғаныңмен әлі бір жігітті алып ұрар әл-қуатым бойымда, қых-қых-қых… — деп таңдайынан күліп алды. — Ел қыдыра шығып: «Оу, осында бір туғандарым бар еді ғой» деп жақын тұтып ат басын әуелі сендерге бұрған түрім бар,- деп сыздықтата отырып, келген шаруасын айтуға ыңғай білдірді. Сөзімді тыңдайды-ау дегендей, маған тұздай көзімен жеп жіберердей бір қарап қойды. «Құштар едім, сенің сөзіңді тыңдауға». Ыза болған мен киімімді жылырақ киіп тысқа шықтым. Жүрегім әлденені сезгендей суылдай берді.

Дала тымырсық суық екен. Түнге қарай құм қойнынан салқын бір ызғар шығып жатқан сияқты. Киіз үйдің сыртын боз қырау тұтыпты, аппақ қып тұр. Бәрі де аппақ: қамыс қора, ішіндегі жоталары ғана көрініп бұйығып жатқан қойлар, кеше ғана екі трактормен әкелінген, анадай жерге жиып сыртын жүзгенмен қоршап қойған шөп, қораның арғы желке тұсындағы үйілген кәшектің үстіне отырған Қамар жеңгей, тұмсықтарын көкке көтеріп, әлдененің жат иісін сезгендей боп, тың тыңдап жүрген төбеттер — бәрі, бәрі де боз қырауға оранған. Күндегідей емес, бүгін үйдегілер, әсіресе, Тілепберген естімесін дегендей Қамар жеңгей даусын тіптен ақырындатып, әнін ыңылдап қана айтып отыр екен.

— Күні бүгін тіпті салқын, неғып шықтың суық тиіп қалады ғой, — деді.

— Қарттардың әңгімесі әзірге таусылып, жата қоятын емес, ішімді пыстырды, — дедім мен. Жанына кеп отырдым. Көрші ауылдың күзетшілері бірінен кейін бірі «айтақтап», иттері шаң-шұң боп шуылдасып қалды. Біздің иттер де шаптығысып, жер тырмалап үре бастады. Қамар жеңгей екеуміз — ол жіңішке баяу үнмен, мен барылдаған жуан даусыммен «Ау-оу, айтақ, айтақ!..» деп қосыла айқайладық.

— Түу, бір өзіңнің үнің бүкіл Аяққұмды жаңғырықтырады екен ғой. Мына қалпыңмен барылдап бұл өңірдегі қыз атаулыны шошытарсың, — деп күлді Қамар жеңгей. Мейлі, ол мені келеке етіп күле айтса да осы сөзі мен үшін әпкенің інісіне еркелете айтқан мақтауындай естілді.

Айналайын Қамар жеңгей, маған сенің сәтке болса да жадырағаның, күлгенің керек қой. Менің өз басыма қуанышым мен күлкім әбден жетеді. Мен жиырмаға енді ғана жеткен қысқа өмірімнің ішінде тек қуаныш пен күлкіні ғана көріп келемін. Менің бар қызығымның әлі алдымда екенін сен жақсы білесің ғой. Мен ұзақ жасаймын. Сол ұзақ өмірімде тек қана қуанып, тек қана күліп өтетін боламын. Ал сенің қырықтан енді ғана асқан өміріңнің тең жарымы сарғаюмен, шермен өтіп келе жатқанын мен жақсы ұғамын. Сені сабағыңнан ерте үзіп, көктей солғызған соғысқа ылғи да көзім жасқа толып лағынет айтамын. Сондықтан да мейлі, аз сәтке болсадағы сенің тұңғиық жанарыңдағы толып тұрған мұңның сейілуін тілеймін…

Осы сәт жалдар арасынан баяу жылжып соқыр тұман шықты, шоқпыт-шоқпыт жүн көрпедей төңіректі жайлап, қымтап алды. Енді иек астындағы шокалдар жым-жылас боп жұтылып, айналаны жым-жырттық басты. Нағыз суық, сай-сүйекті сырқыратар ызғар енді келді.

— Өлең айтшы, — деп өтінді біраз үнсіздіктен кейін Қамар жеңгей.

Мен іркілместен «Екі жиренді» бастап дарылдай жөнелгем.

— Жоқ басқа бір көңілдірек әнді бастасаңшы. Қазіргі жастардың сүйіп айтатын әндері кеп қой, соның бірін…

Мен енді: «Асқақтата салғаным жайлау әні…» деп «Маржан қызға» бастым. Қамар жеңгей қосыла кетті. Екеуміз — қысты да, құм даланы да, соқыр тұманды да мүлдем естен шығарып, көк майсалы жайлауға, жазғы жым-жырт айлы кешке шомдық та кеттік. Біздің әніміз бас-аяғы күндік жер — бүкіл Аяққұмді жаңғырықтырды-ау деймін, өйткені тұс-тұстан көрші ауылдардың күзетшілері де іле қосылып, тұман басқан түнгі көңілсіз даланы тамаша шадыман күйге бөледі де жіберді.

Осылайша тағы да бірнеше әнді жеңгеймен қосыла айттым да үйге кірдім. Бұл кезде Тілепберген де сөзін аяқтаған екен.

— Сендерді ағайын деп арқа тұтып келдім, сөзімді сөйлер, меселімді еткізер деп келдім. Енді қартайғанда бір жас иіс иіскеп, нәрестенің дауысын естірмін… — деп барып, біржола іркілді.

Салиха шешей даурыға жөнелді:

— Тілепберген-ау, о не дегенің. Сенің тізгініңді осындайда тартпасақ ағайыншылығымыз қайсы. Әдіре қалғырды, туыс жоқ, тұғиян жоқ шырылдап далада қалғанынан тауып ап адам еткем, енді қатын болғанында оған бір сөзімді еткізе алмасам…

— Жә, оттама, — деп Мақсұт қарт кесіп тастаған.

— Е, өтірік пе? — деді Салиха шешей шаңқ ете түсіп.- Баяғыда ата-бабамыз алпысты қойып, сексенге келіп селкілдеп отырғанында бес-алты қатынның үстіне он бес жасар қыз алатын, оның қасында Қамарың жер ортасына келді емес пе. Ибай-ау, соны қырықтан енді асты деп ешкім айтпайды, бет-аузы менен кәрі алжа-алжа боп жүр ғой әне…

— Сен кәззәп, қоясың ба енді, жоқ па,- деп ақырып қалған Мақсұт қарт уыққа қыстырулы тұрған тобылғы қамшысын жұлып алды. Шалының ашуланған кездегі шадыр мінезінен қатты именетін Салиха шешей жым болды. — Адамға еткен қайырымыңды сатуға болмайды,- деді ашуын басқан соң Мақсұт қарт жайлап қана, онан соң Тілепбергенге қарап: — Сен бізге буынсыз жерден пышақ ұрма! Қамар деген адам жөргегінде жатқаннан оз қолымда өсіп, тумаса да туғаннан бетер ыстық боп кеткен жан, ыстығымызға күйіп, суығымызға тоңып, көңілімен, бейілімен қанымызға қаны араласқан, ал енді оған аңдаусыз сөз айтып көңіліне қаяу салар жайымыз жоқ. Онан соң қанша дегенмен мекені бөлек, оты басқа жан екенін естен шығармалық. Араға бізді салмай-ақ айтарыңды өз аузыңнан айт. Ал сен кемпір аузыңа ие бол, араласпа бұл іске, — деді.

Осымен сөз доғарылды. Төсек салынып, Тілепберген жастыққа басы тиісімен қорылдап ұйықтап кетті. Менің бір жаман әдетім бар — біреу жанымда қорылдап жататын болса ұйықтай алмай мазасызданамын. Қазір де сөйтіп жатырмын. Онсыз да ұйқы-тұйқы боп көңілім бұзылғанда мына шалдың жата сап қор ете түсуі ит жынымды келтірді. «Кеңірдегінен бір-ақ сығып қатыра салар ма еді» деп кіжінемін. «Дәмесін қара өзінің, Қамар жеңгейге сөз салмақ…»

* * *

Ертеңгісін аспан бұлыңғырланып, күн бұзылып тұрған соң, малды жайылымға шығармай, далаға есік алдына шөп шаштық. Әлі бірер қонбақ болған Тілепберген бізге қолқабыс етті. Шынымен-ақ жұмыс дегенде сондай ма, жоқ болмаса бізге күшін көрсеткісі келді ме, әйтеуір ол ең қарымды, жуан сапты ашаны таңдап алып, Мақсұт қарт, Қамар жеңгей үшеуіміздің көтерген шөбіміздей шөпті бір өзі жеп-жеңіл көтеріп ап, шашып жүрді. Қамар жеңгей:

— Мына шал қайтеді, ей,- деп маған қарап көзін қысып күліп қояды.

Шынында да алпыстан асқан Тілепбергеннің қайраты көз сүйсіндірердей еді. Түнде ғана атарға оғым жоқтай боп оған деген кіжіңім теріме сыймаған, енді бір түрлі ол райымнан қайтып, құрметпен қараймын. Оның жас адамша ширақ қимылдайтын дембелше денесі -адам бойына өте жарасты бір қасиет-қайратқа толы сияқты. Иә, жасы ұлғайғанмен көңілі жас.

Бұл күнгі тіршілік осы күйбеңмен үй маңайында етті. Тілепберген кешке дейін Қамар жеңгейге тіс жарып сыр білдірген жоқ. Тіпті өзінің әдейілеп келген шаруасын ұмытып кеткен тәрізді. Қамар жеңгейдің де көңілі еш алаңсыз. Тілепбергеннің немен келген ойын біле ме, жоқ па ол жағынан сыр сездірер емес.

Түстен кейін тракторист Әспет деген жігіт колхоз орталығынан үлкен бір шанамен жем әкелген. Біз жемнің келгеніне қуаныш қалдық. Әспет трактордан түскен бойда басқамыздың амандасқанымызға пысқырып та қарамастан қораның арғы жақ шетінде жүрген Қамар жеңгейге қарай тартты. Дәу табанымен қисалаң-қисалаң етіп адымдап, езуі құлағына жете ыржиып барады.

— Сүйінші, жеңеше, сүйінші… — дейді.

Қамар жеңгейдің қарсы алдына барып кілт тұра қалды.

— Кәне, жеңеше, сүйіншіме не бересің?

Біз болсақ селт етпестен аңырып тұрмыз. Аяқасты бұл нендей қуаныш деп таңданамыз.

— Сүйіншіме не бересің, жеңеше? — деп Әспет тақымдай түсті.

— Айналайын-ау, қалағаныңды ал, тек үздіктірмей айтшы тез жақсы хабарыңды.

— Мұнан былай жаман сатқақ деп ұрысқаныңды қоясың ба?

— Сұрамайтынды сұрайтының-ай, ал жарайды қояйын,- деп күлді.

— Мына көрші ауданда соғыс басталған жылдан хабар-ошарсыз кеткен біреу келіпті дейді. Қырғын ұрыста жараланып тұтқынға түсіп содан бері шет елде ит көрмеген қорлықта жүріп, жуырда өз отанымызға қайтқан екен. Елдің айтуына қарағанда ана жақтан әлі босана алмай жүрген бірталай адамдарды білетін көрінеді.

— Қай колхозда екен? — деп сұрады дегбірсізденген Қамар жеңгей.

— Қай колхоз екенін білмеймін, әйтеуір, көрші ауданда. Ертеңгісін осы жаққа жүрерімде апамнан естіп сізден сүйінші сұрауға асықтым…

— Онда, қазір қайтасың ба? Мен бірге кетейін, — деді қолындағы ашаны лақтырып жіберген Қамар жеңгей. Үстіндегі жұмыс киімінің түймелерін жүре ағытып, үйге қарай асықты.

— Әй, Қамар, тоқта, қызым, сабыр ет,- деді осы кезде кәшек жинап жүрген Салиха шешей.- Жақсылық болса ешқайда қашпас. Дәл қазір кеш таянғанда асып-сасып алып ұшпай кәдімгідей адамша жиналып ертең-ақ барарсың. Мына әкең екі аттың бірін ерттеп береді ғой.

— Иә, Қамаржан, трактормен орталыққа барып, одан әрі тағы да көлік іздеп әуре болғанша салт атпен тура барып қайтасың, — деді Мақсұт қарт та. Қамар жеңгей бұл ақылды үнсіз құп алды.

Кешкісін қойды қоралап, тамақ ішкеннен кейін неше күнгі шала ұйқы қысып, жантайған қалпымда қатып қаппын. Абыр-дабыр сөзден ояндым. Тілепберген, Салиха шешей, Қамар жеңгей үшеуі сөйлесіп отыр екен, Мақсұт қарт жоқ, сыртқа шығып кеткен болу керек.

— Шырағым Қамар, біз бала емеспіз, бет басып ұялысатын, жұмбақтасатын. Ашық сөйлеселік. Мен бір артымда нәсіл болмай бара жатқан бейбақ шалмын. Енді, міне, төрімнен көрім жуықтағанда жас иіс көрем бе деген үмітпен төсек жаңғыртсам деген ойым бар. Өзгеге емес, қолқаны өзіңе сала келдім.

Қамар жеңгей ештеме деместен үнсіз отыра берді. Басы салбырап кетті… Осы үнсіздігін пайдаланып қалайын дегендей Тілепберген бастырмалата сөйлей жөнелді.

— Осы жасыма дейін жиған-терген азды-көпті малым бар, өле-өлгенше не ішем, не кием демейсің, жетеді қалай да ұстағаныңа…

— Өйбұй, о не дегенің. Астына төрт қабат көрпе салып, екі қолын жылы суға малғызып отырғызып қоймайсың ба, — деп қостады Салиха шешей… Қамар жеңгей әлі де үнсіз. Басы бұрынғыдан да бетер салбырай түсті. «Шынымен-ақ мойынсұнған түрі ме?»

— Айт бір жауабын, — деді тағатсызданған Тілепберген.

— Е, не айтатыны бар. Ене сүтімді бермесем де елік сүтін беріп, тумаса да туғандай етіп әлпештеп өсірген анасы едім, бір жолға менің дегенім болар. Алғашқы күйеуіне менің ризашылығымсыз қашып кетті. Топырағы торқа болғыр ол байғұсты жамандап қайтейін, барғанынан қайтпай қалды. Күткен адам Қамардай-ақ болар. Адал көңілмен ұзақ тосты, бірақ келмеске кеткенді күткеннен не пайда. Тіріге тіршілік керек емес пе?! Жетер осының да, енді үйлі-күйлі болуыңды ойла, Қамаржан. Мен риза болсын десең сөзімді жықпа. Ал егер осыдан тыңдамай кетсең, алдыңнан жарылқасын, бетімізді көрме, — деп сөзінің соңын бұйыра аяқтады Салиха шешей.

— Нағашы аға, мені қинамаңыз, — деді әлден соң Қамар жеңгей дірілдеген дауыспен. — Жиырма жыл болды күткеніме азаматымды. Кебенек кигізіп аттандырып едім қолымнан, еш жаманшылыққа қиғым келмейді, әлі де күтемін… Міне, бүгін бір қуаныштың ұшын көргендеймін. Кім білсін, әлгі қайтқан кісі жақсы хабар айтар.

Осы сәтте Салиха шешей ұшып тұрды да төрдегі үлкен сандықты ашты, буыншақ-түйіншектерін қоқырсыта ақтарып, әлденені уысына жұмарлай қысып, қайта кеп отырды.

— Қанша айтпайын десем де болмадың-ау, қызым-ай! Кезінде көңіліңді күйретпелік, жас қой деп жылы жауып жасырып қойып едік, жүре келе ұмытар дедік, бірақ естіртпей болмас. Мә, оқы! — деді бір жапырақ сарғайған қағазды ұсынып.

Қамар жеңгей көзі шарасынан шығып, сілейген күйде қағазды алып, шамның жарығына тосты.

— О-ау!..- деп қорқынышты үнмен өкіріп жіберді де қолын ербеңдетіп, қағазды лақтыра берді.

Қағаз менің алдыма келіп түсті. Бұл — әбден сарғайған, сиясы өшуге айналған қаралы қағаз еді. Салиха шешей енді қатқыл үнмен сөйлеп кетті.

— Сонау соғыс жылдарында ауылсәбеттің бастығы марқұм Смағұл шал өздерің естірт деп әкеп беріп еді. Қиын ғой естірте алмадық…

Қамар жеңгейдің көзінен тырс-тырс етіп жас тамды. Мөлдір моншақтар жерге түсе беріп тасқа тиіп пырсылдап жарылғандай болады. Кенет қос алақанымен бетін басқан күйі тұрды да сыртқа атып шықты.

— Өй жаман қар, дұрыстап жауабын берудің орнына көзін сығымдап тұра қашпағы несі-ай! — деп кәрленген Салиха шешей соңынан кетті.

Бүріп жердей боп шүйлігіп барады. Мен қоса шықтым арттарынан.

Күн тіпті суытып кетіпті. Қардың ұсақ түйіртпектері себелей жауып, ызғырық жел соғып тұр екен. Қою ақ тұман жел ығына қарай жөңкіле ызғып көшіп жатыр. Салиха шешейдің ізін ала қора жаққа келдім. Мылтығын ұстап күзетте Мақсұт қарт отыр екен.

— Қамар келген жоқ па? — деп сұрады Салиха шешей.

— Жоға, үйде емес па еді.

— Жаңа шығып кеткен.

— Не дейді! Ойбай-ау, онда бұл жайбарақаттығың не?! Жүгір, ізде. Әкеңнің көрі… бұл Тілепберген ит жай келуші ме еді. Жүгір!..- деді даурыға айқайлаған Мақсұт қарт. Өзі бұлаққа қарай жүгірді. Біз де солай қарай ұмтылдық. Қарттан озып, бұрын жеткем, Қамар жеңгей белуарынан бұлақтың көзіне суға малшына кіріп, шалпылдата бетін жуып тұр. Маған бірден: «Жынды болған екен» деген ой келді. Таяп кеп:

— Жеңеше-ау, бұл тұрысың не? — деп судан жұлқа тарттым.

— Айналайын, сәл кідірші, бетімді жуып алайын, — деді жалынған үнмен.

— Сорлы-ау, өлдің ғой, — деді даусы үрейлі шыққан Мақсұт қарт та. Салиха шешей бұлақтың шетіне кеп қаққан қазықтай сілейіп тұрып қалды.

— Енді қайтейін, ататай-ай, тозды ғой төзімім… — деді еңіреп жылап жіберген Қамар жеңгей.

Үсті-басы зілдей боп судан шықты. Дәл осы мезетте қора жақтан иттер шаң-шұң ете түскен.

— Ит-құс келді, жүгіріңдер,- деді елең еткен Қамар жеңгей.

Бәріміз де қораға қарай ұмтылдық. Қойлар да дүр ете түсті.

Аттандаған бойда жүгіре жетіп, шарбаққа сүйеулі қосатарды жұлып алдым. Қорадан сыртқа бірдеңе бұлаң етіп ыршып шыққандай болды. Тұспалдап тұрып екі оқты бірдей аттым. Бірақ тиген жоқ. Иттер соңынан шабалана қуып ұзап кетті. Қалта фонарын жағып қораға ендік. Мал аман екен. Тек бір ісекті ғана тамағынан қауып кетіпті, қаны дірдектеп тұр. Мақсұт қарт ұстап көрді де:

— Ештеңе етпейді, — деді.

Өстіп жүріп біраз уақытты өткізіп алыппыз. Жанымызда жүрген Қамар жеңгейдің үсті-басының су екені де есімізден шығып кетіпті. Үйге келіп, лездің арасында мұз боп қатып қалған жеңгейдің киім-кешегін әзер шештік. Қол-аяғы тастай. Тілепберген бұл жайды әлгінде қойға қасқыр шапқан әбігер үстінде болған шығар деп ойлады. Түнгі күзетке Мақсұт қарт өзі кетті. Мен жеңгейдің қасында отырып қалдым. Қамар жеңгей бойын қалтыратқан дірілді сездірмеуге тырысып тас түйін боп жатыр. Жүзі көкпеңбек болып қаны қашып кетті. Тек таңға жақын ғана денесі қызып, енді өңі бал-бұл жанып әлсірейін деді. Қатты ауырды. Әр нәрсені айтып сандырақтай бастады.

* * *

Сол қысылудан тек келесі күні таң алдында ғана есін жинады. Бұл кезде үйдің іші тегіс ұйқыда еді. Мен ерте оянсам да тұрғым келмей жатқам. Түндіктің төменгі жағынан екі уықтың аралығына ойылып салынған кішкентай әйнек терезеден аппақ таңғы рауан еніп тұр. Қамар жеңгей буындары сытырлай көтеріліп, ұзақ уақыт дір-дір еткен қолының алақанына алма-кезек қараумен болды. Онан соң кешеден бері мұз болып ораулы жатқан ірге жақтағы көйлегінің өңірінен қаттала бүктелген қағаз алды. Арасында күйеуінің суреті бар екен. Кәдімгі оңаша қалғанында қолына алып сөйлесіп отыратын, сарғайған сурет. Су тиіп, мыжғырланып, көк аяз боп қатып қапты. Қамар жеңгейдің көз жасы бетін жуып, ағыл-тегіл құйыла берді.

— Сен үшін отқа да, суға да түстім…— деді суретті алақанымен сипалай отырып күбірлеп қана…

Ертеңгі шайдан соң Тілепбергенге бұрылып:

— Нағашы аға, мені қинамаңыз, — деді дірілдеген үнмен.

Салиха шешейдің иіріп отырған ұршығы түсті, бірақ кемпір оны қайтып көтерген жоқ. Қолындағы шүйкесін сыпырып алып іргеге қарай тастай салды. Әлден уақытта:

— Қайт енді, — деді Тілепбергенде әмірлі үнмен. Жүзі түнеріп ренжіген Тілепберген үн-түнсіз түлкі тұмағын баса киіп аттанып кетті.

Күні бойы қой бағып шаршап келсем, есік алдында сары самаурын божылдап қайнап тұр. Қайнатып жүрген Салиха шешей екен. Қойды қоралап боп үйге кірдім. Қамар жеңгей басын көтеріп, арқасын жастыққа сүйеп отыр. Дірілдеп әлсіз қимылымен шай ішеді. Міне қызық, сенерімді де, сенбесімді де білмей босағада сілейген күйде қараппын да қаппын. Салиха шешейдің шынысында да қаймақ қатқан қою күрең шай. Сызат-сызат әжімді жүзінен сай-сай боп тер ағып отыр.

— Неғып тұрсың енді шешінбей, — деп қояды маған.

Екі-үш күн өтті. Қой бағуға Мақсұт қарттың кезегі келіп, бүгін өрістен шаршап қайтқан. Салиха шешей сары самаурынды божылдата қайнатып қарсы алды. Қарт әуелде қабағы салбырап, бырыс-тырыс боп отырды да сораптай ұрттаған үш-төрт шыны шайдан кейін маңдайы жіпсіп, терісі кеңиін деді. «үһ-ә-ә!» деп демін жадырай алып, кәдуілгі ертеде байдың малын бағып жүргенінде өрісте қойды ұрлап сауып сүтті тасқорықпен пісіріп ішкен кезін әңгімелеп кетті.

— Жә, қойшы әрі, не болса соны айтпай, — деді кемпірі шалының бөсіңкіреп кеткенін жақтырмай.

— Не қоятыны бар, естісін балалар,- деді күшене сөйлеген Мақсұт қарт кеңірдегін созып. Шеке тамыры адырайып бүлк-бүлк етіп, маңдайынан аққан тер селдір сақал басқан әжімді бетінен жол сызды.— Білсін, балалар біздің нендей қиыншылықтарды бастан кешіргенімізді. Мынау Қамарға, мынау Шойқараға қараң өшкір сонау бір заман ертегі емес пе? Бұлардың бақытты заманына не жетсін, шіркін!..

Бұл күні тәуірленген Қамар жеңгей күзетіне қайта шықты. Біз әлі бірер күн күтін деп, қарсылық етіп едік, бой бермеді. Түн жарымы ауғанша мен оның жанында отырдым. Аспан ашық еді. Аязы жоқ, маужыраған жым-жырт түн. Жарқыраған жұлдыздар құм үстіне ғана кеп топталып ап жыбыр-жыбыр қағып күліп тұрғандай. Біз Қамар жеңгей екеуміз қосылып «Маржан қызды» және басқа да көңілді әндерді айттық. Тағы да бүкіл Аяққұмдағы күзетшілер әрқайсысы әр тұстан бізге қосылып, әнімізді көтеріп әкетті.

— Шошынар десем, — мына даусыңа қыздар көп қосылатын секілді ғой, — деп әзілдеді жеңгей. Оның көңілденген шағын пайдаланып:

— Жеңеше, бір сөз айтсам ашуланбайсыз ба? — дедім.

— Жоқ, айта ғой.

— Сіз Тілепбергенге неге кетпедіңіз, ең болмаса мына қу күзеттен құтылатын едіңіз, — деп шынымды айттым.

— Шырағым-ай, күзетке мені біреу байлап қойды дейсің бе, құтылғым келсе ертең-ақ басқа жұмысқа ауыспас па едім, бірақ… түнгі күзетті ұнатамын… Түнде ұйықтай алмай төңбекшіп төсекте жатқаннан да ояу жүрген жақсы… Рас, түн деген суық, бірақ маған сол суығы ұнайды, ішкі мұңымды сейілтеді. Әлі жассың ғой, ұғамын дейсің бе?.. «Уды у қайтарады» деген емес пе, — деп ұзақ сөйлеп, күрсіне езу тартты.

Неге екенін білмеймін, менің есімде осы тұста әлгінде ғана Мақсұт қарт айтқан бір сөз қайта-қайта орала берді. «Мынау Қамарға, мынау Шойқараға қараң өшкір сонау бір заман ертегі емес пе?! Бұлардың бақытты заманына не жетсін, шіркін!» Дәл осы сәтте Қамар жеңгейдің ойында да осы сөз тұрса керек, өйткені маған қарап:

— Менің өмірімді қойшы, қу соғыс өксітіп кетті ғой, ал сенің өмірің атам айтса айтқандай шіркін, қызыққа толы. Мұңаю дегенді де білмейсің,- деді.

Бұл шындықты мен насаттана тұрып үнсіз қостадым. Даурыға қостауға жеңгейдің көңілін жасытып алармын деп қорықтым. Тегінде біреудің онсыз да баттия көрініп тұрған қуанышын дақпырта сөз етсең екінші біреуге ауыр тиюі мүмкін ғой. Мұндайда сөзді басқа бір нәрсеге аударып жібергің кеп тұрады.

Дір етіп жер сілкінгендей болды. Алыстан талықсып жеткен ауыр дүбір естілді.

— Ибай-ау, анаң қара, анау не?.. — деді елең еткен Қамар жеңгей.

Нұсқаған жағына қарадым: батыс жақ тұсымызда түнгі аспанды қақ жарып шұбатылған қызыл жалын көкке өрмелеп бара жатты. Қозғалысы тіпті жылдам.

— Ол не?..- деп тағатсызданған Қамар жеңгей қайта сұрады. Өңінде үрей бар.

Өзім де таңырқап тұрмын. Қызыл жалын зулай өрмелеген күйде әп-сәтте көзден тасалана берді.

Көрші ауылдың иттері үрді, күзетшілер айтақтап шулап кетті де сәлден соң жым-жырт боп тына қалды. Жал арасынан баяу ғана ызғырық жел есті.