Әңгіме: Рабиндранат | Тагор Далия

0

Тас-талқан болып жеңілген Шуджа шах Аурензебтен қорқып қаша берді, ақыр соңында Аракан раджасына келіп паналады. Шахтың үш қызы өзімен еріп келген еді. Аракан раджасы Шуджа қыздарын өз балаларына айттырмақ болды, соны естіген шахтың ашу-ызасы қайнады.

Осыдан кейін раджаның пәрмені бойынша шахты алдап қайыққа мінгізді де өзеннің ортасына алып шықты, сол жерде қыздарымен қоса қабат суға батырып жібермек болды.

Қатер төнген алғашқы сәтте жан ұшырған әке ең кенже қызы Әминаны оз қолымен суға лақтырды. Үлкен қызы өзін-өзі буындырып өлтірді. Ортаншы қызы Зылиханы шахтың ең адал қызметшісінің бірі Рахмат Әли құтқарып алды. Ал шахтың өзі болса осы арпалыс үстінде опат болды.

Тағдырдың жазуымен өзен бетінде қалқып кеткен Әмина бір балықшының ауына барып оралды. Балықшы қарт оны судан шығарып алды да өзінің жер кепесіне әкелді. Жас қыз күн санап өсе берді.

Бұл мезгілде Араканның қарт раджасы дүние салды да таққа оның баласы келіп отырды.

Бір күні ертемен балықшы шал Әминаға келді де:

— Тинни (ол өзінің аракан тілінде Әминаны осылай атаушы еді), саған бүгін не болған? Түк шаруаң біткен жоқ әлі! Жаңа ау майланбаған, ал қайық болса…

— Ата, бүгін менің дидиім келді, қол қусырып отырған себебім сол, — деп Әмина күле жауап берді.

— Ол диди дегенің кім еді тағы да?

— Бұл міне мен, — деп Зылиха кенет шыға келді. Шал таңырқап қалды. Содан кейін қызға жақындап келді де тесіле қарады:

— Ал сенің қандай өнерің бар? — деп сұрады.

— Ата, мен мына апам үшін де қызмет етемін, ол жұмыс істей алмайды, — деп жауап берді Әмина.

Қарт аз-кем ойдан кейін:

— Ал сен сонда қайда тұрып күнелтпексің? — деп Зылихаға қарады.

— Әминамен бірге.

«Бұл қайдан шыққан неме!» — деп ойлады балықшы.

— Сонда қайтіп күн көре аласың?

— Оған қаражат табылады, — деп дауыстады Зылиха, содан кейін ашулы бір кейіппен балықшыға алтын манатты лақтырып тастады.

Ата, енді ештеңе айтпай-ақ қой, бар, жұмысыңа бар, — деді ақырын ғана Әмина. Сөйтті де манатты көтеріп алып шалға ысынды. — Баратын мезгіл болды.

Үстіне бөтен киім киіп, бармаған жері, баспаған тауы қалмаған Зылиханың Әминаны ақыры балықшы үйінен келіп тапқанын оқушыға баяндайтын болсақ, ол жөнінде тағы да бір әңгіме жазуға тура келер еді. Сондықтан бүл әңгімеде оған тоқталмасақ та болады.

Осы бір кезде Зылиханың сақшысы Рахмат Эли Аракан раджасының сарайына келіп қызметке орналасқан еді.

II

Өзен баяу толқып ағып жатты, ақырын соққан самал жел койлю ағашын жай тербейді де қызыл гүлдерін жан-жаққа қарай шашырата алып кетіп жатыр.

Ағаш түбінде Зылиха мен Әмина отырды.

— Құдай бізді әкеміздің кегін алсын деп қалдырған ғой. Басқа себепті ойлап таба алмай отырмын мен, — деді Зылиха.

Әмина қарауытып көрінген орман жаққа қарап отыр еді:

— Апатай, мұның бәрі неменеге керек? Мен өмірді дәл осы қалпында жақсы көремін. Егер жұрт өлгісі келетін болса, онда бірін-бірі қыра берсін. Магын осы арада жақсы,— деп қойды.

— Әй, Әмина-ай! Сен шахтың қызы емеспісің! Дели тақытында отырудың орнына, қайдағы бір аракан балықшысының жер кепесінде тұрып жатырсың!

— Егер қызға койлю ағашының көлеңкесі мен балықшы күркесі Дели тақытынан да артық көрінсе, не шараң бар, — деп Әмина күле жауап берді.

Зылиха аз ойланып қалды:

— Сені кінәлауға да болмайды, онда тым жас едің. Бірақ ойлан: әкең сені бәрімізден де жақсы көрген, қатер төнгенде сені өз қолымен суға лақтырған себебі де сол болатын, мына күйкі тіршіліктен әке қолынан келген өлім артық. Сондықтан да әке кегін алу өмірлік мақсатың болып табылады.

Әмина қиян шалғайға көз тігіп ойлана отырып қалды. Бүл әңгіменің тым байсалдылығына қарамастан, оны самал жел, аташ көлеңкесі, өзінің жастық шағы, өткенгі бір бақытты күндерді еске алу артығырақ тебірентері анық еді. Бір шамадан кейін Әмина терең күрсініп алды да апасына қарады.

— Диди! Сен кішкене аялдай түр. Үйге барып менің бір шаруаларды тындыруым керек. Егерде тамақ дайындамасам, атам аш жатады ғой.

Мазасы кеткен Зылиха оз сіңлісінің қылығын ойлап коп отырды. Кенет біреу секіріп түскен сияқты болды, сол сәтте әлдекім келіп мұның көзін баса қойды. Шошып қалған Зылиха айғайлап жіберді:

— Бұл кім өзі?

Қыз алдында өндірдей бір жас жігіт сая бола кетті. Тіпті тіксіне сөйледі:

Сен — Тинни емессің! — Құдды Зылиха мен Тиннимін деп айтқандай-ақ.

Сен кім боласың? — деп сұрады ол, етегін жинады да айырықша бір паңдықпен түзеліп отырды, жігітке жеркенішпен қарағандай.

— Сен мені білмейсің. Ал Тинни біледі. Ол өзі қайда? Дауысты естіп Әмина жүгіріп келді. Ашулы апасын, ұялып, таңырқап қалған жігітті көріп ол күліп жіберді.

— Апатай, моның сөзін тыңдамай-ақ қой. Бүл адам ба! Орман тағысы емес пе. Егерде ол саған бірдеме деп артық соз айтса, мен сазайын тартқызамын. Далия, сен не істеп тастадың? — Әмина жігітке бұрылды.

— Мен оның көзін бастым. Сен екен деп ойлап қалып едім, қателесіппін, — деп жауап берді жас жігіт.

— Тағы да ма! Еркінсіп бара жатырсың! — деді ашуланған Әмина. — Сен менің көзімді қашан басып едің? Тіпті сен жүректі екенсің ғой!

— Бұл үшін үлкен бір жүректіліктің керегі бола да қоймас. Оның үстіне дағдыға айналған қылық қой, — деді жігіт. — Шынымды айтайыншы, Тинни, мен бүгін аздап қорқып та қалдым, — Зылиханы иегімен нұсқап жігіт ақырын күліп қойды.

— Жоқ, сен нағыз жабайы аңның өзісің. Хан қызының алдында тұруға да жарамайсың! Сені үйрету керек. Міне, қара, былай амандас…

Өрімталдай сындарлы Әмина аса бір нәшпен Зылихаға тағзым етті. Жігіт ебедейсіздікпен қыз қимылын қайталап жатыр.

— Үш адым кейін шегін.

Жігіт айтқанды екі етпеді.

— Қайтала енді,— деп бұйырды Әмина.

Ол тағы да еңкейіп тағзым етті.

Содан кейін Әмина Далияны есіктің алдына алып барды:

— Ал енді үйге кір.

Жігіт үйге енді.

— Аздап шаруамен айналыс! От жақ! — деп дауыстады да, есікті жауып апасының қасына келді Әмина.

— Диди, оған ашуланбай-ақ қой. Бүл өлкенің адамдарының бәрі осындай қазымыр да мезі.

Алайда Әминаның кескін-кейпі мен қылығы бүл сөзін қостап жатпаған сияқты, шынында да, ол жергілікті жердің адамдарын қатты арашалап қорғаштайтын еді.

Шынымды айтайын, Әмина, мына қылығың мені, таң қалдырды, — деп бұрқанды Зылиха. — Қайдағы бір бала келіп сенімен қалжыңдасуға дейін барады!

Апатай, егерде әлдебір падишахтың немесе науаптың баласы келіп, осы сияқты қылық көрсетсе, мен сөз жоқ жазасын берген болар едім, — деді Әмина апасын құшақтап жатып.

Зылиханың шыдамы жетпеді, күліп жіберді.

— Шыныңды айтшы, Әмина, сен бүкіл дүниені өзің айтқандай осы бір тағы жігіт үшін жақсы көріп жүрген жоқсың ба?

— Жасыра алмаймын, апатай, оның да себі тиетіні рас. Сен білесің бе, мейлі ол гүл немесе жеміс теріп жүрсін, мейлі ол аң аулап жүрсін, шақырсам-ақ болды, сол сәтінде келіп жетеді. Кейде жазалағым келеді оны, бірақ өйте алмаймын. Қатты ашуланған бір сәтте мен оған: «Далия, мен саған разы емен», — десем-ақ болды, жымия қарап қояды. Бүл өлкеде осылай ғана әзілдесетін болса керек. Егерде бірер рет нұқып қалсаң төбесі көкке тигендей болады, талай рет байқадым. Міне енді мен оны үйге жауып қойдым, Далия мақтанышында шек жоқ. Есікті ашсаң-ақ болды, екі көзі қызарып, от үрлеп жатқан жігітті көресің. Апатай, мен оған не істерімді білмеймін!

 — Мен бірдеме ойластырып көрейін, — деп жауап берді Зылиха.

Жалынамын, апатай, көмек берші маған. Тек отан ештеңе де айта көрме, — деді Әмина ұяла күліп. Қыз жігіт жайын аса сүйікті, бірақ әлі қолға үйренбеген киік лағының жайындай етіп айтты.

Осы кезде балықшы келіп жеткен еді.

— Бүгін не, Далия келмеді ме, Тинни? — деп сұрады ол Әминадан.

— Келді.

— Келсе қайда?

— Тентектік жасаған соң мен үйге алып барып жауып қойдым,— деп жауап берді қыз.

— Егерде ол тентек болса, шыда. Оның жасында біз бәріміз де ақымақ болғанбыз. Қатты жазалап жүрме. Кеше ол маған үш балық үшін бір алтын теңге берді, — деді шал сәл ойлана тұрып.

— Ата, ренжіме, — деп дауыстады Әмина, — мен бүгін одан бір балық та берместен екі алтын теңге аламын.

Балықшы шал өзінің асырап алған қызының ақылына разы болды да басынан сипап жайына кетті.

IV

Қанша ерсі болғанымен Зылиха Далияның келіп-кетіп жүргеніне үйрене бастады. Егерде шындап үңіле қараса, мұнда қандай өрескелдік бар. Ағыны қатты өзенді екі жағындағы жарқабағы ұстап жібермейтіні сияқты, өнер-білімі өскен мәдениетті қоғамда жас арулардың жүрек соғысы жұрт алдында ұятты тұмшалайды. Алайда мәдениетті қоғамнан жырақ мына аракан орманында шын азаматты кездестіру оңай емес! Бүл аймақта орман көктемде ғана көгереді, өзен қатты нөсер жауыннан кейін тасиды, ал қыста тыныш болады да, сарша тамыз шілдеде суалып қалады.

Ал өзеннің арғы бетінде орналасқан қыстақ жақтан соққан жел тек қана арба даусын естіртеді.

Қирап қалған ескі сарай орнына орман өсетіні сияқты, табиғат та өзінің көзге көрінбес шабуылымен бірте-бірте адам туғызған шарттардың мызғымас негізін қирата береді. Жар қосағынан артық нені ұнатушы еді әйел байғұс. Сонша бір жұмбақ сезімді де, сонша бір артық бақытты да осы қосақтан артық ештеңе де тудыра алмақ емес. Мына жабайы жер кепеде Зылиханың паңдығы мен намысы жуасығаннан кейін, гүл атқан койлю ағашының саясында кездесіп жүрген Далия мен Әминаның қуанышы оған аса бір сүлеу болып көрінді.

Оның жас жүрегінде тамаша бір тілек туды. Ақыр соңында жас жігіт әлдебір себеппен кешігіп қалатын болса, апалы-сіңлілі екеуі де оны сарғая, сағына күтетін болды. Олар өзінің жаңа біткен картинасына сұқтана қараған суреткерге ұқсап, жас жігітке аса бір мархабатпен, махаббатпен қарайтын болды. Кейде олар таласып та қалатын еді, сондайда Зылиха Әминаны үйге қамап қоятын, Далиямен кездесуіне кедергі жасайтын.

Дүниені билеуші мен орман арасында бір ұқсастық болады: екеуі де ешкімге кіріптар емес, еркін, екеуі де өз қол астындағы дүниенің әміршісі, патша да, орман да ешкімнің заңына бағынбайды. Екеуінде де әлдебір табиғи, тым айрықша ұлылық, тазалық бар. Қарапайым адамдар қоғам заңына бағына отырып тірлік кешеді, олар тұрақты емес: өзінен жоғарыға құл да, төменгілерге әкім. Өмірде сайлап алған, дағдыланған мекенінен айырылса, олар бір бишара болып қалады.

Табиғат құшағында қамсыз өскен тағы бала Далияның хан қыздарына деген бір де күдігі жоқ еді, соған орай қыздар да оны өз жолдасым деп қарады. Оның көңілді де таза, ештеңеден мойымайтын, әрқашан да батыл да берік мінезіне қайыршылық пен кедейшілік із табын сала алмапты.

Алайда онымен кездескен бір шақтарда әмәнда Зылиханың жүрегі тулай соғып кететін еді:

«Хан қызына бұл лайық па?»

Бір күні азанда Далия келді, Зылиха оның қолынан алды да:

— Далия, осы жердің раджасын маған көрсете аласың ба? — деп сұрады.

— Көрсете алам, бірақ неге сұрадың оны?

— Менде қанжар бар, сол қанжарды орын жүрегіне қадасам деген едім,— деп жауап берді қыз.

Әдепкіде Далия таңырқап қалып еді, бірақ Зылиханың кекке суарылған келбетіне қарап езу тартып күлді, тіпті мына сияқты өткір әзілді бұрын-соңды естіп көрмегендей. Тек шах қызы ғана осылай әзілдей алады. Зылиха ештеңені де түсіндіріп айтпайды, қанжарын алып барып раджаның жүрегіне қадайды. Далия сол кездегі таңырқаған раджа кейпін көз алдына келтірді де барынша қатты қарқылдап күліп жіберді.

Ертеңіне Рахмат Әли Зылихаға астыртын хат жіберді, онда Араканның жас раджасы апалы-сіңлілі екі қызды тауып алыпты, ретін келтіріп Әминаны көріпті де, ғашық болып қалыпты. Сарайда раджа мен Әмина тойына дайындық жүріп жатыр деген сөз айтылған екен. «Кек алудың осыдан артық қолайлы сәті кездесе қоймас», — деп жазыпты Рахмат Әли.

Зылиха сіңлісінің қолын қатты қысып:

Тәңір тілегі айдан анық. Әмина, сен өзіңнің парызыңды өтеуге тиіссің. Бізге де күн туды,— деді.

Тағы да Далия келді, сондай қызық, езу тартып күле береді.

— Сен білесің бедеді оның күлкісіне жәбірленіп қалған қыз,— мен раджаның жұбайы болмақпын.

— Оның ұзаққа бармас — деді жігіт күлімдеп.

«Шынында да, бүл орман тағысы, мен есімнен адасқан жанмын, осымен адамша.сөйлесіп тұрған ақымақпын-ау».

Істің жайын Далияға жақсылап түсіндіру үшін қыз байсалдылықпен әр сөзін нәштеп былай деді.

— Егерде раджаны өлтіретін болсам, маған қайтып оралу жоқ.

— Әрине, қайтуың тым қиын, — деп жігіт мүсіркей сөйледі.

Әминаның көңілі қайтып қалды. Терең бір күрсініп алды да

Зылихаға:

— Диди, мен дайынмын,— деді, содан кейін көңілді бір кейіп білдіргенсің Далияға бұрылды: — раджаның жамағаты болғаннан ісейін ең алдымен, оған қастандық ойлаған топқа қосылғаның үшін сені жазаға тартамын, содан кейін оз парызымды өтемекпін.

Әминаның сөзін естіген Далия қуанып кеткендей болды, осы бір соз оның құлағына тым жағымды соз сияқты.

ІV

Сөйтіп қуанышты күн туды, балықшы шалдың есігі салтанатпен ашылды. Күй тасқыны басты, ат пен пілдердің, жаяу адамдардың жүрісінен жер шайқалғандай болды. Раджа сарайынан алтынмен апталған екі паланкин келді.

Әмина сабы піл сүйегінен жасалған, сұлу қанжарды Зылихадан алды да ұзақ қарады. Содан кейін қойнына алып барып тықты. Суық темірден денесі тітіркенді. Қанжар бейне бір қынына түскендей көйлек қатпарына еніп жоқ болды.

Осы бір қатерлі сапар алдында қыздың бір-ақ тілеуі бар еді. Ол Далияны көргісі келді. Бірақ Далия кешегі күннен кейін ғайып болып кетті. Оның намысына тиген болса керек.

Паланкинге отырардың алдында Әмина жастық шағын өткізген мына үйге, мына ағаш пен өзенге тағы да бір қарады да көзіне мөлдіреп жас толды. Ол балықшы шалдың қолынан алды, қалтыраған даусымен:

— Ата, мен міне кетіп барам. Саған тамақты кім дайындайтын болады енді? — деп жылап жіберді.

Шал да балаша жылап жатыр.

— Атажан, егер Далия келетін болса мына жүзікті бер де Тинни кетерде осы жүзікті саған бер деп еді дегейсің. — Әмина тез басып паланкинге кірді.

Салтанатты қош жолға шықты. Өзен жағасы қаңырап бос қалды. Әмина тұрған жер кепе мен койлю ағашын қараңғылық орады.

Ақыр соңында салтанатты ұлы қош сарай қақпасынан келіп кірді. Апалы-сіңлілі екеу паланкиннен шықты.

Әминаның көзі отша жанады, кейпінде айрықша бір сұс бар. Зылиха болса өңі қашып кетіпті. Алыста жүргенде өш алу оңай сияқты еді. Ол енді жүрегі қалтырап өзінің сүйікті сіңлісін құшақтай берді.

«Мен ерте көктеген махаббаттың алғашқы сабағына үзіліп түскен гүл шоғын қан жоса қыламын», — деп ойлады Зылиха.

Ағайынды екеуін сан алуан қызметші әйелдер маржандай тізіле жанған мың сан шырақтардың арасымен алып жүрді. Ақыр соңында неке қияр бөлменің алдына кеп бір сот аялдаған Әмина Зылихаға қарап:

— Апажан! — деді.

Зылиха сіңлісін қатты қысып құшақтады да сүйіп-сүйіп алды. Содан кейін екі қыз бөлмеге барып кірді. Орта тұстағы кереуетте салтанатты киім киген раджа отыр, үстінен жұпар иісі бұрқырайды. Әмина жүрексініп есік алдында тұрып қалды.

Зылиха жақындай келіп раджаның ақырын ғана күліп отырғанын көрді.

— Далия! — деп айқайлап қалды о л Әмина талып түсті.

Далия секіріп тұрды да, оқ тиіп құлап түскен құсқа ұқсатып Әминаны ақырын ғана көтеріп алды, апарып кереуетке жатқызды. Қыз есін жиған соң кеудесінен қанжарды алды да апасына қарады. Зылиха Далияға бұрылды, ал жігіт болса баяғы күлімдеген қалпы үнсіз ғана бұларға қарап отырған еді. Қынабынан суырылып түскен болат қанжар да күлгендей болып жалтырап жатты.

Аударған С.Шаймерденов