Әңгіме: Қазақстанның жаһандық бастамалардағы рөлі

0

Қазақ халқы білектің күшімен, найзаның ұшымен тәуеліздікке қол жеткізген сәттен бері көптеген тарихи оқиғаларды бастан кешірді. Жас мемлекетіміз қысылтаяң кезеңдерден тайсалмай өтіп, саяси, экономикалық тұрғыдан көптеген жетістіктерге жетіп, қазіргі таңда әлемдік сахнадан ойып аларлықтай беделді орынға ие. Бұл, әрине, Президентіміз — Н. Назарбаевтың көреген саясатының арқасы деп білемін. Өз елін жарқын болашаққа бастап келе жатқан Елбасының ғаламдық маңызы зор бастамалары мемлекетіміздің дамуына үлкен ықпалын тигізіп, халықаралық кең жаңғырық тапты әрі мойындалды.

Cолардың бірі де бірегейі, 1991 жылы ҚР президентінің жарлығымен Семей полигоны жабылып, Қазақстан өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан алғашқы мемлекет ретінде тарихта қалды. Мысалы, әлемде ядролық қарусызданған тек 5 аймақ бар. Солардың қатарында «Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ» келісімшарты осыдан он жыл бұрын қабылданған еді. Семей полигоны әлем бойынша 4 орын иеленгеніне қарамастан, мұндай шешім қабылдау әркімнің қолынан келе бермейтіні сөзсіз.

Нұрсұлтан Әбішұлы 1994 жылы Еуразия одағы сияқты халықаралық құрылымды дүниеге әкелудің бастамашысы. Сонымен қатар, оның бастамасымен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ), — 1996 жылы «Шанхай бестігі» деген атаумен халықаралық ұйым құрылды. Көршілес мемлекеттер арасында өзара сенім, достық, татулық қарым-қатынастарды нығайтуда, саяси, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, білім беру, қуат көзі, көлік, экологиялық және өзге де салаларда тиімді әріптестік шараларын дамытуда, ортақ күш жұмсап аймақтық бейбіт өмірді, қауіпсіздікті және тұрақтылықты қамтамасыз етуде бұл ұйымның маңызы зор. Одан бөлек, мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында құруды ұсынған Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) іс жүзінде жұмыс істей бастады. Қазақстан басшысы бастаманың негізгі мәні әлемнің өзге өңірлеріне қарағанда әлі тиісті тетігі қалыптасып болмаған Азия құрлығында қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ықпалды әрі әмбебап құрылымын қайта құруға деген ұмтылыс екенін атап көрсетті. Бастапқы кезеңнің өзінде АӨСШК идеясы құрлықтағы саяси ахуалға ықпал ете алатын халықаралық ұйымдар мен бірқатар Азиялық мемлекеттер тарапынан қолдау тапты.

Н. Назарбаев мәдениеттердің, діндердің, өркениеттердің жүйелі сұхбаттасуын жолға қоюға көп көңіл бөледі. 2003, 2006, 2009 жылдары Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері табысты өтті. Қазақстан Президентінің ойы бойынша бір бірі туралы жалпы аспектілер мен дәл мәліметтер негізінде құрылған әлем және дәстүрлі дін лидерлері арасындағы келіссөз өзара ынтымақтастық үшін кең болашаққа жол ашып біздің заманымыздың зомбылық, фанатизм, экстремизм және терроризм сияқты теріс көріністерді болдырмауға септігін тигізеді.

Сондай-ақ, бірнеше ай бұрын ғана сәтті аяқталған Экспо – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі де еліміздің абыройын біраз асқақтатты. Бұл көрмені Елордамыз – Астанада өткізу – Қазақстанның негізгі ірі жобаларының бірі болып табылады. Көрменің «Болашақ энергиясы» атты тақырыбы ең үздік әлемдік энергия сақтау технологиясын, бүгінде бар баламалы энергия көздерін пайдалануда жаңа әзірлемелер мен технологияны пайдалануға, елдің өндірістік қуаты мен ғылыми базасын заманауи технологиялық жаңғыртуға мүмкіндік берді.

Елбасының сындарлы саясаты — еліміздің үйлесімді және қарқынды дамуының мызғымас темірқазығы. «Болашақ – жастардың қолында» демекші, әрбір қазақ баласы өзін ұлтжандымын деп ұғынып, тәуелсіз елдің айқын мақсаттарымен жігерленіп, тек қана алға ұмтылуы қажет. Отанымыздың даму жолында аянбай еңбек етсек, алда талай белестерді бағындырып, Қазақстанның жаһандық бастамалардағы рөлі одан сайын арта түсетініне кәміл сенемін!

Жақан Мөлдір Нұрланқызы, ҚарМУ 2 курс студенті