Әңгіме: Өзін өзі тану руханиадамгершілік пен ізгілікке бастар жо

0
Өзін-өзі тану» курсы адамның өзін-өзі табуына, ең жақсы қасиеттерін ашуға, өзінің кейпін өзгертпеуге, адамгершілігін және әрқашан адам қалпын сақтауға көмектеседі. Негізінде, адамзат тарихының өзі адамгершілік тұрғысынан өзін-өзі жетілдірудің тұрақты және үздіксіз процесі болып табылады.

Назарбаева Сара Алпысқызы

Ұлттық сана, ұлттық тәрбие… бұл мәселелер қазіргі қоғамымыздың өзектілігіне айналды. Сана мен тәрбиені біз қайдан бастаймыз? Әрине отбасыдан бөлек мектепке, ұстаздардың беріп жатқан білімі мен тәрбиесіне жүгінеміз. Тәрбиенің ішінде аса маңызды болып табылатын рухани-адамгершілік тәрбиеге көңіл бөлетін бірден-бір пән өзін-өзі тану пәні болып табылады. Баланың жанын тәрбиелеу, ішкі сезімін жеткізе білуге баулу маңызды екені белгілі. Себебі сезімсіз, махаббатсыз адамның жүрегі жетім. Айналаға, қоршаған ортаға, қоғамға, қыбырлаған кез-келген тіршілік иесіне деген риясыз сүйіспеншілік сыйлай білу жүректің кеңдігі, рухани байлықтың көрінісі болып табылады. Н.Ә. Назарбаев: «… жаңа жағдайларға байланысты бәрімізді алаңдататын мәселе – білімді, кәсіби даярлығы бар адам тәрбиелеу ғана емес, қоғамдық өмірдің барлық саласында ұлттық және дүниежүзілік құндылықтарды қабылдауға қабілетті, рухани және адамгершілік мүмкіндігі мол тұлға қалыптастыру болып табылады», — деп атап көрсетті. Соған байланысты өзін-өзі тану пәні әр оқушыға, жеке тұлғаға бағытталған тәрбиесінің көрінісін адам талпыныстары, абыройы, жауапкершілігі, ерік-жігері, жалпы ізгі қасиеттерін басты мәселе етіп қойғандығынан байқаймыз. Болашағын баласынан, жас жеткіншектерінен көретін халқымыз, еліміз үшін бала жанын жүдетпеу маңыздылығы зор.

«Тәрбиелеудің басты міндетін адамгершілік әсер етуден құрайды» деген К.Д. Ушинский. Себебі адамгершілік – тек адамзатқа, әрбір адам баласына ғана тән құнды қасиеттерден тұрады. Бұл қасиеттерді бойына сіңірген бала өзін оңтайлы қабылдап, өзін қоғамның дербес және ажырамас бөлігі екендігіне көзі жетеді. Адамгершілік тақырыбы – мәңгілік, қоғамнан, заман ағымынан, үнемі назардан тыс қалмайтын тақырып. Бала бойына сіңіруден еш жалықтырмас тақырып.

Сара Алпысқызы жаңа сана-сезімді тәрбиелеуде адамды беруге, жақындарға, соның ішінде балаларға қамқорлық көрсетуге, қайтарымсыз жақсылық жасауға, сыйлауға баулу маңызды деп есептейді. Себебі үйімізде, ортамызда, қоғамда, мемлекетімізде одан әрі Жер ғаламшарында орын алып жатқан әр мәселе құрушы, жасаушы ретінде адам деген жоғары атаққа еш нұқсан келтірмеуі тиіс. Дәл осы жерде адамгершілік тәрбиесіне бағытталған өзін-өзі тану пәнінің маңыздылығын көреміз. Пән ретінде де, тәрбиенің бағыты ретінде де өзін-өзі тану пәні балаларды өмірдің мәнін, өзіндік көзқарасын, өмірдегі өз орны мен ролін айқындауға жол ашады. Баланы жеке тұлға деп қарастырып, өзіне, өзінің күші мен қабілеттеріне сенімінділігін күшейтуге, жақсылық жасауға, әділ әрі парасатты болуға, өзімен және ішкі жан-дүниесімен үйлесімділік орнатуға мүмкіндік береді. Осы тұста Абай атамыздың: «махаббат пен әділдік сезімі кімде көбірек болса, сол кісі – ғалым, сол – кісі дана» деген сөздерімен келіспеске болмас.

Елек негізгі мектебінің өзін-өзі тану

пәні мұғалімі Кариева Г.А.