Әңгіме: Нүсіпжанов Ерсұлтан | Дін мен дәстүр сабақтастығы

0

Қазақ халқы ежелгі заманнан-ақ ислам дінін ұстанғаны белгілі. Олай дейтінім, тарихтан белгілі Керей мен Жәнібек хандық құрғаннан бастап, одан алдыңғы Ақ Орда мен Алтын Орда дәуірінде, Қарахан мемлекеті тұсында еліміздің аумағына ислам діні кең түрде таралған болатын. Ұлт ретінде ұйысып, өркениетке ие болуымызға, салт-дәстүріміз бен дініміздің біте қайнасып сабақтасуы осы – ислам дінінің ықпалы деп білемін.

Ислам діні этикалық тұрғыдан қарастырғандағы өзгешелігі, оның адамгершілі құлықты басқа әлеуметтік қатынастарды реттеуші, қоғамдық сананың түрлерінен бөліп жармау, мұндағы айтпағым, қоғамдық сана ол – діни рәсімдер, әдет-ғұрыптар, салт-дәстүрлер. Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі арқылы, мәдениеті арқылы, діні арқылы қалыптасқан ұлттық өмір салты бар. Кезінде салт-дәстүр санасында, әдебиет, тарих оқулықтарында, баспасөз, көркем өнерде бейнеленгенімен, оларды кеңінен қолдану кеңестік идеологияның өктемдігінен жойыла бастады. Өкінішке орай, ұлт ретінде өзіміз де ұлттық әдет-ғұрыпты, салтымыз бен дәстүрімізді қорғауға, берік ұстануға табандылық пен ұстамдылық көрсете алмадық. Қазақ тұрмысы жартылай батысша-орысша, жартылай қазақы болды. Батысша дейміз-ау! Сол батыстың бізге дәл қазіргі кезде технологиясы керек шығар, бірақ, мәдениеті бір тиынға да керек емес. Қазіргі кезде жастардың батысқа қызығуы мен еліктеушілігі мінездің өзгеруіне алып келеді. Мінез өзгерсе – дәстүр қайда, салт қайда, тәрбие қайда екенін таппай қалармыз? Құдай сақтасын, әрине. Ал қызығушылық пен еліктеушілік – жастардың жат ағымға кіріуіне бірден бір себепші екені айдан анық.Айтпасақ та түсінікті…

Дін, дәстүр, салт, ырым-тыйым – мұның бәрі өте тығыз байланыста, сабақтастықта. Оның мәнісі мынада: Исламға дейін арабтарда ырымға илану орын алған. Мысалы, олар жолға шығарда тыныш отырған құсты үркітіп ұшыратын. Егер құс оң жаққа бет алатын болса, сапарға шығуды дұрыс көрген, ал сол жаққа ұшатын болса, сапар сәтсіз болады деп болжаған. Сол сияқты кейбір жандар қара мысықтың жолын кескенін көрсе, жолаушылығы сәтсіз болады деп болжаған.

Қазіргі таңда жаңа түскен келін отқа май құярда «От ана, май ана, жарылқа!» деп айтпаса да бұл ырымның өзі шаманизмнің сарқыншағы екені сөзсіз. Тағы бір мысал келтірейін: «Түнде тырнағыңды алма немесе жаман болады» деп жатады. Шын мәнінде, бұл ырым емес. Бұл – қазіргідей жарық шамы жоқ әрі ыдыс-аяғы мен жатын орны жақын орналасқан кішігірім қазақы үйде ғұмыр кешкен халықтың гигиеналық сақтануынан туындағанп ұстаным. Себебі, қараңғыда алынған тырнақтың ыршып ыдыс-аяққа түсіп, одан әрі адамның ішіне кету қаупі бар деп есептеген. Сол секілді, «Үйге қарай жүгірме немесе атпен шаппа жаман болады» деген де бар. Бұл да ырым емес, үлкен этикадан туындаған тыйым болып саналады. Көбіне жау шапқанда хабаршы жай жүріске салмай шауып келетін болған. Сондықтан тыныштық уақытта үйге қарай шауып келу — елдің жүрегіне үрей салу болғандықтан, осылай тыйымдарды ата–бабамыз айтып отыратын болған.

Ендігі айтпағым,дастархан басында берілетін бата туралы. Негізі баталар имандылық, адамгершілік,аман-есендік, бақыт, қуаныш, құт-берекені күтуге шақырады. Батаны ауыл ақсақалдары мен қариялар беретін болған. Дін мен дәстүрдің сабақтастығы деп осыны айтуға болады. Дінді дәстүрден, дәстүрді діннен бөліп қарауға болмайды, себебі, қазақ халқының салт-дәстүрлері дінмен өте тығыз байланыста болғандығын осы келтірген мысалдардан аңғарамыз.

Қазақ халық ауыз әдебиетінде көтерілген дінге қатысты тақырып XIX ғасырда қазақ ағартушы демократтарының жазба әдебиеттерінен де үлкен орын алғанын айта кету керек. Дінге қатысты халықтың еркін қиялынан туған шығармаларға белгілі ғалым Шоқан Уәлиханов ерекше мән берген. Шоқан тек ислам діні емес, діннің басқа түрлеріне де терең талдаулар жасаған. Осы секілді Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров сынды ғалымдар мен жазушылар өз шығармаларында дін туралы тақырыптарды арқау еткен. Мәселен, Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармашылығына көз жүгіртсек «Дін», «Қисық қабырға», «Неке қияр», «Айт» сынды тақырыптағы туындыларды кездестіруге болады. Ал дінді өздеріне тап құралы ретінде билеуші топтардың қаскөйлігін Абай тек өлеңмен емес, асыл ойлы өткір сөздерімен де түйреген. Олардың мал мүлікке, байлыққа табынған арам ойларын беттеріне басқан. Абай шығармасында: «Байлар өзінде жоқты малмен сатып алады. Көңілдері көкте, Көздері аспанда. Адалдық, арамдық, ақыл, ғылым, ешнәрсе малдан қымбат демейді» — дейді. Діннің ең қауіпті кеселді жағы біреуді кәпір, біреуді мұсылман деп ұлт араздығын тудыру саясатын қоздыру еді. Абай да бұған соққы берді. «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да бәрі орыста зор…Орыстың тілін білсең, көкірек, көзің ашылады…Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі» — деген.

Келешегіміз жарқын болу үшін, жас ұрпақ өткенді, ата-баба мұрасын білуі қажет және салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды жоғалтпай сақтап, заман ағымына қарай жақсы жетілдіріп отырсақ нұр үстіне нұр болары сөзсіз.