Әңгіме: Нұрбол Бимұрзаев | Бекер мал шашпақ
Қазіргі таңда ауқаттылардың көбісі өз рахатымен әуре. Тіпті рахатын ойлап бала тәрбиесіне мән бермейтіндері бар. Ұшарын жел, қонарын сай білетін қалталы жастар ең қымбат көлік мініп, ешкімде жоқ киім киіп, ең қымбат ойын-сауық мекемелері мен түнгі клубтардың табалдырығын тоздыруда. Мұндай тәрбиемен өскен келешек элиталардан не күтуге болады?!
Бір қызығы нәпістік қалауларға миллиондап шығындануға даяр тұратындар, қайырымдылық жасау, көмек беру, жақсылық жасау секілді шараларға келгенде ат тонын ала қашады. Мұның бәрі дүниеге байланудан, нәпсіге берілуден, ашкөздіктен болады.
Қорыта айтқанда біздің ауқаттылар да бос ысырапшылықтардан тыйылып, оның орнына сауапты істерге ден қойса, еліміз шын мәнінде өркендемей ме?! Мейлі, қайырымдылық демейік, «аш адамға балық берме, қармақ бер» демекші, мәселен ақшаны оңды-солды шашудың орнына елге пайдасын тигізетін кәсіп, мекеме, зауыт, тым болмаса кішігірім цех немесе кеңсе ашса, көптеген жұмыссыздарға жұмыс орны, ел экономикасына үлес, халыққа қамқорлық болар еді. Мұндай игіліктерге бастама болған адам халықтың дұғасын, батасын алып, көп сауап жинайтыны сөзсіз. Бала-шағаны да байлыққа мастанбауды, қарапайым болуды, елге жанашыр, пайдалы азамат болуға тәрбиелеп, жоғарыда аталған обал, ысырап, сауап ұғымдарын санасына сіңдіріп өсіруге мән беру керек. Сонда ел болашағына мықты негіз қалаған боламыз.