Әңгіме: Нәсіреддин Сералиев | Мен баламын ба

0
— Қойшыжан, кешігіп қалмайсың ба?

— Кешікпеймін. — Мен жастығымның астындағы «штамповкі» сағатымды алып қарайым. Әлі ерте. Сағат екі жарым. Кенсе ашылатын уақытқа әлі аттай біржарым сағат бар.

— Сенің со сырқылдағың тұрып қалған шығар, үйдің іші жап-жарық қой, — дейді апам.

Тайдың тұяғындай дөңгелек қалта сағатымды жалма-жан құлағыма тосамын. Жоқ, натидың ескі моторынша тарс-тарс ұрып тұр. Жазда апам арқалап қауын сатқан ақшасына тамағынан жырып, «сабақ бергенде уақытты біліп отырасың» деп, сатып алып беріп еді. «Отқа салсаң күймейтін, суға салсаң батпайтын, тасқа ұрсаң сынбайтын, өмір бойы тұрмайтын ғажайып сағат! Алып қал! Алып қал! Алмасаң да көріп қал!» деп жылмаңдатқан бір ақсақ саудагерден алғанбыз. Қу саудагер бізді алдап соққан екен, «ғажайып сағат» базардан шыға бере сыр берді… Өмірімде түңғыш сағат ұстаған менің екі езуім екі құлағымда. Кеудем де сағатпен қосыла дүрсілдейтіндей. Қуанғанда мұп-мұздай шойында ысып кете ме дедім, біресе он уысыма, біресе сол уысыма қысып келе жатқан сағатым жаңа туған тауықтың жұмыртқасы секілді жып-жылы. Бір мезетте соғысын байқайыншы деп құлағыма тосып едім… түк дыбыс жоқ. Сағат тіліне қарасам, ол да қаңтарылған аттай сілейіп қалған. Дереу апам екеуміз ізімізше базарға жүгіріп, әлгі саудагерді іздеп шарқ ұрдық. Ізім қайым жоқ, суға батып кеткен қара тастай. Біздей ашық ауызды алдап соққан алааяқ тұратын ба еді. Сан соғып қалғанымызды көргендер мүсіркеп жұбатып жатыр. Бір шалғы мұртты қазақ: «Шырағым, бұл штамповкі деген сағат болады, мезгілсіз шақыратын тауық секілді» деп сағатымды сілкіп-сілкіп қолыма берді. Сағат «кеудесі» зырқылдап қайта соқты. Амал қанша, өкініштен ішіме шоқ түскендей кете барғанмын.:. Мынау сағат, сол штамповкі. Тоқсан бір сом төлеп сағатшыға жөндетіп алғанмын. Сөйтсем де қара басып тұрын қала береді. Талай-талай ұятқа қалдырғаны бар.

— Тоқтамап па?—дейді апам шыдамсызданып тағы да.

— Тоқтамапты, апа.

Мен анамды апа дейім. Жұрттың бәрінің анасы солай ма, әлде жалғыз менің ғана анам ба, әйтеуір оның менен тек шығарға жаны бөлек. Бір минут көз алдынан таса қылғысы келмейді. Көзінен тайсам адасып кететін құттай баладай көреді де тұрады. Маған мұрт шыққанында шаруасы жоқ. Әкемнің айтуынша, әлдеқашан отау иесі, сабаудай жігіт болдым. Апамның емшектегі нәресте құсатып өбектегенінен ұялам… Кейде кісі көзінше-ақ жүз айналып, мың толғанатынын қайтерсің. Ондайда шыным, жердің жарығы болса соған кіріп кеткім келеді. Бірақ, қанша қысылғанмен ішім жек көрмейді.

Дүниеде менің апамнан тағатсыз, күйгелек жан әсте жоқ шығар-ау. Былтыр жұмысқа барғалы жиналғанымда да дәл осылайша дегбір таппаған-ды. Қызылорда қаласындағы педагогикалық училищені бітіріп, Сырдарияның түстігіндегі «Жетікөл» колхозына бастауыш мектепке мұғалім боп баратын болғанмын. Апам түнімен көз ілмей шыққан. Көйлек-көншегімді тақтап, жолда қарның ашып қалады деп таба нан көміп, бәтеңкемді қайта-қайта сүрткілеп, әлек-шәлек болған. «Бөтен үйде көзің жәудіреп отырасың-ау, жан тобам. Ынжық болма, қарның ашып бара жатса сұрап іш» дегенді бір емес, жүз мәртебе қайталаған шығар. Әкем қара жер қозғалғанмен қозғалмайтын адам, маңқыйып үндемейді. Тек анам әлгіндей деп қоймаған соң «құрық болған тауық құсап, неге қақсай бересің, шүршітке кетіп бара жатқан жоқ, ел іші, өзі де енді бала емес, кәмелетке толған зіңгіттей жігіт емес пе» деген жекіріп. Апам азанда ерте оятып, «біреуге өз көзіммен қосып жіберем» деп дария көпіріне дейін еріп келген.

Бүгін де районо шақырған маған сонау екі күншілік Жетікөлден» еріп келіп отыр. «Апатай, ермей-ақ, қой, өзім барып келем ғой» деп жалынғаныма қарамады. «Итжеккенге айдар дейсің бе, не бар саған екі көшенің бірінен адасып жүріп» деп кейіген әкемді де тыңдаған жоқ. Кім біледі, бастығы қаракөкірек адам көрінеді, абақтыға жаптырып қойса, мен не бетіммен мұнда отырам. Ырайносына өзім жолығамын, қаршадай балада не жазық бар; айтсын, кәне! Өкімет ешкімді нақақтан күйдірмейді, баласы түгел, берген айлығын көпсінбес, несі бар басқа…» деп дат бұйрат болған. Қалаға еріп бармай тынбайтынын білген соң енді мен райононың бастығына «жолықпай-ақ қойшы деп жалындым. Жолықса бір нәрсені бүлдіретіндей көремін. «Жалғыз өзі шешпейді, советтe қарайды» дегенде барып басылды. «Ә, сәбетте қарай ма, сәбет болса ол әділет жағы ғой, қорықпайым онда деп қуанды апам.

Районо Советіне шақырылғанмын. Неге шақырылғаны ұзақ бір дастан… Мұғалім болғалы бергі күндерді көз алдымнан өткізіп, не болып, не қойғанын асықпай жалғастырып алғым келеді.

…Апам «пантон» көпірге дейін еріп келіп еді-ау. Арқалаған шағын кенеп қапшығым бар, ішінде киім-кешегім, оқиын деп алған екі-үш кітабым, күріш жармағынан көмген бір таба нан.

Біз көпір аузына келіп отырғанбыз. Апам осы жерде теpіc бұрылып тұрып, ышқырынан бір түйіншек суырып алды. Түйіншек ішінен мыж-мыж екі-үш саршұнақ, алты-жеті күміс теңге шықты. Маған берді.

— Мә, керек болады, жатқан үйіңе берсең де көңілін аулайсың,— деді.

— Апа-ау, нан пұлың ғой. Алмайым.

— Жоқ, ал дегесін ал. Біз өлмейміз. Екі-үш ешкінің ағы да қорек бізге. Кәртішкімен алатын нанымыз және бар.

Теңгелер… Апамның арқалап қауын сатып, тірнектеп тапқан ақшасы ғой. Әкем де, апам да жер ортасынан ауған шал мен кемпір. Біздің туып өскен жеріміз Қармақшы деген ауданда, Қашқансу табаны. Қызылорда маңына келгенімізге үш жылдай ғана болған. Сырдарияға салынып жатқан бөгетке әкемді жұмысқа жіберіп, үй ішімізбен көшіп келгенбіз. Әкемнің шырымталы бар, белінің шойырылмасынан анау айтқан ауыр жұмысқа жарамайды. Осы жағын ескеріп әкемді бөгетшілердің бақшасына қорықшы ғып қойған. Дарияның түстік бетіндегі «Қоқан қашқан» төбесінің етегіне жылда қауын салатынбыз. Соғыс жылдары ауыр болды. Апам қарулы, бір үйдің тауқыметін бір өзі көтеріп шықты. Әкем байғұс кейде белі сіресіп төсек тартып жатып қалады. Апам аяйды. Базарға қыста арқа-арқа жыңғыл, жазда қауын апарып сатып қарнымызды ортайтқан жоқ әйтеуір. «Баламыз ертерек аузымызға нан салсын» деп мені апам жетінші кластан соң училищеге түсірді. «Көп оқудың керегі не, кел мына әкең байғұстың мойнын босатшы» болды бар арманы. «Құдай тілегімді берді, жетілді деген осы тақияңды ат аспанға, отағасы!» деп, аттестатымды әкелген күні апам жүрегі жарыла жаздады. Әкем үнсіз, қызыл шырайлы, қара торы жүзінің нұры тасып күлімдей береді.

Апам аттестатымды қолы қалтырап жаймен ғана сипайды.

— Мұқабасы тақтайдай ғой өзінің, мұндай да қатты қағаз болады екен-ау…

— Сен жыртып тастар деп қорыққан да, — деп шымшиды әкем апамды кекетіп.

Есімде, соғыс кезінде көкемді әскерге жарамсыз деп тапқан комиссияның анықтамасын апам жай қағаз көріп жыртып, отқа тамызық қып жібергені бар-ды.

— Туу сен де… жылан жылғыны ұмытпайды екенсің.— Апам аңқылдап күледі.— Тысының түсі қандай тамаша ә, қарашы отағасы, жапырақтың түсіндей жап-жасыл емес пе?

Апам сәлден соң аттестатымның тысын қойып ішіне көшеді. Қайта-қайта оқытады.

— «Осыны ұсынушы жолдас Деңбаев Қойшығара 1944 жылы Қызылордадағы педагогикалық училищеге түсіп, 1947 жылы соның толық құрсын бітірді. Бітірушлердің мемлекеттік емтихан комиссиясының 1947 жылғы 24 июньдегі ұйғаруымен оған бастауыш мектеп оқытушысы деген квалификация және атақ берілді…»

— Кіпәліпкат дегені иесі, жантобам-ау? — Апам тілі келмегеніне ұялғандай қызара күледі.

— Мамандық дегені ғой, апа-ау.

— Сөй деп неге жазбады екен шіркіндер. Бірақ оқыған көзі ашықта ойы-қыры бір-ау.— Апам мені оқыған деп іштей толқып шаттанады,

Көпір аузына келгенше де апам аяғын шайқалақтай басып, ұшырасқан таныстарымен жарқылдай амандасып, «Қойшыжаным мұғалім боп бара жатыр! Туу Жетікөлге кетіп бара жатыр!» деп лепіріп келген. Көпірдің күзетшісіне де әй жоқ, шәй жоқ менің, сапарымның жайын тәптіштеп баяндап жатыр. Ол не десін, «Жақсы бопты, сапары он болсын!» деп езу тартты да қойды. Апамның мұнысына мен қысылып қалдым.

Анамды шыдамсыз дедім ғой. Қаладан бері өткен бір адамды жібермейді, бәріне жетіп барады.

— Жетікөлге бармайсың ба?

Көпке дейін серік шыға қоймады. Аттылы да, арбалы , жаяу да өтіп жатыр. Күн көтеріліп сәске боп қалды. Августің ортасынан ауғанмен Сыр бойында күн әлі аңызақ. Дария сабатына қарамастан сәскеде-ақ жаға ыси бастады. Судың салқын лебіне қызыға ма, шымшық, қарлығаштар өзен бетіне төніп, төмендеп ұшып, олай-бұлай шарқ ұрады. Көгілдір аспанда алашарбы бұлт қалқиды, дария мыстай жалтырап, иірім тарта, лайлана ағады.

Көрінгеннен жөн сұрап жүгірген апамды зыр қаққан қарлығашқа ұқсатамын. Бұрын үйден ұзап көрмеген басым, бөтен жерге бара жатқансын жүрексінем бе, әлде апамды кимаймын ба, көңілім алабұртып жай таппайды. Әлде кімнен хабар күткен . адамдай өткен-кеткендерге мен де жалтақтаймын.

Сәске де бір түйелі шал баратын боп шықты. Қоспақ атанды жазылап мінген, ақ ешкінің жүніндей жалбыратып қалың ақ қасты сары шал жүрге түспей, апаммен түйе үстінен сөйлесті.

— Үлкен кісі «Жетікөл» бармайсыз ба?

— Хош, бардық.

— «Жетікөлдің» өзінікі шығарсыз.

— Хош, өзінікі болдық.

Апам қуанып кетті, әлі нұры таймаған қара көзі күлімдеп сала берді.

— Қап, жақсы болды-ау. Мына балам со сіздің ауылға мұғалім боп бара жатыр еді. Серік іздеп тұр едік, ілестіре кетіңіз, үлкен кісі…

Апам тағы мазалады.

— Қойшыжан, кешігіп қалмайсың ба?

— Жоқ, кешікпеймін.

— Қой, мен тұрдым, жата берген жараспас.— Апам екеуміз қатар жатқанбыз. Ол басын көтеріп, аяқ жағына, көрпеше астына тастаған мәсісін алып кие бастады.

— Үй иелері тұрмай-ақ кете береміз бе? — дедім мен әлі де жата тұрғым кеп.

— Қала адамдары қашан да кеш тұрады, біздің ел ішіндей емес, жайланбай қалатын малы жоқ, сағатпен жатып, сағатпен оянады.— Апам басына жастаған түгі қырқылған көнетоз қара қамзолын киіп жатып сыбырлап сөйледі.— Тиынның татын жалап отырған немелер ғой, шайын да қимай жатқан шығар.

Мен қысылып төргі бөлменің есігіне қарадым. Апам ойнап айтса да, әзіл-шыны аралас ойындағысын айтты. Жақын жиендеріміздің үйі еді, қоңторғайлау екен, кеше бойдақ шаймен жатқанбыз.

Ойым бөлінген соң мен де тұрдым. Тоңамын деп қабаттап шыққан қос шалбарымды кидім. Әкемнің мәсі ұлтарып, етік жамауға қолының епсегі бар еді, бір ескі қара пиманың табанына көн салып, ілекер ғып берген, соны шұлғау оранып аяғыма іліп алдым. «Қыс көзі қырау, қалың киім ауырлық етпейді, қысқа сенім жоқ» деп апам кигізген кірден топырақ түсіне ұқсап қонырая бастаған сарғыш тоным, түлкі құлақшыным бар, бұларды кигенде аюдың баласындай қоржидым да қалдым.

— Кетейік, апа, жүр.

— Жүр. — Апам да киініп дайын тұр екен: ақ жаулығын қатпар-қатпар әжімді жүзіне түсіре, буырыл шашы мен құлағының ұшын бастыра тартыпты, түлкі жағалы, әр жерінде жамауы бар сарыала шәйі түсті күпісін қаусыра шымқанып, белін қара орамалмен буынып алған.

— Оятып кетпейміз бе, есігі ашық қалады ғой.

Апам төргі бөлменің есігіне барды да:

— Жиенбала, біз кеттік. Есігіңді іліп ал, — деп дауыстады. »

Күн қаланың шығыс шетіндегі қаңылтыр шатырлы ақ үйлердің ортасынан шығып келе жатқандай-ақ қиығы сарғайып көрінеді. Аспан шыныдай жалтыр, кешеде кірлеген күртік қар, ауада ызғар бар, шыңылтыр аяз шағып тұр. Суыққа тона ма, бір топ торғай сидиған ақ қырау теректен дүр етіп ұшып көшенің екінші бетіне бір үйдің ығындағы қара ағашқа барып ұйлығыса қонады. Сумкалары тірсегіне соғып, мектепке асыққан екі-үш бала жел өтінде қалған арық тоқтыдай бүрсең қағады.

— Күннің жілігі татиды-ақ екен,— деді апам сәлден кейін-ақ әжімді жалпақтау бетінің ұшын.уқалап.

Апам тоқыған жүн қолғабымды киіп алдым. Мені қасқа боран болса да алатын емес, тон мен түлкі құлақшын денемді қыж-қыж қайнатады. Әбден адам аяғымен тапталған күртік басқан сайын қарш-қарш етеді.

2

Апам райононың кеңсесін көрді де:

— Жантобам, қарның ашатын болды-ау, базардан лепешке нан әкеп берейін,— деп қаланың батыс шетіндегі базарға кетті. Мен кеңсе алдында қалдым. Есігінде үлкен қара құлып, әлі жабық. Бұл кеңсеге менің екінші келуім. Өткен жылы «Жетікөл» мектебіне жолдама ала келгенмін. Бәрінің де төбесін қара қаңылтырмен түнікелеген егіздің сыңарындай бірінен бірі аумайтын жатаған ақ тамдардың арасынан маңдайшасындағы жарнамасына қарап әзер тапқанмын.

Азанғы аяз жалап барады. Мен районо үйінің ығындағы екі бұтқа қаға салынған тақтай орындыққа келіп отырдым.

Қыраулы орындық мұп-мұздай.

— Әй, бала, неғып отырсың?

Дауысқа жалт қарадым. Қолында шелегі бар жүн сырмақ киіп, бөкебаймен шымқанып алған бір қартаң әйел құлыпты ашып жатыр. Үй сыпырушы екен ғой. Ішке кіріп отыратын жақсы болды-ау деп орнымнан қуана түрегелдім.

— Районоға келіп ем, арғы беттен келген мұғалім ем…

— Сен бе?! һе-һе-һе!

Неге күледі, есі дұрыс па?

— Сен бала кімді алдайын деп тұрсың. — Үй сыпырушы әйел табанда шатынап шыға келді.— Жоғал, бұл маңнан, сендей кісәпір, жалаңаяқтардың талайын көргенмін. Алдай алмайсың.

— Апай-ау, мен шын мұғаліммін. «Жетікөлді» білесіз бе, содан келдім. Қаланың жалаңаяғына тіпті пошымым келмейді ғой, — деп жатырмын.

Сенеді деген қайда, бұрынғыдан жаман өршіп кетті:

— Қой, қой, жылмаңдатпай жөніңді тап, қазір ауылдағылар да қу, — деді ол есікті жауып, ішінен сарт еткізіп іліп алды.

Әлгі орныма қайтып келдім. Осы шарға, бәкенелігімнен-ақ бәлеге қалдым-ау. Әкеме тартып, бойым тапал болған.

Апама ұқсасам ғой, бойлы, сұңғақ болар едім. Кім де кім мені бірінші ұшырасқанда мұғалім дегенге өлсе де сенбейді. «Жетікөлге» ілестіріп барған түйелі шал да дәл осылайша сенбеп, еді-ау.

…Шал шалқайып қарқылдай күлген.

— Мына бала ма?! Мына…— Шал ақ таяғымен мені нұсқады да апама жақтырмай бұрылды.— Бәйбіше, өтірік айтпасаңыз да ала кетем ғой.

— Өтірігі несі, ойбай-ау. Әлгі кіпә… кіпә-пәлекет берген қағазыңды көрсетші, Қойшыжан. Үлкен бастық берген бұйрығыңды әкеш. Көрсін… Ө несі-әй, өтірігі несі

— ?!Документтерім өткен базарда сатып алған бұтымдағы қара сукно шалбарымның қалтасында еді, бірақ шығара қоймадым. Шал:

— Мына түрімен мұғалім болса… Мейлі шын-ақ болсын. Біздің мұндай баламыз әлі төрт класта бітірген жоқ,— деп, түйесін бұйдасынан бір-екі тартып қалып жоқ!» деп еді, қоспақ атан сәждеге жығылған молдаша екі бүктеліп шөге кетті.

— Бойына қарап сенбей түр екенсіз ғой, бойына қарама, ойына қара, үлкен кісі.

— Хош, солай-ақ болсын.— Шал маған бұрылып, — әкел ана қабыңды,— деді. Түйеден түсіп менің қабымды алды да жазының ағашына жанбасқа таман байлап қойды.

Апам мені құшақтап, бетімнен, маңдайымнан, көзімнен шөпілдетіп сүйіп жатыр.

— Қарның ашып қалмасын… Ауырып қалсаң хабар бер. Кітапты көп оқыма, көзің ауырады… Үй берсе, әкеңді көндірем, көшіп барамыз, құлыным.

Апамның сүюі де, сөзі де бітетін емес еді. Түйесіне қайта қонжиған шал:

— Әй, бала мін! — деді.

Мен шал көзінше сүйіп, көп сөйлеген апама қысылып тұр едім, құшағынан сытылып шықтым да шал артына секіріп мінгесіп алдым. Еңгезердей кісі екен, жарбиып жабыса қалдым.

— Қойшыжан, қарап отыр, қабың түсіп қалмасын… Докіметіннен айрылып қалма.

— Ой, бір райдо кемпір екенсің,— деп шал апамның сөзін бөліп әзілдей күлді.— Шу, әйт, шу!

Қоспақ ілгері лықси түрегелді. Бірден әуелеп, там төбесіне шыға келгендей болдым. Көңілімде аспандап, тынысым да кеңіп сала бергендей. Апамның дабырын радиоға теңеп әзілдеген шалдың қулығы күлкімді келтірді.

— Хош, бәйбіше!— деп шал бұйданы сілікті, Апам ере жүрді.

— Айтпақшы, үлкен кісі, есім шығып… Атасын айтқанның айыбы Жоқ деген, қай туған боласыз?

— Алтыбас қыпшақбыз. Екінші ауылдың ізінен.

— О, қыпшақ болсаңыз бөтен болмадыңыз, құдамыз екенсіз ғой онда.

— Хош, қыз беріппеңдер, қыз алып па ендер?

— Қыз бергенбіз. Қыпшақ кім дегенге еді. Асыққанда еске келмей жатқанын қарашы. Сәл тоқтай тұрыңызшы…

Шал бұйданы тартты. Апам құдасын есіне түсіре алмай қиналып қабағын тыржитты, ернін тістеді. Қыпшақта құдамыз бар дегенді естіп тұрғаным осы. Кім білген біздің қазекемнің қойнындағы қатыны қарын бәле шығатын көрінеді ғой.

— Қой, құдағи, есіңізге тағы бір түскенде айтарсыз, сізге салсақ күнді батырар түріңіз бар ғой,— деп күлді де шал бұйданы сілікті.

— Ау, құда, олай деме, аты құрғыры тілімнің ұшына кеп…— Апам қапталдаса еріп сөйлеп келе жатыр. — Жарайды, ес қалмаған ғой бізде. Құда, мына баланы үйінізге жатқызуға қалайсыз.

— Хош, манадан сөйдемейсің, бе, құдағи-ау, түлкіше бұлаңдағанша. Бара көрерміз оны.

— Сөйтші құда, өзің болмасаң оты-басы таза, тәуір үй тауып берерсіз, маңдайымыздағы барымыз еді.

Апамның желімдей жабысқанын ұнатпады-ау дейім, шал қоспақты қара санға аяқ таяғымен бір салды. Қоспан атан майда бүлкілге басты.

— Қойшыжан, хат сал! — деп айқайлады апам.

Артыма мойнымды бұрып қарап келем. Апам жол үстінде қаққан қазықша қатып қалған. Бар дүниені ұмытқандай, екі көзі бізде. Атанның аяғынан көтерілген ақ шаң апамды жанап шұбап ұшады. Маған қарай ұмтыла бергенде басынан түсіп кеткен ақ жаулығы секілді шұбатыла көлбейді.

Мен әбден көз жазғанша артыма қарағыштаумен болдым. Апам да сол орыннан қозғалған жоқ. Бұлдырап-бұлдырап барды да көзден ғайып болды, тек орнында бұлаңдаған ақшыл сағым ғана қалғандай.

Көпірден қара үзіп шыққанша шал тіл қатып үндеген жоқ. Анда-санда бір «шу!» деп қойып, қаздиып отыр. Күн көтерілген соң қапырық күшейді ме, тынысым тарылып, жүрегім лоблыды. Алдымдағы шал киімі бықсып жанғандай күйік иісі қолқамды бітеп алды. Сары шал күн кезінде көп жүретін адам ба дейім, үстіндегі боз шекпені сыртына соры шығып ағарып кеткен, рең қалмаған, шүйде тұсы cop шыққандай, ақ таңлақ-ақ. Күн шыжығансын шал да бусана бастаса керек, күйікке тер иісі қосылып қоңырсыды. Атаннан түсіп, жаяу жүрсем қайтер еді деп бip тұрдым. Неге түсесің, дейме деп шалдан қысылып үндемедім.

Елегзігендей біресе артыма, біресе төңірекке қараймын. Артта қара көрінбейді, селдірей шұбатылған шаң ғана. Далаға күз сәлемі жетіп қалғандай, жаздағы көгілдір дүниенің бояуы ауысып, түрленген. Жол жиегіндегі қызыл жыңғыл. гүлін төгіп, жиде, шеңгелдердің тышқан жапырақтары cap жағал тартыпты. Қияғы ағарған қамыс үпелегі қыз тақиясына таққан үкідей үлпілдейді. Біздің оң қапталымызда жолмен жарысқан телеграф бағаналарының басында қара қарғалар отыр, үрікпейді, мойындарын бұрып «е, сендер екенсіңдер ғой» дегендей еріне қарайды. Жол ернеуіндегі бұталар көлеңкесінен торғайлар сып-сып ұшып, ұзамай қайта қонады. Алыста қара иірім секілді сағым бұлыңдайды. Неге екенін қайдам, сол сағымға қарай бергім келеді.

— Ау, мұғаллақ неге ұндемейсің? — деді бір кезде шал жұлып алғандай ғып.

Қиянға көз тігем деп түйе үстінде келе жатқанымды ұмытып кеткендей екенмін, шырт ұйқыдан оянғандай сасып қалдым. Шайқатылып құлай жаздап, шалдың белінен қатты қыса ұстай алдым.

— Хо…шш,— Шал дауысын созып қойды,— сонымен мұғалімсің Ә… Сенің әлгі райдо шешең Алдаркөсенің қарындасы емес пе?

— Неге?!

— Сені мұғалім дегенге сене қалды деп отсың ба? Деліқұл шалды тапқан екенсіңдер түге, he!

— Туу әке-ай, біз алдап бір нәрсеңізді алады дейсіз бе, честный слово, сіздің ауылға мұғалім болып бара жатырмын.

— Шеснайыңды көрейік, дөкіметіңді әкеш.

Мен орамалға түйіп қойған аттестатым мен райононың бұйрық қағазын қалтамнан суырып алдым.

— Мінеки, көріңіз. — Аттестатымды бердім.

Шал қолына алып, біресе көзіне тақап, біресе өзінен алыстатып біраз ұстады. Оқып отырма екен деп қисайып, бүйірлеп қарадым. Қарадым да күліп жібердім. Шалым. аттестатты, теріс ұстап отыр. Әліпті таяқ деп білмейтіннің өзі боп шықты.

,Менің күлгенімнен сезіктеніп қалды:

— Әй, неге күлесің?

— Жәй әншейін.

— Өзін мұқабадан жасапты-ау, ә… Кішігірім кітап сияқты екен. Мына біреу түйенің табанындай жалпиып жатқаны мөрі ме?!—деп таңдайын қағып-қағып қайырып берді. Сосын тағы да дауысын созып,— Хо…шш,— деп қойды. Іле өз-өзінен мырс етті.— Қаракеней секілді мыштымдай болсаң да мықты шықтың. Нешідесің?

— Он жетідемін.

— Апырай ә?! Біздің баладан үш-ақ жас үлкен екенсің… Әтеңенәлет кешегі соғыстың кесірінен үш-төрт жыл оқымай қалды…— Шал күрсініп қойды.— Колхоз-колхоз болғалы түйе бағам, мұғалім балам. Оның ар жағында кісі есігіндегі жалшы едік. Жас ұлғайып, қара тани алмай қалдық, Ендігі арманым — баламды оқыту. Құдай керексін деп алып кетпесе, әкедемнәук болғанша бетін қақпаспын-ау дейім.

— Биыл оқи ма? Нешіншіде оқиды?

— Төртіншіге… Мал соңындағы адам, көші-қонмен жүреміз біз. Кешегі зұлымат таршылығында кімді кім асырағандай еді., бөтен үйге жатқызуға сенбедім.— Шал менің белінен ұстаған қолымды мүйізденіп кеткен көнтақа алақанымен сипап, қысып қойды.— Біздің баланы оқытсаң, мықтап оқытшы.

Шал көңілденіп ақ таяғын сермеп-ссрмсп алды. Жамбасына таяқ үсті үстіне тиген атан желіп берді…

— Әй, бала әлі отырсың ба? — Ой түбіне түсіп кеткен екенмін, шаңқ еткен дауыстан шошып селк ете қалдым. Қарасам әлгі үй сыпырушы әйел. Қасыма келді. Бір түрлі сескендім бе, әлде үлкеннің алдында әдеп сақтап қалған әдетім. бе, орнымнан түрегелдім.

— Ауылдікі болсаң ауылдікі шығарсың. Мұғалімдігіңе сенбесем де ауылдың баласы екеніңе сеніп тұрмын. Маған су әкеп бере қоясын ба, қимылдасаң жылынасың ғой…

— Әкеп берейін.

Қарына ілген шелегін маған ұстатты да, көшенің арғы бетіндегі кранды сілтеді.

— Содан әкеле ғой. Шелекті алып зытам деме, қарап тұрам.

Әйелдің сөзі жанымды шеңгелдей тырнады. Сондада әкелейін деп қойған соң бетімнен қайтқаным жоқ. Осы адамдар бір-біріне неге сенбейді екен? Кімнің кім екенін білмей жатып-ақ ауыр кінәлайтынын қайтерсің?!

Шелекті меймілдете көтеріп жете бергенімде артымнан ат тұяғының қарды күтір-күтір басқан дыбысы шықты да, тоқтап бұрылайын дегенімше үстімді ақшыл бу көміп кетті. Біздің бастауыштың бастығы. Астындағы қара жорғасының делдиген қос танауынан булықтан шыққандай ақ бу атқылайды. Қатты келген-ау, жорғаның қолтығынан, сауырынан шылым түтіні құсап бу ширатыла ұшады. Түгін қырау басқасын ба, жорға қарадан гөрі күреңге ұқсаңқырайды. Бастықтың бір уыс бет-аузы аппақ қырау көмген алтайы түлкі тымақтан әзер танылады, аяздан ұшы көгерген құс мұрны ғана Мәсек екенін айтып тұр. Етегі шұбатылған қара тоннан аяғы да, үзенгіде көрінбейді. Аяғы жоқ секілді.

— Аман ба, бала. Ертелетіпсің ғой, — деді ол. Дауысы жіңішке адам еді, шыңылтыр ауада шырылдап қатқыл естіледі.— Районаның суын тасып жүрсің бе?!

Сәлемдескеннен басқа мен ештенңе дегенім жоқ. Ол да қайрылған жоқ, сыпыртып жүре берді… Қайда барады? Кім білген. Районо бастығымен әмпей-жәмпей дегенді естігенмін, соның үйіне бара жатқан шығар. Әлде әнеукүнгі қызыл бет, қызыл мұрын инспектордың үйіне тартты ма екен?

3

Үй сыпырушы әйел су әкеп берген соң іші жылып, ішке кіріп отыр деп еді, мен кірмедім. Күн аяз болғанмен жіліктің майындай таза ауаны қимадым.. Әлгі орныма қайта жайғастым.

Мені бастығым да бала дейді. Мектепке барғалы бір рет те атымды атап көрген емес ол. Мені бала деп шақырады, бала деп жұмсайды. Бастығымның баласынып кетуіне өзім себепші болдым ба? Алғаш үйіне барып, танысқан күнгі бір оқиға есіме түседі.

…«Жетікөлге» біз жолға бір қонып, ертеңіне түс әлетінде жеттік. Түйекеш шал менің мұғалім екеніме көзі жеткеннен соң аузы шешілген қанардай аңқылдай ағытылды. Әңгімешіл екен, өткен-кеткенді жыр ғып шертті де отырды. Ұзақ жолдың қалай қысқарғанын білмей де қалдым. Ол маған жаны ашып қамқорымды соғып, талай сыр ашты.

— Бесіктен белің жаңа шыққан баласың ғой, шырағым. Ана қойнынан, от басынан ұзағаның осы шығар. Кешегі өбектеген анаңның алақанынан басқа не көрдім дейсің. Оқуым бар дегенмен өмірден әлі ештеңе көрген жоқсың. Өмір деген ана алақаны емес, өмір қатал, тебеген байтал секілді ол, ыңғайын тауып, бабын білмесең, тұяғы майып етеді… Біз талайды керген қақсалмыз ғой, білеміз, — деп бір қойған.

Мен оның бұл сөзінің абағын тереңдеп ұға алмадым. Бірақ, ұға алмасам да ежіктеп қайта сұрауға ұялдым.

Енді бірде:

— Мына келе атқан мектебіңнің бастығы біздің жақынымыз. Бірақ, жақыным болғанмен жақтырмайым. Суқаным сүймейді. Залым, қу. Осы заманның түлкісі. Кешегі соғысқа да есебін тауып бармай қалды ғой.— Басын қалт-құлт шайқап қойды.— Бір күні шаланға мінгізетін болған ғой, осы Мәсекті. Не істеген десей сонда, насыбайды суға езіп ішкен ғой залымың. Көзі қызарып қалмақтай түскен. Өлейін деп жатқан адамнан әскер не алсын… Апарған да балниске салған. Содан кейін негоднай боп, ақ қағаз алып, ауыл қайдасың деп қайтып келген ғой… Ойпыр-ай, адам ойына не сұмдық келе береді екен-ау… Бірақ осы күні сол қулығының азабын тартып жүре ала алмайды, сүттен басқа қорегі шамалы. Удай нагибай қойсын ба, ауруға шалдықтырды ақыры. Инеліктей қатып қалған қазір, көресің ғой қазір өзің… О бәледен сақ жүр, сырыңды алдырып алма…

Түйекеш шал айтқандай Мәсек қармаққа шаншым жер жоқ арық тыриған қара боп шықты. Бет-ауызы да шүңкиіп қалған, бір ыс. Көзі әзер тырнап ашқандай жіпсіне жылтырайды. Шығыңқылау жалтыр шеке астында мысық қай жақтан кеп бас салар екен деп тың тыңдап тұрған тышқанның ербең құлағы секілді бір нәрсе қылтияды. Шал мені «мына бала сенін қарауыңа келген мұғалім құсайды» деп таныстарғанда, ол сенер сенбесін білмей таңырқады ма, тышқан құлағының ұшы бір жыбыр ете қалды. Көзі сығырайып, тұла бойымды тінте ұзақ қарады. Жанарында суық ұшқын бар ма, әлде жолшыбай түйекеш шалдың айтқанынан сескеніп қалғанмын Па, бір түрлі боп денем түршігіп, назарымды төмен салдым.

— Жақсы бопты,—деді Мәсек дауысы шырылдап. Мұны ол жақсы көріп айтты ма, яки жақтырмай айтты ма, дауысынан ештеңе аңғарып болмайтын.

Кесек тамның алдына тіккен алты қанат ақ үйде отыр екен. Үй іші қызыл-жасыл; іргеге тұтқан қолдан тоқыған өрнекті кілем, ай мүйіз оюлы киіз, сары жез әшекейлі кебеже-сандық үстінде қабат-қабат сарыала көрпе, көрпеше. Жүк пен іргеде жан баласының саусағы тимегендей құлағы едірейген жастықтар. Төрдегі көрпеше үстіне отырғанымызбен о жастықтарға шал да қол созбады, мен де жуыған жоқпын.

Үйге ақ шаршы тартқан толықша келіншек пен көк орамалды он үш-он төрттегі жас қыз кіріп-шығып жүр… Бұлар кімдер екен? Екеуі де қараторы, бет әлпеттері ұқсас, бүйрек беттеу. Келіншек мына Мәсектің жұбайы шығар. Анау қызы ма екен? Олай дейін десем, келіншек жас, әлі уыздай. Шалдың жолда «Мәсектің қулығына бақан бойламайды ғой, соғыс уақытында жап-жас қыз алып алды» дегені есіме түсті де «бәлкім, сіңлісі шығар» деп ойладым.

Түс кезі болған соң ба дайын шайға тап келіппіз. Көк орамалды қыз шылапшын әкеп қолымызға су құйды. Шыбықтай нәзік, ұяң. Су құйғанда маржангүл тәріздес өрнегі бар ала шыт көйлегі шұбатыла Майысып, жіңішке саусақтары сары жез шылапшын мен буаз мысықтай қара күмәнды әрең көтеріп дірілдеп тұрды. Қиықшалау көзі тұнық бір түрлі мұңды. Адамға тік оқталмайды, назарын пәс ұстап, көзінің қиығымен Жәутеңдей қарайды. Әлде неден қаймығып тұрғандай көрінеді Маған. Бояп қойған секілді қалың қара қастарының ұшы айқасып кеткен. Он қабағында жүгері дәніндей сүйелі бар.

Шал қолын шайып, «бәрекелде, кеп жаса балам!» деді. Ал неге екенін қайдам Менің үнім шықпай қалды, «рахмет» деп естілер-естілмес ғана күбір еттім.

Келіншек келіп үлкен сарыала дастархан жайды Да, бір уыстай күйдірген уақ шекерді әркімнің алдына селдіретіп төгіп шықты. Даладан сарқылдап қайнаған самаурын кіргізіп, Мәсектің жанына жайғасты да таба нан турады.

— Әлпеш, шай құйшы келіп, — деді сырттағы қызды шақырып.

Қыз аты Әлпеш екен. Әлпеш келіншек қасына келіп тізерлеп, көйлегінің етегін түсіріп, ызыла отырды да шайнекті қолына алып, шай құюға кірісті.

Келіншек нанды — майдалап турап, біздің алдымызға ысырып тастап жатыр. Дастарханға аңыздап жайылған қарадай боп бес-алты түйір нан түскен мезетте ертеден аузын буған өгіздей үнсіз отырған Мәсек:

— Жетеді — ғой, кім жейді. Бәрі бір қатып қалады, — деді.

Келіншек үндеген жоқ. Қабағын шытты да, пышағын тастай салды. Күйеуінің ерсі мінезін елетпейін дегендей келіншек бізге күлімсірей тіл қатты:

— Шай алыңыздар, күн аңызақ шөлдеп келген шығарсыздар.

— Өзімізге де со шәй керек. Нанды көлеңкеде отырған Мәсектің өзі жемесе.— Шал анаған тигізіп отырмын дегендей аузына апара берген кесенің тасасынан маған көкшіл көзін қысып қойды.

Мен де түсініп езу тарттым.

Шай жиналысымен түйекеш шал «Ақтөбедегі» ауылына кетті. Мәсек менің аттестатым мен районо берген бұйрық қағазыма сым сапты көзілдіргін киіп, ұзақ қадалды. Мен бір жалған документ әкеп отырғандай көреді ме қайта-қайта үңіледі. Бірауықта барып аттестатымды қайтып берді де, бұйрықты уық арасына қыстырулы жып-жылтыр қара папкасына апарып салып қойды.

— Бала сен, мына жарманың аяғындағы «Ақтөбе» учаскесіндегі мектепке барасың. Ізім деген мұғалім екеуің бір істейсіңдер. Кешке қарай апарып мектебіңді көрсетемін. Қазір сәл мызғып, дем алып алайық,— деді де жастыққа қисайды.

Мен де қисайып едім, көзім ілінбеді. Көзім бақырайып жатып-жатып, нақа болмаған соң тысқа шықтым Әлгінде үй сыртында бір нәрсе дүңкілдеген секілді еді, байқасам ол келі екен. Әлпеш қылдырықтай белі үзіліп кетердей майысып, құлаштап келі түйіп жатыр. Келіншек анадай жерде ошаққа алаулатып жантақ жағып, әлдене қуырып отыр.

Алдында лаулаған от, төбеде шақырайған күн қойсын ба, келіншектің қараторы жүзін тер жуып, әлсін-әлсін шаршысының ұшымен сүртіп-сүртіп қояды. Қуырып жатқаны не болды екен? Жақындауға бата алмай, есік алдында тұрып қалдым.

Айналада жыпырлаған тоқал тамдар, бопыр қора. Бұлардың бәрінен еңселілеу бір ақ үй түр. Сірә, ол мектебі шығар деп шамаладым. Үйге таяу бастырма көлеңкесінде ақ дедегелі қара ат тұр, басын шұлғып тепсініп қояды. Сырда маса-сонаның керелейтін кезі, сона тиіп, мазасызданады-ау деймін. Ауыл алдындағы жарманың бергі қапталында оншақты сиыр шыбындаған құйрықтарымен қотан шаңын әлсін-әлсін бұрқылдатып қойып күйіс қайырып жатыр. Екі ақ лақ үй көлеңкесінде сүзісіп ойнайды. Жарма жағасында бір топ бала суға түсіп, тыр жалаңаш шапқылап жүр… Суға түссем бе екен? Ауылға тым таяу екен, ұят болар» деп ойладым.

Не істерімді білмей далмын. Келіншектің қуырып жатқаны тары боп шықты. Былғауышын тастап, шағын қара қазандағы тарыны ағаш керсенге аударып алды да менің қасыма келді. Жүзі ашық.

— Бейтаныс ауылды жатырқап тұрсыз ба? — деді күлімсіреп.

— Жоға.

— Оқуды биыл бітірген шығарсыз?

— Иә.

— Сізді мұғалім дегенге адам сенетін емес, өте жас екенсіз.

— Қайдам?! — Сасып қалдым ба, аузыма осыдан басқа сөз түспеді.

Келіншек жымиған бойы келі басына барды. Мен аңырған қалпымда біраз тұрдым. Қарап тұрғанша ана тары түйгендерге көмектессем бе екен дедім. Жас қыз әп-әйдік келсапты әзер көтеріп, қиналып тұрғандай көөдім. Жаным ашыды. Қастарына бардым.

— Мен тары түйісейін.

Қыз аңырған жоқ, келісін түйе берді. Келіншек сықылықтап күлді.

— Мұғалім адамға ұят шығар келі түйген.

— Неге? Мен апамның талай күрішін ақтап бергенмін. Болысқанның несі айып?!

— Өзіңіз біліңіз. Әлпеш-әй, сен тынықшы, — деді келіншек.

Әлпештен келсапты алып, бар ынтаммен кірістім. Келсапты бос тастамау керек, білем бәрін, бос тастасаң тары шашылады. Тары ақтап, талай сөк жегенмін ғой, білем.

Оларға мен ұзақ болыса алмадым. Менің дауысымды есітті ме, үйден Мәсек шығып біздің қасымызға келді.

— Келмей жатып келі түйіп жатсың ба, бала, — деді ол, — ұят болады, таста. Мұғалім келі түйді деген не масқара. Мына жұрт көрсе, артын ашып күлер…

Мен не дерімді білмей келсапты тастай салдым.

Япырау, болысқанның айыбы не?! Қол ұшын берген деген қайта жақсы емес пе? Мұғалімдіктің беделін төгетіндей нәрсе ме бұл? Несі күлкі?… Түсінбедім. Әлі де түсінбеймін.

Өмірде мен білмейтін, әлі сырын ұқпаған нәрселер басымдағы шашымнан да көп шығар-ау. Осы қылығымды кейін бетіме салық қылды ғой. «Жетікөлдің» табанына аяғының ұшы тимей жатып мұғалімдік беделін төкті» деп фактіге тізді-ау…

— Ау, Дөнбаев келіп қалғансың ба?

Ойға батып, басым кеудеме салбырап кеткен екен. Ұйқыдан оянғандай болдым.

Алдымда қызыл бет, қызыл мұрын инспектор ыржия күледі. Осы кісіні көрген сайын мен де бір езу тартып алам. Күлмейін-ақ десем де шыдай алмайым. Себебі, оның қызыл жүзін көргенде кішкентай кезімдегі бір ойым есіме түседі. Мұндай түйсіктің басыма қаңғалап қалай келгенін білмейім, шұжықты көп жейтін адамдар қып-қызыл боп жүреді-ау деп ойлайтынмын.

Мені тексеріп қайтқан инспектор бұл. Бір жеті біздің ауылда болды. Күлегеш екен. Күлегештің тамағы тоқ деп өтірік күледі-ау дейім. Бер жағы күліп тұрғанмен беті қатып, асты қатпай жылмиып жататын мұз секілді аржағы суық, құрдым ба деп қауіптенем.

— Уақытылы келгенсің, дұрыс. Бұл сенің тәртібіңді көрсетеді,— деп аты жоқ жөні жоқ жырқ-жырқ етеді,— Қорықпа, талқыға түспей адам ширамайды. Сынға қарсы келме, мойындай бер, жазаң жеңілдейді. Артық кетпейім, саспа, бала.

Менің қамымды ойлап, қамқорымды соғып түр. Шыны ма екен? Әнеукүні зәремді алып, құтымды қашырып кетіп еді. Кім біледі, шыны шығар. Менің ақтығымды кейін түсінген шығар? Біреуге сенбей, күмәнданатын мінезді осы қайдан таптым? Бұрын мұндайым жоқ еді ғой. Кілең төсімді ашып, қаперсіз жүрмейтін бе едім? Адамға сену, сенбеу деген сірә ойыма кірген жан емес едім.

— Мәселең қараларда шақырамыз, — деді де инспектор ішке кірді.

«Мәселең» дегеннен жүрегім зырқ ете қалды. Бұрын құлаққа іле бермейтін елеусіз Сөзім еді, ал бұл жолы атқан оқтан кем естілген жоқ маған. Ертелі аяз сорғанын сезгендей боп, денем мүздап қалтырап кеттім.

Көк қаракөл жағалы сүр пальто киген, көк құлақшынды леп белгісіндей қаздиған районо бастығы келді. Қасында менің бастығым. Атын тастап кетіпті, района бастығына жәмпеңдеп еріп келеді. Иесіне еркелеп құйрығын бұлғаңдатқан тазы секілді ояғына бір, бұяғына бір шығып, бірнәрсе айтып келе жатыр. Олар мені көрмеді ме, көрсе де қайрылмады ма районоға кіре берді.

Ішке кірдім. Ауызда үй сыпырушы әйелмен соқтығысып қала жаздадым. Ол манағыдай емес, жібіп, жұмсарайын депті.

— Дөкейлер келді. Қазір жолыға алмайсың-ау бірақ. Сбешение жасайын деп жатыр.

— Соған келгенмін мен, апай.

— Ә, солай ма еді?! Мана айтпайсың, ба оныңды.. Ана кәндрамәркі түбіне отыр, жылынып ал, тонған шығарсың — деп жылы ұшырай қарады да кетіп қалды.

Мен қабырғаны жарып салған күпшектей қаңылтыр пешке таяу орындыққа келіп отырдым. Пешке көмірді деп аямай салған екен, анадайдап ыстық теуіп тұр.

Кемір иісі бір түрлі жүрегімді айнытып, басыма шапқандай болады. Қобалжып дағдарамын. Қазір мені де сөйлете ме екен? Бәрін рет-ретімен ойланып алмасам болмайтын шығар. Класс табалдырығын аттағандағы қобалжығаным, жүрегім дүрсілдеп әзер аяқтаған алғашқы сабағым көз алдыма келе береді.

…Біздің мектеп ақ шағыл құмның баурайында еді. Ел ішінде бұл құмды «Ақтөбе» атайды екен. Құмның оңтүстігінде, шабыр арасында қиқы-жиқы салынған елу-алпыс тоқал тамдар бар. Осылардан оқшау ерекше ғып, төбеге асылдыра салынған екі бөлмелі үй мектеп. Қасындағы енесіне ерген қошақандай жарбиған тәпелтек там мектеп күзетшісінікі.

Meн төртінші мен екінші класты қатар оқытатын болғанмын.

Бірінші сентябрь. Түс ауа мектепке келдім. Жүрегім лүп, лүп соғады. Өз бетіммен жеке дара класқа бірінші кіруім. Училищеде жүргенде де мектепте практикада болса сабақ бергенбіз, бірақ онда ұстаздар басы-қасында арқаңды жарға сүйегендейсің ғой.

Тойға баратындай тырыштанғанмын. Ұстаздарым «оқушылар алдында мұнтаздай таза жүріңдер, олар сендерден үлгі алады» деп үйреткен. Түнде жатарда сукно шалбарыма су бүркіп, қырын сындырып, көрпеше астына тастап едім, жақсы болды, әп-әдемі, қыр тұрыпты. Әдейі сабаққа баратын күнге деп сары майдай сақтаған ақ көйлегімді кидім. Селдірлеу келген шашымды сол көзіме түсіре, қисайта сулап тарадым. Үйден шығарда апам уәкістеп берген қара бәтеңкемді мысық жалағандай ғып сүртіп, киіп алғанмын. Не пайда, мектепке жетем дегенше бәрібір шаң болды. Түкіріктеп қағазбен тағы сүрттім.

Мектепте қоңырау жоқ екен, күзетші кемпір түбі тесік жапырайған көне шелекті шымшуырынмен ұрын қаңғырлатты. «Штамповкіме» тағы бір қарап алып, құнтиынп класқа кіріп бардым.

Балалар үш қатар партаға жайғасыпты. Мен кіргенде апыр-шұпыр орындарынан түрегелді.

— Саламатсыңдар ма, балалар!

— Саламатсыз ба, ағай,— деп шу етті олар.

Бір шолып өттім. Ала-құла киінген, ірілі-уақ балалар. Терезе жақтағы артқы парталарда бойы сорайған екі-үш ұл және бір қыз көрінеді. Қыз баланың жүзі таныс. Бастығымның үйінде керетін жас қыз Әлпеш. Менде оқитын болғаны ма сонда?!

— Отырыңдар.

Сабақ бастамас бұрын оқушылармен танысып алайын дедім. Алпыс көз жылтырап маған қадалады. Таңырқаған, не дер екен дегендей аңырған, бей-жай сүзіле қараған, жәутеңдеген, күлкі ұшқынып шашқан көздер. Ең артқы партадағы басы қауғадай ебедейсіз үлкен, көк көз сары бала әлденеге жымың-жымың етеді. Енді болмаса сықылық атқалы отырғандай. Бойы да басқалардан ұзын, өзге балалардың төбесінен қарап еңкиіп отыр. Heге екенін қайдам, танысуды сол баладан бастағым келді.

— Әуелі танысып қойғанымыз дұрыс болар ә, балалар. — Әлгі сарыға иегімді көтердім, — Сен тұршы. Кімнің. баласың? Атың кім? Әкең қайда істейді?

Сары бала қысылатын емес, орнынан еркін тұрды. Езу тартып жымиып қойды.

— Мен бе… Мен өзіңіз міңгесіп келетін түйекеш Жұманның баласымын.

Балалар ду күлді.

— Неге күлесіңдер? Тынышталыңдар, кәне!

— Күлетін реті бар, — деді сары бала тайсалмай, — біздің ауылда үш Жұман бар, ит жауырын Жұман, жалпақбас Жұман, үшінші менің әкем, түйекеш Жұман.

Әр жерге тиіп қашқан өрт секілді күлкі тағы тұтанды. Мен де күлкім келіп босай бердім де бойымды жиып алдым. Түйекеш шалдың үш-төрт жыл оқымай қалған маңдайындағы жалғызы осы екен ғой. Дұрыс.

— Фамилияң Жұманов болды, ал есімің кім?

— Шын атым Саржан, өтірік атым жалақсары.

Класс іші араның ұясындай дуылдады. Шыдай алмадым, мен де күлдім. Күле берсем балалардың тынышталар түрі көрінбейді. Ілезде түсімді суытып:

— Жетер енді, тынышталыңдар. Саржан отыр, сенің әкеңмен бірге келгенім рас,— дедім.

Бала біткен үріккен қойдай едірейісіп Саржанға қарады. Саржан «мен мұғалімді сендерден бұрын танимын» дегендей күлімдеп, езуі жайылып сала берді.

— Ал сен,— дедім Саржанның жанындағы домалақ қараға қарап.

— Менің фамилиям да Жұманов, атым Елтай, — деп жауап берді ол.

— Бұл жалпақбас Жұманның баласы,— деп қыстырылды Саржан.

Балалар енді бұрынғыдай ашық дуылдамай бұғып, ауыздарын басып күледі. Байқаймын класты игере алмай тұрмын. Бәрінің назарын өзіме аудармай тыныштық орнамайды.

— Әкең кім боп істейді? — дедім Саржанның қияң-қылығын елеусіз қалдырып.

— Әкем… майданда қаза тапқан. Бір үйде шешем екеуміз.

— Отыра ғой.— Бір түрлі ішім езіліп аяп кеттім. Дереу олардан бергі партадағыларға көз тастадым. Назарымның түскенін сезген сол көзінің ағы бар сопақбас, шипая бала кезек күтіп асығып отырғандай орнынан түрегелді.

— Фамилиям Қоянбаев, атым Көжек, — деді ол сұратпастан.

— Қояннан туған көжек қой, көжек, — деді Саржан қарап отырмай.

Күлкі тағы да қоза бастап еді, дауысымды қатты шығарыңқырап:

— Жітеді Жұманов,— дедім,— ескертемін, енді қыстырылсаң кластан шығып тұрасың.

Күлкі сіркіреп тынған жауындай басылып қалды. Meнің мінезімнің қандай екенін қайдан біле қойсын олар. Сырмінез емес балалар үрпиісе тынып, саябыр тапты. Көжек қамшы сүмейтін бала екен, бәрін өзі айтты:

— Менің әкемнен әлі хабар жоқ, соғыстан оралмады, уйде әжеміз екеуміз. Шешем төркінінде,— деді түнеріп.

Шешесі төркініне неге кетті екен? Сірә, Көжекті тастап кеткен болды ғой. Әрі қарай қазбалағаным жоқ. Қапылыста бір жараның аузын ашып алармын деп қорықтым.

Әлпеш тұрды. Бұрын танитындай сыр берген жоқ. Басын жоғары көтермейді. Партаны шұқылап тұрып жауап берді.

— Фамилиям Аятқожаева, атым Әлпеш.

— Сенің әкең кім болып істейді?

— Менің… менің әкемнен де қара қағаз келген. Шешем екеуміз ғанамыз.

Балалар сілтідей тынған. Кластағы құлаққа ұрған танадай тыныштық тынысымды тарылтып барады. Кеудемді біреу қатты қысып, езгілеп жатқандай.

Бұлайша танысып нем бар еді? Кешегі соғыс талайды қасқитып кеткен жоқ па? Келесі баладан сұрасам, ол да әкем соғыста кеткен дейтіндей көрінді де тұрды. Қам көңілдердің жарасын ушықтырып нем бар? Тізіммен шақырып, класта бар — жоғын білейін, кейін жеке-жеке үйлеріне қатынап-ақ жәй-күйлерімен танысармын дедім. «Оқушының семьядағы күйін, тәрбиесін білу мұғалімнің басты парызы болу керек» дегенді менің құрметті ұстаздарым сан мәртебе құлағыма құйған ғой.

Тізімді шақырып отырып та «класта әкесі майданнан оралмағандар көп шығар-ау, қандай қиын» деп ойлаумен болдым. Әлгінде олар соғыста қаза болған әкелерін іші жана есіне алды-ау. Қайғының улы тырнағы құттақандай жүректерді тырнап өтті-ау… Қалай жұбатсам екен шерлі көңілдерді? Әкелердің майдандағы ерлігі туралы әңгіме айтып берсем бе екен? Сонда жетім көңіл менің әкем де осындай батырлық істеген шығар деп уанар ма? Жоқ әлде ойларын басқа бір әңгімеге аударып, сейілтсем бе екен? Жақында Валентин Катаев деген орыс жазушысының «Полк баласы» атты кітабын оқып ем. Сол есіме түсе кетті. Есіме түсісімен қуанып орнымнан тұрдым. Өздеріндей бала Ваня Солнцевтің оқиғаларын жыр ғып шерте бастадым…

Ойым тағы бөлінді. Басында нap өркеш бөркі бар, бір еңгезердей кісі жаныма келе беріп:

— Сәламатсың ба? — деді.

Сасып қалдым. Сасқаным емес пе, ұшып түрегеп «саламатсыз ба» деп қолымды ала жүгіріппін. Қолымды ұсынарын ұсынсам да, ыңғайсызданып қалдым. Ол кісі қол ала жүгіргенімді айып көрген жоқ. Жүзі жылы кісі екен, бетіме күлімсірей қарады да бастықтың кабинетіне барып кірді.

Түрпеті дөкей бастық секілді. Мол пішілген, етек-жеңі кең, марқасқа. Басындағы бөркі генералдар киетін «папахаға» ұқсайды. Мұндай бөрікті тек генералдар киеді деуші еді. Бәлкім менің «мәселеме» байланысты келген дөкейдің өзі шығар…

Жүзі бір жерде көрген адамым сияқтанады. Бетінің әр жеріндегі баданадай шешек дақтары да жылы ұшыһрайды. Ол дақтары әлгінде күлімсірегенінде қосыла жымиғандай боп көрінді маған.

Япырмау, қай жерде көріп едім? Ә, өзіммен бірге істейтін оқытушы Ізімнің бетінде де осы кісінікіндей шешек. дақтары бар ғой. Сол екен ғой танысымдай көріп қалғаным.

…Алғашқы сабақ берген күні менің алабұртқан жанымды түсінін, көңіліме демеу болған сол Ізім еді. Толарсақтан қан кешіп, сол көзінен айрылып қайтқан отыз бестердегі жігіт қосаяқтың ініндей үңірейген жанар ұясын жұрт көрмесін деп қара шүберекпен үнемі таңып жүреді„ Ол бірінші мен үшінші класқа сабақ беретін. Майданнан оралған соң үйленген, жас келіншегі бар. Апамдар келгенше соның үйінде жатқанмын.

Алғашқы сабақ, үстінде қатты қиналғанымды, сабақ орнына әңгіме айтып бергенімді естігенде ол:

— Жаныңды түсіндім, дұрыс істегенсің, дұрыс… Соғыстың тәнге салған жарасы көп қой, бірақ жанға салған жарасы одан да ауыр. Жан.жарасын жазу қиын. Жүрекке қол жетпейді, тіл жетеді. Қам көңілге демеу — біреуге біреудің шырайы, ықылас-пейілі, жылы сөзі… Талай жайсаңдар оралмады ғой, осы «Ақтөбенің» өзінен қырық-елу бар шығар,— деп көкірегі қарс айрыла күрсініп тұнжырап қалған.

Көп шешіле бермейтін тұйық еді. Сонда да болса мен ол кісімен жасы қатар құрбымдай сырласатынмын…

Бастықтың алдындағы секретарь келіншек шығып: Дөңбаев сіз бе? — деді.

— Иә, мен.

— Шақырып жатыр.

Мен жүрегім шымылдай орнымнан көтерілдім.

5

Қызыл бет инспектор сөйлеп тұр. Тексеру қорытындысын баяндау үшін сөз алған. Әлгінде қамқорсығаны қайда қалғанын білмейім, шөжеге шүйілген қара құстай төндіртіп-ақ барады.

— Мұғалімдік әптарикасын төккенде масқара, аймандай қылған. Әп деп барған күні келі түйгенін былай қойғанда, баламен бала боп ойнап жүретін көрінеді. Және анау-мынау емес ескілік қалдығы «ақ сүйек» ойынын ойнайтын құсайды…

…Аппақ түн еді. Күздің басы жайлы боп тұрған.

Үйді кешіріп келген кезім. Колхоз бір бөлме, бір көкпелі там берген. Үйде ертеңгі сабаққа әзірленіп отырғанмын. Апам «бір бала-шақырып тұр» деген соң тысқа шықтым.

Ай сүттей жарық. Жерге ине түссе табылатындай. Үй қабырғасына түскен екі көлеңке қозғалды. Екі бала — Әлпеш пен Кежек.

— Неғып жүрсіңдер?

— Сізге келдік, ағай,— деді Көжек, — «ақсүйек» ойнап жүр едік. Жалақсары ойын шартын бұза береді.

— Немене өз аты жоқ па оның?

— Саржан ғой.— Кежек қысылып қалды.

— Ойын шартын бұзса не істейін? Қарақ қылса, сендер көп емессіңдер ме? Ойнатпаңдар.

— Ол өзі ойнамағасын бізді ойната ма? Ағай сіз төреші боп тұрсаңыз ол қарақ жасамас еді.

Саржаннан бала біткен сескенетін. Есейіп қалған, қапсағай денелі, шақар бала. Оңашада қарсы келгеніне әлімжеттік қып қол жұмсап алады-ау деймін. Көжек те одан қорқатынын жасырмай тұр. Барсам ба екен, бармасам ба екен?…. Бірақ мына екі бала мені барады деген сеніммен келіп тұр-ау. Менің ойланып қалғанымды байқаған Әлпеш:

— Ағай жүрсеңізші, — деді қиылып.

Олардың көңілін қимадым. Ауыл шетінде, төбеге таяу жиналыпты. Еріп бардым. Барған соң білдім, Көжек пен Әлпеш Саржанмен ерегісіп қалып маған келген екен.

Саржан қарақ жасай берген соң Көжек «мен қазір ағайды ертіп келем» десе керек. Ал анау «ағай келмейді, ертіп келе алмайсың» деп ерегескен-ау шамасы. Ол мені көрген соң қипақтап қалды.

Түн керемет, күндізгідей. Қақ тебе жарқыраған дөңгелек ай, көмескілеу мөлтілдеген жұлдыздар. Ақшыл дәке шымылдық секілді үлбіреген ай нұры көңілді есірткендей. Бір түрлі тасып сала бердім.

— Кәне, сүйек. Маған бер, — дедім Саржанға.

— Сіз де ойнайсыз ба? — деді ол қиқарланып. Сүйекті берді. Қойдың қу жағы.

— Онда шаруаң қанша. Мен төреші болам. Кәне, екі командаға бөлініңдер.

— Бөлінгенбіз,— деді Көжек.

Бес-бестен бөлініпті.

— Кембе осы мен тұрған жер болады, мен өзім лақтырып тұрамын. Ал бастаймыз,— дедім де шынлаттым кеп сүйекті.

Құмшауыт жазық. Балалар жуа тергендей бүкшеңдеп, шуылдап еріп жүр. Біреуі қуланып топты бір дүрліктіріп қойды. Бәрін есітіп тұрмын.

— Міне таптым! — деді ол айқайлап.

— Кетті, алып кетті.

— Ұста, ойбай! — деп, дүбірлесіп қалып еді, екінші командадан жетіп ұстаған біреу «Өле-ә, алдапты! Дым да жоқ қолында» деді.

— Бұл қарақ, ағайға айтамыз.

— Алдағанда не тұр, ол қараққа жатпайды.

Бір замат табылды-ау дейім, үлкен дүбір шықты: Тапыр-тұпыр, айқай-шу.

— Ұста, ұста!

— Ал кетті Ал кетті.

— Көжекке берді, Көжекке!

Менің де делебем қозады. Шауып қалған жүйрік секілденіп елеңдеймін. Қосылып кеткім келеді.

— Міне.,. мін-еки, ағай.— Көмбеге Көжек елден бұрын жетті. Басқалары ұмар-жұмар, бірін-бірі қаға-соға тобымен келді.

Балалардың ішіндегі ең жүйрігі — Көжек пен Әлпеш екен. Екеуі біразға дейін ана командаға дес бермей қойды. Кезектесіп келді де тұрды. Бірақ бірауықтан соң, кім аяғынан қаққанын өзі де білмейді, Көжек ақсап отырып қалды. Бәле Саржаннан келді-ау дейім. Солай деп шамалағаныммен мойнына қиып сала алмаймын. Қорқа ма, әлде, кім қаққанын шынымен білмей ме, Көжек үндемеді. Көрген де ешкім жоқ.

— Сен бе, Саржан, қаққан тобықтан? — деп едім.

— Ағай бәле салмаңыз,— деп өзіме қарсы шықты. «Командаға бір адам жетпей қалды. Осымен ойын бітсін» дегелі едім, Әлпеш:

— Ағай Көжектің орнына сіз ойнасаңызшы, — деді. Мұны естіген балалар оны қоштап шуласты. Өзім бүйірім қызып тұрған адам:

— Ойнасам ойнайын, — дедім. Қашайын деп тұрған қоянға таяқ тигенсін не оңсынның кері ғой.

Осыны да тізіп беріпті-ау Мәсек. Әлгі ғажайып ертегідегідей дүниенің төрт бұрышын көріп отыратын айнасы бар шығар деймін оның. Сол ойынға барғанымды қайдан біле қойды екен?

Мен мазасызданып көзімнің қиығымен төрге қарайым. Инспектор енді-енді қызып келе жатқандай, үсіген сәбіз секілді тершіген қызыл мұрнының ұшын әлме-әл сипап қойып, соғып тұр. Районо бастығы қасқа басы жалтырап, әлдене жазып жатыр. Маған бәрі таныс дегендей ме, өзімен өзі болып, бүкшиіп алдындағысымен әуре… Өзінің басы сопақтауыма қалай? Туу, ойыма қайдағының келуін. Мына бәледен құтылып алмай, біреудің қасқасынын жарасып, жараспайтынын сынау немді алған… Оған таяу отырған бетінің шешек дағы бар кісі «Ақсүйек» деген атынан қорқасың ба? Ол кәдімгі малдың сүйегі емес пе? Ескілік қалдығы деп шошитын несі бар оның?» деп, бір қағытып тастады инспекторды әлгінде. Онысын жақсы көріп қалдым. Мәсек бастығым одан беріректе маған бір қырын отыр, жүзі солғын, сұр қалпы, құлағының едіреуіне қарағанда зер сала тыңдап, Қызыл бет инспекторға ырза боп отырған секілді. Басқа кісілерді танымайым, бір қарагер келіншек маған әлсін-әлсін қарай береді, ананың сөзін тыңдағанынан маған қарағаны кеп.

Ойпыр-ай, қазір осылардың бәрі сөйлер ме екен?

6

Қызыл бет инспектор әлі сілтеп тұр.

— Дөңбаевтың мұғалімдікке жат қылығының ең негізгісі, ен бастысы өзінің оқушысы Әлпеште көңілі болды… Оны мынандай-мынандай фактілер табан аудартпай шықтайды. Нөмір бірінші факт,— әлгі ақша ауысардан (Бір-екі аптадай бұрын «Қызылтудағы» сельподан өзіңе тиесілі жиырма кило ұнын алып қайтқанда Әлпешпен бірге келе жатып оқушы мен мұғалім қатынасына лайқатсыз әңгіме қозғаған…

Ойпырым-ай, мынаның беті бүлк ететін емес қой. Бақыт туралы әңгіменің несі лайықсыз? Әлгі тексере кел генінде «сельпоға ұн ала барғанында Әлпешпен бірге қайттың ба?» деп өзі сұраған соң ойымда ештеңе жоқ, бәрін сыр ғып айтып беріп ем. Имандай сырым еді. Адамның көкірегін ашып шерткен сырын да фактіге тізеді екен-ау?! О сұмдық-ай! Ең болмаса өз айтқанымдай ғып қаз-қалпында жеткізсе де бір сәрі-ау. Ал мынау өңін айналдырып белден басып тұру тек.

Оқиға шыны былай еді ғой.

Алғаш жерге қар түскен күн. Ертеңгісін қыламықтап қар жауды. Желді күнгі ұшқан қамыс үпелегі секілді ұлпа сәске кезінде-ақ іздік болып, төңірек ақ, көрпе жамылды. Қар тоқтасымен аспан ашылып, желсіз күн шағыл тартты. Ретсіз қылығынан ұялыс тауып, жүзі жанған бала құсап ақша қар ұяң жылтылдайды.

Мен сельпоға келсем Әлпеш Мәсектің ұнын алып жатыр екен. Кемиек жұқа сары дүкенші жігіт үлкен кірдің басына сынық кірпішті салдауыр ғып өлшеп тұр. Әлпеш сәлемдесті, ал дүкенші амандасу орнына:

— Ә, бала келдің бе, жақсы,— деп даусын созып қойды. Үстіңгі ернінің ұшын біреу кесіп алғандай, сирек сары тістері ақсияды. Бізден үлкен. Жасын жасырып, әскерге бармай қалған деп естігенмін. Содан ба, оны айдалада қараптан қарап жүріп жек көрем.

Жіппен байлап ілген кірпішінің қанша кило екенін қайдам, сұрағаным жоқ, өлшеп берген ұнын қабыма салып алдым. Көп болса бірер кило жырған шығар. Жұқа сары сонысына мәз, кем иегі жылмиып жымың-жымың етеді.

— Жолық болатын жігіт екенсің, — деп күледі. Әлмешке бұрылып, — Әлпеш мына мұғаліміңнің ұнын ауылының тұсына дейін атыңа сала бар. Ақысына бестік аларсың көп болса,— дейді. Әлпеш қара жорғамен келіпті. Менің ұнымды да артына бөктеріп алды. Мәсектің ауылына «Ақтөбенің» үстімен барады.

Әлпеш жорға үстінде, мен жаяу, екеуден-екеу шабыр жағындағы арба жолмен келе жатырмыз. Айналада қысқы орман секілді сексеуіл. Арбақ-сарбақ көрі сексеуіл өлген өлекшін қаңқасына ұқсайды, жапырағынан айрылған жігер үй тірейтін бақандай қадау-қадау сыйдиып қалған.

Жол аппақ. Әлі ешкімнің ізі түспеген, жазылмаған ақ қағаз сияқты. Ақ қағазға жорға екеуміз ғана алғашқы әріптерді тізіп келе жатқандаймыз. Құндыздай жылтылдаған қарға көзім қарығып, кірпігімді жиі қағамын.

Әлпеш те үнсіз, мен де үнсіз. Айнала аппақ қар, тым-тырыс. Жорға да қасында жаяудың келе жатқанын сезе ме, басын салбыратып, баяу аяңдайды. Жол ұзап кеткендей, ауыл қарасы көрінер емес. Тылсым тыныштық құрсап тастағандай басыма еш ой келмейді.

Бір кезде Әлпеш тіл қатты.

— Ағай,— деді дауысы дірілдеп.

— Ау.

— Сізден бір нәрсе сұрайын ба?

— Сұра.

— Айып етпеңіз, ағай. Бақыт деген не, айтасыз ба?

— Бақыт па?І

— Иә… Маған айтып беріңізші…

Мұндай сұрақты мен күтпеген едім. Құла дүзде адасып келе жатқан адамға алдынан өткел бермес арна кездескендей абыржыдым.

— Бақыт деген не?

Бұған мен бұрын-соңды шыдап жауап іздеген жан емеспін. Бәсе, бақыт деген не? Ойыма ештеңе келмейді. Жауап таба алмайын. Бір баяндама тыңдағанымда «бақыт — оқуда, бақыт — еңбекте» деген құлағымда қалған еді, әлде соны айтсам ба екен деп бір тұрдым… Әуелі өзі бұны неге сұрады екен? Соны білгім келді.

— Жәй сұрадың ба?

— Ағай,— деді үні үлбіреп, — осы маңдайына қара сүйел шыққан адам бақытсыз болады деген рас па?

Әлпеш өзінің оң қабағындағы сүйелді айтып келе жатыр. Е, білгісі келгені осыған байланысты екен ғой.

— Кім айтты оны саған?

— Апам маған әрдайым «қарабақсың сен… ана маңдайыңа қара тігілген. Қара сүйел маңдайыңа туа бітіп еді. Әкеңді жалмаған сен жалмауыз»,— деді жабығып.

Әлпештің шешесін кергенмін. Балалардың үйін аралап жүріп барып едім. Екі қалың қасының ортасына терең қос сызат түскен, жүзі ашулы қараторы әйел екен. Көп сөйлемеді, қабағын ашпады. «Жағдайымыз осы, бір нашар балаға қарап қалдық. маңдайымыз ашылмай. Ол да оқудан үш-төрт жыл кешеуілдеп қалды» дегеннен артық бір ауыз сөз айтпаған.

Маңдайына қара сүйел біткен адам қарабақ болады дегенді өмірімде есітуім. Әншейін жәй ырым шығар. Қаншама ырым болса да шешесінің қызына бұлай айтуы ауыр ғой. Кім біледі, көкірегіне шемен боп қатқан қайғыдан күйіп бара жатқан соң, айтатын шығар, тазы ашуын тырнадан алады деп өзекке тепсе де кетпейтін қызына шүйілетін болар. Ол кісінің қайғысына қайғы жамап алғанын да естігем. Үлкен қызы Күлпәшты Мәсекке берген өзі екен, бірақ, кейін бармағын шайнап өкініп жүргенге ұқсайды.

Әлпешке не дерімді білмей қарадай басым шарғадай болды. Көзін анық жетіп, көңілін, сеніп тұрмаған соң, не айтарсың. Кейін ойланып жауап берсем қайтеді? Бір ұстазым «сабақ үстінде жауап алмаған сұрағыңа, кейін жауап берем деп дағдылан. Білмеймін деме, онда беделің түседі, балада мұғалім білмейді екен деген ой қалады» деуші еді.

— Әлпеш, кейін жауап берейін, — дедім мен. Сосын көңілін жұбатқым кеп,— маңдайында сүйелі бар адам бақытсыз болады деген бекер. Мен естіген емеспін,— деп қойдым. Шын сеніммен айтқаным жоқ. Кім білген, әлі мен білмейтін дүние сырлары көп қой.

Әлпеш жанарына жас толған көзін бірінші рет тіктеп маған пәк көңілмен қуана қарады. Жабығыңқы жүзі бұлты тараған .аспандай жадырап, әп-әдемі боп кетті. Шық ілінген жүзімдей жәудіреді… Осы сәттен бастап мен Әлпешті басқалардан ерекше жақсы көріп кеттім. Бұл селім оны аяушылықтан туды ма, әлде өзінде адам жанын уытатын ерек бір әдемілік, инабат бар ма, білмейім. Қызыл бет инспектор осы жағын қазбалап сұрағанда да неге жақсы көргенімді дәл тауып айта алмадым.

Бақыт деген не?

Үйге келісімен апамнан сұрадым.

— Бақыт деген адамның аты, — деді ойында ештеңе жоқ апам.

— Жоқ, бақытты, бақытсыз деген бар емес пе?

— Ә, со ма? Менің бақытым сенсің. Сен тірі болсаң бақыттымын, жантобам.

Апатайым-ай, соқырдың тілегені екі көзі дегендей сенің бар арманың мен-ay. Бақытты дейсің. Бақытың боп не көрсетім мен саған? Тірі жүрсем көзім жұмылғанша дүниенің бар жақсылығын бір өзіңе арнармын-ау… Қап, әлгінде Әлпешке анаңның бақыты сенсің деп неге айтпадым екен, деп өкінем.

Ізімге бардым. Демалыс еді. Үйінен шықпапты. Мен Әлпеш сұрағына жауап бере алмағанымды айтып:

— Көпті көрген сіз білесіз ғой, айтыңызшы, — дедім.

— Бұл сұрағың маған да ауыр болды-ау, — деді ол, — бақыт деген қолыма ұстап көрген нәрсем емес. Соғыста жүргенде тірі қалсақ, жауды жеңсек, сол бақыт деуші едік. Бір күнгідей болған жоқ, оған да жеттік. Қызық қой адам, мен екі көзім бірдей көрмей госпитальға түскенде ең болмаса аяқ жолымды көретін саңлау да қалмады-ау, жол табатын сәуле қалса, армансыз, бақытты болар едім, деп ем. Енді екі көзім болмады-ау деп армандаймын, өлмей тірі қалғанымды ұмытып кетем. Бұл адамға тойым жоқ қой. Сол секілді бақытқа да адам тоймайды. Бақыттың ен мықтысы елдің тыныштығы ғой…

Ізімнің сөзін шашау шығармай тыңдаймын. Бәрін зердеме құйып алғым келеді.

— Әлпештің әкесінен айрылуы бақытсыздық, рас. Сабаз жігіттің сырттаны еді әкесі. Қайтесің, кешегі соғыс бір емес талайды бақытсыз қылды. Бірақ, «орнында бар оңалар» деген. Әлпеш жақсы оқып, анасын қуантса, әке орнын басса үлкен бақыт емес пе? Ал қарабақ дегені әншейін бос сөз.

Қап, Әлпешке осылай деуім екен-ау деп тағы өкіндім.

Бақыт деген не?

Мен оңашада да бұл жайлы ойлаумен болдым. Түн баласы көз ілмей төңбекшіп шықтым. Ізімнің жауабына көңілім толмады. Бақыт тек жақсы оқуда ма? Халыққа, елге адал қызмет ету де бақыт… Осыны қайдан естіп едім? Ә, әлгі бір лектордың баяндамасынан құлағымда қалған екен-ау.

Арманына жеткен адам бақытты дегенді де жиі айтады ел. Олай болса, менің арманымнан көп нәрсе жоқ шығар бұл дүниеде. Бір қарыс бойыма қарамай бір кезде палуан болуды армандадым-ау… Ұшқыш болсам деп те қиялдадым-ау… Міне енді мұғаліммін…

Бақыт деген не?

Бәлкім, мұнын жауабын кітаптан іздесем бе екен? Дүниеде талай данышпандар жазған кітаптар бар. Мүмкін солардан табармын. Бірі болмаса, бірі жазған шығар… Содан бері кітаптан бас алмаймын. Қолыма кітап түссе үңілем. Оқып келем, іздеп келем.

Ізімнің айтқанындай ғып Әлпешке жауап бердім. Басқа оңаша алып қалып айтып едім. Тыста Саржан күтіп тұр екен. Басқа балалар қайтып кеткен. Саржан маған ала көзімен атып жіберердей бір қарады да ештеңе деместен төбеге қарай жүгіре жөнелді. Биік-биік қоян-сүйектен киікше секіріп барады. «Саржан, тоқта! Бірге қайтайық» дегеніме қайрылған жоқ. Бұ несі деп таңданып қалып ем, кілтипаны бар екен. Кейін білдім ғой.

— … Бақыт деген сен айтқандай күдікті сезім емес, — деп гүж еткен дауысқа елең еттім. Қалың ой мені ұйқы құсап басып алған, қалғып бара жатып көзімді ашқандай болдым.

Инспектор сөзін бөліп отырған бетінде шешек дағы бар кісі. Әлгінде күліп тұрғандай көрінген шешек дақтары суып жараспай кетіпті, — басқа дәлелің бар ма, соны айтшы.

— Бар болғанда қандай, бас бұлтартпас факті. Мінеки, мына хатты көріп шығыңыздаршы,— деп жымиған инспектор бір парақ қағазды әлгі кісіге ұстата берді.

Аузыма тығылардай жүрегім дүрсілдейді. Бір парақ қағаз қолдан-қолға кешіп жағалап барады.

Япыр-ау, сол хат па, шынымен? Қолдарыңа қалай түскен?

7

— … Хатты неге елеусіз қалдырады? Мұнда бір гәп болған. Қатесін неге шығарады? Қарашы қуын, іштен оқып туған бәле емес пе?

Инспектор қаңқуы құлағымды шаншып етті. Жөнеле көшкен қара бұлттай ой қаптайды.

… Хат. Саржан хатты.

Бір күні төртінші класс оқушыларының жазу дәптерін тексергелі жинап алдым. Боранды қысқы кеш еді. Дәптерлерді қарап отырғанмын. Бір кез Әлпеш дәптеріне кезек келді. Аштым. Қолы арбақ-сарбақ, ірі жазады. Ә, дегенде сұлу жазуға дағдыланбаған. Мұғалімдері зер салып үйретпеген-ау. Әлі де кеш емес. Мұны ескерту керек екен деп қоямын ішімнен. Бес-алты парақты аударған мезетте дәптер арасынан екі бүктеулі бір парақ қағаз шықты. Алып қарадым. Әр әрпін дойбы тасындай шашыратып қадау-қадау салған жазу. Таныдым. Саржанның қолы.

«Әлпеш» деп кітаптың атындай ғып баттитып жазыпты басына. Хат екен:

— Мен бәрің білем. Сені моғалым ағай жақсы көреді. Сені алдыңғы партаға әдей отырғізіп қойды. Сен өз орніна қайтіп кел. Моғалымға айт, өз орніма өтірам де. Meн сен үшін Елтайді үрдім. Ол саған енді тимейді. Сен бізің боз ынгеннін ақ ботасін күрем деп едін ғой. Кел, көрсетейын. Қанікөлде қалаға барам. Саған айна, тарақ әкеп беремын».

Біреу біліп қалады деп қауіптенді ме екен, артына атын да жазбапты, қолын да қоймапты.

Әлпешті оңаша алып қалып сөйлескенімде Саржанның бізді күтіп тұрғаны, маған сүзетін бұқаша алара қарағаны, содан алды-артына қарамай жүгіре жебелегені көз алдыма келеді. Менен қызғанып жүр екен-ау. Сонда не деп қызғанады?

Әй, Саржан, Саржан… Бәсе, Әлпешке деген қас-қабағында бір жылылық бар еді-ау. Ол басқаны қағып-соғып жүргенмен Әлпешке еш тиіспейтін. Қыз бір нәрсе десе үнсіз мақұлдап, өз-өзінен қызарып сала беретін.

Әлпешті мен алдыңғы партаға отырғызғанмын. Оған себеп болған Елтай. Ол көзге түсіп ашық, бұзақылық, жасамағанмен тымпиып, отырып қана шағып алатын ұрыншақ бала. Сабақ үстінде шымшып, түртіп маза бермеген соң Әлпешті одан бөлек болсын деп алдынғы партаға көшірдім де оның орнына Елтайдың өзі қатарлы баланы серік қылғанмын.

Дәптер жайына қалды. Дағдарысқа түстім. Әлпеш пен Саржан арасында достық бар ма? Әлпешті жақсы көрген соң менен қызғанып жүр ғой. Әлде Саржан Әлпешке ғашық па екен? Туу, қайдағы «жаман» ой басыма кіргені несі? Махаббаттың оларда ояна қоятын мезгілі емес шығар? Балалық пәк сезіммен бірін-бірі тәуір көретін шығар?

Мен Әлпешті жақсы көріп үйіртпектегенде бөтен ойым бар ма еді? Жоқ, ондай нәрсе үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Бірақ, әйтеуір жақсы керем. Көрсем ішім жылып, ұйып тұрам. Неге олай, білмеймін.

Дал болдым. Мына хатты не істейім енді? Оқушылар алдында оқып, Саржанды ұялтсам ба екен? Сонда Әлпеш қайтеді? Ол ұяттан жанып кетер-ау. Көңілі жарым ғой тіпті көтере де алмас. Ал балалар қандай ойда қалады? Олар бірден Әлпешке Саржан ғашық деп шыға келер. Мазақтайды жабылып. Саржан мен Әлпештің өрттей жанған жүздері елестейді. Әлпештің жәудіреген көзінен партаға жас тамып кететініне дейін ап-анық елестетем.

Ойлап-ойлап, ақыры, оқушылар алдында қызартпайын дегенге тоқтадым. Жеке-жеке сөйлесейін. Онда қайтіп сөйлесем? Дұрыс, Саржанмен сөзді әуелі сауатты жазудан бастаймын. «Сен, Жұманов «ы» мен «і», «ұ» мен «о», «н» мен «ң» әріптерін қашан айыратын боласын» дейім. Ол маған «қашан айыра алмап едім» деуі мүмкін ғой. Сол кезде «мына хатты танисың ба, қанша қатең бар, қарашы» деп бас салмаймын ба? Ол не дейді маған сосын. Әрине, аузына құм құйылады.

Әлпешпен қалай сөйлесем? Бәрінен қиыны осы… Әрі ойлап, бері ойлап онымен сөйлесудің ретін таппадым. Онсыз да қам көңілін жабырқатуға қимадым. Ақыры мынандай бір ойға бекіндім… Мен бұл хатты көрмеген болайын. Қателерін жөндейін де, қайтадан орнына салып қояйын. Әлпеш алып оқысын. Менің хатты көргенімді қателерді жөндеген қолымнан біледі ғой. Өзі қысылып, өзі ұялсын. Саржан да сол Әлпештен естісін. Ол қайтер екен? Қандай күйге түсер екен? Байқап, бақылап көрейін.

Солай істедім. Саржанның хатының қателерін қызыл қаламмен шығардым да дәптер арасына сол күйінде салып қойдым.

Ертеңіне ештеңе көрмеген, сезбеген адамдай боп Әлпешке дәптерін қайтып бердім.

Арада бірнеше күн өткеннен кейін екі оқушымның жүзінен де бір толқуды сездім. Әлпеш маған жәутеңдеп үрке қарайды. Маған именбей қарайтын Саржанымның басы салбырап кетті. Кінәлі адамдай бұғыңқы жүретін болды. Тентектігі де пышақпен сылып алғандай тас тиылды. Менің сыртымнан не істейтінін қайдам, ал көзімше қыңқ етпейді.

Бұл өзгеріске мен қатты қуандым. Балалар алдында даурықпай-ақ Саржанға әсер еткеніме қуанып жүрдім.

Бірақ қызыл бет инспектор келгенде зәремді ұшырды.

— Әлпеш Аятқожаеваны жақсы көресің бе? — деді інісі түйеден түскендей ғып.

— Жақсы көрем…— Сасып қалдым,— … балалардың бәрін жақсы көрем.

— Сонда да Аятқожаеваны ерекше көретін шығарсың? — дейді қызыл мұрны салбырай жымиып.

— Иә,— дедім шынымды жасырмай.

— Сонда қалай жақсы көресің, ә? Не дерімді білмей мүдірдім.

Қызыл бет инспектор тышқан інін аңдыған мысықша менің аузымды бағып қалған. Жымың-жымың етеді…

— … «Жақсы көрем» дедің ғой мен сұрағанда. Рас па Дөңбаев? — Қызыл бет инспектор маған әлгі хатты желбіретіп көрсетеді. «Жақсы көрем» деген сондағы өз даусым жаңғырығып қайта естілгендей болды да ойым үзіле берді.

— Рас,— дедім үнім әзер шығып.

— Мына хатты танисың ба? — дейді инспектор бір парақ қағазды маған қарай еңкейе сілкіп.

— Бұл сот емес қой, жолдас Оразов, сонша шұқшиятын,— деп, бетіндегі шешек дағы күреңітіп әлгі кісі инспекторға жақтырмай қарады,— қазір өзі сөйлегенде айтады ғой.

Оразов кідіріп қалды. Дөкей кісінің маған іш тартып отырғанына көңілім сәл тынши, сабыр биледі.

— Бұрын жоқ еді ғой бұл хат?! — деді алдындағы қағазынан жалтыр басын көтеріп районо бастығы. Тыңдамай отыр ма десем, бір құлағы инспекторда болып шықты.

— Хатты Ақбаев жаңа мәжіліс басталарда берді маған,— деді Оразов,—бұрын тек ауызша айтқан.

— Әнеукүні беру тарс есімнен шығып кетіпті… Ала келдім, — деп менің бастығым оқушы баладай орнынан түрегеп жауап берді.

— Жарайды, сөйлей бер Оразов, әлде болдың ба? — деді районо бастығы. Сірә Оразовтың ұзақ сонарын жақтырмай отыр-ау дейім.

— Қазір… жақындап қалдым,— Инспектор қипақтады.— Егер Дөңбаевтың күдікті ойы болмаса, бұл хатты оқушылар алдында талқылар еді, барлық балаға сабақ қылып, көзін шұқып айтар еді. Хаттың қатесін өзі жөндеген ғой, мінеки. Бұл педагогикаға жат қылық деп санаймын…

Ағат кеткенім бе шынымен? Қазір сөз берсе бәрін айтам. Ине жасуындай ештеңе қалдырмай айтып берем. Шындыққа сенетін шығар. Менің адал көңілімді, шын сырымды түсінетін шығар. Мына отырған кісілердің бәрі менен жасы үлкен, көбі әкемдей адамдар. Көпті көрген. Түсінетін шығар.

Япыр-ау, бұл хат Мәсектің қолына қалай түскен? Әлпеш өзі апарып берді ме екен? Ана ойынға қатысқанымды да сол айтып жүрмесін. Сол ойын үстіндегі әлгі бір сот… Өзің өкшелеген Саржаннан қашқан Әлпеш түлкіден қорыққан қояндай ышқынып кеп менің құшағыма қойып кеткен. Екпінімен құлап түсетіндей көріп құшақтай алғанмын… Ойпырма-ай, соны да басқаға жорып, Мәсекке айтып жүрсе… Кім білген, балдызы ғой. Әлденеден қысылғандай маған жәутеңдей қарап жүретін еді ылғи. Мүмкін, сонда «айтқандарымды біліп қалды ма» деп қуыстанып қысылатын шығар.

8

Инспектор Оразов асығып-абтыға сөйлейді. Сірә, бастығынын қас-қабағын танып қалды-ау.

— Дөңбаевтың мұғалімдікке сиыспайтын жат қылығын дәлелдейтін нөмір төртінші факті — ол қоңырау мәселеci. Қоянбаев Көжек дейтін оқушысын үйінен қоңырау ұрлап әкелуге жұмсаған. Бұл не, жолдастар, бұл да тәрбие ме?…

Қоңырау тарихы да қозғалды-ау.

… Түс ауа сабаққа келе жатып «Ақтөбеден» асып, өріске бет алған қой-ешкі жанынан өттім. Далбайы шошаңдаған қойшы сұр есегін тыпыңдатып, шашылғанын қайырып отардың біресе о жағына, біресе бұ жағына шығады.

Әлде не шылдыр еткендей болды. Шылдыр қой-ешкі жақтан шықты. Тағы да шылдыр. Шылдыр-шылдыр. Қоңырау үні. Былдырлаған нәзік сыңғыр. Жүрегім лүпілдеп қоя берді. Қоңырау даусын мен туғалы ұнатушы едім. Апам нәресте шағымда бесігіме сылдырмақ орнына бас бармақтай жез қоңырау байлап қойған екен. «Сол қоңырауды сылдырлатсам, жылағаныңды қоя қоятын ең» дейді апам есіне алып. Жез қонырау менің де есімде. Бес-алты жасар кезімде шалғын ішінде ойнап жүріп жоғалтып алып, бір күн күнұзағына бақырып жылағанмын.

Қоңырау үні сол бесіктегі шағымнан қымбат. Қоңыраудың сыңғырлаған күміс үнін естісем болды, кеудеме бұлбұл кеп қонғандай тасып сала берем. Қоңырау үнімен көкірегім бір күмбірлейтін сияқты көрем. Мектепте жүріп каникулға шыққан кездерімде қоңырау даусын сағынып, сабақ басталғанша асығушы едім. Ер жеткен сайын оның үні мені әдемі саздай, әсем әуендей толғантатын болды. Қоңыр кештегі бал бұлақ үйіне құлақ түргендей еліте тыңдайым әрқашан.

Жүрегім шымырлап қоңырау дауысына қарай бұрылдым. Қоңырау дауысы қайта естілді. Әлгіндей баяу емес, мәз-мейрам жас балаша былдырлайды. Елеңдеп қой ішінe кіріп кеттім. Дауыс бір саржағал ешкінің алқымынан шығады. Жанына келе бергенімде саржағал үркіп, шошаңдап секіре қашты. Қоңырау шылдырлап әндетіп барады.

Қасыма қойшы шал келді.

— Е, бала мұғалім екенсің ғой, аман ба, шырағым. Жоқ қарап жүрсің бе?

— Жоқ ата. Ана қонырау сіздікі ме?

— Ә, қонырау ма? Саржағал ешкінің мойнындағы ма?

— Иә, ата… Соны маған бересіз бе? Беріңізші,— деп бас салып жалындым.

— Менікі болса берер ем, балам.

— Кімдікі, ата?

— Ой, ол «қарақұлын» кемпірдікі. Бермейді ол, адамға сабақты инесін ұсатпайды.

Мен мектепке жеткенше қалайда қоңырау тауып алсам деумен болдым. Қоңырау балалар үшін де жақсы ғой. Олар қаңғырлаған шелекті қайбір тәуір көріп жүр дейсің?

Оқушыларды түгендеп болысымен:

— Балалар, кімнің үйінде қоңырау бар? —дедім.

— Көжектікінде бар, — деді әзір жауап Саржан.

Мен қуанып кеттім.

— Бар ма, Көжек?

— Бар,— деді орнынан тұрып Көжек.

— Сен соны әкесең қайтеді? Мына қаңғырлаған бақыр орнына қонырау қағар едік. Қоңырау деген жақсы емес пе, балалар!

— Жақсы! Жақсы!

— Көжек, қалай әкелесің бе?

Кежек үндемеді.

— Әжесі бермейтін шығар, — деді сезге араласып Саржан.

— Неге?

Апай ұрыспасаңыз айтайын. — Саржан орнына тұрды.

— Айт.

— Көжектің үндемей тұрғаны, әжесінен қорқады. Әжесі шық бермес шығайбай. Оған жұрт «қарақұлып» деп ат қойған.

Қойшы шалдың айтқаны есіме түсті.

— Көжек, сен әжеңнен сұрап көр. Мектепке керек еді де,— дедім де сабағымды бастап кеттім.

Ертеңіне Кежек қол басындай жез қоңырауды алып келді. Бұл біз үшін мерекеден кем болған жоқ. Ол қоңырау емес, бейнебір бұлбұл ұстап әкелгендей мен де, балалар да мәз-мәйрам. Үні құлыншақ үніндей сыңғырлайды. Әр бала кеп бір сұрайды. Ұстап, сипап көреді. Сылдырлатып, қағып көреді. Ұяң Әлпеш те келіп ұстады.

— Қонырау үнін ұнатасың ба?

— Иә, ағай.

Біздің бұл шаттығымыздың аяғы шатақ болды. Келесі күні бет-аузы қыркүйектен соң, қауындық орнында қалған мизам түйнектей бүріскен, бүкір кемпір Көжекке еріп келіп, әлек-шәлегімізді шығарды.

— Сен, мұғаллақ, кімді басынып жүрсін, ә! — деп маған тап-тап ұмтылады.— Әскер сыйлайсың басынсын деген сенің қай заңында бар, ә, айтшы кәне! Қоянбайымның саржағалына таққан қоңырауымды неге алдырасың, сен, ә! Мен қазір тура ауыл сәбетке барам… Ойбай-ау, ойбай, неге басынасың, құдайдың қасқитқаны аздай…

— Әже қойшы… Әжетай қойшы,— деп Көжек арада шырпыр боп жүр.

«Қарақұлып» оны тыңдайтын емес. Қоңырауды маған қарай сілтеп, қағып-қағып қойып шаптығады. Қонырау жоғары көтерген сайын қорқып жылаған балаша шырылдайды.

Менің қалаға аяғым жетпес дейсің бе, ойанкеметтің тура өзіне барам. Милисамен айдатып жіберем, сендей қаңғыманы…

Кемпір сөзі сай-сүйегімнен өтсе де шыдадым. Жақ. Ашқаным жоқ. Менен қарсылық болмаған соң:

Қоянбайым болғанда сендей сүмелектің арқаннан таспа алатын еді. Мынау ма, мынау, шірік қой, шірік неме деп қоңырауды Көжекке бір сілтеді де қойнына тықты. Ақырғы рет шар еткендей болды да қоңырау қойынында тұншығып кете барды.

Кемпір кеткен соң мен Көжекке шұқшидым.

— Неге сұрап әкелмедің? Бүкіл класс ортаға алды.

— Бермейді… бермеген соң…— деп Көжек күмілжіді.

— Бермесе ұрлай ма екен?

— Бермеген адамға сол керек.

— Жоқ, дұрыс емес.

— Көжектікі ұрлық.

— Немене, өз үйінен алса да ұрлық бола ма? — деп дуылдады балалар.

— Өз үйі болса да Көжектің істегені ұрлық, — дедім мен кейіп, — үлкен кісіні алдауға болмайды. Және күйік кісі. Екінші мұндай қылық жасамауға класс алдында уәдеңді бер.

Көжек менің әжесінің шайпауын көңіліме алмағаныма таңырқағандай көзінің қиығымен бір қарап қойды. Уәдесін берді.

Сол күні кеште қайта қуандым. Түйекеш шал келді. Есік алдында тасқа ұрып, жігер майдалап жатқанмын. Көз байланып қалған шақ. Тап желкемнен намаздыгердің көлеңкесіндей боп түйе мойны сорайып шыға келмес пе?! Сескене қарадым. Қоспақ атан үстінде Жұман. «Шек! Шөк!» деп бұйдасын сілкіп, түйесін шөгеріп жатыр. Біраздан бері көрмеп едім, қуанып кеттім. Қаладан бірге келгенде-ақ өзін ұнатып қалғанмын. Біреуді жақсы көрсем бірден құлай жақсы көретін мінезім.

Арсалаңдап жетіп бардым.

— Сәламатсыз ба, ата!

— Е, аманба, шырақ… Қалай, бала мұғалім? — деп қолымды қысып жатыр.

Ат қойғыш ауыл екен. Келгеннен мені «бала мұғалім» атап кеткен.

Үйге ертіп кірдім. Әкем ауырып, қалаға дәрігерге көрінгелі кетіп еді. Апам үйде болатын.

Жұман шалдың көшіп келгелі біздікіне алғаш бас сұғуы. Апам амандасып, «төрлетіңіз» деп ілтипат көрсеткенмен оны таныған жоқ. Апамның ұмытқанын аңғарған Жұман төрге малдас құрып отырған соң:

— Қалай құдағи, құдаңның аты есіне түсті ме? — деп жымиып, аппақ мұртының оң шалғысын аузына салып, тістелеп аңтарыла қарады.

— Туу, қара басып танымай қалыппын ғой, — деді апам санын соғып, — ау, сіз анада Қойшыжанды ілестіріп кеткен шал екенсіз ғой.

— Шал деме, құдағи…

— Ау, әлі мойындамағансыз ба, құда. Бірақ бізге енді жастық қайда? Кеше көрген адамымызды бүгін танымай қаламыз.

— Шынымен құдандалы ма екенбіз, бәйбіше?

— Құдамыз қыпшақ емес, қаңлы екен. Мен қара басып шатасып жүр екем.

— Бәрі бірде тәйірі… Хош, енді бұдан былай сізді радио құдағи дейтін болдық қой. Үйіміз қашық боп, баланды жатқыза алмадық. Көңіліңізге келген жоқ па, құдағи?

— Жоқ құда.

Олар жарасқан әзіл-қалжыңдарына мәз болып күлісіп жатыр. Мен де қосыла күлемін.

— Қой, мен тамақ істейін, — деп апам орнынан тұрды, — Шақырып алам ба деп жүр едім, құдай айдап өзіңіз келдіңіз, жақсы болды.

— Жоқ, құдағи, асығыспын. Малдың адамымыз, қыс қырау ауылға жеткенше жаным төзбей отыр. Шәйіңіз болса болады. Талай келеміз ғой, ауыл-үй арасы.

Апам шәй қойғалы тысқа шықты. Осы кез Жұман сенің ішігінің қойнынан боз торғайдай құттай бір нәрсені суырып алды. Ол шылдыр ете қалды. Қоңырау! Жүрегім атша тулады. Қолымды соза бердім.

— Қайдан таптыңыз, ата? Маған әкелдіңіз бе?

— Саған әкелдім.

— Рахмет, ата!

— «Қарақұлып» кемпірдің тілін менен басқа адам таба алмайды бұл ауылда. Бүгін болған оқиғаны Саржаннан есітіп… әдейі шаруа ғып әкеліп отырмын. Хош, Қорықпай-ақ қой енді, «қарақұлып» дау салмайды. Ал, ұрлағаным жоқ.

Жұман біздің үйдің ішін көзімен шолып шықты. Терезе алдындағы кішкентай стол үстінде үюлі тұрған оншақты кітапқа ұзақ қадалып отырды. Бірауықтан кейін:

— Бала мұғалім, — деді маған,— балдар сені жақсы көріп қалыпты. Әсіресе, біздің Саржан. Әнебір жылдары мұғалімін жамандап келуші еді. Қазір көңілі құлаған. Оқуға зейін қоя бастады. Шұқшияды да отырады. Әлгі бір соғысқа қатысқан орыстың баласын да аузымыздың суын құртып айтып берді.

Түйекеш Жұманның үйі ауылдан шет, құм ішінде еді. Бір екі рет колхоз кеңсесінің, маңында көріп, амандасқаным болмаса, үйіне әлі соға алған жоқ едім. Мақтағанына қысылып қалдым.

— Жатыпатар бастығың қалай? Келіп тұра ма?

— Иә, келіп тұр.

— Хош, келіп жүр де… байқа, шырағым, одан… Әлгі біp байдан шыққан қарындасы «ағам тірі тұрса мен мұғалім болам. Ана қортық баланы қудырамын!» дейтін көрінеді. Бос сөз шығар ғой, сонда да болса… Мәсек ол мәтірәл жинамаса ұйықтай алмайды, сақтан, шырағым.

Ойланып қалдым. Бастығымның сабағыма қайта-қайта кіргіштеп жүргені несі екен? Не деп тайдырады мені? Өсек шығар. Әлгі қуанышым басылмаған еді. Шалдың қаупіне онша мән бере қоймады. Қонырауды шылдырлатып:

— Aпa, шәй әкел! — деп көңілдене дауыстадым.

Қонырау шылдыр еткенде селк ете қалдым.

Ой мені тереңге батырып жіберген екен. Алдындағы түйме қонырауын шылдырлатып отырған районо бастығы. Ол қоңырауын тағы басып:

— Оразов, жетер енді, биыл бітірер түрін жоқ қой тіпті. Қорытынды сөзіңе көш,— деді.

— Қап… Сағаты тоқтап қалып, бір сабақты бір жарым сағаттай жүргізгені де бар еді…— Инспектор сасқалақтады. Соңымен осы фактілерге сүйенгенде Дөңбаев Қойшықараның бұдан әрі мұғалім боп қалуы моральдық жағынан да, педагогикалық жағынан да заңға сыйыспайды. Менің ұсынысым, — Дөібаевты мұғалімдіктен босату керек.— Инспектор қалтасынан сарғыш орамалын алып, сәбіздей сүйір мұрнына жапты да сіңбірініп орнына отырды. Орамал астынан тұншыға шыққан шиқыл жүрегіме дік етіп тікенше қадалды. Бір түрлі көңілім абыржып сала берді. Шынырау құдыққа түсіп бара жатқандай лезде денемде діріл білінді.

Жалтақтап төрге қарайым. Ең алдымен көзіме түскен әлгі дөкей кісі. Бар тағдырым соның қолында тұрғандай қарайым. Осылардың ең мықтысы, дәу бастығы сол шығар дейім. Кере қарыс маңдайы қыртыстанып, шұқыр-шұқыр беті түтігіп кеткен. Кімге кейіп сұстанып отыр. Әрине, маған ғой.

— Ендігі сөз «Жетікөл» бастауыш мектебінің меңгерушісі Ақбаев жолдасқа беріледі, — деді районо бастығы.— Қысқартып айтыңыз, Оразовша жайылып кетпей.

Менің бастығым ілмиіп орнынан тұрды.

9

— Әуелі хаттың жайын айтып өтейін. Хаттың қайдан менің қолыма түскенін сіздер де білмейсіздер, ана бала да дал боп отырған шығар. Тіпті ойламаған жер деп. Әлпеш — менің балдызым. Үйіне барып тұрам. Бір соққанымда қалай оқып жүргенін білейінші деп дәптерім ашып қарасам, осы хат жатыр…

… Басым зыңқ-зыңқ, «қолына қалай түскен? Қолына қалай түскен?» дегендей. Дәптерді Әлпешке қайырып берген күнгі оқиғаны есіме алғым келеді… Иә… иә, сол күні Мәсек соққан…

Мәсек бастық болғандықтан бізге соғып тұрады. Сабағымызға кіреді. Әдепкі кіргенінде мені жаман тықсырған: «Жүзінде сес жоқ екен. Балаға елжіреп жұмсақ қарайсың. Бала деген қоймен бірдей, қатал болмасаң бетімен жайылып кетеді. Оқушыларын мен отырғасын ғана тыныш отырған шығар, болмаса бөрінің артындай шулайды-ау деп қалдым… Сосын, дауыстап оқығанда бүкіл класс боп қосылған пайдалы. Дауыстаса құлағына құйылғыш болады. Даусын шығармаса, кім біледі, оқымай кітапқа өтірік қараған боп, сені алдап отыратын шығар» деген. «Шулағасын бір класс екіншісінің назарын бөледі ғой. Шулатып оқытуды ескі әдіс деп еді бізге» деп жаймен ғана өз ойымды дәледемек боп едім. Өл: «Он алты жыл бала оқытқан мен білем бе, боқмұрын сен білесің бе? Менің қарауымда істейім десең менің айтқаныммен жүресін»,— деп қатты кетті. Мұнысына менің ашуым келді. Шарт ұстаса кеткім кеп бір тұрдым да тағы да сабама түстім. Жасының үлкендігін сыйладым ба? Сүйегіме біткен кешірімшіл мінезім тоқтатты ма?… Оның бұл келісін Ізімге айтқанымда, ол «өз қулығына басқан екен сабазын, сені ә дегеннен жасқап алайын деп істеген ғой. Әрі зейінді байқайын деген, қарсы пікір айтқанын жақсы болған. Енді майда жүріс құлығына басады. Қобалжымай-ақ қой, бастық адам бірнәрсе айтып бастықтығын көрсетпесе бола ма?» деді. Оның айтқанындай-ақ бар екен, Мәсек кейінгі кірген сабақтарының біреуіне де пікір айтқан жоқ, бәрін ішіне түйіп жүре берген.

Күн ерте бататын уақ. Сабақтың аяғына келді бұл жолы. Алдында кірген бір-екі сабағым жайлы пікірін қорытындылап айтқалы келген шығар дедім.

— Бала, қалай отын жетіп тұр ма? — деді ол алакеуім тартқан кеңсеге келген соң.

— Жетіп тұр. Ізім ағай басшылық қып түсіртіп алды ғой.

— Ол қашаннан бері басшы болып еді.

— Жай… отын түсіруді қолына алғанын айтам.

— Бала, менің шаруам,—деп өз жұмысына көшті Мәсек,— менің төртіншімнен екі бала келді ме саған?

— Келді.

Мәсектердің аулынан екі үй біздің участокке көшіп келген. Сол үйлердің баласы маған ауысқан.

— Соны білгелі келіп едім? Қалай оқып жүр?

… Жай бөлшекті өтіп жатқан кезіміз. Әлгі екі баланың бірін келген күні тақтаға шығарып едім. Ол жай бөлшекті өмірі мен көрмеген жолмен шығарып, мені де, төртінші класс оқушыларын да таңқалдырды.

Бала екі бөлшекке ортақ бөлім іздеген жоқ, қиналмастан:

— Екіден бірді аламыз, бір қалады. Ал үштен төртті алуға болмайды, сондықтан үштің жанына нөл қоямыз, сонда отыз болады, отыздан төртті алсақ жиырма алты қалады,— демесі бар ма?!

— Сонда не болады?

— Сонда жиырма алтыдан бір болады.

Балалар ду күлді. Мен де күлдім. Бала білмеген соң ойынан шығарып тұр-ау деп дәптерін алып қарадым. Дәптерінде де осылай шығарыпты. Екінші баланын дәптерін көрдім. О да егіздің сыңарындай. Бұл қалай? Мәсектің өстіп үйреткені ме? Ана балалардан сұрасам, екеуі де «ағайдың үйреткені» дейді.

Мәсекті жай бөлшек амалын білмейді деуге қимадым. Тақтаға қайта-қайта шығарып, екі балаға ортақ бөлім табуды үйреттім. Дәптерлерін үйге алып кетіп, жөндеп әкелдім.

Мәсектің «қалай оқып жүр?» дегені ойыма осы оқиғаны салды ма мен жасырғаным жоқ, айттым.

— Мүмкін емес… мүмкін емес, — дей берді Мәсек. Сонан кейін сілкіне орнынан тұрды.— Дәптерлері өздеріңде ме?

— Өздерінде.

— Иттердің бүлдіріп жүргені-ай, ә… өз білмегенімен тұрмай… Дөңбаев, бұны сен ешкімге айтқан жоқсың ба? — Бастығымның фамилиямды тұңғыш атауы еді.

— Жоқ, кімге айтам?!

— Бәсе… мәселенің анығына жетпей айтылған сөз өсек болады. Ондайдан сақат болғаның жақсы қасиетің, ол иттер мені масқара қыла жаздапты-ау,— деп сұрланған қалпы жөнеле берген.

Ертеңіне әлгі екі бала «Есеп дәптерімізді Мәсек ағай алым кетті» деп келді. Алса алсын, қатесі быжынағам дәптердің керегі не дедім де оларға жана дәптер бастаттым.

Мәсек ешкімге айтпа дегенмен бұл жайды мен Ізімнен жасырғаным жоқ. Ол естіген замат жатып тұрым ашуланды. Ашуланғанын алғаш көруім еді. Жалғыз көзі шақшиып кетті:

— Біздің қазақты сорлатып жүрген осындай дүмшелер ғой, аңқау елге арамза молда дегендей. Бұдан сабақ, алған бала не оңады, қандай сауат алады? Елдің жылан жүргені рас екен ғой Мәсектің өзін сауатсыз деп… Қап, әлгі дәптерлерден бекер айрылғансың, районоға көрсететін едік. Енді ол құйрығын ұстатпайды. Қулық-сұмдықпен жан бағып жүрген неме сол қанша алысқа барар дейсің.— Қан кешіп келген ол кімнен именуші еді. «Жас баланың келешегіне обал болады» деп Мәсекке барып, тура бетіне айтыпты.

Мәсектің көңіліне осы қатты дық болды ма менің сабағыма кіруді жиілеткен. Районодан инспекторды да әдейі шақырып алды-ау деп қауіптенем.

— Иә,»сол менімен әлгі екі бала жайлы сөйлескен кеште Мәсек Әлпештікіне соққан. Әлпеш есепті қалай шығарып жүр деп дәптерлерін ақтарған… Сонда тауып алған хатты… Туу, Әлпешті бекер кінәлаған екенмін, Бәсе, Әлпеш өйтпесе керек еді ғой…

— Хатты бұрын неге бермедің? — деген дауысқа елеңдеп басымды көтердім. Сұрақ беріп отырған районо бастығы.

— Әлеке-ау, оны мен ұмытып кетіппін ғой, болмаса, — деп Мәсек бір езуін тартып қиналған түр көрсетті,

— Қашаннан бері ұмытшақ болдың сен,— деп кекесінді жымиды дөкей кісі,— онан да мәселенің нағыз қызу кезінде көрсін деген ішкі есебім болды деп неге айтпайсың?

— Бақай қақпайдың керегі не, жолдас Қожабеков. Біреудің ішіндегіні білетін сен іренген емессің ғой,— деп аш қарсақтап шақ ете қалды Мәсек.

Мәсектің мына қарсыласуына қарағанда ана кісі дөкей болмады-ау. Сірә, бұрыннан таныс, сырмінез ау шамасы.

— Болдыңыз ба, басқа не айтасыз?—деді райоио бастығы түйме қонырауын шырт-шырт басып.

— Не айтайын, болдым.

— Біздің инспектордың айтқанын қайталадыңыз да қойдыңыз ғой.

— Екеуміз де бір мәселе жайлы сөйлегенсін…

— Дөңбаев туралы Оразов жолдастың ұсыныса қалай қарайсыз.

— Мен не дейін, мен кішкентай адам. Оразов жолдастың пікірі дұрыс қой, нәгүмән ештеңе жоқ.

— Солқылдатпай ашып айтсаңызшы, қостайсыз ба, жоқ, қостамайсыз ба?

— Қостаймын ғой. Қостамайын десем, бала тым шикі, кәмек. Тәрбие жұмысымен айналысуына ерте сияқты.

Мәсектің маған жаны ашып-ақ тұрған секілді. Ойпырмай арамын-ай, жана байқадым ғой, сыр бермей көлгірсуін… Әй, аңқау басым, түйекеш шал талай қақсап-ақ еді-ау?!

Қожабеков Мәсекті оқты көзімен атады. Оразов сәбіз мұрнының ұшын қайта-қайта уқалай береді. Ал әлгі менен көз айырмайтын қаракер келіншек екі иіні бүлкілдеп, әлденені асығыс жазып жатыр, ешкімге қарар емес. Ертелі онша мән бермегендей ойға кетумен отыр едім, енді ішкі жан дүнием қолдан түсіп кетіп сынған шөлмектей быт-шыт. Мыналардың сөзінің түрі жаман. Мені кім қорғайды? Бір қорғаса тек ана жылы жүзді Қожабеков қорғайтын сияқтанады да тұрады. Со кісіге ауыт-ауыт қараймын. Соған көзім түскенде ғана алабұртқан көңілім сәл басылғандай тыншиды.

— Ал енді Дөңбаевтың өзін тыңдайық.

Бастық дауысынан жүрегім зырқ ете қалды. Амалым қанша, орнымнан тұрдым. Барлық көз маған анталады.

10

Өмірімде талқыға тұнғыш түсуім. Тығылып қалдым. Ертелі ойланғаным жіптіктей сияқты еді, сөйлегенде басы бірікпей, быж-тыжы шықты. Жарытып ештеңе айта алмадым.

Ыза буады. Басым ұста дүкеніндей шыңылдайды. Даң-дұң. Япыр-ай, неге састым? Көкірегімде сайрап тұрған нәрсені жеткізе алмағаным нем? Ал мына Мәсектер табан жолға түскен жорғадай бір мүдірген жоқ, қисынсыздың өзін қиыстырып өте шықты. Мәжілістегілер сенді де қалды… Факті дегені де бір бәле екен. Жұрт тек фактіге сенеді екен ғой…

Жүрегім қысылғандай ерекше соғады. Кеудем сығылып барады. Бөлме іші әлгінде салқындау сияқты еді, қап адамның демімен жылынып, ысып кеткендей. Ауа жетпей, пысынаймын. Ет жемегенмен сорпа ішкендей қара тер боппын… Сөйлегендер мені жас деп мүсіркегені болмаса, фактіден аса алмай жатыр, шетінен инспектор Оразов пен менің бастығымның сөзін тірілтеді. Қаракер келіншек мұғалімдер білімін жетілдіру институтының өкілі екен, ол да жайдан-жай бұқшыймапты, дәптеріне жазғанын оқып берді. Оныкі де маған жайлы тиген жоқ, әлгі тізілген фактілерді педагогиканың қағидаларымен заңдастырып өте шықты.

Ішім сезгендей-ақ көп ішінен маған шын жаны ашыған Қожабеков болды.

Дөкей бастық деп отырсам, ол аудан орталығындағы орта мектеп директоры екен.

— … Әлгі Оразов айтқанның бәрін Дөңбаев әдейі істеген дегенге мен қосылмаймын. Мұнын, бәрі жас ұстаздың өмір тәжрибесінің аздығынан туған…

Өрекпіген жүрегім сәл басылайын деді. Арқамды жарға сүйегендей Қожабековке қарай берем. Ол районо бастығының тура төбесіне қарап сөйлеп тұрғандай. Терезеден қиғаш түскен сәуле районо бастығынын қасқасына шағылысып, айнадағы сәулеше ойнайды. Мәсек тыжырынып отыр, екі елі енсіз маңдайы күйген местей бүрісіп кетіпті. Оразов ұзын мұрнының ұшын шымшылап қойып, едірейе қарайды.

— Сен не әдбекеттікке жалданып па ен? — деп қыстырылды Мәсек бір кезде.

— Мәсек, сен шақпай жайына отыр. Адвокат десең, адвокатпын. Не өнеге көрсеттің сен мына қарауыңдағы жас ұстазға?! Айтшы, кәне! Баландай баланын ізіне түсіп кемшілігін фактіге тізіп әкелгенше, кезінде айтып, көмектеспедің бе? Бізден арылмай келе жатқан жаман әдеттің бірі осы. Біреудің кем-кетігін андып, тізуге бармыз да жөндеуге жоқпыз…

— Жөндегіш болсаң қарауыңа алып жөндесей…

— Несі бар, қарауыма алсам аламын да қоямын.

— Дауды қойыңдар,— деді районо бастығы.

Қожабеков менің әлгіндегі еміреуінімнен-ақ көп нәрсе аңғарып қалыпты.

— Осы Дөңбаевтың жанында бір жұмсақтық бар сияқты, жолдастар, байқайсыздар ма? Өзі жеткізіп айта алмады жана, болмаса әлгі хатты елеусіз қалдырғанда бұл Әлпеш пен Саржанның көңілін қалдырмауды ойлаған-ау шамасы… Жан нәзіктігі жақсы, бірақ, ол ынжықтық болмасын. Ынжық адам ез бақытын езі қолынан береді. Бақыт дегеннің не екенін Дөңбаевтың өзі әлі білмейді.— Қожабеков маған тіктеле қарады.— Бақыт деген әділдік үшін алысу, күресу…

— Ой, сен тереңдеп кеттің ғой, басқа мәселелерде бар,— деп районо бастығы оның сөзін бөлді, — ұсынысыңды айтшы.

— Ендеше мен Дөңбаевты мұғалімдіктен босатуға қарсымын. Бұл қиянат болады жас адамға. Бар жақсылық, бақытым алдымда деп өмір табалдырығынан жаңа аттаған жасқа бүгін қиянат жасап жіберсек, оның арты не болады? Өмірге деген, мына отырған біздерге деген көзқарасы қандай болмақ? Ойландыңыздар ма осыны, қайсымыздың ар-ұятымыз жетеді осыған? — деп орнына отырды Қожабеков.

Мен көктем самалына кеудесін тосқан жандай еңсемді көтердім. Бір түрлі сергіп қалғандаймын. Қап, әлгінде неге састым деп өкініп қоямын. Бірақ районо бастығы қайтадан денемді түршіктірді. Оның сөзі қысқа болды.

— Дөңбаевтың мәселесін біз Советке еріккеннен салып отырғанымыз жоқ. Бұл мәселені біз басқаларға сабақ, еткелі отырмыз. Осы күні арамызда өз оқушы қызына көз салушылар ұшырасып қалып жүр. Аурудың асқындырмай алдын алуымыз керек… Дөңбаев әлі бала, өмірі алдында, қызмет деген көп, ширасын, өссін…

Шекем солқ-солқ соғады. Ашу буған денем қалтырайды.„. «Мен баламын ба?! Мен не істесем де жақсы ниетпен істедім, ойымда қылаудай арамдық жоқ. Уа, жасы үлкен ағалар-ау, менің жаныма неге үңілмейсіңдер!» деп орнымнан ұшып тұрғым келеді. Тамағым кеуіп қалғандай даусым шықпайды, енсем көтерілмейді. Көзімнің алды буалдырланады… Енді бір сәтте буынымды қатайтып, қайтадан соз сұрағалы орнымнан тұрсам, шошайған-шошайған қолдарға көзім түседі. Ау, бұ несі? Сөйтсем, олар менің тағдырымды шешіп қойыпты. Инспектор Оразовтың ұсынысын құлағым шалғандай еді…

— Мәселе бітті. Дөңбаев жолдас, енді боссың, — деді районо бастығы маған.

— Мәселе әлі біткен жоқ, жолдас Қошқаров — деп гүр ете қалды Қожабеков. — Бұл әділ шешім емес.

Районо бастығы Қошқаров оған алара қарады. Қожабеков жалпақ беті түтігіп, шешек дақтары бадырайып, одан жүзін тайдырған жоқ. Бірін-бірі ала көзбен атысып қалды.

Мен қайтып орныма отырғаным жоқ. Ешкімнің жүзіне де жалтақтағаным жоқ. Шықтым, «Мәселе әлі біткен жоқ» деген Қожабековтың жуан даусының жаңғырығы тысқа ере шыққандай. Бар үмітім сол кісіде қалғандай-ақ жүрегім қорықпайды. Оның қайсар келбеті маған жігер берді ме, бойыма қайрат біткендей ширақпын.

Аяз сынған секілді. Іштен әрі қысылып, әрі ыссылап терлеп шыққасын ба, омырауымды ашып тастадым.

Апам районо ығында күтіп отыр екен. Қасында үй сыпырушы әйел. Мені көріп апам емпеңдей ұмтылды.

— Жантобам… Жалғызым омырауыңды жап. Қыстың көзі қырауда омырауыңды ашқаның не? — деп, дереу ілгектерімді салып жатыр. — Иә, не болды, тобам.

— Әлі мәселе шешілген жоқ. — Қожабековтың әлгі сөзі құлағыма сіңіп қалғандай. Апама мұғалімдіктен босағанымды айтқым келмеді.— Апа, қорықпа, бәрі жақсы болады.

— Бәсе, ішімнен тілеуіңді тілеп, жалбарынып отыр ем әулие-әмбиелерге. Көз жасымды көрген екен ғой, — деп кемсендеді апам.

— Ау, бәйбіше-ау, мұның не, қуанғанын ба? — деп үй сыпырушы әйел күліп жатыр.— Айтпадым ба, ақтың отын ақымақ өшірмейді деп.

— Қойдым… Қойдым. Мына кісі Сарғасқаның қызы, апаң. Осындағы бастыққа жекжат екен, бірнәрсе болса айтам деп… мен жібермей отыр ем.

Менің көңілім іште қалған Қожабековте. Тезірек шықса екен, бар сырымды шертіп беретін, деймін.

Айналайын, есім шығып кетіпті-ау, мә, қарның ашқан шығар — деп апам қойнынан алақандай нан суырып ұсынып жатыр.

Жанымыздан көшеде өтіп жатқан адамдардан ұялдым ба, қарным ашып тұрса да алмадым.

Апатай, мен бала емеспін ғой көшеде нан жеп.