Әңгіме: Мұхтар Әуезов | Үш күн

0
I

Оған енді көп заман болды…

Көлбайдың бір ерекше кейіп отырған күні еді. Үш қанат қара лашығының ішінде су тезекті қоздандыра алмай, өңеші қызарғанша үрлеп отыр. Кешегі нөсерден кейін құрғақ отын тұратын Көлбай үйі ме? Әл-дәрменін жиып, от басына шөгіп ап, тағы-тағы үрлейді. Ащы түтін қолқасын атып, көзінен жас ағызады. Бірақ тұтанбайды. Түтіні құрғыр шаңырақтан шықпайды. Кішкене үйдің ішін бықсып, шалқып, мор болып, басып алды. Өзі барып шапқан тобылғысын жеткізіп алайын дегелі әлденеше күн болса да, бай үйі көлік берді ме?

— Әй, итшілеген қу дүние-ай! — деп, кішкене қол көрігін босағаға лақтырып тастап, қалаулы тұрған тезектің бірнеше томарын алып, қолымен үге бастады… Басы, көзі, қойны-қоншын ораған сасық көк түтіннен бетін бұрып босағаға қарады…

— Мына пәлесі тағы жатыр ма еді жаратқан? — деп одан да көзі тайқыды. Тесігі үңірейіп, бір жарты қазан жатыр. — «Түске шейін жамап болып, өзі алып келсін!» — деген бұйрықпен байдың үйі жіберіпті, бүгін құлқын сәріден.

— Алты ай жаздай қара күреш табыс таптырмады! Құдайдың құтты күні не өзі, не жақынының ісін жібереді де отырады. Бай үйінен келген іс болса, ол ақысыз іс деген сөз. Себеп? Себебін несіне сұрайсың? Оған бай да, Көлбай да жауап бере алмайды. Тегі қоңсылық шығар.

— Жаным-ау, бұ не деген боқташық? Бүгін қазан, кеше табаны сынған тоқсан жылғы қара үзенгі, оның алдында ала жаздай майды аяп, қарамайламай жүріп, білігін жандырған ағаш арба… Оның ар жағында қырық жыл бұрын қара бәйбішемен бірге келген, топсасы кеткен, көмейі бұзылған кәрі абдыра… Не деген таусылмайтын жыртық тесік? Бірде бірі не жамау, жасқау болатын ескі-құсқы темір, көр-жер, немесе аспап-сайман берсе екен-ау, тым құрса… Ақы тұрсын, отырады да өзі шабады.

Алары не? Көші-қонда көлік береді. Оның аты — бай, аузында семіз сөз:

— Далаға қаңғытып, жалғыз лашықпен тастамай, алты ай жаз өзіммен ілестіріп алып жүрдім, асырап шықтым, — дейді. Соңғысы — күнінде бір тиетін жалғыз аяқ қымыз. Оқта-текте қонақ келсе қазан басынан беретін ішек-қарын, сорпа-су.

Су тезек үксе де тұтанбайды… Бықсыды, көк тұман боп шырмалады. Ащы уыты көзін жейді, мұрнын жарады, қолқасын атады. Өне бойы ыс пен қорда.. Барлық өмірі де, еңбегі де осы су тезектің бықсығанындай көзді жасауратқан, қолқаны атқан, діңкесіне тиген тұтас бір ащылық, мор сияқты. Көлбай ызаменен езу тартты. Жап-жас басы ертеден ер жанышқан құл тұғырдай езіліп бара жатқан тәрізді. Осындай ойлар өзін де күйдіріп отыр еді. Қайнаған қара шәугімді қолына ұстап тыстан Жамал кірді. Қатыны. Оның да тіршілігі оңып тұрған жоқ. Жап-жас әйелдің иығында жалғыз лыпа — жыртық көйлек. Оң жақ иығы мен бүйірінен ашаң қоңыр еті көрінеді.

Арық жүзі кейіспен түйілген, қабағы қатқан Жамал:

— Әлгі екі туысқаның тағы ұрысып, боқтасып жатыр желі басында, — деп үйдегі әлі күнге бықсып жатқан тезекті, со от басының күлімен көме бастап, түтінді саябырлатып жатып:

— Қараң қалғыр, тым құрмаса суымызды ұрттатсыншы! — деп алғашқы сөзіне қайта ауысып: — Не жетпейді екен екеуіне? Итаршы болып, ел жұртқа мазақ боп ырылдасып жүргені! Өз қамы болса екен-ау, тым құрмаса!

— Тағы не екен?

— Талпақ: құдық басына жылқы қамалып қалды, неге қауға тартпайсың, — деді… Анау Сарыауыз: мен бие байлап жатырмын, сенің ішінде шеменің тіреп тұр ма? Өзің неге құймайсың, — дейді… Жөн айтыса ма олар, адамша? Бірін-бірі боқтап, жер-жебіріне жетісіп, төбелесермен болып жатыр…

— Бай ше?

— Ол қарап отыр, сылқ-сылқ күле береді құр! Аналар онан сайын екіленіседі… Мазақ болғанын, қор болғанын білмейтін немелер! — деп Жамал кішкене ала дорбаны ас жаулық орнына жая салып, бес-алты құрт тастап, екеуінің таңертеңгі шай болмысын құя бастады.

— Мықты, қайтпас, айпар-жайпар деп екеуін екі жерде құтыртып қойған ғой бай үйі!

— Атама! Ертеңді-кеш күлкі қып ермек ететіні солар. Бірі жылқышы, бірі биеші — екеуін: «Бірің батыр, бірің балуан» деп қойыпты. Екі туысқан құдайдың құтты күні қырық пышақ!

— Ой, төбеңнен ұрғырлар, тұра тұр, өлтірдіңдер ғой сендер-ақ! Құмарыңды бір қандырып, жындарыңды бір басармын бәлем! — дей бергенде, екі иығынан демін алып Талпақ кірді. Қайратына семірген күшін қайда жұмсарын білмеген төртпақ денелі, тасыр Талпақ, туысқанының үйіне кірісімен, екі адымдап төрге шықты.

Үйткені Көлбай бұны таң-тамаша қалдырғандай боп, дағдыдан ерекше түрде қарсы алған еді. Ол жаңа ғана қатынына айтып отырған наразы пішінді тастай беріп, Талпақты көрісімен қолымен қойғандай құбыла қойды да:

— Ә, Талпеке! Уай, батырым-ай, келдің бе… Уа, жоғары шық!.. — деп қағылып орын әзірлеген. Сый қонақ келгендей қалбақтап, күте бастаған. Бұл сияқты, ойда жоқ мінез Жамалды да, әсіресе Талпақты да таң қалдырды… Бірақ жалт-жалт қарағанмен олар Көлбай жүзінен еш нәрсе ұға алмады… Оның Талпақ алдына ала дорбаны сүйреп салып, кесесін әперіп, құрақ ұша бастағаны жігітке бұрынғы келген бетінен көрі де молырақ нығыздық бітіре бастады. Үйткені үндемейтін, өз ақылы өзінде жүретін Көлбай бұл туысқандарына тұп-тұтас бір жұмбақ сияқтана беретін. Өзі ұста. Елде жоқ өнері бар. Енді ол сыйласа, кісі тек бола ма дегендей боп, Талпақ тіпті Жамалға да сый қонақтай қоқилана түсіп, жота көрсете бастағандай еді.

Сол кезде тыстан: — Ой, тұқымыңды, — деп, алыстағы біреуге дабырлап сөйлеп, жайлап келе жатқан Сарыауыздың үні шықты… О да осылай беттеген сияқты… Талпақ, «анау кеп бұлдырақ боп кетер мекен» деген кісіше отырған жерінде ырғала түсіп, нығыздалып, өз салмағын өзі без-бендеген сияқтанды. Тамағын: «Мен отырмын…» деген кісідей боп кенеп-кенеп қойды.

Сарыауыз үні шыққаннан бір оймен басын төмен салып, Талпақты көз астымен үндемей бағып отырған Көлбай, енді анау есікке таман келіп қалғанда, екеуіне де естірте:

— Пай, екеуі бүгін қырбай боп қалды деп еді, қақтығып қалмаса игі еді, — деді. Сол сөздің аяғы біткенше алпамсадай, аусар жігіт Сарыауыз да кіріп келді.

Талпаққа Көлбай сөзі «шу» деп тебінгендей тиді білем:

— Әй, ененді… мен отырған үйге неге кіресің? — дей бергенде, анау іле жөнеліп:

— Е, атаңның… Әулиең бар ма еді мен кірмейтін? — деп ежірейіп қалды…

Көлбай екеуінен үркіп, қорыққан кісідей кезек қарап ап:

— Қап, айтпап па едім? Қатын, ойбай, төбелесті енді, бұлар… — дегенде:

— Кімді басынасың сен? — деп Талпақ орнынан өрекпи тұра берді… Бірақ әлі екеуі жүгірісе қойған жоқ еді. Көлбай естерін жиғызбастан Жамалды қағып қалып:

— Жи, ойбай, қатын, шыныңды, аяқтарының астыңда қалатын болды ғой, тәйірі! — деп ала дорба мен шыныны Жамалдың ар жағына ысыра салып, екі туысқанына майданша жасап берді…

Бұның алдында біраз тұрысып қалған екі жігіт енді біріне-бірі тап берді. Көлбай:

— Ойбай, құдай, екеуі де дәусіген неме еді. Енді араша береді деймісің! Өзімнің саным да басқызбай отыр еді, — деп босаға жақтағы жаман кебеженің үстіне барып отырып алды…

Сүзістіріп жіберген қошқардай боп ана екеуі жағаласып, жұдырық салысты… Жамал басында мінезіне таң болып тамсанып отыр еді, енді шошып, безектей бастады. Көлбай ана екеуінің тамашасына былқ етпестен қарап отырып, қатынын қолынан тарта беріп, көзін қысты да:

— Бұл ауылда айыруға жарайтын кісі де жоқ. Бар, қатын, ана ауылдағы ұзын аяқ Мұсаны шақыр! — деді… Жамал таң болып тағы қарағанда: — бар, жылдам, ойбай! Тоқтамайды бұлар! Тез басылады деп тұрмысың? Менде дәрмен жоқ, өзім өлейін бе? — деп, қатынды жөнелтіп, шақшасын суырып алып, насыбайын атып алды. Маңдай тістерінің арасынан фонтанша атқытып, шырт түкіре тастап, аналар ойнап жүргендей жәп-жәй ғана қарап отыр. Бұл кезде бірталай тарпақтасып қалған екі жігіт енді демігуге айналған еді. Бірақ екеуінде де жаға жыртылып, көз ісіп, бет тырналып, қан да шығысып қалған. Бірін-бірі алыса алмай, енді тағы бір азда құр кеңірдектен алысып итерісе берді. Дәрмендері құрып барады… Жәй төбелестің басылатын да кезі болды. Әрі-беріден соң Көлбай «қой» десе де тоқтарлықтай болып еді. Бірақ ол құр бақырайып қарайды да отырады. Енді бір азда аналардың сүлдері құрып, екеуі де бұған жалт-жалт қарай беретін болды. Екеуінің көзінде де мынадан арашаны дәме қылу бар. Үйткені ұзын аяқ Мұсанікін олар біледі. Бұл ауылдан тақ жарты шақырым жер… Оған әлгі Жамал жеткенше қашан? Соны ойлаған сайын Көлбайдан дәме қылысады. Көлбай әрқайсысының бірер рет көзі түскенде шімірікпестен тамсанып:

— Пәлі! Әлі, алып дегені қайда? — деп біреуіне айтады да екіншісі жалт қараса:

— Болмайды деген осы ма, сығыр? — деп оған да дем беріп қояды. Ана екеуі бұндай сөздің артынан амалсыздан тағы қаужаң-қужаң етіседі. Бірақ енді құр нұқысады, дәрмен кеткен. Үйдің іші апыр-топыр болды. Көлбай жалғыз-ақ шыны-аяқтарын ғана қорғай береді. Одан басқа босағадағы бай үйінің қазанын да аямады.

Жалғыз-ақ мыналар енді тым көп қарай беретін болған соң, өзі басын көтермейтін, көз салмайтын болды. Мойнын төмен салып, көздің астын ғана жібереді. Анда-санда екі танауы желбіреп, үндемей ғана іштен күледі.

Осымен әлде не заманда демігіп, өкпесі күйген Жамал қайта жетті. Бұл: «Мұсасы құрғыр жоқ, ойбай», — деп үйге кіре бергенде Талпақ пен Сарыауыз сілесі құрып болып, көптен бері құр ғана тіресіп тұр еді. Тағы бір-бір нұқысты. Мұсаға екеуі бірдей мұндай құштар болмас! Көлбай сонда ғана есінен талған кісі боп:

— Ойбай, рас-ау, ол ит кеше қалаға кетіп еді-ау, — деді… Тіпті өзі шығарып салған еді. Төбелескіш екі жігіт бұл хабарды естігенде өлер болдық қой, ойбай! — дегендей қатар күрсінді…

Бағанадан сезбес кісі боп отырған Көлбай енді ғана орнынан тұрып, жақындап кеп:

— Жә, енді қайтесіңдер? — дегенде екеуі де бірін-бірі қоя бере салды. Көлбайдың ендігі жүзіне бұлар да, Жамал да көрмеген ашу мен намыс белгісі шықты. Көзі шәншіліп, есті ашудың ұшқынын шашып, қатты зекіп:

— Ой, құдай ұрған екі қор. Бай үйінің бәйтөбеті болғанға елірдіңдер ғой. Мазақ қылса да мәзсіңдер ғой! Мыналарың сол ғой! Итаршы боп екі жақтан абалағандағы күзеткенің кімнің дүниесі, кімнің тыныштығы? Сол үшін де қор бола ма екен? Ал, тойдыңдар ма! — деп үйден екі туысқанын айдай берді. Ананың екеуі де: «Ит болған екеміз», — деп балаша жылады. Жамал қоса жылады. Бірақ ол Көлбайдың өз мінезіне әлі де таң еді. Мұрнын сіңбіре тастап жылап отырып: — Әлі осы, өзіндікі не, — деді… Көлбай қол көрікті қайта сүйреп келе жатып:

— Қараңғымыз ғой, қараңғы… Қараңғы! — деді…

II

Бұған да бір қатар уақыт болып қапты-ау! Мың да тоғыз жүз жиырмасыншы ма, жиырма бірінші ме жыл еді.

Көлбай, Талпақ, Сарыауыз үшеуі қосшы союзының болыстық съезінен қайтып келеді. Астағы аттары енді бұрынғыдай тай-тулақ емес. Жал-құйрғы бүтін: қоңы тоқ — шаруаның тұғыры… Киімдері де бір сыдырғы бүтінделіп қалған.

Талпақтың мойнында от алмаса да айбар үшін салып жүретін, ескі қара бердеңке де бар. Сарыауызбен екеуі бұл күнде өздерін қай жерге қоярын білмей жүр. Таңдау көп.

— Мелитсе болсақ па екен?

— Жоқ, болысполкомның атшабары қайтеді?

— Әлде тіпті содия, тергеушінің жігіті болса нетеді? — десіп кенде жүзгендей керги түседі…

Көлбай қосшы союзының жұмысына өзі орныққан кісі, байқайды… Мыналар арлы-берлі жүйткумен әлі байыз таппай жүрген сияқты.

Бірталайдан бері үшеуінің кезі келіп, бірге шыққаны осы еді. Талпақ пен Сарыауыз Көлбайға бір өнер көрсеткісі келді білем, екеуі: «е» дегендей болысты да, Талпақ сөз бастап:

— Уа, мына Суықбұлақта Жаман байдың ауылы отыр. Соған барып түстене кетеміз! — деді.

— Бәрекелде, Көлбай, біздің жүрісті де бір көрсін, әйде барамыз! — деп Сарыауыз астындағы торы аланы шаужайлап, омырауға ұрып қаздақ-қаздақ бастырды.

Көлбай сыртқа сыр білдірмейтін қоңыр баяу пішінмен:

— Қойсаңдар қайтеді?.. Осы бай жағалағанды әлі қоймадыңдар ма? — деді.

Ана екеуі бұл күнде байта күніміз түсіп, көз сүзіп жүрміз деп ойламайтын… Ендігі байта түстеніп, байта қонып, қонағасы, түстік жегенді: есе, тендік алғаны есепті көретін. Бүгін Көлбайға сонымен қыр көрсетпек те еді.

— Бай жағалады дегенің қай сөзің? — деп Талпақ тікірейді.

— Жағаласа бай жағаласын. Біздің отан бір күніміз түсіп тұр ма? Неміз кетіпті? — деп Сарыауыз елірді…

Көлбай басын төмен салып, атының шашасына қараған кісі сияқтанып келе жатып, екі танауы ақырын желбір етті де:

— Жота дейім, әшейін… Тегі іргені аулақ салған-мақұл дегенім ғой! — деді.

Талпаққа ол сөз дарымады.

— Е, есе әпермеймін деп пе едің? Не қылмап ет! — дегенде Сарыауыз да: «Байды қорғайын деп пе едің!» — деген кісіше қабағымен Талпақ сөзін қостап, жотасын күдірейтіп, Көлбайға тесіле қарады, Көлбай қызған жоқ. Жауапқа асыққан да жоқ. Бірдеңе ойлап, шешіп алғандай боп:

— Есені осылай алады екеміз ғой тегі. Мақұл, көрейік! — деген болды.

Баяғы қара бәйбішенің қазаны пісуге тақап қалған. Үш батырақ әлдеқашан қымыз ішіп, шайды да жайлап болған. Енді Талпақ пен Сарыауыз баяғы өздеріне мәлім құдық пен желі басын аралай кеткен. Қастарында байдың өзі. Сый қонақты қарсы алғандай, екеуіне шаруаның мұңын айтқан боп, қас қабағымен арбай түсіп, қолына қондырғалы баурап жүр. Сөзінің құйрығын ылғи бір-ақ жерге имектей беріп:

— Ағайынбыз, бір атаның баласымыз… Екеуің азамат болдың, атқа міндің. Құдайға шүкір! — деген сияқтыға соға береді…

Көлбай келгеннен көп жауап қатпай теріс қарап, бүктүсіп жата беріп еді…

Енді тыстан кірген бәйбішенің бір сөзін аңдап қалды… Қазан пісті, түсірейік, әлгілер қайда екен деген сияқты.

Осы кезде Көлбай бағанадан бергі томсырайған, үндемеген пішіннің бәрін тастап, басын көтеріп, ширап алып:

— Бәйбіше! Осы бізге берейін деген асың ғой, ә?

— Е, шырағым, сендерге бермегенде кімге берем?

— Ендеше, осы бүгінгі қонақты қалай сыйлаудың еркін маған берсең қайтеді? — деп бәйбішеден рұқсат ала сала өзінше бір іске кірісті.

Аздан соң Сарыауыз, Талпақ, бай үшеуі үйге қайтты. Бұл уақытта екі табаққа ет те жасалып қалған екен…

Бірақ үй ішінің суреті біржолата өзгеріп қапты, жаңа келген үшеуінің кіре бере байқағаны: Көлбай болды. Ол қалбаң қағып, аяғының үшінен жүрген кісідей боп, әлдеқандай жат, сый қонақты күткендей әзірлік жасап жүр. Мыналар кірер кірместен-ақ Талпақ пен Сарыауызға:

— Жоғары, жоғары!.. Уа, жоғары шығыңдар! — деп төрге нұсқады. Бірақ төр дегені бұл күйінде үркітерлік боп қапты… Онда бағанағы жатқан кілем, көрпенің орнына құрым киіз, тулақ төселген…

… Ал кілем мен көрпе оң жақ босағаға төселіпті. Көргіңкіреп тамсанып тұрған Талпақ пен Сарыауызға Көлбай:

— Бүгін бір есе-теңдік күні болсын, кел жігіттер! — деп отыра беріп:

— Бай үйінен есе алсақ, тегіс алайық… Уай, байеке мен бәйбіше! Сендер төрге отыра-отыра болдыңдар ғой, ана босағаға отыр… Біз босағада шіріп қалып ек қой, енді міне, есе алып төрге шығамыз!..

Үй аң-таң боп Көлбайдың айтқанын ғана істейді. Бәрі де артынан не шығар екен дескендей… Бәйбіше көрпеге отыра беріп тамсанып қояды. Көлбай ерекше құбылып алған. Ана екеуіне ой ойларлық та дәрмен бермей, үсті-үстіне шатыстырып барады.

— Сорлы құрым киіз бен тулақ, сен де бір төрге шықшы! — деді екі жолдасы бұл да, қасына төрге отыра бергенде…

— Бай үйінен есе ала келдік… Уа, анау бас пен жамбас, мықын-жілік — бұл төрге шығушы болмасын… Сол босағадан бері озбасын! Бәлем көзіңді бір көгертейін. Әкпел, шығар төрге, ана мойын, сирақ, ішек-қарын, өкпе, көк бауырды! — деп бағана өзі жасатып қойған бір табақты алдарына алғызды да, қаужаң-қужаң турап, қапыл-құпыл асай бастады. Аналар да амалсыздан табаққа қол салды. Көлбай тоқ ішекті қарбыта асап жатып:

— Бәлем, төріне шығып талтаңдап, байдағы есеңді сен де алшы бір, ащы ішек! — деп соны пышағы жоқ екі жолдасының алдына будырата кесіп, тастай-тастай береді…

Бұны оқты көзімен атып, намыстанарын да, күлерін де білмей бір қуарып, бір қызарып отырған жолдастарына табақ тақырлана берген кезде:

— Байдан есе алғанда төріне құр өзіміз ғана шығып қоя ма екеміз? Босағасын сүйреп төріне шығарып, төрін текпілеп босағаға айдаймыз да осылай, ә, жігіттер! — деп қояды… Бұл сөздерді дәл кеше, қосшылар съезінде сөйдеген, көпті жақсы жолға бастаған сөзіндей сөйлейді-ау және! Күліп отыр, әзіл етіп отыр-ау деуге тіпті он екіде бір нұсқасы ұқсамайды. Жүзінде күлкінің ныспысы да жоқ. Шынның шыны…

Екі жолдасы үннен қалды. Олар да, үй іші де құр сылп-сылп тамсана береді…

Атқа қонысты. Ауылдан шыға бере аз үндемей келісіп, аяғында екі жолдасын екі жағына алды да Көлбай:

— Бай-жуанның үй мүлкін аман қой да, одан жаңа есе алам де! Ол жаңағы босағаның тулағы мен ішек-қарынның есесі ғой… Жоқ, шырақтар, есе, тендік отауы бұл шаңырақтан бөлек жерге тігілсе керек. Білдіңдер ме? Босаға мен төр арасының бәйгесінен көрі, алысырақ бәйгеге шықсақ керек! — деп енді ғана күлді.

Талпақ пен Сарыауыз мойындарына су кеткендей ұйыса да:

— Қашанғыдан бұрын ет жегізбегенің не? — десті.

— Әлі сипалаумен келеміз. Көзді жаңа тырнап ашып келеміз. Бір жарық таяу-ау, таяу-ау, жігіттер, — деді…

Аттары алдағы белге қарай борт-борт желеді…

III

Бұл бұрынғы емес, биылғы. Кешегі емес бүгінгі. Үш бригада жарысының таразысы құрылған кеш. Көктемде колхоздың жалпы жиылысында шарттасқан үш бригада, бүгін көмбеге үзенгі қатыса жетіп тұр. Бригаділер басы колхоздың талай жылғы желді аяғы, үш екпінді: Көлбай, Талпақ, Сарыауыз.

Колхоз мектебінің үйі үш бригаданың колхозшы әйел-еркегіне әлдеқашан лық толған. Жиылыс басқармасы бүгін өзгеше. Көпшілігі ауданнан келген қонақтар. Басқарып отырған райком хатшысы. Төбесі аласа кішілеу залдағы тығыз жиын, өз күштеріне енді сенген, аудан ортасындағы маңызын сезген, салмақты нығыз жиын.

«Бұл колхоз аудан алды… Аудан емес, тіпті округ алды!» — деген жайлы дақпырт бүгін түстен бері, аудан кісілері келгеннен бері, тегіс тарап қалған…

Өз бригада атынан алдымен Талпақ сөйлеп кетті. Бұның сөзі баяндама емес, тұтас рапорт есепті боп өтті.

— Үкімет салығын сентябрьде толық бітірткен, тұқымдық корды түгелдеткен, ең алдымен — біздің қырман, көлігі жүз пұт, түгел, арқа басы бүтін. Бір мәшине, бір арбасы бүлініп реттен шықпаған — біздің бригад. Ішінде лодыры болса түзеліп, екпіндісі ерекше еңбек сіңірген біздің бригат. Алды үш жүз, ең арты екі жүз еңбек күніне, маңызды, мағыналы еңбек күніне ие болып отырған тағы біздің бригат… Салықтан қалған астықты тегіс жинауда кешеуілдеп еді, бірақ міне, бүгінгі күнге ең соңғы маямызды басып, тазалап, қаптап болып, жаңа осы жиылыс алдында қамбаға үйіп кеп отырмыз, — дейді. Сарт-сұрт еткен дәлдікпен, сенімділікпен айтылып өткен мағлұмат ең аяқ сөздің тұсында бытырлай соғылған шапалақпен, шын сүйсінген қошеметпен аяқтады…

Дәл осындай ақпар, рапортпен Сарыауыз да мүдірместен сыдыртып, өркештене түсіп желе жортып өтті. Оның да соңғы ат басын іріккен жері: — Соңғы маяны жаңа басып бітіріп шықтық! — деу болды.

Бұл өз ақпарының арасында екі малателкені сумен жүргізгендерін, сонымен көлік қоруыштап, күш молайтып, жұмыс өндіргенін айта келіп еді. Дәл осы тұста Көлбай баяу ғана:

— Шіркін, ең болмаса малателкені суменен жүргізіп бергенімді айта кетсеңші енді, құдай, кәнеки, — деп жұртты тегіс ду күлдірді. Сарыауыз онысын растап тұрып, тәртіпті жолмен алғыс айтты… Бұның Талпақтан аса омыраулай қойған мәселесі, қалтасынан обком қаулысын алып тұрып: — Ноябрь күнінде Мәскеуге бар одақтан, жақсы колхоз, озған колхоз өкілдері жиналады екен. Одақ қана емес, шет елдер жұмысшылары да келеді екен… Осыған, міне, ауданнан, өкіріктен озды деген шын болса — дәл, міне, біздің колхоз барады, — деп басқарма басындағылардың бас изескен, қошемет қылған күлкісімен қатар, азырақ желіге келіп:

— Тіпті дәлін айтайын, тақ мына тұрған пақырыңыз барады деп білем! — деп жұртпен бірге өзі де күле тұрып кеудесін түртті… Бұның да бригадасы нық сүйсінді. Екпінді басшылары, сын жиынның алдында көмбеге ойнақтап жетіп, баяғыша айтқанда ту жыға өткендей болды…

Баяу қоңыр пішінмен Көлбай шықты…

— Рас, біздің әлі үш маямыз басылып болған жоқ! Аналардан ол жағында кешең қалдық, — дегенде, Талпақ екі білегін сыбана беріп:

— Ендеше, не бәсің бар? — деп қарқ-қарқ күлді.

— Бәлем, Көлбай, ілесе алмай, бір қалдың ба? Бәсе өзің айтшы? — деп Сарыауыз да әзіл етті. Басқарма да, өзге жиын да «Көлбай ұтылдыға» бейімдей бастаған еді. Әсіресе Көлбайдың момақан пішіні мен залға тегіс естілмейтін баяу қоңыр үні де, сырттай сол күйге мойынсұнған тәрізді. Бірақ өз кісілеріне көзі түскенде Көлбай олар жүзінен, өлі бұның бірдемесіне сеніп, жабырқамай, қайта дәмеленіп, кең пішінмен күле қарасып отырғанын көрді. Әйткенмен басқармалар болсын, өзгелер болсын, бұларды, қабақ шырайларымен ықтатып бара жатқан сияқты. Онан соң Көлбай, еңбектерінің жалпы, аналар айтқан сияқты тұрғы-тұрғыларын айтып болып, енді дауысын қатайтыңқырап кеп бір сөз бастады. Онысы — біз еңбек істей жүре сауатсыздықты жойдық! — деген ақпар еді.

Талпақ пен Сарыауыз қатар дүрсе қоя беріп:

— Е, сауатсызың біз бе екеміз?

— Казет, жорналыңның бізден құр кеткені бар ма екен?! — деп өз бастарының әзірлігін айтыса жөнеліп еді…

Көлбай мызғымастан бұларға бұрыла беріп, баяғы ішек-қарын табағын тартқандай пішінмен, тағы да екі танауы желбір етіп, іштен күліп, өлі де сыр бермейтін салқын жүзбен:

— Өз басымыздың сауатын былай қояйық, жолдастар. Мен бригадіміздің сауатын айтамын, ол тегі керекке жарай ма екен өзі? — деп басқармаға қарай бір рет қана көз тастады.

— Е, бригадіні айтасың ба?

— Е, көпті айтады екенсің ғой! — десіп Талпақ, Сарыауыз баяулап қалды.

— Е, ия, соны айттым, — деп Көлбай енді дауысын қатайтыңқырап алды. Жұрт бұл кезде бұған тегіс аңыра бастап еді.

— Уа, біздің бригадімізде сауатсыз бір жан жоқ! Және көпшілікте шала сауат қана емес, төс табандап білім, мәдениет іздеп келе жатқан сауат… Рас па осыным, біздің жолдастар! — дегенде, бұның бригадісі әр жерден қостай жөнелді…

Өзгеден ерекше боп бұған қарап аңырып, тесіле қарап отырған бастыққа көз қырын бір тастап, рұқсат тілеп алғандай боп, Көлбай:

— Ендеше, бері шығыңдаршы, біздің бригат! Кітаптарыңды ала шық, — деп команданы өзі ала берді. Он шақты әйел мен жиырма, отыздай еркек қалта, қойындарынан кітаптарын суыра алға шықты…

— Е, тәйірі, біз құмадан туыппыз ба? — деп Көлбай енді өркештене бастап:

— Кәні, кімің нені оқып жүрсіңдер? Айтыңдар тегіс! — дегенде, қатарынан көп үндер жауап қатты.

— Мен жетінші кәнперенсені… — дей бергенде комсомол Жақып үнін:

— Мен ұлт мәдениеті жайындағы баяндаманы…

— Уа, мен «Даланы»… «Келесі кеңес кең далам», «Кеңесім — анам, мен — балаң!» — деп бір жас жігіт әндете бастады.

— Менікі «Қызыл ат»…

— Менде, міне, «Талтаңбай!» Рақым етіңіз, маладая кадр! — деп баяғы өзіңіз көрген Жамал, Көлбайдың Жамалы енді біраз ажым түсіп қалған жүзімен сақ-сақ күлді.

Көлбай енді барынша қатты дауыспен жұрттың күлкі дабырын баса:

— Уа, міне, бәрін оқытып көріңдер! Жарық бер! Жарық берші, жолдас райком! Күшті жарық. Коммунизм жарығын!.. — дегенде жұрт бірі қалмай қолды соқты, орнынан қалай тұрғанын білмей қалған басқарма да тегіс келіп Көлбайды көтеріп алды.