Әңгіме: Міржақып Дулатұлы | Оян қазақ
Дүниеге қатынасып жүрген оқыған заттарымыз болмаса біздің ғұмуми1 қазақ халқы файдалы мәселелерден бихабар еді. Себебі: дария қасында тамшы секілді, оқығандарымыз аздықтан, халқымыз шәһәр2 ретінше емес, көшпелі һәр жерде бытырап жүргендіктен, заман ахуалынан хабар білерлік оқуға өз тілімізде газет жоқтықтан, татар туғандарымыздың әдеби тілменен жазылған газеттері оқу оқымаған халыққа түсініксіздігінен, дүниеде болып жатқан ғәжәйіп3 уә4 гәрәйіптен5 файдалана алмай, біздің халық дүние сарайының бір қараңғы түкбірінде ұйықтап, ұмыт қалған секілді болып тұр, чүнки6: заманымыз күн сайын түрленіп келеді, мұнан бұрын өткен он бес жылменен бүгінгі хәлімізді салыстырсаңыз да аз уақытта көп таршылықта қалған секілдіміз. Әлі де болса бұрынғыдай қозғалмай ғафилдықта7 жата берсек, енді аз заманда нешік болашақпыз?
Қой, бүйтпелік, һәр халықтың күші һүнер болса, һүнерге Аллатағала қасында һүммәтіміз8 саясында біз қазақтар да ортақ болсақ керек, соның үшін мұсылманша ғылымдар оқып, дінімізді танып, надандардың көзін қойып, көңілін ашып мұнымен ахиреттік9 пайдамызды табалық. Екінші, дүниемізде қажетті хақыларымызды10 алып, жерімізді, малымыздысақтау үшін, басқалардан хорлық көрмес үшін, орысша оқып һүнерлі болалық. Орысша білмегендіктің зарарын11 білу фарыз12 дәрежесінде қажет екендігін мінен мұнан байқаңыз: Россия мемлекетінде жүзқырық миллионнан артығырақ халық бар, һәммәсі13 жүз тоғыз тілмен сөйлейді, соның ішінде үстін14 тіл орыс тілі, күллі15 хүкімет мекемелеріндегі жұмыстар орыс тілінде болады, закондар һәм солайша.
һәр кім өз қолында барына жомарт болғаны секілді, мен де өз мағлұматымша бишара халқымызға файда келтірмек әмлһилә16 үшбу рисаланы жаздым.
Міржақып Дулатов, 1909.
1 ғұмуми — жалпы
2 шәһәр — қала
3 ғәжәйіп — таңырқарлық
4 уә — және
5 ғәрәйіп — керемет, таңсық
6 чүнки — өйткені
7 ғафил — білмеу, білімсіз
8 һүммәт — ынта, талап
9 ахирет — о дүние
10 хақыларымыз — праполарымыз
11 зарар — зиян, залал
12 фарыз — міндет
13 һәммә — бәрі
14 үстін — үстем
15 күллі — барлық
16 әмлһилә-тілегімен
[Оқу үшін басу керек]
Қазақ халқының бұрынғы һәм бүгінгі халі
Қазақ халқының бұрынғы мәғишаты
Һүнерменен хасыл болған нәрселер
Сайлаулар хақында
Қазақ жерлері
Мәсжід медресе хақында
Қазақ халқына діни бір уағыз
Һүнерін халық файдасына жұмсап жүрген оқығандарымызға
Жастарға
Қазақтың ру басшыларына
Пасық байларға
Атқамінер сұмдарға
Терме
Таршылық халіміз хақында аз мүнәжат
Мүдәррис әфәндіге жазған бір мәктубім
Жесір дағуалары хақында
Жігіттер
Жұмбақ
Насихат ғумумия
Исмағил Гаспринский жәнәбләрінің сөзі
Ескерту: «Тәржиман» газетінің мухәррире машһүр Исмағил Гаспринский жәнәбләрі біздің қазақ халқына жаны ашып, өзінің газетасының 1909 жылғы 46 нөмірінде төмендегі сөздерді жазған. Кейбір түсінуге ауыр лұғатларын1 қазақша етіп жаздым.
Гаспринский жәнәбләрі жазады: «Келсе сабан — бітер шобан, жетсе заман — үйіріміз аман». «Аральскийден Ақмолаға шейін һәм онан да ары Ташкенттен Алматыға уә Семипалатқа кәдәр2 яғни Руссиядан қазақ іштеріне Түркістаннан Сібірге шейін темір жолдар салынуы мізакирә3
етіліп жатыр. Шәһәрде тұратұғын халықтар, хсусан саудагерлер, һәм үкімет те осылайша болуын ұнатады. Олай болғанда бес-он жылдық ішінде темір жолдар тартылып отарбалар, вагондар қазақ даласының басынан кіріп, аяғына шығашақдыр.
Мағлұмат ғой, темір жолдарымен көп сатушы, алушы, жер алу үшін хахолдар селдей ағып келеді. Малдың, жердің, судың бағасы бұл күнгісінен он есе көтерілмек, сауда істері де үлкен өзгерер, ілгергі хәлдерін ойламаушылар һәләк4 болашақ. He үшін десеңіз, бұл күнге шейін қазақ қала салып, бір жерде отырмай, һәман мал бағып көшпелікте жүр.
Руссиядан үсті-үстіне көшіп келген мұжықтар қазақтың жақсы жерлеріне орнығып, қазақтар шөл далаға шығып қалар.
Жері тарайса малдың ерісі қысқарар. Өріс қысқарса күннен күнге аяқты мал азаяр. Бұлай болғанда қазақтың әуелі малы кеміп, бастарына зарар болар. Құдай өзі сақтасын! Мұның һәммасын көре тұрып ғафил жату адамшылыққа лайық емес; қазақтар ата-мекен жерлерін, қыстау, егіндіктерін жақсы сақтасын. Бұрынғы көп жерінен айрылып, қалғандары өздерінің һәзіргі сыбағасына тиген жерлерін тәрбиелеп, ноғай, сарт, орыстарша егін салсын. Heгe десеңіз, бұл заманда байлық аяқты малда емес, егінде қалды. Бұл өткен қырық-елу жылды көзінен кешірген қазақ бауырларымыз аз фәһім жіберсе, бұл сөзді, аңғарар.
Сөз басында «Келсе сабан — бітер шобан» дегеніміздің мәнісі: бұрынғы уақытта біздің Қырымхалқының көбі дәл қазақ секілді мал асырап, көшіп жүреді екен. Араларына орыстар, немістер келіп, қала болып, егін сала бастаған соң, бұлардың малдарының өрісі тарылып, біздің сол мал баққан халқымыз елу жылдың ішінде тамам жойылды десек жарайды. Бұл күнде қабірлерінің де қайда екені мәлімсіз. Бұл күнгі Ставрополь, Екатеринослав, Херсон, Бессарабия губерниялары түгел түрік жерлері еді. Қазірде ол жерде һешбір аулымыз қалған жоқ. Олардың бастарына бір қырғын келген жоқ, мағлұм мал бағатын жер-суынан айрылған соң азып-тозды.
Бізге анық мағлұм, бұл жазған сөзімізді мыңнан бір қазақ оқымас, оқыған болса бұл күнге шейін мұндай қызғанышты5 халде қалмас еді. Бинаи ғалия, бұл сөзді кім үшін жазамыз? Қазақтан болған молдалар, саудагерлер, мұғалімдер, ғылым жолында жүрген жастарды көздеп һәм көңілде тұтып жазамыз.
Құдайдың әмірімен қазірде Хожа Ахмет Яссауи хазіретлері қабірінен тіріліп шықса, қазақ халқына дін үйретпес еді. «Өздерің де мұсылман екенсіңдер»,- деп, дүлдүліне мініп алып, Қара Еділден Алатауға, Омбыдан Әмударияға шейін қазақ бір жерді аралап: «Тез жұрт салып, шәһәр болыңдар, егін саймандарын алып, жер жыртыңдар», — деп жар салар еді.
Басында ми, көңілінде сәулесі бар һәр кісіге қадари хал жәһід етіп қазақ халқын оятуға, қала болып егін салуға қызықтыруға міндет. Қазақ ішінде иман болушылар бес уақыт намазды оқытуға қандай жәһід қылса, бұл іске де сондай жәһід қылсын. Егер қазақ халқы таршылықтан қырғындық тапса, қабір басындағы тастарға молланың не қажеті бар, намаздын не қажеті бар?
Жоғарыда моллалар, саудагерлер, мұғалімдер деп едік, сөз ақырында қазақтан болған социал-демократтарға бір ауыз сөз айтамын. Европаның пролетариясы үшін қанды жастар төгуіңіз пайдалы, бірақ өз халқыңыз қазаққа артық назар салыңыз, орыстың қара халқы мазлұм6, күнелтуі ауыр, сонда да алды ашық. Қазақ халқын алты миллиондық бір ұлы бола тұрып, басқа халыққа қарағанда жәрдемсіз азып-тозып кетер. «Мәрхамат!»7.
1 лұғат — сөз, сөздік
2 кәдәр — шейін
3 мізакира — кеңесіліп
4 һәләк — мерт, жоқ
5 қызғанышты — аянышты
6 мазлұм — тепкі көрген, жәбірленген
7мәрхамат — қайырымдылық
Сөз ақыры
Жақындап келді сөзім тамамына,
Ұсындым сынаушының назарына.
Орынсыз хатам болса көрсетіңіз,
Ғибрат еске түсіп аларыма.
Бұл сөзді жазғаным жоқ ақын болып,
Халық тентек, жалғыз өзім мақұл болып.
Қайғы мен хәл мүшкілін білдіргенім,
Ұйқыда жұрт жатқан соң ғафыл болып.
Қазақтың өзімдағы баласымын,
Білемін сол себепті рәсімін.
Хәйламен қақпан құрған жауды көріп
Теріс пе сізге келіп сыр ашуым?
Мұсанниф1 һәр халықтан өткен сайрап,
Заманның кемшілігін айтқан зарлап.
Үзілмей данышпандар шығып жатыр
Мәлләтке жаны ашып, ғамын ойлап.
Орыста Пушкин, Гоголь, Лермонтов,
Крылов, Тургеневтер кеткен өтіп.
Қартайып бұл уақытта Толстой тұр
Өзіне мәсіләктес ерлерді ертіп.
Қазақта бұлар теңдес бар ғой шешен
Халықтан мойны озып болған көсем.
Семейден шықты Ыбырай Құнанбаев,
Сөзінде хате бар ма сынап көрсең.
Ақын аз Байтұрсынов Ахметтей,
Сөзі алтын, мағанесы меруерттей.
Оқыған ғибрат алып жас жігіттер
һәммесі өз халқына хызмет еткей.
Оралдан Әбубәкір молла шықты,
Омбыдан Қыпшақбайдай жорға шықты.
Торғайда Ақмолла мен Нұржан жатыр,
Шөже, Орынбай, Мәшһүр Жөсіп о да шықты.
Бұлардың хәрбір сөзі файдаға асқан,
һүнерін хатқа жазып халыққа шашқан.
Мақтап өлең айтпаған нәрсе алуға
Ғажайып хикметтің2 кілтін ашқан.
Бұлардан басқа ақын көп сөз бұлдаған,
Бергенді мақтап, сараңды жамандаған.
Есімін оның үшін жазбаймын мен
Болған соң хадемлардан саналмаған.
һәр баптан білгенімді жаздым сорттап,
Барыма қанағат ет деме жоқтап!
Артуын абыройдың хақтан тілеп,
Етілді сөз мұхтасар3 қалам тоқтап.
1мұсанниф — автор, құрастырушы
2 хикмәт — даналық
3 мұхтасар — қысқартылған
Міржақып Дулатұлының басқа да туындылары [сілтемені басыңыз]