Әңгіме: Лев Толстой | Помещиктің сәскесі

0
Князь Нехлюдов жазғы демалысын деревняда жалғыз өткізген бір жылы университеттің үш-ақ курсын бітірген он тоғыз жасар жігіт еді. Күз түсе, жазуға төселмеген шорқақ қолмен нағашы апасы графиня Белорецкаяға сәлем хат жолдады. Әу бастан ол апасын жақын дос, жалғыз жанашыры ретінде әлемдегі ең ақылды әйелдердің санатына қосатын. Француз тілінде жазылған хаттың тәржімесі мынадай:

«Айналайын апатай!

Ендігі өмір — тағдырыма арқау боларлық бір тоқтамға келгендеймін. Мен университетті тастап, қалған ғұмырымды деревняда өткізуге бекіндім, өйткені, әу бастан-ақ сол үшін дүниеге келгенімді енді сезгендеймін. Құдай ақына, жаным апа, маған күле көрмеңіз. Жассың ғой дерсіз, мүмкін, мен әлі бала шығармын, бірақ бүл жайт өз ынта — бейімімді тануыма кедергі болмаса керек, өзгеге жақсылық жасасам деген ықыласымды кемітпесе керек.

Бұндағы шаруаның жайы шалқайып кеткен екен, оны өткен жолы өзіңізге жазғанмын. Шайқалған тұрмысты түзетуді ойлап отырып бәленің басы мұжықтың кедейлігі мен арып — ашыған мүшкіл ақуалында екеніне әбден көзім жетті және де бұл бәледен тек еңбек пен шыдамның арқасында ғана құтылуға болады. Егер менің екі мұжығымды, Давыд пен Иванды және сол екеуіне қараған ошарлы жандардың басына түскен тұрмыс тауқыметін өз көзіңізбен көрген болсаңыз, әлгі сорбақтардың сырт кейпінің өзі ғана менің сізге түсіндірмек боп отырған мақсатымды осыншама сөз айтқызбай-ақ баян қылар еді. Құдай алдындағы жауапкершілігі маған жүктелген осынау жеті жүз жанның бақ — бақытына қамқор болу менің қасиетті де тікелей парызым емес пе? Ләззат аңсап немесе мансап қуып жүріп оларды дөрекі старосталар мен әкіреңдеген басқарушының тепкісіне тастап кету күнә болмай ма? Алдымнан осындай абзал да асып тап-таяу тамаша міндет күтіп тұрғанда басқа саладан пайдамды тигізер, шарапат көрсетер сәт іздеудің қажеті не? Жап-жақсы қожайын бола алатыныма көзім жетіп түр; ал ондай болу үшін, өз пайымдауымша сіз айтқан кандидаттық дипломның да, ешбір шеннің де түк қажеті жоқ-ау деймін. Айналайын апатай, менің мансап — мәртебемді ойлап бас қатырғанша жиеніңіз өзі қалаған ерек жолға түсті, ол жолы өзін бақытқа жеткізетін жақсы жол деген ойға бекіне беріңіз. Болашақ міндеттерім жайлы көп-көп толғандым, қимыл — қарекетімнің қағидаларын да жазып қойдым, енді құдай бұйыртып, бойдан қуат таймаса, дегеніме жетерім хақ.

Бұл хатты Вася ағатайымнан жасырыңыз, көрсетпеңіз, келекеге айналдырады. Мені басынған, мені мысы басқан адамға қарсы келе алмаймын. Ваня менің ниетімді құптамаса да түсінеді ғой».

Графиня оған мынадай деп жауап жазды, ол да французшадан тәржімеленіп отыр:

«Айналайын Дмитрий, жолдаған хатыңнан жүрегіңнің өздігінен өзге ештеңе таппадым. Бұған өзім де шүбәланып көрген емеспін. Дегенмен, аяулы достым, бұл ғұмырда бойымыздағы жақсы қасиеттер жаман қасиеттерге қарағанда көбірек залал шектіретіні бар. Мына шешімің ақылға сыймайтын іс, өйтсең мені қатты қынжылтасың деп торсаңдамай-ақ қояйын, құлақ ассаң, саған бір ғана кеңес айтпақпын. Әуелі ақылдасып алалық, достым. Сен айтасың: деревняда өмір сүруге бейімділігімді сезгендеймін дейсің, оз шаруаларымның басына бақ — бақыт қондырғым келеді дейсің және жақсы қожайын бола алатыным кәміл дейсің. Мен айтар ем: 1) өз бейімділігімізді біз бір-бір реттен қателескен соң барып қана тап басып сезіне аламыз; 2) өзгенің басына бақ қондырудан гөрі өз бақытыңа жету оңайырақ және де; 3) жақсы қожайын болу үшін қатал да салқын қанды адам болу керек, ал сен сондай боп көрінуге тырысқаныңмен ондай болуың екіталай нәрсе.

Сен өз ойларыңды даусыз, талассыз деп есептейсің де, тіпті оларды өмірлік қағида ретінде қабылдайсың; ал менің жасымда, достым, ой мен қағидаға сенбейді, тәжірибеге сенеді; ал тәжірибеге жүгінсек, ол сенің барша жоспарыңды балалық дейді. Менің жасым елуге тақап қалды, осы өмірімде талай-талай игі-жақсыны көргенмін, бірақ әжептәуір аты бар қабілетті жігіттің біреуге жақсылық жасауды желеу етіп, деревняға барып көмілгенін ешқашан естіген емеспін. Сен қашан да елден ерек көрінуге әуес болатынсың, бірақ сол еректігің шамадан тыс өркөкіректіктен аспаса керек. Жә, достым! Одан да таптаулы сүрлеуді таңдағаның абзал: табысқа тезірек жеткізеді, ал табыс деген саған әсте табыс ретінде керек болмаса да, өзің көксегендей, өзгеге шарапат тигізу үшін қажет.

Төрт-бес шаруаның сіңірі шыққан кедей болғаны да артық емес, ал алда-жалда олардың ауыр тұрмысын аз — кем түзегің келсе, ол үшін қауым алдындағы, туған — туысқандарың алдындағы және қара басыңның қамы жолындағы міндеттерді мансұқ етудің еш қажеті жоқ. Сендей ақыл-парасаты мол, жүрегі жомарт, жақсылық қылуға жаны құмар пенде қандай шаруаны қолға алса да табысты болары сөзсіз; бірақ та сен өз бойыңа лайықты, оз басыңа абырой әкелетін істі ғана қала.

Мансап қуып жүргенім жоқ деген сөзді шын ниетпен айтқаныңа сенемін, бірақ сен өзіңді-өзің алдап жүрсің. Мансапқорлық — сенің жасыңдағы, әл-ауқаты сендей жанды ізгілікке, рақымдылыққа бастайды; алайда адам ондай қасиеттерден ада бола бастаған кезде кереметің кембағалдыққа, азарлыққа айналады. Егер сен оз алған бетіңнен қайтпасаң, осы жайтты өз басыңнан өткересің. Қош боп түр, Митяжан. Қанша келеңсіз болса да осынау абзал да ақ пейіл жоспарың үшін өзіңді бұрынғыдан да жақсы көре түскендеймін. Өз білгеніңді істей бер, дегенмен, шынымды айтсам, саған қосыла алмаймын».

Жас жігіт осы хатты алған соң әрі ойлап, бері ойлап, ақырында ақылды әйел де жаңылысатын шығар деген тоқтамға келді де, университеттен шығуға арыз жазып, деревняда түпкілікті қала берді.

Нағашы апасына жазғанындай, жас помещик өз шаруашылығын жүргізудің барша тәртіп -қағидасын тәптіштеп, күллі ғұмыры мен жұмысының әр сағатын, айы — күнін түгелдей белгілеп қойған-ды. Жексенбі күні арыз — шағым айта келгендерді, басыбайлы малайлар мен мұжықтарды қабылдауға, кедей шаруалардың үй-жайын аралап, көмек беруге арналатын: ал кімге қандай көмек көрсетілетіні әр жексенбінің кешінде жиналатын қауым кеңесінде шешілетін-ді. Осылайша бір жыл өтті, жігітіміз аз-кем тәжірибе жиып, шаруашылықты басқарудың теориясына да жетіле бастаған.

Саратанның шайдай ашық бір жексенбісінде кофесін ішіп «Maison rusigue»1 кітабының бірер тарауын түгескен Нехлюдов жеңіл шапанының қалтасына жазу кітапшасы мен бір бума ақша салып, астыңғы қабатындағы шағын бөлмесінде өзі тұратын, алдында колоннадасы, әйнектелген айбаны бар үлкен үйден шықты да, тазаланбаған жолдарын шөп басып кеткен ескі ағылшын бағын қақ жара өтіп, күре жолдың екі жағына орналасқан ауылға беттеді. Ол өзі қоңырқай қою бұйра шашты, ұзын бойлы, келбетті жігіт болатын. Бет әлпетіне әлі әжім түсе қоймаған, балаң шырайлы, қара көздерінің жарқылы мол, қызғылт ерінінің үстінде жаңа ғана тебіндеп келе жатқан ұяң түбіт бар. Қимыл-қозғалысы мен жүріс — тұрысынан жастықтың мейірбанды менмендігі, бойды кернеген күш пен қуат аңғарылар еді. Шаруа халық ала — шұбар топ болып шіркеуден қайтып келеді; үстеріне бір киер асылдарын жамылған шалдар, қыз-қырқын, бала-шаға, емшектегі бөбектерін көтерген қатындар баринге иіліп сәлем қылып, жол берісіп, үйді-үйіне тарасып жатыр. Көшеге шыққан соң Нехлюдов тоқтап, қалтасынан жазу кітапшасын алды да, балаң қолмен толтыра жазған ең соңғы парағынан бірнеше шаруаның тұсына белгі соғылған аттарын оқыды. «Иван Чурисенок — тіреу ағаш сұрайды»,- деп күбірледі де, көшеге шығып, оң жақтағы екінші үйдің қақпасына тақады.

Чурисеноктың баспанасы жарым — жартысы шіріп, бұрыш-бұрышы көгеріп кеткен, құлауға шақ тұрған қима ағаш үй еді; бір жағы қисайып, жерге жәпірейе кіріп кеткені соншалық — іргені көмкерген көңнің қалқасынан қақпағы жартылай жұлынған негізгі терезесі мен көзіне мақта тыға салған кішірегі әрең көрінеді. Бас үйге жанаса табалдырығы лас, есігі аласа қима сенек, одан да аласа, одан да көнелеу екінші қима үйшік, қақпа мен талдан тоқыған лапас салыныпты. Кезінде бәрі де бір шатырдың астында болған сияқты, ал енді шіри бастаған қара сабан кенереден ғана қобырайды; төбеде тек кереге көз жаппа мен итарқа қалыпты. Аула алдында діңгегі мен дөңгелегі тозып біткен, шегені кете бастаған құдық көрінеді; су іше келген сиырлар әбден шиырлаған шалшық суда үйректер жүзіп жүр. Құдыққа таяу көк сүр жапырақты бұтақтары сирек біткен, шыт-шыт жарылған қос кәрі қызыл шілік бүкірейе бой көтереді. Бір кезде әлдекімнің осы жерді көркейтуді көксеген ниетінің куәсіндей болған әлгі шіліктің біреуінің астында отырған сегіз жасар ақсары, бұйра бас қыз қасындағы екі жасар сіңлісіне әмір жүргізіп, өзін шыр айналдыра еңбектетіп қойыпты. Солардың қасында құйрығын бұлаңдатып жүрген кішкентай күшік баринді көре сап, қақпаның астына жан ұшыра қашып тығылды да, сол жерден қарлыққан үрейлі дауыспен шәуілдей жөнелді.

— Иван үйде ме?- деп сұрады Нехлюдов.

Мына сұрақты естігенде үлкен қыз талықсып кеткендей болып, екі көзін бақырайта ашып, үн-түнсіз қатты да қалды; кішісі аузын аңқайтып, жылауға айналды. Өрім — өрімі шыққан шақпақ желбегейінің белін ескілеу қызыл белбеумен буып алған шүйкедей кемпір есіктен басын шығарып, үн қатпай түр. Нехлюдов сенекке тақап, сұрағын қайталады. Әлденеден үрейі ұшқан кемпір қарлыққан үнмен:

— Үйде, әкетай, үйде,- деп басын жерге жеткізе тәжім етіп, қалбалақтады да қалды.

Нехлюдов онымен есендесіп болып, сенектен өтіп, тар аулаға шыққан кезде кемпір жағын алақанымен тіреген қалпы есікке барып, басын шайқап тұра берді. Аула іші жүдеу екен; кей тұста қарайып кеткен ескі көң көрінеді; көң үстінде көгеріп кеткен астау, айыр, тырма шашылып жатыр. Ауланы айнала салынған лапастың бір жағы құлап түсіп, үйілген көңге тіреліп қапты; екінші жағында дөңгелексіз арба, соқа, іске жарамайтын ескі омарта қалыптары бей-берекет үюлі түр. Чурисенок жаппаның төбесі басып қалған шарбақты балталап сындырып жүр екен. Бүл өзі елулер шамасындағы, орта бойлыдан аласалау мұжық. Аздап ақ кіре бастаған қоңыр — сарғыш сақалы мен қою шашы күнге тотыққан сопақша жүзіне жарасымды сән беріп тұрғандай. Жартылай жұмулы қаракөк жанарында жайдары парасат жарқырайды. Сирек біткен жез мұртының астынан күлімсіреген кезде анық көрінетін әдемі шағын аузы өзіне деген сабырлы сенім мен айналадағы өзге дүниеге деген кекесінді немкеттілігін танытқандай. Көн боп қатқан терісінен, қатпар-қатпар әжімдерінен, мойны мен бет — қолындағы адырайған қан тамырларынан, шамадан тыс бүкірейген белі мен доға тәрізденіп тұратын қисық аяғынан өмір бойы ауыр еңбектен көз ашпағаны аңғарылады. Бұтында тізесіне көк жамау салған ақ дамбалы бар, үстіне арқасы мен екі жеңі жыртық-жыртық ескі жейде киіпті. Жейдесінің етегін кіндігінен төмен буған жіңішке қайыста кішкентай жез кілт жылтылдайды.

— Құдай жарылқасын! — деді барин аулаға кіре беріп.

Чурисенок бұрылып бір қарады да, жұмысына қайта кірісті. Зорлана жүріп шарбақты құлаған жаппаның астынан суырып алды, сосын ғана балтасын астауға қадап, белбеуін көтеріп қойып, ауланың ортасына шықты.

— Мейрамыңыз құтты болсын, мәртебелі тақсыр! — деп шашын жалбырата сілкіп, иіле тәжім етті.

— Рақмет, шырақ. Шаруа — жайыңды көрейін деп едім,- деді Нехлюдов бозбалаға тән жайдары да ұяң үнмен, мұжықтың киіміне көз жібере тұрып — Кәне, көрсетші, әлгі қауым кеңесінде менен сұраған тіреулер саған неге керек өзі?

— Тіреу ме? Тіреу неге керек болушы еді, мәртебелі тақсыр, әкетай — ау! Тіреп қояйын деген ғой, қараңызшы өзіңіз, әні, құрғырдың бір бұрышы құлап түсті; құдайдың сақтағаны — ай, сиырымыз жоқта құлады. Бәрі де ілдалдалап, әрең — пәрең тұр,- деп Иван Чурис жартылай құлаған аңғал-саңғал қора-қопсысына ызалана көз тастап қойды,- Енді өзі итарқа да, белдеулер де, діңгек ағаш та шіріп біткен, түртіп қалсаң, үгітіліп кетуге даяр. Дәп қазір ағашты қайдан аларсың? Өзіңіз білесіз ғой.

— Бір жаппаң құлап қапты, қалғандары да құлағалы тұр, сонда саған бес тіреудің керегі не? Саған тіреу емес, итарқа, діңгек, белағаш керек қой, өңшең жаңасы керек,- деп барин өзінің бұндай шаруадан хабардар екенін көрсетіп қойды. Чурисенокте үн жоқ.

— Сонымен саған тіреу емес, тәуір ағаш керек болды ғой; басында солай деу керек еді.

— Әлбетте керек, бірақ алар жер жоқ қой: қашанғы сізге алақан жая бермекпіз! Қит етсе бай үйіне қарай жүгіруді ғадет етсек, біз қайтіп шаруа болмақпыз? Ал егер мырза қорасында бос жатқан емен ұштарын ал десеңіз, өз рақымыңыз біледі,- деп ол тұрған орнында теңселіп, тағы да басын иіп қойды. — Онда мен тіреулердің кейбірін ауыстырып, кейбірін кесіп, ескі ағаштан жөндеп аламын.

— Ескі ағаштаны қалай? Жаңа ғана өзің бәрі шіріп бітті, ілдалдалап әрең түр демеп пе ең; қораңның мына бұрышы құлай қалыпты, ертең ана шеті, арғы күні мына жағы құлайды; ақыр жасайды екенсің, еңбегің еш болмас үшін бәрін де қайта жасаған жөн ғой. Айтшы өзің маған, қалай ойлайсың, қора-қопсың биылғы қысқа шыдай ма, жоқ па?

— Кім біліпті оны!

— Жоқ, өзің қалай ойлайсың? Құлай ма, жоқ па?

Чурис бір сәт ойланып қалды.

— Түп-түгел құлап түссе керек,- деді ол кенет.

— Міне, көрдің бе, әнеу күні қауым кеңесінде тіреумен іс бітпейді, қора-қопсыны жөндеу керек деуің керек еді. Сенен көмегімді аямаймын ғой…

— Рақым еткеніңізге құлдықпын,- деп қойды Чурисенок баринге тура қарамай.

— Маған төрт-бес бөрене мен тіреу ағаш берсеңіз де жетеді, қалғанын өзім — ақ ретін табатын шығармын, ал тіреу етуге жарамайтын, шіріңкіреген ескі діңгектерді үйдің бұрыш-бұрышына сүйеу етіп пайдаланармын.

— Сонда үйің де нашар ма?

— Қатын екеуміз қай күні басып қалар екен деп күтіп жүрміз ғой,- деді Чурис селт етпестен,- Әнеу күні төбеден түскен жеңді білектей белдеу ағаш қатынымды талдырып түсірді.

— Талдырып түсіргені қалай?

— Солай, мәртебелі тақсыр, талдырып түсірді: жотасынан ыңқ еткізіп еді, байғұс түн жарымына дейін ес-түссіз жатты.

— Әйтеуір мертіккеннен аман ғой?

— Аманы аман — ау, бірақ ауыра береді. Өзі де жаратылысынан аурушаң пенде.

— Қай жерің ауырады?- деп сұрады Нехлюдов манадан бері есік алдында үнсіз тұрған әйелге қарап. Қатын өзі жайлы байы сөз қозғасымен ыңқылдай бастаған болатын.

— Мына бір жерден ұстайды да тұрады, бір босатсашы, шіркін,- деді ол қабысқан кір-кір кеудесін нұсқап.

— Әнеки!- деп қынжыла дауыстады жас мырза иығын қопаң еткізіп,- Ауырады екенсің ауруханаға барып айтпағаның не? Аурухана сол үшін ашылған ғой. Сендерге айтылмап па еді, әлде?

— Айтылған, әкетай, айтылған, бірақ қол тимейді ғой: барщина бар, үй бар, бала-шаға бар -бәрі менің мойнымда! Жалғызіліктінің күні құрсын…

III

Нехлюдов үйге кірді. Ыс басқан қисық-қыңыр кереге; кіре беріс бұрышқа киім-кешек, әр алуан шүберек ілінген; ал төргі бұрыштағы құдай бейнесі мен сәкі төңірегінде қисапсыз қызыл тарақанға толы. Қоңырсы исі қолқаны қабатын қап-қара қапас бөлменің қақ төбесінен үңірейген жарық көрінеді; төбеге екі жерден тіреу қойылып, бірақ сонда да ішке қарай тым салбырап кетіпті, жалп етіп басып қалуға шақ тұр.

— Иә, үйің тіпті нашар екен,- деді барин осы әңгімені бастауға мүлде құлқы жоқтай состиып тұрған Чурисеноктың өңіне барлай қарап.

— Басып қалады, бала-шағамызбен басып қалады,- деп жыламсырап сыңси жөнелді сөре астындағы пешке сүйеніп тұрған қатын.

— Сен ділмәрси берме!- деп, Чурисенок қатынына зекіп тастады да, жыбырлаған мұртының астындағы езуіне білінер-білінбес күлкі ұялаған жүзін баринге бұрып, сөзін жалғады:-Осыған, мына үйшікті айтам, не істеймін деп — ақ басым қатты, мәртебелі тақсыр, тіреу де, сүйеу де қойып байқадым — түк те пайдасы жоқ!

— Ойбай-ау, қыста қайтіп қыстаймыз?!- деп сұңқылдады қатын.

— Ол өзі бірнеше жерден тіреу қойып, төбедегі көлденең ағаштарды жаңадан салып, оған қоса белдеу шанжаларды ауыстырса, — деп байы оның сөзін сабырлы, ұстамды кейіппен бөле сөйледі, — онда, бәліси, о ғып, бұ ғып қыстан шығамыз ғой. Өйтіп отыра тұруға болады, бірақ үйдің іші тіреуге толып кетеді — мәселе сонда; жүрер жер қалмайды, жазатайым тиіп кетсең, саудыр етіп қирап түсеріне сөз жоқ; ешкім тимесе, қозғамаса, тұра береді ғой, — деп мұжық өз ойына өзі риза пішінмен сөзін тәмамдады.

Иван Чуристің дер кезінде көмек сұрамай, мынадай мүшкіл халге түскеніне Нехлюдов қатты қынжылып, қиналып қалды, өйткені өзі деревняға келген алғашқы сәттен бастап-ақ ол мұжықтардың десін қайтарып көрген емес, қандай мұң — мұқтаждары болса да өзіне тура келіп айтуларын жөн санайтын. Бір сәт мына мұжыққа іштей жауығып, екі иығын ызалана қопаңдатып, қабағын қарс жауып алды; бірақ кедей тұрмыстың күйкі жүдеу кейпі, сол күйкіліктің қақ ортасындағы Чуристің сабырлы да тәкаппар қалпы оның ашу-ызасын әлде қандай үмітсіз мұңға, шерменде қамырыққа айналдырып жібергендей болды.

— Иван — ау, осы уаққа дейін маған қалай айтпағансың? — деді ол өкпелі үнмен, қисайған кір сәкіге отыра беріп.

— Батылым жетпеді, мәртебелі тақсыр, — деді Чурис езуіндегі күлкісін жимай, қап-қара жалаң аяғымен ойқы — шойқы жер еденде теңселе түсіп; бірақ оның бүл сөзді ешбір асу -сасусыз, қаймықпай айтқаны сондай, жаңағы баринге баруға батылым жетпейді дегеніне сену қиын еді.

— Қанша айтқанмен мұжықтың аты мұжық қой: ондай батылдық бізге қайдан бітсін!..- деп қатыны өкси бастап еді:

— Жә, жыпылдама,- деп Чурис оны тағы да тиып тастады.

— Саған бұл үйде тұруға болмайды екен, оның қысыр әңгіме, — деді Нехлюдов аз үнсіздіктен соң. — Біз былай етелік, ағайын…

— Құлағым сізде,- деп тақ ете түсті Чурис.

— Анау мен салдырған жаңа хутордағы қаңырап бос тұрған тас үйлерді көріп пе ең?

— Көргенде қандай,- деп Чурис маржандай аппақ тістерін ақсита күлімсіреді,- апыр-ау, мынадай керемет үйлерді қалай қалаған деп қаншама таңырқадық десеңізші! Жігіттер егеуқұйрық тышқан да кіре алмайтын қамба болар десіп күлген. Мықты үйлер!- Ол түсініксіз кекесінмен басын шайқап қойды — Құдды абақты дерсің.

— Иә, жақсы үйлер, құп-құрғақ, жып-жылы, анау-мынау өртіңнен де қорықпайды,- деп барин ананың кекесініне реніш білдіріп, қабақ шытты.

— Оған дау жоқ қой, мәртебелі тақсыр, мықты үйлер.

— Жә, олай болса, бір үй бітуге тақау. Өзі он аршын, сенегі, қоймасы бар, біткелі тұр. Әсілі, мен соны саған өз бағасына қарызға берейін; кейін сәті түскенде қайтарарсың, — деді барин, рақымдылық көрсетіп тұрмын — ау деген ой басына келгендегі өзіне-өзі риза болған жайдары күлкісін жасырмай,- Мына ескі үйіңді бұз да, қамба жаса; қора — қопсыңды да көшіреміз. О жердің суы қандай тамаша, тыңайған бақша кесіп беремін, үш танап егістігіңді де сол арадан кесіп аласың. Ойхой, сосын дәуірлеші бір! Немене, бұндай тұрмыс ұнамай ма саған?- деп сұрады Нехлюдов, әңгіме арнасын қоныс ауыстыру жайына аударған кезде, Чуристің күлкіден тыйылып, қимылсыз бедірейген қалпы, жерге қадала қарап қалғанын байқап.

— Тақсырдың өз еркі біледі ғой,- деді мұжық көзін жерден алмай.

Кемпір әлде не шымбайына батқандай ілгері ұмсынып, бірдеме айтпаққа оқтала беріп еді, байы алдын орағытып кетті.

— Тақсырдың өз еркінде ғой, — деді ол баринге тура қарап, шашын сілкіп қойып, батыл да бағынышты шыраймен,- бірақ біз жаңа хуторда тұра алмасақ керек.

— Неліктен?

— Жоқ, мәртебелі мырза, бізді онда көшірер болсаңыз, бұндағы мынадай мүшкіл сиқымызбен онда барғасын сізге мұжық болудан мәңгі-бақи қаламыз. Онда біз қалайша мұжық болмақпыз? Апыр-ау, онда күнелтіп те болмайды ғой, рақымды нем!

— Е, неге?

— Қолда барымыздан айырылып қаламыз, мәртебелі тақсыр.

— Онда неге күнелтуге болмайды?

— Қайтіп күнелтесің? Өзің ойлап қарашы: елсіз қу медиен, суының сыры белгісіз, мал айдар өрісі де жоқ. Бұнда біз кендірді ежелден көң төгіп өсіреміз, ал онда не бар? Не бар онда? Қу тақыр! Шарбақ та, конопляны кептіретін дегдітпе де, қора-қопсы да, түк те жоқ. Бізді онда көшірер болсаңыз, азып-тозып кетеміз, мәртебелі мырза, мүлде жұрдай қаламыз! Жаңа қоныс, жат жер… деп ол ойлана сөйлеп, басын шайқап — шайқап қойды.

Нехлюдов мұжыққа қоныс аударғаның керісінше әбден пайдалы болады, шарбақ та, қора-қопсы да салдырамыз, ол жердің суы да жақсы деп және т.т. айтып қанша дәлелдемек болғанымен Чурисеноктың үнсіз сазарған қалпын көргенде бір түрлі ыңғайсызданып, тиесілі сөзді тап басып айта алмай тұрғанын сезінді. Чурисенок оған қарсылық білдірген жоқ; ал барин сөзін түгескен тұста, сәл жымия түсіп, ең дұрысы — сол хуторға малай шалдар мен әңгүдік Алешканы мекендеткен жөн болар еді, сонда олар астықты күзетер еді деп қойды.

— Әй, қатып кетер еді-ау! — деп ол тағы да мырс етті.- Бүл істен түк өнбейді, мәртебелі тақсыр!

— Өй, елсіз жер болса қайтушы еді?- Нехлюдов та өз дегенінен қайтар емес,- мына жер де бір кезде елсіз аймақ болатын, ал қазір қаншама адам тұрады; ана жерге де сен, қадамың құтты болып, бірінші боп қоныс тепсең… Жо, сен көш, көшпей болмайды…

Барин жаңағы шешімге біржола бекініп қала ма деп қауіптенген сыңай танытқан Чурисенок:

— Беу, мәртебелі тақсыр — ием, әкетай — ау, о не дегеніңіз, қалай салыстыруға болады!- деп безек қақты, — бұ жер ел іші, көңілді жер, үйреншікті мекен; жүрем десең жолы бар, қатын-қалаш кір шайқайтын, мал суаратын тоспасы бар; өзіміз мұжық болғалы бері жиған-терген азғантай шаруа — жайымыз да осында: қора-қопсы деймісің, бақша да, анау ата-бабам тігіп кеткен тал — терек; үлкен әкем де, өз әкем де осы жерде дүние салған, өзім де осы арада тыныштық тапсам деймін, мәртебелі тақсыр, басқа ештеңе де сұрамаймын. Рақымың түсіп, мынау үйшігімізді жөндеп алуға жәрдемдессең, өзіңе көптен-көп қарыздар боламыз; оның реті келмесе, қалған ғұмырымызды о ғып бұ ғып осы лашықта -ақ өткіземіз ғой. Өмір бойы құдайға құлшылық еткізіп, сиындырып қойсаң да,- деп ол басын жерге жеткізе иіп, тәжім жасай бастады,- туған ұямыздан қуа көрмеші, әкетай!..

Чурис сөйлеп жатқан кезде сөре астынан, оның әйелі тұрған жерден естілген өксік бірте-бірте күшейе түсіп, байы «әкетай» дегенде қатыны күтпеген жерде ілгері ұмтылып кеп, бариннің аяғын еңірей құшты.

— Сақтай гөр өзің, әкетай! Әкеміз де, шешеміз де бір өзіңсің! Көшу қайда бізге? Қартайған, жалғыз қалған жандармыз. Құдай да, өзің де…- деп шыр-шыр етеді.

Нехлюдов сәкіден ұшып тұрып, кемпірді көтермек болып еді, анау жер еденге басын әлдеқандай жанкешті ризалықпен еліре тоқпақтап, бариннің қолын итермелей берді.

— Бұнысы несі! Тұр орныңнан, тұра ғой! Жә, барғыларың келмейді екен, мен де зорламаймын,- деп жас помещик қолын сермеп, есікке қарай шегіншектеді.

Нехлюдов қайтадан сәкіге барып отырды; үй ішінде тыныштық орнады; анда-санда барып, көйлегінің жеңімен көз жасын сүрткен қатынның өксіген үні ғана естіліп қояды. Чурис пен оның әйелі үшін мынау құлағалы тұрған лашықтың, айналасына шалшық су жайылған тозынды құдықтың, шіріген мал қораның, шағын қоймалар мен терезе алдында тырбия өскен тал-шіліктің қаншалық мәні бар екенін жас помещик енді ғана ұққандай болып, өз -өзінен әлденеге ыңғайсызданып, мұңайып, қиналып қалды.

— Апырым-ау, өткен жексенбідегі қауым кеңесінде өзіңе үй керек екенін қалай ғана айтпағансың, Иван? Енді саған қалай көмектесерімді білмей отырмын. Кеңеске бірінші рет жиналғанда мен сендердің баршаңа деревняға келгендегі басты мақсатым — күллі ғұмырымды өздеріңе арнау екенін айттым ғой; сендердің бастарыңа бақ қондырып, сендерді риза ету үшін ештеңемді аямаймын, еш нәрседен тайынбаймын дедім ғой және де осы сөзде тұратыныма құдай алдында ант етемін,- деді жас помещик, алайда ол бұндай қызыл сөздің анау-мынау адамды иландыра қоймайтынын, өте-мөте сөз емес, нақты істі сүйетін орыс адамына нендей асыл сезім жайлы да тіл безей бермейтін бұйығылау жанға онша эсер ете қоймайтынын білмейтін еді.

Әйтеуір ақпейіл жас жігіттің өз бойын кернеген әлгі сезімге елтігені сондай — тап осы арада тіл беземей тұра алмады.

Чурис басын бір жағына қисайта түсіп, кірпігін анда — санда қағып қойып, мырзасының сөзін зорлана тыңдап түр; айтқан сөздері құлағына жақпаса да және өзіңе тікелей қатысы болмаса да бұндай кісілерді тыңдамауға болмайды ғой.

— Дегенмен ел — жұрттың сұрағанын әмбесіне түгелдей бере алмаймын мен. Ағаш сұрап келген жанның ешқайсысын бос қайтармай, үлестіре берсем, көп ұзамай өзім де құр алақан қалам ғой, сөйтіп шын мұқтаж пендеге қол ұшын бере алмас едім. Сол үшін де мен шаруа құрылысына деген тапсырысты әдейі бөлек белгілетіп, қауым билігіне бердім. Енді ол ағаш менің меншігімде емес, сендердің, шаруалардың еншісінде, сондықтан оған енді менің билігім жүрмейді, қалай етеміз десе де қауымның өзі біледі. Алдағы кеңеске келгін; сенің өтінішіңді жамағат — қауымға айтайын; үй салып береміз десе, өздері білсін, жарайды; ал менде ондай ағаш жоқ. Саған шын ниетіммен көмектескім келеді, бірақ өзің қоныс аударуға көнбесең, менің қолымнан келері шамалы, онда қауымға жүгінесің. Ұқтың ба мені?

— Сізге көп-көп ризамыз,- деді Чурис тартыншақтай сөйлеп,- Аулаға жарар ағаш берсеңіз болды, қалғанын өзіміз — ақ түзеп аламыз. Қауым деген немене? Белгілі шаруа ғой…

— Жоқ, сен кел

— Құп болады. Келемін. Неге келмейін? Бірақ мен қауымыңыздан еш нәрсе сұрамаймын.

IV

Жас помещиктің үй иелерінен тағы бірдеңелер сұрағысы келген сияқты, сәкіден тұрмай біресе Чуриске, біресе от жағылмаған пешке жасқана қарағыштап отыр.

— Немене, сәскеліктеріңді ішіп қойып па едіңдер?- деп сұрады ол ақырында.

— Қайдағы сәскелік, әкетайым — ау?- деп ауыр күрсініп қойды қатын — Нан қаужаймыз — бар асымыз сол Қазан көтеріп, щи пісіруге жағдай жоқ, қалған — құтқан квасты да балаларға беріп қойғанмын.

— Бұл күнде аш ораза тұтқан күн — дағы, мәртебелі тақсыр,- деп Чурис қатынының сөзін түсіндіре бастады,- мұжық байғұстың нан мен жуадан артық тамағы болып көрген бе, қазір де солай. Қайта, құдайға шүкір, өзіңіздің арқаңызда астығымыз осы уақытқа дейін жетті ғой, әйтпесе біздің мұжық біткен түгелдей түйір дәнсіз қалды емес пе.

Жуа деген биыл жаппай шықпай қалыпты. Бақшашы Михайло, қай күні жіберіп едік, бір уысын бір тиыннан сататын көрінеді, алатын басқа жер және жоқ. Пасхадан бермен құдайдың шіркеуіне де барған емеспіз, Микола әулиеге шырағдан алып жағуға да шамамыз келмейді.

Нехлюдов өз шаруаларының соншалықты күйзелген, аянышты, қайыршылық халін көптен бері алып-қашпа жел сөзден емес іс жүзінде білетін еді; алайда бүл шындықтың оның күллі тәлім-тәрбиесіне, ой — парасаты мен тірлік — тынысына үйлеспейтіні соншалық — ол әлгі ақиқатты мезгіл-мезгіл амалсыздан ұмытып қалатын да, дәл бүгінгідей көзге шұқып, түртіп тұрып еске салған кезде әлде қалай қылмыс жасап алып, енді соны жуа алмай жүргені еске түскендегідей азаптанып, жүрегі сыздап, айықпас уайымға бататын.

— Осыншама кедейліктің сыры неде? — деді ол жанын жеген ойды байқаусызда баяндап.

— Әкетай, мәртебелі тақсыр-ау, кедей болмағанда кім боламыз енді біз? Жеріміз қандай -оны өзіңіз де білесіз: иленген балшық, ойлы-қырлы төбе — төмпек, соның өзінде де құдайдың кәріне ілігіп тұрмыз, қайда — а, әлгі тырысқақ індет шыққалы бермен астық өнбейтін болды. Шабындық пен жайылым да тарылып кетті: біразын үнемге жазамыз деп, біразын мырза жеріне қосамыз деп құртты. Жас болса мынау — қартайдық, жалғыз қалдық… қарманғым — ақ келеді — бірақ шама жоқ. Кемпірдің түрі анау, ауру, жыл сайын қыз табады: бәрін де асырау керек. Мен болсам жалғызбын, қолыма қараған жеті жан бар. Құдай алдында күнәкарлық шығар, бұным, дегенмен жиі-жиі мынадай ойға да кетем: осы құдай мыналардың бір-екеуін неге ғана алмайды екен,- менің жүгім де жеңілдер еді, өздері де бұ дүниенің дозағынан құтылар еді-ау деп ойлаймын…

Қатын байының сөзін құптағандай болып:

— У — уһ!- деп күрсініп жіберді.

— Бар сүйенішім міне, мынау,- деп Чурис осы кезде есікті жайлап қана ашып, ішке жасқана кіріп баринге қабағының астынан таңырқай көз сап, Чуристің етегінен қос қолдап ұстап тұрған, жасы жетілер шамасындағы, қарны шәнтиген ақ сары бас баланы нұсқап қойды,-Бар тірек — сүйенішім, қолқанатым осы ғана,- Чурис сампылдай сөйлеп, баланың ақ сары шашын көн терілі түрпідей алақанымен бір сипады,- қашан ержетеді бүл? Мен болсам жұмысқа жараудан қалып барамын. Кәрілік ештеңе етпес еді-ау, мына жарық деген бәлесі жанға батып түр. Өте — мөте күн бұзылғанда ботадай боздатады — ау, ал менің жасым шалдыққа жеткелі қашан, тек мойынтұрықтан босай алмай жүрмін ғой. Анау Ермилов, Демкин, Зябревті ал — бәрі де менен жас, бірақ жермен алысуды қойған. Ал мен байғұстың сенерім де, сүйенерім де жоқ, бар бәле осыдан басталады. Жан бағу керек қой: содан да сүйретіліп жүре береді екенсің, мәртебелі тақсыр.

Жас мырза шаруасына мүсіркей қарап:

— Жүгіңді қуана-қуана жеңілдетер едім-ау, рас,- деп қойды. — Бірақ қалай?

— Қалай деріңіз бар ма? Жер иесі болған соң, барщинаны да ұмытпаған жөн,- белгілі жайт қой. Өйтіп-бүйтіп мына сүйенішім де ер жетер. Тек, мырзеке, әлгі училище жөнінен рақым ете көріңіз: әйтпесе әлгінде Земский келіп, мәртебелі тақсыр, бұны училищеге барсын деп жатыр деп дігір сап кетті. Қайтесіз бұны әуреге сап, тақсыреке? Әлі есі кірген жоқ, кішкене ғой.

— Жоқ, бауырым, қалай етсең, олай ет, бұныңды қой,- деді барин, — балаңның есі кіріп қалды, оқығаны жөн. Айтып отырғаным — сенің пайдаң, сенің қамың. Өзің ойлап қарашы, балаң ер жетіп, қожайын болған кезде сауатын ашып алады, өздігінен оқи білетін болады, шіркеуде де өзі оқиды, сөйтіп құдайдың қолдауымен шаруаң да заулап жүріп береді,- деді Нехлюдов барынша түсінікті сөйлеуге тырысып, әйтсе де өзі бір түрлі қызарып, күмілжіп отыр.

— Сіз бізге жаманшылық ойламайсыз ғой, мәртебелі тақсыр, оған дау бар ма, бірақ үйде қалатын ешкім жоқ: қатын екеуміз барщинада жүреміз, ал мынау құртақандай болса да, сиыр қайырып, аттарды суғарып дегендей, септігін тигізеді. Әйтеуір мұжық аты бар ғой,-деді де, Чурисенок баланың мұрнын барбиған жуан саусақтарымен қысып тұрып, сіңбіртіп тастады.

— Дегенмен өзің үйде болған кезде, қолы босағанда сен оны жіберіп тұр, естідің бе, бұлжытпа!

Чурисенок жауап қайтармай, қинала күрсініп қойды.

V

— Әйтседе, ұмытып барады екем ғой,- деді Нехлюдов,- егістігіңе неге қи төкпейсің?

— Қайдағы қи, мәртебелі тақсыр әкетай — ау! Бірлі жарым тезек қи бола ма? Мал біткеннен бары — құлынды бие ғана, әлгі тайыншаны күзде аулашыға бергенмін,- сыңар бие сыңар құлын — бар малым осы.

— Өзің мал аз дейсің, өзің тайыншаңды біреуге бересің, қызық екен?- деп таңырқай сұрады барин.

— Бермегенде қыста қайтіп бағамын?

— Сонда бір тайыншаға талшық боларлық сабаның да жоқ па? Басқалар қайтіп бағады?

— Басқалардың жеріне қи төгілген, ал менің жерім — сары балшық, түк шықпайды.

— Ендеше соған қи төгіп, топырағын құнарландыру керек қой; құнарлы жер астық береді, сонда малыңа да азық жеткілікті болады.

— Оу, мал жоқ қой, мал жоқ жерге қи қайдан келеді?

«Бұл өзі түсініксіз cercle vicieux екен»,- деп ойлады

Нехлюдов, бірақ қанша ойланса да мұжыққа айтар кеңес таба алмады.

— Және де, мәртебелі тақсыр, шынын айтсақ, астық қи төккен жерге шықпайды, қалаған жерге шығады,- Чурис сөзін жалғастыра түсті,- Өткен жаз көң төкпеген жарты десятинаға жетер-жетпес жерден алты шөмеле астық жинадым, ал құнарландырған егіске дым да шықпай қолымызды танауға тығып қала бердік. Бәрі құдайдан ғой деп күрсініп қойды,-Бүл үйге сиыр құтаймайды. Алты жыл болды ақсыз отырғанымызға. Өткен жаз бір тайынша өліп қалды, екіншісін жемі болмағасын сатып жібердім; алдыңғы жылы үлкен сиырдың өзінен айырылғанбыз; табыннан айдап келгенде ештемесі де жоқ еді, аяқ астынан теңселіп тұрып-тұрып, буы бұрқырап сұлап түсті. Бүл бақытсыздықты қойсаңшы!

— Қой, ағайын, ендігәрі сен жем-шөп болмағасын малым да жоқ, ал малым болмағасын жем-шөп те жоқ деп зарламауың үшін мынаған сиыр сатып ал, — деп Нехлюдов қызара түсіп, шалбарының қалтасынан умаждалған бір уыс ақша шығарып санай бастады,-тілеуің бергір, мен деп алшы — сонда шетінемей, тұрақтанып қалар мүмкін, жем — шөбіңді де біздің қорадан аларсың, өзім тапсырам. Байқа, келесі жексенбіге дейін сиыр қораңда тұратын болсын: өзім келіп тексерем.

Чурис күлім қағып, қипыжықтаған қалпы көпке дейін ақшаға қол соза қоймағасын, Нехлюдов қағаз ақшаларды үстелдің шетіне тастады да, бұрынғысынан бетер қызарып кетті.

— Рақымдылығыңызға көптен-көп ризамыз,- деді Чурис үйреншікті кекесінді күлкісімен жымиып.

Сөре астында тұрған кемпір неше дүркін қинала күрсініп қойып, құдайға сиына бастағандай болды.

Жас баринді ыңғайсыздық басты, орнынан асығыс тұрып, Чуристі ертіп сенекке шықты. Өзі шарапатын тигізген адамның түр-тұрпатын көргендегі кенелген ғанибет — ырзалығы сондай — тез қоштасып, кетіп қалуға қимаған еді.

— Мен саған қуана-қуана көмектесемін,- деді ол құдық басына кідіріп,- саған көмектесуге болады, өйткені сен жалқау емессің, білем оныңды. Еңбек етуден ерінбесең — мен де қол ұшын беріп тұрамын; құдай бұйыртса, көп ұзамай-ақ шаруаңды жөндеп аласың.

— Тіпті жөндемесек те мүлде тұралап қалмасақ екен, тақсыреке,- деп Чурис бариннің жаңағы сөзін көңіліне ауыр алып қалғандай шыраймен, аяқ астынан бұртиып, шітірейе қалды,- Әкеміздің көзі тірісінде ағайын біткен бірге тұратынбыз, арамыздан қыл өтпейтін тату едік, ал әкеміз дүние салған соң алды — алдымызға бөлектеніп кеттік те, шашылған тарыдай бытырап, бірден-бірге күйзеле бердік. Жалғыздың күні қараң ғой!

— Енді неге бөліндіңдер?

— Бар пәле қатындардан болды ғой, мәртебелі тақсыр. Ол кезде сіздің үлкен атаңыз дүниеден қайтқан, о кісі болса, ондайға бару қайда, тәртіп деген тамаша болатын. Ол кісі де сіз сияқты бар шаруаны өзі көріп — білетін, о жарықтық болса, енші бөлмек түгілі, бөлінуді ойламас та едік қой. Марқұм мұжықтарды еркінсіте бермейтін; сіздің атаңыздан соң біз Андрей Ильичтің қожалығында болдық қой, жер хабар бермегір, өзі тиянақсыз, маскүнем пенде болатын. Қатындардан құрып бітетін болдық, ажырасуға рұқсат ет деп бір бардық, екі бардық, ақырып-бақырып, әкіреңдеп — тоқпақтап қуады да шығады, содан ақыры қатындар дегендеріне жетті — бөлек-бөлек тұратын болдық, жалғызілікті мұжықтың сыры белгілі ғой! Тәртіп дейтін тәртіп те жоқ, оның үстіне: Андрей Ильич қалай илеймін десе де ерік өзінде. «Керек-жарағың түгел болсын»,- дейді, ал мұжық байғұс қалай түгендейді, онда жұмысы жоқ. Бұған жан басынан алынар салықтың өскені қосылды, ас салығы да көбейтілді, жеріміз тарыла бастады, астық та шықпай қойды. Межелеу кезінде келді де, қи төгіп тыңайтқан егістігімізді, жауыз неме, бай танабына қоса кесіп жіберді де, сіңірімізді қиып кетті ғой! Сіздің әкеңіз — жатқан жері жайлы болсын — жақсы кісі болатын, бірақ біз оны, шыны керек, мүлде дерлік көрмейтінбіз: көбіне Мәскеуде болады да, екі араға лау айдатып қояды. Кейде жол дегеніңіз көл-көсір боп, жүруге жарамай, езіліп кетеді, жем-шөп те тапшы жолшыбай, бірақ бару керек. Онсыз болмайды да ғой баринге. Онысына өкпеміз жоқ; тек жалпы тәртіп болмады. Кез-келген еріккен мұжықты өз құзырыңызға емін-еркін жақындата беретін өзіңіз сияқты біз де өзгердік қой, тақсыреке, приказчик те өзгерген. Біз енді бариніміздің бар екенін анық білеміз, тым құрыса. Ал мұжықтардың саған деген, сенің қайырымдылығыңа деген ризашылығын айтып жеткізгісіз. Ал қамқорлыққа алу кезінде бізде барин болған жоқ қой; кез — келгені барин, қорғаншымыз да барин, Ильич те барин, оның әйелі де барыня, тіпті қауымның писарі де барин. Мұжықтар сонда – ой — дөйт дерсің, көрді — ау көресісін!

Нехлюдов тағы да бір түрлі ұялғандай болып, өз-өзінен қысылып қалды. Қалпағын көтеріп қойып, ілгері кетті.

VI

Нехлюдов жазу кітапшасынан «Юхванка — Мудреный атын сатқысы келеді», дегенді оқыды да, көшені кесіп өтіп, Юхванка — Мудреныйдың ауласына қарай тартты. Юхванканың ақ теректен қиып салған, қос терезесінің қақпағын қызыл сырмен бояған, кіре берісінде өрнек — нақышты лапасы бар үйінің шатыры бай қорасынан әкелінген сабанмен жабылған екен. Сенегі мен ауызғы бөлмесі де тәп-тәуір; сырт қарағандағы осынау біртоға кәміл көріністі қақпаға жанастыра салған аңғал-саңғал қоймаша мен төбесі ашық жаппа ғана бұзып тұрғандай. Кіре беріс тепкішекке бір жағынан Нехлюдов жақындаса, екінші жағынан шүпілдеген су тола ағаш шелек көтерген екі қатын тақай берді. Біреуі Юхванка — Мудреныйдың әйелі де, екіншісі шешесі. Алғашқысы екі емшегі ерекше тырсылдаған етжеңді, қызыл шырайлы қатын. Үстінде жеңі мен жағасына кесте жүгірткен тап-таза көйлегі, сондай бөксермесі, алжапқышы, желбегейі бар, мойнында моншақ, басында қызыл қағазбен әшекейлеп, жалтырауықтар қадаған төрт бұрышты сәнқой тақия.

Жап-жалпақ, мығым иыққа жайлы жайғасқан әпкіш селт етер емес. Қуат — қауқары еркекке бергісіз мықты қатын екені сәл қызарған реңінен, нән шелекті қыңқ етпей көтерген тіп-тік жотасынан, аяқ-қолының біркелкі жеңіл де сабырлы қозғалысынан анық аңғарылады. Әпкіштің екінші басын көтеріп келе жатқан Юхванканың шешесі керісінше кәріліктің шегіне жетіп, әбден қаусаған кемпірлердің бірі еді. Жыртылған қара көйлек пен түсі оңған бөксермеге оранған қу сүйек қаңқасының екі бүктетіліп кеткені соншалық -әпкіш иығынан гөрі жауырынына таман жайғасыпты. Қара-қошқыл түсті қолының тарбиған қисық саусақтарымен әпкішті айырылып қалмастай болып тас қып ұстап алыпты; қайыршылық пен қаусаған кәріліктің сорақы нышаны жаулық орнына ескі шүберекпен таңа салған мойны салбыраңқы басынан да көрініп тұрғандай. Қыртыс -қыртыс әжім басқан тар маңдайдың астындағы кірпік атаулыдан жұрдай, сөнуге айналған қызыл жанарын аяқ асты қара жерден алмайды. Жымқырылған үстіңгі еріннің астынан жылтиған жалғыз сары тіс тоқтаусыз қозғала кеп, анда-санда үшкіл иегіне дейін жетеді. Бетінің төменгі бөлігі мен мойынындағы қатпарланған әжімдері қозғалған сайын салпаңдайтын аспа қапшық секілді. Тынысы да ауыр, сыр — сыр етеді; маймиған жалаң аяқтары, жер бетімен әрең-әрең сүйретілсе де, әйтеуір тоқтап қалмай, тоқтаусыз алға басып келеді.

VII

Баринмен соқтығысып қала жаздаған жас қатын шелекті лып еткізіп қоя салып, төмен қарап, иіліп тәжім етті, сонан соң жарқылдаған жанарын қабағының астынан баринге бір тастап алып, сәл жымиған жүзін кестелі жеңімен көлегейлеген қалпы, өкшесін тарсылдатып тепкішекке жүгіріп шықты.

— Апа — ау, андағы әпкішті Настасья апайға апарып бере сал,- деді ол есік алдына сәл кідіріп.

Ибалы жас помещик қызыл бет келіншекке әрі байыптап, әрі сұстана қарап қойып, қабағын шытты да, әпкішті шелектен босатып, иығына салып алып, ләм деместен көрші үйге қарай бет алған кемпірден:

— Балаң үйде ме?- деп сұрады.

Кемпір бүкірейген белін одан әрмен бүгіп, сәлем қылды да, бірдеңе деуге оқтала беріп, аузын қолымен басып, күркілдеп жөтелді де қалды, Нехлюдов үйге кіріп кетті. Төргі бұрыштағы сәкіде отырған Юхванка баринді көре салып, құдды одан жасырынып қалғысы келгендей пешке қарай тұра ұмтылды да, сөренің үстіне әлде нені тастай салып, бет-аузы жыбырлап, керегеге сүйеніп тұра қалды. Юхванка жасы отыздар шамасындағы, әдеміше шоқша сақалды, сары шашты, арық денелі, сымбатты жігіт болатын; қарс жабылған қабағының астынан жылтыңдап тұратын сұрықсыз қара көзі мен қос қасқа тісінің кемдігі болмаса, өзі әп-әдемі-ақ жігіт — ті, ал кетіктігі тыным таппайтын шолақ еріннің астынан мен мұндалап, көзге ұрып тұратын. Үстіндегі алқызыл әшекейлі бір киер жейдесі бар, бұтында жол — жолақты кездемеден тіккен шалбар, аяғында — қонышы жиырылған ауыр етік. Юхванканың үйі Чуристің үйіндей тар да қараңғы емес екен, бірақ бұнда да қапырық, түтін мен тұлып иісі сезіледі, киім-кешек пен әр түрлі заттар бейберекет шашылып жатыр. Өте-мөте екі нәрсе айырықша назар аударады: біреуісі — сөре үстінде тұрған, қабысқан кішкене самаурын да, екіншісі — қызыл мундирлі генералдың иконаларға таяу ілінген қара рамалы портреті. Нехлюдов самаурын мен генералдың портретіне жақтырмаған кейіппен көз тастап қойып:

— Сәлеметпісің, Епифан,- деді мұжықтың бетіне тура қарап тұрып.

Епифан басын иіп, күбір етті: «Саулық тілейміз, тақсыр»,- әсіресе соңғы сөзді елжіреп айтқандай. Жылтыңдаған жүйрік жанарын сол заматта — ақ баринге бастан-аяқ, еден мен төбеге жүгіртіп өтті; сосын асығыс сөреге барып, шапанын алып, кие бастады.

— Киініп қайтесің?- деді Нехлюдов сәкіге отыра беріп, Епифанға мейлінше қату қарауға тырысып.

— Енді қалай, тақсыр, онсыз қалай, бола ма? Біз де бірдеңе білетін шығармыз…

— Атыңды неге сатасың, қанша жылқың бар, соның қайсысын сатпақсың — соны білейін деп келдім мен саған?- деді барин алдын ала жұптап келген сауалдарын қайталағандай болып.

— Біз сияқты қара мұжықтың табалдырығын жиренбей аттағаныңыз үшін, тақсыр, сізге көптен-көп разымыз,- деп жауап қайтарды Юхванка генералдың портретіне, пешке, бариннің етігіне, үй ішіндегі басқа да заттарға жалт-жалт қарағыштап тұрып, тек Нехлюдовтың бетіне ғана көз тастамай,- біз әрқашан да, тақсыр, сіз үшін құдайға сиынып…

— Атыңды неге сатасың?- деп даусын көтеріп, қайталап сұрады Нехлюдов, жөткірініп қойып.

Юхванка күрсініп қойып, шашын сілікті де (көзімен үй ішін тағы бір шолып өтті), сәкі үстінде пырылдап жатқан мысықты көре сала «Мырс, оңбағыр», деп зекіп тастап, баринге асыға тіл қатты:

— Ол өзі, тақсыр, шаруадан қалған ат… Мал деуге де тұрмайды, әйтпесе сатып не жыным бар, тақсыр.

— Барлығы неше жылқың бар өзіңнің?

— Үш жылқы, тақсыр.

— Құлындары жоқ па?

— О не дегеніңіз, тақсыр! Құлын да бар.

VIII

— Жүр, жылқыларыңды көрсетші: өздері аулада ма еді?

— Тап солай, тақсыр. Жарлық қалай болса, жай да солай, тақсыр. Сіздің сөзіңізді екі етеміз бе біз? Маған Яков Ильич жарлық қылған, ертең жылқыларды өріске жібермеңдер, князь көреді деген болатын, біз жіберген жоқпыз. Біз деген сіздің мәртебе — құзырыңызға ләббаймыз ғой әманда.

Нехлюдов сыртқа беттегенде Юхванка сөре үстінен қалиянды алып, пештің артына тастай салды; барин бұның бетіне қарамаса да, ерні дірілдеуін тоқтатпады.

Арық көк бие лапас астында шіріген сабанды қаужап тұр екен; сыйдиған ұзын тірсектері де, тұмсығы да көкшіл түсті, ал оз түрін әлі айқындай қоймаған екі айлық құлын енесінің ошаған жабысқан сұйық құйрығына оралып жүр. Ауланың қақ ортасында қарны шермиген торы ат тұр; қалың ойға батқандай мойнын салбыратып, екі көзін жұмып алыпты.

— Бар жылқың осы ма?

— Жоқ, жоқ, тақсыр, мынау — бие, мынау — соның құлыны,- деп Юхванка барин онсыз да көріп тұрған құлынды биені нұсқап қойды.

— Көріп тұрмын ғой. Сонда қайсысын сатпақсың?

— Е, мына жарықтықты,- деп ол мүлгіп тұрған атты зипунының етегімен қақты; өзінің тоқтаусыз жыпылықтап, ерні дір-дір етеді. Торы ат көзін еріне ашып, асықпай артын бұрды.

— Өзі онша қартаймаған, әлі мықты ат сияқты ғой,- деді Нехлюдов.- Кәне, ұстап әкелші бері, тісін көрейін.

— Жалғыз өзім ұстай алмаймын, тақсыр. Жануардың құны қара бақыр тиын болғанымен өзінің мінезі шайпау — тістеп, тарпып тіпті жолатпайды,- деп Юхванка күлімсіреп жарқылдай сөйлеп, жан — жағына алақтай қарап қойды.

— Бос сөзді қой! Бар, ұстап әкел.

Юхванка біразға дейін ыржалақтап, қозғала қоймап еді, Нехлюдов: «Тәйт! Неғып тұрсың?»- деп зекігенде ғана лапастың астына барып, кеспелтекті алып келді де, атты артынан емес, алдынан келіп үркітіп қуа жөнелді.

Жас барин, тегінде, мына көрініске құр қарап тұра беруге іші пысып кеткен болу керек, әлде, бәлки, өзінің самдағайлығын көрсеткісі келіп кетті ме, әйтеуір:

— Әкел бері кеспелтекті! — деп бұйырды.

— Құдай сақтасын. Оныңыз болмайды ғой, мәртебелі тақсыр… қойыңыз. Бірақ Нехлюдов атқа тура қарсы алдынан жақындап, қаннен-қаперсіз тұрған жануарды қос құлақтан шап беріп ала түсіп, бар күшімен төмен қарай тұқырта басып қалып еді, ат босанбақ болып бұлқына теңселіп, қырылдай бастады. Нехлюдов осыншама күшке салудың артық болғанын сезіп, өзіне мысқылдай қарап тұрған Юхванкаға көз қиығын тастап қойды да, ананың өзін келекеге айналдырып, іштей балаға теңеп тұрғанын ойлап, қатты қапаланып қалды. Қып-қызыл боп, аттың құлағын қоя бере салды да, аузын кеспелтексіз — ақ ашып, тісін көрді: азу тістеріне дейін аман екен, титтей де мұқалмаған тап — таза, жас қожайынның білігі бойынша бұндай жылқы әлі жас болса керек.

Юхванка бұл кезде лапасқа қарай беттей, тырманың өз орнында жатпағанын көрді де, көтеріп шарбаққа сүйеп қойды.

— Кел бері! — деп барин әлде неге өкпелеген балаша бұртиып көзінен жасы шыға жаздап, ызаға булыққан үнмен шаңқ етті.- Немене, мына ат кәрі ме?

— Рақым етіңіз, тақсыр, әбден қартайған ат қой, жасы кем десе жиырмадан асқан шығар… бұ жылқы…

— Жап аузыңды! Өзің бір өтірікші оңбаған екенсің, адал мұжық алдамас болар: оған алдап керегі жоқ!- деді

Нехлюдов көмейіне кептеліп қалған ащы ызаға қақала сөйлеп. Сосын мұжық алдында жылап жіберіп, масқара болармын деп, тына қалды. Юхванка да үнсіз түр; енді болмаса еңіреп қоя беретін адамның кейпімен мұрнын үсті — үстіне тартып, басын дір-дір сілкіп қояды — Өй, мына атыңды сатып жіберсең, жеріңді немен айдайсың?- Сабасына түскен Нехлюдов үйреншікті даусымен сұрағын жалғай түсті,- тың егіс алдында тойындырып, тыңайтып алсын деп, өзіңді әдейілеп жаяу жұмысқа жұмсаса, сен соңғы тұяғыңды сатып жібермексің? Ең бастысы неге өтірік айтасың?

Барин сабасына түсісімен Юхванка да тынышталды. Өзі тікесінен — тік қаздиған қалпы, еріндері дір-дір етіп, көзқарасын бір заттан екінші затқа ауыстырып, алақтап тұр.

— Біз деген, тақсыр,- деп қойды,- ешкімнен қалыса қоймаспыз.

— Оу, сонда не мініп шығасың?

— Пәлі, шұрқ етпеңіз, мәртебелі тақсыреке, сіздің шаруаны дөңгелетіп жібереміз ғой,- деп атты түртпектеп, қуып тастады — Ақшадан зәру болмасам сатып не жыным бар?

— Сонда ақшаны неменеге жаратпақсың?

— Астық жоқ қой, оның үстіне мұжықтардың қарызын да қайтарып беру керек, тақсыреке.

— Астық жоғы қалай? Анау ошарлы жаны барларда әлі бар ғой, ал салт бас, сабау қамшы саған не көрінді? Қайдағы жау шауып кеткен сені?

— Жеп қойдық қой, мәртебелі тақсыр, бір түйір де дән қалған жоқ. Ал ат дегеніңізді күзге қарай сатып аламын, тақсыреке.

— Атыңды сатам дегенді ойлаушы болма!

— Сонда қалай, тақсыр, бүйтіп көрген күніміз не болады, астық болса жоқ, ештеңені сатуға да болмайды екен, — деп ол ерні дірілдеп, теріс қарап күңкілдеді де, кенет жалт бұрылып, көзін бариннің жүзіне тура қадап, — сөйтіп аштан қат дейсіз ғой.

— Байқа, бауырым!- Нехлюдовтың даусы қатты шығып кетті; боп-боз болып, мұжыққа ашу шақырып тұр — Сендей мұжықты босқа асырай бермеспін. Өз сорың өзіңе.

— Оны өз еркіңіз біледі ғой, тақсыр,- деп анау қасақана қаймыққан раймен көзін жұмды,-жақпайтын болсақ, шара нешік?! Бірақ сіздің алдыңызда кінәм жоқ сияқты еді. Ұнатпай қалсаңыз, өз еркіңіздеміз ғой, дегенмен не үшін күйерімді білмеймін.

— Не үшін деймісің: ашық-шашық аулаң үшін, аршылмаған қи үшін, сынған шарбағың үшін, жұмыс істеудің орнына қалияныңды бұрқылдатып, үйіңнен аттап шықпай отырғаның үшін; жиған-тергенін түгелдей саған санап берген шешеңе бір жапырақ нан бергізбей, қартайған шағында қатыныңа сабатып қойғаның үшін, білдің бе, шыдамы таусылған бейшара маған келіп шағынған жоқ па.

— Құдай ақына, мәртебелі тақсыреке, қалиян дегеніңіздің не екенін де білмеймін,- деп міңгірледі Юхванка, шамасы, оған бәрінен де қалиян тартасың деген айып қатты батқан тәрізді…- Кісінің артынан неше түрлі сөз ере береді екен ғой, тәйірі.

— Тағы да өтірік айтып тұрсың! Өзім көрдім ғой…

— Сізге қалай өтірік айтам, тақсыреке — ау!

Нехлюдов үн шығармай, ернін тістелеп, аула ішінде арлы-берлі жүре бастады. Юхванка орнынан жылжымай, басын көтерместен, барин аяғына қарап тұр. Нехлюдов мұжықтың алдына тоқтай қалып, көңіл күйін сездіргісі келмей:

— Әй, Епифан,- деді бала жұбатқандай бипаздай сөйлеп,- мына тірлігіңмен сен өз түбіңе өзің жетесің ғой. Ойлан, шырақ. Жақсы мұжық болғың келсе, мына тірлігіңді өзгерт, анау ақымақ қылықтардан арыл, өтірік айтпа, ішкенді қой, анаңа сый қыл Сенің жай-күйіңді мен әбден жақсы білемін. Қазынаның ағашын ұрлап сатып, кабак жағалағанша, шаруаңды түзесеңші. Ойланшы өзің, не жақсылық бар осы жүрісіңде! Бірдемеге зәру болсаң, маған кел, не керек, неге керек екенін тура айт, жалған сөйлеп, жылмағайламай, анығын айт, сонда мен де қолымнан келгенін сенен еш аямаймын.

— О не дегеніңіз, тақсыр, білеміз ғой, ондай — ондай ойын сөзіңізді түсінбей не көрініпті бізге, тақсыреке! — деп Юхванка бариннің әзілін әбден ұққан адамның кейпін көрсетіп жымиып қойды.

Оның осынау топас күлкісі мен тосын жауабы, бағанадан бері мұжықтың шамына тиіп, ақыл сөзбен ақ жолға салам ба деп тұрған Нехлюдовтың десін қайтарып тастады. Оның үстіне өзіндей дәулет иесінің мұжыққа ақыл үйреткені де артық көрініп, айтқан сөздері де түгелдей айтуға тұрмайтын әншейін арзан сөздер секілденді. Содан басы салбырап, сенекке шықты. Сыртқы есіктің табалдырығында ыңырсыған кемпір отыр, өзі бейне бариннің барша сөзін қостағандай ыңқылдайды.

— Мынаны астыққа жаратыңыз,- деді оның құлағына Нехлюдов қолына ақша ұстатып тұрып,- тек өзің жұмсағын, Юхванкаға берме, ішіп қояды.

Кемпір орнынан тұрмақ боп, қу сүйек қолдарымен алғыс айтпақ шырай танытты; басы қалтаңдап, орнынан тұрғанша Нехлюдов көшенің ана шетіне шығып кетті.

IX

«Давыдка Белый астық пен қазық сұрайды»,- деп жазылған екен кітапшада Юхванкадан кейін.

Бірнеше үйден өткен соң Нехлюдов бір көшеге бұрыла беріп өзінің приказчигі Яков Алпатычқа жолықты, анау баринді сонадайдан көре сала клеенка фуражкасын шешіп, жібек орамалшасын алды да, быттиған қызыл бетін сүртпектей бастады.

Бас киіміңді ки, Яков! Яков, ки деймін, саған айтып тұрмын ғой…

— Қайда барып келесіз, мәртебелі тақсыр?- деп сұрады Яков фуражкасын басына кимей, күн көзіне көлегейлей ұстап.

— Мудреныйға бардым. Айтшы, жарқыным, соның өзі не боп кеткен?- деді барин жүре сөйлеп.

— Не бопты, мәртебелі тақсыр?- деп баринге онша жақындамай, қошамет көрсетіп артынан ілесіп келе жатқан басқарушы фуражкасын киіп, мұртын ширатып қойды.

— Не боптысы қалай? Өзі бір барып тұрған оңбаған екен, жалқау, ұры, өтірікші, тапқан шешесіне жаны ашымайды, әбден бұзылып болған, тегі ешқашан түзеле қоймас, оңбаған.

— Қайдам, мәртебелі тақсыр, сізге солай боп көрінген шығар.

— Өзінің әйелі де,- деп барин басқарушының сөзін бөліп жіберді,- бір әзәзіл сұмпайы болар, тегі. Кемпірдің үстіне кигені қайыршыға бергісіз, ішерге астары жоқ, ал ана қатын әлем-жәлем киініп ап, сылаңдап жүр, байы да сол. Бұған қандай дауа бар — мүлде білмеймін.

Нехлюдов әңгіме аңысын Юхванканың әйеліне аударған кезде Яковтың қысылып қалғаны аңғарылды.

— Жә, олай құлдырап бара жатса, өз обалы өзіне, мәртебелі тақсыр,- деп бастады ол өз сөзін,- онда шара қарастыруға керек. Жалғызілікті мұжықтардың көрген күні осы ғой, бұның да шаруасы күйкі — ау, дегенмен ол басқалардай емес, аз да болса оз жөнін білетін адам. Ол өзі білікті, сауатты мұжық, тегі бар ғой, адал жан секілді, сірә да. Жан салығын жинарда ешқашан қалмайды. Мен басқарған үш жылдың ішінде староста болып келеді, теріс қылығын байқағамыз жоқ. Үшінші жылы қорғаншымыз орнынан түсірді, бірақ төменгі жұмыста да теріс қылық көрсетпеді. Әлгі қалаға кіре тартып жүрген кезде аздап ішкілікке салынғаны рас, онысына шара қарастырған жөн. Ондайда кияңқылық көрсете бастаса, қорқытып қоясың — бітті, дереу есін жиып ала қояды: құда да тыныш, құдағи да тыныш дегендей, өзі де тыншиды, үй-ішінің де мазасы кетпейді; ал сізге бұндай шара аз көрінетін болса, онда бұған не дауа барын мен де білмедім. Өзінің бірден-бірге құлдырап баратқаны тіпті рас. Солдаттыққа жарамайды, өйткені, өзіңіз де байқаған шығарсыз, екі тісі жоқ. Шынын айтсам, құдайдан қорықпайтын жалғыз бүл емес-ау…

— Жо, о жағын қоя тұр, Яков,- деді Нехлюдов сәл-пәл жымия түсіп,- о жайлы екеуміз көп сөйлестік қой. Менің ойым қандай екенін өзің білесің: енді сен қалай сөйлесең де мен сол ойымнан айнымаймын.

— Әлбетте, мәртебелі тақсыр, бұның бәрі өзіңізге белгілі жайттар ғой,- деп Яков иығын қусыра қопаңдап, баринге ту сыртынан көз тастады да, одан өзіне жетісерлік ештеме таппағандай боп, іш тартып қалды,- Ал анау кемпір жайына келер болсақ, оның қамын жеп қиналғаныңыз бекершілік,- деп сөзін жалғай түсті,- әсілі оның шиеттей жетімектерді асырап, адам еткені, Юхванды үйлендіргені рас, басқа еңбектері де аз емес, бірақ күллі шаруа қауымында солай ғой, айталық, әкесі ме, шешесі ме — бәрібір, әйтеуір баласына шаруа — жайды өткізіп берісімен сол үйдің иелігі де, қожалығы да әлгі бала мен келінінің қолына көшеді де, кемпір-семпір деген әл — қадары келгенше өз нанын өзі тауып жеу керек — те. Жалпы шаруа атаулының рәсімі осындай, олар әлгі сезім — пезім деген нәзіктіктеріңізге бой алдырмаған. Содан да кемпір байғұс сіздің мазаңызды босқа алған екен деуге аузым барып тұр. О кемпір ешкімнен ақыл сұрамайды, шаруаға да мықты, дегенмен мырзаны неге мазалағанын түсіне алмадым? Мықтаса келінімен ұрсысып қалған шығар бәлки, онысы кеудесінен итеріп жіберген шығар — ұрыспайтын қатын бар ма?! Сізді барып мазалағанша қайтадан татуласа салмас па. Сіз де не болса соған қинала береді екенсіз осы,- деп қойды басқарушы, өзінің алдында көшенің басына қарай қарыштай адымдап бара жатқан баринге әлдебір кешірімділікпен мүсіркей қарап қойып.- Үйге қайтасыз ба?

— Жоқ, Давыдка Белыйға, әйтпесе әлгі текешікке… қалай еді, қандай Козел еді?

— Айтып қояйын, бұлар да бір бәле болды. Тегі, Козлов дегендеріңіз тұқым-тұяғымен сондай. Істемегенім қалмады — бірақ ештеме өтпейді, өтпейді — ау. Кеше егістікті аралап едім, ол әлі қарақұмықты да екпепті, бұ халыққа не шара? Баланы баулыр әке жоқ, ана шал — үлкен теке — сақалы шошаңдап түк тындырмайды: оз шаруасын алса да, барщинаға барса да бәрібір пайда жоқ. Бұ қақпасты жөнге саламыз деп қорғаншы екеуміздің істемегініміз қалмады — қосқа да сап көрдік, үйде де талай жазаладық — сіз бұнымызды, әлбетте, жақтай қоймассыз…

— Кімді? Шынымен шалды ма?

— Иә, шалды. Қорғаншы оны қанша рет дүйім жұрттың алдында дүрелетті дейсіз, сонда бар ғой, сенесіз бе, мәртебелі тақсыр, мыңқ етпейді — ау, үстін қағады да, жүре береді. Оның үстіне бар ғой, Давыдка деген тәртіпті мұжық, есті мұжық, шылым шекпейді -мүлтім бар, арақ ішпейді,- деп қойды Яков,- бірақ қылығы ішкен адамнан астам. Бұған бір-ақ зауал бар — не солдатқа алынып тынады, не қонысын басқа жаққа ауыстырып құриды. Тегі, Козлов тұқымы түгелімен осы — ay: анау Матрюшкасына шейін бір оңбағыр өңшең. Сонымен менің сізге керегім жоқ па, тақсыреке?- деп шолақ қайырды басқарушы, бариннің мұны тыңдамай келе жатқанын байқап.

— Жоқ, жүре бер,- деп Нехлюдов жауабын селқос қайырды да, Давыдка Белыйға қарай тартты.

Давыдканың қыңырайған үйі деревня шетінде оқшау екен. Қасында албары да, қой қорасы да, қамбасы да жоқ, бір жағында жанастыра салынған лас сиыр қорасы бар, екінші жағында амбар салуға арналған шыбықтар мен бөренелер үюлі жатыр. Баяғыда аула болған жердің орнын біп-биік жасыл қурай басып кетіпті. Балшыққа аунап, шұрылдап жатқан жалғыз шошқадан өзге тіршілік иесі көрінбейді үй маңында.

Нехлюдов сынық терезені тақылдатты да, ешкім үн қата қоймаған соң сенекке тақап: «Қожайындар — ау!» — деп айқай салды. Бұнысында да жауап естімеді. Сенектен өтіп, қаңыраған қораға бас сұқты да, есігі ашық үйге кірді. Мойын жүндері үрпигең, кәрі қызыл қораз бен екі тауық тұяқтары тарсылдап еден мен сәкі үстінде сырт-сырт басып жүр екен. Олар, үйге кірген кісіні көре сап қанаттарын сабалап, ойбай сала бажалақтап, керегеге шапшыды, біреуісі тіпті пештің үстіне шығып кетті. Аясы алты кез бөлме ішінде мұржасы қираған пештен, қап-қара үстелден айналарға орын жоқ.

Айнала құрғақ болғанмен шатыр мен тесік төбеден аққан жаңбырдан табалдырық алдына шалшық су жиналып қалыпты. Сәкі деген атымен жоқ. Үйдің ішкі-сыртқы күйкілігі, қаңыраған жадау сыйқы сондай — оны тірі пендеге мекен болар баспана деп ойлау қиын еді, дегенмен Давыдка Белый күллі отбасымен осы үйде тұратын-ды. Дәл осы сәтте, мизам айының шыжыған ыстық күніне қарамастан, Давыдка басына шолақ тонын бүркеніп алып, пештің түкпірінде қалың ұйқының құшағында жатқан болатын. Шошығаннан пештің үстіне шығып кетіп, әлі тыныш алмай, Давыдканың жотасында алшаңдап жүрген тауық та оның ұйқысын бұза қоймады.

Үй ішінен ешкімді көре алмаған соң Нехлюдов енді сыртқа беттей беріп еді, пеш жақтан ыңырси естілген күрсініс қожайын жайынан хабар бергендей болды.

— Әй! Бұ қайсың! — деді барин.

Пеш үстінен тағы да ыңырсу естілді.

— Оу, бұның не?

Пеш үстінде әрең — мәрең қозғалыс сезілді, тозығы жеткен тұлыптың етегі салбырады, жыртылған лапоть2 киген үп — үлкен аяқ көрінді, сосын екінші аяқ созылды, содан кейін дәу жұдырығымен көзін әрі жақтырмай, әрі жалқаулана уқалап отырған Давыдканың өзі көрінді. Басын жайлап тұқырта түсіп, есінеп қойып, үй ішіне көз жібері де, баринді көріп, бұрынғысынан гөрі шапшаңырақ бұрылмақ болды, бірақ ыбылжып, баяу қимылдағаны сондай — Давыдка пештен түсем дегенше, Нехлюдов шалшық судан өрмек ағашқа дейінгі аралықты үш рет кесіп өтіп үлгірді. Давыдка Белый айтса — айтқандай аппақ екен: шашы да, тәні де, беті де айырықша ақшыл Өзінің бойы — биік, денесі — семіз біткен, бірақ семіздігі еркекке лайық, яғни қарынға емес, жалпы денеге біткен семіздік. Дегенмен, жуандығы бір түрлі бос, жұп — жұмсақ, дімкәс тәрізді. Көгілдір сұрқыл жанарлы, қалың қаба сақалды әдеміше жүзінде де әлдеқандай сырқат табы бар сықылды. Күн шалмаған боп-боз бетінде қан-сөл жоқ, көзінің айналасында білінер-білінбес күлгін көлеңке бар, қуқыл — сарғыш реңді бет-әлпетін түгелдей май басып, немесе ісініп кеткендей. Қолы да тырсылдаған сеп-семіз, шемен су жиналғандай сап-сары, білегін басқан түгі де аппақ. Ұйқысын әлі де аша алмай, көзін жұмған қалпы, үсті-үстіне есінеп, теңселіп түр.

— Өй, өзің бір ұятсыз екенсің ғой, — деп бастады сөзін Нехлюдов, — аш қалдық, астық жоқ, албар жасар қазық жоқ деп еңірегенде етегің толады, ал шаңқай түсте шалқаңнан түсіп, ұйқыға басқан мына жатысың не?..

Давыдка ұйқысын ашып, алдында тұрған барин екенін аңғара салысымен-ақ екі қолын қарнының астына қусырып, басын бір жағына қисайта салбыратып жіберді де, қимылсыз қатып қалды. Өзінде үн жоқ, бірақ бет-әлпетінде, күллі кейіп — пошымында: «Білем, білем, бірінші рет естіп тұрған сөзім емес. Жә, сабай беріңіз, шыдаймыз да — үйреншікті іс қой, тәйірі», — деген нышан бардай. Бариннің сөзді тезірек доғарып, оның орнына өзін таяқтап алуын, тіпті быттиған бетінің отын шығара шапалақтап, жақсылап сабап салып, істі сонымен тындыруын қалап тұрғандай. Давыдканың онша ұғыныңқырамай тұрғанын аңғарған Нехлюдов мұжыққа сан алуан сауал қойып, оны осынау бір неге де болса көнген бағынышты тығырықтан шығармақ болды.

— Менен несіне ағаш сұрап жүрсің? Өзіңнің де ағашың бар екен ғой? Бір айдан бермен бостан-бос жатыр, ең бір қол бос шақта құрдан-құр қарап жатыр, а?

Давыдка үн де қатар емес, қозғалар да емес.

— Өй, жауап берсеңші!

Давыдка бірдеме деп міңгірлеп, ақүрпек кірпігін қағып қойды.

— Ау, ағайын, жұмыс істеу керек қой, жұмыссыз бола ма екен? Міне, енді астығың да таусылыпты, соның сыры неде? Сыры мынада — жеріңді жаман айдағансың, жөнді қопсытпағансың, тұқымды уақтылы сеппегенсің — бәрі де жалқаулықтың зардабы. Енді менен астық сұрайсың, жарайды, мен саған берермін, өйткені аштан өлгенің болмайды ғой, бірақ бұның өзі келісті іс емес. Сонда мен саған кімнің астығын беремін? Кімдікін береді деп ойлайсың? Айтшы өзің: кімнің астығын берем мен саған? — деп Нехлюдов қояр емес.

— Байекемдікін, — деп күбірледі Давыдка оған сұраулы пішінмен жасқана көз тастап.

— Ал байекең қайдан алмақ? Ойлашы өзің, оның жерін кім айдайды? Маялайды? Егінін кім салады, кім орады? Мұжықтар ғой? Солай ма? Енді бермен қарағын: бай астығын мұжықтарға үлестіретін болса, онда ең алдымен соған еңбегі сіңгендерге көбірек беру керек, ал сен өзгелерге қарағанда өте аз, өте аз істедің жұмысты, — барщинаға қатысқандар солай дейді; аз істейсің де, бай астығын басқалардан көп сұрайсың. Сонда басқаға бермей, саған неге беру керек? Егер елдің бәрі сен құсап жамбастап жата берсе, бәріміз де әлдеқашан аштан қатар едік қой. Жоқ, бауырым, еңбек ету керек, ал мына жатысың -жаман қылық, Давыдка, білдің бе?

— Білдім, — деді анау тісінің арасынан сыздықтай сөйлеп.

X

Осы кезде терезеден иығындағы әпкішке жуылған кір артқан шаруа әйелінің басы қараң етті де, сәлден соң үйге Давыдканың шешесі, жасы елуді еңсерсе де әлі қартая қоймаған қағылез әйел келіп кірді. Әжімі көп шұбар ала жүзі сұрықсыздау көрінгенімен қыр мұрынды, тымырайған жұқа ерінді, жылтылдаған сұрқай жанарынан әлдеқандай парасат пен жігер аңғарылады. Иығының үшкілдігі, жып-жылмағай төсі, семіп қалған қолдары мен қара сирағындағы бұлшық еттерінің ұлғайып кеткендігі оның әйелдіктен әлдеқашан ада болып, жұмыскерге айналып кеткендігін көрсеткендей. Ол үйге именбей кіріп, есікті жапты да, желбегейін түзеп қойып, баласына шатынай қарады, Нехлюдов оған бірдеме айтпақ боп еді, әйел теріс бұрылды да, өрмек ағаштың арғы жағынан сығалап тұрған қара иконға қарап шоқына бастады. Шоқынып болып, басындағы кірлеген шақпақ орамалын түзеп қойды да, баринге иіліп сәлем қылды.

— Христос мейрамы құтты болсын, мәртебелі тақсыр, — деді ол, — құдайым жар бола көрсін өзіңе, әкетайым…

— Рахмет, Арина, — деді оған Нехлюдов. – Шаруа — жайларыңды балаңмен ақылдасып тұр едім.

Қыз кезінде мұжықтар Аришка Бурлак атандырып кеткен Арина сол қолының алақанына оң қолының шынтағын салып, ал жұдырығымен иегін тіреп тұрып, бариннің сөзін аяғына шейін тыңдап болмастан шаңқылдап сөйлей жөнелді. Баж-баж еткен даусының аштылығы сондай аула жақтан құлақ салған кісіге үй ішінде бір топ қатын шарқылдасып жатқандай естілер еді.

— Әкем — ау, онымен ақылдасатын не бар, не бар ақылдасатын. Бұл милау адамша сөйлей де білмейді ғой. Тұрысын қарашы мөлиіп, — деп Давыдканың аянышты зор тұлғасына қарай бас шұлғып қойды. — Маған біткен қайдағы шаруа — жай, айналып кетейін, тақсыр-ау? Біз деген нағыз жалаңаш кедейміз ғой, күллі слободкаңда бізден сорлы пенде жоқ: өзімізге де жетпейді, барщинаға да жетпейді, масқара! Бәрі осының кесірі. Дүниеге келтірдік, бақтық — асырадық, тапқан-таянғанымызды осының аузына тосып, ер жетер, сүйеніш болар деп асығып едік. Сондағы тапқанымыз міне: ас ішіп, аяқ босатқаннан басқа пайдасы жоқ, бұл да бір, анау шірік астау да бір. Пешке шығып ап, бөрсеп жатқаны, әйтпесе анау шөкімдей миы жоқ, есуас басын бүйте — еп тырналап отырғаны, — деп баласын келемеждеп қойды. – Әкем — ау, бұ маубасты тым болмаса өзің қорқытып қоймайсың. Бір тілегімді өтеші менің: құдай үшін жазасын берші өзінің, солдатқа айдат, бәрібір! Шыдамым таусылды, бітті.

— Өй, мынауың масқара ғой, Давыдка, шешеңді осыншама түңілдіргенің қалай? — деді Нехлюдов мұжыққа назалана қарап.

Давыдка қыбыр етпеді.

— Ауру болса бір сәрі ғой, — деп қойды Арина сол қимыл, сол үнінен таймай, — ал бұның сыйқы мынау: диірмен төңірегіндегі тегін асқа семірген шошқадай. Жып-жылтыр, тырсылдап отыр! Түріне қарасаң, қандай ауыр жұмыстан да азбастай көрінеді. Ал пештен түспей, жалқаулыққа жем болып жатысы анау. Алда-жалда бірдемеге қол ұшы тиіп кетсе, шыққыр көзім онысын көрмей-ақ қойсашы: бір тұрып, бір жүріп, аһылап-үһілеп, қорбаңдап, — деп шұбалта ежіктеп, екі иығын екі жағына кезек-кезек ебдейсіз еңкейтіп, тағы да келеке қылды. — Шал байғұс бүгін орманға шырпы жиып келуге кетіп бара жатып бұған шұңқыр қазып қой деп тапсырып кеткен болатын, не шара, қолына күрек ұстаған жоқ әлі… (Бірер сәт үнсіз қалды)… Әй, сорлы басым, осыдан-ақ тарттым — ау! — деп шаңқ етіп, ұруға ыңғайланғандай қолын көтеріп, баласының қасына жетіп барды. — Өй, жылтыр тұмсық неме, құдайым кешірсін! (Арина қатты томырылған, өшпенді шыраймен жалт бұрылып, түкіріп тастады да, сол баяғы екпінінен таймай, жыламсыраған қалпы баринге қарап, қолын сермелеп сөйлей жөнелді.) Өзімнен басқа сенерім жоқ, асыраушы нем. Шалым болса дімкәс, кәрі, одан келер пайда шамалы, қайда барсам да қарақан басым. Қара тас та қақ жарылар бұндайда. Бұдан да өліп қалғаным жеңіл болар еді ғой. Түбіме жетті — ау оңбаған! Айналайын әкем — ау! Шыдамым бітті! Келінім зорығып өлді — өзім де соның кебін киемін.

XI

— Зорығып өлгені қалай? — деді Нехлюдов секем алып.

— Иә, зорығып өлді, асыраушы нем, құдай ақына, зорығып өлгені рас. Алдыңғы жылы Бабуриннен түсірген болатынбыз, — деп ол өзінің бұрынғы ызалы кейпін жыламсыраған қайғылы райға ауыстыра қойды, — өзі де жап — жас, бұзылмаған, жуас қатын еді, айналып кетейін. Өз үйінде жеңгелерінің арқасында ауыр жұмыс көрмей өскен бала біздікіне келісімен-ақ, шаруа — жайымызды көрісімен — ақ үйде де, түзде де бір байыз таппай, барщинаға да барады, үйге де қарайды, әйтеуір қайда жұмсасаң сонда. Ол және мен, ертеден қара кешке дейін екеуміз ғана. Мені құдай ала ма? Мен деген талайды көрген көнбіспін, ал оның аяғы ауыр болатын, әкетайым, оның үстіне бәле-жала дегендей: сонда да мойымай істей берді — сөйтіп жүріп зорыққанын байқамапты, байғұс. Жазда, Петр әулиенің мейрамы кезінде еркек бала тауып алды, сорына туған екен ғой, қара жер хабар бермегір; нан жетпейді — астық жоқ, оны — мұны қаужап, талшық еткен боламыз, оның үстіне қауырт жұмыс та басып кетті — содан емшегі суалды да қалды. Тұла бойы тұңғышы, сиыр болса жоқ, мұжық байғұстың көрген күні осы той емізік тамақ болсын ба! Содан ол бұ қатын мінез ақымақтықты қойсаңшы, қиналған үстіне қиналып, мүлде торыға түсті. Нәрестесі дүние салған соң мүлде құса басып, сұңқылдап жылайды да отырады, оған қоса жоқшылық бар, жұмыс бар, күннен — күнге нашарлай берді: байғұстың жаз бойы жадап-жүдеп, азаптанғаны сондай покров қарсаңында өзі де қайтыс болды. Обалы мынаған, сұрқия! — деп ол баласына тағы да қатты ашумен қабарып төне түсті… Сосын біраз үндемей тұрып — тұрып, еңкейіп тәжім етіп, бәсең дауыспен сөзін жалғады, — саған қояр бір тілегім бар, мырзам.

Әңгіме әсерінен әлі де арыла қоймаған Нехлюдов:

— Нендей? — деп селқос қана сұрады.

— Бұл әлі жас мұжық қой. Менің күйім белгілі: бүгін бар, ертең жоқ. Сонда ол әйелсіз қалай өмір сүрмек жалғыз өзі? Саған мұжық болудан да қалады ғой. Осы жағын өзің ойланып көрші, әкетайым.

— Демек сен оны үйлендірмексің ғой? Несі бар? Жөн-ақ!

— Құдайы рақымшылығың болсын, әкеміз де, шешеміз де өзіңізсіз.

Сөйтті де баласына иек қағып, екеуі бірдей бариннің аяғына жалп етіп жығылды.

— Несіне жерге тәжім етесің? — деп реніш білдірді, Нехлюдов оны иығынан көтеріп тұрғыза беріп. — Былайша айтуға болмай ма? Менің бұндайды жақтырмайтынымды өзің білесің ғой. Балаңа келіншек әперем десең, мейлің, көздеп жүрген қалыңдық болса, оған қуанғаннан басқа не айтам.

Кемпір орнынан тұрып, құп-құрғақ көзін жеңімен сүрте бастады. Давыдка да одан көргенін істеп, семіз жұдырығымен көзін уқалап қойып, сол баяғы бағынышты — момын пішінмен Аринаның сөзіне құлақ тосып тұра берді.

— Қалыңдықтар бар ғой, болмай қайда кетуші еді! Анау Михейкиннің Васюткасы да жақсы қыз, бірақ өзің әмір қылмасаң тимейді.

— Немене, келісім бермей ме?

— Жоқ, жебеушім, келісім бермей тұр ғой!

— Онда қайт дейсің? Мен зорлай алмаймын, басқа қалындық іздеңдер: өзімізден болмаса, өзге жерден табылар, әйтеуір келісімін берсе болды, қалыңын мен төлеймін, бірақ зорлап әперуге болмайды. Ондай заң да жоқ, олай ету үлкен күнә болады.

— Ә – ә — әй, жарылқаушым — ай! Мына тірлігімізді, кедейшілігімізді өз көзімен көріп тұрып кім келісім бере қоюшы еді? Байы солдатқа кеткен жесір қатын да мына жоқшылыққа өз еркімен мойын ұсына қоймас. Қандай мұжық өз қызын біздің босағаға еркімен жіберетін? Ондай өжет жоқ. Өйткені біз тыр жалаңаш кедейміз, жұтаған қайыршымыз. Бір келінін аштан өлтірді, менің қызымның жайы не болмақ десе қайтем? Кім келіссін, — деп күдіктене бас шайқады, — өзің ойлашы, мәртебелі тақсыр.

— Неғыл дейсің сонда маған?

— Бір амалын ойластырсаңшы енді, айналып кетейін, — деп Арина да қиылып тұрып алды, -қайтеміз біз?

— Не ойластырмақпын сонда мен? Бұндай жағдайда сендерге мен де ешқандай жәрдем жасай алмаймын.

— Өзің болмасаң, кім ойластырады біздің жайымызды? — деді Арина басын салбыратып, мұңайған пішінмен қолын жайып.

— Сұраған астықтарыңды бергізейін, — деді барин аз үнсіздіктен соң; бұл кезде Арина аһылап-уһілеп, Давыдка да соған қосыла ауыр-ауыр күрсініп тұрған болатын. — Менің қолымнан одан өзге ештеңе келмейді.

Нехлюдов сенекке шықты. Шешелі-балалы екеуі бас шұлғысып, тағзым етісіп оның соңынан ілесе шықты.

XII

— О — оу, жоқшылық — ай! — деп Арина кеудесі қарс айрыла күрсінді.

Тоқтай қалып, баласына ашулана қарады. Давыдка сол сәт теріс бұрылып, былғаныш дәу шабата киген жұп — жуан аяғын табалдырықтан әрең асырып, екінші есікке кіріп кетті.

— Әкем — ау, не істеймін бұны мен? — деп баринге қарап сөзін жалғай түсті Арина. — Қандай екенін өзің көріп тұрсың ғой! Жаман мұжық емес ол, маскүнемдігі жоқ, момын мұжық, бала екеш балаға да зияны жоқ, артық айтып обалы не: тірі пендеге зияны жоқ бейбіт жан, өз — өзіне келгенде не пәлесі барын бір құдайдың өзі білсін. Онысына өзі де өкінішті, әрине. Сенемісің, әкетайым, мына бейбаққа қараған сайын, тартқан азабын көрген сайын жүрегім қан жылайды. Қандай болса да менің ішімнен шықты ғой, жаным ашиды, ашығанда қандай!.. Тегінде, оның өзі маған да, әкесіне де, бастыққа да еш қиястығы жоқ, жасқаншақ жан, тіпті бала десең де саяды. Қалай кешіп отырмақ? Осы шаруамыздың бір ыңғайын тап енді, жарылқаушым, — деп қайталай қиылды қатын, тегі, өзінің әлгіндегі шапылдаған бажалағынан қалған жаман әсерді жуып-шайғысы келген сыңайы бар… -Мен, мәртебелі тақсыр әкетайым, — енді сенім білдірген сыбырға көшті, — былай да көрдім, олай да көрдім: неліктен бұндай боп өскеніне ойым жетпей-ақ қойды. Әй, дәу де болса бір жауыздардан келді-ау деймін. (Аз-кем үнсіз тұрды). Емші тапса, жазылар еді.

— Не тантып тұрсың, Арина! Бүлдіргені несі?

— Ой, әкетайым — ау, бүлдіргенде қандай, өмір бойы адам болудан қалдырады! Дүниеде зұлым жандар аз деймісің! Зұлымдыққа барам десе, басып кеткен ізінен бір шөкім топырақты алады да… әйтпесе тағы бір пәле жасап… сыйқырлап бүлдіреді де қояды; бәле деген қиын ба? Бір ойым бар, әлгі Воробьевкада тұратын Дундук деген шалға барсам қайтеді: дуалы сөзді де біледі, шипалы шөпті де таниды, ем-домы да қонымды, крестен су да ағыза біледі деседі өзін; соның септігі тимес пе екен, ә, емі қонып, жазса?!

«Әй, қайыршылық жайлаған қараңғылық — ай!» — деп ойлады жас барин басын тұқыртып алып, деревняның төменгі шетіне қарай кең адымдап ылдилап келе жатып. — Не қыларға бұған? Өзім үшін де, өзгелерге өнеге үшін де, тіпті оның өзі үшін де мына мұжықты дәл осы күйінде қалдыруға болмайды, — осы сөздерді өзінен-өзі іштей қайталап, себептерін саусақтап санап келеді. — Мен оның мына кейпін көргім келмейді, бірақ нендей шара бар? Шаруашылық басқарудағы небір жақсы жоспарларымды бұзатын болды. Бұндай мұжықтар тұрғанда менің арман — мақсатым ешқашан орындалмайды, — деп әлгі жоспарларының бұзылуына себепкер болған мұжықты зығырданы қайнай еске алып қойды. — Өз пайдасын өзі ойламайтын болса, Яков айтқандай, қоныс аудартып жіберген жөн бе, әлде солдатқа айдаған дұрыс па? Сөйтсе, әрі мына пәледен де құтылам, әрі орнына тәуір мұжық алам…»

Осы ойына іштей бекініп, риза бола түсті: бірақ соған қоса миының әлде бір түсініксіз қалтарысынан: бұның біржақты шолақ ой, жаңсақ ой деп сыбырлағандай болады. Тоқтай қалды. «Тоқташы, осы мен не ойлап келемін? — деді ол өзіне-өзі. — Иә, солдатқа жіберу не қоныс аудару. Не үшін? Ешкімнен кенде емес, талайдан озық, жақсы адам шығар, мен бәрін біле берем бе?.. Босатып қоя берсемші? — деп мәселені бұрынғысындай емес, екінші жағынан ойластыра бастады.

— Жоқ, олай етуге болмайды, ондай іс әділетке де жатпайды». Сол арада аяқ астынан тағы бір ой келіп, қуанып кетті; алдында тұрған қиын есепті шешкен адамдай жымиып қойды. «Өз қолыма алып, өз бақылауыма салып, жылы сөзбен, жұмсақ алақанмен сипап, жұмысты таңдап беріп, еңбекке үйретуім керек, жөнге салуым керек».

XIII

Нехлюдов қуанышты мақтанышпен өзіне — өзі: «сөйтейін»,- деді де, Дутлов деген бай мұжыққа кіріп шығуы керек екені есіне түсіп, деревняның қақ ортасында тұрған қос мұржалы, еңселі де кең қима үйге беттеді. Тақап келгенде көршілес үйдің қасынан жасы қырықтар шамасындағы, жұпыны киімді бойшаң әйелге қарсы жолықты.

— Мейрамыңыз мүбәрәк болсын, әкетай,- деді әлгі қатын еш именбестен, қасына тоқтай қалып, қуана күлімсіреп, сәлем жасап.

— Сәлеметпісің, сүтене?- деп жауап қайтарды бұл,- халің қалай? Көршіңе бара жатыр едім.

— Жаман емес, жарылқаушы мырзам, жөн ғой. Ал біздікіне бармайсыз ба? Біздің шал қандай қуанар еді!

— Несі бар, кіре шығайын, әңгімелесейік, сүтене. Осы ма сенің үйің?

— Осы, әкетайым.

Сөйтті де сүтенесі алға түсіп жүгіре жөнелді. Оған ілесе сенекке өткен Нехлюдов ағаш кеспекке отырып, папирос алып тарта бастады.

Сүтенесі үйге кір деген мезіретіне:

— Үйдің іші қапырық қой, одан да осында отырып сөйлесейік,- деп жауап қайтарды. Сүтене әлі қартая қоймаған әдемі әйел екен. Бет әлпеті, өте-мөте баданадай қара көздері бариннің өңіне қатты ұқсайды екен. Қолын перде астына тығып, баринге жасқанбай батыл қараған қалпы, басын тоқтаусыз бұлғақтата отырып сөйлеп кетті:

— Сонда, әкем — ау, Дутловта не шаруаң бар?

— Отыз десятинадай жерімді соған жалға өткізсем, сөйтіп ол өз шаруашылығын ұйыстырса, сосын маған қосылып орман сатып алса деп ойлап едім. Ақшасы бар ғой, сол ақшаның бос жатқанынан не пайда? Осы жайлы оз пікірің қандай, сүтене?

— Не десем екен? Белгілі ғой, әкетайым, Дутловтар әулетті адамдар; осы атыраптағы мұжықтардың маңдай алдысы десе болады,- деді сүтене басын шұлғи түсіп.- Өткен жаз анау еңселі үйді өз ағашынан салып алды, мырзаларға салмақ салған жоқ. Құлын-тайын қоспағанда жиырма шақты жылқысы бар, ал өгіз, сиыр, қой дегеніңізді өрістен қайтқанда қатын-қалаш жөндеп қайырып алмаса, қақпа алдында кептеліп қалып, шатақ болды дей беріңіз; екі жүз омартадай,- әлде одан да коп пе екен,- бал арасы және бар. Өте ауқатты мұжық, ақшасы да болса керек.

— Қалай ойлайсың, ақшасы коп пе?- деп сұрады барин.

— Ел айтады, белгілі ғой — мүмкін көре алмаушылық шығар, шалдың ақшасы аз емес деседі; әлбетте, аз ба, көп пе, онысын шал айта қоймайды, тіпті балаларына да сыр аша қоймас, дегенмен ақшасы болу керек. Орманнан неге қашсын? Ақша дақпырты елге тарап кетеді деп қорқа қоймас. Осыдан бес жылдай бұрын Шкалик — аулашымен бірге енші қосып, шабындық алғаны бар, бірақ кейін Шкалик алдап кетті ме, әйтеуір шал үш жүз теңгедей ақшасынан айырылып қалған; содан ондай шаруамен айналысуды қойған. Ұқыпты болмай қайтсін, тақсыр-ау,- деп сүтене сөзін онан әрмен жалғай берді,- жерлері үш ен, жанбасы көп, бәрі де жұмыскер, ал шалдың өзі, жамандап керегі не,- шынын айтқанда нағыз іскер қожайын. Қолынан келмейтіні жоқ, тіпті жалпақ елді таң — тамаша қайран қалдырады; егін салса да жылқы өсіріп, өгіз бақса да, бал арасын асыраса да, бала тәрбиелесе де — баршасында бағы жанып жолы болып тұрады. Қазір балаларын түгел үйлендірді. О баста келіндерін өз ішіміздегі қыздардан түсіруші еді, енді Илюшкасына бас еркіндігі бар қалыңдық алып берді, бостандық құнын өзі төледі. Және әлгісі жақсы қатын боп кетті.

— Қалай өздері тату тұра ма?

— Отағасы бар үйде тәртіп те болады. Қаншама Дутловтар дегенмен қатындардың аты қатын ғой, аяқ — табақ салдырамай тұрмайды; келін-кепшік пеш артында керілдесіп те қалады, ал бірақ бәрі де шалға кеп жүгінеді де, балалары шаң — шұң шығармай, татулықта тұрады.

Сүтене біраз үнсіз отырды.

— Енді шал үлкен ұлы Карпты шаруашылыққа қожайын ғып қоймақ көрінеді деседі жел сөз. Өзім болсам қартайдым, ендігі орным бал араларын бағу деседі-міс. Ал Карл болса, жақсы мұжық, ұқыпты мұжық, дегенмен де шалдай қожайын болу қайда оған. Ондай ақыл оған бітпеген ғой!

— Кім біледі, бәлки, Карл жерден де, орман-тоғайдан да бас тарта қоймас, а, қалай ойлайсың?- деп, сүтенесінен көршісі жайлы барша мағлұматын біліп алғысы келіп, барин тағы да тақымдай түсті.

— Әй, қайдам, әкетайым,- деді сүтене,- шал баласына ақша жағын аша қоймаған. Көзі тірісінде, қолында ақша барда шал бәрін де өз ақылымен істейді; басқалары көбіне алып кел барып келмен жүреді.

— Ал шал келіспес пе екен?

— Қорқады.

— Неден қорқады?

— Әкетайым — ау, мұжық өз мырзасы алдында ақшасын жайып салып, жариялағаны жараса ма? Өйтсе жаман айтпай жақсы жоқ, күллі ақшасынан айырылып қалуы да әбден ықтимал ғой! Әлгі аулашымен енші қосам деп алжасқаны анау. Не деп соттасады онымен! Сөйтіп ақшадан айырылды; ал помещикпен жалғасса, жиған — тергенінен түп-түгел жұрдай болары хақ емес пе!

— Жә, оның өзі… — деп Нехлюдов қызарып кетті,- Қош боп тұр, сүтене.

— Қош болыңыз, мейірлі тақсырым, әкежан. Бас иіп алғыс айтамыз.

XIV

Дутловтардың дарбазасына тақап келгенде әлденеге алаңдап, көңілі жабырқаған Нехлюдов: «Үйге қайтсам ба екен?»- деп ойлады.

Бірақ осы кезде алдынан жап-жаңа тақтай қақпа сықырлап ашылды да, іштен жетегінде әлі тері кебе қоймаған сабалақ түкті үш аты бар, он сегіздерге келген қызыл шырайлы, ақ -сары бас сымбатты жігіт шығып, ақсары шашын сілкіп тастап, баринге тәжім етті.

— Не, әкең үйде ме, Илья?- деп сұрады Нехлюдов.

— Аула сыртындағы алаңқайда,- деді жігіт аттарды бірінен кейін бірін жартылай ашылған қақпадан шығарып тұрып.

«Қой, ұстамдылық көрсетейін, ұсынысымды айтайын, қолымнан келгенді аянбайын»,- деп ойлаған, Нехлюдов аттарды өткізіп жіберіп, Дутловтың кең ауласына кіре берді. Бірден байқады, ауладағы қиды бұлар таяуда тасып әкеткен екен: қыртысы әлі құрғай қоймапты, қап-қара болып жатыр, әр тұста, әсіресе қақпа алдында қызғылт жолақ із қалыпты. Аула ішінде және биік лапастың астында реттеліп жиналған арба — шана, соқалар, астау — кеспек және басқа шаруа мүлкі; жалпайған мықты итарқаның астындағы қара көлеңкеде көгершіндер ұшып-қонып, уілдесіп жүр; қи мен қарамай иісі аңқиды. Бір бұрышта Карл пен Игнат темір құрсаулы үлкен үштік (тройка) арбаға жаңа көпшік салып жатқан-ды. Дутловтың үш баласы да бір-бірінен аумайтын. Нехлюдовқа қақпа алдында кездескен кішісі Илья өзгелерінен аласалау, әлі сақал қоймаған, бетінің қызылы молдау, әрі ағаларына қарағанда сәнділеу киінген; екіншісі — Игнат, одан гөрі бойшаң, қаралау, шоқша сақал қойған және аяғына етік, үстіне жәмшік жейде, басына қозы жүн қалпақ кисе де інісіндей кербез, басарлы кейіптен ада. Үлкені, Карл, одан да биік, аяғында шабатасы, үстінде жұпыны жейдесі мен сұр кафтаны бар, жирен сақалы жайыла өскен түсі де қату, тіпті тұнжыраңқы дерлік.

— Әкемді шақырайын ба, мәртебелім?- деді ол баринге жақындай беріп, ебдейсіз қимылмен тәжім етіп.

— Жоқ, өзім барып, жасағандарын өз көзіммен көрейін; ал сенімен бір әңгіме бар,- деп, Нехлюдов өзінің Карпқа айтпақ әңгімесін Игнат естіп қоймасын дегендей, ауланың шетіне қарай беттеді.

Мына екі мұжықтың барша жүріс — тұрысындағы дандайсыған тәкаппарлық пен сүтене айтқан сөздердің жас баринге қатты әсер қалдырғаны соншалық — ол ойына алған іс жайлы әңгімені қалай бастарын білмей қиналды. Өз — өзінен қуыстанып, кінәлі адамдай сезініп, ағайындылардың қай-қайсымен болса да, бірінің сөзін бірі естімейтіндей етіп, жеке-жеке сөйлескенді жөн көрді. Карл бариннің бұны неге жеке алып шыққанына таңырқағандай шырай танытты да, соңынан ерді.

— Былай,- деді Нехлюдов күмілжи сөйлеп,- саған қояр бір сауалым бар: жылқыларың көп пе?

— Бес тройка ғой, он бес шамалы, құлындары да бар,- деді Карл арқасын қасып тұрып.

— Немене, інілерің пошта тарта ма?

— Поштаны үш ат жегіп тартамыз, ал Илюшка лау боп кеткенболатын, оралған беті осы.

— Қалай, өнімді іс пе бұларың? Қанша табыс түсіресіңдер?

— Қайдағы пайда, мәртебелім? Мықтағанда ішер ас пен ат азығынан артылмайды — оған да құдайға шүкір.

— Онда басқа шаруамен неге айналыспайсыңдар? Орман сатып ап немесе жер жалдауларыңа болады той.

— Оның өзі, мәртебелі тақсыр, ыңғайы келсе, жер жалдауға болар еді, әлбетте.

— Менің сендерге айтар мынадай ұсынысым бар: азық тауып жеу үшін ғана лау айдағанша менің отыз десятина жерімді жалға алыңдар. Анау Саповтағы танапты түгелдей сендерге бергізейін, өздеріңше шаруа бастаңдаршы, түге.

Содан мұжық фермасы жөніндегі өзімен-өзі талай мәрте пысықтаған жоспарының қызығына елтіп алған Нехлюдов көкейдегі арманды мақсатын мұжыққа кідірмей -мүдірмей түсіндіруге кірісті.

Карл бариннің сөзін ден қойып тыңдады.

— Рақымдылығыңызға көптен-көп ризамыз,- деді ол, Нехлюдов сөзін доғарып, оған жауап күте көз жібергенде — Айтқан әңгімеңіздің жөні бар екені рас. Мұжыққа қамшы ұстағаннан гөрі жермен айналысқан пайдалы. Жер кезіп, ел аралап, бұ халық бұзылып барады. Мұжық үшін ең жақсысы — жермен айналысу.

— Сонымен нендей тұжырым айтасың?

— Әкем тірі тұрғанда менде не тұжырым болушы еді, тақсыреке — ау! Со кісі біледі.

— Онда мені әкеңе ертіп баршы, өзімен сөйлесейін.

— Бері жүріңіз,- деп, Карп оны асықпай артқы қорашыққа қарай бастады. Алаңқайға апаратын аласа қақпашаны ашып, баринді өткізіп жіберіп, қайта жапты да, Игнаттың қасына барып, үзіліп қалған жұмысына үнсіз кірісіп кетті.

Нехлюдов аласа қақпашыдан еңкейіп өтіп, көлеңке астынан аула сыртындағы алаңқайға шықты. Үстіне сабан шашылған жыртық — тесік шарбақпен қоршалған шағын алаңқай мизам күнінің көз ұялтар шаңқан да ыстық нұрына шомылып жатқандай; рет-ретімен тәптіштей қойылған, беті тақтай қиындыларымен жабылған балшелектердің үстінде гу-гу ұшқан алтын түсті аралар. Көрші үйдің сабан жапқан шатырынан аса мойын созып, бұйра төбелерін көрсеткен бір топ жөке ағашының қалың өскен жасыл жапырағы ара ызыңына қосыла сыбдыр қағады. Үстін жапқан шарбақтың, жөке ағаштары мен беті қалқаланған балшелектердің көлеңкесі омарта арасынан қылтиған бұйра шөпке шоп-шолақ боп қысқарып, қарауыта түсіп түр. Жөке ағаштарының арасындағы үстін жаңа түскен сабанмен жапқан қима үйшіктің есігі алдында төбесіндегі дөңгелек тазы мен аппақ қудай шашы күн көзіне жалтыраған кішкене шалдың еңкіш тұлғасы көрінеді. Қақпашаның шиқылын естіп, шал жалт бұрылды да, тершіген күнқақты жүзін жейдесінің етегімен сүртіп қойып, момақан пішінмен қуана жымиып, бариннің алдынан шықты.

Омарта тұрған жер сондай жайлы, шадыман, тыныш та мөлдір екен; көзінің айналасын күн нұрындай шашыраған ұсақ әжім басқан, жалаң аяғына әлде қандай үлкен кебісті кие салған ақбас шалдың қорбаңдап, мейірбан жүзбен өзімсірей жымиып кеп, бариннің мынау айрықша мекенінде шабыттана қарсы алғандағы кейіп — келбетінен жылылық баурап кеткені сондай — Нехлюдов бүгінгі сәскенің барша наласын ұмытып, көкейтесті арманына қайта айналып кездескендей болды. Ол енді өзінің барша шаруасын мынау Дутлов шал сықылды бай да мейірбан жандар ретінде елестетті көз алдына, әлгілердің бәрі де бұған шадыман жүзбен қуана қарайды, өйткені оларды байлық пен баққа жеткізген өзі ғой.

— Басыңызға тор жамылмайсыз ба, мәртебелім? Ара қазір ашушаң, талап тастайды,- деді шад шарбақтан бал иісі сіңген кенеп қапты алып, баринге ұсынып тұрып.- Мені аралар таниды, шақпайды,- Күнге тотыққан шырайлы жүзінде бағанағы момақан күлкінің табы әлі бар.

— Маған да керегі жоқ. Немене, топтана бастаған ба?- деп сұрады Нехлюдов, неге екенін өзі де білмей, күлімсіреп.

— Әкетайым, Митрий Миколаич — ау,- деп қойды шал, бариннің есім — атауын айырықша назбен айтып,- осы жаңа, жаңа ғана із сап, топтануға кірісті ғой. Биыл көктем, өзіңіз білесіз, суық болды ғой.

— Ал мен бір кітаптан оқып едім,- деді Нехлюдов шашына оралып, құлақ түбінде ызыл қаққан араны қолымен қағып,- егер балауыз ұя таяқшаларды бойлай тік тұратын болса, аралар да ертерек үйіріледі деп. Ол үшін балшелек жасағанда тақтайшаларды… былай салып…

— Қақпаңыз, әйтпесе онан әрмен құтырынып кетеді,- деді шал,- әлде тор киесіз бе?

Нехлюдов жанына батып-ақ түр, бірақ әлде қандай бала мінезбен онысын мойындағысы келмей, тордан тағы да бас тартты да, балшелек жасаудың өзі «Maison rustigue»-ден оқыған және бұның пайымдауынша, аралардың үйірленіп, топтануын екі есе арттыратын жаңа әдіс жайын баяндай түсті, алайда ара оның мойнын шаққанда әңгіме желісінен жаңылып, сөзін аяқтамай, мүдіріп қалды.

— Оның рас, әкетайым Митрий Миколаич,- деп шал баринге әкелік назбен қамқорси қарап сөйледі,- кітапта доп солай жазылған. Ал оның өзі, бәлки әдейі мазақ үшін жазылған шығар,- оқысын да, дәл біз жазғандай етіп жасасын, ал біз қыран күлкіге батамыз деп. Олай да болады! Сонда араға балауызын қайда жапсыруды үйретуге бола ма екен? О жәндіктің өзі де астау ішінде бірде тік, бірде көлденең жорғалап жүреді ғой. Міне, өзіңіз көріңізші,- деп ол таяудағы шелектің тесігін ашып, ішіндегі ығы-жығы құжынап жүрген араларды нұсқап,- мына біреу жас ара; көрдіңіз бе, бұның есі-дерті аналықта болу керек, қарапайым, балауызды өз ыңғайына қарай біресе тура, біресе қисайта тартып келе жатқанын,- деп шал бариннің хал-жағдайына көңіл аудармай, өзінің сүйікті ісі жайлы әңгімені қызына еселей түсті.- Бүгін өзі кебісін көтеріп келеді, өйткені бүгін күн жылы, бәрі көрініп түр,- деп әңгімесін тәмамдады да, балшелектің тесігін бітеп, жорғалап шыға берген араны шүберектеп басты, сосын қатпар-қатпар желкесінен үш-төрт араны мүйізді алақанымен сыйпап түсірді. Аралар оны талар емес; оның есесіне Нехлюдов омартадан қаша жөнелуге шақ тұрған — ды; аралар оны үш жерден шағып, енді басы мен мойнының айналасында уілдесіп жүр.

— Балшелегің көп пе?- деп сұрады ол қақпашаға қарай шегіншектей беріп.

— Құдайға шүкір,- деп қойды Дутлов күлімсіреп,- санауға болмады, әкем: ара ондайды жақтырмайды. Бері қараңызшы, рақымды тақсыр, сізге айтар бір өтінішім мынау,- шал шарбақ түбіндегі жұқа астауларға қарап сөйледі,- Осип жайлы, сүтенеңнің байы жайлы; тым болмаса сіздің айтқаныңызды тыңдар ма екен: бір деревняда қоңсы отырып былай істегені жарамайды ғой.

— Қалай істегені?.. Өй, мыналар талап барады ғой! — деп барин қақпаның тұтқасына жармасты.

— Қалай деріңіз бар ма, жыл сайын өзінің араларын менің жас араларыма жауып жібереді. Әл жия қоймаған сорлыларға бөтен ара бүйідей тиіп, жапсырған балауыздарын тоз-тоз етіп жұлып тастайды,- дейді шал бариннің әрең тұрғанын байқамай.

— Жарайды, кейінірек сөйлесерміз, ал қазір… — деді де Нехлюдов одан әрі шыдай алмай, екі қолын ербеңдетіп, қақпашадан шыға сала қопалақтап қаша жөнелді.

— Топырақпен үйкеп жіберсе, ештеме етпейді,- деді шал бариннің соңынан аулаға өте беріп. Барин ара шаққан жерін топырақпен үйкеді де, бұған назар аудармаған Карп пен Игнатқа қызара қарап қойып, қабағын ашулана шытты.

XVI

— Өзіңізге балалар жайлы бір тілегім бар еді, тақсыр,- деді шал бариннің ашулы түрін шынымен байқамай, әлде жорта байқамаған сыңай танытып.

— Нендей?

— Құдайға шүкір, жылқымыз бар, батырағымыз да бар, демек барщинаға қарыз бола қоймаспыз.

— Иә, солай болсын — ақ?

— Рақымыңыз түсіп, балаларды оброк3 табуға жіберсеңіз, Илюшка мен Игнат жаз бойы үш тройкамен лау болар еді: сәті түссе, табыс та түсіреді ғой.

— Сонда олар қайда барады?

— Қайда деріңіз бар ма,- деп, аттарды лапас астына байлап, әкесінің қасына келген Илюшка сөзге араласты.- Кадминск жігіттері сегіз тройкамен Роменге барған болатын, содан, айтуларына қарағанда, ішіп-жемнің сыртында әp тройкаға отыз сомнан тауып қайтыпты ғой үйлеріне: ал Әдетте жем — шөп арзан деседі.

— Мен де өзіңмен осы жайлы сөйлесейін деп келгем,- деп барин назарын ферма жайына аударуға әрекет қылды. Айтшы өзің, үйде отырып егін салғанша, түзде жүріп лау болған пайдалырақ па осы?

— Кейде пайдалырақ болатыны рас, мәртебелім,- деп Илюшка тағы да сөзге араласып, шашын сілкіп қойды,- үйде аттарға жем табылмайды.

— Ал сонда жаз бойғы табысың қанша?

— Көктемде, жем-шөптің бағасы удай боп тұрған кезде, біз Киевке тауар апардық, ал Курскіден Мәскеуге дейін дән тиеп қайттық, сонда өзіміз де ашыққан жоқпыз, аттарымыз да тоқ болды, оның сыртында он бес сом ақша тауып қайттым.

— Ол өзі қандай кәсіп болса да, адал еңбектің зияны жоқ қой,- деді барин тағы да шалға бұрылып,- әйтсе де, менің ойымша, басқа шаруамен де айналысуға болатын сияқты; мына жұмыстың өзі бозбаланы бұзуы да мүмкін: көп жүреді, әр алуан адамдарды көреді, жақсыдан — шарапат, жаманнан — кесапат дегендей…

— Сонда біз сияқты мұжық байғұс лау тартқаннан басқа не істемек?- деді шал баяғы момақан күлкісімен жымиып,- Сапарың сәтті болса — өзің де тоқсың, аттарың да тоқ; ал анау ел көріп, жер шалғаннан бұзылады дегенге келсек, құдайға шүкір, менің балаларым лау тартуға биыл ғана шығып жүрген жоқ, өзім де талай жерді шарлағанмын, бірақ жақсылықтан өзге ешкімнен де жамандық көрген емен.

— Үйде істер шаруа да аз емес қой: егін салу, шабындық күту дегендей…

— О не дегеніңіз, мәртебелі тақсыр!- деп Илюшка қызына қосарланды. Бұл кәсіп біздің қанымызға сіңген, сыр — сыйпатын түгелдей жатқа білеміз, қолымыздан келетін, жанымызға жағатын шаруа, бұл мәртебелім, cap желіспен лау тартпай тұра алмайды мұжықтар!

— Ау, мәртебелі тақсыр, мархабат жасап, үйге кірсеңізші, өтінеміз. Қоныс тойымызға да келген жоқсыз,- деді шал еңкейе тәжім етіп, баласына көзін қысып қойып. Илюшка үйге жүгіріп кірді, одан кейін шалмен бірге Нехлюдов та ішке беттеді.

XVII

Үйге кірген соң шал тағы да тәжім қылып, шапанының етегімен сәкі шетін желпіп өтті де, күлімсіреп тұрып:

— Не қалайсыз, мәртебелім?- деп сұрады.

Үй іші аппақ, кең екен, жайма да, сөре де бар. Арасына мүк салып қиған көктерек бөренелер әлі қарауыта қоймапты; еден тақтайлары да, сәкі мен сөреде кедір-бұдырдан арылып жылмиып үлгермеген. Ойлы, ашық жүзді, арықтау келіншек Ильяның әйелі, сәкі үстіне жайғасып алып, төбеге ілінген аспалы бесікті аяғымен тербетіп отыр. Бесікте екі көзін тарс жұмған, демалысы білінер-білінбес емшектегі сәби қол-аяғын жайып жіберіп ұйықтап жатыр; екінші әйел, етженді қызыл бет қатын, Карптың қосағы, күн қаққан, қуатты қара-қошқыл білегін шынтағынан асыра түріп алып, пеш алдында ағаш аяққа жуа турап отыр. Шұбар бет жүкті қатын жүзін жеңімен көлегейлеп, пеш жанында түр. Үйдің іші күннің қапырығымен қоса пеш қызуынан да ысып кетіпті, жаңа піскен нан иісі мұрын жарып барады. Түстік астарын тосып, сөре үстіне шығып кеткен екі еркек бала мен бір қыздың ақсары бастары төмендегі баринге әуестене көз тігіп қапты.

Нехлюдов осынау тоқшылық тірлікке қуана қарағанымен, қатын-баланың өзіне қадалған көзқарастарынан бір түрлі ыңғайсызданып, қимыжықтай берді. Қып-қызыл болып, сәкіге отыра кетті.

— Маған бір жапырақ ыстық нан берші, өте жақсы көремін,- деп ол бұрынғысынан әрмен қызара түсті.

Карптың қосағы нанды үп-үлкен ғып кесіп, тарелкеге салып әкеп баринге берді. Нехлюдов не дерге білмей үнсіз отыр; қатындар да үнсіз; шал момақан шыраймен күлімсірейді.

«Әйтсе де мен неменеге ұялып тұрмын? Бейне бір нәрсеге кінәм бардай,- деп ойлады Нехлюдов,- ферма жайлы ұсынысымды неге айтпасқа? Бүл ақымақтықты қойсаңшы!» Сөйтсе де ол үн қатар емес.

— Сонымен, әкем Митрий Миколаич — ау, балалар жайында не әмір қыласыз? — деді шал.

— Маған салсаңыз, мен оларды ешқайда жіберме, осыннан жұмыс тауып бер дер едім,- деп Нехлюдов аяқ астынан батылданып кетті,- Білесің бе, менің не ойлап тапқанымды: екеуміз қосылып қазына орманынан тоғай сатып алайық және жер.

Момақан күлкі шалдың бетінен кенет ұшып кетті.

— Қалай, мәртебелі тақсыр, қандай ақшаға сатып алмақшымыз, — деп бариннің сөзін бөлді.

— Ой, онша үлкен тоғай емес, екі жүз теңгелік қана,- деді Нехлюдов жұбатып.

Шал ашулы үнмен мырс етті:

— Бар болса жақсы ғой, неге алмасқа?- деді.

— Өй, сонда сенде ондай ақша да жоқ па?- деп кінәлай сұрады барин.

— Оу, әкетайым, мәртебелі тақсыр-ау!- деді шал мұңды үнмен, есікке қарап қойып,- тоғай сатып алмақ түгілі үй — ішімді асырап алсам да жетер.

— Ақша бар ғой сенде, босқа жатқанынан не пайда?- деп Нехлюдов қояр емес.

Шал кенет қатты абыржи бастады, көзі жарқ — жұрқ етіп, екі иығы селкілдеп кетті.

— Бәлки, мені дұшпан жандар жамандаған болар,- деді ол даусы дірілдеп,- бірақ құдайға сенетін шығарсыз,- өзі барған сайын толқып, иконаға қарай бұрылды,- әлгі Илюшка әкелген он бес теңгеден өзге соқыр тиыным болса, мына көзім ұясынан ағып түссін, өзім қара жер қарс айырылып, табан астында жұтылып кетейін! Анау он бес теңгенің де өз орны бар, жан салығын төлеуіміз керек,- өзіңіз білесіз ғой: үй салған жандармыз…

— Жә, жарайды, жақсы!- деді барин сәкіден тұра беріп,- Қош боп тұрыңдар.

XVIII

«Құдай-ау! Құдай-ау!- деп ойлайды Нехлюдов бағбан қолы тимегесін ұйыса өсіп кеткен ескі бақтың көлеңкелі серузн бағымы кең адымдап, үйіне қайтып келе жатып; жолшыбай қолына іліккен жапырақтар мен бұталарды үзіп — жұлып тастағанын да байқар емес. Осы өмірдегі мақсатым мен міндеттерім жайлы аңсаған арманым шынымен-ақ түгелдей былжыр болғаны ма? Өзіме — өзім ренжитіндей неге қиналам, неге налимын; басыма сол бір ойлар алғаш келген кезде рухани ләззат тапқан сезімім енді айнымай қайталай береді, бір рет табылған жол енді ешқашан адастырмайды деген сенімім көкке ұшқаны ма?» Сөйтті де ол осыдан бірер жыл бұрын болған сол бір бақытты сәтке ойша оралып, бар жайды көз алдына ғажайып дәлдікпен, ап-айқын елестете қойды.

Ол елең-алаңда үйдегілердің бәрінен бұрын орнынан тұрып, жастықтың әлдеқандай құпия да сырмінез әсеріне елтіген қалпы бақ ішіне, одан орманға шықты да, мамырдағы тұнып тұрған қуатты, балауса, мөлдір табиғаттың аясында ештеңені ойламай, әлде бір арнасынан асып төгілген мол сезімнен азап шегіп, онысын не сыртқа шығара алмай, жападан-жалғыз ұзақ жүрді. Оның балаң қиялы көз алдына біресе құпиясы мол тәтті ләззатты әйел бейнесін алып келе қояды да, әлі айқындалмаған сырмінез тілегім осы — ay деп қалады. Бірақ әлде қандай асқақ сезім ол емес деп, басқа бір нәрсені іздетеді. Біресе оның тәжірибесіз албырт ойы биіктен — биікке, дерексіздік дүниесіне шырқай ұшып, бұның пайымдауынша, болмыс заңдарын ашқан сияқты болады да, әлгі ойларға өзі де мақтанышты ләззатпен беріле түседі. Бірақ асқақ сезім тағы да ол емес дейді де, бұны тағы да іздеуге, толғануға түсіреді. Қатты жұмыстан әбден шаршап-шалдыққан адамда ешқандай ой — тілек қалмайды ғой; осындай күйге түскен ол ағаш астына барып, шалқалай жатты да, сонау ұшы-қиыры жоқ түпсіз аспанда жөңкіліп жүрген таңертеңгі селдір бұлттарға көз тікті. Кенет, ешбір себепсіз, оның жанары жасқа толып, қайдан келгенін бір құдайдың өзі біледі, әйтеуір басына күллі жан-дүниесін тебіренткен бір айқын ой сап етті де, соған ынты-шынтымен жармаса түсті, ол ой — шындық пен бақыт дегеніміз сүйіспеншілік пен жақсылық, дүниедегі бірден-бір шындық та, қолға түсер бірден-бір бақта — сол Асқақ сезім ол емес деген жоқ; ол жатқан орнынан көтеріліп, әлгі ойын қайталай бастады. «Сол сол соның өзі!- деп ол өзінің бұрынғы барша сенімін, өмір құбылыстарының әмбесін жаңа ғана ашылған, оз ойынша, мүлде жаңа шындықпен шабыттана өлшей бастады,- Бұрынғы білгендерім де, сенгендерім де, сүйгендерім де түгелдей ақымақтық екен ғой,- деді ол өзіне-өзі. Сүйіспендік, өз бағыңды өзгенің бақыты үшін қияр сүйіспендік бірден-бір шынайы бақыт та, кездейсоқтыққа алдырмас бақыт па осы! — деп ол қолын сермеп, күлімсірей қайталады. Осы ойын өмірге қай жағынан әкеп салса да, оның дұрыстығына өмірдің өзінен де, ішкі жан дүниесінен де куә тауып, әлгі асқақ сезімнің сол деген үнін естіді де, өзіне жаңа қуаныш, жаңа шабыт әкелген толғақты сезімнің құшағында қалды. «Сонымен өз бақытыма жету үшін мен өзгеге жақсылық жасап, шарапат тигізуім керек»,- деп тұжырды ол; сол сәтте-ақ оның күллі келешегі буалдыр жалпылықтан арылып, помещик өмірінің нақты бейнесіне, түр — тұлғасына айналып, әсерлі елес бере бастады.

Оның көз алдына өзі жақсылық жасауға бағыштамақ боп отырған өмірдің және де сол арқылы бақытқа жетпек боп отырған өмірдің ұлан-ғайыр майданы келе қалды. Қызмет қылар орта іздеп керегі жоқ — дап-дайын; тікелей міндеті де белгілі — шаруалары бар… Сондағы қуаныш — шапағаты мол, абзал еңбектің алдына қояр мақсаты — «халықтың осынау қарапайым, сезімтал, бұзылмаған табына ықпал ету, оны кедейліктен құтқару, ауқат беру, бағым жанып, өзім пайдасын көріп жүрген оқу-білімге жеткізу, оларды надандық пен діндар иланғыштықтан туған дерттерден арылту, абзал қасиеттерін ұштау, жақсылықты сүюге көндіру… Қандай тамаша, бақытты болашақ! Осының баршасы менің ісім, менің міндетім, бүл міндетті мен оз бақытым үшін атқарам, мен олардың алғысынан ләззат табам, күн санап өзімнің көздеген мақсатыма жақындай түскенімді өз көзіммен көретін болам. Ғажап болашақ! Бұны бұрынырақ қалай байқамағанмын?»

«Оған қоса,- деп ойлап қойды ол тағы да,- менің әйел сүю, отбасын құру ісінде бақыт табуыма кім кедергі болмақ?» Сөйтіп албырт қиял көз алдына бұрынғыдан да таңғажайып болашақ суреттерін тізбектеп тарта берді. «Әйелім екеуміз,- мен оны дүниеде ешбір жан ешкімді ешқашан сүйіп көрмеген махаббатпен сүйетін боламын,- бала-шағамызбен, бәлки, қартайған апатайымызбен бірге осынау поэзиясы мол тып-тыныш деревня табиғатының аясында тапжылмай тұра береміз; біздің бір-бірімізге деген, балаларға деген сүйіспеншілігіміз сөнбейді, екеуміз де өзіміздің парызымыз — өзгеге жақсылық қылу екенін білеміз. Сол мақсатқа жетер жолда бір-бірімізге жәрдемдесеміз. Мен жалпы жарлықтар шығарамын, баршаға ортақ, әділ жәрдем көрсетемін, фермалар, сақтық кассаларын, шеберханалар ашамын; ал жұбайым болса, ару басын сәнімен ұстап, үстіндегі жұпыны ақ көйлегінің етегін көркем аяғымен көтере басып, балшыққа қарамастан шаруалар мектебіне, емханаға, әділіне келгенде, көмек қылуға тұрмайтын бейбақ мұжыққа барады және барған жерінің бәрінде біреуді жұбатып, біреуге көмек беріп дегендей… Бала-шаға, шал — кемпір, қатын-қалаш оған түгелдей тәнті, олар оған бейне періште көргендей, Қызыр келгендей қарайды. Сосын ол қайтып келеді, бірақ сормаңдай мұжыққа барғанын, оған ақша бергенін менен жасырады, айтпайды, алайда мен бәрін білемін, сондықтан да оны құшағыма мықтап қысып, жаутаңдаған жанарынан, ұяла қызарған бетінен, жымиған алқызыл ернінен шөпілдетіп сүйе берем, сүйе берем».

«Қайда жүр сол арман? — деп қынжылды бозбала сәскедегі жолығысулардан кейін, үйіне тақай беріп — Осы жолда бақыт қуғаныма жылдан асып барады, сонда тапқаным не? Рас, кейде өзіме — өзім риза боларлық іс қылғанымды сезінемін; алайда оның өзі бір түрлі құп -құрғақ, ақылман ризалық. Әй, жоқ, мен өзіме еш риза емеспін! Риза болмайтыным — бұнда мен бақыт таппадым, ал бақытқа бөленгім келеді, әбден кенелгім келеді. Мен ләззат дегенді татып көргем жоқ, алайда соған жеткізетін нәрестенің бәрін бойымнан әлдеқашан сылып тастағанмын. Неге? Не үшін! Одан кімге жеңілдік тиді? Өзгенің басына бақ қондырудан гөрі өз бақытыңа жету оңайырақ деп апатайым дұрыс жазған екен ғой. Мұжықтарым байыды ма менің? Білім алып, рухани жағынан жетілді ме? Түк те жоқ. Олардың күйі жақсарған жоқ, ал менің халім күн санап мүшкілденіп барады. Шіркін-ай, бір ісімнің жанғанын көрсем, бір ауыз алғыс сөз естісем… Оның орнына жалған кертартпалықты, кембағалдықты, сенімсіздік пен шарасыздықты көремін. Өз өмірімнің ең таңдаулы шағын босқа өткізіп жүрмін»,- деп ойлады ол және сол арада оның есіне, күтушісі айтатындай, көршілерінің бұны ес кірмеген милау атандырғаны; кеңседе түк ақшасы қалмағаны; өзі ойлап тапқан астық бастыратын машина шу деп астық бастыратын жерге апарғанда мұжықтардың күлкісіне ұшырап, дон қаузаудың орнына ысылдап тұрып алғаны; шаруашылықтағы әр түрлі жаңа бастамалардың қызығымен жүріп ыздиған ескішіл — шонжар жасауға мүлде қарама-қарсы қалып танытқандай. Нехлюдов бөлмеге кірді, қалпағын үстел үстіне ашулана лақтырып тастап, рояльдің алдында тұрған орындыққа отырды да, бір аяғын екінші аяғының үстіне айқастыра салып, басын салбыратып жіберді.

— Немене, сәскелігіңізді ішесіз бе, мәртебелі тақсыр?- деді осы кезде ішке кірген, басына чепец4 киіп, үлкен орамал жамылған шыт көйлекті, тырбиған арық, бойшаң кемпір.

Нехлюдов оған бір қарап қойып, есін жиғандай болып, біраз үнсіз отырды.

— Жоқ, күтуші, ішкім келмейді,- деді де ол қайтадан ойға батты.

Күтуші оған ашулана басын шайқап, күрсініп қойды:

— Е — е, әкетайым Дмитрий Николаич, несіне қамығасыз? Бұдан да ауыр күн туар, бәрі де ұмытылады — құдай бар ғой…

— Мен қамығып отырғаным жоқ. О не дегенің, шешетайым Маланья Финогеновна?- деп Нехлюдов күлімсіреген болды.

— Қамықпай қайтсін енді, мені көрсоқыр деймісің?- деп күтуші де қызына түсті,- күн сайын жападан-жалғыз. Және бәріне де күйзелесіз, бәрін де өзіңіз атқарасыз; тіпті тамақтан да қалып барасыз. Сол да жөн бе екен? Тым болмаса қалаға барып көңіл көтеріп қайтпайсыз, көршілерге де жоламайсыз, бұныңыз қалай? Жап-жас басыңызбен осыншама күйзелгеніңіз жарамайды! Сен мені ғапу ет, әкетайым, мен отырайын,- деп ол есіктің қасына тізе бүкті, ел — жұртты әбден жаман үйретіп алдыңыз, қорықпайтын боп кетті бұлар. Ауқатты адам сөйте ме екен? Бұның жақсылық емес. Өз түбіңе өзің жетесің, ел-жұртты босқа еріктіресің. Бұ халықты қойсаңшы, ештеңені сезбейді бұлар. Тым болмаса апатайыңа барып қайтсаңшы: оның жазғандары түгелдей расқа шықты ғой…

Нехлюдов барған сайын уайымға батып, мұңая түсті. Тізесіне тірелген оң қолы еріншектеу қимылмен көтеріліп барып клавишке тиді. Әлде бір аккорд естілді, екіншісі, үшіншісі… Нехлюдов жақынырақ отырып, қалтасынан екінші қолын суырып, ойнай бастады. Бұл алған аккордтар кейде мүлде дайындықсыз, тіпті мейлінше қағыс болып шығады, көбінесе жүрек айнытар үйреншікті таптаурын дыңылға айналып кетеді де, бұның бойында ешқандай да музыкалық дарын жоғын дәлелдей түседі, бірақ осы ісі оның өзіне бір түрлі түсініксіз, мұңды ләззат әкелгендей болады. Үйлесімділік өзгерген сайын ол осынысынан не шығарын жүрегі суылдап күтеді де, бірдеме шықса, соның кемісін қиялымен толтырады. Құлағына жүздеген әуен келгендей болады, кейде: хор да, оркестр де осының үйлесіміне қосылғандай. Бас ғанибетті ол қиялының қызу қызметінен алғандай: сол шақта ұшқыр қиял оның өткен өмірі мен атар таңының алуан түрлі, астасып, араласып кеткен небір қызық көріністері мен бейнелерін көлденең әкеп тартып, бірімен-бірі байланыссыз, үзік-үзік болса да адам таң қалар айқындықпен көрсетіп береді. Біресе оның көз алдына анасының қап-қара, сүйекті жұдырығынан сескеніп, кірпіктерін шошына қағып тұрған Давыдка Белыйдың толық тұлғасы келеді, азап пен қиыншылыққа өз тағдырына деген айнымас беріктік пен шыдамдылық арқылы төзген жанның дүңкиген жотасы мен ақсары түбіт басқан үп-үлкен қолдары келеді. Біресе ол аула ішінде алшаң басқан батыл сүтенені көреді, көреді де оны, не себептен екені белгісіз, деревняларды аралап, мұжықтарға ақшаларыңды помещиктен тығыңдар деген үгіт таратып жүрген қалыпта елестетеді, сосын сүтенеге қосыла: «Иә, помещиктерден ақшаны жасыру керек»,-деп өз-өзінен қайталай береді. Біресе көзінен сорасы ағып, қалың қайғыға батқан болашақ келіншегі мұның ақсары шашты басын өзінің иығына сүйеп тұрғандай болады; біресе қарны шәнтиген жалғыз ұлына емірене қарап тұрған Чуристің мейірбандыққа толы көгілдір жанары елес береді. Иә, ол баласын перзенттігімен қатар көмекшім, демеушім деп біледі. «Сүйіспеншілік деген осы ғой!»- деп сыбырлайды ол Сосын ол Юхванканың шешесін есіне түсіреді, кемпірдің сойдиған жалғыз тісі мен қисық бітіміне қарамастан қартайған жүзіндегі өзі байқаған шыдамдылық пен әмбесін кешкен жомарттық нышанын көз алдына келтіреді. «Тегі, жетпіске келген жасында бүл ерекшелігін түңғыш рет мен байқаппын — ау»деп ойлап, артынша: «Қызық екен!»- деп сыбырлайды, клавиштерді санатсыз термелеп, үніне құлақ тосып отырып. Сосын ол өзінің омартадан қалай қашып шыққанын, қарқылдап күлгілері келіп тұрса да бұны көрмеген сыңай танытқан Игнат пен Карптың бет құбылыстарын ойға алды. Өз-өзінен қызарып кетті де, бұған тесірейе қадалып, анда-санда ақшашты басын шайқап қойып, есікке таяу маңда үнсіз отырған күтушіге қарап қойды. Кенет оның көз алдына ерні мен иегінде ақшыл түбіт жаңа тебіндей бастаған, қызыл шырайлы, қысыңқы көгілдір жанары жайнаң қаққан, ақсары шашты Илюшканың сымбатты да қуатты тұлғасы мен тер басқан үш ат келе қалды. Илюшканың өзін лауға жібермей қоя ма деп қорыққанын, сөйтіп сүйікті ісінен айырылып қалмауға қызу кіріскенін еске түсірді; енді сұп-сұр тұманды таң, тайғанақ тас жол, біп-биік етіп жүк тиеп, үстерін жөкемен жапқан, арбайған қара жазулары бар, үш-үштен ат жеккен ұзын керуен елес берді. Жуан сирақ тоқ аттар қоңыраулата ағызып, екі жағында жарыса өскен қалың орманды жаңғырықтыра жарып, пошташылар ағызып келеді.

— Ә – ә — әй!- деп балаша даурығады қозы жүн қалпағына жылтыр темір белгі қадап алған алдыңғы жәмшік шыбыртқысын басынан асыра үйіріп.

Жирен сақалды, тұнжыр көзқарасты, аяғына нән етік киген Карп арбаның алдыңғы дөңгелегіне қатарлас, ауыр адымдап келеді. Екінші арбаның үстіне жабылған жөкенің астынан ертеңгі арайда рақатқа батқан Илюпіканың әдемі басы көрінеді. Үстеріне шабадан басқан үш тройка доңғалақтары дүрсілдеп, қоңыраулары сылдырап, айқай -ұйқайға басып дүрілдетіп өте шықты; Илюшка әдеміше басын жөке астына қайта тығып, ұйқысын жалғастыра берді. Міне, шайдай ашық жылы кеш те келді. Әбден шаршап-шалдығып кеп, қоналқыға тоқтаған тройкалардың алдынан тақтай қақпа сықырлап ашылды да, жөке жамылған биік арбалар дарбаза табанындағы көлденең жатқан тақтайдан секектей өтіп, еңселі лапастың астына кіре берді. Илюшка аққұба өңді, кең кеуделі келіншекпен көңілдене сәлемдесті, анау: «Алыстанбысыздар? Қанша тамақ ішесіздер?»-деп сұлу жігітке танадай жарқыраған тәтті жанарын қызыға қадай түседі. Міне, жігіт аттарын жайғастырып болып, халық лық толы ыстық үйге кірді де, шоқытып алып, үй иесі келіншекпен және өз жолдастарымен әзілдесе отырып, ағаш аяқтан ас іше бастады. Ал мынау оның жұлдызды аспан астына, ағаш ақырдағы жемді осқырынып, тықырши таңдап тұрған аттарға тақау, иісі мұрын жаратын шөп үстіне салынған төсек орны. Ол шөпке жақындап, шығыс жаққа бұрылды да, төңкерген астаудай қуатты кеудесін отыз рет шоқындырып, ақсары шашын сілкіп тастап, «Отче наш»- ты оқып шығып, «Господи, помилуй» — ды жиырма қабат қайталады, сосын басын шапанымен орап ап, қуаты таймаған жас адамға тән қамсыз, қатты ұйқыға кетті. Енді ол түсінде алуан-алуан қалаларды көріп жатыр: әулие — әмбиесі, құдайға құлшылық етушілері мол Киевті, көпестері мен тауарлары қаптаған Роменді, сосын Одесті де, көз ұшында ақ желкендер желбіреген көк теңізді де көреді, әлдеқандай көрінбейтін қанат байлап, ұшып отырып, ақ төсті, қара қасты түрік қыздары бар, алтын сарайлы Царьград қаласын да қызықтайды. Ол одан әрмен де оп-оңай қалықтап ұша береді — ұшқан сайын төменнен шаңқаң нұрға шомылған алтын қалаларды, ақ желкендер желбіреген көк теңізді көре береді, осылайша ұша беру, алға қарай қалықтай беру қандай жақсы, қандай көңілді…

«Тамаша! «- деп сыбыр етті Нехлюдов өзіне; сол замат — ол неге Илюшка болмады екен -деген ой да қабат келген еді басына.

Аударған Қ.Ысқақов