Әңгіме: Константин Паустовский | Тіл мен табиғат

0

Кісі орыс тілін толық игеру үшін және бұл тілді сезінуді жоғалтып алмау үшін, қарапайым орыс адамдарымен ұдайы аралас-құралас болумен бірге, сол сияқты егін аңыздарын да, орман-тоғайларды да, жер-суды да, кәрі талдарды да, құстардың алма-кезек сайрауын және орман жаңғақ бұтасы астынан басын изеп тұратын әрбір гүлді де көріп, біліп, тыңдап жүру керектігіне өз басым кәміл сенемін.

Тегінде әр адамның өзінің бір жаңалықты ашатын киелі күндері болатын шығар. Кіндік Ресейдің орманды да шалғынды өңірінде менде де сондай бір жаңалық ашатын, күркіреген күндер мен кемпірқосақтарға толы киелі жаз болған еді.

Шіркін, сол бір жаз қарағайлы ормандар гүліне, тыраулаған тырналар үніне, ит тұмсығы етпейтін тобылғы тоғайының бұрқыған хош иісіне, қораздардың қоқилана шақыруы мен батқан күннің шапағы қыз жанарын нұрландырар шақта, әуелгі тұман иірімді шүңейіт үстіне тарамдалып түсе бастаған шақта, кешкі көкорай шалғында шырқай салған қыздар әніне тамылжып-тұнып тұрған күйінде өтті де кетті-ау.

Сол жазда мен өзіме, бұрын белгілі болса да, бір түрлі алыстау, жат бауырлау көрінетін көптеген сөздерді жаңадан сипап ұстағандай, дәмін татып, иісін түйсініп-сезінгендей болдым. Олар бұрын маған үйреншікті жүдеу-жадау күйінде көрінетін. Ал енді ойлап тұрсам, әрбір сөздің жанды бейнесі түпсіз тұңғиықтан көп болады екен.

Ол қандай сөздер? Олардың көптігі сондай, гәпті қандай сөздерден бастарымды да білмей отырмын. Әсілінде, «жаңбырлы» сөзінен бастағаным оңай шығар.

Әлбетте, мен сіркіреме жаңбыр, соқыр жауын, ұзақ бірнеше күнге созылатын ақ жаңбыр, саңырауқұлақ өсіретін жауын, жедел жаңбыр, бір алқапты қуалай жауатын — алқапты жаңбыр, шелектеп құятын қуатты жаңбыр, ең соңында нөсер жауын болатынын білетінмін.

Бірақ оны ақылмен білу — бір гәп тағы, сол жаңбырдың астыңда қалып, оны өз басыңнан өткеру, сол әр жаңбырдың өзі өлең-жыр екенін, оның екінші бір жаңбырдан өзгеше, айрықша бір белгілері бар екенін білу — мүлде басқа мәселе.

Жаңбырдың не екенін анықтайтын осынау сөздердің бәрі сонда ғана жанданып, әлденіп, бедерлі-бейнелі күшке ие болады. Тек сонда ғана әрбір сөзді үйреншікті әдетпен бейжай айта салмай, оның әрқайсысының тасасынан не айтып тұрғаныңды көріп, сезінгендей боласың.

Иіні келгенде айта кетейін, жазушы сөзінің оқырманға әсер ететін өзгеше бір заңы болады.

Егер жазушы жұмыс үстінде, өзінің не туралы жазып отырғанын анық көрмейтін болса, онда оқушы да сөздердің тасасында не тұрғанын көрмейді.

Ал, бірақ жазушы не туралы жазып отырғанын айқын көретін болса, онда ең қарапайым, тіпті қара дүрсін сөздердің өзі жаңаша құлпырып шыға келеді де, оқырмандарға ойдағыдай әсер етеді, сөйтіп жазушының оған айтып бергісі келген ойлары мен сезімдерін, жай-күйлерін оқырман да бірден танып, біле қояды.

Бірақ біз жаңбырға қайта оралайық.

Жауын-шашынның белгі-нышандары көп-ақ. Күн сұрғылт бұлттан шықпай қояды, түтін жер бауырлап тарайды, қарлығаштар төмендеп самғайды, аула-ауладағы әтештер беймезгіл шақыра бастайды, ала бұлттар аспан-көкте тұмандана шұбатылып созылады -осының бәрі жауынның белгілері. Ал, жаңбыр жауардан сәл ғана бұрынырақ қара бұлт әлі тұтасып кетпесе де, ауадан ылғалдың жұмсақ тынысы сезіледі. Оны, тегінде, жаңбыр құйып өткен жақтан жел жеткізетін болса керек.

Міне, енді бірінші тамшылар тысырлап түсе бастайды. Халықтың «тысырлау» сөзі жауынның алғашқы сирек тамшылары шаңлы жолдар мен үй шатырларында қара дақтар қалдырып, жаңбырдың жауа бастағанын дәлме-дәл береді.

Сосын жаңбыр күшейе түседі. Дәп со кездері жаңбырмен шыланған жердің ғажайып иісі аңқып қоя береді. Ол ұзаққа созылмайды. Оны дымқыл шөптің, әсіресе қалақайдың иісі басып кетеді.

Жаңбырдың қандай болатынына қарамастан, ол жауа бастағаннан-ақ, халық оны әманда еркелетіп: жаңбыр құдайдың ризығы, нәрі деп қуанып жатады. «Жаңбырша жауғалы тұр», «жаңбыр сіркіреді», «жаңбыр шөпті жуып жатыр» — дейді мейірленіп.

Кісінің тікелей алған әсерімен байланысты болса, сөздің қалай жанданып сала беретінін, сонда бұның сөзді қатесіз қолдануына қалай көмектесетінін түсіну үшін жаңбырдың бірнеше түрін қарастырып көрелікші.

Мәселен, жедел жаңбыр («спорый») саңырауқұлақ өсіретін жаңбырдан нендей қасиетімен ерекшеленеді?

«Спорый» сөзі — жедел, жылдам деген ұғымды білдіреді. Жедел жаңбыр тіп-тік болып, сабалап жауады. Және ол әрқашанда сатырлап жүгіре жауып, жақындай береді.

Жедел жаңбыр әсіресе өзен үстінде әдемі көрінеді. Әрбір тамшы су бетін ойып түсіп, өзіне дөңгелек шұқанақ, титімдей су-оймақ жасап, одан секіріп шығып, қайта құлайды, ол со сәтте, жоғалмай тұрғанда, әлгі су-оймақ түбінен мөлдіреп бір көрінеді. Сол тамшы жәудіреп інжуден айнымай қалады.

Сол кезде өзен үстін қуалай әйнек әуез әндетіп тұрады. Сол әуездің биіктеуіне не түсуіне қарап, жауынның күшейе түскенін не толастай бастағанын аңғаруға болады.

Ал саңырауқұлақ өсіретін уақ жаңбыр ұйқысырап, төмендеп, пәс түскен бұлттардан себелеп тұрады. Бұл жауынның шалшықтары жылы болады. Ол әуездетпейді, ол бірдеңе деп сыбырлап, кісіні ұйқыға шақырады, бұта арасында сыбдырлап, жұмсақ алақанымен оның әр жапырағын алма-кезек сипап жүргендей болып елестейді.

Орманның қарашірігі мен мүк оны асықпай бойына сіңіріп, айызы қанады. Осыдан сол себепті де іле-шала алуан түрлі саңырауқұлақтар — жабысқақ зәйтүндер, сары түлкішектер, оқ жаңғырықтар, қызғылт жиреншелер, нәр түбірлер мен қыруар улы саңырауқұлақтар қаптап кетеді.

Саңырауқұлақ жаңбыры кезінде ауадан түтін иісі шығады, және өте сақ, қуақай балық торға қармақты қапқыш болып кетеді.

Күн жарқырап тұрғанда жауатын соқыр жаңбыр жөнінде ел-жұрт: «Ханшайым жылап жатыр» деседі. Осынау жаңбырдың күн шуақта жәудіреп көрінетін тамшысы, домаланған көз жасына ұқсайды. Расында да қайғы мен қуаныштың мөлдіреген шұғылалы көз жасын төгіп, ертектегі хас сұлу ханшайым жыламағанда кім жылайды!

Жаңбыр жауған кездері жарықтың құбылмалы ойынына ұзақ уақыт қарап бақылауға, алуан түрлі әуен-әуездердің — тақтай шатырларды бір қалыппен тырс-тырс қағатын үнінен, су ағатын құбырдың әлсіз сырылы мен жаңбыр шелектеп құйып кетті дейтін кездегі гуіліне дейінгі талай-талай түрлерін тыңдауға болады.

Мұның бәрі жаңбыр туралы айтуға болатын сөздердің зәредей бір бөлшегі ғана. Алайда маған бір жазушының бет-аузын тыржитып тұрып айтқан мынадай сөздеріне ашуланбағанда қайтерсің:

— Сіздің кісі шаршататын өлі табиғатыңыздан гөрі, мен жанды көшелер мен үйлерді тәуір көремін. Со жаңбыр дегеніңіз ел-жұртқа қолайсыздық пен жайсыздықтан басқа не әкелуші еді. Сіз осы қияли адамсыз!

Орыс тілінде аспан-көк құбылыстары деп аталатын нәрсеге арналған қаншама ғажайып сөздер бар!

Жазғы күн жер үстінен күркіреп өтіп, көкжиектің ар жағына «аунап түседі». Халық арасында қара бұлт жөңкіп өтті демей, жантайып жата кетті дегенді ұнатады.

Нажағай бірде қара жерді құлаштап тұрып, тікелей бір соғатын болса, енді бірде түнерген бұлт арасында түбірімен қопара жұлып алынған бұтақты алтын ағаш (лопар) сияқты лапылдап жатады.

Кемпірқосақ — шұғыла буалдыр, дымқыл шалғай үстінде жарқылдап тұрады. Күркіреген күн аунақшып, зіркілдеп, күңкілдеп, гүрілдеп, жерді сілкіп-сілкіп алады.

Жуырда ауылда бір шынтақтай бала маған келіп, шадыман шаттықтан бақырайып кеткен көзі алаңдап:

— Жүріңіз, күннің күркірегендерін көрелік! — деді тағатсызданып.

Ол осы сөзді көпше жалғауымен дұрыс айтты: өйткені аспан жүзі жабық ақжауын еді, күн бір мезгілде түс-тұстан күркіреп тұрған.

Бала «күннің күркірегендерін көрелік» дегенде, мен Дантенің «Құдіретті комедиясындағы» «күн шұғыласы үнсіз қалды» деген сөздерін есіме түсірдім. Мұнда да, онда да түсінік ауысып кеткен еді. Бірақ бұл сөз құдіретін күшейте түскен еді.

Мен самала туралы айтқан едім.

Самала көбінесе шілде де, егін пісер кезде де болады. Сол себепті де халық арасында самала «егінге жарығын шашады» — түнемелікте оны жарығына шомылдырады, содан егін дәні толысып, тез піседі деген ұғым бар. Калуга облысында самаланы «егін жарық» деп атайды.

Орыс тілінің таңғажайып сөздерінің бірі — «заря» — «таң шапағы» самаламен поэтикалық қатарда иіндесіп тұрады.

Бұл сөзді ешқашан да дауыстап айтпайды. Оны айқайлап айтуға болады дегенді тіпті көз алдыңа да елестетуге болмайды. Өйткені ол деревня бауының қалың тоғайы үстіндегі аспан тап-таза болып, көгіс тарта бастаған кезге дейін тамылжып тынып тұратын түн тыныштығымен туыс сөз. Тәуліктің тап сол кезін халық «ала көбең» деп атайды.

Со бір таң шапағы кезінде жер бетіне, төменге жақындап келіп, таң шолпаны жанып турады. Ауа бұлақ суындай тап-таза болады.

Таң шапағында, таңның атуында болған қызға тән бейкүнә бір биязылық бар. Таңсәріде шөпті шық жуады, ал деревнялардан жаңа сауылған жылы сүт иісі аңқып шығып жатады. Ауыл-ауыл шеттеріндегі ұйыған тұман арасынан қойшы сыбызғысының әндеткен үні бір үзілмейді.

Дүние әудемде жап-жарық болып кетеді. Жылы үй ішін тыныштық пен таң қараңғылығы басқан. Бірақ міне, үйдің ағаш қабырғаларына төрт бұрышты сары жирен жарық түседі де, со сәтте бөренелер қатпарды янтарь секілденіп, жана бастайды. Жарқырап күн шығады.

Күздің таң сәрісі өзгеше — асықпай тұнжырап шығады. Күн жарықтықтың оянғысы келмейді: бәрібір тоңлап қалған жерді жылыта алмайсың және әлсіреп бара жатқан күн сәулесін қайтарып ала алмайсың.

Дүние қалжырап қалады, тек адам ғана берілмейді бұған. Таң атысымен үй атаулының пештерінде гуілдеп от жанады, олардың түтіндері село-селоның үстін кезіп барып, жер бауырлап жайыла бастайды. Ал, сосын қарап тұрсаң, ерте жауған жаңбыр тершіген терезелер әйнектерін тырсылдатып шерте жөнеледі.

Шапақ тек ертеңгілік емес, кеште де болады. Біз көбіне-көп екі түсінікті — күннің батуы мен кешкі шапақты шатастырып келеміз.

Кешкі шапақ күн жер шетіне барып, ұясына қонғаннан кейін басталады. Со мезетте ол дереу сөніп бара жатқан аспанды игеріп алып, оған қыруар бояуды — сары алтын түсінен бастап, көгілдір ақық тасқа дейінгі түр-түстерді төгіп жібереді де — баяу мамырлап барып ымыртпен, түн түнегімен ұласады.

Бұталар арасында шәукілдек қышқырып, бөденелер бытпылдығына басады, оқпақ гуілдей жөнеледі, алғашқы жұлдыздар жымың қағады, ал шалғай қиырлар мен тұман үстінде лаулап тұрған қызыл шапақ көпке дейін сөнбей, әлсіреп барып өшеді.

Солтүстіктің ақ түндері, Ленинградтың жазғы түндері — үзілмейтін кешкі шапақ немесе, әсілінде, екі шапақтың, таң шапағы мен кешкі шапақтың бірлесуі болса керек.

Бұл туралы, қайран қаларлық дәлдікпен, Пушкиннен артық ешкім де айтпаған шығар:

Сүйем шәрі, Петр орнатқан,

Сүйем сынды сәулетіңді,

Нева өзенін шалқып аққан,

Жағаға өрген граниттің;

Сүйем шойын өрнегіңді,

Сүйем ойлы түндеріңді

Әсем жарық іңіріңді

Айсыз жарқын іреңіңді!

Жақпаса да бөлмеге шам

Оқимын да жазамын мен,

Көшелер бос дамылдаған

Зәулім үйлерді айқын көрем.

Жарық тарта, бейне инедей,

Тұр шаншылып Адмиралтей.

Жарқыраған кешкі шапақ

Жанастырмай түнді көкке,

Араға сап жарты сағат

Таңға ұласар көкжиекте.

Бұл жолдар — поэзияның шыңы ғана емес. Бұларда дәлдік ғана, жан әсемдігі мен тыныштық қана емес. Бұларда орыс сөзінің барша сиқырлығы да бар.

Егер орыс поэзиясы, тіпті орыс тілінің өзі ғайып болып, содан тек осынау бірнеше жолдар ғана қалғанын көз алдымызға елестете алатын болсақ, соның өзінде де біздің тіліміздің байлығы мен әншілік күші әрбір кісіге айқын көрінер еді. Өйткені Пушкиннің осынау өлеңінде дуалы кристалдай болып біздің сөзіміздің төтенше сапа-қасиеті жинақталған болатын.

Аударған Әбілміжін Жұмабаев