Әңгіме: Иван Бунин | Митяның махаббаты екінші тарау

0
Тоғызыншы наурыз Митяның Мәскеудегі ең соңғы бақытты күні болды. Әйтеуір өзі осылай деп жорыған.

Катя екеуі күндізгі сағат он екіде Тверь бульварымен өрлеп келе жатқан. Қыс аяқ астынан көктемге жол берді де күн көзі ысып кетті. Расында бозторғай мекеніне қайтып, жылу мен қуанышты өзімен бірге ала келгендей. Қар еріп, дүние елжіреп қоя берді, төбеден су сорғалап, көше сыпырушылар жаяу жолдың мұзын оя бастады, шатырлардың жылбыраған қарын түсірді, қайда қарасаң да қаптаған адам, жұрт көңілді. Биіктегі шарбы бұлттар түтіндеп барып сейіліп, көк аспанға сіңіп кетті. Алыста, бәрінің төбесінен қарап, ойланып Пушкин тұр, Страстный монастырі жарқырайды. Митяға қатты ұнағаны, сол күні Катя ерекше көрікті еді, қаяусыз ақ көңілмен жақындығын танытып, балалық сеніммен оның қолтығынан алып, еңкейіп оның бақытты да сол тәкаппар жүзіне қарай берген, адымын алшаңдай басқан Митяның қатарына әрең ілесті. Пушкиннің қасына жеткенде күтпеген жерден:

— Сен балаша аңғалдықпен күлген кезде аузыңды арандай ашып, ерніңді қайыстай созатының не? — деп салғаны. — Тек ренжи көрме, мен сені сол күлкің үшін жақсы көремін. Оның үстіне византиялыққа ұқсайтын көзің қандай ғажап!

Митя күлмеуге тырысты, іштегі мақтанышы мен болар-болмас ренішін жасырып, төбесінен төніп тұрған Пушкинге қарап:

— Балалық аңқаулыққа келсек екеуміз бір-бірімізден онша алшақтықка кеткеніміз жоқ, -деп жылы жауап берді. — Ал менің византиялыққа ұқсастығым сенің қытай патшайымына ұқсастығыңдай-ақ. Сендер қымс етсе Византия, Возрождение деп шыға келесіңдер… Сенің анаңды түсінсем бұйырмасын!

— Онда тұрған не бар, оның орнында сен болсаң мені үңгірге қамап ұстар ма едің?

— Қамамаспын, бірақ әлгі жалған әртіс данышпандарыңды, студия мен консерваторияның, театр мектебінің болашақ атақтыларын босағадан аттатпас едім! — деп Митя дос көңілмен сыпайы жауап берді. — Өзің айтып едің ғой, Буковецкий кешкі асқа Стрельнаға шақырды, Егоров жалаңаш күйіңде теңіздің майда толқынына ұқсатып мүсініңді салмақ болды деп, әрине, мұндай құрметтен соң ес-ақылдан айырылып қалдың.

— Бәрібір, мен тіпті сен үшін де өнерді талақ қылмаймын, — деді Катя. — Мүмкін мен сен айтқандай сұрқия жан шығармын, — деді, бірақ мұндай сөзді Митя айтқан емес. — Мүмкін мен бүлінген пенде шығармын, бірақ сен мені дәл осы қалпымда сүй, осы қалпымда қабылда. Жоқтан өзгеге ренжіспелік, тым құрыса мынау тамаша күнде қызғанбашы мені! Қалай десең де сен маған жұрттың бәрінен қымбат жалғыз жан екеніңді неге түсінбейсің? — Катя сыбырлап қана қадалып сұрады да жампозданып оның көзіне қарап бір шумак өлең оқыды:

Арамызда бір құпия жүріпті,

Кигізіпті сол құпия жүзікті…

Осы соңғы өлең Митяның жүрегіне инедей қадалды. Жалпы көп нәрсе сол күні дс оның жанына жаққан жоқ. Балалық аңғалдық дегені де тым ерсі көрінді:мұндай әзілді Катядан бірінші естіп тұрған жоқ, және мұнысы кездейсоқ та емес, Катя қай жағынан болмасын бұдан гөрі ересек екенін танытып, Митя содан жағымсыз тісқақты қылығын сезгендей болатын. «Қалай десең де» дейтін сұрқия сөзі құлағына түрпідей тиіп, қоңыр дауыспен әдейі мәнерлеп оқыған өлеңі де жанына қатты батты. Дегенмен сол өлеңнен, соны оқығандағы мәнерден Катяны өзінен алыстатып, қызғаныш пен өшпенділігін қоздыратын ортаны сезсе де пәлендей мән бере қоймады, көңіліне алмауға тырысқан, кейіннен есіне алып отырып, тоғызыншы наурыз Мәскеудегі ең соңғы бақытты күні екен.

Сол күні кайтып келе жатып Катя Циммерманнан Скрябиннің бірнеше шығармасын сатып алды да әншейін сөз арасы қылып, күле жүріп Митяның анасын тілге тиек етті: — Сен білемісің, мен ол кісіден күні бұрын қорқып жүрмін.

Екеуі алғаш танысқаннан бергі уақытта болашақ жайлы, бұл махаббаттың немен бітері туралы сөз қозғамаған болатын. Енді міне, Катя аяқ астынан Митяның анасын ауызға алып, ертең өзінің енесі боларына нық сенгендей әңгіме бастады.

II

Бұдан кейінгі күндер баяғысындай көрініп еді. Митя Катяны Көркем театрдың студиясына шығарып салып, концерттерге, әдеби кештерге апарып тұрды, кейде оның Кисловкадағы үйінде түнгі сағат екіге дейін отырып алатын, бір таңғалатыны — шешесі оны еш нәрседен тыйған емес, қашанда темекісі аузынан түспейтін, боянып-сылануды ұнататын қызыл-күрең шашты, сүйкімді де қайырымы мол әйел (екінші әйел алып кеткен күйеуінен көптен бері бөлек тұратын). Ара-тұра Катя да Митяның Молчановкадағы студенттік бөлмесіне келіп-кетіп жүретін, екеуінің кездесуі ылғи да сүйісудің мастығымен өтіп жатты. Бірақ ойда жоқта күтпеген бір сұмдық болған сияқты, тірлік жоқ жерден божып, Катя Митяға өзгеріп кеткендей көрінді.

Алғаш кездесіп, дұрыстап таныспай жатып-ақ тек екеуі ғана оңаша әңгімелескенді жақсы көретін тәтті шақтар көрген түстей зу етіп өте шықты, сол кезде Митя сонау балалық, бозбала шағында аңсаған махаббат ертегісіне сүңгіп кеткендей болып еді-ау! Ол уақыт желтоқсан айы еді — қыраулы қыс, көкжиектен озбай жатып алатын күннің қып-қызыл шар табағы Мәскеуді түрлендіріп, ажарын құлпыртып тұратын. Қаңтар мен ақпанда Митяның ғашықтық сезімі құйындай қырық ширатылып, бақытыма жеттім бе деген, әне-міне жетем бе деген үмітпен өткен. Бірақ сол сәтте де бір нәрсе көңілді бұзып, бақытын лайлағандай болған. Сол кезде де оған бір емес, екі Катя бар сияқты көрінген: бірі — танысқан сәттен Митяны ынтық қылған, құмар қылған қыз, екіншісі — кәдімгі пенде, біріншісіне мүлдем ұқсамайтын ұрғашы. Дегенмен дәл бүгінгідей одан көңілі қалмаған.

Бәрін де түсінуге болатын еді. Әйелдердің көктемгі күйбеңі басталды, көйлек-көншек сатып алу, киімге тапсырыс беру, өңін айналдырып бір нәрсені қайта тігу, Катяның көп уақыты шешесімен тігіншіге барумен кетті. Осының бәрі оның назарын бөліп, әр немеге немқұрайлы қарауы заңды болатын. Митя да солай шығар деп жорамалдаған. Бірақ бұл да әншейін өзін-өзі жұбату екен, секемшіл жүрек бәрінің де ыстығын басып, барған сайын көңілін суыта берді, оған себеп Катяның бұған деген немкетті қылығы, соған орай мұның да күдігі мен қызғанышы үдей түсті. Театр мектебінің директоры мақтаумен Катяның басын айландырып жіберді, мақтаныш кімнің төзімін тауыспаған, соның бәрін ол Митяға айтып келетін. Бірде директор: «Сен менің мектебімнің мақтанышысың» — депті, қыздардың бәрімен «сен» деп сөйлесетін әдеті екен, жалпы сабаққа қоса Катямен жеке дайындық жүргізіп, емтиханда атын дәстердей қылуға барын салса керек. Оның қыздарды арам жолға итермелейтінін жұрт білетін, жаз бойы таңдағанын Кавказға, Финляндияға, шетелге алып кететін көрінеді. Сонан соң да Митяның басына әр түрлі жаман ойлар келді: директор Катямен әмпей-жәмпей шығар, оған кінәлі Катя болмаса да екеуінің арасындағы былапыт, қылмыстық қатыстан жаны түршікті. Бұл күдігін растағандай Катя бұдан мүлдем суынып, көзіне ілгенді қойған сияқтанды.

Жалпы, бір жағдай оны Митядан біржола бөліп тастағандай. Директорды ойласа тыныш отыра алмайды. Тәйірі, директор деген сөз бе екен! Катяның оған деген махаббатында басқа бір мақсат бар ма деп қалды. Кімге? Неге? Оны Митя білмейді, әйтеуір Катяны жұрттың бәрінен қызғанады, ең бастысы, өзінің ойына алған, күдіктен туған басқа бір жасырын тірлігінен қызғанады. Әлдебір түсініксіз күш оны Митядан алыстатып бара жатқандай, қайда, қандай сезім, қандай күш, мұны ойласа артында қорқынышты үрей тұрады.

Бірде Катя шешесінің көзінше бұған айтып қалғаны бар:

— Митя, сіз әйелді тек үй шаруасымен ғана бағалайсыз. Сізден нағыз Отелло шығады. Сізді ешқашан сүймеген де, сізге ешқашан тимеген де болар едім!

— Мен қызғанышсыз махаббатты мойындамаймын, — деп шешесі бұған қарсы дау айтты. — Қызғанбаған адамда сүйіспеншілік те жоқ.

— Жоқ, мама, қызғаныш сүйгеніңді сыйламау деген сөз, — деп Катя біреудің әнін жаттап үйренген әдетіне басты. — Егер маған сенбесе, мені сүймегені, — деді әдейі Митяға назар салмастан.

— Меніше, қызғаныш дегеніміз махаббат, — деп шешесі тағы да қарсы шықты. — Мен мұны бір жерден оқыдым да. Соны тамаша дәлелдеп те берген, ұмытпасам библиядан мысал келтіріп, құдайдың өзі де қызғаншақ, кекшіл болған деп еді.

Ал Митяның махаббатына келсек, ол тек қызғаныштан ғана туған. Қызғанышын жұрттан ала-бөтен, ерекше деп ойлайтын. Катя екеуі әлі жанасудың шекарасынан өткен жоқ, оңаша қалған соттерде оған талай-талай мүмкіндіктер болған еді. Ондай сәттерде Катяның құмарлық сезімі әдеттегіден де асып түсетін. Митяға бұл да күдікті көрініп, көңіл күйі бұлқынып шыға келеді. Оның қызғанышын қоздыратын бүкіл сезімі жаман ойдан туған, солардың ішіндегі ең бір масқарасын өзі де анықтай алған жоқ, түйсінген де жоқ. Дүниедегі ең бір тәтті де ғажайып сезімнің үстінде Катяның қасынан басқа бір еркекті елестетеді де қазіргі қылықтары соншалықты жеркенішті, адам табиғатына сыймайтын ерсі болып көрініп кетеді. Сол сәтте Катяға деген қайнаған өшпенділік пайда болады. Ал өзі көзбе-көз не істеп, не қойса да жұмақтың рахаты мен даналығына балайды. Енді өзінің орнында басқа біреуді елестеткен кезде табан астында бәрі құбылып шыға келеді -масқара ұятсыздық деп қабылдап, Катяны өлтіре салсам деп те ойлайды, әлгі мұнымен талас әлдебіреуді емес, тек Катяны тұншықтыра салсам дейді.

III

Катяның көптен күткен емтиханы басталған күні (оразаның алтыншы күні) Митяны қинаған күдік ақыры расқа шыққан сияқты.

Катя бұл күні Митяны көрген де жок, көзіне ілгісі де келмеді, мүлде бөтен, тек көптің қызығына айналды. Жұртты өзіне табындырып, мейманасы тасыды. Ұзатылатын қалыңдықтай шымқай ақ киіп, құлпырып көздің жауын алды. Жапырыла қол соғылды, директор — жанарында жылт жоқ, өшіп қалған су көзді траш актер бірінші қатарда отырып алып, әдейі жұрт естісін дегендей бүкіл залға даусын көтере ара-тұра ескерту жасаған болды, мұны да өзінің абыройына бола жорта жасағаны жеркенішті шықты.

— Сөзді азайт! — деп дігірледі, құдды Катя оның меншігіндей үні зілді. — Құр ойнама, ойға сал! — деп сөзін бөліп-бөліп жіктеп отырды.

Бұған жан шыдай ма! Жұрт жапырыла қол соққанмен мәнерлі көркем сөз оқудың өзі де құлаққа түрпідей қадалды. Катяның беті нарттай болып дуылдап, қысылғаннан даусы қарлығып, демі тұншыға берді, сырт көзге бұл да әсем көрінген. Бірақ әр сөзін әндете созғанымен даусында жеркенішті жалғандық, өтірік мәнер, көкейге қонбайтын жасанды қылымсу бар еді, әрине мұның бәрін Митя ит етінен жек көретін, алайда өнердің ең биік көрінісі деп саналатын Катяның жан-тәнімен берілген ортасының әсері екені белгілі: Катя адамша сөйлеудің орнына бірде әлденеге ынтызарлықпен дөрекі лепіріп, бірде себепсізден-себепсіз жалбарынып жалған мұң шақырған сәтте Митя Катя үшін ұялғанынан кірерге тесік таппады. Бәрінен де масқарасы, Катяның қазіргі тұла бойынан, бет-жүзінен аңқып тұрған періште тазалығы мен былапыт болмысының қатар өрілуі, үстіндегі ақ көйлегі де соның куәсіндей эстрадаға шыққанда тылтиып қып-қысқа болып қалды да залда отырғандар оның етегіне, ақ туфлиіне, ақ жібек шұлықты кере киген балтыры мен санына үңілісті. «Қыз шіркеу хорында әнші еді» — деп әлдебір періштедей пәк қыз туралы өзі сенбеген өтірікті Катя өтірік оқып тұрды. Митя көптің ішінен сүйгенін көргендей өзеуреп өзінің оған деген жақындығын да, жаулығын да сезінді, қалай болғанда да ол менікі деген мақтаныш, сонымен қатар — жоқ, менікі емес деген бір ой жүрегін қарс айырды.

Еитихан өткен соң тағы да бақытты күндер басталды. Бірақ Митя оған бұрынғыдай жеңілтектікпен сене салмайтын болды. Катя емтиханды еске алып бірде:

— Сен неткен топассың! — дегені. — Мен тек сен үшін ғана жақсы оқуға тырысып едім ғой, соны да сезген жоқсың ба?

Емтиханда не сезгенін Митя жақсы біледі, бірақ сол сезімнен әлі күнге құтыла алмай жүргенін айтқан жоқ. Айтпаса да оның құпия сырын Катя да сезіп қойды, кезекті бір реніш үстінде:

— Түсінсем арам қатайын, егер менің тұла бойым тұнып тұрған тұрпайылық болса несіне сүйдім деп жүрсін? — деп турасына көшті. — Сонда сен менен не талап етпексің?

Не үшін ынтық болғанын Митяның өзі де білмейді, бірақ суынудың орнына ынтызарының үдеп бара жатқанын сезіп жүр, әлдекімге деген өштігі, әлденеге деген қарсылығы, іштей қасарысқан күресі де сол сүйіспеншіліктен туған.

— Сен менің жанымды емес, тәнімді ғана сүйесің! — деп Катя ақыры бір күні айтып салды.

Тағы да бұл бөтеннің сөзі, театр сөзі еді, бірақ құлақ сарсытқан жаттанды болғанымен санаңды мүжитін шешілмеген көп нәрсеге қатысы бар-ды. Ол неге сүйгенін, одан не талап ететінін қанықтап айта алмайды… Жалпы сүю дегеннің өзі не? Бұған жауап беру мүмкін де емес, өйткені естігенінен де, оқығанынан да сүйіспеншілік туралы Митя ешқандай мағыналы балама сөз таппаған. Кітапта да, өмірде де ол жайында әйтеуір сезім, құштарлық, ләззатсыз кайф деген бопсаға бәрі де келісіп қойған секілді. Ал Митяның сүйіспеншілігі екінің бірі де емес. Катяға оны ынтық қылған не күш? Әлгі сүйіспеншілік дегені ме, әлде құмарлық па? Катяның өңірін ағытып, омырауынан сүйген кезде ол есінен танып қала жаздайтын, жұмақтай ғажап, уыздай тәтті көкірегін сәбидей пәктігімен қымсынбай еркін ашып тастағанда жантәсілім етіп бара жатқандай дел-сал маужырап, рахат күй кешетін.

IV

Катя барған сайын өзгере берді.

Емтиханда көзге түскені көп әсер етті. Бірақ бұдан басқа да себептер болмай қалған жоқ.

Көктем келе кешегі қыз құрметті ортаның салиқалы бибісі болып шыға келді, қашанда көрсең үлде мен бүлдеге оранып бір жаққа асығып бара жатқаны. Ол келген сайын Митя өзінің күңгірт дәлізінен ұялатын болды, бұрынғыдай жаяу емес, көлікпен келіп жүрді, үстіндегі жібегі сусылдап, бетінде тор, күңгірт дәлізден зу етіп өте шығады. Қашан да оны еркелеткісі келіп, қашан да уақыт тар деп асығып отырады, анасы екеуі тағы да тігіншіге баратынын сылтауратады.

— Түсінемісің, енді өзімді өзім күтпесем болатын емес, — дейтін, сол кезде көзін бақырайтып, жанарын ойнақшытқан болады, Митяның сенбейтінін біле тұра айта салғаны, өйткені айтатұғын ар жағында сөз де қалған жоқ.

Қазір шляпасын мүлдем шешпейтін болған, шатыры қолынан түспейді, Митяның кереуетінің шетіне аяғын айқастырып отырып алып, жібек шұлықты керген кылтасымен оның есін кетіретін. Ал кетерінің алдында бүгін кешкілік үйде болмайтынын, анасы екеуі тағы да бір жаққа баратынын айтып, қайта-қайта есікке қарап асыққан болады, сан қайталайтын бұл қылығы да Митяны ақымақ қылудың айласы, өзінің сөзімен айтқанда оның «есуастығына» жасаған ілтипаты, сөйте отырып кереуеттен сырғып түсіп, тоқ мықынымен оның аяғын сипай кетеді де асығыс сыбырлап:

— Қане, сүйсеңші мені! — дейтінін қайтерсің.

V

Сәуірдің аяғында Митя деревняға барып біраз демалмақ болды. Ол өзін де, Катяны да әбден қинады, азаптың ақылға сыймайтыны соншалық, оған тіпті себеп те жоқ еді, алып-жұлып бара жатқан да ештеңе жоқ, сонда Катяның кінәсі не? Бірде шыдамы шегіне жеткен қыз турасын айтты:

— Бар, бара ғой, менің төзімім таусылды! Арамызды анықтағанша бір-бірімізден қаша тұралықшы. Сен әбден жүдеп кеттің. Мамам сені көксауға ұшырады деп отыр. Бұдан артыққа мен шыдай алмаймын.

Сонымен Митя кететін болды. Қайғыдан қажып жүрсе де, бір ғажабы ол қуанышты аттанған. Кетемін деуі мұң екен, бәрі де өзінің әуелгі арнасына түсті. Дегенмен күндіз де, түнде де маза бермеген бір сұмдыктың барына жан-тәнімен сенгісі келмеген еді. Катяның мінезінен сәл-пәл өзгерісті аңғарса болды, оның көз алдында мүлдем басқаша көрінетін. Ол тағы да ерке, өте биязы қылық көрсетті, әдеттегідей жасанды қымсынуы да жоқ, қызғаныштың күйігіне отығып алған қайран бас мұны бірден сезді де, ол тағы да түнгі сағат екіге дейін отырып, тағы да таусылмайтын әңгімесін бастады, аттанар күн жақындаған сайын «түсінісу үшін» ажыраса тұрудың түкке қажеті жоқ, әрі ерсі сияқты көрінді. Бірде тіпті Катя жылап та алды, бұрын ол жылауды білмейтін, сол көз жасы оны туғанындай жақындатып, әлдебір кінәсі бардай Митяның жанашырлық сезімін оятып жіберген.

Маусым айының басында Катяның шешесі Қырымға аттанып, жазды сонда өткізіп, қызын да ала кетпек-ті. Мисхорда кездеспек болып келісті. Митя да Мисхорға келмек еді.

Ол жиылып-теріліп жолға әзірленді, бір түрлі масан кейіпте Мәскеуді шарлады, аяғы нық, есі дұрыс, бірақ ауыр науқасы бар адам секілді. Ол өзін әрі мас, әрі дімкәс адамдай бақытсыз сезінді, сонымен бірге ессіз бақыттымын деп те сезінді, Катяның жан тартып қамқор бола бастағанына көңілі шексіз разы, құдды қалыңдығы, болмаса әйелі секілді дүкен аралап жол қажетін сатып алысты — осының бәрі алғашқы табысқан тәтті шақтарын еске салған. Ол маңайындағы бар көріністі де осы көңілмен қабылдады — үйлер, көшелер, соны кезген адамдар, көктемгі бұлыңғырды еске салатын ауа райы, шаң мен жаңбырдың, қорған сыртындағы түлей бастаған теректердің иісі: осының бәрі де ажырасудың мұңы мен жазғы үміттің тәттілігін айтып тұрғандай, Қырымға жетсе болды, арманның бәрі орындалатындай (бірақ орындалатын не арман екенін өзі де білмейді).

Жолға шығарда қоштасуға Протасов келді. Жоғарғы класстың гимназистерінің ішінде, студенттердің ортасында өздерін сайқымазақ-қылжақпас ұстайтын, жұрттан өзін ересек те тәжірибелі санайтын жастар жиі кездеседі. Соның бірі Протасов, Митяның ең жақын сырласы, қаншама жасырса да Митя махаббатының құпиясын бүге-шігесіне дейін білетін нағыз досы. Митяның чемодан байлап жатқанын да көрді, қолының қалтырағанын да көрді, содан соң мұңды бір даналықпен жымиды да:

— Құдай кешірсін, сендер құдды бала секілдісіңдер! — деді. — Соған қарамастан, сүйкімді менің тамбовтық Вертерім, Катяның табиғатында танылмайтын нағыз әйел сиқырының жатқанын түсінетін уақытың болды, оған енді полицеймейтердің өзі де ештеңе істей алмайды. Сенің бүкіл болмысың еркек, басыңды жарға соғып, оған ең жоғарғы міндет -ұрпақ жалғастыру керектігін талап етесің, әрине, бұл да заңды, бір ойдан қасиетті парыз. Сенің тәнің сананың жоғарғы сатысы деп герр Ницше тегін айтпаған. Бірақ сол қасиетті жолда мойныңды үзіп алсаң ол да заңды. Ең алғашқы, ең соңғы ләззат үшін өзін құрбандыққа шалатындар хайуандар дүниесінде де бар емес пе. Дегенмен бұл мақсат саған міндетті емес шығар, сондықтан екі қарап бір шоқы, өзіңді сақтағайсың. Жалпы асықпа. «Юнкер Шмит, құдайға қанық, жаз әлі қайтып келеді!». Жарық дүние жамаулы емес, дүниені Катя тіреп тұрған жоқ. Чемоданыңды умаждағаныңа қарағанда сөзімді ұнатпағаныңды сеземін, саған бәрінен де сол дүниенің тірегі сүйкімді сияқты. Жә, арзан ақылыма кешірім өтінем. Сені бір құдайға тапсырдым!

Протасов оның қолын қысып кеткен соң жастығы мен көрпесін буып жатқан Митя аулаға шығатын ашық терезеден әндеткен дауыс естіді. Әнші боламын деп таңнан қара кешке дейін дарылдап даусын сынайтын қарсыдағы студент «Азруды» айтып тұр екен. Митя қалай болса солай белдікті байлай салды да, картузын киіп Кисловкаға тартты — Катяның шешесімен қоштасуы керек еді. Студент салған әннің әуені мен сөзі құлағынан кетсеші, соны сан рет қайталап, көшені де көрмей, кезіккен жұртты да байқамай басы айналып сандалып қалды. Айтқандай-ақ дүниенің тірегі сол секілді, юнкер Шмит пистолетін оқталып өзін-өзі атқалы тұр. Мейлі, тіресе тірей берсін деп ойлады да тағы да әнге қайта оралды: өз көркіне өзі тоймай бақта сайрандап жүрген сұлтанның қызы фонтанный қасында тұрған көмірден бетер қара құлды көріп, оның кім, қайдан екенін сұраған екен, сонда құл мұңдана үн қатыпты:

Менің атым Магомет…

Тегім менің Азру,

Сүйеміз де өлеміз!..

Митяны вокзалға шығарып салмақ болып киініп жатқан Катя өз бөлмесінен айқай салды, әне келеді, міне келеді деп оны талай тосқан сағынышты таныс бөлмесі. Қызыл-күрең шашты, жылы жүзді сүйкімді әйел шылым шегіп жалғыз отыр екен, Митяға мұңды көзбен қарады — тегі бәрін де баяғыдан білетін, түсінген тәрізді. Ол қызара бөртіп, іші қалтырап, баласындай басын иіп онын тозып кеткен жұп-жұмсақ қолынан сүйді, ол да аналық сезіммен Митяның самайынан иіскеп шоқындырды.

— Еһ, сүйкімдім, тек күлкімен өмір сүріңдер! — деп Грибоедовтің сөзімен жымиып күлген болды. — Христос жар болсын, барыңыз, жолыңыз болсын!

VI

Бөлмедегі барын жиып-теріп, дәліз кезекшісінің көмегімен жүгін арбакештің қосаяқ трашпеңкесіне тиеді де, соның қасына отырып қозғала бергенде аттанардағы алғашқы ойына түскені — бәрі де бітті (біржола), өмірдің бір үзігі өтті де кетті деді, сонымен бірге бойы жеңілдеп, алдағы күннен жаңа бір үміт күткендей болды. Көңілі орнына түсіп, маңайына жіті көзбен жаңаша қарады. Қош, Мәскеу, қош бол сенде кешкен күндерім! Жаңбыр себезгілеп, көшелер бос жатыр, жолға төселген малта тастар шағылысқан темір секілді жалтырайды, аспан түнеріп, кірлеп кеткен үйлер бүрісе қалыпты. Арбакеш атын айдамай ілбітіп, зеріге бастаған Митя жан-жағына жалтақтай берді. Кремльден, Покровкадан өтті, одан тағы да қарғалары жаңбыр шақырып шуласқан шолақ көшелерге бұрылды, дегенмен әйтеуір жазғасалым ғой, ауада келер көктемнің иісі бар. Ақыры жетті-ау, Митя бірден жүкшілерге жүгірді, одан вокзалдағы қалың жұртты қақ жарып перронға, үшінші жолда тұрған Курекінің шұбалаң пойызына шықты. Пойызды күткен ала-құла қалың тобыр, арбаларын салдырлатып ары-бері жүгірген жүкшілер, солардың ішінде «көркемдігімен көз ұялтып» елден ерекше, тек мынау тобырдан ғана емес, мүмкін жалғанда жалғыз өзі ғана ерекше туған періштесін сонадайдан көріп қалды. Бірінші қоңырау да соғылды, бұл жолы кешіккен Катя емес, Митя еді. Катя одан бұрын келіп шыдамсыздана, сарғайып күткен, көре салып тұра жүгірді де кәдімгі қалыңдығындай, тіпті құдай қосқан жарындай жанашырлықпен:

— Айналдым, тезірек барып орын ал! — деп бәйек болды. — Қазір екінші қоңырау!

Екінші қоңыраудан соң бұрынғыдан да өбектеп, платформадан, тер мүңкіген халыққа лықа үшінші класс вагонының есігінде тұрған Митяға бар ықыласымен сүзіле қарады. Тұла бойында гиномдай мін жоқ — сүйкімді бет-жүзі, шағын ғана тұлғасы, үріп ауызға салғандай балаңдығы кетпеген бойжеткеннің нұрлы кейпі, жалтылдаған жанары, ептеп сәнқойлыққа еліктеген қарапайым шляпасы, тіпті қара сұр костюмінің жібек астарына дейін Митя ойша көріп тұр. Бүл болса тыртиған арық, оның үстіне жолға деп ұзын қонышты долбар етік, түймелері қажалып қалған ескі күртесін киген. Сонда да Катя оған жантарта қимастықпен сүйсіне қараған. Үшінші қоңырау Митяның жүрегіне инедей қадалды да вагонның баспалдағынан жын қаққандай секіре жөнелді, Катя да осы кезде алды-артына қарамастан оған қарсы жүгіргені. Митя оның қолғабына жармасып өліп-өшіп сүйді де қайтадан вагонның баспалдағына қарғып шықты, көз жасына не бола алмай басындағы картузын шешіп, айқайлап кеп бұлғасын, Катя юбкасының етегін көтеріп, одан көзін алмастан платформамен бірге кейін қарай қалқып барады. Жел терезеден қарап тұрған Митяның шашын жұлмалап, паровоз жол беріңдер дегендей өкіріп-бақырып заулай жөнелді, енді бір сәтте Катя да, платформа да жер жұтқандай жоқ болды…

VII

Жазға салымның жаңбырлы бұлтынан жалаңаш даланың ымырты ертерек түсті, көктем әлі келе қоймаған, ауыр вагон тарсылдап-күрсілдеп мұздай ауаны жарып келеді, кондуктор билет тексеріп, фонарьларға шырақ қойып жүр, ернінен Катя қолғабының иісі кетпеген Митя дырылдаған терезенің алдында әлі тұр, айырылысардың ақырғы сәтінде өзегіне түскен өкініш мұң болып қайта-қайта лықсиды. Бірде қуаныш, бірде уайымға бөлеп, бүкіл өмірін теріс айналдырып жіберген Мәскеудің созылмалы дерттей ұзақ қысы қазір қайта жаңғырып, көз алдынан жаңа бір көрінісімен өтіп жатыр. Түрленіп, түлеп көз алдында Катя тұр… Иә, Катя! Бұл кім өзі? Ал, махаббат, құштарлық, жан, тән? Бұл не өзі? Мұның бәрі де жоқ — бәрі де басқа нәрсе, мүлдем басқа! Мынау қолғаптың иісі — бұл да Катя емес пе, махаббат, жан, тән деген де осы емес пе? Мынау мұжықтар, жұмысшылар, жылауық сүйкімсіз баласын дәретханаға жетелеп бара жатқан әйел, теңселген фонарьдағы өлеусіреген жарық, жазға салымның жалаңаш даласын бүркеп келе жатқан ымырт — бәрі де махаббат, бәрі де жан, бәрі де мұң, бәрі де белгісіз бір қуаныш!

Ертеңгісін Орел, түкпірдегі алыс платформада тұрған провинция пойызы, енді соған мінуі керек. Митя ғажап қалды: неткен қарапайым, тып-тыныш, жайдары таныс дүние, Мәскеуді мұнымен салыстыруға да тұрмайды, ол қазір көңілден де көшкен, онда тек Катя ғана қалған, сүйгені, сүйіскені, жалғызсырап, жетімсіреп жүрген шығар-ау. Жаңбырдың жұлым-жұлым сұрғылт бұлтын бүркенген боз аспан да, тіпті жел де бұл жерде сабырлы, момақан… Поезд Орелдан асықпай қозғалды, Митя иен вагонда асықпай отырып тәтті прәндік жеді. Біраздан соң вагонның баяу ырғағымен тербеліп ұйықтап кеткен.

Тек Верховьеде ғана оянды. Пойыз тоқтап тұр екен, адам көп, абың-күбің, бірақ мұнда да сабырлы тыныштық. Бекет асханасының таныс түтіні шалқиды. Митя тамсанып отырып бір тәрелке жапырақ сорпасын, бір бөтелке сыра ішті де тағы да қалғып кетті, тұла бойын шаршау мен ұйқының зілі басқан секілді. Көзін тағы бір ашқанда пойыз соңғы бекеттің алдындағы өзіне таныс қайыңды алқаппен заулап келеді екен. Тағы да жазғасалымның бұлыңғыр аспаны, ашық терезеден саңырауқұлақтың иісі секілді көктемнің лебі келеді. Орман әлі жалаңаш, бірақ пойыз күрсілі жаңғырық болып қайтып тұр, алыстан бекеттің уайымшыл шамдары жылтырайды. Мінеки, биік семафордың жасыл оты қайыңды орманның алакеуімінде әсіресе әсем көрінеді, пойыз сатыр-сұтыр басқа жолға ауысты… Япырай, мұны платформада сарғая күтіп тұрған дсревняның бір байқұсына обал-ақ.

Бекеттен жазғасалымның батпағына белуарынан мелдектеп отырған үлкен селоға жеткенше қас қарайып та кетті. Дүние жұп-жұмсақ ымыртқа шөгіп жатыр, төңірек тым-тырс, қараңғы түн жаңбырлы бұлттың қарақұрығымен ұласып кеткен, Митя тағы да іштей қуанып келеді: япырау мынау қиқы-жиқы үнсіз деревня, әлдеқашан ұйқыға батқан тауықтың саңғырығы мүңкіген үйлер неткен ғажап та қарапайым — Благовещеньеден бастап құдайға қараған жұрт от жақпайды — тас қараңғыда қалғыған дала түні қандай тамаша! Тарантас ұра-жыраға қайта-қайта сүңгіп, ми батпақты сапырып келеді, бай мұжықтың ауласындағы жалаңаш емендер әр бұтақтың қолтығына ұзақтың ұяларын қыстырып алып көкке телміріп сидиып тұр. Үй алдында қараңғы түнге көз тігіп әлдебір мұжық о дүниеден келгендей сұқтана телміреді: жалаңаяқ, жыртық шапан, солаңдаған ұзын шаштың төбесінде пұшпақ тері бөрік…Иісі аңқыған жылы жаңбыр себелеп берді. Митя әр үйде жылы көрпенің астында ұйықтап жатқан қыз-келіншектерді ойлады, қыс бойы Катя екеуінің бастан кешкен күндері көз алдына елестеді де бәрі де бір елес болып шыға келді. — Катя, қыздар, келіншектер, түн, көктем, жаңбыр иісі, көктеуге жақын сүдігер иісі, тершең жылқының иісі, жібек қолқаптың иісі…

VIII

Деревнядағы өмір жаймашуақ күндермен жайдары басталды.

Түнде, бекеттен шыққан жол бойында Катя бейнесі көмескі тартып, айналаның ажарына араласып кеткен сияқты еді. Жоқ, бұл әншейін бірнеше күннің әсері екен, Митяның ұйқысы қанып, есін жиғанша, атамекеннің бала кезінен өзіне таныс тіршілігіндегі жаңалықтарға көзі үйреніп, деревняға, деревня көктеміне, жуырда гүлденіп шыға келетін жалаңаш та иен даланың суретіне қаныққанша кейінге ысырыла тұрыпты.

Усадьба онша үлкен емес, үй де ермегі аз ескі, шаруасы көп жұрттың қолын қажет етпейтін жинақы, — сонымен Митяның тыныш тірлігі басталды. Қарындасы Аня гимназияның екінші класында, інісі бозбала — кадет Орелда оқуда, маусымның басында бірақ келетін шығар. Анасы Ольга Петровнаның қолы шаруадан босамайды, күн батса болды ұйқыға кетеді, оған болысатын жалғыз піркәшік-староста көбіне дала жұмысында жүреді.

Митя келген күннің ертесінде он екі сағат ұйқыдан соң жуынып, таза киініп бөлмесінен шықты да (терезесі баққа қарайтын жарық бөлме еді) үйдің ішін түгел аралап, туған шаңырақтың жаныңды да, тәніңді де рахатқа бөлейтін қарапайым жылылығын бірден сезінді. Бәрі де бұдан көп жыл бұрынғы орнында тұр, баяғы сол таныс иісі, мұның келерін біліп бәрін де тап-тұйнақтай жинап, жуып, тазартып қойған. Тек кіреберіс пен жалшылар үйіне іргелес зал ғана бітпей қалған екен. Жалда жүрген деревняның секпіл бет бойжеткені терезелерді сықырлатып сүртіп жатыр, жоғарғы шыныға қолын созғанда төменгі әйнектен белге дейінгі бүкіл мүсіні алыстағы бір көгілдір елес секілді жарқ-жұрқ ете қалады. Үй қызметшісі Параша, жалаңаяқ, ақ балтырын ойната шелектегі ыстық судан шоқпытты суырып алып едендегі көлшікті шалпылдата кешіп бара жатып маңдайының терін шынтағына дейін түрілген жеңімен сипай салады да біреу қуып келе жатқандай асығыс дыбдырықтап:

— Барып шай ішіңіз, — деді өзімсінген еркін қылықпен. — Сіз мүмкін естімеген шығарсыз, анаңыз күн шықпай тұрып старостамен бекетке кетіп қалған.

Сол сәтте ол Катяны есіне алды: шынтағына дейін түрілген әйелдің тоқ білегі, терезе алдындағы жанарын суырған бойжеткеннің юбка ішіндегі тырсиған қып-қызыл саны. Катяның құпия билігі бұл жерде де өзін қуып жеткеніне қуанып, мен сенің меншігің екенмін ғой дегенге бар көңілімен шүкіршілік етті.

Әрбір таң атқан сайын, Митя есін жиып, деревняға отыққан сайын Катяның бейнесі де тіріліп жақындай түсті де сонау Мәскеудегі қиялындағы Катяға ұқсамайтын кәдімгі Катяны ұмыта бастағанда жаны жадырап, көңілі жай тапты.

IX

Ол алғаш рет өзінін үйінде есейіп қалғанын білді, соны сезген анасы да бұрынғыдай емес басқаша сөйлесетін болды, ең бастысы, нағыз махаббаттың сағынышымен, балалық шағында, бозбала кезінен аңсаған арманымен күн кешті.

Тіпті сонау сәбиінде тіл жетпейтін ғажайып та құпия бір сезім көкейіне құрт болып түскен. Бір кезде, бір жерде, көктем болса керек, бақ ішіндегі бір топ сиреннің түбінде — иісі есінде қалыпты — тіпті сәби шағында бір әйелдің қасында тұрған — мүмкін өзінің күтушісі шығар — кенет көк аспанның жарқын жүзіндей бір нәрсе жарқ ете қалды — әлде бет ажары ма, әлде көкірегін керген сарафаны ма, — ыстық жалындай әлде не шарпып өтіп, құрсақта тулаған нәрестедей тұла бойын дір еткізген… ол бір көрген түстей еді. Бұдан соңғы көргендері де лып еткен түстей болды — бала кезінде, бозбала шағында, гимназияда оқыған жылдары. Бала кезіндегі мұның той-томалағына шешелеріне еріп келіп-кетіп жүретін қыздардың бәріне ерекше бір құмарлықпен қызыға қарайтын, солардың әрбір қимылын аңдып, ешкімге, ешнәрсеге ұқсамайтын, башпақ киіп, басына жібек лента байлаған көйлек ішіндегі кіп-кішкентай тірі жандардан көз айырмай тәтті бір сезіммен жұртқа білдірмей қадалып кеп отыратын. Одан соң (кейінірек, губерниялық қалада) естияр шағында бүкіл күз бойы гимназист қызға есі кете қызыққаны бар, ол шіркін күн сайын көршінің бағын аралайтын еді: ширақ жүрісі, қоңыр көйлегі, шашындағы имек тарағы, кір басқан қолы, күлкісі, сыбызғыдай нәзік даусы — бәрі-бәрі Митяны есінен тандырғаны соншалық, ертеңнен кешке дейін соны ойлап мұңданып, кейде содан бір нәрсе дәметкендей жылайтын да кездері болды, кейін бұл да ұмытылып, көңілден көшті, бұдан соң да баянсыз таныстықтарды бастан кешті, бірақ обалы қане, таңданудан, табынудан танған жоқ, лып етпе қуаныш, қылт етпе кейістіктер де жетіп жатты, гимназияда өткен билерде аяқ астынан ғашық та болып қалды… тәні әлде неден балқып, жүрегі әлде нені күткендей, соны тосумен лүпіл қақты…

Ол деревняда туып, деревняда өсті, бірақ гимназияда оқып жүрген кезінде көктемді амалсыздан қалада өткізді, тек бір жылы ғана, алдыңғы жылы болса керек, масленницада деревняға келіп ауырып қалды да, жазылғанша наурыз бен сәуірдің ширегінде осында жатып алды. Бұл да бір естен кетпес күндер еді. Екі жұма бойы тырп еткен жоқ, дүниенің тоңы жібуіне қарай өзгерген аспанның айнасын, қарды, бақ пен оның ағаштарын тек терезеден көрді. Сондағы көргені: таңғы шапақ, жылы бөлме күн көзінен жарқырап тұр, тіріле бастаған шыбындар әйнек шынысында жорғалап жүр… Келесі күнгі түстен кейінгі шақ: күн көзі үй сыртына ауып кеткен, терезеде жазға салымның бозғылт көбік қары, аспандағы түйдек-түйдек ақ бұлттар ағаш басына ілініп қалғандай… тағы да бір күн өткенде аспандағы қалың бұлт жыртылып тұр екен, ағаштардың қабығын тер басқан, шатырдан аққан тамшының тырсылын тыңдап жатып өзіңнен өзің қуанасың, көңілің қуанышқа тоймайды… Бұдан соң жылы тұман бүркеп тұрып алды, бірнеше тәулік қарлы жаңбыр дүниенің жүйкесін жібітіп, өзеннің мұзы түсті, бақ пен ауланың қары кетіп, қара жер бусанып қуаныш әкелді… Тұңғыш рет атқа мініп, наурыз айының аяғында дала кезгені күні бүгінге дейін Митяның есінен кетпейді. Аспан әлі сұрғылт, бірақ бақтың жалаңаш өңсіз ағаштарында сәулесі сағым болып шағылысып тұр. Далада жел шыңылтыр, егіндік алқап сап-сары әрі тың, сұлы себетін аңызды жырта бастапты, майлы топырақ қап-қара барқыт секілді. Митя аңыз бен сүдігерді қақ жарып таза ауада алыстан қарайған орманға тартты — ол да жалаңаш, шағын ғана, ол шеті мен бұл шеті көрініп жатыр, арман қарай орманды сайға түсті, өткен жылдың ескі жапырақтары ат аяғына оралып сылдырымен маңайды оятты, кей жері құрғақ, кей жері шіріген қоңырқай түсті, әлі қар суы сарқылмаған жырадан өткенде бұта түбінен, тура ат аяғының астынан пар етіп қызғылт құйрық бұлдырық ұша жөнелді… Бетін салқын самалға өптіріп, балшықты аңыз, жыртылған атыздан өткенде аттың өкпесін солқылдатып, қолқасын қорсылдатқан сол бір көктем, сол бір күн Митяға не жұбаныш берді? Ойлап отырса тек сол көктем оның алғашқы да шын махаббаты болған екен, әр күнін тек ғашықтықпен өткеріп, біреуге, бір нәрсеге ғашық болып, бүкіл гимназия қыздарына, дүниедегі бүкіл қыздарға ғашық болған екен. Бүгінде сол күндер тым алыстап кетті-ау! Ол кезде таңдайының сүті кеппеген, пәк те ақжүрек, өз уайымы, өз қуанышымен күн кешкен қиялшыл бала екен ғой! Түсіне, дұрысы ғажайып бір түсі туралы естелігіне ғашық болған атауы жоқ, өтеуі де жоқ махаббаты екен де. Енді міне, дүниеде Катя бар, бәрін, бүкіл ләззатты бойына сіңірген, бәрін өзіне табындырған ғажайып дүние бар!

X

Сол алғашқы күндері Катя мұны бір-ақ рет оңдырмай қорқытты.

Бірде, кешқұрым Митя теріскей баспалдаққа шыққан. Тас қараңғы еді, төңірек тым-тырыс, сыз даланың иісі аңқиды. Түнгі бұлттардың саңылауында, қарауытқан бақтың төбесінде жыпырлаған ұсақ жұлдыздар жылап тұрды. Кенет алыс түкпірден әлде не албастыдай бақылдап, итше үріп, қышқырып жібергенде Митяның жаны тас төбесінен шығып, бойы шымырлап тұрып қалды, содан соң абайлап баспалдақтан түсті де қос өкпеден қарақшыдай аңдыған қараңғы аллеяға кіріп тағы да тоқтады, әлде нені күтіп тың тыңдады: қорқынышты дауыспен бүкіл бақты басына көтерген кім болды екен? Сірә, сыңарын шағылысқа шақырған байғыз шығар, басқа кім болушы еді деп ойлады, бірақ мынау көрдей қараңғыда тығылып бір қуыста перінің өзі тұр ма дегенде тұла бойы түршікті. Кешікпей тағы да Митяның зәресін алып тура төбесінен ұлыды-ай келіп, содан ағаш басын сатырлатып жын-пері басқа бір жерге барып қонды да әуелі итше үрді, одан балаша жылап, артынан қыңсылап, біреу қытықтап жатқандай ойбайын салып күлді. Митя дірілдеп-қалшылдап қараңғыға көз тігіп, құлақ түрді. Бірақ әлгі жын-пері қараңғы бақты қақ жарып ұшты да, маңайды ыңқыл-күрсілге толтырып жер астына сіңгендей әп-сәтте жоқ болды. Жынойнақтың күй ойнағын бірнеше минут босқа күткен Митя сыбдырын білдірмей үйге қайтты. Содан түнімен шала ұйқы болып жатып, өңі ме, түсі ме, Мәскеудегі наурыз айында өткен махаббатшыл күндердің азабы мен ауруға бергісіз жанын жеген қорлығы, ауыр сезімі көз алдында қазандай қайнап таң атқанша қиналды.

Алайда таң атып, күн жарқырап шыққан соң түнгі жан қинаған сандырағы тез сейілді. Біраз уақыт Мәскеуден жоғала тұрамын дегенде Катяның жылағанын есіне алды, маусымның бас кезінде Қырымда кездесеміз дегенде қатты қуанғаны, мұны жолға жанашырлықпен әзірлеп, вокзалға шығарып салғаны көз алдында… Катяның фотосуретін қолына алып ұзақ-ұзақ қарап, оның кіп-кішкентай сүйкімді кейпіне, пәк тазалығына, жасқанбай тік қарайтын ашық жанарына қайран қалды… Бұдан соң ұзақ отырып, ұзақ-ұзақ сәлем хатын жазып, оған деген махаббатының мәңгілік екенін айтты да қуанышта да, мұңда да оның өзімен бірге екенін өзіне-өзі сендіріп бақты.

Осыдан тоғыз жыл бұрын әкесі қайтыс болғандағы жан күйзелісін ол жақсы біледі. Онда да жазға салымның кезі еді. Әкесі көз жұмғанның ертеңінде залға түршігіп кірген, мәйіт дворян мундирін киіп үстел үстінде жатыр екен, қан-сөлсіз екі қолы дүңкиген көкірегінде айқасып қалған, қап-қара сақалының үстінде жоталы қырмұрыны аппақ секілді көрінді. Митя баспалдаққа шығып, іргеден паршамен қапталған табыттың үлкен қақпағын көргенде сезінгені — тіршілікке ажалдың келгені. Күннің көзінен де, ауладағы тебіндеп келе жатқан көктен, аспаннан, бақтан да ол өлімді көргендей болды… Баққа кірді, күн көзінен жерге шұбар-ала көлеңке шашқан ағаштарды аралады, алғашқы ақ көбелектерді көрді, құйқылжытып ән төккен алғашқы құстарды тыңдады — ештеңеге түсінген жоқ: бәрінде де ажал тұрды, өлік жатқан залдағы үрейлі үстел, паршамен қаптап баспалдаққа сүйеп қойған табыттың үңірейген қақпағы… Күн де кешегі нұрынан айырылып қалған, көк шөптің де кешегідей ажары жоқ, гүлге қонған көктемгі көбелектің көркі де көз тартпайды — бәрі де кешегіге ұқсамайды, бәрі де заманақыр келгендей өзгеріп кетіпті, әдетте құлпырып тұратын мәңгілік жастықтың кепілі — көктемнің атлас көрпесі де солғын. Әрі ұзаққа созылған сүйкімсіз көктем көңілсіз сезіммен өтті, секем алғандықтан ба, жуып-тазартып, сан дүркін жел қақтырса да үйден күлімсі әлік иісі кетпей қойды.

Митя қазір де кел-қайт, кел-қайт масаң бір кейіпте жүр, бірақ бұрынғыдан басқа: әсерлі көктем, алғашқы махаббаттың көктемі баяғыдан мүлдем бөтен. Дүние тағы да өзгеріп, тағы да әлдебір бейтаныс құбылыс ерекше тәтті сезімге бөлегендей, әуелгідей жанға жат құбылыс емес, керісінше, жаңа көктемнің қуанышымен үндес. Сол бейтаныс Катя болса керек, кәдімгі Катя емес, қиялындағы қимас Катясы. Көктем күндері созылған сайын оның қиялы да көк тірегендей болды. Катяның өзі жоқ, көз алдында оның бейнесі, көңілімен қалаған, қиялындағы бейнесі, ойлап тұрса, қылығымен де, қызығымен де ол шіркін мұның көксеген арманына қиянат жасамаған екен, күн өткен сайын сағыныштан сарғайып, Митя қайда қараса да қарсы алдынан Катя шыға келетіндей көрінді.

XI

Үйге келуі мұң екен, алғашқы аптада-ақ көңілі көтеріліп сала берді. Жазғытұрым еді. Қолында кітап, терезенің алдында шырша мен самырсынның саңылауынан сайдағы өзеннің лай суына, өзеннің арғы бетіндегі беткейге, беткейдегі деревняға телміріп отырған: көрші помещиктің бағында кәрі қайыңның бұтақтарына қонып алып ұзақтар таңнан қара кешке дейін жақтары сенбей шуласады, ерте көктемдегі әдеттері осы, беткейдегі деревняның сиқы да шала түлеген мал секілді алба-жұлба, тек су бойындағы жетім тал ғана ептеп күшіктей бастапты…Баққа кірді, бұл да жалаңаш, бүрлей қоймаған ағаштар сидиып арасы сиреп қалыпты, тек шағын алаңдағы быжырқай жасыл гүлдер қылтиып енді-енді тебіндеп келеді, аллея жиегіндегі жалғыз ырғай мен бақтың күн шалған бетіндегі шие ғана шешек атып тұр… Қырға шықты: құлазыған сұрқай дала, егінжайдың былтырғы ормасы кірпінің жонындай тарақтанып сарғайып жатыр, иір-иір жалғызаяқ соқпақтар кеберсіп қалған екен… Осының бәрі жастық шақтың үкілеген тұлымы секілді, күні ертең құлпырып шыға келмек — осының бәрі Катя. Митяға солай көрінген, тек шаруа істеп жүрген жалдамалы қыздар, жұмысшылар ғана назарды бөледі, кітап оқу, серуенге шығу, деревнядағы таныс мұжықтарға бару, анасымен сөйлесу, старостаға еріп қосаяқ трәшпенкемен егістік алқапқа барып кайту — бәрі де Катяны бір ғана сәтке ұмыттыратын ермек.

Тағы да бір апта өтті. Бірде түнімен нөсерлетті де ертеңгісін күн апшыны қуыра жөнелген, жылымық көктемнің басы жайбарақаттығын жоғалтып, дүние күн сайын емес, сағат сайын көркін жаңартты. Егінжай алқабы жыртылып қара барқыт аңызға айналды, арық жиектерінің көгалы ұзарып, ауланың арам шептері бой көтерді, көк аспанның күмбезі тұңғиык тартып, ағаштар жапырақ жайып жасыл көрпесін жамылды, сирень шашақтарынан жұпар иісі бұрқырап, жылтыраған жылмағай қабықтарында, күнге қызған соқпақтардың таз жалтырында темір түсті күмпиген көк шыбындар пайда болды. Алма мен алмұрт бүршік жара бастаған, көрші ағаштарға асылған бұла бұтақтарында ақүрпек түйіндер күн санап алақанын жазып келеді. Көктемнің осы бір құлпырған шағында көңілі қуанышқа толған Митя бұла табиғаттың бүкіл өзгерісін қызықтаумен болды. Катя да оның көз алдынан кеткен жоқ, көкжасыл көктемнің ғажайып шымылдығының көлеңкесінде жоғалып кетпей, керісінше, сонымен таласа, көркі мен сұлулығын мынау гүлдеген бақпен, кіршіксіз мөлдір аспанмен жарыстырған секілді.

XII

Кезекті шайға жиналған бір кеште, батар күннің шапағына шомылған кең залға кіре беріп, талайдан бері босқа күтіп әбден зарыққан поштасы самауырдың қасында жатқанын кенет көзі шалды. Оның сан дүркін хатына Катя ең болмаса бір хабарын берсе керек еді, үстелге жетіп келіп, әп-әдемі конверттегі қиқы-жиқы жазуды бірден тани кетті. Конвертті қағып алып үйден атып шықты да баққа, одан бас аллеяға беттеді. Бақтың ең түкпіріндегі сайдауытқа жеткенде барып тоқтап қағазды айырып жіберген. Хат тым қысқа, екі-ақ ауыз сөз екен, соның өзін бес қайтара оқып, содан кейін ғана жүрегінің тарсылдап соғып тұрғанын сезді. «Менің сүйіктім, менің жалғызым!» деген лепірмені қайта-қайта оқығанда аяғының астынан жер көшіп бара жатқандай болды. Басын көтергенде көк аспан салтанатпен жарқырап тұр екен, бақ та ақша қар жамылғандай жайнап кетіпті, шеттегі көкмайсада бұлбұл да бар өнерін сала мың құбылтып әнге басыпты — Митяның бетіне қан теуіп, төбе құйқасы шымырлады…

Үйге асықпай қайтты, махаббаттың тостағаны осы сәт асып төгілейін деп тұр еді. Сол сезімді ол кейінгі күндерде де іштей жасырын сақтап, келер хатты қуанышпен асыға күткен.

XIII

Бақ сан түрлі гүлге оранды.

Бақтың түстік іргесін көмкерген кәрі үйеңкі күншіліктен көрініп, жапырағы көлдей болып жайылды.

Митя терезеден көз алмай бағып отыратын бас аллея да биіктеп кеткен; енді ғана жапырағын жаза бастаған жөке көк жүзіне шаншылып жасыл көрпе жамылған баққа ерекше көрік беріп тұр.

Аллеяның іргесінде, үйеңкі түбінде дірілдеп қатқан қаймақ тәрізді әйтеуір бір нәрсе қуқыл сарғыш тартып жайылып жатыр.

Осының бәрі: үйеңкінің бұладай ұшар биігі, аллеяның жасыл тізбегі, гүлдеген алма, алмұрт пен мойылдың ақ жамылғысы, күн сәулесі, көгілдір аспан, сай-салада, соқпақ жиегі мен үйдің іргесінде ұйысып өскен сирень, ырғай мен қарақат, ошаған мен қалақай, бәрі-бәрі көркімен көз тойдырып, жұпар иісімен сарайыңды ашады.

Тап-таза көгалды аула жан-жақтан қысқан ағаш пен өсімдіктен тарайып, үй де аласарып, жарқырай түскен сияқты. Кәдімгі қонақ күткендей күні бойы әр бөлменің есік, терезелері ашық жатады: ақшыл зал, көгілдір көне қонақ бөлмесі, диван тұратын сопақша қуыс, күн сәулесі кетпейтін кітапхана, бұрыштағы ескі икондарға толып тұратын бос бөлме мен қабырғасы шетен шкапқа сірескен кіреберіс — бәрі де салтанатты. Әр бөлменің терезесінен әр түрлі ағаштардың жасыл жапырақты бұтақтары телміреді де тұрады.

Бірақ хат-хабар болмады, Катяның хатқа салақ екенін Митя білетін, жазу үстеліне отырып қалам-қағаз ұстауға мойны жар бермейді… Бірақ қаншама өзін-өзі жұбатқанмен одан көмек болмады. Екінші хатты соншалықты қуанышты сезіммен бірнеше күн күткен еді, енді сенімі сарқылып, тағы да көңілін қобалжу басты. Үміттендірген бірінші хаттан соң одан да гөрі жақсы лебізге толы екіншісі келуге керек еді. Бірақ Катя үн қатпады.

Митя деревняға қатынауды, қыр басына шығуды да сиретті. Кітапханадан шықпай, сан жылдан бері сарғайып кеткен шкафтағы ескі журналдарды ақтарды. Журналдарда жасамыс ақындардың жақсы өлеңдері көп екен, бәрінің жырлағаны бір тақырып — тіршілік басталғаннан бергі ән мен жырдың өзегі болған өмір, дүниенің қазіргі тынысы, соның ішінен ол өзіне лайық, жанын толқытар, махаббаты мен Катясына тән леп іздеген. Ол күні бойы ашық шкафтың алдындағы креслодан тұрмастан әбден жалыққанша оқитын болды:

Жұрт ұйқыда, достым, көлеңкелі баққа жүр!

Жұрт ұйқыда, көк аспаннан көп жұлдыздар қарап тұр…

Осы бір ғажайып жолдар құдды өзінікі сияқты көрінетін, қайда болса да көңілінен көшпей, қайда жүрсе де көз алдынан кетпейтін сүйіктісіне арналғандай, кейде Митяға қатал ескерткендей болушы еді:

Айдын көлді тербетіп,

Аққу жүр ғой қалықтап —

Дірілдейді су беті,

Келші жаным, келші енді!

Аспанда жұлдыз жарқырап,

Жапырақтар сыбдырламай қалтырап,

Бұлтқа кірді тауып ап…

Ол көзін жұмып, осы жолдарды сан дүркін қайталап, махаббаттан жүкті болған жүрегінің әмірін тыңдады, соның қанағатын қайтсем ләззатқа бөлеймін деп қиналды. Деревняның усадьбаны тұмшалаған мылқау тыныштығына құлақ түріп ұзақ отырды да өкінішпен басын шайқады. Бірақ Катя жауап қатқан жоқ, ол бөтен ортада, алыстағы Мәскеуде қаннен-қаперсіз жырғап отырған шығар! Тағы да жүрек шымырлатқан нәзік сезім таусылып, өлең жолдары көкейіне қайтып оралды:

Келші жаным, келші енді!

Аспанда жұлдыз жарқырап,

Жапырақтар сыбдырламай қалтырап,

Бұлтқа кірді тауып ап…

XIV

Бірде түскі астан кейін аздап демалып Митя баққа шықты. Бақта қыздар алма ағашын түптеп, шаруа жайғап жүретін. Митя солардың қасына барып шүйіркелесіп отыруды әдетке айналдырған.

Тып-тымық қапырық күн еді. Аллеяның көлеңкесін сағалап, ағаштардың ақ ұлпа бүйра гүлдерін алыстан бажайлап келеді. Әсіресе алмұрттың көк аспанмен астасқан әсем гүлдері ағаш түбіне көгілдір сағым шашып тұр. Алма да, алмұрт та гүлдеп болып, ағаш түбіндегі қопсыған топырақ ала-құла солғын жапыраққа толып қалыпты. Солардың тәп-тәтті хош иісімен жарыса күн көзіне борси бастаған мал қорасындағы қидың күлімсі лебі шалқып тұр. Кейде көк жүзіне жетім бұлттар қалқып шығып, жылы ауадан күңірсік иістің езі де тынысқа нәзік леп береді. Көктемнің маужыраған жаймашуақ жұмағы қардай аппақ гүл орманына қомағайлана танау тыққан аралардың гүжілінен гулеп тұр. Күн көзінде қалғыған бірлі жарым бұлбұлдар бірде ана тұстан, бірде мына тұстан таңдай қағып қояды.

Аллея түкпірдегі қоймаға барып тірелетін. Бақтың алыс шетінде бір шоқ шырша қарауытады.Сол маңдағы алма ағаштарының арасында ала киімді екі қыз жүрген. Митя күндегі әдетінше бал, әлде лимон аңқыған сабалақ бұтақтарды сүзе бетін жапыраққа сипалатып аллеяның ортасынан соларға қарай бұрылды. Қыздардың бірі, тыртиған арық жиренбас Сонька оны көре салып сықылықтап күлді де:

— Ой, қожайын келе жатыр! — деп өтірік қорыққан болып айқай салды да, талтиып отырған алмұрттың жуан бұтағынан секіріп түсіп күрегіне жармасты.

Глаша деген екінші қыз керісінше, Митяны тіпті байқамаған болды, киіз байпақ киген аяғын темір күректің алқымына нығыздап тіреп, опырып алған қара жерді салмақпен аударып тұрып құлаққа жағымды сүйкімді дауыспен сызылтып әнге басты: «Жайнаған бақ, сен бе едің менің бақытым, кім үшін гүлдеп тұрсың?» Бұл өзі бойы дерендей, қайратты, қашанда сабырлы қыз еді.

Митя Соньканың орнына, кеуіп қалған алмұрттың қу бұтағына барып отырды. Сонька оған қадалып қарады да қылымсыған кейіпте қылжақтаған болып:

— Жаңа тұрғаннан саусыз ба? — деп сұрады. — Шаруадан қалып қойып жүрмеңіз!

Митяны іштей ұнататын, жақсы көргенін жасыруға тырысатын, бірақ онысы көрініп қала береді, өзін-өзі ұстай алмай, аузына келгенін айта салатыны бар, дегенмен соның өзінен де бір гәп білініп қалады, Митяның қайта-қайта келе беретіні де тегін еместігін сезеді. Митя Парашамен жүріс қылады, тіпті солай болмағанның өзінде көңілі бар деп ойлайтын, сонсоң да оны қызғанып, кейде қиылып сөйлеседі де, кейде өшпенділікпен қауып алатын әдеті. Митя осыдан да бір түрлі ләззат алатын еді. Хат жоқ, күтуден де күдер үзгендей, қазіргі өмірі де өмір емес, күн санап сүлдерін сүйретумен жүр, әйтеуір бір үміт, сол үміттен де қажып болды, азабы мен арманын бөліп-жарысатын да ешкім жоқ, Катя туралы, Қырым сапары туралы да сырын еш пендеге аша алмайды, сонсоң да Соньканың бұған деген ынтығы ерекше қанағат: қалай дегенмен де әншейінгі әңгіменің өзі жанын күйзелткен мұңын қозғайтыны рас. Соньканың өзіне ғашық болып жүргеніне де көңілі толқиды, демек, жақын тартқаны да, мұның құпия махаббатынын мұңдасы емес пе екен, кейде ол Сонька бойынан сезім бәсекелесін тапқандай, аздап болса да Катяның орнын басатындай көрінеді.

Енді міне, ойда жоқта Сонька мұның жан жарасын тырнап алды: «байқаңыз, шаруаңыздан қалып қойып жүрмеңіз!». Митя маңайын шолып қарады. Қарсы алдындағы жасыл шыршалар күннің аптабынан қарайып кеткен секілді, соның ұшар басындағы көгілдір аспанның күмбезі мөп-мөлдір. Жаңа көктеген үйеңкі мен жөкенің жас бұтақтары күн көзінен бүкіл бақты тұтас бүркеп, алаңқай мен соқпаққа, шалғын бетіне шұбар көлеңкесін шашып тастапты: жұпар иісті аптап шатырды әр тұстан тесіп түскен күн сәулесі жалтыраған фарфор сияқты. Митя күлуге құлқы болмаса да жымиып Сонькадан:

— Менің қай бір шаруам қалып бара жатыр дейсің? — деп сұраған болды. — Менде бітіре қоятын шаруа да жоқ қой.

— Жә, ант-су ішіп ақталмай-ақ қойыңыз, онсыз да сенемін! — деп Сонька көңілді де тік жауап беріп, махаббат хикаяңның жоқтығын білемін дегендей Митяның көңілін разы қылып тастады, кенет айқайын салып, шырша арасынан ептеп шығып, артынан келіп шыт көйлегінің етегін жалмай бастаған қызыл қасқа бұзауды қуалай жөнелді.

— Өй, қарасан келгір! Сені де құдай айдап келді ме!

— Саған құда түскені рас па? — деп сұрады айтар сөзі таусылған Митя әңгімені жалғастырғысы келіп. — Жұрттың айтуынша жігіт жас, отбасы дәулетті дейді, сен әкеңнің тілін алмай, көнбей қойыпсың…

— Дәулеті аста-төк, бірақ ақылы жоқ, ертерек есінен жаңылған, — деп Сонька мақтаныш сезіммен көңілді жауап берді. — Мүмкін менің көңілім басқада шығар…

Көп сөйлсмейтін тұйық Глашка жұмысын тоқтатпастан басын шайқады:

— Ой, суайтым-ай, Доннан да сапырасың, теңізден де сапырасың! — деді күңкілдеп. — Аузыңа келгенді айта саласың, ал селода ол өсек боп тарайды…

— Аузыңа құм! — деп Сонька шаңқ етті. — Мен қарға емеспін, қарап та қалған емеспін!

— Сонда сенің көңілің кімге түсті екен? — деп сұрады Митя.

— Иә, айта қоярмын! — деді Сонька. — Анау сіздердің малшы шалдарыңа ғашық боп қалдым. Көрсем болды, табаныма шейін күйіп сала береді. Мен де сіздерге еліктеп аттың кәрісіне мінетін болғанмын, — деді, деревняда кәрі қыз атанып кеткен жиырмадағы Парашаны мегзеген болып. Содан өзінің барчукке ғашық екенін сездіргендей еркінсіп жерге отыра кетті де талтайып аяғын созып жіберді, қысқа қонышты етігі ескі, шұлығы жүннен тоқылған екен, сөйтті де екі қолын сылқ еткізіп екі жағына тастай салды.

— Үһ, түк бітірмей-ақ шаршадым-ау! — деп сылқылдап күлді. — Етігім менің ескі еді, — деп жоқ жерден шырылдап әнге бассын:

Етігімді ескі екен деп қарама,

Шұлығымды жоқшылыққа санама…

— Жүріңіз, күркеге барып демалалық, мен бәріне де көнемін! — деп тағы да шарқылдап күлді.

Осы күлкі Митяның делебесін қоздырды. Езуі құлағына жете ыржиып қу бұтақтан секіріп түсті де Соньканың қасына барып басын оның тізесіне қойып жата кетті. Қыз итеріп тастаса да қайтадан жастанып алды, сол кезде соңғы күндері оқыған бір өлең есіне түсе кеткені:

Раушан гүлі — махабаттың киесі,

Көз алдымда шешек атты, білесің.

Шықтай мөлдір,

Шырындай тәтті,

Әлемге симас,

Әркімге қимас

Махаббат келді — жанымды менің билесін…

— Тиіспе маған! — деп шындап қорыққан Сонька айқай салып, оның басын балтырынан алып тастауға тырысты. — Егер мен бақырсам ормандағы бүкіл қасқыр ұлиды! Менің саған сақтаған түгім жоқ, бәрі де баяғыда өртеніп күйіп кеткен!

Митя көзін жұмып үнсіз қалды. Алмұрт жапырақтарының саңылауынан жамырап түскен күннің быжырқай сәулесі оның бетін күйдіре қытықтады. Сонька Митяның қап-қара қайратты шашын «тура аттың жалы» деп серпіп тастады да бетіне картузын кигізе салды. Ол қарақұсымен қыздың балтырын сезіп жатыр, дүниедегі ен қиын нәрсе әйелдің балтыры ғой, еппен ғана құрсағынан сипады, танауына кеудеше мен шыт көйлектің иісі келді, осының өзі гүлдеген бақпен ұласып Катяны есіне салды; бірде түкпірден, бірде іргеден таңдай қаққан бұлбұлдың үні, тұла бойыңды маужыратқан аралардың тынымсыз гуілі, бас айналдырған жұп-жұмсақ жылы ауа, тіпті жамбасыңдағы қарапайым қара жер де жаныңды масайтып жалғаннан адамға деген ерекше бір бақытты талап еткендей. Кенет шырша ішінен әлде не сыбдырдады да аяқ астынан мазақ қылғандай қарқылдап: «Ку-ку, ку- ку! «деп тілін қайраған үрейлі қырылдақ даусы тұп-тура құлағының түбінен естілген, Катяға деген сағыныш, мәңгілік бақытты көксеген көңілі шыдамын тауысып, екі-үш ұмтылып орнынан атып тұрып кете бергенде Сонька оған қатты таңғалды.

Көктемнің бүкіл рахатын быт-шыт қып үркіткен шырша ішіндегі жексұрын дауыс оның көкейіндегі қияли үмітін біржола бұзды да хат-хабардан мүлдем күдер үзіп, Мәскеуде бір кесапат болған шығар, әлде болатын шығар, менің біткен жерім де осы болар деп ойлады.

XV

Үйге кірісімен ол залдағы айна алдында тоқтай калды. «Рас айтады, көзім византиялыққа ұқсамаса да жындының жанарынан айнымайды. Мынау қиқы-жиқы тыртиған арық дене, түксиген имек қас, қайратты едірейген қара шаш Сонька айтқандай аттың жалы емес пе?».

Арт жағынан шәпілдеген жалаңаяқтың дыбысы естілді де ол ұялып кейін бұрылған.

— Шынында ғашық боп қалған екенсіз, айнаның алдынан шықпайсыз, — деді, қолында қайнаған самауыр, балконға өтіп бара жатқан Параш қалжыңдаған болып. — Сізді анаңыз іздеп жатқан, — деп самауырды шайға әзірлеген үстелге тарс еткізіп қоя салды да Митяға тесіліп тұрып қарады.

«Бәрі де біледі, бәрі де сезіп қойыпты!» деп ойлаған Митя сөз таппай:

— Ол қайда екен? — деп сұрай салды.

— Өзінің бөлмесінде.

Үйді айналып батысқа қарай ауысқан күн көзі балконды көгілдір сәулеге бөлеген шырша мен самырсын бұтақтарының арасынан сығалап тұр.Ағаш түбіндегі бұталардың сабағы да жаздың жаймашуағында шыны секілді жылтырайды. Әр жерден шашырап түскен сәуледен үстел бетіне жапқан асжаулыққа гүл шашып тастаған дерсің. Табақтағы нан мен вазадағы вареньенің үстінде аралар қаптап жүр. Осының бәрі деревня жазының әсемдігін еске салып, уайымсыз тыныш тіршіліктің рахатын сездіреді. Мұның жағдайын басқалардан жақсы түсінетін шешесінің келуін тоспай, көңілінде ешбір қаяу жоқ екенін білдіру үшін Митя дәлізге шықты, өзінің, анасының бөлмесіне осы дәлізден кіретін, Аня мен Костяның жаз бойы тұратын бөлмелері де осында еді. Дәліз алакеуім, Ольга Петровнаның бөлмесі көгілдір. Осы үйге біткен көне жиһаздың көптігінен бөлме тарайып кеткен: шифоньер, комодтар, жалпақ кереует, Ольга Петровна соншалықты діндар болмаса да ылғи да алдында шырақ жанып тұратын бұрыштағы құдай суреті. Ашық терезенің ар жағында, бас аллеяға шығатын гүл алаңы күтімсіз қалған екен, созылып түскен үй көлеңкесі жарқыраған көкжасыл баққа сұғынып тұр. Артық еті жоқ, қырықтар шамасындағы зор денелі Ольга Петровнаны бұл көрініс баяғыдан жалықтырса керек, терезе алдындағы креслода селт етпестен тоқыма тоқып отыр.

— Мама, сен мені іздедің бе? — деп сұрады Митя табалдырықты аттай бере.

— Жоқ-ә, әншейін көрсем дегенім ғой, — деді Ольга Петровна ісін тоқтатпастан әдеттегісінен де сабырлы кейіпте. — Дастархан басында болмаса бас қосудан қалдық қой.

Тоғызыншы наурызда, мен сенің анаңнан қорқамын деген Катяның сөзі есіне түсті де Митя соның жұмбақ астарына енді ғана мән бергендей болды.

— Мүмкін маған бірдеме айтқың келген шығар? — деді күмілжіп.

— Ермегі таусылып, соңғы кезде зерігіп жүр ме дегенім де, одан басқа мен не айтушы едім, — деді Ольга Петровна. — Мысалы, Мещерскийлерге барып қайтарсың… Үйі толған бойжеткендер, — деп жымиып күлді. — Мен білсем, өте жайдары, қонақжай отбасы ма деп қалдым.

— Бір күні орайын тауып барып қайтармын, — дей салды Митя соған көңілі соқпаса да. Жүр, балконға барып шай ішелік, балкон рахат екен… сол жерде сөйлесерміз. — Бірақ қашанда сабырлы сұңғыла шеше қысыр әңгімеге қайтып оралмайтынын Митя білді.

Балконда олар күн батқанша отырды. Шешесі шайдан соң да тоқымасын тастамай көршілері туралы, шаруа жайын, Аня мен Костяны әңгіме қылды, Аня тағы да тамызға дейін босамайтын көрінді. Митя анда-санда жауап берген болды, бірақ сонау Мәскеуден кетер алдындағы секілді әлдебір ауыр науқастан тұла бойын зіл басқандай есеңгіреп отырды.

Ал кешқұрым екі сағат бойы үйдің ішін арлы-берлі түк қоймай шарлап, залды, қонақ бөлмесін, кітапхананы, баққа шығатын ашық терезелі өзінің бөлмесіне дейін адақтап шықты. Зал мен қонақ бөлмесінің терезесін көлегейлеген шырша мен самырсын саңылауынан күннің қызғылт сағымы ойнап, жалшылар лашығынан кешкі асқа жиналған жұмысшылардың самбырласқан дауыстары естіледі. Бөлмелер мен кітапхана терезелерінен безерген боз аспанның пұшпағы көрінеді, соның бетінде тырс етпей қатып қалған сирек жұлдыздар жылтырайды; үйеңкінің ыздиған ұшар биігі аспанды түртіп, гүлдеген бақ көбік қар жамылғандай ағараң тартыпты. Үй іші не ойлар екен дегенді қаперіне де алмай Митя арлы-берлі сандалды да қойды. Қатты тістенгені соншалық, бір уақытта шықшыты зырқылдады.

XVI

Сол күннен бастап ол жазбен келген жаңа құбылыстарға назар салғанды мүлдем қойды. Әрине, сол өзгерістерді ол көріп те, сезіп тe жүрді, бірақ олар бұрынғыдай емес, бұл үшін қызығын да, шыжығын да тауысып алған, әншейін көз алдайтын көрініс қана: дүние гүлденген сайын, мұның көңілі жабырқай берді. Катя қазір оған елес боп кеткен: тіпті ойға келмейтін түсініксіз елес, бұл үшін енді Катяның жоқ екенін әрбір атқан таң дәлелдей түскен сияқты, кезінде тек қана мендік дейтін Катясы қазір басқа біреудің құшағында, тәнін де, махаббатын да соған құрбан еткен, осыдан кейін Митяға жарық дүниедегі тіршіліктің түкке керегі жоқ сияқты болып көрінді, тіршілік жаңарған сайын оны албастыдай қасірет басты.

Түн баласында ол ұйықтағанды да қойды. Айлы түннің ғажабын ешнәрсемен теңестіруге де болмас. Тып-тыныш қалғыған бақ. Қалғыған бақта таңдай қағып бір-бірін қайталамай мың құбылтып әнмен бәсекеге түскен бұлбұлдар. Бақ іргесінен көтерілген момақан айдың жүзін жұп-жұмсақ ала бұлттар сипап өтіп жатыр. Митя терезе пердесін түсірмей жататын, бақ та, момақан ай да сол терезеден үңіліп қарайды да тұрады. Ол көзін ашқан сайын ай бетіне үңіліп іштей ышқынып: «Катя!» деп айқай салатын, сол ышқынудан, сол іштей айқайдан өзі де шошынатын: расында, Катяны еске салатындай ай жүзінде не бар еді? Бірақ бір ғажабы, Митя ай бетінен Катяны көргендей болады. Ал кейде дым да көре алмай қалады: Катяны аңсап, Мәскеудегі екеуара бастан кешкен күндерді есіне алғанда тұла бойы қалшылдап, құдайдан ең болмаса түсімде мынау төсекте екеуміздің басымызды қоса көр деп тілейтін — бірақ жалбарынышы құдайдың құлағына жетпеді. Бірде, қыста екеуі Үлкен театрдағы Собинов пен Шаляпиннің «Фауст» спекталіне барды. Неге екені белгісіз, сол күнгі кеш оған ғаламат әсер етті: төмендегі қалың жұрттан қапырық тартып, әтір мүңкіген залдың түбі жоқ секілді, үлде мен бүлдеге лықа алтынмен аптаған қызыл барқытты ложалар, солардың төбесінен төніп жақұттай жарқыраған алып люстралар, капельмейстрдің таяқшасының сілтеуімен кейде дауылдай күркіреп, кейде сызылта жан тербеген увертюра, «Фулода кайырымды король өмір сүріпті»…

Спектакльден соң сықырлаған аязда Катяны Кисловкаға шығарып салып, сонда түн ортасына дейін отырып қалғаны, сүйісуден мас болып, Катяның бұрымын өріп жүрген жібек шашпауын алып кеткені есінен кетер ме! Енді міне, мамыр айының мазасыз түнінде жазу үстелінің суырмасында жатқан сол шашпауды есіне алса жүйкесі шымырлайды.

Ол күндіз ұйықтап, одан соң салт атпен теміржол бекеті орналасқан селодағы поштаға барып жүрді. Ашық күндер ұзаққа созылды. Анда-санда жаңбыр жауып, нөсерлетіп, нажағайлатып өтеді де орман-тоғайдың, бақ пен егінжайдың шырқын бұзып, шаруаны әбігерге салып, артынан аптабымен қуырып күн жарқырап шыға келеді. Бақ гүлін төгіп тастаған, есесіне жапырағы киіздей тұтасып күңгірт тартты. Орман гүлге оранып, шалғын бойын ұзартты, бұлбұл мен көкек тынымсыз сайрап, көкжасыл жыныстың қызығына шақырды. Жалаңаш даланың жабуы да өзгерген, кешегі тақыр алқапта бітік егін жайқалып тұр. Митя күні бойы осы орман мен алқапты кезумен уақытын өлтірді.

Күн сайын балконда тұрып, болмаса аулада босқа сандалып староста мен жұмыскердің поштадан қайтуын күтуден ұялды. Оның үстіне болар-болмас шаруамен сегіз шақырым жерге бекер сабылуға старостаның да, жұмыскердің де құлқы болған жоқ. Сонсоң да ол поштаға өзі барып жүрді. Бірақ сонда алып қайтатыны Орлов газетінің бір саны, кейде Аня мен Костяның жалғыз- жарым хаты. Өстіп жүріп шыдамы да өзінің шегіне жетті. Жол бойындағы орман мен даланың әсемдігі мұның пысын басқаны соншалық, ол көкірегіне әлдебір ащы қыжылдың батқанын сезгендей болды.

Бірде ол поштадан қайтып келе жатып қайыңды тоғай көмкерген ескі парктің ортасындағы иен усадьбаны қақ жарып өткен. Усадьбаның негізгі аллеясын мұжықтар бәсіре даңғыл деуші еді. Оның екі қапталын зәулім қара шыршалар қамап тұратын. Табанын тайғанақ сары бүр басқан дәліз секілді қапастай қараңғы кең сүрлеу түкпірдегі атам заманғы көне бір үйге барып тірелетін еді. Іргедегі орманнан қиялап түскен күннің қызғылтым жұмсақ сәулесі шыршалар діңінің саңылауын тесіп өтіп, табандағы сарғыш төсеніште алтындай жалтырайды. Төңірек құлаққа ұрғандай тыныштық, тек парктің әр тұсынан сайраған бұлбұлдар ғана артыңнан қалмайды, үйдің жан-жағынан иінтірескен шырша мен жасмин бұтасының иісі адамның айызын қандырады — осының өзінен Митя әлдекімнің бөтен де баяғыдағы ұлан-ғайыр бақытын сезгендей болды да кенет жасмин арасындағы ескі балконнан Катяны, өзінің жас келіншегі ретінде көргісі келді, сұрланған бет терісі тырысып барады екен, шыдай алмай бүкіл паркке жар салып айқайлап жіберді:

— Егер келесі аптада хат болмаса — өзімді өзім атып тастаймын!

XVII

Келесі күні ол өте кеш тұрды. Түскі астан кейін балконда отырған, тізесінде кітап, оқымаса да соған телміріп отырып ойлағаны: «Поштаға барсам ба екен, бармасам ба екен?».

Қапырық, ақ көбелектер қос-қостан бірін-бірі қуалап бусанған шалғын үстінде, шыны моншақтай жылтыраған ит бүлдіргенді шыр айналып жүр. Солардан көз алмай тағы да: «Барсам ба екен, әлде осы масқара сабылысты біржола үзсем бе екен?» деп өзінен өзі қайталап сұрады.

Қақпадан салт атты староста көрінді де балконға қарап турасынан осылай қарай бұрылды. Жеткен бойда тізгінін тартып:

— Қайырлы таң! Әлі оқып отырсыз ба? — деді.

Жымиып жан-жағына қарады.

— Мамаңыз ұйықтап жатыр ма? — деп сыбырлап қана сұрады.

— Ұйықтап жатқан болар, — дей салды Митя. — Жайша ма?

Староста біраз ойланып тұрды да:

— Не десем екен, кітап деген жақсы ғой, бірақ сонымен күн өлтіруге бола ма, — деді байсалды сөйлеп. — Монахша күн кешу өмір ме? Осында қыз-келіншектер аз ба еді?

Митя жауап берместен кітапқа үңілді де тұқырайып отырып:

— Сен қайда бардың? — деп сұрады.

— Поштада болдым, — деді староста. — Әрине, мынау жалғыз газеттен басқа ешқандай хат жоқ.

— Әрине дегенің қалай?

— Демек, бітіре алмай әлі жазып жатқаны да, — деді сөзін қостамағанына ренжіген староста кекесінді тік жауап қайырып. — Мінекиіңіз, — деп газетті ұсынды да атын тебініп қап өз бетіне жүре берді.

«Бір оқ жалынсын!» деп қаны қарайған Митя кітапқа үңілді, бірақ дым да көрген жоқ.

Әрине, бұдан өткен тағылықтың болмайтынын Митя түсінбей қалған жоқ: өзін-өзі атып, бас сүйегінің быт-шытын шығарып, жас жүректің лүпілін біржола тоқтату, әп-сәтте ой мен сезімді жоқ қылып, енді ғана есігін ашқан ғажайып дүниемен құлақкесті, көрсоқырлықпен қоштасу, жарық дүниеге із тастамай көзді ашып-жұмғанша мәңгілікке жоқ болу; сол жарық дүниеде Катя бар емес пе, мынау жадырап келген жаз ше, аспан астындағы күн мен ақша бұлттарды, жібек желді, жайқалған егінді, деревняны, қыз-келіншектерді, анаңды, Аня мен Костяны, усадьбаны, тамаша өлеңімен тамсандырған ескі журналдарды қайтіп қиярсың; бұл аз десең беймәлім бір жақта Севастополь мен Байдар қақпасы қалған жоқ па, шырша мен шамшатқа бөленген тарғыл таулар, қаңсық атқан айрандай аппақ тас жолдар, Ливадия мен Алупканың гүлді бағы, қоламтадай ыстық, сары алтындай жалтыраған жағалаудың сары құмы ше, сары құмға аунаған күнқақты балалар, қыз-келіншектерді қайтып қиярсың, солардың ішінде Катя отырса ше — үстінде аппақ көйлек, төбесінде аппақ қолшатыр, жағаны сүйген теңіз толқынында, күн сәулесіне шағылысқан малта тастардың үстінде белгісіз бір бақыт құшағында күлімдеп отырса ше?…

Осының бәрін де ол жақсы біледі, бірақ қылар қайраның қайсы? Мынау азапқа салып, төзімді тауысқан адыра қалғыр дуалы тірліктен қалай құтылмақ? Оны қажытқан да осы еді — қонбаған бақыт баянсыз өмірін жаныштап, көксеген арманына жеткізбей-ақ койды.

Күн сайын ертеңгісін оянғанда бірден оның көзіне түсетіні — жарқыраған күн сәулесі, бірден құлағының шалатыны — гүл мен бұлбұлға толы бақ сыртындағы деревня шіркеуінің бала кезінен таныс күңгірлеген үні; бала кезінен көзі отығып қалған қабырғаның сары түсқағазы да сүйкімді, әдемі көрінетін. Бірақ дәл сол сәтте Катя туралы ойға шомса-ақ көкірегі қарс айырылғандай болады: Катя! Ертеңгілік күн шапағында соның нұры, бақтың тап-таза ауасында соның пәктігі, қоңыраудың көңілді де қуанышты қоңыр үні соның көрікті бейнесін суреттегендей, көненің көзіндей ескі түсқағаз туып-өскен деревняның өткенін, осы үйде туып, осы үйде дүниеден өткен ата-бабаның тағдырын, өмірін Митя екеуің бөліп- жаратын болыңдар деп тұрады. Митя көрпесін лақтырып тастап, көйлегінің өңірін түймелеместен шала ұйқы қалпында жазу үстеліне ұмтылады, суырманы ашып, көзінің қарашығындай сақтап жүрген фотосуретті қолына алады, қырарға қызылы жоқ арық жігіт сирағы сидиып, тас боп қатқан күйі соған қадалып кеп тұрғаны.Сәл қушықтау маңдайы мен кербездеу келген бет жүзі болмаса, өзіне тартып тұратын жанары мен көрікті ажарында әйелге тән сұлулықтың, пәктік пен жылылықтың бәрі бар. Сонымен бірге, жайнаған сол жанарда ашылмайтын, шашылмайтын жұмбақ жатқандай, жаныңдай жақын, әрі алыс, мүмкін қазір мүлдем жат болып кеткен, өмірге деген құштарлыққа жетелеп, енді екіжүзділікпен алдап кеткен жанның қылығына қиналмай көр?

Сол бір кеште, Шаховтың иен усадьбасы арқылы шыршалы тоғаймен поштадан қайтып келе жатып ойланбастан өзінің жан күйзелісін айқаймен ақтарып салған еді. Пошта терезесінің алдында ат үстінде отырып пошташынын бір төбе газет пен хаттарды босқа ақтарып жатқанын бақылап тұрған, кенет ту сыртынан бекетке келіп тоқтаған пойыздың салдырын естіді, сол шуыл, паровоз түтінінің иісі денесін дүр сілкінтіп, Курск вокзалын, Мәскеудегі бақытты күндерін есіне салды. Поштадан қайтар жолда, селодан өткен сайын алдынан орта бойлы қыз көрсе, соның жүрісі мен мықын бұлтылынан Катяға ұқсас бір нәрсе таба қояды да қарадан қарап есі кетеді. Далада әлдекімнің тройкасы жолықты, заулап келе жатқан тарантастан екі шляпа көрген, соның бірі қыздыкі екенін танығанда «Катя!» деп айқайлап жібере жаздады. Даладан ақ гүл көрсе көзіне ақ қолқап елестейді, мизамның торын оның бет пердесіне ұқсатады… Өткенде, күн байып бара жатқан кезде Шаховтың усадьбасына кіре беріп шырша мен жасминнің бұрқыраған иісінен жадыраған жазды сезініп, осынау көне қоныстан әлдекімнің көл-көсір бай тірлігін көргендей болған, батар күннің қызыл жалқын сәулесін, бұлыңғыр аллеяның түкпіріндегі ескі үйді, кешкі алакеуімді қызықтап келе жатып балконнан сылаң қағып түсіп бара жатқан Катяның елесін дәл мына қызыл жалқын сәуле, бұлыңғыр аллея, анау ескі үй секілді тірі Катяның өзі ме деп қалған. Оған өмірдегі тірі Катяның алыстап, өше бастағаны қашан, күн өткен сайын құбылып, өзгеріп кеткені соншалық, бұл кеште оның бейнесін сол бір тал түстегі көкек дауысымен келген елесіндей көкейінде де ұстап қала алмады.

XIX

Ол поштаға баруды да қойды, соның өзіне де қаншама шыдам, қайсарлық қажет болды десеңші. Өзі де хат жазуды қойды. Өйткені бар амалы таусылған, бәрін де жазған: жер бетінде тірі жанға бітпеген өзінің ғашықтығын, одан да соны тілеп, тым құрыса «дос» болалық деп жалбарынған, өзіне деген оның жанашырлығын ояту үшін, сәл де болса назарын аудармақ болып, мен сырқаттанып қалдым, осы хатты төсекте жатып жаздым деп өтірікті де соққан, тіпті оны қорқыту үшін, маған бір-ақ жол қалды — сені және өзінен көрі «бақытты бәсекелестерін» азаптан құтқару үшін ендігі жерде жер басып жүрмеспін деген ойын да ептеп жеткізген. Хат жазуды доғарып, жауаптан да күдер үзген соң ол енді ешкімнен ешнәрсе күтпеуге өзін күштеп көндірді де Катяны ойламай, одан құтылуға тырысып тағы да қолына түскен кітаптарды оқи бастады, старостаға еріп шаруа қамымен көрші селоларға барды, іштей: «басқа не салса да көріп алдым!» дегенге қатты бекінген.

Бір күні староста екеуі көрші хуторға соғып қайтқан, мінгендері қосаяқ трәшпенке еді, староста божы ұстап алда отыр да Митя артта, ойлы-шұңқырда секектеп бірде арбакештің қып-қызыл желкесінен, бірде секіріп шоршыған жазықтан көз алмайды, екі қолымен көпшіктен тас қылып ұстап алған. Үйге жақындай бергенде староста божысын тартып аяңға басты да темекі орап, кисеттің аузына үңіліп отырып жымия күңк етті:

— Барчук, анада ғой, сіз маған ренжіп қалдыңыз, соныңыз бекер болды. Мен сізге өтірік көлгірсіген жоқ едім. Кітап деген жақсы ғой, қызық үшін отырыста оқып беруге де болады, бірақ ол қайда қашады, қашанда қолдағы нәрсе емес пе.

Митя бұрқ ете жаздап, өзі де байқамай жымиып отырып мәй- мөңкеге көшті:

— Көзге түсер ешкім болмай жүр-дағы…

— Көзге түспегені қалай? — деп староста таңғалды. — Қаптап жүрген қыздар ше?..

— Қыз деген құр қызықтырады, — деді Митя старостаның көңілін тапқысы келіп. — Қыздарға сенім жоқ.

— Қыздар әншейін қылымсымайды, — деді староста сенімді түрде. — Тек олардың тілін табу керек. Сараң болмаңыз. Құрғақ қасық ауыз жыртады.

— Сараңдық менің санамда да жоқ, тек шашылуға тұрар жөні болса, — деп салды Митя ұят дегенді жауып қойып.

— Алақаныңыз ашық болса, бәрі де орнына келеді, — деді староста темекісін шүйіріп отырып, дауысында ептеп реніш те бар еді. — Маған ақшаңыздың да, сый-сыяпатыңыздың да қажеті жоқ, мен тек сізге ермек тауып берсем деп едім. Қараймын, қараймын да зерігіп отырғаныңызды көремін. Жоқ, мұны жай қалдыруға болмас деп ойладым. Мен өз қожайындарымды елеусіз тастаған емеспін. Менің сіздермен тұрғаныма екі жыл болды, не сізден, не анаңыздан жаман сөз естіп көрген емеспін. Басқалар, мысалы, байдың итімен бірдей. Тоқ болса — жақсы, аш болса — иттен жаман. Мен ондай емеспін. Маған бәрінен де мал қымбат. Мен жігіттерге ылғи да айта берем: маған ықыласыңды білдірмей-ақ қой, тек мал тоқ болсын деп.

Митя старостаны ішіп алған ба деп ойлап еді, кенет ол өкпе-сақпаны жиып тастап Митяға иығынан аса қарады да:

— Мысалы анау Аленка кімнен кем? — деп қадалды. — Тығыншықтай жас келіншек, күйеуі шахтада… Тек оны болымсыз бірдемемен алдай салу керек. Шынын айтсам, шығыныңыз бес-ақ сом. Бip сом сыйына, екі сом — қолына. Сосын маған да темекіге ептеген тиын-тебен…

— Мәселе тиын-тебенге тіреліп тұрған жоқ қой, — деді Митя тағы да еркінен тыс. — Тек сенің айтып тұрғаның қай Аленка?

— Қайсы болушы еді, орманшының келіні, — деді староста. — Сіз оны білсеңіз керек еді ғой. Жаңа орманшының келіні. Өткен жексенбіде шіркеуде көрген жоқ па едіңіз… Біздің мырзаға қатып кеткен ұрғашы екен деп мен сонда-ақ ойлап едім. Байға тигеніне екі-ақ жыл, дені таза…

— Мейлі, несі бар, — деді Митя мырс етіп. — Қалғанын өзің ретте.

— Онда мен кірісемін, — деді староста божыға жармасып. — Кешікпей оны қолға алармын. Өзіңіз де қарап жатпаңыз. Ертең ол біздің қыздармен бақ ішінде жұмыс істейді, сол кезде келе қалыңыз… Кітап ешқайда қашпас, Мәскеуде де оқып аласыз ғой…

Староста божыны қағып қалды да трәшпенке тағы да секектеп жөнелді. Митя жанарын старостаның қып-қызыл желкесінен алып қашып алысқа, усадьба бағының төбесінен, өзенге барып құлайтын деревняның боз талдарының саңылауынан қиырға көз тікті. Күтпеген тағылықтың нышаны жеркеніш шақырғанымен артынша тұла бойы шымырлап, әлдебір ләззаттан балқып сала берді. Бақтың арғы бетінен шошайып тұрған мұнараның бізі әдеттегідей емес бүгін батар күннің шапағына ерекше шағылысып тұрғандай көрінді.

XX

Арықтығына бола қыздар Митяға тазы деп ат қойған еді, бақырайған қара көз, қартайса да бұйра түбіттен басқа бет-аузына қыл-қыбыр бітпейтін адамдардың тобына жататын Митя старостамен болған әңгімеден соң ертеңгісін таң атпай тұрып қырынды, сары жібек көйлегін киіп еді, ажарын ашып, денесіне қона кеткені.

Сағат он бірдің шамасында баяу басып баққа беттеді, әдейі, жорта болса да жұмыстың жоқтығынан зеріккен адамның еріккен жүрісін танытуға тырысты.

Теріскейдегі баспалдақтан шыққан, карета сарайы мен мал қорасының шатыры, бақ шетінен біздиіп тұратын мұнараның ұшары көкжиектің мұнартына сұғынып кеткен екен. Жалпы аспан тұтасымен бұлыңғыр, ауа тымырсық, жалшылар үйінің кернейінен түтін бықсиды. Митя үйді айналып жөкелі аллеяға бұрылған, екі көзі аспанда. Бақ іргесінен көтерілген жалбыр бұлттан аңызғақ есіп тұр. Құс атаулы тым-тырыс, бұлбұлдарда да үн жоқ. Тек тынышсыз аралар ғана ауаны шимайлап жүр.

Қыздар сол шыршалы қуыстың маңында мал таптап тастаған шіріндіден үйінді жасап жатыр екен, ара-тұра мал қорадан жұмысшылар жеткізген жасаң қиды топыраққа аунатып-аунатып үйіндінің үстіне шапаттап қояды, аллея шашылған қи жентектеріне ыбырсып жатыр. Қыздардың саны алтау. Сонька мұнда жоқ — ақыры оған да құда түсіпті деседі, тегі тойға бар-жоғын әзірлеп жатса керек. Тағы да бірнеше шөпжелке қыздар жүр, ішінде толған ұршықтай жұп-жуан Анютка, Глаша да осында, бұл шіркін бұрынғыдан да қазымырланып, қабағы түсіп кеткен секілді, содан соң — Аленка. Митя оны ағаш арасынан бірден көріп, бұрын кездеспесе де жазбай таныды, бір ғажабы, әлде солай елестеді ме, әйтеуір Катямен бір ұқсастығы көзіне оттай басылды. Таңғалғаны сонша, сасқанынан қалт тұрып қалды. Сәлден соң одан көз алмастан тура соған тартты.

Бұл да орта бойлы екен, тым ширақ. Былғанышты жұмысқа келгеніне қарамастан үстіне кигені әдемі шыт жейде, беліне буғаны қара жылтыр белдік, юбкасы да жаңа, басында қызғылт жібек орамал, қызыл шұлық, аяғындағы әйелге жарасты, балаға таңсық жұп-жұмсақ мәсіден де Катяға тән бір нәрсені тапқандай болды. Басы да үлкен емес, жанып тұрған қарақат көзі Катяның көзінен айныса қане. Басқа жұрттан өзінің ерекше екенін танытқандай Митя келгенде ол үйіндінің үстінде оң аяғын айырға тіреп, старостамен сөйлесіп бос тұрған. Староста темекісін сораптап, астары жыртық пенжағын төсеніп алма ағашының түбінде жантайып жатыр екен. Митя келгенде шөпке ығысып, сыпайы ғана пенжағының өңірінен орын берді.

— Отырыңыз, Митрий Палыч, шылым шегіңіз, — деді кәдімгі дос-жарандай өзімсініп.

Митя қабағының астынан Аленканы жай ғана шолып шықты, қызғылт орамалы ажарын әдемі ашып тұр екен, сосын отыра қалып тұқырайып темекі тұтатты. Аленка оны байқамаған болып тағзым да еткен жоқ. Староста оған бір нәрсе айтып жатты, бірақ әңгі-менің басын естімеген Миша ешнәрсе түсіне алмады. Аленка күлген болды, бірақ сол күлкіден ақылы да, жүрегі де тыс қалған секілді. Староста әp сөзін мазақи күлкіге майлап, бәдіктікпен әлде нені мегзеп отырды. Келіншек те жауапқа қиналып жатпады, күлкі араластырған болып оның әлдекімге тым өңмемдеп жабысып ақымақ болғанын, әрі қатынынан қорқып ләззаттан құр қалғанын бетіне басты.

— Жә, сені қара тышқақ та жеңбес! — деп староста құдды бос әуреден зеріккендей дауды кілт тоқтатты. — Сен онанда біздің қасымызға кел. Мырзаның саған айтар бірер сөзі бар көрінеді.

Аленка жанарын айдалаға аударып, самайындағы шиыр-шықталған шашын құлағына апарып қыстырды да тырп етпей отырып алды.

— Кел дедім ғой, есалаң! — деді староста.

Аз-кем ойланып қалған Аленка үйіндінің үстінен секіріп түсті де пенжақта жамбастап жатқан Митяның қарсысына, екі қадам жерге жүрелеп отыра салып оған бақырайған қарақат көзін қадап тұрып жымиып күлді. Күліп отырып:

— Барчук, сізді ұрғашы атаулыға жоламайды дегені рас па? — деп сұрады. — Кәдімгі дьячок секілді деседі ғой?

— Сен оны қайдан білесің? — деп староста қарсы сұрақ қойды.

— Білем ғой, — деді Аленка. — Естігем. Бұлар бізге жоламайды. Мәскеуде ашынасы толып жатыр ғой, — деп көзін ойнақтатты.

— Мұнда ұнайтын ешкім жоқ, сонсоң да жоламайды, — деді староста. — Бұлардың қай бабын сен жаттап едің!

— Жоғы қалай? — деп Аленка тағы күлді. — Қаптаған қатын мен қыздар! Әне, анау Анютка кімнен кем? Анютка, бері келші, шаруа бар, — деп дауыстап шақырды.

Анютка, кең жауырынды, қысқа қолды былқылдаған келіншек бері бұрылған, бет-жүзі жұп-жұмсақ, күлкісі сүйкімді екен, бірдеме деп күңк етті де жұмысын жалғастыра берді.

— Мен саған кел дедім ғой! — деп Аленка тағы да айқай салды.

— Маған онда не бар, мен ондай кәсіпке машықтанбаған жанмын, — деп Анюта күле жауап қатты.

— Бізге Анютка қажет емес, дені таза, текті біреу керек, — деді староста нығызданып. — Кім қажет, оны өзіміз білеміз! — деп Аленкаға сүзіліп қарады. Келіншек қысылғаннан қызарып кетті.

Жо-жоқ! — деп келіншек қысылғанын күлкімен жасырғысы келді. — Ашоткадан артық ешкімді таппайсыздар. Ол болмаса Настенька бар, ол да таза, әмбе қалада тұрған.

— Жә, аузыңды жап! — деп староста аяқ астынан дүңк етті. — Шаруаңды біл, осы көкігенің де жетер. Онсыз да қожайын-ханум, жұмысшыларың босқа жүр деп маған ұрсып жатыр.

Аленка жеп-жеңіл атып тұрып тағы да айырын қолына алды. Бірақ дәл осы кезде арбадан соңғы қиды төңкеріп жатқан жұмысшы: «Асқа барыңдар!» деп айқай салды да божысын қағып жіберіп аллеямен бос жәшігін салдырлата жөнелді.

— Асқа жүріңдер, асқа! — деп шуласқан қыздар айыр-күректерін тастай беріп, үйіндіден секіре жалаңаш балтырлары жалтылдап шырша түбіндегі түйіншектеріне жүгірісті.

Староста Митяға бұрылып көзін қысты да ісіміз оңынан тұратын болды дегендей орнынан көтеріліп:

— Мейлі, ас адамның арқауы, — деп өзінің бастық екенін танытты.

Шырша көлеңкесіндегі ала-құла киінген қыздар көгалға қалай болса солай отыра салып түйіншектерін шеше бастады, аяқтарын созып жіберіп, етектеріне салған қатырмаларын жеуге кірісті де бірі бөтелкедегі сүтімен, бірі квасымен шайнамасын жылжытып отыр, бір-бірімен ауыз жаппай сөйлесіп, қарқылдап күлісіп, ара-тұра Митяға көз тастап, сынай қарасып қояды. Аленка еңкейіп Анютаның құлағына бірдеме деп сыбырлаған. Анюта сылқылдап күлді де оны бар күшімен итеріп жібергенде ол өз күлкісіне шашалып Анютаның тізесіне етпеттеп жата кетті, Анюта жорта шамданған болып бүкіл бақты жаңғыртып айқай салды:

— Есалаң! Неңе жетісіп күлесің? Әкетіп бара жатқан неткен қуаныш?

— Дмитрий Палыч, кетелік, пәледен аулақ! — деді староста. — Мыналарды албасты басқан шығар!

XXI

Келесі күні бақта жұмыс болған жоқ, жексенбі, мейрам еді.

Түнімен жаңбыр жауды, шатыр толассыз сатырлап, аспанның жарқылынан бақ сан құбылды. Бірақ таң ата ауа райы қалпына түсіп, күн көзі жайнап шыға келді, Митя қоңыраудың даңғырлаған үнінен оянып еді. Асықпай жуынды, киініп, бір стақан шай ішті де шіркеуге жиналды. «Мамаңыз әлдеқашан кетіп қалған, — деп Параша ептеп ескерту жасады. — Сіз өзі татар секілдісіз…

Шіркеуге қақпадан шыға салып жайылым арқылы баруға да болатын еді, әйтпесе бақ пен қойма арасында тура апаратын сүрлеу де бар. Митя соңғысын таңдады.

Дүние жаздың жаймашуағына малынып тұр. Митя жазық даланы шуаққа бөлеп, қойманың шатырынан тайғанап түскен шақар күннің көзіне қарсы жүрді. Осы бір таңғы шапақ, деревняның тып-тыныш таңы, жуынып, таранып алған соң бойы сергек тартқан Мишаға тамаша әсер етті де қайдағы-жайдағы шым-шытырық оймен арпалысып түнімен ұйықтамаған жігіттің көңілін әлдебір жақсылыққа, жарық үмітке жетелегендей болды. Қоңыраулар күңгірлеп шақырып жатыр, күн көзіне балқыған жабық қырманның шатырынан ыстық леп шалқиды, айдары едірейген тоқылдақ жөкенің бұжыр діңіне жармасып соның көк-жасыл ұшар басына тырмысып барады, сарала барқыт тарғыл аралар гүл шоқтарына танауларын тығып, құс біткен әнге басып бақты басына көтеруде… Бәрі де баяғы бала кездерін, бозбала шағын, баяғы уайым-қайғысыз күндерін есіне салып, қайырымды жаратқан жарылқаса Катясыз-ақ өмір кешетін шығармын деген сенім пайда болды.

«Рас-ау, мен Мещерскийлерге неге барып қайтпаймын» деп ойлады.

Кенет ол басын көтеріп, қақпа алдынан қиыстап өтіп бара жатқан Аленканы көрді. Басында кешегі қызғылт жібек орамал, қосетек көгілдір сәнді көйлек, аяғында тақалы жаңа башпақ. Мұны байқамай бөксесін бұлтыңдата билетіп жортып келеді екен, Митя ағаш тасасына тығыла қалды.

Ол көзден таса болысымен жүрегі лүпілдеген Митя кері, үйге қайтты. Шіркеуге Аленканы көрем бе деген құпия мақсатпен шыққанын ол енді ғана түсінді, бірақ шіркеуде жүздесуге болмайтын еді.

XXII

Түскі астың кезінде шабарман жеделхат алып келді — Аня мен Костя ертең кешкілік жетеміз деп хабарлапты. Митя бұған ешқандай мән берген жоқ. Балкондағы тоқыма диванда етпетінен түсіп жатқан, күннің аптабын арқасымен сезініп, құлағында шыбындардың ызыңы. Жүрегінде лүпіл, басында шешілмеген сұрақ: енді Аленка жайы не болмақ? Бұл сұрақ біржола қашан шешілмек? Староста кеше неге анықтап сұрамаған : келісті ме, жоқ па, келіссе қашан, қай жерде? Тағы да бір сауал жанын қажап жатыр: поштаға қайтып аяқ баспаймын деген шешімін бұза ма, жоқ па? Бүгін ең соңғы рет бір соғып қайтса қайтеді? Өз намысын өзі таптау деген осы емес пе? Жалған үмітпен өзін-өзі алдаудан айырмасы қайсы? Сонда бұл сапардан қу жанына не тыныштық таппақ? Әншейін бос серуен емес пе? Шындығында Мәскеу мұның бүкіл үмітінің өлген жері ғой! Сонда енді не істеуі керек?

— Барчук! — деген балкон іргесінен дауыс естілді. — Барчук, ұйықтап жатырсыз ба?

Митя көзін ашып алғанда қарсы алдында староста тұр екен, кигені жаңа шыт көйлек, жаңа картуз. Жүзінде қуаныш, тоқ секілді, ептеп ішіп алған.

— Барчук, тезірек орманға баралық! — деп сыбырлады. — Пасека жөнінде Трифонмен келісуім керек еді деп мен ханумды көндіріп қойдым. Олар тамақтанып жатқанда сып ете қалайық, әйтпесе айнып қалуы мүмкін…Трифонның кеңірдегіне ептеген тығын ала жүрелік, ол мас болған кезде сіз айналдыра тұрарсыз, мен соны пайдаланып Аленканың құлағына сыбырлай қоямын. Тез шығыңыз, көлікті жегіп койдым…

Митя қарғып тұрып жалшылар жатағынан жүгіріп өтті де картузын іле салып карета сарайына келгенде жас сәурік қосаяқ трәшпенкеге жегулі тұр екен…

XXIII

Сәурік қақпадан құйындай құйғытып шықты. Митя шіркеу қасындағы ләпкеде сол аялдап, бір қадақ шошқа майын, бір бөтелке арақ алысты да әрмен қарай тартып отырысты.

Шыға берістегі лашықтың қасында шыттай киініп алып, енді не істерін білмей абдырап Анютка тұр екен. Староста қалжыңдаған болып оған бір бәдік сөз айтты да қызып алған неме божыны қағып- қағып, сәурікті сауырлата салып-салып жіберді. Ат онан сайын алып қашты.

Митя қоқақтап шамасының барынша жабысып отыр. Желкесін шымырлатып күн қыздырып, бетін даланың аңызғағы жалап келеді, бас жарып қалған қарабидайдың, жолдың шаңы мен доңғалақтың қара майының иісі танаудан ұрады. Егін жібек жалды боз жылқының күміс түгіндей жыбыр-жыбыр толқып жатыр, төбеде бозторғайлар көк жүзіне зымырап шығып, бір сәт қанат қағып шырылдайды да кенет атқан кесектей жер бетіне топ етіп жоқ болады. Алыстан көгеріп орманның нобайы көрінді…

Ширек сағатта орманға да жеткен, ағаш тамыры мен томарларға соқтыққан трәшпенке онан сайын секектеп, көлеңкелі салқын соқпақтың жиегіндегі гүл аралас биік шалғынды жыртып келеді.

Аленканың үстінде күндегі көгілдір көйлегі, қысқа қонышты етігімен аяғын созып жіберіп қалың жапырақты еменнің көлеңкесінде кесте тігіп отыр екен. Староста оған қамшысын оқталып өте шықты да қақпа алдында бірақ тоқтады. Митяға орманның қышқылтым таза ауасы, еменнің жас жапырағының иісі таңсық еді, трәшпенкені жан-жағынан қоршап алған көпек иттер шаңқылдасып, бүкіл орманды жаңғыртып жіберді. Бажылдасып үргенімен жүн басқан тұмсықтары сондай сүйкімді, құйрықтары бұлғаңдап қабайын деп тұрған жоқ сияқты.

Бұлар арбадан түсіп, аттарын терезе түбіндегі найзағайдың отынан жалаңаштанып қалған күйелі ағашқа байлады да қараңғы сеңке арқылы ішке кірді.

Қарауылшының лашығы тап-таза, өте жинақы, бірақ тар екен, қос терезеден түскен күн сәулесінен қайнап тұр, оның үстіне от жағыпты, ертеңгілік тамақ пісірсе керек. Федосья, Аленканың енесі, көзге мұнтаздай жылы жүзді кемпір күн көзіне ту сыртын беріп шіркей тұтқан кішкентай терезенің түбіндегі үстел басында отыр. Мырзаны көріп еңкейіп тағзым етті. Амандықтан соң отырысып темекі тұтатты.

— Трифон қайда? — деп сұрады староста.

— Клетте демалып жатыр, — деді кемпір. — Қазір барып шақырып келейін.

— Жолымыз болады екен! — деді староста кемпір шығып кетісімен екі көзін бірдей қыса сыбырлап.

Бірақ Митя жолы болатынына сеніп тұрған жоқ. Өйткені, ұяттан қысылып барады -Федосья бұлардың неге келгенін білетін сияқты көрінді. Үш күн бойы жанын қинаған бір ой миына тағы да сарт етті: «Құдай-ау, мен не істеп жүрмін? Сірә жынданған шығармын!». Ол өзін әлдебір бөтен күштің әсерімен шығар жолы жоқ терең шыңырауға дедектеп бара жатқан айкезбедей сезінді. Бірақ сабырлы да қарапайым кейіп танытып тыныш отырып темекі тартты, қарауылшы лашығын көзбен шолып шықты. Ең ұяттысы — мына Федосьядан да сұңғыла, жұрттың айтуынша кісіні кейпінен танитын ақылды, әрі қатыгез мұжық Трифон кіріп келгенде қайтпекпін деп ойлады. Тағы да бір ой мазалап отыр: «Келіншск қайда жатады екен? Мына нарда ма, әлде клетте ме?». Әрине, клетте шығар деп ойлады. Орманның жазғы түні, клеттің сығырайған терезесінде кәсек те, шыны да жоқ, түні бойы орманның шуылына құлақ түріп ұйықтайды да жатады-ау…

Трифон да кіре салып Митяға тағзым етті, бірақ бетіне тіктеп қараған жоқ. Үстел қасындағы орындыққа отырды да көңілсіз, жақтырмаған кейіпте старостадан жөн сұрады: не шаруа, не мақсатпен келдің деген сияқты. Староста асығып-аптығып, өзін қожайын ханумның әдейі жібергенін, ондағы омарташыньщ кәрі, әрі керең ақымақ екенін айтып, Трифон именияға келіп омартаның жайын тексеріп кетсін деген сәлемін жеткізді де бүкіл губернияда сенен артық омарташы жоқ деп қолтығына су бүркіп қойды, содан соң қолма-қол бір қалтасынан бөтелкесін суырып алды да екіншісінен майлы қағазға ораған шошқаның сүбесін шығарды. Трифон кекесінді жымиып көзінің қиығын тастады, бірақ орнынан тұрып сөреден шай кесесін әкеліп қойды. Староста алдымен Митяға, одан соң Трифонға, одан кейін Федосияға құйды — кемпір кесенің түбіне дейін сарқып ішті, ең соңында староста өзіне құйып тартып жіберді де тоқашты күйсеп отырып екінші дүркін айналдыруға кірісті.

Трифон тез масайып қалды, бірақ іштей жақтырмаған кекесінді кейпін жоғалтқан жоқ. Екінші кеседен кейін староста да солбырая бастады. Сырт көзге әңгіме жарасып кеткен сияқты еді, бірақ екеуінің көзінен де сенімсіздік пен өшпенділік сезіліп тұрды. Федосья үнсіз, жорта қонақжайлық танытқан болды, дегенмен ол да әлде неден секем алғандай қобалжып отыр. Аленка көрінбеді. Келіп қалар деген үміт те жоқ, тіпті келген күннің өзінде де старостаның оған «сыбырлай» қоятынына сенбеген Митя орнынан тұрды да қайтатын уақыт болды деп бұйыра сөйледі.

— Қазір, қазір, үлгереміз! — деді староста қабағын түйіп. — Менің сізге айтар оңаша сөзім бар.

— Ендеше соны жолда айтарсың, — деді Митя сабырмен, бірақ дауысы зілді шықты. — Кеттік!

Староста үстелді алақанымен салып қалды да тілі күрмеліп сөзін тағы қайталады:

— Мен сізге айттым ғой, ол жолда айтатын сыр емес. Бір минутқа оңаша шығып кетіңізші, — деп орнынан зорға тұрды да сеңкенің есігін ашты.

Митя оның соңынан ерген.

— Иә, не боп қалды?

— Үндемеңіз! — деді староста Митяның соңынан есікті қымтап жапты да сенделіп тұрып сыбырлап.

— Неге үндемеймін?

— Үндемеңіз!

— Түсінсем бұйырмасын.

— Үндемеңіз! Жолымыз оңынан тұрды. Құдайға қанық!

Митя оны итеріп жіберіп сеңкеден шықты да не істерін білмей баспалдақта тұрып қалды: тоссам ба екен, жоқ жалғыз өзім кетіп қалсам ба, әлде жаяу жүре берсем бе деп ойлады.

Он қадам жерде ит мұрыны батпайтын жасыл орман жатыр, кешкі көлеңкеден иісі бұрынғыдан да бұрқырап кеңсірік жарып тұр. Күннің меңсіз шар табағы төбесінен сығалап, саңылау-саңылаудан алтын сағымы шашырап қалыпты. Кенет қалың бытқылдың түкпірінен, терең жыраның арғы бетінен болса керек, әйелдің әнге бергісіз әдемі даусы естілді, жаздың кешкі шапағында шыңқ еткен дыбысты орманның күншілікке жеткізетін әдеті ғой.

— Ау! — деп созады әйел дауысын, тегі орман жаңғырығын әдейі қызықтап тұрған болар.

— Ау!

Митя баспалдақтан секіріп түсіп шалғынды жара орманға жүгірді. Қалың ағаш тастақ жыраға барып тірелетін еді. Жыраның қақ ортасында Аленка бүлдірген жеп тұр екен. Митя әр жиегіне жетіп қалт тұрып қалған. Келіншек оған бақырайып таңдана қарады.

— Мұнда неғып жүрсің? — деп сұрады Митя.

— Сиырға кеткен Маруськаны іздеп жүрмін, — деп келіншек жайлап қана жауап берді.

— Қалай, келесің бе?

— Тектен тек неменеге барамын? — деді келіншек.

— Тектен тек деп саған кім айтты? — деді Митя біреу естіп қала ма дегендей сыбырлап қана. — Ол жағына күдіктенбей-ақ қой.

— Қашан? — деп сұрады Аленка.

— Мейлі, ертең-ақ… Қашан мүмкіндігің болады?

Аленка ойланып қалды.

— Мен ертең шешеме қой қырқуға барамын, — деді Митяның ту сыртындағы дөң басындағы орманға сақтықпен көз тастап. — Кешкісін қараңғы түсісімен келемін. Бірақ қайда? Қырманға баруға болмайды, біреу-міреу кіріп келуі мүмкін… Бақ ішіндегі күрке дұрыс шығар. Тек алдап кетіп жүрмеңіз, мен тегін шешінбеймін… Бұл сізге Мәскеу емес, — деп етекте тұрып Митяға көз қысып күлді. — Онда ұрғашылар төсек пұлын өздері төлейді деседі ғой…

XXV

Қайтарда шатақ шықты.

Трифон қарыз боп қалған жоқ, ол да бір бөтелкесін шығарған, өле мас болған староста арбаға отыра алмай жалманынан түсті де асау сәурік ала жөнеліп бос кете жаздады. Митя бұған да шыдады, староста сүйретіліп отырғанша ләм-мим деп үн қатқан жоқ. Отыра салып атты тырқыратып айдасын келіп. Митя үндемеген қалпы көз алдындағы секектеп, шоршып жөнелген жер мен көкке қадалып отырды да қойды. Бозторғайлар ымырт алдындағы соңғы әндерін тауыса алмай жатыр, шығыс қаптал келер түннен хабар беріп қарақұрық тартып барады, ертеңгі күн тағы да ашық болатын түрі бар. Митя осы ғажайып кешті көріп-ақ келеді, бірақ мұның бәрі оған қажеті жоқ сияқты. Оның көкейін тескен бір-ақ нәрсе: ертеңгі кеш!

Үйде оны Аня мен Костя ертеңгі кешкі пойызбен келеді дегенді растаған хабар күтіп тұр екен. Қатты састы — келуін келеді-ау, келе салып баққа жүгірсе, күркеге соғуы да мүмкін… Бірақ оларды сағат онсыз әкелмейтіні есіне түсті, одан соң тамақтандырып, шай береді…

— Сен қарсы алуға барасың ба? — деп сұрады Ольга Петровна.

Митяның өңі қуарып кетті.

— Жоқ, бармайтын шығармын… Зауқым жоқ… Оның үстіне орын да жоқ…

— Мүмкін сен салт атпен барарсың…

— Жоқ-ә, білмей тұрмын… Соның қажеті қанша? Дәл қазір соған көңілім шаппай тұрғаны…

— Сен сырқаттанып қалған жоқсың ба? — деп Ольга Петровна оған қадалып қарады.

— Сап-саумын! — деп кіді жауап қатты Митя. — Тек ұйықтағым келіп тұрғаны.

Митя салған бойда бөлмесіне кірді де қараңғыда киімін шешпестен диванға қисая кетіп ұйықтап қалды.

Түнде ол алыстан талып жеткен музыка сарынын естігендей болды, өзі күңгірт терең жардың жиегінде асылып тұр екен. Жар бірте-бірте жарық тартып, жар терең құзға айналды да жалтыраған сары сағымға толды, қаптаған халық, мұң-шерді қозғаған нәзік дауыс: «Фулода қайырымды король өмір сүріпті…» деп сызылта он салды. Сол әнге балқыған Митя екінші жамбасына аунап түсті де қайтадан ұйықтап кетті.

XXVI

Күн батпайтындай көрінген.

Митя шайға да, түскі асқа да сүйек жұтқан сиырдай сіресіп кіріп, бөлмесіне сіресіп шығып кетіп жүрді, барады да жатады, жатады да жазу үстелінің үстінде баяғыдан шаң басқан Писемскийдің томын қолға алады, оқиды, бірақ дым түсінген жоқ, одан төбеге телміріп, терезе сыртындағы жазғы бақтың бір сарынды сыбдырын тырс етпей тыңдайды… Бір-ақ рет орнынан тұрып, кітабын ауыстыру үшін кітапханаға барды. Бірақ бір терезесі баққа, екіншісі кіршіксіз мөлдір аспанға қарайтын, заманғы жиһазымен сүйкімді бөлме терезе алдында отырып сонау көктемде ескі журналдардан өлең оқитын сәтін, Катяны есіне салды да теріс бұрылып шыға жөнелді. «Адыра қалсын! — деді ол іштей. — Адыра қалсын махаббаттың поэтикалық бүкіл қасіреті!».

Егер Катядан хат келмесе өзімді өзім атып тастаймын деген сертінің ақымақтық екенін мойындап, қайтадан Писемскийді қолына алды. Бірақ тағы да дым түсінген жоқ, әншейін кітапқа құр қарап жатып Аленканы ойлады, ойлаймын деп іш-бауырының қалшылдап кеткенін сезді. Кеш жақындаған сайын сол діріл күшейе түскен тәрізді. Үй ішінің абыр-дабыры, бекетке баратын тарантастың жегіліп жатқаны — бәрі де сырқат адамның маңындағы немқұрайлы жұрттың жеккөрінішті, әрі қатыгез әбігері сияқты көрінді. Бір кезде Парашаның: «Ханум, аттар даяр!» деген даусы естілді- ау, алдымен қоңыраудың былдыры, одан соң баспалдаққа таяп келіп тоқтаған тарантастың сықыры жетті. «Япырай, мына дырду қашан бітер екен?» деп күбірледі Митя орнынан тұрмастан, бірақ Ольга Петровнаның жалшылар бөлмесіндегі соңғы бұйрығын қалт жібермей тыңдап жатты. Аздан соң қоңырау сылдырлап қоя берді де еңістен зырлай жөнелген экипаждың салдырымен құмығып барып өшті…

Митя атып тұрып залға шықты. Зал иен, батар күннің сарғыш сәулесінен жарқырап тұр екен. Бүкіл үй йен, бір түрлі үрейлі. Митя ақырғы рет қоштасып тұрғандай қобалжыған үреймен барлық бөлмелердің есігін ашып шықты — қонақ бөлмесіне дейін каңырап бос тұр, кітапханаға келді, ашық терезеден үйеңкі ағашының ыздиған ұшар басы, оның төбесінде жылтырап Антарес жұлдызы қалтырайды… Одан соң Параша отырған жоқ па екен деп жалшылар лашығына бас сұқты. Онда да жан жоқ екенін көрген соң өз бөлмесіне қайтып келіп, ілгіштен картузын жұлып алды да терезеден секіріп түскен, сорайған ұзын сирағы іргедегі гүл өскен тіліктің ар жағынан бірақ шықты. Сол жерде аз аялдап, еңкейіп баққа кірді де бүйірдегі ырғай мен сирень өскен қараңғы аллеяға сымп берді.

XXVII

Шық әлі түспепті, содан болса керек, кешкі бақтың жұпар иісі бұрқырап тұр. Бірақ осы кеште Митя өзінің не істеп, не қойғанын білмесе де, дәл осындай ғажапты сонау бала кезінен соң көрмеген сияқты. Ырғай бұтасы, сирень жапырақтары, қарақат, ошаған, гүл де, шалған да, тіпті топырақ та жұпар шашады…

Бірнеше қадам аттап барып: «келер ме екен, әлде алдады ма?» деген күдікті ойдан аяғы ілгері баспай қалды, құдды бүкіл өмір Аленканың келер-келмесіне қарап қалғандай. Бақ иісінен бөтен-ала деревня жақтан кешкі түтін шалқыды да Митя бір сәтке тағы да тоқтады: кешкі ымырттың тыныштығын үркітіп қасынан сасық қоңыз гүжілдеді, бірақ көк аспанның жарты шекесі батқан күннің шапағынан әлі жарық еді, ағаш арасынан бұлдыраған үй шатырының иығынан шаншылып жаңа туған айдың орағы көрінді. Митя соған қарап шоқынды да ырғайлы бытқылға қарай беттеді. Аллея сайға алып келген, күрке сол жақ қапталда қиыс қалып еді. Ол қалың бұтаны қақ жарып, бірде еңкейіп, бірде бетінен осқан биік бұтақтарды қолымен сермеп жүгіре жөнелген. Минут өтпей белгілі жерге де жетті.

Борсыған сабан мүңкіген қараңғы күркеге қорқа-қорқа кірген еді, қуыс-қуысты тінте қарап, ешкімнің жоқ екеніне көзі жеткенде қуанып кетті. Бірақ кездесер сәт те жақындап қалған, күрке қасында тырс еткен дыбысқа құлақ түріп тастай қатып тұрды да қойды. Күні бойы тән құмарлығы оған бір минут та тыныш таптырмаған еді. Қазір де сол шегіне жеткен секілді. Бірақ бір таңғаларлығы, тән сезімін қинағаны болмаса жан сезіміне ешқандай әсер еткен жоқ. Дегенмен жүрек атша тулайды. Маңайдағы әлі тыныштықта соның дүрсілін ғана естіп тұр. Алма бұтағы мен жапырақтарынан ұшқан ұп-ұсақ мылқау көбелектер тозаңдай ширатылып, кешкі тұнық аспанды шимайлап, тымық бақ содан барған сайын меңіреу тартқандай. Кенет арт жағынан бір нәрсе сытыр еткендей болды да сол дыбыс оған күннің күркіріндей денесін тітірентіп жіберді. Ағаш арасына көз тігіп, қайта-қайта үйінді жаққа қарай берген, алма бұтақтарының астымен қап-қара бір нәрсе өзіне қарай домалап келеді екен. Бұл немене деп ойланғанша болған жоқ, әлгі қарайған нәрсе алдына келіп тоқтағанда Аленка екенін бірақ білді.

Келіншек басына бүркенген қара жүннен тоқылған шолақ юбкасын сыпырып тастағанда көзі бақырайып, жымиып күліп тұр еді. Жалаңаяқ, үстінде жалғыз юбкаға ышқырланған қарапайым шыт көйлек. Көйлек астынан едірейген қос анар тұмса көкірегін керіп тұр. Жағасы жайылып, жартылай иығы мен алмадай алқымы жалаңаш қалыпты, шынтағынан аса түрілген жеңнің етегінен балықтай білек жарқырайды. Бұрын оны тек сәнді киіммен ғана көрген Митя Аленканың сары жібек орамал жамылған сүйкімді басынан әйелге тән баланың башпайындай кіп-кішкентай жалаңаш аяғына дейін тамсана қарап, қарапайым да сұлу мүсінге ғажап қалды.

— Болсаңшы енді, — деп келіншек ұрлана сыбырлап, жан-жағына жалтақтап қарады да қараңғы күркеге қойып кетті.

Соңынан ере кірген Митя сақылдаған тісінің сартылын естіртпес үшін жағын қарыстыра тістеніп, қалтасын тінткілей бастады, аяғы да сырғауылдай сіресіп қалған екен, ұмаждалған бес сомдықты зорға тапты да алақанына ұстата салды. Келіншек оны көкірекшесіне тығып жіберіп еденге отыра кетті. Митя да оның қасына отырып мойнынан құшақтады, сүйерін де, сүймесін де білмей абдырап қалған. Орамалы мен шашының, лашық пен түтіннің иісі аңқыған тұла бойының тәттілігінен Митяның басы айналғандай болды. Бірақ баяғы бір сезім әлі тарқамаған сияқты: тән құмарлығы қаншама алып ұшқанмен жан рахатына шаппай, ләззаттың каиф дүниесіне жете алмай жатыр. Келіншек етпетінен түсіп жата кетті. Бұл да оның қасына қисайып, қолын созып құшақтады. Аленка оның қолын шап беріп ұстап алып үнін шығармай жымиып күлді де ып-ыстық баурына қарай тартты. Сосын әзілі екені, шыны екені белгісіз:

— Болмай қалса қайтесің? — деді.

Ол Митяның қолын сүйріктей саусақтарымен қатты қысып ұстаған, екі көзі күрке жыртығын көлегейлеген алма бұтағында, сол бұтақтың саңылауынан көк аспанның шеті, жападан-жалғыз қатып қалған Антарес жұлдызы жылтырайды. Митя қос жанардан еш нәрсе оқи алмады. Енді не істеу керек? Алқымынан иіскеп, ернінен сүйе ме? Кенет келіншек шолақ юбкасының етегін асығыс түріп:

— Болсаңшы енді!.. — деді.

Әлден уақытта бастарын көтерді. — Митя көңілі тоймағандай делсал, келіншек шашын жинап, орамалын қайта байлады да кәдімгі ашынасындай өзімсініп сыбырлап сөйледі:

— Сіз Субботинаға барды дейді ғой. Сонда поп арзанға торай сатады деседі. Рас па екен? Сіз естіген жоқсыз ба?

XXVIII

Сол аптада сәрсенбіде басталған жаңбыр сенбіге дейін күндіз-түні шелектеп құйды да тұрды.

Митя таңнан кешке дейін бақты шарлап жүрді де қойды, таңнан кешке дейін ағыл-тегіл жылады да жүрді, кейде тіпті таусылмайтын бұл неткен көз жасы деп өзі де таңғалған.

Параша оны іздеп жөкелі аллеяны шарлап шықты, асқа, шайға шақырып ауланы басына көтерді, бірақ бұл үн қатқан жоқ.

Бұлтты күн бұлыңғыр, салқын әрі сыз еді: бұлыңғырда жасыл бақ бұрынғыдан да қою болып көрінді. Тәңір бір жауса, терек екі жауады деп жаңбыр арасында ағаш біткен екінші нөсерін төкті. Бірақ Митя ештеңе көрген де жоқ, еш нәрсеге назар салған да жоқ. Ақ картузы мыжырайып қара-сұр тартты, студенттік күртесі қап-қара болды, қонышы тізесіне дейін балшыққа кептелді. Пұшпағына дейін сүмектей су болған қан-сөлсіз сұп-сұр беті, жылай-жылай домбығып кеткен жыртиған көзі сұмырайдай еді.

Папиростың бірінен соң бірін тартып, аллеяның балшығын армансыз кешті, кейде беті ауған жаққа сенделіп, алма мен алмұрт арасындағы қалың шалғынды, бытысқан су шырмауықты, бұта-қарағанды бас-көз демей жырта берді. Судан ісініп кеткен орындықтарда отырды, сайға түсіп Аленка екеуіне таныс күркенің борсыған сыз сабанына барып жатты. Суықтан, мұздай ызғырық ауадан қолдары сіресіп, ерні кеберсіп, қабағы салбырап домбыққан беті боп-боз болды. Екі аяғын айқастырып шалқасынан түсіп жатқан, екі қолы қарақұсында, екі көзі сап-сары тамшыны сылп-сылп сарқып тұрған сабан шатырда. Бір кезде жақ-шықшыты білеу-білеу болып, қас-кірпігі жыбырлап секіре бастады. Басын қалт көтеріп, шалбарының қалтасынан осыған дейін жүз рет оқып алған мыж-мыж хатты қолына алды, мұны кеше кешке ғана шаруамен усадьбаға келген жер өлшеуші әкеліп беріп еді, енді соны жүз бірінші рет оқуға кірісті:

«Қымбатты Митя, айыптай көрме, енді ұмыт, бәрін де ұмыт! Мен есалаң, бүлінген ақымақ жанмын, саған тең емеспін, бірақ мен өнерді жанымнан артық сүйемін! Ақыры тәуекел деп бір шешімге келдім, сөйтіп кетіп барамын, кіммен екенін өзің білесің… Сіз сезімтал, ақылды адамсыз, мені түсінеді деп білем, өтінем, өзіңді де, мені де қинамаңыз! Енді сен маған хат жазба, оның еш қажеті жоқ!»

Осы жерге келгенде Митя хатты умаждап, танауын су сабанға тықты да тісін шықырлатып жатып кеп өксіді. Оқыста айтылып кеткен «сен» сол бір жақын жанды қайтадан есіне салып, қайтадан табыстырғандай жүрегін езілтіп жіберді, шыбын жаны бұған қалай шыдасын да! Сол «сенмен» жағаласып енді қайтып хат жазба деген өктем бұйрық тұрды. О, бұл оны да білген: енді қайыр жоқ! Бәрі де бітті, мәңгілікке бітті!

Кешке қарай есіре түскен жаңбыр, аяқ астынан шатырлаған нажағай ақыры оны бақ ішінен үйге қуып тықты. Тісі-тісіне тимей қалшылдап, малмандай су болған Митя ағаш саңылауынан сығалап қарады да ешкімнің жоқтығына көзі жеткен соң өз бөлмесінің терезесіне жетіп барып раманы көтеріп қалды — терезе ескіден қалған сырғымалы еді -содан ішке секіріп кіріп, есіктің ілмегін салды да кереуетке құлай кетті.

Әп-сәтте қараңғылық басты. Жаңбыр толассыз сілтеп тұр — шатыр да, үй маңы да, бақ та дүркіреп көшіп бара жатқандай. Нөсердің сатыры да әрқилы — бақта бір түрлі, үй маңында, шатырдан етектегі шалшыққа сорғалаған су сарылы бір басқа. Осының өзі бірден есеңгіреп құлаған Митяға түсініксіз үрей туғызды, қызуы көтеріліп, кеңсірігі ашыды, тынысы тарылып, басы айналды, құдды наркозда жатқандай басқа бір дүниеге тап болды, басқа бір ымырт дүниесі, басқа бір үй, бөтен үй, әлдебір қасірет шақырған жат дүние.

Ол өз бөлмесінде екенін біліп те, сезіп те жатыр, көрші залда дастарқан басында шай ішіп отырып әңгімелескен шешесінің, Аня мен Костяның, жер өлшеушінің дауысын да естіп жатыр, енді бір уақытта әлдебір бөтен үйде, әлдебір жап-жас күтуші әйелдің соңынан ере жөнелді де бойын иықтан басқан белгісіз бір қорқыныш биледі, сол екі арада көргенінің бәрі бұлдырап, бөтен біреудің жанасқанын сезгендей болды, содан тұла бойы тітіреніп, жағымсыз жеркеніштен жаны түршікті. Осының бәріне себепкер тәрбиеші әйелдің тербетіп келе жатқан қолындағы басы қазандай аппақ нәресте секілді. Митя оны қуып жетуге асыққан, қуып жетіп, Аленка емес пе екен деп бетіне үңіле бергені сол еді, кенет ала бұлдыр гимназияның класынан бірақ шыққаны, кластың терезелерін бормен сылап тастаған екен дейді. Бөлмеде комод қасында, айнаның қарсы алдында тұрған әйел оны көре алған жоқ, өйткені бұл көзге түспейтін құбыжыққа айланып кетсе керек. Әйелдің кигені мықынын қынай буған ақ жібек ішкиім, аяғында биік өкшелі туфли, өрнекті жұқа шұлықтан балтыры жалтырап көрініп тұр, қазір не боларын сезгендей ол қиылып ұялған болды. Нәрестені комодтың жәшігіне тығып үлгерген. Шашын иығынан асыра серпіп өре бастады да есікке көз қиығын тастап қойып айнаға қарады, айна бетінен опалы беті, жалаңаш кеудесі, үрпі қып-қызыл омырауы көрінді. Осы кезде есік ашылып, керден басып әлдебір мырза кіріп келді, жан-жағына елеңдеп қарайды, үстінде смокинг, жылтырата қырған сұп-сұр бет, тып-тықыр қара бұйра шаш. Қалтасынан жалпайған алтын портсигарын шығарып еркінсіп темекі тұтатты. Әйел бұрымын өріп оған қысыла қарады, оның не мақсатпен келіп тұрғанын білетін болса керек, бұрымын арқасына лақтырып жіберді де жалаңаш қолын көтерді… Еркек оның мықынынан селқос құшақтаған болды да әйел түкті қолтығын көрсете еркекке жабысып, бетін көкірегіне басты…

XXIX

Митя қара терге малшынып оянды, санасында мен бұл дүниеде жоқпын деген сенім, жарық дүниеде рахат жоқ, қасіреті мақшар мен қараңғы көрден де бетер. Бөлме тас қараңғы, терезенің арғы жағы сапырылысып гулеп жатыр, сол гуіл онсыз да қалшылдап жатқан денені сығымдай түскендей. Бәрінен де жан шыдамайтын масқара нәрсе, адам табиғатына жат пендешілік, соны әлгінде ғана қырма бет жылтыр қарамен бөліскендей сезінді. Залдан дабыр-дұбыр күлкі естілді. Бұл да жеркенішті, бұған жат болып кеткен өмірдің қотиындығы, еш жанашырлығы жоқ қатыгез бөтендігі…

— Катя! — деді кереуеттен аяғын салбыратып отырып жатып. — Катя, бұл дүние не болды? -деді дауыстап, құдды Катя естіп тұрғандай, дәл қазір ол қасымда деп ойлады, үндемейтін себебі, оның да құр сүлдері, кешірілмейтін бүкіл қылығын мойындағаны шығар деп жорыды. — Аһ, Катя, енді бәрібір!» — деді өкінішпен күбірлеп, мен бәрін де кешірдім деп айтқысы келген, тек баяғыдай құшағыма келші, екеуміз мынау азаптан құтылып, пәк махаббатымызды, жұмақтай көрінген, кешегі көктемнің көгілдір дүниесіндей ақ махаббатымызды сақтап қалалық. «Аһ, Катя, енді бәрібір!» дегенді шын көңілімен сыбырлап айтса да шындық шіркін «бәрібірге» көнбейді екен баяғы Шаховекийдің жасминге оранған балконында бастан кешкен ғажайып дүние мүлдем ғайып болғанын, қайтып оралмайтынын енді түсінді, содан көкірегі қарс айырылып үнсіз жылады.

Өзегін ашытқан запыранның ащылығы сонша, ол не істерін білмей, мұның аяғы немен бітерін санасына салып жатпай-ақ бір сәтке болса да ауыр азаптан құтылып, күні бойғы қасіретке, жер басқан тірі пенде көрмеген қасіретке бергісіз қапалы түске тағы да қайтып оралмас үшін қолымен тінткілеп үстелдің жәшігін ашты да сұп-суық револьверді тауып алып қуаныштан көкірегін кере дем алды, содан соң аузын ашып шүріппені рахаттана басып қалды.

4 қырқүйек 1924 Теңіз жағалауындағы Альпа