Әңгіме: Ілияс Есенберлин | Алтын орда III кітап

0

БІРІНШІ ТАРАУ

Жошы өлерінен бір жыл бұрын бесінші баласы Сибанға Орда мен Бату ұлыстарының шекарасы — Тобыл өзенінің батыс жағынан басталып Ырғыз, Жем өзендерінің бойларына дейін созылған кең даланы ұлыс етіп берген. Бірақ бұл өлке жеке Сибан ұлысы дегенмен сонау Бату заманынан Алтын Ордаға кіретін. Ақсақ Темірдің арқасында Ақ Орданың ханы болған Тоқтамысқа Сарай-Беркеге жетіп Алтын Орда тағын жаулап алу үшін, ең алдымен осы Сибан ұлысынан өту керек еді.

Бұл кезде Алтын Орда қайтадан бел алып қалған Сибан ұрпақтары бұны оңай өткізе ме? Ал Қыпшақ рулары ше? Бұлар да өз елінде әйгілі күш қой. Әрі олар Тоқтамысқа қалай қарайды? Бұған тағы ақ алдаспанның жүзімен, көк найзаның үшімен жол салуға тура келе ме?

Тоқтамыс Алтын Ордаға деген ең алғашқы жорығында осылай ойлап қатты қауіптенген. Бірақ оны Алтын Орда деген ұлы арман алға қарай жетектеген. Жолындағы дәулерді, айдаһарларды жеңіп сүйгеніне жетуді ғана тілек еткен ертегінің батырларындай Тоқтамыс, қандай бөгет болса да сескенбеуге бел буған. Және бұл жолының оң болуына Ақсақ Темірдің жәрдеміне қатты сенген. Мауараннахр секілді егін егіп, жер суғарған тұрғын жұрттың қит етсе шауып, мазасын ала беретін көршілес көшпелі елдерге Тоқтамыс тәрізді айтқанынан шықпайтын қол бала адамның хан болуы Ақсақ Темірге тиімді екенін бұ да жақсы білетін. Ал Ақсақ Темірдің көңілінен шыға ма, шықпай ма, ол Тоқтамыстың шаруасы, бұл Ақ Орда ханының теңіз тұңғиығындағы асыл тастай жүрегінің түбінде жатқан, бір құпия сыры еді. Ол сырын ешкімге айтпаған. Тек әзірге Ақсақ Темірдің дегенінен шықпайтындай сыңай көрсете берген.

Жылан, яғни 1379 жылдың Қараша айының орта шенінде Тоқтамыс Ақ Орданың быжынаған қалың әскерімен және Ақсақ Темір берген Жалайыр қосындарын бір қанаты етіп Алтын Ордаға қарай аттанды.

Ақ Орда ханы бекер қауіптенген екен. Кешегі Орыс ханның, оның баласы Темір-Мәліктің жағында болған Әлібек әмір, Темір-Мәліктің туған жиені, Ақ Орда әскерінің сол қанатының қолбасшысы Мұхаммед-оғлан, сондай-ақ сол қанаттың бас әмірі Қазаншы батыр бастаған көптеген Ақ Орда бекзадалары, Тоқтамыс Ақ Орда тағына отырысыменен, бұның жағына шыққан. Енді Тоқтамыс әскері Алтын Орда жеріне беттегеннен-ақ, Алтын Орда тағының төңірегінде таластан әбден мезі болған, осы талас-тартыстың арқасында ел-жұрттың күйінің күйзеліп кеткенін көрген Қыпшақ даласының әйгілі батыр-билері, соның ішінде Қанығылы батыры Есентай ұлы Құдайберді, Монтан-Шонтан руларынан шыққан Дәулет атты қос батыры, Еділ бойының Алшын шонжары Нәрік, Ырғыз, Торғай өзендерінің даласын жайлаған Қара Қыпшақтардың батыры Қобыланды, осы даладағы Арғынның әйгілі бір атасынан тараған Ақбалтыр ұлы Уақ, Монбұр ұлы Шуақ батырлар Тоқтамысқа келіп қосылды.

Ақ Орданың бұқа басы салынған ақ туының астына кірді.

Кім күшті болса, соның сойылын соғатын әмірлер, топ-тобымен кеп енді Тоқтамыс жағына шықты. Кеше ғана Орыс хан босағасында болғандарын ұмытты. Рас; бүгін олар күшті деп Тоқтамысқа қосылса, күні ертең Тоқтамыс пен Ақсақ Темір соғысқанда, Тоқтамыстан көрі күштілеу Ақсақ Темір жағына бұлтаң ете қалулары да, қолдауы да хақ еді. Бірақ бұл опасыздыққа саналмайтын. Өйткені күштіні қолдау — ол әрқашанда-ақ замана заңы, өмір заңы.

Осы қалың қолдың ішінде Ақсақ Темір Ордасынан Тоқтамыспен бірге Ақ Ордаға аттанған Едіге де бар еді. Ол Ақ Орданың маңғыла қосынынан бастап келе жатқан.

Тоқтамыс оған сенетін де, сенбейтін де еді. Сенбейтін себебі Темір-Мәлік жағында болдың деп оның туған әкесі Құтлыққияны Тоқтамыс өлтірген. Және Едіге өзінің туған қарындасы Салтанат-Бегімді Құтлық-Темір ханның баласы Темірбекке берген. Одан ат жалын тартып мінбей жатып Тоқтамысқа қарсы шыққалы жүрген Темір-Құтлық туған. Жас бөрінің осындай ойда екенін жұрт Тоқтамысқа әлдеқашан жеткізген. Ақ Орда ханы оны ұстап алып өлтіртпекші де болған. Бірақ Темір-Құтлық қашып, қолға түспей кеткен. Туған әкесін өлтірген, туған жиенін өлтірмекші болған бұған Едігенің көңілі жіби қояр ма екен? Ақ Орда ханы бұны есінен шығара қоймаған.

Ал сенуіне де себеп бар. Едіге де Тоқтамыс тәрізді Ақсақ Темір жағындағы адам. Тілектері де бір, жолдары да бір. Мұндай үлкен мүддесі бар адамдар ағайын-туыс өлімдерінен көңіліне дақ салмаса керекті. Мақсат таласы әке өлімінен де жоғары. Ал Тоқтамыс пен Едігенің мақсаттары бір екені даусыз. Ақ Орда ханы осылай ойлаған. Сондықтан оны өзіне жақындатпақшы да еді.

Тоқтамыстың он тоғыз ұлы, жеті қызы болған. Он тоғыз ұлдың сегізі — Жәләлиддин, Жаппарберді, Кепек, Керімберді, Ескендір, Әбусеит, Күшік, Қадырберді, жеті қыздың бесеуі — Мәлике, Ханеке, Жәнеке, Садатбек, Қадиша бәйбішеден туған. Өзгелерін тоқал, ханзада, құмалары тапқан. Осы төрт қыздың ортаншысы Жәнекені Тоқтамыс осы биыл Едігеге тоқалдыққа бермек те ойы бар еді. Сөйтсе де, Тоқтамыс Едігені бүкіл Ақ Орданың әскер басы — әмір-әл-мұрасы етпеген. Әзірге бүкіл қосындарының басшылығын өзіне қалдырған. Оның бүйтуінің себебі де Едігеге сенбегенінен еді. Әзірге байқай тұрайын деген.

Сыңсыған Ақ Орда қолы жолдағы Алтын Орда елін біртіндеп бағындырып, Ақпан туа Жайық бойына кеп жетті. Қысты Жайықтың қалың орманды өңірінің арасында өткізіп, наурыз туа әрі қарай қозғалды…

Жер кебе Алтын Орданың қалың қосындарының қарасы көрінді.

Тоқтамыс та, Едіге де Алтын Орданың бұл қосындарынан қорқуды ойлаған жоқ. Жеңіс бұлар жақта болатынын білетін. Сондықтан олар соғысқа бірден кірісіп кетті.

Тоқтамыстың күдіктенгені Алтын Орда әскері емес, өзі тәрізді Алтын Орда тағына құмар сонау, Еділ — Жайық даласының күнгей жағын алып жатқан Мамай Ордасы еді.

Аяғымен от басқандай шапыраш көз Мамай, бір орнында тұра алмады. Торға қамалған тәрізді ерсілі-қарсылы жүрді де қойды. Жайшылықта, Орда қамын ойлаған сәттерінде, қанаттарын арқасына тастай сап бос қыдырған қара қарғадай, екі қолын артына айқастыра ұстап, басын төмен түсіріп, тұнжырай аяңдайтын Қырым мен Сақыстан билеушісіне кенет бүйтіп мазалана қалар не болды?

Ат жалын тартып мінгелі Мамайдың қан төгіссіз, ұрыс-жанжалсыз өткен жылы жоқ. Егер сол алысар дұшпандары бір күні болмаса бір күні кенет құрып кетсе, ол өзін ұстап тұрған тіреуі құлап кеткендей сезінер еді… Өйткені соғыс, ұрыс-айқас, оның тіршіліктегі бар сүйеніші, тіреуі болған. Оларсыз Мамай өмір сүре алмас еді.

Сөйткен әмірші бүгін… Иә, дүниенің ыстығы мен суығын, жеңісі менен жеңілуін сан көрген, өрт мінезді, суарылған құрыштай берік Мамайға, осыншама тас-талқан бола қалар қандай күн туды?

Әрине, мұндай ұрыс құмар жанның бүгінгідей ашуы да ұрыс сәтсіздігінен келеді…

Жоқ, Мамайды тек бүгінгі хабар ғана емес, соңғы жылдардағы аумалы-төкпелі соғыс қиындықтары көбірек жүдеткен.

Ал, дүние шіркін қандай сәтті басталып еді!

Әлі есінде, Алтын Орданың әйгілі ханы әз Жәнібектің үлкен ұлы Бердібектің қызы Ханым-бегімге үйленгенде бұл он сегізде еді ғой, ұстасаң қолыңды алып түсер қылыштың өткір жүзіндей қылшылдаған кезі болатын.

Иә, сол жолы еді ғой ноғайлы елінің сән-салтанатын, байлығын көрсетемін деп құдалар тобын Азақ-Тананың әміршісі Хазбин бидің өзі бастап шыққан. Жүген-құйысқандары, ер тоқым, өмілдіріктері ақ күміспенен қақталған, кілең жалғыз шабар батыр, ылғи сылаң жігіттері жедел жүріп келе жатқан.

Алтын Орда кіндігі Сарай Беркеге алдын ала жүргізілген, дүние мүлік тиелген, кілең қызыл нардан тіркелген көш әлдеқашан астана тұрған Ақтөбе тұсына таяп қалған-ды. Хазбин би сондықтан асығуда еді. Сол себептен де кілең жорға, сәйгүлік мінген ер жігіттер арқырай құлаған тау суындай, еш кедергі білмей сылаң қағады.

Сара далада сағым-сынды мәңгі өшкен дүние!

Сол жолы еді ғой, көгілдір аспанмен таласа, бастарына ай орнатқан алтын күмбезді, ақ тастан қаланған салтанатты Сарай-Берке шаһары алыстан сәулеттеніп көрінгенде, Азу жырау, жорғасының басын тежеп тұра қалып, үкілі домбырасын қағып-қағып жіберіп:

Ассалаумағалайкум, Алтын Ордам… деп басталатын атақты жырын толғаған.

Содан бері қанша уақыт өткен!

Иә, иә, кім білген дүние шіркіннің бұлай өзгерерін! Сол Ит яғни 1346 жылы еді ғой, Сарай-Беркеден болашақ Алтын Орда ханы Бердібектің қызы әрі қайың, әрі тал, өзі шекер, өзі бал, айдай әдемі, бидай өңді Ханым-бегімді отыз құл, қырық күңіменен ырғалтып-жырғалтып, Азақ-Танаға алып қайтқаны!

Фәни дүние өтіп кеткенсің!

Әйтсе де, осы Ханым-бегім еді ғой Мамайдың көтерілуіне себеп болған.

Бұл үйленгеннен кейін он жылдай өтпей Тауық, яғни 1357 жыл Алтын Орданың төбе биі дәрежесіне жете алмай, сүбе би қалпында қалған Қыпшақ Төре бидің жәрдемімен Бердібек өз әкесі әз Жәнібекті өлтірген. Алтын таққа қайын атасы отырған күннен бастап Мамайдың бағы бұрынғысынан да жанған. Ол бүкіл Еділ — Жайық хандығының қолбасшысы болуға айналған. Бердібек бауыздалған күннің ертеңіне хан тағына талас басталған. Жошының үрім-бұтақтары бірін-бірі бауыздаған, өлтірген. Бердібек дүние салған. Тышқан, яғни 1361 жылдан Тоқтамыс таққа отырған Жылқы, яғни 1379 жылдың ортасында он сегіз жылдың ішінде Алтын Ордаға Жошы ұрпағынан шыққан он екі адам хан болды. Бірақ бірде-біреуі екі жылдан артық отыра алмады. Алтын Орда тағы бұл кезде бірін-бірі талап жатқан, қанды ауыз көп көкжал төбеттердің қорасына айналды. Көшпенділердің ұлы мемлекетінің күйреуі осыдан басталды. Ал сол Алтын Орданы әлсіреткен көкжалдардың бірі осы қанды көз Мамай еді. Бұл да бүкіл Еділ — Жайық хандығын билемек болған. Бірақ оған Жошының он үшінші ұлы Тоқай Темірден тараған ұрпақтары ырық бермеген. Қарадан шығып хан болуға қақы жоқ Мамай, сонда барып, Барыс, яғни 1362 жылы Тоқай Темірдің ұлы Үз-Темірдің үшінші баласы Абайдан туған Абдолланы Қырым ханы етіп, көтерткен. Бұл Алтын Ордадан бөлініп Хаджи-Черкес, Айбектердің де жеке хандық құра бастаған тұсы еді. Осылар тәрізді Қырымда Алтын Ордадан бөлініп, жеке хандық шаңырағын көтерді. Бірақ Абдолланың хан деген құр аты, бар билік әскер басы — әмір-әл-мұра Мамайдың қолында қалды. Бұндай тәсіл сол тұста әдетке айналған. Жағатай ұлысының ханы Шыңғыс ұрпағы Құсайын саналғанмен, бар билік Ақсақ Темірге көшкен. Қырым да осындай күйге жетті. Мамай көп кешікпей Хаджы-Черкесті өлтіріп, Хаджы-Тарханды өзіне қаратты. Енді Мамайдың қарамағына тек қана Қырым даласы емес Үзі менен Тана өзенінің бүкіл төменгі жағы — Сақыстан қарады. Сөйтіп Бату ұлысының оң қанаты екіге бөлінді. Еділ бойы Сарай-Берке хандарының қолына қалды. Ал Алтын Орданың бұрынғы батыс даласы менен Қара теңіз төңірегі Мамайдың билігіне көшті. Алтын Ордаға ең жақын Рязань князьдігінен бастап, бүкіл орұсут жерінен алым-салықты енді Мамай Ордасы алатын болды. Ал Алтын Орданың күншығыс жағы (осы күнгі қазақ елінің жері) Тоқай Темір ұрпақтары билеген Ақ Орда қарамағына жатты. Осылай Алтын Орданың бұрынғы жерінің қомақты бөлігін иеленген Мамай, бір сәт бүкіл Алтын Орданы билемек болды. Бұл үшін өзіне одақтастар іздеді. Либкенің князі Ольгердке Ханым-бегімнен туған он бес жасар, сұлулығы жұлдызбенен таласқан қызы Ақбикені әйелдікке берді. Алтын Орда хандарының таластары кезінде Украина мен Молдавияны жаулап алған Либке князі Ольгерд, осы тұста күшейіп келе жатқан Мәскеу князьдігінің болашағынан қорқып, Алтын Орданы оған қарсы пайдаланбақ боп, Мамайдың қызын өзі келіп сұраған.

Осы Ақбикеден тараған Либке князьдерінің бір ұрпағынан, жүз алпыс жыл өткеннен кейін, Руссияның болашақ ұлы патшасы Иван Грозныйды тапқан, Либке княгинясы Елена Глинскаяның дүниеге келетінін, әрине, Мамай білген жоқ. Және осы кезден жүз жетпіс жыл өткеннен кейін Орданың ең соңғы қалдығы, ақырғы мұрасы Қазан хандығын1 өзіне жиен ұрпағынан туған Иван Грозныйдың бір жолата құртатыны да оның үш ұйықтаса түсіне кірмеген оқиға. Әрине, Мамай болашағын болжай алмаған. Болжаған, күдіктенген күнде де ол болашаққа ештеңе істей алмас еді. Өйткені әр заманның өз жолы бар. Сондықтан да болар, Иван Грозный туғанда Қазан ханы Сақып-Керейдің бәйбішесі жаман үрейленіп орұсут боярларына арнаулы шабарман жіберген-мыс. «Бүгін сендердің жаңа патшаларың туды. Екі тісі бар. Біріменен бізді — татарларды, екіншісімен сендерді — боярларды жейді» депті-мыс.

Рас па бұл аңыз, жалған ба? Иван Грозныйға бас иген жұрт әлде ойдан шығарды ма бұны? Кім білсін. Бірақ тарих ханым сөзін анықтаған. Алтын Орданың орұсут жеріне жүргізген билігі осы Қазан хандығының Ұлу, яғни 4552 жылы қарашаның екісі күні құлауменен біткен. Қиянаттан зорлықтан туған, үш жүз жылдан астам орұсут жеріне билігін жүргізіп келген Алтын Орда, бір кезде орыс жерін өзі қылышпен бағындырса, енді өзі сол қылыштан ажал тапқан. Ал Мамай ол күндерде Алтын Орданы тек өзіне бағындыруды ғана арман еткен. Сол себепті ол Сарай-Беркені шапты, Алтын Орда ханы Хаджы-Темірді өлтіртті. Бірақ Алтын Орда тағына жаңадан отырған Құтлық Темір оны Сарай-Беркеден қуды. Тағы шапты, Сарай-Беркені тағы тонады, бірақ Алтын Ордаға хан бола алмады, тағы жеңілді…

Осылай жеңіс пен жеңілуге әбден шыныққан Мамай дәл бүгінгідей еш уақытта да қапа шегіп көрген емес. Ал бүгінгі хабар оның жүрегіне найзадай қадалған. Сол себептен де алпысқа таяп қалған Қырым мен Сақыстан билеушісі ашудан шыдай алмай арындап, жас жігіттей жігерлене ерсілі-қарсылы боз орданың ішін кезіп жүр.

Расында да бүгінгі хабар жыландай суық хабар еді. Соңғы жылдары Мәскеу князі, соңынан Дмитрий Донской деп аталған, Дмитрий Иванович, Алтын Ордаға жылда беретін алым-салығынан бас тартуға айналған және мұны да місе тұтпай, орыс князьдерінің басын біріктіруге кіріскен. Ал Алтын Орданың Орұсут елін бағындырып ұстаудағы дәстүрлі саясатының бірі, олардың князьдерінің басын қостырмай біріне-бірін қарсы қою болатын. Ал бүгінгі Мамайға сол орұсут еліне ықпалын жүргізіп, бас көтеріп келе жатқан Мәскеу князьдігін қайтадан табанының астына салып, жуасытып алу керек болды. Сол үшін Жылан, яғни 1378 жылдың көктемінде бұдан бұрын Арапша әмір жын-ойнағын салған орұсут жеріне Бегіш-әмір басқарған елеулі әскер жіберген. Бұл әскер Мәскеу, Рязаньның біріккен қолдарымен Рязань қаласының жанынан өтетін Оканың оң жағынан келіп құятын Вожа өзенінің бойында кездескен. Екі әскер аянбай соғысқан. Ақырында Мамай қосындары оңбай жеңілген. Қырым басқыншылары қатты соққы алған.

Міне Мамайдың естігені, шабарман әкелген осы сұмдық хабар еді.

Тордағы ырбыздай Орда билеушісінің ерсілі-қарсылы ызалана жүруі де осыдан еді. Орұсут әскерінен өз қосындарының бұлай жеңілуі оған Ордасының шаңырағы құлап жерге түскенінен кем тиген жоқ. Бұл соққы өзге соққыдай емес, жанына жаман батты. Алтын Орданың басқа хандарымен соғысып, бірер жеңіліп жүрсе, оған бұның бәрі «қол сынса жең ішінде, бас жарылса бөрік астында» дегендей, құлын-тайдың тебіскеніндей, кейде етіне батқанмен де, сүйегін сындырып қан қақсатпаған. Хаджы-Темірді бұл өлтірсе, бұны Құтлық-Темір құртамын деп жорыққа шықса, бәрі Алтын Орданың ішінде, сол Алтын Ордаға кім үстемдігін жүргізуі керек деген бақкүндестіктен туатын. Ал орұсут елімен соғысса, не Иран жұртына аттанса, онда бөтен саясат бар. Өзгелерді Алтын Ордаға бағындырып, сол басқа жұртқа оның дегенін істету. Бұл жалпы Орда үстемдігі үшін соғысу. Тақ үшін, Ордаға ие болу үшін бар да, ал сол Орданың бөтен елдерге билігін жүргізу үшін күресу бар. Екеуі екі дүние.

Егер Алтын Орда өзге елден жеңілер әлсіз болса, онда оған хан боламын деп жанталасудың қандай қажеті бар?

Ал Қырым және Сақыстан қосындарының орұсуттан жеңілуі — ол Орданың осалдығы. Осал Орда ұзақ өмір сүре алмауы тағы даусыз. Сондықтан Мамайды ашу кернеген. Сондықтан да ол шешім іздеп бос орданың ішінде ерсілі-қарсылы кезіп жүр…

Ызалы Мамай бұдан әрі шыдап тұра алмады. Ол Орданың әскеріне дереу атқа қонуға бұйрық берді. Және желе шапқан жеңіл қосындарыменен сол күні түнделете Рязань князьдігінің шекарасына жетті. Аттарын шалдыртып, жауынгерлеріне көз шырымын алдыртып, таң саз бере Рязань жеріне кірді. Әскерлерінің Вожадағы жеңілген өшін князьдіктің қорғансыз жатқан елінен алмақ болды. Қанды қылышын ойнатып шыға келді. Біраз қаласын, поселкесін шапты, тағы қарусыз бала-шағаны кемпір-шалдарды қырды. Бірақ Мәскеу жеріне жауын өткізбеу үшін Ока өзенінің жағасында тұрған орыс әскеріне барып тиісуге бата алмады. Рязань маңын тонап кейін қайтты.

Демек, Мамай бұл жорығыменен қанағаттанбады. Бегіш қосындарының жеңілуі, өз әскеріне орыс князьдерінің Ока өзенінің жағасында тойтарыс бермек болғаны, оған бұл жұрттың енді өзіне көнбейтінін, қарамағынан шығуға айналғанын көрсетті.

Ол қайтадан ойға шомды.

Ал Мамай тәрізді морт мінезді адамға қанша ойланса, сонша ойлансын, жалғыз ғана шешім қалған. Ол — орұсут елін ежелгі әдетіменен Ордаға күшпенен көндіру еді.

Бұл әрине, соғысу деген сөз.

Соғысты Мамай өзі басқармақ болды. Ертеңінен бастап дайындыққа кірісті. Сол күні-ақ Ольгердтің баласы Либке князі Яғойлоға: «Мәскеу князьдігіне қарсы бірігіп шығайық» деп арнаулы елшілер жіберді. Сондай кісілерді өзіне ең жақын тұрған Рязань князі Олегке де аттандырды. Оған «егер бізге қосылмасаң, не Мәскеу князімен тағы бірігер болсаң, өкпелеме, өзгелерден Ордаға сенің жерің жақын, көзіңді ашып-жұмғанша күліңді көкке ұшырам» деп қорқытты. Мәскеу князьдігінің күшейе бастауынан қауіптеніп жүрген Ягойло Ордамен одақтасамын деп бірден көнді. Ал Рязань князі Олег үнемі көшпенділердің әскері бірден осы князьдікті шауып, әбден запы болып қорқып қалғандықтан, амал жоқ, Ордаға қосылатынын айтып уәде берді.

Бірақ оның бұнысы орұсут еліне опасыздығынан көрі, «балта көтерілгенше, ағаш жол табадының» көбі еді.

Енді Мамай қарамағындағы елдерден, Қара теңіз бұртастарынан, Каффадағы2 генуялықтардан өзімен көңілдес Еділ алпауыттарынан қалың әскер жинай бастады.

Мамай қанша қосын жинағанымен де, болашақ ұрыстан әжептәуір күпті еді. Өйткені Қырым мен Сақыстан Ордасы қандай мықты болса да, Алтын Орданың жартысына да жетпейтін, тіпті ақ жалауында бұқаның басы желбіреген Ақ Ордаға да тең емес-ті. Сондықтан да Мамай:

— Әттен, орұсут әскерімен Өзбек және Жәнібек хандардың кездеріндегідей, Алтын Орданың түтіні бір шаңырақтан шыққан тұсында кездессемші,— деді ол ішінен,— ал, қазір, болаттай берік бұлғар, басы кетсе де басқаға жол бермес башқұрт, морт, сынар мордва — бәрі-бәрі Еділ-Жайық Ордасының қарамағында, ал қанды көрсе кәрленіп кетер Қаңлы, қырылып жатса қыры Сынбас Қоңырат, намысқой Найман Ақ Орда сапында, сонда маған Дәшті Қыпшақтың азулы руларынан не қалды? Жоқ, менің де өкінер ештеңем жоқ, қынабында қылышы жатпаған Қыпшақтың, ең жаманы түйе үркітуге жарайтын Арғынның біразы бар. Және кекшіл Керейдің дені менің қосындарымда. Оған монғолдардың Шырын, Барын руларының жігіттерін қоссақ, әлі де қыруар күш емес пе? Оның үстіне Кавказдың бұртастары, Каффадағы генуялықтардың жалдап алған бұлықтарым тағы тұр.

«Оқасы жоқ, жыланды үш кессе де, кесірткелік күш қалады, Алтын Орда үшке бөлінсе де, орұсуттарды жеңуге әлі жетеді» — деген ол өзін өзі жұбатып.

Әйткенмен Мамай күпті еді. Күпті болмай қайтсін, Алтын Орда бұрынғы Алтын Орда емес, бөлшектене бастаған Алтын Орда.

Сол бөлшектенудің бір себепкері, осы қанталап кеткен қыли көз Мамайдың өзі емес пе еді.

Енді несіне толғанады, өкінеді?

Не ексең, соны орасың деген…

Әйтседе, бұрын талай жеңіп жүрген орұсуттарды Мамай жеңемін деп аттанған. Сол үшін қолына найза алып атқа мінген.

Бірақ Қырым Ордасының билеушісі қателескен еді. Өйткені орұсут елі Алтын Орданың қарамағындағы бұрынғы орұсут елі емес еді.

Батудан бастап, Әз Жәнібек өлгенге дейін Алтын Ордадағы Жошы ұрпағының арасында тақ үшін қан төгісер, үлкен қырғын-талас дәл қазіргідей асқынбаған болатын. Ал орұсут князьдерінің арасын бұл кезде ондай деуге келмейтін еді. Әсіресе XIV ғасыр орыс князьдерінің, феодалдарының өзара араздықтарымен әйгілі. Ежелден бой алған осындай талас-тартысқа қарсы осы ғасырдың екінші жартысынан көтеріле бастаған Мәскеу князьдігі бүкіл орыс жерін біріктіруге кіріскенде ортақ өгізден оңаша бұзау артық деген Суздаль, Тверь, Нижегород, Рязань князьдері бұған көнбей, қолдарына қаруларын алып шыға келген. Бұлар бірін-бірі аямаған. Алдау, арбау, серттен таю, өлтіру дегендердің бәрі де болған. Және бірін-бірі мұқату, жеңу үшін көп жағдайларда Алтын Орда хандарын да пайдаланған. Бірінің үстінен бірі өсек айтып, не құпия сырларын ашып, Алтын Ордадан көмекке әскер алып, қарсы жағын аямай қырған. Орыс князьдері, феодалдары халықтың көз жасы, қайғысы дегенді тіпті ойламаған. Тек өз үстемдіктерінің қамын жеген. Тек өз князьдіктерінің өркендеуін тілек еткен бұл князьдер бүкіл Русьті ауру адамның халіне жеткізген. Русьтің бұл жағдайын Алтын Орда хандары да пайдалана білген. Орыс князьдерінің арасындағы алауыздықты өршіте түскен. Біріне-бірін қарсы қойып, бүкіл орыс жерін өзіне бағындырып келген.

Русьтің осындай кезінде, Иван Калита басқарған Мәскеу князьдігі көтеріле бастады. Әсіресе Мәскеу осы Иван Калитаның баласы Дмитрий Иванович тұсында бай, күшті князіне айналды. Бұған Мәскеу жерінің жағрафиялық ерекшелігі — су жолдарының түйіскен жерде тұрғандығы, жау тисе, Рязань, Псков, Новгородтар тәрізді алдыңғы шепте емес, түпкірде жатқандығы, тағы басқа шаруашылық жағдайлары мүмкіндік берді. Бұнымен қатар, Алтын Ордадағы өзара қырғын-талас, бір кездегі көшпелі елдердің айбарлы мемлекетінің біртіндеп іштей бөліне, бүліне бастағаны да бірталай көмектесті.

Байтал түгіл бас қайғы, өз үйінде өрт шығып жатқанда, көршінің қора-қопсысының қандай жағдайда екенін кім ойлайды. Алтын Орда да осындай күйде еді. Ал орыс елі болса, ежелгі кеселінен біржолата айығып кетпесе де, төсегінен басын көтеріп, сауыта бастаған. Әсіресе, ел боп бірігіп, Алтын Орда бұғауынан құтылуды Мәскеу князі Дмитрий Иванович қолына қатты алған.

Әрине, тарихты халық жасайды. Бірақ сол тарихтың барысын жылдамдататын, не кібіртіктететін жеке адамдар. Мәскеу князі Дмитрий Иванович та сондай адам еді. Ол орыс князьдерінің басын біріктіріп, Алтын Ордаға қарсы шығуда көп қажырлы еңбек етті. Дегеніне көнбеген Тверь князі Михаил Александрович тәрізді, кейбір сап бұзар керауыздарды әскерімен барып шапты. Сөзге түсінерін ақылменен көндірді.

Осындай орыс князьдерінің Алтын Ордаға қарсы бас көтеруінің керек екенін түсінген Мәскеу князіне, кей кезде қырын жүретін Рязань князі қосылып, өздерін тонамақ боп шыққан Бегіш әмір басқарған Мамай Ордасының қосындарын Вожа өзенінің жағасында ойсырата жеңген. Бұл жеңіс өзгесін қойғанда жүз елу жылдан бері өздеріне бас көтертпей келе жатқан Орданың әйгілі әскеріне тойтарыс беруге болатынын көрсеткен.

Енді орұсут князьдері қанаттана түскен. Осындай кезде, Мәскеу князі Дмитрий Иванович, Мамай Ордасы қалың қол жинап Мәскеу жеріне кірмек боп дайындалып жатқанын естіген.

Мәскеу князі де жан-жағына хабар беріп, келе жатқан жауға қарсы тұруға дабыл қақты.

Жаздың орта шеніне жетпей, орыс князьдері жүз елу мыңдай әскер жинады.

Тамыз айының орта шенінде, екі жүз мыңдай әскерімен Мамайдың Мәскеуге бет алғанын естіп, Дмитрий Иванович пен осы кездегі орыстың әйгілі қолбасшысы Дмитрий Волынский басқарған Мәскеу, Владимир, Суздаль Ростау, Ярославль, Белозер, Муром, Брянск, Псков князьдіктерінің қалың қолы келе жатқан жау қосындарына қарсы қозғалды.

Мәскеу, князі жинаған әскерге тек Тверь, Новгород, Рязань князьдерінің кісілері қосылмай қалды.

Ал Мамай Ордасы қосындарының өр қимылын, қай жерлермен келе жатқанын тыңшы, саққұлақтары арқылы біліп отырған, өзі біріккен орыс әскеріне қосылмай қалғанменен, Мәскеу князі Дмитрий Ивановичке ең алғаш хабар берген Рязань князі Олег Иванович еді. Бірақ бұл князь айтпаса да Дмитрий Иванович Орда әрекеттерінен өзі де хабардар болатын. Мамай Ордасында мұның да өз адамдары аз еместі.

Жалғанда «опасыз» дегеннен жексұрын ат болмаса керек-ті.

Әсіресе тарихи адамға тарих өзі осындай қарғыбау тақса, оны заман да, болашақ та ұрпақ та үзе алмаса керек-ті.

Бірақ тарихтың да өз кезінде қателесуі мүмкін. Жоқ, тарих қателеспейді, тарихтың өзін сол тарихи адамның замандастары шатыстырады. Мұндай жағдай кейде түсінбегендіктен шықса, кейде тарихи адамның ісінің болашақта қандай маңызы боларын замандастарының терең болжай алмағандықтарынан да туады.

Екі оттың ортасында тұрған Олег Иванович, орыс еліне өзінің сол кездегі әрекеттерімен мәңгі-бақи «опасыз» деген атқа ілігемін деп ойламаған да болар.

Бұл — ұзын бойлы, ақ сары, өткір көгілдір көзді, қою жирен сақалды, ұзын шашты, елулерге келіп қалған кісі.

Ата-баба даңқы жағынан Олег Иванович өзін Мәскеу, Тверь, Суздаль, князьдерінен кем санамайтын.

Мәскеу князьдері әйгілі Мономахтан тараса, бұлардың әулеті сонау Илья Мудрыйдан шыққан. Өзгесін қойғанда Илья Мудрыйдың баласы Ярославльдің үш қызы бірдей Француз, Греция, Венгрияның королевалары болған, ежелден алда жүруге үйренген ұрпақ. Сондықтан да ол Рязань князьдігінің де орыс елін басқаруда Мәскеу князьдігінен еншісі кем деп есептемеді. Осыдан барып, Мәскеу князіменен бұның арасында бақ таластықтан туған күрес-тартыс аз болмаған.

Рязань осы Олег Ивановичтің кезінде ұлы князьдікке ие болған. Алтын Орда ханы енді Олег Ивановичті ұлы князь деп атаған.

Бірақ Рязань князі «ұлы» деген атты оңай алмаған. Оған себеп ең алдыменен бұл князьдіктің орұсут жерінің ең шетінде тұрғандығы еді.

Бату өзінің Тауық, яғни 1237 жылы аттанысында ең алдыменен осы Рязаньды шапқан. Бұл кездегі Рязань князі Ярослав Святославтың шөбересі Юрий Игорович өзге орыс князьдерінен жәрдем сұраған. Бірақ ешқайсысы көмекке келмеген. Рязань князьдігі амалсыз жауға өзі жеке қарсы тұрған. Бірақ монғолдың қалың әскеріне төтеп бере алмаған, жеңілген. Батудың қанды балақ нояндары қаланы мықтап тұрып тонаған, содан кейін өртеген, жермен-жексен етіп бұзған, қиратқан.

Осыдан кейін рязаньдықтар өздерінің князьдік орталығын Переяславль қаласына көшірген. Осы Олег Иванович кезінде Переяславль қаласы Рязань қаласына айналған. Бұрынғы монғолдар шапқан Рязань қалдығын Ескі Рязань деп атаған. Қала жаңарғанмен, рязаньдықтардың тағдыры жаңармаған.

Орұсут жеріне жау келсе ең алдыменен Рязаньға келген. Соны шапқан, соны тонаған. Бұл тек Алтын Орданың хандары ғана емес, өз бетіменен жүрген солардың кейбір есерсоқ әмірлері де, тіпті қанды қолды, жасақ болып жиналған қарақшылары да, аламандары да істеген. Сыртқы жаудың қылығы аз болғандай, Рязань князьдерінің ежелгі қалалары Коломна мен Лопасияны Жылан, яғни 1353 жылы Мәскеу князьдері өздеріне қосып алған. Бұл кезде Дмитрий Иванович та, Олег Иванович та жас еді. Бату келіп Рязаньды шапқанда болыспаған орыс князьдеріне бұрыннан өкпелі рязаньдықтар осы оқиғадан кейін Мәскеу князьдеріне тіпті өшігуде еді. Рас, соңынан Дмитрий Иванович ер жетіп билік қолына көшкенде Рязаньды Алтын Орда өмірлері Тағай, Арапшаларға тонаттырмаған, араша түскен. Тіпті Алтын Орда әмірлеріне соққы да берген. Бірақ Рязань жерін ең бір ойсырата шапқан Тышқан, яғни 1373 жылғы Орданың жорығына тойтарыс бере алмады. Бұған Мәскеу князі айыпты емес еді, Дмитрий Иванович пен оның немере інісі Владимир Андреевич Серпуховский Рязань жерін жау тонап жатқанын естіп, дереу атқа қонған, бірақ үлгірмеген, Рязань қалаларын өртеп, тонап кеткен Мамай Ордасының әскерлерінің қарасын да көре армай қалған. Әйткенменен Мәскеу мен Рязань князьдерінің арасы сан қилы болған. Ит, яғни 1370 жылы Мәскеу князі Либке князі Ольгердтке қарсы шыққанында Дмитрий Ивановичтің әскерлерінің ішіңде Рязань бұлықтары да қатынасқан. Сөйте тұрып, келесі жылы Рязань князі Коломнаны қайтып аламын деп Мәскеу князімен соғысқан.

Сондай-ақ, екі князь бірігіп те кетіп жүрген. Соның бірі өткен жылы Вожа өзенінің бойындағы ұрыс еді. Дмитрий мен Олег күш қосып Бегішті оңдырмай жеңген.

Бұлар қанша біріккенмен де, екеуінің арасында сонау ескіден келе жатқан қайшылық — қайсымыздың үстемдігіміз жоғары тұру керек, қайсымыз қайсымызға бағынуымыз керек деген бәз-баяғы бақкүндестік ені уақытта да жойылмаған.

Жалғанда өзгеден жоғары тұруды мұрат тұтпайтын кісі бола ма, Мәскеу князінің асып бара жатқанын көрген рязань князі бір сәт Дмитрий Ивановичтің күйреп, билік өзіне көшкенін тілеген. Сол себептен Мәскеу князінің әскері Мамай Ордасын жеңіп, бұрынғысынан да күшейе түскенін қаламаған. Сол себептен де Мәскеу князіне қосыла қоймаған. Екіншіден, Мамай Ордасы аттанысқа шыға қалған күнде бұл Мәскеу князі жағында болса, Орда әскері өшін ең алдыменен бұдан алатыны даусыз ғой. Әрине, осыдан Мамайға қарсы шығуға қорыққан. Орда әміршісінің де көңілін табуға тырысқан. Мамайдың жіберген кісісіне Мәскеу князіне Ордамен бірігіп қарсы шығуға уәде берген. Сөйтсе де оны тағы бір жағдай қатты қинаған. «Мамай жеңер, жеңілер, әйтеуір кетер, ал Мәскеу князі осы арада қалады ғой» деп ойлаған. Егер Дмитрий Иванович Мамайды жеңіп, ертеңіне менен жауап сұраса не айтам? Тіпті, бүкіл орыс князьдері жиналып, «бізге қосылмадың» деп өзіме жабыла кетсе, қалай төтеп берем, және немен төтеп берем?» — деп толқыған.

Осындай екі оттың ортасындағы Рязань князі ақырында ақыл, айласымен екі жақтың да ойларынан шықпақ болған. Бар тәсілін осыған құра бастады.

Демек, бұл шешім де оның көңілін толық орнықтырмаған.

Бәрін былай қойғанда, ұлы Русь бар емес пе, деп ойлаған ол, ұлы ата-бабам. Ярослав Мудрый да оның немересі Ярослав Святославич те осы Русьтің көркеюін ойлаған жоқ па еді; ал мен солардың ұрпағы, өз басымның қамы үшін орұсут князьдерінің жеңілгенін тілеймін бе? Солай тәрізді ғой. Мамай жеңсе Русь билігінен айырылады. Ал Мәскеу князі жеңсе, мынау мен Рязань князі — ұлы князь деген билігімнен айырыламын. Амалсыз күшейген Мәскеу князіне бағынышты боламын. Сонда маған қайсысының жеңгені дұрыс?

Осылай Рязань өзіне-өзі қарсы келген. Енді ол өз қара басына сөз келмеуді, және алдағы күрестеріне Рязань князьдігінің күшін сақтап қалуды ойлаған.

Сондықтан Мамайға қосылам деп тұрып қосылмай қалатын болған.

Мәскеу князьдеріне Мамайдың келе жатқанын хабарлай тұрып, болар уақиғаның артын күткен. Бірақ өзге князьдер және халық бастарына ауыр күн түскенде қатарында болмаған Рязань князінің бұл тәсіл, айласын қабылдамаған. Кәдімгі қасқыр алатын көкжал арланның мойнына темірден қарғыбау таққандай осы Олегке мәңгі-бақи жойылмас «опасыз» деген ат қойған.

Бұл тарих қатесі ме, әлде адам қатесі ме?

Әрине, адам қатесі.

Жоқ, Мамай емес, оған келісім істеуге ең алдымен Рязань князі Олег өзі Епифан Кореев боярды елші етіп жіберген. Вожа өзенінің жағасында Орда қосындарын жеңуге қатысқаны үшін Мамай өшін алады деп қорыққан. Және тағы бір себебі бар еді. Олег бұдан бұрын Мәскеу князьдігіне кеткен жерімді қайтарып аламын деп Дмитрий Ивановичқа қарсы шығып, Скоронишева деген жерде Дмитрий Волынский воевода басқарған Мәскеу әскерінен жеңіліп қалған. Бұның орнына Рязань князі етіп Пронскийді сайлаған. Сонда Олег Орда мыңбасы Салақмырдан әскер алып келіп, Рязаньнан Владимир Пронскийді қуып шығып, өз орнына қайта отырған. Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі кетпес, басына туған бір тар кезеңде Орданың көрсеткен көмегін ұмытқысы келмей, жақсылыққа жақсылық қайтармақ та болған.

Әйтеуір Мамайға Епифан боярды жіберіп, Вожадағы көрсеткен көмегі үшін Ордаға Өзбек ханның кезіндегідей құн төлеп, егер Мамай Мәскеу князіменен соғыса қалса әскерін беруге уәделескен. Иілген басты қылыш кеспейді. Мамай келіскен. Соңынан орұсут жеріне ұрысқа шығуға әбден бел буғанда Орда билеушісі сондағы келісімімізден шық деп Олегке кісі жіберген. Және Рязань князіне Мәскеу князьдігіне қарсы аттануға Либке князі Ягойломен де шарттасуды ұсынған. Мамайдың ойынша күнгейден келген Орда қосындыларына Мәскеу бұлықтары қарсы көтерілгенде, Ягойло мен Олег оларды өткізіп жіберіп артынан дүрсе тиюге тиісті еді.

Мамай тас қамалды Мәскеу іргесінде соғысқысы келмеген. Көшпенділердің әйгілі атты әскерін жақсы пайдалану үшін, ұрыстың жазық далада болғанын дұрыс көрген.

Ал Орда билеушісімен келісімге келген Олег оның соғысқа дайындалып жатқанын айтып Мәскеу князіне кісі салған. Дмитрий Ивановичтің бұнсыз да хабардар екенін түсініп, жай әншейін жақсы атты боп көрініп қалудың белгісі еді. Сөйтіп тұрып Олег Ягойлога сол Епифан Корнеевті елші етіп жіберіп, оныменен Орда жағында болатын боп уәделескен.

Екі жүз мыңдай жауынгер қолыменен Мамай тамыздың орта шенінде Воронеж өзенінен өтіп, оның теріскей жағасына қостарын тікті. Бірден Мәскеуге аттануға асықпады. Воронеж жағасында әскерлерін жөнге келтіріп, әлденені күтіп аялдай қалды.

Осы кезде бұлықтарымен Либкеден Ягойло да шықты. Ол жедел жүріп, русьтің күнгей шеті Ока өзеніне беттеді.

Енді қалың әскеріменен Мәскеу князі Дмитрий Мамайға қарсы қозғалды.

Бұлар Коломнаға жетіп, Ока өзенінен арғы бетке өтті. Жанында табиги бөгеті — өзені мен берік қорған-қамалы бар Коломна орұсуттарының бұрын да Орда шапқыншыларын қарсы алатын жері болатын. Осы арадан Алтын Орда әскері талай шегінген. Жауды бері қарай жүргізбеуге бұл ара орұсуттарға ең қолайлы түс еді, бірақ Мәскеу князі Коломнаға тоқтамады, әрі қарай жүрді. Коломнадан бір күндік жерде Рязань тұр. Дмитрий әскері мықты кезінде, Мамай жағына шықпақ боп, өзіне қосылмай қалған рязаньды быт-шыт етпек шығар? Жоқ, ол бұлай етпеді. Мәскеу князі әскеріне Рязань жерінде ешкімге тимеңдер деп бұйрық беріп, бұл қаланы у-шусыз орағыта өтіп, Танга3 қарай ойысты…

Ол осындай Мамайдың одақтасы Олег тиіссе оп-оңай жеңсін дегендей, әскерінің сол жақ бүйірін бос қалдырды.

Неге бүйтті?

Князь Олег орыстың қалың әскерін шабуға бата алмайды деп сенді ме? Әлде Олегтің бұларға тиіспеймін деп берген уәдесі бар ма еді?

Тарих бұл арасын сол уақытта да, соңынан да, қала берді содан бері алты жүз жыл еткен бүгінгі күнге дейін де білген емес.

Анығы, Мәскеу князі сол жақ қанатына өзіне қас саналған Рязань князін тастап, алға, күнгейіне қарай ұмтылды.

Ал бұлардың оң жағында, орыс әскеріменен алыстан қатарласа Рязань қолыменен кездесуге Ягойло князьдің өзі басқарған Либке бұлықтары келе жатты.

Сондай-ақ, Мәскеу жасақтарымен қосыла қоюға таққа асыға қоймай, Владимир Серпуховский мен Брян қарулы бұлықтары да сараң қозғалып ілби жүрді. Егер Ягойло бұлықтары кенет жүріс бетін өзгертіп, қорғансыз қалған Мәскеуді шаппақ бола қалса, бұлар олардың алдарынан шықпақ тәрізді. Сондықтан Ягойло әскерінің ізін аңдып, ақырын қимылдап, асықпай келе жатқандай. Дәл осылардай Мәскеу князімен одақтас Андрей Полоцкий мен Дмитрий Трубчевский князьдер басқарған Ягойлоға қарсы Либкенің басқа бұлықтары да сасатын емес. Бұлардың баяу жүргендіктері соншалық, мәскеу князіне олар тек Донның жағасында ғана қосылды.

Неге бәрі бірдей жай қозғалады? Мамай қосындары алдарында емес пе? Әлде Мәскеу бұлықтары өздері ғана соғыссын дей ме?

Жоқ, тіпті олай емес. Егер ауыр қарулы Мәскеудің жаяу бұлықтары Тан өзенінен өткенше, Ягойлоның атты әскері оларды шабатын болса, орұсут бұлықтарын көп бүліншілікке ұшырататыны даусыз… Сондықтан Владимир Серпуховским, Брян және Дмитриймен одақтас Либке жасақтары сонау Тан өзеніне жеткенше Ягойло әскеріне қарсы тұрар қалқан болып, оның әуеніне қарай, асықпай келеді.

Ал Мамайдың одақтасы Рязань князі Олегтің жігіттері қайда?

Расымен Мәскеу бұлықтарының артынан тимек боп қозғалмай тұр ма?

Егер Олег бүйтер болса, Мәскеу әскері тағы ауыр халге ұшырайтыны сөзсіз. Өйткені Рязань князі мен Ягойло бұлықтарына қарсы тұрар, Тан өзенінің бергі бетінде шеп қалдырар Мәскеу князінде де мүмкіндік болмады. Мамайдың құмырсқадай қаптаған қосындарына төтеп беруге арғы бетке шығып орыс қарулы қолының өзі де жетер-жетпес еді.

Міне енді Мәскеу князінің әскерлері Таннан аман-есен өтіп, Тан мен Непряда өзені екі жағынан кеп қосылған үш бұрышты сағаға кеп тоқтады. Алдары дала. Енді Воронеж өзені жағынан көрінетін Мамай қосындарын күтіп, шеп құра бастады.

Бәрі де ойлағандай тәрізді. Тек арқасын Тан өзеніне беріп, соңына әскер қалдырмағаны ғана қауіпті. Егер соғыс болар жерден бір-ақ рет ат шалдырып жететін тұста тұрған Ягойло бұлықтары Олег жасақтарымен табысып, Таннан өтіп, Мәскеу әскерінің арт жағынан тиер болса, бұлардың үлкен апатқа ұшырайтындары тағы даусыз.

Бірақ Ягойло мен Рязань князінің қолдары әлі қосылған жоқ. Ягойло бұлықтары арғы бетте өзенге таяу жерде тұр. Олег жасақтары әлі келген жоқ. Олар қайда? Рязань жасақтары қайда? Қайда? Қайда? Мамай да, орыс князьдері де теріскей жақтарына өлсін-өлсін қарауда еді.

Тек бірдемеге сенгендей, Мәскеу князі Дмитрий ғана сыр бермеді. Ол Мамайды қарсы алуға, құрылған шептерін дүркін-дүркін тексеруден қолы босамады.

Бұл айқаста көрсеткен орыс ерлігін айтуға сөз жетпейді. Жүз елу жылдан астам қорлық көрсетіп келген қиянатшыл Алтын Орда хандарының үстемділігінен құтылулары керек, не бірі қалмай қырылуға тиісті!.. Осыған олар бел буған… Сол себептен де Қыркүйектің алтысы күні Тан өзеніне жетіп, көпір салып, сегізі күні бергі бетке өтісіменен, орыс әскерлерінің басшылары бар көпірлерін бұздырып тастаған. Ондағы ойлары егер әскерлері жеңілер болса, кейін шегінер мүмкіндік қалмасын дегендері. Орыс қолбасшылары ұрысқа осылай дайындалды. «Не бостандық, не өлім!» деді олар.

Енді Танға Неприяда өзені құятын сағадағы Куликов жайылымы аталатын кең далаға орыс әскерлері сап-сап боп шепке тұруға кірісті. Әр қосынның алдарында темір сауыт, дулыға киген князь қолбасшылары. Жауар бұлттай түнерген қалың қол. Әр князьдік әскері жеке-жеке. Владимир, Суздаль, Ростоу, Ярославль, Беловер, Муром, Брян, Псков бұлықтары бірі мен бірі қаз-қатар, иін тіресе сапқа тұрған. Мұнда тек Мәскеу бұлықтары тегіс емес. Владимир Андреевич Серпуховский князьбен осыдан екі жыл бұрын Либкеден Мәскеу жеріне қызметке келген Волын воеводасы Дмитрий Боброк басқарған таңдаулы он мыңдаған жауынгерлері Куликов даласының шығыс жағындағы сыңсыған қалың тоғай арасына тығылған. Сол орманның бер жағындағы бітік қайың-талды төбенің үстінде орыстың сол кездегі әйгілі батырлары Юрий Сапожник пен Быковты қастарына алған Серпуховский мен Боброктың өздері тұр. Оларға сонау мұнарлы жазық далада құмырсқадай қаптаған қалың әскер шығыс бүйірінен ап-айқын көрінеді. Ал Мәскеудің өзге бұлықтары шептің ең алдында. Осыншама қыруар қолды ұлы айқасқа Мәскеу князі Дмитрийдің өзі бастап түспек. «Сен бізде жалғызсың, ал біз тәрізділер көп. Ұрысқа өзің қатынаспай-ақ қой, сырттан басқар» деген өзіне жақын жүрген боярлардың сөзіне кеше Таннан өтіп жатып ол: «Жалғыздың жаны көптігінен артық па? Жұрт араларында менің жүргенімді көрсе, маған еліктейді, мен жанымды аямаған соң, олар да жандарын аямайды» деп, ұрысты сырттан басқаруға көнбей қойған. Сол себептен, есік пен төрдей кертөбел айғыр мінген, көк құрыш сауытты, ашаң өңді Дмитрий Иванович қалың әскердің алдында өзі тұр.

Күн бүгін бұлыңғыр еді. Қалың тұман жер бетін жауып алған-ды. Бірақ сәске бола, тұман тарай бастады. Түске шейін аспан айнадай боп ашылды. Тек теріскейден күздің салқын желі тынбай соғады. Дәл сол кезде күнгейден, Воронеж өзені жағынан, бұлдырланып Мамай қосындарының маңғыласы4 көрінеді. Сөйткенше болған жоқ сағым-сынды толқыған топтар қатая түсті. Әрі-беріден кейін ұшы-қиыры жоқ қалың әскерге айналды. Еңкілдей келе шапқан қалың әскер құмырсқадай көп, бет қаратпайтын айбарлы, сұсты, суық. Аттарының дүбірінен жер солқ-солқ етеді. Кейбір нояндарының өмірлерінің үстіне киген ақшыл сауыт, дулыға жалаңаш қылыштары күн сәулесіне шағылысып кенет жарқ-жарқ ете қалады.

«Не істер екен?» дегендей орұсут әскерлері оларға түксие қарап, орындарынан қозғалмай тұр.

Жағаға қаптап келе жатқан теңіз толқындарындай арқыраған Мамайдың қалын қосындарының алдыңғы шебі садақ оғы жетер-жетпестей жерге келіп тоқтады. Артындағы жасақтары да лықси түсіп, бірте-бірте барып, бір мезет саябырлады. Күнгей тұсты сонау көкжиекке дейін алған қалың әскерінің алдында торлы сауытты, құрыш дулыға, нардай биік, жалы жерге төгілген, ошақ табан көк бурыл тұлпар мінген Мамайдың өзі. Күн шалған, жел қаққан қарасұр жүзі күреңденіп үлкен, суық, шапыраш көзі қанталай, ал сау көзі кәрленіп ойнақши қалған.

Екі жақ енді бірін-бірі әбден көріп алайық дегендей, әлі қозғалмай тынып тұр.

Сол шөп басы қимылдамаған, лыпа жел жоқ тыныштықта Мамай әскерінің алдыңғы шебінен қара көк арғымағын ойнатып, арыстандай ақырып біреу шыға келді.

Бұл Кенегес руының атақты Кен-Жанбай батыры еді.

— Әй, Қалталы Иманның5 баласы, кімің бар жекпе-жекке шығаратын! — деді ол жауыр күндей күркіреп, екі әскердің ортасындағы алаңға атын ойната секіртіп.

Ол заманда ұрыс басталар алдында, екі жақтан жекпе-жекке батырлар шығарып, айқастырып алу — ешкім бұзбайтын дәстүр.

Сол сәтте-ақ тоқпақ жалды тор айғыр мінген, қолында темір ұшты ықшам найзасы бар, еңгезердей орыс батыры алаң ортасына шапқылап шыға келді. Бұл әйгілі батыр Дьяконов Александр еді. Мамай жағынан да астында сүліктей қап-қара бедеу, қолына бұзау тіс, шойын бас, шоқпар ұстаған батыр жігіт оған қарсы шапты. Бұл бүкіл Алтын Ордадағы аты шыққан Шерубай батыр еді.

Сонау Шыңғыс хан кезіндегі монғол әскерлерінен бастап, Алтын Орданың осы шақтағы жауынгерлеріне дейін соғысқанда сауыт кимеген. Сірә, жүз мыңдаған әскерге темірден сауыт, дулыға дайындау оңайға түспесе керек. Сауыт, дулыға тек темір, ноян, ел қадірлеген батыр, мырзалардың ғана үлесі болған. Ал мұсылман жауынгерлерінің сауытсыз соғысуына діни себептер бар еді. Жау қолынан қаза тапқан адамды ұжмаққа баратын шәйт санаған ісләм шариғаты темір киіп майданда ұрысуды, құдайдың жазғанына қарсы шығу, ажалың болса алтын сандықта жатсаң да өлесің, ал ажалың болмаса түскелі тұрған алмас қылыштан да аман қаласың, бәрі құдайдың қолынан деп түсіндірген.

Тіпті сауыт кигендерінің өзі дәл кіндік тұсынан садақ оғы, найза ұшы кіре алатындай кішкентай «тағдыр» қалдыртқан. Алла сенің тірі қаларыңды тілесе, жау отынан сауытын қорғайды, ал тілемесе осы оймақтай тесіктен ажалдың өзі іздеп табады деген.

Шерубай үстіндегі сауытта осындай әдейі қалдырған «тағдыр» тесік бар. Сонау алып денеден, оймақтай тесікті тауып кім садағының оғын, не найзасының ұшын дәл қадай алады. Осылай ойлаған Орда батыры, майданға шыққаннан-ақ өркөкіректік, тәкаппарлық көрсетті.

Екеуі соғысқалы да әжептеуір мезгіл өтті. Кенет Орда батыры түксие қалды, орыс батыры да қаһарлана түсті. Енді екеуі ақыры бір-біріне қарсы ұмтылды. Бағанадан бергі алысқандары өздерін де, өзгелерді де жалықтырған тәрізді, ал бұл жолы біреуі мерт болмай тынбайтын секілді. Аттарын қарама-қарсы қойған екі батыр бір сәт тым жақындап қалды. Шерубай да ақыра шоқпарын сілтеді. Александр құшырлана найзасын қадады. Сол мезетте-ақ екеуі де бірдей аттарынан ұшып түсті. Жағынан тиген шоқпар орыс батырының басын мүлдем күл-талқан еткен. Ал «тағдырға» дәл келіп қадалған көк найза, екіншісінің ішіне кос қарыстай кіріп үлгірген-ді. Кішкентай ғана тесік Мамай батырының шын тағдыры болған.

Иелері жерге құлаған қос тұлпар, майдан ортасына ойнақтай шыға келген.

Сол сәтте-ақ: бұдан әрі шыдамдары біткендей, екі жақтың әскері де бірдей «уралап» біріне-бірі лап қойды. Тек Мамай ғана Кен-Жанбай өзінің меншікті кәшік-тәнесінің қоршауында, майдан бүйіріндегі биіктеу қырға сытылып шыға берді. Ұрыс дәл түсте басталды. Екі жақтан да қарулы бұлықтар лег-легімен майданға шықты. Садақ атуға жер тар болып бетпе-бет келген жауынгерлер бір-біріне тек қайың сапты айбалталарын, шойын бас шоқпарларын, болат ұшты найзаларын алмас жүзді қылыштарын жұмсады. Өкірген адам мен кісінеген жылқы дауысынан құлақ тұнды. Бір бие сауымына жетпей-ақ жазық алаң қан сасып шыға келді. Сол алғашқы қарқында-ақ мыңдаған қыршын жас, атан жілік, апай төс батырлар жер құшты. Иесінен айырылған жүйрік сәйгүліктер енді майдан шетіне ойнақтап жүздеп шықты. Бірін-бірі қуып қылышпен шапқан, қарсы келе қалса айбалтамен айқара ұрған, жан түршігерлік қырғын өр сағат сайын қыза түсті. Айқай-шу, салған ұран, қару-жарақтың шақыр-шұқыр үрейлі үндері жер мен көкті басты. Адам денесі ат тұяғыменен саз балшықтай иленді. Соңынан осы қырғынды өз көзіменен көрген шежіреші: «бұрынды-соңды мұндай ұрыс болған емес, он шақырымдай жер жауынгерлерден көрінбей кетті. Қан өзен боп ақты» деп жазды. Осындай ені сегіз, ұзындығы он шақырымдай майданда екі жүз елу мыңдай әскер бір мезетте соғысты.

Мамайдың атты әскері қандай айбар көрсете алса, орыстың жаяу жауынгерлері сондай төтеп бере алды. Орда қосындары бір тұста жеңілсе, орыс бұлықтарын екінші жерде ойсыратты. Ерлік екінің бірінің қолынан келді. Әсіресе орыстың атақты батыр-балуандары Сенька Быков, Васгок Сухоборец, Гриде, Хруцелец қоршаған Дмитрий Ивановичтің өзі жан шыдатпады. Олардан Орда батырлары да қалысқан жоқ. Адам басы доптай домалады.

Қырқа үстінде үн-түнсіз ұрысқа қарап тұрған Мамай, бір мезет оң жағындағы Кен-Жанбайға:

— Кәшіктәнемді ана тұстан сал! — деп орыс әскерінің сәл шегіне бастаған жерін көрсетіп шаңқ ете қалды.

Тыпыршып безек қаққан Кен-Жанбай, қара көк атыменен екі құршысын шұбырта майданға құйындата шаба жөнелді.

Бір топ торғауыттары қорғаған Мамай, сол адыр басында қозғалмаған қалпында тағы қатты да қалды. Жеңіс аспанға лақтырған бақыр ақшадай, екі жаққа алма-кезек түсті де тұрды. Әйткенменен Орданың әйгілі атты қосындары өзінің соғыскер екенін көрсетуге айналды, түс ауа орыс бұлықтары шегіне бастады.

Бұны көрген, орманды төбе үстіндегі Владимир Серпуховский қылышын қынабынан суырып алып, атой салуға ыңғайлана берді. Бірақ тәжірибелі Дмитрий Боброк, Волын воеводасы, оған ақыра бұйырды:

— Тоқта! — деді ол.— Сәл шыда.

Тәжірибелі қолбасшы Дмитрий босқа ақырмаған екен, көп кешікпей, Орда әскерінің тегеурінді күшіне шыдай алмай орыс жауынгері бірте-бірте кейін топталып шегінді.

Қандай істің болса да басталуы қиын. Орыс шебінің бір қанатының кейін ойысуы мұң екен, енді оған екінші қанаты да қосылды, тек Мәскеу князі өзі басқарып тұрған майданның орта шені ғана жауына төтеп беріп, табан тіреп қарсы тұрып алды. Бірақ екі қолынан әлі кеткен адам не істей алады, екі жақ қанаты бірдей ойсырай түсіп бара жатқан орыс бұлықтарының орта тұсы да, амалсыз, бірте-бірте кейін қарай сырғыды.

Орта қосындары, әрі-беріден кейін, орыс жауынгерлерін желкелей шегіндіріп, Тан өзеніне қарай тықсыра жөнелді.

Орданың ең ақырғы жасағы алдарынан өткен кезде ғана, Дмитрий Волынский:

— Ал, қапы қалма! — деп Серпуховскийге бұйырды.— Жау әскерінің артынан ти!

Бағанадан бері алақанына түкіріп әзер шыдап тұрған Владимир Серпуховский князьдің даусы кенет саңқ ете қалды:

— Алға! — деді ол қылышын қынабынан суырып алып, сөйтті де, бір орнында билеп, ауыздығымен алысып тұрған тарғыл арғымағын тебініп қалды. Сол-ақ екен, тордан құтылған көк кептердей, тарғыл жүйрік аға жөнелді. Дүние жүзін «Ура! Алға!» деген айқай-ұран басып кетті. Орыстардың таңдаулы он мың атты әскері Танға қарай шегінген бұлықтарды өкшелей қуып бара жатқан Мамай қосындарының арт жағынан кеп тиді.

Жер астынан шыққандай, жоқ жерден пайда болған, орыстың қалың атты жауынгерлерін көргенде, қыр басында тұрған Мамай санын салып қалып, айқайлап жіберді.

— Қайда әлгі соқыр Иман! — деді.

Соқыр Иман, Мәскеу князінің әскеріндегі Мамайдың саққұлақ тыңшы көрегені еді. Ол бағана, соғыс басталар алдында, өзі байланысып жүрген орданың бір әмірі арқылы Мамайға хабар берген. «Мәскеу князінің бөтен қолы жоқ, бәрі осы алаңда»,— деген. Ал Либке Ягойло мен Рязань князі Олегтің бұлықтарының соғыс басталғанша көрінбегенінен күптенген Мамай, бұл хабарға риза болып қалған. «Бары осы болса, Ягойло мен Олегсіз жеңерміз бұларды!» деген. Әрине, іздеткен соқыр Иман жоқ болып шықты. Оны тапқанмен қазір не пайда? Көп болса соқыр Иманның басын алар. Бары сол ма? Енді Мамай орыстан тапқан тыңшысына осы уақытқа дейін қалай сеніп келгеніне өзі таң қалды. Дүниенің бәрі бірдей сатылмайтынын сонда білді. Ызадан күйінген Мамай санын тағы ұрды.

Арт жақтарынан орыстың қыруар атты әскері келіп тигенде, Орда жауынгерлері де жаман абыржып қалған. Ал қашып бара жатқан орыс булықтары өздеріне жәрдем жеткенін көріп кенет қайта бұрылып, өкшелеп келе жатқан жауларына тап берген. Екі жақтарынан қышқаштай қыса түскен орыс әскерінің ортасына түсіп, босқа қырылмайық деген Орда қосындары кенет дүр еткен. Енді амал жоқ, жан сауғалап, бұлар кейін сырғыды.

Майдан бақытының кілт өзгергенін көріп, Орда қосындарының жеңілетінін бірден түсінген Мамай, қасына асыға жеткен Кен-Жанбайға:

«Шамаларың келгенше ұрыса шегініңдер! — деп бұйырды да, өз торғауыттарының басшысына.— Тарт атыңның басын Ордаға! Бұл жолы жеңілдік! Ендігісін келесі жолы көрерміз! — деді.

Мамай бастаған топ Воронеж өзенінің жағасында қалған ақұрығына қарап шаба жөнелді.

Өздерінің сан қолданған тәсілдерінен Орда әскері енді өздері таяқ жеді. Енді олар, тап-тап берген көкжалдарға, желке жүнін үдірейтіп, кейін бұрылып арс-арс етіп, айбар шеккен арлан,бөрілердей, соңдарына түскен орыс жауынгерлерімен жүре ұрысып келді де, жазық далаға шыққан кезде, астарындағы сәйгүлік жүйріктеріне сеніп, кенет тым-тырақай қаша жөнелді.

Мәскеу князін, Тан өзенінің бойындағы осы жеңісі үшін соңынан Донской деп атаған, Киевтік Русьтің негізін салған Мономахтың ұрпағы Дмитрий Иванович басқарған орыс әскерінен Орда қосындары осылай жеңілді. Куликов даласында екі жақтан жүз жиырма мыңдай адам қырылды. Орыстардың бұл жеңісі жүз елу жылдан бері Алтын Орда хандары қанап келген зорлықтан, дағдарыстан құтылудың басы болды. Қылышынан қан тамған қиянатшыл Орданы күйретуге жарар күш бар екенін әлем көрді.

Бірақ бұл жеңіс Алтын Орда үстемдігінен босанудың тек басы ғана еді. Орыс елі оның қарамағында тағы да жүз елу жылдай қиянатта келді.

Ал Мамай болса, қалған әскеріменен өзінің Ордасына қайтты. Жығылған күреске тоймайды деген, Вожа мен Куликов даласында жеңілгеніне қарамай, ол қайтадан орұсут еліне аттануға дайындала бастады. Бірақ ойлағанына жете алмады. Сол Мамай жеңілген 1379 жылы Ақсақ Темірдің арқасында Алтын Орда тағына отырған Тоқтамыс, баяғыда 1223 жылы Сүбэтей ноян орыс пен қыпшақтың әскерін жеңген Калка өзенінің жағасында келесі жылы Мамай қосындарымен кездесті. Екі әскер арасында тағы қырғын ұрыс болды. Мамай тағы жеңілді. Тағы Қырымға қашты. Бірақ бұл жолы құтыла алмады. Тоқтамыс жағына шығып үлгірген өзінің кешегі серіктері, оны Каффа қаласында өлтірді. Он сегіз жасынан бастап, алтын тақ үшін қырық жылдан астам күрескен асау ақырында үш құлаш жерге көміліп тынышталды. Оның мойнында жүз мыңдаған жандардың жазықсыз төгілген қаны кетті. Артында Мамай деген үрейлі атының белгісі боп алты жүз жылдан бері жойылмай келе жатқан Сарықұмдағы «Мамай қорғаны» аталған Орда бекінісі мен қандай қолбасшы болмасын қадірі тірісінде екенін жұртқа ескертіп, ел аузында «өлдің, Мамай — қор болдың!» деген жалғыз ауыз сөз қалды.

Ал Тоқтамыс құр ғана Мамайды өлтіріп қойған жоқ, Қырымды алды. Мамайдың істей алмағанын ол істеді. Қайтадан Мәскеуді шапты. Қайтадан Мәскеу князьдігін және Русьтің бөтен князьдерін Алтын Ордаға алым-салық төлер бағынышты етті. Бірақ бұның бәрі уақытша жеңіс еді. Куликов қырғынынан бұрын Алтын Орда екі көзді көреген болса, енді бір көзінен айырылған соқыр, бұрын екі құлағы бірдей естігіш саққұлақ келсе, қазір бір құлағы естімейтін саңырау, бұрын екі қолы, екі аяғы бірдей сау денелі жан еді десек, енді бір қолынан айырылған шолақ, бір аяғынан айырылған ақсаққа ұқсады. Он екі мүшесінің жартысына таяуы жоқ алып, қандай алып болса да, жарты алып, Куликов ұрысынан кейінгі Алтын Орда осындай күйге жеткен.

Жарайды, өлер Мамай өлді. Сонда оның одақтастары Либке князі Ягойло мен Рязань князі Олег қайда қалды? Орда әміршісі мен Мәскеу князінің ұрысына келеміз деп тұрып неге келмейді?

Әлде келіп пе еді?

Жоқ, келген жоқ. Айлакер, қорқақ, тек ел тонауға, қаннен-қаперсіз жатқан қалаларды ғана шабуға шебер Ягойло, Тан өзенінің жағасына ат шалдырып жететін жерде тоқтап, Рязань князі Олегтің келмегенін сылтау етіп, әрі қарай жүрмеген. Ертеңіне Куликов даласында Мамайдың Дмитрий Донскойдан жеңілгенін естіп, таяқтан қорыққан бұралқы иттей, құйрығын қысып алып, артына қарамай кейін зытқан.

Опасыз жанға дауа жоқ.

Ал Рязань князі Олегке не болды? Бұ да сондай ма еді?

Жоқ, Олег ондай емес. Мамайға болысуға Ягойломен уәделескен жеріне келмей қалды деп бұған кінә тағу жөн бе? Жөн емес. Ол осы орыс жерінің басын біріктірем деген Ярослав Мудрыйдың ұрпағы емес пе? Ортақ өгізден оңаша бұзауды таңдады десек те, ол орыс князі екенін ұмытты деуге біздің қандай қақымыз бар? Әлде Алтын Ордадан көрген қорлығы аз ба еді? Сонау Батудан бастап Орда хандары күні кешегіге дейін Рязань жерін үнемі шауып, тонап келген жоқ па еді? Соның бәрін қалай ұмытады?

Тәкаппар, намысқор Олег қарсақ тымақты, құлын жарғақты көшпенділердің жуан қоныш хандарының алдында тізе бүгіп, басын иіп тұрғанын қалай ұмытады. Жоқ, Рязань князі бұның бәрін ұмытпаған, кешірмеген. Сол себептен де Мамайға жәрдем беруге келмей қалған.

Жарайды, солай делік.

Онда кешегі қанды ұрыстан қалжырап қайтып келе жатқан, Рязань арқылы өтпекші болған Мәскеу жерінің бояр-жауынгерлерін ол неге тонады? «Соғыстан оралған Мәскеу адамдарының үстіндегі киімдеріне дейін сыпырып алып, тырдай жалаңаш етіп жіберіңдер!» деп қарамағындағы жасақтарына неге бұйрық береді? Тан өзенінен өтуге орыс жеңімпаздары күндіз салған көпірлерін Олег адамдары түнде неге бұзды?..

Бұл орыс жеңісінен қуанған орыс князінің қылығы ма?

Әлде «Жыланды үш кессе де кесірткелік күші бар» деп ойлап Мамай Дмитрий Донскойдан жеңілгенмен, оның Ордасы күйреп, күлі көкке ұшқан жоқ қой, опасыз қылығы үшін әлі де ол ертең Рязань жерін қайта шабады деп қорықты ма? Мамай алдында өзінің кінәсін осылай жұмақ болып істеп жүр ме? Саған жәрдемге келуге үлгере алмадым, бірақ сені жеңген жауынды мен де шаптым демек пе?

Жоқ, жоқ, Олег Мамайдың да, Донскойдың да көркейгенін тілемеген. Екеуінен де қорыққан, екеуін де жек көрген. Оның бар көксегені Рязань князьдігін аман алып қалу, соны қүшейту. Сол себептен ол, ыңғайы келген жерде екеуінің де аяғынан шалуға тырысқан.

Ярослав Мудрыйдың ұрпағы болса да, ол өзіндей князьдермен бақталастырған феодал емес пе, Рязань князі Олег өзінің феодал екенін еш уақытта да ұмытпаса керек-ті.

Феодал деген сөз бәріне түсінік беретін секілді.

Жарайды Олег сүйтсін, ал сонда бүкіл орыс жерін біріктірем деген Дмитрий Донскойдың қылығын қалай түсінеміз?

Олегтің «өзіне қарсы шықпайтын» уәдесін алып, Мамайға қарсы аттанып бара жатқанында ол Рязаньға тимей-ақ қойсын. Ал бірақ соғыстан қайтып келе жатқан жауынгерлерін Олег тонап жатқанда Донской неге үндемейді? Жарайды, кеше Мамайға қарсы аттанғанында Олегтің Мәскеу әскерінің соңынан тимегеніне риза болсын Донской. Сол үшін Олегтің күнәсін кешсін делік. Немесе, Олегті жазалауға соғыстан қалжырап қайтып келе жатып, Донскойдың мүмкіндігі болмады делік.

Бірақ оған қандай мүмкіндік керек еді? Рязань князіменен соғыс ашуға батылы бармады ма? Қала берді Олегті соңынан неге шаппады, жазаламады?

Әлде «бірімізге біріміз тимейік» деп Олегпен уәделесіп, сол сөзінен шыға алмады ма? Жерінен өтіп бара жатқан Мәскеу бояр, жауынгерін тонағанын, Тан өзеніне салған көпірлерін Олег адамдары бұзғанын князьдің уақ қылығы санады ма? Осы Олегті тарих алдында «опасыз» деген атқа қалдырмай, Рязань князінің өздеріне болысқанын Дмитрий Донской ел-жұртына неге айтпады? Неге халқына жарияламады? Дмитрий Донской Мамайдан да, Тверьден де, ешкімнен де қорыққан жоқ еді ғой.

Олегке ол әлде «опасыз» деген атты дұрыс көрді ме? Демек, осы қарғыбауды, өзіне лайық санағандай Рязань князі Куликов қырғынынан кейін үш жыл өткен соң да тағы бір адам түсінбес қылық көрсетті.

Ал Мамай, серіктерімен Воронеж өзенінен өткен бойы, арғы бетке сәл аялдаған. Араға күн салып Куликов қырғынынан қалған орыс бұлықтары да өзеннен өтіп жауларыменен тағы айқасуға бата алмады.

Дмитрий Донской жеңіс берген тағдырмен бұдан әрі ойнағысы келмеді.

Жаралы жауынгерлерін ерлерінің арттарына өңгерген, жас талдан салы істеп, соған жатқызған, не ат үстіне жарайтындарын екі жағынан сүйемелдеген Мамайдың сыңсыған қолы, енді, ауылдары тұрған Қырым мен Үзі өзендерінің төменгі сағасына қарай беттеді.

Жауынан жеңілген қалың әскер қанша сұсты көп болғанымен, жұртқа қарар беті жоқ қаралы еді.

Әсіресе қанды көз Мамайдың кейпі жан шошынарлық: қабағы жауар бұлттай түксиіп, басы төмен салбырап кеткен. Екі иінінен су кетіп, салбырай түскен денесі есік пен төрдей қара айғырдың үстіне байлап қойған, қымызы таусылуға айналған орта сабадай, атының әр қимылынан босаң селкілдейді.

Мамай басын бір көтермейді.

Тек өз жерлерінің тұсына келгенде, «ой, бауырымдатып!» қалың қолдан бөлініп, ауылдарына қарай шаба жөнелген жігіттердің даусы шыққанда ғана, «бұл қай ұрудың жасағы екен?» дегендей, басын бір көтереді де, одан әрі қарауға беті шыдай алмай, тағы көзін төмен түсіріп жібереді.

Бірте-бірте осылай жол бойы әскерін таратқан Мамай, екінші аптаның басында ғана, қыс қыстауға малға жайлы қалың тоғайлы, бітеу біткен қамысты Үзі өзенінің төменгі шеніндегі соңынан Мамай қорғаны аталған өз ордасы тұрған жерге жетті.

Еңселі боз ордасының түндігін жауып алып, ас-су татпай, қара жерді бауырлай, басын бір көтермей ол ұзақ жатты…

Екінші тәулікте ғана Мамай орнынан түрегелді.

Сол сәтте-ақ ол болған оқиғаның мән-жайын, қанша шығын болғанын, қанша адам өлгенін айтып Ескі Қырымдағы бұл кезде Абдолланың орнында отырған Гияссиддин Мұхамедханға кісі жіберді.

Бұнысы оның әрине Қырым ханынан қорыққандығынан, не оған бағыныштылығынан емес еді, ғұрып, бұрынғы салтты сақтаған түрі болатын.

Есеп беруге ханға өзі бармай, кісі жіберуінің өзі Мамайдың хан алдында жауапкер еместігін көрсететін.

Бұл хабарды естігеннен кейін ханның өзі Мамай ордасына келетінін білетін.

Сол күні Мамай бүкіл әмір, ру басшыларын Ордасына шақыруға бұйырды.

Ал өзі тағы да ойға шомды.

Тағы да қара қарғадай, екі қолын арқасына қайтара ұстап, теңселе боз Ордасының ішін кезді.

Жалғанда құлап қалған дәреженің биігі жаман, жанындай жақсы көрген әйелдің күйігі жаман. Алтын Орданың ұлы тағынан дәмесі мол Мамайға, арманына жеткелі тұрғанда орыстардан Куликов даласында жеңілуі у ішкендей жанына қатты батты. Және бұл жеңілуден құр ғана ел-жұрт алдында өзінің қадірінің төмен түсіп кеткені ғана емес, Алтын Орданың да абыройына өзінің зор нұқсан келтіргенін Мамай жақсы түсінген… Ал Алтын Орда ма, Ақ Орда ма, Мамай Ордасы ма, бөтен елдерге, әсіресе орыс қауымына бәрібір ғой. Қандай қасқыр отарыңды шабады, арланы ма, бөлтірігі ме, кім оны саралап жатқан, бұ да сондай. Тек аңшыға осы қасқырды соғып алса болғаны. Мамайдың Куликов даласында жеңілуі — ол орыс еліне Алтын Орданың жеңілуі. Қандай қиын істің болса да басталуы мұң, Куликов даласындағы жеңіс, енді орыс елін бұдан әрі қанағаттандырары сөзсіз. Осыдан бұл елдің Алтын Орда үстемдігіне енді мүлдем қарсы шығуы, бағынбауы ықтимал. Онда Алтын Орда қандай күйге ұшырамақ? Қарамағындағы елден таяқ жеген орда, әрине, әлсіреген Орда, құлауы да алыс емес Орда.

Мамай тағы бір орнында тұра алмады. Тағы боз орданың ішінде теңселе адымдай жөнелді.

Орыс еліне күшінің жетер-жетпесін әбден саралай біліп алмай, бүкіл Алтын Орда абыройын бүйтіп айрандай төккені Мамайға жүрегіне біз сұққандай, жанын ауырта батты.

Ол өкініш, ашудан демі бітіп, бір сәт қозғала алмай тұрып қалды.

Қайтадан адымдай бастады.

Бұл жолы өз қамын ойлады.

Ұлы Шыңғыс хан үшінші баласы Жағатайдың «қандай хан абыройсыз хан?» деген сұрағына, тағынан түсіп қалған хан абыройсыз хан» деп жауап берген. Мамай Донскойдан жеңіліп, ел көзінде қадірі қанша төмен дегенмен де, ол әлі Орда әміршісі ғой. Ал билік қолында тұрған әмірші жауынан жеңілсе де, бөтен сәтсіздікке ұшыраса да бәрібір қарамағындағы жұрттың тағдырын шешушісі ғой… Мамай да өзін осылай сезінген. Сондықтан Куликов даласынан қайтқаннан бері Орда қамын ойлаумен болған. Бірақ билік деген не? Қолыңа ұстаған қыран құсың. Бабын тауып, сала алсаң, ол қанды көз қасқырды да, бұлаңдаған қызыл түлкіні де алады. Ал бабын таба алмасаң, тұғырында жөндеп ұстай алмайсың, құсың қанша темір тырнақты болса да, ештеңе іле алмайды, тіпті өзіңді тастап айдалаға ұшып кетуі де ғажап емес. Билік те осындай. Оны мықтап ұстай білу керек. Мамай ақымақ әмірші емес еді. Ол осы уақытқа дейін жұртты өзіне бағындырып ұстап келсе, онысы жауын жеңе білгендігінен. Ал Куликов даласындағы айқас оның осалдығын, жұрт сенгендей күшті емес екендігін көрсетті. Тағы осындай айқаста жеңілер болса, Мамай Орда билігі түгіл, жапанда жалғыз қалатынын түсінді… Сондықтан да ол қолынан ел билігін қалай жоғалтып алмаймын деп жанталасты. Ал сол билікті жоғалтпаудың жалғыз ғана жолы бар еді. Ол орыс еліменен қайтадан соғысып, оны жеңу. Сөйтіп өз абыройын да бұрынғы қалпына келтіру.

Мамай осы шешімге тоқтады. Орыстармен қайтадан соғыспақ болды.

Сол үшін ханға хабар берді, қарамағындағы әмірлерге, ру басшыларына Ордама жиналсын деп бұйырды.

Әмірлер, ру басшылары, би, батырлар дер кезінде жиналды.

Мамай бекер кісі жібермеген екен, Ескі Қырымнан Гиассиддин Мұхамед ханның өзі де келді. Бұл Жошының бесінші баласы Сыбаннан тараған Бас Темір Сұлтанның кенжесі еді. Қапсағай, ұзын бойлы, Мамайдың алдынан шығар ерлігі жоқ, хан деген атқа мәз кісі.

Тіркестіре тіккен еңселі қос боз орданың ішінде орданың игі жақсылары, ел басқаратын батыр, би, әмірлері тегіс жиналып болған кезде уәзір, нөкерлері арттарында шұбырған Мамай мен Гиассиддин хан үйге кірді.

Қарсақ тымақ, күміс белбеу көшпелі елдердің би, батырлары мен тұрғын жұрттардың, алтын, күміс, зерлі шапанды құндыз, түлкі бөрікті әмір, даруғашылары хан мен әміршіге тік тұрып иіліп сәлем берді.

Хан мен әмірші төрдегі жібек көрпенің үстіне қатарласа отырды.

Жұрт жайғасып болғаннан кейін, Қырымның атақты муфтиі Шарафаддин ишан, өткен айқаста құрбан болған Орда жауынгерлеріне арнап, қоңырқай әдемі даусыменен құран оқып шықты.

Құранды бітіріп муфти:

— Әмин! — деді.

Үйдегілер де:

— Есіл азаматтарға тие берсін!

— Топырақтары торқа болсын!

— Ұжмаққа кіргізсін оларды алла тағала! — десіп, қойдай жамырап беттерін сипасты.

Осы уақытта Ордаға Мамайдың бала жастан серігі, белінде қанжары бар, қара сұр өңді Қастүрік әмір кірді.

— Алдияр Мамай, алып келсін бе? — деді басын иіп.

— Алып келсін! — деді Мамай иегін сәл көтеріп.

Аздан соң төрт жігіт қол-аяғы кісенделген ұзын бойлы, қара бұжыр, бір көзін шел қаптап, аппақ боп ақшия қалған еңгезердей орысты ордаға кіргізді. Бұл Мамайдың орыс жеріндегі тыңшысы соқыр Иван еді. Мәскеу мен Рязань жерінің Алтын Орда мен қатынас жүргізіп келген белгілі сәудегері болатын. Бір жағы Мамайдың арнаулы саққұлағы, Мәскеу, Рязань жерінде не болып жатыр бәрін Ордаға жеткізетін, сенімді тыңшысы. Мамай бұның айтып келген хабарларын, соңынан сан рет тексерттіретін. Бәрі де үнемі шын болып шығатын. Сондықтан да «Мәскеу князінің бар әскері осы» деген сөзіне сеніп, Мамай Серпуховский мен Боборук Волынскийдің орманда тығулы тұрған он мың атты әскерінің барын білмей қалған. Мамайдан кезінде соқыр Иванды қанша іздетсе де таба алмаған. Сөйтсе де, кекшіл Мамай, өзі шегініп бара жатып, орыс жеріне жігіттерін тастап кеткен. Оларға: «Қайтсендерде маған соқыр Иванның өзін не басын әкеп беріңдер» деген. Епті ертөлелер айлаларын асырып, үйінде тығылып жатқан жерінен түнде кеп бас салып, сәудегерді шынжырлап Ордаға алып келген. Қазір төрт жендет қоршаған, кісендеулі қара бұжыр кісі осы соқыр Иван.

Мамайдың қырағы сау көзі, суық зәр атып тұтқынға қадала қалды. Ал қанталап кеткен екінші қыли көзі соқыр Иванды алып келген жендеттерге түсіп, олардың ала бөтен зәресін алды. Орда да ұлыс иесі ханның отырғанына қарамай, кісендеулі есірейді Мамай өзі тергей бастады:

— Иә, соқыр Иман, Орданың құрығының ұзын екенін білмейтін бе едің, бізді алдап, қайда құтылып кетемін дедің? — деді. Мамай тамағына тығыла қалған ашуды әзер басып.— Кәне сөйле!

Жендеттердің ұрғанына көнектей боп ісіп кеткен еріндерін тұтқын сәл қыбырлатып, даусы шығар-шақпас боп жауап берді.

— Не жайында? — деді ол Мамайға тұнжырай көз тастап.

— Не жайында екенін білмейсің бе?! — Мамай ашудан демін әзер ала, тұтыға сөйледі.— Бізге неге опасыздық істедің? Мәскеу князінің атты әскерін жасырып қойғанын неге айтпадың?

— Айтқым келмеді!

— Солай де! — Мамай қасқыр көрген арландай дүрдие қалды.— Мүмкін Рязань князі Олег те сен тәрізді бізге қастық ойлап, ұрыс болар жерге келмей қалған шығар?

Олег пен Мамайдың арасындағы құпия сөзге соқыр Иванның да қатынасы бар еді. Сол себептен де Орда әміршісі бұл сұрақты тұтқынға әдейі беріп отыр.

— Жоқ,— деді соқыр Иван,— князь Олег, сендерге емес, өзінің туған еліне опасыздық істеді. Оны да алдаған менмін! Мәскеу князінің әскерінің бір бөлегі кейінде, қалай жасақтарыңмен Мамайға қосылуға жол шексең, солай сенің мұндағы жұртыңды, қосындарыңды шаппақ олар,— дедім… Соған сеніп, Олег, саған қосылмай, қалаларын күзетіп қалды… Өз үйін өрт алғалы тұрғанда досының жанып жатқан алтын сарайын қайтсін! Бірақ ол туған ел-жұртына опасыздығын соңынан істеді. Мәскеу князі әскерлерін кейін шегіндіру үшін Тан өзеніне көпір салдырса, Олег жасақтары түнде оларды бұздырды.

— Неге?

Мәскеу князінің арғы бетте жартылай қалған әскерін сен қайта оралып кеп шапсын деген болар… Ал сен таяқ жеген иттей, құйрығыңды артыңа тығып алып…

— Тарт тіліңді! — деді тұтқынның бас жағында тұрған бас жендет, қолындағы қамшысымен оның басынан осып жіберді.

Күп-күрең боп кеткен Мамай оған ештеңе демеді. «Бәсе неге қайта оралмадым? Артыма неге бұрылып қарамадым. Басына таяқ тиген асаудай қаша жөнелдім!.. Қап! Қап!»

Ал басына қамшы тиген тұтқын тілін тартқан жоқ. Ол Мамайға өшіге қараған қалпында.

— Князь Олегтің ойын түсінбеген өз топастығыңнан көр! — деді,— князь Олег саған емес, сен оған опасыздық істедің! Ол Мәскеу князіне қолынан келер қастығын аяған жоқ. Рязань жерімен майданнан қайтып бара жатқан Мәскеу жауынгерлерін өз адамдарына тонаттырды, қолына түскен князь боярларының ат-көлігі, олжалары түгіл, үстеріндегі киімдерін шешіп алып, өздерін жалаңаш жіберді.

Мамай тұнжырай түсті. Мәскеу князі жинаған жасақтардың тарап кеткенінен хабардар Мамай, осы мәжіліс ашардың алдында, жеңіл әскермен өзіне опасыздық істеген Рязань князінің жерін дереу шаппақ болған. Енді Мамай ол ойынан қайтты. Бірақ, жылан шаққан адам, ала жіпті аттаудан қорқады, соқыр Иванның алдауынан әбден запы болған әмірші, «Рязань жерін шаппасын деп осы мені тағы алдап тұрған жоқ па екен?» деп күдіктене қалды. Дегенмен анығына жетпей тағы Рязань жеріне тиісуді жөн көрмеді. Егер тұтқынның айтып тұрғаны рас болса, онда өзіне дос князьді қас етудің қандай қажеті бар деп ойлады Мамай.

Ал тұтқын сөзін жалғай түсті.

— Бірақ князь Олег босқа жанталасты. Оның күні санаулы. Өзіне істеген қастығын Мәскеу князі Дмитрий Иванович ұмыта алмас. Бүгін болмаса ертең князь Олегтің түбіне жетеді…

Мамай тағы түсінбеді. «Рязань князін құртатын ойы болса, Мәскеу князі неге әскерін таратып жіберді? Анау-мынау жеңіл қолменен Рязань князін жеңе алмайды… бұны қалай ұғуға болады?».

— Жарайды? — деді Мамай.— Князьдерімен өзім есептесе жатармын. Ал сен неге опасыздық істедің? Әлде төлеген алтыным аз болды ма?

— Аз төлеген жоқсың. Бірақ сен екі нәрсені білмедің.

— Нені?

— Біріншісі — дүниені, алтын тақты, тіпті бақыт-бақты да алтынға сатып алуға болады. Бірақ адамның жүрегін, жақынына, өсіп-өнген жеріне махаббатын сатып алуға болмайды.

— Сонда мен саған әбден сенді деп ойлайсың ба?

— Жоқ, әрине. Мен түгіл өзіңнің үзеңгілес серіктерің Бегіш, Қарабақауыл, Қастүрік, тіпті өзің хан көтерткен мынау қасында отырған Гияссиддин Мұхамед ханға да сенбейсің… Алтынға сатып алдым деп орыстың бір саудагеріне шын сенсең, сен Мамай боласың ба?.. Екінші қатең, міне, осы сенбестігіңнен туды. Есіңде бар ма, осы болатын қырғыннан бұрын маған Ордаңның маңына жиналып жатқан әскеріңнің қанша екенін, соғысқа қалай дайындалып жатқандарын, неге көрсеттің. Маған сенгендігіңнен бе? Жоқ, көңілінде арамдығы болса қорықсын, өздерін шапқалы тұрған қандай керемет күштің келе жатқанын орыс князьдеріне айта барсын деп әдейі көрсеткен жоқсың ба? Орыстардың күні бұрын зәре-құтын алғың келген жоқ па едің? Әрине, сөйттің! Әрине, сенің қисық қылышты құмырсқадай қаптаған атты әскеріңді алдымнан өткізгенде менің шошынғаным да, қорыққаным да рас! Әсіресе жауды қалай шабу керек екенін елестеткен әскеріңнің ойынын өз көзіммен көргенімде орыс бұлықтары мұндай қаһарлы күшке шыдай алмас деп күмәндандым да! Бірақ Мәскеу князі Дмитрий Иванович қорыққан да, күмәнданған да жоқ. Мен оған көргенімнің бәрін айтып бардым. Ал содан ол өзіне керекті қорытынды істеді. Сен соғысты жүргізуде бұрынғы әдетіңе қандай өзгеріс кіргізсең, о да өз әскерінің соғысу тәртібін соған қарай өзгертті. Ол аз болғандай, басқа да шаралар істеді.

— Қандай?

— Мен сенің ескеріңнің санын мөлшерлеп айтқам, князь Дмитрий Иванович соған қарай бұлықтарын көбейтуге тырысты. Әрине, ол дәл сенің қосындарыңа башна-баш келетін әскер жинай алған жоқ, бірақ білтелі мылтықтары бар жауынгерлерінің бірталай болғанын есепке алсаң, сан жағынан әскерін пара-пар ете алмағанмен, күш-қуат, қару-жарақ жағынан саған төтеп бере алатын шеп құра алды.— Соқыр Иван кенет тоқтай қалды. Ол үй іші толған адамдарды бір шолып өтті.— Осының бәрін мен саған неге айтып тұрмын, Мамай әмірші! — деді ол тағы Мамайға тесіле қарап. Шынын айтып жанын арашалап алғысы келіп тұрған шығар деп ойларсың… Жоқ, олай ойлама! Мен сенің қандай кекшіл, қатыгез екеніңді білемін. Сен бәрібір мені тірі қалдырмайсың. Өзіңнің істеген қатеңнің өшін бәрібір менен аласың. Ал мен айтсам…

— Иә, сен айтсаң? — Мамай сәл алға қарай еңкейе түсті.

— Менің Мәскеу князімен байланысты екенімді екі-ақ адам білетін еді, екеуі де кешегі қырғында сенің бұзықтарыңның қолынан өлді…. Жауыма айтқан сырымды, ертең достарым да естиді… Туған ел-жұртым мені қарабет санамасын деп әдейі айтып тұрмын.

Мамай соқыр Иванның сөзіне таң қалды.

— Сонда сенің қандай адам екеніңді Қалталы Иманның баласы жұртқа айтпайды деп ойлайсың ба? — деді ол бірдемені аңғарғысы келгендей.

— Неге айтады? Айтпауға тиісті.— Кенет соқыр Иван түксие қалды.— Өзің білесің, менен артық сенің қандай сенімді адамың бар еді? Ешкімің де болмайтын. Ал сөйткен адамың, өзіңе қастық ойлап келгенін білсең, сен Орда маңайындағы орыстардың, тіпті өз шаруасымен жүрген жай саудагерлердің біреуіне де сенуді қоясың… Мүмкін бәрін де қырып тастарсың. Ал оның Донскойге қандай керегі бар? Ел басқаратын адам әрқашанда сыр сақтай білуге тиіс. Ал князь Дмитрий Ивановичтің сенен артық бір қасиеті бар, ол әрқашанда халықтың тағдырын шешеді деген сырын сақтай біледі… Тіпті, кейде қасындағы серіктеріне де айтпайды. Ол сен істеген қатені істемейді.

— Қандай қатені айтасың?

— Жаңа айттым ғой, сен маған мақтанайын дедің бе, әлде қорқытайын дедің бе, өзіңнің әскеріңді көрсеттің… Ал князь Дмитрий Иванович сенің әскеріңнің соңынан келіп тиісетін, сонау орманға тығып қойған он мың жауынгерін ешкімге де, қасындағы ең сенімді князь-боярларға да айтпапты. Тек сол әскерлерді басқаратын князь Серпуховский мен воевода Боборук қана білген. Сол себептен де орыс жауынгерлері арттарында сенетін күштері болмағандықтан сендермен жан аямай соғысқан. Солай соғысуға жауынгерлерін шақырып князь Дмитрий Иванович өзі де майдан ортасында болды.

— Сонда тоғай ішінде Мәскеу князінің он мың әскері тығулы тұрғанын сен де білмедің?

— Білгем жоқ. Князь Дмитрий Иванович айтқан жоқ.

— Егер ол айта қалса ше?

— Бәрібір мен сендерге ашпас едім ол сырды. Бірақ князь Дмитрий Иванович олай ойлаған жоқ. Менің сендерге қызмет істейтінімді біледі. Сондықтан айтпады.

— Сонда Мәскеу князі саған сенбегені бе?

— Сенбеді. Және дұрыс сенбеді. Егер сен менен бірдемеден күмәнданып, тақымыма қыл бұрау салып қинар болсаң, аузымнан шығып кетер деп ойлаған болар.

Мамай бұрынғысынан бетер түнере қалды. «Қаншама қате жібергені, соқыр Иманнан өзінің де сәл күдіктенгені рас еді ғой. Бұны әскерімді көрсетіп қорқытқанша, күмәнім бар, неге тақымына қыл бұрау салып, неге бар сырын айтқызбадым. Бұның Мәскеу князьдерімен шын байланысты екенін білгенімде, көп нәрсе дәл бүгінгідей болмайтын еді ғой! Әттең! Әттең». Мамай енді өз бармағын өзі шайнап, жаман қынжылды. Кенет оған тағы бір сұмырай ой келді. «Дәл осы соқыр Имандай Рязань князі Олег те мені құр алдап жүрмесе нетсін!.. Майданға келмей қалғанына қарағанда солай тәрізді ғой… Рас, мынау соқыр иман оны опасыз санап, ұрысқа неге шықпай қалғанын дәлелдеп тұр… Бірақ олай болған күнде күні бүгінге дейін Мәскеу князі оны неге шаппайды? Әлде Одақтасы болған соң тимей жүр ме? Онда Олег князьді неге жұртқа опасыз қарабет етіп қояды? Қайткен күнде Олег те ұлы князь емес пе? Әлде? Әлде?..» Кенет Мамайдың есіне жаңа ғана Дмитрий Ивановичтің бұның адал адам, өзінің тыңшысы екенін жұртқа жария етпейтін себебі есіне түсті. «Иә, иә,— деді тағы Мамай ішінен,— айқас әлі біткен жоқ, сондықтан Олегтің өз адамы екенін жұртқа білдіргісі келмей ме, әлде? Алтын Орда сенер Олег секілді князьдің өзіне әлі керек болары сөзсіз ғой. Иә, иә, солай тәрізді. Бірақ князь Олегті мен де білмеймін бе?.. Ол Мәскеу князінің бақ күндесі… Өзгеге бағынудан гөрі, өзгелердің өзіне бағынғанын тілейтін мансапқор жан. Ондай адамның Мәскеу князьдігінің өсуін тілеп Алтын Орданы сатуы мүмкін бе? Әй, білмеймін. Алтын Орда бұған да керек тәрізді…»

Бірақ Мамайдың ойын соқыр Иван бөліп жіберді.

— Көп жыл сырлас болдық қой, Мамай билеуші,— деді ол,— саған шыным емес, тіпті кейде өтірігімнің де жәрдемі тиген кездері болған. Сол ескі достығымыз» үшін сенен бір өтінішім бар.

— Айт! — деді, ауыр ойдан арыла алмай тұрған Мамай.

— Мені қинамай жендеттердің біреуі жүрегіме қанжарын сұғып бірден өлтірсін.

— Сөйтіңдер,— деді Мамай жендеттеріне жай бірдемені айтқандай баяу үнменен.

Осы кеңесте қайтадан орыс елімен соғысу мәселесі шешілді. Мамай әр әмір, ру басшылары, би, батырларға, тұрған қалалардың дәруға-әмірлеріне қарамағындағы жұрттан қаншама жауынгер, ат, қару-жарақ алынатынын өз аузыменен айтып берді. Осы бұйрығын орындауды бақылайтын Орданың ең басты адамдары Бегіш, Қарабақауыл, Қастүрік тәрізді кісілерді айта келіп, кенет тоқтап қалды.

— Кен-Жанбай батыр қайда? — деді ол әлденеден сескенгендей қобалжи.

Қара битікші6 Сақып Тұра орнынан түрегелді.

— Әлдияр билеуші Мамай би,— деді ол басын иіп,— осы мәжіліске Кен-Жанбай мен Арғынның Қарақожа батырын шақыруға жіберілген шабарман жаңа ғана келді. Екі батыр қарамағындағы елдерін алып, осыдан бір апта бұрын Тоқтамыс ханның жеріне өтіп кетіпті.

Мамайдың жүрегі дір ете қалды. Бірақ сыр бермеуге тырысты. Тағы сан түрлі күмәнді ойлар, абалай жармасқан қабаған иттердей, ой, ақыл сезімдеріне жармаса кетті. Ең алдыменен Мамайдың ойына келгені, Кен-Жанбай, Алтын Қарақожа секілді қанды көйлек серіктерінің бұны бастап, Алтын Орда ханының қарамағына қарай ауысуы. Мұның өзі Ордасының әлсірегенін, жұрттың бұған сенімсіздене бастағанының белгісі екенін аңғарды. Сонымен бірге өзінің тағы да бір қиын затты аңғармай қалғанын түсінді.

Расында да Мамай Мәскеу князьдігімен соғысуға дайындалудың қамында жүріп Алтын Ордаға жақында хан болған Тоқтамысты тіпті есінен шығарып алған. Кен-Жанбай мен Қарақожа тәрізді әйгілі батырлары қарамағындағы жұрты мен осы Тоқтамыс билеп тұрған Алтын Орда жеріне қарай көшті дегенді естігенде, ең алдыменен өз арасына шығыс, теріскей-шығыс жағынан қандай қауіптің туғалы тұрғанын бірден ұқты. Өйткені Ақ Ордамен бірігіп кеткен Алтын Орданың, егер басқара білер, ұйымдастыра алар билеушісі болса, орасан үлкен күшке айналатынын ол жақсы білетін.

Сөйтсе де, өз қаупі жұртқа ірткі салмасын деген Мамай бойын дереу жинап алды.

— Жарайды, Кен-Жанбай мен Қарақожа батыр опасыздық істеді деп қара жамылып күңіренбелік,— деді ол.— Алдаспанымызды қамсыз қайрап, әнеугі аңғалдықтар Күлік даласындағы біз ұшыраған сәтсіздікке мәз болып елеуреп жатқан Мәскеу князьдігін шабуға мықтап дайындалалық.

Әрине, дәл осы сәтте Мамай, бұл барып Мәскеу князьдігін емес, бұны келіп Алтын Орда қосындары шабатынын білген жоқ.

Жалпы, Мамайдың батырлығына, айлакерлігіне қарамай, алдын қырағы болжай алмайтын үлкен кемшілігі еді. Сол алдын болжай алмағандығынан өзімен теңдесіп қалған, тыныш жатқан орыс еліне барып тиісті. Сол алдын болжай алмағандығынан Тоқтамыс билей бастаған Алтын Орданың өзіне қазіргі мезгілде ең үлкен қауіп екенін білмей қалды.

ЕКІНШІ ТАРАУ

Хан сарайынан Едіге асыға шығып кетті. Дәл осы сәтте Тоқтамыс өзінің үзеңгілес серігі тәкаппар Едігенің ашулы кеткенін бірден ұқты. Шығып бара жатқан батырының бетін көрмесе де тіп-тік ұстаған басы мен күдірейе қалған желкесінен оның шамданып қалғанын түсінді. Онысын сонау ашу қысқан, ренжіген кезінде кәусеріле түсетін жауырыны, әдеттегісінен сәл сіресе түсетін иықтары да аңғартты. Және Едіге сарай тәртібі бойынша ханға әдеттегісіндей иіліп сәлем беріп тұрмады, басын болар-болмас иді де, кілт бұрылып шыға жөнелді.

Жоқ, Тоқтамыс бұған қапаланған жоқ, бүгінгі істі істегенде өзі де осылай болатынын білген. Бұл шешімге де әдейі барған. Бару керек деп түсінген.

Тоқтамыс Ақ Орда тағына отырысымен-ақ, Орыс хан тәрізді бүкіл Жошы ұлысын өзіне бағындыруды арман еткен. Сол үшін қалың әскермен Еділ — Жайыққа аттанған. Алтын Орда төңірегіндегі талас-тартыстан әбден шаршаған Орда әмірлері, ру басшылары — би, батырлары, әйгілі Ақсақ Темірдің өзі қолдаған, әскерін берген Тоқтамыс жағына шығып кеткен. Осылай жолы болған Ақ Орда ханы Еділ — Жайық бойына келіп Сарай-Беркедегі Алтын Орда тағына отырған. Әрине, бүкіл Жошы ұлысын билеймін деген адам ең алдыменен Алтын Орда тағына отыруы керек. Тоқтамыс бұл арманына жеткендей еді. Бірақ Алтын Орда тағына жету, ол әлі бүкіл Жошы ұлысын билеу емес екен. Алтын Орданың көп жері — Бүкіл Қырым, теріскей Кавказ, Үзді мен Тан өзендерінің Жайыққа дейін төменгі тұсы Мамайдың қолында… Және бұл тұста бүкіл Жошы ұлысының Еділ — Жайыққа дейін жетіп Қыпшақ қауымы жайлап, ал батыс жағы он сан Орманбет, Ноғайлы тайпасы атала бастаған. Хаджы-Тархан, Азақ, Каффа, Судак тәрізді қалалары бар бұл өлке, теңіз арқылы сыртқы жұртпен сауда-саттығы мол болғандықтан, Қыпшақ даласының өзге тұсынан анағұрлым бай болатын. Жошы ұлысының билігін бүтіндей қолына алу үшін, Тоқтамысқа енді Мамайды құртып, оның Ордасын өзіне тегіс қарату керек еді.

Мамай оңай жау емес, Тоқтамыс Сарай-Беркені алысыменен, осы айқасқа дайындала бастаған.

Болашақ күресін ойлаған Алтын Орда ханының, Қырым мен Сақыстан билеушісінен саясат ісінде бір артықшылығы болды. Есіл-дерті орыс князьдерін өзіне бағындыруды арман етіп жүрген Мамай Алтын Ордаға көңіл бөлмесе, ал Тоқтамыс Қырым Ордасында не болып жатыр, күні-түні бақылап отырған. Мамай Ордасынан көзін алмаған Қыли көз, қанды ауыз Мамайдың Мәскеу князінен Куликов даласындағы жеңілгені алғашқы кезде бұны қуантпаса, ренжіткен жоқ. Әлі әбден бабына жетпеген орыс князьдері дәл қазір Алтын Ордаға аттана алмайтынын білетін. Ал Мамай болса, егер орыстарды жеңіп, күшейіп ала алса, сөз жоқ, бірден аузын Алтын Ордаға салады. Сол себептен бір ретте оның Донскойдан жеңілгеніне қуанып қалғандай еді, бірақ бұл қуанышынан Тоқтамыс тез қайтқан. Өйткені Мамайдың Мәскеу князінен жеңілуі, жалпы Жошы ұлысының жеңілуі, жалпы Жошы ұлысының жеңілуі екеніне ол шек келтірмеген. Тоқтамыс орыс елінің бұл жеңісі былай күшеюі өз Ордасына да қауіпті екенін жақсы түсінген. Сол себептен ол тезірек Мамайды құртып, Жошы ұлысын Өзбек, Жәнібек кездеріндегідей, күшейтіп алуға асықты. Алтын Орданы осылай, бұрынғысындай кемеліне жеткізген күнде ғана орыс елінен қорқу түгіл оны бір кездегідей қайтадан бағындырып аламыз деп ойлады. Сол себептен де ол Мамай Ордасына бұрынғыдан да тесіле қарай бастады… Міне осы кезде Тоқтамыс Кен-Жанбай мен Қарақожа батырлар Мамайдан бөлініп, өз тайпаларымен Алтын Орда жеріне көшіп келтенін естіді.

Тоқтамыс қос батырды дереу өз сарайына шақыртты.

Кен-Жанбай мен Қарақожа екі күн өткеннен кейін хан сарайына келді. Мұнда Тоқтамыстың өзге нөкер уәзірлерінен бөтен Едіге де бар еді. Кен-Жанбай Кенегес руынан болатын. Бұл ру бір кезде Құмкент төңірегін мекендейтін. Бертін келе Хазбин бидің тұсында Қырымға ауысып, он бес жылдай Мамай қарамағында жүрген. Кен-Жанбайдың балалық шағы Құмкентте Едігемен бірге өткен. Бұның әкесі де ел басқарған белгілі кісі болған.

Едіге де қос батырмен құшақтасып амандасты. Ағайын-туыс, ел жайын әрі-бері сөйлескеннен кейін ханның нөкер-уәзірлері шығып кетті. Сарайда енді тек төртеуі ғана қалды.

Сонда ғана Тоқтамыс Куликов оқиғасын сұрады. Майданның қалай болғанын, немен тынғанын Кен-Жанбай тәптіштеп айтып берді. Сөзінің аяғында ол:

— Мамайдың қатесі көп болды,— деді.— Сосын жеңілдік.

— Қандай қателерді айтасың? — деді Тоқтамыс, сәл қозғалып.

— Орыс елімен соғыспау керек еді,— деді Кен-Жанбай.

Тоқтамысқа бұл сөз ұнамаған тәрізді.

— Here? — деді ол қабағын сәл түйіп.

— Олардың күкіртті, білтелі мылтықтары бар. Және көбі темір сауытты, дулығалы. Найзалары да біздікінен ұзын…

Кен-Жанбай «орыс елі қазір бізден күшті» деген сөзді айта алмай тұрғандай.

— Жарайды,— деді Тоқтамыс,— орыс елінің мылтығы болса, Мамайдың сол мылтықтың оғындай жүйрік, жан шыдатпас атты әскері бар емес пе еді?

— Ең үлкен қате осы атты әскерден шықты емес пе. Мамай Қалталы Иманның баласының тоғай арасында тығып қойған он мың атты әскері барын білмей қалды ғой.

— Міне бұл Мамайдың ең үлкен қатесі,— деді бағанадан бері үндемей отырған Едіге,— жау саны сенің әскеріңнен кем болса да, әрқашанда оны бір жарым есе көп санауың керек. Жауынгерлеріне де солай деп түсіндіруі қажет еді. Сонда сенің сыпайларың өзінен көп жауды жеңу үшін ерлігіне ерлік қосады. Жаны үшін күреседі. Көп жауына, өзі аз болса да, ерлігін қарсы қояды. Өйтпесе өзінен бір жарым есе астам дұшпанынан жеңілетінін біледі. Ақылды қолбасшы әрқашанда осылай істеу керек. Майданға ол қолында бар әскерінің екі бөлегін салып, бір бөлегін кейін ұстауға міндетті. Мамай осылай еткенде, соғысқа соңынан кірген он мың атты әскері дым да істей алмайтын еді.

Тоқтамыс Едігеге ойлана қарады. «Дұрыс айтады. Әскерді соғысқа осылай тәрбиелеу бұл да бір ойланатын дүние екен. Дегенмен осы Едігені жауынгерлері босқа қадырлемейді-ау… Ойы тым терең… Мұндай адамның сенің сол қанатыңның қатардағы бір әмірі болып жүре беруі неғайбыл. Ал әскер басы — әмір әл мұра істеу о да қауіпті.

Демек бұны тезірек сынаған жөн болар. Қашанғы сезіктене беремін?».

Кен-Жанбай Едігенің соңғы айтқанына көнгісі келмегендей сынай көрсетті.

— Ал Мамай басқаша ойлады,— деді ол Едігеге қарап.— Алдында тұрған орыстың бар әскері дегеннен кейін ол Орданың бар күшін бірден төгіп, жау әскерін біржолата құртып жібермек болды…

— Иә, орыстың бар әскері алдында тұрса, өйткені де дұрыс еді ғой,— деді Тоқтамыс,— бірақ олай болмай шықты емес пе?

— Жалғыз бұл емес, Мамай шу дегеннен қателесті,— деді Кен-Жанбай.

— Тағы қандай қатесін айтасын? — Тоқтамыс «Көне, айт! Айт! Бізден ештеңеңді жасырма» дегендей Кен-Жанбайға тесіле қарады.

— Қате шу дегеннен болды. Мәскеу князімен соғысамын деп Мамай Либке князі Жағайла мен Рязань князі Үлпекпен одақтасты. Екеуі де ұрысқа келмей қалды.

— Қарға қарғаның, көзін шұқитын ба еді? — деді Едіге.— Одан да, Кен-Жанбай, сен бізге Мамай орыс шебін қалай шапты, соны айтшы. Ұзын найзалы, темір киген, қаз-қатар сіресіп тұрған жау шебін, тікелей ат қойып ала алмайтынын Мамай білмеді ме? Қандай жаңа тәсілге сенді?

— Бар пәле Мамайдың сол жаңа тәсілінен ғой. Жоқ, тіпті жаңа тәсілдің өзінен емес, оны күні бұрын Соқыр Иманға көрсетуінен болды.

Мамайға соғысқа кірместен бұрын көктемнен бастап әскерін үйреткен. Бірнеше әскери ойын өткізген. Екі жақтың жекпе-жек айқасы өтісіменен, дауылпаздар қағылып, Мамайдың жалауы көкке сырық бойы көтерілген шақта, біздің қосындар иін тіресіп тұрған жау шебінің үш жерінен — ортасынан, екі қанатынан тиюге тиісті еді. Тигенде бұрынғыдай, лек-лек боп емес, ұшып бара жатқан қаздар тәрізді, үш бұрыштанып жау шебіне кіруі керек-ті. Осы үш бұрыштың сүйір ұшында, Каффа ұсталары істеген найза өтпес көк сауытты, аттарының кеудесіне де темір қалқан жабылған, бес жүз салт атты әскер болатын. Осы сүйір ұшты алдыңғы жасақ соңындағы екі қанатына қарай кеңи беріп, әлгі үш қолдың ең артқысы қатарласып кетсін делінген. Және алғашқы шапқан бес жүз адамнан құрылған сүйір ұшқа айналған жасақтармен, оның кеңіте түсетін соңғы қатарлардың жауынгерлері жауға қарай аттарын пәрменінше шаптырып, темір ұшты найзадай жау шебіне тұтаса кірген қалың әскер жау бұлықтарын аттарымен таптап, қылыштарымен шапқылап быт-шытын шығаруы керек болатын. Мұндағы ен үлкен мақсат қаз-қатар иін тірескен орыс саптарының тәртібін бұзып, опалаң-топалаң ету еді. Сосын әр жүздік, мыңдық қатарлары бөлшектенген, бірі мен бірі сайланысын бұзып алған орыс бұлықтарын қоршай түсіп, ал үстінен шоқпардың, қылыштың астына алуларымыз керек еді.

— Ал орыстар өйтулеріне мүмкіндік бермеді ме? — деді Тоқтамыс.

— Жоқ, мүмкіндік берді. Мүмкіндік бергенде қандай. Біздің найзаның ұшындай сүп сүйір боп шапқан сауытты жасақтарымыз үстеріне келіп қалған кезде, олар қарсылық етпей, бір сот үш жерден қақ айырылды. Бар пәрмендерімен жауды аттарының кеуделерімен ұрып, аяқтарының астында таптап арна саламыз деген жігіттер, сол шапқан қарқындарымен орыс жауынгерлері тасалап тұрған, ор, жыраларға кеп, бірінің. үстіне бірі құлады… Ал орыс сыпайлары біздің әскерлерімізді сабын бұзбай, қоршалана тұрып қарсы алды. Олардың тәртібі емес, біздің ұрыс тәртібіміз бұзылды. Сол, алғашқы қарқында-ақ біз үлкен апатқа ұшырадық. Амал жоқ, атты әскеріміздің жаудан сытылып шығып, қайта түсетін не қашқан болып, соңымыздан шұбырта қудырып, кейін бұрылып қайта тиісетін айлаларымызды пайдалана алмадық. Орыс әскерімен араласып кеткен біздің жауынгерлерімізге енді жауымен қоян-қолтық алысуға тура келді. Орданың көп жауынгерлері аттарынан түсіп, жаяу алысты. Мұндай қоян-қолтық ұрысқа үйренбеген бізге бұл қырғын оңайға түспеді, сонда да көптің аты көп қой, баһадүр, мың бастарының арқасында, қайтадан тәртіпке келген біздің сыпайлар ұрыстың орта кезінде жеңе бастап еді, Мәскеу князі бізден қулығын асырды. Біріншіден, күні бұрын ұрысу тәртібімізден хабардар болып қалғандықтан, соның ыңғайына қарай шептерін қайта құрып алып, бізге еркін соғысуға мүмкіндік бермеді. Ал екіншіден, біздің бар әскерімізді бірден ұрысқа кіргіздіріп, өзі соғыстың дер кезінде орманға тығып қойған атты әскерін пайдалана алды…

— Расымен Мамай орыстардың көмекші күші жоқ деп ойлады ма? — деді Едіге.

— Қалай шатысқанын өзі де білмей қалған тәрізді.

— Ал сонда атақты Кен-Жанбай батыр қайда еді?

Кен-Жанбай көзсіз ер, асқан мерген, осы тұстағы Дәшті-Қыпшақ батырларының ең даңқтысы еді.

— Біз Мамайға сендік.

Тоқтамыс кенет тұнжырай қалды.

— Сол сеніміңді ақтамағаны үшін оны тастап кеттіңдер ме? — деді ол.

Бағанадан бері үндемей отырған Қарақожа батыр:

— Алдияр хан, соңымызға ерген тайпамызбен өз ел-жұртымызға келіп қосылғандығымызды опасыздыққа санайсыз ба? — деп сол қозғалып қойды.

— Иә, біз бұдан әрі Ноғайлы қауымында қалуды жөн көрмедік,— деді Кен-Жанбай.— Соңымыздан ерген халықтың болашағынан қорықтық. Бүгін жеңілген Мамай, ертең тағы жеңілмесіне кім біледі. Ал соғыспа деп айтуға бата алмадық. Өз дегеніне қарсы шықсаң Мамайдың кектене қалатыны әйгілі жәйт.

— Сонда Мамай орыспен қайтадан соғыспақ па? — деді Тоқтамыс.— Оған күшті қайдан алмақ?

Тоқтамыс Кен-Жанбайға бағанадан бері айта алмай отырған сұрағын берді. Оған Мамайдың өткен соғысының тарихынан гөрі, алдағы ойы, әскери күші, қарамағындағы жұрттың күй-жағдайы, Мамайға деген көзқарастары қымбат еді. Өйткені Алтын Орданың қыруар жерін иемденіп, Қырым мен Сақыстан тұрғын елінің мол байлығын пайдаланып отырған Мамаймен өзі соғыспақ еді. Оның қарамағындағы Қырым, Сақыстанды қайтадан Алтын Ордаға бағындыруды жақын уақыттағы мақсаты көрген. Бұ да түбі орыс еліменен шайқасатынына шек келтірмеген. Бірақ мәдениеті, өнеркәсіп мүмкіншілігі өзінен жоғары тұрған орыс елін Мамай тәрізді, тек Қырым мен Сақыстанның қару-жарақты күшіменен ғана жеңіп алам демей, онымен бүкіл Жошы ұлысының, Өзбек пен Жәнібек кезіндегідей, әбден біріктіріп және күшейтіп алған соң айқаспақ еді. Сондықтан Жошы ұлысын бүтіндей басқару — енді Тоқтамыстың көкейкесті арманына айналған. Егер осы арманына жете алса, оған бұрынғысынан да шарықтай бастаған Ақсақ Темір де бәлендей қауіпті көрінбеген. Демек, кешегі өзін осы таққа отырғыздырған Ақсақ Темірмен де бұның бір айқасуы күмәнсіз еді. Өйткені басқа әміршіге бағынатындай Тоқтамыс қарапайым жан емес, және Жағатай ұлысының қолтығына кірер Алтын Орда да ондай ұсақ хандық емес. Бұл әлі де жан-жағынан ит талаған көкжал арлан қасқыр. Егер жараларынан жазыла алса, өлі талай Мауараннахр, Ақсақ Темірлерді қан-қақсата алады. Ал сол Алтын Орданы бұрынғы айбарлы халіне келтіру үшін бүгінгі таңда Тоқтамысқа ең керегі Мамай Ордасын өзіне бағындыру еді. Бұл тұста Кен-Жанбайдың Мамай Ордасы жайында бүгінгі айтып тұрғаны Тоқтамысқа көп нәрсені аңғартты. Алтын Орда ханы Мамайдың мықты жағын да, осал жерін де біліп алды. Мамай Ордасындағы Кен-Жанбай мен Қарақожа батырлар басқарған Арғындар мен Кенегес руларының елеулі бөлегінің Қырым әміршісін тастап Алтын Орда жеріне көшіп келгені Едігеге тіпті ұнаған жоқ. Жоқ, бұл жағдай Едігеге өзінің Мамаймен бір руға қазір Ноғайлы аталған Маңғыт руына жататындығынан, немесе Мамайға жаны ашығандығынан ұнамай қалған жоқ. Мамайды құрту керек екенін Едіге де мақұлдаған. Бірақ жасынан би атанған қырағы Едіге бұл кешудің Алтын Орда қарамағындағы екі елдің, яғни, Ноғайлы, Қыпшақ деген екі тайпаның іргесін бөле бастағаны екенін түсінген. Әрине, осы бүгінгі бөліну, бұдан жүз елу жыл өткеннен кейін өзінің ұрпағының төртінші буыны — атақты Мұса, Жаңбыршы билерден тараған немере шөберелері Шейх-Мамай, Алшағыр, Орақ, Телағыс, Сейтектер Ақ Орданың орнын басып қалған Қыпшақ тайпасына қарсы шығып, осы хандықтың Сарайшықта әйгілі ханы Қасымды өлтіріп, оның баласы Тагир тұсында, Ноғайлы жұрты Қыпшақ елімен соғысарын білген жоқ. Жоқ,. Едіге бүгінгі Алтын Орданың бірі батыс, екіншісі шығыс босағасы. болған ағайынды, Ноғайлы, Қыпшақ екі тайпаның бөлініп, Қыпшақ қазақ атанып өз алдына хандық құрып, шаңырақ көтеруіне әлі жүз жыл толмай жатып, әлден бәз-баяғы бақталастық, жер-су таластық себептерімен бөлшектене бастағанын ұнатпаған. Рас, тарих Едігенің бұл қарсылығына қарамаған.

Жоқ, Едіге замана өзгерісін, болашақтың тарих жолдарын болжай алмаған. Ал бүгін Кен-Жанбай мен Қарақожа қарамақтарындағы елдерін ертіп Мамай Ордасынан бөлініп шыққанын, ол тек жаман ырымға санаған. Мамайдың басына ауыртпалық түскен шақта бұл екеуі опасыздық істеді деп есептеген. Көңіліне күдік кірген Едіге өзін ұстап тұра алмады.

— Ал егер Тоқтамыс хан қан майданда бір жауынан жеңілсе, сендер қайда қашасыңдар?

— Жұрттың бәрін өзің дейсің бе? — деді Кен-Жанбай малдасын шарт жүгініп алып.— Мен келсем, өз тайпаммен өз еліме, өз Ордама келдім.

Кен-Жанбайдың бұл сөзі Едігенің Алтын Ордадан бір кезде Ақсақ Темірге қашқанын бетіне басу еді. Едіге түнере түсті. Бұл екеуі бала жастан бірге өскен. Едіге Әмір баласы болғандықтан, Құмкенттегі өзі тұстас серіктерінің ойын төбелестерінде іштеріндегі төресі, басшысы саналатын. Жастай Едігенің үстемдігін көріп өскен Кен-Жанбай, оның досы да, қасы да еді. Ал Қазір бүкіл Дәшті Қыпшақка есімі аян, әйгілі батыр, Едігенің әмірлігіне де, тегеурінді мінезіне де қарағысы келмеді. Бала жастан іште жатқан наразылық бірден сыртқа шықты. Анау жанына батар бірдеме десе жағасынан ала түсуге бар.

Тапқырлығы, ақылдылығы үшін бала жастан ел арасында Едігені текке би демесе керек-ті, ол өзіне шапқалы тұрған қабаған арланды жуасытқысы келгендей:

— Ие, сендер жалғыз келген жоқсыңдар ғой, қарамақтарыңдағы елдеріңді ала келіңдер, бұл көп жағдайды өзгертеді,— дей салды.

Едіге кенет Кен-Жанбайға қарады. Бұны көрмегелі жиырма жылдай болып қалған еді. Жас кезінде Кен-Жанбай жас бөлтірік тәрізді болатын, демек түбі көкжал қасқырға айналатыны өр мінезінен байқалып тұратын, бірақ жастығынан ба, әлде әлі қанға құмарланып үйренбегендігінен бе Едігеге қарсы шаппайтын, көбіне айтқанына көне беретін… Ал қазір? Едіге оған тағы ойлана қарады. Қарсы алдында әлі шарт жүгінген, екі көзі қанталап кеткен Кен-Жанбай отыр. Айнымаған, шабуға ыңғайлаған көкжал қасқыр…

Едіге кенет жымиды. Оның есіне бала жастарындағы бір оқиға түсті.

Жігіт бола бастаған кездері еді. Кент сыртына бір топ жасөспірімдер аңға шыққан. Қару-жарақтарын қостарына тастап, таяу өзенге ат жалдатып, суға түсіп келе жатқан. Кенегес руының екі мерген бала жігіті — Кен-Жанбай мен Көкжалды өзгелерден бұрынырақ кеткен. Бірі садақты, екіншісі садақсыз. Кенет алдарынан бір қызыл түлкі зып етіп жүгіріп өтіп, шоқша тобылғының арасына кіріп кетеді. Кен-Жанбай оны бірінші көреді. Жақын қалған қостарына жүгіріп барып садағын әкелгенше Көкжалды түлкіні атып үлгіреді. Садағын алып келген Кен-Жанбай «Ең алдымен мен көрдім, түлкі менікі» деп жабыса кетеді. Көкжалды бермейді. Екеуі төбелесуге айналады. Осы кезде бір жасөспірім балалармен Едіге келеді. Екеуі өмір баласына жүгінеді.

— Былай болсын,— дейді Едіге үкім айтып.— Бір бала түлкіні Кен-Жанбай көрген жерге ұстап тұрсын. Кен-Жанбай, сен атасың, егер түлкіге тигізсең — түлкі сенікі, тигізе алмасаң — Көкжалдікі. Ал ұстап тұрған балаға тигізсең, құнын төлейсің.

— Жарайды,— дейді Кен-Жанбай.

Едіге Кен-Жанбай мен Көкжалды көрсеткен жерге, бір бишара кедейдің баласына түлкіні басына көтерте ұстатып қояды. Бала қорықса да, әмір ұлы айтқан соң амалсыз, түлкіні ұстайды…

— Егер баланы жазым қылсаң, дейді Едіге Кен-Жанбайға,— құнына әке-шешесі не тілейді, соны бересің. Егер қанға қан деп өзіңнің басыңды тілесе, басынды бересің!

— Болсын! — дейді екі көзі шатынап кеткен қайсар Кен-Жанбай. Сол Кен-Жанбай осы. Сондағыдай екі көзі ұшқын атып шатынап тұр. Кен-Жанбай бала ұстап тұрған түлкінің дәл басынан тигізіп, олжалы болған. Өзге жұрт жоқ жердей қатерге іліккен баланың аман қалғанына қуанса, бұл түлкіні Көкжалдыға жібермегеніне, өзінің дәл тигізгеніне шаттанған.

Қазір Едігеге қарап, дәл сондағысындай екі көзі оттай жанып, ештеңеден сескенбейтінін көрсетіп, сестене қалған. Едіге Кен-Жанбайға таңдана «шіркіннің қайсарлығын-ай!» деп көзін аударып әкетті.

Ал Едігенің мінез-құлқын жақсы білетін Тоқтамыс іштей қаупі бар әмірін бір мұқататын сәті келді деп ойлады. Бұрын да Алтын Орда ханы «қызымды берген күнде де әкесін өлтіргенімді ұмыта қояр ма екен? Және Ақсақ Темір бұны өз Ордасына алып қалмай, неге маған қосты?» деп күмәндана беретін. Оның үстіне жас бәйбішесі, әйгілі сұлу Садат-бегім: «Осы Едігеден құтыл, саған қараған түрі маған ұнамайды, қызыңды берсең, оны місе тұтпай, әлі тағыңнан дәметіп жүрмесе нетсін…» деп соңғы кезде мазасын ала берген. Әйелінің сөзіне Тоқтамыс риза болып қалған. Бұрын ол Едіге жайында бірен-саран өсек те естіген. Енді міне, соңындағы жұртымен өзі келіп қосылып отырған қос батырға, хан айтар билікті, баса-көктеп Едігенің айтып тұрғаны мынау!

Тоқтамыс Кен-Жанбай мен Қарақожа батырға жылы шырай көрсете қарады.

— Едігенің сөзіне ренжімеңдер,— деді Тоқтамыс.— Қандай ойменен былай сөйлеп тұрғанын соңынан түсінерсіңдер. Ал ақ иық қыран қос батыр, соңдарыңдағы елдеріңді ертіп, өз ұяларыңа қайтқандарыңа Алтын Орда ханы біз риза. Ризалығымыз соншалық, ерген жұрттарың біздің даладан қалаған жерлерінен қоныс алсын, көшіп-қонған шығындары бар, өзге жұрттай емес, әбден жайласқандарынша, екі жыл бойы Орда мұқтажына еш алым-салық төлемесін. Сонымен бірге алтын семсер Кен-Жанбай, бүгіннен бастап мына тұрған атан жілік арыс кеуде Қарақожа батырыңды қоса, Алтын Орданың бас тіреулері болып саналар ұлысының сол қанатына жататын Жошы, қос Дәулет, Құдайберді, Қобыланды, Шуақ, Уақ, Шора тоғыз батырымның басшысы өзің боп Ордамда қал! — Тоқтамыс сөзім қайсыңа қалай тиді дегендей сәл тоқтай қалды. Едіге сұп-сұр боп кетті. Әлгі айтылған сегіз батыр, өз тайпаларының қосындарын басқарып Алтын Орданың сол қанатына жататын. Және бұл Дәшті Қыпшақтың қосындары сол қанаттың негізгі күші саналатын. Осы батырлардың бас батыры болу деген сөз әлгі қосындар Кен-Жанбайдың қарамағына кіреді деген сөз еді. Егер Едіге тәрізді жеке қол басқарып жүрген үш-төрт өмірлерді санамағанда, сайып келгенде, Кен-Жанбайға «сен сол қанат әскерінің басшысы боласың» деген мағынада айтылған еді бұл сөз. Ал сол қанаттың бас қолбасшылығы ақылына, ерлігіне Тоқтамыспен майданға қатар жүріп Алтын Ордаға көрсеткен еңбегіне қарағанда, Едігеге берілуге тиісті еді.

Бала жастан өзінен төмен жүрген Кен-Жанбайға, Тоқтамыстың бұл дәрежені бергісі келіп тұрғанын, Едіге ханның арам ойын бірден ұқты. Жауар бұлттай түнере қалуы да осыдан еді. Ал Тоқтамыс сілтеген таяғының Едігенің ауырып жүрген жеріне дәл тигенін, сәл аңғарып, оның сол ауырған жерін бұдан да ауырта түсейін дегендей, сәл кідірді де, сөзін қайтадан жалғай түсті.— Едіге өмір, менің бұл шешімімді сіз дұрыс дейсіз бе? — деді хан Едігеге сәл бұрылып.

— Алдияр хан маған бұл сұрақты ақылы жетпей беріп тұрған жоқ қой деймін,— деді ол басын сәл иіп.— Ал менің ойымды білгіңіз келсе Кен-Жанбай батыр бұдан да үлкен дәрежеге де лайықты.

Сөйтті де басын тағы сәл иіп, тізесін бүкпей сарайдан шыға жөнелді.

Едігенің ашуланып кеткенін үйдегілер тегіс ұқты. Тоқтамыс «саған сол керек» дегендей сәл күлімсірей, үн-түнсіз тына қалды.

Кен-Жанбай не дерін білмей, жерді құр шұқылай берді. Тек еңгезердей Қарақожа батыр ғана «бірің өліп, бірің қал» дегендей сол маңғаздана отырған қалпынан бүлк етпеді. Демек, үй іші, кенет біреу өлгендей тітіркене қалды. «Осы істегенім дұрыс болды ма?» дегендей әлденеден қобалжып, Тоқтамыс сазара түсті.

Дүниенің күндізгі әуре-сарсаңын ұмытып, бар әлем мүлгіп, ұйқыға кеткен. Таң қараңғысы тарай бастаған кез. Аспанда ай сәулесі де таусылып, жер жиһан бір сәт тыныштыққа енген. Тек оқта-текте әлдеқайдан қасқырдың серіктерін шақырып ұлығаны, не кенет түлкінің тырнағына ілігіп қалған, үкінің не жапалақтың шар еткен даусы естіледі…

Кез еді таңсәрісі мүлде жуық,

Кеткен-ді түнгі самал жел де суып,

Келеді сары белден төмен құлап

Топ адам, жүрістері жедел, суыт.

Жал-құйрық жерге түсіп көміп жатқан,

Кер төбел жорға мінген көбік атқан.

Ақ сары топ алдында сұлу жігіт

Тұлғасы анадайдан көзді тартқан,

деп ақын айтқандай, таң біліне Жейхундарияның ашулы толқынды жағасын жағалап, қалың біткен жиде, қарағаш, тоғай-ормандарын бетке ұстай, бір топ жігіт үстірт жүріп келе жатыр. Мінгендері кілең қара көк текежаумыт жүйріктер. Жалғыз-ақ топ алдында келе жатқан кісі ақсары сұлу өңді жасы отыздардан асып кеткен, өткір көзді, қалың қабақты, қошқар мұрын, балуан денелі адам. Өзгелерден еңсесі биік, атқа отырысы да бөлек. Астындағы есік пен төрдей теңбіл қара көк жорғасын, баяу ғана сипай қамшылап, ер үстінде бір қырындай отырып қайдағы жоқ тәтті ойға кеткендей. Түн қараңғысына да, үреймен тынған қалың орман-тоғайларға да, толқыны долдана жағасын ұрған қара көлеңкедегі сұсты Жейхүндарияға да еш көңіл аудармай, анда-санда күлімдеп қойып, өз ойымен келе жатыр. Бұл сол кезде Ақсақ Темір Ордасында қызметте жүрген Едіге еді. Осы түнгі оқиға бұдан он жыл бұрын болған. Түнгі салтаттылардың беті, Хорезм хандығына жататын, Жейхундарияның сол жақ жағасынан үш фарсахтай жерде тұратын Маңғыт кенті еді. Ноғайлы елі боп кеткен Маңғыт руы ол кезде Дәшті Қыпшақ пен Мауараннахрдағы ең көп жұрт болатын. Бұл ел тек қана Дәшті Қыпшақтың күнгей-батыс жағын ғана емес, Хорезмнің батыс тұсын да «он сан үйлі Ноғайлы» деп келетін жырға қарасақ, бұл қыруар жер еді. Әр түмен он мың кісіден қырылып, он түмен бір сана саналатынын еске алсақ, сол тұстың өзінде Ноғайлы елі миллионнан асып түседі екен. Қаншама жұрт! Ал қазір…

Осы Ноғайлы елінің Хорезм жеріндегі бас қаласы қазір Едігелер келе жатқан Маңғыт кенті болатын. Едіге осы Маңғыт шаһарының даруғашысы Сидақ бидің қызы Садат-бегіммен осыдан бес-ақ ай бұрын, бір ұлан асыр үлкен тойда кездескен. Махаббат деген бір сиқырлы күш қой, бірін-бірі қатты ұнатып, жолығар мезгілдерін уәделесіп қалған. Қыздың сабағынан үзілгелі тұрған алмадай, әбден піскен кезі еді. Демек, ол қандай балдай тәтті болғанымен Едіге сөз берген күнінде келе алмай қалған. Белдеуден аты, белден қару-жарағы кетпеген жорықшылық заман, Ақсақ Темірдің әмірімен ол Сығанақ жаққа жорыққа жол шеккен. О жақта жеті айдай жүріп кейін оралғанында Едіге қыздың өтініші бойынша әкесі, Маңғыт даруғашысы Сидақ, Садат-бегімді Тоқтамысқа тоқалдыққа бермекші болғанын естіген. Ажарына ақылы сай қыз Едігеге өте ұнаған еді, енді өкініштен бармағын шайнап қала берген. Бірақ, осыдан бір жеті бұрын қыз Жезаққа, бір апасының үйіне төркіндеп келген кезінде, Едіге онымен тағы ұшырасқан. Бүгін-ертең ұзатылғалы тұрған Садат-бегім, жат елде көш жөнекей жолығуға, аяғына тас батырмай аңдып жүрген күзетшілерінен қорқып, Маңғыт маңындағы тойға кездесуге осы бүгінгі күнді атаған. Едігенің топ жолдастарын ертіп, ат сабылтып келе жатқаны, қыздың сол күнгі күтем деген сөзі еді. Таң қылаң бере жігіттер Едіге мен Садат-бегім уәделескен тоғайдың тұсына жетті. Едіге жорғасын әудем жерде қалған серіктеріне тастап, әрі қарай жалғыз жүрді. Күтем деген жуан еменнің жанында қыз тұр екен. Аппақ жүзі балбырап үзіліп кетуге таяу қыпша белі бұраң қағып Едігені көрісіменен қыз қарсы жүрді. Сәл сарғайып ашыла бастаған қара көлеңке мақпал түнде Едігеге қыз шық моншағы жуған аппақ гүл тәрізді көрінді… Осы бір таңның нәзік гүлін қаттырақ ұстаса үзіліп кетердей сезінді Едіге… Сөйтсе де еркелеткісі келгендей, ақырын құшақтап бауырына қысты. Қыз да әбден құмартып, сағынып қалған екен, «белімді қатты қыстың» демеді…

Жас жастың тілегі бір, жібектің түйіні бір, бие сауымдай өткен мезгіл, бұларға қас қағым сәттей білінбеді. Тек таң әбден атып, күннің шығуы жақын екеніне белгі беріп, орман ішін бозторғай мен бұлбұл тамылжыған үндерге бөлегенде ғана бұлар құшақтарын жазды.

Сынық мінезді қыз бұрынғысынан да сынып қалған еді.

Өр мінезді Едіге әлденеге ренжігендей.

— Менен бұрын кіммен ойнап едің? — деді.

Қыз кенет ерке-шора мінезіне салды.

— Ұнамай қалдым ба?

— Жоқ, неге!..

— Ұнаған болсам атыңның артына мінгестір де дәл қазір алып кет. Өзіңе деген менің көңілімді содан білерсің…

— Жоқ, сонда да…

Қыз кенет тағы өршелене қалды.

— Жарайды, айтайын, Тоқтамыспен!

Едіге тұнжырай түсті.

— Қалайша? Ол қашан кездесіп еді?

— Екі айдан асып барады.

Едіге енді түксие қалды.

— Сонда мен Тоқтамыстың баласын әлдилемекпін бе? Жұрт күлер…

Қыз сасқан жоқ:

— Сұлтан Уәйіз-Дағ бекінісіне барып келе жатқан Тоқтамыс біздің үйде қонып жатқан сол күні кешке таман көршіміздің құла биесіне біздің үйдің азбан айғыры шапқан. Соны көрсетіп, тәңірім тағатымды бұзды… Түнде Тоқтамысты қабылдадым. Таңертең Тоқтамыс әкемнен менің қолымды сұрады. Ал егер сол құла бие буаз болса, мен де екіқабатпын… Ал қысыр қалса менде де ештеңе жоқ…

Сол күні түс кезінде, атын тағалатпақ боп құла биесі бар ұстаның үйіне Едіге келді.

Ұстаның әйелі берген қымызды бір-екі рет ұрттап:

— Қымызыңыз тәтті екен бірақ сұйықтау ма қалай? — деген.

— Сусынға деп ұстап отырған жалғыз биеміз еді. Биыл жазғы тұрым айғыр қостырып едік, суалайын деген болар, сүті тым сұйықталып барады,— деген ұстаның әйелі.

Сол күн түнде Едіге Садат-бегіммен тағы кездескен. Құла биенің ішінде құлыны бар екенін айтқан.

Садат-бегім буынсыз жерге пышақ салдырмаған, Едігені жақсы көре тұрып, амал жоқ, құшақтасып айырылған. Бірақ осы құшақтары шын ыстық құшақтар екен, соңынан Садат-бегім Тоқтамыстың үйіне келін болып түскеннен кейін де аулы аулына көршілес қонатын Едігеден байланысын айыра алмаған.

Ұрлап ішкен ас тәтті ме, әлде Едігенің қасиеті бірте-бірте артты ма, Садат-бегім көңілдесін ұзақ уақыт көрмесе, кәдімгідей құса болып, оның келуін аңсап күтетін күйге жетті.

Оның әр келмеген күнін жіпке тізген тәспідей бір-бірлеп санайтын болды.

Жан жүрегі тек Едіге үшін жаралғандай, ол келмесе тар кеудесін тартыл мысық тырнап жатқандай, өзін қоярға жер таппады. Оның үстіне Тоқтамыс үнемі жорықта болып, жас денесі өрттей жанып, жан азабын жеңе алмайтын күйге түсті. Бөтен еркектерге қарағысы да келмеді. Күндіз-түні ойлайтыны тек Едіге болды. Ал Едіге келмеді. Алабұртқан асау көңіл бұрынғысынан да күйіне түсті.

Сөйтіп, жүргенінде Тоқтамыстың үлкен бәйбішесі дүние салып, енді Орда бәйбішесі Садат-бегім болды.

Садат-бегім бұл дәрежесін енді аяғына басқысы келмеді.

Едігені қанша жақсы көргенмен, Алтын Орда ханының сүйген әйелі жас бәйбішесі екенін ұмытпады.

Сөйтіп жүргенінде қайтыс болған бәйбішесінен туған Тоқтамыстың қос сұлуы — Ханеке, Жәнекенің кішісі Жәнеке Едігемен құпия кездесіп жүреді екен дегенді естіді.

Садат-бегім Едігені бұрынғысынан да аңсай күтетін болған.

Ал Едіге бүкіл Мауараннахр, Дәшті Қыпшаққа әйгілі сұлу еркешора жас Жәнекенін ләззат оты жеңді ме, әлде өгей болса да Садат-бегім Жанекенің шешесі ғой деп ойлады ма, әйтеуір Тоқтамыстың жас бәйбішесімен байланысын мүлдем тоқтатты.

Алғашқы кезде Едігенің келмегенін Тоқтамыстың қаһарынан сескеніп жүр ме деп ойлаған.

Өйткені Тоқтамыс пен Едігенің арасында терең ор жатқанын ол шу дегеннен сезген. Бұндай жағдайда Едігенің бір есепте абайлы болуын да дұрыс көрген.

Сөйтсе…

Садат-бегім Тоқтамысқа «қызың бөлен» деуге бата алмаған. Егер жұрт айтып жүрген сөз өсек боп шықса…

Садат-бегім не болса да Едігемен өзі сөйлеспек болған.

Екі ауыл жайлауға қатар қонған жаздың ортасында ретін тауып Едігемен кездескен.

Жас бәйбіше жүрегі оттай жанып, оған құшағын жая жанына келгенде, Едіге қарамай кеткен.

Құр ғана қарамай кеткен жоқ, қойнына жылан салып жібергендей суық сөз айтқан.

— Ойнадық, күлдік, енді жетер,— деген ол.— Баяғыдай бұлаңдаған жас емессің, көңіліңнің желін басар кезің келді.

Садат-бегім кенет тамыры суалып кеткендей, сұп-сұр болып қалған.

— Одан да мені ана жас Жәнекеге айырбастадым десейші?

— Айырбастаса несі бар? Бұлаңдаған жас Жәнеке кімнен кем?

Едіге Садат-бегімнің өзінен біржолата көңілі қалсын деді ме, оған бұдан да қатты сөз айтқан.

— Сенен әбден жеріп болдым! — деген.

— Ә, солай дейсің бе? — деді Садат-бегім кенет тұншыға сөйлеп.

Едіге жауап бермеген қалпы кете барған. Садат-бегім орнында тұрып қалған.

Жоқ, ол Едігенің артынан жүгірген де жоқ, өкініп жылаған да жоқ. Отызға жетпеген, бүкіл Алтын Орда ханының жас бәйбішесін Едігенің «бұлаңдаған жас емессің… сенен жерідім» деген сөздерінен жан азабы, ар азабы найзадай қадалып, бір орнында тұрып қалған.

Жалғанда шын жақсы көрген намысқор әйелдің сүйгенін жек көруінен қиын ештеңе жоқ. Ондай жек көре қалған әйел, кешегі сүйгеніне деген қандай жауыздық шешімге болса да барады.

Ондай әйел, және өзімшіл кекшіл болса, өз терісінен жерінген жылан тәрізді, кешегі махаббатынан тез құтылуға тырысады.

Ал Тоқтамыстың жас бәйбішесі бұрынғы сынық мінезді Садат-бегім қыз емес еді. Едігенің кеше ғана түкті кеудесінің астында, бойы балқып, көңілі шалқып аузына келген ең тәтті сөзімен аймалап, күйіп-жанып жататын Садаттан, кенет ол бүкіл Дәшті Қыпшақтың әміршісі Алтын Орда ханының өзінің ар намысын қорғай алатын, бетінен ызғары шыққан, ызғар бәйбішесіне айналды.

Бір сәт ақ жүзінің қаны қашып, кетіп бара жатқан Едігенің артынан тесіле қарап, ол сұр жыландай ысқырына:

— Тұра тұр, Едіге мырза,— деді.— Дәл бүгінгі сөзің үшін әлі зәрімді іштірермін!

Тоқтамыстың Едігеге деген қастығының күшеюіне осы сүйген бәйбішесі Садаттың Едігеге қарсы әрекеттері дем берген.

Жалғанда жақсы көрген әйеліңнің жауыңа айналғаны, тыныш жатқан өзеннің тасыған дарияға айналғанымен тең.

Ол қауіптен қалай өтесің, қай жеріне көпір саласың — айыру қиын.

Тұнай дариясындай мол суы емес, шатын өзен Калка екінші мәртебе ұлы қырғынның куәсі болды. Бірінші рет осы өзеннің бойында Жылқы, яғни 1223 жылы маусым айының он бірі күні монғолдың Жебе мен Сүбэтәй баһадурлары басқарған қосындары орыс пен қыпшақтың бірлескен қалың қолын жеңген. Жаз бойы жазық дала қан сасыған.

Міне, осы өзеннің жағасында тағы екінші рет ұлы қырғын болмақ. Тоқтамыс Алтын Орда қисық қылышты, сүйір ұшты найзалы, қыпшақтың тоқпақ жал, тапал кер торыларын мінген жер қайысқан қосындарымен, Қырым мен Сақыстан билеушісі Мамайдың сыңсыған қалың әскері қан майданда кездеспек.

Демек, өткен жылы ғана Куликов даласында орыстардан жеңілген Мамай қолдарында сан жағынан да, сапа жағынан да олқылық бар тәрізді. Әлде бұл Мамайдың өзінің олқылығы ма, әйтеуір жауынгерлерінің жүздерінде сол жасқантандық байқалады.

Расында да, Мамайды бұрынғыдай өзін өр көкірек тәкаппар ұстар күйі жоқ еді. Жылан шаққан адам ала жіпті аттауға қорқады. Қанша ер жүрек болса да жауынан бір мәртебе қатты жеңілген батыр ұрысқа қайта шығарында әрқашанда күпті келеді.

Осылай әскеріне көңілі толмағандықтан ба, әлде дүние шіркіннен суи бастағаннан ба Мамай нағыз бір өлім іздеп жүрген адамдай, әскері Калка өзенінің жағасына жетісіменен Тоқтамысқа елші жіберген. «Екеуміздің де жүз мыңдаған жауынгерлеріміз бар, ертең соғысқанымызда біразы қырылатыны мәлім, осыншама жұрттың обалына қалмайық, бәленің басы сен екеуімізде ғой, егер қорықпасаң, Тоқтамыс хан, жекпе-жекке шық. Жазмыш шешсін, қайсымыз өлсек, тірі қалғанымыз сол жеңген болсын, әскерімізді босқа қырмай, солай келіселік. Қайсымыз өлсек те, тірі қалғанымызға Алтын Орданың әскері бөтен жауларымызбен, әсіресе орыс князьдерімен соғысуға керек» деген.

Баққұмар әскери қолбасшысының бұл аузынан шықпайтын сөз еді.

Әсіресе Мамай тәрізді өзгелерге үстемдігін жүргізу үшін жүз мыңдаған адамның тағдырына қарамайтын кісіден бұл күтпеген шешім еді.

Не десек те Мамай осылай деп елші жіберген. Неге бүйтті? Жалғыз ғана ойға қонар себеп, Мамай жеңемін деп сірә әскеріне сенбеген болуы керек.

Айлалы, саясатшыл, қанкөй Мамай сондықтан өз басын бәйгіге тіккен тәрізді.

Абыройсыз жеңілуден абыройлы өлімді таңдағаны хақ оның.

Бұл оқиға көкек айының аяқ шенінде болған.

Үзі, Тан өзендерінің суы биыл тез қайтып, жер ерте кепкен. Алтын Орданың әскерлері де кеше осы араға жетіп, шатырларын тіккен.

Мамай елшілері келгенде Едіге, Кен-Жанбай, Орыс қожа тәрізді серік әмір, батырлары қоршаған Тоқтамыс, жаңа ғана қосындарының қару-жарақтарын, ертең болатын ұрысқа дайындықтарын тексеріп, шатырының алдында атынан түсіп жатқан.

Тоқтамыс шатырына кіріп, Мамай елшілерімен оңаша сөйлесуге шыдамай, олардың келген себептерін жұрт көзінше сұрады.

Кесіп алса қан шықпас Қастүрік Қырым билеушісінің жолдамасының бір сөзін өзгертпей айтып берді.

Тоқтамысты қоршаған топ тына қалды.

«Не айтар екенсің? дегендей Едіге Тоқтамысқа мысқылдай қарады.

Едігенің көзіне көзі түсіп кеткен Тоқтамысты кенет ашу басып кетті. «Жаның тәтті, жекпе-жекке шығуға қорқасың,— деп тұрсың ғой, Едіге мырза,— деді ол ішінен — ондай су жүрегің мен бе едім».

Ол бір сәт Мамайдың тілегін қабылдамақ болды. Бірақ бұл ойынан тез қайтты.

— Қарадан шыққан Мамай менің ұлы Шыңғыс тұқымы хан екенімді білмейтін бе еді? Қараны тең санап, хан жекпе-жекке шықпас болар,— деді сазара қалып.— Қардың басын қар алар, ханның басын хан алар, егер менің садақты қалай тартып, қылышты қалай сермейтінімді көргісі келсе, шапыраш көз Мамайға айт, шығарсын жекпе-жекке Шыңғыс ұрпағы ана Гиассиддин Мұхамед ханды!

Едіге сәл езу тартты. «Бәсе, өзім де ойлап едім, қанды көз Мамайға жекпе-жекке шыға қоймаса керек еді деп… Жолын тауып кетті». Қорқақ Тоқтамыс қарсы шыға алмайтынын Едіге білетін.

Тоқтамыс Едігенің езу тартқанын көзі шалып қалды. Ол сөзін жалғай түсті.

— Ал шапыраш көз Мамай ерлігі шыдатпай бара жатса, шықсын онда жекпе-жекке мына Едіге әмірге! Тең-теңімен тезек қабымен деген!

Бұнысы бір жағынан «сен де қарадан шыққансың» деп Едігені мұқату еді.

Ол енді «Қалай, ұнады ма менің сөзім?» дегендей пішін көрсетіп сәл басын иді, сөйтті де қылышын қынабынан көтере түсе берді де, қайта салып, тарс еткізді.

Тізерлеп отырған елшілер орнынан түрегелді.

— Қысқасы,— деді Тоқтамыс оларға,— шапыраш көз Мамайға айта бар, шебін ертең күн шыға шабамын! Дайындала берсін!

Қара сұр Қастүрік жауап бермеді. «Ұқтым!» дегендей тағы тізесін бір бүкті де, атына қарай аяңдады.

Қасындағы екі жолдасы да, ханға басын иіп, аттарына қарай шегіншектеп барып, кілт бұрылып басшыларының соңынан ере жөнелді.

Тоқтамыстың Қастүрікке бұрыннан да өші бар болатын. Оның серіктері тәрізді, ханды құрметтеп кейін шегініп барып бұрылмағанын сылтау етіп, арт жағында тұрған нөкерлеріне:

— Ана Қастүрікті ұстап алып, басын алыңдар,— деді. «Нағыз бір қонақтарға қой сойыңдар» дегендей жайбарақат, немқұрайлы сөйлеп.— Біздің сәлемімізді Мамайға ана екі сұмырайы да жеткізеді.

Бірақ Қастүрік Тоқтамыстың осылай бұйырарын білді ме, кенет «Ерке-Қоян» деп айқайлап жіберді. Шатыр сыртында шылбырын ерінің басына жай іле салған, бүкіл Қырым мен Сақыстанға әйгілі жүйрігі — Ерке-Қояны жайылып жүрген жерінен иесінің даусын естісімен, әдеттегісіндей, оқырана жанына жетіп келді. Тізелерін сыртылдата ұрған қынаптарынан қылыштарын суырып алып, Тоқтамыстың нөкерлері Қастүрікке жеткенінше, Ноғайлының батыры атының үстіне ырғып мініп те үлгірді, қас қағым мезгіл өтпей құйындата, жөнелді.

— Ат жіберме! — деді Тоқтамыс он жағында тұрған Кен-Жанбайға.

Кен-Жанбай ықшам қимылдап, садағын тартып қалды. Туғалы бір жебесі көздеген нысанасын алмай түспейтін, бүкіл Дәшті Қыпшаққа аты шыққан асқан мерген Кен-Жанбай, Мамайды жамандыққа қиса да, кешегі өзіменен бір сапта болған батырды өлімге қимады, садағын сәл жоғары көтере меңзеп, Қастүріктің өзін емес, басындағы бөркін ұшырып түсірді. Ноғайлы батырынын құтылып кеткенін көрген Тоқтамыс ызадан күліп жіберді.

— Кен-Жанбай да мүлт кетеді екен-ау! — деді ол әйгілі мергенді дәл көздемей атты ма деп күдіктеніп.

Бірақ бір жамандықтың бір жақсылығы бар, осы бүгін айрылып қалған Қастүрік батырдың күні ертең өзінің бақкүндесі Мамайдың ажалына себепкер боларын Тоқтамыс та, оның жанындағы серіктері де білген жоқ.

Алдағы болар қырғыннан, судай төгілер адам қанынан күні бұрын хабар бергісі келгендей, күннің көзі бүгін қып-қызыл боп қанталап, адамның зәресін ала шықты.

Таң сәрісінен жер-көкті аймалай баяу соғып тұрған көктемнің салқын сау мал желі де тына қалған.

Жер кебе ду ете түсетін көгал шөптің бастары да қимылдамайды. Әр жерде шоқ-шоқ боп өсіп қауыздарын жарып үлгірген қызғалдақтар ұрысқа кіргелі тұрған жауынгерлерге, жайшылықтағыдай көздің жауын алған сәнді-салтанатты жер шоғындай емес, жасыл далаға теңбіл-теңбіл боп төгілген адам қаны тәрізді көрінеді…

Кербез әлем бүгін ерекше керенау тартқан.

Ұрыста кім өледі, кім тірі қалады — бәрі белгісіз жәйт. Сол белгісіздік бүгін де адамның көңілін қобалжытып, жүрегін ойнатып, мазасын алып барады.

Ал, соңыра, ұрыс басталып кеткеннен кейін, жауынгерлер бұл сезімінен мүлдем құтылады. Оның бар ойы өзі тірі қалып, басқаның өлуі болады. Сондықтан ол қылышын аянбай сілтейді. Найзасын аянбай қадайды. Біреу бұны өз жанын сақтау үшін қорыққанынан істейді, ал басқа біреуі өзгені өлтіру үшін ерлігім деп санайды. Бірақ кісі өлтіру—ерлік емес. Адамның жаны шошынар жамандық! Әттең, не керек, ешқайсысы да осы қан төгудің неге керек екенін, қап төкпей де өмір сүруге болатынын ойламайды!

Бар армандары тек өлтіру! Өлтіру!

Хан айтты, әмірші айтты, «анау әскер сенің қасың, сен тек оны қыра біл, өлтіре біл!»

Ал ол әскерге де хандары бұйырады, әміршілері бұйырады. Олар сендерді өлтірулері керек.

Неге? Неге өлтірулері керек? Кім үшін?

Ал Мамай мен Тоқтамыстың қарамағындағы елдер—бұрыннан бір ел боп келген, тілі де бір, діні де бір, тек Мамай Ордасының Ноғайлысы көп, Тоқтамыс Ордасының Қыпшағы басым.

Неге бұл тайпалар бірін-бірі қыруы керек? Әлде бұларға Алтын Орданың алып даласы, сансыз өзен көлдері жетпей ме? Жоқ, бәрі де жетеді. Бәрі де бар.

Он да неге соғысады? Неге бірін-бірі қырады?

Неге? Неге?

Жоқ бұларға бәрі де жетеді. Тек Мамай мен Тоқтамысқа Алтын Орданың тағы жетпейді.

Онда сол екеуі соғыссын! Бұлар неге соғысады?

Алданған, арбалған сорлы халық!

Күштілердің дегеніне бағынған сұрқия заман!

Иә, сондықтан да сол күштілердің екеуі, Мамай мен Тоқтамыс, өзгелерге дегенімізді істеткіземіз деп жер мен көкті алып жатқан сансыз қосындардың алдарында тұрған жоқ па?

Иә, иә, бәрі солай! Солай!

Екі адамның тілегі, екі тайпа елдің мақсатына арналған заман!

Найзағайдың отымен өртеп жіберетін тілектер!

Күн сәл көтерілген кезде лек-лек боп шеп ұстаған қосындарының алдымда тұрған, жал-құйрығы жерге төгіліп жатқан күлсары тұлпар мінген, көк темір сауытты, дулығалы Тоқтамыс оң қолын көтерді. Сол сәтте Ақсақ Темір әскерінің әдетінше ондаған зұрна, керней, дауылпаздар қосылып, әскерлерді, соғысқа шақырған үрейлі әуендерін ышқындыра, тарсылдата адамның зәресін алды. Сөйткенше, Тоқтамыстың құршысы сырғауылға байлаған ақ туды аспанға көтерді. Сол-ақ, екен, әр мың басы, жүз басы өздерінің жауынгерлерінің алдындағы ұстайтын жігіттеріне «көтеріңдер!» деп бұйрық берді. Енді ұшы қиыры жоқ шексіз даланы сан түрлі ту, жалаулар басып кетті. Дәл осы кезде өкпек жер тұрып, ағашқа байланған құлаш-құлаш шүберектер тулай толқып теңіз тәрізді ойнай жөнелді.

Бұқа басының бейнесі салынған ақ ту Ақ Орданың бас жалауы болатын. Тоқтамыс Алтын Орданың қызыл шашақты сары алтындай сарғылт туына ауыстырып үлгермеген-ді. Ал ол ту Мамай қосындарының үстінде желбіреді. Калка өзенінің сол жақ жалпақ жазық өлкесі, бір мезет енді бір жағы дені ақ, екінші жағы дені сарғылт түсті, желмен ойнаған, желбіреген жалауларға көмілді.

Кенет дабыл әуендері тына қалды, тек аттардың жер тарпып, пысқырынғандары, жауынгерлердің әлдеқандай оқыс қимылдағандай, тосын шыққан жарақтарының темір дыбыстары ғана естіледі.

Қазір көшпелі елдердің әйгілі атты әскерлері біріне-бірі қарсы шаппақ. Бұлардың соғысу тәсілдері де, құрылыстары да, тіпті ұрысқа жұмсар қару-жарақтары да бірдей. Әр сыпайда қисық қылыш, өткір ұшты найза, екі жақтарында да жебеге толған екі қорамсақ, арқаларында садақ, ер басына ілген ай балта, сол жақ қарларына іліп алған өгіз, түйе терісімен қаптаған қайың шыбығынан өрген қалқан, кейбіреулерінде тақымына қыстырып алған бұзау бас шоқпар көрінеді: Бар қарулары осы. Соңыра ұрыс кезінде жауынгерлер осылардың өздеріне ыңғайлы, әбден жаттығып алғандарын ғана пайдаланады. Біреу айбалтаны дұрыс көрсе, ал басқа біреуіне шоқпар ыңғайлы тәрізді. Демек, көбі атам заманнан көшпелі елдің негізгі қарулары болған шоқпармен найзаға үйір.

Шабуыл әуені бітісімен Тоқтамыс қолын көкке жайып:

— Жолымызды оң ет алла тағала! — деді. Сосын қосындарына қарады. Ал, жігіттер, аттаныстарың оң болсын! Сөйдеді де кенет күре тамыры білеудей боп ісіне, бар даусыменен айқайлап жіберді.— Алға!— деді ол. Сол сәтте ту ұстаған жігіт астындағы атын тебініп қалды.

Қосындар шу дегенде желе-шоқытып, сосын бірте-бірте аттарын қыздыра, кенет сонау алыстан қарасы көрініп тұрған жауларына қарай шаба жөнелді. Нүкіл даланы қосын-қосын боп алып кеткен, бірінің соңынан бірі алға қарай лап қойған әскерлер, жар қабақты ұруға келе жатқан дауылды күнгі теңіздей, долдана толқып, өрши түсіп бара жатыр.

Тоқтамыс қолдарының қозғалғанын көріп алыста қарауытып тұрған Мамай әскері де алға қарай ұмтылады. Жоқ, Мамай қосындары баяу жүріп келеді. Өйткені бұлардың қатарында генуялықтардың жалдама бұлықтары да бар еді. Олар асықпай жүріп келе жатқан. Көшпелілердің әйгілі атты әскерлері солардың қарқынына қарай, озбай, қатарласа жылжиды. Тек құйындатқан Тоқтамыс әскері таяп қалған кезде ғана Мамайдың атты қосындары да шепті бұзып оларға қарсы шапты. Екі жақтан бірдей шыққан ұрандардан жер жарылғандай.

— Аруақ! Аруақ!

— Иә, алла!

— Қарақожа!

— Кен-Жанбай!

— Мамай!

— Мамай!

— Боз інген!

— Мамай!

— Тоқтамыс!

Ұран салмаса қылыштары өтпейтіндей, найзалары қадалмайтындай. Кенет дауыл тұрғандай жер мен көкті жан басып кетті. Бір мезет екі әскер бетпе-бет келіп те қалды. Күнгей мен Теріскейден көтерілген дауыл енді бір тұсқа келіп қабысты. Ұрыс болып жатқан жердің үстіндегі шаң, тозаң жан осы араға бір тұтасқан, бұлт орнаған.

Тек аздан кейін ғана барып, ат шабыстары тоқталып, екі әскер қоян қолтық айқасқа кіргенде ғана ұрыс барысы бірте-бірте айқындала бастады.

Тоқтамыс әскері көп еді. Және Мамай бұлықтарынан гөрі, тегеурінді болатын. Ол сол арындатып шапқан қалпы, алғашқы қарқында-ақ, Мамай қосындарының қатарын бірден жасқандырып тастаған. Мамай сыпайлары да, майданға әдеттегі соғыс киімдерімен кірген. Темір дулығалы, шынжыр сауыттылары мың басы, әмірлері ғана. Ал жауынгерлердің ішінде сауыт кигендері некен-саяқ. Тек генуялық бұлықтардың әскерлері ғана көк темірге оранған. Аттарының сауыры, кеуде, бастарында да жеңіл темір қалқандары бар. Сондықтан да олардың қимылдары өзге жауынгерлердікіндей емес, баяу, сараң. Денелерін құрсаған темір сауыт, ауыр қарулар шапшаң ұрысуға мүмкіндік берер емес. Бұлардың, артықтығы, қатар тұрып ұрысқанда, темір шептерін бұзу өте қиын. Бірақ генуялық жауынгер ұзын найзаларын түйрегенше, астындағы құлакерін секіртіп кеп дәл төбесінен қос қолдап шоқпарымен ұрған Қыпшақ жігіт оны жерге бірден омақата құлатады.

Сауытсыз денеге кірш-кірш кірген көк найзалар. Кенет қылыш орып жерге домалап түскен дулығасыз бастар. Қос қолдап ұрған айбалтадан қақ бөлінген алып денелер. Кісінеген жылқы, өкірген адам.

Осының бәрі не үшін?

Тоқтамыс шу дегеннен-ақ Мамай бұлықтарын ойсырата жеңе бастады. Ал Мамай бұл жолы соғыс жүргізуде тағы бір қате жіберді.

Аузы күйген үріп ішеді, соңына әскер тастамай Куликов даласындағы ұрыста қапы қалған Қырым билеушісі бұл жолы ең тәуір деген үш қосынын ұрысқа түсірмеген.

Қалқа бойында бұлар тығылатын қалың орман, не жынысты жыра, сай болмағандықтан, бұл қосындардың жазық даладағы алыстағы шебінде қалдырған.

— Сендер ұрыс болып жатқан жерге екі бие сауымдай мезгіл өткен шақта келіндер,— деген Мамай,— Оған дейін біз жеңіле қоймаспыз, Тоқтамыс қосындарын біраз мыжғылап тастармыз. Ал сендер сол мезгілде келсеңдер, құдай бұйыртса шаршаған жаудың түбіне жетерсіңдер-ақ…

Бірақ Мамай бұл жолы да қателескен еді.

Мұндай айланы ұрыста қолданатын жер бар да, қолданбайтын жер бар. Ол Тоқтамыстың соғыс жүргізу тәсілін білмеген. Ал Алтын Орда ханы Ақсақ Темір тәрізді жау күшін ең алғашқы шабуылында-ақ ойсыратып тастауды мықты ұстаған. Сондықтан ол Мамай ордасының әскеріне бар күшіменен тиген. Мамайдың қылшылдаған жиырма қосыны жеңіліп, кейін шегініп бара жатқанда, ұрысқа жаңадан кірген үш қосын не істей алады? Қырым мен Сақыстан жауынгерлері орыс әскеріндей, өз жері, өз суы үшін табан тіреп, өлуге не жеңуге бел буған жұрт емес, беттері бір қайтып қалғаннан кейін, жаңадан күш қосылды деп қарсыласып тұра алмады, жан сауғалап қашуға айналды. Ал Мамайдың жалдама бұлықтары Тоқтамыстың бықыған әскерлерін жеңіп, олжаға батпайтынын білген соң, енді өздері жау қолына олжа болып қалмауларын ойлап, үстеріндегі ауыр сауыт-сайман, қару-жарақтарын тастап, бірінші боп кейін қарай боса жөнелді. Бұлардан өзге сыпайлары да қалғысы келмейді. ‘

Осылай Мамай бұлықтары Тоқтамыс әскерінен де оңбай жеңілді.

Жеңген жағы жеңілген жағын тіпті аямады, енді кейбір әлі де қарсыласқан топтары, жан-жағынан қоршап алып, қойдай қырды.

Осынау жан шошырлық адам баласының бұзық қылығынан ұялғандай күн де таңертеңгі атқанындай, тағы да қызара алабұрта барып батты.

Мүмкін Мамай әскерінен тірі жан қалмас па еді, қайтер еді, әйтеуір қайғыдан қара жамылғандай боп түн келді…

Қырым мен Сақыстан қосындарының тоз-тоз болған қалдықтары, өліктерін көмуге де әлдері жетпей, түн қараңғысын пайдаланып кейін шұбырды…

— Бұл жолы да жеңілдік,— деді Мамай ызадан жылардай боп серіктеріне,— қалғанын келесі жылғы айқаста көрерміз!

Бірақ қасында тұрған Қарабақауыл да, Қастүрік те, Бегіш мырза да үндеген жоқ.

Ең жақын деген серіктерінің бұның «келесі жылғы айқаста көрерміз» деген сөзін мақұлдап, еш қайсысы ештеңе демегенінен Мамай ең сенімді өмірлерінің де бұдан әрі соңынан ермейтінін ұққандай болды.

Ол үн-түнсіз атының басын бұрып кейін қарай аяңдай берді.

Осы кезде ай туды. Жер беті ақселеуленіп сәл ағара түсті.

Өліп жатқан жауынгерлерінің өліктерін көргісі келмей, Мамай басын жерден көтермеді.

Тек әлден уақытта, «соңымнан ешкім ерді ме екен?» дегендей артына ұрлана қарады.

Өзінің күзетші — нөкерлерінен бөтен ешкім көрінбеді. Қарабақауыл да, Қастүрік те, Бегіш мырза да бөтен жолмен бұрылып кеткен тәрізді…

Мамай көп кешікпей өзінің тіпті жалғыз қалатынын сезді.

Кенет ол басын көтеріп алды.

— Тірі болсам, әлі де алысармын! — деді ол тыныш түнді үркіте бар дауысыменен айқайлап.

Сөйтті де шаба жөнелді.

Мамайдың жігерлі қимылы жан бергендей нөкер күзетшілері де аттарына қамшыларын басты.

Ашудан, ызадан көзінен жасы сорғалаған Мамай ат жалын құшып ұзақ шапты. Шапқан сайын көңілі дүрліге түсіп, өзін-өзі баса алмады. Тек астындағы аты зорығып құлағанда ғана өзінің жұрттан бөлініп кеткенін білді. Қараңғы түнде жалғыз қалған Мамай бірінші рет қорқайын деді.

Тоқтамыс жеңіс тойын тойлап, әскерін Қырым мен Сақыстан өңіріне кіргізе бастағанда, Мамай сонда ғана шын жеңілгенін білді.

Соңғы күйреуінен кейін жұрт алдында абыройы да, қадірі де жоғалған, кешегі Қырым мен Сақыстан билеушісінің, жеріне кіріп келе жатқан жауына қарсы шығар еш күші жоқ еді. Соғыстан қалған әскері әміршісінің бұйрығын күтпей-ақ үйді-үйіне тарап кеткен.

Бұның жанында Мамаймен қуанышы да, қайғысы да, қылмысы да бірге болған бір-екі әмірлері, туыс-туғандары, жүзге тарта нөкер күзетшілері ғана қалды.

Және өзіне ғана бағынатын кәшіктәне — жеке жасағы тарап кетпеген-ді.

Ал кешегі үзеңгілес, түмен басы серіктерінен, бала жасынан бірге өскен тек Қастүрік қана соңынан қайтып келген.

Жақсылыққа ма, жамандыққа ма бұның келгені!

Демек, іштей үрейлі Мамай Қастүріктің қайта оралғанына қуанарын да, қуанбасын да білмеген.

Тек соңынан барып білді, жүрегі құрғыр босқа сескенбеген екен. Ал Қарабақауыл, Бегіш мырза бастаған ел-жұртқа ықпалы бар өзге әмірлер: «Осыншама жұртты қырғыздырып, ел-жұрттың қарғысына қалған бұл Мамайдың бізге енді қандай пайдасы бар? Осыған ереміз деп қарамағымыздағы елдерге әбден жексұрын атандық. Одан да есің барда еліңді тап деген, Тоқтамыс жағына шығайық» деді. Ал біреулері «Тоқтамысқа ұстап берейік» деп ақыл салды. «Өлтіріп, басын апарып берейік, сонда Алтын Орда ханы біздің де күнәмізді кешеді» дегендер де табылды. Қысқасы, кешегі серіктері бүгін Мамайды өздеріне құрбан еткілері келді. Мамайға құдайдай табынған әмірлері енді оның өз басына қауіп тудырды.

Тоқтамыстан жеңілгеннен гөрі, кешегі серіктерінің опасыздығына жаман қапа болған Мамай, енді өз басын аман алып қалудың жолын іздеді.

«Құлан құдыққа құласа, құрбақа құлағында ойнайдының» кебі енді келді.

Тек өзің күшті болсаң ғана жұрт сені қорыққанынан сыйлайды.

Ал қолынан күші кеткен Мамай бір сәт шұлғаудай жұмсарып, сасайын деді.

Әйткенмен, жан сақтауға оның әлі де сенері бар еді.

Онысы бөлен жылдан бері әмір болып, жұртты қан қақсатып жинаған дорба-дорба алтын күмісі мен інжу, маржан, асыл тас, гауһарлары — дүние-қазынасы еді. Сол алтын қазынасына сенген Мамай, баспана сұрап Каффа қаласының билеуші купецтеріне Қастүрікті жіберді.

Қала басшылары ақылдасып, кеңесіп Мамайға Каффа қаласына тұруға рұқсат етті.

Бірақ шағын жасағы қорғаған, ұзын көшенің бойын алған керуендерімен көшіп келген Мамайдың, ондаған адамдар әзер көтерген сандықтар толған алтын, күміс, асыл тастарын, жанат ішік, торқа шапан, дүние-мүліктерін көрген Каффадағы купецтер мен қала билеушілері, кенет басқа ойға көшті.

«Бұл байлық неге біздікі емес, қаңғып жүрген қыли Мамайдікі? Бұларды өзіміз иемденейік» деді.

Міне, сонда барып Мамайдың бала жастан бергі досы, үзеңгілес серігі Қастүрік өзінің кім екенін көрсетті. Әрине, Қастүрік Мамайдың алыны емес, басына қызықты. Оның басы өзінің басын ажалдан құтқарады деп ойлады. Бірақ қателесетінін білмеді.

Мамай Каффа қаласының теңізге таяу жерінен бағасын екі есе артық төлеп генуялық бір бай саудагердің кең сарайы — үлкен тас үйін сатып алды. Саудагердің таспен қоршалған далиған қорасының ішінде қызметшілеріне деген жеке шағын жайлар, алыстан келген керуеншілер жататын рабат, мүліктерін қоятын үлкен-үлкен қоймалары да бар еді. Осының бәрін бір айдың ішінде Мамай жақсы жайларға айналдырды. Байлық не істетпейді, бұрынғы тас қоршауын тағы биіктетіп, қақпаларының алдына күзетшілер қойып, бүкіл сарай аумағын кішігірім қала бекініске айналдырды. Кешегі Қырым әміршісі осы бекініс-қалашығының ішіне өзінің алты қатынын, бес баласын, ағайын туысын ғана емес, өзімен бірге еріп келген әмір, нөкер-жасақтарын да, олардың үй іштерін де орналастырды. Және ешкім бұл бекініс сарайларға Мамайдың өз ұлықсатынсыз кіріп-шыға алмайтын етті. Тек қаламен, сыртпен сұраусыз қатынасуға Қастүрік пен кәрі серігі және ұзақ жылғы битікшісі Тібіт пандиты Сұрайға ғана рұқсат берді. Сұрай құр ғана битікшісі емес еді, ұзақ жылдан бері Мамайдың қазынасын басқаратын. Орда маңындағы жұрттың ой-пікірін біліп жүретін әміршінің ең сенімді көз-құлағы болатын. Битікші өте білгір, көреген адам еді. Және Мамай оған сенетін. Қырым билеушісін бұл да алдап көрген емес.

Мамай cap далаға боз ордасын тастап, тас үйге кірген күнінен бастап кілт өзгерген. Көк аспанды еркін кезген ақ иық қыран, тар темір торға қамалғандай, бұны сұрқай даланың ұшы-қиыры жоқ ұзақ жолындай бір мәңгі бітпес қайғы басқан. Оның үстіне соңғы кезде кешегі өзінің қарамағындағы әмірлердің бұны өлтіріп не тірідей Тоқтамысқа ұстап бермекші болғандарын естіп, көлеңкесінен де қорқатын кеселге ұшыраған.

Сол себептен осы тас қорғанның ішіндегі жақын туыс-туғандары да, тағдырын өзімен бірге бір арқанға байлаған әмір, жауынгер серіктері де ыңғайы келген шақта бұны Тоқтамысқа ұстап бергелі жүрген қастары тәрізді көрінген. Осылай қорыққан Мамай Каффаға алғашқы келген кезде іші пысып жігіттерімен қала сыртына аңға шығып жүрсе, енді оны да қойған. Тіпті Сарай үйінің тас дуалды қорғанынан әрі аяғын басуды да доғарған. Бұрын өзге әйелдерінен ана-ғұрлым сенімді санап, көбіне жастайынан қосылған үлкен бәйбішесі Ханым-бегімнің үйіне жиі қонып келсе, соңғы кезде тіпті осы кәрі әйелінің өзінен көңілі секем алып, есік терезесі темір торлы, сарайдың ең түкпіріндегі жеке бөлмесіне жалғыз қонуды шығарған. Және жұрттан қорқатыны соншалық, тіпті сарайының түкпіріндегі өзі жатқан оңаша бөлменің терезесі мен есігін сыртына түні бойы ұйқы көрмейтін күзетшілер де қойдырды.

Жалғыз ғана кәрі пандит битікшісі Сұрайға ғана сенді.

Оның бүйтуінің себебі де бар еді. Көзге көрініп тұрмаған қауіпті адам жүрегіменен сезеді.

Бір күні кәрі битікші Сұрай оған:

— Қастүрік қалаға тым көп шығатын болды,— деді.

— Неге?

— Бір сұмдыққа бастағалы жүрмесе жарар еді.

— Қандай сұмдықты айтасың?

— Бұл заманда опасыздық деген аз емес қой, оны кейбір генуялық бай купецтермен көргендер бар…

Мамайға ерген жұрт Каффаға үй іштерімен тегіс көшіп келген. Тек кіші тоқалымен ғана келген Қастүрік еді. Алғашқы кезде Мамай неге бүйтті? Үй ішімен тегіс неге көшіп келмеді? деп ойлаған. Бірақ Қастүріктің өзге қатындары мен аға інілері үлкен екі ауыл болғандықтан, «қарамағындағы бүкіл ауыл-аймағын шұбыртып жүруді дұрыс көрмеген шығар» деген де қойған. Және бала жастан бірге өскен, ең сенімді досының бұл қылығын жамандыққа жорығысы келмеген. Әйтсе де, кәрі битікшінің сөзі, сондағы ұмытылып кеткен күдігін қайта оятты. Бірақ, ескі досын жамандыққа қимады.

— Жақсы,— деді ол битікшіге.— Дегенмен әбден анығына жетіңіз. Әлі уақыт бар ғой.

Мамайдың бұл кезде мінез-құлқы тағы өзгере бастаған. Өмір бойы қан кешіп, жаулармен айқасып, ел билеп, алыс-жұлысқа үйренген Мамайдың жаны, өзін қоршаған мұндай дәрменсіз тыныштықтан үркіп, тіпті «осы мен неге тірі жүрмін?» деген сұрақты да өзіне өзі сан берген. Осыдан барып, қолынан ештеңе келмейтініне көзі жеткен сайын, бүйтіп тірі өлік болып жүргенімше өлгенім жақсы деген ойға да тоқталғандай еді. Көңілін әлсін-әлсін алаң еткен осы үрейлі сезімнің арқасында Мамай жан-жағындағы жұртқа да, дүниеге де, тіпті, қастары мен достарына да «немқұрайды» қарай бастаған. Оның сап-сау өткір оң көзінде бұрынғыдай от емес, кімге болса да «не істегің келсе, соны істе» дегендей бір тұманды мұң пайда болған. Қорланған әбден намыс жеңген Мамай бірақ өзін-өзі өлтіруден алыс еді. Өйткені, ол өмірді әлі де жақсы көретін, әлі де жер басып жүргісі келетін… Әрине, кәрі битікші Қастүрік жайында білгенін күнде Мамайға жеткізіп тұрған. Ақыры оның көзі қанды көйлек серігінің генуялық купецтермен бірігіп, өзін өлтіргелі жүргеніне әбден жеткен.

Соңынан ерген жалғыз жолдасының бұл опасыздығы Мамайды таң қалдырды. Бірақ ол Қастүрікті өлтіруге бұйрық бермеді. Оның өзін қалай өлтіретінін көргісі келгендей, еш шара қолданбады.

Неге қолданбады?

Ол енді Қастүріктің өзін өлтіретінін анық білді, бірақ қай күні өлтіретінін білмеді.

Сол күнді білгісі келгендей Қастүрікке тимеді.

Осындай кезде Мамайға келе жатып кенет Сұрай битікші жүрегі қабынып кетіп дүние салды.

«Оқасы жоқ, бәріміз де өлеміз» дегендей Мамай оған бөлендей қайғырған жоқ. Енді Мамайдың Сарай-Бекінісінің билігі Қастүрікке көшті. Ең ақырғы рет отпен ойнағысы келген Мамай, «сен мені қалай өлтіреді екенсің, көрейін» дегендей, оған бұрынғысындай сенімін көрсете берді.

Ал Мамайды өлтіру оңай емес еді. Есік біткеннің бәрінде күзетші, қорған ішінде аттары ерттеулі, сырттан жау келсе Мамайды қасық қандары төгілгенше қорғайтын жасақ бар…

Бірақ Қастүрік айласын асырды. Жасақ жігіттері таң ата тәтті ұйқыға кеткен кезде, есік алдында тұрған күзетшілерге: «бара беріңдер, сендердің орындарыңа бөтен кісілер тұрады» деп бәрін үйлеріне жіберді, сыртқы қақпаны ашты.

Қораға ұрланып кірген генуялық купецтерді, өзі басқарып Мамай жатқан бөлмеге алып келді. Бөлменің есігін тартып қалып, қатты ашып, үйге ең алдымен өзі кірді. Ұйқылы-ояу жатқан Мамай басын көтеріп алды.

— Қастүрік, сенбісің? — деді ол ширақ сөйлеп.

— Иә, менмін,— деді Қастүрік,— сені өлтіруге генуялықтар келді.

Мамай шошынған жоқ.

— Иә, білемін,— деді ол,— сәл кешірек келдіңдер ғой, таң атып қалған жоқ па…

Қастүрік Мамайдың өте баққұмар екенін білетін. Мына сөзінен қолынан билік кеткеннен кейін, өмірдің оған еш маңызы қалмағанын түсінді. Қастүрік даңқ, атақ, бақ үшін Мамайдың өліммен ойнағанын сан көрген, бірақ оны дәл мұндай, дәрежесіз өмірді тіпті ештеңеге санамайтын адам деп ойламайтын.

Міне осы тұста үйге генуялықтар да кірді. Төсегінің үстінде көйлекшең отырған Мамайдың еті арыған тарамыс денесіне жан-жағынан генуялықтардық қанжарлары қадалды.

Бұлар қанжарларын суырып алғанда Мамайдың әр жерінен қаны бұрқырап атқан өлі денесі төсек үстінде жантая сылқ етті.

Қастүрік беліндегі ұзын қанжарын суырып, Мамайдың сирек сақалынан ұстап, шықшытты басын кесіп алды да, беліндегі әшекейлі қоржынына салып, үйден шығып кетті.

Бөлме-бөлмелерді жайлап үлгерген генуялықтар Мамайдың қатын баласын шулата сандықтары толған асыл қазына, алтын, күмістерін тонауға кірісті.

Генуялықтардың Сарай ішін алып қойғанын білген Мамайдың шағын жасағы, аттарына міне сала жан сауғалап қаладан қаша жөнелді.

Ашу қысқанда қыли сол көзі шапыраштана, ал сау оң көзі от шашып тұтана қалатын, Алтын Ордадан Қырымды бөліп алып ең алғашқы билеген қанкөй Мамай дүниеден осылай өтті.

Оның қанды есімін, қанды ісін содан бері өткен жүздеген жылдар да тарих бетінен жоя алмады.

Ал Қастүрік Мамайдың қыли көзді басы салынған дорбаны қанжығасына байлап, осы күндері Ескі Қырымда жатқан Тоқтамысқа алып келді. Қарға қарғаның көзін шұқымайды, Тоқтамыс Қырымнан Мамайды қуғанмен, Шыңғыс ұрпағы Гиясиддин Мұхамедті қуған жоқ. Хандығынан түсіргенмен осы араға аймақ бегі етіп қалдырған.

Ал Мамайдың әскерін өз әскеріне қосып, әмір біткендерді Алтын Орда әмірлері еткен.

Қастүрік ауыл сыртында атынан түсіп, қоржынын арқалап, Тоқтамыс отырған боз ордаға кіріп келді.

Бір тізерлеп сәлем берді де, хан алдына еңбектей барып арқасындағы дорбаны алдына қойды.

— Алдияр, тақсыр, ұлы мәртебелі Алтын Орда ханы Тайқожа ұғлы Тоқтамыс,— деді тізерлеп отыра қалып.— Сен жеңдің, біз жеңілдік, иілген басты қылыш кеспес, өз қолыммен бауыздаған қас жауың Мамайдың басын әкеп тұрмын, білместікпен саған істеген күнәмді кешірерсің деп басымды иіп, аяғыңа жығылдым.

Тоқтамыс мойын жағы қан-қан боп күреңденіп қатып қалған Мамайдың басын қоржыннан алып, сақалынан ұстай жоғары көтеріп жұртқа көрсетті де, өзі оған қадала қарады.

— Шіркіннің ең болмаса көзін жаппаған екенсің,— деді, сөйтті де Қастүрікке бұрылды.— Мамай менің өз басымның қасы емес, Алтын Орданың қасы еді. Бұны дұрыс өлтіргенсің. Ал сен менің өз басымның қасы едің, Мамайды өлтіргенің үшін сол қастығымды кештім. Бірақ, Мамай екеуің бір күні туған құрдас екенсіңдер. Қырық жыл бойы үзеңгілеріңді жазбай жауларыңмен қатар тұрып соғыстыңдар. Алтын Ордаға зияндарыңды да бірдей тигізіпсіңдер. Дүниеге бірдей келген екенсіңдер сол фәни жалғаннан да бірдей өткендерің әділетті тәрізді. Серігіңді өлтіріп, өзің тірі қалғанда кімге мұра боласың? — Сөйдеді де Тоқтамыс әдеттегісіндей, жайбарақат сөйлеп отырған кісідей, есік жақтағы нөкерлеріне қарады. Даусын өзгерткен де, көтерген де жоқ.— Мынаны да бауыздап, Мамай екеуінің басын бірге көміңдер,— деді. Құдай қоспаған бастарын біз қосалық.

Қастүрік түрегелді. Жанымды сақтай гөр деп Тоқтамысқа жалынған да жоқ, кішірейген де жоқ. Қандай опасыздық істегенін өзі де түсінді.

— Мамайдай боздағымды бекер өлтірген екенмін! — деді кенет ол өкініп.

— Иә, сөйттің,— деді Тоқтамыс.— Адасқанның алды жөн, арты соқпақ…

Тоқтамыс Мамайды жеңіп, Қырым мен Сақыстанды өзіне қаратып алғаннан кейін Алтын Орданың жаңа ханына қаһар көрсетіп, шын белдесіп қарсы тұрарлықтай ешкім қалмады. Енді осы күнгі Алтын Ордаға да Хаджы-Тарханнан бастап бұрынғы Бұлғар Шаһары тұрған жерге дейін бүкіл Еділ бойы, теріскей Кавказ, Қырым, Сақыстан, Шығысындағы Ақ Орданың жері, бәрі-бәрі кірді. Тек осыдан бір жыл бұрын Ақсақ Темір жаулап алған Хорезм ғана кірмеді. Енді Алтын Орданың осы жұртқа салған алым-салығына, өзінің жеңген әскерінен түскен қару-жарақ, тағы басқа дүние-мүлік олжасын қосқанда, тағы екі жүз мыңдай кісіні сапқа тұрғызуға мүмкіншілігі жетті. Жоқ, ол дүние-мүлік, қазына тек жаңа қосындарын ғана қаруландыруға жараған жоқ, артығын өзімен бірге бұрын майданға қатысқан серіктеріне бөліп берді. Көптен бері өзгені тонаудың орнына, өзі тоналуға айналған Алтын Орда жауынгерлері еңсесін көтерейін деді. Бұлардың алдында Тоқтамыстың абыройы аса түсті.

Жәнібек өлгеннен бері әр ханның сойылығының астында кете бастаған ел-жұрт. Алтын Ордаға баяғы Өзбек, әз Жәнібектің Ордасының шаңырағын құлатпайтын, қайтадан көтеріп бұрынғысындай мығымдайтын жаңа хан келді деді.

Тоқтамыс өзі де осылай ойлады.

Енді ол өзін ұлы қолбасшы ретінде сезінді.

Өзгелер де осылай ойлай бастады.

Абыройы, дәрежесі көтерілген Тоқтамыс, бұдан әрі Бердібек ханға дейінгі орыс елінің Алтын Ордаға бағынышты болған кезін көкседі. Бұл халықты дегеніне көндіріп Алтын Орданың шалқып тұрған кезіндегідей қайтадан өзіне алым-салық беріп тұратын етпекші болды. Русьтің Куликов даласындағы ұрыстан кейінгі бірлігі күшейіп, Алтын Орда құрығынан шыға бастаған жағдайына көнгісі келмеді. Ең алдыменен Мәскеуге, ұлы князь Дмитрий Ивановичке және орыстың басқа да князьдеріне бәрінің қасы Мамайды жеңіп, өзінің Алтын Орда тағына отырғанын хабарлап жаушылар жіберді. Және көп кешікпей Төле Бұғы мен Мөкше биді елші етіп аттандырып орыс князьдерінің бұған бұрынғыдай алым-салық төлеп тұруға тиісті екенін ескертті. Бірақ бұнысынан ештеңе шықпайтынын түсінген Тоқтамыс сол күннен бастап орыс князьдерін айтқанына күшпен көндіру үшін соғысқа жасырын дайындала бастады. Бұл тұста саудагерлердің Алтын Ордамен сауда-саттығы қарым-қатынасы әбден күшейген болатын. Өзгесін қойғанда орыс саудагерлері Алтын Орда астанасы Сарай-Беркенің өзіне апарып заттарын сататын күйге жеткен. Ал, осы саудагер, купецтердің ішінде өз елінің Алтын Орда үстемдігінен зәбір көріп келе жатқанына жаны ашитын, тезірек бұл Орданың қиянатынан құтылуды тілейтіндері де аз емес-ті. Олар Алтын Орданың ішкі жағдайын, қандай күші барын, алдағы уақытта қандай жорықтарға дайындалып жатқанын, бәрін біліп, өздерінің князьдеріне айтып келетін. Тоқтамыс орыс саудагерлерінің бұл қылықтарымен таныс болатын және соқыр Иманға сенген Мамайдың қандай күйге ұшырағанын Кен-Жанбайдан естіген-ді. Сондықтан ол соғысқа дайындала бастаған күннен-ақ елдеріне ешқайсысы хабар жеткізбесін деп Алтын Орда жерінде жүрген орыс саудагерлерін тегіс қырып тастауға бұйрық берді. Мұндай қанішер қатыгездікті сауда адамдарына бұдан бұрын еш Алтын Орда ханы тіпті қылышынан қан тамған Бату да істеп көрмеген. Бұны енді Алтын Орданы көтерем деген Тоқтамыс істеді. Оның жендеттері Дәшті Қыпшақ пен Қырым, Теріскей Кавказдағы бүкіл орыс купецтерін бір түнде қырып тастады. Олардың қазынасын, дүние-мүлкін екіге бөліп, бір бөлегін Орда қорына түсірді де, ал екінші бөлегін сол купецтерді өлтірген жендеттеріне, олардың тығылып жатқан жерлерін көрсеткендерге үлестіріп берді. Оңай олжаға кенеліп дәндеген қанішерлер ертеңіне, тіпті купецтерді ғана емес, кейбір ат айырбастау, көлік сатып алу тәрізді өз жұмыстарымен Алтын Орда жеріне қалай жай шаруаларды да заты орыс болса өлтіріп, дүние ақшаларының аз-көптігіне қарай, бұрын талап алды. Мұндай жағдайды, Алтын Орда ханының әскерін жинап, жорыққа дайындалып жатқанын Мәскеу князі Дмитрий Иванович алғашқы айларда білмеді. Тоқтамыс бұнымен қоймады, ол Болғарға өзінің жасақтарын аттандырды. Еділ бойында сауда-саттық жүргізіп жүрген бүкіл орыс кемелерін қиратып, дүние-мүліктерін Орда қазынасына әкеп тапсыруды бұйырды. Бірақ бұл ісінен Тоқтамыс пәлендей кенеле қойған жоқ. Өйткені, бүкіл Еділ бойындағы сауда жүргізетін кеме жолдары орыс купецтерінің қолында болатын, олар бұл сұмдықты сезіп қалып, кемелерін Болғар жерінен жоғары әкетіп, біразын құтқара алған.

Тоқтамыс өзінің Алтын Орда ханы болғанын тек орыс князьдеріне ғана хабарлап қойған жоқ, бұрыннан Алтын Ордамен тілектес, Мамай кезінде тіпті орыстарға қарсы одақтас болған Либке князі Ягойлоға арнаулы жарлық жіберген. Бұл жарлық бойынша Либке князьдігі бұрынғысындай Алтын Орда қол астында екенін ұмытпауы көрсетілген. Тоқтамыс бүгінгі таңда Мамай сынды орыс жерін шабуға Либке князінің әскері керек деп санамаған. Бірақ өзі жорыққа шыққан кезде, Ягойлоның орыс князьдерімен қосылып кетпеуін көздеген.

Тоқтамыс әрине Қырым мен Сақыстанды шапқанын місе тұтпаған. Орыс қалаларын тонап, одан да көп олжаға белшесінен батпақ болған. Әсіресе оның көздегені ең алдыменен Иван Калитаның кезінен бастап әжептәуір көтеріліп және байып қалған Мәскеу князьдігі еді. Онда да Тоқтамыс тек орыс қалаларын тонап олжаға батуды ғана мақсат етпеген. Оның ойы тым алыста жатыр еді.

Ал орыс халқының ежелден еңбек сүйгіштігі, мемлекет байлығы бөтен елдерді шабудан, тонаудан емес, елінің жер жыртып, егін егіп, балық аулап, адал еңбек етуден табатыны оның күшті жұртқа айналуына көне заманнан себеп болып келген.

Орыс халқы бейбітшілік өмір үшін туған халық еді. Ол шу дегеннен керемет бай, орман-тоғайлы, мол сулы, егін егуге қолайлы жерге ие болды. Орыс елі жайлаған өлке жері сілкініп, жарылып от шашатын апатқа ұшыраған емес. Өздері шенінен шығып, керемет боп тасып, жағаларында отырған елдерді қырсыққа ұрындырып көрмеген. Ауа райы, қысы қатты суық, боранды-шашынды болғаныменен, көктемі, жазы, күзі біркелкі тыныш, шаруашылыққа қолайлы келетін. Әрине, Мәскеу, Кама, Ока өзендерінің бойлары Ніл, Жолбарыс, Ефрат өзендерінің жағаларындай құнарлы емес-ті. Мұнда мақта, не болмаса жүзім, алма, алмұрт тәрізді сан түрлі жемістер өспейтін. Орыс жерінде не шықса да бәрі еңбекпен, михнатпен шығатын. Сондықтан бар күн көрері осы еңбегі болғандықтан бұл жұрт бөтендерді шабудан, тонаудан гөрі бар ынтасын, күшін еңбегіне, еңбегі арқылы тұрмысын жөндеуге жұмсайтын. Ол қолына мылтық алудан гөрі, балта, күрек ұстауды жақсы көретін. Бірақ орыс елі, осындай маңдай терін сорғалатып бейнеттеніп, бар керегін алып отырған жер суын ешкімге бергісі келмейтін. Өзі барып бөтен елдердің жерін тартып алмағанымен, өз жерін шабуға келгендермен күресуге ерлігі де, табандылығы да жететін.

Бұл жұрттың тағы бір айырмашылығы бар еді. Ол — орыс елі қаулап өсіп келе жатқан ел еді. Және күн көрсетпей отырған көшпелі ел мемлекеті Алтын Орданың қиянатына қарамай, оның мәдениеті де, шаруашылығы да, шығыс көршілерінен жоғары болатын.

Тоқтамыс орыс елінің бүгінгісінен гөрі келешегінен қорықты. Сондықтан ол Русьті құр ғана алым-салық төлеп тұратын мемлекет етіп қалдырмай, біржолата Алтын Орданың бір ұлысына айналдырмақ болды. Сол себептен де Тоқтамыс Мамайды жеңгеннен кейін, әскерін орыс жеріне жорыққа шығуға жылдан артық дайындады… Куликов даласындағы ұрыстан жеңілген Мамайдай қапы қалмайын деді. Және әскерінің санын, соғысу тәсілін ешкім білмесін деп, жорыққа шыққан күніне дейін бәрін құпия ұстауға тырысты. Бірақ сыбырлағанды құдай естімей ме, жүз мыңдаған әскердің аттанысқа дайындалып жатқанын жасыру қиын еді. Тек бұл қалың қолдар қай жаққа аттанады. Ақсақ Темір алып қойған Хорезмге ме, әлде Ақсақ Темір шабуға дайындалып жатқан Иранға ма? Не болмаса алтын Ордадан құтылғысы келген Руське ме? — Ешкім анығын білмеді. Тоқтамыс та әзірге өз ойын ашық айта қоймады. Сөйтсе де, Алтын Орданың қалың қосындарының орыс жеріне аттанатынын ең алдымен Дәшті Қыпшақпен іргелес отырған Рязань князі Олег түсінді. Шынында Тоқтамыстың купец біткендерді қырып, Еділ бойындағы орыс кемелерін жоқ етуге тырысқанына қарағанда Алтын Орда ханының қай жаққа ат басын бұрарын білу қиын да емес еді.

Міне Тоқтамыс су қайтысыменен орыс кемелерін жоюға Болғарға жіберген қосындарын өкшелей, Ит, яғни 1388 жылы жаздың бас шенінде, сыңсыған қалың әскерімен өзі де Еділдің арғы бетіне өтті.

Шекарадағы тоғай-ормандардың, қамыс, шілдердің арасына тығып қойған сақшы-сакмагондары7 арқылы Тоқтамыс қосындары орыс жеріне келе жатқанын Олег енді анық көрді. Бұны дереу Мәскеу князі Дмитрий Иванович хабарлады.

Бірақ Куликов қырғынынан кейін ойсырап қалған орыс әскерінің Тоқтамыстың бықыған қосындарына қарсы шығатын күші жоқ еді. Сөйтсе де Дмитрий Донской Мәскеуді оңай жауға беруден тіпті аулақ болатын. Амал жоқ, Тоқтамыстан қорғанар дәл қазір қол астындағы бұлықтары жеткіліксіз болғандықтан, боярларға «шамаларың келгенше қаланы бермендер» деп өзі Нижний Новгород, Суздаль, Белозер жерлерінен әскер жинауға шұғыл жүріп кетті.

Ол расында да Мәскеуді жауға береміз деп ойламады. Дәрімен ататын зеңбіректері бар қала бұл келгенше өзін қорғай алады деп сенді.

Жұрт та осылай ойласын деп қатын-баласын тегіс Мәскеуге тастап кетті.

Ал Рязань князі Олег бес-алты боярыменен Тоқтамыстың алдынан шықты.

Өзінің Мамаймен одақтас болғанын айтып, қысқа жолменен Алтын Орда әскерін Мәскеудің дәл іргесіне алып бармақшы болды.

Тоқтамыс Олегке нанды. Рязань князінің жолбасшысы етті. Тоқтамыс енді бірге қару-жарағыңмен қосыл деп Тверь князі Дмитрий Константиновичке де жаушы жіберді. Ал Олегтің қылығын кейбір орыстың зерттеушілері «Олег бұны Орда әскері Рязань жерін шаппасын деп және Дмитрий бұлықтар жинап жатқан князьдіктерден Тоқтамыстың бетін бұрғалы, бұны әдейі істеді» деп жазды.

Ләйім, солай болғай да…

Бірақ Мәскеу князьдігінің байлығына қызыққан және Мәскеудің орыс елінің бас қорғаны екенін білетін Тоқтамыс неге бөтен жаққа — Суздаль, Нижний Новгород, Белозерге бұрылуы керек еді?

Әлде орыс елін бағындырам деген адам қазір қорғанар күші жоқ, бұл елдің бас қамалы Мәскеуді алуды білмейтін ақымақ па еді?

Әлде Рязань, Нижний Новгород, Суздаль, Белозер қалаларына тигізбей Олег Алтын Орда әскерін Мәскеу іргесіне алып барғанында бұл қаланы жау ала алмайды деп сенді ме?

Ондай күмән болса князь Дмитрий Донской қаласын тастап бөтен князьдіктерден әскер жинаймын деп Мәскеуден неге кетті?

Орда әскерінен қорғануға князі сенбеген қалаға, әлде қорғана алады деп Олег сенді ме?

Ал Мәскеу қорғана алмаса, Орда әскерлері оны аямай шабатынын, тонайтынын, адамдарын қойдай қыратынын білмеді ме?

Сонда қалай болғаны, Мәскеу жұрты не болса о болсын, тек Рязань халқы ғана аман қалсын дегені ме Олегтің бұл қылығы?

Бәрі түсініксіз. Түсініксіз.

Ал Алтын Орда әскері Ока өзенінен өтіп жатқан кезде бұларға қосылуға Нижний Новгород — Суздаль князі Дмитрийдің балалары Василий мен Семен інісі Борис келді. Князь Дмитрий Константиновичтің өзі сырқаттығын сылтау етіп Тоқтамысқа қосылмай қалды.

Қысқасы, Олег пен Нижний Новгород — Суздаль князінің балалары қосылған Тоқтамыстың жер қайысқан қалың әскері жаздың ортасында Мәскеудің іргесіне кеп тоқтады.

Орыс зеңбіректері-туфяктары Мәскеуді, әсіресе Кремльді қорғауға жарады. Қаланы бермеуге бүкіл Мәскеу тұрғындары көтерілді. Балта, айыр, шалғы ұстаған бұқара, өзінің аз жауынгер әскерімен қосылып, көк темірге бөленген қалыптасқан Алтын Орда қосындарына қарсы тұрды. Тоқтамыс әскері қалаға кіре алмады, ызаланғандарынан Мәскеудің шетін өртей бастады.

Амал жоқ, Тоқтамыс қулыққа бармақ болды.

Ол Кремль боярларына елші етіп князь Василий мен Семенді жіберді.

Олар Мәскеу боярларына «Босқа қырылмаңдар. Егер өз еріктеріңмен шаһарларыңның қақпасын ашсаңдар, Тоқтамыс сендерге тимейді, келісім сөзге келіп шамаларына қарай соғыс құнын алып кейін қайтады» деді.

Сырттан көмек келе қоймаған және азық-түлік қорының қаланы ұзақ ұстап тұруға жетпейтінін білетін боярлар Василий мен Семен князьдерінің сөзіне сенген. Өз еріктерімен қаланың қақпасын ашқан. Тек Либке князі Ольгердтің осы Мәскеудегі немересі Остей ғана бұл жалған уәдеге көнбеген. Қасындағы бірнеше жігіттерімен шапқыншыларға қарсы шығып, ұрыс үстінде өлген.

Дегенмен осылай алдаумен Тоқтамыс әскері Мәскеуге кірген.

Ең алдымен Кремльді алған.

Бірақ Тоқтамыс уәдесінде тұрмаған. Сол Мәскеуге кірген күні таң атқанша Алтын Орданың қанды қылыш жасақтары өздерінің хандарының бұйрығы бойынша жиырма бес мыңға жуық Кремльдің ішіндегі әскер, боярларды өлтірген.

Алтын Орда жауынгерлері Кремльді алып, орыс әскері мен боярларын қан-жоса етіп қырып жатқандарын қала тұрғындары біліп қалып, енді Кремльдің өзін қоршап, ішіндегі Тоқтамыс жауынгерлерін құртуды ойлады.

Ал Мәскеуге қауіп шын туа бастағаннан-ақ, Мәскеу боярлары князь Донскойдың айтқанына қарамай оның үй ішін Костромаға жүргізіп жіберген.

Ал бұл кезде князь Владимир Серпуховский де, Дмитрий Донской да біраз әскер жинап қалған еді. Мәскеуге жәрдемге келуге оларға көп дегенде бір жетідей уақыт керек болатын. Бірақ олардың келуіне Василий мен Семен князьдер шыдамады. Донскойға опасыздық істегілері келді ме, әлде Мәскеу қаласын майдан орнына айналдырып, көшелерін тағы да қан сасытудан қашты ма, Мәскеу боярларын Тоқтамысқа тізе бүктіріп, онымен келісім сөз жүргізуге көндірді.

Мәскеу боярларының көнбеске де амалдары жоқ еді.

Алтын Орда жауынгерлерімен күресуге күштері жетпеген. Ал сырттан ешбір көмек келмеген. Құр ерлікпен не істей алады? Күшің жетпеген жағдайда ерлік тек өлімге апарады. Ал Мәскеу боярлары өлгілері келмеді. Амал жоқ, олар Тоқтамыстың дегеніне көнді.

Енді Тоқтамысқа Өзбек пен Жәнібек ханның кезіндегідей орыс елі орасан көп салық пен сый-сыяпат төлеп тұратын болды. Осылай Мәскеуден көп олжаға батып, жолындағы бірнеше қалаларды тонап, уақытша болса да, орыс елін өзіне тізе бүктіріп, Алтын Орда ханы қалың әскерімен Сарай-Беркеге қайтты.

Ол жолы Тверь қаласына да бұрылмақшы еді, бірақ келе жатқан Владимир Серпуховскийдің бұлықтарынан сескеніп кідіруді қауіпті көрді.

Ал Алтын Орданың әскеріне мол сулы Ока өзенінен өткел тауып беріп, Мәскеуге тікелей алып барған Олег қандай пайда тапты? Тоқтамысқа Мәскеуді тонатты. Ол аз болғандай Алтын Орда әскері кейін шегініп бара жатып Рязань жерін де аяған жоқ, тонап, өртеп өтті.

Сонда Олег нені құтқарды?

Ештеңені де кұтқарған жоқ.

Сасқан үйрек артыменен сүңгиді дегендей бұл айыбы аз болғандай, ол соңынан Мәскеу князьдігінен өзінің тоналған қалаларының, шабылған жерінің құнын сұрады.

Тіпті өз әскерін алып Алтын Орданың қосындарымен күйзелген Мәскеу жеріне аттанды.

Осындай адамды, орыстың жоғын жоқтар ұланы, жауға шабар қыраны деуге бола ма? Одан да Олегті опасыз деген дұрыс тәрізді. Жарайды, опасыз-ақ болсын Олег. Ал қаласы күйреген, елі күйзелген, ыза мен қайғыға батқан Мәскеу князі Дмитрий Донской ондай опасыз адамнан өшін неге алмады? Алтын Ордаға күші жетпегенмен, Рязань князіне жететін еді ғой.

Неден қорықты? Рязань князі біржолата Алтын Ордамен бірігіп кетіп, одан әскер алып өзіне тағы қарсы шығады деді ме?

Содан ба? Әлде орыс князьдігінің басын қосуды тілек еткен Донской, ойлағаны ақталмай, не істерін білмей алас ұрған Олегтің онсыз да өртенген жанын одан әрі өртегісі келмей, сабырлық істеді ме? Соғыспен жеңгенше ақылмен жеңейін деп соңынан оның баласы Федорға өзінің қызы Софияны берді ме? Ұлт тілегін кектен артық санады ма? Олегті құртқанда кімді мұқатады? Тек орыс князьдерінің арасын аша түсіп, күшімізді азайта түсеміз деді ме?

Солай тәрізді…

Дегенмен Олег қылығын Донской да, осы күнге дейінгі тарих та ашқан жоқ.

Ал сыры ашылмаған тарих — ол ішінде алтыны бар қобдиша тәрізді. Әркім-ақ өз кілтіменен аузын ашып, алтынына кенелмекші болады. Мейілдері.

Ал уақытша болса да Мәскеуді бағындырып қайтқан Тоқтамыс, төбесі көкке жеткендей қуанышты еді. Ол бұдан әрі зорлығымен, қанды қылышымен Алтын Орданы бұрынғы айбарлы шағына жеткіземін деп сене бастады. Өзін шын Алтын Орда ханы санады. Сол себептен де, Ақ Орда тағына бұны Ақсақ Темір отырғызып, бұрын Тоқтамыс өзін оның қарамағында санап келсе, енді әр жеңісінен кейін ол Жағатай ұлысының әміріне бой ұсынбайтын өзін жеке ханмын деп білді. Және хан болғанда қандай, әлі де Мауараннахрды үш орап алатын Алтын Орда ханы емес пе бұл! Өзін өзі осылай мәртебелі сезінген Тоқтамыс Мәскеу жорығынан қайтқаннан кейін Хорезмде өз атынан алтын ақшалар құйдырды. Бұл қылығы Тоқтамыстың саяси бетін ашты. Осының алдында Алтын Ордадан Хорезм жеке мемлекет болып бөлінген. Ал оны Ақсақ Темірдің Мауараннахрға қосып алмақ болып жүргенін Тоқтамыс білетін. Және осы тұста Хорезмді басқарып отырған әмірші Сүлеймен Софыны Әмір-Темір өзіне бағынышты, ұсақ әмірі санай бастағаны да бұған мәлім еді. Сөйткен Хорезмде бұл өз атынан ақша шығарды. Бұнысы кешегі өзінің әміршісі Ақсақ Темірге «Хорезмнен қолыңды тарт, бұл менің жерім» дегені еді. Әрине, Ақсақ Темір бұны бірден түсінді, бірақ алыстағы Иранда жорықта жүріп, бұл мәселемен белсене шұғылдануға мұршасы жетпеді.

Ал Алтын Орданы бұрынғы қалпына жеткіземін деген Тоқтамысқа тек Хорезм ғана емес, әлі көп нәрсе жетпейтін еді. Әсіресе Теріскей Иран, Әзірбайжан да оның есінде болатын. Бұл жерлерді Алтын Орда хандары ежелден — сонау Бату заманынан өзінікі санап келген. Әзірбайжан мен Теріскей Кавказды соңғы жаулап қайтқан Алтын Орданың ең бір айбынды ханы Жәнібек еді. Бірақ оларды иемдену Жәнібек хан дүние салған 1357 жылмен біткен. Содан бері бұл жерлер өз бетінше жүріп жатқан. Енді оларды Ақсақ Темір алмақ. Міне Ақсақ Темір мен Тоқтамыстың ойларының біріне-бірі тағы қарсы түсер тұсы. Түбі Әмір-Темірмен шайқасатынын Тоқтамыс көптен бері түсінген. Бірақ оны жеңе ала ма? Мауараннахр билеушісінің қандай қолбасшы екенін және оның қанша күші барын білмейді ме, әрине біледі. Сөйте тұрып… Жоқ, Тоқтамыс та өзін ақсақ Темірден кем санаудан аулақ еді. Мамайды жеңіп, Мәскеуді өзіне тізе бүктіргеннен бері жұрт та Тоқтамысты ұлы әскери қолбасшылардың қатарына қосқан. Тоқтамыс бұны да біледі. Сөйтсе де, өзін қанша жиһангер көргенмен Тоқтамыстың Әмір-Темірден қаупі аз емес-ті. Сондықтан ол көтеріліп келе жатқан Ақсақ Темірге тізе қосып қарсы шығайық деп Египет сұлтанына да елші жібермек болды.

Рас, бұның бәрі алдағы істер еді. Ал бүгін ол, Мәскеу жорығынан олжалы қайтқанына арналған ұлан-асыр той істемек болды. Оған бүкіл Алтын Орданың жүз бастарынан бастап, ең жоғарғы түмен басшыларын әмір, батыр, билерін тегіс шақырды… Осы тойда Тоқтамыс іштей өзіне қас санап жүрген адамдарының бірі Едіге батырды қорламақ болды. Ал Едіге Тоқтамыстың абыройы, дәрежесі көтерілген сайын, оған шынында да, қастаса түскен. Өйткені азу тістері шығып қалған екі арлан ырылдаспай бір астаудан ет жеп, су ішпесе керек-ті…

Бірақ Тоқтамыс бір нәрсені білмеді. Біреуді ұрғың келсе, оны тұра алмайтындай етіп ұр. Құр алақаныңмен бетінен тартып қалғаныңнан ештеңе шықпайды. Ол да атып тұрып өзіңді ұрады.

Тоқтамыстың Едігені қорлағаны соңынан осылай боп шықты. Алтын Орда ханы, жатқан жыланның құйрығын басып, басын қайырылтып келтіртіп түбі өзін шақтырды.

Алтын Орда жеңісіне арналған той, қыркүйектің аяғында хан Ордасы күзгі жайлауынан астанасы Сарай-Беркеге қайтар алдында болды.

Еділ өзенінің оң жақ сағасындағы жасыл шалғыны күз таяп сұрқай тартып кеткен жазық далаға быжынай ақ шатыр, боз ордалар тігілді. Бұл хан ауылдарына келер қонақтарға арналған жаңа жайлар еді.

Сан қилы тұлпар, жорға мінген әмір, бекзада, би, батырлар, хан ауылына деген тарту-таралғылармен топ-топ боп аттарынан түсіп жатыр. Әр Орданың алдында төрт бес қазан көтерілген. Сойылған ту бие, жас құлын, қозылардың еттері бұрқ-бұрқ қайнауда. Әр ақбоз үйдің босағасында бес биенің терісінен жасалған сабадағы қымызды күмп-күмп пісіп тұрған басына орамал байлап алған жас жігіттер… Әр шағын ауылдың сыртында қаз-қатар тартылған желілер. Желі бойы әлі ер тоқымы алынбаған қонақтардың қаз мойын арғымақтары мен тоқпақ жалды жүйріктері…

Ауыл үсті ың-жың дауыс, абалап үрген ит, айқайлап сөйлеген кісілер.

Дүние шіркін бір қызық базар тәрізді. Жұрттың бәрі мәз-мәйрам.

Тек хан Ордасының есігінен мезгіл-мезгіл кіріп-шығып жүрген Тоқтамыстың кіші бәйбішесі Садат-бегімнің ғана көңілі той болып жатыр-ау деп селт етер емес…

Ақшыл жүзі бозара қалған, қарақат көзіне қайғы шөккен.

Және бір қылмыс істейтін адамдай ретсіз қобалжулы… Кеше қасында қарындасы Бақыт-Жамал мен Темірбек ханнан туған жиені Темір-Құтлық оғлан және Тоқай-Темірдің тағы бір ұрпағы Құнжақ оғлан бар, бір топ серіктерімен хан Ордасына Едіге де келген. Тоғыз нарға тартқан тарту-таралғылары бар…

Ал хан сарайына күні бүгінге дейін бас сұқпаған. .

Аттан түсісімен ол серіктерін ертіп Тоқтамыстың шешесі, Хорезм билеушісі Қоңырат Софылардың әулетінен шыққан тоқсанға таяп қалған Шотан-Құнжақ бәйбішенің боз ордасына сәлем бергелі кіріп кеткен.

Садат-бегім өз ордасының алдында тұрып мұны көрген.

Сол сәттен бастап бұдан маза кеткен. Дегенмен, сыртынан аңдып жүріп жас бәйбіше, ымырт жабыла берген кезде екі үйдің арасында Едігемен кездесіп қалған.

Бөтен сөз айтуға мезгіл тар болып:

— Осылай ат құйрығын мәңгі кескеніміз бе? — деуге ғана шамасы келген жас бәйбішенің.

— Иә, деген Едіге,— сол айтқаным айтқан!

Жас бәйбіше кілт бұрылып жүре берген.

Сол күні түнде Едігенің тағдыры шешілген. Ақсақ Темір ордасында жүрген кездерінен-ақ Тоқтамыс пен Едігенің арасында бақкүндестіктен туған терең ор бар екенін ұққан сұлу Садат-бегім Едігемен арасы алшақтаған күннен бастап, сол орды тереңдете түсуге тырысқан. Бұл тек Едіге ғана емес, өзінен көркі артып, сүйгенін тартып әкеткен Жәнекеге деген де өштігі еді. Және бұл орды ол білдірмей тереңдете түсті.

Едігемен айырылысқан күннің ертеңіне жас бәйбіше хан күйеуіне:

— Сіз осы Едігеден қатты қорқасыз ғой деймін,— деді.

— Оны неден айттың? — Жақтырмаған Тоқтамыстың қабағы түйіліп кетті.

— Жалғыз мен емес жұрттың бәрі де сүйдейді — деді жас бәйбіше.— Қорықпасаңыз… Үйге кіріп келгенде, мысы жеңе ме хан басыңызға қарамай селк етіп, орныңыздан көтеріліп кете жаздайсыз.

— Қайдағы жоқты айтады екенсің! — деді Тоқтамыс шамдана.

— Бекер десеңіз… Өзіңіз бір байқаңызшы.

— Қалай? — деді Тоқтамыс.

— Едіге келе жатыр дегенде ана қымыз ішіп отырған алтын кесеңізді шапаныңыздың етегіне қойыңыз… Егер ол кіріп келгенде етегіңіз көтеріліп кетіп қымызыңыз төгіліп кетпесе мені өтірікші деңіз…

Ханымның айтқаны дұрыс боп шықты. Бір күні Тоқтамыс қымыз ішіп отырғанында боз ордаға Едіге кіріп келді. Едігенің түсі жалпы суық болатын. Ақ сұр бетінің қанын ішіне тартып, боп-боз боп, түкті қабақтарын түксите, үлкен өткір қаракер көздерімен тесіле қарап, үйге кенет кіріп келгенінде кім болса да бір сескеніп қалатын. Бұл жолы да солай болды. Тығыз іспен, рұқсатсыз, тас қабағы түйіліп қанын ішіне тартып боп-боз боп Ордаға кенет кірген Едігеден Тоқтамыс селк етіп, қолындағы кесесін түсіріп ала жаздады. Әнеу күнгі әйелінің «орнынан ұшып тұрғың келгендей қозғалып қаласың» деген сөзі миына кілт түсіп, Тоқтамыс өзінің тұрғысы келгендей орнынан қозғалып қалғанын да аңғарды.

«Шіркіннің түрі қандай суық еді, оңашада кездессең…»

Едігені бұрыннан жек көретін Тоқтамыс енді одан ретін тауып құтылудың жолын ойлайды.

Ал жас бәйбішесі оның бұл ойын ұшықтыра түсті. Кейде түс көрген болады. «Түсінде Едіге Тоқтамыстың алтын тәжісін киіп жүреді. Ханеке мен Жанекені ат артына мінгіздіріп тартып әкеткендей болады…»

Бұның бәрі Тоқтамыстың Едігеге сенімсіздігін, наразылығын оятады. Оны өзінің болашақ шын дұшпаны санай бастайды. Бақталастықтан туған бір-біріне деген іштегі салқындық бірте-бірте енді нағыз аязға айнала түсті.

Ал Садат-бегім Едігеге деген өшпенділігін ұмытпады.

Міне, бүгінде, Едігенің ақырғы сөзін естігеннен кейін, хан көңілін таба білген жас бәйбішесі, ұйқыға кетіп бара жатқан күйеуіне:

— Осы Едіге тым басынып барады. Үлкен әжеме сәлем беруге барғанын сылтау етіп, көрдіңіз бе, кешеден бері Ордаға кіріп, ханға тәжім етпей жатқанын? Алтын Орда ханы сіз емес, дәл өзі тәрізді алшаң-алшаң басады. Бұнысы да ештеңе емес қой, сірә осы шіркін өзіңе қастық ойлап жүрмесе нетсін… Ымырт үйіріле бастаған кезде әлденені күңкілдесіп бес-алты батырдың ауыл сыртында оңаша сөйлесіп отырғанын көргендер бар.

Тоқтамыстың ұйқысы шайдай ашылған.

Едігеден құтылатын кез болды ғой деп ойлады. Таңертең Кен-Жанбайды шақырып алып:

— Бүгін Ордаға Едіге келді. Сені тоғыз батырдың басшысы еткенімді көре алмай жүр… Түбі бізге дос болмайды. Өшір үнін! — деп бұйырған.

Кен-Жанбай шошып кеткен.

— Алар кегім, өштескен жерім жоқ, қалай өлтірем? — деген ол.— Едіге анау-мынау кісі емес, соңында қыруар елі бар, жазықсыз батырын өлтіртіп жұрт мені тірі қоя ма?

— Жазығы болады,— деген Тоқтамыс,— Алтын Орданы балағаттаса одан артық қандай жазық керек?!

Кен-Жанбай үндей алмаған.

— Және оған хан Ордасында отырғанда тимейсіңдер,— деген Тоқтамыс.— Той үстінде, ордада кісі өлтіру — қауіпті. Атына мініп жүріп кеткеннен кейін, айдалада өлтіресіңдер…

Тоқтамыстың айтқанын істемегенде қандай шара қолданарынан хабардар Кен-Жанбай шын абыржыған. Және Алтын Орда ханы Кен-Жанбайдың орындамасын білсе, бұған мұндай үлкен сырын босқа ашпаса керекті. Әйгілі батыр бұл арада айлалы ханның Едіге мен екеуінің басын бірдей өлімге тартып тұрғанын түсінді. Кен-Жанбайға не Едігені өлтіру керек, не өзі Тоқтамыс жендеттерінен өлуге тиісті. «Бір амалын табармын» деп ол Тоқтамысқа:

— Жақсы! — деді.— Тек қасыма өзім тілеген батырларымды алайын!

— Болсын!

Бірақ Кен-Жанбай бала жаста бірге өскен жолдасын өлімге қимады. Бір сенімді жігіт арқылы Едігеге хабар берді. Бүгінгі күн оған қауіп. Өзінің тұлпарымен бірге желіде байлаулы тұрған аттардың күні бұрын бәрінің оң жақ үзеңгісін алдырып тастасын деді Едігеге.

Және сол күні, таңертеңгісін тағам алдында қолына су құйып тұрған бір мосқал құл:

— Ер жүректі Едіге,— деді сыбырлай,— Мен Маңғытпын, кімнен қайдан білдің деп сұрамаңыз. Бүгін сізге ханым екі алтын шараның оң жағындағысынан қымыз құйса ішпеңіз…

— Неге? — деді Едіге басын көтеріп,— у сала ма?

— Жоқ, удан да жаман… Сізді қорлау үшін ол шарадағы қымызға ханым… қосады,— күл тым ақырын сөйледі. Едіге құлдың «қосады» деген сөзінен нені қосатынын ести алмай қалса да, бірден түсінді.

Бозғылт түрі бұрынғысынан да бозара қалды. Ашу қатты қысқанда Едігенің осылай қанын ішіне тартып түсі тым қуқылданып кететін әдеті еді.

Ал мосқал құл ханымның шын берілген құлы еді. Өзінің істегелі тұрғанын Садат-бегім Едігеге айтып бар деп әдейі жұмсаған. Садат-бегімге, дәреті қосылған қымызды Едігенің білмей ішкенінен, біле тұрып ішкені керек еді. Онда өшінің қайтатынын ойлаған. Ал намысқор Едіге егер ішпесе, үндемей кете алмайтынын тағы біледі. Онда Орда ішінде жанжал шығады. Тоқтамыстың бұдан тілегенінің өзі де осы еді.

Едіге болғалы тұрған істі Темір-Құтлық пен Құнжақ оғлан үшеуі ақылдасты да, бірер сенімді жігіттерін шақырып алып, әлденені тапсырды. Күн сәскеден көтеріле үшеуі сәлем беруге хан Ордасына беттеді.

Бұлар еңсесі биік боз үйге кіргенде, орда іші толған игі жақсылар екен. Тоқтамыс өзі төрде отыр. Оң жағында әйгілі екі үш Шыңғыс ұрпағы әмірлер, сол жағында жүзге жеткен Сыпыра жырау. Онымен тізерлесе Ноғайлы, Қыпшақтың би батырлары…

Едіге сәлем беріп үйге кіріп келгенде, жалғыз Тоқтамыс емес, қатарласа отырған бекзада, әмір, батырлардың біразы-ақ селк еткендей болды. Расында да, іштей ашуға тұншыққан Едігенің онсыз да суық түрі бұрынғысынан да бетер аяздана қалған еді. Тоқтамыс сәлем алып болғаннан кейін, иегін көтеріп қана Едігеге отырар жерін көрсетті.

Бұл Кен-Жанбайдан сәл төмендеу, босаға жаққа таяу орын еді. Хан бұларды қорлағалы жай батырлардан әдейі төмен отырғызбақ екенін үйге кірген хан ұрпақтары Темір-Құтлық пен Құнжақ оғлан да, Едіге де жақсы түсінді. Сөйтсе де сыр білдірмей, үшеуі де, Тоқтамыс көрсеткен жерге қатарласа орналасты.

Хан қылығы жай емес екенін сезген жұрт, бірден тына қалды. Ал қарт Сыпыра жырау әлденеге көңілі толмағандай төмен қарап ақырын басын шайқады.

Тоқтамыс үйге кірген Ноғайлының әйгілі батыры Едіге мен оның қасындағы атақты орыс ханның ұрпақтары екі жас жігітке мән бермегендей сұс көрсетті. Бұлар келместен бұрын айтып отырған әңгімесін соза түсті.

— Сөйтіп,— деді Тоқтамыс,— Ақсақ Темір Хорезмді келіп алыпты. Едіге де хан сөзіне құлақ қоймағандай сес көрсетіп екі көзін бірдей сұлу болса да ызбарлы, ызбарлы болса да сұлу, қымыз құйып отырған ханымнан алар емес. Ал ханым әркімнің ордадағы дәрежесіне қарай, алдындағы алтын шарадан біресе алтын, біресе күміс кесеге уыздай сары қымызды, құйып әдемі, келген, күміс белбеулі дәйекші жігітке беріп отыр. Енді ол сол жағында оқшаулау тұрған күміс шарадан Едігеге арнап қымыз құйды. Ойы бірдемеге бөлініп кетті ме, алтын ожаумен құйған қымызы кесе ернеуінен асып жерге төгіліп кетті.

— Едіге қайным шөлдеп отыр екен,— деді ол бір түрлі кекете күлгендей боп.— Мына кесені сол кісіге әдейілеп беріңізші, сусыны қана ішсін…

Едіге бұрынғыдан да бозара түсті.

Ол үн-түнсіз сәл отырды да, күміс белбеуіндегі қынабынан алтын кездігін суырып алды. Кеседегі қымызды айқыш-ұйқыш кесті де, кездігіменен былғап-былғап жіберіп жұтып салды. Сөйтті де, орнынан түрегеліп, ханға бұрылмастан, Сыпыра жырауға бір қарап бас иіп, тәжім етті де есікке қарай жүре берді. Темір-Құтлық пен Құнжақ оғландар да орындарынан атып тұрып Едігеге ерді. Үшеуі бірдей үйден шығып кетті.

Ешкім оларға тоқта деген жоқ. Тоқтамыс үн-түнсіз сазара қалды.

Аздан кейін Орда босағасын солқылдата шапқан аттардың дүбірі естілді. Осы уақытта ғана үйден Кен-Жанбаймен бірнеше батырлар сытылып сыртқа шығып кетті. Аздан кейін олар үйге қайта кірді.

— Хан тақсыр,— деді Кен-Жанбай әлі үн-түнсіз сұп-сұр боп отырған Тоқтамысқа.— Тентек Едігені ұстап әкеп, Сіздің алдыңызда кешірім сұраттырсақ деп едік, ұстай алмай қалдық. Біреу аттарымыздың оң жақ үзенгісін тегіс алып тастапты. Біз атымызға мінгенше ол ұзап кетті. Ал Едігенің атақты Теңбілкөгіне мал жетпейді.

Тоқтамысқа енді ғана тіл біткендей.

— Қуыңдар! — деді кенет.— Алыңдар менің Қынық-өкленімді. Алдыма не өзін, не басын әкеп салыңдар!

— Тоқтаңдар! — деді кенет Сыпыра жырау дауыстап.— Алтын Орда ханы, Сен Едігенің кім екенін білмейтін бе едің? Он бесіне жетпей би аталған ол Баба Түкті Шашты Әзиз әулиенің ұрпағы емес пе? Айып өзіңде бола тұрып, қалай оның басын әкел дейсің?

— Қайдағы айып? — Тоқтамыс та безерлене қалды.

— Асыл тұқымды жылқы лай суды ішпейді. Егер менің айтқаныма сенбесең, іш ана оқшау шараның қымызын өзің! Ішпейді екенсің, ақылды сөзге ақымақ тоқтамас болар, айтарыма құлақ сал. Кесендегі қымызыңды кездігіменен кескілеп, қалдығын есігіне шашып кетсе Едіге, күнім туғанда шаңырағыңды құлатып, Ордаңның күл талқанын осылай шығарамын дегені! Едіге сынды ер ұлдың өйту қолынан келмеген күнде де, үзенгілес серігіңнің қастасқанының өзі қан майдан! Ал ол құба ұл кетер-ақ, Ақ Еділден өтер-ақ, Әмір-Темірге жетер-ақ! Өзіне ош ағайын қолына шоқпар етер-ақ! Одан саған не пайда?

Сыпыра жырау сәл тоқтап, қайта сөйледі.

Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі. Тоқтамыс пен Едіге тәрізді екі көкжал шайқасса ортасында тағы сол сорлы халық күйрейді. Ал, хан, ол халық сенің күйреуге айналған Орданды жаңадан жөндеуіңе керек. Жоқ, Тоқтамыс хан, Едігені Ақсақ Темірге жіберме, өзіңе пәле тілеме. Соңынан қусын мына батырларың, жалынып жалбарынып Едігені алып келсін! Ат-тон айыбыңды тартып, жібіте көр ер жүрегін!

— Болсын! — деді Тоқтамыс, сөйдеді де, кенет толқып кетіп Кен-Жанбайға қарады.— Уа, кенегестен шыққан Кен-Жанбай дүлділім, Алтын Таққа ерке едің, Алтын Орда басына керек бөркі едің, Шап Едігенің соңынан, тілін өзің тап! Айтқаныңды екі етпесе, жұрт алдында бердім уәдемді!

Қыпшақ пен Ноғайлының әйгілі тоғыз батыры Есентай ұлы Құдайбердіні, Монтай руынан шыққан Қос дәулет ерлерді, Арғынның ақ иығы Қарақожаны қара Қыпшақтың ардагері Қобыландыны, Ақбалтыр ұлы Уақты, Монбұр ұлы Шуақты ертіп, қара халықтың өзі тәрізді даңқты ұлдарының сөзін жерге тастамас деп, Кен-Жанбай батыр Едігенің соңынан қуып берді.

Бұлар Еділ өзенінің жағасына жеткен кезде Едіге қасындағы Темір-Құтлық пен Құнжақ оғлан үшеуі арғы бетке шығып үлгірген екен. Сонда, әрі қарай кеткелі тұрған Едігеге Кен-Жанбай өзінің атақты шақыру-толғауын айтқан.

Ай Едіге, қайт сана,

Қайтып Еділ өт сана,

Еңсесі биік боз Орда

Еңкейіп сәлем бер сана

Ерні жұқа сары аяқ

Ер сарқытын іш сана.

Ал қара кіс үстінде

Тон береді ки сана

Көк ала жорға ат мініп,

Көк дабылпаз байланып.

Тұтам бауы сары алтын

Ақ сұңқар құс береді,

Көл айнала шүй сана!

Сонда Тоқтамысқа қаны қарая өшіккен Едіге «Мен кетермін, кетермін. Са-Темірге жетермін» деп басталатын атақты толғауын айтып Алтын Ордаға оралмай, Жағатай ұлысының жеріне кете барды.

Артынан Тоқтамыс хан, тек бұл үшеуінің ғана кетпегенін, соңынан қоштасқалы барған Жәнеке қызын Едігенің өзімен бірге ала кеткенін естіді. Алтын Орда ханы Едігеге бұрынғысынан да жаман өшіге түсті.

ҮШІНШІ ТАРАУ

Ақсақ Темір бірдемеге ренжісе, ашуланса, өзгелердей бұлқан-талқан болмай, кенет сабырлана қалатын. Ондайда Жағатай ұлысының әміршісі «болғанда ашу — пышақ ақыл — таяқ, сол таяқ кеми берер жанған сайын» дейтін қағиданы еш уақытта есінен шығармайтын. Мұндайда ол айтар үкіміне де, берер кеңесіне де сақ келетін. «Ауыздан шыққан сөз, атылған жебе — қайтарып ала алмайсың». Бұл оның бас иген шешімі болатын.

Неғұрлым Ақсақ Темір үндемей тұнжырай қалса, со ғұрлым Орда маңы оның ашулы екенін білетін.

Бүгін де Әмір-Темір қабағынан қар жауып түнере қалған.

Бүгін де Мауараннахр билеушісі орасан ашулы еді. Жақында ол Иранға барып қайтқан. Теріскей Иранды, Әзірбайжан жерін шауып көп олжамен оралған.

Бірақ өзі бірден Самарқантқа қарай жүрмей, кіші бәйбішесі Моғол Қажыбектің қызы Шолпан-Мәлік-акә ару ордасы тұрған бір бүйірдегі Яссыға бұрылған.

Иранға аттанарда Әмір кеңесі болған. Құсайын, Аббас секілді сақ әмірлер «Сіз Иранға аттанған кезіңізде, Мауараннахрды мына Ақ Орданың көшпелі елдері шауып жүрмесе нетсін, бұларға сену қиын ғой» деп қауіптерін айтқан. Ақсақ Темір күлген.

— Онда мен сол көшпелі ағайындарың тимейтін жағдай істейін. Әскерің қорғай алмайтын шекараңды дініммен қорғайын. Әулие санаған Қожа Ахмет Яссауидің моласының орнынан керемет үлкен мешіт салдырайын. Атын да сол әулиеге арнайын. Қожа Ахмет Яссауи мешіті дейін. Әулиенің құр моласына табынатын жұрт, оның мешіті тұрған жерді шабуға құдайдан қорқар,— деген.— Және бұл мешіт біздің Қыпшақ даласына деген діни аттанысымыздың ошағы болсын.

Атақты Саит-ата әулиенің ұрпағы Қожа Ахмет Шахыдиуана әулие Ақсақ Темір тумай тұрып, осы Сейхүндарияға құятын Яссы өзенінің бойында өмір сүрген. Аңыз бойынша, пайғамбар жасына жеткенде «мен Мұхаммед әулиеден артық емеспін» деп жер астынан үйшік қазып алып, соған кіріп кеткен-мыс.

Халық сол Қожа Ахмет тұрған жерді киелі санап табынып, басына түнейтін болған. Осы арадан сыртқа атып жатқан бұлақ суын шипалы деп зәм-зәм суы: нан кем көрмеген.

Иранға жорыққа жүрер алдында бір кезде осы Қожа Ахмет Яссауидың зираты тұрған жерге Ақсақ Темір мешіт орнатуға бұйырған. Бұны салатын Бағдаттан келген жас шебер де табылған.

Мұндай үлкен ғибратхана не хан сарайы құрылысы басталарда, сол жайдың қожасы өзі бірінші қышын салып, ал біткенде ең соңғы қышын өз қолымен қалауы — ежелгі дәстүр болатын.

Ақсақ Темір болашақ Қожа Ахмет Яссауи мешітінің ең алғашқы қышын өз қолыменен қойды. Ал бұл мешітті бітіруді, осы тұстағы ең жақсы көретін кіші бәйбішесі Шолпан-Мәлік акәға тапсырды. «Мен қайтып оралып үлгіре алмасам, соңғы қышын да өзің қала» деді.

Шолпан-Мәлік Ақсақ Темірдің осыдан бір жыл бұрын алған әйелі еді. Жас келіншек атағы жаңа жайыла бастаған ерімен бірге осы Иран жорығына барғысы келген. Бірақ Ақсақ Темір оны осы Қожа Ахмет Яссауи мешітін бітіруге қалдырды.

Өзге уақытта қандай жорыққа шықса да алты әйелінің біреуін, не толып жатқан ханзада-құмаларының ең көрікті, ең жасын алып жүретін Әмір-Темір бұл жолы ондай әдетінен бас тартқан.

Ақсақ Темірдің бүйтуіне себебі де бар еді. Ол әйел затына өзгелердей емес ерекше көзбен қараған. Дүниеде еркекке арман болар үш түрлі әйел бар: сұлу, ақылды, опалы деген Әмір-Темір, ал сұлу әйел өміріңнің көркі, ақылды әйел — үйіңнің көркі, опалы әйел — төсегіңнің көркі.

Солай деген Ақсақ Темір өзі қырықтан асып бара жатқанда өте ұнатып алған қатыны осы Шолпан-Мәлік акә еді. Ол сұлу және опалы әйел еді. Тек Шолпан-Мәлік акәнің қаншалық ақылды екеніне Ақсақ Темірдің көзі жете қоймаған.

Мауараннахр әміршісінің өзге әйелдерінен тәжірибесі кем, былтыр ғана алған жас қатынына Қожа Ахмет Яссауи мешіті екі хандықтың шектескен жеріне салынатын үлкен ғибадатхананың құрылысын тапсырғандағы бір ойы — бір жағынан осы әйелі Шолпан-Мәлік акәны сынау да еді. «Қалай салдырар екен, мен ойлағандай тұрғызуға ақылы жетер ме екен?» деген.

Міне, сол мешіт салынып біткен. Сонау Иранда жүріп Ақсақ Темір Яссы шаһарында тұрғызылып жатқан мешітке Шолпан-Мәлік акәнің қышты Яссыдан төрт фарсақ тұратын Қорған Төбеден тасытқанын естіген. «Қорған төбе топырағынан құйылған қыш өзге жердікінен көп асыл болған соң әдейі алдыртты. Және ол арбамен, түйемен тасытқан жоқ, сол маңайдағы жұртты тегіс жинатып алып, қатар тұрғызып, бірінің қолынан біріне бергіздіріп, қышты Яссыға жеткіздірді» деген Ақсақ Темірге бұл хабарды әкелген нөкері. «Отыз шақырымдай жерден қышты бұлай тасытуға қаншама жұрт, қаншама күш керек» деп ойлана қалған-ды Әмір-Темір. Және бұл хабаршы: «Мешіт орнын өзіңіз көрсетіп, ең алғашқы қышын да өзіңіз қалап кеткен соң сіздің бұйрығыңызды бұздырмау үшін, мешіт салынатын жерден тым таяу өтетін Яссы өзенін сонау орта тұсынан бұрып бөтен арнамен ақтыратын етті. Өйтпесе, жақын өзеннен жер дымқылданып, түбі мешітті құлататын, не шөктіретін көрінеді» деген. Бұл жұмыстың оңайға түспегенін Ақсақ Темірдің әйелінің құр көрікті және опалы ғана емес, өзіне лайық ақылды екеніне көзі жете бастаған. Сол себептен де Яссыға жеткеннен кейін, оның күнгей жағында өз Ордасында сары майдай сарғайып төрт жылдан бері күтіп отырған Шолпан-Мәлік акәға бұрылмай тікелей мешітті көруге тартқан.

Жорықтан қайтқан кезде алдынан қатындарының шығуын Әмір-Темір жаман ырым санайтын. Осыны білетін Шолпан-Мәлік Ордасынан тыс жерде әмірді қарсы алуға бата алмаған.

Жас бәйбішесін көруге өзі де асығып келе жатса да, сонау бір көш жерден үстіндегі көгілдір күмбездері көк аспанмен ұштасып, көзді тартып тұрған ғажайып ғибадатхана Ақсақ Темірді еріксіз өзіне сүйреп алып келді.

Әмір-Темір зәулім мешіттің көркіне, сырттағы, өрнек, іштегі сырларына риза болып қалды. Бір тәбітіндегі қазылған құдықтың шелекпен алынған шипа суынан өзі де ішті.

Енді ол серіктерімен, мешіт имамы Сәйт Қожаға еріп ішкі баспалдақтармен жоғары шықты. Салалап тұрғызылған екі кішірек, бір үлкен аспан түстес көк нәл қосқандай көгілдір бояумен сырланған күмбездердің жанына барып көрді.

Ең үлкенінің қасында тұрды. Ай мүсіні қадалған төбесіне қарады. Кенет қабағы жабылып кетті. Күмбездің дәл күнбатыс жақ ұшында екі қыш сиятындай бос тұрған жерді көрді. Ақсақ Темір өзі болса өзі, өзі болмаған күнде осы мешітті салдыруға тастап кеткен әйелі — Шолпан-Мәлік қалайтын ең ақырғы шықтардың орнына қойылмағанын білді. Осындай үлкен мешітті салдыруға үлгіргенде, ең соңғы екі қышты неге қаламағандарына таң қалды.

— Соңғы қыштары неге қойылмаған? — деді Ақсақ Темір Сәйт-Қожаға қарап.— Әлде мешіт біткен кезде Шолпан-Мәлік бикені шақырмап па едіңдер? Мен жоқта ақырғы қышты менің жұбайым қоюға тиісті еді ғой.

— Мәртебелі Әмір-Темір, сіздің жұбайыңыз Шолпан-Мәлік бике шақырылған. О кісі келген…— Имам ар жағын айтуға бата алмай тоқтап қалды.

— Айт! — деді Ақсақ Темір.— Ол неге қоймады?

— Қыш болмай қалды.

— Қалай болмай қалды? Осындай зәулім ғибадатхананы тұрғызуға қыш жеткенде, ең ақырғы жерге табылмаулары қалай?

— Мәртебелі Әмір-Темір,— деді имам — Сіздің ғибратлі, ғизатлі жұбайыңыз шақырылған. Ол бір топ қыз-қырқын серіктерімен осы біз тұрған жоғарғы алаңға да шыққан. Бірақ осы мешітті салған Бағдат шебері жас Мүлиддин бұрын сіздің жұбайыңызды көрмеген екен. Айдай сұлу аяулы Шолпан-Мәлік бикені көргенде таң қалып, есі кетіп, күмбез үстіне сіздің жұбайыңыз шығып қалайды деп қолына ұстап тұрған қыштарын түсіріп алды. Осы арадан домалаған қыштар бірден жерге барып жетті. Оларды қайтадан алып келгенше, сіздің жұбайыңыз күткен жоқ, жігіттің өзіне соншалық ғашық боп есі кеткеніне ашуланды ма, сөз айтпай кетіп қалды.

Ақсақ Темір езу тартты. Бірақ көзі күлген жоқ.

— Мешіт салатын шеберлер-ақ менің қатындарыма ғашық бола береді екен — деді ол, дөрекі сөйлеп,— Шолпан-Мәлік бике екінші рет келуіне болмады ма?

— Болмады,— деді имам басын ие түсіп.— Үш күннен кейін Шолпан-Мәлік есінен адасуға жақын жүрген Мүлиддин шеберді Ордасына өзі шақырды. Ұзақ сөйлесті. Ымырт жабылмай Ордадан шыққан Мүлиддин содан кейін мешітке оралған жоқ. Ұшты-күйлі жоқ болды да кетті. Сірә жүріп жатқан керуендердің біреуіне ілесіп Бағдатына біржолата кетіп қалған тәрізді. Ал Шолпан-Мәлік бике, ұмытып кетті ме, қышты қалаймын деп бізге ештеңе айтқан жоқ.

Ақсақ Темір бұдан артық ештеңе сұрамады, аяғын сылти басып, төменге түсіретін баспалдаққа қарай беттеді.

Ал ол ештеңе айтпағанмен Әмір-Темірдің өте ашуланып қалғанын қоршаған жұрт бірден түсінді.

Шынында да Мауараннахр билеушісі ашулы еді. Жоқ, ол ең сүйікті әйелінің, жас бәйбішесінің адалдығына еш уақытта шек келтірмеген. Шолпан-Мәлік опасыздық істейді-ау деп сезіктеніп ашуланған жоқ. Кім біледі, бұ да бар шығар, адам іші сыр сандық қой, кім оның бар пернесін доп баса алған. Демек, бұ жолы ол шын ашулы еді. Осы жорығынан сонау Иранның теріскей жағын тегіс өзіне бағындырып келсе де, көңілі бір түрлі көтерілмей, ренжи түскен. Оның үстіне мешіт күмбезіне қаланбай қалған екі қыш оқиғасы қосылды…

Ақсақ Темірдің бұл жолғы ашуы тереңде жатқан және ол жақсы көрер Тоқтамысының опасыздығынан туған.

Жағатай ұлысының әміршісі Жетісу мен Шығыс Түркістан моғолдарын жеңіп, Мауараннахрды біріктіріп алғаннан кейін енді қанды көзін бөтен елдерге тіккен. Әсіресе, Ақ Ордаға Тоқтамысты отырғызған жылынан бастап, Қыпшақ даласының көшпенділерінен қауіп келмейді деп ойлап, ол енді Мауараннахрға Хорезм мен Иранды қосып алуды арман еткен. Бұл екі бай мемлекетті жаулап алса Мауараннахрдың ұлы Ордаға айналатынын жақсы білген және соны көксеген.

Сығанақтан Самарқантқа қайтысымен Ақсақ Темір Хорезм жорығына дайындала бастаған. Бұрын ол Мауараннахрды біріктіріп бүкіл Жағатай ұлысын бір мемлекет етеміз деп күрессе, енді оның бұл жолғы аттанысы Жағатай ұлысының үстемдігін бөтен елдерге жүргіземіз деген ең алғашқы жиһангерлік тілегінен туған.

Келесі Жылқы, яғни, 1379 жылы Ақсақ Темір қалың қолмен кеп Хорезмді шапты. Барыс, яғни 1362 жылдан Хорезмді билеп келген Қоңырат руынан шыққан Софы әулеті Ақсақ Темірдің тегеуірінді қосындарына қарсы тұра алмады. Сүлеймен Софы Хорезмшах, Ақсақ Темірдің өзін тағында қалдырғанына риза болып, соғысудың қажет емес екенін аңғарып, дереу Әмір-Темірге бағынып, қол көтеріп шыға келді. Хорезмді Жағатай ұлысына қосып алған Ақсақ Темір енді Иранға аттанбақ боп дайындыққа кірісті.

Жағатай ұлысы Әмірінің тағы бір көрегендігі бар болатын. Бір мемлекетке айнала бастаған Мауараннахрды билеген осы он бес жылдай өмірінің ішінде Ақсақ Темір бөтен елдерге аттанысқа шыға жүріп, еш уақытта да өзінің орнына уақытша болса да, ешкімді атын атап тастап кетпейтін. Әмірлік шешім әрқашан да өзінің қолында қалатын. Алыс жорықтарда жүргенінде де, әр апта сайын Ордасынан шабарман келіп, ұлысына болып жатқан істі хабарлап тұратын. Әр шаһарды өздерінің даруғалары басқаратын. Күтпеген жерден тығыз шара қолданатын жағдай туа қалса астанадағы орда әмірлері тегіс жиналып әмір кеңесін шақырып, ондай істі бәрі бірігіп шешетін. Осы әмірлердің ішінде кейде үлкен балаларының біреуі болмаса біреуі қалатын. Кейде тіпті қалмайтын да. Көбіне, астанадағы жағдайларға бас-көз болып сырттан байқап жүрсін деп балаларының бір-екеуін өз биліктеріндегі шаһарларына тастап кететін.

Осындай бір жорыққа аттанарда, өзіне жақын жүрген әмірлерінің бірі Аббас әлдеқалай:

— Уа, ардақты Әмір-Темір,— деген — Барар жолыңыз алыс және қанша жүреріңіз белгісіз. Ал қалып бара жатқан Мауараннахрыңыз қазір балшықтан, құмнан, , судан құйылған қыш тәрізді. Жау қылышы өтпейтіндей өлі тас боп қатқан жоқ. Сондықтан уақытша болса да, орыныңызға біреуді қалдырмайсыз ба? — деген.

— Сонда кімді айтар едің? — деп сұраған әмірші.

— Адамның ең жақыны баласы ғой, Мираншах пен Омар шейхтің біреуін айтар едім.

— Жөн айтпадың,— деген Әмір-Темір,— Әкеге бала жақын болса да, балаға билік жақын. Уақытша болса да әмір тағына отырып билікке бауыр басып қалған бала соңынан да сол билігін көксейді. Тақ жөніндегі әке мен баланың арасындағы араздық осыдан туады.

— Онда көреген Әмір-Темір, серіктерінің біреуіне тапсырыңыз.

— Қан майданда өзің жаяу қалып, атыңды беріп тапқан досыңды өз орныңа үйретіп қас етуің оңай,— деген Ақсақ Темір. Бірақ тағың мен қатыныңа үйренген адамнан серік іздеме, бақ күндес, жат ізде.

Осы әдетіне сай Ақсақ Темір Жағатай ұлысының билігін тікелей ешкімге қалдырмай Темір-Мәлік хан жеңілгеннен кейін Маураннахрға қарап кеткен Сауран, Сығанақ, Отырар шаһарлары тұрған тұста Темір-Хожа, Ақ Бұқаға, Андуған8 өлкесін Самарқантты Аббас әмірге, Хорезмді Сүлеймен шахтың өзіне тастап, сондай-ақ өзге аймақтардың биліктерін әр әмірдің өздерін қалдырып, Ақсақ Темір 1385 жылдың басында қалың әскерімен Иранға аттанды.

Ал Ақсақ Темір Шыңғысхан тәрізді шабар елінің ішкі жағдайын, әл-қуатын, әскери күшін, күні бұрын тыңшы, сақшылары арқылы әбден біліп алмай жорыққа шықпаған.

Бұл жолы да ол Иранның ішкі жағдайымен әбден танысып үлгерген.

Мешін, яғни 1356 жылы Теріскей Иранды жаулап алған Жәнібек Теріскей және Оңтүстік Әзірбайжанға хан етіп баласы Бердібекпен бірге елу мың Алтын Орда әскерін тастап кеткен. Бердібек әкесі Жәнібектің сырқат екенін естіп, өзі Сарай-Беркеге сапар шеккенінде әлгі қыруар әскері Әзірбайжан жерінде қалған. Хансыз қалған жауынгерлер шауып алған елдеріне көп қиянат көрсеткен. Тал түсте біреудің қызын, әйелін тартып алу, не дүние-мүлкін тонап кету, бұларға әдетке айналған. Мұндай қорлыққа шыдай алмаған Табриз шаһарларының тұрғындары Алтын Орда сыпайларына қарсы қолдарына қару алып Әзірбайжанға Жалайыр руынан шыққан Иран жеріндегі көшпелі елдердің әулеті Уаисты хан көтерген. Осылай Иран жерінде Жалайыр руынан шыққан хандар басқаратын көшпенді елдің мемлекеті пайда болған. Бұл хандық — мемлекетке Күнгей Әзірбайжан мен Теріскей Әзірбайжанның (осы күнгі Советтік Әзірбайжанның) жерлері, батыс Иранның біраз тұсы және Бағдат шаһарынан бастап араб Ирагі кірген. Бірақ бұл түркі — монғол руларының үстемдігін жүргізетін хандық, тақа берік хандық емес еді. Жалайыр хандары қарамағындағы тұрғын жұртқа ғана емес, өздері тәрізді көшпелі елдердің, мал шаруашылығымен шұғылданатын жұрттарына да қатал тиді. Қарамағындағы елдің қаққанда қанын, соққанда сөлін алды. Әсіресе, осы тұста Әзірбайжанды басқарып отырған Ахмет Сұлтан халыққа өте беймаза болды.

Міне сондықтан Әзірбайжан тайпалары мұндай билеушіден Ақсақ Темірдің өзі дұрыс болар ма деп, Мауараннахр әміршісін дәмелене күтті.

Бұл қатыгездіктеріне қарамай өзара қырылысып жатқан Жалайыр сұлтандарының хандығының ұзақ өмір сүре алмайтынын және жергілікті елдің алдында өзінің бағасының өсіп тұрғанын білетін Ақсақ Темір алғашқы жорықтарында-ақ Иранның Теріскей Күншығыс жағын алды. Содан кейін Кавказдың арғы бетіне, бай өлкелеріне тікелей жол ашатын Әзірбайжанның күнгей жағын жаулау саясатына кіріскен Ахмет Сұлтанның қиянатына әбден мезі болған Табриз тұрғындарының арасында Ақсақ Темірдің құпия жіберген адамдарының сөздеріне құлақ қоятын қадірі бар кісілер табылған. Осындай жағдайда Мауараннахр мен Жалайыр хандығы Сұлтаниясымен әскери майданда кездескен. Ақсақ Темір жағы жеңген. Бірақ Әмір-Темір әрі қарай жеңісін ұлғайтып, Сұлтанияның орталығы Табризды алуға бармаған. Хорезмдегі Сүлеймен Софының Алтын Орда жағына шықпақшы болып жатқанын естіп, мүмкін кейін шегіну керек бола ма деп тоқтап қалған. Ал бұл кезде Ираннан көзін алмай, аңдып отырған Тоқтамыс, енді өзінің кешегі қожасына азу тісін көрсететін уақыт жетті деп түсінген.

Ахмет Сұлтанның Ширвандағы сүреғалы Ибрагиммен құпия келісіп, сол Тышқан, яғни 1385 жылы қыстың орта шенінде мұзы қатқан Дербент өзенінің бойымен «Темір қақпадан» шығып, Ширваннан өтіп, Тоқтамыс тоғыз түмен қолыменен Табриздың түбінен бірақ көрінген. Ал бұл тұста даруғасыз қалған Табриз тұрғындары тәуекел деп келіп қалған жауына қарсы тұрмақ болды. Шаһардың тар көшелерінің бойына қамал-кедергілер жасап, үлкен-кішісі қалмай қолдарына қару-жарақ алды. Сегіз күн бойы Тоқтамыс әскері қалаға бас сұға алмады. Қыстың суығында жорыққа шыққан жеңіл атты әскердің қолынан ештеңе келмеді. Сонда барып Тоқтамыс Мәскеуге істеген зұлымдық қулығын Табриз тұрғындарына да қолданды. Егер екі жүз елу мың тұман алтын жинап берсеңдер, қалаларыңа тимеймін, тек ат шалдырып, ас ішіп қайтамын! — деді. Тоқтамыстың бұл сөзіне сенген қала саудагерлері Алтын Орда ханының сұраған көп алтынын әзер-әзер дегенде тауып берді, қаланың қақпасын ашты. Осылай шаһарға кірген Тоқтамыс әдетінше дереу уәдесін ұмытты. Өз сөзін өзі бұзды. Табризды тас-талқан етіп шапты. Жазықсыз жұртты қырды. Өзінің шын қанішер жауыз екенін көрсетті. Соңынан Иран тарихшылары «Тоқтамыс істегендей жан шошытарлық жауыздықты, Табриз шаһары Шыңғысхан шабуылынан кейін бұрынды-соңды көрмеген еді» деп жазды.

Көп жұрты, әсіресе жастары қылыштан өлді. Көбін Тоқтамыс өз Ордасына құлдыққа алып кетті.

Күнгей Әзірбайжанды осылай тонап, Тоқтамыс келесі, Сиыр жылы кейін қайтты. Алтын Орда кетісімен, бүкіл Теріскей Иранды өзіне қаратпақ болған Ақсақ Темір қалың әскерімен Табризге кірді. Бір қойға екі көкжал қасқыр таласқандай. Ақсақ Темір мен Тоқтамыс бай Әзірбайжанды бір-біріне қимайтыны енді анық болды.

Ұлу, яғни, 1377 жылдың қысын Ақсақ Темір атты әскерінің тебініне қолайлы Қарабақта өткізді. Ал жаз шыға Тоқтамыстың қосындары Дербенттен өтіп Дағыстандағы Самур өзенінің жағасына келді. Осы өзеннің бойында Ақсақ Темірдің баласы Мираншах пен Хожа-Сейфуддин әмір басқарған Мауараннахрдың қалың қолымен Тоқтамыстың әскерінің негізгі бұлықтары кездесті. Тоқтамыс әскері жеңіліп, Дербент арқылы кейін қайтты.

Сонда барып Алтын Орда тағына кеше өзі отырғызған Тоқтамыстың қылығы Ақсақ Темірді шын ашуландырды. Тоқтамыстың бұл жолғысы, әрине, Ақсақ Темір иеленіп жүрген Хорезмде өз атынан ақша шығаруы емес-ті. Бұл тікелей жауласу еді. Сондықтан Ақсақ Темір Тоқтамысқа кенет өлердей өшіге қалды. Бірақ бір істі бастап оны аяқтамай бөтен іске кіріспейтін Мауараннахр әміршісі, жорыққа алған бетін өзгертіп, Алтын Орда әскерінің соңына түспеді, сол бойы Иранның ішіне қарай кіре берді. Ал Тоқтамыс болса, кешегі досы, бүгінгі жауына айналған Әмір-Темірдің Мауараннахрда қалған әскерінің шамалы екенін біліп, Иран мен Кавказды былай тастап, келесі, яғни 1388 жылдың жазында қалың қосындарымен Жағатай ұлысына аттанды.

Міне сонда Ақсақ Темірдің айтқаны шындыққа айналды. Өздері әулие санаған, ата-анасы іздеп барып әдейі түнейтін Қожа Ахмет Яссауидың зиратының орнына салынып бітуге айналған зәулім мешітті көріп, Тоқтамыстың бұл жаққа аттандырған Ақ Орда батырлары Қарақожа, Қос Дәулет, Уақ, Шуақ қосындары Яссы шаһарын яғни Түркістанды шапқылары келмеді. Тоқтамыс енді, Яссыға тимей, оны орағыта жүріп Шығысындағы Сығанақтан өтіп Жағатай ұлысының Дәшті Қыпшақпен шектесіп жатқан ең бірінші бекінісі саналатын Сауранға таяды.

Тоқтамыстың әмірлері Бек-Жарық оғлан, Исабек, Сатқын батырлармен Қыпшақ руларының қолбасшылары Кен-Жанбай, қос Дәулет, Уақ Шуақ, Қобыланды басқарған қалың әскер Сауран әмірі Темір-Қожабектің әскерлерімен айқасты. Осы кезде Әндижанның Ақсақ Темірдің баласы Омаршейх пен Самарқанттан Сүлейменшах, Аббас Әмір басқарған қолдары да келіп жетті.

Енді екі әскер Отырардан бес фарсахтай тұрған Шұқылықсай деген жерде кездесті. Тағы үлкен қырғын болды. Тағы жазықсыз жандар ажал тапты. Тағы сұр топырақ қызыл қанға боялды.

Бұл жолы Ақсақ Темір әскері жеңілді. Омаршейх қолының қалдығымен Андуғанға шегінді. Сүлейменшах, Аббас әмірлер ұлыс Ордасы Самарқантқа келіп, ұлы қаланы қорғауға дайындалды.

Ал мықты бекінісі бар, мол жұртты Самарқантты алу оңайға түспейтінін түсінген Тоқтамыс, енді Отырар түбінен кілт бұрылып, Хорезм арқылы Бұхарға беттеді. Тоқтамыс әскері көп күн соғысты, бірақ бекінісі мықты Бұхарды ала алмады. Олар Мауараннахрдың бөтен Қаршы, Хорезм секілді қалаларын тонап, атақты Зандижар-Сарайды өртеп, Жейхундарияны жағалай Дәшті-Қыпшаққа қайтты.

Тоқтамыстың бұл шабуылын шабарман жеткізгенде Ақсақ Темір Иранның күнбатыс жағының біраз жерін тонап болып, Иранның атақты ақыны Хафиз туатын Шираз шаһарында еді.

Бұның алдында, Темір Тоқтамысқа екінші рет қатты ашуланған.

Тоқтамыс Мауараннахрға аттанарынан үш ай бұрын Хорезмге өзінің құпия елшілерін жіберген. Осы тұстағы Хорезмнің билеушісі Қоңырат руынан шыққан Сүлейменшахпен тіл табысып, Хорезмде Ақсақ Темірге қарсы көтеріліс ұйымдастырылған. Ақсақ Темірге қарсы жұрт, бұл өлкедегі Жағатай ұлысы әмірінің жағындағы бекзадаларды, әмірлерді, өлтіргенін өлтіріп, өлтірмегенін қаладан қуып, Хорезмді Алтын Орда құрамында деп жариялаған.

Осы хабарды естігенде Әмір-Темір көгере қалшылдап бір ашуланған.

Енді міне екі жылдың ішінде Ақсақ Темірге Тоқтамыстың істеген қастандықтарының үшінші хабары жетіп отыр.

Әмір-Темір бұл қастандықтардың зардабы тек Мауараннахрға ғана емес Иран мен Иракты жаулап алып жатқан жеңістеріне де қырсығын тигізетінін түсінді. Тоқтамысты үйрететін кез туды деп ойлады ол.

Ақсақ Темір дереу Шираздан Османи Аббас әмір басқарған таңдаулы атты әскерін Изем арқылы Самарқантқа аттандырды. Сәл кешіге, Қоян, яғни 1388 жылдың Мұхарам9 айының аяқ кезінде бір қосын әскерімен өзі де Самарқантқа беттеді.

Кенет Жейхұндарияға құятын Бағдаден арнасынан өтіп, Өргенішке қарай жүрді. Ақсақ Темірдің бері қарай бұрылғанын естіп Сүлейменшах Суфи Өргеніштен Алтын Ордаға қашты. Ал Хорезм жұртына ашуланған Әмір-Темір Хорезмді тонап, Өргеніштің бар тұрғындарын тегіс Самарқантқа көшіруге бұйырды. Қала біржолата қиратылып орнына арпа егілсін деді.

Әрине, Ақсақ Темірдің қанішер жендеттері ғасырдан ғасырға ұлғайып, көркейіп келе жатқан, Хорезмшахтардың сән-салтанатты сарайларды тұрған ұлы шаһарды жермен-жексен етпек болды. Бірақ өйтіп біржолата құртып жібере алмады.

Дегенмен ұлы Өргеніштен осы күнгі Көне Өргеніш деп аталатын қаңсыраған, құлазыған құр қалдықтары қалды. Ұлы Өргеніш біржолата бітпегенмен, бітудің аз-ақ алдында еді.

Ал Ақсақ Темір енді Яссыға беттеді.

Міне, ол Қожа Ахмет Яссауи, қазақтар күні бүгінге дейін Ғазірет сұлтан деп атайтын ғибадатхананың үстінен түскеннен кейін, сонау көкпен тілдескен мешіттің етегінен Ақсақ Темір көгілдір күмбездеріне қарап ұзақ тұрды.

Жақсы көрген әйелінің опасыздық жолға түсуінің себебі осы сенсің ғой дегендей ол бір сәт күмбездерге ашулана көз тастады.

Ақсақ Темір жас бәйбішесі Шолпан-Мәлік акәнің де, бұның ұзақ уақыт келмегеніне шыдай алмай опасыздық істегеніне сенді. Және сол күнәсінен қорқып мешітті тұрғызған шеберді қашыртып жіберді деп ойлады.

Әттең қолына түсер ме еді ол шебер. Өзі шапқан Әзірбайжанның ұлы ақыны ісләм дініне қарсы шыққан Нәсімидей оның тірідей терісін сыпырып алар еді-ау! Әрине, Ақсақ Темірдің көзіне шөп салу — бұл қылмыс, шариғатты бұзу. Ондай адамдар, кім болса о болсын, ісләм дінінің ең қатты жазасын тартулары керек!

Иә, солай. Ал шын жақсы көрген қатынының опасыздық істегені ол тіпті кешірілмейтін күнә.

Екі есе кешірілмейтін күнә.

Ақсақ Темір кенет ақсаңдай басып, мешіттің күнбатыс жағында көрініп тұрған жас бәйбішесінің ордасына қарай асыға жүрді.

Соңынан ере түскен серіктеріне:

— Сендер, рабатқа барып тынығыңдар, таң ата Самарқантқа жүреміз,— деді ол өзінің нөкерлерімен ғана бөлек кетті.

Боз Ордасының босағасында қолын қусырып, басын иіп, екі беті дуылдай жанып, үш жылдан бері көрмеген ерін аңсап тұрған жұбайы, әмірдің қан-сөлі қашып сұрлана кеткен түрін көргенде шошына қалды.

Әмір біреуге ренжісе, не өкпелесе оны адам деп менсініп бетіне қарамайтын.

Сол әдетіне сап, есік алдында мөлиіп тұрған жас қатынына көзінің қырын бір аударды да, нөкерлерін сыртқа тастап, Ордаға жалғыз кірді.

Жаңағы көз қырын салғанда «шіркіннің сұлуы-ай! дегендей рақымсыз сұрғылт сонау қой көзінде бір болмашы сәуле жарқ ете қалағандай еді, өкпе-ашу тағы билей жөнелді ме, қайтадан сұстана түсті.

Ақсақ Темір әйеліне бұдан әрі тіпті қараған жоқ.

Шолпан-Мәлік енді шын сабырсыздана бастады.

Жаңа ғана ерін күтіп гүл-гүл жанып қызара балбырап тұрған екі беті, кенет қаны қашып боп-боз боп кетті.

Ақсақ Темір көбісін босағаға тастады да, мәсісімен төрге шықты. Басындағы көгілдір сәлдесін жайлап қана алып, тақиясын қайта киді.

Сосын ғана тіл қатты, бірақ әйеліне қарамады.

— Мына мешітті салған ұста қайда? — деді ол.

— Білмеймін.

— Қалай білмейсің?

— Ордаға қонаққа шақырғанымнан кейін оны көргем жоқ.

— Ордаға қонаққа шақырғаннан кейін дейсің бе? — Ақсақ Темір одан бөтен ештеңе сұраған жоқ. «Ендігісін бәрін өзің айт» дегендей кенет әйеліне тесіле қарады.— Иә?

Шолпан-Мәлік кенет күліп жіберді. Ол бәрін түсінді. «Дүние жүзін жаулап алам деген, қылышынан қан тамған жиһангер де Жай адамдай қызғаншақ, тар келеді екен-ау» деді ол ішінен.

— Оқиға былай болды,— деді Шолпан-Мәлік қатын жайраңдай Әмірдің қарсы алдына тізе бүгіп,— Мешіт біткеннен кейін ақыры қышын қоюға ұста мені шақырды. Мен нөкер қыздарыммен бардым. Күмбез үстінде тұрған жігіт, жоғарғы алаңға көтерілген кезімізде мені көріп,— Шолпан-Мәлік еркелей күлді — көркіме таң қалғанынан қолына ұстап тұрған қыштарын түсіріп алды. Қыштар домалаған қалпында жерге барып жетті. Мен бәрін де түсіндім. Жігітті аяп кеттім, қыштардың орнына өзі құлап кетпегеніне қуандым. Ол бейшараны бұдан әрі күйдірмейін деп кетіп қалдым. Жердегі қыштарды құлдардың жоғарыға көтергенін күтпедім. Бөтен жолы келермін дедім. Мешіт сондай көрікті салынған екен, маған өте ұнады. Ал сол мешітті тұрғызған дарын иесі жігітті аяп кеттім: оны жүрегінде кенет пайда болған кеселден арылтқым келді. Ертеңіне өзін қонаққа шақырдым. Жігітті нөкер қыздарыммен бірге тік тұрып күттік, құрметіне шарап іштік, би биледік, ән салдық. Жігіт те ішті, о да би биледі, даусы әдемі екен, о да өлең айтты!..

— Иә, сосын!

— Нөкер-қыздарым кеткен соң, жігітке тағы тағам бердім, алдына бір қызыл бір көк жұмыртқа қойдым, «Мынаны жеңіз» дедім. Асқа тойып отырса да, мен өтінгеннен кейін жеді. Маған ғашық болғаны соншалық, егер мен оған «у іш» десем у да ішер еді. Жұмыртқаны жеп болғаннан кейін мен одан: «Қай жұмыртқаның дәмі артық екен?» деп сұрадым. «Екеуі де бірдей, дәмдерінің еш айырмашылығын көре алмадым» деді жігіт. Сонда мен оған: «Әйел заты да осы жұмыртқалардай, тек сырттарының жылтырлығы ғана өзгеше келеді. Ал бәрінің табиғаты, бойларындағы қасиеті бір. Сен менің құр сыртымды көріп ғашық болдың, ал мен де өзге әйелдердей ғана жанмын… Өзіңді өзің босқа отқа салма, Әмір әйелінің сен теңі емессің, өзіңе ылайық кісіңді ізде…» дедім.

Жігіт менің сөзімді ұқты. Үйден боп-боз боп шығып кетті. Содан кейін оны көргем жоқ. Ал сіздің келе жатқаныңызды естігеннен бері қуанғанымнан жігітті де, қыштарды орнына қоюды да ұмытып кетіппін. Жаңа есіме түсіп отыр…

Ақсақ Темірдің рақымсыз көздері енді бірте-бірте жыли бастады. «Сұлу әйел — өмірдің көркі, ақылды әйел — үйдің көркі, опалы әйел — төсектің көркі» деп босқа айтпаған екем деді ол ішінен, ал осындай үш қасиеті бірдей келген мына Шолпан-Мәлік әміретімнің көркі болуға ылайықты екен. Жоқ, бұны бар жорығыма өзіммен бірге алып жүрем».

Ол енді әйеліне күлімсірей қарады.

— Алдымен маған ана шарабыңнан бір кесе құйып бер,— деді ол белбеуін шеше бастап — сосын, ана күзетшілерге айт, әрірек барып тұрсын және ешкімді кіргізбесін…

Аздан кейін әйгілі Ақсақ Темір дүниенің бәрін есінен шығарды. Мешітті де, сол мешітті салған жігітті де, сол мешітке жетпей қалған қышты да ұмытқан. Ұмытқаны соншалық, Әмір-Темір салдырған Қожа-Ахмет Яссауидың сондағы ең жоғарғы күмбезіне қаланбаған екі қыштың орны осы күнге дейін бос тұр.

Сірә, Ақсақ Темір өз қолымен істейтін істі аяқтауға бөтендер бата алмаған сияқты.

Ал Тоқтамыс Алтын Орданы бұрынғы қалпына келтіру үшін екі саясатты мықты ұстау керек екенін жақсы түсінетін. Бірі — күшейіп келе жатқан Мәскеу князьдігіне өзге князьдіктерді қарсы қойып, қайткен күнде де орыс елінің басын біріктірмеу. Екіншісі — қазір бүкіл Мауараннахр, Жетісу, Қорасан, Хорезмді өзіне қаратып алған және Иранның көп жерін шауып үлгерген Ақсақ Темірді бұдан әрі ұлғайта бермеу болатын. Бұл тұс, Ақсақ Темірдің әлі Кавказдың арғы бетін, кіші Азияны, Үндістан мен Қытайды шабатын әйгілі жорықтары басталмаған тұс еді. Тіпті Иран мен Иракты да тегіс өзіне бағынышты етіп те үлгірмеген. Ал Ақсақ Темірдің дәл бүгінгі қарқынын бәсеңдетіп қарыштай адымдаған аяғына тұсау салмаса, түбі Алтын Орда ажалы осы Күншығыстағы туыс-көршісінен келетініне Тоқтамыс шәк келтірмеген. Сол себептен де ол екі жағына бірдей, Батысы мен Шығысына алақтай қарай берген. Оларды өзінен асырмау саясатын көп ойланған.

Орыс елінің басын біріктіртпей, князьдерін біріне-бірін қарсы қойып ұстау, бұл Алтын Орданың талай сыннан өткен, ескі әдеті. Тоқтамыс та осы жолды мықты ұстады. Мәскеу князьдігі орыс елінің басын біріктіре алмауы үшін оған Нижегород пен Тверь княздігін қарсы ұстады. Ол үшін Мәскеу князьдігінің ескі жауы Борис Константиновичті Нижний Новгород князі етті. Ал Тверь князі Михаилды Мәскеу князі Донскоймен қатар қоюға тырысты. Тіпті Владимирдің ұлы княздігін осы екі князьға бөліп бермекші де болды. Демек, Тверь князі Михаилды өзіне жақын санайтынның белгісі етіп оның баласы Александрды Ордада ұстады. Ақырында үш жыл өткеннен кейін оны алдымен Царьградқа жіберіп алып, сосын қасына елші қосып, қошаметпен Тверьге қайтарды. Ордада болу бір үлкен бақыттай, орыс шежіресі оны соңынан Ордалық Александр деп атады. Ал Мәскеу князьдігі тағы күшейіп кетпесін деп, шабуылдан кейінгі бітім бойынша бұл князьдіктен төлейтін борышының үстіне шамадан тыс бір мезеттік салық салды. Қысқасы, Мәскеу князьдігіне орыс елін біріктіруге мүмкіндік бермеді.

Ал Ақсақ Темір билеген жағатай ұлысына келсек, оған салық салмақ түгіл, одан салық алмай өзі аман тұрса соған да қанағаттанатындай жағдайда еді. Бірақ Тоқтамыс бұған қанағаттанғысы келмеді. Қайткенмен Ақсақ Темірден жоғары тұруды ойлады. Ал ондай тілек соғыссыз орындалмайтын еді. Сол себептен Тоқтамыс сәрсенбінің сәтті күні, Қоян, яғни 1388 жылдың шауал10 айының отызы күні, орұсуттардан, черкестерден, бұртастардан, болғарлардан, қыпшақтардан, ноғайлардан, аландардан, Қырым Каффа, Азақ-Тана тұрғындарынан және башқұрт жігіттерінен құрылған, «Зафар-нәме» кітабында жазылғандай, «ағаштың жапырағы мен жаңбырдың тамшысынан да «көп» қалың әскермен күншығысқа аттанды.

Дәшті Қыпшақтың қарлы даласынан ақпанның қалың бораны басталмай тұрып, бұл әскер Түркістан жерінің шетіне жетті. Осы арада Алтын Орда ханы қосындарының біразын, Сауранды алуға Қалдауыт, Елжиғыш оғлан бастаған тобын Сейхүндариядан өтіп Мауараннахрға бүйірден тиетін етіп Ұржық-Зернұқ жеріне жіберді.

Ақсақ Темір бұл кезде өзінің астанасы Самарқантта еді. Тоқтамыстың қосындарының келіп қалғанын естіп (Тоқтамыс әдейі жорыққа шығатынын ешкім білмесін деп қыстың ортасында аттанған) Самарқантпен өзі туған өлкесі Кештің қосындарын алып, манғыла ретінде Елжиғыш оғланның қолы тұсқа беттейді-ау деген жерге — Сейхүндарияның бергі бетіне Ордасын тікті. Және осы араға қосындарыңмен тезірек келіңдер деп Әндіжандағы баласы Омар-шейх пен Гераттағы ортаншы ұлы Мираншахқа ат шаптырды. Бұлар жарлықты алысыменен Сейхүндарияның жағасына жетуге асықты. Ал Ақсақ Темір Ұржық-Зернұқтағы Тоқтамыстың әскері кейін шегініп, құтылып кетпесін деп Елжиғыш қосындарының ар жағынан шығуға осының алдында ғана Самарқантқа Алтын Ордадан қашып келген Құнжақ пен Темір-Құтлық оғландарды жөне Шейх-Әлі батырды жіберді. Едігені жанында қалдырды. Енді өзі дереу Елжиғыш қосындарын шаппақ болды. Өзге әмірлерінің «Әндіжан мен Гераттан шыққан қолдар келсін» дегендеріне «Бүгін істелетін шаруаны, ертеңге қалдырмау керек, ертең не боларын қайдан білесіңдер» деп көнбеді. Ертеңіне Сейхұндарияның бергі даласында екі әскер кездесті. Тағы қан судай аққан ұрыс басталды. Тоқтамыс тағы жеңілді. Майданда өлгені майданда өлді. Біразы суға кетті. Аман қалғандары Сейхұндарияның ар жағында күтіп тұрған Құнжақ-Оғлан, Темір-Құтлық оғлан, Шейх-Әлім батырдың жасақтарының қолынан қаза тапты.

Қыс биыл өте суық болды. Түкірген түкірік жерге түскенше мұз боп қатып қалатын аяз басталды. Бұрын мұндай қатты қысты көрмеген Ақсақ Темірдің әскерлері Елжиғыштың қосындарының қалдығын қуып Сауранға барудан бас тартты. Аяз осы қалпында тұрса Дәшті Қыпшақ жерінен келген Тоқтамыс жауынгерлеріндей қысқа лайық жылы киінбеген жігіттерін қол-аяқтары үсіп қиналар деп Ақсақ Темір бар әскеріне Самарқантқа қайтуға бұйырды.

Ал Әмір-Темір Самарқантқа жеткенінде астана шаһарының түбіндегі қышлақтарда Балхы, Бақлан, Құндыз, Бадахшан, Жезақ, Герат, Хутлян, Хисардан келген қаптаған әскерлер тұр екен.

Ақсақ Темір оларды қайтармады. Наурыздың алғашқы күндерінен бастап, ол осы бықыған қолдарға әскери ойын ойнап, соғысқа дайындалуға бұйырды.

Ақсақ Темірдің әскері жалпы осы кездегі көшпенділердің әскерлері Шыңғысхан кезіндегідей ондықтан, жүздіктен, мыңдықтан, түменнен құрылатын. Әр жауынгер өзінің қай он басына, мың басына, түмен басына жататынын жақсы білетін. Сондай-ақ: әр ондық, жүздік, мыңдық, ұрыс кезіндегі шабуыл, шегінулерін қалай өткізетіндерін және қай қосынның қай жерінде, қай тұсында тұрулары керек екенін күні бұрын әбден жаттап алатын.

Ақсақ Темір әскері де, Шыңғысхан сыпайларындай, тек аттаныс, жорық кезінде ғана халықтан жиналатын. Өзге уақытта олар жайшылықтағы шаруаларымен, мал баққаны малын бағып, егін еккені егінін егіп жүре беретін.

Әрі Әмір-Темір әскерінің Ұлы әлем билеушісі Шыңғысхан бұлықтарынан бірталай айырмасы да болатын. Ең үлкен айырмасы — Шыңғысхан қосындары тек атты жауынгерлерден тұрса, Ақсақ Темір қолдары, тек атты әскерлер ғана емес, жаяу бұлықтардан құрылатын. Бұл жаяу әскер сыпайлары көшпенді елдердің жігіттерінен емес, тек қала тұрғындарынан, дихан, ұста-зергерлерден ғана алынатын. Және Шыңғысхан кезіндегідей, соғысқа жарайды дегеннің бәрінен бірдей емес, тек қала тұрғындарының соғысқа жарайды деген белгілі бөліктерінен ғана жиналатын. Жорықтың үлкен-кішілігіне қарай, әскерге жалпы қала тұрғындарының екіден, үштен тіпті кейде төрттен бір бөлігі шақырылатын.

Ақсақ Темір жорыққа аттанар алдында әр ұлысқа, әр қалаларға әскер жинайтын әдейілеп уәкілдер — табашылар жіберетін. Олар әскерге шақырылған жігіттердің қару-саймандары, мініп келген аттары, жорыққа жарай ма, жарамай ма бәрін тексеретін. Ақсақ Темір де, Шыңғысхандай, соғысқа, жорыққа керек заттарын, қару-саймандарын, ат-көлігін, тіпті ине-жібіне дейін әскер қатарына шақырылған жауынгерлердің өздеріне міндеттеген. Ақсақ Темірдің бұйрығы бойынша әр жауынгер отыз жебесі мен садағын, қалқанын, қылышын, найзасын өзі ала келуі керек. Және екі салт атты жауынгерде ерттеулі жетекте бір бос ат, әр он кісіде бір шатыр, бір шот, бір орақ, бір ара, бір балта, бір арқан, бір өгіз не жылқы терісі, бір қазан, бір біз, жүз ине болуға тиісті.

Әр табашы бәлен ұлыстан, не аймақтан бәлендей жауынгер әкелем деп Әмір Ордасымен шартқа отырған. Ақсақ Темір бұл табашыларды риза ете білген. Ал олардың әкелген адамдары, не қару-жарақтары, мінген аттары ұнамаса, ондай табашыларды мықтап жазалаған. Әмір-Темірдің осындай мінезінен қорыққан табашылар шамалары келгенше Ақсақ Темірге өткізетін жауынгерлерінің ойдағыдай болуына қатты тырысқан. Сондықтан да Ақсақ Темір сыпайлары өз заманының ең қару-жарақты, ең дұрыс киінген, ең денсаушылығы күшті әскері саналған…

Жорыққа аттанған қолдарының алдында маңғыласы, оның алдында күзетшілері. Бұл шағын жасақты Ақсақ Темір кезінде «Қарауыл» деп атаған. Қарауыл алдарынан не көрді, не болып жатыр бәрін артындағы маңғыла басшыларына жеткізіп отырған. Бұл қарауылдардан бөтен, әр қосынының, әр түменінің өзінің ертөлелері болған. Бұларды хабаршы деген.

Ақсақ Темір әсіресе жол көрсететін кісіге — қылауызға өте көңіл бөлген. Бұл өтірік айтпайтын, алдамайтын және әскер жүріп бара жатқан жолды, тау, суды өте жақсы білетін кісі болуы керек. Мысалы Ақ Ордаға аттанғанда ақсақ Темірдің қылауызы Тоқтамыстың өзі болған. Ол Сейхұндарияның орта шенін жақсы білгені соншалық айсыз тастай қараңғы түндерде де, Мауараннахр әскерін бір рет те адастырмай, баратын жерлеріне дәл жеткізіп отырған.

Егер Ақсақ Темір әскері жолай тоқтап, не түнейтін болса, жау келеді-ау деген жақтың алдыңғы тұсынан ор қазып шапартұры қойған.

Сондай-ақ, соғысқа кірер алдындағы әскерді құру тәртібін де Ақсақ Темір Шыңғыс кезіндегіден көп өзгерткен.

Алғашқы кезде Ақсақ Темір әскері былай құрылған, Ортада да ең негізгі қол, ал екі жағында — екі қанаты: оң қанаты, сол қанаты. Әр қанаттың бүйірінен жау тисе, қарсы тұрар қанбала — жасағы сондай-ақ қарауылы болған. Ақсақ Темір осылай әскерін жеті бөлімнен — жеті қолдан құрған. Орталық қол екі жағындағы екі қанаты, оларға берілген екі қанбала, екі қарауыл. Әскерді былай құрудың өзіне тән кемшілігі болған. Ол кемшілік орталық — негізгі қолдың өз қанбаласының, өз қарауылының жоқтығы еді. Орталық қолдың көп қимылы, өз бетіменен жеке кете алмаған, екі жағындағы қанатының жағдайымен байланысты.

Мысалы, Ақсақ Темір мен Құсайын әмір Чинас пен Ташкент Ордасындағы соғыста, моғол Ілияс-Қожадан жеңілуін алайық. Құсайын әмір оң қанаттың басында тұрған. Бұл қанаттың қанбаласын арат Тіленші Ұлжайту әмірлер басқарған. Сол қанаттың қолбасшысы Ақсақ Темір өзі болған. Бұл қанаттың қанбала бастығы Сары Бұғы, қарауылын Темір-Қожа оғлан билеген.

Негізгі әскери қолбасшылардың бәрі екі қанаттың төңірегінде тұрған. Ал Ілияс-Қожа, екі қанатқа көңіл бөлмей, кәдімгі ашуланған сүзеген бұқадай, бар күшіменен негізгі орталық қолды ұрған.

Күтпеген жерден маңдайға кеп тиген тақтай, дүлей моғолдар тікелей кеп өздеріне тарс қойғанда, төтеп бере алмай орталық қол, тым-тырақай қаша жөнелген. Негізгі әскері шегінгеннен кейін, екі қанаттағы Ақсақ Темір мен Құсайын әмір де ештеңе істей алмаған. Сөйтіп моғолдардан жеңіліп қалған.

Осы Жылан, яғни 1365 жылы болған ұрыстан жиырма алты жыл өткеннен кейін, көп тәжірибе алған Ақсақ Темір, биылғы, жылқы, яғни 1390 жылдың қысындағы әскери ойында ұрысқа түсер әскер тәртібін басқаша құрды.

Енді ол бар күшін, әрқайсысының қанбаласы, қарауылы бар жеті қолға бөлді. Бұрын негізгі көңіл қанаттарға ғана бөлінсе, енді қанаттардың маңызын төмендетпей, ортадағы қол күшейтілді. Оған да қанбала, қарауыл және сауыт киінген маңғыла берілді.

Әскердің дәл ортасына ұрыс кезінде тікелей Сүлеймен-шах мырза басқарған Сұлтан-Мұхамед қолы қойылды. Сұлтан-Мұхамед бас қосынымен осы өзінің қолының соңында тұрды. Одан кейін ұрысқа ең соңынан кіретін Ақсақ Темірдің тікелей өзінің қарамағындағы әскерінің соңғы негізгі күші — жиырма қосыны орналасты. Оң жақта қанбаласын Хожа-Сейфуддин басқарған Мираншах қолы, сол қанатында қанбаласын Бердібек басқарған Сары-Бұғының бұйрығындағы, Омар-Шейх Мырзаның қолы шеп құрды.

Ұрысқа ең алдыменен Сүлейменшах, Мираншах, Омаршейх мырзалардың қолдары кіруге тиісті болды. Қайсысы бұрын кіреді, ұрыс болатын жердің жазық, таулы жағрафиялық ерекшелігіне байланысты. Осы үшеуінен кейін соғысқа бас қосынымен Сұлтан Мұхамед қолы түседі (бұның ұрысқа ана үшеуімен бірдей кіруі де мүмкін). Содан кейін барып, ұрыстың аяқ кезінде Ақсақ Темір өзі басқарған кілең батыр, жас жігіттерден құрылған ең ақырғы жиырма қосын кіреді. Жау әскерін қашыратын, жеңетін ең ақырғы күш міне осы қосындар болулары керек.

Ал осы қалың әскерді Дәшті Қыпшақ жеріне жол көрсетіп, алып баратын қылауыздар, жеңіл жасақтары бар, Тоқтамыстан қашып келген Едіге, Темір-Құтлық, Құнжақ оғландар еді.

Ақсақ Темір үшеуін әмір сарайына шақырып алып, осы шешімін айтқанында Едігенің ойына, «Жау әскерін өз жерімізге басқарып баруымыз дұрыс болар ма екен?» деген ойына алғашқы күмән кірді.

Қосындарын осындай тәртіппен құрған Ақсақ Темір Жылан, яғни 1390 жылдың күзінің ақырғы айы — Желтоқсанның аяғында Сейхундариядан өтіп қалың әскерімен Ташкент жанына ордасын тікті. Қолдары қыс бойы Парсин мен Шинал арасындағы жазық дала әскери ойында болды. Өзі Ходжелідегі Маслихат мешітіне барып, құран оқып, тілек тілеп қайтты. Мешіт мұриті, ишан, карилеріне пітір, садақа ретінде он мың кепек динарларын үлестіріп, қайтадан Ташкентке оралды.

Ақсақ Темірдің көптен бері ұстамалы ауруы болатын. Кенет денесі құрысып, аузынан көбігі ағып жатып қалатын. Осы жылдың ортасынан бері сол ауруы ұстамай, Әмір-Темір іштей қуанышта жүретін. Маслихат мешітіне барып пітір, садақа үлестіруінің де бір себебі осы аурудан құтылдым ба деген үміті еді. Енді міне сол сырқаты жиі-жиі келіп қырық күндей жатып қалды.

Ақпан айының бас кезінде Ақсақ Темір ат үстінде жүруге жарады. Осы күндері Қорасаннан Мираншах келді. Пир-Мұхаммед-Жангер мырза мен Үлықбектің әкесі, үлкен ұлын Шахруқты мемлекетін басқаруға тастап, бүкіл Ордасын Шолпан-Мәлік акәден өзге барлық қатындарын Самарқантқа қайтарып, өзі қалың әскерімен Алтын Орданы шабуға, Дәшті Қыпшақ жеріне жүрмек болды.

Міне осы күндері Ақсақ Темір Ташкенттегі Әмір сарайына Едігемен Құтлық Темір, Құнжақ оғландарды шақырды. Мауараннахр билеушісі өзіне керек адамдарға өте жомарт болған. Алтын, күмісін, торқа, жібегін аямаған. Бұл үшеуіне де Тоқтамыстан қашып келгеннен кейін, қойындарына құмай салып, үстеріне жеке-жеке боз орда тігіп берген. Үйірлеп жылқы айдатып, есігінің алдына қызмет етер құлдары мен күңдерін қойған.

— Мырзалар ештеңеден тарықпасын, өздерін мұнда да, өз елдеріндегідей сезінсін,— деген.

Әмір сарайына Темір-Құтлық пен Құнжақ оғлан ертерек келген. Бұлар бөтен жерде аң аулап жүргендерінде «Әмір-Темір шақырып жатыр» деген хабар алған. Әскер аралап кеткен Едігені күтпей, таза құндыз торқа ішіктерін кие салып Әмір сарайына асыға жеткен.

Өзін Шыңғыс ұрпағына күйеу санайтын Ақсақ Темір екі жігіттің жасына қарамай қошаметпен қарсы алды. Мырзаларды жасаулы дастарқанға өзінен жоғары отырғызды. Астарына шәйі көрпе салдырып, шынтақтарына аққудың мамығынан жасалған, аппақ жастықтар тастатты.

— Әмір сарайы демеңдер, көсіле-созыла отырыңдар,— деді ол күлімсірей,— өзгелерге Әмір болғанмен сендерге жездемін ғой.

Қатыгез Ақсақ Темір керек кезінде ақ жарқын, биязы бола білетін.

Бұлар Қытай фарфорынан жасалған әшекейлі кеселерін қолдарына алып Ақсақ Темір өзі құйып отырған көк шайды іше бастаған кездерінде, үйге «ассалаумағалейкүм» деп Едіге енді.

Мырзалармен жүргізетін құпия сөздерді ешкім естімесін деп Ақсақ Темір шайды өзі құйып отырған.

Әмір-Темір әрқашанда өте сақ кісі еді. Бұл сақтығынан ол ешуақытта опық жемеген.

Боп-боз боп, қалың қабағы түксиіп, алақандай көздері тұнжырай қарап Ордаға сәлем беріп Едіге кіріп келгенде, есікке сәл бұрылған Ақсақ Темірдің бойы шымырлап кетті. «Шіркіннің түрі қандай суық еді» деді ішінен. Мауараннахр билеушісі Алтын Ордадан келген осы бір жігітке қанша құрмет көрсетіп, өзіне жақындатқысы келсе де, жүрегінің түбінде жатқан бір күпті сезім оны ұстай беретін.

Ал түбі кімнің қас, кімнің дос болатынын Ақсақ Темір айыра да білетін. Рас, Тоқтамысты танымағанын ол өзі де мойындаған. Бірақ Тоқтамыс емес алтын тақ айыпты деген бұған. Алтын Орда ханының өзіне істеген опасыздығын ол заңды деп түсінгендей еді. Өзі де сондай жан болған соң, солай ойлаған. Жақсылық істеген, Әмір дәрежесіне жеткізген Құсайынды өзі аяды ма? Даңқ, атақ, дәреже дегендер адамгершілік қасиеттерден Ақсақ Темір тәрізділерге әрқашанда жоғары тұрған. Сол себептен де ол Тоқтамысты түсінген. Тоқтамысқа опасызсың деп айып таққысы келмеген. Бар шешкені өзімен бақ таластыруға айналған Тоқтамысты құрту ғана болған. Жоқ, Алтын Орда тағына Тоқтамыс па, әлде басқа біреу ме, кім отырса, сол отырсын, Ақсақ Темірге бәрібір еді. Тек Алтын Орда, Сейхүндарияның Орта шеніне сонау Еділ өзеніне дейін жайлап жатқан Алтын Орда, жаңа ғана айбынды ел атанып келе жатқан Мауараннахрына қауіп туғызатын Ордаға айналмаса жетеді. Ал Алтын Орданың ондай мүмкіншілігін пайдаланбас үшін, Мауараннахр әміршісінің айтқанынан шықпайды деп Тоқтамысты хан көтерткен еді ғой. Бірақ одан не шықты? Сөйткен Тоқтамыс енді Алтын Орданың бар күшін пайдаланып Мауараннахрға қауіп тудырмақ! Ондай ханның тіпті Ақсақ Темірге керегі жоқ. Одан да, Тоқтамыс құрысын да, оның орнына Ақсақ Темірдің айтқанынан шықпайтын басқа адам отырсын. Ондай адам кім? Темір-Құтлық па? Әлде Құнжақ оғлан болар? Жоқ, бұл екеуінің де ел алдында қадірлері жоқ. Қол бастап, жау қырған емес. Не көсем болып жұрт алдына түсіп алған абыройлары жоқ. Мұндайлардан қанша қолтықтасаң да, үлкен хан шықпайды. Әлде Едіге ме?.. Жоқ, бұл да болмайды. Бұл бір қамыс арасында жүрген жолбарыс тәрізді, жүрісі де епті, түрі де суық. Едіге өзінің шығар күнін күткен адам. Егер мұндай кісінің қолына Алтын Орда тәрізді алыптың тізгіні тиер болса, өзіңе бағынады деп үміттенбе! Мұндайлар өзіңді бағындыруға тырысады.

Тоқтамыстан аузы күйіп қалған Ақсақ Темір, қазір Алтын Ордаға кімді хан қоюды емес, сол Алтын Орданы өзіне тізе бүктіруді ғана ойлады. Алтын Орда шын тізе бүксе, оған отырғызар хан табу қиын емес.

Едіге де Ақсақ Темірдің ойын аңғарып қалған. Тоқтамысқа берген жәрдемін өзіне бермесін бірден ұқты. Әйткенмен бас жауы Тоқтамыс қой, қасыңның қасы сенің де досың, ал Ақсақ Темір Тоқтамыстың қасы. Сол себептен, Едіге Мауараннахр Ордасында болуға шыдап баққан және Тоқтамыспен тезірек майданда кездесуін күткен.

— Жоғары шық,— деді Ақсақ Темір дәл қазір Иранды, Қорасанды шауып атағы жер жара бастаған Мауараннахрдың билеушісі емес, әшейін бір қонақжай адамдай.— Өзге әңгімені шай іше отырып сөйлеселік…

Мауараннахр жұртының басың қосып мемлекет еткен қатыгез Ақсақ Темір еш уақытта да өзінің кім екенін ұмытпайтын. Орда иесіне қарама-қарсы жайғасып, шай ішіп отырған Едігеге кенет бұлармен сөйлесіп отырған мынау қастарындағы Ақсақ Темір біреу емес, екеу тәрізді боп көрініп кетті. Бір Әмір шай беріп отырған қарапайым, меймандос, мынау жай адам, екіншісі — рақымсыз қара сұр, қанішер өзі білетін Ақсақ Темір. Әрине, шын Ақсақ Темір екіншісі.

Мауараннахр билеушісі шай арасында бұл үшеуін, жеңіл жасақ беріп Дәшті Қыпшақ жеріне әскерлеріне жол көрсетуші — қылауыз етпекші болғанын айтты.

— Жол алыс. Тоқтамысты жөнге келтіру үшін, мүмкін Еділге дейін баруға тура келер,— деді ол. Сосын сөзінің аяғында,— ал мұндай үлкен аттанысқа шыққанда қасыңның жер, суын білу — оның әскерінің жайын білуден кем қасиет емес,— деді.— Әрине білмеген жердің ой, қыры таныс емес соқпағы көп. Бұған сендерден ыңғайлы ешкім жоқ.

Ақсақ Темір «Егер Тоқтамысты жеңсек, сендердің біреуіңді хан қоямын» деген жоқ. Шынын айтқанда Темір Құтлық та, Құнжақ оғлан да осындай бір жылы сөзден дәмеленген еді.

Әмірдің ондай ойдан аулақ екенін бұрыннан да аңғарып жүрген Едіге сөзді бөтен жағынан бастады.

— Алдияр, Әмір-Темір, көреген падишах,— деді ол сәл басын иіп,— Сіздің бізге көрсетіп жүрген құрметіңізге, алдағы жорықтағы бізге жүктемек міндетіңізге, көп рахмет. Әділетті Әмір-Темір көрінгенге мұндай сенім білдірмесе керек-ті. Сіздің бұл сеніміңізді ақтау бізге борыш. Оны адал ақтайды деп сеніңіз. Әйтсе де, менің өз басымда бір тілек бар…

Ақсақ Темір кесесін жерге қойды. Малдасын құрып отырғанда кеселді аяғы ұйыңқырап қалған екен, сәл созды да:

— Айт тілегіңді,— деді.

— Дәшті Қыпшақ жерін, мына отырған қос арлан Темір Құтлық пен Құнжақ оғландардан артық ешкім білмейді. Қылауыздыққа осы екеуі де жетеді ғой деймін. Ал Тоқтамыста менің ала алмай жүрген әкемнің кегі бар. Жалғыз әкемнің емес, онда өз басымның да өшпейтін өшім, бітпейтін дауымның көп екені сізге де мәлім шығар. Айтар сөзім: сілтер семсерімді оның қанына батырмай көңілім көншір емес. Менің орным алдыңғы айқасар шепте тәрізді. Егер қисаңыз жеке түмен беріңіз, қас жауыммен қан майданда бетпе-бет кездесейін. Сеніміңізді ақтайтыныма міне нан!

Едіге алдында жатқан тандыр нанды алып жоғары көтерді.

Кенет Ақсақ Темір ойлана қалды. «Бір сәтке сөйткен де дұрыс болар ма, қалай? — деді ол ішінен,— Едігенің Тоқтамыспен аянбай күресері сөзсіз. Сүйретіп салған тазы қасқыр ала алмайды, бұйрыққа көніп соғысқа барғалы тұрған әмірлердің көбі Едігеден кем түсері хақ. Жоқ, дегенмен, бұған бірден сенуге әлі ерте. Бір түмен де он мың әскер бар. Менің түмендерім одан кем, көп дегенде тоғыз мыңнан аспайды. Бірақ тоғыз мың да қыруар күш қой. Едіге тәрізді, әрі шешен, әрі батыр, айлакер түмен басының қолына түссе қандай айбынға айналатыны белгілі. Едіге Тоқтамысты өлтіруге барғанменен, Алтын Орданы мүлдем күйретуге бара ала ма? Қанына тартпағанның қары сынсын демей ме? Басына түскен бір сын сағатта ол қанына тартып кетіп жүрмесіне кім кепіл?.. Жоқ, жоқ, асықпаған жөн…»

Ақсақ Темір баяу сөйледі.

— Қасқа салар балтаңды тасқа салма, тасыңды алғанмен, соңынан қасынды ала алмас. Сен тәрізді асыл беренді қынапқа ұстаудың қажеті жоқ, өзім де сол өзің айтқандай түмен басы, тіпті қол басы етпек болып едім,— деді ол аздан кейін.— Бірақ бұл жолғы қылауыздардың маңызы ерекше. Екі оғлан екі-ақ қолға жарайды. Ал Сұлтан-Мұхамедтің қолын жасағыңмен өзің алып жүресің. Бұл орталық қол. Оның адаспауы, таныс емес жерде қателеспеуі — жеңісіміздің бір шарты.— Ақсақ Темір тағы сәл үндемей қалып, қайта сөйледі,— Сосын… Тоқтамыста менің де кешпес кегім бар. Басы қайсымыздікі болады — оны жазмыш көрсетер, ер жігіттерге не ортақ — майдан ортақ емес пе… Түбі түмен басқаруды керек деп тапсақ Дәшті Қыпшақ жеріне барған соң көрелік. Ал әзірге, Едіге мырза, біздің өтінішімізді қабыл алды ғой деп сенеміз.

Едіге өзіне Ақсақ Темірдің сенбей отырғанын түсінді. Ол ішін өртеп алай-түлей әкетіп бара жатқан ашуын әзер басып:

— Құп, алдияр тақсыр,— деді.— Айтқаныңызды қуанышпен қарсы алдым!

Демек, Едігенің «қарсы алдым» деген сөзді тым еркін айтқанынан оның бұның әміріне көнгісі келмегенін Ақсақ Темір де түсінді.

Ол іштей күлді.

— Тағы қандай өтінішіңіз бар, Едіге мырза? — деді, Ақсақ Темір.

Едіге бірден жауап берді.

— Сіздің жендеттеріңіз мен жоқта жасағымның бір жігітін ұстап әкетіпті. Егер мүмкіншілігі болса босатып беруіңізді сұраймын.

— Ол қандай жігіт? Қылмысы неде?

— Еш қылмысы жоқ,— деді Едіге. Менің жасағымда Жезақ Қыпшағынан Жантай, Кентай, Нұртай деген үш ағайынды жігіт бар еді. Соның кішісі Нұртай өткен сәрсенбіде менімен бірге түлкі аулауға шыққан. Ал кеше: «өткен сәрсенбі күні сен күні бойы жасағыңнан кетіп, Ташкент базарынан қайтып келе жатқан шаруаларды тонапсың» деп жендеттеріңіз алып кетіпті. Екі ағасы бірдей «аһ» ұрып қайғырып отыр…

Ақсақ Темір тіктене қалды.

— Кісі тонаудың үлкен айып екенін, ондай қылмыс үшін өлім жазасы берілетінін олар білмейді ме екен?

— Біледі. Бірақ мәселе басқада ғой. Ол жігіт ешкімді тонаған жоқ. Сәрсенбі күні таңертеңнен кешке дейін менімен бірге болған. Егер оны кісі тонады десеңіз, ұлы мәртебелі Әмір, онда мен де сол қарақшылардың бірі болуға тиістімін ғой.

— Егер ол жігіт сеніменен бірге болса, онда маған бұрын неге айтпадың?

— Ол жігітті Сіздің жендеттеріңіздің алып кеткенін бүгін ғана естідім. Кеше Сүлейменшах Ордасында болып, тым кеш оралдым.

— Енді ол жігіт жоқ…

— Түсінбедім, мәртебелі әмір…

— Соңғы кезде жол тонайтын қарақшылар көбейіп кетті. Тыйым салу үшін, қылмыс үстінде қолға түскен бес-алтысын жұрт көзінше бастарын алыңдар деп жарлық бергем… Ал кеше сондай адамдардың бесеуін өлім жазасына бұйырған. Жұртқа үлгі болсын деп. Жаңа есіме түсіп отыр, солардың ішінде сенің жігітің де бар болатын. Қолдарына жазықты адамдар түспегеннен кейін, менің жендеттерім, жазықсыз адамдарды алып келген ғой.

— Өйтуге бола ма, алдияр тақсыр!

— Болады! — деді Ақсақ Темір шімірікпестен.— Егер жүздеген, мыңдаған адамдарды ел тонау тәрізді қылмыстан тыямыз десек, бес кісінің өмірінде тұрған ештеңе жоқ. Бүкіл денеңді алып бара жатқан кеселден бір саусағыңды құрбан етіп құтыла алсаң, кім сені айыптайды? Бұл да сондай!

Өзі де кісі өліміне ойыншық тәрізді қарайтын Едіге, әйтсе де шыдай алмады.

— Кінәлі адамдар үшін кінәсіздер жауап берсе, онда әділеттік деген қайда қалады?

— Ол бөтен мәселе. Әрине кінәлі адамдар үшін кінәсіздерді өлтіру — ол қылмыс. Мен тек сенің сұрағыңа ғана жауап бердім. Ойлаған мақсатыңа жету үшін, ештеңенің де кедергі болмау керек екенін ұғындырдым.

— Сонда ана екі жігітке інісі жайында мен не айтуым керек?

— Қатеден өлтірілді екен де.

— Бар айтарым осы ғана болуға тиісті ме, алдияр әмірші?

— Неге? Сендердің жазықсыз інілеріңді өлтірткен жендеттердің де Әмір-Темір бастарын алуға үкім берді де!

Енді сөзге Темір-Құтлық кірісті.

— Япырмай, бостан-бос бірнеше адамның басы кететін болды ғой,— деді ол.

— Неге «бостан-бос» дейсің? — деді Ақсақ Темір,— Мен өзімнің дегеніме жеттім. Қараңдар да тұрыңдар, кісі тонаған қарақшылардың бастарының алынғандарын көрген адамдар ертеңнен бастап ондай қылмысқа бармайды. Әрине, ана өлген бес жігіттің үстіне тағы бес-алты кісінің өмірі бостан-бос шығын болатын болса, бұл жақсылық емес. Әсіресе әр сыпайдың өзі санаулы соғыс алдында. Бірақ оларды өлтірмеске болмайды. Әділетсіз Әмірдің халық алдында еш қадірі болмайды.

Едіге Ақсақ Темірдің қандай адам екенін жаңа түсінгендей болды. «Иә,— деді ол ішінен, — сенің бар ой-арманыңды түсініп отырған Ақсақ Темірден өзімен түбі теңбе-тең түсер адамды хан етуді күту қиын болар». Ол осы сәтте, ыңғайлы келген күні Ақсақ Темір Ордасынан кетуге бел буды.

Ал Мауараннахр билеушісі бұл кезде жазықсыз өлтірілген жалғыз жігіті үшін, жалған жала жапқан бес жендетінің басын алуға өзінің диван басшысына бұйрық беріп жатқан.

Ол осындай істеріменен, аңқау елге әділетті саналған.

Жылан, яғни 1389 жылы қаңтар айының жиырма екісі күні, Ақсақ Темір Ташкентті тастап қалың қолмен Дәшті-Қыпшаққа қарай беттеді. Сейхүндариядан, бір кезде Жошы әскері өткендей, көрікпен өгіз терілеріне ауа толтырып, үстіне тақтай салып, көпір істетіп әскерін арғы бетке шығарды. Қолдарының алдындағы маңғыларына қылауыз етіп Темір-Құтлық оғланды, Сүнжек және Осман батырларды белгілеп, тікелей Отырарға қарай жүрді. Осы тұста, түнде қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан Тоқтамыстың қарауыл жасағының үстінен Осман батырдың маңғыласы дәл түсіп, Алтын Орда жігіттерін орындарынан тұрғызбай біразын шауып өлтірді. Жау қолынан аман құтылған қалдығы Ақсақ Темірдің сан жетпес самсаған әскерінің Отырарға таяп қалғанын Тоқтамысқа жеткізді. Бұл кезде Тоқтамыс әскері Шыңғыршыны, Құшты қоршап, жан-жағынан тонап, бірақ бекініс-қалаларды ала алмай үлкен ұрыс үстінде еді.

Ақсақ Темірдің үлкен күшпен өзіне қарсы шыққанын естіген Тоқтамыс бір сәт қатты абыржыды. Негізгі қоры, тынысы Еділ — Жайықта қалған Алтын Орда ханы алыс жерден кеп, Мауараннахрдың екі жүз мыңнан астам, қылыштың жүзіндей қылшылдаған әскеріне төтеп бере алмайтынын бірден ұқты. Жеңсе де жеңілсе де, Ақсақ Темірдің қалың әскерін өз жерінде, сонау Еділ — Жайық бойында қарсы алмақ болды. Қосындарына енді Дәшті-Қыпшаққа қайтатындарын жариялады. Сөйтсе де, бәз-баяғы екі жүзділігіне салып, Ақсақ Темірге «жаздым, жаңылдым» деп елшілер жіберуді ұйғарды.

Күннен-күнге ұлғайып бара жатқан Жошы мен Жағатай ұлыстарының арасындағы араздық Ақсақ Темірмен бетпе-бет келіп белдесіп күреспей шешілмейтінін білетін Тоқтамыс кенет сондай жағдай туғанында, бірден тайсалып шыға келді.

Өйтпесіне болмайтын еді, Ақсақ Темірде қазір екі жүз мың жауынгер болса, мұнда бар болғаны жүз мыңға жетпейтін ғана әскер бар еді. Және бұл қосындар да жаз бойы соғысып, шаршап, әжептәуір кеміп қалған.

Ал Қыпшақ Сұлтанбек би басқарған Тоқтамыстың елшілері келгенде Ақсақ Темір Ордасы Отырарға жақын Қара-Саман деген жерде тұрған. Алтын Орда ханының елшілерін ордасына шақыртты. Жеке ақбоз үй тіккіздіріп, жылқы сойдырып, елшілерді мұндайда қадірлі қонақтарға істелетін ғұрып-әдет дәстүрлерімен орда адамдарына тік тұрғызып күттіртті.

Тек өз шатырына қонақтар кіргенде ғана, дос жұрттың елшілеріне істейтін құрметін көрсетпеді. Қонақтардың сәлемін отырған орнынан тұрмай қарсы алды. Иегін көтеріп:

— Жоғары шығыңдар — деп төрді меңзеді де қойды.

Қызыл жібек фарсы кілемінің үстіне жайғасқан үш елшінің басы Сұлтанбек би, малдасын құрып отырып алғаннан кейін, Ақсақ Темірге қарады. Сосын түлкіге түскелі тұрған қыран бүркіттей шүйіле сөйлей жөнелді.

— Бабама бабаң ерген, ұрыс, соғыстың қызығын да, қайғысын бірдей көрген, атам қызыңды алған, әкем қызын берген, туыс-құдандал екі жұрт едік,— деді ол бір сәт қабағын түйе,— Егінді жерге ел қонбас, егесе берсе ер оңбас, еңсесі биік болса да, әйгілі Алтын Ордамнан еңкейіп келіп отырмын. Ханымның орындап бұйрығын, қорыққаным емес, сыйлығым, белдеуіңе байланды желден жүйрік тоғыз тұлпарым, өзіңе арнап әкелген, балдағы алтын мынау сұңқарым…

Ақсақ Темір есік алдында тұрған нөкерлерінің біреуіне иек қақты. Ұзын бойлы, ұзын мұртты нөкер, еңкейе жүріп, сәнді қимылдап, Сұлтанбек бидің жанында отырған қаба сақал елшінің қолындағы балдағы саусақтай Сом алтын тұғырынан ақ сұңқар құсты алып, Ақсақ Темірдің иығына отырғызды. Мауараннахр билеушісі ежелгі дәстүрді сақтап, құсты «алмаймын, әкет» деген жоқ, бірақ берілген сыйлыққа мән бермегенін білдіргісі келгендей, иығындағы құсқа бұрылып та қарамады.

Ал Сұлтанбек би, сөзін жалғай түсті.

— Түсі сары біткенмен, бірдей емес алтын, мыс. Қателесті әнекей, хан басымен Тоқтамыс. Сол қатесін түсініп, істеп отыр кішілік… Оң жағында отырып сарқытын ішкен ұлы едім, сол кісінің қамымен таққа жеттім, түледім. Кешсін дейді сол балаң, Әмір-Темір тәңірім, бұдан былай бұзбаймын берген еш бір әмірін… Өле-өлгенше қастық етпеймін, айтқанынан кетпеймін, қатемді тек кешсін деп, жіберді біздей елшісін…

— Жоқ, кешпеймін! — деді кенет тау бүркітіндей саңқ ете қап Ақсақ Темір.— Қан майданда бетпе-бет кеп алысса кешер едім, өйткені алтын тақ, дәреже, бақ деген адамның өмірінен де жоғары ұлы армандар. Ол адамның өзінен де күшті. Сол арманы үшін менімен ашық алысса, айыбын бір жолға кешер едім. Ал Тоқтамыс менің сан істеген жақсылығымды ұмытып, өзім Иран мен Иракты бағындырам деп соғыста жүргенімде, арқама пышақ салғандай, тыныш жатқан елімді шапты. Өзгесін кешсем де бұл опасыздығын кеше алмаймын! Адамның қатесін, білместігін кешуге болады. Ал опасыздығын кешуге болмайды!

Ақсақ Темір бұл сәтте өз басының өзгелерге істеген опасыздығын мүлдем ұмытты. Бір мезет ол Тоқтамысқа қандай жақсылықтар еткенін, соған қарамай, оның бұған істеген қастықтарын саусағыменен санап, қыза сөйлеп кетті. Сөйлеген сайын өзін-өзі ұстай алмай, екі езуінен көбігі шашырап, рақымсыз көздері кенет от шашып, қанталап долдана түсті.

Ұстамалы қояншық ауруы тағы басталғалы тұр екен деп үй ішіндегілердің зәре-құты қалмады. Ақсақ Темір мұндай ақылынан адаса қызынуы сирек болатын. Ал болған сәттерінде, ол ештеңеге қарамайтын, кейде тіпті не істеп, не қойғанын да білмей қалатын. Осындай жыны ұстаған бір тұста көптен бері өзіне ұнамай жүрген Хорезмнің бір мырзасын, беліндегі қанжарын суырып алып, жүрегіне сұғып өлтірген.

Тағы да бір сұмдыққа ұшырап қалармыз деп қорыққан уәзір, нөкерлері Ақсақ Темірдің қасынан аулағырақ сырғи түсті. Бірақ Мауараннахр әміршісі осылай қызына сөйлеп келді де, кенет су сепкендей бірден басылды. Иығында отырған алтын баулы ақ сұңқарды «бұл қайдан келді?» деп таңырқағандай қарады да қолымен жерге итере салды.

— Осылай! — деді Ақсақ Темір.— Тоқтамысқа еш кешірім жоқ. Екеуміздің таласымызды енді қан майдан шешсін!

— Құп алдияр, Әмір-Темір! — деді Сұлтанбек би сәл басын иіп,— Алтын Орда ханы Тоқтамысқа біз Сіздің сөзіңізді өзіңіз айтқандай етіп жеткізерміз!

— Сіздер менің сөзімді енді Тоқтамысқа жеткізе алмайсыздар,— деді Ақсақ Темір даусын көтермей.

Елшілер үрейлене қалды. Сұп-сұр боп кеткен Сұлтанбек би.

— О не дегеніңіз? — деді.— Қастасқан жұртты достастыруға жүрген елшілерге бұрынды-соңды еш хан әмір қиянат істеп көрген жоқ.

— Өзгелер істемесе, мен істеуге мәжбүрмін,— деді Ақсақ Темір.— Кешеден бері сендер менің бар әскерімді, қару-жарақтарымды тегіс көріп болдыңдар емес пе? Мамай істеген қатені мен істей алмаймын. Сендерді де өз ордама қалдырамын. Жол көрсететін қылауыз етемін.

Өлтіреді екен деп зәре-құттары қашып кеткен елшілер әзер дегенде естерін жинады.

— Сонда Сіздің жауабыңызды Тоқтамысқа кім айттап барады? — деді әлден уақытта Сұлтанбек би, өзінің елші екені есіне түсіп.

— Ешкім де айтып бармайды,— деді Ақсақ Темір.— Ертең таңертең біз шабуылға шығамыз. Менің қандай жауап қайтарғанымды Тоқтамыс өзі сонда біледі.

Бірақ Тоқтамыс Ақсақ Темірдің жауабын күтіп әуре болмады, осыншама әскер жинап, қыс бойы босқа дайындалмағанын Мауараннахр әмірінің соғыспай тоқтамайтынын түсініп, соңдарына шамалы қалқан қалдырып, сол түні Сауранды тастап Қыпшақ даласына қарай бет алды. Бұл жолы Қожа Ахмет шайхы әулиенің мешіті тұрғанына қарамады, Яссыны ондырмай тонап, қалың әскерімен үстірт жүріп, тікелей Алтын Орда астанасы Сарай-Беркеге тартты.

Ақсақ Темір қолдарынан да көп әскер жинап, Тоқтамыс жауын енді Еділ — Жайық даласында қарсы алмақ болды.

Бірақ сонау Сейхүндарияның жағасынан Еділ бойына дейін созылған алып Дәшті Қыпшақты, Бату-ханнан бұрын да, кейін де, бірде-бір әскер бір сапарында өтіп көрмегенін есіне алып Тоқтамыс Ақсақ Темір қолдары Еділге дәл биыл келе қояды деген ойдан алыс еді.

Ал шындық Тоқтамыстың қателескенін көрсетті.

Ақсақ Темір, Тоқтамыс әскерінің шегінгенін ертеңінде білді. «Тіл» ұстап әкелуге Қарақан батыр мен Дәулетшах мерген басқарған қос атты қырық таңдаулы жігіттерін Тоқтамыстың соңынан шаптыртты. Қажы-Сейфуддин әмірді бас етіп алыс жолға жарамайтын ауру-сырқауы бар ақұрығын мал-мүліктерімен Самарқантқа қайтарды. Өзі қалың әскерімен Дәшті Қыпшаққа қарай қозғалды.

Қос аттарын кезек-кезек ауыстырып мінген Қараман батыр мен Дәулетшах мерген басқарған қырық жігіт, Сарысу бойында Тоқтамыстың тастап кеткен қалқанының бір бөлегіне кездесті.

Намаздыгер мен намазшам арасында екі жасақ арасында қысқа ұрыс болды. Тоқтамыс жігіттері жеңіліп, осы арада тең жартысынан айырылып, аман қалғандары атының шабысына сиынып, кейін қашты.

Қолға түскен екі-үш жігітті ұстап Қарақан мен Дәулетшах Ақсақ Темірге алып келді.

Үш күннен кейін Сарысуға Мауараннахр қолдары да жетті. Қолға түскен жігіттерден, Тоқтамыс қосындарының өзінің арбалы, жаяу, аттылы ауыр әскерімен жете алмайтын жерге кетіп үлгіргенін Ақсақ Темір де білді. Енді ол әскерін жорық тәртібіне келтіріп, шөлейт даладан әбден жүдеп келген ат көліктерін тойындырып, суарып осы Сарысудың бойында тағы үні аптадай аялдады. Сосын биыл қатты тасыған Сарысу басылған кезде, көпір тауып батыс жағасына өтіп, бір қалың ел көшкендей, жеті қолын бірінен соң бірін шұбыртып, Қарақұмды жағалап, Қызылжыңғылдың үстіменен баялышты, көкпекті сұр даланы көктей кезіп, Ұлытауға қарай беттеді. Жайшылықта салт атты кісі екі түнеп жететін Шідерліге есек, қашырына азық-түлігін тиеген, өгіз, түйесіне шапар, тұрыларын жүктеген құма, қатындарын доңғалақтары дағарадай екі аяқты арбаға отырғызып, жаяулы, атты дүниені алып кеткен қалың әскер он күн дегенде әзер жетті. Күншығысы мен Теріскей жартасты Шідерлінің тұнық, терең көлімен, оған келіп құятын шағын өзенінің өн бойына шатырларын тігіп көкек айының шеніне дейін Ақсақ Темір қолдары тағы аялдады. Осы арада Алтын Шоқы деген кішігірім таудың етегіндегі бір түйетасқа Әмір-Темір өзін ұлы Тұран сұлтаны атап көкек айының жиырма сегізі күні, араб пен көне жағатай тілінде, ұйғыр әрпіменен сегіз жол етіп, екі жүз мың әскермен Тоқтамысқа қарсы аттанып бара жатқанын жаздырды. Содан кейін осы арадан теріскей күнбатысында он бес фарсахтай жерде жатқан Ұлытауға қарай беттеді. Жолай мол сулы Сырлы Кеңгір, Қара Кеңгірді жағалай, бір кезде Жошы Ордасын тіккен Жаңғабыл өзенінің бойына он күн дегенде жетіп, Ақсақ Темір тағы шатырын тікті. Осы арадан ат шаптырым жердегі Қара Кеңгір өзенінің жағасындағы Жошының зиратына Мауараннахр әміршісі құран оқып, тізе бүгіп, тәжім етіп қайтты. Ертеңіне Айыртауды бөктерлей өтіп, үш күннен кейін Ұлытауға жетті. Дәшті Қыпшақтың дәл ортасында тұрған әйгілі осы таудың басына шықты. Таудың биіктігіне таң қалды. Ұлытаудың теріскейінде, сәл кішілеу Кішітау тұр. Ар жағында біртіндей төмендеп кеткен, тізбектелген таулы, дөңесті Арғынаты қырқалары жатыр… Күнгейінде ойлы-қырлы боп сонау Бетпақдала, Қара құмдарға дейін барған жалпақ алқап. Шығысында, Көкше теңізге дейін созылған белес-белес жоталы үнсіз атырап. Ақсақ Темірдің көңілін тек Батыс жақ жері ғана бөлді. Бұл көктемнің кенже қызы— құлпырған Көкек айы ғой. Көк жиекке дейін көсілген көгілдір тартқан жасыл дала… Шетіне тіпті көз жетер емес. Сәл теріскейлеу өңірінде адамның екі көзі тәрізді жарқырап Ақ көл мен Шойынды көл көрінеді. Ал сол көлдер жатқан кербез дала нағыз бір дүние жүзіне жайылған сан өрнекті әсем кілем тәрізді. Тек ұшы-қиыры жоқ. Ақсақ Темірдің кенет жүрегі қобалжып кеткендей болды. Қашан бұл даланың шетіне шығады? Қашан бұл ұшы-қиыры жоқ атыраптың ар жағындағы Алтын Орда кіндігі Сарай-Беркеге жетеді? Жалпы жете ала ма? Тоқтамыс та, бұның жете алмайтынына сеніп, соғыспай кейін шегінді ме? Ол Дәшті Қыпшақтың осы алыптығын өзіне әдейі аңғартып тұрған күзетшісі тәрізді басын бұлт сүйген Ұлытауға өшіге қалды. Қасындағы Едігеге:

— Егер менің екі жүз мың жауынгерім бір-бір тасынан алса, осы тау қанша кішірер еді? — деді.

Ирак, Иран, Хорезмді шапқан кездерінен сол елдердің салтанатты сарайларын, күмбезді ғибратханаларын күйретуге құмар боп әдеттенген Ақсақ Темірдің мінезіне қанық Едіге, Дәшті Қыпшақтың мынау жазық өлкесінде осы Ұлытаудан өзге күйретер ештеңе таба алмай, Мауараннахр билеушісінің табиғаттың өзі жаратқан осы керемет тауды құртқалы тұрғанын түсінді. Сар даланың алып күзетшісіндей, Кішітау мен құшақтаса сүйір басы, көк аспанға найза ұшындай қадала біткен, көркем тауды күйреттіруге Едіге қимады.

— Тек сүйір басы ғана мұқалар еді,— деді ол, сол тұнжыраған қалпында. Сөйтті де кенет бір оқыс ой түскендей серпіле қалды.— Ал құмырсқадай қаптаған жауынгерлеріңіз егер осы араға бір-бір тастан үйсе, сіздің атыңызды мәңгі-бақи дүниеге қалдырар Ұлытаудай зәулім биік, бір тау пайда болар еді,— деді ол.

Атақ, даңқ кімнің көңілін толқытпаған. Ақсақ Темірге Едігенің сөзі ұнап кетті. Мысыр патшалары Хуопсе, Гизе тәрізді пирамидалар тұрғыздырса, бұл солардан биіктігі кем емес қолдан тау жасатады. Сол күні ол, әрбір жауынгерін бір-бір тастан әкеп осы араға тау орнатсын деп бұйрық берді. Екі жүз мың жауынгер екі күнде Ақсақ Темірдің тілегін орындады.

Сол қолдан жасалған биік Ұлытаудың күншығыс жақ қойнауында әлі тұр. Бірақ Ұлытаудай заңғар биік емес. Егер Ұлытауды қарт ата санасақ, бұл тау, сол қарт атаның бір өгей немересі тәрізді, қойнауында қарақатты бауы, қойнын жарып шыққан тас бұлағы жоқ. Тек екі жүз мың жауынгердің қолымен жасалған осы тауды бұзып, тасын санасаң, Ақсақ Темірдің Алтын Шоқы түйетасына жазған сөзінің рас екенін білдірер екі жүз мың деген санды кездестірер едің…

Атаққұмар бір әмірдің бұйрығына бола босқа кеткен қаншама еңбек!

Егер сол екі жүз мың әскер ешкімге керек жоқ тау тұрғызғанша, екі мың фарсах егін ексе қандай пайдалы болар еді!

Амал қанша, бір тентектің бұйрығынан екі жүз мың адам шыға алмаған сұм заман!

Ертеңіңе Ақсақ Темір әскері батысқа қарай қозғалды. Бір жеті өткеннен кейін қалың әскері Ұлытау мен Торғай өзенінің арасындағы даланың дәл ортасында жатқан Үлкен Жыланшық өзеніне жетті. Оның ар жағында тағы сегіз күндей жүріп, Ақсақ Темір қосындары Торғай мен Ырғыз өзендерінің ортасындағы, Күнгейі Манқанаймен, Теріскейі Ақтастымен шектескен далаға кеп тоқтады. Ақсақ Темір Анақаркүюнге Ордасын тікті. Жеті қолының маңғыласы Батыстағы Ырғыз өзенінің жағасына шатырларын тіккенде, ақұрығы Шығыстағы Торғай өзенінің жағасында қалды.

Міне осы арада Ақсақ Темір бір шешімге келді. Жайшылықта, сонау Жошы заманынан, Қаракеңгір, Сарыкеңгір, Ұлытау, Кішітау, Арғынаты, Ақкөл, Шойындыкөл, Үлкен Жыланшық, Торғай, Ырғыз өзендерінің бойында жаз бойы сыңсып отыратын Дәшті Қыпшақ ауылдары, Ақсақ Темір әскері Сарысудан шыққанынан-ақ жұтуға келе жатқан айдаһардан қашқандай бұл арадан үшті-күйлі жоғалған. Бүкіл Ұлытау маңындағы жұрт, Теріскейіндегі Есіл, Нұраға қарай ойысқан. Ал, Ырғыз Торғай алқабындағы елдер Ұлықұм, Балақұмнан бастап, Арал теңізімен жалғасып жатқан құмды далаға қарай көшкен. Сөйтіп Ақсақ Темір әскері келе жатқан тұста Дәшті Қыпшақтың бірде-бір аулы қалмаған.

Ал Самарқанттан Қаңтар айының басынан қозғалған қалың қол, төрт айға таяу мезгілде өзімен бірге алып шыққан азық түлігін тауысуға айналған.

Талап алатын, сатып алатын жолында ел жоқ, ал Ақсақ Темір қолдары жорыққа аттанғанында соңынан еріп жүретін, кішігірім көшпелі қала тәрізді Мауараннахр саудагерлерінің көші, азықтың бағасын он есе, кейде жиырма есе қымбаттатқан. Бұрын бес кепек динар тұратын қойдың бағасы енді жүз кепек динарға көтерілген. Оның өзі де табылмады. Ақсақ Темір бүкіл әскеріне нан жеуді тоқтатып, арпа көжесіменен қоректенуді бұйырды. Бұл да бәлендей жәрдем бермеді, қалың әскер көп кешікпей ашығуға айналды. Ал ашыққан қарулы әскер ол шынжырынан босаған қабаған арландар тәрізді, ызаланса, иесін қабудан да тайынбайды. Әскердің арасында ашулы күңкіл де шыға бастады. Бұдан әрі жауынгерлер ашықса, қандай қауіп туғалы тұрғанын түсінген Ақсақ Темір, енді Ырғыз бен Торғай өзенінің ортасындағы күнгейінде Маңқанаймен, теріскейінде Ақтаспен шектесіп жатқан, ұзындығы жиырма, көлденеңі қырық фарсахтай жазық даланы қоршап, аңға шығуға бүкіл әскеріне бұйрық берді.

Бұл оқиға мамыр айының он алтысы күні болды.

Бел сызығы жүз жиырма шақырымдай алаңды дөңгелене қоршай, екі жүз мың жауынгер тұрды. Ақсақ Темір аң аулауды жауға шығумен тең көретін. Көптеген соғыс жүргізу тәсілдерін аңды аулау әдістерімен тексерген. Өткен жылғы күзде осы биылғы әскерді құрған тәртібімен Әндижан өлкесіне аңға шыққан. Бір жағында жау шебі — долы сұрғылт толқынын көкке атқан асау Жейхүндария, екінші жағында — қылауызы, қарауылы, маңғыласы бар оң қол, сол қол, орталық шағын жасақтары. Орталық жасақтың артында бас қосындарымен жақсы көретін үлкен ұлы Шахрухтың тобы. Соңында өзі басқарған жиырма бұлық бекзада әмірлері…

Жейхүндарияға қарай жиырма шақырымдай жерден зұрна, кернейлерін барылдата, барабандарын гүрсілдете, дарылдата алға қарай жүрген.

Бір жағында долы дария, екінші жағында қауіптілігі одан да асқан өзі басқарған аңшылар. Ақсақ Темір өзінің жаңа әскери тәсілінің артықтығын сонда көрген. Бұлардан бір де бір аң қашып құтыла алмаған. Бірінші жасақтан арқырай шауып құтылған жолбарыс, екінші топқа — Шахрух тобына кеп найзаға іліккен. Ал одан құтылғандары Ақсақ Темір ханзадаларының шебіне кеп, садақ жебелерінен ажал тапқан.

Бұл жолы да Ақсақ Темір әскерлері нағыз ұрысқа шығардай сап құрды. Тек жеті қолы бөлек-бөлек емес, бір қолдай тұтаса жаз басындағы жасыл шөбі белуарға жетіп қалған, қызғалдақ, сарғалдақты бүкіл дүниені алып кеткен, жұпар аңқыған хош иісті жалпақ даланы қоршай дөңгелене тұрды.

Әбден ашыққан әскер қолына не түссе де аяр емес. Таң сарғайып ата бастаған шақ. Маужыраған дала. Кенет ЬІрғыз, Торғай өзендеріне су ішуге келе жатқан бөкен, марал топтары көрінді. Сол сәтте-ақ барабандар ұрылып, зұрналар барылдап, тыныш ауаны шошыта ойнай жөнелді. Екі жүз мың қалың әскер шебін жазбай, алғашқы кезде аяңдай, сосын желіске сала алға ұмтылды.

«Бұл не пәле?» дегендей суға таяп қалған киік, бұғы, бөкен, маралдар, құлақтарын едірейтіп, сәл тұрды да, бұларды құртқалы келе жатқандар көбінің бұрын көрмеген тұрпайы, жан шошырлық қос аяқты хайуандар екенін байқап, кейін қарай ата жөнелген.

Бұл тұста Дәшті Қыпшақта жылқы көп пе, әлде құлан мен бұлан көп пе, әлде қоян мен бөкен көп пе, айыру қиын еді. Дүниені алып кеткен үйір-үйір бұғы, марал, жайран, құлан… Қасқыр, түлкі, қарсақ, құндызға да сан жетпесе керек-ті, Аулап жатқан, атып жатқан адам жоқ, олардың бірін-бірі қырудан қолдары босамаған.

Сәске көтеріле қоршалған алаң тарыла түсті.

Жиырма-отыз шақырымға қашып келген аңдар, зәре-құттарын алған, зұрна, керней барылдарын, барабан, дауылпаз дүңкілдері тағы естілді. Енді олар жанымыз қалар ма екен дегендей, әрі қарай, алаң орталығына қашты.

Ал алаң аумағы тағы тарыла түсті. Андарды, аланды дөңгелете қоршаған темір шеңбер, құрсауын жазбай қысып келеді.

Аңдар енді тағы әрі қашты, бірақ, көп кешікпей батыстан шапқан бөкендер өздеріне қарсы келе жатқан шығыстан қашқан басқа бөкендерге жолықты.

Күнгейден қашқан киік, теріскейден шапқан киіктерге ұшырасты. Енді олар қайда барарларын білмей, бірінің соңынан бірі үйір болып шұбырып, тарыла түскен алаңның ішіне айнала жүгірді.

Ал жан алғыш үрейлі үндер таяй түсті.

Шаба-шаба шаршаған құралай көз жас бөкендер, шаршағандарынан өкпелері өшіп, көздері бадырая жасаурап, жер бауырлап жата-жата қалды.

Ең алдымен тұтаса қарая, сосын анықтала, қолдарына жалаңаш қылыш, көк найза, шойын бас шоқпарларын ұстаған сол зәре-құттарын ұшырған дүлейлердің өздері де жақындай берді.

Шеңбер енді тіпті тарыла түсті. Аңдар бұдан да әрі соғылыса түсті. Ал жылан ініне кірді. Қоян қасқырдың бауырына тығылды. Бөкен, киік лақтарын қал-қалап үйірленді. Өмірінде естімеген айқай-шу, дабырдан зәре-құттары қашып қорыққан биыл ғана өрген жас лақ, құралайлардың жүректері жарылып өлді. Ақсақ Темір кеше аңға шығамыз деген бұйрығында «бірде-бір садақ тартылмасын, жебе ертеңгі соғысқа керек, құлан, киік, бұғы, маралдар тек қылышпен шабылып шоқпармен соғылып, найзамен шаншылып өлтірілсін» деген.

Осылай белсызығы ат шаптырым жерге жуық алаңға бүкіл аңдарды қусырып тыққан Ақсақ Темір қанішерлері түс ауа, соңынан ұзақ жылға жыр болған, аң қырғынын бастады.

Үш қатар боп шеп құрған екі жүз мың әскердің енді алаң ішіне екі қатары кірді. Сыртқа бірде-бір марал, бұғы өтпесін деп, күзете қалған соңғы қатар, аттарының басын оңға бұрып, бірінің соңынан бірі тізіліп баяу аяңдап, алаң шеңберін тарылта берді. Ажалдан құтылам деп сыртқа қарай қашқан құлан, бұғы, киік болса, қылыштарымен басын алып түсті, не қайын сойылымен ұрып өлтірді. Ал алаң ішіне кірген жүз мыңнан астам атты әскер, қарсы келген бәкеңді қақ маңдайынан бұзау бас шоқпарымен соқты, жанай қашқан маралға көк найзасын өкпесіне дейін қадады, жүйрік атқа жеткізбей орғыған құланды қақ тірсегінен сойылмен ұрып құлатты, не істерін білмей сасып тұрып қалған киіктің қалтылдаған басын қылышымен орып түсірді.Ал жаяу жауынгерлер де бос тұрмады, белдерінен ұзын қанжарларын, қоныштағы жалпақ пышақтарын суырып алып, шөп үстінде тыпырлап жатқан құлан, киіктерді бауыздады, кейбіреулері бөкен, маралдарды терілерінен айырып боршалап соя бастады. Тек бұл сойқаннан барыс, қасқыр, түлкі, қарсақтар ғана құтылды. Еттері жеуге келмегендіктен оларға ешкім тимеді. Бірен-саран дүние қоңыз сыпайлар ғана терісіне қызығып, даланың қызыл түлкісі мен, қара құндызын соғып алды. Жазықсыз жануарларды осылай қыру түске таманнан басталғаннан бесінге дейін созылды.

Бұл сойқанға Ақсақ Темір мен бірге оның сүйікті жұбайы Шолпан-Мәлік әкә да қатысқан. Ол ерімен үзеңгілесе қатар жүріп, талай киікті, жас маралды құлатты. Ақсақ Темір оның қылығына, найза сілтеу шеберлігіне сүйсіне қарады. Осылай бөкен, киікке қатар қимылдап келе жатқан Ақсақ Темірдің, сойқан аяқталар кезде бір сәт оң жағындағы әйеліне көзі түсіп кетті. Әп-сәтте сұрлана қалды. Қалың тобылғысының арасында өкпесі ұшып, тығылып жатқан жас бөкен, үстіне келіп қалған аттылы жауынгерлерден шошып, ұшып тұрып үп-үлкен құралай көзі жаудырап, сен де мен тәрізді нәзік жансың ғой дегендей, Шолпан-Мәлік әкәнің үзенгісінің астына тығыла берген. Қаршығадан қорқып, адамға тығылған көгершін тәрізді. «Жұбайым, не істер екен?» дегендей Ақсақ Темір атының басын тежеп тұра қалды. Әйеліне жалына қараған бөкеннің жаудыр көзін бұ да көрді. Оған неге екені белгісіз, бөкеннің қорыққан, аянышты үлкен көздері өзінің осы бір сұлу жұбайының, бұл ашуланған кезде не істерін білмей, абыржып жаудырай қарайтын пәк сезімді көздеріне ұқсап кетті. Өмірінде аң түгіл адамды аяп көрмеген Ақсақ Темір кенет өзіне тығылған ақ бөкенді, сол бөкендей сұлу жанды жұбайының ажалдан арашалап алып қалғанын тіледі. Неге келді оған мұндай сезім, өзі де білмеді. Бірақ жұбайы жылардай боп қараған ақ бөкенге, сұлу қарақат. көздерін бір қадады да үзеңгісінен сәл көтеріле түсіп, қолындағы алмас қылышымен мойын тұсынан шірене кеп тартып қалды. Бөкеннің басы анандай жерге ұшып түсті.

Жаңа ғана жаудырап тұрған мөлдір көз, «мені өлтіруге қалай қидың?» дегендей, Шолпан-Мәлік әкәға жасы мөлтілдеп, аз уақыт қарап жатты да, бірте-бірте нұры жоғалып, сөніп кетті.

«Не болар екен?» деп қозғалмай тұрған Ақсақ Темір мұны да көрді. Кенет оның ойын жанындай жақсы көрген әйеліне деген жиіркеніш билеп кеткендей болды. Сол сәтте ол әйелге тек тұр, ақыл, опалылық қана керек емес екен, оларға ең алдымен жібектей жұмсақ жан сезімі, аяушылық атты ұлы қасиет керек екен деді. Егер әйелдерде біздей қатыгез, жан аямайтын қатал болса, дүниені тек жауыздық қана билеуі мүмкін деді. Ол бұл кезде өзінің істеп жүргендері, кеше Мауараннахрға бағынғысы келмей, тәуелсіздіктерін қорғаған Иран, Ирак, Хорезм, Қорасан, Жетісудің жазықсыз жұртын қырғандарын, ал бүгін осыншама аңдарды жусатып салғанын, қанішерлік деп ойламады. Бұның бәрін бар әлемді Мауараннахрға бағындыру ісі деп білді. Ал әйелінің қылығын жауыздық деп санады. Түсініп көр бұдан кейін Ақсақ Темірді?!

Ақ бөкеннің басын қылышының бір сілтегенінен алып түскеніне мәз Шолпан-Мәлік әкә енді жан-жағына масайрай қарады. Күйеуінің өзі туралы не ойлап қалғанын білмеді. Тек мен өлтірер тағы қандай аң бар деп алмас қылышын жалаңдатып алға қарай ұмтыла түсті.

Ал, дәл осы «ерлігіменен» айдай сұлу Шолпан-Мәлік әкә өзін Ақсақ Темірді өзіне жақындата түсудің орнына алыстата бастады.

Бесін ауа аң аулау да бітті. Бағана ғана жасыл шалғыны белуардан асып, жұпар аңқып жатқан дала, енді топырағы қара күрең қанға боялған қасап даласына айналды, әр тұста төбе-төбе болып үйіліп жатқан құлан, марал, бөкен, бұғы, жайран, киік еттері… Пышақтарын, қанжарларын жалаңдатқан жауынгерлер. Біреулер оларды боршалап сойып жатыр. Ал басқа біреулері сол еттерді осы арадағы ащы көлдің тұзды суына малып, күнге кептіріп, желге соқтыруда. Тобылғы жағып киік маралдарды бүтіндей үйітіп, не найзаға шаншып ыстап жатқандар да аз емес.

Бүкіл дала жанған от, көтерілген қазанға айналғандай.

Қан мен еттің жылымшы иісіне жиналған қарақұс, құзғын, қонуға жауынгерлерден қорқып, аспан бетін алып кеткен.

Тағы да қанды төге түсіңдер дегендей қарқ-қарқ етіп қарғалар қарқылдайды.

Дүниенің өлімтік құмар бар жаман құсы осы араға жиналғандай.

Қарға, құзғын, қара құсқа толған аспан ала теңбіл.

Дәл осы кезде, қан-жоса болған далаға рахаттана қарап тұрған Ақсақ Темірдің қасына Едіге келді.

Ақсақ Темір ойын бөлмеген қалпында:

— Дәл осылай Алтын Орданы қан-жоса етіп қайтсам жолым болды деп санар едім,— деді оған.

— Әрине ғой,— деді Едіге, бірақ ішінен «еркіңе жібере берсе сен бұдан да сойқанын істерсің» деді. Едіге осыдан бір бие сауым бұрын, барлық әскер аң қырып жатқанда, шеткі күзетші қатарында қалған. Ақсақ Темір, жаламен өлтірткен Жәнекенің туған екі ағасы Қанеке мен Тінікейдің Алтын Орда жағына қашып кеткенін білген. Соңынан қуғыншылар жіберген. Ақсақ Темірге осыны хабарлауға келіп еді, енді ештеңе де айтқысы келмей қалды. Өзі де неге екенін білмеді, енді сол қашқын жігіттің қолға түспей кеткенін тіледі.

— Алтын Орданы бұдан да жаман қан-жоса ететініңізге сөз жоқ,— деді Ақсақ Темірге.

Ақсақ Темір үндемеді. Аздан кейін ғана:

— Ләйім айтқаның келсін,— деді.

Осы кезде Ырғыздың арғы бетіне жіберілген маңғыладан да хабар жетті. Темір-Құтлық «Ор өзеніне дейін еш жау жоқ. Біз осы араға бекіндік» депті.

Жас етке тойынған жауынгерлер, күн бата қырған андарымен артынып-тартынып, батысқа қарай қозғалды.

Құмырсқадай қаптаған қалың әскер кетіп еді, сол сәтте-ақ аң қырылған алаңда қарға, құзғын, қара құс қаптады.

Көп кешікпей бағанағы қашып кеткен қасқыр, түлкі, борсықтар да қайта оралды.

Қараңғы түсе қорқау қасқырлар да келді.

Енді бірінің етін бірі жеген адамдардай, андар тойы басталды.

Жер кебе елу мың әскерімен Яссыны тонап, Саураннан шыққан Тоқтамыс, еш жерге тоқтамай жедел жүріп Көкек айының аяғында Сарай-Беркеге жеткен. Мауараннахрды шабамын деп аттанып, енді өзін шаппақшы Ақсақ Темірді ерте келгендігінен, ол Мауараннахрға жер бетіменен барып, одан жер астыменен қайтқандай болған. Бірақ нәсілі жігерлі, өр көкірек Тоқтамыс, ұятынан күйреп қалмаған. Бетінің арын белге буып, дереу екі жүз мың әскермен келе жатқан Әмір-Темірмен соғысуға күрт дайындалған. Яссыдан бері қарай өтісіменен-ақ, ол Мауараннахр әскері жүреді-ау деген тұстарда отырған елдерге: «Кілең темір киінген бықыған әскермен Ақсақ Темір келе жатыр. Қолына түскендерінің біреуін тірі қалдырмайды. Малыңды, қатын-балаңды тартып алады, өзіңді өлтіреді, қызыңды күң, ұлыңды құл қылады. Біз Алтын Ордаға барып, оған қарсы тұра алар әскер жинап келгенше Ақсақ Темірдің жүрер жолынан кетіп, не теріскейіне, не күнгейін паналай тұрсын. Ал ат жалын тартып мінуге жараған жігіттерін жүйрік атқа мінгізіп, қару-жарағын беріп, ру басшыларының айтқан жеріне жіберсін» деп жан-жағына жаушылар шаптырған. Осындай хабар Ақ Орда әмірлеріне, Алтын Ордаға жататын ру басшыларына тегіс жолданған. Оларға қарамағындағы жұрттың тезірек әскер жинап, Сарай-Беркеге жету бұйырылған.

Қысқасы соғыс дабылы Дәшті Қыпшақ жеріне сол көкек айының өзінде-ақ ұрылған.

Ақсақ Темір келе жатқан жерлердің жылан жалағандай, ауылсыз, елсіз болулары да осыдан еді.

Тоқтамыс бұйрығы Еділ, Жайық бойындағы, бұлғарлар, башқұрттарға да, Дәшті Қыпшақтың осы тұстағы бағынышты жұртына тегіс хабарландырылған.

Сондай бұйрық Қырым, Сақыстан, аймақтарына да жеткен.

Сойылы босағада сүйеулі, аты белдеуде байлаулы үнемі дайын тұратын Алтын Орда қарамағындағы елдердің әскері де тез жиналған.

Мамыр айының басы кезінде-ақ жан-жақтан келген жауынгерлер Сарай-Беркенің маңында шоғырланып қалған.

Сондай-ақ баяғы Мамайдың кезіндегідей жалдама бұлықтар Каффадан да, Кавказ бұртастарынан да келген.

Бүгін-ертең бұлғар бұлықтары да жетулері тиісті еді.

Тоқтамыс енді орыстардан да жалдама бұлықтар алуды ойлаған.

Ақсақ Темірдің айтқанынан қайтпайтын мінезі Тоқтамысқа белгілі. Жалпы, Шығысынан қалың қолыменен Әмір-Темір келе жатқанда батысындағы, кеше ғана өзі шапқан орыс князьдерінің бұған осындай қиын кезде, өздерін қалай ұстайтыны Тоқтамысқа мәлімсіз еді. Шығысынан келе жатқан жауына бұл қарсы шыққан шақта, артынан орыс князьдері жоқ, бәрі емес, тіпті біреу-екеуі болса да, бүлік көтеріп жүрсе Тоқтамысқа қиын түсері даусыз. Күнгейіндегі Ираннан қауіп жоқ, кеше ғана Ақсақ Темір шауып кеткен. Содан әлі есін жинай алмай жатыр. Ал орыс елі… бұл бір садақтың пернесі тәрізді ел, қанша тартсаң да, үзіліп кетпейді, тез-ақ қалпына келеді, Бұл елді де кеше ғана өзі шауып, біраз күйзелткенмен, ал оның бүгін қайтадан бас көтермесіне сенбеді. Тоқтамыс тезірек орыс елі мәселесін ретке келтірмек болды. Ретке келтіру үшін оның бар ойлайтыны бәз-баяғы ескі саясат. Тағы сол орыс князьдерін біріне-бірін қарсы қойып, өзіне көтерілтпеу. Онда да белгілі, бір пәле шықса, тағы да сол қанша шапсаң да әлі де күшті Мәскеу князьдігінен шығады. Сондықтан да оған Нижний Новгород, Тверь, Рязань князьдерін қарсы қоюды ойлады.

Нижний Новгород — Суздаль князі Дмитрий Константинович өлгеннен кейін, оның орнына өзіне, Мәскеуді алуға жәрдем берген балалары Василий мен Семенның бірін қоймай, Дмитрийдің інісі Борис Константиновичті қойған. Василийді сол Мәскеуден қайтқан жорығынан үйіне жібермей Ордада ұстап келген. Тек осыдан үш жыл бұрын, өткен Қоян, яғни 1388 жылы еліне қайтарып, Городец қаласына князь еткен. Сол жылы қыста Василий мен Семен князьдер, Мәскеу жасақтарының күшіменен Борис Константиновичті зорлықпен осы Городецке жіберіп, Василий оның орнына Нижегородқа өзі князь болған.

Бұған көнгісі келмеген Борис Константинович өз орныма жібер деп жәрдем сұрауға Алтын Ордаға сапар шеккен. Бірақ бұл кезде Тоқтамыс Мауараннахр жорығына аттанып кеткен еді. Князь Борис оның соңынан қуып жетіп, отыз күндей жанында болған. «Менің оралуымды күт» деп Тоқтамыс оны Ұрұқтана деген жерде кейін қайтарған. Князь Борис Константинович Мәскеу князінің шын қасы еді. Тоқтамыс енді Аққозы оғлан басқарған жасақ қосып беріп, дереу Борис Константиновичи Нижний Новгородқа жүргізіп, өз орнына отырғызды. Енді бұл князьдің өзіне емес Мәскеу князіне қарсы тұратынына шек келтірмеді. Тверь князі Михаил Александровичи да баласы Александрмен өз ордасына шақырып алды. Осы ұрыстан қайтып келгеннен кейін князьдіктің жеріне жер қосып беремін деді. Сондай уәдені Рязань князі Олегке де берді. Ақыры осы князьдердің жеріне кісілерін жіберіп әскеріне жалдама жауынгерлер алатын болды.

Батысын жөндеп алған Тоқтамыс, енді өзінің әскер құрамына кірісті. Орда маңына үш жүз мыңнан астам атты әскер жиналды. Дені Дәшті Қыпшақтың Ақ Орда руларынан, Қырымдағы ноғайлы, Еділ — Жайық бойындағы жұртпен, бұлғар, мөкше елдерінен еді. Өз жасақтарының басшылары сол кездегі Дәшті Қыпшақтың әйгілі батырлары Кен-Жанбай, Қарақожа, Уақ, Шуақ, Едігенің туған ағасы Исабек, Маңғыт батыры Хасанбек-Сарай, Үлкен Дәулет, Кіші Дәулет деп аталатын қос батырлар, он сегіз жасар Шора, Наурыз, Әлі, Хорезмнің кешегі билеушісі қоңырат Сүлеймен Софы, Ақ Бұғы, Көк Бұғы, Қырымдық Ақыл би, Күңгір би батырлардан бөтен, Тоқтамыс қолбасшылары етіп Жошы ұрпағынан шыққан Тас-Темір, Бекболат, Елжиғыш, Шынте оғландарды белгіледі. Әр қол өз сабында тұрып әскери жаттығуға кірісті.

Каффа, Кавказ бұртастарынан құрылған он шақты жаяу бұлықтары болмаса, Тоқтамыс әскері тегіс атты жауынгерлерден еді.

Сол себептен Алтын Орда ханы жаяу әскері көп Ақсақ Темірмен, Дәшті Қыпшақтың атты әскерінің өзіне тән артықшылығын пайдаланбақ болды. Ол Ақсақ Темірмен бірден соғыспай, қаша жүріп бетпе-бет кездесе қоймай, біресе әскерінің ана жерінен, біресе мына жерінен тиіп, мазасын кетіре ұрыспақ болды. Сөйтіп, алыстан жүдеп келген Мауараннахр бұлықтарын әбден мазалап, азық-түлік тиеген көштерінен қолдарын үздіртіп, титықтарына тиіп, шаршатуды ойлады. Осындай тұжырымға келген Тоқтамыс, атты әскерінің жылдамдығын пайдаланып, бір сәт Ақсақ Темір әскерінің бүйірінен кеп тиіп, Мауараннахр әскері бұларға бар күшімен бұрылғанда, заматта кейін шегініп, аздан соң жау қолдарының артынан кеп шаппақ болды. Қысқасы, бүкіл әскерлері бетпе-бет келген үлкен соғысқа бармай, тиіп-қашты ұрыспен, Мауараннахр әскерінің қуатын азайтып, мазасын да, уақытын да ала берем деді. Бұндай ұрыс елі де алыс және Алтын Орда қолдарындай күнде қосылып жатқан жаңа күштері жасақтары жоқ Ақсақ Темірге өте қолайсыз еді. Енді Ақсақ Темір қосындарының екі жүз жауынгерден тұратын жалпы санына хабардар Тоқтамыс, екі жүз елу мың атты әскерімен, тамыздың басында Еділдің бергі бетіне өтті. Өзінің жауынгер балалары Жәлелиддин, Құнжақ, Жаппарберді сұлтандарды бас етіп, он жаяу бұлықтарымен елу мың жауынгерін, заман қандай, заң қандай болады деп Сарай-Беркеде қалдырды. Және балаларына тағы да Еділдің арғы бетіндегі жұрттан елу мың әскер жинап, Ордадағы қосындардың санын жүз мыңға жеткізіп, ұрысқа дайын тұруларын бұйырды.

Алтын Орда әскері бергі бетке шыққан күні, Тоқтамысқа Ақсақ Темірден қашқан Едігенің жігіттері Қанеке мен Тінеке де жетті. Олар Мауараннахр әскерлерінің қанша екенін қай жерден қашан шыққандарын, азықтары таусылуға айналып, жолай аң аулап жеп, қиындықпен келе жатқандарын айтты. Тоқтамыс өзінің соғысу әдісінің дұрыс екенін түсінді. Шамасы келгенше бос айқасты соза бермек болды. Және әлгі екі жігіт Әмір-Темір әскерінің жалпы жағдайын ғана хабарлап қоймады, қосындарының жаңа құрылыс тәртібін, соғысқа жеті қол боп кірмекші екенін де айтты. Міне осы арада Тоқтамыс бір үлкен қате істеді. Ақсақ Темірдің ол әскери дарынын қатты бағалайтын. Сондықтан бұ да Әмір-Темірге еліктеп, әскерін жеті қол етіп құрмақ болды. Мұнда Тоқтамыс үш нәрсеге көңіл бөлмеді. Біріншіден, Ақсақ Темір бұл жаңа құрылысымен әскерінің жауға шығу тәсілдерін бір жыл бойы әскери ойыны арқылы тексерген, жауынгерлерін әбден шынықтырған. Екіншіден, бұл жаңа құрылыста атты қосындардың, жаяу тұратын бұлықтардың қару-жарақтары да өзгеше, қолданатындары құр найза, садақ емес, бұларда шапар, тұра, тіпті білтелі мылтықтар да бар. Және бұлар шабуылдан өзге уақытта қазылған орлардың ар жағында тұрады. Ақсақ Темірдің ойы бойынша бұның жаяу әскерін ең алдымен жаудың өзі шабуға тиісті. Егер жау бұлықтары қозғалмаса, Мауараннахрдың атты әскері ұрысқа шығады. Олар ұрыс кезінде кенет кейін бұрылып, қашқан болып, жау қосындарын өзінің жаяу бұлықтарына бетпе-бет кездестіреді. Ал мұндай әдіске үйренбеген, шынықпаған Тоқтамыстың Сарай-Беркеден алдырмақ он бұлық жаяу әскері не істейді? Үшінші қатесі, бас қатесі, Ақсақ Темір өз әскерін жеті қол етіп, әсіресе маңғыласы, қанбаласы, қарауылы бар орталық қолдың артына тағы басқол қойып, одан кейін өзі жиырма қосынмен тұрғанда, ал соғыс басталғаннан кейін, тек алға қарай жүруге және жау әскерін майдан ортасына кіргізуге арнап құрған. Мұндай тәртіп, егер әскері жеңіліп, кейін шегінетін болса, тіпті ыңғайсыз еді. Онда алдағы жеңілген орталық қол, соңындағы бас қолға келіп тіреледі, ал бас қол, артындағы Ақсақ Темір өзі басқарып тұрған жиырма қосынға кеп ұрылады. Ал бұл қосындар шегінгенше, алдағы қолдар көп шығынға ұшырайды. Бұлай құрылған әскер шегінер болса, артында Еділ, Сейхүндария тәрізді; қарулы кісі өте алмас, өтсе де әзер өтер жалпақ, терең, долы толқынды өзендер тұрса, не істейді? Тегіс қырылады. Қырылмаған күнде де орасан көп шығынға ұшырайды. Ақсақ Темір әскерін осылай етіп құрғанда, еш уақытта артында бөгет болар жерге барып соғыспақ емес-ті. Тек алға, алға ғана жүру үшін құрған. Ал Тоқтамыс артында жойқын Еділ өзені барын ескермеді. Ежелгі көне қыпшақи әдіспен құрылған әскер, егер жеңіліп бара жатса, кейін шегініп, тіпті Еділді жағалай қашуына мүмкіндігі болатын, ал мынандай орталық қолы жиырма мың жауынгер, одан кейінгі бас қолы он мың, одан кейінгі ұрыс алма-кезек түсіп қызған жерде соғысқа кіретін, кем дегенде жиырма мың жауынгер бар, бас қолбасшының қарамағындағы тағы жиырма қосын тұрған, үш қатар етіп құрылған ауыр әскер, бұрынғы шағын жеке қолдардай, қалай болса солай тез бұрыла алады ма? Жоқ және бүйіріне қарай лып етіп қаша алмайды. Жеңіліп бара жатса қолдарынан бар келері кейін шегіну. Ал кейін шегінсе артында сұр толқыны айдаһарлардай иіріліп жатқан Еділ дариясы бар…

Тоқтамыс бұл жағдайларды ескермеді. Қолға қол төтеп бере алады деп, бұл да ең бас ұрысқа әскерін Ақсақ Темірше құрып түспек болды.

Дегенімен ол өзінің негізгі тәсілі — қаша соғысып, Әмір-Темірдің әскерінің бұл әбден титығына жетіп, соғысты ұзарта түсу ойынан бас тартпады.

Осындай шешімге келген Тоқтамыс, ең алдыменен Еділден сал арқылы он бұлық жаяу әскерін еткізіп, содан кейін атты қосындарымен өзі өтіп, жаяу бұлықтарын алға қойып, шығысқа қарай қозғалды.

Тоқтамыс ұрысты қайткен күнде де Сарай-Беркеден, тіпті Еділден қашық жерде өткізбек болған. Және атты әскеріне қолайлы жалпақ жазық даланы іздеген.

Ал Ақсақ Темір әскерінің Мұхамед-Сұлтан басқарған маңғыласы таң ата Тобыл өзенінен өткеннен кейін, арғы беттегі көп әскердің жұртын көрді. Өздері жоқ, бірақ түнде жаққан оттарының орындары жатыр. Көше алмай қалған бір шағын ауылдың малына бара жатқан жылқышысын ұстап алып, қорқытып, содан ағаш арасында түнде келіп тығылып жатқан қару-жарақты, сауытты он адамның барын естіді. Құмари-жасауыл басқарған жасақ; жылқышының көрсеткен жерінен, түніменен қарауыл қарап, таң ата ұйықтап кеткен он жігіттің үстінен шықты. Жау келіп қалғанын сезіп, аналар атып-атып тұрды. Әттең, тұсаулы жүрген аттарына жетіп үлгірмеді. Енді олар қылыштарына жабысты. Бірақ аттылы жасаққа не істей алады жетеуі өліп, тірі қалған үшеуі қолға түсті. Осы кезде Тобылдың бер жағына шыққан Ақсақ Темірге тұтқындарды алып келді. Ақсақ Темір енді Тоқтамыстың қосындарының қайда және қанша екенін білді. Және Тоқтамыс та бұның әскерінің мән-жайынан хабардар екенін естіді. Тұтқындар Едігенің екі жігітінің қашып барғанын айтты. Тоқтамыстың әскерін қай тұстан іздеуі керек екенін түсінген Ақсақ Темір, әскеріне Жайық өзеніне қарай жүруге бұйрық берді. Алты күннен кейін Самур өзеніне жетті. Мамыр айының жиырма тоғызы күні қалың әскер Жайық жағасына келіп тоқтады.

Темір-Құтлық бұл өзеннің Айғыржал, Бүркітші, Кіші Салма деген үш өткелі барын айтты. Ыңғайлысы Кіші Салма деді. Бірақ өзеннің ар жағы қайың, талды екен, аңдып тұрған жау болар деп сезіктенген Ақсақ Темір, жоғары көтеріліп Тоқтамыс ойламаған басқа жерден көпір салуды бұйырды.

Екі жағаға қыл арқан тартылып, тағы үстіне қамыс, тал, сырғауылдар салынған үрлеген өгіз терілерінен жасалған көпірден Мауараннахр әскері Маусым айының төрті күні тегіс өтіп арғы бетке бекінді. Барлаушылар Тоқтамыс қолдарының алыс жерде екенін айтты. Ақсақ Темір әскеріне тағы жолға шығуға бұйрық берді. Ауыр жеті қол, Тоқтамыс әскері тұр деген жерге таяғанда, Алтын Орда қосындарының тағы әрі қарай кеткенін білді. Ақсақ Темір бұлықтары тағы қозғалды. Маңғыла, қанбала, қарауыл, хабаршылар, бірінен соң бірі Тоқтамыс әскерінің қай жерде көрінгенін, қай жаққа қарай бет алғанын, тіпті кейде бүкіл аттылы қосындар екіге-үшке бөлініп, жан-жаққа тарап қетіп, қайтадан қосылатындарын, бәрін-бәрін жеткізіп тұрды. Осылай Тамыздың тағы оншақты күні өтті. Ақсақ Темір, Алтын Орда ханының, бұны соңынан ертіп, әбден қалжыратып барып соғыспақшы екенін түсінді. Оған алыс жерден келген, күннен күнге тағы азық-түліктері таусыла бастаған әскерінің шыдай алмайтынын білді. Әмір-Темірге жалғыз ғана жол қалды. Ол: әскері әбден әлсіремей тұрғанда, қайткенмен де Тоқтамысты тоқтатып, соғысуға мәжбүр ету еді. Осыған тоқтаған Ақсақ Темір ортаншы ұлы Омар-Шейхке, таңдаулы жиырма мың атты әскер алып, Тоқтамыстын әскерін қуып жетіп, оның маңғыласымен айқасуға бұйырды. Омар-Шейх әкесінің айтқанын істеді. Тоқтамыс амал жоқ, соғысуға мәжбүр болды. Дәл осы арада Алтын Орда ханы тағы бір қате жіберді. Намыс, ар дегендерді былай қоя тұрып, Омар-Шейх әскерімен жүре соғысып, әлі де болса, Ақсақ Темір қосындарын соңынан ерте, үлкен айқас күнін соза түсуі керек еді.

Бұл кезде Ақсақ Темір Ордасы Шұрымшаға құятын Құндырша өзенінің арғы жағында тұрған. Бұл бұлғар даласының шеті еді. Тоқтамыс әскерінің маңғыласы Омар-Шейх атты қосындарыменен ұрысқа түскенін естігенде, Ақсақ Темір қуанып қалды. Бұл хабар кешке таман жеткен. Әмір-Темір әскеріне ертең таң ата ұрысқа түсетіндерін жариялады. Ал бүгін әскер біткен шатырларын тігіп, әр қос біреуден-екеуден қазан көтеріп, маңғылалар ор қазып, шеп құрып, шапар-тұрыларын қойсын деп бұйырды.

Бұнысы бір жағынан соғыс алдында әскерін тынықтырып алу болса, екінші жағынан Тоқтамыс жауынгерлерінің күні бұрын зәре-құтын алу еді.

Расында да, сол бір айсыз, бұлт басқан қара түнде шатырларын құрып, қазан көтеріп, жер-көкті алып кеткен Ақсақ Темірдің ұшы-қиыры жоқ әскерлерінің қаннен-қаперсіз дем алып жатқанын көргенде тек әскері ғана емес, Тоқтамыстың өзі де шошиын деді.

ТӨРТІНШІ ТАРАУ

Куликов даласындағы ұрыстан да зор, Тоқтамыс пен Ақсақ Темір әскерлерінің айқасы, Тамыз айының он сегізі, дүйсенбі күні болды.

Осының алдында бір апта бойы күн тағы бұлыңғыр тартып, жауынды-шашынды келген. Тек кеше ғана түс ауа аспан айнадай ашылып, кенет жарқырап күн шыққан.

Екі жақтың әскері де күннің былай өзгеруін өздеріне жақсы ырым санаған. Ал Ақсақ Темір өз қолдарының ондықтарынан бастап, қосын, түмен әскери қол басшыларына дейін, ежелгі әдеті бойынша, үлке деп аталатын сыйлығын — жібек шапан, кәріс белбеу, барқыт тақия мен темір торлы сауыт үлестірген.

Ал Тоқтамыс, ертеңгі болатын ұрыстың ескерткішіне жауынгерлеріне күміс жүзік, мүйіз шақша, одан жоғарыларына құндыз бөрік, күміс белбеу, ал бәріне тегіс Сарай-Берке шеберлері Шам болатынан жасаған күміс сапты асыл берен тартқан.

Осылай үлке — тарту алып көңілдері көтерілген жауынгерлер, қалған олжаларына жау жағын жеңіп кенелмек боп ұйқыға кеткен.

Екі жағы да таң сәріден тұрмақ еді, бірақ табиғаттың өзі атар таңдарының қорқынышты екенін күні бұрын хабарлағысы келгендей, таң қараңғысы тарамай жатып аспанды қап-қара бұлт жауып, кенет күн күркіреп, найзағай ойнады.

Күннің күркірегені соншалық қатты болды, ер-тоқымдарын жастанып ұйықтап жатқан сыпайлар, үрейлене орындарынан атып-атып тұрды. Кей жылқылар тұсауларын үзіп, шұрқырай кісінеп далаға қашты. Сол мезетте, қара аспанды найзағайлар айқыш-ұйқыш тілгілеп, шелектеп жауын құя жөнелді. Бірақ бұл сұрапыл ұзаққа созылмады, жаңағы басталғанындай қас қағым сәтте сап тоқтады.

Жауынгерлерден ұйқы мүлдем қашты, енді ешкім қайтадан жата алмады.

Ақсақ Темір қараңғы түсе бүкіл қос, шатырлар алдарына от жағылып қазан көтерілсін деумен қатар, түн ортасы болмай, бірде-бір жарық, не от көрінбесін деп бұйырған. Және қатты сөйлеп, дауыс шығаруға да рұқсат етпеген. Мұндағы ойы жаңа ғана от жағып, қазан асып самсап отырған қолдарды, жау жағы, кенет ұрысқа көтерілген екен деп ойласын дегені еді. Көзге түртсе көрінбейтін түнде мұндай ой жау әскерін қатты қобалжытатынын ол жақсы білетін.

Осындай жарлық алған әскер, таң қараңғысы тарамай-ақ, ешбір шақпақ жағып, от тұтатпай, үнсіз қимылдап киіне бастады.

Әйткенмен, бір шамада құланиектеніп сарғая түсіп таң білінді. Әскер біткен енді тез қимылдап, түнде дайындап қойған астарын суықтай ішіп-жеп, аттарын ерттей бастады.

Осы уақытта барабан, дауылпаздар ұрылып, тағы зұрна шиқылдап, керней барылдап, жауынгерлерді сапқа тұруға шақырды. Қасында қолбасшы балалары, ең жақын әмірлері бар Ақсақ Темір Күлсары тұлпарына қырындай отырып, бүгінгі ұрыс алдындағы әскерінің түрін, қару-жарақтарын, соғысқа кіретін қолдардың қалай құрылғанын өз көзіменен тағы бір көріп, тексеріп өтпек боп, қаз-қатар тізілген қосындарды аралап келе жатқан.

Ақсақ Темірдің бүгін қабағы қатыңқы, түрі жүдеулеу көрінген. Жоқ, жалпы соңғы кезде Ақсақ Темір бұрынғысынан көп өзгерген-ді. Екі беті сұрланып, рақымсыз көздері бұрынғысынан да рақымсыздана түскен. Әмірдің бұлай құбыла қалғанын байқаған жақын серіктері себебін өзара қанша жорамалдаса да таба алмай қойған. Біреулері: алдағы болар ұрыстан сескеніп, көңіліне бір күдік кіріп жүр ме деп те ойлаған.

Жоқ, Ақсақ Темір болар ұрыстан сескенген жоқ және жеңілем деп күдіктенбеген де. Қандай соғыс болмасын жауын жеңуі, оның әдетіне айналған.

Әмір-Темірдің бұлай кенет қатулана қалуына ең алғашқы себеп болған Жайықтан өткеннен кейін, өзі өлтірілсін деп бұйрық берген әнеугі қолға түскен үш жігіттің ең кішісінің сөзі еді. Жоқ, сөзі емес, өзіне таққан айыбы болатын. Бұл жігіттің ана екі кәрілеу жолдасы бірден «біз Тоқтамыстың кісілеріміз, ханымызға берген антымыз бар, басымызды алсаң да ештеңе айтпаймыз» ден қасарысып тұрып алған. Ашуланған Ақсақ Темір дәл осы арада екеуінің басын алдырған. Сосын жастау келген үшіншісіне:

— Тоқтамыстың әскері қанша, әйгілі батырлардан, әмірлерден кімі бар, қару-жарақтары қандай, білетініңнің бәрін айт,— деген.— Егер айтпасаң көрдің ғой, ана екі жолдасындай осы арада сенің басың алынады.

Жігіт Тоқтамыс әскерінің Ақсақ Темір қолдарынан саны көп екенін, жаяу он бұлығы барын, өзгесінің бәрі атты әскерден тұратынын, қаруды орыс елінен, Ираннан, қалғанын Сарай-Берке шеберлерінің күні-түні соққанын, білетін сырының бәрін тегіс айтып берген.

Қорқытып жігітті сөйлеткенінде Ақсақ Темір іштей мәз болған. Сосын ол:

— Мына жердегі от орындарына қарағанда,— деді,— жақында ғана осы арада Тоқтамыс қолдары болғаны көрініп тұр. Олар неге шегінді? Бізден қорыққандарынан ба?

— Жоқ,— деді жігіт,— Әмір басыңызбен соны да ұқпайсыз ба? Тоқтамыс алыс жолдан сендердің әскерлеріңнің шаршап келгенін және азық-түліктеріңнің таусылуға айналғанын жақсы біледі. Жігіттеріңді әбден шаршатып, аштықтан мүлдем әлсіретіп, сосын барып соғыспақ. Сол себептен сендермен бетпе-бет кездеспей, соңдарынан ерте, қаша жүріп келеді.

Ақсақ Темірге «Әмір басыңызбен, соны да ұқпайсыз ба?» деген жігіт сөзі батып кеткен. Ол осы арада тұрған Едігеге қараған. Осы жолғы Ақсақ Темір жорығының бір демеушісі Едіге болатын. Ол Тоқтамыстан қашып келгеннен кейін, «Алтын Орданы оңай жеңесің және ол жақтан өте олжалы қайтасың. Олжа өз аяқтарымен келеді» деп Дәшті Қыпшаққа тезірек аттануға үгіттеген. Ал Едіге айтқан сол Алтын Орда әскері әлі соғыспай жатып, Ақсақ Темірдің жауынгерлерінің титығына жетуге айналған. Енді оның үстінде Тоқтамыс соғыспай осылай қаша берсе, оған не істей алады? Ақымақ болып, әскерін аздырып-тоздырып, күйзеліске ұшыратады. Бұл жағдайды расында қалай ойламаған? Ал енді бұның ондай істі күні бұрын болжай алмағанын бетіне салық етіп, бүкіл Орда әмірлерінің көзінше, «Әмір басыңмен осыны да білмедің бе?» деп мына қарапайым жігіттің өзі мазақ етіп тұрғаны мынау. Жоқ, Ақсақ Темір сөйтсе де жігіт сөзіне сенбеген. «Сен мені алдап тұрсың» деп басын алдырған. Тек артынан, тағы бір он шақты күн өткеннен кейін, өзі өлтірткен тұтқынның шын айтқанын білген. Мүмкін Ақсақ Темір қазір «сол жігітті босқа өлтірттім-ау» деп іштей өкініп, қабағынан қар жауып тұрған болар? Жоқ, жоқ ондай өкінішті бұл білмесе керек-ті. Ондай осал адам бүкіл әлемді жаулап алам деп атқа қонбас-ты. Жоқ, Мауараннахр билеушісін жігіттің басқа сөзі, оны өлім жазасына бұйырғаннан кейінгі айтқаны ашуландырған. Ақсақ Темір нөкеріне:

— Мынаның да басын ал! — дегенде.

— Мейліңіз,— деп жігіт сәл езу тартқан.

Жігіттің өлімнен қорықпағанына Әмір-Темір таң қалған. Өлімнен қорықпайды екен, онда өз елі әскерінің бар сырын неге айтып берді?

Әмірші түсінбеген.

Өз еліне опасыздық істеген адам, бөтен елге де опасыздық істейді. Ондай адамды Әмір-Темір әр қашанда өлім жазасына бұйырған. Соны біле тұрып, сен маған неге өз әскерлеріңнің бар құпия сырын айтып бердің? — деген.

— Құпия сыры емес — шындығын айттым. Неге айттым? Әмір басыңмен соны да түсінбедің бе? — деген жігіт тағы да кекете.— Түсінбесең есті… Тоқтамыстың ойын әдейі айттым. Саған еріп сорлаған мына екі жүз мың бейшара жұртты бостан-босқа қырып алмасын деп… Шындықты естісе, мүмкін кейін қайтар, қанды босқа төкпес, жұрттың көз жасын аяр деп ойлап едім. Ал сіз ондай адам емес екенсіз…

— Қандай адам екем?

— Адам деуге де қиын.

Кенет Ақсақ Темір есіне осыдан екі жыл бұрын болған бір оқиға түсіп кеткен.

Ақсақ Темір Табризды алып, өзіне қарсы шыққан қала тұрғындарын қанжоса етіп қырып: «кімде-кім маған қарсы шықса, осылай етемін» деп өзге жұрттарды да қорқытпақ боп, өлтірген адамдарының бастарын Сұлтан алаңына тау ғып үйдірген.

Кейін, Самарқантқа қайтқалы тұрғанында бұған ақсақалды, осы қалаға белгілі қарт Сейт-Шейх келген.

— Саған қарсы тұрам деп бес балам қаза тапты. Бастары әне ана алаңда! — деген Шейх терезеден көрініп тұрған бас сүйектерден жасалған тауды иегімен меңзеп.

— Соларыңның құнын сұрамақсың ба? — деген Ақсақ Темір.

— Жоқ, мен олардың құнын сұрағалы тұрған жоқпын,— деген Шейх.— Сенің қандай адам екеніңді білгелі келдім.

— Қандай адам екенмін?

— Оны өзің айт.

— Сұра.

— Онда маған мына сұрағыма жауап бер. Сен не үшін соғысып жүрсің?

— Мауараннахр жұртының басын қасып, соны ұлы мемлекет ету үшін.

— Сол үшін Иранды шаптың ба?

— Иә, егер мен Иранды шаппасам, ол ертең мені шабады. Мауараннахр күшті ел бола алмай қалады.

— Мауараннахрдың күшті ел болу үшін үйілген бастың қандай қатысы бар?

— Кімде-кім Мауараннахрдың дегеніне көнбесе, айдауына жүрмесе, осылай бастары алынады деп істедім. Мауараннахрға бұл үйілген бастың қандай қатысы бар екенін түсіндің бе?

— Түсіндім. Бірақ адамды аяу керек болмайтын ба еді?

— Жоқ, болмайды. Адам — адамға қасқыр. Сол қасқырдың мен де бірімін.

— Онда сен де хайуан болдың ғой.

— Иә, мен де хайуанмын! Қасқырмын! — Кенет Ақсақ Темірдің қояншығы ұстап кеткен. Аузынан көбігі атып, екі беті бүлкілдеп, рақымсыз көздері қанталап, дір-дір етіп,— нағыз қасқырмын,— деген айқайлап. Сөйтіп қорқытып жұртты Мауараннахрға, өзіме бағындырмақпын! Мен өз жұртым, өз балаларым, өз жақындарымнан бөтен ешкімге ештеңе бергім келмейді! Жұртты қырумен, әлемді қанға бояумен бүкіл адамзатқа Ақсақ Темір деген атымды қалдыратын нағыз қос аяқты қанішер әміршімін! — Ол осылай көгеріп-қалшылдап келді де, әдеттегісіндей басыла қалған.— Түсіндің бе? — деген ол екі иінінен демін алып, езуінен аққан көбікті сүртіп, кенет әлсіреп.

— Түсіндім,— деген Шейх,— және құдайдың да әділетсіз екенін де түсіндім.

Ақсақ Темір қайтадан өзінің бұрынғы салмақты қалпына келіп:

— Сендерді әлсіз, мені әлді еткенінен құдайды әділетсіз деп санайсың ба? — деп сұраған қариядан.

Жоқ, одан емес,— деген Шейх,— Құдай әділетті болса бізді, адамзатты неге ақымақ етіп жаратты?

— Адамзаттың ақымақ екенін неден білдің?

— Ақылды адам жамандықты тез ұмытады. Ал ақымақ адам ондайды есінен шығармайды.— Шейх Ақсақ Темірге тесіле қараған.— Жаңа өзің айттың ғой: «Жұртты қырумен, әлемді қанға бояумен адамзатқа Ақсақ Темір деген атымды қалдырамын!» деп. Адамзат ақымақ болмаса, өзін қырған әлемді қанға бояған қанішерлердің атын неге сақтайды? Оның өзіне істеген жамандығын ұмытып кетіп, Мауараннахрдың басын қосқан, ел еткен деп, сендей қанішерлерді, неге ұрпақтан ұрпаққа дәріптейді? Ал сендейлер аз емес. Жарайды, тегеурінді мінездеріңмен бір елдің басын қосып үлкен мемлекет етіңдер -ақ, бірақ жалпы адамзатқа істеген қиянаттарыңа қарағанда, бір жұртқа жұмсаған жақсылықтарың не тұрады? Дым да тұрмайды! Анандай адам басынан тау жасап тұрып, Бұхар, Самарқанттарға, Регистон, Ишрат-хана, Шахизинда салдырғандарың кімге керек? Жоқ, ақылды адамдар, дүниеде сендейлер аз болу үшін, үрім-бұтаққа атағым қалсын деп қан төгіп, әлемнің тас-талқанын шығарттырмас үшін, сендейлердің аттарын бірден ұмытулары керек! Сендейлер дүниеде атаусыз қалуларың керек! Сонда ғана атақ, даңқ үшін адам бастарынан мынандай тау үймейсіңдер! Өзге қанішерлерге үлгі болмайсыңдар!

Ақсақ Темірдің қазір көз алдында сондағы күйіне, ызалана сөйлеген қарт Шейхтың ашулы бейнесімен оның «Онда сен де хайуан болдың ғой» деген сөзі құлағында әлі тұр.

Ал мына жігіт те бұны «Адам деуге де қиын» дейді. Ал Ақсақ Темір болса, осы қырғындарды, ұрыстарды өз басын дәріптейтін Мауараннахр елі үшін жақсылық істеп жүрмін деп түсініп келген. Иранды қырса, Иракты шапса, Өргенішті күйретсе, осының бәрін тек Мауараннахрды үлкен мемлекет ету үшін және мәңгі-бақи ұрпақтан-ұрпаққа өзінің ұлы атағын қалдыру үшін істеп жүрген. Ал қарт Шейх пен мына жас жігіттің сөздеріне қарағанда, бұның бәрі тек қанішерлік! Бұхара жұрттың қанын босқа төгу!

Ақсақ Темірдің қалың қабағының түксиіп, кірпігінің кіртие түсуіне себеп болған осы сөздер еді. Жоқ, бұл сөздер оған ақыл салмаған, керісінше, өршелендіре түскен. Ол қарт Шейх пен жас тұтқынның сөздерінен бұдан әлі де қорықпайтын адамдар бар екенін білген. Бұндай адамдардың болуына себеп, бұл әлі қанды аз төккен екен! Тіпті аз төккен! Міне содан жұрт бұдан әлі тегіс қорықпайды! Қорқытуы керек. Ол үшін бүкіл жер шарын қанға бояу керек болса. Ақсақ Темір қанға бояйды! Ұлтарақтай сау жерін қалдырмай бояйды.

Осындай ашудан, ызадан жүдеген Ақсақ Темір Тоқтамыс әскері жеткізбеген сайын, қолына түспеген сайын, қатулана, кектене қалған.

Енді ол Тоқтамыстың осы қорлығына қарап, бүкіл Дәшті Қыпшақты қанға боямақ болған. Сардаланы сары қайғыға бөлемек болған.

Бірақ Тоқтамыс оған бұлай еткіздірмеді. Ұстатпады. Ал тезірек қан төге алмаған, жауын қолына түсіре алмаған Ақсақ Темір, қайғыдан қан құсып, бұрынғысынан да жүдей түскен.

Ол әскерін аралап шықты.

Енді Ақсақ Темір қосындарының сырт бейнесіне, жалпы айбарлы түріне риза болып қалды.

Ол үн-түнсіз атының басын бұрып шатырының алдына келіп, атынан түсті. Соңғы он жылдың ішіндегі Ақсақ Темір ордасының бас ишаны, Мауараннахр әміршісінің діни қолдаушысы Сәйт-Беркемен қатар құбылаға қарап таңғы намаздарына тұрды.

Осы кезде бүкіл көкжиекті алаулата күнде шыға бастады. Ақсақ Темір намазын бітіріп, батыс жағына қарады, жауар бұлттай тұтасып тұрған Тоқтамыс әскерін көрді.

— Ал, Сәйт-Берке Шейх, батаңызды беріңіз,— деді. Ұзын бойлы, ақ сақалы белуарына түскен Сәйт-Берке көкке қолын көтерді. Ақсақ Темірдің өзінен бастап, қасындағы өмір қолбасшысы, бекзадалары тегіс құбылаға қарап, бір дізерлей отырып, көкке қолдарын жайды.

— Уа, мұсылмандар! Аспанда құдай, жерде Әмір-Темір бар. Сендерге қол көтерген адамдарды алла тағала қарғысымен атса, Әмір-Темір қылышыменен жояды. Әй, алла тағала, адал ұлдарыңның ақ тілектерін бер! Бұл сапарында да, ұлы Әмір-Темір жауын жеңдіріп, мәртебесін көтере гөр, әмин! — деді де Шейх бетін сипап, орнынаң түрегелді. Сөйтті де бір уыс топырақты Тоқтамыс әскеріне қарай шашты.— Ал, ұлы Әмір-Темір тілеген жағыңа аттан, жауыңды әлгі топырақтай шашып, жеңіп қайтасың!— деді.

— Әмин! — деді тағы да Ақсақ Темір және оны қоршап тұрған әмір, игі жақсылары,— айтқаныңыз келсін, ұлы Шейх! — деп шулады.

Әрине, осындай құдайға жалбарыну, елін шабуға келген Ақсақ Темір қосындарына қарғыс айтқан мұсылмандық әрекеттер Алтын Орда әскерлерінде де болып жатты.

Өздерін шабуға келген Мауараннахр әскерін бұлар мұсылман елдері Иранды, Мауараннахрды шабуға барғандарын ұмытып кетті.

Бастарына қиындық түсіп еді, мұсылмандықтарын есіне алды.

Қазаншының еркі бар қайдан құлақ шығарса деген.

Ақсақ Темір атына мінді.

Ол қолын сәл көтерді.

Сол сәтте зұрна, керней, дауылпаз, барабан бәрі кенет тағы жер мен көкті үркіте, шошыта, азан-қазан боп жорық дабылын ойнай жөнелді. Енді бір топ нөкер, Жошы -жалаушаларымен қолдарының алдына Ақсақ Темірдің өзі шықты.

Ол күлсары сәйгүлігін тебініп қалды. Кенет ақ шашақты жасыл туы көкке көтерілді. Сол сәтте жаңа ғана бүкіл әлемді шошытқан жексұрын үндер кенет тынды. Ақсақ Темір жанындағы серіктерімен екі жүз қадамдай жер жүрді де атын кейін бұрып тұра қалды.

Қабақтары түксиген қалың әскер, сусылдай екі жағынан өтіп жатты.

Орталық қол мен Махмұт-Сұлтанның бас қолы өтіп болған кезде, Ақсақ Темір көк темірге бөленген өзінің жиырма қосынының алдына кеп тұрды.

Бұлар да қозғалды.

Міне жер дүниені алып кеткен Алтын Орда мен Мауараннахр қосындары бір-біріне таяп келеді. Жарты миллионға жуық адам. Алдарында жаяу әскерлері, олар кімді болса да шаншып жіберуге дайын көк найзаларын кезене ұстаған. Ұштарында өлім ойнаған көк найзалар мен салт атты жауынгерлердің бастарынан асыра көтерген алмас қылыш шығып келе жатқан күн сәулесіменен шағылысып, жарқ-жұрқ етеді. Түрлерінен ызғар жауған жауынгерлерде үн жоқ, тек аттарының пысқырғаны, қару-жарақтарының суық дыбыстары ғана естіледі.

Жер қайысқан екі әскер бір-біріне жақын қалды. Әлі үн-түнсіз жүріп келеді.

Дегенмен бұл үнсіз тұншыққан тыныштыққа Алтын Орда әскері шыдай алмады. Кенет Орталық қолдың маңғыласының басында келе жатқан Елжиғыш оғлан мен Кен-Жанбай бастаған топ «Алға!» деп қатты дауыстап шаба жөнелді.

Ақсақ Темірдің жаяу қосын әскерлері найзаларының сабын бұрынғыларынан да қыса түсіп, кілт тоқтады. Олар шауып келе жатқан қалың атты әскерді найзаларының ұшыменен қарсы алуға ыңғайлана берді.

Дәл осы сәтте Тоқтамыс қолы тапқырлық жасады. Өздеріне көк найзаларын тосқан Ақсақ Темірдің жаяу әскерінің шебіне келіп ұрынбады, оның дәл қарсы тұсына таяп келіп, кілт бұрылып, Ақсақ Темірдің оң қанатымен сол қанатына қарай ұмтылды. Осы сәтте Тоқтамыстың өз әскерінің оң қанаты мен сол қанаты да бірден Ақсақ Темір қосындарының шеткі қолдарына лап қойды. Осылай шу дегеннен-ақ Мауараннахр билеушісінің әйгілі жаяу әскерінің алдындағы шебі екі алып әскердің ортасында қалды…

Аздан кейін арқар мен арқар, бұғы мен бұғы, қошқар мен қошқар мүйіз тірестіріп соғысқандарындай, Сүлеймен шах басқарған орталық қолға Тастемір-оғлан қарамағындағы Тоқтамыстың орталық қолы, сондай-ақ, Мұхаммед-Омар-шейх мырзасының сол қанатында, Бекболат оғлан мен Қарақожа батырдың сол қанаты, Хажы Сәйфуддинның оң қанатында Уақ пен Шуақтың оң қанаты, Ақсақ Темірдің жаяу әскеріне, аз да болса Тоқтамыстың мықты қаруланған он бұлықы қарсы келді.

Куликов даласындағы ұрыста үш жүз мыңға жуық әскер бірден ұзындығы он, көлденеңі сегіз шақырымдай алаңда кездессе, мұнда жарты миллионға жуық жауынгерлер Құндыршы өзенінің Куликов даласынан екі есе кең атырабында бетпе-бет ұрысты. Куликов өңіріндей емес, мұнда аттылы қолдардың біресе кейін шегініп, біресе алға ұмтылып, ұрыс тәсілдерін көсілдіре пайдалануға мүмкіншіліктері болды. Тек әр қол өз қатарын, өз жауынгерлерін темір қоршаудағыдай жинақы ұстаған, Ақсақ Темірдің бір жылдан бері шынықтырып, әбден ойнатып салған, қалыптасқан жеті қолындай емес, аз күннің ішінде бірімен-бірі әбден шығысып ала алмаған Тоқтамыстың жеті қолы, тұтасқан жау әскерінің тегеуіріне шыдай алмай, біраздан кейін бөлектеніп, өзінің бұрынғы қосын-қосын боп жауымен алысатын әдістеріне көшті. Енді Тоқтамыс әскері темір тәртіптен гөрі, өзінің ерліктеріне, аттарының жүйріктігіне, шапшаң қимылдарына сенді.

Ал Ақсақ Темір әскері жұптарын жазбай, табан тіреп, сол жеті қол қалпында қала берді.

Күн сәскеге таянған кезде, майдан үсті тұтасқан шаңға айналды. Өкіре құлаған адамның жан дауысы, құлаған жылқының шыңғыра кісінегені, қару-жарақтардың сойыл-шоқпарлардың сарт-сұрт тиген дыбыстары, қылыш, алдаспандардың біріне-бірі түскен шақыр-шұқырлары естілді.

Бүкіл Құндыршы алқабы тағы жылымшы қанның иісіне, ат тұяғы былш-былш таптаған адамның қып-қызыл боп боршаланған денесіне толды.

Тек Ақсақ Темір мен Тоқтамыс қана өз қосындарымен майданға әлі түскен жоқ.

Соғыс әбден қызды.

Осы кезде әскерінің арт жағында тұрған Тоқтамыс дереу өз қарамағындағы кәшіктәне қосындарын ертіп, бүйірге қарай ұмтылды. Ол майданның оң жақ тұсынан құйындата өтіп, Мұхамед-Сұлтан шахтың бас қолының соңындағы, ұрысқа жаңа кіріскен Ақсақ Темірдің өз қосындарының артынан кеп тиюге ағызып келе жатыр. Бар ынтасы, ойы алдындағы жау әскерін жеңу болып, тек алдына қарай ұмтылған Ақсақ Темір, артынан жау жақындағанын білмей қалды. Міне енді аз мезгілде құйындата шауып, таяй түскен Тоқтамыс әскері, Ақсақ Темір қосындарының арт жағынан шықпақ. Содан кейін бірден Мауараннахр қосындарын күйретіп тастамақ. Бағанадан бері Тоқтамыстың ұрысқа кірмей тұрғандағы ойы да осы еді. Әттең, не керек, бұны, соғыстың жалпы барысын қыр үстіне шығып, бақылап тұрған сол қанаттың қолбасшысы Омар-Шейх көріп қалды. Ол дереу өз қолының әлі соғысқа кірмей тұрған бұлықтарын ерте сала, Тоқтамыс қосындарына кескестей шапты. Бұл кезде алдындағы Алтын Орданың әскерін кейін қарай сырғыта бастаған Ақсақ Темірге байланыс жасауылы Шеке табашы да келіп үлгерді. Ол Әмір-Темірге Тоқтамыс өзі басқарған Алтын Орда қосындарының бұның әскерінің арт жағынан шыққандарын хабарлады. Ақсақ Темір не істеу керек екенін шешіп болғанша, осындай хабарды оған Омар-Шейх шабарманы да жеткізді. Енді Мауараннахр әміршісі өз қосындарын кейін бұрып, Тоқтамыстың әскеріне қарай салды.

Шу дегеннен-ақ Хажы-Сәйфуддин басқарған Ақсақ Темірдің оң қанат қолы, өзінің мықтылығын көрсеткен. Бұл қолдың дені маңғыт, қаңғылы жігіттері еді, ол бірден Тоқтамыс әскерінің Бекболат оғлан мен Уақ, Шуақ батырлар басқарған оң қанатын ойсырата бастады. Сол уақытта оң қанат қосындарына жәрдемге орталық қолдың қанбаласы Үлкен Дәулет пен Кіші Дәулеттің жасақтары келді. Енді Хажы-Сәйфуддин әскері шегінуге мәжбүр болды, бірақ мұны көрген Қыпшақтың Жеһаншах-Батыры мен Құлыншақ батыры өздерінің қият, барлас қосындарымен Уақ пен Шуақ басқарған Керей мен Атағай жасақтарына қарсы шапты. Енді көшпелі елдердің әйгілі қосындары бетпе-бет келіп айқаса кетті. Бірте-бірте жеңіс Хажы-Сәйфуддин қолының жағына қарай ауыса бастады. Осы тұста Тоқтамыстың бөлшектене бастаған орталық қолының бір бөлегіне Мираншах-Сұлтанның атты әскерлері ат қойды. Оған Оспан батыр басқарған Жезақ Қыпшақтарының қолы қосылды. Бүйірінен тиген жау әскеріне Тоқтамыстың орталық қолы төтеп беремін деп жүргенінде, оның дәл маңдай алдынан Сүлеймен-шах өзі кеп тиді.

Ақсақ Темір жауынгерлерінің шебін бұзбай, тұтас қолдың тәртібін сақтағанының дәл осы ұрыста артықтығы байқалды. Тоқтамыстың орталық қолы шегініп еді, енді екі жақтың бас қолдары да кейін кетуге мәжбүр болды. Осы тұста Алтын Орда орталық қолының ең жауынгер қосындарын басқарып жүрген Қара-қожа батыр атының аяғы суыр ініне кіріп кетіп омақата құлады. Әйгілі ер орнынан атып тұрып, найзасын безегенше, үстіне дәл келіп қалған қарсы жақтың бір батыры оны қылышымен шауып үлгірді. Осы өлім Тоқтамыс әскерінің орталық қолының кейін шегінуінің басы болды. Енді Мұхаммед-Сұлтанның әскері алға қарай жылжи түсті.

Бұл уақытқа дейін әскерінің денін өз қарамағына алып қалған Тоқтамыс әлі қозғалмай тұрған. Енді ол өз қосындарының сол қанатының қолбасшысы Исабекке «алға!» деген бұйрық берді. Алтын Орда қарамағындағы маңғыт пен барластың кілең ер жігіттерінен құрылған көпшілігі темір сауытты қосындар кенет Омар-Шейх сұлтанның дені селжүк түрікмендерінен тұратын жауынгерлеріне лап қойды. Сеңсең бөрікті, ылғи текежаумыт, ақалтеке, тұлпарлар мінген түрікмен селжүктері бүлк еткен жоқ, ақ қайың сойылдарын бастарынан көтере қарсы шапты.

Міне сонда барып, ұрыс осылай қызып жатқан шағында Тоқтамыс өз қосындарын соңынан шұбырта, Ақсақ Темір қолдарының арт жағынан келіп тиген.

Соғыс бұл кезде итжығыс түсіп жатқан.

Ақсақ Темір әскері Тоқтамыс қолдарының оң қанатын ойсырата түссе, Тоқтамыс қосындары Ақсақ Темір әскерінің сол қанатын кейін шегіндіріп бара жатты. Ақсақ Темір әскері Тоқтамыс қосындарын дәл майдан ортасында жаяу бұлықтарымен кейін шегіндірсе, Тоқтамыс атты жасақтары Ақсақ Темір қосындарының артынан кеп тиді.

Қазір сонау Құндаршы өзенінің бүкіл батыс жақ жазық даласы қан майданға айналған. Ұрысқа түспеген Ақсақ Темір мен Тоқтамыстың жанындағы шағын жасақтары ғана нөкер, хоршы, қорғаушылары ғана.

Жерге ұшып түсіп жатқан бастар, дүңк-дүңк құлаған денелер.

Бүкіл дала қызыл қанға боялған, өлген кісіге толған.

Ал соғыс барысы, жазмыш деген бір алып дәу қақпақыл ойнағандай, біресе Мауараннахр, біресе Алтын Орда әскерлерінің пайдасына шығып, тепе-тең түсуде.

Дегенмен Ақсақ Темір жағы бел алуға айналған. Әйтсе де Алтын Орда қосындары оңай жеңілмек емес.

Ол әлі өзінің көптігіне сенетіндей.

Бір сәт жеңіс Ақсақ Темір жағында болатыны анықтала басталды…

Әйтсе де… Әйтседе, жан беру оңай ма. Алтын Орда жауынгерлері әлі де шегінер емес, шегінсе де қашар емес, кей тұстарда ызаланған жолбарыстай әлсін-әлсін алға ұмтылады.

Соғыстың осылай орасан қызған тұсында қырқа үстінде тұрған Ақсақ Темір кенет өзіне ой салған суретті көрді.

Ол оң жағында жүріп жатқан сұрапыл соғысқа қарап тұрып, арт жағынан, селжүктерді ойсырата жеңген Исабек жасақтарының өзіне тым жақын келіп үлгергенін көрмей қалған.

Кілең теңбіл қара жүйрік мінген маңғыттың бес жүзге жуық жау-жүрек жігіттері топтарын жазбай жолындағы Мауараннахр жасақтарын жалаңаш қылыштарымен оңды-солды жайпай қарқындарын бір төмендетпей таяй түскен.

Алдарында нардай қаракөк айғыр мінген Исабектің өзі. Жолындағы жауынгерлерді алдаспанымен айқара ұрып жігіттерін бастап келеді. Алтын Орданың бұл жан шыдатпас кілең өлермен батыр жігіттерінің тегеуірінді сесіне шыдай алмай, Ақсақ Темірдің алдыңғы қатардағы жауынгерлері сирей түскен. Бір мезет Исабек жасақтары қарсыларындағы селдір тартқан жау шебін қақ жарып аттарын Ақсақ Темір тұрған қыратқа қарай көсілдіре салды.

Сірә ойлары, өзгені қойып Ақсақ Темірдің өзін қолға түсірмек, не өлтірмек.

Қылыштарын күнмен шағылыстырып жарқылдатқан жау-жүрек жасақ таяп келеді.

Қарқындары жан шыдатар емес.

Міне енді жақын қалды.

Ақсақ Темір тұрған қырат жарты шақырымнан кем.

Аттарын бір секіртсе жетіп қалардай.

Жазық далада, бөгет білмей, алмас қылышын үйірілте көк найзаларын жау кеуделеріне кезей ашулана шапқан кекті жасақтар қандай қорқынышты. Ақсақ Темір қобалжиын деді. Әмірге де жан керек.

Ақсақ Темір, бір мезет, атының басын бұрып кейін қарай қашпақ болды. Жанын алғалы келе жатқан мынандай сұсты жаудан кім сескенбес. Бірақ қашсаң бітті, майданнан қолбасшысы қашқан әскер жеңілгенге саналады.

Өзің жан сауғалап бара жатып, әскеріңе сен қалай «соғыса бер» дерсің? Бұндайда сенің әскерің де соңыңнан ереді.

Бұл, әрине, жеңілу.

Ал қашпай, безере шыдап тұру қиын. Жан тәтті. Әмір жаны, әрине, өзгелердікінен ана ғұрлым тәтті! Әйтсе де Әмір-Темір шыдап бақты. Әлі орнынан қозғалмай тұр. Дегенмен, ол атының басын кейін бұра берді. Ақырғы рет келе жатқан жауына қарады. Кенет атының басын қайта бұрды. Ол таяп қалған жауына бір бүйірден тигелі келе жатқан Едігенің қанбаласын көрді.

Ең алдында темір басты шоқпарын білеп, қаракөк тұлпарын көсілдіре салып Едігенің өзі келеді.

Інісін Исабек те көрді.

Алтын Орда жауынгерлері оң бүйірлерінен шұбала жетіп қалған тосын жауынгерлерге бұрылды.

Өз топтарынан едәуір алда келе жатқан ағалы-інілі екі батыр. Исабек пен Едіге, аттарының басын сәл еркіне жіберген қалпында ағызып, бірі шоқпарын басынан асыра көтере, бірі көк найзасын алыстан сыбана таяп келе жатыр.

Расымен, бала күндерінен бірге өскен екі жігіт Ақсақ Темір мен Тоқтамыс екі мемлекет — Алтын Орда мен Мауараннахр үшін бірін-бірі өлтірмек пе?

Сонда өз бастарына келер қандай бақыт, мұрат бар?

Шынымен бірін-бірі өлтіретіндей жек көре ме?

Өйтетіндей бұлардың ортасында қандай жылан жортты?

Ақсақ Темір демін ішіне тартып қарай қалды.

Жоқ Едіге туралы бұл қателесіп жүр екен, ол өзіне шын берілген дос екен. Бұны өлімнен құтқарғаны бір сәрі, ал туған ағасын өлтіргелі келе жатқанын қалай түсінесің? Мұндай қимыл тек бір ойдағы, бір жолдағы адамдардың арасында ғана болады. Едіге, Ақсақ Темірмен шын бір бағыттағы, бір тілектегі адам екен? Бұны көреген Әмір-Темір қалай көрмей қалды?

Сөйткенше қарсы шапқан екі батыр бір-біріне арқан бойы таяп қалды.

Ақсақ Темір сәл алға қарай қозғала түсті.

Қазір Едіге сонау басы кішігірім қазандай шоқпарымен ағасын ұрады, не ағасы інісін мынау ыңғайлай ұстаған көк найзасымен түйреп өлтіреді.

Ақсақ Темір Едігенің шоқпарын дәл өзі ұрардай ерінен көтеріле түсті. Осылай сәл мызғымай тұрды да, кенет отыра кетті.

Едіге шоқпарын, Исабек найзасын бір-біріне сілтемеді, екеуі үзеңгілесе жақындап кеп, «амансыңдар ма?» деп айқайлап, сәлемдесе екі жаққа айырылып кетті. Енді Едігенің қара шоқпары Алтын Орданың басқа жігіттерінің бастарында ойнады. Ал Исабектің сүйір найзасы Мауараннахр жауынгерлерінің жүректеріне қадалды.

Ақсақ Темірдің есіне сонау бір ерте кездегі оқиға түсті.

Дәшті Қыпшаққа алғашқы аттанысы еді. Қаптаған Мауараннахр әскерінің келе жатқанын естіп, Іржі11 өзенінің бойында отырған қалың қоңырат ауылдары дүркірей көтерілген. Тегіс батысқа қарай қашқан. Ойпатта мал басындағы жалғыз үйге ешкім хабар бермеген. Шаңы аспанға шығып, жау әскерінің қарасы көрінгенде, бір пәленің келіп қалғанын түсініп, далада жүрген үй иесі — жас әйел, күйеуі жаңа ғана малдан келіп, белдеуге байлап қойған жүйрік атына жүгірді. Сосын есік алдында ойнап жүрген кішкентай інісі мен сіңлісін, бірін алдына, екіншісін артына мінгізіп алып, үш жасар ұлын құшақтап, ұйықтап жатқан байына «жау келіп қалды!» деп айқайлап оятып, өздері қаша жөнелгең.

Ақсақ Темірдің нөкерлері соңынан бұл әйелді ұстап, Әмір-Темірге алып келген.

— Байың мен балаңды емес, неге інің мен сіңліңді алып қаштың — деп сұраған одан Мауараннахр әміршісі.

— Байымды өлтірсең, басқа бай табамын. Баламды өлтірсең бала тауып аламын. Ал інім мен сіңлімді өлтірсең, оларды қайдан аламын? — деген.— Әке-шешеміз әлдеқашан қаза болған, кім маған іні мен сіңлімді береді?

Ақсақ Темір әйелдің сөзіне риза болып, байына да, малына да, өзіне де ешкімді тигізбей әрі қарай жүріп кеткен.

Қанішер Әмір-Темірде де кейде мұндай жомарттық болған.

Енді міне, Едіге мен Исабектің бір-біріне тимегенін көріп, сол әйелдің сөзі есіне түсіп тұр.

Жарайды, қара халыққа бауырмалдық керек делік, ал би, батыр, бекзадаларға ол неге керек?

Тіпті керек емес.

Керек болмаған соң ғой, бір әке, бір шешеден туған осы Алтын Орданың әйгілі ханы Жәнібек өз ағасы Тыныбекті майданда өлтірген емес пе еді?

Иә, сөйтті ғой, өйткені туысқандық, бауырмалдық деген бос сөзімнен, хан тәжісі, хан тағы деген мұрат хан ұрпағына әрқашан да биік тұрады.

Халық, «таста тамыр, төреде бауыр болмайды» деп босқа айтқан ба?

«Бірақ Едіге қара халықтан ғой. Сондықтан да ағасына қол көтермеді. Адам деген қызық басына қонғалы келе жатқан бақ құсын өзі үркітеді. Егер мені өлтіруге шапқан ағасы Исабекті Едіге мерт етсе ғой, мен одан немді аяйтын едім. Рас, оны алтын таққа отырғыза алмас едім, хан тағына өзімнің қолым жетпеген, Едіге мен тәрізді, Шыңғыстың бел ұрпағы емес, бірақ дүниенің бар биігі тек хан тағы ғана ма?

Одан да жоғары бақыт-бақ бар емес пе… ол… Рас, мені ажалдан алып қалды. Онысына да рақмет. Сыйға сый, сыраға бал, бұл жақсылығы үшін мен де жақсылық істермін. Бірақ Алтын Орданың билеушісі ету үшін бұл аз. Бір Ақсақ Темірдің өмірінің құны аз! Оған мына Әмір-Темірдің қасы, оны өлтірмекші болған ана ағасының өмірі қосылуы керек еді. Оның шын сенетін адамы болу үшін, сенің оған деген достығың ғана емес, оның қасына деген сенің қастығың да керек. Өйтпеген адам әмірдің шын сенімді досы бола алмайды. Ал сенбеген досымды өзіммен тең түсер ел билеуші етіп қоя алмаймын».

Ал Тоқтамыс Мауараннахр әскерін жеңуге айналғандай сезінді. Енді ол майдан ортасына қарай кіре берді. Міне осы арада Ақсақ Темірдің әскерін жеті қол етіп шебін бұзбай сақтай алғанының пайдасы тиді. Тоқтамыс әскері енді Ақсақ Темірдің орталық қолы мен оң қанат қолдарының ортасында қалды. Бірте-бірте, Алтын Орданың қалың әскерін күншығыс жағынан Мұхамед-Сұлтан мен Ақсақ Темірдің қосындары, теріскейінен Хажы-Сәйфуддин әмірдің оң қанат қолы күнгейінен Омар-Шейх мырзаның сол қанат қолы қоршады.

Ұйтқысын бұзбаған Ақсақ Темірдің жеті қолы Алтын Орда әскерін өздерінің де қырылғанына қарамай алып тағадай тұтаса қоршап, шашау шығармай қыса түсті. Тоқтамыс әскерінің тек батыс жағын ғана жау қоршай алмаған. Тұтасып алған жау тегеурініне шыдай алмай, Тоқтамыс әскері бірте-бірте осы батысына қарай шегінді. Ал батысында сұр толқынды, жалпақ Еділ өзені жатқан. Міне осы арада Тоқтамыс үшінші, кешірілмес, ең үлкен қатесін істеді. Ол бар күшін төгіп, Ақсақ Темірдің сол қанатын, Омар-Шейх қолын быт-шытын шығарып, бар әскерімен Еділдің жағасымен жоғары, орманды-тоғайлы өзінің қарамағындағы — Бұлғар жеріне шегінуі керек еді. Сол жағындағы Еділге бір бүйірін беріп, Ақсақ Темір әскеріне дәл өздеріндей табанды шеп құрып алып ұрыса-соғыса шегінгенінде, тіпті жеңілген шағында да, дәл осы жолғыдай әскері орасан қырылмайтын еді. Бірақ өйтуге, өзі кеше ғана күшпен көндірген Бұлғар жұртына сенбеді. Жағамнан алып, бетімнен ұрады деп ойлады. Бірақ Бұлғар жұрты өйтпейтін еді. Ақсақ Темірдің Тоқтамыстан кем қанішер емес екенін олар да байқап қалған. Кезінде Алтын Орда хандарына қандай көнгісі келмесе, Мауараннахр әміршісіне де сондай көнбей күресетін еді. Өз тәуелсіздігін Тоқтамыстан қорғай ма, әлде Ақсақ Темірден қорғайды ма, оған бәрібір болатын, ал Тоқтамысты жақтамаған күнде де, Ақсақ Темірге құшағын ашып, Алтын Орда әскерін маңдайынан ұрмайтын еді, керісінше, жаңа шабуылшыға қарсы дабыл ұрып, Алтын Орда қосындарына қосылулары мүмкін-ді.

Бірақ Тоқтамыс олай ойламады. Өзі қасқыр болған соң, жұрттың бәрін қасқыр көрді. Сондықтан жау қолдарымен алыса-жұлыса кейін шегіне берді. Ақырында «Зафарнәме» шежіресі: «Артында Еділ өзені, ал алдында жаналғыш жау қылыш» деп айтқанындай Алтын Орданың жүз елу жылдан бері шын мағынасында мұндай жеңілуді білмеген әйгілі әскері, екі оттың ортасында қалды. Өзінің бұл жолы Ақсақ Темірден жеңілгенін білген Тоқтамыс, бірінші боп сұр толқындарын баяу төңкеріп, саспай тулап жатқан Еділ өзеніне ат-матымен күмп берді.

Тоқтамыс қосындары Ақсақ Темір қолдарынан оңбай жеңілді.

Енді екі жүз елу мыңдай жауынгердің жартысына таяуы соғыста қаза тапты. Денелері Құндырша мен Еділ өзендерінің арасында қалды. Көбі жалпақ Еділден өте алмай суға кетті. Арғы бетке тек жүз мыңға жетер-жетпес қана әскер шықты.

Ал жеңіске ие болған Ақсақ Темір Еділден өтіп, Алтын Орда астанасын шабуға қорықты. Әлі де Ұлы өзеннің ар жағындағы елдерден Қырым, Сақыстан, теріскей Кавказ, Бұғар, Тоқша жұрттарынан тағы да үш жүз мыңға жуық жауынгер жинап алуға Алтын Орда ханының мүмкіншілігі бар екенін түсініп, атының басын кейін бұруға мәжбүр болды.

Ақсақ Темір Құндыршаның жағасында қаза тапқан жүз мыңға жуық жауынгерлерінің өлігін көміп, қалған әскерін тәртіпке келтіріп, бұл арада тағы бір жетідей аялдады. Содан кейін ғана қалың әскер шілденің орта шені тұсында Мауараннахрға бет алды. Бірақ Әмір-Темір қолдары келген ізіменен қайтпады. Ол Еділ өзенінің жағасымен күнгейіне қарай сәл төмен түсіп, содан кейін ғана барып шығысына жүрді. Міне осы арада ұлы жиһангер өзінің қандай қанішер бұзық екенін тағы көрсетті. Ақсақ Темір қосындары, қайтарында бағытын бұрып осы арадан өтеді деп ойламаған қыпшақтың көп рулары Еділ мен Жайықтың арасындағы жалпақ далада жазғы жайлауларында отырған. Әр көлдің, шағын өзеннің бойында, сан жетпес жылқылы, ақ боз үйлі бір-бір ауыл. Шілденің аспан айналып жерге түсетін ыстық кезі. Қыр түгіл, ойпатта өскен жуа, қымыздықтардың сабақтары сояуланып, белуардан келген қалың бір тұсы, көшпелі елдердің жылда рахатқа бататын тамаша шағы. Күннің ыстығына қарамай сары қымыз сапырылып, қыз беріп, қыз алысып бүкіл ел болып қызыққа кенеліп жататын. Ал қыз-бозбала түніменен тыныштық көрмей, алтыбақан құрып, ән шырқап, ақ сүйек ойнап, әзіл-әңгіме құрып, қуанышқа бөленетін. Ал биыл ер-азаматынан айрылған ел өте қайғылы еді. Өлім шықпаған отау жоқ. Үй біткеннің босағасына қара жалау байлап, үстінен қара бастұрықпен бастырған, сыңси қонған ақ боз ауылдар, алыстан ала қарға топтары тәрізді, көңіліңді құлазытады. Қарт ата, кәрі ана сөйлемейді, сыбырлайды. Сұлу қыз, әсем жігіт күлмейді, күбірлейді. Қара түндей түнермеген жан жоқ, қайда барсаң «ах!» ұрған кәрі ана, қарт ата, солқылдаған жас келіншек.

Бірақ бұл ауылдар қайғының ең ауыры әлі алда екенін білмейтін. Ақсақ Темір қолдары енді қырық мыңнан үшке бөлінді. Еділ мен Жайық арасын үш бөлек, аумақ етіп бөліп алды. Әр аумақты қырық мың әскермен қоршап, баяғы Торғай мен Ырғыз өзенінің ортасындағы аңдарды қоршағандарындай, найза ұстар ер-азаматы жоқ, бейбіт жатқан осы қаралы жұртты темір шеңберін тарылта қысып, Ақсақ Темір қолдары қыруға, тонауға кірісті.

Бірақ бұл жолы аң қаны емес, адам қаны сел боп ақты.

Және бұл жолы аң денесі емес, адам денесі тау-тау боп үйілді.

Бүкіл Еділ — Жайық ортасындағы өлке — шыңғырған, өкірген, сарнаған, зар жылаған дауыстарға бөленді.

Ақсақ Темір жазықсыз жұрттың төскейіндегі малын, төсектегі қатынын алды.

О шеті мен бұ шетіне көз жетпес рулы елді заматта тып-типыл етті.

Жас жігіттерімен, сұлу қыздарын өздерімен бірге әкетті. Ұлдарын — құл, қыздарын қатын етуге әкетті.

Өзгелердің бәрін қырды, қырмағандарының мал-мүліктерін тонап алып, өздерін қаңғыртып жіберді.

Қыпшақтың әйгілі cap даласы, сарнаған, боздаған, жылаған, босыған жұртқа толды.

Кешегі айбынды Дәшті Қыпшақтан күңіренген жер, күйзелген ел қалды.

Ақсақ Темір құзғындары, әмірлерінен бастап, қатардағы жауынгерлеріне дейін байыды. Әр сыпай төрт қыздан, жиырма жылқыдан олжаға кенелді. Ал Ақсақ Темірдің өзі Дәшті Қыпшақтың аққудай сұлу бес жүз қызын құма етпек боп бірге әкетті.

«Олжа өз аяғымен келеді» деп Едіге босқа айтпаған екен, үйір-үйір Дәшті Қыпшақтың қалың жылқысы енді Мауараннахрға айдалды.

Ал осының бәрін сол Едіге көрмеді ме?

Көрді. Көрмек түгіл осы жазықсыз жұртты жылатуға өзі де қатынасты.

Сонда оған халық: «Ел қамын ойлаған Едіге» деген атты неге берді? Неге?

Ел қамын ойлаған ер осындай бола ма екен?

Болмайды!

Онда Едігеге сондай ат берген халықтікі не?

Осыншама олжамен қайтқан Ақсақ Темірдің жеті қолы тек Жайық өзенінен алыстаған соң ғана бастарын қосты. Енді олар Самарқантқа Шалқар көлі мен Арал теңізін басып, көне Жібек жолының сүрлеуіменен, Хорезм арқылы қайтпақ болды.

Ал Арал теңізінің жағалауына кеп Ақсақ Темір шатырын тіккен күні Мауараннахр билеушісінің алдына Едіге, Темір-Құтлық пен Құнжақ оғландар келді. Әмір-Темірге үшеуі бірдей тізе бүкті.

— Алдияр, Әмір-Темір,— деді Едіге.— Кең болсаң жеріңмен бол, ер болсаң еліңмен бол деген. Біздің де ағайын-туыс жұртымыз бар еді. Егер сіз рұқсат етсеңіз, сол жұртымызды сіздің қарамағыңызға көшіріп алып келсек деген ойда едік.

Ақсақ Темір ойлана қалды.

— Қалай көшіріп әкелмексіңдер? — деді ол. Қастарыңа әскер қосып беру керек бола ма? Әлде…

— Жоқ,— деді Едіге.— Елімізді соңымызға ертуге өз басымыздың абыройы да жетеді.

— Онда, болсын,— деді Ақсақ Темір.— Тек күздің суығына қалмай оралыңдар.

Үшеуі де бастарын иді. Әрине үшеуі де соңынан Ақсақ Темірдің Ордасына оралмады. Уәдесінде тұрып, қайта оралды деген Құнжақ оғланның өзі де артынан, Темір Құтлық Алтын Орда ханы болғанда, соның қарамағына қашты.

Ал Едіге мен Темір-Құтлықтың Мауараннахр әміршісінен біржолата кетуінің үлкен себебі бар еді. Ақсақ Темір әскері Тоқтамыстың қосындарын жеңіп, Жайықтан өтіп, бұрынғы Ақ Орданың жеріне жеткенге дейін, бұлар көп нәрседен дәмеленіп келген. Тоқтамысқа қарсы қою үшін Ақ Орданы Алтын Ордадан бөліп алып өздеріне береді деп ойлаған. Бірақ Ақсақ Темір оны істемеді. Істейін деген ниет те көрсетпеді. Едіге Әмір-Темірдің өзіне сенбейтінін енді анық түсінді. Сол себептен де «елімізді алып келеміз» деген сөзді сылтау етіп, олар Ақсақ Темір Ордасынан біржолата кетті.

Не болса да Тоқтамысқа қарсы, Алтын Орда билігі үшін күресті өз беттерімен жүргізбек болды. Бірақ Ақ Орда билігін Алтын Ордадан бөліп алып, өз беттерімен билеп кете алмады. Шу дегеннен мұндай әрекет істеуге бата алмады. Кеше Мауараннахр билеушісімен бірігіп, осы жерді шапқан адамдарға тізгіндерін беруге қаралы жұрт көнбейтіндігін Едіге де, Темір-Құтлық та түсінген. Сондықтан олар, сол жылы күз бұрынғы Ақ Орда жеріндегі өздерінің ауылдарын, ағайын-туыстарын алып аталарының бір кездегі жаз жайлауы болған Қара Теңіз жағасына көшті.

Осылай Едіге мен Темір-Құтлық Ақсақ Темірден біржолата алыстады.

Ал Әмір-Темір болса, құс ұшып өте алмас даласы көп, сауда саттық жүргізер жөнді қаласы жоқ, ру-ру боп көшіп жүрген көшпелі Ақ Орда елдерін өзіне бағындырып, не балаларына билетіп қоюға пайдасыз деп санады. Және бұл жұртты үнемі Мауараннахр тәрізді тұрғын мемлекеттің қарамағына ұстаудың қауіпті екенін де ұқты. Сондықтан да өз Ордасына жуық арада қауіп тудырмас үшін, бұл елдерді аямай шауып, бар байлығы малы болса, сол малының тайлы-таяғына дейін қалдырмай Мауараннахрға айдап, ал көрікті деген қыздарын бірін тастамай Самарқантына өзімен бірге алып қайтуды дұрыс көрді.

Расында да Ақсақ Темір жауынгер, көшпенді елдерден бекер қауіптенбеген екен. Жошының бесінші баласы Сыбанның ұрпағы осы кезде жаңа дүниеге келген. Бірінші Әбілқайыр, оның немересі Мұхамед-Шайбани елу жыл өтпей дәл бүгінгідей етіп Мауараннахрдың өзін шапты, Ақсақ Темірдің ұрпақтарын өздеріне бағындырды.

Кекті кекпен, қанды қанмен жуған, опасыз аумалы-төкпелі қатыгез заман?

Әскері Ақсақ Темір қолдарынан мықтап жеңілген Алтын Орда, босағасы солқылдағанмен, әлі де іргесі біркелкі берік еді. Алыптың аты алып, керек болса тағы да еркін үш жүз мың әскер жинап алатын Алтын Орда, Еділ өзеніне дейін келген Ақсақ Темірдің әскері қандай мықты және жаңа әдісті болса да одан шаңырағы құлап түспеген. Ыза кернеген Тоқтамыс, қайтадан күш жинап, Мауараннахр билеушісімен тағы бір белдесе күресуге дайындала бастады. Бұл жолы да Алтын Орданың ханы, жауынан таяқты қатты жеп көңілі шайлыққанмен, әлі де күресе алар, бойында жігер-қуаты бар, қайраткер екенін білдірді. Енді оған шығысындағы жауымен алысу үшін батысындағы көршілес елдерге көз қарасын, саясатын өзгертуге тура келді. Өйтпеске амалы да жоқ еді. Ақсақ Темірден бір қыры сынған Тоқтамыс әсіресе орыс еліне өзінің бұрынғы саясатын жүргізуге күші де, беделі де қалмаған. Жылан шаққан адам ала жіпті аттауға қорқады, содан ба, ол енді батысына қарай, бұрынғыдай емес, жалтақтай берген. Міне Тоқтамыстың осындай, Ақсақ Темір қамшысының етінен зардабы әлі тарала қоймаған кезінде, Ордаға Мәскеудің ұлы князі Василий Дмитриевич келді. Ол әкесі Донскойдың тегеуірінді мінезіне салып, Мәскеу князьдігінің жерін кеңейтуді талап етті. Мәскеу князьдігінің жерін кеңейтуде бір, оның орыс жұртына ықпалы күшейтуде бір. Осыны біле тұра, Тоқтамыс князь тілегін орындауға көнді. Ол дәл қазіргі жағдайында, өзіне тағы бір күшті көршісін қарсы қойғысы келмеді. Нижний Новгород, Суздаль князьдігін Мәскеу қарамағына берді. Осындай жеңіске жеткен Василий Дмитриевич Орданың арнаулы елшісі Аққозы мырзамен Сарай-Беркеден шықты. Өзі Коломна арқылы Мәскеуге беттеді де, қасындағы серіктерін Аққозы жасағымен Нижний Новгородқа жіберді. Нижний Новгород, Суздаль князі Борис Константинович бұл шешімге көнгісі келмей, Аққозы жасағына қарсы қарулы ереуіл ұйымдастырмақшы болып еді, бірақ сүйеніші Василий Румянец тәрізді ықпалды боярлар опасыздық істеп, Мәскеу князьдігінің жағына шығып кетті. Князь Бористы жалғыз қалдырды. Осы уақытта Нижний Новгородқа әскерімен ұлы князь Василий Дмитриевичтің өзі келді. Князь Борис Константиновичтің қатын-балаларын қала-қалаға бөліп жіберіп, өзін шынжырлап қараңғы тас қамалға қаматты. Осылай өзін-өзі еркін санаған Мәскеу князі, қаһарын енді кеше Тоқтамыс қолын Мәскеу, Кремліне кіргізуге себепкер болған, князь Василий Суздальскийге төкті. Бірақ ол інісі Семенмен, екеуі әлі де Тоқтамысқа сеніп, Алтын Ордаға қашты. Ал князь Борис Константинович сол тас қамалда шынжырлаулы жатып дүние салды. Осылай Нижний Новгород Мәскеу князьдігінің қарамағына кірді. Дегенмен, Тоқтамыс, Мәскеу князінің өзіне қас екенін ұмытпады, оған Нижний Новгород, Суздаль князьдігін жығып бергенменен, Тверь князьдігін жығып бермеді. Оның үстіне бұл князьдіктің өзі де бұл тұста Мәскеу князьдігінің қолтығына оп-оңай кіре қоймайтындай күйде еді. Осы ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басынан-ақ князь Михаил Мәскеу князьдігінен қауіптеніп, Тверь және өзіне қарайтын бөтен шағын қала бекіністерінің жан-жағына биік қамал-қорған тұрғыза бастаған. Және әскерін де біркелкі күшейтіп алған.

Осындай саясатпен Алтын Орданы орыс елі жағынан әжептәуір қауіпсіздендіріп алған Тоқтамыс, жатпай-тұрмай енді Либке князі Ягойломен байланысын жөндеуге тырысты. Тіпті одақтас болуды ойлады. Өйткені Мәскеу князімен қанша тіл таптым дегенмен де, Тоқтамыстың Мәскеу мен Либке князьдіктері бірігіп кете ме деген қаупі мол еді. Ал бұл тұста, бұл екі князьдіктердің шекара жерлері арқылы және қайсымызға қайсымыз бағынышты болуымыз керек деген баққұндестіктен туған өзара қырғи-қабақтығы, келіспестіктері күшті еді. Тоқтамыс осы араздықтарын пайдаланбақшы болды. Демек, Либке үстемдігін қолдап оны Мәскеу князьдігіне қарсы қоюға кірісті.

Ягойлоға жіберген Тоқтамыс елшілері корольмен Мешін, яғни 1393 жылы Краков қаласында кездесті. Елшілер Ягойлоға Тоқтамыстың арнаулы жарлығын ала келді.

«Осыдан үш жыл бұрын,— деп жазған Тоқтамыс бұл жарлығында,— Маған қарсы қою үшін Бекіш, Тұрдышахберді, Дәуір басқарған кейбір оғландар Ақсақ Темірге жасырын Едіге деген кісіні жіберген. Ақсақ Темір осылардың айтуымен бізге шабуылға шыққан және өзінің келе жатқанын әлгі оғландарға хабарлапты. Біз бұны тек жау қаламызға жақындағанда ғана білдік. Жиналып, қарсы шықпақ боп жатқанымызда маған қарсы зұлымдар бірден табансыздық істеді, соның арқасында халық арасында қобалжу туды. Оқиға осылай болды. Бірақ алла тағала қайырымды ғой, Бекболат, Хажы-Медік, Бекіш, Тұрдышахберді, Дәуіт басқарған бізге қарсы оғланбектерді қатты жазалады».

Тоқтамыс осыдан үш жыл бұрын болған оқиғаны, өзінің жеңілуін Ордадағы алауыздықтан деп түсіндіре кеп, осы жарлығында Мәскеу князімен талас жерлердің шешімін Ягойлоға бергенін айтқан! Ол үшін Ягойло өзін Тоқтамысқа бағынышты санауы керек және чараж төлеп тұруға тиісті деген. Мамай кезінен Ордамен жақын жүрген Ягойло Тоқтамыспен одақтасуға бар екенін жасырмай, ашық көңіл білдірген. Елшілерге сый құрмет көрсетіп, Тоқтамысқа дос екенін айтып оларды Алтын Ордаға қайтарған.

Демек, Тоқтамыстың жатса-тұрса бар ойы Ақсақ Темірмен тағы бір шайқасып өш алу болды. Ол қайтадан әскерін жинап дайындала бастады. Ақсақ Темірдің тағы Иранға аттанғанын естіп, Мауараннахр әміршісімен сол жақта ұпай айырмақшы боп қалың қолмен Тауық, яғни 1394 жылдың басында Дербент қақпасына таянды. Міне, осы кезде Тоқтамыстың жанына шын батқан бір оқиға болды.

Садат-бегім Едігені шын ұмытқан. Жүрегіне тек оған деген өші ғана қалған. Жай әйел болса, әрине, бір кезде жақсы көрген кісісіне мұндай кектесе қоймас еді. Өмірде не болмайды, тағдыр жазбаған екен, бәрін де кешірер еді. Бірақ Садат-бегім ондай әйел емес еді, Едігенің баяғыда істеген опасыздығын кешіре. алмады. Әсіресе оның өзіне қарамай кеткенін емес, өзін Жәнекеден кем көргенін жүрегіне мәңгі қалған дақтай, қорлық сақтады.

Садат-бегім әлі де жас еді, келін боп түскендегі тұнғышынан кейін ол екінші рет бала көтермеген. Сондықтан ба, әлде Тоқтамыстың енді шын жақсы көретін жас бәйбішесіне айналғандығынан ба, ол өзін қыздан кем санамаған. Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе деген. Жараған бедеудей сымбатты денелі әйел, бөкселі аш белі бұралып, аяғын сәндене, ырғалтып басып, әлі де талай жас жігіттердің көзінің құртын алатын. Тек қарақат кездері ғана бұрынғыдай жаудырап тұрмайтын, жанарларына бір қасірет, әлде өкпе ұялағандай, олары сәл суық тартқан. Демек, осы бір ішінде жатқан сырды, тірі жанға білдіргісі келмеген, сол бұрынғы қалпындағысындай үнемі көңілді ұстауға тырысқан кербез Садат-бегім, құрбы-құрдастарына, қайны аға, қайындарына әзілдеріне әзіл қайтарып, жастық қызықтан әлі де кет әрі еместігін байқатып та қоятын. Осы себептен де, хан Ордасынан ауылы бөлек жас бәйбішеге, көз қырын салатындар да аз болмайтын, бірақ олар шешімге тез қатал мінезді Алтын Орда ханының кәрінен сескеніп, тақа ерлік көрсете алмайтын.

Тек бір адам ғана ештеңеден қорықпайтын, сескенбейтін, Садат-бегімнің бір ауыз «жарайды» деген лебізін естісе, отқа түскен көбелектей, неге болса да тәуекел етуге бар еді ол адам. Бұл осы хан бәйбішесінің Ордасын күзеттіріп қойған жасақтың бастығы Дәулетбек еді. Қара торы келген, сұңғақ бойлы, күш иесі сойылкер, қырықтан асып бара жатқан кісі. Ақ Орда хандарының төлеңгіттерінен шыққан. Тоқтамыстың бала жастан бірге өскен, оған жан-тәнімен берілген, қан майданда, сан мәртебе бірге болған сенімді адамы. Адалдығы, табандылығы хан алдында талай рет сыналған. Сол себептен де Тоқтамыс оны жанындай жақсы көретін, бәйбішесінің ауылына күзет ұстайтын жасақтың басшысы етіп қойған. Бірақ, өмірдегі, дүние-тіршіліктегі, майдан жорықтағы адалдық бар да, ләззаттағы адалдық бар. Кейде екеуі екі дүние. Біріншісінде өзін-өзі болаттай берік ұстаған кісі, екіншісіне келгенде, майдай еріп, қойдай жуаси қалады. Оның беріктігінен, адалдығынан дым да қалмайды. Жүрегін елжіретіп, күйдіріп, жандырып бара жатқан дертке шыдай алмай, ханның хандығынан, батырдың батырлығынан қорықпай, сол бір әйелдің оттай ыстық құшағы үшін неге болса да барады. Отқа түс десең отқа түседі, жауға шап десең жауға шабады.

Бұндай қасиет әрине, адамның мінезімен жан сезімімен байланысты. Дәулетбектің жүзі суық болғаныменен, жүрегі ыстық еді. Сол ыстыққа ол шыдай алмады. Реті келген бір оңашада Садат-бегімге ол өзінің сырын ашты. Күзет бастығының ынтығып жүргенін бұрыннан білетін Садат-бегім, оған күлімсірей қарап:

— Тоқтамыс ханнан қорықпайсың ба,— деді.

Жүрек күйігі деген ұлы әмірші бар екен,— деді Дәулетбек.— Ол хан қаһарынан да, дос борышынан да күшті екен.

— Солай деңіз…

Садат-бегім бұдан артық сөз айтпаған. Бірақ ашу шақырмаған. Біреу келе жатқандай жалт бұрылып жүре берген. Дәулетбек бұдан кейін Садат-бегімге бұрынғыдан жаман құмарта түскен. Көңіл шіркін әлденеден дәмеленгендей, әлденені күткендей, бітеу жара боп жүдей түскен. Бұл әңгіме бүкіл даланы көкорай шалғын белуардан көмген шілденің бас кезінде болған. Ал Тамыздың аяқ кезінде, Тоқтамыс, өзі Иранға жорыққа дайындалып жатып, Садат-бегімді Дәулетбек басқарған шағын қосынмен Каффа бекзадаларының, купецтерінің арнаулы шақыруымен қонаққа жіберген.

Каффа басшы-билеушілеріне асыл бұйым тарту-таралғысын артқан кілең тақыр жүн, қызыл нарлар тіркелген көшпен Сарай-Беркеден шыққан керуен жолай қона-жастана Қыркүйектің аяқ кезінде Каффаға жеткен. Бұл шаһардың билеушілері, саудагер, кеме жүргізушілері Алтын Орда ханының әйеліне керемет қошамет көрсеткен. Күнде той, күнде мейрам. Осындай Каффадағы бір үлкен той-жиында Садат-бегім Едігені көрді. Кең байтақ алаңда, иін тірескен жұртпен бірге Алтын Орда ханының сүйікті әйелі асыранды қараталдың көгершінді ұстайтынын қарап, тамашалап тұрған. Алаң ортасындағы тізерлеп отырған, сеңсең бөрікті түрікменнің бала жігіті жердегі жәшіктің есігін ашып, бірнеше көгершін құстарды бірінен соң бірін босатып жіберді. Сол сәтте-ақ әлгі жігіт қарғы бауынан ұстаған сарғылт жүнді, тікірейген құлақтарымен құйрығының ұшы қап-қара қараталды да «ап!» деп қоя берді. Жәшіктен ұшқан көгершіндер үш-төрт құлаштай көкке көтеріліп үлгірмеді, қаратал сәл қозғала түсіп, ытқып секіріп барып, екі-үш құсты іліп түсті. Бала түрікмен енді, кептерлер салынған екінші жәшікті өзіне таяды.

Қараталдың төрт-бес құлаштай биік секіріп жерден көтеріліп ұша жөнелген көгершіндерді жібермей, қалай қағып түскенін көріп, жұрт мәз-майрам еді. Садат-бегім де таң-тамаша боп қарап тұрған. Осындай ойынды тамашалаған жұрт кенет, әбігерлене екі бөліне қалды. Садат-бегім «не болды?» дегендей жан-жағына қарады. Алаңның оң жағында сауыт, дулыға киген, кілең қара көк теке-жаумыт мінген, қару-жарақты бір топ сыпайлар келе жатыр екен. Бәрінің алдында нардай қаракөк тұлпар мінген Едіге, ол күміс ерінің үстінде бір қырындай отырған. Қарапайым қала тұрғындары келе жатқан жасақты көріп, бұлардың тимейтінін білсе де, қақ бөлініп жол беріп жатыр. Иә, бұл Едіге еді. Темір-Құтлық пен екеуінің ауылдары осы Каффа қаласының теріскей шеніндегі Қара теңіздің осы күнгі Симферополь шаһары тұрған жазық даласына көшіп келгендеріне екі жылдай болып қалған. Содан бері бұларға Қырымдағы бірталай жұрт қосылып, Едігенің маңы елеулі күшке айнала бастаған-ды.

Едіге кейбір жеңіл қосындарымен шайқасып, оларды бұл арадан қуып, Қырым төңірегін иеленуді ойлаған. Ал Ақсақ Темірден соққы көрген Алтын Орда ханы, көршілес елдерімен қарым-қатынасын тәртіпке келтіріп, жаңадан әскер жинап, Ақсақ Темірмен қайтадан соғыспақ боп әуреленіп жүріп, Едіге мен Темір-Құтлықтың бұл қоқан лоққы әрекеттеріне бәлендей мән бермеген. Бұларды өзімен пара-пар түсер жау көрмеген. Сол себептен бар күшін бөтен жорықтарына салған. Алда-жалда Едіге бармай бара жатса, Ираннан қайтқаннан кейін, құртармын ол көкіген маңғытты деп ойлағанда қойған. Осылай шешкен Тоқтамыс, әйелінің Каффадан қайтуына қарамай, Қарашаның басында Иранға жорыққа аттанатын қосындары жиналатын Теріскей Кавказға жүріп кеткен.

Едіге болса Тоқтамыстың өзіне жеңіл қарағанын пайдалана білген. Ол бұл кезде Қырымның біраз руларын, әсіресе маңғыт тайпаларының кейбір белді кісілерін өзіне құпия түрде тілектес етіп алған. Ал өзіне тікелей бағынатын жігіттерін тастай етіп қаруландырып болған. Осындай жағдайға жеткен Едіге енді тек Тоқтамыстың Ақсақ Темір не орыс князьдерімен соғысып, тағы бір таяқ жеген кезін күтіп, қолына түкіріп дайындала берген. Бүгін оның Каффа қаласына келуі де осындай алдағы күресінің қамынан туған. Ол Каффа билеушілерімен, әскер және қару алу жайында келісім сөз жүргізбекші еді. Едігенің бұл тілегіне Каффа билеушілері де ниет білдірген. Сол үшін бүгін таңертең осы шаһарға келген. Тоқтамыстың әйелінің осында екенін естіп, бір ретте оны тұтқын етіп, өз ордасына алып кетпекші болған. Бірақ келісім сөз жүргізуге келген қаласының қонағын, ондай күйге ұшыратуға қаймыққан. Сол себептен Садат-бегім ойын көріп тұрған алаңның үстіменен әдейі өткен. Ыңғайы келсе Садат-бегімді бір қорлап кетпек те еді.

Расында бүйту Едігенің қолынан келеді. Ол сол хан әйелі тұрған арбаның жанынан бәз-баяғы қырындай отырған қалпынан селт етпей өте берді. Арба үстінде тұрған Алтын Орда ханының әйелі бар ма, жоқ па, оған тәжім етпек түгіл, бұрылып та қарамады. Алтын Орда ханының әйелі де, тіпті даңқы әлемді жарған Алтын Орданың өзі де, оның тегеуірінді ханы Тоқтамыстың да, өзіне бар-жоғы бірдей дегендей, ешкімді менсінбеген, өзін сол тәкаппар ұстаған қалпында мойнын бір бұрмастан өтті де кетті.

Едігенің Алтын Орда ханымына ләзім етпегенін жұрттың бәрі көрді.

Мұндай қорлық болмас!

Садат-бегім топ алдында келе жатқан Едігені алғашқы рет көзі шалып қалғанда кенет денесі дір ете түскен. Әлденеге жүрегі тыпыршып, бойын бір ыстық леп билеп кеткен.

Ал Едіге болса, бұған мойнын да бұрған жоқ. Сол боп-боз боп, қабағы түксиген, сәл қырын отырған қалпында алыстай берген.

Осының бәрі де иін тірескен жұрт көзінше болды.

Бүкіл Алтын Ордаға әйгілі сұлуды, ханымды, бақшаға қойған үркіткіш құрлы көрмегені Садат-бегімге қатты батты.

Әсіресе сұлу әйелге жұрт көзінше көз қырын салмағаны жүрегін өртеп жіберді.

Садат-бегім қорланғанынан жылап жіберді.

Енді бұрынғы өштігіне тағы өштік қосылды.

Ол бұдан әрі қаратал ойынын көргісі келмеді, дереу өзіне арналған сарайға қайтты. Дереу Дәулетбекті шақыртты.

— Егер, Едігенің басын әкеп менің алдыма қойсаң, мен сендікпін! — деді.

— Жарайды,— деді Дәулетбек.— Едігеде біреу емес, егер мың бас болса да біреуін қалдырмай кесіп әкеп беруге бармын, міне сертім!

Ол өзінің күшіне, айлакерлігіне сенді. Және Едігенің Тоқтамыстың шын қасы екенін білетіндігінен. Алтын Орда ханының алдында тағы бір көрініп қалмақ болды.

Оған істемек бір опасыздығын, оның қас жауын өлтірген еңбегіммен жуармын деді ол ішінен.

Дәл осы сәтте Дәулетбек хан әйелінің құшағы үшін өз басына өзі жетерін білмеді.

Түн ортасында, ебін тауып, ауылдың бір итін үргізбей, Едігенің ақбоз еңселі ордасына кірген Дәулетбек, үй-ішіне көзін үйретіп алғалы қолындағы қанжарын артына тасалап сәл тұрды. Аздан кейін, түндігі ашық шаңырақтан ай сәулесі түсіп тұрған жерде — оң жақтағы ақ мамық төсектің үстінде, жұбайы Жәнекемен қатарласа жатқан ақ көйлек, ыстанды Едігені көрді. Үстіндегі көрпесі әйеліне қарай ауып кеткен. Жәнекенің көрпе шетінен ақ жастыққа төгіле жайылған қара шашымен бозғылт жүзі ғана ағараңдайды. Шалқасынан қорылдап жатқан Едігенің жанында бір қалыпты пыс-пыс етеді.

Дәулетбек енді ырбыз тәрізді аяғын ептеп басып, қолындағы қанжарын ыңғайлап, Едігенің бас жағына таяды. Дәл осы уақытта кенет атып тұрған Едігені көрді, кейін бұрылуға мұршасы келмей қалды, найзағайдай жарқ еткен жіңішке алдаспан басын анандай жерге ұшырып түсірді.

Едігенің қалай бұның үйге кіргенін біліп қалғанын ойлап та үлгірмей Дәулетбек сол сәтте дүние салды.

Ал Едіге өзіне таныс Дәулетбекті күтіп жатқан. Кеше Каффадан қайтып келе жатып, бір долы тау өзенінен ат жалдап өтіп жатқанда, су ортасына жеткен кезде, әлдеқалай артына бұрылып кейін қалған жағаның бір тасалау бұлтарысында атымен тұрған қарулы жігітті көрген. Тоқтамыстың ең сенімді адамының бірі Дәулетбек екенін тани кеткен. Оның асқан мерген екенін де білетін Едіге, дәл қазір атып тастамай, аңдып кеп өлтіріп басын ханымның бұйрығы бойынша, соған апарып бермекші екенін де түсінген. Егер Дәулетбек бұны құр өлтіргісі келсе, атының жалынан ұстап жүзіп бара жатқан Едігені бір жебесімен-ақ су түбіне жіберер еді, ал ол өйтудің орнына бергі жаққа өзі де өтпекші боп тұр… Едіге бәрін ұққан. Содан кешеден бері ол Дәулетбекті күтуде еді. Оның ғажайып епті екенін де Едіге білетін. Аңдыған жауының бір соғар кезі түн екенін түсініп, күндіз ұйықтап алып, бағанадан бері әдейі ұйықтаған боп қорылдап жатқан.

Ертеңіне Дәулетбектің беліндегі қоржынын шешіп алып, өзінің басының орнына оның басын салып, Садат-бегімге бір жігітінен сәлемдемеге жіберген.

Хан әйелінің өзіне қаншалық өшіккеніне көзі жетіп, Едіге тек бұныменен қоймады, Садат-бегімнің Каффадан шығатын күнін күтіп, жасағыменен бір тоғай арасында ұзақ жатқан. Ақыры хан әйелінің көші де көрінген. Едіге жасағы, көшті дереу шапқан. Керуеннің қарсыласқан қарулы күзетшілерін тегіс өлтірген. Сосын дүние-мүліктерін тонап алып, хан әйелін өзіне істеген қастығына, өткен жылы тойда қымызға зәрін қосып бергені үшін, тырдай жалаңаш етіп шешіндіріп, майлы жерінен дүрелеп, бір аттың үстіне етпетінен жатқызып байлап, Алтын Ордаға қарай айдатып жіберген.

Бұл қорлыққа шыдай алмаған Садат-бегім, Тоқтамысқа жататын бір ауылға жетпей жынданып кеткен.

Тоқтамыс естіген суық хабар осы еді. Бұлқан-талқан боп ашуланған Алтын Орда ханы, бір мезет бүкіл әскерін кейін бұрып, Едігенің аулын, оған ерген жұртты қоршап алып біржолата қырып тастамақ болды. Едігенің Садат-бегімге істеген қорлығын өзіне келтіруді де ойлады. Бірақ ашуы сәл басылған шағында, бір мемлекеттің тағдырын, бір қатынның намысына айырбастауды дұрыс көрмеді. Егер бүгін бұл Ақсақ Темірді құртпаса, биыл болмаса, келесі жылы оның Алтын Орданы құртатынын ойлай келіп, Тоқтамыс бұл жолы Қырым сапарынан бас тартты.

Ашудан іші қазандай қайнаса да амал жоқ, Едігенің сыбағасын келген соң берермін деп әскерін Иранға қарай аттануға бұйрық берді.

Бірақ Иран жорығынан қайтқаннан кейін Едігеден өш алардай еш мүмкіндігі болмады. Соңынан, Алтын Орда тағынан айырылған Тоқтамыстың «Сол жолы ең алдыменен Едігені неге құртпадым?» деген өкініш өле-өлгенше есінен кетпеген.

Алтын Орданың Әли, Ілияс оғландар жән Исабек, Жақлы би басқарған әскері Қазан айының қара суығында Дербент қақпасынан өтіп, Ширванның қалаларын шабуға қіріскенде, Ақсақ Темір теріскей Грузияда соғысып жатқан. Ордасы осы күнгі Әзірбайжан жеріндегі Шекі шаһарында тұрған. Тоқтамыс әскерінің Ширванға келгенін ол сол Тауық, яғни 1394 жылы Қазан айының жиырма алтысы күні естіді. Және Тоқтамыстың ол араның біраз қала, қышлақтарын шауып, тонап үлгіргендерін де білді. Бұл кезде, Ширван өлкесі тегісімен Ақсақ Темір қол астына кіріп қалған-ды. Тоқтамыстың бұл жолғы қылығының да Мауараннахр әміршісі тағы өзіне қарсы қастық екеніне шек келтірмеді. Орда қосындарына тойтарыс беруге ол дереу өз қолдарына бұйрық берді. Тоқтамыспен тағы да бір кездесіп, оны біржолата құртпай, алға қарай Грузия, Армения, Ирактың оңтүстік жағын мүлдем жаулап алуға аттана алмайтындығын Ақсақ Темір түсінді. Сол үшін соғысып жатқан Грузияның шекарасына шамалы шағын қосындарын тастап, бар әскерін Тоқтамыс жағына төкті. Ал Тоқтамыстың бұл жолғы соғысу саясаты көп өзгерген-ді. Ол Ақсақ Темір әскерін жекелеп құртпақ болатын, Әмір-Темір тағы бұған бар күшіменен қарсы шыққанын естіп, ол дереу тағы кейін шегінді. Тағы Кура өзенінің ар жағына барып бекінді.

Ал Ақсақ Темір өзінің қысты күні соғыспайтын әдетіне салып, жеті қолын аттарының тебініне лайықты Махмұдабад жайылымына орналастырды. Өзі Фахрабад қышлағының қасындағы Қалың-Гүнбеде деген жерге ордасын тікті, ол арада әскерін тынықтырып, Мауараннахрдан қосымша жауынгерлер алдырып, қыстап шықпақ болды.

Келесі Ит, яғни 1395 жылы көктем туып, жер беті қатып, шөп шыққан кезде ол Тоқтамыс әскерінің соғысқа қаншалық дайын екенін тексерді. Сосын бас бәйбішелері Сарай-Мүлік ханум мен Тұман акәні үй ішіменен Самарқантқа қайтарды. Ал Шолпан-Мәлік-әка мен өзге кіші қатындарын толып жатқан күң, құл бақылаушы, күзетшілерімен Сұлтанияға — Тәбризге жүргізді. Содан кейін барып, қалың әскерімен тағы жеті қол болып, Кура өзенінің жағасына қарай бет алды. Дегенмен, Ақсақ Темір айып менен болмасын дегендей, «соғыспайық, бітімге келейік» деп жол үстінде хат жазып Тоқтамысқа қызыл тілдің шебері Алмалыктық Шәмсиддин биді елші етіп жіберді. Өзі әскерімен бұл күндері, елшісі қайтып келгенше сабырлық істеп Эльбурс тауының етегінде аялдап қалды.

Әлем біткен, сандықтан алып шыққан жаннат ішіктей құлпырып тұр. Көктемнің хош иісті көгал шөбі мұрын жарады. Кура өзенінің бойын тегіс алып кеткен шырша, емен, балқарағай тоғайы тұтаса қалған. Солардың ішінен сан түрлі құс үні естіледі.

Тоқтамыс алтын тулы ақ шатырынан шықты. Бір сәт осы бір керемет тамылжыған әуенді жан-жағын қоршай қалған табиғат көркіне таңдана қарап, сәл тұрды. «Дүние шіркін, қандай тамаша едің, осыны да қиып кетеміз ғой біз адам деген бейбақ!» деді ол өзіне-өзі әлденеден қобалжығандай. Осыдан үш күн бұрын Ақсақ Темір әскерінің өздеріне қарай қозғалғанын естіген. Кеше түс ауа әмірлер кеңесін шақырған. Сонда, Алтын Орданың қолбасшысы ылғи игі жақсы әмір, би, батырлары бір дауыстан Ақсақ Темірге бұл жолы да Құндырша жағасындағыдай табан тіреп қарсы тұрмақ боп шешкен. Ақсақ Темірдің қандай жау екенін білетін Тоқтамыс, осы болашақ ұрыстан сескенді ме, әйтеуір бүгін төсегінен тұрған шағынан-ақ бір түрлі қобалжулы, көңілсіздеу еді. Әлде Алтын Орда ханының мұндай жағдайы бөтен себептен туды ма? Кім білсін… Демек, соңғы кездерде, жайшылықтағыдай емес, бір жаман түс көрген адамдай қабағы қатулы жүретін болған. Және осы бір өзін жүдетіп бара жатқан ой-қиялдарын жеңгісі келіп, көптен бері жатар алдында біраз уақыт май шамның жарығымен өзінің ең кенжесі және өзгелерінен жақсы көрер зерек ұлы Қадырбердіге қыпшақи қиса, дастандарды оқытатын. Мұндайда ертек, жыр құмар Кен-Жанбай, Кіші Дәулет тәрізді батырлар да, Ордасының маңындағы әмірлер де бірге болатын. Ал өткен түнде бұларға Қадырберді атақты Низамидың «Хосрау мен Шырынның» фарсыдан түркі тіліне Құтба ақын аударған аудармасын оқып берген. Қадырберді өзінің әдемі даусымен әндете тоқсан тарау, он бір мың жеті жүз елу жолдан тұратын шығыстың, фарсының ұлы дастанының қыпшақи түрін үш күн оқыған. Бүгін түн ортасы ауа әзер бітірген. Осы бір өз інісі Жәнібек ханның қолынан өлген Тыныбек ханға арналған аударма, түнде Тоқтамысты көп толқытқан. Ол жанында өзімен бірге отырған битікші қарт ұйғыр Нияздан Құтбаның кім екенін, қалай өлгенін сұраған.

— Құтба Хорезмде туған,— деді битікеш,— Сарай-Беркеге соңынан келген. Тыныбек ханның кезінде өзінің осы аудармасын бітірген. Ханның өзіне еткен жақсылығы үшін түркі тіліндегі осы еңбегін Тыныбек пен оның әйеліне бағыштаған. Алтын Орда тағына Тыныбек пен Жәнібек таласқан кезінде, Тыныбек жағында болған. Соңынан Жәнібек жеңгенде, тек Тыныбек пен оның әйелі ғана қаза тапқан жоқ, оларды қоштаған кісілер де дүниемен қоштасқан. Екі түйе сүйкенсе ортада шыбын өлетін әдеті ғой. Сол тұста, сірә, Құтба ақын да өлтірілген тәрізді.

Тоқтамысқа битікшенің соңғы сөздері тіпті ұнамаған. Бірақ өзін бала жасынан тәрбиелеп, арабша, фарсыша, түркі тілінше де хат танытып, дүние танытқан кәрі мұғаліміне бәлендей қатты сөз айтуға дәті бармай, тек қабағын шытқан да қойған.

Мүмкін, сол өткен түндегі Қадырберді оқыған дастанның терең мағыналы сөздері көңілін толқытты ма, әйтеуір түні бойы жөндеп ұйықтай алмай шыққан. Ал бүгінгі қабағының кірбің тартуы да, кім біледі, сонан шығар?..

Жоқ, тіпті онан емес. Соңғы кезде Тоқтамыс көп нәрсені басқаша ойлай бастаған. Дүниенің тірегі тек соғыс қана ма? Өзінен бұрын өткен Бату, Берке, Өзбек, Жәнібек бәрі де соғысқан. Бірақ соғыспен қатар олар Алтын Орданың сан түрлі, рухани күштерінің тууына да себепкер болған. Сонау Жібек жолынан бастап, Сарай-Бату, Сарай-Берке, Гүлістан тәрізді қалалар салдырған. Хорезм мен Румға еліктеп Алтын Орданың өзіне ғана тән қолөнерін, мәдениетін, салт-санасын көркейтуге жол ашқан. Өзінен бұрын өткен Алтын Орда хандары кезінде емес пе еді Шығыстың ұлы әдебиеттерінің атақты үлгілеріне бергісіз Хорезмнің «Мұхаббат-нәмесі», Сейфа Сарамидың «Гүлістан», тіпті Құтба жазған «Хосрау мен Шырын» дастанының осы түркі тіліндегі түрінің тууы? Ал Тоқтамыс тұсында не жасалды? Бұл да Алтын Орда тағына отырғалы жиырма жылға таяп қалды. Содан бері не істеді? Бар білгені тек соғыс, соғыс, соғыс! Рас, өзінен бұрын өткен Алтын Орданың әйгілі хандарының аттары да осы соғыс, бөтен елдерді өздеріне бағындыру арқылы шыққан. Бірақ тарихта қалу үшін бұл аз. Тарих бөтен елдерді жаулап алуды ғана емес, ұзақ өмір сүре алатын мемлекет құруды қалайды. Тек істеген ісі ұзақ өмір сүре алатын болса сонда ғана ондай адам тарихта қалады. Ал Алтын Орданың ұзақ жасау үшін Тоқтамыс не істей алады? Ештеңе де істей алған жоқ. Кеше бұл Темір Мәлікті жеңсе, бүгін бұны Ақсақ Темір жеңгелі тұр. Дүние шіркін аумалы-төкпелі екен, жиырма жыл алтын тақ деп таласқаны құр әуре-сарсаң далбаса екен.

Міне, осындай ойдағы Тоқтамыс, қанша тырысқанмен де Алтын Орданы бұдан артық күшейте алмайтынын түсінген. Қайғыға беріліп, жүдеп кеткенінің бір себебі осында еді. Алтын Орда ханы жан-жағындағы елдердің, әсіресе Мауараннахр мен орыс жұртының жылдан-жылға күшейе түскенін көріп, түбі Алтын Ордасының ажалы осы екеуінің біреуінен келеді-ау деп де іштей қобалжи түскен.

Міне осы себептерден кешегі жігерлі Тоқтамыс, бүгін кенет сылбыр тартып, өзіне-өзі сенбей бастаған.

Ал ел басқарып отырған адамға өзіне өзі сенбеуі — болғалы тұрған апаттың тікелей белгісі.

Жұртқа сыр бермегенмен Тоқтамыс болашақ соғыстан іштей алай-түлей еді. Ол тіпті Ақсақ Темірмен келісімге келуді де ойлаған. Бірақ өзі барып Мауараннахр әміршісіне басын игісі келмеген. Ал Ақсақ Темір өзі кісі салса… Амандық ағадан демей ме, егер Әмір Темір үлкендік істесе, онда ма, онда …

Тоқтамыс күншығысқа қарады. Сары белден сарғайып атқан таңның алтын сәулесі көк жиектен қызара жайылып келе жатыр екен…

Тоқтамыстың есіне кенет түндегі Қадырберді оқыған «Хосрау мен Шырынның» Құтба жазған Тыныбек пен оның әйелі ханумға бағыштауы келді.

Тыныбек, сен бақытты ұлы шахсың,

Көркісің еліміздің, алтын тақтың,

Қуантқан ханымменен ханымызға,

Бәйітім, құрмет етіп арнап тарттым.

Кенет Тоқтамыс қызғана қалды. «Осындай ұлы жыр арналған Тыныбек қандай бақытты еді,— деді ол ішінен,— ал ол кім менің жанымда? Мен болсам құлауға айналған Алтын Орданың шаңырағын қайта көтерген әйгілі ханмын. Бірақ маған кім сондай бәйіт арнап жатыр? Бақыт деген міне, осындай. Бейнетін сен тартасың, қызығын көбіне бөтендер көреді. Ал атақ, даңқ деген де бір жынды құс, алтын тәжілі ханға қызықпай, жыртық тымақты жыршының басына қонады. «Өлдің, Мамай, қор болдың» деп осы жұрт босқа айтпаса керек-ті, ел билеген адамның құны тірісінде.— Тоқтамыс кенет түксие қалды.— Жарайды, бәрін де өздерің алыңдар, бізге тек сендердің тағдырларыңды шешуді қалдырсаңдар болады».

Әрине, Тоқтамыс хан, бұның да аты Едігемен байланысты көркемдігі «Хосрау мен Шырынға» бергісіз ұлы дастанда қалатынын білген жоқ…

Тоқтамыс осындай ойда тұрғанында, қасына қарт битікші Нияз келді. Ол иіліп тәжім етіп:

— Алдияр тақсыр, Тоқтамыс хан,— деді екі қолын кеудесіне қусырып.— Түнде ел жатқан шақта, Әмір-Темірдің Алмалықтық Шәмсиддин биі келді. Ол сізге арнаулы хат әкелді.

Тоқтамыс елең ете қалды.

— Әмір-Темір хатында не жазыпты?

— Хат тек өзіңізге арналған, Шәмсиддин би ешкімге берген жоқ. Сірә, Мауараннахр әміршісі бітім сұрайтын тәрізді. Анығын хатты оқыған соң білерміз. Елшілер қазір ұйықтап жатыр.

Тоқтамыстың түксиген қабағы ашылып, ақсары жүзіне қан жүгіріп, жадырап кетті.

— Құрметті қонақтарыңызды баптап күттіріңіз, бізді Әмір-Темірге жамандап барып жүрмесін,— деді ол,— тұрысымен елшілерді хан шатырына алып келіңіз.

Тоқтамыс ішінен «Егер Ақсақ Темір бітім сұраса, келісу керек» — деп шешті, оған Ақсақ Темірдің хаты бір жақсылық басы секілді көрінді.

Қарт битікші Тоқтамыстың кілт өзгергенін байқап «Ақсақ Темірден сескеніп-ақ жүр екен ғой бейшара, бітім сұрамақшы деген сөзді естіп қалай өзгеріп кетті»,— деді бұ да ішінен. «Демек, бітімге келгені дұрыс қой, ағайынды екі елге әлсін-әлсін соғыса берудің не қажеті бар?»

Хан шатыры іші толған әмірлер, Тоқтамыс өзі төрде, Алтын Орда ханының жорыққа арналған шағын, алтындатқан тағында отыр. Мұнда Тастемір, Бекболат оғландар, Сүлеймен Софы-Қоңырат, Хасанбек-Сарай, Әлібек тәрізді ел басқарып жүрген билер де бар. Едіге тәрізді түсі суық Исабек өзгелерден жекелеу, ханға жақын жерде, оң жағындағы кілем үстінде отыр.

Ең алдыменен Тоқтамыс Ақсақ Темірдің хатын өзі оңашада оқыды да, сосын әмірлерін шақыртты.

Алтын Орданың диван жұмыстары, шет елдермен қарым-қатыстары бұрын Бату заманынан бастап Тоқтай кезіне дейін көне ұйғыр әрпіменен монғол тілінде жүрген. Ал Өзбек хан тұсынан, Берке жол салған ісләм діні үлкен орын алған шағында, бұл Орда, сарай істері — шетел қағаздары, түгелдей араб тіліне көшкен, түркі тілі тек жалпы бұқара тілі болып қалған. Ал Жәнібек ханның тұсында Орда ісі, шет жұртпен қатынас тегіс қыпшақ тіліне ауған.

Ақсақ Темір өз хатын осы кездерде Түркістан елдерінің көбі сөйлей бастаған, көне Жағатай тілінде, ұйғыр әрпіменен жазған-ды. Бұл тілдің негізі түркі тілі болғандықтан үйде отырғандар тегіс түсінді.

Оқып болып битікші Нияз хатты Тоқтамыстың алдына қойды да:

— Әмір-Темір ұлы Тоқтамыс ханға ағалық ниет көрсетіп, екі елдің арасындағы дау-жанжалды соғыспен емес, келісім сөзбен шешуді сұрайды,— дейді ол.

Сол сәтте асқан ділмәр, ақылды сөздің бұлбұлы Шәмсиддин би битікші сөзін іліп кетті.

— Әз Жәнібек хан, өтірік пен шындықтың арасы бір-ақ тұтам. Оның мәнісі: көзбен көрген шын, құлақпен естіген өтірік. Ал Құлақ пен көздің арасы бір тұтамға да жетпейді. Көзбен көрген анық, құлақпен естіген танық деген екен,— деді ол.— Алтын Орданың ақ нық ханы Тоқтамыс, ардақты әмірлері Тастемір, Бекболат оғландар және көзге көрік, көңілге арман басқа бекзада, би, батыр, әмірлері, шығыс әлемінде атын дүбірлеткен жиһангер Әмір-Темірдің өздеріңе арнаған мынау дұғай сәлем хатын көздеріңмен көріп отырсыңдар. Сөзін құлақтарыңмен естідіңдер. Мұнда айтылғанның бәрі шындық екеніне күмән келтірмеңдер. Ақсақ Темір ағалық етіп, бітім сұрап отыр, ақылға салыңдар. Біреудің есігін қолыңмен қатты қақсаң, өз есігіңді ол аяғымен тебер. Ағайын, бұны да ұмытпа! — Сосын ол Тоқтамысқа қарады.— Ақсақ Темір алып қыран еді. Сен балапан едің. Ұяңды ұшырар дауыл тұрғанда, сен пана іздеп Ақсақ Темірдің қанатының астына кіріп едің. Бірақ жас өспей ме, жарлы байымай ма, қыран қорғаушыңның арқасында сен де теңелдің. Қыран болдың. Бірақ қанатым менің қатты деп, тырнағым менің өсті деп, сен де орынсыз желікпе! Сенің қанатың қатса — Ақсақ Темірдің қанаты қылыш өтпестей боп мүйізделген. Сенің тырнағың өссе, Ақсақ Темірдің тырнағы болат қанжардай бұрынғысынан да өткірлене түскен! Саған ағалық етіп хат жолдаса, Алтын Орда ханы, Әмір-Темір сенен қорқып жолдап отырған жоқ. Тек ашудың ырқында кетпейін дегені, сені мүлдем жоғалтқысы келмейді. Ал білгің келсе, Тоқтамыс хан, сенен айырылғаны Ақсақ Темірге қалай батып жүргенін айтып берейін. Бұл оқиғаны өз көзіммен көргем, Әмір-Темірдің алтын сөзін құлағыммен естігем.

— Айтыңыз,— деді Тоқтамыс,— естілік.

— Жақында Мауараннахр патшалығының әулие-хазіреті, ісләм дінінің Түркістан өлкесіндегі алтын күмбезі Берке-Сәйттің пайғамбар жасына жеткенде дүние салғанын бүкіл мұсылман қауымы естіді. Сол Берке-Сәйттің табытының басында отырып, ұлы жиһангер Ақсақ Темір көзіне жас алып: «Дүниеден шын жақсы көрген, сырласар үш серік, жолдасым болып еді деді. Бірі — Құсайын әмір, бұл жалғаннан ерте өтті, екіншісі — мынау Берке Имам қазір дүниеден міне көзін жұмды. Ал үшіншім — Тоқтамыс, менен алыстап, араздасып кетті» деді. Егер Әмір-Темір Тоқтамыс ханды жақсы көрмесе, екі серік жолдасының өлгенін айтып, үшіншісінің өзінен айырылғанын мұң етер ме еді?

Осы сәтте Исабек би, орнынан сәл қозғалып, күлімсірей сөйлеп қалды.

— Ақсақ Темірдің айналдырған үш досының екеуі өлсе, Тоқтамыс хан үлкен даналық істеген екен, Әмір-Темірден ертерек дұрыс айырылыпты…

Отырған жұрттың кейбіреуі езу тартты. Өткір тілді батыр бидің «Егер Ақсақ Темірден айырылмай қасында жүре берсе бұ да өлетін еді ғой» деген ойды, күлтелей, ебін тауып айтқанын Шәмсиддин би де түсінді. Тауып айтылған сөзге қандай жауап қайтарар екенсің?» дегендей үйдегілер оған қарай қалды.

Расында мұндай әзіл-қалжың және ар жағында зіл жатқан сөзге жауап қайтару қиын еді. Бірақ сан таласта жеңіліп көрмеген шешен би, дағдарып қалмады, қоян көрген тазыдай еліре түсті.

— Уа, Исабек би, Ақсақ Темірден Тоқтамыс ханның айырылғанын тым ерте жоқтаған жоқсың ба? — деді. Бұнысы оның «Тоқтамыс ханның өлмейтініне көзің жете ме?» дегені еді.— Әмір-Темірмен қастасқандығынан Тоқтамыс хан қазадан аулақ болатын болса құба-құп, Исабек би. Әйтпесе Ақсақ Темір тәрізді алып түсер алмас қылышпен қастасқаннан гөрі, достасқан тиімді емес пе Тоқтамыс ханға? — бұнысы оның «егер Алтын Орда ханы өлгісі келмесе, Ақсақ Темірмен татуласуы керек» дегені еді. Бидің астыртын айтқан қорқыту сөзін жұрттың бәрі ұқты.

Бұл ақылға ең алдыменен ханның өзі құлақ қойды.

— Тауып айттыңыз, Шәмсиддин би,— деді Тоқтамыс.— Ақсақ Темір әміршіменен келісім сөзге келуге мен барамын. Бұған Ордамыздың өзге би, әмірлері қалай қарайды екен? — Ол үйдегілерге сынай көз тастады.

Тағы сөзді Исабек бастады.

— Ақылды, айлалы сөзіңмен, алақаныңмен сипағандай майда тіліңмен, бізді өзіңе қараттың, Шәмсиддин би, бүйте алмасаң сен бүкіл Мауараннахр, Жетісу Хорезмге атың шыққан қызыл тілдің дүлдүлі болар ма едің? Бірақ қандай әдемі болмасын өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам. Егер Ақсақ Темір бізбенен бітімге келмек ойы болса, Шекіде жатып Шәмсиддин ділмәрді неге сонда жібермеді? Бізден алыс жатқан жерінен таяу көшіп келіп, қыс бойы Махмудабат жайылымында әскерін дайындап, ол аз болғандай Алтын Орда жағасына шеп құрған Кура өзеніне келе жатып, Сізді неге жіберіп отыр? Қазір Кавказ тауының теріскей етегіне аялдаса, сіздің қайтуыңызды емес, арғы жағынан әлі тегіс келіп үлгірмеген Омар шейх қолын күтіп қалған жоқ па? Дүниеде екі затқа сенбеймін, бірі, Ақсақ Темірдің бізге дос болады дегенге, екіншісі, тағы сол Ақсақ Темірдің шын сырын айтты дегеніне… Жоқ, Шәмсиддин би, Әмір-Темірге сен сенсең де мен сенбеймін. Онымен бітім сөзге келуге мен қарсымын. Жылқы12 жылғы қырғыннан кейін, Әмір-Темірмен тіл табу тіпті мүмкін емес. Біздің таласымызды не болса да aқ білектің күші, көк найзаның ұшы шешсін! Менің ойым осылай!

Исабектен кейін сөзді дереу жас кезіндегі әйелі сойылкер болған қарт Қазы би алды.

— Ақсақ Темірге барып, пана іздеп, оныменен дос болам деген Алтын Орданың оғландары аз болған жоқ,— деді ол.— Мына отырған Тоқтамыс хан да, ана жақтағы Едіге би, Темір-Құтлық, Құнжақ оғландар да сөйткен. Бірақ солардың біреуі де Әмір-Темірмен достаса алмады. Неге? Оған сену қиын, тек өзіне тиімді жағын ғана ойлайды. Жаңа Исабек би сөйлеп отырғанда, менің ойыма қыпшақтың бір ескі аңызы түсті… Арыстан ауырып жатыр дегеннен кейін, көңілін сұрауға аң біткеннің бәрі барған екен. Ең соңында түлкі келіпті. Арыстан жатқан апанға кірместен бұрын ол апанның алдындағы іздерін тексеріпті. Сөйтсе апанға кірген іздер көп, ал қайта шыққан бірде-бір аңның ізі жоқ екен… Сосын, менде ана аңдардай болады екенмін деп түлкі кірмей қапты.

Сол айтқандай, Ақсақ Темірмен достасамын дегендер көп, ал достасқан бірде-бірі жоқ… Мен де мына Исабек тәрізді оған сенбеймін. Адам қорқып бітімге келмейді. Өйтіп бітімге келгенмен, одан ештеңе өнбейді. Өзімізді алдаудың еш қажеті жоқ, қолымызға қаруымызды алып, не болса да талайымыздан көрелік.

Енді орталық қосынның әмірі Тастемір оғлан сөйледі.

— Қазір Ақсақ Темірдің асқақтап тұрған тұсы,— деді ол.— Бұдан жаманымда да тойға барғанмын дегендей, әлі мұндай күйге жетпеген кезінде де Дәшті Қыпшақты шапқан. Бітім керек болса, сонда қайда қалды? Бұл жолғысы қулық. Бізді аяйтын Ақсақ Темір жоқ. Бүкіл жиһанды жаулап алмақшы Мауараннахр әмірі, Алтын Орданы бүйірінен қадалғалы тұрған найза санайды. Сондықтан бізді құлатпай тыныш ұйықтай алмайды ол. Дәл бүгін бітімге келгісі келсе, онысы да қулық. Иран мен Иракты мүлдем жаулап алғанша, әзірге Алтын Орданы үркітпей тұра тұрайын дегені. Әлемнің жалпағын алып жатқан Жошы ұлысын табанының астына салмай, ол дүние қожасы, жиһангер бола алмайды. Оны Ақсақ Темірдің өзі де, ол алдап түсірем деп отырғанын мына біз де білеміз. Өртті қаулатып алып сөндіре алмайсың. Ақсақ Темірді бүкіл әлемге қожа етіп алып сонан соң оны жеңу бізге қиынға түседі. Ал қазір күшіміз Мауараннахр билеушісінікінен кем емес, және майдан ортамызда жат жерде, ұрысқа түссек Түселік, ал қазір еш бітімге келуге болмайды.

Өзгелерден гөрі сәл кеңірек ойлайтын Әлібек оғлан өзге әмірлердің де жаңағы сөйлегендерді жақтап кететінін біліп тоқтау салды.

— Уа, Тоқтамыс хан,— деді ол,— Шәмсиддин би Алтын Ордаға от алғалы келген жоқ қой, Ақсақ Темір әмір де хаты мен бірге қаһарын жолдап жібермеген тәрізді, ақылдасып жауабын берелік, көппен кеңескен тоң келте болмайды деген.

— Болсын,— деді хан.

Алтын Орда ханы түнімен өзінің әмір, бекзада, би, батырларымен кеңесіп, ақыры солардың сөзінен шыға алмай, Ақсақ Темірмен келісімге бармайтын болды. Шәмсиддин биге көне дәстүрді сақтап, басына құндыз бөрік, үстіне жібек шапан кигізіп, астына жорға мінгізіп отырып:

— Игі жақсы әмір, би, батырлар болып кеңесіп, Мауараннахр билеушісі Әмір-Темірдің келісім сөзге келейік деген тілегін қабылдамадық,— деді.— Ақсақ Темір шын бітім сұраған болса, кеш қалды. Атымыз ерттеулі, қылышымыз қайраулы тұр, соғысуға біз дайынбыз.— Сосын Ақсақ Темірге арнап әмірлер бірігіп жазған сөкет қағазды берді.— Хатына хат қайтардық, бұдан артық оған көрсетер сый-құрметіміз жоқ.

— Уа, Тоқтамыс хан! — деді кенет тұнжырай қалған Шәмсиддин би.— Сен әз Жәнібек ханға айтқан Жиренше бидің қатынының сөзін естімеп пе ең? Естімесен айтайын. Әзілі жарасқан Жиреншенің әйелі Әз Жәнібек ханнан «Тақсыр, ас айныса, не түзейді?» деп сұрапты. «Май түзейді» — деп жауап береді. Қатын: «Май айныса не түзейді?» деп сұрапты. Хан: «Тұз түзейді» деп жауап беріпті. Қатын: «Тұз айныса не түзейді?» — деп сұрапты. Хан жауап бере алмайды. Қатын бірақ қоймапты. Ол: «Халық айныса, не түзейді?» — деп сұрапты. Хан: «Хан түзейді» депті. Сонда қатын: «Хан айныса не түзейді?» депті. Хан тағы жауап бере алмапты. Уа, Тоқтамыс, халқым деп отырған әмір, би, батырларың шатысқанда, Алтын Орда ханы сен түзеуің керек еді. Ал өзің шатысқан екенсің, сені кім түзете алар. Ендігісін өзіңнен көр! — деп Шәмсиддин шатырдан шығып кетті.

Тоқтамыс үн-түнсіз отырып қалды. Бір сәт өзіне осыншама өктем сөйлеген мына от тісті, орақ ауызды биді, дәл қазір басын алып, хатымен бірге дорбаға салып, Ақсақ Темірге бергізіп жібергісі де келіп кетті.

Бірақ өзін-өзі тоқтатты. Өйткені, Ақсақ Темірмен, келісімге бекер келмедім — ау деген бір өкініш ой осы сәтте билей бастаған.

Көңіл күпті болған соң, жігер де күпті болады. Тоқтамысты осы бір өкініш ой бір сәт қана билеп қоймады, алдағы кезде де әлсін-әлсін көңілін бұза берді. Бұл жағдай Ақсақ Темірмен соғысының үстінде де Тоқтамыстың жайшылықтағы алғыр қуат-күшін құм етті. «Түбі Мауараннахр билеушісіменен келісімге келуім керек болар» деген ой Ақсақ Темірмен шын белдесіп қарсы тұруына да кедергі болды.

Дұрысында Тоқтамысқа соғыспау керек еді, соғысады екен, бар ақыл, ой-дарынын аямай, табан тіреп тұрып алу — жалғыз ғана жол болатын. Бүйтуге оның әскерінің ерлігі де, күші де жететін еді.

Алтын Орда ханы бірақ өйтпеді. Ақсақ Темірден де, Алтын Орда елінің алдындағы жауапкершілігінен де қашып құтылғысы келді. Майданда жеңілуден көрі, қашып құтылуды таңдады.

Ол осы сәтте «қашқанға қатын да батыр» деген қыпшақ елінің көне қағидасын есіне түсірмеді.

Ақсақ Темір, әрине, Тоқтамыстан екінші рет «келісімге кел» деп сұрамады. Оның шынында күткені Тоқтамыстың «соғысамын» деген осы сөзі еді. Елші жіберіп «келісімге келейік» дегені жәй әшейін алдауы болатын. Грузиямен жүргізіп жатқан соғысын тоқтатып, әдейі Махмудабат жайылымына келіп, әскерін қыс бойы текке дайындады ма ол? Қырымға аттанамын деп жар салып, күтпеген жерден Кавказға жорыққа шығу, Иракқа барамын деп, соғысқа еш дайындығы жоқ қаннен-қаперсіз жатқан Түркияны шабу Ақсақ Темірдің жалпы шапқыншылық саясатының әдісі еді? Әскерінің үштен бірі, Алтын Ордаға жататын Қыпшақ, Қаңлы, Маңғыт, тәрізді рулардан болғандықтан, бұл жолғысы да, бір жағынан, айып менен емес демек оймен, Тоқтамыстан келісім сұраса, екінші жағынан Алтын Орда әскерінің тастай түйініп, өзіне қарсы дайындала қоймауын көздеген.

Тоқтамыс бұл қақпанына түспеді. Енді Ақсақ Темір көктен тілегені жерден табылғандай сес көрсетті. Оның күткенінің өзі де осы еді.

Раф Шәмсиддин би келгенде Ақсақ Темір ордасы Эльбурс тауының етегін жайлаған Дағыстан жеріндегі бір өзенінің жағасында еді. Осы өзеннің бойын тегіс Әмір-Темір әскері алған-ды. Сол қанаты Эльбурс тауының етегіне жетсе, оң қанаты Құлзұм теңізінің жағасына дейін созылып жатқан. Тоқтамыстың өзінің жанына батыра айтқан «соғысамын» деген сөзін естігеннен кейін Ақсақ Темір әскеріне көтерілуге бұйрық берді. Аттаныс алдында өзі әскерін тағы бір аралап шықты, Тоқтамыстың келісімге көнбегенін, егер жауды жеңсе әр жауынгерге қыруар дүние беретінін естіртіп шықты. Бітімге көнбей, қан төккісі келген Тоқтамысты аямай жеңуге Ақсақ Темір қосындары тізе бүгіп ант берді.

Міне енді, кернейлер барылдап, әкелері өлгендей ішін тартып өксіп, шиқылдап, жылап-зарлап, барабан, тобырғалар дүрсілдеп, тарсылдап жорыққа шығуға тағы белгі берді. Ежелгі әскери тәртіп бойынша, оң қанат пен сол қанаттың қанбала, маңғылары сәл алға түсіп, әмір түмен басшылары жалауларының астында, лек-лек боп жолға шықты. Наурыз айының басында Ақсақ Темір қолдары Дербент қақпасынан өтіп, Теріскей Кавказдың етегін жайлап отырған Қайтақ атты шағын жұрттың жеріне жетті. Бұл жауынгер ел Тоқтамыс жағында болатын. Ақсақ Темір жүз мыңдаған әскеріне осы елді шабуға бұйрық берді. Көк темірге бөленген шапқыншыларға азғантай жұрт не істей алады, тау-тасты, күз-жартасты паналай қашқан Қайтақ жұртын, бүкірейген шалына, еңбектеген баласына қарамай, Ақсақ Темірдің қанқой, ел шауып, жұрт тонауға үйренген әскері аямай қырды. Қолға түскен құлдыққа, күндікке жарамайтын ауру, көрілерін арқанға тізіп жардың басынан құлатты. Тау етектеріне салынған қышлақтардың кісілері өліп, қаңырап қалған үйлерде қайтадан адам пайда болатындай, бір қышын қалдырмай қиратты, өртеді. Іске жарайтын дүниелерін тегіс тонады. Жайқалып тұрған егінге түскен шегірткедей, екі күннің ішінде кеше ғана тау кезіп, аң атып, мал бағып күнін көріп отырған салтанатты елді мүлдем жоқ етті.

Бір керемет шаруа бітіргендей, Ақсақ Темір әскері, көңілі көтеріліп, енді әрі қарай жүрді.

Бұны естіген Тоқтамыс Ақсақ Темірдің қаһарына шын мінгенін біліп, жеті адамымен келісім сөзге Ортақ биді жіберді. Ортақ би Ақсақ Темір өзі басқарған, жер мен көкті алып кеткен сыңсыған әскерді көргенде, жау ордасына баруға жүрексініп, Тоқтамысқа қайтып келді. Жаудың келіп қалғанын айтты.

Тоқтамыс, әскерін тастай етіп бекіндіріп, келе жатқан жауды қарсы алудың орнына, оған қарсы он мың адамнан құрылған Қазаншы мен Кен-Жанбай батырлар басқарған ең таңдаулы қосын-маңғыласын жіберді. Ақсақ Темір әскерін Қойсу өзенінен өткізбе деп бұйырды.

Қазаншы мен Кен-Жанбай маңғыласының Қойсу өзенінің жағасына бекінген Ақсақ Темір Дербенттен төрт күндік жердегі Тарқыға жеткенінде естіді.

Мауараннахр әміршісі өзінің таңдаулы батыр жауынгерлерінен құрылған жиырма мың атты әскерін алып, күн бата жүріп кетті. Түн ортасында Қойсу өзенінің бас шенінен өтіп, түн бойы тоқтамай, таң ата Қазаншы мен Кен-Жанбай қосындарының ірге жағынан кеп тиді. Жаудың өзен жағасына келуін күтіп жатқан Алтын Орда жауынгерлері тау, құздарды тасалап, желкелерінен шыға келіп өздеріне ат қойған Ақсақ Темір өзі басқарған Мауараннахрдың таңдаулы әскеріне төтеп бере алмады. Қанша ерлік көрсетіп қарсыласқанымен жеңіліп қалды. Қазаншы мен Кен-Жанбай жүзге жетер-жетпес ер жігіттерімен, өздерін қоршаған жау шебіне көк найзаларының ұшымен жол салып, әзер құтылып шықты.

Мауараннахр мен Алтын Орда әскерлерінің айқасы, шу дегеннен осылай Тоқтамыс жағына сәтсіз басталды.

Қазаншы мен Кен-Жанбай маңғыласының жеңілгені Алтын Орда әскерінің көңілдерін әжептәуір басып тастады.

Ал Ақсақ Темір қолдары тағы алға қарай жүрді. Сол күні кешке таман Терекке құятын Сүнжі өзенінің жағасына кеп шатырларын тікті. Табашылары Тоқтамыс әскерінің Терек өзенінің арғы бетінде шеп құрып жатқанын хабарлады. Ақсақ Темір де өз қолдарына осы өзеннің бергі жағына тоқтауды бұйырды. Дәстүрге айналған тәртіппен Мауараннахр жаяу бұлықтары орларын қазып, шапаларын құрды. Тоқтамыс әскері де осыны істеді. Бір-бірінің қосындарының құрлысын, санын білдірмеуге тырысып, екі жақ та түнде от жақпай, шу шығармай, бірін-бірі аңдып тағы он шақты күндей тұрды.

Тоқтамыс тағы да кейін шегініп кете ме деп күдіктенген Ақсақ Темір, Көкек айының он бесі күні Терек өзенінің арғы бетіне шықты. Ал Тоқтамыстың кей қосындары атпен жалдап бергі бетке өтті.

Сол күні керемет қан майданның бірі болды.

Мұндай бекіністі соғыста жаяу әскердің маңызы өте зор еді. Атты әскер еркін шауып қашып құтылып, не қуып жетіп, ойдағыдай ұрыса алмайтын Кавказдың таулы, тасты, құзды, шатқалды жерінде, жаяу әскер ерекше орын алатын. Алтын Орда бұлықтарынан Ақсақ Темірдің жаяу әскері анағұрлым көп еді. Осы жолғы соғыста бұлар жеңуші күшке айналды. Арғы бетке шыққан Тоқтамыстың атты қосындары мықтап бекінген Ақсақ Темірдің жаяу әскерінің шебіне ештеңе істей алмады. Қаулап шауып келіп, қазылған орға жығылып, не шапаларын тасалап тұрып қардай жаудырған жаяу әскердің жебесінен ат жалын құшып жатты. Ал арғы бетке шыққан Ақсақ Темір қолдары Алтын Орда қосындарының ірге, не бүйір жағынан тиді. Өзенді жағалай құрған бекіністері, шапа, орлары босқа қалды. Бұл тұстағы Тоқтамыс жауынгерлері, амал жоқ, шегінуге мәжбүр болды. Олардың тастап кеткен орындарын жаяу әскерлері басты. Қиын жағдайға ұрына бастағанын сезген Тоқтамыс, енді жауды жеңер бөтен жол іздеді. Ол дереу өзінің қарамағындағы әйгілі атты әскеріне Терек өзенінің ашықтау жағасында Омар-Шейх басқарған Мауараннахр әскерінің сол қанатын қоршауға бұйырды. Омар-Шейх өзінің қалай жазық далаға шығып кеткенін байқамай қалып Тоқтамыс қосындарына төтеп бере алмай, біраз жауынгерлерін майданда жоғалтып, кейін шегінді.

Әскеріне қауіптің сол жақ қанаты тұсынан туғанын көріп Ақсақ Темір өзінің қарамағындағы жиырма жеті қосынның жиырма алтысына Тоқтамыстың шабуыл жасап жатқан әскерін құртуға бұйрық берді. Өзі жалпы майдан барысын бақылап таңдаулы жігіттерден құрылған шағын қосынымен бір шоқы басында қалды.

Міне осы кезде бір топ серіктерімен жарқабақтан ұрысқа қарап тұрған Тоқтамысқа Исабек би мен жиырма беске жаңа шыққан Шора батыр келді.

— Хан ием,— деді Исабек би.— Жаңа ғана хабар алдым, Ақсақ Темір ана тұста шағын қосынымен жалғыз қалыпты. Мына ұрысты тастап, Шора батыр екеуіміз өз қосындарымызбен, арғы жыпқыл, құз арасымен көзге ілікпей барып Ақсақ Темірдің өзін шабалық. Өткен ұрыста, Едіге бөгет болып еді, бұл жолы құдай бұйыртса ол қанішердің тентек басын алдыңа әкеп салармыз.

— Маған Ақсақ Темірдің басы емес, оның әскерінің жеңілгені керек,— деді Тоқтамыс.— Қосындарыңды алып кетсеңдер, орталық майданда қауіп туады. Одан да тезірек жауынгерлеріңе жетіңдер!

Екі батыр өз қосындарын басқаруға шаба жөнелді.

Тоқтамыс бекер рұқсат етпеді. Ақсақ Темірдің басы бір әскердің жеңілуіне татитын еді.

Жоқ, Тоқтамыс, екі қосыным кетсе, орталық майдан қаусап қалады деп қорықпаған. Ашаршылықта татқан құйқаның дәмі ауыздан кетпейді дегендей, өзін бір кезде Алтын Орда ханы еткендігінен бе, әлде басына түскен ауыр күндерде Мауараннахр әмірінің өзіне үстемдігі көп жүріп, әбден сескеніп қалғандығынан ба — Тоқтамыс, Ақсақ Темірге келгенде жүйрік аттың жанында кібіртіктеп қалатын жабы жылқыдай, үнемі берекесі қашып кететін. Қанша қастасып жүрсе де, оны өлтірсем деген ойдан аулақ болатын. Бар тілегі Ақсақ Темірдің құрығына ілікпеу, оның қол астына кірмеуді ғана ойлайтын. Шамасы келсе, Мауараннахр әміршісінің тірідей өзіне бағынышты болғанын көксейтін. Бірақ оны біреуге өлтіртіп, не өзі өлтіріп, екі қолын қанға малғысы келмейтін.

Ал кекшіл Ақсақ Темір болса, сонау Қоян, яғни 1388 жылғы Иранда жүрген кезінде Тоқтамыстың өзіне істеген опасыздығынан кейін, Алтын Орда ханының тек өлімін тілеген. Қолына түссе, өз көзінше бауыздатып бір арманына жететіндей көретін.

Бұл жолы да ол ең алдыменен Тоқтамысты қолға түсіруді ойлады. Ал сол Тоқтамыстың өзін өлімнен алып қалғанын білмейді. Тек осы бүгінгі соғыстан кейін он жыл өткенде ғана Әмір-Темір Қытайға аттанғалы жатқанында, Алтын Орда тағынан айырылып, қайда барарын білмей, сары уайымға түскен Тоқтамыстың жәрдем сұрап жіберген елшісі Қарақожа нөкерден бүгінгі болған оқиғаны естіген. Сөйтіп Ақсақ Темірдің Тоқтамысқа қатқан жүрегін жібіткені Қытай жорығынан қайтып келгеннен кейін Алтын Орда тағын қайтадан Тоқтамысқа алып беремін деп уәделесуінің бір себебі осы оқиғаға орай еді.

Ал қазір Ақсақ Темір ондай ойдан тіпті аулақ болатын.

Сәтсіз басталған ұрыс, сәтсіз аяқталды. Ақсақ Темірдің темір тәртіппен құрылған, мықтап қаруланған әскерінің тегеуірінді күшіне шыдай алмай, бүкіл қорғаныс, қаруларын, арба, қос, шатырларын жауға тастап Тоқтамыс әскері әбігерлене кейін шегінді.

Тоқтамыс тағы қателік жіберді. Боса да шегінгеннен кейін аттылы әскеріне соғысуға қолайлы Дәшті Қыпшақтың жазық даласының шетіне қарай шегіну керек еді. Жәрдем алар елі де жақын, көсіле аты шабар жері де кең. Бірақ Тоқтамыс олай етпеді. Шашырап кеткен қосындарын жинап, енді Кура өзенінің Теріскей бетіне қайтадан шеп құрды. Әлі де болса таулы жерден шыға алмады.

Дегенмен Тоқтамыс бұл жолы тек өз басына ғана емес, бүкіл Алтын Орданың тағдырына қандай қауіп туғалы тұрғанын ұқты. Енді ол Ақсақ Темір қолдарымен аянбай соғысуға бел буды. Әттең не керек, осындай айқасты ол, Ақсақ Темір әскері алғашқы Қойсу өзенінің бойына келген шағында істеуі керек еді. Онда жауынгерлері жаудан қашып, жүректері шайлықпаған кезі, дұрыс ұйымдастыра білгенінде. Ақсақ Темірге өшігіп тұрған Алтын Орда сыпайлары ұпайларын жібермеулеріне де мүмкін болатын. Ал Тоқтамыс, әскерін бөлшектеп, әйгілі Қазаншы мен Кен-Жанбай батырлар басқарған кәшіктәне маңғыласын жеке жіберіп, аяулы жігіттерін өздерінен астам күшке жұмсап, босқа қырып алды. Ал екінші рет Терек жағасында алысқанда, тағы босбелбеулік істеп, Ақсақ Темірдің өзін құртатын жағдайда, Исабек би мен Шора батырды ұстап қалды. Жоқ, Тоқтамыс енді бұндай қатені жібермек емес. Тіпті Кен-Жанбай, Ақтау, Исабек, Шора батырларға қосындарымен ыңғайлы келген сәтте, Ақсақ Темірдің ең алдыменен өзін қоршап, мерт етуді тапсырды.

Бұл Тоқтамыстың туғалы тұрған қауіпті әбден түсініп, шын жанталасуы еді.

Кура өзенінің жағасындағы айқас наурыз айының аяқ шенінде басталды. Күн бүгін айнадай ашық еді. Көгілдір аспан шыныдай мөлдіреп тұрған. Теріскей тау қойнауларынан көктемгі самал жел соғады.

Керней, зұрна, барабандарын бырылдатып, дабырлатып, айқайлатып Ақсақ Темір әскері әдеттегісіндей жеті қол боп алға ұмтылды. Орталық қолды Мұхаммед-Сұлтан өзі басқарып келеді. Сол жақ қанатында сол баяғы Омар-шейх мырза, оң қанатта Хаджы-Сәйфуддин. Бұлардың қолдарының алдында маңғыла, қанбала, хабаршылары. Осылардың бәрінің соңында таңдаулы жиырма жеті қосындарымен Ақсақ Темірдің өзі. Барлық қолдардың ел алдында шапар, тұрыларын алдына ұстап, жаяу әскерлері ақырын саспай жылжиды. Олардан кейін атты сыпайлар. Осындай тәртіппен Тоқтамыс әскері де жақындай түскен. Кенет Тоқтамыс әскері жақтан «алға!» деген дауыс шықты. Сол сәтте жалпы тәртіпті бұзып, жаяу қосындарды кейін тастап, қыпшақтың әйгілі атты әскері атой сап, алға қарай шаба жөнелді. Сол-ақ екен Ақсақ Темір қолдары да алға ұмтылды. Бір бие сауым өтпей соғыс қызды да кетті.

Кенет Тоқтамыс әскерінің Құнжақ оғлан, Ақтау, өзінің күйеу баласы Дәуіт Софы, тағы осындай белгілі әмірлер басқарған оң қанаты Ақсақ Темірдің сол қанатын ойсырата жеңіп, кейін қарай сырғыта бастады. Мұны көрген Әмір-Темірдің өзі жиырма жеті қосынымен шабуылға шықты. Енді Құнжақ оғлан әскерлері тегеуірінді күшке шыдай алмай, кейін шегінді. Ақсақ Темірдің жиырма жеті қосының көп жауынгерлері қашқан жауларын қуа түсті. Бұл кезде қашып келе жатқан Құнжақ оғлан әскерлері, өздерінің Тастемір оғлан басқарған орталық қолдарына таяй беріп, кенет аттарының басын кейін бұрып алып, соңдарынан қуып келе жатқан жауына қарсы шапты. Бұларға Тастемір оғланның біраз әскері де қосылды. Мұндай жағдайды күтпеген Ақсақ Темір қосындары сасып қалды. Кейбіреулері аттарының басын бұрып алып кейін жалт берді. Заулап келіп қалған Алтын Орда әскерлері оларды таптай қуып, соңдарынан қалмады. Көбін алғашқы қарқындарында-ақ сойыл, шоқпарларымен аттан ұрып құлатты. Жан сауғалаған Мауараннахр жауынгерлері енді Ақсақ Темірге қарай қашты. Құнжақ оғлан, Ақтау, Дәуіт софы жауынгерлері жолдағы әскерлерді састыра, енді аттарын Ақсақ Темірдің өзіне тікелей салды. Міне осы кезде Шейх-Нұрриддин әмір, өзінің елу жігітіменен аттарынан секіріп түсіп, Ақсақ Темірді қоршай, бір тізерлей отыра қап, келіп қалған аттылы Алтын Орда әскеріне оқ жаудырды. Шейх-Нұриддин жігіттеріне Мауараннахрдың бөтен қосындарының жауынгерлері қосылды. Заматта аттарынан секіріп түсіп, Ақсақ Темірді қоршаған жауынгерлер құмырсқадай қарақұрым бола қалды. Бәрі де, бір тізерлеп отырып алып, Алтын Орданың жан-жақтарынан қаптаған аттылы әскеріне оқ жаудырды. Құнжақ оғлан, Ақтау, Дәуіт софы және басқа әмір, батырлар қосындары қанша ер жүрек, өлермен болғаныменен, өздеріне қардай жауған оқ боранынан өтіп, Ақсақ Темірге жете алмады. Мауараннахр әмірін, оның ел тонатып, сыйлық беріп, әбден қанқой етіп үйретіп алған жауынгерлері жауына бермеді, ол үшін шыбын жандарын пида етіп, қарсыласып тұрып алды. Бұларға Ақсақ Темірдің басқа да ер жүрек қосындары кеп қосылды. Енді аттарынан түсіп, Ақсақ Темірді қорғаған әскер Әмір-Темір тұрған жердің бәрін алып кетті. Бір адамды мұндай боп, бір мемлекеттің әскерінің тегіс қорғағанын, бұрынды-соңды тарих білмеген-ді.

Сонша оларға Ақсақ Темір кім еді? Бар жақсылығы өздері тәрізді елдерді шауып, дүниесін талап, бұларға алып бергені ме? Сол үшін бұлар шыбын жанын аямай Ақсақ Темірді қорғап тұр ма? Иә, сөйтеді! Адам баласын бір-біріне қасқыр ете алған осы Ақсақ Темір, Тоқтамыстар!

Қан тағы судай ақты.

Аттарынан түсіп ап, оқтарын қардай жаудырған, Ақсақ Темірді қоршап, бүкіл даланы алып кеткен жаяу садақкерлер әлсін-әлсін шапқан Алтын Орда әскеріне өздерінің қанқой басшыларын бермеді.

Ұрыс әбден қыза түсті.

Ақсақ Темір әскерлерінің Хаджы-Сәйфуддин әмір басқарған оң қанаты да қиын жағдайға ұшырауда еді. Исабек Бахты-Хожа, Шора батырлар өз қосындарымен арт жағынан кеп бұларды қоршап алған. Алтын Орданың сойылгер атты әскеріне қарсы кеп жеңе алмайтынын білген Хаджы-Сәйфуддин қолы, аттарынан түсіп, шапаларын қалқан етіп, жаяу әскер ретінде соғысқан. Қашса, Дәшті Қыпшақтың кілең жүйрік мінген батыр жігіттерінен құтыла алмайтындарын білген Хаджы-Сәйфуддин сыпайлары, ажалдан құтылу тек аянбай ұрысуда екенін түсініп, табан тіреп тұрып алған. Қыпшақ жігіттері қылыштарын жарқылдатып қанша төнсе де, бұлар тұрған орындарынан тапжылмаған. Осы кезде бұларға Жеһаншахбаһадурдың атты қосындары жәрдемге келді. Енді қыпшақ әскерлері екі оттың ортасында қалды. Бір жақтарында Хаджы-Сәйфуддин әскері, екінші жақтарында Жеһаншах атты қосындары. Амал жоқ, өзіміз қоршауда қалмайық деп Исабек, Бахты-Хожа, Шора батыр, бір бүйірден сытылып шыға, соғыса жүріп, кейін шегінуге мәжбүр болды.

Бұны көрген Тоқтамыс, тағы жеңіле бастадық-ау деп ойлады.

Көңілге кірген күдік суық жыландай, енді ақыл-сезімін, ой жігерін орай бастады.

Әлі де табан тіреп соғыса берудің орнына Тоқтамысты енді тағы әскерімді қайтсем аман алып қаламын деген ой биледі.

Тоқтамысқа осы сәтте жанын өлімге қияр ерлік жетпеді.

Міне осы кезде мырза Омар-шейх басқарған Ақсақ Темір әскерінің сол қанаты Алтын Орда ханы өзі басқарып жүрген қосынға лап қойды. Бұны көрген Тоқтамыстың ең бір жақын әмірі Ақылы би, қаптап келе жатқан Мауараннахр жауынгерлеріне өз қосынымен кес-кестей қарсы шапты. Бүйірінен таяй түскен жауын көргенде, Омар-шейх қолының маңғыласы Османбаһадур да атының басын бері бұрды.

Сол сәтте екі батыр біріне-бірі қарсы кеп қалды. Біріне-бірі сілтеген көк найзалары, құрыш сауыттарының үстерінен құр дарып, еттеріне өтпей, шатыр-шұтыр тиіп, екеуі де бірдей ағып өтіп, қайта оралды. Әбден кәрленіп өшігіп алған өзге жауынгерлер де бетпе-бет кеп бірімен-бірі айқаса кетті. Жарқ-жұрқ түскен қылыштар, құлаштай ұрылған шоқпарлар, өкпе тұстан кеп қадалған көк найзалар. Бірін-бірі айбалтамен шапқан, ат үстінен күштісі күшсізін шоқпарымен ұрып өлтірген қырғын әлі ұзақ уақытқа созылды.

Біраз әскерінің өлгенін көріп, көңіліне жеңілеміз-ау деп секем алған Тоқтамыс, бұл ұрыста тағы жеңілдік деп ойлады. Осы мезетте ол, оң қанаты мен Орталық қолының әлі де Ақсақ Темір әскерімен тең түсіп жатқанын байқай алмай қалды. «Жеңіліп қалдық-ау» деп күні бұрын көңіліне күдік алып, ер көңілі мұқала бастаған Тоқтамыс, өзі бірге соғысып жүрген сол қанатының ұрыса шегінгенін көріп, енді шың жеңілген екенбіз деп атының басын бұрып алды.

— Тартыңдар, жігіттер, Дәшті Қыпшаққа! — деді ол бар даусымен айқайлап. Жалаушы «кейін шегініңдер» деген, жауынгерлерге белгі берер қаралы туын көтерді. Ал Тоқтамыс астындағы сәйгүлік жүйрігіне қамшы басты. Үзеңгілес серіктері соңынан ерді. Бір жақсысы бұл кезде күн кешкіре түскен еді. Келе жатқан қараңғылықты пайдаланып енді Исабек пен Шора батыр бастаған қосындар да кейін шегінді. Мұны көріп оң қанаттағылар да атының басын бұрды. Екі жағының кейін сырғып бара жатқанын аңғарып, орталық қолда майданын тастап, бірте-бірте артына қарай ойыса түсті де, кенет аттарының бастарын бұрып алып, құз жартас, шатқал, жыралардың арасын паналап қаша жөнелді. Аздан кейін бүкіл Алтын Орда әскері теріскейге ойысты. Майданда өлген жолдастарын көмуге де мұршалары жетпеді.

Қырылған әскер қашан да болса қорқау қасқыр, қарға, құзғындардың жемі, көп кешікпей қан сасыған жерге жемқор құстар үймелей бастады. Ал қашқан әскер тоқтауды білмеді. Әйтеуір осы кезде тағы да қара жамылып түн келіп, Тоқтамыстың біраз жауынгерлері желкелерінен жалақтаған Ақсақ Темір сыпайларының кәрлі қылыштарынан аман құтылды.

Осылай Алтын Орда мен Мауараннахр әскерінің үшінші айқасуы бітті. Бұл жолы да Алтын Орда жағы жеңілді. Тоқтамыс соңына ерген азғантай нөкер, бекзада, әмірлерімен бұлғар жеріне қарай беттеді.

Жеңіске ие болған Ақсақ Темір, ертеңіне өзін бұл жолғы ажалдан алып қалған, Әмір-Темір үшін атынан түсіп, өз жанын қиып қорған болған Шейх-Нұрриддин әмірге майданға мінетін екінші аты — Қоянсанды берді. Үстіне алтынмен зерлеген жібек шапан жауып, беліне алтын сапты қанжарлы, асыл таспен безенген алтын белбеу тартты. Бұнымен қоса он мың көпек алтын динар сыйлады. Дәл мұндай болмағанмен, осы майданда ерекше көзге түскен бөтен әмір, батыр, тіпті қатардағы жай жауынгерлерінің өздеріне де көп сыйлық үлестірді. Олжалы болмаған бірде-бір сыпай қалмады. Содан кейін, осы соғыста аттан құлап жарақатты болған Миран шақты, Тоқтамыс әскерінен түскен қыруар дүние-мүлік олжаны мыңдаған арбаға тиеп Самарқантқа жүргізді. Бұл керуенге Жадыгербарлас батыр мен өзінің қайын атасы Хаджы-Сәйфуддинді басшы етіп, олардың қарамағына бір түменге жуық жасақ берді. Өзі таңдаулы бірнеше қосынмен Тоқтамыстың соңына түсті. Бірақ еш жерге аялдамай қашқан Тоқтамыс пен Алтын Орда әмірлері жеткізбеді. Ақыры Ақсақ Темір оларды Еділге дейін қуып келіп жете алмай, Тұратар деген өткелге кеп тоқтады. Осы арада Алтын Орданың ханы етіп Орыс ханның жасы келіп қалған баласы Құйыршықты белгілеп, оған арғы бетке өтіп, хандық құруға бұйырды. Өзі тағы Тоқтамысты қуып, Жылқы жылы болғанда Үкек деген жерге дейін келді. Тоқтамысқа жете алмай, тағы осы арада отырған Дәшті Қыпшақ елін аямай тонап, Еділдің төменгі сағасына түсті. Осы арада бұны Самарқантқа қайтып бара жатқан Мираншах көш-керуені қуып жетті. Ақсақ Темір өмірлерін тағы жинады. Немересі Пир-Мұхаммед мырзаға алты мың әскермен Иран астанасы Ширазға қайтуға, ал Шәмсиддин-Аббас әмірге үш мың жауынгермен Самарқантқа жүруге бұйырды.

Тоқтамысқа жете алмай қалған Ақсақ Темір, енді Үзі өзенінен өтіп, Алтын Орданың батыс жағына аттанбақ болды. Өйткені ол егер Тоқтамыс қайтадан соғыс туын көтерер болса әлі де оған әскер де, қаражат та жинап берер елі бар екенін білетін. Әсіресе Тоқтамысқа жәрдем беретін, онымен бірігіп өзіменен соғысқан Бекжарлық оғлан, Ақтау әмір, Темір оғлан аймақтары Алтын Орданың осы батыс жағында екенінен Ақсақ Темір хабардар еді. Сондықтан осы араларды шаппақ болды. Мұны естіген Бекжарлық оғлан мен Темір-оғлан Үзіден өтіп, кешегі өздерінің қасы Құрамдай бектің жеріне паналауды ойлады. Бірақ бұл арадан да тыныштық көре алмайтындарына көздері жетіп, әрі қарай Рум жеріне асып кетті. Ал Ақсақ Темір болса, енді Тан өзенінен өтіп, кенет теріскей жаққа, орыс жеріне қарай бет бұрды. Ол қалың қолымен кеп Рязань князьдігін шапты, Елең деген қаланы алып, князін өлтірді. Тағы қан-жоса етіп тыныш жатқан жұртты тонады. Ақсақ Темірдің Рязань жеріне келгенін естіген Мәскеу князі Василий Дмитриевич Коломна қаласына жетті. Ока өзенінің жағасына келіп бекінді. Бірақ Ақсақ Темір Мәскеу князі әскеріне қарсы шығуға Мамайдың кебін киермін деп қорықты. Орыстармен соғысуға батылы бармай, Елең қаласынан бастап, жолындағы Дәшті Қыпшақ ауылдарын, қалаларын, өртеп-тонап, Еділдің төменгі сағасындағы Алтын Орданың Балшилин атты шаһарына қарай жүрді. Жолай Азақ-Тана қаласына тоқтады. Бұл қаланың дымын қалдырмай тонап мұсылмандардан бөтен, өзге діндегі тұрғындарын қаланың сыртына алып шығып, тегіс қырып тастады. Азақ қаласынан Ақсақ Темір Кубань өңіріне қарай беттеді. Бірақ черкестер Кубань мен Азақ-Тананың ортасындағы даланы Ақсақ Темір жүрмесін деп өртеп жіберді. Әмір-Темір оған да қарамады. Әйтсе де осы арадан бір жетінің ішінде өткен Ақсақ Темір әскері, аттарына шөп таба алмай жаман қиналды. Әзер дегенде арып-ашып Дағыстан жеріне жетті. Бұл арада да, өзіне қас санаған, басына бүркіт ұя салған, биік құздарда орналасқан Құлы, Таус атты берік бекіністерді алды. Содан кейін Теріскей Кавказдың ел-жұртын қанға бояп, шауып, бекіністерін күйретіп Қарабаққа келді. Осы уақытта күздің қарасуығы басталды. Ақсақ Темір қалың әскерімен Қарабақта қыстамақ болды. Одан әрі тағы Иракқа, не Түркияға аттанам деді. Жоқ, оның бұнысы, әдеттегісіндей жалған еді. Оның ойы бөтен жақта болатын. Бұл көп кешікпей анықталды.

Ал Алтын Ордаға хан еткен Құйыршық Еділ — Жайық тағына көп отыра алмады. Жошы ұлысын өз маңына жинамақ боп жаңа ғана жанталасып кірісе бастағанында, кенет өкпесіне суық тиіп, бір аптаға жетер-жетпес төсекте жатып, дүние салды.

Ешкімге жақсылық та, жамандық та істеп үлгірмеген Алтын Орда ханын жұрт қабірге қойған күнінің ертеңінде-ақ ұмытты.

Тоқтамыс болса, бұл жаққа келуге Ақсақ Темірден қорқып, әзірге бұлғар жерінде қалды.

Дәл осы уақытта Алтын Орда тағы аз мезгіл бос тұрды.

Міне, осы бір аласапыран, белгісіз шақта, кенет Едіге мен Темір-Құтлықтың аттары естіле бастады.

Жұрт енді Қырым жаққа қарап елеңдесті.

БЕСІНШІ ТАРАУ

Еділдің орта шенін, теріскейдегі Қазанқа өзені мен күнгейдегі Жигулиге дейін жететін Кама бойын, сондай-ақ Теріскей батысында Мокша мен Вада өзендерінің алқаптарынан бастап, теріскей шығысындағы Ақжайыққа дейін созылып жатқан кең өлкені көне заманнан Еділ Бұлғары деп атайтын.

Бұл жұрттың:

Еділ суы ағар болар,

Қия-құзда жаға болар,

Толған балық, бақа болар,

Көл біткеннің кең алабы —

деген бізге жеткен көне жырларына қарағанда, бұл халықтың түркі тілдес елдерге жататыны даусыз. Бұны біздің заманымызға жеткен бұлғарлардың ежелгі дастаны «Юсуф Зүлхия» қысасы да дәлелдейді.

Бұлғарлар егін еккен, қала салған, қыштан құмыра, ыдыс құйған қолөнері өте күшті мәдениетті жұрт болған. Бұлардың алтыннан, күмістен суда жүзетін құстардың бейнелері істелген жүзік, білезік, алқалары «Әл-бұлғари заты» деген атпенен орыс жеріне де, Еділдің төменгі шеніне де, өздерімен көршілес, бір кездегі печенег, соңынан қыпшақ пен мордва, башқұрт далаларына да көп тараған. Бұлғарлардың астана қаласы «Ұлы Бұлғар» деп аталған. Бұл қала бұлғарлардың орталық әкімшілігі бар мемлекет болуына көп әсерін тигізген.

Бұлғарлар ер жүрек ел болған. Хазарлармен соғысқан, оларды жеңген. Печенегтерге аттанған, бірақ бұлардың жерін ала алмаған. Бұлғарлар монғол шапқыншыларына он бес жылдай дес бермеген, алғашқы жылдарда-ақ олардың Түркістан мен Иран, Ирактарды жаулап алғандарын естісіменен бұлар шапқыншылардың келетін жолына — Жайық, Құндырша, Шеремшаның бойларына және Ика өзенінің батыс тұсына жер қазып, ұзынынан созылған биік, керемет қамал-бекініс жасаған. Иранды, Кавказдың арғы бетін алып, Дербент қақпасына өтіп, шығыс Европаның даласына шыққан, Калка өзенінің жағасында орыс пен қыпшақтың біріккен әскерлерін жеңген Шыңғыс ханның атақты қолбасшылары Жебе мен Сүбетай басқарған қалың қосындары осы қамал-бекіністен өте алмаған. Бұлғар қосындары қашқан болып, монғол қолдарын өзінің соңынан ертіп, тосқауылда аңдып тұрған әскерлеріне әкеп қырған. Одан кейін монғолдар бірнеше шабуылдар ұйымдастырған, ақыры Бату өзінің Сиыр, яғни 1237 жылғы аттанысында ғана бұлғарларды жеңген. Жылқы, яғни 1242 жылы Алтын Орда ұйымдасқан кезден бастап, бұлғар елі осы Бату Ордасының құрамына кірген. Бірақ бұл жұрт Алтын Орда құрамына кіргенмен, содан бергі өткен жүз елу жылдан астам мезгілінде, үнемі өзін жеке шаңырақ ретінде ұстап келген. Өзінің жеке әмірлері және патшалары болған. Тек бұлғарлар енді татар деп аталған. Әрине, бұлар Шыңғыс хан өзіне қарсы болғаны үшін қырған, Шығыс-Монғол тайпасына кіретін, түпкі аты татань, соңынан татар аталған жұртқа жатпайтын Еділ татарлары бұлғарлар еді. Бұлар Алтын Орда ханы Тоқтамыс, Қоян, яғни 1388 жылы Мауараннахрға аттанғанда елеулі күш қосып, әскер берген.

Міне Тоқтамыс қазір ең жақын оғлан, әмір, батырларын ертіп осы бұлғар, басқаша айтқанда татар жеріне келген.

Бұл кезде татарлардың өздері де екіге бөлінген болатын. Бірі Қазан хандығы аталса, екіншісі бұрынғы «Ұлы-Бұлғар» орны еді. Тоқтамыс Алтын Орда тағына отырғаннан кейін, ең алғашқы жорыққа шыққан жері осы Бұлғар даласы еді. Ол бұл өлкенің біраз жерін жаулап алған. Соңынан осы жердегі Қазан ханы Хасанмен және Бұлғар билеушісі Мұхамед-Сұлтандармен келісімге келіп, жаулап алған жерлерін Бұлғарлардың өзіне қайтарған. Хасен мен Мұхаммед-Сұлтан Алтын Орда үстемдігінен шықпайтын боп уәде берген. Бұл екі хандық бірте-бірте араларындағы қайшылықтарын жоғалтып, Ақсақ Темірден Тоқтамыс жеңілген кезде, біржолата Қазан хандығына айнала бастаған. Бұл хандықтың астанасы Қазан шаһары Жаңа бұлғар (Бұлғар Әл-Жадид) аталатын. Ал бұл хандықтан бөлінуге айналған мешерлер жерін Тоқтамыс Қой, яғни 1392 жылы Ақсақ Темірден алғашқы рет жеңілгеннен кейін, Мәскеу князі Василий Дмитриевичке берген.

Тоқтамыс осы бұлғар жеріне қашқан тұста, Қазан ханының әскери қолбасшысы Янтақ еді. Тоқтамыстың Мешер жерін Мәскеу князіне бергеніне өкпелі болса да, түбі Ақсақ Темір бүкіл Алтын Орданы жеңсе, бұлғар жерінде қанжоса ететінін түсініп, біраз әскеріменен Тоқтамыстың алдынан шықты.

Ал Тоқтамысқа жете алмай қалған Ақсақ Темір, Алтын Орда ханын құшағына алған бұлғарларды шауып қайт, деп кілең атты әскерден құрылған, немересі Сүлеймен шах басқарған бір қолын жіберген.

Янтақ пен Тоқтамыс әскері Сүлеймен шах қолымен, осыдан төрт жыл бұрын Алтын Орда мен Мауараннахр қосындары соғысқан. Құндырша өзенінің бойында тағы кездескен. Тағы да бірін-бірі кескілескен, аянбай қан төгілген ұрыс болған.

Сүлеймен шах Құндыршадан әрі қарай аса алмай, біраз жауынгерін жоғалтып, кейін қайтқан. Ақсақ Темір қалың орман, тоғайлы, берік қамал шебі бар, Монғолдың талай шабуылы тойтарыс алған, өзіне әлі жат өлке — Бұлғарға Еділ өзенінің бойымен жоғары жүруге кеме-қайығы болмағандықтан жүрексінген. Сосын барып өзінің жаулап алған мемлекеті Иранға жақын Еділдің төменгі шеніне қарай беттеген. Бұлғарды шабуды кейінге қалдырған.

Міне осы тұста Тоқтамыс өзінің оңай сынбайтын асыл берен екенін тағы көрсеткен. Хан тәжісінен айрылу — басындағы бөркіңнен айрылу емес Тәжісінен айрылу басынан айрылудан кем көрінбеген Тоқтамысқа. Сондықтан Ақсақ Темір Еділдің төменгі тұсына қарай беттеген шақтан-ақ, ол Алтын Орда тағы үшін күресін қайтадан бастаған Бұлғармен шектесіп жатқан қыпшақ елі, Тоқтамысты әлі де өзінің ханы деп ұқты. Ол бұл арадан тағы әжептәуір әскерге ие болды. Және осы тұста, кеше өзі Бұлғарға қарай қашқанда, бір шеті Жайық өзенінің жағасындағы Сарайшықтан, сонау Азақ-Танаға дейінгі қан жайлауда қалған қатын-балаларын жинауға кірісті. Ордасын Сарай-Беркеден бес күндік жерде жоғары тұратын, Құрақты деген шағын көлдің жағасына тігіп, Ақсақ Темірдің әрі қарай кетуін күтті. Сарай-Беркеден бастап, сонау Саксин, Азақ-Тана, Хаджы-Тархан тұстарының бәрін билеп отырған Тастемір, Бекболат, Исабек, Ақбұғы, Қабанбек-Сарай тәрізді ықпалды би, әмірлер Алтын Орда тағына Тоқтамыстан бөтен адамды отырғызбауға көп әрекет істеді.

Сөйтіп, Ақсақ Темір бар әскерімен Қарабаққа қайтқан күні-ақ Тоқтамыс Сарай-Беркеге келіп кірді. Алтын Орда шабылғаны, тоналғаны болмаса бұрынғы қалпында еді. Тек Тоқтамыстың Ақсақ Темірден жеңілгенін пайдаланып — Каффа генуялықтары қала салған төңіректі бөліп алған-ды. Тоқтамыс қайтадан атқа қонуға дайындала бастады. Жыланды үш кессе де, кесірткелік күші бар, Ақсақ Темірге күшім жетпесе де, дәл сендерге күшім жетер деп, өзіне опасыздық істеген генуялықтарды аямай үйретпек болды.

Әрине, кеме тоқтайтын қалалары бар және Шығыс пен Батыстың кездесер сауда орны — Қырымда, қайтадан Алтын Орда қарамағына кіргізу Тоқтамысқа керек еді. Бірақ, бұл арманына жеткізбейтін, осы тұста басына өте қиын екі жағдай туған.

Бірі орыс елімен байланысты еді.

Тоқтамыс Сарай-Беркеге таяу келіп, Алтын Орда ханы саналғанмен, Ақсақ Темірден жеңілген алғашқы соғысынан бастап, Мәскеу князі бұнымен көп санаспайтын болған. Көптен бері Мәскеу князі Сарай-Беркеге келмеген, бөтен князьдерін де жібермеген. Тоқтамыс та, Ақсақ Темір тәрізді жауынан жеңіліп, жасқаншақ болғанынан ба, Мәскеу князіне сен маған бағын, немесе гараж, салық төле демеген және салық жинауға бұрынғыдай жасақтарын-басқақтарын жіберуге бата алмаған. Бірақ қарамағындағы бұлғар князьдеріне өзімен бірге жүрген Нижний Новгород, Суздаль князі Семен Дмитровичпен бірге Нижний Новгородты шабуға бұйырған. Бұлар Нижний Новгородты барып тонаған. Бұны естіген Мәскеу князі Василий Дмитриевич қалың қолмен інісі Юрий Дмитриевичи жіберіп, Бұлғар, Қазан, Жүйкетау Керемяншық қалаларын шаптырған. Олар көп олжамен кейін қайтқан. Бұл жағдай Алтын Орданы Мәскеу князьдігімен құр ғана қырғи-қабақ етіп қоймаған, өзіне көмектескен Бұлғар князьдеріне жәрдем бере алмай олардың өкпесіне де қалдырған.

Екінші Тоқтамыстың басына туған қиын жағдай — Едіге мен Темір-Құтлық еді.

«Иран жорығынан қайтып келген соң Едігені құртам» деген Тоқтамыс, Едігені құртпақ түгіл, сол жорығынан өзі құрып кете жаздағаны мәлім. Ал Едіге болса, еш жорыққа қатыспай, Темір-Құтлық екеуі кешегі Мамай Ордасына жатқан жұртты маңайларына жинауға тырысты, әсіресе, Қырым мен Сақыстан тұсындағы ұсақ елдерге үстемдіктерін жүргізіп келген, кеше Мамайдың шын тірегі болған бұл өлкедегі монғолдың Барын, Шырын, Маңғыт тәрізді рулары бірден бұлардың жағына шыққан. Олар Қырым мен Сақыстанды Алтын Ордадан бөліп алып, жеке хандық құруға келіскен. Бірақ мұндай ойды орындауға Едіге әлі де ерте екенін түсініп, ыңғайлы кезін күтіп, шыдап баққан. Өйткені мәселе жалғыз ғана Тоқтамыста емес еді, Қырым бұл кезде Каффа генуялықтарының ықпалында болатын. Ал Едіге ең алдыменен Каффа генуялықтарымен соғысып, сосын Тоқтамыспен майдандасқысы келмеді. Тоқтамыстың генуялықтармен шайқасатынына ол шек келтірмеген. Едіге, бұл екеуі бірімен-бірі алысып, әлсіреген кездерінде, екеуін екі ұрып, қанжығасына байлап алмақ болған. Сосын барып Мамай Ордасының орнына Едіге Ордасын құруды ойлаған. Өзі хан болуға Шыңғыс ұрпағынан шықпағандықтан, Орда ханы етіп өзінің үзеңгілес серігі және туған жиені Темір-Құтлықты көтеруді күні бұрын шешкен.

Демек, Едіге, болашақ күнді күтіп бос жатпаған, сол өздеріне тиімді болашақты жасауға аянбай кірісуде еді. Сәл ыңғайы келген жерде Тоқтамысты ақсатуға тырысатын. Одан өш алуға мүмкіндігі болған жағдайда қаймықпаған.

Дегенмен Тоқтамысқа әлі де бас қауіп Ақсақ Темір еді, Мауараннахр билеушісі осы Ит, яғни 1395 жылдың қысын Қарабақта өткізді. Ол осы арада жатып, жаз шыға Түркияға аттанамын деп жариялады. Әрине, Ақсақ Темірдің бұнысы тағы әдеттегісіндей жауын алдауы еді. Мауараннахр әміршісінің Алтын Орданы шапқандағы бар тілегі тек оның күшін құртып, тонау ғана болмаған. Ақсақ Темірдің ойлағаны тереңде жатқан. Қанша жасыра білгенмен Әмір-Темір өте қызғаншақ адам болған. Өзгесін қойғанда, бөтен елдің салтанатты сарайын, тіпті сұлу-сымбатты салынған мешіттерін де көре алмаған. Ондай құрылыстар болса сындырып, бұзып, іске татырын Мауараннахрға алып келген. Егер оған мүмкіншілігі болмаса, оларды өртеп, қиратып тастаған. Мауараннахрдан бөтен жұртқа ешбір көркемдік қалмасын деген. Жігіт кезінен жарымжан болғандықтан Ақсақ Темір, бөтен елдердің ажарлы адамдарын да ала бөтен жек көрген. Ондай адамдардың тезірек көздерін құртуға тырысқан. Әмір-Темір осындай жаман мінезінің салдарынан алғашқы жорығында Ұлытау маңына жеткен жерінде, әйгілі Алаша ханның Әмбет пен Сәмбет деген он бес-он алты жасар баласын өлтірткен. Солардың бар жазығы тек сымбатты болған. Айдалада қаннен-қаперсіз құлан аулап жүрген екі жасөспірім жігітті нөкерлері ұстап алып Ақсақ Темірге алып келген. Ақсақ Темір шатыр алдындағы екі тұтқын жасөспірім жігіттерімен қатар тұрған, өзінің балалары Мұхаммед-Сұлтан мен Омар-шейхқа аналармен салыстыра бір қараған да, тіпті кім екендерін де сұрамай, Әмбет пен Сәмбетті тезірек өлтіру жазасына бұйырған.

Соңынан Әмір-Темір бір көңілді жағдайда отырғанда Береке-Сәит: «Жазығы жоқ, өлтіруге кісі қимайтын керемет сол екі жасөспірім жігітті неге бауыздаттың?» деп сұраған.

— Олардың көріктілігі әрқашанда өзгеміздің көріксіздігімізді әшкерелеп тұрар еді,— деп жауап берген.

Жалпы Ақсақ Темір өзі тұрғызбаған сұлулыққа, өзі жасамаған үлкен іске өте өш келген. Соның бірі тек Алтын Ордаға ғана емес, Алтын Орда тұсында үлкен абыройға жеткен Жібек жолы еді.

Тек шаруашылығы жағынан ғана емес, рухани, мәдениет, ілім, білім, өнер жағынан да Жібек жолын құртпай, Алтын Орда рухын құрта алмайтынын ол жақсы білген. Сол себептен, дүние жүзіндегі бар адамзат емес, тек өз ұрпағының, қала берді Мауараннахр елінің ғана көркеюін қалаған Әмір-Темір Жібек жолын мәңгі-бақи құртуды арман еткен. Бүкіл әлемді жаулап алу үшін Батыс пен Шығыстың еш байланысы болмасын деген. Ал Жібек жолын жою деген сөз тек Өргенішті ғана жою емес, ол үшін Ақсақ Темірге төрт қаланы — Каффаны, Азақ-Тананы, Сарай-Беркені, Хаджы-Тарханды дүниеден құртуы керек болған.

Жоқ, Ақсақ Темір, адам баласына деген өшпенділігіне қарағанда, ол бүкіл Алтын Орда хандарынан анағұрлым қатыгез, қанішер еді.

Осы қанкөйлігімен байланысты ол жеңген қалаларының көшесінде өлтірген адамдарының басынан тау жасап, соған қараса қуанған.

Сол себептен де өз ұрпағынан, өз елінен бөтен жердегі көркемдікті, жетіскендікті, жақсылықты көре алмаған.

Әскери дарынына қарамай, Ақсақ Темір іші тар, қызғаншақ әрі қаскөй жауыз жан еді. Кон құрысса қалпына барады. Қиянатшыл Алтын Орданы әлсіретіп, орыс елі тәрізді оның қарамағындағы жұрттардың орда үстемдігінен тезірек құтылуына себебі тигенменен, оның әрекеттерінің бәрі өзінің қанды ауыз қара тілегінен дегенінен туып жататын.

Ақсақ Темір, Жібек жолын құрту үшін енді алдыменен Хаджы-Тархан мен Сарай-Беркені мүлдем жоймақ болды. Сол себептен Түркияға аттанам деп жұртты алдап, ал өзі қыстың қыраулы көзіне қарамай, Хаджы-Тарханға жорыққа шығуға жедел дайындала бастады.

Хаджы-Тархан Еділ өзенінің теңізге құятын тарамдалып кеткен сағасында тұрған жау алуға қиын үлкен қауіпсіз шаһар еді. Қаланың теңіз су жағалауларынан басқа тұсы иілген таға тәрізді биік тас қамалмен қоршалған-ды. Ал теңіз тұсын жаудан кемелері қорғайтын. Бірақ биыл қыс өте қатты болған. Еділ өзенінің теңізге құятын тұсы, қанша әскер жүрсе де көтере алатын боп қатып қалған. Ақсақ Темір шаһарға Еділдің осы теңізге құятын тұсынан кірмек болды. Мауараннахр әміршісінің өздеріне қарай қозғалғанын естіп, шаһар ағасы — қалантар Мұхаммеди басқарған қала тұрғындары Еділ өзенінің мұзын ойып, теңіз жағынан да жау шаһарға кіре алмайтын биік бекініс жасауға кірісті. Аз уақытта, шығатын қақпасынан бөтен жерін үстіне су құйып тайғанақ еткен, биік мұз қамалмен бекітілді.

Қарсылық көрсетсе қаланы еш жау ала алмайтын күйде еді. Ал Ақсақ Темір Хаджы-Тарханның қандай жағдайда екенін біліп отырған, Қала даруғашысы етіп, жазды күнгі жорығында, Әмір-Темір өз адамы Омари-Табан деген саудагер кісіні қойған. Осы даруғашысы арқылы мұнда не болып жатқанын, бәрін естіген. Шаһардың мұз қамалмен қоршалғанына қарамай, Мауараннахр әміршісі, Мұхаммед-Сұлтан, Мираншах, Хаджы-Сәйфуддин әмірді кейін тастап, өзі қалың әскермен жорыққа аттанды. Әскері Хаджы-Тарханға таянғанда, Ақсақ Темір бірнеше әмір, нөкерлерін ертіп, шауып қаланың мұз қақпасының алдына келді. Әмір-Темірдің әскерсіз шағын кісілерімен келгенін көріп, бітім сөз жүргізеді екен деп дәмеленіп, бірнеше адамдарымен қалантар Мұхаммеди қақпадан шықты. Ақсақ Темір, бітім сөз жүргізудің орнына, баяғы өзінің қанішерлік әдетіне салып, Мұхаммеди қалантардың жолдастарын қып-қызыл қан етіп бауыздап, өзін Сарай-Беркеге аттанғалы жатқан әскеріне тұтқын етіп, қосып жіберді. Тағдырын сонда шешеміз деді. Бірақ жендеттеріне, жолай қалантарды өлтіріп, денесін мұздың астына тастауды бұйырды.

Өзі қалың әскерімен Омари-Табанның арқасында ешбір қарсылықсыз Хаджы-Тарханға кірді. Ал Пір-Мұхаммед мырза, Жеһаншах, Шейх-Нұриддин әмірлер басқарған қосындары Сарай-Беркеге қарай жүрді. Олар жолай Мұхаммедиды Еділдің мұзын қазып көз істеп, соған тастап өлтірді.

Ақсақ Темір, қыстың суығына қарамай, қала тұрғындарын үйлерінен қуып шығып, мұсылман еместерін, Азақ-Танадағыдай тегіс өлтіртіп, шаһардың күл-талқанын шығарды. Өртеді, қиратты. Тұрғын жұрттың мал-мүлкін тегіс тартып алды. Ал Сарай-Беркеге келгенде, ол нағыз тас жүрек жауыз екенін тағы көрсетті. Кешегі ақ тасты, Алтын күмбезді шаһардың бір тасын қалдырмай тас-талқан етті. Ол аз болғандай, дүниеде Сарай-Берке деген қаланың болғанын адамзаттың есінен мәңгі шығарамын деп, бір жеті бойы өртеді. Кешегі сән-салтанатты шахардан тек күйген қыштар мен қара құрым болған орнын ғана қалдырды. Ақсақ Темір бұл жолы жалғыз Сарай-Берке мен Хаджы-Тарханды ғана қиратып қойған жоқ, он сегіз күннің ішінде Каффаны алды, бұның да біраз үйлерін өртеді. Ал Сарай-Берке мен Хаджы-Тарханның маңында қышлақ, шағын қалалардың көбін жермен-жексен етті. Сарай-Беркеден жоғарғы жақтағы Дәшті Қыпшақтың қолөнері бар, әжептәуір, сәнді қалалары Үбек, сарайшықтарға дейін дымын қалдырмады, қиратты, бұзды.

Ақсақ Темір осылай Сарай-Беркеден бастап, бүкіл Қырым, Сақыстан шаһарларын жоқ етті. Кешегі жайнап тұрған өлкені құлазыған қу далаға айналдырды. Халықтары шұбырып Батыс пен Шығысқа босты.

Осылай ол Ұлы Жібек жолын жойды.

Ақсақ Темірдің адамзатқа еткен бұл ең үлкен қиянаты еді.

Әрине, Жібек жолының күйреуі — он бес жылдың ішінде тұра алмастай боп екі соққы жеген Алтын Орданың шаруашылығының күйреуі еді.

Сөйтсе де алыптың аты алып, Алтын Орда біржолата әлі құлап бітпеген…

Алтын шаңырағын қайтадан көтеруге, әлі де мүмкіншілігі бар еді.

Тек бұған өз іштерінің бірлігі керек еді. Бірақ ондай бірлік болмады…

Ал Жібек жолының жойылуы — Адам баласының жаңа мәдени өркендеу дәуірінің — цивилизациясының жаңа жолын ашуға себепкер болды.

Бұрын Қытай мен Үнді заттары Өргеніш арқылы Хадшы-Тарханға кеп, одан Азақ-Танаға жеткізіліп, Азақ-Танадан кемеге тиеліп, Италияға баратын болса, соңғы кездерде Европа заттары Қиыр Шығысқа Сирия арқылы жеткізіліп тұрған. Бұл жаңа Ұлы Теңіздер жолының бір тармағы еді. Ал әйгілі Ұлы Теңіздер жолын Португалия мен Испанияның ұлы жиһанкез теңізшілері кешегі Жібек жолымен Үнді, Қытай, Сұматрлаларға барған Европа миссионерлері Марко Поло, Мариньолли Монтекорвино, Одорико Порденонелердің еңбектеріне сүйене отырып ашқан. Бұл теңізшілер сол миссионерлердің айтуларымен істелген, 1374 жылғы атақты Каталон картасы мен одан сәл кейінірек жасалған фра Мауро карталарына сүйеніп сапар шеккен. Колумба осы карталарда көрсетілген төрт жүз тоқсан тоғыз белгілерді пайдаланып отырып өзінің 1404 жылғы алғашқы сапарында Американың жағасына жеткен. Осылай Жібек жолының күйреуімен байланысты теңіздердің жаңа ұлы жолдары табылды. Бұл ұлы жолдар адам баласының жаңа дәуірінің, мәдениет, ғылым, білімнің көркеюінің себепкері болды. Дүниеге Данте мен Бакаччо, Леонардо да Винчи мен Микаленджело келді.

Жібек жолы өзі күйрегенімен жаңа теңіз жолдарын тудырды.

Ал осы жібек жолын жөнге келтірген Құбылай империясы, Құлағу Илхандығы. Бату Ордасының ең ұзақ өмір сүргені Бату Ордасы — Алтын Орда еді. Шығыс пен Батыстың қатты араласқаны да осы Жібек жолы арқылы Алтын Орда кезінде болған.

Егер Алтын Орда күйремегенде, Жібек жолы да күйремес еді.

Ал Жібек жолы күйремесе, Жерорта теңізінің төңірегіндегі мемлекеттер жаңа теңіз жолын іздемес еді.

Иә, Алтын Орда озбырлықты үстем еткен мемлекет еді. Бірақ одан да озбыр Ақсақ Темір мемлекеті туды. Ол Алтын Орданың Жібек жолын жойды. Бірақ адам баласы, бірімен-бірі қатынассыз тұра алмайды. Олар Шығыс пен Батыстың жаңа жолын ашты. Бұған Алтын Орда мен Жібек жолының күйреуі себепкер болды. Осылай тарих, өмір процестері тынбай жүріп жатады.

Тоқтамыс, обатас тәрізді, қозғалар емес.

Үлкен қой көздерінен сорғалай аққан ыстық жасын да сүртер түрі жоқ. Моншақтаған көз жасы, әжім торлай бастаған бір кездегі қызыл шырайлы, ал қазір күнге күйген шүберектей боп оңып кеткен сұрғылт жүзін жуып, құндыз жағалы бешпентінің өңіріне әлсін-әлсін тамып-тамып кетеді…

Бұған да Алтын Орданың ханы көңілін бөлер түрі жоқ.

Тек жасты көздерін қадап, аяғының астында жатқан кешегі астанасы Сарай-Беркенің қираған, өртенген жұртына қарап қатқан да қалған.

Мынау күйген қыш, опырылған қабырға қара құрымдай қап-қара боп кеткен опыр-топыр жерді, күні кешегі ғана ақ тастан қаланған, алтын күмбезді сән-салтанатты Сарай Берке шаһары деп кім айтар?

Мынау көзінен жасы сорғалап, басына түскен ауыртпалықты көтере алмай мықшия түскен, сортаң жүзді кісіні, кешегі екі бетінен қаны тамып, мәйегі шыққан, өр кеуде өрт мінезді Алтын Орданың ханы Тоқтамыс дегенге кім сенер?

Беу, шіркін дүние қандай опасыз едің?

Тоқтамыс бұрынғысынан да жүдей түсті.

Оның есіне басынан өткен күндері түсті. Иә, Тоқтамыс хан өмір-бақи тек қуаныш қана көрген жоқ. Оның басынан анау-мынау адам көтере алмастай талай сұмдық кезеңдер, оқиғалар өтті. Қан майданда қаншама мәртебе жеңілді. Ақсақ Темірді былай қойғанда, Орыс ханнан, оның балаларынан неше мәртебе соққы жеді. Бірақ соның бәріне шыдап келді емес пе… Иә, сөйтті ғой. Әлі де шыдар еді, егер алдағы күні жас кезіндегідей әлі де үмітті болып, бұдан қайрат, жігер күтіп тұрса… Тек алдағы күніне сене білсе ғой. Онда кәрілік те ештеңе істей алмас еді. Тоқтамыс белін бекем буып алып, әлі де күреске шығар еді, қан майданға қайтадан түсер еді… Бірақ бар пәле сол алдағы күнге деген сенімде болып тұр ғой… Иә, солай! Соңғы кезде Алтын Орда ханы өзінің болашағына деген сенімін жоғалта бастаған. Неге өйтеді? Себебі неде? Шаршады ма? Әлде бұған ерген жұрт шаршады ма? Иә, екеуі де шаршаған тәрізді. Соғыс деген ауыр жүк, кімді болса да шаршатпай қояр емес қой, екеуінің де шаршағаны ғой…

Олай болса, Тоқтамыс неге жанталасады? Өзі көтере алмас жүкті хан тәжісін басқа бір тың адамға беріп, неге дем алмайды? Бірақ хан тәжісі қанша ауыр болғаныменен, ол хан тәжісі ғой, өйтуге болмайды. Осы хан тәжісі үшін ғой, былтырдан бері, Едігемен сан рет айқасқаны! Кейде жеңді, кейде жеңілді. Әйтеуір алтын тәжісінен айырылмады.

Иә, Едіге оңай жау емес.

Ол, Алтын Орданы шауып, тонап кететін, бірақ жерін елін иемденуден, меңгеруден аулақ Ақсақ Темірден анағұрлым қауіпті.

Өйткені Едіге, Тоқтамыстан Алтын Орда билігін мүлдем тартып алмақ қой…

Сол үшін жиені Темір-Құтлықты Қырымға хан көтерді. Алтын Ордаға да осы Темір-Құтлықты хан етпек. Сол арқылы өзі бүкіл Жошы ұлысын билемек.

Билейтін де түрі бар. Едігенің қарулы күші ғана емес, күннен-күнге ел арасындағы ықпалы да Тоқтамыстан асып барады. Оған Едігенің құр ерлігі ғана емес, тапқырлығы да, қалың жұрттың көкейіне қонатын билік, қанатты сөздері де көмекші.

Ал Тоқтамыс та Алтын Орда тағына отырғаннан бері жұрт баға берер бірнеше заң — билік, жарғы шығарған. Жұрт мұндай тұжырымды қанатты сөздерге бас иетіні хақ. Жұрт хан билердің үлкен-кішілігін, ақылды-ақылсыздығын осындай ұйғарымдарымен байланыстыратын. Тоқтамысты да ақылды хандарға жатқызған кей жағдайларда осы сөздері еді. Тоқтамыс былай деген:

«Қарулы адам қарусыз кісіге (жасы үлкен болса да) сәлем бермесін», «Қарусыз адамға алқа-қотан топа-жиында сөз сөйлеуге рұқсат етілмесін», «Қарулы адам атсыз қалса, қара бұқара түсіп атын берсін», «Қарулы адам хан жорығына шықса, халқы болып қамсыз етілсін». Бұның бәрі, Тоқтамыс өзі үнемі соғыс жүргізіп жүргендіктен, жауынгерлерінің, әскери адамдарының бағасын көтеруі еді. Сондай-ақ, Алтын Орда үкім-биліктерін бекіте түсер, басқа да ерекше жарғылар шығарған: «Қанға — қан, жанға — жан төленсін. Еркек адамға төленетін күн жүз түйе, не жүз жылқы, әйтпесе мың қой болсын. Ал ұрғашылардың құны бес жүз қой саналсын», «Төре, сұлтан қожалардың құны жай адамнан жеті есе көп бағалансын», «Қасқыр ішікті, түлкі тымақты, құр ат мінген адамның қасындағы жолдасы аязда үсіп өлсе, мырза оның тек жарты құнын ғана төлесін», «Бір көздің құны жарты құн, екі көздің құны толық күн делінсін», «Бір қолдың, яки бір аяқтың құны жарты күн, екі қолдың, яки екі аяқтың құны толық күн болсын», «Бақсыға күн төленбесін, бұқаға күн төленбесін», «Ақбоз аттың, бақырауық түйенің қаны жарты қүн болсын» деген Тоқтамыс.

Ал Едіге бұларға қарсы өзінің заң-нақылдарын шығарған. Бұл заң-нақылдары шыққан кезі Едігенің әлі бұзылмаған шағы. Сондықтан оның қанатты сөздері Тоқтамыстікіндей емес, негізінде халық сөзімен айтылғандықтан, бірден жұртқа ұнаған. Алтын Орда ханындай емес, бұл да билік — мұратына жету үшін, сол халықтың қанын судай төгуге дайын тұрса да, бұны ел-жұрт өзіне бір қадам жақын санады. Сол себептен де «Ел қамын ойлаған Едіге» деп оны жоғары бағалады. Ал Едіге болса, сөз жоқ нақылдары арқылы өзінің әр қашанда халық жағында екенін дәріптей білді. Тіпті, кек, өшпенділік деген мәселелерде де халықтың жүрегін өзіне тарта алды. Егер Тоқтамыс «Қанға — қан, жанға — жан» десе бұл «Елдің кегі — ердің кегі, ердің кегі — елдің кегі болсын» деді.

Міне осындай ел-жұртының қамын ойлағандай саясатымен және шешендігі, керек кезінде жан қиярлық ерлікке де бара алатын жаужүрек қасиеттері арқылы Едіге жұртты өзіне тарта білді.

Кешегі Тоқтамыс жағындағы, кімнің тарысы піссе, соның тауығы болатын ру басшылары енді Едіге жағына шықты.

Ал би, батырлары кімді жақтаса, елдері де сол жақта болатын заман, көп кешікпей Едігенің соңына Маңғыт пен Қыпшақтың көп рулары ерді.

Аз уақытта Тоқтамыс пен Едіге топтары теңдесіп қалды.

Бұның үстіне Тоқтамыстың Ақсақ Темірмен екі рет соғысып, жеңілгені де себеп болды. Қан-жоса боп шабылған жұрттың алдында Тоқтамыстың бұрынғыдай абыройы қалмады.

Ал Тоқтамысқа Алтын Орда тағын сақтау үшін қайткен күнде де халқы алдында өз абыройын көтере білу керек еді.

Абыройыңды көтерудің ол уақытта жалғыз ғана жолы бар. Ол жол — ең алдымен өзің күшті болуың керек. Ал ол заманда күшті болу деген сөз — өзің бөтен елдерге үстемдігіңді жүргізу деген ұғым еді.

Ақсақ Темірден өлердей боп жеңілген Тоқтамысқа қайтадан Алтын Орданы, бұрынғы қалпына келтіру қиын еді.

Сөйтсе де Тоқтамыс Алтын Орданы қайтадан көтеремін деп жанталасқан.

Екі қолды әлсізден бір қолды әлді күшті дегендей, Алтын Орданың қалған әскерімен өзіне бағынбай кеткен Каффаны шаппақ болған. Өткен Доңыз, яғни 1396 жылы наурыз айының он жетісі күні ол Каффаны барып қоршаған. Генуялықтардың көк темір киген әскерінің жан аямай қарсыласқанына қарамай, оларды оңдырмай жеңген, Каффаны алған. Кенжесі Қадырбердіні Қырым ханы етіп, өзі әскерімен кейін қайтқан.

Осы күннен бастап Тоқтамыста Алтын Орданы қайтадан жөнге келтірем деген үміт пайда болған.

Бірақ ол мақсатына жете алмады.

Сонан үш ай өтпей Едіге мен Темір-Құтлық қалың қолмен кеп Каффаны алды. Қадырберді жан сауғалап Қырымнан қашып шықты.

Едіге мен Темір-Құтлық енді бүкіл Қырымды биледі.

Осы күннен бастап Тоқтамыстың өз басына шын қауіп туды. Оның енді Алтын Ордаға ие болып қалуы екі талай еді.

Дегенмен Тоқтамыс әлі де берілмек емес-ті. Өйткені Алтын тақ тым бағалы дүние ғой. Бірақ Тоқтамысты тағы бір ойсыратып тастаған оқиға болды.

Ол опасыздық еді.

Алтын Орда ханының өзінің өзгеге істеген опасыздығы есіне де келген жоқ, ал өзгенің өзіне істеген опасыздығы оның жанына жаман батты. «Аһ!» ұрып бір орнында отыра алмады.

Міне, сонда ол, атына мініп, бетінің ауған жағына қарай cap далаға безіп кетті.

Құлынынан арда емген астындағы жүйрігі бір кезде жемге үйренген кешегі хан сарайы тұрған Сарай-Беркенің жұртына алып келді.

Енді көзінен жасы сорғалап Тоқтамыс өртенген, астанасының орнына қарап тұр.

Алтын Орданы мұндай күйге жеткізгенін Тоқтамыс бүгін ғана, жоқ қазір ғана түсінгендей. Өзі айыпты! Өзі! Өзі! Әйтпесе, Алтын Орда бір Мауараннахр түгіл, он Мауараннахрдан күйрейтін алып па еді?

Жүрегі бұрынғысынан да өртене түсті.

«Сонда қатесі неде? Неде? Ақсақ Темірге қарсы шыққанында ма? Жоқ, онда емес. Тоқтамыстың орнында басқа біреу отырса да, мені хан тағына жеткізді деп, Алтын Орда тәрізді бостан-бос Мауараннахрға бағынышты етпес еді. Егер бұл солай істесе, Алтын Орда әмірлері бұны хан етіп қоймас та еді. Ол сөзсіз. Сөзсіз! Осыншама жұрттан Ордасы үшін жан қиыр бір ұлдың табылуы әр қашанда мүмкін жәйт. Жоқ, Тоқтамыстың өзі де Ақсақ Темірдің қолтығының астында отыра алмауы анық. Біреудің дегенімен жүру үшін бұл хан болған жоқ… Сонда қате неде?»

Тоқтамыс кенет ойлана қалды. «Иә, қате басқада,— деді ол өзіне-өзі,— Ақсақ Темірмен түбі бір шайқасатыным Ақ Ордаға хан болған күнімнен-ақ өзіме мәлім еді ғой. Соны біле тұрып, алдағы ұрысқа неге мықтап дайындалмадым? Мейлі бір жыл өтсін, тіпті он жыл өтсін, Ақсақ Темір әскерінен қаруы да, саны да, екі есе артық күш дайындап алуым керек еді ғой. Тастай түйінген, жауының соғысу әдісіменен әбден танысқан қалың қолды дайындап алып, Ақсақ Темірге қарсы шыққанымда кімнің жеңері бірден белгілі болатын еді ғой. Оған Алтын Орданың мүмкіншілігі молынан жететін еді. Оның орнына, шын мағынасындағы әскерді құрып алмай жатып, тек саны менен ерлігіне ғана сеніп, қолға түскен қосындарымен Ақсақ Темірге әлсін-әлсін қарсы шықтым. Тәжірибесі де, соғысу тәсілі де Алтын Орда әскерінен артық Ақсақ Темірдің жаңадан құрылған жеті қолы, әрине, мені шыдатпады. Ақырында бір емес екі рет оңбай жеңілдім. Орнымнан тұрмастай болып жеңілдім. Сол қатем үшін алды-артымды ойлап, соғысқа аптықпай дайындалуым керек еді. Енді міне абайламай от басқан адамдай ай далада екі көзімнен жасым сорғалап жылап тұрмын. Бұған кім айыпты? Әрине өзім! Тек өзім! Өзім! Өзім!

Өмір кімді өзгертпеген! Кешегі өр көкірек, бір беткей, өз дегенінен өзгеге көнбейтін Тоқтамыс, қазір әлсін-әлсін тасқа салып мұқалған өткір қылыштай, қыры кеткен, жұмсарған. Бұны мұндай еткен өмір, басынан өткен оқиғалар. Сол себептен де ол өзінің қатесін түсініп тұр. Сол қатесін жөндеуге де бар. Бірақ уақытын өткізіп алған. Тоқтамыс Алтын Орданы қанша күшейтем десе де, күшейте алмайды. Өйткені, оны қайтадан жөндеу үшін жаңа ой, жаңа әдіс, жаңа жолдар керек. Олар Тоқтамыста жоқ. Мұндай қасиеттер болса, тек Едігеде ғана бар. Бірақ оның да әрекеттері әзір белгісіздеу… О да тек Алтын тақта отырған адамды ғана өзгертуге көздейтін тәрізді. Ел, жұрт, халық қамы дегендер бұған да құр сөз болып жүрмесе нетсін.

Ал Тоқтамыстың жапа шегіп тұрғаны бүгінгі өзінің басына түскен опасыздық — ол Едігенің туған ағасы Исабек пен Дәшті Қыпшақтың кейбір әйгілі би, манаптарынан келген.

Исабек Тоқтамыстың ең сенімді әмірлерінің бірі еді. Сол Исабек бір топ Дәшті Қыпшақ руларының би, ақсақалдарын ертіп, Едіге жағына шығып кеткен.

Бұдан артық қандай опасыздық болар!

Алтын Орданың төңірегіне әмір, би, батырлардың басын қайта қосамын деп жүрген Тоқтамысқа бұл оңай соққы емес-ті.

Әсіресе Исабектің өзгергені жаман батты. Ол Тоқтамыстың Алтын Орда тағына отырғанынан бергі ең сенімді әмірлерінің бірі еді. Өр көкірек, қайсар мінезді, інісі Едігеге қарсы тұра алар, беделді болатын. Және қарамағындағы елі де аз емес еді. Сөйткен Исабек жау жағына шығып кетті. Сын сағатта туысын тапты. Өзге уақытта болса бір сәрі, ал дәл қазір…

Тоқтамыс кенет тобылғы сапты қамшысының сабын қыса түсті.

«Жоқ! — деді ол, даусы қарлыққан қыранның даусындай, айдаланы үркіте, бір түрлі кәрлене қырылдай шығып,— сендер Тоқтамыстың алтын тағын оңай ала алмайсыңдар, әлі де сендермен күресетін күшім бар. Бас бәйбішелерімнен туған бәрінің бөлтірігіндей бес ұлым мен Жәнеке, Ханекедей сұлуларым, олардан тараған ұлдан он тоғыз, қыздан жеті немерем бар. Олар тұрғанда менің кеудемді баса алмайсыңдар! Бастыртпаймын!»

Тоқтамыстың аузына ұлдары мен қыздарының аты бекер түспеген. Өзгелер өзіне опасыздық істегенмен, бұлар әкесі үшін, оның тағы үшін жан бере алатынына сенетін. Әсіресе, өзге балаларынан артық көріп, еркелетіп өсірген Жәнекесінен ерекше үміті бар еді.

Намысқор Жәнеке де әке көңілін таптаудан аулақ еді. Едігеге ғашық болып, соңынан өзі келіп қосылып, одан ақ сазандай ұл тапқанына қарамай, бұл әкесі мен күйеу баласының арасы өлімсіз тоқтамайтынына көзі жетіп, жақында бір сенімді адамнан төркін жұртына сәлем жіберген. «Әкем Тоқтамыс, Едігеден қорықпасын. Батыр сабасына түсер, қайын-атасынан кешірім сұрап, аяғына жығылар. Ал бұны істемесе, өзінен көрсін, қанды жүз ақ беренім менің кесімімді айтар!» — деген.

Өр қызының ерлік сөзіне әкесі сенген.

Егер Жәнеке Едігені өлтірсе, басы кесілген жылан денесі тәрізді, өзге жұрт не істей алады, лоқсып-лоқсып бір-екі тулайды да тынады.

Ол заманда ел билеген адамдар, жасырын кісі жіберіп, жауын өлтірмес болар. Не болса да майданда шешілуге тиісті. Бірақ Тоқтамыс бұл жолы әдет тәртібінен тайды. Қысылған кезде қызының сөзін көңіліне медет етті.

Жоқ, Жәнекенің сөзі Тоқтамысты құр ғана үміттендіріп қоймаған, оның көңіліне жел берген, сенім берген. Енді Тоқтамыс бар күшін жинап, Едігені жақтаған тайпаларды шаппақ боп ұрысқа дайындала бастаған. Міне осы кезде әскерінің оң қанатын басқаруға тиісті Исабек інісінің жағына шығып кетті деген хабар естіген. Тек өзі ғана емес, сол оң қанатқа жататын Дәшті Қыпшақтың бар қосындарымен, оларды басқарған би, батырларымен әрі қарай өтіп кетіпті.

Тоқтамысқа бұл оңай тимеген.

Едігеден құтылу үшін ендігі сенері тек қызы еді.

Сонда, бақ үшін, алтын тақ үшін жанындай жақсы көрген Жәнекесінің екі қолын бірдей қан еттірмек пе?

Еркек емес, әйел адам, оның қолынан ерінің қаны өмір-бақи кетпейді ғой.

Тоқтамыстың қызы өз байын өзі өлтіріпті дейді ғой жұрт.

Және байы бүкіл ел жұртқа әйгілі Едіге ғой…

Сонда Жәнекенің бұнысы ерлік бола ма, ездік бола ма? Әрине ездік болады! Ездік! Ездік болады! Және халық алдында мәңгі-бақи қарабет боп өтеді. Жұрт мұндай жағдайда ажал тапқан адамды әулие санайды. Тоқтамыс не істерін білмей кенет терлеп кетті. Бір сәт ол «Сен ондай қылмысқа барма!» деп Жәнекеге кісі жібермек болды. Бірақ көкейтесті арман жеңді!

— Мейлі! Мейлі! — деді Тоқтамыс даусы тағы қырылдап булыға шығып,— жалғыз Жәнеке емес, бүкіл үрім-бұтағым қара бет болсын, тек Едіге өлсін! Өлсін!

Билік, мансап дегеннің құдіреті осындай!

Тоқтамыс әлі ұзақ тұрды. Сан түрлі қиялға берілді. Ақыры Едігемен соғысуға әзірлігін күшейте түспек боп, атының басын кейін бұрды.

Әкесі Тоқтамыстың жас кезіндегісіндей өрт мінезді, қызба қанды намысқой Жәнеке, бір кезде ғашық боп қосылған күйеуі Едігені өлтіруге бірден бел бумаған. Оның үстіне Едігеден қазір жетіге келіп қалған, әкесінен аумаған Сұлтан-мұхаммед атты перзенті бар. «Қайын атаңмен татулас» деп сан мәртебе күйеуімен сөйлесіп көрген. Жылаған да, өтінген де, бірақ Едіге бұның сөзін тіпті құлағына да ілмеген. Сонда барып, Жәнеке де ерегесе қалған. Ашу үстінде байым өлсе, бөтен бай тауып алармын, бұдан көрер баланы бөтеннен де көрермін, әкем өлсе, оның орнына маған әкені кім береді? Ал ол әкенің алтын тағынан айрылуы маған оның өлгеніменен тең емес пе? Менің Жәнеке боп отырғаным да сол әкемнің айбарынан ғой? Мен тәрізді беті қызыл, шашы ұзын ұрғашы аз ба, әкем бағы мен тағынан айырылса, мені көре алмай жүрген мына күндестерім ертең-ақ көзімнен шұқымай ма? Тірідей өйтіп қор болғанша, байдан айырылсам да, әкеден айырылмаймын деген.

Жәнеке осындай ойға келгенмен, әлі ақырғы шешімге бел буа алмай жүргенінде, Едіге тағы бір жас қызға үйленген.

Жоқ, Едіге жас иіске құмартқанынан, не төсек жаңартқысы келгендіктен жас тоқал алған жоқ. Бұл қыздың әкесін соңынан өзіменен одақтас ету ойы бар еді. Және бұл кезде Тоқтамысқа ақырғы рет қарсы шығуға дайындалып жатқан кез еді. Едіге қайткенменен өз жағына жұртты көбірек тартуға тырысқан.

Бірақ Жәнеке олай түсінген жоқ. Бұл үйленудің түбінде саясат жатқанын бірден ұқса да, кенет оның жүрегін қызғаныш, намыс биледі. Ал қызғаншақтық, намысқорлық кенет кекке шапты. Жалғанда ызақор әйелдің қорланған сезімінен тез тұрар дауыл жоқ, бұ да Садат-бегім тәрізді, дереу шешім алды. Көптен бері сөзін қалай өткізуін білмей, өлердей боп жүрген ауылдың бір аңғал, жүрек жұтқан жігітін шақырттырып алды да, оңашада:

— Екі жүйрік ат дайында,— деді. Мен сенімен бірге бұл ордадан қашамын.

Қуанып кеткен жігіт:

— Қашан? Бүгін бе? — деді.— Екі ат түгіл, бес ат дайын болады.

— Екі ат та жетеді,— деді Жәнеке.— Қашатын түнді өзім айтармын.

Әйел болса да тас бауыр Шыңғыс тұқымы емес пе, Жәнеке жалғыз баласын да тастап қашуға бел буды, «Тек, Едігені өлтірсем болады»,— деді ол өзіне-өзі. Ал жас тоқалының ыстық құшағынан шыға алмаған Едіге, Жәнекенің боз үйін тіпті ұмытып кеткендей, есігін ашпай қойды. Енді Жәнекенің жүрегі, күйеуі ат ізін салмаған сайын біртіндеп қатып тас болуға айналды. Тас боп қатқан жүрек, бір кереметі, оған сабырлық берді. Өшін қайтып алатынын күні бұрын сан рет ойлап, қауіпті түнін қалай өткізетінін жан-жақты шешіп, тіпті сол ақырғы түнінің қуанышы, әлден жанын жібіте бастағандай, көзінде бір түрлі сиқырлы от та пайда болды.

Жәнеке ұзақ күткен бақытты күніне де жетті. Күйеуі Едіге бүгін бұның үйінде қонамын деп хабар берді. Жәнеке баяғы келіншек кезіндегідей кешкі жағдайға дайындала бастады. Бір кезде жанындай жақсы көріп қосылған күйеуіне арналған ақырғы түнін, ақырғы рет шын қуанышта өткізбек болды.

Қырымның оқтын-оқтын аңқылдай соғатын ақ желең желі басылған, түн тамылжыған жылы еді. Тек болмашы ғана салқын саумал самал еседі. Іргесін түріп қойған ақ боз үйдің ішіне, сол саябыр желмен бірге, қырат бойындағы қау мен жүзгіннен, ойпаттағы орай от пен жоңышқаның таусыла біткен болмашы иісі келеді…

Ай сүттей жарық — Шаңырақтан түскен сәулесі үйдің оң жақ тұсын күндізгідей жарқыратып көрсетіп тұр. Кестелі, көгілдір шымылдық та ашық. Ал мамық құс төсектің үстінде Едіге мен Жәнеке екеуі ғана. Әуелі елуге жетпеген биге бүгін Жәнеке жан сарайының есігін кеңінен ашқандай, өте құштарлы көрінді. «Бишара-ай, көптен бері келмеген соң, әбден сусап қалған екен-ау,— деді ол ішінен,— әкесіне істеп жүрген қастығыма қарамай, көңілі маған әлі де бұрынғыдай. Әйел деген еркекке мұндай да құмар жаратылады екен-ау…»

Жәнеке үн-түнсіз Едігенің сом білекті қолын кеудесіне әкеп салды. Жүгіріп келіп тоқтаған адамдай, жүрегі жиі-жиі соғып, ойнап жатыр екен. «Япырмай, адам да бұлай қуана біледі екен-ау» — деді Едіге қолын ақырын сырғытып, торсықтай боп ағараңдаған анарын қыса түсіп…

Жәнеке бауырына кіре берді.

…Шаршаған Едіге әлден уақытта барып, сол шалқасынан түскен қалпында:

— Сусының бар ма, берші…— деді.

Жәнеке сол мәрмәр тастай аппақ жалаңаш денесін шаңырақтан түсіп тұрған ай нұрына малындыра барып, босағадағы сабадан, бір-екі рет пісіп-пісіп жіберіп, үлкен сапты аяққа уылжыған сары қымызды құйып әкеле жатты.

Ту сыртынан көз жіберген Едіге:

— Шіркіннің денесі қандай сұлу еді,— деді ішінен жалаңаштығынан қымсынбай, қымызды төгіп алмайын деп өзіне қарай еппен басып таяған әйеліне қарап.

Екі белі қыналған, қою қос бұрымы шұбалған әлі де жас әйелі, оған дәл осы сәтте хор қызындай болып көрініп кетті. Жәнекенің осынша әдемі екенін соңғы уақытта қалай ұмытқанына Едіге өзіне-өзі таң қалды. «Ұжмақта хор қыздары жалаңаш жүреді екен» деп естігені бар жас кезінде, бұл сұлулық әлде бұның менің көзіме ең алғашқы рет жалаңаш көрінгендігінен бе екен? — деп ойлады ол.

Едіге шарадай саптыаяққа мөлтілдеп толған уылжыған сары қымызды екі-үш рет демін алып, аяғына дейін сіміріп салды.

Ол тағы шалқасынан жатты.

Жәнеке оның кеудесіне басын қойып, етпеттей жатты…

Ұзын ақ саусақтарыменен күйеуінің денесін сипады. Қымыз уыты бойына тарай бастаған Едіге:

— Сенің бұрын мұндай ғадетің жоқ еді ғой, неге мұнша құмарланасың? — деді.

— Өзім де білмеймін… Бүгінгі түн біздің бірге жатқан ақырғы түніміз тәрізді…

— О, не дегенің, Жәнеке! Бұндай түндер әлі талай болар.

Жәнеке Едігені құшақтай құшырлана қысты.

«Расымен осы біздің ақырғы түніміз бе?» — деді ол ішінен.

Едіге шаңырақтан көрініп тұрған, сонау қара көк мақпал аспан төрінде быжынаған жұлдыздарға қарап ұзақ жатты. Әлден уақытта барып…

— Дүние жарықтық, қандай тәтті едің! — деді.

Оның қиялды сәтіне Жәнеке қосылды.

— Мәңгі-бақи дүние шіркін осылай тұра берер ме еді!

— Ол мүмкін емес қой!

— Неге? — Жәнеке еркелей, басын тағы Едігенің кеудесіне салды. Ақырғы рет сүйіп қалайын дегендей, күйеуінің түкті кеудесінен тістеп, құмарлана сүйді. Сол сәтте бір қолымен төсегінің іргесіне тығып қойған кішкентай алмас қанжарын алды…

Ештеңені сезбесе де Едігенің денесі кенет тітіркеніп кетті.

— Маған не болды? — деді.— Әлде үйге жылан кірді ме?

— Қайдағы жылан?.. Ауыл қонғалы қашан. Бұл ара жылансыз жер ғой.— Жәнеке күйеуін тағы құшырлана сүйді. Сөйтті де оның көңілін алаңдатпайын дегендей, әңгімелерін тағы басқа сөзбен бөлді.

— Дүние неге мәңгі-бақи осылай қуанышты өте бермейді? — деді ол тағы да.

Едіге қырын жатты. Жәнеке, амал жоқ, қанжарын жастық астында қалдырып, екі қолымен Едігенің мойнынан құшақтады.

— Сен әлде, Қорқыт әулиенің алдында қайда барса да қазулы көрі жатқанын естімеп пе едің! — деді Едіге.

Жәнеке әрине естіген. Бұл аңызды Дәшті Қыпшақтың қай ұл-қызы естімеген. Сөйтсе де ол, осы бір ғажайып мезеттерін соза түскісі келгендей:

— Ж-о-қ…— деді сөзін бөліп, әлденеге қорқып кетіп.

— Естімесең айтайын.— Едіге қайтадан шалқасынан жатты. Жәнеке сол қолын Едігенің мойнының астында қалдырып, оң қолын жастығының астына апарды. Кішкентай қанжарының сабын қыса ұстады. «Мұп-мұздай ғой шіркіннің сабы, деді ол ішінен, мына қанжар шынында да, жылан тәрізді суық екен».

Едіге әңгімесін бастап та кетті.

— Көне заманда Қорқыт деген әулие болыпты. Жүз жасапты. Алла тағаланың арқасында талай мүгедекті жазыпты, сан бақытсызды бақытты етіпті. Бірақ бір нәрсе ғана қолынан келмепті. Жасынан өлімді жеңемін деп күресіпті, ал өлім оған жеңгізбепті. Бір күні, әбден қартайған шағында, «енді сені де аламын» деп құдай Әзірейіл періштесін жіберіпті. Өзгені өлімнен құтқарам деп жүрген Қорқыт, өз басына қауіп туғанда не істерін білмей, желден жүйрік желмаясына мініп алып, өлімнен қаша жөнеліпті. Жердің күнгей шетінен бірақ шығыпты. Ол бұл арадан жер қазып жатқан адамдарды көріпті. «Не істеп жатырсыңдар?» — деп сұрапты. «Қорқыттың көрін қазып жатырмыз?» — деп жауап беріпті. Қорқып кеткен Қорқыт желмаясына мініп алып, жердің теріскей шетіне қашыпты. Онда да өзінің көрін қазып жатқан кісілерді тағы көріпті. Қайда барса да алдынан қазылып жатқан көрден құтыла алмапты. Жанын қоярға жер таба алмай сасқан Қорқыт, енді адам баласы жоқ інжу тоғай арасына кіріпті. Сасқан Қорқыт енді ұшар биігіне бұлттан бөтен ешкім шыға алмаған, Қап тауының басына барып паналамақ болыпты. Онда да жел, жаңбырдан күйретіліп сынып, өліп жатқан тау басының тастарына кездесіпті… Қайда барса да өлімнен құтыла алмайтынына көз жеткен Қорқыт, бір сәт сол өмірді алдамақ ойға бекініпті. Еніне көз жетпейтін ұлы дарияның ортасына құдіретімен суға батпайтын кілем төсеп алып, шырғай ағашынан қаңқа істеп соған желмаясының бір ботасының мойын терісін кигізіп, бұрынды-соңды адам баласы көрмеген шаңғақ қобыз жасап, өзінің атақты, «Қорқыт күйін» ойнап отыра беріпті. Бірақ — «өлім келіп қалмасын» деп екі көзі жан-жағында болыпты. Қорқыт қобызын бір күн тартыпты, екі күн тартыпты. Тіпті бір ай тартыпты, бір жыл тартыпты… Ақыры көзіне ұйқы тығылып, қалғып кеткен кезінде, өлім, кездіктей ғана су жыланы боп келіп, Қорқытты шағып өлтіріпті. Міне сол Қорқыт әулие өлген теңіз ортасы осы күнгі Сырдарияның Қармақшы деген жыңғылды атырабының үш фарсақтай жердегі жағасы екен. Қорқыт атаның моласы сол арада әлі тұр.

— Өлімнен қорыққан соң Қорқыт деп қойған ба екен, ол атаның есімін? — деген Жәнеке.

— Иә, сөйткен ғой. Өлімнен кім қорықпаған.

— Сен де қорқасың ба?

— Иә, мен де. Өлімнен тек шайтан ғана қорықпайды. Өйткені, ол өлмейді.

— Өлмейді? Егер өлмейтінімізді білсек, біз де шайтан болып кетер ме едік?

— Адамның шайтаннан артықтығының өзі сонда. Шайтан өлмейді. Адам өледі.

— Адамның артықтығы өлетіндігі ме? Онда…

Жәнеке қанжарының сабын қыса түсті. Едіге, бауыздауыңа оңай болсын дегендей, шалқасынан жатқан күйі, кеңірдегін соза шаңырақтың үстіне келіп қонған жапалақтың балапанына қарады. Жәнеке қанжарын жастығының астынан ақырын ала бастады. Дәл осы уақытта ауыл сыртынан кенет шар ете қалған үрейлі үн шықты. Шошып кеткен, Жәнеке, қанжарын орнына қоя қойды.

— Қап! — деді Едіге.— Сорлы жапалақ аш түлкінің тырнағына ілікті-ау!

Екеуі тағы үндемей қалды. Аздан кейін Едіге қайта сөйлеп кетті.

— Жасың аз бола ма, көп бола ма, тіршіліктің мәні онда емес,— деді Едіге.— Сол тәңірдің саған берген жасын қалай өткіздің, гәп міне қайда? Міне бүгінгі екеуміз бірге өткізген түнді өмірімнің тең жартысына бермес едім.

«Иә, иә,— деді Жәнеке де ішінен, бүгінгі түн расында да бір керемет түн болды ғой. Неге мен осындай жұмақтай түнді қысқартқым келді? Жоқ, әлі де созыла түссін. Бәрібір бітеді ғой. Оның құлағына Едігенің «адамның шайтаннан артықтығының өзі осы өмірінде. Бізге тәңір азғантай өмір берген. Азғантай зат әрқашанда тәтті» — деген сөздері еміс-еміс естілді. «Иә, иә,— деді Жәнеке тағы ішінен, өмір шіркін қандай тәтті едің. Әсіресе бүгінгі түн неткен қуанышты болдың. Жоқ, жоқ, бұл қуанышты мен дәл қазір үзбейін. Әлі де соза түсейін… Екінші рет мұндай түнді көремін бе, жоқ па…»

Жәнеке кенет Едігені құшырлана құшты. Дәл осы сәтте ол өлімнің жүректегі сұрқия ойын, өмірдің ләззат атты қуанышы жеңіп бара жатқанын сезген жоқ. Оның бар ойын, бар тілегін, бір кезде жанындай жақсы көрген еріне деген, ақырғы лап ете қалған жан сезімі алып кетті. Және дәл осы сәтте ол, аз болса да тіпті қас қағым мезеттей уақытта өтетін болса да, өлімнен өмірдің артық екенін түсінді. Алақаныңды тосқанда он бойыңды жылытқан, маздап жанған от тәрізді, кенет қызулана қалған әйелінің әуеніне қарай, Едіге де бойы балқып, көтеріле берді…

Тек қуаныштың ең бір көз қарауыта шарықтаған шағында, Жәнекенің жауырынынан орай қысқан қолы сұп-суық бірдемеге тиіп кетті. Шу дегенде «үйге жыланның кіргені рас болды-ау!» деп ойлай түсті де, аздан кейін бұл суық заттың темір екенін жүрегі сезді. Сол қарқынды қимылын бәсеңдетпеген қалпында, алақанымен сипап оның кішкентай кездік-қанжар екенін білді. Енді бүгінгі түннің неге осыншама тәтті болғанын, Жәнеке сұлуының әдеттегісінен гөрі неге осыншама жомарт, мәңгі-бақи ұмытпастай қылық көрсеткенін түсінді. «Бейшара-ай, менен ең соңғы қуанышын көріп қалғысы келген екен ғой. Шын жақсы көрген соң қайтсін…» деді ол тағы да ішінен. Едіге сол құшағында ұмашталған Жәнекесіне арналған ықыласын үзбей, кездік-қанжарды ақырын суырып алды да, ірге жағына тастай салды…

Бір мезет, ол тағы шалқасынан түсіп ұзақ жатты. Әлден уақытта барып Жәнекеге:

— Рас, екеуміздің бүгінгі түніміз ақырғы түніміз секілді ғой,— деді.

Жәнекенің жүрегі мұп-мұздай болып кетті. Қолымен жастығының астын сипап көріп еді, қанжары жоқ екен. Бұ да бәрін түсінді. Кенет оны үрей билей қалды. Сөйтсе де өзін-өзі басуға Жәнекенің күші жетті.

— Жаңа өзің айтып едің ғой, бүгінгі түнімді өмірімнің тең жартысына бермес едім деп,— деді, енді тікелей ашығына көшіп.— Жарты өмірің өткен еді ғой, ал қалған жарты өміріңді осы бүгінгі түніміздің төлеуі етпек едім…

Едіге ашуланған жоқ.

— Ол тілегіңді орындауға не бөгет болды?

— Әлі сөнбеген махаббат…

— Жоқ, ләззат де… Махаббат тым үлкен дүние ғой.— Едіге әлденені ойлап сәл үндемей жатты да, қайтадан сөйледі.— Соғыс, ұрыс, жанжал, тіршіліктен басқа күпіршілік, күйбелең күйлерімен өз басымның тілегін, қуанышын мүлдем ұмытып кетуге айналған екенмін. Бүгінгі түн бұл жалғанда ең жақсы көрер адамым бар екенін есіме салды. Махаббат, ләззат дегендерді дүниенің өзге қызықтарына төлеу ететін жас емеспін. Ол дәуірден әлдеқашан өткенмін. Бірақ көңіл күйі, адамның өз басына деген қуанышы бар емес пе, сен сол өз басымның қуанышы, тілегі екенсің, бұны бүгін қайтадан ұқтым. Ал егер сен, бүгін маған істеймін дегеніңді өзіңе кеше алсаң, мен кештім…

Жәнеке де үндемей ұзақ жатты.

— Жақсылығыңа рахмет, арысым,— деді Жәнеке бір кезде,— салмақ өзіме қалды ғой, ақылға салайын…

Алтын Орда үшін талас екі адамның арасындағы ләззат сүйіспеншіліктен анағұрлым жоғарғы мәселе еді. Жәнекені жақсы көреді екенмін деп оның әкесі Тоқтамыстан Дәшті Қыпшақ билігін тартып алмаудан Едіге, әрине, тым алыс болатын Қырым билеушісі тек бірақ нәрсені борыш етіп міндетіне алды. Ол өз қолыменен қайын атасы Тоқтамысты өлтірмеу еді. Осылай деп Жәнекеге уәде берді. Қандай жағдай туса да қайын атасының қанына қолын малындырмаймын деп ант, су ішті. Бұған Жәнеке де сенді.. Ол енді Едігені өлтірем деген райынан қайтты. Төркініне де «Жалғыз ұлымның әкесі ғой, қолымды қанға бояуға батылым бармады. Дауларыңды ретін тауып өздерің шешіңдер» деп хабар берді. Қаны қарайып жүрген Тоқтамыс, бұл хабарды естігенде, ең ақырғы сенімнің күйрегенін түсініп, бұлқан-талқан боп ашуланды. Бірақ қолынан ашудан бөтен ештеңе келмеді. Енді тікелей соғысқа дайындала бастады. Едігені жеңуге жәрдемдесіңдер деп Рязань князьдері мен Бұлғар бектеріне елшілер жіберді. Бірақ олардан мардымды көмек келмеді. Достың дос болатыны өзіңнің күшті кезіңде. Ал басыңнан бағың тайса, досыңның қас, қасыңның бұрынғысынан да қас болуы оп-оңай.

Рязань князьдері мен Бұлғар бектерінің жіберген жәрдемдеріне қарағанда Тоқтамыстың басына шын қара күн туғалы тұрғанын аңғару қиын емес еді.

Тоқтамыс пен Едігенің әскері Сиыр, яғни 1398 жылы жаздың аяғында, Тана өзенінің төменгі сағасында кездесті. Күн бүгін де бұлыңғыр тұманды еді, ерте түскен күздің аспаны өгей анадай, бұлтты қабағын түксие түйіп алған. Себелеп жауған ақ жауын да бір тынбаған. Соғысқа жайшылықта құлшына шығатын Дәшті Қыпшақ жігіттерінде де түр жоқ. Күздің сұрқай өңді даласындай жүздері де сұрғылт, қимылдары да баяу. Бұрын басқа елдерді шабарда, не өз жер, суын өзге жұрттан қорғарда бұлардың қылығы өзгеше болатын. Алдаспандарын қамсыз қайрап, көк найзаларының ұшын тасқа түсердей етіп өткірлеп, ұрысқа құлшынып шыға келетін. Ал бұл жолы екі жақтың әскері де ондай алып түсер пиғыл көрсетпеді. Иіндеріне су кетіп, екі топ бір-біріне үрке қарап, сапта үн-түнсіз тұр.

Қырым мен Дәшті Қыпшақ жігіттерінің бұл соғысқа алақандарына түкіріп шыға келмейтін себептері де бар еді. Бұрын, бөтен елдермен соғысып, жүрген ел, енді Мамай мен Тоқтамыстың алғашқы хан болған кезіндегідей, тағы өзді-өзі ұрыспақ. Бірін-бірі қан майданда өлтіріп, Алтын Орда жұрты тағы қанға боялмақ. Қырымдағы Арғын жігіттері Дәшті Қыпшақтағы ағайын, бауырларымен салғыласпақ, кеше ғана Қырымға барып қалыңдығын алып келген Алшын серісі, сондағы өзі қалжыңдасқан балдызыменен бүгін майданда кездеспек. Елім деп еңіреген ер, енді сол елінің бірін-бірі қырғанын көрмек. Осының бәрі не үшін? Тоқтамыс пен Едігенің Алтын Орданы кім билеуге керек деген бақ күндестігі үшін бе?

Иә, солай, солай!

Сүйреп әкеп салған тазы түлкі алмайды, зорлықпен майданға түсірген жігіттер, шын ерлік көрсетпейді! Екі жақтың әскерінің бірдей түнеріп тұрғаны да осыдан еді. Дәл осы соғыста шын көңіліменен қарсы жағымды құрта қояйын деп тұрған ешкім де жоқ секілді. Бірақ осынау иін тірескен халықта, ханымыз, әміршілеріміз, ру басшыларымыз бұйырды, біз соғысуға мәжбүрміз деген, ежелгі тәртіпке мойын сұнған тұр бар. Сондықтан бұлар көк найзаларын жерге қадамай, қарсы жаққа кезеген, көк темір қылыштарын қынабында жатқызбай, жарқ-жұрқ еткізіп жау жағына кезенген.

Жұрттың бәрі бірдей емес. Соғыс сағатын асыға күткендер де бар. Соның бірі Кен-Жанбай батыр. Жоқ, ол кешегі өзі қызмет еткен Қырым елінің жас боздақтарын қыруға асыққан жоқ. Оларға тіпті қылыш жұмсаудан да алыс. Оның бар көздегені Едіге. Осы бір кентте бірге ескен жолдасын ол бәленің басы санаған. Алтын Орданы билеймін деп бүкіл Дәшті Қыпшақты бүлдірген, Қырым, Еділ — Жайық етіп екіге бөлген осы Едіге деп ұққан. Бір кезде Алтын Орданы жырымдаған Мамайдан қандай қашса, енді сол Мамайдың жолыменен келе жатқан Едігеге, сондай қарсы шықпақ болған. Едігенің көзін жоймай елде тыныштық болмайды деп ойлаған. Кешегі құрбы-құрдастығым, тай мініп, асыққа таласқан, бірге өткізген балалық шағын, бәрін-бәрін, ел бірлігі үшін құрбан етпек болған. Сол себептен екі әскері бетпе-бет кеп, енді ұрыс басталғалы тұрғанда, серке сан сәйгүлігін ойнатып, Едігені жекпе-жекке шақырып қан майданға шыға келген.

Ол көк найзасын көлденең ұстап, күре тамыры білеудей боп ісініп Едіге тұрған жаққа бар дауысымен күжілдей толғай жөнелген.

Сөзімді бақыла, Едіге,

Ақыл, ойдың пірі едің.

Сыр мен Жайық, Еділге,

Асқар таудай ірі едің!

Еңсең төмен баққұмар

Жан екенсің, білдірдің!

Ағайынды жат қылар,

Опасыздықпен бүлдірдің!

Кен-Жанбай бүйтіп бетіңе,

Осы ма айтар, өкпесі?

Қайтейін, батты етіме

Етігіңнің өкшесі!

Айтарым осы жетпесе,

Жалғыз жебем жалынсын!

Мыңның басы кеткенше

Бірдің басы алынсын!

Көнекей, қорға жаныңды.

Жекпе-жекке түсейін,

Өлейін, не қаныңды

Халқым деп қазір ішейін!

Едіге ашулана қалды. Астындағы теңбіл көгін тебініп қап, алға шыға келді. Адамға атылатын ырбыздай, екі бетінен түгі шығып, күжірейіп, бір сәт бұ да тақпақтап кетті.

Бірге өскен дос едің,

Қылышы қанды Кен-Жанбай,

Ақылға жастан бос едің,

Келесің содан бір танбай!

Жиырма жылдай басқарды

Орданды анау Тоқтамыс,

Ол алды қандай асқарды,

Бітірді қандай жақсы іс?!

Дүркін-дүркін жау шапты,

Ұлы Қыпшақ даласын!

Толарсақтан қан ақты,

Жаза алмай халқың жарасын!

Кенегес, кірме Кен-Жанбай,

Бұны неге көрмейсің?

Шапқанша маған абалай,

Ханыңа неге үрмейсің?!

Шойындай сонау басыңда

Жүрсең қояр жер таппай,

Айырмасаң дос пен қасынды,

Шық майданға бос шатпай!

Бұдан әрі батырлар сөзге келмеді. Теңбіл көк тұлпар мінген Едіге мен серке сан сәйгүлік мінген Кен-Жанбай, екі жақтан созыла шауып, ортаға шыға берді…

Кенегес руы шағын ру болатын. Шағындығына қарамай, жігіттері өр көкірек, бір беткей жауынгер келетін. «Кенегес бар жерде ерегес бар» деп босқа айтпаса керек жұрт, осы шағын руды басқаратын би, батырлары да өз дегендері болмаса, өзгелердің айтқандарына көне қоймайтын қайсар, тоң мойындау келеді. Ал, соғыста, ұрыста бұлардың жігіттерінен сөзіне берік, табанды жастар жоқ. Жолдасын жауға тастап кету не өздерінің серіктеріне опасыздық істеу дегенді білмейтін. Жолдастық деген оларға үлкен парыз саналатын. Әсіресе, мұндай қасиеттерді бала жасынан мойнына тұмар етіп сақтағанның бірі Кен-Жанбай еді. Әкесі Канан-би, бәлендей малды жаралмағанмен ру арасында ағайын сөзін жерге тастамайтын беделді кісі болатын. Ал оның жалғыз баласы Кен-Жанбай ат жалын тартып мінгелі асқан мерген, ер жүректігімен көзге түскен. Әкесі тәрізді халық қамын ойлаған от тісті, орақ ауызды шешен-би емес-ті. Бірақ, көзсіз ер, көлеңкесіз адал жаратылған жан еді. Өзге батырлардан бұның ең үлкен айырмасы, қара басының қамы үшін емес, адалдығы да, ерлігі де тек халқы үшін ғана бағышталған-ды. Оның біресе Мамайға, не Тоқтамысқа еруі де, болмаса Едігеге қарсы шығуы да осы елі-жұртының қамын ойлаудан туған-ды. Бердібек хан өлгеннен кейін Алтын Орда маңында болып жатқан тақ иелерінің бірін-бірі өлтірген, бассыз қалған ел-жұрттың күйзелген талан-таражға түскен жағдайларды көріп, бір сәт қарадан шыққан жан еді, халқына қиянат істемес деп кенегесін ертіп Мамайдың қарамағына көшкен. Бірақ күткен үміті аяқталмағаннан кейін, Мамайдың көксегені билік, мансап екенін көріп, одан тағы бөлінуге мәжбүр болған! Демек, Кен-Жанбайдың Мамайдан ең алғашқы көңілі қалғаны Қырым билеушісінің Кенегес батырының жан аяспас серігі, майдандас жолдасы Ақпанбет батырға, оның үй ішіне істеген зорлығынан туған. Ақпанбет монғолдың батыр руынан шыққан еңіреген ер еді. Қырымға Кен-Жанбай ауылдары көшіп келгенде, ең бірінші боп Кенегес руын құшағын жайып қарсы алған осы Ақпанбет батыр еді. Ол өзінің аймағына көшіп келген Кенегес ауылдарына ең шұрайлы жеріне қоныс бөліп берген. Өзімен түйдей құрдас, жиырма бестен жаңа асқан Кен-Жанбаймен құшақтасқан дос болуға ант, су ішіп уәделескен. Содан бері Мамай қосындары басшыларының қатарында жүргенде бұл екеуінен асқан дос және батыр болмаған. Соғысқа да бірге аттанған, ұрыстарда да қатар тұрып ұрысқан. Біріне арналған оқты екіншісі жалаңаш қолыменен қаққан. Бірі монғол, екіншісі қыпшақ бола тұрып, бұл екеуінің араларынан қыл өтпеген достығына жұрт таң қалған. Бірі бар жерде екіншісі туралы ешкім жамандап сөз айтуға қорыққан. Егер біреу-міреу сыртынан оқыс ыңғайсыз бірдеңе дей қалса, бұны естіген екі достың бірі табанда әлгі кісіменен жекпе-жекке шығуға тайынбаған. Ал бұл екеуінің достығы, шу дегенде бірін бірі ұнатуларынан, жас кездегі өз руларының алдарындағы абырой, құрметтерінен басталған. Соңынан екеуінің де ел қамын жеп, ерлікті, адалдықты паш еткен қасиеттері бұл достықты бекіте түскен. Бұлардың осындай достықтары, жолдастықтары қан майданда талай сыналған. Қауіп-қатерлі күрестерде шыныққан.

Міне осындай жағдайдағы Кен-Жанбай мен Ақпанбет мәңгі айырылар бір оқиға болған. Жоқ, Кен-Жанбай мен Ақпанбет ұрысып, не жанжалдасып ажырасқан жоқ, бұларды құдай да, тағдыр да емес, Мамай ажыратқан. Куликов даласындағы қырғыннан кейін, Кен-Жанбай жеңіл жасақпен Сақыстан бойындағы бір жеңіл жорықта жүргенінде, Ақпанбет бірнеше өзіне жақын Барын, Шарын руларының әмірлерімен бірігіп, орыстармен орынсыз соғысып, халықты ауыр күйзеліске ұшыратқан Мамайдың көзін құртпақшы болады. Жасырын кеңеске қатысқан бір әзәзіл әмір бұның бәрін Мамайға жеткізеді. Өзіне қастық ойлаған адамдарға еш уақытта кешірім істеп көрмеген Мамай, сол түні жендеттерін жіберіп, қаннен-қаперсіз ордаларында ұйықтап жатқан, бүліншілікті ұйымдастырмақ боп жүрген төрт әмірді ұстап әкелдіріп, бастарын алдыртады. Бұл аз болғандай Қырым әміршісі әлгі бүлікшіл ердің үй іштерін де тегіс өлтіруге жарлық береді. Жендеттер әмірлердің қолға түскен қатын-баласын, аға-інілерін бауыздайды. Ал Ақпанбеттің әйелі жалғыз баласы Тастемірді ертіп күйеуі қолға түспестен бұрын төркіндеп Черкес ауылдарына кеткен екен. Мұны естіген Мамай, Теріскей Кавказға арнаулы жасақ аттандырады. Ақпанбеттің қатын-баласын ұстап әкеп өз көзінше бауыздауға бұйырады. Ал өлім жазасына бұйырылған Мамай ордасының босағасында қол аяғы қыл арқанмен байлаулы жатқан Ақпанбет, басында тұрған өзіне таныс күзетші жігіттердің біреуіне: «Кен-Жанбайға сәлем де, шамасы келсе менің жалғыз ұлым Тастемірді ажалдан құтқарсын» деп айтып үлгіреді.

Кен-Жанбайға бұл хабар жеткенде, ол Сақыстан оралып қайтып келе жатқан еді. Мамайды өлтіріп Ақпанбеттің өшін ала алмайтынын жақсы түсінеді. Барын батыры мен өзінің қанды көйлек дос екені Мамайға мәлім. Мамай өзіне де зақым істеуден тайынбайтынын біледі. Өзіне тимеген күнде де, Мамайдың бұдан сезіктенері хақ. Осылай ойлаған Кен-Жанбай өз руын ертіп, айқай-шусыз Дәшті Қыпшақ жеріне көшпек болады. Бұл шешімін өзімен көңілдес Арғын батыры Қарақожаға да жеткізеді. Қарақожа да бұл арадан кетуді дұрыс көреді. Ал Кен-Жанбай көшер алдында қайтсе де досының өлердегі тілегін орындап Ақпанбеттің үш жасар жалғыз ұлы Тастемірді өзімен бірге ала кетуге бел буады. Енді Кен-Жанбай жеңіл жасақпен Ақпанбеттің қатыны мен баласын Теріскей Кавказдан алып келе жатқан Мамай жігіттерінің алдынан шығады. Мамай жауынгерлерінің басшысы, өзімен бірге бірнеше рет майданда болған таныс қарауыл әмірменен Кен-Жанбай сөйлеседі. Күзет әмірі: «Мамай біреу-міреу батырдың үй-ішіне достық көрсетіп», құтқарып жүрер деп баланы өз көзімше өлтіресіңдер деді. Егер мен оны апармасам, Мамай өзімнің басымды алады» деп көнбей қояды. Күзет әміріне мал да ұсынады, дүние де ұсынады, бірақ анау оған көнбейді. Мамайдың шағын қолын қырып тастап, Ақпанбеттің әйелі мен баласын тартып әкетуге тағы батылы бармайды. Өзі жіберген жасақтың бір күндік жерде екенінен Мамай’ хабардар. Күзет басшысы кеше осылай деп Қырым билеушісіне шабарман жіберген. Егер бұлар ертең жетпесе, Мамай сезіктеніп қалады. Тіпті кісі жіберіп, бар оқиғаның анығын біледі. Өйтпеген күнде де жамандық жерде жатпайды, бәрібір естиді. Онда Мамай Ақпанбеттің қатын-баласы түгіл, көшкелі жатқан Арғын мен Кенегестің бүкіл ауылдарын қырғызады. Мамайдың дәл осындай істейтініне Кен-Жанбай шек келтірмеді. Және Қырым билеушісі бұны істей алады. Бір соғыстан жеңілгенмен, оның соңына ерген, туын көтерген қарамағындағы қыруар әмірлері, қосындары бар.

Кен-Жанбай тағы күзет әміріне кісі салды. Өзі барды. Ақырында күзет әмірі Кен-Жанбайдың тәуекелші батырлығынан сескеніп, бір нәрсеге көнді. «Егер Ақпанбеттің баласының орнына сондай үш жасар бала берсең, тәуекел, өтінішіңді орындайын» деді.

Салмақ қайтадан Кен-Жанбайдың өзіне түсті. Қарамағындағы адамдарға «Ақпанбеттің баласының орнына баланды бер, не сат» деуге аузы бармады. Сайып келгенде, Тастемірмен түйдей құрдас, өзінің туған баласы, Жанұзақ пен Күнұзақ егізінің сыңарын бермек болды. «Егізімнің бірі өлсе, бірі бар ғой. Ал Ақпанбет ердің шаңырағын атаусыз қалдырмаймын» деді. Сөйтіп көзден жасы көлдей боп аққан әйелі Күлбаршынға тоқтау айтып, қараңғы түнде қара шапанға орап Жанұзағын әкеп беріп, өз баласындай Тастемірді бауырына қыса үйіне қайтты.

Сол түні Арғын мен Кенегестің ауылдары Дәшті Қыпшақ жеріне қарай беттеді.

Сондағы үш жасар Тастемір қазір қылыштың жүзіндей қылшылдаған, жиырма бір жасар жігіт болған.

Ер жеткен кезінде Кен-Жанбай оған бастан өткен оқиғаны ештеңесін қалдырмай айтып берген.

Тастемір, іші бірдемені сезсе де, Кен-Жанбайды әкесі санаған. Енді оны бұрынғысынан жақсы көрді. Ал Күнұзаққа, сонау мен үшін өлген сыңарың Жанұзағыңнан кем болмаймын деп ант берген.

Осы күнге дейін сол уәдесін бұзып көрмеген, кішкентайынан бірде-бір көңілін қалдырмаған. Ұрысқанда екеуі бірге шығатын. Тастемір өзін Күнұзаққа қорған санап, үнемі қауіпті жақта бұл жүретін.

Бүгінде екеуі сапта қатар тұрған. Тастемір сәл ілгерірек, Күнұзақ сәл кейінірек.

Әкелері Кен-Жанбайдың майдан ортасына қарай шаба жөнелгенін екеуі де бірдей көрді.

Арғы жақтан Едігенің құйындатып келе жатқанын да көздері шалды.

Екеуі де аттарынан секіріп түсіп, мойындарына белбеулерін салып, қолдарын көкке көтеріп, құдайға жалбарынды.

«Ақсарбас! Ақсарбас! — деді екеуі бірдей қосарлана, дауыстары жасқа булығып.— О, құдай, бір жолға тілегімізді бере көр! Біздің жанымызды алсаң да, әкеміз Кен-Жанбайды аман сақта! Аман сақта!»

Екеуі де ат үстіндегі ұрыста Едігеге жан шақ келмейтінін естіген.

Едігеден қорыққандықтарынан құдайға жалынған.

Бірақ құдай бұлардың тілегін бермеді.

Тостағандай екі көзі оттай жанып, қалың қабағы түксие, бозғылт өңі өлген адамның түріндей қан-сәлсіз бозара, ақшылдана Едіге, сол Теңбіл көгін ағызған қалпында, Кен-Жанбайға жанай беріп без сапты, қайқы сойылыменен беріп өтті. Сойыл Кен-Жанбайдың бір жақ жамбасынан тиді. Батырдың бұл жақ саны бірден жаны кетіп, опырылып түскендей болды.

Кен-Жанбай атының үстінен әзер құламай қалды.

Бұл батыр да ат үстіндегі ұрысқа машық еді. Бірақ бұл жолы Едігенің мысы жеңді ме, әлде өзіне аруақтай ақырып келе жатқан жан шошырлық суық түсінен сескеніп қалды ма, ол таяп қалған кезде Кен-Жанбай шоқпарын сілтеуге кілт дәті жетпей сәл кідірді. Сол уақытта Едіге сойылы келіп сарт етті.

Ал расында Кен-Жанбай Едігенің өзіне қайтарған жауабын естіген шақта-ақ «осы менікі дұрыс па?» деген көңіліне бір күмәлжің алып қалған еді. Адам ұрысқа «не өлемін, не өлтіремін» деп кіруі керек, ал мұндайда ойы екі ұшты болған адам, еш уақытта да жауын жеңе алмайды. Әлдеқалай жазмыш өзі жәрдем бермесе, көңіліне түскен секем жеңілуіне жәрдем. Он бес жасынан майдан кешіп келе жатқан Кен-Жанбай, бұны жақсы білетін. Ол бойын тез жинап алды. Екі көзі жолбарыстай от шашып, бет әлпеті кебіндей боп бозарып кеткен, өлтіргелі өзіне қарсы шауып келе жатқан Едігені көргенде, кенет бұ да буырқана қалды. «Атаңа нәлет ақ желең, сен туған анадан мен де туғам, қапы қалдым деме» деп ақырып, шойын басты шоқпарын басынан аса ұршықтай үйіріп, долдана ұмтылды. Бірақ бұл жолы да үлгірмеді. Едігенің қай жағынан қалай ұрғанын өзі де аңғармай қалды. Тағы оның қайқы шоқпары екінші санынан кеп тиді, Кен-Жанбайдың көзі қарауытып кетті. Екі санынан бірдей сойыл тиген батыр, кіндік тұсынан төменгі жағынан жан кеткен қуыс кеудедей, кенет жерге гүрс құлады. Сол сәтте-ақ Едіге атынан секіріп түсіп, жерде тұра алмай жатқан Кен-Жанбайдың жанына жетіп барды. Кеудесінен бір аяғыменен басып қалып, қынабынан қылышын суыра берді.

Сол уақытта Арғын, Кенегес жауынгерлері:

— Уа, батыр, жан сауға! Жан сауға! — деп шулап қоя берді. Едіге аяғының астында жатқан Кен-Жанбайға кәрлене бір қарады да:

— Ит-ай, бірге өскен құрдасым едің! — деп қылышын қайтадан қынабына салды да, кілт бұрылып, қасына келіп қалған атына секіріп мініп, өз жағына қарай шаба жөнелді.

— Өлтіргенің жақсы еді,— деді жанталасып жатқан Кен-Жанбай,— қорлап кеттің-ау!

Тастемір мен Күнұзақ бастаған Кенегестің топ жігіті жерде жатқан Кен-Жанбайды алдарына өңгере кейін шапты.

Бірақ өмір-бақи атқан оғы бос кетпеген бір адамнан жығылып жаурыны жерге тимеген, жекпе-жек ұрыста жауынан жеңіліп көрмеген әйгілі батыр, осыдан кейін, ұзақ өмір сүре алмады. «Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді» дегендей, сол күні Едігенің кеудесінен басып тұрып, өлтірмей кеткеніне қорланып, қападан жардай батыр аз мезгілде жарық қазандай боп таусылып, төсек тартып ауырып жатып, жыл толмай дүние салған.

Ал Кен-Жанбайдың сол күнгі тірі қалғаны, ұрыстың бұдан арғы барысына көп ықпалын тигізді. Осы соғысқа бұрыннан наразы болған Арғын, Кенегес жігіттері, сойылға жығылған батырларын алып, ұрысқа түспей кейін қайтпақ болды. Осылай деп Тоқтамысқа хабар берді. Едігені жеңер-жеңбесіне көңілі шүбәлі Тоқтамыс енді тіпті әбігерлене түсті. Сөйтсе де, өзіне өзі дем беріп, жау жағына бір сәт жалғыз шапты. Сол-ақ екен, бұның соңынан әр тұстан топ-топ боп, қызба қанды жігіттер ерді. Ұрыс тағы басталып кетті. Әйтсе де Алтын Орда ханы жағы сәл көптеу еді. Алғашқы кезде бұлар көптігін көрсетпек те болды. Бірақ, көңілдері орта жігіттер бәлендей ерлік көрсете алмады. Көбіне өз бастарын сақтауды ойлады. Ақырында, Едіге жағы жеңді. Тоқтамыс әдеттегісіндей ең жақын әмірлерімен жан сауғалап тағы қашты. Едіге бұны қумады. Осы жеңгенім де жетер дегендей, Алтын Орда жеріне кіре бере тоқтап қалды.

Ал Тоқтамыс, «ұрыс немен бітер екен деп, Тана өзенінің төмен шеніндегі күтіп отырған өз ауылын, қатын-балаларын, бірталай үзеңгілес серіктерін, ергілері келген хан ұрпақтарын алып, әрі қарай қашты. Ол енді бұл кездегі Либке князьдігінің астанасы Хирмен Кебеге қарай беттеді.

Тоқтамысты жеңген Едіге Алтын Ордаға Темір-Құтлықты хан көтертті. Өзі Шыңғыс ұрпағы болмағандықтан, Мауараннахр билеушісі Ақсақ Темір тәрізді, бүкіл Жошы ұлысының әміршісі болуға айналды.

Бұ да, жиені Темір-Құтлық арқылы Алтын Орданы қайтадан көтеруге кірісті.

Бірақ оны көтеру қиын еді.

Алтын Орда бұл тұста көтерем болған көк өгіз тәрізді еді. Әрине Едіге мен Темір-Құтлық оны төрт аяғынан тік тұрғыза алса, бұл әлі де талай елді, жұртты мүйіздеуге тырысатыны хақ…

Бірақ көтерем өгізді тұрғызу олардың қолынан келер, келмесі екі талай дүние болатын.

Келмесе ше?

Бұл кезде Либке князьдігі әбден күшейіп болған-ды. Орыс князьдерінің өзара тартыстарын пайдаланып Руссияның күнгей жағының біраз жерін өзіне қаратып алған. Сондай-ақ Курляндияны бүтіндей, Польшаның да ұлы князьдігін өз құрамына кіргізген, Ұлы Либке князьдігінің астанасын енді Кибе қаласы еткен. Осы кездегі бұл елдің князі Витовт Алтын Орданың қиын жағдайын пайдаланып Тоқтамыстың Едігеден жеңілер алдында ғана екі рет Дәшті Қыпшақтың күнгейбатыс тұсына жорыққа шығып қайтқан. Бірінші ретінде Тышқан, яғни, 1336 жылы Тан өзеннің даласына дейін жеткен. Екінші рет келесі жылы, Үзі өзенінің төменгі шенінде отырған елдерді шауып қайтқан. Осының алдында ғана Ақсақ Темір қосындары ойсырата шауып кеткен бұл арадағы жұрт Витовтқа бәлендей қарсылық көрсете алмаған. Сол себептен де Либке князі Тан мен Үзі өзендерінің күнгей тұсындағы елдерді аямай шауып, көп олжамен қайтқан. Осындай оңай жеңіске жеткен Витовт енді Алтын Ордаға өзінің болашақ сұрағалы ретінде қарай бастаған.

Міне осы Либке князіне, Хирман Кибеге Тоқтамыс бала-шағасымен соңынан ерген бір талай әмір, жауынгер-нөкерлерімен қашып келді. Витовт князь Алтын Орданың кешегі билеушісін, тағынан айырылғанына қарамай, құшағын жая қарсы алды. Әрине, Либке ұлы князь бұны Тоқтамысты сыйлағаннан, не жаны ашығандығынан істеген жоқ, бұл құрметінің ар жағында сұмырай сыры бар еді. Тоқтамыс пен оның әмірлері арқылы Алтын Орданы өзіне бағынышты етпек болатын. Ол Тоқтамыстың Жошы ұлысына әлі де ықпалы бар деп ойлаған. Сол себептен де Витовт Тоқтамыс Хирман Кибеге келген күннен бастап Дәшті Қыпшаққа жорыққа дайындала бастады. Ал Темір-Құтлық хан Тоқтамыстың Либкеде болуы өзіне қауіпті екенін бірден түсінді. Ол басы күміс ер-тоқымды тоғыз сүліктей қара жорға етіп, тоғыз сұңқар, тоғыз жүйрік тазы, тоғыз садақ, тоғыз күміс қыналы қанжар сыйлықпен Либке князіне елші жіберді. Арнаулы ресми хатында: «Қашқын патша Тоқтамысты ұстап Алтын Ордаға жібер. Ол біздің қас жауымыз. Оның сенің жаныңда тірі жүргенін естіп шыдай алар емеспіз… Ал дүние-мүлкін бәрін өзіңе ал» деп жазды.

Витовт, әрине, жіберген сыйлықтың бәрін алды. Өзі аңшы болғандықтан оған әсіресе жүйрік тазылар мен сұңқарлар өте ұнады. Бірақ Тоқтамысты ұстап бермеді. Оның орнына соғысатын хабарын айтты. «Татар жерін шабуға аттанамыз. Темір-Құтлық патшаны жеңіп патшалығын, өзіне жататын жердің байлығын бәрін бөліп аламыз. Орда да, Азақ-Тана да, Каффа да, Қырым да, Жайықтың арғы жағындағы Орда да (Ақ Орда), бүкіл Теңіз бойындағы елдер де, Қазан да,— барлығы біздікі болады, тақта патшамыз Тоқтамыс отырады» деді.

Мұндай қорқынышты хабар алған Темір-Құтлық хан да соғысқа дайындала бастады. Ақырғы он жылдың ішінде бірнеше шабылған, шаруашылығы әбден күйзелген Алтын Орданың халі бұл кезде өте нашар еді. Оның үстіне орыс елін былай қойғанда, бұрын қорыққанынан бағынып келген Қырым, Бұлғар, Теріскей Кавказ жұрттары, Алтын Орданың сол бір әлсіреген кезін пайдаланып, енді тікелей бағынбауға айналды.

Мұндай жағдайда Едіге мен Темір-Құтлыққа Алтын Орданы қайтадан көтеру, әбден күшейіп алған Либке князіне қарсы тұру қиын еді.

Бірақ Едіге мен Темір-Құтлық Алтын Орданы көтере алды. Көтермек түгіл, Витовт пен Тоқтамысқа қарсы тұрар күш те жинап алды.

Бұған екі жағдай мүмкіндік берді.

Біріншіден, Витовт Алтын Ордаға деген шабуылына Мәскеудің ұлы князьдігін қоспаған. Ол өз саясатын жеке, Мәскеусіз жүргізген. Сондықтан Мәскеу князьдігі Алтын Ордаға дәл қазір қарсы соғыспайтын болды. Мәскеу сынды күшті жауының бұл соғыстан шет қалғаны Алтын Ордаға тиімді жағдай тудырды. Егер Либкеге Мәскеу князьдігі қосылып кетер болса, Алтын Ордаға өте қиын соғар еді.

Екіншіден, халық деген сөзді шіркеу етіп, әскери тәсілі, соғысқа дарын-қабілеті жеткілікті, ер жүрек Едігенің бүкіл Жошы ұлысының оң қолы мен сол қолын тегіс билеп, аз уақытта Дәшті Қыпшақтың негізгі жұртынан, дәл Бату мен Өзбек ханның тұсындағыдай болмағанмен, біркелкі күшті ұрыскер әскер құра алуынан еді. Қазір Алтын Орданың осындай қалыптасқан және жақсы қаруланған атты әскері екі жүз тайпаларының жігіттерінен екі жүз мың атты әскер болуы қазіргі жағдайда үлкен күш еді. Мұндай жауынгерлері бар жұрт, әлі кіммен болса да күресе алатын. Әттең, бұл қосындардың бар қару-жарағы осыдан екі жүз жыл бұрынғыдай тек садақ, айбалта, сойыл, шоқпар, найза ғана. Ал Либке тәрізді мемлекеттердің әскерлері бұл тұста зеңбірек күкірт мылтықтарыменен қаруланған. Бұған құр сойыл найзаменен көшпенділер қалай қарсы тұрмақ? Жоқ, олар қарсы тұруға бел буған. Өйткені Либке әскері бұлардың жерін-суын шабуға келе жатқан. Мұндайда ерлікке қоса, бөтен жат жұрттың талауында қалмайын деген намыс, табандылық бас көтерген.

Едіге ме, Темір-Құтлық па, қайсы болса, сонысы басқарсын, Алтын Орда әлі де сол өзінің бұрынғы қиянатшыл қалпында еді. Темір-Құтлық та бұрынғы хандардай, бүкіл бұхара халыққа аямай шөлен, қалан, тағы сондай толып жатқан алым-салықтар салған. Бұның бәрін халыққа Орданы қайта тұрғызуға, жаңадан құрылған қолдарды ұстауға, қару-жарақтандыруға керек деп түсіндірген. Хан алым-салығы жанына қанша батса да, ру басшылары: би, батырларының айтқанынан шыға алмай үйренген жұрт, ауыздағысын жырып, сол алым-салықтарды төлеуге тырысқан.

Бірақ ханнан бастап, сол тайпа ру басшылары әмір, би, батырлар болашақ соғыстың да, осы күнгі Орданың ауыртпалығын да бұқара халықтың мойнына артып, өз бастарына қиындық түсіртпеуге әрекеттенген. Осы ауыр кезеңнің өзінде де Алтын Орданың әмір, бай, манап, саудагерлері өз бастарының баю қамын көп ойлаған. Мысалы сол жылдардың ішінде шыққан Темір-Құтлықтың жарлығы бойынша, Судақ шаһарының маңындағы аймақ иесі Хажы Байрамның баласы Мұхаммед деген кісіге тархан атын берген. Тархан дәрежесіне жеткен бұл адамның, тек өзі ғана емес, бүкіл үрім-бұтағы үкіметке еш алым-салық төлемейтін болған. Ал қарамағындағы жұрт бұрыннан Ордаға төлеп жатқан алым-салығынан босатылмаған. Тек ол алым-салықты бұрынғыдай Ордаға емес, сол аймақ, әмір, жер иесіне төлеуге тиісті етілген.

Осындай қиянат-зорлыққа қарамай, жұрт құр сөзіне алданып Едігенің соңына ерді. Қалың әскер құруына мүмкіндік берді. Соның арқасында, Алтын Орда дәл бұрынғысындай болмаса да, құлауға айналған шаңырағын қайтадан көтерді, біраз жыл тағы құламай тұрды. Бірақ Либке ұлы князі Витовт та бос жатпады. Келесі жылы Жылқы, яғни 1390 жылы ол өзінің одақтастары Тевтон Орденінің рыцарьлары, және орыс жерінің батыс жақтағы князьдерімен, Тоқтамыс жағындағы Дәшті Қыпшақ әмірлерін Либке әскеріне қосып, от дәрімен мылтықты, зеңбіректі, тағы да соғысқа керек жаңа қару-жарақтармен қамтамасыз етілген, көп бұлықтарын басқарып Алтын Ордаға аттанды.

Витовт пен Темір-Құтлық әскері Ворскала өзенінің жағасында кездесті. Либке қолы осы өзеннің оң жағасына, ал Алтын Орда әскері сол жағасына шептерін құрды.

Бұл жолы да екі жақтан миллионға жуық әскер жиналды. Әсіресе Либке қосындары адамның зәресін алатындай қорқынышты еді. Сол заманның ең алдыңғы қатарлы соғыс қару-жарақтары — зеңбірек, от дәрімен атылатын мылтықты, ақ кебін киімді, аттарына дейін темір сауыт кигізілген, құрыш сауытты көздерінен бөтен ештеңелері көрінбейтін Тевтон рыцарьлары мен Либке, Польша және Батыс орыс князьдерінің жауынгерлері кімнің болса да зәресін алатын еді. Бұларға Дәшті Қыпшақ жеріне кірген кезден-ақ, Тоқтамысты қостайтын әмірлер өз жасақтарымен келіп қосылды. Ал Едіге бұл тұста майдан болар жерге әлі келген жоқ еді. Ворскала жағасына алдымен келіп шеп құрған Темір-Құтлық хан қобалжиын деді.

Түнде, Ворскала өзенінің жағасынан басталып, сонау ұшы-қиыры жоқ даланы көк жиегіне дейін алып кеткен Либке әскерінің быжынаған отын көргенде Алтын Орда ханының зәресі бұрынғысынан жаман қашты.

Витовт Темір-Құтлықтың зәресін бұдан әрі ұшыра түсірейін дегендей зеңбірекшілеріне арғы бетке үш рет зеңбіректен оқ атуға бұйырды. Қараңғы түнде жерді жара гүрсілдеген зеңбіректер даусы шықты.

Бүкіл Алтын Орда шебі ойран-ботқа боп үрке қалды. Бұрын мұндай қорқынышты үнді естімеген қыпшақ жылқылары, құлақтарын қайшылап, қайда барарларын білмей бір орындарында тұра алмады. Кейбір асаулары құлындағы даусы құраққа шығып, аяқтарындағы тұсау-шідерлерді үзіп ай далаға қашты.

Зәре-құты қалмаған Темір-Құтлық хан ойнай жөнелген жүрегін басайын деп, шатырының босағасында тұрған шарап құйылған торсыққа жармасты.

Ертеңіне күн шықпай жатып Витовттан елшілер келді.

Либке ұлы князі арнаулы ресми қағазы — бұйрығында былай депті: «Құдай маған басқа жердің бәрін бағындырды, сен де бағын. Мен саған әке, сен маған бала бол. Әр жазда алым-салық төлеп тұруға міндеттен. Және шығаратын ақшаңа Либке князьдігі туының бейнесін салдыр. Егер бұл айтқандарымды істемесең, өзіңді құл етемін, ал Ордаңды аямай шабамын, жоямын» депті.

Темір-Құтлық дереу әмірлерін жинады. Әмірлері де Либке әскерінің көптігін және олардың кереметтей қару-жарақпен қамтамасыз етілгенін көргенде өте қорқып қалған. Бәрі жиналып Витовттың айтқанына көніп, бітімге келмек болды. Тек «Алтын Орда ақшасында Витовт туының бейнесі салынсын» деген талабына қарсы болды. Бұл талапқа көнсе, өздерінің жеке мемлекеттігін жоғалтып Либке князіне мүлде бағынатындарын білді. Ақшаға Витовт туын салу, әрине тәуелсіздіктерін жоюдың белгілері еді.

Темір-Құтлық пен әмірлері осындай шешімге тоқтағалы жатқанда ең соңғы таңдаулы елу мың атты әскеріменен бүкіл Алтын Орда әмірі әл мұрасы Едіге келді.

Ол нөкерлерімен атынан түсіп жатқанда хан шатырынан Темір-Құтлық пен әмірлері шықты.

Амандасып болысымен Едіге:

— Не болып жатыр? — деп сұрады.

Темір-Құтлық барлық жағдайды, Либке ұлы князінен елшілердің келгенін, Витовттың не талaп етіп отырғанын айтып шықты.

— Қандай шешімге келдіңдер? — деп сұрады Едіге Темір-Құтлықтан сол шатырға кірмей далада тұрған қалпында.

Темір-Құтлық бозара-қызара қандай шешімге ұйғарғандарын айтып шықты.

Едіге сәл үндемей қалды. Беті бұрынғысынан да, сұрлана, түкті қалың қабақтары түксие түсті.

— Витовтқа бүйтіп бағынғанша, өлгеніміз жақсы емес пе? — деді бір кезде ол дүр ете қалып.— Жоқ, болмайды, Либке князіне соғыс керек болса, соғысамыз!

— Олар көп қой және қару-жарақтары біздікінен басым. Зеңбіректерінің өзі отыздан астам көрінеді,— деп келе жатыр еді, Темір-Құтлық хан, Едіге қолын бірақ сілтеп оны бөліп жіберді.

— Қой әрі! — деді де, Темір-Құтлықтың жанында тұрған бас уәзірге қарады: — Либке князінің елшілері қайда?

— Ана шатырда, жауап күтіп отыр олар.

— Шақыр! — деді Едіге.— Той тойлауға келген жоқ қой.

Едігенің қан жоқ, сөл жоқ, сұп-сұр жүзін, қанталап кеткен, ұшқын атып тұрған, тостағандай үлкен ашулы көзін көргенде, ұзын тұра, көкқұтан тәрізді сидиған, кенеп шапанды Либкенің екі князі «Саудамыздың біткен жері осы екен!» деп қорқып кетті. Өн бойларын қауіп билеп, бастарын иіп, тізерлеп отыра қалуға ғана шамалары жетті.

— Алтын Орда тәрізді ұлы мемлекетке Витовт тәрізді мардымсыз князьдің қойған талабының жазасы етіп, жіберген елшілерінің құлақтарын кесіп құнтитып, мұрындарын кесіп шұнтитып жіберу керек еді,— деді Едіге.— Бірақ біз өйтпелік, бір жолға князьдің білместігін кешірелік. Ал қазір сендер князьдеріңе қайтыңдар. Қойған талаптарының бірде-бірін біз қабылдамаймыз. Соғысқысы келсе соғысамыз. Ал меніменен сөйлеспек болса, бір бие сауымы өтер мезгілде, өзеннің жағасына келсін, бергі жағаға өзім барамын. Менің қояр талабымды өз құлағыменен естісін!

Аман-есен құтылғандарына қуанған Либке елшілері бастарын шұлғи-шұлғи кейін қарай жөнелді. Бие сауымдай мезгіл өткенде, өзеннің бүкіл оң жағасын алып кеткен, тоқпақ жалды жылқы мінген, көк найзалы иін тірескен Алтын Орда қосындарының алдында тұрған Едіге үстеріндегі алтын, болат қару-жарақтары, сауыт-саймандары жарқырап, нөкер князьдер тобымен арғы бетке келген Витовтпен сөйлесті.

— Әй, Либке князі Витовт! — деді Едіге күре тамыры білеудей боп айқайлап.— Біздің ұлы Ордамыздың ханы Темір-Құтлықты бала етіп, өзің әке болғың келсе, бұл сөзің орынды. Өйткені, сен үлкенсің, ал біздің ханымыз сенен кіші. Ал осы тәртіпке екеуміз бірдей тізе бүгетін болсақ, мен саған әке, сен маған бала болуға тиістісің. Өйткені мен сенен үлкенмін, сен менен кішісің. Ақылың болса бұны түсінесің ғой деймін. Және бала әкеге бағынышты болуы борыш. Сол борышыңды дұрыс атқарып, сен маған әр жылы алым-салық төлеп тұруға тиістісің. Және бүкіл Либке князьдігі бойынша шығатын ақшаларыңның бәріне біздің ұлы Орданың туының бейнесін бастырып шығартуың керек. Егер, Кестұт баласы ұлы князь Витовт, бұны істемесең бізге өкпелеме! Алтын Орда жауынгерлерінің атының қандай жүйрік, қылышының, қандай өткір екенін өзің де білесің: жер түбіне қашсаң да қуып жетіп, басыңды аламыз. Қызыңды қатын етеміз, бала-шағаңды құлдыққа Мысыр, Бағдатқа сатамыз. Ал ендігі жауап сенен, ұлы князь Витовт!

Витовт ашудан не дерін білмеді. Өзінің талабын өзіне қайтарып тұрған Едігені, егер жанында тұрса қылышымен шауып тастар еді, бірақ ол өзеннің ар жағында және артында жер қайысқан әскері бар. Бұрын Витовт Алтын Орда жағы мұндай ұшы қиырына көз жетпес қолдармен қарсы шығады деп ойламаған. Әскердің оған мұнша көп көрінуіне себеп болған, өзеннің бұл жақ жағасының көп жері қалың орман-тоғай болатын. Алтын Орданың бықыған қосындары сол қалың ағаш пен ұштасып өзеннің бүкіл оң жағы қалың шөп секілденіп кеткен. Бұрынғы екі жорығында бәлендей қарсы шыққан күш көрмеген Витовт кенет қобалжи қалған. «Бұлар тым көп екен? Расыменен жеңе аламыз ба?» деді ол ішінен. Дереу атының басын бұрып алып, кейін шапты. Шатырына келісіменен өзге князьдерді, әскер басшыларын жинап алып, ақылдасты. Кейбір князьдер Орда әскерімен соғысудың дәл қазір қажеті жоқ деп тапты. Босқа апат боламыз деді олар. Витовт Едігенің кейбір шарттарын қабылдап, жанжалды ұрыссыз бітірмек болды. Бірақ әскери кеңеске қатысқан кейбір қызба князьдер бұған көнбеді. Әсіресе, Польша рыцары Павел Жуковский Едігенің қойған шарттарының бір де бірін алмауды талап етті. Ақырында барып Либке князьдерімен оның одақтастары Алтын Ордамен арасындағы жанжалды тек соғыс арқылы шешпек болды. Сөйтіп енді екі әскер таң ата басталатын айқасқа дайындалуға кірісті…

Күн бүгін ұясынан шатынай шықты. Аумағы қып-қызыл боп қанталап кеткен. Лүп еткен жел жоқ, әлем біткен тына қалған. Ворскала өзені күн сәулесі сүйген қызғылт топырақты батыс жағаларының сурет елестері бетінде ойнап, осы бір кезде баяу ғана қозғалып тұнып жатқан. Бірақ өзен суы қып-қызыл боп адамның зәресін алғандай. Жан-жақтың бәрі таңертеңгі жұпар әуеге шомылып мүлгіп тұр. Тек тал арасын оқтын-оқтын тамылжытып бұлбұлдардың тәтті әуендерімен, жетпіс-сексені жиналып алып қыр беткейінде сайраған қара торғайлардың дауыстары естіледі… Анда-санда құлаққа өзен бетінде жүзген аққу-қаздардың қаңқылдағаны, сұңқылдағаны жетеді. Соғысты болжайтын төбе үстіне бір топ әскер басшылары, нөкерлерімен шыққан князь Витовт таң қалды.

Кешегі өзімен соғыспақ Алтын Орданың әскері Ворскаланың арғы бетінен көзге түспеді. Кеше кешке таман ғана бұл өзеннің оңтүстік бойы быжынаған әскер болатын. Витовтың шешімі бойынша Либке жағының бүкіл зеңбіректері түнімен өзен жағасына әкелініп шығысқа қаратып қойылған. Осы зеңбіректердің алдыңғы жақтарына өзеннің он шақырымдай жағасын алып күкірт дәрімен атылатын мылтықты жаяу әскері орналасқан. Князь бен әскер басшыларының ойы бойынша зеңбіректер мен жаяу әскер бұлықтары екі сағаттай уақыт арғы бетке оқ жаудыруға тиісті. Әрине, мұндай кереметке, құр садақ пен найзасы ғана бар Алтын Орда әскері шыдай алмайды, қашуға мәжбүр болады. Сол уақытта Тоқтамыстың атты әскерлерімен темір сауытты Тевтон рыцарьлары ұрысқа кірісулері керек, бұлардан қару-жарағы көш төмен Алтын Орда қосындары, ұзақ ұрысқа шыдамай жеңілуге тиісті.

Ал орнында бұлармен соғысатын жау жоқ.

Түнде бірен-саран от болмаса, бәлендей жарқыраған ошақтар көзге түспеген.

Зеңбірек оттарынан қорқып әдейі от жақпай отыр-ау деп ойлаған Либке қолбасшылары.

Және Ворскала өзенінің бер жағынан, отыз шақырымдай жағаны аңдытып қойған күзетші — ертөлелерінен де «жау бері өтті» деген хабар келмеген.

Сонда бұлар қорыққандарынан кейін қашқандары ма?

Сорлылар қашқанда қайда барады? Либкенің ұлы князінің сермесе қылышы жетпейтін жер бар ма? Жоқ қой!

Витовт жанында тұрған Тоқтамысқа қарады:

— Расымен қашып кеткендері ме? — деді сәл езу тартып,— Едігенің кешегі қырып-жоямын дегені қайда?

Тоқтамыс батыс жаққа ұзақ қарады.

— Асықпаңыз, ұлы князь,— деді әлденеге сабырсыздана.— Едіге сөзін жерге босқа тастайтын адам емес. Бір қулығы бар шығар…

Сөйткенше болған жоқ өзеннің бергі бетінің күнгей жағынан аспанға будақтай көтерілген қалың шаң көрінді.

— Бәсе, өзім де осылай шығар деп болжап едім,— деді Тоқтамыс.— Олар өзенді тым алыстан барып орағытып өткен екен.

Будақтаған шаң таяй түсті.

Витовт зеңбіректерін, жаяу әскерін дереу батыс жақта жатқан жерінен, енді күнгей жаққа қаратып шеп құруға бұйырды.

Ауыр қолды жаяу әскерлер мен алты атты парлап жегіп әзер тартатын шойын зеңбіректер енді өзен жағасынан сүйретіліп, күнгей тұстағы қырқаның төбесіне әкелінді. Зеңбіректер орнатылып, жаяу әскерлер ор қазып, алдарына қалқан құрып, келер жауды қарсы алуға ыңғайланған кезде, күн де көтеріліп қалды…

Будақтаған шаң жақындай түсті. Жел жоқ, шөптің басы қозғалмайды. Шаңның таяғанына қарағанда Едігенің атты әскері шауып келе жатқандай… Көп кешікпей мың сан әскердің атының тұяғынан көтерілген шаң бүкіл күнгей тұсты алып кетті.

— Мынандай шаңның көтерілуіне қарағанда, Едіге бізге бар әскеріменен тиіскелі келе жатыр-ау,— деді Витовт тағы Тоқтамысқа.

Тоқтамыс тағы жауап бермеді. Ол біресе шығысына, біресе батысына әлсін-әлсін қарады. Кенет бағанадан бері өзеннің ар жағында үн-түнсіз мүлгіп тұрған қалың орман-тоғайларға жан біткендей бола қалды. Сөйткенше, енді сол тоғай-ағаштардан қаптап шыққан қалың әскер көрінді.

— Бәсе,— деді Тоқтамыс,— Ұлы князь зеңбіректеріңіздің біразын енді қайтадан арғы бетке меңзеуге тура келеді.

Витовт жарлық берді. Біраз зеңбіректер қайтадан өз орындарына апарылды. Дәл осы кезде Польша рыцары Павел Жуковский өзінің әйгілі атты жауынгерлерімен өзеннің арғы бетіне өтіп, Алтын Орданың мына қосындарына қарсы шабуға рұқсат сұрады.

Ал жауының не ойлағанын әлі түсіне алмай тұрған Витовт оған:

— Сәл шыда! — деп бұйырды.

Осы сәтте үстеріне будақ-будақ шаң көтерген, күнгей жақтарынан қара құрымдай боп қаптаған Алтын Орданың әйгілі атты әскерінің өзі көрінді. Ең алдыменен олар алыстан ұзыннан-ұзын созылған қалың қара сызықтай боп көзге түсті. Сосын, атты әскерлер құмырсқа тәрізді кіп-кішкентай боп байқалып, бірте-бірте үлкейе түсті. Енді ат үстіндегі жауынгерлердің жалпы бейнелері, аздан кейін түрлері де көмескілене көріне бастады. Сан жетпейтін қалың атты әскер бүкіл күнгей жақты алып лек-лек боп шауып келе жатыр.

Дүрбі арқылы оларға таңдана қарап тұрған Витовт езу тартып күлді.

— Тезірек өлгілері келгендей, қарашы асығуларын! — деді.

— Ие-ие, әлі де күте тұру керек,— деді Тоқтамыс.

Ол шығысы мен теріскейіне де әлсін-әлсін қарай берді. Бірақ көзіне тағы ешкім түспеді.

Тоқтамыс төбе басынан, алыстағы жемін аңдыған қырағы қырандай көсіле шауып келе жатқан қалың әскерге бір мезет үн-түнсіз көз жіберді де, содан кейін өзеннің арғы бетіндегі қосындарды тағы бір шолып өтті.

— Бізге шауып келе жатқан әскерлер жүз мыңнан аспайды,— деді ол Витовтқа кенет қобалжи.— Менің естуім бойынша, Едігенің қарамағында қазір екі жүз мыңдай әскер болуы керек еді, өзгелері қайда?

Витовт тағы күлді.

Едіге алдыменен мына жүз мың әскерімді қыр деп жіберіп тұрған шығар,— деді ол енді қалың қолға дүрбісіз жай көз тастап,— қалғанын сосын жіберетін шығар.

Ұлы князьдің қалжыңын үлкен тапқырлық деп түсінген қоршап тұрған мырза, князьдер, нөкерлер ду күлді.

Қаптаған қарақұрым әскер таяп қалды.

Қыр басындағы Либке қолбасшылары орындарынан қозғалған жоқ.

Тек зеңбірек оғы жетеді-ау деген кезде ғана Витовт князь қасындағы кісіге бірдеме деді.

Сол сәтте Либке ұлы князьдігінің туы жоғары көтерілді.

Дәл осы кезде, ашық аспанда күн күркірегендей-ақ, дүние жүзінің зәре-құтын қашыра, отыз зеңбірек бірден гүрс-гүрс атылды. Дүниені селдей басқалы келе жатқан быжынаған әскерінің ең алдыңғы шебін күл-талқан ете зеңбірек оқтары жарылды.

Шу дегеннен-ақ жүздеген адамдар ат-матыменен көкке ұшты. Алдыңғы құлап жатқан жауынгерлердің үстіне кеп соңғы қатардағы әскерлер омақата жығылды. Зеңбіректер тағы гүрс-гүрс атылды. Тағы бірнеше атты адамдар жер құшты.

Сөйтсе де бірен-саран Либке шебіне таяп қалған ер жүрек жауынгерлер, енді жаяу әскердің шаңқ-шаңқ атылған мылтықтарынан қалпақтай ұшып-ұшып түсті.

Зеңбіректердің алғашқы гүрсілі шыққанда-ақ мұндай үрейге үйренбеген қыпшақ жылқыларының кейбірі кейін қарай қашты. Алдыңғы шептердің опыр-топыр құлап жатқанын көріп, әскер бір мезет алға қарай шабуға бата алмай, лоқсып барып сәл кідірді. Сол сәтте бірнеше жерден Едігенің жасыл туы көкке көтерілді.

Бұны көрген Алтын Орда қалың қосындары енді кейін қарай қаша жөнелді.

Жаңа ғана тасқын судай қаптап келе жатқан қалың әскер, заматта жоқ болды. Тек алдыңғы шепте бес жүзге жуық жас жігіттер мен аттарының өліктері қалды.

Алтын Орда әскері зеңбірек оғы жетпейді-ау деген тұсқа таяғанда кілт тоқтады. Аттарының басын бұрып алып, олар кенет қайтадан Либке шебіне қарай ақты, бұл жолы да әлгідей өліктерін қалдырды. Алтын Орда қосындары тағы әлгіндей зеңбірек оғы жетпейтін жерге келді де, қайтадан бұрылды. Бұл жолы да әлгідей болды, тек жерде қалған өліктері алдыңғы атойларынан аз секілді.

— Бұлар осылай біртіндеп өлгілері келген ғой,— деп күлді Витовт князі.

Бірақ Тоқтамыс жауап қайырмады. Әлі де бірдемені күткендей Шығыс пен Күнгей жағына қараумен болды. Демек, қыпшақи ұрысқа қанық Тоқтамыс бекер сезіктенбеген екен. Кенет Шығыс жақтарынан қаптап келіп қалған қалың әскерді көрді. Сірә бұл әскер күнгей жақтарындағы әскерлердей шаң көтеріп, алыстан шаппаған тәрізді, жасырына желе жортып жетіп, бірден тигелі таяу келгендей, шаң енді бұрқ етіп тым жақыннан шықты.

Келіп қалды! — деді Тоқтамыс Витовтка Шығыстан өрт түтініндей будақтаған шаңды көрсетіп.

— Ал, қимылда! — деп Польша рыцары Павел Жуковскийге бұйрық беруге ғана үлгірді Витовт.

Аттарының бастарымен кеуделеріне темір қалқан жабылған, көздерінен басқа барлық денелері көк сауытпен қымтанған, ауыр қару-жарақты Тевтон рыцарьлары мен Польшаның сауытты атты әскері жаудың келіп қалғанына қарамай, өздерінің темір қатарларын бірде-бір бұзбай, сүйір ұшты найзалары мен ай жүзді айбалталарын кезеп ұстап, лек-лек боп аспай-саспай алға қарай ұмтылды. Көп кешікпей екі атты қол, бірін-бірі жұтуға келе жатқан айдаһарлардай құшақтаса, айқаса кетті. Шақыр-шұқыр сілтенген айбалталар, жарқ-жұрқ еткен алмас қылыштар. Сауытсыз Қыпшақ жігіттерінің денесіне кірш-кірш кірген рыцарьлардың көк найзалары. Балуан денелі көшпелі елдің сыпайларының қос қолдап ұрған шоқпарынан жалтаруға үстеріндегі ауыр сауыттары мүмкіндік бермей, обатастай ат үстінен опырыла құлаған рыцарьлар.

Түс ауа бастады.

Күнгей жақтағы Едіге әскерлері әлі де Либкенің жаяу әскері менен зеңбіректеріне әлсін-әлсін шабуда. Өздеріне бар қатер осылардан келетінін түсінгендей, өлген-тірілгендеріне қарамай, оларға ешбір тыныштық бермек түрлері жоқ. Бірақ алғашқы кездегідей емес, зеңбіректерге қанша жер жақындау керектігінде әбден машықтанып алған ба, шығындары азайғандай. Бар армандары Либке әскерінің осы бір негізгі бөлігінің көңілін, тек өздеріне аударғылары келгендей әлсін-әлсін ат қояды.

Тоқтамыс та жан-жағына сезіктене қарауды қойған. Ол әлгі бір кезде өз атты әскерімен арғы бетте Алтын Орда қосындарымен ұрысып жатқан Либкенің бұлықтарына барып қосылған.

Соғысқа кірмей, тек төбе басында бірнеше жеңіл жасағы қоршаған серіктерімен Витовт князь ғана қалған. Сондай-ақ Күнгей жақтағы бір орманды төбенің үстінде Едіге мен Темір-Құтлық хан, және олардың нөкерлері тұр.

Соғыс қыза түсті.

Едігенің Исабек ағасы басқарған әскерінің оң қанаты да, Құнжақ оғлан басқарған сол қанаты да ұрысқа кірген. Тек Едігенің өзінің қарамағындағы бірнеше жеңіл қосындары ғана арт жақтарындағы қалың ағашты ойпатта. Ал Либке әскерлері теп-тегіс соғысқа түскендей көрінгенімен, бұлардың бірнеше бұлықтары да әлі әскерлерінің арт жақтарында. Олар да, бірдемені күтіп, ауыздықтарымен алысқан аттарын әзер басып, тыпыршып тұр.

Ешкім қазір аянбайтын тәрізді. Тек бетпе-бет, қоян-қолтық келген жауларын жеңу ғана бәріне арман екені сөзсіз.

Бірақ Тоқтамыс өз әскерін бекер ұрысқа салды.

Және жан-жағына үрейлене қарауын бұрынырақ қойды.

Алтын Орда қосындарына ең қауіпті күш Либкенің мылтықты жаяу әскерлерімен зеңбіректері еді. Дешті Қыпшақ жауынгерлері мұндай от дәрілі кереметтермен шайқасып үйренбеген. Тоқтамыстың Либке әскеріне Едіге қосындарын жеңеді деп үміттенгеніне ең алдыменен осы күштеріне сенген. Сондықтан көшпенділердің осал жерін білетін Тоқтамысқа керегінің өзі Либкенің зеңбіректері мен мылтықтарын дұрыс пайдалана білу еді, ал оның орнына қаны қызып кетіп, жасақтарымен өзі барып найза мен шоқпар ұрысына кірісіп кетті. Неге зеңбіректер мен мылтықты жаяу әскерлер бұлықтарынан бөлінді? Неге оларды ұмытты?

Ал Тоқтамыс ұмытқанмен, өзіне ең қауіпті күң зеңбіректер мен мылтықты жаяу әскер екенін Едіге есінен шығармаған. Оның бар ойы осы бір қаһарлы күштен өздері аз зиян шегуді мақсат еткен еді. Сондықтан соғысу тәсілін бұрынғы әдеттерінен тіпті өзгеше құрған. Ол бар әскерін төртке бөлген, бір бөлегін, Құнжақ оғлан басқарған бөлегін, өзеннің арғы жағында қалдырған. Өзге үш бөлігімен Витовт күзет қойған, өзен бойындағы отыз шақырым жерден көп алыс жерден өткел тауып бергі бетке өткен. Осы арада бұлар тағы үшке бөлінген. Бір бөлегін — Либке әскеріне күнгей жағынан тиетін қосындарды өзі басқармақ болған. Екінші бөлегін, жауға шығыс жағынан тиетін жасақтарды, әскери тәжірибесі мол, ер жүрек ағасы Исабекке тапсырған. Ал үшінші бөлегін, бес мың ғана ер жүрек жастардан құрылған ең шағын бөлегін, әйгілі Шора батырға басқартып, алыстан орағытып барып, жау шебіне теріскейінен тиетін еткен. Зеңбірек пен Либкенің он мың мылтықты жаяу әскерін құртуды осы бөлімге жүктеген. Шора батыр жасақтары оларды қалай құрта алады, бұл ерекше жауапты іс еді. Сол үшін өзі басқаратын Алтын Орданың негізгі қосындарын, тікелей соғысқа салмай, тиіп-қашып, Либкенің зеңбіректі, мылтықты әскерінің көңілдерін өздеріне бөле берген. Ал осындай әдіспен жау шебіне таянған Исабек, Құнжақ оғлан басқарған қосындар біраздан кейін тікелей соғысқа кірген. Бұлар Либке бұлықтарымен қоян-қолтық келіп алысуға тиісті. Едігенің бас әскері болып, Шора батыр жасақтарына көшпенділерге ең қауіпті Либкенің зеңбіректі, мылтықты бұлықтарын құртуға мүмкіндік тудырулары керек. Егер ол бұлықтарды құрта алмаса, өздерінің құрулары сөзсіз. Бұны Едіге жақсы түсінген. Сондықтан соғыс жүргізу тәсілін осы негізгі ойына сәйкес қолданған.

Адам баласының қиялынан ұшқыр ештеңе жоқ. Айбалта, шоқпар, найзамен, аузынан жалын атқан зеңбіректі, күкірт мылтықты жеңем деп қорықпай ұрысқа түскен Едіге, шынында да қиялшыл, қанатты жан еді. Оның бір кереметі осы қиялына өзі сенген. Және өзгелерді де сендіре алған. Сондықтан да қисық қылыш, бұзаубас шоқпармен көшпенділер көк темірге оранған, өз заманының ең алдыңғы өнерлі қару-жарағы бар Европаның мәдениетті елінің әскеріне қарсы шыққан.

Бұдан артық тағылық, жау жүректілік болар ма? Болмаса керекті!

Түс ауа соғыс бұрынғысынан да қыза түсті. Ұрыс қызған сайын өлім көбейді. Кейбір жауынгерлер жау оғынан емес, шаршағанынан ат үстінен жерге құлады. Бірақ Едіге қосындары болдырған аттарын әлсін-әлсін ауыстырып, мылтықты, зеңбіректі жау бұлықтарын шабудан тынбады. Өздері де әбден қалжырады. Либке жауынгерлерін де шаршатты. Міне, екі жақтың дәл осындай халге жеткен кезінде, майданның теріскей жағынан, мүлгіген аласа талды өзен жағасының тұсынан, кенет бір үлкен қосын көрінді. Бұл қосын қайдан шықты, бұл араға қайдан келді, дәл қазір айту қиын еді. Артынан барып анықталды. Бұл бес мың атты Шора батырдың жігіттері еді. Олар Либке әскерінің бар көңілдері жүріп жатқан ұрыста екенін пайдаланып, у-шусыз, бір тоқтап, бір желе-жортып, әр шағыл тоғай, қамысты өңірді пайдаланып, жауға ат қоятын жерге жаңа жеткен.

Дәшті Қыпшақтың ең жүйрік жылқыларын мінген, кілең қылшылдаған жас, жүрек жұтқан жігіттер талды-тоғайдың арасынан шығып, бір сәт қана үн-түнсіз тұрды. Тек Шора батырдың «алға!» деуі ғана мұң екен, олар майданның күнгей жағындағы зеңбіректі мылтықты бұлықтарға қарай дүрсе қоя берді. Либке бұлықтары келіп қалғанда ғана бір-ақ көрді. Зеңбіректерін кейін бұрып үлгермеді. Тек жаяу әскерлердің біразы ғана бұларға қарсы жүгіріп мылтықтарын безеді. Бірақ таудан құлаған ағындай қызып алған жүйріктерінің басын бос жіберген батыр жігіттер сол шапқан қарқындарынан бір бәсеңдемеген қалпында алдындағы жауын бір жайпап өтті. Өздерінің де өлгеніне қарамады. Қылыштарын, шоқпарларын оңды-солды сілтей, аттылы топ пен атсыз топ қоян-қолтық кеп айқаса кетті. Сол уақытта Едігенің қосындары да жетті. Бірде бір зеңбірек оқ атып үлгірмеді.

Майданның күнгей жағында тұрған Витовт князі мұны көріп, ұрысқа енді өзінің қарамағындағы таңдаулы бұлықтарын салды. Бірақ бұлар келгенше Едіге қосындары Либкенің зеңбіректі, мылтықты бұлықтарын біржолата құртуға айналды. Алыстан айбарлы көрінген зеңбіректі, мылтықты жауынгерлерді олар өшіге қырды. Ал Либке әскеріне қосымша жаңа бұлықтар жеткенніе қара көрпесін жамылып түн де келді. Амал жоқ, енді екі әскер соғысты тоқтатты, екі жаққа айырылды.

Ертеңіне таң ала көбең бола, соғыс қайтадан басталды. Негізгі өзінің кәрлі күшінен айрылып қалса да, Либке әскерінің әлі де қуаты мол еді. Европа мен Теріскей Африканы шулатқан Тевтон орденінің рыцарьлары, Польша, Либкенің әйгілі жаяу жауынгерлері Алтын Орда қосындарына табан тіреп қарсылық көрсете алды. Тек Тоқтамыс жағындағы Алтын Орданың жасақтары сол алғашқы күш ақ Едігенің әскері жағына шығып кетті. Сөйтсе де бір жерде Либке әскері жеңді, ал басқа бір тұста Едіге қосындары үстемдік алды. Бүкіл Ворскала өзенінің бойын бөлек-бөлек боп алып кеткен қанды майдан он бес күнге созылды. Әрі-беріден кейін бұл соғыс бірін-бірі аңдыған, жауының мүлт кеткенін пайдаланатын ұзақ ұрысқа айналатындай тәрізденді. Сөйтсе де; майданның алғашқы күндері өзінің бас күші зеңбіректі мылтықты бұлықтарынан айырылған Либке әскері жеңілді. Енді олар соғысуға дәрмені болмай кейін қарай сырғыды. Алтын Орда әскері Либке бұлықтарын Херман Кибеге дейін өкшелей отырып қуды. Ақырында Херман Кибеге жетті. Оны шаппақ болып қоршады. Бірақ қала тұрғындары үш мың сом ақша төлеп, шаһарларын аман алып қалды. Бұл төленген күн ол заманда керемет үлкен байлық еді.

Витовттың әскерін жеңіп, Херман Кибеге дейінгі Либкеге жататын ел-жұртты тонап, шаһар төлеуіне орасан көп ақша алып олжаға батқан Едіге мен Темір-Құтлық, жеңімпаз әскерлерін шұбыртып кейін қайтты.

Едіге сараңдық істемеді, осы олжаның жартысынан көбін соғысқа қатысқан жауынгерлеріне бөліп берді. Енді бұрынғы ер жүрек, батыр деген атына мырза, жомарт деген даңқ қосылды.

Ақсақ Темір Сарай-Беркені өртеп кеткеннен кейін, Тоқтамыс Ордасын Еділдің орта шеніне таяу жерге салдыра бастаған. Орданың жаңа астана шаһарын бітіруді Едіге Темір-Құтлыққа тапсырды. Өз басына жөнді ештеңе алмады. Бұны көрген жұрт Едігені, «елі үшін туған ер» деп тағы мақтай бастады.

Осылай Едіге өз маңына жұртты жинай білді. Ол енді Алтын Орданың шаңырағын қайтадан мықтап көтеруге кірісті.

Ал Тоқтамыс болса бұл кезде Либке князі әскері Алтын Ордадан жеңілгенін көріп, енді бұл жақтан өзіне еш жақсылық болмайтынын түсініп, Едіге Херман Кибеге аттанғанында, бұл өзінің жасағының қалғандарымен, қатын-балаларын шұбыртып, Маңғыстау даласы — Үстірт арқылы, кіндік қаны тамған туып-өскен жері Ібір-Сібірдегі Шаңғы Тараға — қайтадан ту көтеріп келе жатқан Көк Орданың кіндік қаласына беттеген.

АЛТЫНШЫ ТАРАУ

Алтын Орда ханы Темір-Құтлықтың дүние салғанын Едіге сыртта жүріп естіген. Қолына қара жалау көтеріп, бұл суық хабарды жеткізген қыпшақи жігіт «Алтын Ордаң, Едіге би, иесіз қалды. Бүгін таң ата Темір-Құтлық хан дүние салды» деген. Хабаршының «Алтын Ордаң иесіз қалды» деген сөзі өзін Ворскала жеңісінен кейін, Жошы ұлысын әкеп тұрғанын сылтау етіп жігітті бір ретте қамшысыменен тартып жібергісі де келді. Едіге өзін-өзі әзер басты. Тек хабаршыдан: «Темір-Құтлық хан неден қайтыс болыпты?» деді.

«Білмедім,— деді жігіт,— кешке қарай ұйықтап кеткенінен қайтып тұрмапты. Бәйбішесі таңғы намазға оятпақ боп қасына барса, дүниеден өтіп кетіпті».

Едіге Алтын Орда ханының неден қайтыс болғанын енді ұқты. Темір-Құтлық хан, әкесі Темір-Мәлік тәрізді ішімдікке көп үйір еді. Бұрын Қырымға хан болып жүрген кезінде жүзім шарабы, монғол торасұнымен әуреленетін болса, соңғы жылдары Алтын Орда ханы болғаннан бері, олардан көрі күштірек орыстың арпа, бидайдан қайнатқан сымакунын көп ішіп жүрген. Осы сымакунның өлегінен Ворскала жорығынан кейін, екі рет орыс жеріне аттанғанында, екеуінде де бұл елдерді жөндеп шаба алмай, жорық үстінде өзі масаң болып, әскерін қырып ала жаздап, әзер қайтқан. Алтын Орда ханының мұндай кеселге душар болғанын білген Едіге, бір ретте оған қатты ренжіген. Жауыңның қаруынан емес, арағынан жеңілейін деп жүрсің бе, мұныңды қой! — деген,— сен оны қызық көріп ішесің, ал қастарың сені әдейі уландыру үшін береді». Сол жылы Едіге Темір-Құтлыққа арақ беретін және онымен бірігіп өздері ішетін, Орданың біраз бекзадаларын Орда маңынан қуған, тіпті кейбіреулеріне дүре де соқтырған. Бірақ Темір-Құтлық ішуін бұдан кейін де қоймаған. Ескі серіктерінің орнына, жаңа достар тапқан. Енді араққа бір жола бой алдырған. Ақыры осындай бір ішімдікке салынып жүрген кезінде, кенет жүрегі қабынып кетіп, сол кешегі ұйықтаған қалпынан тұра алмай, таң ата дүние салған.

Дегенмен бір жағынан жиені, екінші жағынан үзеңгілес серігі, Темір-Құтлыкты Едіге жақсы көретін. Оның арақтан өлгеніне қанша ызаланса да, ашуланса да, сырт жұртқа сыр бермей, ардақтап қойдыруға Едіге дереу Ордаға бет алды.

Әмірші қасындағы адамдарымен ханның өз ордасына кіріп келгенінде, он сегіз қанат ақбоз үй іші кісіге толы екен. Ол есік алдында сәл кідірді. Орданың он жағында қып-қызыл кілем үстінде бет әлпеті қап-қара боп күйіп кеткен, үстіне кестелі жасыл барқыт жұқа көрпе жабылған Темір-Құтлық жатыр. Алтын Орданың өмір, бекзадалары отыр. Үйге кірген Едіге оларға жолбарыс боп көрінді ме, кенет түрлері қашып, опыр-топыр сырғысып төрдің дәл ортасын босата бастады. Тек өзгелерден анағұрлым биік, сұлу мұртты қара торы жігіт қана, орнынан сәл қозғалды да қойды.

Едіге оны бұрын көрмесе де бірден таныды. Бұл Жошының Тоқай-Темір баласының алтыншы буыны, соңынан бойының зорлығына қарай, халық үлкен Мұхамхамед деп, ал бертін келе Қазан хандығын билеген тұсынан бастап, Ұлық Мұхаммед деп аталған, Шыңғыс тұқымынан аты жаңа шығып келе жатқан ел аузындағы мырза еді. Өз әкесі Хасен Көк Орданың белгілі әмірлерінің бірі, Тоқтамыспен үш атадан барып қосылады.

Жұрт абыр-сабыр орындарынан түрегеліп, Едігеге қол беріп амандаса бастады. Ұлық Мұхаммед те орнынан тұрды. Ол аспай-саспай, маң-маң басып келіп Едігеге қол берді… Едіге оның жанында нар түйенің қасындағы тайлақ тәрізді боп көрінді.

Сол сәтте бүкіл Орданы қара түнге бөлегендей бір керемет сұлу зарлы дауыс жоқтау айта бастады.

«Ақ айдыным суалды,

Шаңырағым күйреп құлады.

Едіге дауыс шыққан жаққа қарады. Олардың сол жағында Темір-Құтлықтың алты қатынының бірі, биыл алған жас тоқалы екен жоқтау айтып отырған. Қара шашын жайып тастап, тостағандай бота көзін жасқа толтыра, ол өлген ерін мадақтап зар жылайды. Жастай қалғанын, хан қызығын көре алмағанын арман етеді. Даусы да, сөзі де адамның сай сүйегінен өтердей өткір. Екі бүйірін таянып ап, сұлу даусын қайғыға толтыра, жоқтау айтып отырған тығыршықтай жас тоқал, бір сәт Едігеге қарады. Кенет оның жасқа толы жаудыраған бота көздерінде, адам түсінбес үреймен бірге кісіні қуанышқа шақырғандай болмашы бір ұшқын пайда болды. Тоқал жоқтауын тоқтатпаған қалпында, Едігеге тағы қарады. Енді оның даусында тек Едіге ғана түсінердей, бөтен бір сырлы, сазды, назды үн естілді… Әйелдің толқып кеткенін Едіге түсінді. Темір-Құтлық бұл тоқалын алғанда Едіге Ордада жоқ еді. Бұлғар еліне барып, келісім сөз жүргізіп жүрген. Одан кейін де бұны көрмеген. Тек сол есік алдында сәл тоқтаған шағында өзіне үрейлене, таңдана қараған жаудыр көзінің болмашы қызуы, үнемі соғыс, ұрыс, айқастарда жүріп, тас болып қатып қалған жүрегін жылытып жібергендей болды. «Ордадан қайтқанымша бұл қатынды бір көруім керек» деді ол ішінен. Темір-Құтлықтың толып жатқан іні-ағаларының біреуі әмеңгерлікпен дәл қазір осы жас тоқалды алғалы жатқандай, Едіге кенет оны қызғана қалды. Ал оның байы болса анау, оң жақта өліп жатыр.

Ыстық, суығы қатар жүретін шіркін өмір!

Бұл өмірдің қызығы да осында ғой. Біреу өледі, біреу туады, қайғылы көңілде күтпеген жерден қуаныш пайда болады, ал қуанышты көңілді кенет қайғы билейді.

Төрге отырып, жанындағы жолдасы қоңырқай әдемі дауыспен құран оқи бастағанда ғана Едіге бұл Ордаға неге келгенін есіне түсірді.

Алтын Орда тағында бес жыл отырып, Темір-Құтлық хан дүние салған бұл, Қоян, яғни 1400 жыл еді. Сол қоян жылының қысы әдеттегісінен қатты болып ел қыстан өте қысылып шыққан.

Соған қарамай Алтын Орда әжептәуір көтеріліп қалған еді.

Бірақ Алтын Орданың көтерілуімен қатар, оның құлау қаупі де күшейе түскен.

Бұл қауіп Алтын Ордаға екі жақтан бірдей келген. Батысынан да, шығысынан да.

Күннен-күнге осы екі жақ алып қышқаштай қыса түскен. Орыс елі де князьдік-князьдікке бөлініп бөлшектенгеніне қарамай, шаруашылығын едәуір жоғары көтеріп алған. Оның бұл табыстары тек ауыл шаруашылығында ғана емес, Русь жерінде қалалардың өсуімен байланысты, өнеркәсіп, өндіріс және қолөнершілері шығаратын заттар да бұрынғысынан бірнеше рет артқан. Бұл Русьтің ішіндегі өзара сауда-саттығын ғана өсіріп қоймаған, шет мемлекеттермен де байланысын күшейте түскен.

Бұл кездегі Русь осыдан барып, Европаның күшті мемлекеттерінің біріне айналған. Ол өзіне керек затты, өзге елдерді шаппай, тонамай, өз қорымен, табиғаттың өзіне берген байлығыменен шығара алатын күйге жетіп қалған. Осындай шаруашылығының күшеюінің арқасында, оның соғыс қабілеті де арта түскен. Бұл тұста Русьтің әскери өнері Алтын Ордамен салыстырғанда анағұрлым жоғары еді.

Едіге қандай шара қолданғанымен, тарихтың алға аттаған жүрісін кейін шегіндіре алмаған. Енді Русьті бағындырып ұстаудың орнына, Алтын Орданың өзі осы елге бағынышты болып қалу қаупі сезіле бастаған.

Демек, Едіге бұл жағдайды жақсы түсінген. Ал орыс елін, әсіресе, Мәскеу князьдігін барып шабуға әзір күшін жеткіліксіз санаған. Сол себептен бұл да Алтын Орданың ежелгі саясатына көшкен. Бұл саясат баяғы князьдерді бір-біріне қарсы қойып, солардың жанжалынан пайда табу еді. Бірақ Мәскеу князьдігі дәл кәзір, табан тіреп қарсы тұратын князьдікті таба алмады. Өзін одақтас етпек болған Тверьдің ұлы князі Иван Михайловичке шын көңіліменен сеніп, оған тікелей әскери жәрдем беруге қауіптенді. Тверь князі тым күшейіп кетсе, бұл да Мәскеу князі тәрізденіп кетеді ғой деп дүдәмалдана берді. Және бұл князьдің Мәскеуге қарсы шығып белдесіп күресуге күші жетеді деп те сене алмады. Өйткені, Едіге орыстың өзге князьдері негізінде бастарын біріктірмекші Мәскеу князі жағында болатынын жақсы түсінетін. Мұндайда топ арлан іштеріндегі бір бұралқыны жабылып талап тастауы қиын емес деп ойлады. Сол себептен өзіне қас князьдердің жанжалын әріректен бастағысы келген Едіге, ең алдыменен Мәскеудің осы кездегі ұлы князі Василий Дмитриевич пен орыс жерінің батыс-күнгей жағын, Кибеге дейін алып қойған Либке ұлы князі Витовттың арасына от салуға тырысты. Бірімен-бірін соғыстырып екеуін де әлсіретпек болды. Мәскеу князі Василий Дмитриевичке Темір-Құтлықтың үшінші баласы жас Болат пен Еркіліберді әмірді елші етіп жіберген. Бұл жолы Мәскеу князіне өз ойын айтпаған. Елшілеріне тек Мәскеу князінің алдағы саясатын біліп келу ғана тапсырылған.

Міне, осындай жағдайда айтқанынан шықпайтын және Едігенің ойын дәл түсінетін Темір-Құтлық өлді.

Енді оның орнына дәл Темір-Құтлықтай Едігенің шын қол шоқпары бола алатын кім бар?

Шабарман келіп: «Темір-Құтлық хан дүние салды» деген кезінен бастап Едігеден осы ой кетпей қойған.

Міне, қазір де арақтан қап-қара боп күйіп кеткен Темір-Құтлықтың бетіне қарап отырып, Едіге әлсін-әлсін осы ойына орала берген. «Өлген хан өлді. Тірі тіршілігін істеуі керек. Кім бар Темір-Құтлықтай бола алар? Қайсысы айтқаныңнан шықпайды?»

Әлде мынау Әлібек өмір ме? Иә, бұл да Шыңғыс ұрпағы.

Түлек-Темірден тараған. Бас-Темірдің баласы. Жоқ, болмайды. Бұл Тоқтамыспен аралас. Қанына тартып кетуі мүмкін. Және кәрі…

«Мүмкін мына алып денелі жас Мұхаммед ылайық шығар?.. Шыңғыс ұрпағының өзгелеріндей емес, өзін-өзі ұстауы бөлек. Мұндай тәкаппар адамның сенің айтқаныңа көніп, айдағаныңа жүруі қиын. Билік қолына тисе…»

Осы Темір-Құтлықтың өз балаларының бірін неге қоймаймын? Әке жағынан болса да өзіме жақын ғой. Мына отырған, Болат, Темір, Насыр, Жәдібер. Төртеуінің қайсысы жарар еді? Әлде анау қара жамылып, еңіреп отырған екі қызы Махтұм-Сұлтан мен Бердер-Сұлтанның күйеулерінің біреуін қойсам жөн бе?.. Бәрі де Шыңғыс ұрпақтары ғой. Жоқ, жоқ, бәрі де халық көзіне түспеген боз өкпе. Айтқаныммен жүрсе де, Алтын Орда ханы — Алтын Орда ханы болуы керек қой.

Дәл осы кезде шегір көз, мығым денелі жігіт кіріп келді. Бұл Темірбек пен Құтлық ханның немере інісі Шәдібек еді. Әкесі Құтлық, Темір-Құтлықтың әкесі Темірбек-ханның Күнжақтан кейінгі екінші інісі болатын.

ІІІәдібек кірген беттен ешкімге қараған жоқ. Жұртты баса көктей келіп сәлем беріп, Едігенің алдына жүгінді.

— Алтын Орданың ханы біздің әкеміз еді. Ал сіздің Алтын Орданың құлап кеткен шаңырағын қайта көтеріскен серігіңіз, жиеніңіз еді. Алтын Орда Темір-Құтлық ханға бас исе, Темір-Құтлық хан ұлы Едігеге бас иген. Бізден гөрі бұл өлімнің сізге қатты батқанын білеміз. Бірақ Ел қорғаны Едіге аталған ұлы көсеміміз, қабырғаңызды қайыстырып, тым жүдей бермеңіз. Темір-Құтлық хан өлгенмен, оның үрім-бұтағы — біз бармыз. Серігім дүние салды деп көңіліңізге секем алмаңыз, Сізге ардақты жиеніңізді жоқтатпауға бүкіл Тоқай-Темір ұрпағы боп серт береміз,— деді.

— Бәрекелді, бәрекелді! — деді төр жақтағы бір-екі ақсақалдар. Шәдібектің көзін тауып — айтқан сөзіңе іштегілер тегіс риза болып қалған.

Әсіресе Едіге іштей риза болды.

Ол бір сәт Шәдібектің бетіне ойлана қарады. «Алтын Орда ханы осы Шәдібек неге болмайды? Ие, ие, осы лайықты тәрізді. Жұрт көкейіндегі сөзді дұрыс айтты ғой…»

Бірақ қырағы ойлы Едіге, дәл қазір серт беріп, осылай көңілін жібітіп тұрған Шәдібек мырзаның соңынан бүкіл Тоқай-Темір ұрпағынан шыққан ең қасы болатынын білген жоқ. Ал Шәдібек болса Едігемен дос емес, қас болатынын білген. Қазір былай сөйлегені жылы-жылы сөйлесең жылан інінен шығадының көбі еді. Хан тағынан үміті бар мырза, Едігеге осылай жалбарынуға мәжбүр болған. Едіге тағы да ойға кетті.

Алтын Орданың батысы қандай қауіпті болса, шығысы одан кем емес еді.

Мұндағы қауіп, әрине, Ақсақ Темірден.

Рас ол қазір Алтын Ордаға тиісіп жатқан жоқ. Хорезмді өзіне қаратып, Сарай-Беркені өртегеннен бері, тынышталған тәрізді. Бірақ бұнысы өзге елдерді шабудан қолы босамай жүргендігінен ғой, әйтпесе Мауараннахр мен шектес Алтын Орда тәрізді күшті мемлекеттің болуын ол тілейді ме? Әрине, тілемейді. Бүгін болмаса ертең, күші қолында тұрғанда, Алтын Орданы қайтадан шабуы хақ.

Бұл жолы ол Алтын Орданы бір жолата құртуға тырысады. Тек оған дейін өзі құрып кетпесе?

«Құрып кетеді? Қалайша, Едіге іштей күлгендей болды, бірақ сол сәтте қайтадан томсара қалды. Қазір Осман Түріктермен соғысқалы жатыр дейді. Рас болғай. Ақсақ Темір мертіксе бір мертігер жері осы түріктер. Олардың қазіргі Сұлтаны Баязитке Ілдірім Баязит деп босқа ат бермесе керекті. О да қаншама елді өзіне бағындырды. Әрине, Ақсақ Темірді жеңсе, Осман Түріктері де бұл жаққа, әсіресе, өздері бір кезде бағындырған Иранға жақын Қырымға бір соқпай кетпейді… Бірақ олар Қырымға жеткенше кім бар, кім жоқ…»

Едіге дәл бүгінгі күні Ақсақ Темір мен Ілдірім Баязиттің соғысқанын тіледі. Өйткені бүкіл Иранды, Иракты, Үндіні бағындырған алты жүз мың жаяу, төрт жүз мың атты әскері бар Ақсақ Темірмен күресер, дәл бүгін Алтын Орданың күші жоқ екенін Едіге жақсы түсінген. Ақсақ Темірмен тікелей алысу үшін Алтын Орданың бұрынғы күйіне жетуі қажет. Оған уақыт керек. Сол себептен Едіге сонау алыста жатқан Ілдірім Баязиттің Ақсақ Темірді жеңуін тіледі… Ал бұл екі мұсылман елінің шайқасатынына күмән келтірмеген. Өйткені екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды, Ақсақ Темір жақында «Қазіргі адам баласы жайлап отырған әлем, екі патшаның басқаруына тұрмайды» деген қанатты сөзін осы Баязит туралы айтқанын естіген. Бұндай сөздің иесі, Баязит тиіспесе де, Баязитке өзі барып тиісетіні анық еді.

Расында да бұл кездегі Осман Түріктері күшті мемлекет болатын.

Ұлу, яғни 1399 жылы Ақсақ Темір Алтын Орданы алғашқы шапқан жылы, Косо даласында Сербтермен соғысып қаза тапқан әкесі Мұрадтың тағына отырған туған ағасы Яқыпты өлтіріп, Баязит Осман Түріктерінің сұлтаны болған. Содан бері үлкені, кішісі бар Қара теңіз бен Жерорта теңізінің маңындағы көп жұртты өзіне бағындырған. Түріктердің әйгілі атты әскерімен, күтпеген жерінен тиіп, жау шептеріне жылдамдық көрсеткені үшін жұрт оған Ілдірім деген ат қойған. Ол өзі жаулап алған Серб елінің королі Лазардің екі қызының бірі, атақты сұлу Оливерді алған. Қазір Баязит өзінің атақты бес жүз мың атты әскерімен Адриатт теңізінің жағасында жүрген. Осман Түріктерінің сұлтаны болған он бір жылдың ішінде ол еш жеңілуді білмеген. Ілдірім Баязит пен Ақсақ Темірдің майданда кездесуі, әрине, осы жиһангерден әбден мезі болған өзге жұрттарға бір үлкен үміт еді.

Сол үміттенгеннің бірі Едіге болатын.

Бірақ Едігенің үміті ақталмады.

Ақсақ Темір мен Ілдірім Баязит бұдан екі жыл кейін Жылан, яғни 1405 жылы кездесті. Баязит Ақсақ Темірдің Түркия жеріне кіргенін Жерорта теңізінің жағасында жүргенде естіген. Ілдірім деп жұрт бұны босқа атамаса керек, Ақсақ Темір Анкараға таяған кезде бұ да жеткен. Анкараның түбіндегі атақты айқас сол Жылан жылы, шілденің жиырмасы күні болған. Ақсақ Темір жағынан алты жүз мың жаяу әскер, төрт жүз мың атты әскер қатысқан. Баязит, майданға әскер жинауға уақыты тар болып, үлгіре алмай қалған. Өзін біреу шабуға келгенде әйгілі жылдамдығын көрсете алмаған. Таңертең басталған ұрыс, күн батқанға дейін созылған. Ақыры Баязит әскері жеңілген. Өзі қолға түскен. Ақсақ Темір ежелгі әдеті бойынша, шапқан елін аямай тонап, «бүкіл әлем менің қандай қанішер екенімді біліп, қорқып жүрсін» — дегендей өлтірген адамдарының бастарынан Анкараның теріскей жағына тау-ескерткіш жасап, керуен-керуен олжаларын сыңсытып, өзімен бірге Баязитті тұтқын етіп алып, кейін қайтқан.

Табриз шаһарына жеткен жерде, екі-үш күн жатып Ақсақ Темір сауық-сайран құрған.

Сол күндердің бірінде, сарайының есігінің алдына аяқ-қолы байланған Баязитті әкеп отырғыздырған.

Өзі серік-әмірлерімен шарап ішіп рахатқа батқан.

Шырақ шамы, боз ажарланып қара көлеңкелеу келген сарайда Ақсақ Темір әмірдің алдында ұлпа шәйі көйлек киген фарсының сұлу қыздары дудар мен бубен үндеріне балқып би билеген.

Ақсақ Темір өзі тәрізді жиһангер атанып даңққа бөленгісі келген Ілдірім Баязитті қорламақ болған.

Оның ең сүйікті әйелі Серб королінің қызы Оливерді өзіне қызмет істетіп қойған.

Оливер жалаңаш денесін жат еркектерге көрсеткісі келмей, көзіндегі жасы мөлт-мөлт ағып, төрдегі әмірлердің алдындағы күміс кеселеріне көзінің жасы тәрізді, мөлдір шарапты құйып жүрген.

Мастана бастаған әмірлер әйелдің сұлу денесіне қызығып, әр түрлі сөздер айтып, қарқ-қарқ күлген.

Бәрін көріп отырған Баязит ызадан өліп кете жаздаған. Өкінішті дыбысын шығармайын деп өткір тістерімен еріндерін тістеп қан-қан еткен.

«Сен де мендей даңқты болғың келген екенсің ғой» деп Баязиттің ерлігіне өшіге түскен Ақсақ Темір, оны бұдан әрі де қорлауды ойлаған.

Бір сәт ол:

— Бар тілегіңді берейін, сөйле, не тілейсің? — деген, оған Баязит үндемеген.

— Кесілген жерінен қайта шығатын сенің басың талқурай емес қой, басың алынбай тұрғанда сөйле,— деген Ақсақ Темір.— Егер сұрағаның ұнаса беремін.

— Сұра! — деген шарапқа қызынып алған әмірдің біреуі,— Әмір-Темірдің қолынан бәрі келеді!

— Босатуын сұра! — деген екіншісі.

— Дүниенің ең қызығы қазір шарап,— деген үшіншісі,— сенің жағдайыңды қайғыңды шараппенен жуудан бөтен рахат жоқ, шарап сұра!

— Мына сұлу қатыныңмен ең болмаса бір күн жатуыңды сұра,— деген төртіншісі.— Содан кейін өліп кетсең де арманың болмайды.

— Иә, қайтадан табылған қуаныш, бір түндік болса да қуаныш,— деген бесіншісі.

Масаң әмірлер күлісіп, ақылдарын айтып шуылдаса берген.

Кенет Баязит:

— Жарайды, сұрайын,— деген.

Жұрттың бәрі кенет басыла қалған. Тек Ақсақ Темір ғана сәл езу тартқан.

— Өзім де сұрайтыныңа күмән келтірмегем,— деген ол.— Айт, не сұрайсың?

Баязит те сәл күлімсіреді.

— Жалғыз ғана өтінішім бар,— деді ол.— Мені жендеттеріңе тезірек қасапша бауыздап өлтіруге бұйырыңыз!

Ақсақ Темір де, үйдегі әмірлер де таң қалды. Әмір Баязит өзінен жансауға сұрайды деп ойлаған. Ал ол…

Ақсақ Темір өштескен адамдарын көбіне өз көзінше өлтіртетін. Және олар қиналып өлсе мәз болатын. Мұндай өштескендерін әсіресе ол пышақтың жүзімен емес, сыртымен бауыздауды өте ұнататын. Мұндайда жазаланған адам ұзақ, қиналып барып жан тапсырады. Ал «қасапша өлтіру» деген сөз, ол қасапшының малды бауыздағанындай, пышақтың өткір жүзімен адамның тамағынан орып жіберу. Бұл жазықтыны қинамайды және тез өлтіреді.

Батыр деген Баязиттің өлімнен қорыққанын әмірлеріне көрсетіп, өзімен даңқ салыстырмақ болған адамды қорлауды ойлаған Ақсақ Темір, кенет тұнжырай қалды. Сөйтсе де ол, өзінің жеңілгенін білдіргісі келмеді.

— Өтінішің өте ұнады. Шын ер жігіт екенсің. Сондықтан мен сені қасапша да, жай да өлтірмеймін,— деді Ақсақ Темір.

Жендеттеріне Баязиттің қол-аяғын босатып, үстіне шапан жауып, шарап беруін бұйырды.

Ақсақ Темірдің мырзалығын мақтап мас әмірлер у-шу болды да қалды.

Бірақ Ақсақ Темір оларға:

— Күні бұрын азан-қазан болмай тұра тұрындар,— деді.

Ақсақ Темірдің кекесін үнінен әмірлер мас болса да, ашулы саздың суық лебін сезді. Билеушілерінің өз ұпайын жібермейтініне олар сенді.

Ертеңіне Ақсақ Темір ұсталарға әдейі кең темір тор жасатты. Оған Баязитті отырғыздырды. «Мен сияқты даңқты болам деген кісінің түрін көріңдер» деп оны темір торға қамалған арыстан тәрізді, сонау Самарқантқа дейін алып жүрмек болды. Тоқтаған жерлерінде жұрт көрсін деп күндіз темір торлы жәшікті алаңға қойғызды. Жұрт бір тордағы тағы ғажайып аңды тамашалағандай — жәшіктің жанына топырлап жиналатын болды.

Ал түнде жәшікті өзі жататын бөлменің босағасына қойғызды. Бойына шарап тарап, денесі әбден қызған кезде, төсегіне Оливерді алдырды. Екі қолы бірдей байлаулы, еңіреп жылаған сұлудың үстіндегі шәйі көйлегін өзі шешті…

Ақсақ Темірдің қолдаушы әмір, жендеттері оның бұл ісін, тапқырлығы, ерлігі деді.

Кейбіреулері, Баязит ұлы Әмір-Темірмен даңқ таластырғысы келді ғой деп қарқ-қарқ күлді.

Бірде-бір жан Әмір-Темірдің бұл айуандығын бетіне басып тоқтатпады.

Ақсақ Темірдің қорлығына Баязит көнбеді. Сол Жылан жылының күзі бітіп, Жылқы жылы басталғанда, Самарқантқа баратын көне Жібек жолының бойындағы Ақшаһар деген қалада бұған жаны ашыған бір қарт түріктің берген уын ішіп бір күндей қиналып жатып бұл дүниеден көзін жұмды.

Ақсақ Темірдің қорлығынан, жарық дүниенің азабынан, бүкіл әлемге Ілдірім — өте жылдам жиһангер атанған атақты Баязит сұлтан осылай құтылды.

Тек өзінен кейінгі ұрпақта жұмбақ болып «Баязиттің орнына оның қолына Ақсақ Темір түссе, Баязит те Әмір-Темірді осылай етіп қорлар ма еді?» деген жауабы жоқ сұрақ қалды.

Кім білсін, Баязит, қандай қанішер болса да, дәл бүйте алмауы мүмкін. Мұндай қатыгездік тек Ақсақ Темірдің қолынан ғана келуге тиісті. Өйткені ол Ақсақ Темір ғой. Дүниеде мұндай екінші Ақсақ Темір өтпеген.

Бірақ бұның бәрі Темір-Құтлық хан өлгеніне екі жыл өткеннен кейін болған.

Ал қазір ойда отырған Едіге, Баязиттің әрине, бұлай жеңілетінін білмеген. Дүниедегі өзінің де, Алтын Орданың да, дәл қазіргі ең күшті жауы Ақсақ Темір болғандықтан, оның Баязиттен күйреуін тілеген…

Бірақ Едіге құр бос тілек тілеп қоймаған, ол осы бүгінгі күнінен бастап Ақсақ Темірмен күресуге дайындыққа кіріскен. Алтын Орданы күшейту үшін, Едіге, ең алдыменен құр көшпелі елдің мал шаруашылығын ғана емес, қала өндірісін де, бөтен елдермен сауда-саттығын да көтеру керек екенін білген. Бұл тұста да Алтын Орданың Темір-Құтлық ақшаларын шығарып жүрген Қырым, Хаджы-Тархан тәрізді үлкен қалалары да бар еді. Бірақ сауда-саттық жүргізуге, шыңғыс елдеріменен байланыс жасауға келгенде бұның бәрі Хорезмге татымайтын. Ал Хорезмді Алтын Ордадан Ақсақ Темір тартып алған. Осы Хорезмді өзіне қаратпай Орда күшін бұрынғы қалпына келтіре алмайтынын Едіге жақсы түсінді. Қайткенмен Хорезмді өздеріне қайтарулары керек. Ол үшін, әрине, Ақсақ Темірмен түбі ашық ұрысқа түспей болмайды. Бірақ ол күнге жеткенше Ақсақ Темір Алтын Орданы қайтадан шауып жүрсе не істей алады? Жоқ, қайткенмен шаптырмауы керек. Өзге айласы болмаса Едіге әзірге Ақсақ Темірді алдай тұруы дұрыс. Арнаулы елшілер жіберіп «кесем десең міне бас» деп бағынған боп кешірім сұрап, оның шабуылын аялдата алуы керек.

Едіге ең қауіпті жауы Ақсақ Темірмен әзірге осылай тіл таппақ болды. Бірақ Едіге, басына тағы бір қара бұлттың торлай бастағанын аңғармаған. Ол Алтын Орданың бір бүйірінде, дұрыстап, орныға алмай көшіп жүрген Тоқтамыс еді. Жоқ, Тоқтамыстан гөрі қасқырдың бөлтірігіндей азу-тістері ақсиып шығып қалған, Тоқтамыстың балалары еді. Әкелері Алтын Орда тағынан айырылғаннан бері бұлар да ай қарап тыныш жатпаған, ағайын-туыстарын, дос-жораларын, өздеріменен тілектес, рулас топ тауып, әр жерден су жыландай бастарын шошайтып-шошайтып шыға бастаған.

Бірақ Едіге бұлардың мұндай күйге жетіп қалғанын білмеген. Сондықтан ең қауіпті жауым қазір Ақсақ Темір деген.

Ертеңіне ақ жуып, ақ жібек кебінге орап, бүкіл Орда Әл-Жәдид маңайындағы ел-жұрт, Жошы ұрпағы боп, бір күннің ішінде ақ тастан қалап алтын жалатқан күміс айлы мазар салып, Еділ өзенінің қойнауындағы бір төбеге Темір-Құтлық ханды жерледі.

Жыртысқа құлаштаған жібек, батсайылар жыртылды. Бір ғажабы Темір-Құтлық шараптан қайтыс болғандықтан Едігенің өмірі бойынша мұсылман ғұрпына жатпайтын іс істелді, басына керемет обатас қойылды. Бұл тасты Өзбек хан Меке мен Мәдинаға керуен жүргізіп, жүз түйенің елуіне кітап тиеп әкелдіргенінде, осы обатасты қос нармен тарттырып сонау Мысырдан Сарай-Беркеге жеткізген.

Обатасты ерте кезде Мысырдың бір ғажайып шебері жасаған екен. Өзбек мың ділдә төлетіп алдырған. Бұның кереметтігі сондай, тастың қатпарлап қашаған келбеті, күн сәулесінің түскен мезгіліне қарай өзгеріп тұрған. Адам бейнесіндегі обатас таңертең, күн шыққан кезде жас жігіт түріне енеді, шаңқай түсте, мосқал кісі боп көрінеді. Ал күн батарда сақалы беліне түскен кәрі шал бейнесіне кіреді. Ұлы шебер тастың ойлы, қырлы, қатпар жықпылдарында күн жарығын қай кезде түсетінін пайдалана білген.

Өзбек хан өзі мұсылман болғандықтан бұл тас мүсінді зират, мешіт, медреселерге қойдырмай, қазына сарайында сақтатқан екен. Ақсақ Темір Сарай-Беркені күйретіп, өртегенде қаланың жұртынан табылған.

Едіге әмір, «Темір-Құтлық хан, еш мұсылман ханы өлмеген ажалмен өлді, мұндай ажалдың мәңгі күнә екенін жұртқа ескертіп, мына сиқыр тас басында тұрсын» деп әдейі қойдырған.

Жиналған жұрт Едігенің сөйлеген сөзіне, Темір-Құтлық ханды шараптан күйіп өлгеніне қарамай, осыншама қадірлетіп қойғанына өте риза болды.

Әсіресе халық оның басына қасиетті тас орнатқанына алғысын айтты. Мұндай тасты бұрынды-соңды еш ханға ешкім тұрғызып көрмеген. Темір-Құтлық ханның жерлеуінің айырықша болып танылуы да осыдан еді.

Әттең, не керек, бұл тас ұзақ өмір сүре алмады. Еділ өзенінің келесі бір қатты тасыған жылы, хан мазарын су әкетіп, тас бірге құлады.

Осылай тарихтан Алтын Орданың тағы бір ханы өтті.

Бірақ оның төрі көп мезгіл бос тұрмады. Қиын кезең деп Едіге Темір-Құтлықтың жетісін берісіменен, сол төрге Шәдібек мырзаны шығарды.

Әрине, қазіргі Едіге бұрынғы Едіге емес еді. Бұрынғы Едіге түсі суық болғанмен, көңілі, реті келген жерде жомарт, көп жағдайда кең пейіл, ерлікті қан төгу деп түсінбейтін, көрер көзге озбырлыққа бара қоймайтын, өз қамынан гөрі ел қамын көбірек ойлайтын адам боп көрінетін. Бұрынғы Едіге «Аталы сөзге арсыз тоқтамас» деп дұрыс айтылса, қатесін де мойындай алатын. Қысқасы жұрт оны ер жүрек, әділетті, мырза, ойлы, парасатты, адам деп түсінетін. Сол үшін соңынан ерген. Азу тісі алты қарыс Тоқтамысты жеңуге де жәрдемдескен. Бірақ, дәреже кімді бұзбаған, қазіргі Едіге тіпті басқа кісі еді. Алтын Орданың билігі қолына көбірек көшкен сайын, ол тым қатыгезденіп өзгере түскен. Адамның қандай екенін білгің келсе, қолына билік бер деп халық босқа айтпаса керек-ті, қарсы келгенді қағып тастайтын, суық түрі бұрынғысынан да түнерген, тас бауыр, ешкімді аямайтын жан болған да шыққан.

Ең қиыны бүгінгі Едіге соңынан ерген жұртты, бүкіл Алтын Орданы қылыштың жүзіменен, қамшының ізімен өзіме бағындырып ұстаймын деген қиянатшыл, зорлықшыл билеушіге айналған. Жұрт бұдан бұрынғыдай емес, сыйлаудан гөрі қорқатын болған. Ал халықтың билеушісіне қорыққанынан бас июі — бұл түбі қауіпті бас ию. «Қорқа-қорқа батыр болдық» дегендей, бұл қорқудың түбі жұртты апарып қарсыласуға соғатыны да мәлім, ал Едіге болса, бұл жағын естен шығарып алған. Жұрт неғұрлым басын исе, солғұрлым бұ да шектен шыға түскен.

Міне бүгінде Едіге осындай бір іс істеген. Жетісін берісіменен, Темір-Құтлықтың немере іні-ағалары, шариғат шығарған әмеңгерлік ғұрыппен оның жесір қалған алты қатынын бөліп алған. Әнеугі Едіге келгенде жоқтау айтқан Темір-Құтлықтың жаудыр көз, тығыршықтай жас тоқалы осы заң бойынша Алтын Орданың жаңа ханы Шәдібектің үлесіне тиген.

Ал Едіге болса, бұл әйелдердің еш қайсысынан үміттенбеген. Бірақ хан ауылындағы бар шаруасы біткеніне қарамай, әлденені күтіп, жүріп кете қоймаған.

Жұрт Едігенің неге аялдап жатқанын білмеген. Бұл тек Едігенің өзіне ғана мәлім еді. Оның күтіп қалғаны Темір-Құтлықтың сонау бір күні өзіне ұнап кеткен жас тоқалы еді. Оның Шәдібектің үлесіне тигенін де білетін. Және Темір-Құтлықтың қырқын бергеннен кейін, Алтын Орда ханы некесін қидырып сонда ғана алмақ болғанын естіген. Сөйте тұра…

Жоқ, Едігенің ойы басқаша еді. Алтын Орданың бүгінгісі мен болашағы туралы бағана күндіз Шәдібекпен оңашада ұзақ сөйлескен. Ақсақ Темірдің осы мезгілде Түркияға аттанбақ боп дайындалып жатқанын естісе де Мауараннахр билеушісінің үнемі жорыққа шығар шағын күні бұрын айтпай, жауын ылғи қапы қалдыратынына қанық Едіге, Әмір-Темір бұл жолы Алтын Ордаға аттанып жүрмесе нетсін деп қауіптенген. Сол себептен ІІІәдібекке Ақсақ Темірге өздерін бағынышты санайтынын айтып, көп тарту-таралғысыменен Едігенің атынан абыройлы елші жіберуін бұйырған.

Шәдібек те, Ақсақ Темір мен Едіге, Темір-Құтлық ханның арасындағы наразылықтан жақсы хабардар болатын. Және бұл наразылықты Ақсақ Темір Сиыр, яғни 1398 жылғы Үндіге жорыққа шығар алдында Едіге мен Темір-Құтлық хан арнаулы елшілер жіберіп, Әмір-Темірді біркелкі райынан қайтарғанын да білетін.

Дегенмен, Ақсақ Темірдің райынан қайтты дегені Мауараннахр әміршісінің құр бер жағы екенін де Шәдібек іштей шамалап қойған. Сөйтіп жүргенде Әмір-Темірдің келісімінсіз міне енді өзі Алтын Орда ханы болып отыр. Шәдібек те, әрине, Әмір-Темір алдындағы осы айыбын жойғысы келеді. Сондықтан ол:

— Мүмкін елшіні екеуміздің атымыздан жіберген жөн болар,— деген біркелкі кішілік көрсетіп,— Жақсымын ба, жаманмын ба, әйтеуір Алтын Орда ханымын ғой…

Әрине, Шәдібектің бұл сөзінде тұрған ештеңе жоқ еді.

Және оның бұл айтқаны орынды да болатын. Бірақ көптен бері Алтын Орданы билеп-төстеп үйреніп қалған Едіге, «Таққа отырмай жатып менімен қатар түскің келеді ғой» деп кенет іштей тітіркенген. Бірақ, Шәдібектің айтып отырғаны орынды сөз екенін тез ұғып, кең пейілдік көрсеткен.

— Әлбетте,— деген ол,— бір жағы өзіңнің Алтын Орда ханы болғаныңның хабарына айналсын біздің жолдаған сәлемдемеміз.

Әйтседе, Шәдібекті шу дегеннен біржолата жаншып, тұқыртып өзіне бағынышты етіп алу үшін Едіге басқа да адуынды бұйрықтар берген. Шәдібек бәрін де қабылдаған, дегенмен, жастықтың мен-мендік сезімі биледі ме, әлде Алтын Орда тәрізді алыптың тағына жаңадан отырған қызуы көңілін көтеріп жіберді ме, Едігенің айтқанының бәріне көнгеніменен, кейде өзінің де жай адам емес, өз пікірі бар Алтын Орда ханы екенін білдіріп алған.

Темір-Құтлық соңғы екі жылда көбірек ішімдікке салынып, Алтын Орданы бүтіндей билеген Едіге, өзіне ешкімнің қарсы келмейтініне мүлдем үйренген еді.

Ал Шәдібектің кейбір сөзінен өзіне жақпайтын үндер естілді.

Едіге лапылдағалы тұрған өртті шу дегеннен сөндіргісі келді. Шәдібекті біржолата ноқталап, жүгендеп алып, екіншілей өзіне мүлдем еш қарсылық істемейтін хан етпек болды.

Әңгімелерінің аяқ кезінде, Шәдібектің Алтын Орда ханы екеніне және Темір-Құтлықтың тоқалын әмеңгерлікпен алғалы отырғанына қарамай оған:

— Бүгін менің төсегімді Темір-Құтлықтың жас тоқалы салсын,— деді.

Шәдібек сұп-сұр боп кетті.

— Қай тоқалын айтасың?

— Ана қайқы бел, ең жасын айтамын.

Шәдібек «ол менің алғалы тұрған әйелім» дей алмады.

— Жақсы,— деді де басын иіп үйден шығып кетті.

Едіге, ханның ту сыртынан қарап, сәл күлімсірегендей болды.

— Алтын Ордаға хан болу оңай емес, Шәдібек,— деді ол өзіне-өзі.— Бұдан да қиын қорлықтарға шыдауға тура келер…

Едіге, Тоқтамыс әскерінің жай әмірінің бірі болып жүрген кездерінде Баку шаһарында шиит дініне жататын Суфи дәруіштерінің құдайға табынған билерін көрген. Әкелік мүшелерін мал, аң терісімен бүркеп алған, бастарын қырып тастаған, денелеріне айқыш-ұйқыш, шынжыр байлаған, беттерін пышақпен тілгілеп жаралаған, кілең жалаңаяқ, жалаңбас адамдар медресенің топырақ еденді Ғибрат сарайында бірінің иығына бірі оң қолын қойып, бастарын шұлғи тастап «Лайлаха илла-алла!» деп айқайлай, алқа қотан билеп жүрген. Бұған билері де, олардан дауыстары да адам шошынарлық сұмдық көрінген.

Бұл шиит дініндегі Суфи дәруіштерінің құдайға жалбарынған түрі — ғибрат биі еді.

Соңынан барып білді, бұл дәруіштер тойып тамақ ішпейтін, аузына өмір бойы шарап алмайтын, баршылықтан жоқшылықты паш тұтқан үнемі аш, жалаңаш жүретін, тек құдайға ғана құлшылық қылған жандар екен.

Монахтардай өмір-бақи әйелсіз өтуге ант етпегенмен, бұлар да ұзақ уақыт үйленбей жүруге тиісті болған. Ал некелері қиылмайынша, еркек пен әйел қатынастары дегендерді тіпті білмеген. Егер бұл әдетті бұзар болса, ондай адамдар күнәлі саналып, жар басынан құлатып өлтіруді заң еткен.

Дәруіштер биіне Суфилерден бөтен ешкім қатынаса алмайды екен. Шиит шейхі шапқыншылардан қорыққанынан ғана Едіге бұл биді көрсеткен.

Ал Едіге дәруіштер биіне таң қалған.

Беттерін қан-қан болған, үстерін қара тер басқан дәруіштер, өз қимылдарынан, өз айқай-дауыстарынан бұл дүниенің бар екенін ұмытып кеткен адамдардай, көздері аларып, ауыздарынан көбіктері бұрқырап ұзақ билеген. Ақырында дымдары бітіп бірінің үстіне бірі барып құлаған.

Соңынан Едіге тағы бір қызығын білген. Осы дәруіштер күндіз де, түнде де, жатқандарында да, тұрғандарында да тек осы бүгінгі киген киімдерімен жүреді екен.

Белдеріне байлаған мал, аң терілерін, үстеріне айқыш-ұйқыш таңып алған шынжырларын да тастамайды екен.

Едіге бұл жолы тек еркек дәруіштерді көрген, әйелдерін көрмеген.

Енді міне, ол сол шиит дәруіштердің қызын көрді.

Темір-Құтлық хан бұны сұлулығына қызығып алған екен.

Ертіп келген жасауылды жауырынынан итеріп жіберіп үйге кірген жас тоқал есік алдында безеріп тұра қалды.

Сырт бейнесі болмаса, бұл әнеугі өзі көрген жаудыр көз, сырлы үнді жас тоқал емес.

Өңі де қуқылданып кеткен, көзі де ұшқын атады.

Едіге оған:

— Төсек сал! — деді.

— Неге? — деді тоқал.— Егер мені әйел етіп пайдаланғыңыз келсе, оныңыз болмайды. Мен шиит дінінің әйелімін. Некем қиылмаған еркекпен жатпаймын.

Едіге күлді.

— Сірә, ол айтқаның бола қояр ма екен?

Ол аспай-саспай жақындай түсті.

— Таяма! — деп кенет шаңқ ете қалып, әйел, қойнынан кішкентай алмас қанжарын суырып алды.— Жарып өлтірем!

Едіге қабағын түйді.

— Қойшы?

— Рас! Некесі қиылмай зорламақ болған еркекті, осылай өлтіруге менің дінім бұйырады…

— Ә, солай ма еді?..— деді. Едіге әйелді сөзге айналдыра беріп. Сөйтті де, кенет барысша атылып барып, оның қолынан шап берді. Кездігін лақтырып жіберіп, аш белінен құшақтай жерге алып ұрды…

— Менде айып жоқ, кеше гөр, алла тағалам,— деді әйел көзінен жасы кенет көл боп ағып Едігені құшырлана құшақтап талмаусырап бара жатып.

Ал қорланған, намыстанған Шәдібек хан жамбасына сыз батқандай өз ордасында, мамық төсегінің үстінде дөңбекшумен болған.

— Өзім біле тұрып, арам астан дәм татқанымша өлгенім жақсы,— деген ол бағана жас тоқалды түн бола Едігеге алып бар деп бұйырған жендеттеріне.— Және көзіме күйік етпей, ол қатын Едігеден шыққан кезін аңдып тұрып, ат құйрығына байлап жіберіңдер.

Намыс, ыза әйелдің жазықсыздығына да, сұлулығына да қаратқан жоқ намысқор Шәдібекті.

Ел жата жендеті Едігенің жатқан ордасына әйелді апара жатқанын өз көзіменен көрген.

Содан бері бір талай уақыт өткен.

Мезгіл созылған сайын Алтын Орда ханы біреу жүрегін кішкентай бізбенен шұқылап жатқандай, дөңбекшумен болған.

Тек таң сарғайып атып келе жатқанда ғана, ауыл сыртынан арындап шапқан жылқының дүбірі құлағына жетті.

Үстінен ауыр жүк түскендей, кенет көңілі сергіп кетті.

Жазығы жоқ сұлудың бостан-босқа өлгені оның ойына да кірген жоқ. Ар, намысының қорлануына себеп болған жаннан құтылғанын көңіліне демеу етті.

Ал Едіге бұл оқиғаны білген жоқ. Білгісі де келмеген. Сұлу тоқал ордасынан шыққан сәтте оны мүлдем ұмытқан.

Сөйтіп, «екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өлер» дегендей екі әміршінің көңілдерінің ойыншығы болып, жазығы жоқ керемет сұлу әйел дүние салды.

Адам тағдыры ойыншық болған тағы сол сұрқия заман, сұм заман!

Едіге таңертең өзіне сәлем бергелі келген Шәдібектің кіртиген қабағынан, түні бойы ұйықтамай шыққанын түсінген. Және оны осылай қорлап, біржолата өзіме бағынышты етемін деген үмітінің орнына, бүгінгі түнгі бұның қылығын өмір бақи ұмытпайтын Шәдібекті қас етіп алғанын ұққан.

Ақсақ Темір өзі танымайтын Шәдібекті Едігенің Алтын Орда ханы еткеніне бұлқан-талқан боп ашуланған. Бұл кезде ол Гератта еді. Едігенің арқасында Алтын Орданың тағы күш жинап, ел болуға айнала бастағанын естіген. Оған, әрине, Дәшті Қыпшақтың үнемі әлсіз болуы тиімді. Өзің қанша күшті болғаныңмен, өзіңмен тайталаса кететін көршіңнің күшті болғаны кімге керек. Әмір-Темір келесі жылдың басында, Жылан, яғни ,1402 жылы тағы Дәшті Қыпшаққа аттанбақ болған. Осы кезде сый-құрметтерімен артынып-тартынып тағы Болат мырза мен Еркіліберді Әмір Гератқа келген. Бұл екеуі, Болат мырзаның жастығына қарамай, Едігенің осындай көрші мемлекеттерімен келісім сөзге баулып жүрген адамдары еді. Бұлар Үлкен Орда ханы Шәдібек болғанын, сол хан Едіге екеуінің Ақсақ Темірге бағынып бас иіп тұрамыз дегенін айтты. Әмір-Темір ашулы райынан қайтып, елшілерді баптап күттіріп, Алтын Орда билеушілеріне Самарқанттың қазынасынан сыйлық жолдап елдеріне қайтарған.

Әрине, Ақсақ Темір Алтын Орда мен Мауараннахр арасындағы жанжал, қырғи-қабақтықтың мұндай сыпайы сөздермен бітпейтінін жақсы білетін. Түбі қайтадан бір соғыспай болмайтынына да шек келтірмеген. Бірақ бүгінгі таңда Дәшті Қыпшақтан гөрі, оның көз тіккені бөтен ел еді. Ол ел Осман түріктері. Атақ, даңқ, бақ құмар Ақсақ Темір, Азияның батыс шетінде Ілдірім Баязит атты екінші жиһангер бар дегенге шыдай алмаған. Тезірек оның көзін құртып, дүниедегі ұлы жиһангер деген атқа тек жалғыз өзі ғана ие болуды арман еткен. Әйтпесе, сонау қиыр шетте жатқан түріктерде несі бар еді? Ақсақ Темірдің түріктерді шапқанын, Алтын Орданы күйреткенін, сонау Жерорта теңізінің маңындағы мемлекеттердің түрік бұғауынан босануына, сондай-ақ орыс елдерінің тезірек тәуелсіздікке жетуіне көп жәрдемі болды дейтіндер де бар. Атама оқыған құраным, әкеме тиді дегендей, мүмкін солай да шығар. Бірақ біріншіден Ақсақ Темір Серб, Венгер, Югославияны құтқарам деп Түркияны шаппаған. Сондай — ақ, Россия үшін Алтын Ордаға аттанбаған. Екіншіден Анкараны түбінде түріктерді жеңіп, Баязитті тұтқынға алғаны, қаулап өсіп келе жатқан Түрік мемлекетін кейін шегіндіре алмаған. Баязит өлгенмен оның орнына Баязиттың балалары Сүлеймен, Мұса, Бірінші Мехмед, немересі Екінші Мұрад келген. Осман, Бірінші Мұрад, Баязиттер бастаған қырғын созыла берген. Осман түріктерінің жорығы соңынан бір шеті Мысыр, Шаммен, екінші шеті Қырымға жеткен.

Сөз жоқ, сондай-ақ, орыс елі де Ақсақ Темірсіз де Алтын Ордадан құтылатын күйге таяп қалған. Бұл ұлы тарихи даму Әмір-Темірсіз де жүріп жатқан.

Әрине, Ақсақ Темірдің ең алдына қойған арманы бүкіл Әзияны өзіне бағындыру болған. Ол бұл мақсатына жетіп те қалған, Қытай, Түркия және Араб мүйістерінен бөтен бүкіл Әзияны шауып, тонап үлгірген. Рас, ол Европа елдерін өзіме бағындырам деген мақсаттан әзірге аулақ тұрған. Мәдениеті де, өнер-білімі де өзінен жоғарғы елдерді шабудың қаншалық қиын екенін Ақсақ Темір түсінген. Европа мемлекеттерін шаппаса оларды аяғандығынан, не жаны ашығандығынан емес, ол бұл жорықтардың оңайға түспейтінін ұққан. Сондықтан әскери өнері, бірлігі өзінен төмен Азия жұртын бағындыруды мақсат еткен. Сол мақсатын орындауда, ол Жылан, яғни 1402 жылы Түркияға аттанған. Оны қан-жоса етіп тонап, келесі жылы Самарқантқа қайтқан.

Ақсақ Темір енді өзінің негізгі арманының бірі Қытай жорығына дайындалуға кіріскен. Бірақ Алтын Орданы да ұмытпаған. Қытайға, әрине, Жетісу арқылы енеді. Сол үшін ол Қой, яғни 1402 жылының күзінде өмір сарайыменен Отырарға көшті. Сейхүндарияның бүкіл орта шенін сонау Түркістан шаһарына дейін, әскеріне толтырды. Қосындарының әскери ойындарын, жорыққа деген қару-жарағын, азық-түлігін Әмір-Темір бұлықтарын аралап, өз көзімен көрді. Міне, осы кезде Дәшті Қыпшақтың күнгей жағында ауыл-аймағымен көшіп жүрген Тоқтамыстан елші келді. Бұл келген кешегі Алтын Орда ханының жігіт кезінен бергі нөкері, Қарақожа деген кісі еді. Мұндай адал, ер адамды Ақсақ Темір де білетін. Дереу қабылдады.

— Әмір-Темір,— деді Қарақожа нөкер басын иіп, бір тізерлей отырып.— Төрем және қожам Тоқтамыстың Сізге арнаған қайғысын, үмітін айтып беруге мен бейбақтың құдыреті жетер емес. Онан да өзіңізге бер деген хат-қағазын тапсыруға рұқсат етіңіз.

— Рұқсат,— деді Ақсақ Темір. Сарай тәртібіне жетік Қарақожа нөкер, сол тізерлей отырған қалпында, басын бір көтермей, жылжып келіп Тоқтамыстың хатын берді. Әмір Темір алды да оң жағында тұрған көк сәлделі ұзын тұра диван битікшісіне ұсынды.— Даусыңды шығарып оқы, тағынан айырылған хан не жазады екен, естілік.

Әрине, Ақсақ Темір қайда тоқтарын білмей Дәшті Қыпшақты кезіп жүрген кешегі ханның не жазатынын күні бұрын сезген. Сол үшін де Тоқтамыстың жалынғанын жұрт та естісін деп диван битікшісіне «даусыңды шығарып оқы» деген. Көк сәлделі мүләзім, хаттың бір сөзіне кідірмей, бір тамаша өлең айтып тұрғандай, қоңырқай дауысын соза оқи бастады. Әсіресе Әмір-Темірдің дәрежесін, ерлігін, данышпандығын айтқан, мақтаған жерлеріне келгенде өзіне бір қанат біткендей желпіне, рахаттана оқыды.

Ақсақ Темір күлді.

— Оның бәрі белгілі ғой,— деді,— не сұрайды, сол жерін оқы…

Битікші де хаттың Әмір-Темір айтқан жеріне келіп қалған екен сәл тоқтады да, қайтадан оқып кетті.

«Сіздің маған деген жақсылығыңызға, өзімнің істеген жамандығым үшін көрер қорлығымды көрдім, тартар азабымды тарттым. Егер менің күнәм мен қатемнің бәрін сызып тастап, патшалық мейіріңізді білдіретін болсаңыз, өмір-бақи бағынышты болып өтуге, айтқаныңыздан шықпауға ант етемін».

Битікші сәл кідіріп қалды.

— Қысқасы Тоқтамыс «Мені қайтадан Алтын Орда тағына отырғыз» дейді ғой? — деді Ақсақ Темір Қарақожаға қарап.

Қарақожа басын ие түсті.

— Ие,— деді ол,— өзіне қиын болғанымен, Сізге оңай екендігін білгендіктен, Тоқтамыс ініңіз ондай кендігіңізден үміт етеді.

Ақсақ Темір тағы күлді.

— Басқа түскен баспақшыл,— деді ол.— Есік күткен Қарақожа нөкер, сен де билерше сөйлеуді үйреніпсің ғой.

Қарақожа да әзілге әзіл қайтарды.

— Иә, Әмір-Темір, жылағанда соқыр көзден де жас шығады…

Ақсақ Темірге нөкер сөзі ұнады. Сол күні ол Қарақожамен ұзақ әңгімелесті. Алтын Орданың бүкіл жағдайын сұрады. Ертеңіне елшіге ат-тон тартып, еліне қайтарды. Осы Қытай жорығынан қайтып келген соң, Алтын Ордаға аттанып, Тоқтамысты қайтадан тағына отырғызатын болып, уәдесін берді. Және жүргелі отырған нөкерге:

— Әрине, маған жәрдемдесу, Едігенің жауынгерлерін қыру, Тоқтамыстың қолынан келмейді,— деді,— бірақ оның қолынан келер бізге бір үлкен көмегі бар. Дәшті Қыпшақтың бас күші жігіттері емес, жылқысы. Атсыз көшпелі елдің жауынгерлері қуыс қурай. Егер біз жеңіп, Тоқтамыс Алтын Орда тағына отырғысы келсе, шамасы жеткенше Едігенің қарамағындағы жұрттың жүйрік атын, жауға мінер көлігін, қыра берсін, айдап әкетсін, әйтеуір Едіге әскерінің жауға мінер көліксіз қалар жағын қарасын.

Зұлым ойлы Ақсақ Темір дұрыс айтқан. Атақты Ескендір Зұлхарнайын көне заманда, осы Дәшті Қыпшақты жайлаған сақ тайпаларына аттанғанда, бір жыл бұрын адамдарын жіберіп, даланың шөліне, құмына, атырапты ұшы-қиыры жоқ жазығына, таулы, тасты жеріне жүруге жарамды сақтардың екі жүз мың жылқысын саттырып алдырған. Келесі жылы сол жылқыменен Сақ тайпасына аттанған. Ал батысы мен шығысына құс ұшып жете алмас Дәшті Қыпшақтың жұртының сонау сақтан бастап, қазіргі Қыпшақ, Ноғайлыға дейін ең үлкен қазынасы,— жауын қуса жететін, қашса құтылатын құс қанатты — жылқысы еді. Және бұл жылқы төзімді, жүйрік келетін. Өзге елдің жылқылары шыдай алмайтын ұзақ жорықтарға, тынбас шабыстарға бұлар шыдай алатын. Бұны Ақсақ Темір жақсы білетін. Өзі сонау Иранда жүріп, Самарқантта әр жетіде не болып жатқанын біліп отыруына мүмкіндік берген осы Дәшті Қыпшақ жылқылары еді. Ақсақ Темір Самарқант пен Табриздың арасына әр жиырма бес-отыз шақырым жерден бекет тұрғыздырған. Самарқанттан шапқан шабарман келесі бекеттегі шабарманға, астанада не болып жатқаны жазылған қағазды берген. Ол шабарман бұл қағазды шауып барып келесі бекетке жеткізген. Осылай бір бекеттен екінші бекетке ат ауыстырып шапқан шабармандар бір жетінің ішінде Самарқант хабарын Табриздағы Ақсақ Темірге апарып тапсырған. Оған бір бекетпен екінші бекеттің арасындағы жиырма бес-отыз шақырым жерге шабуға тек Дәшті Қыпшақ жылқысы ғана шыдаған. Және бұл жылқысыз Алтын Орда әскерінің қанатсыз екенін Әмір-Темір жақсы білетін. Сол себептен де Тоқтамысқа әлгідей әмір берген.

Қарақожа, Ақсақ Темірдің айтқан сөзін жеткізгенде Тоқтамыс қуанып қалды. Алтын Орда тағына қолы қайтадан жететініне күмәнданбады.

Бірақ Тоқтамыс ештеңе істеп үлгірген жоқ, Едігеге қарайтын Арал теңіз бойындағы бір әмірдің жылқысын айдатып алуға жігіттерін жүргізгелі жатқанында, аспаннан найзағай түскендей, «Ақсақ Темір дүние салыпты» деген суық хабар жетті. «Ақсақ Темір де өледі екен-ау!» дегендей дүние таңдана тітіркене қалды.

Ал бұл рас хабар еді.

Мешін, яғни 1405 жылдың Ақпан айының он сегізі күні Отырар қаласында, намаз оқып отырғанында миына қан құйылып кетіп, ұлы жиһангер Ақсақ Темір кенет бұл жалғаннан дүние салған.

Оның алдында Әмір-Темір әдеттегісіндей шарапты көбірек ішіп, бір мезет кептерлердің қырғын төбелестерін көріп, қызығына батқан.

Ішкен шараптың зақымы тиді ме, әлде жорық кезінде бөтен бір ойдың зардабы батып кетті ме, әйтеуір, намаз үстінде бұл дүниеден тіл қатпай өткен.

Осылай бүкіл Әзияны билеймін деген, бірақ артында Шыңғыс хандай ұлы мемлекет қалдыра алмаған, өзі өлген күнінің ертеңіне балалары тағына таласып быт-шыт болған және жыл өтпей жатып-ақ кешегі өзі жаулап алған елдері, жерлері, Мауараннахрға бағынбай өз беттерімен кеткен, ұлы жиһангер Әмір-Темір, енді үш құлаш жерге еніп, мәңгі-бақи тынышталды.

Иә, бүкіл Әзияның тең жартысын өзіне аз көрген Ақсақ Темірге де бар болғаны үш-ақ құлаш жер тиген.

Бірақ соңында қалған ұрпақтары сол үш құлаш жердің үстіне көгілдір күмбезді атақты «Гүр әмір» мазарын салдырған.

Бірақ өлген Ақсақ Темірге үстінен Алтын сарай орнатсаң да бәрі бір еді, өлгеннен кейін оған ештеңе де керек емес-ті.

Дегенмен, өлгенге істеген бұл құрмет тірілерге де үлгі еді. Осындай құрмет көремін деп тірінің тірісінде тіршілік істеуіне керек еді.

Оның өлгеніне қуанғандар да, қайғырғандар да көп болды.

Қуанғандары басым еді. Ал қайғырғандардың ішінде Тоқтамыстан асқаны болмаса керек-ті.

Ақсақ Темір оған Алтын Орданың тағын қайтадан алып берем деген.

Ал қуанғандардың ішінде ең үлкен баласы — Шахрухтан артық еш жан қуанбаған болар.

Әке өлсе, оның тағы үлкен баласына мұра ғой.

Тоқтамыс шынында өлердей боп қатты қайғырды. Алтын Орда тағына қайта жету үшін Ақсақ Темір оның ең ақырғы сүйеніші еді. Дүниеден үмітсіз шайтан болса, Тоқтамыс, әрине, шайтан емес еді. Ал адам үмітсіз өмір сүре алмайды. Тоқтамыстың да әлі ең ақырғы үміті сөнбеген. Оған себеп ол осы тұста қайтадан күшейе бастаған. Осының алдында ғана Тоқтамыс өзінің туып өскен ата мекені — Көк Орда кіндігі Шаңғы Тара маңайына көшкен. Тоқтамыс Алтын Орда тағы үшін күресті осы арадан бастамақ болған…

Ал Едіге, Едіге ше? Расыменен ол Хорезмді Мауараннахрға беріп үн-түнсіз отырмақ па еді? Әрине, ол, Ақсақ Темір тәрізді қасының соңында қалған балаларының арасындағы таласты пайдаланбай қалмаса керек-ті. Едіге Дәшті Қыпшақтың толып жатқан, көктемде тасыған өзендері әбден қайтып, аттары оттай алатындай шөп шыққан кезде, елу мың әскермен Еділден өтіп шығысына қарай шықты. Жолай қарамағындағы елдерден әскеріне әскер қоса отырып, күздің басында Жейхүндарияның жағасына жетті.

Бұл кезде Хорезмнің әмірі Мұса деген қара-татар руынан шыққан кісі еді. Осының алдында ғана Хорезмдегі осы қара-татар руының бекзадаларының арасында үлкен ұрыс болып, Хорезм бір талай шығынға ұшырап, бүлінген. Мұса бар жұртын жинап, қанша қарсыласқанымен, Едіге тәрізді ер және айлакер қолбасшысы бар Дәшті Қыпшақтың қалың әскерлеріне төтеп бере алмады. Бір айдай соғысып, Тауық, яғни 1406 жылдың қаңтар айының жиырма бірі күні Хорезмді тастап, Мұса Мауараннахрға қашты.

Едіге қаланы алып, бірнеше күн жеңіс тойын тойлап, наурыз айының басына дейін кідірді. Сосын, Шаңғы Тара маңында Тоқтамыс балаларымен Алтын Ордаға қарсы күш жинап жатыр дегенді естіп, Хорезмге дәруғашы етіп Аңқа әмірді тастап, өзі біраз әскерімен Ұбай-Сұбайраға беттеді.

Қаны қарайып алған Едіге, Тоқтамысты өз қолымен өлтіріп, ыстық қанын ішпек болды.

Неге бүйтті? Қартайып қалған Тоқтамыстың тағын тартып алып, өзін бүкіл Дәшті Қыпшақ жерінен қуып жібергені жетпейтін бе еді? Осыншама өшігер несі бар? Тоқтамыс жаман болсын, жақсы болсын сүйген жарының әкесі емес пе еді? Жастағы өші әлдеқашан қайтып еді ғой. Және берген анты қайда?

Жоқ, Едіге қасына кешірім істеп көрмеген кісі. Тоқтамыс Шаңғы Тарада әскер жинап жатыр дегені құр сылтау. Тұғырынан түсуге айналған қарт қыранның, әскер жинаған күнде де қолынан дым келмейтіні бұған мәлім. Сөйтсе де, Едіге әдейі іздеп келіп Тоқтамысты өлтірмек. Жәнеке қандай қартайса, әкеңді өз қолымнан өлтірмеймін деп берген анты да әлдеқашан қартайған, ескірген. Едіге оны әлдеқашан ұмытқан.

Жоқ, Едіге Тоқтамысты ғана емес, оның кешегі жас бөлтіріктерінің арлан қасқыр болып қалғанын есінен шығармаған. Асыл берендердің қап түбінде ұзақ жатпайтынын ол білетін. Өзіне бір кәдік келсе, осылардан келер деп ойлаған. Едігенің дұрыс ойлағанын, соңынан мезгіл көрсетті. Ол қателеспеген-ді. Ал қазір адам баласын аяуды ұмытып кеткен Едіге тезірек Тобыл өзенінің бойына жетіп, Тоқтамыс пен оның бәйбішесінен туған бес бөлтірігінің бастарын, кәдімгі қасқыр аулағандай аңдып барып, кесіп, қанжығасына байлауға асықты.

Едіге қолы мен Тоқтамыстың шағын жасақтары Тара өзенінің Ертіске құятын сағасында кездесті. Жер көк тайғақ болатын. Екі жақтың жауынгерлері де еркін шауып, ерліктерін көрсете алмады. Әсіресе алыс жолдан келген Едіге жігіттерінің тағасыз аттары көсіле шаппақ түгіл, аяқтарын басса құлап, біраз шығынға ұшырады. Дегенмен көп көптігін істеді, күн батар кезде Тоқтамыс жағы қашуға таяу қалды.

Тоқтамыстың мінгені әлі де аузыменен құс тістейтін жүйрік еді. Сөйтсе де, бүгінгі ұрыстан аман құтыла алмайтынын жүрегі сезді. Жауынан жеңіле бастағаннан-ақ қашып құтылатын Тоқтамыс бұл жолы қартайғанында бұрынғысындай қашып құтылғысы келмеді. Бірақ өз өлімін құнды өлім етіп өлуге бел буды. Күні бойы, соғыс басталғаннан бері Едігенің аңдығаны, қолға түсіргісі келгені үлкен баласы Жәлеллиддин мен ең кенжесі Қадырберді екенін бірнеше рет байқап қалған. Қазір де Едігенің көздегені, әлі де кейін шегінбей, жау шебімен салғыласып жүрген осы екі баласының тобы екенін көрді. Тоқтамыс енді өлуге бел буды. Бірақ өз өлімімен осы екі баласын ажалдан құтқармақ болды. Ең соңғы әкелік борышымды осылай ақтайын деді.

Тоқтамыс өзге балаларынан сонау ер жүрек екі ұлын алабөтен жақсы көретін. Бұларға хан тағын қалдыра алмағанына өзін айыпты санайтын. Енді сол айыбын өзінің қаныменен жумақ болды. Осы бір қанатты ой бойына қуат, жүрегіне ерлік берді. Ол астындағы кертөбелін тебініп қап ұрыс болып жатқан майданға садақ оғы жетер-жетпес жерге қырындай кеп, қарлыққан кәрі дауысымен пәрменінше айқай салды.

— Әй, Едіге, қатын болмасаң, шық бері жекпе-жекке! — деді.

Бұл дауысты жұрттың көбі естіді. Едіге де естіді. Ол дауыс шыққан жаққа жалт бұрылып, жалғыз тұрған Тоқтамысты көрді. Едіге кенет қуанып кетті…

— Кәне, кәрі қасқыр, шыдап бақ! — деді дауыстап.

Сөйтті де астындағы Бозойнағын Тоқтамыс тұрған жаққа, кешкі суықпен қатқақ тартып қалған қырқаға қарай бауырын жаза салды.

Едігенің жекпе-жекке шыққанында атын былай шаптыруы ежелгі әдеті. Осылай қарқындап келіп сойылымен жауын періп өткенде ол адам тас болмаса шыдап көрген емес. Лақтырған тымақтай ат үстінен ұшып түсетін. Осылай сойылымен екі рет ұруға бір кезде тек Кен-Жанбай ғана шыдаған.

Едігенің бұл күшін Тоқтамыс жақсы білетін. Және оған қарсы тұрып күш салысар жастан асып кеткен. Сондықтан құйындатып келе жатқан Едігені сәл күтіп тұрды да, өзіне таяп қалған кезінде, кенет атының басын бұрып алды да, ылдиға қарай қаша жөнелді. Бүкіл Ібір-Сібірде алдына мал салмаған, өp текедей ырғыған Кертөбел, көзді ашып-жұмғанша созылып ұзай берді. Екі жүйрік ат енді бірінің соңынан бірі шапты. Дегенмен Кертөбел алыстап кетті. Ол садақ оғы жетпейтін жерге ұзаған шақта Тоқтамыс енді ұрыс майданы тұсына қарай қашты. Әміршілерінің жете алмасын көрген Едігенің жауынгерлері өздерінің қасынан өтіп бара жатқан Тоқтамысқа лап қойды. Тоқтамыс бұларды да соңынан ерте, енді тіп-тіке алыстағы орманға беттеді. Гуілдеген топ енді бірінің соңынан бірі шұбыра Тоқтамыстың соңына түсті. Ең алдында Едігенің өзі…

Әкелерінің айласын ең бірінші Жәлеллиддин ұқты…

— Бас қамшыны кейін қарай! — деді ол інісіне айқайлап. Сөйдеді де өзі жанындағы жігіттеріменен жолындағы жауларын таптай, алыстағы орманға қарай аттарын салды.

Намысқой Қадырберді әкесін жау қолына тастап кеткісі келмей, Едіге жігіттерінің соңынан ұмтыла түсті де, әкесінің жау тобынан озып бара жатқанын көріп, атының басын бұра сала, ағасының артынан шаба жөнелді.

Бұлармен ұрысып жатқан Едігенің жігіттері оларды сәл қуып келді де, алдарында көк мұз боп қата бастаған телегей-теңіз қар суын көріп, бірте-бірте тоқтап, кейін қайтты.

Тоқтамыстың соңындағы Едіге бір сәт кейін бұрылып орманға шауып бара жатқан жігіттерді көзі шалды. Кәрі тарлан Тоқтамыстың ойын жаңа ғана түсінді. Жер қата аңға шыққан кездерінде жас бөлтіріктерін құтқарамын деп кәрі көкжалдардың аңшыны соңынан ертіп, апанынан аулақ жаққа қарай қашатынын талай көрген.

Кейін бұрылып, Тоқтамыс балаларының соңына түсуге кеш қалғанын Едіге де білді. Ең болмаса, кәрі көкжал, сені соғып алайын деп Тоқтамысты қуа берді. Астындағы Бозойнағы бері шыққан сайын қызып, ұзаққа шабар жүйрік еді.

Сөйткенше, бұл екеуінен соңындағы топ көз жазып қалды. Бір мезет қараңғы түсіп, ымырт келді. Едігенің жауынгерлері де алдарындағы екі аттының қайда кеткенін білмей, бірте-бірте барып тоқтап, шоғырланып бірге жинала бастады. Ал Бозойнағы әбден қызып алған Едіге, Тоқтамыстың Кертөбелінің соңынан қалмады. Ымырт үйіріле, қараңдаған Кертөбел мен Бозойнақтың арасы жақындай түсті. Енді атының бұдан әрі шаба алмайтынын түсінген Тоқтамыс бір сәт Кертөбелінен секіріп түсіп, Бозойнағын арындатып үстіне келіп қалған Едігеге көк найзасын қарсы тосып тұра қалды. Бірақ найзасын түйреп үлгірмеді, Едіге сол шапқан бойы алдындағы қараңдаған адамды сойылменен періп өтті. Тоқтамыс анандай жерге ұшып түсті. Көзі қарауытып бара жатып, көп жылдан бері ойынан шықпай жүрген өкініші тағы есіне түсті. «Шіркін-ай, сол жолы неге шықпадым жекпе-жекке!» деді ол ыңырси. Ол ана жылы Кен-Жанбай емес, Едігеге өзі неге жекпе-жекке шықпағанына күні бүгінге дейін өкінішті. Өлсе де алысып өлетін еді ғой, қазіргідей бойынан қуаты кеткен кезі емес.

Тоқтамыс ең соңғы рет есі кіргенде, кеудесінде отырған Едігенің тамағына жалаңаш қанжарын таяй бергенін көрді. Дүниеде ең қымбат алтын тақ та, иран бақ та емес, адамның өмірі екенін кенет түсініп: «Уа, дүние-ай!» деп, ең ақырғы рет ышқынды да қанжар тамағын орып жібергенде өз үніне өзі тұншығып, қыр ете қалды.

Тоқтамысты Едігенің өлтіргенін ұзын құлақ сол күні-ақ бүкіл Дәшті Қыпшаққа жайды.

Біреу қуанды, біреу күйінді.

Тек Жәнеке-бегім ғана:

— Антың бозған оңбайды дейтін еді, Едіге мырза, сен де ұзақ жүрмессің,— деген.

Жоқ, Жәнеке қателескен еді. Едіге бұдан кейін де біраз жыл өмір сүрді.

Едіге Тоқтамысты өлтіріп, балаларын қолына түсіре алмай, әскерін шұбыртып Дәшті Қыпшаққа қайтты. Ал Тоқтамыс балалары жан-жаққа тарады. Жәлеллиддин мен Керімберді Руссияға қашты. Құнжақ Сұлтан, Жаппарберді, Қадыр-берді бір кезде әкелері Тоқтамыс алғашқы рет хан тағына отырған Сығанаққа қарай беттеді.

Хорезмді алып Тоқтамысты өлтіріп, Алтын Орданың Шығыс жағындағы көңілге алған біраз істерін орындап Едіге енді Еділ — Жайыққа қайтты. Бірақ Дәшті Қыпшақтың Жайық өзеніне дейінгі елдерін аралап, кей аймақтардың әмір-төрелерін ауыстырып, халықтың әскерге беретін алым-салықтарын жинатып, жаңадан қосындар құрып, хан Ордасына жеткенше жылдан артық жүріп қалды. Едіге қайда жүрсе де қандай тәртіп орнатпасын, қандай зорлық істемесін тек Алтын Орданы күшейту үшін істедім деп ойлайтын. Кейде тегеурінді тізесі халыққа да, хан тұқымына да қатты бататын. Бірақ ол бүйтіп қатулана берсе кешегі өзін қолдаған жұрттың, бір күні болмаса, бір күні өзінен безіп кетерін түсінбеген-ді. Ал хан тұқымдары, кешегі соңына ерген бекзадалар, Едігеден әлдеқашан көнектерін сыртқа сала бастаған. Оны Алтын Орданың әмір әл-мұрасы деудің орнына Ноғайлы тайпасының ұлыс басшысы деуге айналған. Расында да, Едігенің алтын қазығы осы ноғайлы елі еді. Едіге Ит, яғни 1407 жылының қысын Еділ өзенінің төменгі шеніндегі өз ұлысы ноғайлы елінде өткізді. Күн жылына бастаған кезде ғана Орда астанасы Жаңа Сарайға бармақ болды. Бүкіл Алтын Орданың әмір-әлмұрасы болғандықтан, бәрі әскерін Орда төңірегінде жинап жаңа соғысқа дайындалуды ойлады.

Бірақ Едігенің күтпеген жерінен соғыс ерте басталды. Шәдібек хан сонау Темір-Құтлықтың жас тоқалын өзінен тартып әкеткен түнінен бастап, Едігеден құтылмақ болған. Оның бер жағында, Едігенің баса-көктеп, бүкіл Алтын Орданы өзі билеп, бұны ойыншық хан көргені Шәдібектің өлердей намысына тиген. Қорланған. Ақыры Едігенің ұзақ уақыт Ордада болмағанын пайдаланып, Шыңғыс ұрпағының бөтен бекзадаларымен келісіп, келе жатқан Әмір ол мұраға қарсы шықпақ болған. Бірталай әскермен қарсы шыққан да. Бірақ Едіге бұны біліп қалып, Шәдібек әскерін ойламаған жерден көп бұрын шапты. Алтын Орда ханы бірден жеңілді. Енді ол бала — шағасын алып, жан сауғалап, өзінің күйеу баласы Дермент әмірі Шейх Ибрагим жеріне қашты. Едіге қалың әскеріменен хан Ордасына келді. Алтын Орда ханы етіп Құтлық-Темірдің үшінші баласы, өзі көптен баулып жүрген Болатты хан көтертті.

Содан кейін барып көп жылғы ойы Мәскеу жорығына дайындала бастады.

Едіге, Алтын Орданың ісін жөндеуге әрқашанда Тоқтамысты үлгі еткен. Бұ да сондай зорлықшыл, қиянатшыл болған. Бұ да керек кезінде қулыққа, сұмдыққа оп-оңай бара алған. Опасыздық дегенді, Алтын Ордаға тиімді болса әділеттілік деп қараған. Қысқасы, Тоқтамыс тәрізді, тек Алтын Орданың үстемдігін ғана көздеген. Ал шаруашылығы, өнер-білімі, сауда-саттық, табысы, еңбек өнімі, көрші елдерінен көп кейін қалған Алтын Ордаға, ежелден ұстап келе жатқан жол — өзге елдерді шауып, тонап Орданы күшейту жолы дәл бүгінгі күннің саясатына тіпті келмейтін. Өйткені, өзге елдер, әсіресе орыс жұрты мен Либке князьдігі Алтын Орданың дегеніне көнбейтін күйге жетіп қалған.

Ал бұл тұстағы Руссия әлі де бөлек-бөлек князьдік бола тұрғанымен әскери өнері де, ауыл шаруашылығы да, қала өнеркәсібі де дамыған үлкен елге айналған.

Егер осы екі ел — Либке мен Руссия бірігіп, Алтын Ордаға қарсы шығар болса, көшпенділердің осы бір зорлықшыл мемлекетінің бұдан әрі өмір сүруі екіталай еді.

Бірақ Алтын Орданың бақытына қарай, бұл екі ел әзір бірікпеді.

Әсіресе Либке князьдігі Руссияға қарама-қарсы саясат ұстады. Либкенің бұл кездегі ұлы князі Витовт Алтын Ордамен арада қандай мәселе болса да, Мәскеусіз жеке шешуге тырысқан. Бұл кезде Витовт Херман Кибенің күнгей жағын тегіс алып болған. Ол әлі де Алтын Орданы өзіне қаратып, сол арқылы орыс елінің батыс күнгей, күнгей-шығыс жерлерін өз князьдігіне қосуды арман еткен.

Ал Мәскеудің ұлы князі Василий Дмитриевич Либкенің бұл саясатына қарама-қарсы, Алтын Орданың күшейе бастағанына қарамай, онымен санасуын қойған. Бұл әрине, Мәскеу князьдігінің өсіп қалғанының белгісі еді.

Сол себептен Болат хан Алтын Орда тағына отырысымен Едігенің ақылы бойынша орыс князьдеріне бұрынғыдай бас иіп, Алтын Ордаға өздерін бағынышты санап, өзара таластырып шешуге және князьдіктерін билеуге жарлық алуға, тарту-таралғысыменен хан алдына келіп тұруларын талап еткен. Бұл тілекке орыс князьдері көңіл бөлмеген, қабылдамаған. Тек Тверь князьдігіне таласқан Иван Михайлович пен Юрий Всеволодович Тверскийлер ғана Едіге мен Болат ханға кеп жүгінген. Алтын Орда Иван Михайловичті жақтап жарлық берді. Әрине, князь Иван Михайлович Едіге мен Болат ханға рақметін айтты. Әр кезде Алтын Орданы жақтайтын боп уәдесін берді.

Енді Едіге Тоқтамыстың саясатын тереңдете түсті. Либке мен Мәскеу князьдерінің арасына тікелей от салды. Мәскеу князіне «Витовт орыс жерінің біразын алып қойды, князь Василий Дмитриевич бұны көрмей ме, қалай шыдап отыр? Витовтпен соғыссын, онда Алтын Орда да бос қалмайды. Әскерін қосады» деп хабар салды.

Өз сөзін дәлелдегісі келгендей Едіге Либке жеріне жорыққа Болат ханды жіберді. Ол әрі бармай Херман Кибенің бер жағындағы поселкелерді шауып, кейін қайтты.

Ал Либке князі Витовтқа жасырын: «Сен екеуміз дос болайық. Ал сен өзіңнің күйеу балаң Мәскеу князі Василий Дмитриевичтен сақтан. Ол өз жері аз болғандай бөтен жұрттың жеріне көз тігуде. Сенің жағында болып көрінгенмен жеріңе қызығып жүр. Саған қарсы шығып, өзіңді тұтқындап, жерінді тонау үшін маған да, Орда ханына да алтын, күмісін аямай төгуде»,— деп хат жазды.

Сөйте тұрып, князь Василий Дмитриевичке «бар жеріңді Витовт алмай тұрып, оны өзің шап» деді. Ақыры Едіге өзінің дегеніне Мәскеу князін көндірді. Князь Василий Дмитриевич Алтын Орданың жіберген жасақтарын қосып, көп әскерменен Либкеге аттанды. Ар жағынан Витовт қарсы шықты. Екі әскер ұзақ соғысты. Көп адам өлді, бірнеше қала, поселкелер шабылды, екі жақтан үлкен шығынға ұшырады. Екі қошқарды «ұр-рит, ұр-рит, соқ, соқ!» — деп сүзістірген Алтын Орда ғана пайда тапты.

Едіге бұныменен қоймады. Енді ол өзіне бас жау санаған Мәскеу князьдігін біржолата құртпақ болды. Бірақ оған: «Князь Василий, Болат-Сұлтан хан Орданың ұлы күшіменен Витовтқа аттанғалы жатыр. Сенің жеріңе істелген қиянаттың өшін алмақ, бұл жақсылықты сен ұмытпассың» деп Ұлы Князь Василий Дмитриевичке елші жіберді.

Осының алдында ғана «Едіге Мәскеуге жорыққа шықпақ деген орыс жерінде тараған хабарға енді князь Василий Дмитриевич сенбеді. Алданып қалды. Сол себептен шежіреші кітабына өкінішпен «Ұлы Князь Василий Дмитриевич ең болмаса аз әскер жинап та үлгірмеді!» деп жазды.

Бұл Тышқан, яғни 1409 жылы еді. Желтоқсанның аяқ кезі. Тағы батысқа қарай борт-борт желген Дәшті Қыпшақтың тоқпақ жел, құшақ құйрық мыртық жылқысы. Найзаларын, садақтарын арқаларына таңған, айбалта, шоқпарларын тақымдарына басқан, қорамсаларын ердің басына ілген, тастай боп түйінген көшпенділердің жігіттері, жауар күндей түнеріп, үн-түнсіз келе жатыр… Жер көкті алып кеткен әскер. Әр қосын алдында өзінің әмірі, батыр, биі…

Бәрінің алдында Алтын Орданың алтын туының астында жалқұйрығы жерге шұбатылып жатқан, тайлақтай теңбіл тұлпар мінген, көк сауытты Едіге.

Оның суық түрінде бұл жолы бір орасан шаттықтың ізі бар.

Жазықсыз жұртты қыруға бара жатқанына қуана ма?

Әлде Болат хан Либкеге аттанды деп Мәскеу князін алдап, қапы қалдырғанына мәз-мейрам ба?

Сорлы Мәскеу князі! Оған осыдан ай бұрын дос-жар адамдары «Едіге Мәскеуге аттанады» деп хабар берген. Соған қарамай ол неге қапы қалды?

Достарына сенбей, қастарына қалай сенді?

Едігеден кейін, әр қолдың жасыл, ақ, қызыл, көгілдір төрт жалауының астында Үз-Темірдің баласы Абайдың немересі Ибрагим-оғлан, Болат ханның баласы — он алты жасар, бойының тапалдығына қарай, Үлкен Мұхаммедтен айыру үшін әдейі Кіші Мұхаммед деп аталған Мұхаммед оғлан, Әли оғлан, бұлармен қатарласа Едігенің өзінің ал қызыл жалауының астында Алтын Орда билеушісінің қос арланы Нұриддин мен Мансұр келе жатыр.

Осы тұстағы оқиғаның көбіне қатысып жүрген еркілі берді жоқ. Едіге оны князь Иван Михайловичке Мәскеу түбіне — «зеңбіректерімен және күкірт дәрісімен атылатын мылтықты Жасақтарымен жетсін» деп бұйрық беріп, Тверьге жіберген. Бұлардан кейін қосын-қосын боп жер қайысқан қалың қол.

Дүние жүзін топан суындай көшпенділер жауынгерлері басып кеткен.

Едіге Екінші Василий, Дмитриевичтің, Тоқтамыстың балалары Жәлеллиддин мен Керімбердіні қанатының астына алып, Болат ханның сұрағына жауап бермегеніне өте ашулы еді.

Ол орыс жеріне кірісіменен-ақ, жалғыз Мәскеу князьдігін ғана емес, жолында тұрған бөтен қалаларын, поселкелерін аямай тонауға әскеріне бұйрық берді.

Тағы да бүкіл орыс даласын өрт алды.

Едігенің бұл жолғы қатыгездігі Бату қатыгездігінен де асып түсті. Ақсақ Темірдің қанішерлігімен теңесіп қалды.

Егер орыс адамына аяушылық істеген қыпшақ жігіті болса, табанында оның өзін қылышпен шаптырып өлтіртті.

Бұны көрген қыпшақ жігіттерінің өздері жағасын ұстады.

Бірақ неге бүйтеміз? Жазықсыз елді неге қанға бояп жатырмыз? — деп ешқайсысы сұрақ қоймады.

Сұрақ қойғаны болса, Едіге өз қолыменен шауып өлтірді.

Ол қанға әбден құнығып алды.

Орыс елін Алтын Ордаға күшпенен, зорлықпенен қайтадан көндіремін деп жанталасты.

Бірақ орыс елі бұрынғы елі емес еді, оған енді құр садақпен, найзамен ештеңе істей алмайтынсың.

«Зеңбірекпен, мылтықпенен кел» деп бұйырған Тверь князі Иван Михайлович келмей қалды. Әкесі Михайл секілді туған жұртына опасыз атанғысы келмеді.

Міне, осындай жағдайда Едіге екі жүз мың атты әскерімен Мәскеуді қоршады. Қаланың жан-жағын тонап, өртеді. Бірақ Мәскеуге кіре алмады. Екінші Василий князьдің әкесінің інісі, қорықпайтын батырлығы үшін жұрты Ержүрек деп атаған Владимир Андреевич Храбрыйдың басқаруымен мәскеуліктер, үлкен-кішісі қалмай, қаласын қорғады. Мәскеудің жан-жағынан ор қазып, қорған тұрғызып, оларға зеңбіректерін-тюфактарын қойып, гүрсілдетіп оқ жаудырды. Қаланың ішіне жауын кіргізбеді. Осы ұрысқа кешегі әкесі Тоқтамыс шапқан Мәскеуді қорғауға оның балалары Жәлеллиддин мен Керімберді де қатысты. Екінші Василий бұрын бұларды Едіге мен Болат ханға, түбі Алтын Ордаға қарсы пайдаланбақ боп бермей қалса, енді олардың ерлігі, өздеріне көрсеткен жанқиярлық көмегі үшін, әкелерінің тағын қайтарып беруге жәрдемдеспек болды.

Бірақ бұл екеуі соңынан князьдің бұл жақсылық ойын басқаша түсінді. Опасыздықты ең алдыменен өздері істеді. Ал бұл жолғы ұрыс ұзаққа созылды. Едіге қайтсем де дегеніме көндірем деп Мәскеуді қоршап тұрып алды.

Биылғы жыл, Мәскеу жеріне өте ауыр жыл болды. Жаз бойы жауын жаумаған, кенезесі кеуіп қатып қалған жерге егін шықпаған. Оның үстіне сүзек ауруы келіп, біраз жұртты өлім алып кеткен. Бұл аз болғандай, осындай апаттардың үстіне Ақпанның үздік-үздік соққан қарлы боранымен бірге, ызғары темірдей қарыған қалың әскермен Едіге келді.

Осының бәріне шыдаған, қарсы тұра алған орыс халқы, қандай ер жүрек, табанды халық еді!

Ал Едіге дегеніне көнбеген Мәскеуді, жан-жағынан темір шеңбердей қысып алып, сығып, тұншықтырып жеңбек болды.

Мәскеуліктер сонда да қайыспады.

Едіге темір шеңберін қыса түсті.

Егіні жөнді шықпаған ел, енді астығы жетпей қысылуға айналды.

Міне осындай кезде, Едіге:

«Ештеңеге аялдамай, әскерімен тезірек Ордаға жетсін» деген Ордада қалған Болат ханнан хабар келді. Едіге бұл жақта жүргенде, Орданың басына үлкен қауіп туған екен.

Осындай хабар алған Едіге, амал жоқ, кейін қайтпақ болды. Бірақ бұнысын орыс князьдерінен жасырып, Мәскеуліктерге үш мың сом төлесеңдер қалаларыңа тимеймін, кейін шегінемін деді.

Ал қыс болса, күннен-күнге күшейе түскен.

Қыс пен Едіге қаһарына бірдей шыдауға әлдері жетпеген мәскеуліктер, қалта -құмыраларының түбіне дейін қағып, Едігеге үш мың сом тауып берген.

Мәскеудің өзін ала алмағанымен жан-жағын өрт жалағандай етіп типылдап, көп олжамен қаңтардың аяқ кезінде Едіге Ордаға қайтты.

Тоқтамыстың бәйбішесінен туған бес баласын қосқанда он тоғыз ұлы, жеті қызы болатын. Қыздарының кейбіреулері атақты батыр, әмірлерге шыққан.

Осылардың біразы жиналып, қарамағындағы жұрттан елу мыңға жуық жасақ құрып, Едігенің жоғында Болаттан хан тағын тартып алмақ болып, Орда-Сарайға қауіп тудырған.

Олардың бұл ереуілдері Едігеге де қарсы ереуіл еді.

Болат хан Орда күзетіндегі бар әскерлерімен бүлікшілерімен соғысып жатқан.

Сол кезде Ақпанның түтеген ақ боранына қарамай Орда-Сарайға Едіге жетті.

Екі жүз мың әскерге төтеп бере алмайтынын бірден түсінген Тоқтамыстың балалары тым-тырақай елді-еліне қашты.

Орда тағы бір апаттан аман қалды.

Бұл ереуіл Тоқтамыстың үрім-бұтағының қайтадан елеулі күшке айналып қалғанын байқатты.

Бұны түсінген Едіге қыс бойы жеңіл-желпі қосындарын жіберіп Тоқтамыстың балаларымен, күйеу балаларының аймақтарын, оған қосылған ауылдарды жазаға тартты. Аяушылықты білмеді, ештеңеге қарамады, тағы қатыгездігін көрсетті, тағы жұртты қан қақсатты.

Бұл қылығы хан тұқымдарын ғана емес, қарға тамырлас жай жұртын да үркітті. Едігеге көп ел қырын қарай бастады.

Бүлік ойламаған жерден шықты.

Алтын Орда хандарының озбырлығынан, қиянатынан, өзара қырғын-таластарынан, тайпаны тайпаға айдап салу қылықтарынан әбден берекесі кеткен, кей жағдайларда ел болудан да айрыла бастаған Дәшті Қыпшақ жұрты Едігенің соңына ергенде бұл бізге қолайлы болады деп ойлаған. Қанына тартпағанның қары сынсын бұл Шыңғыс ұрпағы емес қой, қарадан шыққан өзіміздің қандасымыз ғой деді. Алтын Орданың негізгі күші Дәшті Қыпшақ осылай шешіп, соңынан ерген соң Едіге азуы алты қарыс Тоқтамысты да жеңе алған. Билік қолына тигеннен кейін Едіге алғашқы кезде әділ болып, халық көңілінен шығуға тырысқан. Сондықтан да оны жұрт «Ел қамын ойлаған Едіге» деп дәріптеген.

Ал ұзақ жылдар бойы соғысып, ұрыс, шабуылдан қажыған, кейде тіпті жалғыз баласынан айрылған жұрттың өздері соңынан ерген Едігесінен ең алдымен күткені тыныштық, бейбіт өмір еді.

Бірақ олай болмай шықты.

Көп жүрген жылан аяғын көрсетеді, көп жорғалаған жорға шалысынан танады. Ал билік деген ол бір асау тұлпар, ауыздықтап дұрыс міне алмасаң, бой бермей, алып-қашып тасқа сені ұрып кетуі де оп-оңай.

Ал Едіге осы тұлпардың үстіне мінген күннен-ақ, оны ауыздықтай ұстап, бабына қарай жөндеп жүргізудің орнына шапқан үстіне шапқысы келе берді.

Неғұрлым дәреже, даңқы өскен сайын, соғұрлым өсе түссін деді.

Тентекті тентек десең бөркі қара қазандай болады. Айлакер, ер жүрек, кешегі әділетті саналған Едіге енді осы тентекке ұқсай бастады.

Ал дәреже, даңқ өсуі тек соғыс арқылы келетін о заманда. Кешегі Едігеден тыныштықты, бейбітшілікті тілеген жұрт, оның ат үстінен түспей, біресе Қырымға, біресе Мәскеуге, біресе Хорезмге аттанып, тіпті тыныш дегенде өзіне ала көз Дәшті Қыпшақтың кей ауылдарын шауып, халықтың әбден мазасын алғанын көріп, енді Едігеден суына бастады, оған үрке қарады…

Бұдан бөтен жұрт наразылығын тудырған Едігенің тағы бір қылығы болды. Халыққа бірдей қарау тек данышпандардың үлесі. Едіге, әрине, данышпан емес еді. Айлакер, ер жүректілігіне қарамай, о да көптің бірі болатын. Жұртқа бірдей қарауға оның данышпандығы жетпеді. Тоқтамыс, Шыңғыс ұрпағын, өз балаларын, туыс-туғанын, өзінің шашпауын көтергендерді алдыңғы шепке қойса, Орда тірегі етсе, бұл өз үстемдігін жүргізуде ең алдыменен бұл тұстағы көп шаңырақты маңғыт тайпасына сүйенді. Жердің шұрайлысын да осы ноғайлы жұртына берді, көлдің тұзсызын да, судың тұщысын да бұлардан аямады. Өзінің негізгі әскери тірегі де осы маңғыт сойылкерлері болды.

Мұны көрген қалың Қыпшақ, күресейін десе қорықты, іштен тынып жүре берді.

Бірақ шыны күнде емес, бір күні ғана сынады. Халықтың шыдамдығы да бітетін күн туады. Іштен тынып жүрген жұрттың шыдамдылығы таусылатын осы тұста — бір оқиға болды. Балаларын Алтын Орда әскеріне бергісі келмеген Жайық бойындағы Алшынның бір ауылын, Едігенің қанды көз сотқарлары қырып кетіпті деген суық хабар кенет дүңк ете қалды.

Дәл осындай бір себепті күтіп жүрген Еділ — Жайық орта шеніндегі Қыпшақтың қалың ауылы елең ете түсті. Міне ойламаған жерден бүлік осылай басталды.

Қолына сойыл, бақанын ұстаған, түйелі-атты иінтірескен халыққа кенегес руының ақсақалы қарт Ақтайлақ би:

— Хан билігі деген түйені түгімен жұтар алпыс құлашты аждаһа,— деді екі қолын бірдей көкке көтеріп.— Оның жанды жері басы — Алтын Орда… Егер қиянаттан құтылғың келсе, ең алдыменен сол хан отырған Орданы құрт. Бірақ оны құрту бір Кенегестің қолынан келмейді. Бес саусақ жұмылса жұдырық болады. Бес тайпы ел біріксе құдыретке айналады. Хан Ордасын күйрету үшін бүкіл Дәшті Қыпшақ жұрты бірігуі керек! Кенегес, сен осыны жұртқа өсиет ет!..

— Ұлы Ырымда, қызы Қырымда далиып жатқан Дәшті Қыпшаққа оны қалай өсиет етіп жеткізе аламыз,— деді тағы бір күн қаққан күрең жүзді ақсақал.

— Иә, халайық, бүкіл Дәшті Қыпшақтың басын қосу — бір күндік те, бір жылдық та іс емес, ол қиын жәйіт.