Әңгіме: Ілияс Есенберлин Алтын аттар оянады

0
БІРІНШІ БӨЛІМ

БІРІНШІ ТАРАУ

Біреу қызыл шұнақ үскірік қысты не сағыныштай сарғайған алтын күзді, болмаса шат көңілдей жазды жақсы көреді. Ал кей кісі төрт мезгілдің басы, тоқсан тілектің тоғысқан шағы хош иісті көктемді сүйеді.

Бұл бір қуаныш нұрына бөленген ғашық жүздер, махаббат көздер молая түскен шақ. Әлем біткен қырмызыдай сәнді келеді. Дымқыл тартқан жер бетінде көк балауса, бетеге, киік, марал, қаз оттары ду ете көтерілген. Жайшылықта иіс бермес аюбалдырған, әйбатмия, сасыр, шетендердің өздері де жұпар аңқиды. Жоқ, олар көктем исімен мұрныңды жарады. Қыс бойы бұтақтары сидиып, арық торғайдай суық желден үрпиіп сиқы кеткен қарағай, емен, ақ қайындар жасыл жапырақтарын төгіп, шыңқай бояулы суреттердей жадырай қалған. Бастарына әнші құстар қонып, құлпырған көктемді құттықтап, жаныңды жай тапқызатын шаттық үндеріне бөлеген. Өткен күзде ұшып кеткен жыл құстары, қайта оралып, қиқу салып жер мен көкті базар еткен. Күміс көлдер, көгілдір өзендер үстінде жыпырлай жүзген аққу, қаз, үйрек. Олардың у — шуына, қоңырлата сыңси салған әндерінен құлақ тұнады. Жанаргүл, қозыгүл, лала, меруерт гүлдер қауызын ашып үлгірмесе де қызғалдақ, сарғалдақтар үкілі бастары сылаңдап көздің жауын алады. Сай — салада, сылқ -сылқ күліп былдырлай аққан қар суы, мұз бұлақтар. Дүние анасынан жаңа туғандай жасарған. Осы бір керемет сәнге бөленген әлем, өзінің ғажайып ән — күйімен сенің жаныңды, қиялыңды қуанышымен әлдилеп, құлашыңды көзің жетпес көкжиегіне серметеді. Көзінде күн сәулесі тұтанып, билегің, ән шырқағың келеді. Өзіңді — өзің бұл жалғандағы ең бақытты, ең қуанышты жан сезінесің! Кім мұндай көктемді сүймес! Кім жақсы көрмес! Әсіресе Алматының көктемін айтсаңдаршы! Қандай сұлу! Қандай көрікті!

Көк аспанмен құшақтаса біткен ақ сәлделі Алатаудың қарлы құздарының аппақ сүйір бастарына мамық бұлттар қонған. Күншуақ баурайларына қою тұман ұйысқан. Балағынан сонау түкті кеуде тұсына дейін, қыңыр жоталы, ожар шыңды, шоқай шоқылы, күдір жартасты жақпар — жақпар тау өңірлерін жасыл қарағай мен шырша тұтаса жапқан. Қошқыл қойнауларында жас баланың көз жасындай мөлдір, қаңтар мұзындай суық, гүрілдей бұрқасынған — бұрсанған тау өзендері. Осы ғажайып суреттердің үстінен жоғары шырқаған қарлы биіктердің ұшар бастары көк аспанның кеудесіне қадалған алып күміс найзалар тәрізді. Қарап тұрсаң көктемдегі тау әлпеті теңеуі жоқ ғаламат бір сұлу көрініс! Сұсты және сәнді! Қиялың тәрізді алыс, бүгінгідей жақын! Енді Алатаудың етегіне көз жіберсең, Әбілхан Қастеевтің мың бояулы суреттерін көргендей таң қаласың! Екі жағында бірдей зәулім биік үйлер тізілген, қыз бұрымындай дүп — дүзу боп созылып жатқан ұзын көшелердің өн бойын жасыл шинель киген жауынгерлердей, аспанменен тілдескен биік ағаштар күзеткен. Қала ортасының кей жерлері мен шеттерінде қызғылт, сарғылт, аппақ гүлді, сан түрлі түске бөленген алма, өрік, алмұрт бақтары. Көктөбеге шығып төмен қарасаң, қала жатқан тау етегі, көгілдір торғын — түтінге оранған, қызылды, жасылды гүлдермен әшекейленген бір алып сұлу кілем дерсің!

Міне, осы кілемнің бір бұрышында, шаһардың күнгей шетінде көктемнің қуанышына бөленгендей, жасыл бақтың ортасында, биіктеу етіп салынған, қорғасын түстес көгілдір қаңылтыр шатырлы, қызыл кірпіштен қаланған бір әдемі үй тұр. Үйді қоршаған бау -бақшаның алдыңғы жағында Медеуге қарай созылған ұзын асфальтты жол. Жолдың ар жағы тағы қала…

Бұл — қалың ағаш ішіндегі жалғыз үй — археология маманы, әйгілі инженер Күнтуар Құдайбергеновтің үйі. Қазір күнгей жақ терезесі ашық. Археологтың өзі төр жақтағы үлкен стол жанында бірдемені қарап отыр.

Бүгін сеңсең жапырақтары кешкі салқын желмен сыбдырлай ойнаған осы бау — бақша да, ортасындағы әсем үй де, уылжыған тамаша тыныштық та маужырай қалған. Ал осындай бүкіл әлем қуанышқа кенелген көктемде біреудің көз жасы төгілер қайғы — қасірет болуы мүмкін бе? Мүмкін емес сияқты. Бірақ өмір мың қырлы, әрқашанда — жұмбақты сырға толы, қай жерден, қай бұрыштан кімді қуаныш, не өкініш күтіп тұрғаны беймәлім. Бұл үйдің адамдарын да не күтіп тұрғаны белгісіз.

Күнтуар көне құмыраны тағы өзіне таяды. Жанында жатқан үлкейткіш дөңгелек шыныны алып оған үңіле қарады. Құмыраның алқым тұсындағы қашап салған суретке тоқтап, бұл заттың көне сақтар дүниесі екеніне шәк келтірмеді. Археологтар «тағы аңдар стилі» деп атаған олардың көркемөнер мұрасына жататыны бірден көрініп тұр. Барысқа ұқсаған қанды тырнақты адуынды аң дала маралын алқымынан қысып жатыр… Әрине, бұл сақтар мұрасы. Бірақ қай тайпасы, қай кезінікі? Жақсы көретін оқушысының бірі, жас археолог бұны Есіл өзені басталатын Теңіз көлінің тұсынан тауып әкелген. Археологтар экспедициясы осы сапарында басқа да адамды ойға қалдыратын бірталай ескі дүние қалдықтарын тауып қайтқан. Күнтуарды әсіресе бүтіндей табылған құмыра қызықтырған. Әрине, кезіккен тұсына қарағанда, бұл осы күнгі қазақ жерінде сонау Геродот заманынан да бұрын, Қара теңіз скифтерінен де ілгері кезде өмір сүрген сақтардың бір бөлегі аргиппей тайпасына жатады. Оған дау жоқ, өйткені көне заманда (тағы сол Геродот айтуы бойынша) Хазар теңізінің солтүстік алқабын саврамат қауымы жайлаған. Ал онымен шектесе, Атрау теңізінің күншығыс — оңтүстік жағасын, Жейхундария өзенінің қойнауларын алып массагет тайпасы жатқан. Содан кейін Сейхундария орта шенінен бастап, шығысындағы Памир мен Тянь-Шань тауларына, солтүстігіндегі Көкше теңіздің теріскей жағасына дейінгі ұшы — қиыры жоқ алып даланы қалың сақ елдері қоныс еткен. Массагет, аргиппей, саврамат, бәрі де сақ халқына жатқанмен де, тілдерінде, әдет -ғұрыптарында, шаруашылықтарында айырмашылықтары да бар тәрізді. Демек, көркемөнері, салт — ғұрпы, тұрмысы, жалпы тілдерінің негізі бәріне ортақ екені даусыз. Ал, бұл көне замандағы қазақ жерінде өмір сүрген; археологтар Сырдария және Жетісу сақтары деп атаған осы бір жауынгер елдің негізгі кәсібі мал бағып, аң аулау болған. Әйгілі археолог Күнтуардың бар өмірін сарп еткен іздену дүниесі, міне, осы көне халық әлемі еді. Бүгінде сол ұшан — теңіз зерттеу жұмысының бір сұрағына жауап іздеп, біздің дәуірімізден мың жыл бұрын өткен ежелгі жұрттың тастап кеткен мұрасы, осынау көне құмыраға әлсін — әлсін үңіле түседі.

Бірақ Күнтуар дәл қазір әдеттегідей ғалымдарға тән, алдындағы заттың жұмбақты сырын ашсам деген ақыл-ойын мүлдем билеп әкететін серпіннен аулақ. Көзі суретте болғанмен, көңілі әлдеқайда… Енді ол бір сәт өзінің босқа отырғанын түсінгендей, қатты күрсінді де, үлкейткіш шыныны стол үстіне тастай сап, түрегеліп кетті. Кең кабинетті ерсілі — қарсылы кезіп жүре бастады. Алпысқа таяса да бурыл шашы әлі қоп — қою, ұйыға иығына түсіп тұр. Орта бойлы, төртбақ денесі мып — мығым, жүрісі де қажырлы. Тек үлкен ойлы қоңыр көздері ғана әбден шаршағанын көрсетеді. Жоқ, оның бүгінгі түрі бір сұмдықтан жан дүниесі шошынған, пәк сезімі қара албасты әлденеден түршіккен, үріккен адам екенін аңғартады.

Бүкіл ел — жұртына әйгілі, жан — жағындағы адамдарға үнемі кішіпейіл, парасатты ғалымның кенет бұлай алабұртып жабырқана қалуына не себеп? Себеп біреу-ақ. Ол — ескі досы Ерғазының жалғыз ауыз сөзі еді.

Басқа адам оған бәлендей мән бермей, «жарайды, анығына жетерміз» деп қоя салуы мүмкін, ал жаны жалғансыз таза, көңілі бұлтсыз мөлдір инженерге бұл сөз сойылмен ұрғаннан кем тиген жоқ.

Ерғазымен екеуі бірін — бірі жігіт бола бастаған күннен білетін. Университетте де бір кезде оқыған.

Жасөспірім шақтарында айта қаларлықтай жақындықтары болмағанмен, жігіт жасына жеткен кездерінен қанды көйлек дос санасып кеткен. Күнтуар университетті бітірісімен соғыс басталды да, майданға аттанды. Көп кешікпей Ерғазы да әскерге алынды. Күнтуар майданның алдыңғы шебінде аяғынан қатты жарақаттанып, елге келіп, Алматыдағы бір үлкен мекемеге қызметке кірді. Осы тұста соғыстан Ерғазы да оралды. Бұл қолынан жарақаттанған екен. Екеуі жылап көрісті. Күнтуар өз қатарындағы жастардың көбінен оқуға алғыр, жан аяспас кешегі досының мүгедек түрін көріп аяп кетті. Ерғазы соғыстан ғана жүдеп келген жоқ—майдан түгіл, қолмен істейтін ауыр жұмысқа жарамайтын күйде қайтты. Ал бұның негізгі мамандығы археологиялық істер соғыс кезі мүлдем тоқтатылған. Сонда бүрісіп қалған саусақтарымен Ерғазы қандай жұмысқа бара алады?

Күнтуар ақылдаса келе оған:

— Боса да майданға әзір жібермейді екен, ал завод, лабораторияларға кіре қоятын мамандығың жоқ, қара жұмысқа жарамайсың… онда… уақытша біздің мекемеге кір… Жетілгеннен кейін өз мамандығыңа ауысарсың, — деді.

Күнтуардың бұл ұсынысына Ерғазы қуанып кетті. Өзінің ойлағаны да сол екен.

— Егер бастықтарыңды көндіре алсаң, оған не жетсін! Қазір дәрігерлер мені алты айға майданнан босатып тұр. Сендердің мекемелеріңнің маңызы зор ғой, броньмен әскерден де алып қалар…

Күнтуардың көңілі кенет елең етті. Бірақ «соғыс кімнің үрейін ұшырмаған, әбден титығына жеткен соң айтып тұр — дағы» деп өзін — өзі дереу басты.

Екі — үш күн өткеннен кейін ол Ерғазыны мекеме бастығының орынбасары, қазақтың сол күндердегі саналы, алғыр қызметкерлерінің бірі Ермағамбетке ертіп келді. О кісі соғыстан қайтқан жас инженер, коммунист жігітті жұмысқа алуға бірден көнді. Бірақ ең алдыменен өзі жеке әңгімелеспек болды.

Екеуі бір сағаттай сөйлесті.

Содан кейін Ермағамбет Күнтуарды шақыртып алған. Оңаша қалғаннан кейін ол:

— Бұл жігітті сен көптен бері білесің бе?—деп сұраған Күнтуардан.

Анау дереу жауап берді.

— Білгенде қандай! Бала жасымнан десем де қателеспеспін… Бірер жас үлкендігі бар. Біздердей қала баласы емес, ауылдан келгендіктен университетке де менен екі жыл кейін түскен. Бірақ жақсы оқыды. Адамгершілігі де мол, ұстамды, жолдастыққа да жақсы, ақ ниет ер жігіт…

— Ер жігіт? — Ермағамбет жалпы биязы, сабырлы кісі болатын. Тек өзіне бірдеме ұнамаса, кенет бетінде ызғар ойнап сұстана қалатын. Бұл жолы да сондай сес көрсетті. — Ер жігіт дейсің бе! — деді ол креслосына шалқая түсіп. — Оң қолынан жараланыпты. Және үлкен саусағынан… Байқап қалдым. Оқ алақанынан қадалған тәрізді. Сұқ саусағы да иілмей, құр шошайып тұр. Сонда қалай, оқ әдейі іздеп келіп алақан жағынан тигені ме?..— Күнтуардың жүрегі дір ете түсті. Ерғазыға жаны ашып кетті, кенет екі бетінен қаны қашып, демін әзер — әзер алды. Егер Ермағамбет жолдасының ар, намысына тиетіндей тағы бірдеме айтар болса, лап етіп тұтана қалуға бар. «Жаралы Ерғазы соғыстан аз қиянат көргендей, жұмсақ креслода шалқая отырып алып, аяулы майдангердің ерлігіне әлі нұқсан келтірмекші!» Әйтсе де, Ермағамбет Күнтуардың ашудан жарылғалы тұрғанын ұқты ма, әлде бөтен себебі болды ма, айтқалы келе жатқан үрейлі сөзін іркіп қалды. Әдеттегі саябырлы мінезіне салып, жайбарақат:

— Қысқасы, — деді ол. — Бұл жігіттің бізге ыңғайы келмейді екен. Және қолында әлі дипломы да жоқ… Әскери дәрігерлік комиссия соғыстан алты айға босатыпты ғой, меніңше сол уақытын диплом алуға жұмсағаны жөн болар… Сосын көре — жүре шешерміз… Егер алты айдан кейін комиссия тағы майданнан босатса…

Күнтуардың өзі майданға кеткенінде Ерғазының университеттің ақырғы курсында оқып жүргені есінде еді. Ал дипломы бар ма, жоқ па, оған көңіл қоймаған. Өзі білмейтін жағдайға қарсы ештеңе дей алмай, үйден шығып кеткен.

Ерғазыға ол Ермағамбеттің сөзін тегіс айтып беріпті. Тек қолының жарасы жөніндегі оның күмәнді ойын жасырып қалған. Жолдасын жамандыққа қимағандықтан, онсыз да жүдеп жүрген көңілін несіне қинай түсем деп ойлаған.

Күнтуардың сөзін тыңдап болған Ерғазы:

— Ермағамбеттің айтқаны дұрыс. Менің қолымда қазір дипломымның жоғы рас, — деді.

— Бірақ дәл қазір диплом қорғауға денсаулығым да, жағдайым да жоқ. Ал қалай оқығаным да, қорғай алатыным да өзіне аян ғой деймін. Диплом деген құр тілге тиек сөз. Университеттің теориялық курсын бітіргенімді білесің. Алты ай соғыс, алты жыл бойы алған білімімді суалтып тастамаған шығар…

— Оның бәрі солай ғой. Дегенмен, түбі, диплом алмай болмас, Ерекең де соны тілеп отыр. О кісінікі жөн тәрізді.

Енді Ерғазы қиыла сөйлеген:

— Өзін көріп тұрған жоқсың ба, қазір диплом қорғайтын күйдемін бе?.. Менің қандай адам екенім бәріңе мәлім, бір азаматтық істеуің керек.

— Қандай азаматтық?

— Қазір соғыстан мүгедек боп қайтқан жандарға алуан — алуан жәрдем беріліп жатыр ғой. Университет те маған көмек көрсетсін. Қолдарыңдағы бітпей қалған жұмыстарыма қарап диплом берсін. Алда — жалда бұны дұрыс емес дер болсаң, жұмысқа кіргеннен кейін алты -жеті айдың ішінде дипломымды да жазып тапсырармын. Міне — қолым, міне — антым!

Күнтуар дәл осы сәтте бір үлкен қылмысты іске барғалы тұрмын деп ойлаған жоқ, майдангер жолдасының өтінішін қимады. Оның үстіне, Ерғазының университетте жақсы оқығаны, білімінің барлығы, жараланып келгені, бәрі — бәрі себеп болды. Ертеңіне университеттің ғылым жөніндегі директорының орынбасары Арташовты шақырып алып мән — жайды түсіндірді. Жасы келіп қалған профессор университеттің көңілшек ескі мұғалімдерінің бірі болатын және екеуін де жақсы білетін. Әсіресе, Ерғазының озық оқығанына қанық, түбі бұдан атаулы ғалым шығар деген үміттен де аулақ емес еді. Оның алдыңғы шепте Отанын қорғап, жаралы болып келгенін еске алып, диплом беруді оқымыстылар кеңесінде ерекше мәселе етіп көтеріп, ақылдаспақ боп уәдесін берді. Көп кешікпей Ерғазы диплом да алды. Бұ да уәдесінде тұрды, артынан, кандидаттық қорғар алдында, сол материалдарынан диплом жазып университетке тапсырды. Қарт профессор Арташовты ұятқа қалдырған жоқ.

Ерғазы дипломын алған күннің ертеңіне Күнтуар Ермағамбетті былай қойып, мекеме бастығы Гудкин жолдастың өзіне барды. Майдангер жас инженерді қызметке алуды өтінді. Бұл кезде соғыс мүгедегі Күнтуардың өзі де жан — тәнін сала істеген қызметінің арқасында әріптес жолдастарының көзіне түсіп, әжептәуір абыройлы болып қалған. Мүмкін, Күнтуардың қиыла еткен өтініші себеп болды ма, әлде соғыстан қайтқан жас инженердің өзі ұнады ма, Гудкин қаулы шығартып, Ерғазы жауапты қызметке алынды.

Жұмысына ол ұқыпты болды. Соғыс та бітті. Ерғазы өз мамандығына көшті. Осы кезде ол ері соғыста қайтыс болған, үш жасар Арман атты баласымен қалған жесір әйел Ақгүлге қосылды. Бұл бір ойлы көзді, кербез, ажарлы адам еді. Әсіресе, ақжарқын мінезі кімге болса да ұнайтын. Бота көздері өзгеге үнемі сене қарайтын. Ренжу, ашулану дегеннен жат Ақгүл ақылымен де, қылығымен де Ерғазының көңілін таба білді. Енді жатпай — тұрмай кандидаттық диссертация жазуға кірісті. Бір жыл өтпей қорғап та шықты. Өмірден тәжірибе алып қалған Ерғазы осы тұста өзіне қорған болар адамдарды да тапты. Солардың арқасында оңтүстіктегі шідірісті қалалардың біріне көшіп, ғылыми — зерттеу институтына директор болды. Соңынан Алматыға қайта оралып, докторлық диссертация қорғады. Профессор атағын алды. Қысқасы, Күнтуар оған өзінің адал құшағын босқа жаймаған екен, соғыс біткеннен кейінгі жиырма — жиырма бес жылдың ішінде Ерғазы өзінің қызмет дәрежесі арқылы стол басында отырып — ақ өсіп, белгілі ғалым деген атқа жетті.

Ал Күнтуар қиын жағдайларға кездесті. Бағы жанып өсе бастаған кезінде тағдыры кенет өзгерді. Ғашық болып қосылған жібек мінезді, көген көзінде мұң мәңгі ұялағандай, қайғылы пішінді он тоғыз жасар Дәмелінің әкесі бір кезде кінәланғаны қайта көтеріліп, Күнтyap қызметінен босатылды. Көп мезгіл бос жүріп, әзер дегенде жай инженерлік жұмысқа орналасты. Ерғазы мұндай күйге ұшыраған Күнтуарға бір — екі рет ақшадай жәрдем де берді. Енді Күнтуарға өмірді қайтадан бастауға тура келді. Соның өзінде де долы толқынды тағдыр деген асау теңіз оны сан жартасқа соғумен болды. Рас, мұндай жағдайларда, бұ да пенде ғой, кейде шаршады, адасты. Бірақ өмірдің темір тегеуіріні дер кезінде жөндеп отырды. Осы тұста Күнтуар Ерғазыдан көз жазып қалды. Ал Күнтуарды Ерғазы өзі іздеп келмеді. Ақыры бұ да көздеген мақсатына жетті, қазақтың әйгілі археологтарының бірі танылды.

Міне, осындай күндерінде тіршілік атты ұлы мұхитта екі дос тағы кездесті. Ашаршылықта татқан құйқаның дәмі ауыздан кетпейді. Қиын шақта Ерғазының берген жәрдемі көкейіне алғыс болып қонып қалған Күнтуар ескі досын бұрынғысындай құшағын жая қарсы алды. Ақтарыла сырларын ашысты. Бір кездегі жомарт көңілдер қайтадан табысып, бір-бірінен сый — сияпаттарын аямады.

Бірақ бұл мезгіл Ерғазының бақ тасы бұрынғысындай өрге домалап тұрмаған кезі еді. Доктор, профессорлығына қарамастан, ғылыми зерттеу институтының директорлығына бұл емес, басқа адам — бекітілді. Ерғазы орынбасарлыққа ғана өтті. Ғылым академиясына сайлауға түсіп, корреспондент — мүшелікке керек дауысты ала алмай қалды. Сөйтіп жүргенінде директормен екеуінің арасы қым — қиғаш дау — жанжалға, ренішке айналды да, кетті. Ерғазы өзінің осы тұстағы сәтсіздігінің бәрін институттың біраз тағдыры қолында тұрған үлкең оқымысты академик Вергинскийден көрді. Бір кезде Күнтуар да осы кісімен бір мектепте оқыған, бертін келе қызмет бабында да байланысы болған, ал археология ғылыми — зерттеу жұмысына ауысқаннан бері тікелей қарамағына көшкен. Осындай академикпен арасы жақсы жолдасына Ерғазы бөтен ешкімді таба алмағаннан кейін, өзінің күнәсіз екенін айтып, араша түсуін сұраған. «Мені академик Вергинскийге біреулердің жамандап қойғаны даусыз. Тек сол кісіге бір жолығып түсініссем екен, қолыңнан келсе, сөйлестір» деп өтінген.

Әрине, Күнтуар көнген. Ол академиктің аяулы, парасатты адам екенін білетін. Расында да, Алексей Максимович Вергинский ақылды, кімге болса да қолынан келер көмегін аямайтын кеңпейіл жан еді. Күнтуарға да жүдеп жүрген кезінде аз жәрдем бермеген. Тіпті қайтадан археологтар қатарына келіп, өзінің дарынын көрсетуіне де себепкер болған. Күнтуар оны құр ескі досым, үлкен ғалым деп қана сыйламайтын, өзінің тағдырына бола жаратылған бір періштесі санайтын. Және Ерғазының қызмет дәрежесінің қазіргі төмендеуіне оның әсері тиіп жүргенінен де хабардар еді. Бұл жайында Вергинскийдің бір сөзі есінде қалған. Бұрын ғылыми — зерттеу институтына кісі іздеп жүрген күндердің бірінде Күнтуар өз шаруасымен академикке келген. Ол ананы — мынаны әңгіме етіп отырып кенет:

— Сенің досыңды институтқа директор етіп бекітпедік. Анкетіне қарасақ доктор, профессор болғанмен, өндірісте бір күн жұмыс істемепті, — деді Вергинский. — Ал бұл ғылыми — зерттеу институты, өндірістің мұң — мұқтажына бейімделген институт ғой.

Академиктің кім туралы сөйлеп отырғанын Күнтуар түсінбей қалған.

— Менің қай досым туралы айтып отырсыз?—деген ол.

— Ерғазы ше? Екеуің бірге қызмет істедіңдер ғой және ескіден дос екендерің есімде…

— Иә, әлі де доспыз. Бірақ бір кезде екеуміздің жолымыз екі айрылған. «Ұлы Мурави» романында мынандай бір сөз бар…

— Қандай сөз?

— «Өмірдің сан түрлі жолы бар. Дұрысын тапқан — шыңының басына шығады. Ал адасқан — құлап кетер шыңырауына келіп тіреледі».

— Дұрыс айтылған.

— Ерғазы болса, шу дегеннен дұрыс жолға түсе алды…

— Сен одан кем қалдың ба? Сәл адастың, бірақ даңғыл жолыңды тез таптың. Атақ -бағың, беделің, құдайға шүкір, қазір ешкімнен кем емес.

— Әрине ғой, — деген Күнтуар. Кенет ол ойлана қалған, — мен мұны Ерғазының дәрежесін, докторлырын, профессорлығын күндегеннен айтып отырғам жоқ. Жалпы қызғану, көре алмастық деген неден туады? Өзгенің жазғаны, істегені қолынан келетін адам, басқаның шыққан төбесін күндемесе де, қызғанбаса да керек — ті.

— Дұрыс айтасың…

— Өз басым ондай мүшкіл сезімдерден аулақпын… Досым түгіл қасымның да орынсыз құламағаның жақсы көрем…

Міне, осы адам Ерғазы жайындағы сөзді бір күні тағы өзі бастаған.

— Сенің досың, — деген ол тағы. — Жаңа бастыққа тіпті жұмыс істетпей жүрген көрінеді. Бұнысы қалай?

Күнтуар шынын айтқан:

— Әрине, араларындағы тартыс — таласқа тек бастықты ғана кінәлі деу қиын болар. Ерғазы да бәлендей жыл осындай институт басқарған адам. Тәжірибесі де, білімі де ешкімнен кем емес. Өзінен атағы төмен адамның айтқанына көне қоймауы да мүмкін. Мұндайда айып Ерғазы жағында болу да табиғи зат…

— Ғылымда ғылымды басқару емес, оны ашу қымбат.

— Біреу арманына жылай жетеді, біреу жырлай жетеді. Өмірбақи басқаруды ғана үйренсе не істейді?

— Бар бәленің өзі осында ғой! — Академик күлген. — Бәріміз де басқаруға құмармыз.

— Өйткені арман әрқашанда адамның өз жанынан табылған, тек оған жетуі — өзгеден.

— Дегенмен, таң қалам, — деген академик аздан кейін, — өндірісте бір күн жұмыс істемеген адам бәлендей жыл сол өндіріспен байланысты сондай үлкен институтты қалай басқарып отырды? Бөлім бастығы оны бұл институтқа директор етіп қойған да және жұмысының мәрдімсіздігіне қарамай ұстап келген де бәріміз сыйлайтын… бәленшекең дейді. Бөлім бастығы және сенің Ерғазыңды со кісінің туысы деп жүр ғой. Бізді құртатын осындай ілік — шатыстықтар екені белгілі. Әсіресе, ғылымда туыс — туғандық болмауы керек. Ғылымға адамды жақындататын тек дарының, еңбегің…

— Ерғазының оған туыс екені бекер, академиктің директор етіп көтергені рас. Бірақ со да айып па? Тек адам көтергенді ақтай алса жарайды ғой.

Күнтуар бұдан артық еш нәрсе айта алмаған, өйткені Ерғазының оңтүстікте жұмысын қалай атқарғанын, тіпті, білмейтін. Бұл жағы Күнтуардан көрі, Вергинскийдің өзіне көбірек белгілі еді.

Сөйтсе де, Күнтуар академикпен Ерғазы жайында тағы сөйлесті.

— Ерғазы сізге өкпелі, — деді ол Вергинскиймен бір кездескенінде, — әнеукүні ғалымдардың мәжілісінде өзіңізге кездесіпті ғой, шақырып сөйлесем деген екенсіз, содан бері бітеу жара боп «қашан қабылдайды» деп күтіп жүрген көрінеді.

Академик үндеген жоқ. Күнтуар әлдеқалай Ерғазы жайында төртінші рет сөйлеспекші болып еді, Вергинский сөйлескісі келмейтін сыңай көрсетті.

Күнтуар бұдан кейін ол кісімен Ерғазы туралы әңгіме қозғаудың ыңғайын таба алмаған. Тек ішінен «үлкен ғалым болғанменен, бұ да басы жұмыр пенде ғой, бірдемеден көңілі қалған шығар Ерғазыдан, сол себептен де сөйлескісі келмейтін болар» деді де, бұл мәселені тіпті аузына алмай қойған.

Содан кейін Күнтуардың қолынан ештеңе келмейтінін білген Ерғазы да бұнымен кездесуін кілт доғарған. Бірақ Ерғазымен ауруханада жатқан кей кісілерден «академик жөнінде оның айтқан сөзінің бәрін Вергинскийге жеткізіп жүретін көрінесің ғой» деген тәрізді сөздерін кейде құлағы шалып қалса да, Күнтуар мән бермеген. Өйткені академикті даттап, Ерғазы да бұған ештеңе айтпаған. Айтылмағанды айтылды деп ешкімге тіс жарып, сөз етіп көрмегендіктен, өзінің арын таза санап, кәкір — шүкір өсек — аяңға көңіл қоймаған. Міне, сол Ерғазымен кеше ойламаған жерден ұшырасып қалған.

Ерғазының соңғы жылдары бұнымен сөйлеспей кеткеніне іштей өкпелеп жүрсе де, оны ойынан біржолата шығарып тастай алмаған, сондықтан кездескен жерден — ақ:

— Саған не болған? Тіпті жөндеп амандасудан да қалыпсың ғой, — деген.

Анау Күнтуарға нағыз бір қылмысты адамдай түксие жауап қайырған.

— Оған өзің айыптысың!

— Қалайша?

— Академик Вергинскиймен сөйлестім. Ол: «Сен жайындағы менің бар теріс пікірім Күнтуардың сөзінен туған!—деді. Сені дос санап жүрсем, барып тұрған әзәзіл екенсің ғой. Менің Вергинский жайындағы айтқанымның бәрін оған жеткізіп жүріпсің!

Күнтуар досының сөзін алдыменен жөндеп түсінбеді. Түсініп еді, жүрегі кенет қабынып, бетінің реңі қуқылдана, көзінің шұғыласы бұрынғысынан да өртене, жарқырай қалды.

— Сенің есің дұрыс па? Өзің не айтып тұрсың? — деді ол аузына бөтен сөз түспей.

— Естіп тұрған жоқсың ба?—деді Ерғазы шаян көзі шатынай, ерні кезеріп кетіп, — Маған академиктің өзі айтты. «Сенің күнәң Күнтуардан!» деп. Көр сөзіне сенбей!

Иә, Вергинскийдің өзі сүйдеген болса қалай сенбейді? Әрине, сенеді.

— Сонда мен не деппін? — деді Күнтуар тоңып кеткендей қалтырап. — Бұл сұмдық екен!.. Аузыңнан шықпаған сөзді ол кісі саған қалай айтты? Өзіңнің есің дұрыс па?

— Қайсыңның есіңнің ауысқанын қайдан білейін. Менің сөзімді өтірік десең өзінен сұра!

— Сұрармын!

— Қайсыңның қара бет екеніңді сонда білерсің!

Ерғазы «бәлем, сазайыңды бердім бе» дегендей, орнынан түрегеліп, өз жайына жылмия кете барды.

Күнтуар біреу дәл маңдайынан ұрып жібергендей орнында отырып қалды. Көңілі айран -асыр мазасызданып, оқиғаның түбі неден шыққанын түсінер емес. «Әрине, академиктің аузынан шықпаса оның атынан әлгідей адамның жанын мертіктірер қауіпті сөзді Ерғазы айтты дей алар ма? Бірақ сонда қалай болғаны? Расыменен Вергинский сондай құбыжық сөзге аузы барғаны ма?» Жанындай жақсы көретін адамына деген өкпе енді Күнтуардың жүрегіне біздің өткір ұшындай қадалды. Түні бойы ұйқы көрмей дөңбекшіп шықты.

Ертеңіне академиктің хатшысына телефон соқты, Вергинскийдің дереу қабылдауын өтінді. Хатшысы академиктің Шығыс Қазақстанға жүріп кеткенін айтты. Күнтуар, амал жоқ, өз қайғысын өзі арқалап қала берді. Міне, қазіргі толқу да осыдан еді. Вергинский сапар шегіп кеткеніне бір жеті болған. Келуіне де әлі екі — үш күн бар. Ал осыдан бір апта бұрын лаулай жүрегін алған өрт әлі бір сәт те баяулаған жоқ. Ақыл, ойын, миын өртеп әкетіп барады. Ерғазының айтқаны есіне түсіп кетсе, түн ортасында төсегінен атып тұрады. Өн бойы тулап, не істерін білмей, ерсілі — қарсылы жүре бастайды. Нағыз адам деп ойлап жүрген кісілердің мұндай уақ мінез көрсеткендері оған өте батады. Алғашқы күндері ол академикке қатты өкпелеп, айтуға сөз таба алмай, әлсін — әлсін күрсіне берген. «Малдың аласы сыртында, адамның аласы ішінде» деген, міне, осы екен ғой деп, лүпілдеген жүрегін қолымен басып, қылдай сезімі жанына арқандай батып ойға берілген. «Осы уақытқа дейін мен академикті қалай білмей келгенмін! Әлде ол менің сөзімді дұрыс түсінбеді ме, түсінсе де бөтен біреулердің айтқандарымен шатыстырып алды ма? Өзгелерден гөрі, мүмкін, мен есінде көбірек қалған болармын? Бірақ айтпаған өсекті қалай айтты дейді? Бұл пәк сезімді, адал ойлы оқымыстыға лайықты қасиет пе? Жарайды, мен тіпті, солай деп шағыстырайын — ақ, сонда өз басы, өз пікірі, өз ақыл, ойы қайда? Біреудің айтқанымен, егжей — тегжейіне жетпей, басқаға қаһар төгуге бола ма? Бұл — үлкен адамды көгертетін қылық па? Жоқ, бұның бәрі бұлай емес. Бұнда бір түсінбестік бар. Қайткенмен де, өзіне тез жолығуым керек. Анығын білмей өкпелеу жөн емес. Тек тезірек келсе екен». Ақылға сала келе, академикке деген ашуы, өкпесі — ызасы бірте — бірте енді Ерғазыға ауған. «Жарайды, Вергинский солай десін — ақ, сонда Ерғазы қалай осындай сөзге сенді? Қалай менің бетіме әнеугі балшықтан да ауыр, лас сөздерін лақтырады? Мені сондай жамандыққа барады деп қалай ойлады? Бәлен жылдан бері жолдас болып жүріп менің жүрегімнің адал екенін білмегені ме? Біле тұрса да, Вергинскийдің үлкен адам екеніне бас ұрып, маған сондай қиянатты, досыңды да жау ететін сөздерді айтуға барғаны ма? Әрине, барғаны ғой. Олай болса, сондай жаман адам үшін неге налисың, несіне жаныңды ауыртасың?»

Адамзат сыйласуының, мейірбандығының ең мөлдір көзі — достық. Ол — еш уақытта да шөлдетпейтін, жаныңды рахаттандыратын бәлзем. Кісі қартайғанда шын махаббаты адал достыққа айналады. Ал адал достығы шын махаббатқа көшеді. Бұл қасиеттер — екі кісінің арасында тартылған көзге көрінбес болат шынжыр. Оны ештеңе де үзе алмайды. Уақыт та, қиындық та. Тек ажалдың ғана әлі жетеді. Бүкіл адам баласын, жер шарының бар ұлттарын осындай ешкім бұза алмас күштер мәңгі сөнбес бақытқа жеткізеді.

Күнтуар достықты осылай түсінген. Өзі достық үшін жан беруге бар. Дос саналған адамға кір жұқтырмақ түгіл, оны өкпелетіп, ренжітіп көрмеген. Ал Ерғазы болса, солардың ең аяулысы еді. Сол себептен де оның сөзі жанына жаман батқан. Көңілін қалдырып ашуландырған.

«Жоқ, жоқ, — деді ол күйіне қайтадан — жетеді! Жетеді! Мен оны енді тіпті көрмеймін! Көрмеймін! Атасына нәлет!»

Енді кенет Ерғазыға деген Күнтуардың ішінде бір ызалы қыжыл туып, оны жек көре қалды. Бұнысы өзінің көңілінің ақ болғандығынан ба? Ақ бола тұрып, Ерғазы секілді болмашы адамның жапқан қара бояуынан шошынғаны ма? Әйтеуір, өн бойын күннен -күнге қусырып, бір жеркеніш сезім билеп әкетіп барады. Ол сезім «сондай сөзге мені қалай қиды» деген сұрақпен тұтасып, енді тек Ерғазыға ғана емес, өзі шын құрметтейтін Ақгүлге де ауа түскендей. Адамның аузы бармайтын сөзге бұлар қалай сенді? Ау, бұлар менің әзәзіл жан емес екенімді білмегендері ме? Әлде біле тұрса да, жала жапқылары келгендері ме? Өзің қары болмай, қарының сөзіне сенбейсің дейді жұрт, өздері сондай адам болғандықтан, мені де жамандыққа қиғандары ма? Жоқ, жоқ, Ерғазы ез болғанменен, Ақгүл адал жан! Бұл бір мен ұқпайтын сұмдық!»

Міне, Күнтуар қазір осындай күйде еді. Әсіресе, оған бататын тағы бір жағдай бар. Ақгүлмен еріп келген Ерғазының Арман атты өгей ұлы биыл Мәскеу университетін бітіріп, Күнтуардың қарамағына келген. Өзінің жалғыз баласы Дәниел, әкесінің әйгілі археолог екеніне қарамай, оның жолын қуудан бас тартқан. Жазушы болмақшы еді. Ал Арман өгей әкесіндей археолог мамандығын қалаған. Жасынан өзіне таныс осы жігітті Күнтуар неге ұнатып қалғанын өзі де білмейді. Рас, оның дарынының қаншалық терең екені кәрі инженерге әлі мәлімсіз. Дегенмен, әке — шешесінің жақсы адамдар екенін еске алып, түбі тәрбиелей алсам, осы менің ісімді жалғастыратын ғылыми мұрагерім болып қалуға мүмкін ғой деп ойлаған. Өйткені құс қанатсыз, жылқы тұяқсыз, ғалым оқушысыз шарықтай алмайды ғой. Ал археологтың артында бұның ісін жалғастырар мирасқор жақсы оқушысы, жас серігі жоқ еді. Сондықтан да Күнтуар оған ықыласын өзгеше аударған. Ал қазір, Ерғазы деген инженердің өкпелі көңіл зауқы, нала сезімі оның баласына қарай көшпесе нетсін… Жоқ, бала жазықты емес қой. Бірақ бір көл суының үсті лайлы, асты таза болмайды. Алма ағашының құрт түскенде бұтағында өсіп тұрған алмасы сау қалмайды. Бұл — табиғи заң… Сөйтсе де, ғалым өн бойын билеп кеткен өкпе — ашуға өзін біржолата құл еткізгісі келмеді. Ақылға салып, әкесіне деген суық — салқынын баласына тигізбеуге тырысты. Осындай халдегі Күнтуар столының қасына қайта отырды. Көңіл кірбің, ой шүбәлі: Тағы тұңғиыққа бойлай жөнелді. Бұл жолы көңіл жамалын Дәниелі мен Арманның арасына аударды. «Бұл екеуі сыбайлас — қатарлас болғанменен, бәлендей жақсы емес тәрізді. Әрине, ондай араздық әкелерінің арасындағы қырыс — теріс қабақты бәлелерден туған жоқ. Екеуінің қырғи қабақтығына себеп — тек Жаннат. Бұлаудай боп өскен, ибалы осы қыз кеше ғана Дәниел десе қоң етін кесіп беруге бар секілді еді. Ал, бүгін оған не болды? Махаббат деген қызыл шүберек емес қой, тез оңбаса керек еді. Тек бояуы осал асыра кеуек мата ғана бір жеті күннің көзінде тұрып, екі мәртебе жаңбырмен жуылса, бозарып шыға келеді. Әлде қыз жүрегі аумалы — төкпелі келеді ме? Әрине, менің Дәниеліме қарағанда Арман келбетті де, сымбатты да. Бірақ дүниеде не көп, көрікті жігіт көп, соның кездескеніне көңілі ауып, бұрынғы жақсы көрген адамынан теріс бұрылып кете берсе, қыздың жүрегінен не қалады?.. Ол кімге жетеді? Беу, адамзат — ай! Қандай сан қилы, сан сырлы болып жаратылғансың?! Өз бақытың үшін өзгені аямайсың! Жаннат та сондай аяусыз жан болып шыққалы тұр ма? Жалғызымның халі қандай болады? Шешесі ерте қайтты, әке деген ондай азар іске олақ келеді. Ақыл айтып, қайғысын басар кімі бар? Ешкімі жоқ. Не көрсе де өзі көреді. Ал жалғыз тартқан қайғы әрқашанда аяусыз., Шыдай алар ма? Әлі жас қой. Бұның жасында махаббат күйігінен ауыр адамға күйік жоқ. Төзе алса жарар еді. Әй, білмеймін, тым жұмсақ мінезді, ал махаббат азабы деген — өте тегеурінді, жас жігіт түгіл, көк темірден берік қаһармандарды да саз балшықтай илей алған…».

Күнтуар ойын тұмандата жөнелген осы бір ауыр қайғыдан құтылайын дегендей, кенет басын көтеріп алды. Стол үстіндегі құмыраны былай сырғытып жіберіп, шеттеу жатқан жуан қолжазбаны өзіне қарай тартты. Бұл оның көп жылғы күнделік дәптері ретінде сақтап келген еңбегі еді. Баспаға дайындалған түрі. Ертең апарып тапсырмақ. Бұл, әрине, археологиялық табыстары, көптен бергі еңбегінің құр қорытындылары ғана емес, сол археология жөніндегі ізденулері, өмір, бақыт, ғылым жайындағы ұзақ жылдар бойы жинап келген шабытты ойлары, жас ұрпаққа айтайын деген қанатты өсиеттері. Өзінің ғылымнан, дүниеден күткен алтын армандары, алдағы күнге деген уыз қиялдары, баласы, жолдастары, өзі жайындағы тәлім — тәрбие пікірлері. Қысқасы, қара қылды қақ жарып айтқан өмір шежіресі, қиялнамасы. Бұл еңбегін ол өмір бойы жазған. Әр жолы, әр сөзі жүрегінен шығып, ақыл арнасынан туғандықтан, бұл қолжазбасы оған өте қымбат еді. Егер әр сөз шалымы кең осы жазғандарым кітап болып шықса, дүниедегі бір арманымның орындалғаны деп ойлаймын. Кейбір көңілі жасып, ойын қасірет жүдеткен кезеңдерде Күнтуар алдындағы қолжазбасын оқи бастаса, көктемде келген жыл құсын алғашқы көргеніндей, көңіліндегі күздің қою бұлттары тарап, жаны жадырап сала беретін. Ашық аспандай жайдарлы жұмыс сағаттары келіп, өлшеусіз қызық ойларға көміліп, кілт өзгеретін.

Бірақ бұл жолы қолжазбасы да оның қамыққан көңілін аша алмады. Бір — екі бетін оқып көріп еді, жаны селт етпеді. Ақыл — ойы желсіз күнгі қара судай тұнған қалпынан қозғалмады.

Күнтуар түрегеліп, ашық терезенің алдына барды.

Ымырт үйіріліп келеді екен. Аспан мақпал қара тартып, жұлдыздар көк төріне күміс теңгедей бадырайып шығып қалған. Сырттағы жұрт та азая түскен. Қара көлеңкеленген көшелерде тек ағыл — тегіл тынбай аққан машиналардың жарықтары жылтыр асфальт пен сұрғылт үй қабырғаларында жарқырай ойнап, сырғи барып жоқ болып жатыр. Жаңа ғана су сепкіш машина өткендей дымқыл тартқан түнгі ауаның көктемдегі хош иісі мұрныңды жарады. Аспанда жаңа ғана туған ай сәулесіне бөленген жасыл шаһар бейне бір күміс тор жамылғандай. Күндізгі ақ сәлделі Алатау түнде қара барқын тартып, қалаға таяй түскендей…

Күнтуар «Дәниелдің келетін уақыты асып бара жатыр ғой, қайда жүр?» деп ойланып үлгіргенше, (ол жиырмадан асқан баласы айтқан мерзімінен көбірек кешіксе — ақ үнемі осылай апшысы қуырылып қобалжи қалатын) кенет, қора жақтағы бау — бақшадан «құтқара көріңдер!», «ойбай, өлдім » деген ащы дауыс шар — шар етті. Күнтуар селк ете қалды. Дауыс оған Жаннаттың даусы секілденіп естілді. Жүрегінің қыспа ауруына қарамай, Күнтуар аптыға есікке қарай ұмтылды. Бұл ентіге басып, қорадағы алаңға келгенше, қарсыларындағы үлкен үйдің жас жігіттері де жетіпті. Айқайлаған, шынында, Жаннат екен. Ол жүрегін қолымен басып әзер тұр. Бұл Дәниелге жолықпақшы болып, Күнтуардың үйіне таяй берген кезінде, сол жақтағы ағаштардың арасынан ербиіп екі жігіт шыға келіпті. Иығына ілген сумкасын жұлып алып, өзін қараңғы ағаш арасына қарай жұлқи ала жөнеліпті. Біреуі Жаннаттың аузын басып үлгіргенше, қыз жанталасып, қарбанып «құтқарыңдар!» деп айқай салып үлгіріпті. Қарсы үйдегі жігіттер жүгіріп шыққан кезде әлгі екі қарақшы қаша жөнелген. Жігіттер қуып жете алмай қалған. Оқиғаның қалай болғанын естіген Күнтуар әлі де үріккен еліктей үрпиіп тұрған болашақ келінін уатып, үйге алып кірді.

— Қазір Дәниел де келіп қалар, — деп Жаннатқа сөйлеп келе жатты да, кілт тоқтай қалды. Жаннат оған таңдана қарады.

— Япырм — ау, жаңа ғана столдың үстінде жатқан еді ғой, — деді абыржып археолог, — әлде тартпаға салдым ба? Кәрілік деген, міне, осындай, қолыңдағыны қайда қойғаныңды ұмытып қала бересің…

Ол сасқалақтап біресе столдың тартпасын, біресе кітап шкафтарын ашып жоғалтқанын іздей бастады.

— Япырм — ай, кімге керек болды екен, ә?.. Бұл неткен ғажап? Жаңа ғана стол үстінде тұр еді ғой, — деп Күнтуар күйіне, ана жерді бір, мына жерді бір шұқылай үйдің ішін кезіп жүр…

— Ата, не жоғалттыңыз?—деді қыз археологқа жаны ашып…

— Қолжазбамды, қарағым… Жаңа ғана осы жерде қарап отырғанмын. Сырттан сенің даусыңды естіп шыға жөнелгенімде де дәл осы жерде жатқан… Сірә, біреу терезеден әдейі түсіп алып кеткен тәрізді ғой… Кімге керек болды екен басқаның ойлары, ә?.. Япырм — ай, бұл неткен сұмдық!.. Әлде асханаға апарып тастадым ба?..

Күнтуар аяғын сылбыр басып екінші бөлмеге қарай беттеді. Жаннат әлденені ойланып тұрды да, дереу стол үстіндегі қағаз бен қарындашты алып бірдемелерді жазды да, үйден асыға шығып кетті.

Әп — сәтте құп — қу боп жүдей қалған инженер бөлмеге қайта оралды. Ол ауыр күрсініп, жан — жағына қарап сәл сұлық тұрды да, жұмсақ диванға барып отыра кетті. Күнтуар жасып қалғандай төмен қарап, үн — түнсіз ұзақ отырды. Дәл осы кезде үйге ашаң жүзді, талдырмаш денелі, үлкен қоңыр көзді бала жігіт кірді. Бұл Дәниел еді. Баласы келгенде жүзі жаз шыққандай жадырап қоя беретін әкесінің үн — түнсіз тапжылмай отырған түрін көріп, жанына асыға жетіп барды.

— Көке, көке, бір жерің ауырып отыр ма?—деді ол әкесінің иығынан құшақтай, бетіне еңкейе қарап.

Күнтуар басын көтерді.

— Жоқ, жүрегім сәл шаншып кетті. Жаңа ғана стол үстінде жатқан қолжазбамнан айрылдым…

Дәниел ешнәрсеге түсіне қоймады.

— Қолжазбам дейсіз бе? Ол қайда кетті?..

— Жаңа Жаннат айқай салған шақта осы жерде жатқан еді. Далаға жүгіріп шығып қайта келсем қолжазбам жоқ.

— Жаннат дейсің бе? Ол осында келіп пе еді?..

— Иә, жаңа осы арада тұр еді ғой. Қолжазбам ана жерде жатқан.

Дәниел әкесінің көрсеткен тұсына қарады. Стол үстіндегі бір жапырақ қағазды көрді. Лып етіп барды да, қағазды алды. Асыға оқи бастады.

— Бұл не сұмдық?—деді даусы кенет дірілдеп кетіп.

— Ол не, қалқам?

— Жаннат хат жазып кетіпті. — Дәниел хат сөзін даусы дірілдей қайтадан оқып шықты. «Дәниел, кешір мені. Өзіңмен сөйлесіп, бәрін түсіндірмекші едім, жолым болмады. Қырсығым Күнтуар көкеме де тиген секілді. Сені бұдан әрі күтуге дәтім шыдамады. Енді саған жоқпын. Арманмен бірге экспедицияға жүріп бара жатырмын. Махаббат деген ұлы күшке қарсы тұра алмадым. Сені аяймын, бірақ қолымнан ештеңе келмеді…

Қош! Жаннатың».

Дәниел хатты оқып болды да, созыла барып стол жанындағы орындыққа отырды. Қағаз жерге түсіп кетті.

Күнтуар енді өз жоғалтқанын ұмытты. Екі қолымен бетін басып, столға сүйеніп қатып қалған Дәниелдің әлсін — әлсін иықтарының көтерілгенінен жылап отырғанын түсінді. Жүрегі удай ашып, жанына барды.

— Қалқам, — деді ауыр күрсініп, — бүгінгі күн бізге бір бақытсыз күн болды ғой… Сен Жаннатыңнан, мен ұзақ жыл жазған қолжазбамнан айырылдым…

Баласы жауап бермеді. Тек оның иығы жиі — жиі көтеріле берді. Аялап өсірген жалғыз ұлын Күнтуар жанынан да жақсы көретін. Тек осының артында қалдыра көрме деп тілейтін. Қартая бастағаннан бері ол бұл дүниеде өзіне деген екі — ақ қызық қалғанын сезінетін. Бірі — осы Дәниелі, соның болашағы, табысы, жеңісі. Екіншісі — өз еңбегі, зерттеуі, ізденуі.

Сөйткен жалғызының қазір көкірегін қарс айырған қайғыға шомылғанын көргенде, өңменінен шаншу қадалғандай бір орнында тұра алмады. Оның көз жасынан өз жүрегі күңіреніп кетті. Дәниелін баяғы жас күніндегісіндей, алдына алып әлдилей, аялап сүйіп, уатқысы, жұбатқысы келіп кетті. Бірақ жігіт болып қалған баласын қалай уатады, қалай жұбатады? Не деп тоқтау айтады? Ал жұбату да, тоқтау да айту керек. Өйтпесе, жас адам қауызын жаңа жарған гүл тәрізді, өкініштің азынаған үскірігіне шыдай алмай, мезгілсіз солып қалуы да мүмкін…

— Құлыным, — деді Күнтуар ширақы үнмен, — жаман ой, масыл ой ақылыңды серпілтпейді. Жасыңды сүрт, басыңды көтер. Қайғы деген ауыр дүние. Бірақ жас төккізетін қайғы бар да, жан ашуын шақыртатын қайғы бар. Сенің жасыңда мен қыз үшін емес, халқым үшін жылағанмын. Қолына мылтығын ұстап фашизмге қарсы шыққан өзіңдей өрен жастардың талайы сүйген қызынан, адал жарынан айырылған. Сүйгендерінің опасыз болғандары да бар… Майдангер достарына тағдыр жазбағандары да көп. Бірақ сол жігіттердің бірде — бірі қайғыдан қабырғалары қайысса да, құт — берекелерін қашырып, қайрат — жігерлерін құм етпеген. Оларға өз басының қасіретінен Отанының қасіреті қатты батқан. Сол үшін жауымен аянбай күрескен. Өз бастарының бақытсыздығын ұмытқан. Қапелімшіл қасіретті емініп, бойрап, бүлініп қалмаған. Сенің алдыңда да, таудай міндет бар. Рас, қазір соғыс жоқ. Бірақ, жан аямай ат салысар халқыңның арманы көп, болашағы бар. Қыршын жас, ер жігіт өз басының тіршілігіне халқы тұрғысынан қарауға тиісті. Тәуекел дариясына қайығыңды сал. Халқың үшін өз қасіретіңді ұмыт. Қаламыңды өткір қайрап, Жаннаттың әлегімен соңғы кезде тастап кеткен, жұртыңа керек кітәбіңе кіріс. Жаныңды жабырқата беретін қандай беймаза қайғыны болса да еңбек жеңеді. Сен де өзіңді еңбекке жеңгіз.

Дәниел тағы жауап бермеді. Тек жылауын тоқтатып, жасын сүртіп, орнынан созыла барып түрегелді.

— Иә, көке, бәрі солай ғой, — деді ол күрсініп біраздан кейін. — Бірақ махаббат кеселі табанына кірген теңге емес, жүрегіңе қадалған тікенек… Оны бірден қалай жұлып тастарсың? Мезгілі жеткенде өзі де кеудеңнен сары запыран боп шығып бітер. Ал қазір… бұлай күрт сынды деп ренжіме, көке… Өзімді берік ұстап қалуға күшім жетпеді. Тым жақсы көретін едім мек Жаннатты…

Күнтуар баласының басынан сипады.

— Көптен жаман, аздан жақсы шығады, қалқам… Жаннат төңкерілген тоты құстай көрікті көрінгенмен, нашар қыз боп шықты ғой, қайтесің… Ризық солай шығар.

Бұдан кейін екеуі де үн — түнсіз тұрып қалды.

Түн қараңғысы қоюлана түсті.

ЕКІНШІ ТАРАУ

Қазақтың күнгейіндегі дархан дариясы, ұлы өзені, сұрғылт сулы, толықси ирелене аққан Сырдария мен бірімен — бірі жалғасып кеткен дөңкиген жоталы, еңіс, бөктерлі қарт Қаратауының арасы ежелден — ақ жаз бойы қайнаған ыстық келетін. Күншығыс жағы — күлше сұрғылт топырақты, безерген тақырлы, күйгелек желді елсіз құлазыған атырап. Мұнда күздің сұрқай мерзіміне жетпей, кей дақылсыз жылдары тіпті жаз ортасы аумай -ақ шаңдақ боп қуарып, сілемі шығып қалатын дермене, бозаң, жусан, көкпек өседі. Тасбақадай тырбиған баялыш пен өзге малдан гөрі түйеге шүйгін, кермек, шағыл, изен кездеседі. Қысы қарлы, көктемі қара суықты, жаңбырлы жылдары осы құмайт, шөлең жерде бұл қара оттар бітік шығып, күзге дейін тұрады. Ал қуаңшылық жаздарда олар жетік бітпей, күн қыза бастағаннан — ақ күйіп, қуарып кетеді. Бұл атыраптың күнгей тұстағы, құммен шектес, алыстан қарауытқан Қаратаудың сораң даласын, жотасы мен қобасын, күнес қыры мен күңгірт беткейін бозғылт көде мен күйреуік шеркез, түйе қарын, боз жапқан. Сырдарияның қамысты, тораңғыл, жиде ағашты жағасы болмаса, бұл жадағай жалаңаш өңір аққу, қазды Арқа жеріндей емес, құсқа да бәлендей бай келмейді. Көбіне, бұл араны жаз көгілдір тартқан сарғыш дуадақ, қоңырқай безгелдек, қара бауыр буылдырық, сидиған сирақты тарғақ, тышқан аулайтын ақсарыбас құс тәрізді қыр құстары мекендейді. Бірақ осы құлазыған жапан түз аңға бай. Құмға жақын жерлерінде шидей аяқты лақтары шешелерінен қалыспай жарысқан топ — топ бөкен, байырғы заман тау текесі, тау бойларында мүйіздері дағарадай ақтаңлақ арқар, жазық өңірінде мыңдап шұбырған қара құйрық киік. Қара қылшықты сұрғылт қасқыр, қызғылт жүнді қыр түлкісі де мол. Әлімсақтан бері қазақ елі жайлап келе жатқан осы өлке кенге де бай. Тек зерттелгені — қорғасын, мырыш, жер оңдағыш фосфорлы минералдар. Су келсе күлгін топырақты бұл далада сан түрлі пайдалы өсімдіктердің шығуы да хақ. Әсіресе мақта мен күріш. Күні де ыстық, жері де құнарлы. Тек керегі су.

Міне, осы Сыр мен Қаратаудың ортасындағы елсіз атырапқа қауырт көп қабат үйлі жаңа қала салынған. Бұл шөлейт даланы игерудің алғашқы бекіністерінің бірі. Осы қаладан Ташкент, Шымкент, Түркістан секілді үлкен шаһарларға кеткен асфальтты қара жолдардан бөтен, кен зерттеп, су іздеп, көне заман мұраларын қазып жатқан экспедицияларға жіңішке жадау, таран сүрлеулер де барады. Осы қалаға үш күн бұрын ақырғы тәжірибе жұмысына Алматы қыз — келіншектер институтының соңғы курсынан Өрік атты қыз бен жақында диссертациясына айғақты материалдар іздеп жас ғалым, тарихшы Пейілжан келген.

Күн бүгін тымырсыған ыстық еді. Күнгейден соққан орасан қапырық жел көріктің жалынды лебіндей бет қаратпайды. Ақ сортаңды, бұта — бұдыры сирек далада сәске көтерілмей жатып, селдір сағым көкжиектің құбыла тұсын тегіс жауып алған. Алыстан көгілдір толқынды ғажайып бір теңіз тулап жатқандай боп көрінеді. Күннің ыстығынан қалайыдай ағарып кеткен жайшылықтағы түпсіз кең көк аспан, шыр айналып жерге құлап түскелі тұрғандай. Жер бетінде қыбырлаған жәндік, аспанда қанат қаққан құс жоқ. Күн көзі әлем біткенді қорғасындай балқытып, бүкіл жанды — жансызды жалынды құшағымен қысып алып, тұншықтырып жатқандай. Жоқ, бар дүние дәл осы сәтте ауа жетпей қысылып өліп кеткендей. Көк те, жер де марту басқандай қыбыр етер емес, бәрі өлік… Осы тапырық өлі әлемде тек бір — ақ адам тірі секілді. Ол — Пейілжан.

Шын ғашық жамандыққа бармайды. Махаббаты үшін күюге, жануға дайын, үн — түнсіз жүректегі азап отына шыдай береді. Қолына түспес қиял құсына құшағын жайып, тек үміттене қарайды. Бірақ қиянатты, зұлымдықты ойламайды. Ал сонда Пейілжандікі не? Рac, Нұрәлі тетелес, немере інісі. Бірақ әке — шешесі ерте өліп, Пейілжанның үйінде өсіп, туған інісіндей болып кеткен жоқ па еді? Енді, міне, өзі жоқта оның махаббатын тартып алмақ… Бұл не? Адамның кішкентайынан құлын — тайдай тебісіп өскен інісі түгіл, жақын жолдасына да мұндай қиянат істеуге дәті шыдамайды? Ал Пейілжан болса, бұны неге ойламайды? Жоқ, Пейілжан да ойлаған, бірақ бұл жолы жылан боп жүрегіне оралып алған сұрқия сұм, әулекі тілек адамгершілік, адалдық, туысқандық атты мейірбандық қасиеттің бәрін жеңген. Бар ақылын, жан — тәнін қытықтай шымырлатып өн бойыма у болып жайылған Өрік деген тәтті арман билеген де тұрған. Бұл не, махаббат па еді? Иә, бұл да махаббат, бірақ, бұл арын, ұятын, адалдығын бәрін тек нәпсіге бағындырған, адамгершілікке ырық бермес дөрекі, қиқар, жарбағай — жаңғалақ сезім еді. Тек хайуан ғана нәпсі құлы. Ал адам біреуді сүйер болса, оны кәусәр суындай таза, гауһартас сәулесіндей мөлдір ләззатпен сүюге тиісті. Сөйтсе ғана ол өзінің де, жақсы көрген адамының да арман — мүддесін адал сақтайды, кір жұққызбайды. Ал Пейілжан ше? Сұмдықтан қап — қара қан құйып ар, ұятын өлшеусіз арам етуге бар, тек өз нәпсісінің дегеніне жетсе болғаны. Мүмкін бұл тегеурінді жан сезімнің күші шығар? Өн бойын қусырып бара жатқан құмарлық деген көк айыл, әулекі кәрі жын, ақыл, ойын қырсығымен құртып, адамгершілік парқын біржолата жеңіп кеткендіктен болар? Мүмкін… әрине, мұндай ырық бермес күшті басу үшін адалдықты қалқан еткен, жан тазалығы көк сүңгідей берік адам болуы керек. Ал Пейілжан кім? Сырты сыпайы, сөзі құнарлы болғанменен, қасқыр тектес жан. Күші жетсе, ойындағысын орындайды. Ол тек өз тілегінің шабарманы. Қолынан келсе, өзіне ұнамаған ойдың жан алар жендеті. Бірақ, одан Пейілжанның беті түгіл құлағы да қызармайды. Бойымды еріксіз әкетіп бара жатқан зор Махаббаттың әлегі, жанымды жегідей жеген ғашықтық күйігі деп өзіне — өзі сылтау айтады. Егер өзгеге деген жүрегінің түбінде көмескі аяушылық бар болса осылай қуады, осылай құртады. Адамгершілікті өзінен өзі тартып алады.

Шіркін табиғат, дүниеге осындай қос аяқты сұмдарды да жаратқан қандай қиянатшыл едің! Әлде бұған сен емес, парасатсыздық жүректеріне запыран боп байланған сол қос аяқты сұмдардың өздері ғана айыпты ма? Әрине, өздері! Табиғат адамды титтей қиянат білмейтін нәресте етіп жаратады. Ал зұлымдықты адам өзі тауып алады. Бұған оның тек ауру сана — сезімі, өзімшіл, қиянатшыл жаратылысы ғана кінәлі!

«Арық адамнан сақтан!» дейді Юлий Цезарь. Неге? Жамандық, сірә, ондай кісінің табиғи жаратылысымен бірге бітсе керек. Пейілжан да солай туған тәрізді. Өмір үйретті деуге ол әлі жас. Және өзгеге істеген қиянаты да жоқтың қасы. Бірақ жасы өскен сайын, өзгеге деген жаманшылығың да өсе түсетін шығар, кім біледі? Алтын боп жаратылғанды жез ету қиын. Ал жез боп дүниеге келгенді алтын ету одан да ауыр. Тек сыртын ғана алтынмен қаптауға болады. Бірақ сондай боп туған жанды алған білімі де, басына қонған атақ, бағы да, өскен дәрежесі де өзгерте алмайды. Тек мұндай кісі білімі, бағы өскен сайын өзінің қара пиғылын жасыра білуді үйренеді. Оның күлім қаққан түрінен, май тамызған тілінен, ішінде не жатқанын айыра алмайсың! Сосын, адам баласы өте ұмытшақ. Талай қылмыстылардың сан ауыр күнәләрін ұмытқан. Ұмытылатын қылмыс — ол адамды қорқытпайтын қылмыс. Сондықтан да Пейілжандар қандай қиянат, қандай жамандық болса да тайынбайды.

Міне, сол себептен де ол қазір немере інісі Нұрәлінің жас жанына жазылмас жара салғалы тұрғанын ойлар емес. Бар ынтызары — көр бедеудей бұлаңдаған Өрік. Қапелімшіл жүрегін, шыдамсыз жанын шоқтай күйдірген оның ойнақы қарақат көздері, гүл қабыз нәр құмар еріндері… Сол бір жанаргүлдей жаңбыр күтіп шөлдеген қыз, телміре қарап өзін шақырып тұрғандай оған.

Әрине, Қайрақтыға Пейілжан Өрік үшін емес, өз шаруасымен келген. Нұрәлінің осы бір өріктей тәтті, көктемдей көңілді қызды алайын деп жүргенін бұрыннан да білетін. Пейілжан Қайрақтыға түскен күні, биыл ғана институт бітірген Нұрәлінің, өзінен екі жеті бұрын су іздейтін экспедицияға отряд бастығы боп жүріп кеткенін естіді. Інісінің қашан қайтатынын білмек боп, оны күтіп жүрген, Қайрақтыға тәжірибе жұмысына келген Өрікті іздеді. Оны қыздар жатақханасынан тауып алды. Екеуінің осы кездесуі қалай әзіл -әңгімеден бастап кеткенін өзі де сезбей қалды. Тек соңынан барып осы кездесу — жүрек сезімін күрт өзгерткен ләззат өзекті өзгеше кездесу болғанын бір — ақ білді…

Пейілжан елең — алаңнан тұрған. Бұның сорына қарай бүгін демалыс күні екен. Күн ұзақ не істерін білмей, бір жатып, бір тұрып, кешті ғашығындай сағына күткен. Әйтеуір, өгіз аяңмен асықпай жылжып күткен кеші де жетті — ау! Енді ол асыға киіне бастады. Кешегі бұлардың кездесуі тек біріне — бірі қызыға қарап, қыздың дірілдеген ұзын саусақтарын сәл батымсыздау қызумен біткен. Ал бүгін немен тынбақ? Пейілжан бұл жолы да Нұрәліні есіне алмады. Асыға далаға шықты. Ымырт үйіріліп, қараңғы түсіп бара жатыр екен. Күндізгі қапырық ыстық басылып, жанға жайлы самал жел тұрыпты. Қара көк мақпал тартып бара жатқан аспанда ай туған. Түн қараңғысы әлі әбден түсіп бітпегендіктен, күміс сәулесін жер бетіне барынша төге алмай, ай аспанға қадап қойған алтын табақ тәрізді құр жарқырап көрінеді. Дүние жүзі қара көлеңке. Тек, әр тұста, пайда болған жарық жұлдыздар ғана Пейілжанға «жолың болсын!» дегендей жымың — жымың етеді.

Жігіт кешегі уәделескен поселке шетіндегі бау — бақшаға жеткенше, оңтүстікте жылдам түсетін қараңғылық жер бетін қара көрпедей жаба берді… Пейілжан бау — бақшаның бергі шетінде тұрған ақ көйлекті ағараңдаған Өрікті алыстан таныды. Жүрегі кенет дүрсілдей соға жөнелді. Ол жүгіріп кетпей, өзін — өзі әзер ұстап, енді асыға жүрді. Қыз да қарсы келе жатыр. Көз көре алмасты жүрек көреді. Өріктің де бұны шыдамсыздана күтіп тұрғанын енді жігіт анандайдан сезді. Енді бұдан әрі бұрынғысынан да жылдам аяңдай түсті. Қыз өн бойын жалын балқытып жібергендей, аяғын сылқ — сылқ басып, жүрегі алқына демалып, жігітке таянып тоқтай қалды. Пейілжан асыға қасына келді. Өріктің қолынан ұстап, бөтен сөз таба алмай:

— Мен сені келмейді ғой деп ойлап едім…—деді.

— Неге? — Қыздың даусы күміс қоңыраудың үніндей сылдырлай, еркелей шықты. Пейілжан Өріктің даусынан өзін қызықтыра шақырғандай бір үн естіді. Жүрегі тағы ойнап кетті.

— Білмеймін, — деді жігіт шынын жасырмай, — сенің келуің маған мүмкін емес бір қиянат үлкен бақыт көрінді.

Қыз жауап берген жоқ. Тағы сылқылдай күлді.

— Бүгін жұлдыздар күндегісінен жарық секілді, — деді.

— Маған да солай көрінді… Әсіресе, менің жанымдағы жұлдыз аса жарық тәрізді.

— Жұлдыздар көкте ғой…

— Ал менің жанымдағы кім?

— Жай, әшейін қыз.

— Әшейін қыз? Жоқ, бекер!—Жігіт кенет қызулана сөйледі. — Менің жанымда жұлдыз бедерлі дүние жүзіндегі ең сұлу қыз! Жоқ, ай бедерлі!

Қыз тағы да жауап бермеді. Жігіттің жүрегін қытықтай түсейін дегендей тек бұрынғысынан да сыңғырлай күлді. Пейілжан енді оның қолынан қайтадан ұстады, Өрік тартып алмады.

Жігіт:

— Бетіңнен сүйейін бе? — деді…

— Ұят қой…

— Неге ұят?

— Күнәлі боласың…

— Күнәлі болсам нетеді?

— Дозаққа күйесің…

— Онсыз да күйіп тұрмын ғой, аясайшы!

— Сен де мені ая…

— Аяғанда не істеуім керек?

— Бетімнен сүй…

— Жігіт қыздың дуылдаған бетінен аймалай сүйді. Енді бұлар құшақтаса қатарласа жүрді. Құшағындағы Өріктің бойын билеп кеткен жастық сезімнен аяғын мас адамдай әзер басып келе жатқанын Пейілжан тез аңғарды. Төбесіне кісі қолы жетпестей боп өскен топ асай — мұса бұталарының түбіндегі жусанмен аралас көде шөптің қасына келгенде, аяғына жем түскендей, әрмен қарай жүрмей, Өріктің белінен құшақтап өзін қыса тартты. Қыз қарсылық еткен жоқ, екеуі бірдей исі мүңкіген сортаң шөптің үстіне құлай берді…

Өрік не болғанын енді ұқты. Жүрегі удай ашып, қайтадан солқылдап қоя берді.

— Оның бетіне қалай қараймын? Қалай қараймын? — деді ағыл-тегіл жылап.

Пейілжан сәл қозғалды.

— Кімнің?

Қыз көз жасына тұншыға жауап берді.

— Кімнің екенін білмейсің бе? Нұрәлінің. Сенің інің, Нұрәлінің!.. Мұндай қара бет болармын ба!..

Мен сені Нұрәліден кем жақсы көрмеймін, — деді Пейілжан, сөйдеді де Өріктің аш белінен ұстады.

— Тиме енді маған!

Қыз бірақ оның қолын белінен жұлып тастамады.

— Жақсы көрем! Нұрәліден де жақсы көрем!—деді Пейілжан, кенет даусына жан бітіп.

«Бәсе, бұл мені шын жақсы көреді! Сондықтан менің обалыма қарамады. Інісінің де обалына қарамады! Шын жақсы көрген адам отқа да, суға да түседі деген, міне, осы! Бұның жазығы қанша? Жазығы сүйгені ме? Жоқ, бұның бір күнәсін кешуге болады. Бәрібір Нұрәлі біліп жатқан жоқ!..»

Бірақ Нұрәлінің аты аузына түсіп еді, жүрегі тағы удай ашып жылап қоя берді. Оның құлағына жігіттің өктем даусы бұл жолы қаттырақ жетті.

— Сені! Сені мен Нұрәліден де жақсы көрем! Сені енді оған бермеймін.

Пейілжан сол жатқан қалпында қызды белінен ұстап өзіне қарай қатты тартты…

Үш күннен кейін бұлар тағы кездесті. Содан кейін кездесу жиілене түсті.

Үш ай етіп, Нұрәлі экспедициядан қайтқанда, бұлар ерлі — зайыпты адамдардай әбден біріне — бірі етене болып қалған еді. Оның үстіне, Өрік Пейілжаннан екі қабат екенін білген.

Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады. Мұндайда бақытсыздықтың ұшы — қиыры болмайды. Алты айдың ішінде Нұрәлінің экспедициясы Қаратау етегінің құмға қарайтын жерінде екі терең скважина жүргізгенмен, мардымды жер астындағы тұщы не минералды суға кездеспеді. Ауыр бұрғылау станогын үшінші жерге орнатқанша күз де түсіп қалды. Қаратаудың күнгей жағының күзі «Қарабас» атты суық желді болғанмен, қар түскенше Нұрәлі экспедиция жұмысын тоқтатқысы келмеді.

Алматы мен Қайрақтыдағы треске әлсін — әлсін телеграмма беріп, қыс бойы да бұрғылау жұмысын жүргізе беруге рұқсат алды. Міне, осы үшінші скважинаны өздері тұрған «Қызылтас» лагерінің жанына орнатып болысымен, Нұрәлі Қайрақтыға жүрмек болды. Нәтиже бермеген екі скважина туралы техникалық кеңеске есеп — қисап тапсырумен қатар, Өрікті көруге асықты. Жамандықтың мың аяғы, мың даусы бар, жетпейтін бұрышы, естілмейтін жері жоқ. Осыдан екі жеті бұрын Пейілжан мен Өріктің арасы жақын екен деген хабар бұған да жеткен. Өрікке деген Нұрәлінің көңілінен бейхабар трестен келген жас техник жігіт қаннен — қаперсіз: «Қайрақтыға Өрік деген бір сұлу қыз бен жас ғалымсымақ Пейілжан атты жігіт келді. Сірә, күз түсе екеуінің тойы да болып қалар» — деген. Өмірінде адам баласына қиянат істеп көрмеген ақ көңіл Нұрәлі оларды мұндай жамандыққа тіпті қимаған. Қимақ түгіл, ондай жамандық мүмкін — ау деп ойламаған. Осындай жаман сөзді екінші рет естігенінде де тағы күлген де қойған. Осы сыбыстар түрткі болды ма, әйтеуір ол Өрікті көруге асыға түсті. «Қызылтастағы» бұрғылау станогы жұмыс істей бастаған күні Нұрәлі қалаға жүріп кетті. Қайрақтыға таянған сайын әлденеге жүрегі лүпілдеп, қайдағы жоқ бір қобалжу пайда болды. Көңілі бұрынғыдан да күптене түсті. Мейманхананың бір бөлмесіне келіп орналасып, тез — тез жуынып, үстіне серуенге киетін костюмін киіп, енді Өріктің жатақханасына бармақшы боп дайындалып жатқанда, біреу есік қақты.

— Кіріңіз, — деді галстугын байлап болып қалған Нұрәлі. Жарқын екен. Бұл — осындағы су зерттеу тресінің бас инженері. Нұрәлі оқыған институтты үш жыл бұрын бітірген. Жас инженермен сырлас, оған жаны ашитын адам. Жел, күн сүйіп қоңырқай тартқан аққұба жүзі сәл жүдеулеу күлімсіреп, ол үйге кіріп келді. Екеуі құшақтасып амандасты.

— Машинасын гаражға қойып жатқан шоферыңнан сенің келгеніңді естіп, жеткен бетім осы, — деді Жарқын.

— Келгенімізге бір сағаттай болды. Көшеге шыққан соң телефон соқпақшы едім,—деді Нұрәлі.

Жарқын оған ойлана көз тастады:

— Өзің бір жаққа барғалы асығып жатырсың ғой?

Нұрәлі сәл езу тартты.

— Оның рас, сағынып қалыппын, Өріктің жатақханасына бармақшы едім…

— Ә — ә!

Жарқын Өрік пен Нұрәлінің арасындағы құпияны жақсы білетін. Ол сәл үндемей тұрды да, кенет ренжи қалды.

— Несіне асығасың, өзі келіп жолығар.

Нұрәлі Жарқынның сөзінен бір суық лебіз естігендей болды. Қабағы қарс жабылып кетті.

— Неге үйдейсің? Әлде…

— Жоқ, жоқ, менікі жай, әшейін сөз ғой, — Жарқын Нұрәлінің кейбір жолдастары хабардар бола бастаған жаман сөзді жас жігітке естірткісі келмеді. Сол себептен:

— Жарайды, барсаң бар, — деді,— өзің түсініс…

— Нені?

— Нені дерің бар ма, қыз бен жігіттің арасында түсінісетін жағдайлар қашан да болса табылады ғой… Тек сенен өтінерім: Өрікпен сөйлесіп болғаннан кейін біздің үйге кел. Жолықпай экспедицияңа жүріп кетпе…

— Жүріп кетеді деп кім айтты? — Нұрәлінің түрі қуқылдана түсті. — Өзіңмен ақылдасатын шаруам көп. Ертең есеп — қисапты тапсырғаннан кейін жолықпақшы едім. — Кенет ол Жарқынға тесіле қарады. — Маған айта алмай тұрған бір сырың бар секілді ғой, не болып қалды, жасырма, айта бер…

Жарқын жерге қарады.

— Сен алыстан шаршап келгеніңде, жаман сөз айтып көңіліңді қалай қалдырам? Оны менен емес, бөтеннен есті… — Ол есікке қарай жүрді. — Жақсы, кешке кездеселік, жарай ма? Күтем!

Жарқын қоштаспай шығып кетті. Бір сұмдықтың болғанын Нұрәлі енді ұқты. Қолы діріл қағып, галстугын қайта шешіп, сол көйлекшең қалпында айна жанындағы жұмсақ креслоға барып отыра кетті. Үн — түнсіз ұзақ отырды. Орнынан түрегелмекші болып еді, екі аяғына қорғасын құйып қойғандай қозғала алмады. «Бұрын сенбей келген өсектің шынымен рас болғаны ма?» деп ол өзінен өзі әлсін — әлсін сұрады. Бұндай оқиғаның болуы, тіпті миына қонбады. Сөйтсе де, сезімтал жүрек құрғыр бұл сұмдыққа сене бастады. Айыпты Өрік емес, дәл өзіндей, онымен барып сөйлесуге енді бетінің ары шыдамайтындай көрінді. Дәл осы ауыр сәтте көз алдына Өрік емес, өзі мен Пейілжанның балалық шағы елестеп кетті. Өлген әкесінің ағасы, бұған өгей, ал Пейілжанның туған әкесі Сұрықбай, бәлендей бай болмағанмен, әжептәуір ауқатты, пысық адам еді. Ол кездегі қазақ ауылында, күнкөрісі мол үйлердің көбі ұл балаларды еркелетіп өсіретін. Сол әдетпен Сұрықбай да балаларын ерке ұстаған. Бірақ жасынан жетім қалған Нұрәлі еркеліктен, ойыннан гөрі, ертек құмар, ән — күйді жақсы көрді. Ал мұрнынан боғы аққан, арық Пейілжан үйіне келген қонақты әкесінен бері қарай, дымын қалдырмай боқтайтын бейбастақ, сотқар боп өсті. Ақ көңіл Нұрәліні, күші одан кем бола тұрса да, ол талай жылатқан. Әсіресе бір төбелестері Нұрәлінің әлі есінде, інісінің құлжа сақасына Пейілжан таласа кеткен. Тетелес ағасының сан қылығынан әбден қорланған Нұрәлі, ызаға шыдай алмай Пейілжанды алып ұрып сақасын тартып алған. Мұрнынан боғы ағып, екі көзінен жасы парлап, бақырып тұра келген Пейілжан, «әкеңнің аузы…» деп пеш алдында жатқан көсеуді алып, Нұрәлінің басына періп — періп жіберген. Нұрәлінің кеше ғана шашын алдырып тастаған тықыр басынан қан бұрқ ете қалған. Басқа бала болса, қанды көріп шошып кетіп, өзінің ызамен ұрғанына өкінер еді. Інісін аяп үстіне түсер еді. Ал Пейілжан «саған сол керек! Сол керек!» деп екі қолын шапалақтап, қуана айқай салған.

Сөйткен немере ағасы, енді міне Нұрәлі ер жетіп, жігіт болғанда тағы алдынан шықты. Пейілжанның кесіп алса қан шықпайтын, адамды аяуды білмейтін қатыгез мінезін Нұрәлі енді ғана есіне түсірді. Жұрттың айтып жүрген өсегінің шын екеніне шек келтірмеді. Бұл сұмдыққа сеніп еді, көзі қарауытып, есінен тана жаздады. Бетінен шып — шып тер шықты, демін әзер алып, күрсіне берді. Дәл осы мезгілде тағы біреу есік қақты.

— Кіре беріңіз, — деді Нұрәлі әзер сөйлеп.

Сопақ басы су жыланның басындай қақшаңдай, сұп — сұр боп үйге Пейілжан кіріп келді.

— Нұрәлінің бойы дірілдеп кетті, жүрегі ойнай жөнелді. «Япырм — ай, Өрікпен менің сөйлесуімді күтпей, болған істі өзі естірткелі келгені ме? Қандай тас жүректік!»

— Аман — есен келдің бе?—деді Пейілжан Нұрәлінің қарсы алдындағы креслоға отырып жатып.

Нұрәлі әзер дегенде жауап қатты.

— Келдік қой…

— Естіп жатырмыз, экспедицияң әзірге пәлендей табысты емес тәрізді ғой. Оқасы жоқ, жұмысты қысты күні де жүргізбекші көрінесің. Жер астында су болса, бәрібір, сенен қашып құтылмайды…

Нұрәлі есін жиып алды.

— Соны айтуға келдің бе?

Інісінің ызғарлы түрінен қорқып кеткен Пейілжан сәл сескеніп қалды.

— Жоқ, — деді ол даусына шамасы келгенше қайрат — қажыр беріп. Дегенмен, оның үні қаймыға шықты. — Нұрәлі, — деді ол қайтадан, кінәлі адамдай төмен қарап, шабан сөйлеп. — Бір үйде өскенмен, інілі — апалы екі адамға бір үйде өлмек жоқ. Бауыр жас кездерінде бауыр. Ер жеткеннен кейін әрқайсысы өз бетімен кетеді. Әрқайсысы өз жүрегінің қалауымен әмір жүруге тырысады… Сен ренжіме, менде де жүрек бір, сені қанша аясам да, махаббат деген бір ерік берген: асау тұлпар екен, тізгіндеп жібермеуге күшім жеткізді. Біз, Өрік екеуміз, көңіл қостық… Жақында тойымыз болмақ… — Ол Нұрәлінің бетіне қарады, оның үн — түнсіз отырғанын көріп, сөзін жалғай түсті, — қиын екенін білемін, бірақ амалым болмады.

Нұрәлі тұншығып бара жатқандай қырылдай сөйледі.

— Басқа айтарың бар ма?

— Жоқ, — деді Пейілжан орнынан қозғала беріп жайма — шуақ үнменен, — дегенмен, тағы бір өтінерім, ерікке жолықпай — ақ қой, қайтесің бетін қызартып…

Нұрәлі орнынан қалай атып тұрғанын өзі де білмей қалды. Кетіп бара жатқан Пейілжанның жанына адымдай аттап жетті де, оң қолымен желкесінен бүре ұстап, сол қолымен есікті шалқайта ашып, сыртқа қарай бір — ақ ытқытты.

— Кет, лағынат!—деп есікті тарс жапты. Пейілжан баспалдақтан омақата құлай, сүріне -қабына астыңғы алаңға бір — ақ түсті. Менің бұл қалпымды біреу — міреу көріп қалмады ма дегендей, жан — жағына үрейлене алақ — жұлақ қарады. Маңында ешкімнің жоқ екеніне көзі жетіп, тез есін жинап, үн — түнсіз, таяқтан қорқып, құйрығын қысып алып, маймия қашқан бұралқы ит тәрізді, сыртқа шыға жөнелді.

Нұрәлі сұп — сұр боп бөлмесінің ортасында теңселіп сәл тұрды да, аяғын сүйрей басып жұмсақ креслоға тағы әлсіз отыра кетті. Қандай ауыр қайғыға ұшырағаны сана — сезіміне енді жетіп, жүрегі күйіп — жанып, екі қолымен бетін басып ұзақ қозғалмады. Жоқ, бұл осалдықтан қажығаны, қайғырғаны емес еді. Мұны осыншама жермен — жексен етіп жіберген — жоғалтқан махаббатының өкпе, ызаның, қор болған ар — ұятының, таза сезімнің, бірге өскен ағасының қиянатының, барлық, барлық жамандығына, опасыздығына қарсы тулай жөнелген адамгершілік қасиетінің өкініші, күйігі еді. Әлден уақытта барып есін жиды. Енді ол талмаусырап кеткендей көзін жұмып, креслода шалқалай отырып ойға шомды.

Нұрәлі ауыр күрсінді. Ол енді тек махаббатынан ғана емес, ең жақын бауырынан да айырылғалы тұрғанын түсінді. Ұрыссын, талассын, төбелессін, жастай құлын — тайдай тебісіп өскен, бір құрсақтан шықпаса да, бір құрсақтан шыққандай болған жалғыз ағасынан айырылудың да оңай емес екенін ұқты. Жүрегі бұрынғыдан да жаман өртеніп кетті. «Жоқ, жоқ, сұлу қыз, мүмкін, оны адал жолдан адастырған болар. Бұл қайғыға, мүмкін ол емес, Өрік себепкер шығар. Онда.., онда ең болмаса Пейілжанға бүйтіп ашуланбас па едім, о да болса жаныма жеңіл тиер ме еді, қайтер еді?..»

Бір сағаттан кейін, ілгері басқан аяғы кейін кетіп, Нұрәлі Өріктің жатақханасына келді. Өрік бұның келе жатқанын терезеден көріп тұр екен, далаға өзі шықты.

Түрінде ешбір қайғының ізі жоқ, жайраң — жайран етеді. Тек сәл жүдеген бе, қалай. Сөйтсе де өз айыбын мойындағандай, Нұрәлінің бетіне тік қарай алмай тұр.

— Амансың ба, Нұрәлі?—деді даусы сәл дірілдеп, қара торы беті ду етіп қызарып кетіп, — жүр, былайырақ барып сөйлесейік.

Бұлар үн — түнсіз қатарласа, сылбыр аяңдап жатақхананың сол тұсындағы кішкентай баудың шетіндегі орындыққа келіп отырды. Екеуінде де әлі үн жоқ…

— Болған оқиғаны Пейілжан айтқан шығар, — деді әлден уақытта Өрік, даусы енді сәл күмілжіп.

— Айтты, бірақ, өз аузыңнан естігім келіп еді…

Өрік үндемей қалды. Әлден уақытта:

— Мен бақытымды жаңа таптым, — деді ол. Бұл жолы оның даусы ширақтау шықты.

— Сонда… Маған айтқан сөздерің жалған ба еді?

— Жалған ба, жалған емес пе, енді оның қандай қажеті бар? Біраз уақыт ойнап — күлдік…

Екеуміз де енді соған риза болуымыз керек…

— Ойнап — күлдік! — Нұрәлі өзін — өзі ұстай алмай қызына сөйлеп кетті. — Мұндай азабыңа қалдырарың бap, ойнап — күлмеуің керек еді! Адам бірін — бірі жақсы көргенде, бір күндік деп жақсы көре ме? Онда махаббаттың қандай құны бар? Мен сені сүйгенде мәңгілік деп сүйгем… Ал сен…

— Опасыздық істедің демексің бе? — Өріктің даусы кенет булыға шықты. — Иә, опасыздық істедім. Ал қайт дейсің?! Иә, иә, мен қара бетпін! Сені жақсы көре тұрып шайтан азғырды, ағаңның дегеніне көндім. Бар айып менде! Менде! Естиін дегенің осы ма еді! Есті! — Енді оның даусы шаңқ — шаңқ етті. — Иә, иә, қара бетпін! — Кенет Өрік бетін жауып солқылдап жылап қоя берді. — Күйдірме… Онсыз да күйіп жүрген жанымды енді күйдірме, — деді ол көзінің ыстық жасын парлай ағызып.

Нұрәлінің бетіне тағы қарай алмай:

— Кет… Кет… Осымен қош бол!.. — дей берді.

Нұрәлі үн — түнсіз орнынан түрегелді. Кетейін десе, аяғы осы жерге шегеленіп қалғандай орнынан қозғала алар емес. Қайтадан отырды. Кенет екі бетін қолымен жауып, бүк түсіп солқылдап отырған Өрікті аяп кетті. Қазір оған Өрік қорғансыз бір бишара жандай көрінді. Дәл осы сәтте қарсы алдарындағы жапырағы қызара түскен қанды ағаштың басында отырған боз торғайды тал арасынан пайда болған жұдырықтай күйкентай шыр еткізіп, желкесінен бүре, жерге құлап түсті… Құлаған бозторғайды күйкентайдан құтқармақ боп Нұрәлі орнынан тұрғанша, қанішер құс олжасын тастай салып, тал арасына кіріп жоқ болды. Бір қанаты топшысынан сынған бозторғай, екінші қанатын талпына қағып, ұшуға дәрмені жоқ, бір орнында шыр — шыр етіп, шыр көбелек айналды да қалды. Нұрәлі боз торғайды қолына алып, таяу жерде тұтаса біткен бүрген талдарының арасына апарып тастап, қайта отырды. Оған әлденеге мынау жылап отырған Өрік сонау қанаты сынған бозторғай, ал Пейілжан жаңағы қанды тырнақ күйкентай құс тәрізді боп көрініп кетті. «Шіркін — ай, жаңағы күйкентайдан алып қалған бозторғайдай, Пейілжаннан Өрікті құтқара алсайшы, қандай тамаша болар еді!»

Ол өкіне ауыр күрсінді.

Өрік жауап қайырмады, сол солқылдаған қалпында әлі жылап отыр.

Тал бастарында ақырғы шапағының қызғылт нұры ойнап, күн батып бара жатты. Нұрәлі осынау сөнуге айналған күн сәулесіндей, өзінің де бүгінгі кешін ақырғы кеші тәрізді сезінді. Қазір күн батады. Сосын ымырт жабылып, түн келеді. Нұрәлінің де қалған өмірі осы түнге ұқсайды ма? Жоқ, жоқ, түн біткеннің бәрі бірдей тастай қараңғы болмаса керек. Жұлдыздар жарқырап, ай да шықпай ма? Нұрәлі тағы ауыр күрсінді. «Ай күн емес қой. Өрік менің күнім еді… Енді, міне, ол маған мәңгі сөнді. Маған арнап қандай ай туса да, осынау сөнген күнімді жүрегімді өртеп, жанымды жалындата алар ма?»

Әрине, дәл осы мезетте Нұрәлі білген жоқ, келе жатқан түннің де өтерін, әлі ертең — ақ өзін шаттандырар жарқырап күн шығарын.

Қазіргі қайғысы мынау келе жатқан қара түндей, тым үрейлі ауыр еді.

Ол орнынан әзер түрегелді.

— Жақсы, мен кеттім. Бақытты бол.

Қыз өксігін әзер басып, тағы булыға сөйледі.

— Бақыттымын дедім ғой. Қош!

Нұрәлі теңселе басып жүре берді. Түн қараңғысы қоюлана түсті. Көше бойларында жарқырап электр шамдары жанды. Көкте күміс оттай жұлдыздар да тұтанды. Нұрәлі әлі келе жатыр. Бір өткен көшесін аз дегенде екі — үш рет өтті. Бірақ оны аңғарған жоқ. Бар ойында, миында, көз алдында — тек Өрік! Өрік! Өрік! Тіпті еш нәрсе де ойлап келе жатқан жоқ. Бар дүние оның көз алдынан мүлде жоғалып кеткен секілді. Біреу миына шегемен тек Өрікті ғана қағып қойғандай! Ойын бөлер көз алдында да, қиялында да ештеңе жоқ. Жүрегі де Өрік деп күйеді, жаны да Өрік деп ауырады, көңілі де Өрік деп күңіренеді, тілі де Өрік деп күрмеледі!..

Бұл не? Расымен Өрікпен қоштастым деп ақылынан адасуға айналғаны ма? Нұрәлі кілт тоқтады. Жан азабынан есеңгіреп қалғанын енді ұқты. Осыншама неге күйінді? Әлде Өрік өліп пе еді? Иә, иә, ол өлген! Нұрәліге жоқ болу үшін Өрік өзін — өзі өлтірген. Бағанағы батқан күндей бұған мүлдем сенген! Бірақ ол Пейілжанға күн боп туған жоқ па? Иә, сөйтті! Сөйтті! О, опасыз! Опасыз! Опасыз! Сондай опасыз жан үшін өзіңді — өзің осыншама неге қинайсың? Неге ыстық жазда құрғап қалған сай суындай таусыласың? Нұрәлі енді жан — жағына қарады. Қаланың шетіне шығып кеткен екен. Жанынан өтіп бара жатқан бір машинаны тоқтатып, ол енді үйіне қайтты. Есігін ашып, бөлмесіне кірді. Шамын жақпай біраз тұрды. Сағатына қарады. Фосфор санды сағат тілі он екіні көрсетті. Әлі де ұйқысынан оянып болмаған жан тәрізді… Өзін қанша берік ұстаймын деп тырысса да, жүрегі удай ашып барады. Жанын қоярға жер тапқызар емес. Ол енді өмірінде істемеген әдетін істеді. Шамды жағып мұздатқыштан бір бөтелке коньякті алды. Тығынын ашып жіберіп, үлкен қырлы стаканды толтыра құйды.. Бірақ ішпеді. Арақтан махаббат ауруы жазылатын ба еді дегендей, стаканды стол ортасына итере салды. Енді ол шамды да сөндірмей, шешінбестен, төрдегі диванға келіп қисайды. Алыстан машина соғып шаршап келгеніне қарамастан, күні бойы жанын жегідей жеген азап, өкпе, ашу бәрі бірдей, соңынан абалап үріп шыққан иттердей, мазалап, көзін іліктірмеді. Нұрәлі орнынан қайта тұрды. Енді ол ерсілі — қарсылы жүре бастады.

Ертеңіне кеңсесіне де бармады. Бір күнде сең соққандай боп жүдеп шыққан түрімен ешкімге көрінгісі келмеді. Әрине, Нұрәлінің қандай күйге ұшырағанын жұрттың бәрі біледі. Бірақ бұның қайғысы кімге керек? Жұмысқа барады екенсің, қайғы — қасіретіңді үйіңе таста…

Міне, осындай уақытында, түс бола Жарқын тағы келді. Досының қандай халде екенін көріп, шошып кетті. Бірақ үндеген жоқ. Креслоға кеп, қалтасынан папиросын ап, уқалап ұзақ отырды.

— Саған ауыр екені белгілі, — деді ол бір кезде басын көтермей, — бірақ қайғыны қапаланумен жеңуге болмайды.

Нұрәлі оған зілдене қарады. Кенет оны ашу қысып кетті.

— Сонда, ғафу ет, махаббаттың не екенін өзің білесің бе?

— Қандай махаббатты айтасың? Адам бірін — бірі өмір бақи ардақтайтын таза махаббат бар. Ол үшін шер тартпақ түгіл, адам жанын қияр болса, о да көп емес. Ал опасыз да махаббат бар. Ондай махаббатты жоғалттым деп өзіңді азапқа салу — ол өзіңді — өзің қорлау!..

Нұрәлі кенет жүдей қалды.

— Шын сүйсең, сүйген адамыңның опасыздығы да жаныңа жаман батады…

— Өйтпесе махаббат болар ма еді? Бірақ опасыздық адамның ең жаман қасиеті емес пе? Ондай қасиет күйзелтіп қоюға ғана емес, жеркеніш тудыруға тиісті…

— Саған айтуға жеңіл!..

— Неге жеңіл? Тіпті жеңіл емес. Жеңіл болуы үшін сенің қасіретің маған батпауы керек. Ал маған ол… — Жарқын сөзін аяқтамай тоқтады. Тағы ұзақ үндемей қалды.

— Жарайды, жанған жүрек басқаның ақылымен басылмайды. Өзің баса біл, — деді аздан кейін Жарқын. — Мен саған бөтен шаруамен келдім. Қазір экспедицияңа қайтуға тиістісің…

— Неге?

— Соңғы скважинаң үлкен аварияға ұшырапты…

— Қашан? Қандай авария? — Нұрәлі бас инженердің сөзін аяқтатпай бөліп жіберді.

Енді Жарқынның үнінен ғажайып бір мұң естілді…

— Және Қазікен деген бала жігіт қаза болыпты…

— Не дейді? — Нұрәлі орнынан атып тұрды.

— Рас. Жаңа ғана радиограмма алдық. Ток ұрыпты.

— Япырм — ай… Бір аяулы жас еді!

Нұрәлі қайтадан диванға отыра кетті. Көз алдында осыдан үш ай бұрын, өзі қатысқан, Қазікен мен Күнімжанның қосылған тойы елестеп кетті. Қыз Жібек пен Төлегендей, жаңбыр жуған гүл тәрізді әсем, сол уылжыған екі жасқа жұрттың бәрі сұқтана қараған. Нұрәліге де сол күні бүкіл әлемде осы екеуінен бақытты адам жоқтай көрінген. Екеуі де бірдей гауһар тастай кімнің болса да көзін тартатын, аса көрікті жастар еді. Сөйткен армансыз қосақтың енді бірі жоқ! Кенет көз алдына қара жамылған Күнімжанды елестетіп еді, өн бойы шымырлап кетті. Дәл осы сәтте оған өзінің қайғысы Күнімжанның қасіретіне қарағанда ойыншықтай жеңіл боп сезінді. Нұрәлі дереу жинала бастады. Жаңағы жанын жеген күйігінен дым қалмаған секілді.

— Қазір жүремін! Қазір!—деді ол костюмін киіп жатып.

Алған хабары мен Нұрәлінің басына түскен ауыртпалықтан көңілі қанша жүдеп отырса да, Жарқын жас инженердің басқаның жан шошырлық ауыр күйін естіп, өз қасіретін ұмытуға тырысқанын көріп, Нұрәліге риза боп қалды. «Бәсе, — деді ол ішінен, — біздің Нұрәлі осындай болуға тиісті еді ғой. Бұған өзгенің күйігі өз күйігінен кем батпайтынына мен бекер күмәнданбаған екем…»

Жарқын Нұрәліні машинасына отырғызып жатып:

— Бүгін сенің басыңа аз ауыртпалық түскен жоқ, — деді. — Бәрін де жеңіп шығады деп сенемін.

— Әрине, өйте алмасаң жігіт болып не керек! Жарқын Нұрәлінің қажырлы үніне шын сүйсінді.

— Жолың болсын!..

ҮШІНШІ ТАРАУ

Өмір деген үлкен той. Адам өкінішін той үстінде емес, той өткен соң айтады. Өкініш кімді болса да қайғы — азапқа апарып соғады. Ал ондай жан күйзелтер өмір, қараңғы үйде сықсиған білте шам тәрізді, тек еміс — еміс сәулесі бар, жарқыраған жарығы жоқ. Мұндай күйге ұшыраған кісінің тек арманы ғана жолын көрсетер нұрлы шырағы. Бірақ арман қанша қусаң да жеткізбейтін бір қиял. Түнгі от тәрізді, жақындаған сайын алыстай береді.

Демек, өмір кейде сырын білмес тентек жылқы секілді, теуіп жібермес үшін қай жағынан келеріңді білмейсің.

Жасы жетпей осындай өмірден таяқ жегеннің бірі Дәниел еді. Жоқ, өмірден емес, ол махаббаттан көрді қиянатты. Бірақ махаббатсыз өмір бар ма? Сүйгенінен айырылған Дәниелдің де тіршілігі азапқа көнді. Бұл азаптан қалай құтылады? Қандай жолы бар? Жол біреу — ақ. Ол — тағы еңбек.

Рас, еңбекті біреу сүйеді, біреу сүймейді. Өзін жек көрген адамға еңбек те өгей шешедей қабағын тас түйіп ап, жібімейді. Ал жақсы көрген кісісіне ол ғашық жарындай ыстық қойнын ашып, тілеген мұратына жеткізеді. «Еңбекті сүйе білгенің, құлыным, — деген әкесі, — өмірдің қуанышын сүйе білгенің. Істер еңбегің таусылмай, қуанышың таусылмайды».

Әке сөзін дұрыс түсінген Дәниел жан күйігі қанша ауыр болса да, өзіне — өзі қажыр -қайрат беріп, тастап кеткен жұмысына қайта кіріскен.

— Біздің дәуірімізден мың жыл бұрынғы кезеңнің орта шеніндегі сақ тайпаларының қоғамдық құрылысына түсіну үшін, — деді сәл тоқтап, өзінің сақтар жайында жазып жүрген романын әкесіне оқып отырған Дәниел, — ең алдымен олар жер мен суды, өнім құралдарын қалай пайдаланды, соған тоқталық: Геродоттың айтуы бойынша жалпы скифтер, әcіpece осы күнгі қазақ жерін жайлаған көшпелі сақтар, жер мен суды малының санына қарай дәлме — дәл бөлген. Осы даласын жаулап аламын деген бөтен тайпаларға бұл — әлгі сақтар руларының бірігіп қарсы тұруына негіз болған. Қысқасы, жер мен суын қорғау — оларды және көрші тайпаларды біріктіріп келген күш екені тарихтан айқын. Тағы бір жағдай: Алтай, Тарбағатай тауларын жайлаған тұрғын сақтарға қарағанда, көшпелі сақтар жайылым жерді бәріне бірдей ортақ санаған. Ал мал басы, көшіп -қонатын көлігі, жауға мінетін аты, әр сақтың жеке меншікті дүниесі болып келген.

— Түсінікті. Сақтар ортақ жер — суымен бірге өзінің жеке меншікті дүниесін де қорғаған демексің ғой, — деді Күнтуар ойлана, — ұмытпасам Ксенофонтта ғой деймін, Иран патшасы Кирдің сақтармен одақтасып Вавилонды алған тойында, бәйгіден аты озып келген сақ жауынгеріне сәйгүлігіңді маған бер, қалағаныңды ал дейтіні? Жауынгер көнбейді. Жүйрігін соңынан Персияның достасқан бір батырына тартады. Егер ат өзінің жеке меншігінде болмаса, ол өйте алар ма еді? Және жер бәріне ортақ болғандықтан, сонау Хазар теңізінен Тарбағатай тауына дейінгі ұлы даланы жайлап жатқан көне, сақтар мен олардың көршілері саврамат, массагет, аргиппей секілді тайпалардың осы далаға қол сұқпақ болған жауларына үнемі бірлесіп қарсы аттанулары да содан. Тағы не айтасың?

— Осылай қауымдасқан сақтар тайпалары ұлы Персия патшалығының теріскей жағы мен сауда керуен жолдарына үлкен қауіп туғыза алған. Сол себептен бе, біздің дәуірімізден бес жүз отыз жыл бұрын Персияның ұлы жиһангер патшасы Кир массагеттерді, соңынан біздің дәуірімізден бес жүз он жетінші жылы сақтарды бағындырамын деп, ал бұдан бес жыл өткеннен кейін Персияның екінші ұлы жиһангер патшасы Дарий Қара теңіз скифтарына қарсы аттанған. Бірақ бұл үш шабуылда да Персия патшалары жеңіліп кейін шегінген. Осы ұрыстарға қарамай, соңынан сақ жауынгерлері Персия патшаларының әскерімен сан рет одақтасқан. Геродоттың айтуынша, Персия патшасы Ксеркстің кемелерінде персиялықтармен, мидияндармен бірге болған. Платеидағы ұрыстарда Персияның жаяу әскеріне қосылып сақтардың атты әскері де үлкен ерлік көрсеткен. Сондай ерлігімен, сицилиялық Диодордың айтуынша, сақтар Фермополь ұрысында да өзінің жаужүрек ел екенін танытқан. Ал менің романымда әңгіме болар оқиғалардың алдында, Ктесияның жазғанына қарағанда, Лидия патшасы Крезге қарсы соғысында Кирға сақ патшасы Аморг жәрдем берген. Соңынан Кир дербиттіктермен шайқасып жараланып, әскері жеңілуге айналғанда сол Аморг он мың жаяу, мың салт атты әскерімен келіп, жаудан қорғап қалған.

— Сөйткен Аморгты Кир өзі өлтірткен ғой?

— Иә.

— Әрине, — деді Күнтуар баласына күлімсірей қарап, — мәселе жалғыз ғана байырғы скифтер мен сақтар тайпаларының сол кездегі ұлы мемлекет — ахеменидтар Персиясына қарсы тұрарлық соғыс күшінің барлығында ғана емес, олардың мәдениеті де күнгейіндегі атақты Парфия мен Мидия мәдениеттерінен кем соқпай, тіпті парапар келгенінде. Олар тек соғыс тұсында ғана емес. Алдыңғы Азия елдерінің бейбіт өмірлерінде де әсерлерін тигізіп баққан. Ксенофонттың «Киропедиясында» сақтардың мидия жастарын өз тілдері мен садақ тартуға үйреткендері белгілі. Ал Мидия патшасы Астиагтың сарайында шарап жасаушы сақ бақауылының қандай ықпалды болғаны тарихта әйгілі…

— Міне, менің романым сақтардың сол күшті кезіндегі өмірінен басталады.

Күнтуар Жаннат оқиғасынан кейін баласының тым босап кеткенін көріп сескеніп қалған. Ешкіммен сөйлеспей, жападан — жалғыз отыруды әдет еткен Дәниелді қайтсем қайтадан өмір сүрлеуіне түсірем деп әбден бәйек болған. Әкесінің мұндай күйін ұққан баласы, бишараны күні бұрын өлтіріп алармын деп қорқып, өзін — өзі зорлап жұмысына қайта кіріскен. Алғашқы кезде мардымды ештеңе жаза алмаса да, бірте — бірте ой серпіні дем беріп, стол басында көбірек отыра бастаған. Бұны көрген Күнтуар іштей қуанған. Бүгінде Күнтуардың осындай көңілді күнінің бірі еді.

Дәниел жасыл шыны қалпақты қозғалмалы электр шамын өзіне таяу қойды. Шамның бозғылттау жұмсақ сәулесі столдың орта шені мен жігіттің беті тұсына түсті.

«Жаннат кеткелі бір айдан асып барады ғой, жалғызым қалай жүдеп біткен. Шын жақсы көрмесең — махаббаттың қызығы жоқ. Ал, шын сүйсең, жаныңды қоярға жер тапқызбайтын азабы бар…» Күнтуар баласының қатты жүдеп кеткеніне бұрыннан қанық болса да, бұл жолы тіпті айқын сезінді. Жаны тағы ашып кетті.

Әкесі баласының бетіне тағы ойлана қарады.

— Әрине, сен енді Кир мен Спаретра әскерлерінің соғысын жазасың. Ол үшін солардың кездескен жерін өз көзіңмен көруің керек қой…

— Әрине…

— Ұмытпасам, — деді қайтадан Күнтуар, — сақ әскері Кирмен осы күнгі Сырдария станциясының даласында кездесті — ау деймін…

— Иә, тек Тәжікстанға қарай созылған шетінде…

— Ә — ә!—деді әкесі. — Қазіргі біздің экспедиция жұмыс жүргізіп жатқан маңда екен ғой…

— Мүмкін…

— Ал ол жерде Арман жұмыс істеп жатыр…

Әкесінің «ол экспедицияда Жаннат та бар, оны көру саған қиын болмас па екен?»—деген сұрағын мұңайған көзінен таныды.

Дәниел ауыр күрсінді.

— Амал қанша, — деді ол жүдей. — Майдан жерін өз көзіңмен көрмей жазу қиын… — ол кенет басын көтеpiп алды, — жоқ, барамын! Бару керек!—деді бір түрлі өзін — өзі зорлаған ызалы үнмен.

Әкесі жауап қайырған жоқ. Тек баласының бетіне үнсіз тағы сынай қарады. «Иә, бұл кездесу немен бітер екен? Жаннаттың енді өзіне жоқ екенін түсініп, ол жақтан біржолата махаббаты сөніп қайтады. Не болмаса, әлі жанып бітпеген жүректегі оты қайта тұтанып, сүйгенін өмір бақи ұмыта алмайтын болады». Қайткенмен де, баласының Жаннатқа кездесіп, өкпесін, назын айтып, көңілін бір жеңілдеткенін Күнтуар дұрыс көрген. Сондықтан да әңгімесінің аяғын екеуінің жолығуына әдейі алып барған. Бірақ, бұл кездесуден кейін олардың арасы немен тынады, археолог білмейтін…

ТӨРТІНШІ ТАРАУ

Жер табаны қуырылып машина сұрғылт тараң жолды шыдатпай жеп, жүйтки ағып келеді. Екі көзін алыстағы бұлдыраған жоталардан алмай, арт жағында отырған Нұрәлі қалың ойда. Мүше алып қашқан бәйгі көктей ойы бір тынар емес. «Аспанда жұлдыз, жерде құндыз көп, бірақ қайсы оның қолға жеңіл түсіп жатыр? Иә, жақсылық істеу қиын, жамандық — оңай. Әркімнің — ақ қолынан келеді. Дүние неге бұлай жаратылған? Ал адам баласы дүниеге бір — біріне тек жақсылық істеу үшін ғана келеді емес пе? Неге адал жолдан таяды?

Кей кісі өмір қызығына аш қасқырдай қомағай, бүлдіргіш жаратылатыны несі? Өмірді неге аямайды, неге мәпелеп құрметтемейді? Бұл шіркін бір — ақ рет беріледі ғой. Ал түлкі тәрізді өзгелерді алдап — арбап, үнемі рахатта өткісі келетіндер де көп. Бұлар тіпті адалдықтың не екенін білмейді…».

Ол тағы ойға кетті. Ойы тағы Өріктен ұзай алмады. «Демографтар адам баласының күзі, қысы, көктемі, жазы болады дейді. Біз қазір күзі мен қысынан өтіп, көктеміне келіп тұрған жоқпыз ба? Алдымызда мәңгі жайнаған жасыл жазы жатыр. Соған қарай құлаш ұрған, мінез — құлқымыз тазаланып, сана — сезіміміз бен рухани адалдық жан дүниеміз жоғары сатыға көтеріліп келе жатқанда, мұндай сұмдықтың болуы масқара!»

Лепіре жөнелген күйік, қиялын кері шалып, Нұрәлі кенет тына қалды. Машина лагерьге таяй берді.

Бұлар Қызылтасқа жақындағанда күн батып бара жатты. Ойпаттау осынау шөлейт жазық далада төбесі шошайған осы бір қою қан түстес жалғыз жартас әрқашан да тобылғы сырыменен боялғандай, алыстан Қызыл күреңдене көрінетін. Күтпеген жағдайда аяулысынан айырылып, кәріп жанды болып жүдеп келе жатқан Нұрәліге құздың осынау сұмдық көрінісі кенет көңілін қартайтып, шошытып жіберді. Қаза тапқан жас жігіттің қаны қызыл тасқа төгіліп жатқандай. Батып бара жатқан күнде жартастың омырауын өзінің ең ақырғы қан — қызыл сәулесіне мейлінше малындырып, адамның зәресін ала түскен.

Машина зырғытқан бойы су зерттеушілер экспедициясы лагерінің дәл ортасындағы алаңға кеп тоқтай қалды. Алаң дегеніміз — алмалы — салмалы он шақты финн үйлерімен, ортасында үстін шифермен, қабырғаларын қамыс қалқандармен жапқан ұзынша казарманың жаны. Казарманың бір жағы — жұмысшылардың асханасы, екінші жағы — қызыл бұрыш. Жаз салқын, болсын деп іші — сыртын балшықпен сылап тастаған. Лагерьден сәл оқшаулау бензин, солидол, солярка тәрізді бұрғылау станоктарын, автомобильдерді жүргізетін жанармайлар құйылған темір күбілер қойылған жеркепе, одан әрі лагерьге электр жарығы мен электр күнін беретін движок. Бұның сол жағында, су зерттеушілердің құрал — саймандары, жұмыс киімдері қоймалары. Лагерьдің оң жағында екі ЛИФ — 150 жер бұрғылайтын станоктардың ұзын мұнаралары көрінеді.

Бұл экспедиция, бір жағынан, осы арада Сырдария бөгеліп, жаңадан пайда болатын теңіздің жалпы аймағын, қай жерлерден бастап қазылатынын зерттесе; екінші жағынан, жаңа теңіздің астында қандай су қоймалары, минерал суларының қандай көздері қалмақ — соны анықтамақ. Келесі бесжылдықта жүргізілетін Сырдарияны бөгеу жұмысы осы ауданнан басталуға тиісті. Бірақ нақтылы қай жерден қай жерге дейін қазылуы керек — әлі анықталмаған. Экспедицияның бас міндеті: алдағы бір — екі жылда осы жұмысты бітіру. Сондай міндет осы арадан елу километрдей жердегі Қайрақты археология экспедициясына да жүктелген. Экспедиция тұрған жерді, түбі, су алатын болғандықтан, соған дейін ондағы бар асыл мұралар зерттеліп бітсін делінген. Сол себептен де, бұл экспедициялардың жұмыстары қарқынды, асығыс жүріп жатқан.

Машина келіп тоқтаған сәтте — ақ лагерьдегі инженер, жұмысшылар Нұрәліні қоршап алды. Кәртеңдеу, Қазікенмен бірге жұмыс істеп келген бұрғылау шебері:

— Қапелімде осылай болды, — деді бала жігіттің қалай апатқа ұшырағанын айта келіп, — ажалына ешкім де айыпты емес. Тек өзі ғана. Ризығы бітіп тұрған ғой. Әйтпесе, жайшылықта қолынан резинка қолғабын тастамайтын бишарының дәл осы сәтте жалаңаш қолымен ток жүріп жатқан сымды ұстай алады деп кім ойлаған. Жазмыш деген, міне осы…

— Қаза болған себебін зерттейтін комиссия құрдыңдар ма? — деді Нұрәлі әлі жөнді ештеңеге түсіне қоймай.

— Жоқ, сіздің келуіңізді күтіп едік, — деді оның орынбасары қара торы келген жас инженер татар жігіті. — Және ертең қоймақпыз.

Нұрәлі өзінің орынбасарын басшы етіп, осының алдында ғана сөйлеген жергілікті комитеттің бастығы жұмысшы адамды және жұмысты қауіпсіздендіру жөніндегі техник — биыл ғана техникум бітіріп келген бала жігітті мүше етіп, комиссия құрды. Сосын тағы өзінің орынбасарына қарап:

— Министрлікке, инспекцияға хабар бердіңдер ме?—деді. — Олардан кісілер келмей, бәрібір марқұмды біз жерлей алмаймыз ғой.

— Жаңа ғана рациямен хабар алдық, — деді орынбасары, — Алматыдан самолет қазір ұшады. Ел жатпай ол кісілер де келіп қалар…

— Жігіттің денесі қайда? — деді Нұрәлі, — Өзінің бөлмесінде ме?

— Жоқ, қызыл бұрышта, — мосқал жұмысшы жауап берді, — келіншегі де сонда…

Нұрәлі қызыл бұрышқа қарай беттеді. Оған комиссия мүшелері мен бір — екі кәрі жұмысшылар ерді. Есіктен бірінші болып кірген Нұрәлі, кенет, жүрегі қабынып тоқтай қалды. Мұндай сұсты және қайғылы көріністі ол бірінші рет көргені еді. Қызыл бұрышта бірде — бір Қызыл зат жоқ, Қызыл ту да, Құрмет тақтасы да бәрі сыртқа шығарылған. Терезеге қара шүберек ұсталған. Үлкен ағаш столға да қара мата жабылған, қап — қара табыттың ішінде қара костюмді бала жігіт жатыр. Бұл — бұрынғы көзі күлімдеген, жаңа қойылған сұлу қияқ мұртты, қыр мұрынды, бетін күн шалып сәл күреңденген аққұба жігіт емес, электр ток ұрғандықтан, беті қара қошқылданып кеткен, адам деген құр бейне…

Бас жағында, үстінде жұмыс киімін шешпеген қалпында, сүйген жары Күнімжан отыр. Түндей қою қара шашы төгіліп, иығын, кеудесін, арқасын жауып кеткен. Басына салған қара желектің бір шеті арқасынан салбырап жерде жатыр. Тостағандай қарақат көздерін ұзын кірпіктері жауып, кеше ғана бетінің ұшында күн сәулесіндей қызғылт нұры ойнаған қара торы жүзі сұрланып, жігіттің бетіне қадала қалған. Отырған бейнесіндегі, түр келбетіндегі жігітке деген махаббаты, жақсы көрерлік сезімі қандай қияпат зор! Жоқ, бұл алдында жатқан электр ұрып, түрі адам қорқарлықтай боп өзгеріп кеткен Қазікені емес, оған бұл — сол баяғы қас — қабағы қиылған ең сұлу, ең көрікті жаны сүйген жары!

Сүттей жарық электр сәулесі түсіп, қаралы үйдегі қара жамылған жас арудың қаны қашқан, бордай боп өзгерген аппақ беті мен жігіттің кеудесіне жолдастары қойған шумақ меруерт гүлдің ақ маржан түрі Нұрәлінің көңілін енді біржолата бұзып жіберді. Қара пейіл сұм дүниеде адал сезім, ақ ниет жылап жатқандай боп көрінді. Дәл осы сәтте ол өз басының қайғысын, қорланған ар — намысының күйігін, бәрін — бәрін ұмытты. Өз күйігі кейін қалды. Шексіз шерменде жас келіншекті жылардай боп аяп кетті.

— Қарындасым, — деді ол табыттың оң жағына қойылған орындыққа отырып, — қайғыңа ортақпын. Қазікенді інімдей көруші едім, амал қанша, ойламаған ажал аяған жоқ… Енді өзіңе берік бол.

Келіншек жасқа толған қасірет көзін енді Нұрәліге аударды. Көңіл айтып отырған кім екенін танып:

— Сорлы болып қалдым ғой, аға, сорлы болып қалдым, — деп жылап қоя берді. — Құдай бишараны неге мүсіркемеді? Өмірден әлі еш қызық көрген жоқ еді ғой, ең болмаса бір он жыл бірге тұрмадық…

Нұрәлі түн ортасы ауа төсегіне қисайып көрді, бірақ көзі ілінбеді. Оңаша қалып еді, бірінен — бірі сұмырай ойлар су жыландардай бастарын қақшитып — қақшитып жан -жағынан сумаңдай жөнелді. Біресе опасыз Өрік, біресе одан бетер аруақтай арық ағасы қарсы алдына тұра қап, мазақтап сақ — сақ күледі. Бір мезет «аға» деп жайраңдай жанына бала қылықты Қазікен келді. Одан кейін қара жамылған қайғылы Күнімжан, жарының өліміне дәл Нұрәлі айыптыдай, көз алдынан кетпей қойды…

Қанша тырысса да Нұрәлі, ажалмен төбелесіп жатқандай, түні бойы төсегінде дөңбекшіп ұйықтамай шықты.

Күнімжанның да көзі ілінбеді. Күйеуінің сол басында отырған қалпынан түн баласына қозғалған жоқ. «Екеуміздің бірге болатын бұл ақырғы түніміз ғой, маған қандай өсиет айтып кетесің, жарым» дегендей әлсін — әлсін оның бетіне жаутаңдай қарай береді. Жұртқа өлгенмен, өзіне әлі де тірідей, ерімен ақырғы рет сөйлескісі, сырласқысы келгендей бетіне — бетін таяйды, дәл тірісіндегідей, шашын ұзын саусақтарымен тарап, құлағына бірдеңелерді сыбырлайды. Бір мезет, өздері оңаша қалғанын көріп, көзінің жасы парлап, күйеуін аймалай құшақтап, қап — қара боп күйіп кеткен еріндерінен шолпылдатып сүйді. «Жаным, алтыным, өзіңмен бірге жастық дәуренім, мастық дәуренім мәңгі бітті, мен үшін қауіптенбе, алаң болма, қалған жасымда ер сүйіп, қызық көрмеске ант етемін» деп қам көңілін қайғысымен тербетіп, солқ — солқ жылады. Енді бір сәт, дүниеде ешбір қайғы, қасірет, табытта жатқан мезгілсіз өткен жас жоқтай, сарғайып таң атып, жарқырап күн шықты. Аспанда құс сайрап, жерде жан — жануар оянды. Күн сәулесінің алтын нұрымен бірге тіршіліктің кең арал, асау серпіні әлем біткенді тағы қуанышқа бөледі.

Алматыдан келген министрлік пен инспекция уәкілдері, экспедиция комиссиясы өлікті жерлемей тұрып, түске дейін, бұл апаттың қалай болғанының егжей — тегжейіне дейін тексеріп, ақыры «ешкім де айыпты емес, жігіттің байқамағанынан, әлде қалай кездейсоқ ажалға душар болған» деп тапты.

Төрт жігіт бесіндіге дейін «Қызылтас» биігінің төбесін от — дәрімен атып, тасты төрт бұрышты етіп қашап, зират дайындады. Тек күн батар алдында ғана өлікті қаралы табытымен кешеден жатқан қалпында, сол жартастың басындағы тас бейітке қойды. Үстіне өзге жігіттер күнімен дайындаған үлкен төрт бұрышты жалпақ тасты жапты. Басына: «Қайрақты» су экспедициясының жиырма бір жасында апатқа ұшырап қаза тапқан жас жұмысшысы Қазікен Райбаев» деп құлпытасқа атын алтынмен ойып жазып, басына ай мен қызыл жұлдызды ұзын темір орнатты.

— Түбі, бұл араға теңіз келсе, Қазікеннің табыты су астында қалмайды, — деді әдейі жігіттерді күніменен бейнеттендіріп, зиратты осы жартас басына қаздырғам Нұрәлі.

Бұнысы тек жас жұмысшыны құрметтеп жерлеткені ғана емес, сонау қаралы жардың махаббатын да қатты сыйлағаны, бағалағаны еді. «Сүйген жарына мұндай қымбатты, қадірлі бола алған жас жігіт, осындай жұрттан биік, мәңгі бұзылмас зиратта жатуы керек» деп ойлаған ол.

Қазікеннің денесін су басатын жерге көмбей, жолдастары дәріптеп, жоғары көтеріп қойғандарына ризалығын білдіргені ме, әлде түніменен жылап, қайғысы енді жібімес тас боп қатқандықтан ба, Күнімжан ерінің табытын жабарда көзі мөлдіреп қоштасып, маңдайынан ақырғы рет шөп — шөп еткізіп екі — үш мәртебе сүйді де, содан кейін жылауын мүлдем тоқтатқан. Табытты қызыл бұрыштан шығарғанда да, серіктері жар басына көтеріп апарып тас зиратқа қойғанда да, көзіне тамшы жас алған жоқ. Қайғысы қабағына бұлт боп ұялап, ақ беті кенет тапжылмас мумия тәрізді қатты да қалды. Түн келіп, шам жағылып, ең ақырғы «еске түсіру» ғұрпыменен стол үстіне тағам мен ішімдіктер қойылып, қызыл бұрышта сол «еске түсіру» басталғанда да жылаған жоқ. Жұрт аяулы жасты еске алып, ері жайында да, өзі жайында да жылы сөздер айтып жатқанда да көзінен жас шықпады. Есінен, тілінен, ақыл, ой, сана — сезімінен айырылған адамдай сұп — сұр боп, тостағандай көзін бір жаппай мелшиіп отырды да алды. Кейбіреулер «япыр — ай, мына бишара есінен айырылып, жынданып кетпесе нетсін!..» деп енді шын қорқа бастады. Тек еске алу аяқталып, Нұрәлі:

— Қазікеннің қайғысы бізге сенен кем тимегенін өзің де көріп отырсың, шырағым. Жүрекке түйілген қайғы, жаныңа ұрған тастан кем батпайды. Сыртыңа шығарып бірдеме айтасың ба?—дегенде ғана ол ұйқысынан оянғандай селк етіп жан — жағына қарады. Кенет бота көздерінен ыстық жас парлап ағып қоя берді. Шемен жас сол сәтте бар даусыменен қайғыға көмілген, ақылға ырық бермес жоқтауды зарлай жөнелді:

Жарым өлді, көзімнің нұры сөнді,
Жанып кетпей жүрегім қалай көнді?!
Періштені қимайтын қара жерге
Ағажандар, япырым — ай, қалай көмді?!
Аямадың қу тағдыр ғарып жасты.
Күнім сөнді, ақ жүзден қаным қашты
Сені алғанша, сұм ажал, мені алсайшы,
Кісі таңдай білмейтін қара албасты…

Нұрәлі Күнімжанның қыз дәурен, қызық дәурен, сұлу әндерін бұрын да талай естіген. Даусы күміс қоңыраудай сылдырлаған, ғашық жарыңды сүйіп жатқандай бойыңды балқытып, шымырлатып әкететін, теңеуі жоқ әсем еді. Үнінен жаз шығып, құс біткен сайрай жөнелгендей үнемі таусылмайтын шалқыған қуаныш естілетін.

Сол дауыс қазір жасқа толы булығып, қайғыдан тұншыға, қарлыға шықты. Осынау кенет қартая қалған жас дауыс мұндай қасірет, шерге толы болар ма, отырған адамдардың көбін, басына қара бұлт төніп, жүректерін у жалағандай, кемсеңдетіп әкетіп барады. Зарлы ән, қызыл қанға боялып, жараланған аққудың, көкке ұшуға дәрмені болмай, құр қанатымен көк толқынды сабалап, «жаны ашыр жан болса, ажалдан арашалаңдар мені» деп өліп бара жатқанда салған әні тәрізді. Япырмай, адам баласының үніне мұншама шегі жоқ қанатсыз қайғы, таусылмас өкініш бітер ме, сай — сүйегі сырқырап кеткен Нұрәлі мынау жас болып ағып жатқан қасірет толқынына шыдай алмады, көзіне келіп қалған жасын қолымен сүрте, үйден ата жөнелді.

Нұрәлі беті ауған жаққа келе жатыр. Түн ай тұтылғандай тастай қараңғы. Аспанды қаптаған қалың бұлт тек қалың қайғының арасынан селт еткен жас көңілдің үмітіндей кенет арасы әлдеқалай ашыла қалса, жарқырап, бірен — саран жұлдыздар көрінеді. Бірақ бүгінгі түн тек қайғы үшін жаралғандай, іп — ілезде қайтадан аспан төрін бұлт тұтаса жаба қояды. Әлем аясы моладай үрейлі, тірі жанның үні шықпайды, түн қараңғысы қорғасын қара көрпедей жер үстін тұншықтырып қымтыра жауып алған. Ен болмаса жел де жоқ, жайшылықта айқайы құлағыңа құбыжықтай боп естіліп, зәреңді селк еткізетін өгіз шағаланың да шақырғаны естілмейді. Жерде де, көкте де үн жоқ, дүние бір үйелеп қалғандай тым — тырыс.

Нұрәлі әлі келе жатыр. Шаттық—шаттықты, қайғы — қайғыны туғызады. Күнімжанның шер — қасіреті екі күннен бері сәл саябырлаған өзінің қайғысын қайта қозғаған. Сәл тыныштанған жүрегін қайтадан отқа салған. Қазікенін Күнімжан қандай жақсы көрсе, бұл Өрігін одан кем жақсы көріп пе еді? Өлердей ғашық болған. Ал қазір ше? Махаббаттың ең қиын азабы сонда ғой, шын сүйсең сүйгеніңнің өткен қызығы түгіл, қазіргі қиянатын да бірден ұмыта алмайсың! Ол біртіндеп сөнетін от тәрізді. Тез сөне ме, жоқ ұзақ жүріп өше ме — адамның жақсы көрген күшімен байланысты. Мүмкін, Күнімжан өзінің Қазікенін тіпті ұмытпас. Ал өзі Өрікті ше? Жоқ, бұның жанын өмір бақи қинауы мүмкін емес. Сенбейтін, өлмейтін махаббат тек адамның бірін — бірі шын жақсы көруінен ғана туады.

Ал бірі сүйіп, екіншісі опасыздық етсе ше? Жоқ, ондай сезімді жүрегіңе мәңгі сақтай алмайсың. Ондай сүю тек сенің ар — намысыңды ғана қорламайды. Ондай адам үшін қасірет шегуге де, өлуге де болмайды! Болмайды! Болмайды! Болмайды!

Нұрәлі «болмайды!» деп айқайлап жіберді. Иә, Күнімжанның бақытының күйреуіне өлім себепкер болды. Өліммен төбелесе алмайсың! Егер өлімде жан болса бір сәрі, адам алар еді одан өшін! Бірақ ол — дүлей, мылқау, саңырау күш! Сенің жылағаның да, жалынғаның да өтпейді. Сондықтан Күнімжанның қайғысы жазылмайтын қайғы. Емі жоқ, қайғы. Тек жүрек қартайған сайын ұмытылмас шердің өткір ұшы мұқалып, жанының ауруы азая түсуі мүмкін. Бірақ мұндай махаббат жоғалмайды, есіңе түссе болғаны, күлге көміп қойған шоқтай қайтадан жайнап шыға келеді. Ол сары алтынмен тең, тозбайды, тот баспайды, тек жаныңның түбінде асыл қазынандай сақтала береді. Ал сенікі не? Жоқ, сенің махаббатың — жүрегіңе қадалған тікенегің. Және оны сүйген жарың жаныңды ауырсын деп қадады! Өзіңді сондай аямаған, опасыздығымен жаныңды өлердей ауыртқан адамды, сен неге қимауға, ұмытпауға тиістісің? Жоқ, қи, ұмыт! Жүрегіңнен жұлып таста.

Кетсін сенен әрі! Жоғалсын! Құрысын! Құрысын! Құрысын!

Ол тағы ойға қалды. Көз алдына тағы Күнімжан елестеп кетті. «Рас, сен бүгін бақытсызсың. Бақытыңды сұм ажал тартып алды. Және қайтып қолыңа түсірмейтін етіп мүлдем алды. Бірақ сен менен бақыттысың. Өйткені, сүйгеніңнен қанша айырылсаң да, оған деген үлкен махаббатың өзіңмен бірге, жүрегіңде қалды. Жүректе адал сезім сақтау — зор бақыт! Ондай махаббаттың иесі бақытсыз болса да, бақытты! Ал менде не қалды? Бақытымды ұрлаған Өрік пен Пейілжанға лағынет оқыған, жүрегімде қаралы сезім мен миымда жеркенішті өкініш қалды. Олар мөлдір махаббатымды ғана емес, адал жанымды да былғады. Мұндай адам шын бақытсыз!»

Нұрәлі әлі де ұзақ жүрді. Алыстан көрінген бұрғылау мұнарасының төбесіндегі шамға қарағанда лагерьге қайтып келе жатқан тәрізді.

Осы кезде құланиектеніп, сарғая барып таң атты. Нұрәлі лагерге келгенде күн де көтеріліп қалған. Жазатайым бір пәлеге ұшырап қалды ма деп үрпиіскен жұрт отряд бастығының аман — есен келгенін көріп, қуанысып жатыр.

Нұрәлі Өрікті есінен шығаруға айналды. Бұған, біріншіден, себеп болған Күнімжанның Қазікенге деген мөлдір махаббаты еді. Жас келіншектің осынау мәңгі жазылмастай жүрек жарасы, қайғысы Нұрәлінің опасыздықтан күйінген жанын тас — талқан етті. «Мұндай кіршіксіз таза, тұңғиықтай терең махаббат үшін өлуге де болады, ал менікі не? Түлкі мінезді бір қыздың опасыздығы үшін өзімді — өзім, көл жағам деген қаражағал қызғыштай отқа салып осыншама бүлінуімнің реті тіпті жоқ — ақ екен! Егер мұндай күйікке шыдай алмаса, онда бұл жүрек құрғырды жұлып ал да, итке таста!»

Өрікті ұмыттыруға себеп болған жағдайдың тағы бірі — күнделікті жұмыс еді. Осы тұста Қызылтастан он бес шақырымдай Қасқыртөбе деген жерден су зерттеушілер радон көзін ашқан. Судың қасиетін лабораторияда тексергенде өте құнды және өзге жердегі минералды сулардай емес, адамның денсаулығына өте пайдалы басқа да химиялық заттардың көп екені анықталған. Ал Қасқыртөбе тұсы проекті бойынша үш жылдан кейін жаңа теңіздің түбінде қалуға тиісті еді. Сол себептен бұл араны тезірек зерттеу керек болды. Радон суының бұл жерде тереңдігі, көлемі қай тұстан қай тұсқа дейін созылады? Егер бұл арада радон суы тым бай өтсе, мүмкін болашақ теңіздің шетін бері ауыстыру керек болар. Онда осы экспедиция тұрған жер бұрынғы проектіде белгіленген тереңдіктен тағы он бес метрдей төмен түсуі керек. Не болашақ теңіздің шетін сол бұрынғы қалпында қалдырып, радон көзі бар жерлерді аралға айналдыра ма, әлде сосын радон көздерінен жоғары шығатын құбыжеңдер жасап, үстіне фонтан орнатып, солар арқылы пайдалану дұрыс бола ма? Қысқасы, су зерттеушілер осының бәріне жауап беруге міндетті еді. Және тез берулері керек — ақ! Сол үшін Қызылтастан гидрогеологтарға дереу бұрғылау станоктарын Қасқыртөбеге көшіруге тура келді. Ал ЗИФ-150 ЗИФ-250 секілді станоктардың мұнараларын құлатып, оны бөтен жерге апарып қайтадан тұрғызу оңай шаруа емес. Оған бірнеше трактор, автомашиналар, жұмысшылар керек. Нұрәлі күні — түні осы станоктарды көшіріп — қондыру жұмысының қасында болды. Бұл істерді өзі басқарды. Енді Өрікті ойламақ түгіл, мезгілімен ұйықтап, тамақ ішуге де уақыты жетпеді.

Бұл жұмыстың бәрін бір айдың ішінде аяқтап, төрт станокты төрт жерге орнатып, енді бұрғылауға кіріскен кезде, бір бұрғының победит ұшы әзер алатын қатты, қайдағы жоқ тау жынысына кездесіп, не әрі, не бері жүрмей қойды. Ал екінші ЗИФ-150 станогы жиырма метр өткеннен кейін, тереңдігі қырық сантиметрдей радон көзіне ұшырап, одан әрі тек роговик тау жынысынан бұрғылауға кірісті. Қалған екі станоктың екеуі де, өндіріс керегіне жарайтындай радонды көздерге кездесе алмай, қалың пайдасыз тастардан өте алмады.

Жалпы алғанда, бұл арадан отряд қуана қаларлықтай радон суына бай көлемді, терең алаңдарға әзірге жете қоймады. Бірақ Нұрәлі жұмысты тоқтатпады. Өзі де шаршады, жұртты да шаршатты. Өзге жұмысшылар, кезегі біткеннен кейін, бір тәулікке жуық лагерьге барып дем алып қайтатын болса, бұл сол бұрғылау жұмысын тікелей басқаратындықтан, жұрт тәрізді поселкеге де күнде қайта алмады. Қасқыртөбеге шатыр құрғызып ап, сонда жатты. Күнделік тамағын лагерьден алдырып тұрды. Осындай жағдайдағы Нұрәлі лагерьге жетісіне бір баруға ғана уақыт тапты. Ал бұл бару оған үлкен қуанышқа айналды. Күнімжан су құрамын зерттейтін лабораторияда істейтін. Жұмыстың аты жұмыс, қайғың бар ма, қуанышың бар ма, өзіңе жүктелген міндетті атқару керек. Бұл қоғам заңы. Күнімжан да, қайғы қанша мазасын алса да, амал жоқ, өзін — өзі зорлап жұмысына кіріскен. Алғашқы кездерде тіпті не істеп, не қойғанын білмегенмен, бірте -бірте өзінің бұрынғы қалпына көшіп, тиісті міндетін де атқара бастады. Бірақ жұмыс көңілін қанша бөлгенмен, қайғысына араша түсе алмады. Қабағы көтерілмеді. Күнімжанның көңілі тек үйіне қайтқаннан кейін ғана аздап ашылатын болды.

Бірде Нұрәлі Күнімжанның үйіне келді. Күнімжан есік алдында отыр екен. Басын орамалмен таңып алған. Амандасып болғаннан кейін Нұрәлі:

— Басыңды неге таңып алғансың?—деп сұрады, — Ауырып отырған жоқсың ба?

— Күні бойы басым зілдей боп көтертпей қойды. Бүгін жұмысқа да барған жоқпын… — деді келіншек сол төмен қараған қалпында басын жерден алмай, — суық ұстаған болар, дәрі ішіп едім, қазір жазылайын деді ме, қалай…

Осы күннен бастап Нұрәлі Күнімжанның үйіне жиі келетін болды.

Күнімжан кейде үйінде болады, кейде болмайды. Бола қалса, Нұрәлімен жұмыс жайында аздап сөйлеседі, кейде әлденені сылтау етіп көп тұрмай үйіне кіріп кетеді.

Бұл қандай сезім? Нұрәлінің өзі де білмейді. «Сенен бөтен өмір бақи ер көрмей өтуге ант етем» деген Күнімжанның сөзін өз құлағымен естіген. Және мұндай қаралы айларда, жаралы жанның жанына дақ салар ойдан өзі де аулақ… Сөйтсе де, жанына тыныштық бермеген, жүрек түбінде терең жатқан бір сезім оны үнемі лагерьге қарай сүйреп, мазасын ала түсті. Келіншекпен ең болмаса бес минут сөйлесуге құмартып, жүрегі алып — ұшып, асыға түсу оған бір ғанибет тілекке айналды. Сөйлеспей, Күнімжан үйіне кіріп кетсе де, әйтеуір көріп қалса, соған да ол өзін бақытты санады. Ал келіншекті тіпті көрмеген күні, көңілі сүрең атып қамығып, кенет бір түрлі әлденеге жүдей қалатын болды.

Дегенмен, осы бір жанын жай тапқызбаған белгісіз беймаза сезімдер енді ұзаққа созыла алмады.

Бір күні келе жатқан Нұрәліге Күнімжанның өзі қарсы жүрді. Қол алысып амандасып болғаннан кейін:

— Ертең Алматыға жүрем, — деді. — Медицина институтына түсуге қағаздарымды жіберген едім, емтиханға бірінші августтан қалмай кел деген шақыру алдым.

Нұрәлі не дерін білмеді.

— Егер институтқа түсе алмасам, өз орныма қайтып келем.

— Жарайды, жарайды, — деді Нұрәлі бөтен сөз қайтара алмай. Оның жүрегінде дәл, осы мезетте Күнімжанның институтқа түсе алмай қайтып келуінен бөтен тілек жоқ еді.

Демек, жігіт қанша тілесе де Күнімжан қайтып келмеді. Ол институтқа түсіп Алматыда қалды.

БЕСІНШІ ТАРАУ

Адам баласының бір қуанышы, жарық жұлдызы, темір қазығы — туған елі. Оған деген махаббаты — өзін сол темір қазыққа байлаған қыл арқаны. Қандай қиын кезең тумасын, қыл арқан қандай жанына қатты батпасын, үзіп кете алмайды. Ал, алда — жалда үзіп кете қалса, жаны бұрынғыдан да жаман ауырады.

Әркім де туған елін жақсы көреді. Біреу өзі үшін, біреу халқы үшін.

Ал туған елі үшін жан беру — жай дүние салу емес. Ол көк аспанда қырандай шарықтап, найзағай оғына кеудесін қарсы тосып ажал табу. Ондай өлім халықтың көкірегінде қалады, жас ұрпағына үлгі етеді, арманына айналады. Өйткені екінің бірі көк аспанда шарықтай алмайды. Жай оғына мызғымай кеудесін тоса алмайды.

Күнтуар туған елін, жерін үлкен сезіммен сүйген, Оған деген махаббатын, ар, ұятын жаралағаннан адал сақтаған. Кешегі тар жол, тайғақ күндерде де шыбындай жанын Отаны үшін құрбан етуге қорықпаған. Ылғи алдыңғы шепте болған. Бірақ жау оғы, көкірегінен емес, аяғынан тиіп, аман қалған.

Демек көңілі дүниеден бітпеген, көздеген мұратына қолы жетпеген кей адам шала ұйықтаған кісі тәрізді. Қиялы тұманды, ақыл, ойы мең — зең. Оған жарқыраған күн де көмескі, жайнаған гүл де ажарсыз. Мұндай кісінің бір тілегі орындалса, жазмышына енді бар арманыма жеткіз деп жалбарынады. Ұйқы көрмейді. Адам деген міне осындай. Жоқ болса азға қол созады. Бар болса көпке талпынады. Болған үстіне бола берсін дейді. Ал, біздің Күнтуар азды місе тұтпай, көпті аз санап, мазасызданған кісі емес. Қуаныштың әр мысқалына, өмірдің әр сәтті сағатына тәубе еткен. Ашусыз, жанжалсыз күні өтсе, өзін қайғысыз жан санаған. Өмірді ол зор бақыт көрген. Бар тілегені жалғыз ұлы Дәниелі cay болып, шұғылданып жүрген жұмыстарының нәтижелі бітуі ғана…

Шынын айтқанда Күнтуар көне және орта ғасырлар дәуірінің археология ескерткіштерінің үлкен зерттеушілерінің бірі еді. Оның бұл кезеңдерден жазған ондаған кітабы болған. Бірақ Күнтуардың соңғы жылдардағы еңбектері тегісімен қазақ жеріндегі, қала берді Орта Азия сақтарының мұраларына арналған. Біздің дәуірімізден мың жыл, бес жүз жыл бұрын қазақ жеріндегі сақ қорғандарының бірнешеуін қазып, Есіл, Нұра, Ертіс, Сырдария, Жетісу өңірі мен Арал теңізі төңірегінде сақтар мен сақтар тектес тайпалардың тұрғанын анықтаған. Бұл зираттардан, сол тұстағы көне қорғандардан алтын мен күмістен жасалған ғажайып аңдар мүсіндерін, ыдыс — аяқтарын, қару — жарақтарын, сауыт — саймандарын тауып, сақтардың «Тағы аңдар стилі» деп аталатын көркемөнерінің зерттеулеріне өзінің үлесін қосқан. Бірақ оның ойынан еш уақытта да бір күдік кетпеген. Шығыс пен Батыс созылған, осы күнгі қазақтың алып даласын сонау көне заманда сақтардың көшпелі тайпалары мекен еткені қазір бар әлемге айқын. Ал, сол көшпелі ел өзінен бұрын не шығысында, не батысында жоқ «тағы аңдар стилін» — қайдан алғаны оған белгісіз еді. Өзі кеше ғана отырықшылыққа ауысқан көшпелі елдің бел баласы болғандықтан, мәдениет таңы көрші грек, иран жеріндей әлі атпаған, көшпелі сақтар қола, алтын, күміс қазып, оны ұстаханаларында отпен балқытып, сондай ғажайып мүсіндерді өз бетімен жасады дегенге күмәнді еді. Ал, көшпелі сақтардың сондай мәдениеті болды дегенге сенбейін десе, сол дәуірдегі зират, қорғандардан табылған, өте шебер жасалған мұралар сол кездегі сақ жұртының өзіне тән үлкен мәдениеті болғанын дәлелдейтін. Демек, сойыл ұстап, мал баққан көшпелі елдерге бұлар қайдан келді? Мүмкін Қара теңіз жағасындағы мәдениетті скифтардан, не болмаса, Алтай, Тарбағатай таулары бойындағы тұрғын сақ тайпаларынан әкелінген шығар? Жарайды, солай – ақ болсын делік. Бірақ ол скифтардың өзі бұл өнерлерді қайдан алды? Олар өздері ол тұсқа Орта Азиядан, осы күнгі қазақ жерінен соңырақ барған жоқ па еді деген сұрақ өзінен өзі туған. Бұның үстіне қазақ жерінен табылған кей мұралар тіпті Қара теңіз скифтары мәдениетінің гүлдену кездерінен көп ғасырлар бұрын жасалғаны анықталған. Қысқасы, Күнтуардың ойынша, бұл арада сақтардан бұрын жер қазып, кен қорыта алған, қаласы, қолөнері мол мәдениетті жұрт болған. Соңынан ол халық үлкен бір апаттан, не қоғамдық, табиғи құбылыстармен байланысты, мүлдем тарих бетінен жойылған. Олардың орнына мұрагер ретінде Орта Азияға және қазақ жеріне көшпелі, жауынгер сақ тайпалары келген. Мүмкін бұл ойы қате болар? Дүние бұл арада сақтардан — ақ басталған шығар. Бәрі де мүмкін. Бірақ ғылымда бір нәрсеге күмәндану — ізденудің басы. Күнтуардың да ізденуі осы күмәнданудан басталған. Демек, сол тарих бетінен құрып кеткен мәдениетті ел. Европа тілімен айтқанда көне цивилизация қандай болған? Жалпы ол болған ба? Бұның бәрі әрине, Күнтуарға жұмбақ. Жоқ, жұмбақ емес, бұл Күнтуардың дәлелі жоқ болжамы, қиялы. Оның үстіне, мұндай қиял ақтауды қазақ жерінде сылтау санар ешбір дерек табылмаған. Бұл арада табылғанның бәрі архоно — енисей дәуірінің, сақ заманының мұралары еді. Сол себептен де ол өзінің осы ойын бекітетін археологиялық дәлелдер іздеуде еді. Ал, іздеудің оның ойынша бір — ақ жолы бар. Ол сақ елі өзінің «тағы аңдар стилінің» үлгісін алған көне жұрттың мұрагері екені анықталады. Қысқасы, сақ, архоно — енисей замандарынан бұрынғы мәдениетті, цивилизацияны ашу. Бұл адамның фантазиясымен тең арман. Мүмкін бұл арман бос қиял шығар, бірақ осы бос қиял Күнтуарға көптен бері маза бермеген. Және қиялшыл археолог бұл арманын тірі жанға айтқан емес, өзінің көкірегінде, ойында ғана сақтап келген.

Сондықтан ол жоғалып кеткен қолжазба — ой дәптерінде:

«Сақ дәуірінің толып жатқан «тағы аңдар стилін» анықтайтын заттары табылғанмен, әлі күнге дейін саврамат кезеңінен бұрын сол заттарды жасайтын өндіріс құралдары, өндіріс орындары, қала берді алтын, мыс, қола, күмістерді қорытқан жері кездескен жоқ. Кей ғалымдардың ойынша Қайрақты, сол көне елдің сақтардан да бұрын Мұғалжар, Маңғышлақ, Жезқазған секілді кен қазған, орда тіккен тұсы. Мен бұған қосылам. Оған толып жатқан дәлелдер бар. Сондықтан да осы Қайрақты өңірін бес жылдан бері қазып келеміз. Бірақ бұл арадан ғалымдар күткен өндірістік, не кәсіпорындық ешбір мұра әлі ұшыраған емес… Ал, менің есебім бойынша, сақ дәуірінің алғашқы өркендеген кезінен бұрын, бұл ара Жақсарт дариясының түбі болған. Міне осы жағдайларды дәлелдегеннен кейін…» деп жазылған. Күнтуар «бұл арада Жақсарт түбі болғанын дәлелдеген — cay болып, шұғылданып жүрген жұмыстарының нәтижелі бітуі ғана…

Күнтуар мен Дәниел Қайрақты археология экспедициясына келгенде шаңқай түс еді. Сұрғылт топырақты, қиыршық тасты жіңішке тараң жолмен, соңынан ақ шаңдақты, көкке көтерілген ұзын із тастап «ГАЗ-68» машинасы белеске көтерілгенде, бұлардың дәл қарсы алдарынан ойдым — ойдым боп біткен баялыш, жыңғыл, меңдуана, раң, өгей шөбі ыстық күннен сарғайып күйіп кеткен құлазыған құмайтты, сортаңды, тақырлы, қу дала көрінді. Сол жағында бір шақырымдай жерде, арғы бетінде сағымы ойнаған, сұрғылт толқынды Сырдария жатыр. Оң жағында құлын жалдана көтерілген, қатпарлана созылған құба белестер бейне тасыған Сырдария толқындары жағасынан шығып, бері қарай құлай түскен тәрізді. Кедір — бұдырлы аласа асулар да дәл сол дарияның үлкен — үлкен толқындарына ұқсайды.

Жіңішке жол барып тірелетін жерде, бірнеше төбе, қорғандары көзге түседі. Олардың ара — арасында, алыстан жақында ғана жүргізілген арықтар тәрізді, айқыш — ұйқыш орлар, ішінен шығарылған топырақтары жандарына үйілген қазылған құдық — шурфтар байқалады. Бұлардың арғы бетінде, күнгей тұсында алты ақ шатыр тігілген. Бұлар экспедиция адамдарының жататын, ас ішетін, тапқан заттарын зерттейтін, тексеретін орындары.

Машина ызғыта, соңынан шаңды бұрқырата, қазылып жатқан ордың шетіне кеп тоқтады. Бұларға қарсы денесі қара қошқыл боп күнге әбден күйіп кеткен, аршын төс кеудесінде көк сиямен «Менің өмірім қияда» деген жазуы бар, бұлшық етті, қара көзілдірікті, басында қолдан тіккен ақ мата шляпасы бар жігіт келе жатыр. Белбеуіне қыстыра салған тас мүсіндерді топырақтан аршитын кішкентай археологтың күрекшесі бар.

Машинадан шыққан Күнтуар мен Дәниелге жігіт қолын беріп:

— Амансыздар ма?—деді. Сөйтті де, машинасынан түсіп жатқан бала шофер Вадимге. — Привет, работяга! — деп қолын көтерді. Бұл биыл абақтыдан босанып шығып, экспедицияға жұмысқа кірген «Тентек шыбын» деп аталатын Михайлов деген жер қазушылар бригадирі еді.

Амандасып болған Күнтуар одан:

— Өзгелерің қайда? — деп сұрады.

— Суға кетті, — деді жігіт, сөйтті де күлді, — жоқ, суға батып кеткен жоқ, түсуге кетті.

— Ал, жұмыстарың қалай?

— Ғылымды қимылдатып келеміз.

— Әйтеуір қарқындарың жақсы ма?

— Алға қарай қимылдатуға ақылымыз жетпейді, кейін қарай жүргізуге жоспарды орындай алмай қаламыз ба деп қорқамыз, — деді жігіт күліп. Оның үлкен ақ тістері, қара қошқыл бетіне бір жарық бергендей аппақ боп көрінді, — сондықтан бүйірге қарай итеріп келеміз.

Жігіттің қуақы тіліне күлген Күнтуар:

— Әйтеуір бір орында тұрып қалмасаңдар болады, — деді әзілдей. — Бір орнында тек құз, жартастар ғана тұрады.

— Өйткені олар жалақы алмайды ғой, — деді жігіт.

Бәрі тағы күлді.

— Қайрақтыдан қашан шықтыңыздар?—деді жігіт.

— Екі сағаттай болды.

— Жолай профессорды кездестірген жоқсыздар ма?

— Қайдағы профессор?

— Біздің Армашканың өгей әкесі дей ме, қалай.

— Армашкаң кім?

— Бұлар Арманды «Армашка» дейді, — деді Вадим.

— Ә!.. Профессор Ерғазы Аюповты айтасыз ба? Ол бұл жақта не істеп жүр?

— Онысын өзі де білмейтін шығар. Әйтеуір екі күн бойы әр жерді бір шұқылап, қағаздарына бірдемелерді жазып жүрді. Сосын, бүгін баласын Қайрақтыға алып кетті, жұмысқа сонда орналастырам дейді.

Күнтуар таңдана сұрады.

— Арманды ма? Ay, ол археолог емес пе?

— Археолог дегеннен алхоголик десеңіз дұрыс болар?—Жігіт тағы күлді. — Ол бір жарым ай бұрын бір краляны алып келді. Қыз болғанда қандай! Джина Лолобриджия, София Лорен, Леа Массари, Лиза Гастона — бәрі өзі? Сол краляны алып келгеннен ішті. Егер әкесі әкетпегенде, бұл күнде табыттың ішінде ойнайтын еді…

Дәниел сұп — сұр боп кетті. Бірақ ештеңе демеді. Тек теріс бұрылып алысқа қарай бастады.

Ал, шынында Арман туралы Күнтуар қате пікірде еді. Өгей әкесінің арқасында университетке түсіп, тарих факультетін бітіргенмен, археологияны тіпті жақсы көрмейтін. Былтыр бір — екі ай экспедицияда болса, онысы диплом алу үшін амалсыз көнгені еді. Жігіттің мұндай қасиеттерінен бейхабар Күнтуар, жақсы көретін жолдасының баласы былтыр өзінің экспедициясына тәжірибе жұмысына келгенде қуанып қалған.

— Археологияны жақсы көресің бе?—деп сұраған одан Күнтуар.

— Жатсам, тұрсам ойлайтыным өткен дүние мұралары…

Күнтуар жігіттің бұл сөзді қандай оймен айтқанына мән бермеген, тек егер бар ойы өткен кезең мұраларында болса, бұдан шын археолог шығады екен деп болжаған. Адам тек жақсы көрген кәсібінен ғана нәтиже шығара алады. Бұл археологке мәлім ескі қағида.

Сол себептен ол:

— Археологияны жақсы көретін болсаң, келесі жылы менің экспедицияма қосыл, — деген оған Күнтуар, — Өкінбейсің, біз қазақ жерінің тарихын зерттеуде елеулі іс үстіндеміз.

«Ал, сөйткен Арман қандай жігіт боп шықты? Баласының жақсы көретін қызын азғырып әкетті. Ол аз болғандай, мұнда келгелі жұмыс істемей, арақ ішумен болыпты. Араққа берілу — ол өзіңе өзің ауру тілеп алу. Жоқ, жатқан жыланның құйрығын басу. Ойнақтаған бота от баспай қоймайды, арақ деген у жылан, бір күні болмаса бір күні шағып өлтіреді. Ақырында экспедициядан қашып кетіпті! Бұл не деген сұмдық! Әлде мына жігіт жалған айтып тұр ма? О да мүмкін… Кескіні мынау, кеудесіндегі жазуы бұның да қандай адам екенін көрсетіп тұрған жоқ па? Тегі экспедицияға биыл кімдер алынды, көңіл қойған жөн болар».

Расында да, биыл жазғытұрым экспедицияға кісі алынып жатқанда, Күнтуар басқа жұмыстардан қолы босамай, бұл шаруаны көмекшілеріне тапсырған еді. Енді міне сондағы қатесін тағы өзі тексермек боп тұр.

Жігітті істеп жатқан жұмысына қоя беріп, баласын ертіп, Күнтуар қазылған тұсқа қарай беттеді.

Расында да бұл араны көне елдер Ордасын тіккен жер деуге саятын еді. Шу дегеннен кездескен бірнеше қорған — молалар, әсіресе оның ішіндегі қойылған топ адамдар, бұл араны қоныстаған (әлде осы араға әдейі жиналған) жұрттың көп болғанын дәлелдеген. Ал, бұл көп жұрт, әрине, Орда маңайына жиналған жұрт, не қалып қосындылар дәл осы тұста майдан ашқан. Әйтпесе зираттардағы осыншама кісі сүйегі қайдан келеді? Бұдан басқа бұл жерден бірнеше тас үйдің орны, қабырғалары табылған. Тіпті осы тас үйлердің дәл орта тұсында (сірә жұрт жиналатын алаң болуы керек) көсемдері отыратын тастан қашап салған хан тағы да, желі тартылып, ат байлаған темір қазықтар да шыққан. Бірақ еш жерде де мыс қорытқан, не қола, күміс, алтын балқытқан пеш қалдығы, темір таған, тас қазан, болмаса мүсін жасайтын шеберханалар ұшырамаған. Сондай — ақ, дәл осы арада кен қазылды — ау деп ойлар тау жынысы шығарылған құдық, үңгір, шұңқырлар тіпті кездеспеген. Бұның бәрі «тағы аңдар стилі» деп аталатын мүсіндердің басқа жақтан алып келінгендігін немесе ескіден қалған мұра екенін көрсеткендей еді. Демек, Күнтуар бұл тұстың зерттеуін тоқтатпаған. Биыл тағы жер астына тереңірек түсуді жөн көрген.

Баласын ертіп Күнтуар бірнеше терең орларды, құдық – шурфтарды көне замандағы тас үйлердің еденіне дейін жеткен жерлерді қарап шықты. Қазылған орлар тастай боп қатып қалған, ұсақ тасы мен құмы аралас сұрғылт балшықты тау жынысына келіп тоқтаған.

— Мына цементтей боп қатып қалған құм балшықты жердің не көрсететінін білесің бе? — деді Күнтуар баласына. — Байқайсың ба күрек түгіл, сомның өзі әзер алады.

— Иә, тастай қатты, — деді Дәниел, — Бұл араның тау жынысы үстіндегі топырақтан өзгеше жаралғандай.

— Иә, дұрыс айтасың. Неден жаралған деп ойлайсың?

— Білмеймін.

— Мынау цементтей мықты құмайтты сұр балшық, бұл жер бір кезде Жақсарттың түбі болғанын көрсетеді.

— Онда бұл араны енді қаздырмайтын шығарсыз? Судың түбінде еш қала болуы мүмкін емес қой.

— Ол солай. Бірақ қазуды біз тоқтатпаймыз.

— Неге?

Әкесі тікелей жауап бермеді.

— Менің болжауым дұрыс болса, кезінде көрерсің…

Дария жағынан салқындау дымқыл жел есті. Күн қызуы сәл басылайын дегендей. Арғы беттегі сағым селдірлей түскен. Обатас жанында жападан — жалғыз ойға шомып отырған Дәниел кенет құлағын түре қалды. Күле сөйлеген қыз бен жігіттердің дауыстарын естігендей болды. Сөйткенше адамның мейірін қандырғандай бір әдемі ән көкке шалықтай көтерілді.

«…Есейіп кетсем де, Мен саған сәбимін…»

Дәниелдің бойы дірілдеп кетті. Бұл өлеңді осылай көтере созып, «сәбимін» деген сөзді ерекше еркелетіп тек Жаннат қана айтатын. Бұл соның даусы. «Қап, бекер обатастың қасына отырыппын — ау! Бұл ара дариядан қайтатын жұмысшы жастардың жолы екені есіме де келмепті! Жоқ — ау, соны біле тұра, Жаннатты ең болмаса бір көріп қалайын деп, осы араны әдейі өзім таңдап едім ғой. Енді несіне қынжыламын? Дегенмен былай қарай жүрсем бе екен? Жаннатпен бетпе — бет кездесу дәл мұндай қиынға түседі деп кім ойлаған?.. Жоқ, енді бәрі бір үлгірмейсің…».

Дәниел бір шешімге келгенше обатасқа таяу бір бұлтарыстан топ қыз бен жігіт көрінді. Бәрі де түрлері қара қошқылданып күнге күйген, үстерінде жеңіл киім, джинсы шалбар мен қысқа жеңді тоқыма көйлектер, бастарында ақ матадан жасаған кең қалпақ, не сабан шляпалар. Қайсысы бұның Жаннат?.. Дәниел бірден таныды. Әне, анау, сәл шеттеу келе жатқан қыз. Көмілген күлінен аршылып, жайнай қалған шоқтай көзіне ып — ыстық боп көрінді. Иә, Жаннат десе жаннат қой ол! Жоқ, жаннаттай құлпырған шілденің басында қауызын жарған нағыз жанаргүл ғой ол өзі! Жаңбырдан кейін, алтын күннің сәулесі аймалаған, алтын түстес кәдімгі әсем жанаргүлді көргенің бар ма? Көрмесең, көрмей — ақ қой. Жаннатты көрсең жетеді. Ол гүл де бір, Жаннат та бір.

Жаннат пен Дәниел бір мектепте оқыды. Жаннат үшінші класта жүргенде Дәниел алтыншыда еді. Үйлері көршілес болатын. Жаннаттың әке — шешесі екеуі бірдей, Күнтуармен жерлес еді, содан ба, әйтеуір олар Дәниелдің үйіне жиі келетін. Кей кезде Жаннаттың шешесі Дәниелге «айналайын, қазір қараңғы ерте түседі, менің Жаннатымды мектебінен ерте кел» деп тапсыратын, Әрине, Дәниел көрші апасының айтқанын орындайтын. Мұндайда Жаннаттың шешесі кейде: «Байқа, Дәниелжан, Жаннатыңды көзіңнің қарашығындай сақта, біреу — міреу ұрлап әкетіп жүрмесін. Өскен соң өзіңе беремін» деп қалжыңдайтын. Мұндайда Дәниел қысылып, екі беті қып — қызыл боп балбырап, ұялып қалатын. Екі — үш күндей Жаннатқа жуымай да қоятын. Сөйткен Жаннат бесінші класқа шыққанда, шешесі соқыр ішек боп ауырып, абайсыз істелген операциядан дүние салды. Енді Дәниел Жаннатқа көз қырын салуды өзіне міндет көрді. Үнемі мектептен бірге қайтып, бөтен балаларға тигізбей, үйіне апарып салып жүрді. Сөйте -сөйте, Жаннат кейде Дәниелдікіне келіп сабағын сұрап алуды шығарды. Енді олар бір -біріне күле қарап, ұзақ уақыт бірін — бірі көрмесе, араларындағы қылдырықтай нәзік сезімдері үзіліп кеткендей, кәдімгідей жүдеп қалатын болды, Жаннат алтыншыға шыққанда, қыз бала қылтиғанша дегендей бұлар ең алғашқы рет қар атысып ойнады. Дәниел оны қуып жетіп қарға домалатты. Жасөспірім қыз бала мен бала жігіттің махаббаты осылай, күнәсіз пәк ойындардан, кітабын, қарындашын алып қашу, алғашқы ақша қарды лақтыру тәрізді болмашы әрекеттерден басталады. Жаннат жетінші класта оқып жүрген кезінде, енді бұрынғыдай ойындардан гөрі, Дәниелмен бірге киноға баруды, жаңа жыл, бірге оқып жүрген балалардың туған күні тәрізді мерекелерде, онымен қатар, отырып, соңынан бірге билеуді ұнатты. Әлдеқалай Дәниел, бұған көңіл қоймай, басқа қызбен көбірек оңаша сөйлесіп кетсе, Жаннат өкпелеуді шығарды. Ал егер сол бөтен қызбен киноға баратын болса, онда Жаннаттың екі көзі білеудей боп ісіп, Дәниелді кәдімгідей қызғанып, күйінетін болды. Бұл екі жасөспірім жастың махаббаттарының ең алғашқы оянған түрі еді. Жаннат Дәниелді әлі де қыз аталып қалыптаспаған жай пәк балалық сезіммен ұнатса, Дәниел оны жігіт бола бастағандағы жаңа оянған шын махаббатымен жақсы көрген.

Дәниел он жылдықты бітірген мектеп кешіне Жаннатты шақырды. Екеуі бұл кешті «қоштасу балынан» бастап, Ленин алаңындағы ең ақырғы Дәниелдің оқушылық түнін де бірге өткізді. Тек күн шыға берген кезде ғана бұлар өзге жасөспірім серіктерінен бөлінді. Жоқ, үйлеріне қайтқан жоқ, қол ұстасып, Алматының бау — бақшалы жасыл көшелерін аралап кетті. Шаршаған кездерінде әлі жан жүрмеген, қаланың шеткі қалың ағашты бір көшесіндегі орындыққа келіп отырды. Қыз аппақ гүл жапқан бозқараған ағашының басына түскен күн нұрын көрсетіп:

— Қарашы, күн сәулесі қандай тамаша!—деді.

— Күн сәулесі сенің көзіңдегі сәуле тәрізді!—деді бала жігіт.

Қыз ұяла күлді.

— Қойшы!

— Берші маған сол сәулеңді!

— Ала ғой!

Жігіт қыздың көзінен сүйді.

— Жоқ, — деді бала жігіт, — сәуле сенің көзіңнен қашып, енді ерініңе қонды.

— Оны да ал!

Жігіт енді құштарлана қыздың ернінен сүйді.

— Қандай тәтті еді, — деді бала жігіт, — ерніңдегі нұр сәуле!

— Жоқ, ол ернімнің нұр — сәулесі емес, жүрегімнің шырыны ғой, — деді қыз.

— Онда аямашы менен сол шырыныңды, — деді бала жігіт, — мас бола сусынымды қандырайын.

— Жарайды.

Енді қыз жігітті аймалай сүйді.

Сәске көтеріле бұлар үйлеріне қайтты. Өз бөлмелеріне кіріп, ұйықтап жатқан осы екі жасты дәл осы сәтте көре қалсаң, дүние жүзінде бұлардан асқан бақытты адамдар жоқ дер едің. Расында да бұл екеуі көңілдерінде титтей түйткіл жоқ шын бақытты жандар еді, өйткені бұлар тек махаббаттың ғана риясынан өзге, алдарында өрі, ойы — қыры көп, кенеуі тез кетер өмір барын әлі білмейтін. Бұл албырт екі жастың дүниенің бар қызығы, зағипасы қолдарын созса түсе қалатындай көретін әлі сарсылып күн өткізіп, жүдеуді аңғармайтын шақтары.

Сол жылы Дәниел университетке түсті. Үш жылдан кейін, әкесі автомобиль қағып қаза болған Жаннат та кеп осы университетке емтихан берді. Үш жылдай хат арқылы, әйтпесе демалыстарында жаздың тез өтер айларында ғана кездесіп жүрген жас тілектер, бірін — бірі тағы тапты. Былтыр Дәниел университетті бітіріп, жұмысқа сол Алматыда қалған. Биыл күз екеуі қосылмақ еді. Сөйтін жүргендерінде кенет уәде бұзылды, Жаннат ойда жоқ жерден Арманмен қашып кетті. Бұған қандай себеп бар еді?

Дәниелдің әкесімен бірге Қайрақтыға келгендегі ойының бірі, ауыр тиерін білсе де Жаннатпен кездесіп, опасыз болған себебін білу еді. Дәрменсіз бітеу жара боп қиналғаннан гөрі, анығын естіп, болған іске болаттай болуды тілеген еді Дәниел.

Дабырласқан жастар келіп те қалды. Кейбіреулері Дәниелмен бұрыннан таныс. Қол алысып, қалжыңдаса амандасып жатыр. Көп тұрақтамай әрі — беріден соң бұлар өтіп кетті. Дәниелдің қасында үн — түнсіз төмен қарап, жалғыз ғана Жаннат қалды. Ол басын жерден алмай:

— Амансың ба, Дәниел? — деді.

— Өзің де амансың ба, Жаннат?

— Сен маған өкпелісің ғой?..

— Жоқ…

— Солай ма? — Жаннат басын көтеріп алды. — Істегенім жаныма қатты батып жүр еді…

— Сенің бұлай кеткенің маған да оңай тиген жоқ. Тек өлмеген сүлдем қалды…

— Өзім де солай болар деп ойлап едім. Амал қанша, шын махаббат, адамның ай менен күні тәрізді, өзінен бөтен ештеңені көрсетпейтін жалғыз жарығы екен.

— Маған бұлай демеуші едің ғой…

— Иә, саған бөтен сөздер айтатынмын. Олар да шырайлы болатын, бірақ жанымды өртеп, жүрегімнен шықпаған екен. Енді сенің алдыңда қарабетпін. Айыптымын.

— Қайдағы айып? Жүрегің мені шын сүймегеніне сен кінәлісің бе? Тек оны қалай білмей келгенмін, соған өкініштімін…

— Иә, сені шын сүйген тәрізді едім, бірақ бұным қате екен. Өзіңе бала жастан үйренген соң, достығымызды махаббатқа санап келіппін. Ал шын махаббатым кездесіп еді… Және сен өз махаббатыңды қорғай алмадың…

— Бәрібір одан ештеңе шықпас еді…

— Иә, ол солай. Бірақ қыз жүрегі әлсіз жүрек, қашан да болса қорғауды тілейді. Егер сен қорған бола білгеніңде мүмкін…

Жаннат шынын айтты. Оған Дәниел бала жастан шын тілеген адамы боп көрінген. Өзі солай деп сенген. Бірақ аралары ұзақ жылдарға созыла келе, Дәниелдің жұмсақ мінез -құлқы да, күздің шуақ күніндей самалды салқын махаббаты да, Жаннатты өзіне етене етіп үйретіп алған. Жігітін ұзақ уақыт көрмесе сағынатын, бірақ жасөспірім кезіндегідей жанып, күйіп кетпейтін. Жолыққандарынша сабыр сақтап шыдайтын. Сөйтіп жүргендерінде бір күні оқуын бітіріп Мәскеуден Арман келді, Дәниелге деген тыныш жан әлемі кенет алай — түлей бола қалды. Бұрын орта мектепте бәрі бірге оқып жүргендегісіндей емес, Жаннатқа ол енді өзгеше, бір түрлі жоқ жерден пайда болған сап алтындай көрінді. Дәниел талдырмаш, жұпыны ғана жігіт болса, Арман көз тоярлықтай сыр — сипатты, сымбатты, көрікті еді. Дәниелдің ойлы көзі қара судай тұнып, қыздың жүрегін ғажайып бір тыныштыққа бөлесе, Арманның ұшқынды өткір көзі, ақыл, ойын біржолата өртеп жібергелі тұрғандай, жанын бірден әбігерге салды. Заты сабырлы, мүләйім мінезді Жаннатты, терең жатқан махаббатымен жанын ауыртпай әлдилеген Дәниелдей емес, Арман қыз жүрегінің кенет қарасудың бетін ойпаң — тойпаң еткен дауылдай, өзінің жалындаған, оттай ыстық ләззатымен астаң — кестеңін шығарды. Оның үстіне ауыр мінезді Дәниел, сүйгенінің ауытқи бастағанынан күдіктенсе де қызғаншақтық көрсетіп, Арманнан арашаламады. Бақытым уысымнан шығып кетер деп ойламады. «Мені сүйгені рас болса, жауабын өзі де берер деп Жаннатқа сенгендіктен, әдеттегі салмақты момын мінезіне салып оны қорғамады. Ал Арман болса, ондай кең пейілдіктен тіпті аулақ еді. Өзі де жанып — күйді, қызды да жандырып — күйдірді.

Би билесе белінен тым таяу ұстап, ұршықтай үйірілдірді, оңаша қалса қыздың еркіне қоймай бауырына қысып, бетінен, аузынан, мойнынан сүйді. Ләззат отына өзі де шыдамады, қызды да шыдатпады. Осындай күйдегі екі жас бір күні қараңғы түскен кезде қала шетіндегі, көгал шөпті, сыңсыған қалың ағашты алма бағында кездесті. Айлы түнде, ақ гүлді алма ағашының саясында тірі жан қыбырламаған тыныштықта, Жаннаттың аш белінен қатты қысып өзіне тартты, қызыл ернінен құштарлана сүйді.

Жан қуанышынан өзін — өзі қорғай алмаған Жаннат, балбыраған хош иісті, ұйпаланып қалған көк шөптің үстінде екі тізесін құшақтап, күлімсіреп ұзақ отырды.

«Дәниел бүйтпес еді, деді ол кенет өзіне өзі ақырын сыбырлап, — әрине бүйтпейді. Өйткені ол мені Армандай сүймейді. Сүйе алмайды!»

Жаннат кенет дауыстап күлді. Оның бұлақ суындай сылдырлаған үнінен бір орасан бақытты қуаныш естілді. Сол күннен бастап Жаннат Дәниелмен кездеспеуге тырысты. Ақыры Арманның алып ұшқан жүрегі, ыстық махаббаты жеңді, онымен бірге Қайрақтыға жүріп кетті. Дәниел екеуінің содан бері кездесіп тұрғандары осы.

— Сенің хатыңды оқығанымда сол күні түнде өзімді өзім өлтірмекші де болдым, — деді Дәниел сөзді қайтадан бастап. — Тек әкемді аядым. Жалғызымын ғой, тым жақсы көреді, менің қайғымды көтере алмас еді. Сосын артынан сенің мені шын жақсы көрмегенің тоқтау болды.

— Мен сені шын жақсы көрмеген екем. Және дер кезінде өзің қорғамадың… Сосын… Мен оның әйелі болып қалдым… Сені аяп жүргенімде дәлел табылды. Сүттей таза махаббатыңды былғауға тиісті емеспін дедім. Солай кейін Арманмен кетіп қалдым…

Дәниел үн-түнсіз ұзақ отырды.

— Иә, солай, — деді ол әлден уақытта, — бұл неткен әділетсіздік! Адам дүниеге жалғыз -ақ рет келеді, оның өзі де азапта өтеді.

Жаннат оған аяй қарады.

— Неге олай дейсің? Бар өміріңнің қызығы өзіңді бағалай білмеген бір әйелдің тұрақсыздығында қалып па? Әлі жассың ғой.

— Жассың? Бірақ сол «бір әйелдің» күйігі оны қартайтпаса нетсін…

— Ұмыт оны.

— Ұмыту қолдан келсе.

— Неге келмейді? Өз бақытын өзі тапқан бір әйел үшін бүкіл өміріңді өкінішке айналдыруға бола ма?

— Өзің бақыттысың ба?

Дәниел неге бұлай сұрағанын өзі де білмейді. Жаннат таңдана қарады.

— Әрине, бақыттымын!—деді. — Бақытсыз болсам, мен бұлай сөйлемес едім…

Дәниел оның даусынан сәл күмілжігендей үн естігендей болды. Сөйтсе де:

— Оған да құдайға шүкір, — деді жақсы көрген адамының бақыттылығына риза болғандай.

Кенет машина даусы естілді. Екеуі бірдей қала жақтағы жолға қарады. Артынан шаңды будақтатып ағып келе жатқан «Волга» машинасын көрді.

— Пейілжан да жеткен екен, — деді Дәниел. — Мынау соның машинасы ғой. — Сосын ол Жаннатқа қарады. — Қош, Жаннат!

— Қош, Дәниел! Шамаң келсе, мені тез ұмытуға тырыс.

— Жарайды.

Бірақ Дәниел дәл осы мезетте Жаннатты тез ұмыта алмайтынын түсінді.

Әрбір дана болжаудың түйіні көбіне ап — айқын оңай шешілетін ойға құрылады. Тек сол айқын ойдың тетігін табу қиын. Қайрақты өңірінде сақ дәуірінен бұрын бізге мәлім емес үлкен мәдениет болуға тиісті деген Күнтуардың болжамы да сондай айқын ойға негізделген — ді. Археолог болжамының алғашқы сатысын мынау сақ қаласының қалдығы, бұл қаланың бір кезде дария түбі болғандығын толық дәлелдеді.

Ескі көне тарих кейбір деректеріне қарағанда (әсіресе Иран, Грек, Индия елдерінің) Орта Азия мен оның көршілес көшпенділер елін жаулап алуға бағыштаған белгілі аттанысында Ескендір Зұлхарнайын да Сырдарияның осы күнгі Қайрақты тұсына келіп тоқтаған тәрізді. Соңынан осы арадан табылған кейбір ескі мұралар (қазан, ошақ, кейбір найза, қалқан, қылыш тәрізді әскери қарулар) сөзсіз грек әскерінікі екендігі дәлелденген. Егер, бұл араға сонау Александр Македонский қосыны жеткені рас болса, онда бір кезде осы тұста сақ тайпалары бірінің ордасы тұруы да мүмкін. (Ескендір фалангасы аты — жөні жоқ, қашқан сақтардың соңынан қуа бермесе керек — ті). Егер сақ тайпасының осы арада Ордасы тұрғаны анықталса, осыдан екі жарым — үш мың жыл бұрын Жақсарт арнасының да жағасы берірек болуы ықтимал. Өйткені Сырдария да Амудария тәрізді, өзінің ағысын үнемі өзгертіп отырған. Онда бұрынғы арнасы осы күнгі дарияның ағып жатқан жерінің күнгей жағынан өтуге тиісті. Өйткені теріскейлігінде медозей кезінде пайда болған, бірі мен бірі жалғасып жатқан базальт тасынан жаралған ескі ұзақ қырқа, адыр, таулар бар. Су қашан да болса өзі өте алатын жұмсақ тау жынысты іздейді. Ал ондай жер құмайтты, сортаң, сұрбалшықты өңір Сырдарияның күнгей жағы, Қысқасы, Күнтуар болжамы бойынша, сақ Ордасы тұрған Қайрақтының Теріскей жағынан бір кезде Жақсарт өткен. Оның жағасында сол тұста бізге беймәлім үлкен мәдениетті қала тұрған. Бертін келе Жақсарт өзінің әдеті бойынша күнгей жағына қарай арнасын өзгерткен. Бұрынғы қала (мүмкін басқа ел қиратқан қала қалдығы) су астында қалып, оны құм, топырақ жауып тастаған. Соңынан дария тағы күнгей жаққа ауысқанда, бұрынғы жер басып қалған қаланың үстінен сақтар өздерінің ордасын тұрғызған. Бөтен жерде емес, Сырдарияның дәл осы тұсында қала болуы керек деген ой бұл араның жағрафиялық қолайлылығы, Батыс пен Шығыстың сауда керуендерінің жолына ыңғайлығынан туған.

Міне, сол болжаудың бірінші бөлегі айқындалды. Қала қалдығы көп дарияның түбіне тірелді. Ал болжаудың екінші бөлегі немен тынады? Қандай нәтиже береді?

Міне сондықтан, кешке таман барлық жұмысшыларды жинап алып, істеген жұмыстың нәтижесін қорытып келіп Күнтуар:

— Осы өздерің жеткен тереңдіктен, — деді, — енді мына схема бойынша терістікке қарай тағы екі метрдей қазуларың керек.

Бағанағы Михайлов деген жұмысшы:

— Тағы қазу керек дейсіз бе? Жаңа өзіңіз айттыңыз ғой, біз бұрынғы дарияның түбіне жеттік деп… Ал оныңыз дұрыс болса, дарияның түбін қазып қайтеміз? — деді де күлді, — әлде осыдан үш мың жыл бұрын өлген балықтардың сүйегін іздейміз бе?

Күнтуар бір ретте бұл араны неге қазу керек екенін түсіндірмек болды да, ол ойынан тез қайтты. «Әлі ештеңемен дәлелденбеген ойды айтып қажеті не? Менікі дегенмен құр болжам ғой».

— Жолдастар, — деді. — Біздің программамыз соны тілейді. Және теріскей тұсқа қарай зерттеуіміз абзал.

Жігіттер, қыздар шуласып тарай бастады.

Күнтуар өздеріне берілген шатырдың қасындағы жөндеп жонылмаған тақтайлардан жасалған столдың қасына кеп қағаздарын ақтарып, бірдеме іздей бастады. Дәл осы кезде жұмсақ үні дірілдей шыққан қыз даусын естіді.

— Көке! — деді әлгі сынық дауыс.

Күнтуар басын көтеріп алды. Жаннат екен. Бағана көрген. Салқын ғана амандасқан да қойған. Қазір ол, Күнтуарға қарауға беті шыдамай, басын жерден көтерер емес.

— Көке, — деді тағы ол бұрынғы әдетінше Күнтуарды «көке» деп атап. — Сіздер бүгін жүресіздер ме?

— Жоқ…

— Онда ас дайындайын.

— Жақсы.

Күнтуар қағазын тағы қарай бастады. Қыз кеткен жоқ. Сол мөлиген қалпында әлі тұр. Ғалым қайтадан басын көтерді.

— Бірдеме айтайын деп пе ең, қалқам?—деді Күнтуар неге екенін білмей, қызды кенет аяп кетіп.

— Иә…

— Айта ғой.

— Анада жоғалған қолжазбаңызды әкеп берді ме?

— Кім?

— Сейілжан ба, Мейілжан ба деген адам.

— Жоқ…

— Онда қалай болғаны? — Қыз кенет жарым көңілді жандай назалана түсті. — Біз Қайрақтыға жүргелі жатқанда бейтаныс біреу телефон соққан. Арман үйде жоқ еді. Бейтаныс адам маған: «Күйеуіңе айт, археологтың қолжазбасын бір жеті өзіммен бірге алып жүрдім. Ол ақша төлеп сатып алмақ түгіл, іздейтін де түрі жоқ. Лақтырып тастауға аядым, қалай дегенмен де біреудің еңбегі ғой. Ал қашанғы оны сақтаймын? Ал үйіне апарып беруге, не қорасына тастап кетуге қорықтым. Әлдеқалай аңдып жүрген милиция бола қалса… Кім қолға түскісі келеді? Қысқасы біздің жанымызда тұратын Сейілжан (қыз ойлана қалды: «Әлде Мейілжан деді ме, ұмытып қалдым») деген жас ғалымның есігінің алдына «Мынаны археолог Құдайбергеновке беріңіз, қателесіп алыппын» деп қағаз жазып тастап кеттім. Ол археологты әрине, білуге тиіс. Ал өзім жана өмір бастауға экспедицияға кетіп бара жатырмын. Еріңе сәлем де, қалғанын жолыққасын айтармын» деді. Кімсің деп сұрағанымша телефонның трубкасын іліп қойды. Арман үйге келген соң сұрап едім, ол сіздің қолжазбаңызбен байланысты ешкімді білмейтін болып шықты.

— Ғажап оқиға екен, — деді Күнтуар, — маған ештеңе әкелген жоқ. Және ақша төле, қолжазбаңызды қайтарамын деп те тірі жан телефон да соққан емес. Нағыз шетелде болатын оқиға тәрізді. Егер біреу — міреу қолжазбаны әкеп беруге тиісті болса әкелетін мезгілі. Екі айдан асып кетті.

— Мүмкін алып келер… — деді Жаннат әлденеден дәмеленгендей.

— Әй, білмеймін… Қолжазбамда менің ғылыми жайындағы ойларымнан бөтен болжауларымның да кейбіреулері жазылған. Егер қастасқан біреудің қолына түссе, маған қайтып оралмас. — Археолог күлімсіреді. — Оқасы жоқ, кім болса да менің миымды емес, қолжазбамды ғана ұрлады ғой. Егер табылмаса, амал жоқ, қиынға түссе де қайтадан жазып шығам.

Ал оқиға былай болған — ды.

Арман биыл экспедицияға жүрер алдында, үйренген әдетіне сап, бір шала таныс жігіттің үйінде өзі секілді кілең «жұмысы жоқтармен» арақ ішіп, карта ойнаған. Ұтылып, төлейтін ақшасы болмай қалған бір бейтаныс жігітке мас болып отырып қалжыңдай:

— Ту ақша деген сендей адамға сөз бе екен!—деген. — Егер оны оңай табатын жолын білмесең мен саған айтайын ақшаны қалай табуды… Осында өзінің меншікті үйінде тұратын атақты бір археолог бар. Терезесі үнемі ашық. Столының үстінде қашан барсаң да қолжазбасы жатады. Қорасын күзететін ең болмаса иті де жоқ. Терезесінен түс те сонысын ал да кет. Қолжазбамды тауып берген адамға мың сом бәйгі берем деп ол ертеңіне құлақтандыру бермесе қара да тұр! Сен тауып алдым деп қолжазбаны әкелесің де мың сомды қалтаңа саласың!

Бұл бір оңай жатқан ақша екен!—деп жұрт күлген.

Қалтасында бір тиыны қалмаған, өзі жақында ғана түрмеден шыққан қылмысты жігіт, милицияның қолына қайта түспейтін, ақша табудың бұл ең оңай және күнәсі жеңіл жолы деп іштей шешкен.

Содан кейін бәрі жоғарыда айтқандай болған. Тек ұры қолжазбаны есігінің алдына тастап кеткен кісі оны Күнтуарға әкеп бермеген. Мүмкін қолжазба о кісіге тимеген шығар, мүмкін ұры ақырғы минутінде басқаша шешім тауып, оның үйіне апарып тастамаған болар. Әйтеуір, қолжазба Күнтуарға қайтып оралмаған.

Археолог алғашқы кезде жанын қоярға жер таппаған. Бәлен жылдан бері көргенін, қорытқанын, ұзақ түнде ұйқы көрмей ойларын жазған еңбегінен айырылу қарт адамға жеңіл ме, ол милицияға да хабар берген, өзіне таныс адамдарға да айтқан. Бірақ оны әдейі ұрлап алды, ақша төлеймін десем қайтып береді деп ойламаған. Ақырында кім болса да маған қастасқан біреудің істегені деп қорытқан. Сондықтан ол негізгі ойларын биыл қыс қайтадан жазуға кіріспек болған. Бұл шешімі көңіліне әжептәуір медеу боп, қолжазбасының жоғалған қайғысы басылуға айналған.

Жаннат ас дайындауға кетіп қалды. Күнтуар іздеген қағаздарын тауып алып, бірдемелерді қосты да, бағанағы келген қара «Волганың» жанында тұрған баласы мен бейтаныс жас жігітке қарай беттеді.

Жандарына келген әкесіне Дәниел:

— Көке, таныс бол, тарих ғылымының кандидаты Сұрықбаев!—деді.— Бір университетте оқыдық…

Жігіт бірінші боп қолын берді.

— Пейілжан!

— Күнтуар… — Археолог ілмиген, ат жақ, аққұба жігіттің бетіне үңіле қарады. «Жоқ, бұрын көрмеген жігітім, бірақ атын естігендеймін бе, қалай?» Атын да есіне түсіре алмады. — Көп болды ма кандидат болғалы?

— Үш жылдан асып барады.

— Қайда істейсің?

— Институтта.

— Ә — е! Өте жақсы екен. Мына машинамен келдің бе?

— Иә.

— Өзің жүргізесің бе?

— Шофер алуға әлі ертерек қой…

Археолог әлденеге таң қалғандай, өзімен өзі сөйлескендей ойлана:

— Сендердің жастарыңда мықтағанда біздің жұпыны ғана бір костюміміз болатын. Ал қазіргі жастар… Жоқ, тамаша! Өзі кандидат, өзі ғылыммен шұғылданады, өзінің машинасын өзі жүргізеді. Бәріне уақытты қайдан табады? Ақшаны қайдан алады? Ақылым жетпейді! — Ол Пейілжанды ұнатпай қалғандай. — Бұл жақта жай жүрсіз бе?

Пейілжан орнына енді Дәниел сөйледі.

— Көке, бұл жігіт археологиядан докторлық қорғамақ… Тарих пен археология байланыста жатады ғой.

— Тақырыбы?

— Ондайы әзірге жоқ. Сіздің қамқорлығыңызды тілейді. Өзіңіз оппонент боп, өзіңіз тақырыбын берсеңіз дейді.

— Археологияда бұрын жұмыс істеп пе едіңіз?

— Жоқ. Эксперименттік жұмыс жүргізбекпін. Әрине, алған тақырыбым саласында…

— Қысқасы доктор болғым келеді дейсіз ғой?

— Әрине өзіңдей жігіттердің бәрі доктор болып жатқанда, сенің тек кандидат аталып жүруің тым — ақ ыңғайсыз екен.

— Егер археология ғылымының докторы атын алғыңыз келсе, сол салада ұзақ уақыт жұмыс істеп, оны әбден зерттеп, белгілі маманы болып алу қандай жақсы. Докторлық қорғау содан кейін де кеш емес қой?…

— Доктор болу мен маман болу біріне — бірі қайшы келмейді ғой.

— Қысқасы, «ғалым бола алсаң бол, бірақ доктор болуға міндеттісің» деген мәтелді жөн көресің ғой? — деді. Күнтуар кенет ашулана қалды. — Жоқ, жігітім, ондай көзқарасты мен қолдай алмаймын. Рас, талай жастарға жәрдем бергенім бар. Бірақ олар инемен құдық қазғандай қиын және ауыр ғылым сырын зерттеп мұратқа жетем дейтіндер болатын. Ал сен… Сен, олардай емессің! Қайткенмен де тезірек доктор болуды ғана арман еткен кісіге ұқсайсың! Сендейлерден доктор шыққанымен ғалым шықпайды. — Күнтуар ашудан не дерін білмей тіпті булығып кетті. — Жоқ, жоқ, сендейлерге мен оппонент те бола алмаймын, тақырып та тауып бере алмаймын! Маған сендей оқушылардың керегі жоқ! Сенің оқу жолың басқа, маған жат жол!

Күнтуар қатты ренжіді. Ертеңіне келетін экспедицияның техник — прорабын күтпей, түнделете жүріп кетті.

Пейілжан қалып қойды. Бір жетідей экспедицияның жұмысымен танысты.

Бір айдан кейін орталық газет бетінде оның «Дарын иесінің адасуы» деген Қайрақты археологиялық экспедицияның жұмысы жайында терең маңызды мақаласы шықты. Ол бұл мақаласында үкімет қаржысының босқа шығып жатқанын ғана айтып қоймай, Қайрақтының археологиялық келешегі жоқтығын да сөз еткен. «Осындай теориялық шындықты археолог Күнтуар білмейді ме? Әлде біле тұра, әйтеуір Құдайбергенов зерттеу жүргізіп жатыр екен деп айтсын деп өз атын көтерудің жалған жолына түскені ме?» деп бітірген. Күнтуар мақаланы оқып шығып, кей теориялық талдауларына риза болып қалған. Мақаланың кейбір жолдары, өзінің көңілінде сақтап жүрген көкейкесті шешімдерімен ұштасып жатқан. Ал тек ақшаны босқа шығарып жүр деген жері ғана оған ұнамаған. Бұны ол қастықтан емес, тек білместіктен жазып отыр деп ойлаған. Енді Күнтуар осындай жігітті қарамағыма алып тәрбиелеуден бас тартқаным дұрыс болмады ма деп өзінің істегеніне шүбалана бастаған. Дәл осы сәтте Жаннаттың сөзі есіне түсті. «Бәсе, осы жігіттің аты Жаннат та айтқан есімге ұқсас секілді ме, қалай? Бірақ сол жігіт болса, менің қолжазбамды неғып әкеп бермеді? Мұндай мақала иесінің біреудің, күнделігін пайдаланып кеткісі келуі мүмкін емес. Жоқ, ол басқа адам!»

Тағы бір айдай мезгіл өткен шақта Күнтуар Пейілжанның докторлық жұмысына жетекшісі боп Ерғазының бекітілгенін естіді. Ерғазыдан күдіктене бастаған Күнтуар: «Япырым — ай, бұл қалай, расыменен менің қолжазбам қолына түскен осы жігіт пе?» деп ойлады ішінен, сөйтсе де жамандыққа жаны қас адал жан—«қартаяйын деген екенмін!» деп күмәнді ойын кейін қуды.

АЛТЫНШЫ ТАРАУ

Жаз шығып, жер кебісіменен, бір күні арнаулы самолетпен Қызылтасқа Күнімжан келіп түсті.

Қызылтас отряды бұл кеткен жылы, күндіз — түні демей, күздің қара суығына дейін бұрғылап ақыры Қасқыртөбеде жүз метрдей тереңдікте радон суына бай терең көлге жеткен. Өткен қыста екі ай ғана бұрғылау жұмысы тоқталып, биыл жаз бойы сол жерде тағы зерттеу жүргізілген. Ақыры адам баласының ден саушылығына керекті, осы арадағы минералды судың көлемі мөлшерленген. «Бұл алқаптың радон суына байлығы орасан үлкен, бірнеше курорт, санаториялар салынғанның өзінде де, жүздеген жылдарға жетеді» деген қорытынды шығарған су зерттеушілер.

Мұндай адам баласының мұқтажына керекті құнды байлықты теңіз астына қалдыруға бола ма? Сол теңіздің өзі де адам баласының керегі үшін жасалмақшы емес пе? Олай болса радонға бай көлді, әрине, теңіз астына тастауға болмайды. Болашақ салынатын ГЭС — тің және жаңадан жасалатын теңіздің негізгі авторы академик Вергинский де осындай шешімге келген. Күз бойы өзі осы Қызылтаста болып, болашақ теңіздің шекарасын қайтадан өзгерттірген. Бұрынғы жоба бойынша теңіз Қызылтасқа келіп тоқтап, Қасқыртөбе су астына кетуге тиісті еді. Енді жаңа проектіге қарағанда Қасқыртөбе алқабы аман қалып (ол ара курортты теңіз жағасына айналуы қажет). Қызылтас құзын су басуы керек. Бір шеті Қайрақтыға дейін созылатын болашақ теңіздің көлемі осы арамен бітуі үшін, бұл тұстың біраз топырағы алынылып асты төмендей түсуі шарт. Ал Қызылтас құзы үстінен өтетін кемелерге қауіп туғызбасқа ол от — дәріменен атылып, бір жолата жоқ етілуі дұрыс.

Биыл жаздың ортасына дейін Қызылтас отряды осы жұмыстарды бітіруге міндетті болатын. Қайрақты теңізінің жаңа проектісі жайында газетте жазылған мақалада, болашақ теңіздің жаңа жағалары көрсетілген — ді. Қызылтас құзының су астында қалатынын, ол аз болғандай от — дәрімен атылып біржолата жоғалатынын Алматы медицина институтының екінші курс студенті Күнімжан газеттен оқыған. Сол күні түні бойы ұйықтамай шыққан. Сүйген жарының бұл дүниеде сүйегін де қалдырмай мүлде жоқ болып кетуіне көнгісі келмеген. Оның сүйегін қайткен күнде де су астына тастатпай, не от — дәрімен атқызып жібертпей, Алматыға әкеп, басына құлпытас орнатып жерлеуді ұйғарған.

Осы ойын Қазікені жұмыс істеген Министрлігіне барып айтқан. Олар бұны дұрыс көріп, жәрдемдеспек болған, ерінің сүйегін әкелуге жеке самолет әперген.

Сол самолетпен Күнімжанның бүгін Қызылтасқа келіп түскен беті. Күнімжанның келетінін рация арқылы кешеден бері хабардар Нұрәлі бір — екі жігітпен оның алдынан өзі шықты. Самолет лагерьдің оң жағындағы жалпақтау сұрқай алаңға кеп қонды. Оған қарай асыға аяңдаған Нұрәлінің жүрегі кішкентай бөбегін құшақтап баспалдақтан түсіп келе жатқан Күнімжанды көріп ойнай жөнелді. «Өмір бақи ер көрмей өтем» деген анты қайда қалған? Әйел біткеннің бәрі Өрік тәрізді опасыз келетін бе еді? Махаббат бұларға тек дер кезінде ғана қадірлі екен ғой».

Енді оның алға басқан аяғы кейін кетіп, самолетке әзер жетті. Тек Күнімжан бұлардың алдынан шығып қол беріп амандасып жатып шешесінің мойнынан құшақтай алған нәрестеге көзі түсіп кеткеннен кейін ғана жүзі жадырап сала берді. «Япырым — ай, әкеге мұндай ұқ сап бала да туады екен — ді, — деді ол ішінен, — қас — қабағы қиылған, айнымаған Қазікен. Аузынан түскендей».

Бір жігіт Күнімжанның шамаданын көтеріп, бұлар лагерьге қарай беттеді. Өзгелер де жесір келіншектің неге келе жатқанын білетін. Кеше министрдің көмекшісі: «Осындай әйел барады, жақсы күтіп алыңдар, тілегенін істеп дұрыстап жүргізіп жіберіңдер. Ерінің табытын құрметтеп самолетке өздерің салыңдар» деп тапсырған.

«Жақсы күтіп алыңдар!» деген сөзге Нұрәлі мысқылдай езу тартқан. «Егер сен, министрдің көмекшісі жолдас, біздің қалай күтетінімізді білсең, мұндай сөзді айтып әуре болмас едің! Қазір бізге, жоқ бізге емес маған Күнімжаннан аяулы қонақ бар ма! Егер ол қаласа, алақаныма салып күтер едім. Әттең аз күнге келе жатыр ғой. Ертең — ақ қайтып кетеді. Бұл жолы да сөйлесе алмай қалам ба?»

Күнімжан өзіне дайындалған бөлмеге кеп түсті.

— Алыс жолдан шаршап келдің ғой, бүгін дем ал, — деді Нұрәлі.

— Жарайды… Жолай дегбірсіз жел тұрып самолетті қатты шайқады. Дем алған да дұрыс болар, — деді Күнімжан. — Тек Қазікенімнің сүйегін қайтеміз? Таңертең алсақ, кешігіп қалмаймыз ба, бізге ертерек ұшу керек қой.

Нұрәлі ойлана жауап берді.

— Зират басына дем алған соң жай барып қайтарсың… Табытты самолетке кешке таман өзіміз салармыз…

— Жақсы, — деді Күнімжан. «Әрине, — деді ол іштей. — Қазікенімді зираттан шығарып жатқанда көңілі құрғыр тағы шыдайды дейсің бе… Самолетте мына кішкентай құлыныммен өзімнен бөтен ешкім болмайды ғой, табыты бізге әлі оңаша тиер… Жұрт көзінше жылап, өзгелердің көңілдерін босатпай — ақ қояйын…»

Келіншек бөтен ештеңе айтпаса да, Нұрәлі оның мұңлы көзінен осы болып жатқан істің бәрі оған ауыр азап екенін ұқты. Енді мазасын ала бермейік дегендей:

— Азырақ демал, — деп жолдастарымен үйден шығып кетті. Бірақ Күнімжанды жұрт дем алдырған жоқ. Кешегі лабораторияда бірге жұмыс істеген серік қыздары, өзін танитын басқа жұмысшылар бірінен соң бірі келіп, хал — жайын сұрап, баласын алдарына алып сүйіп, келіншектің кішкентай бөлмесін түс ауғанша босатпады.

Түс ауа Күнімжан бұрынғы серік қыздарын ертіп жарының зиратына барып қайтты.

Қызыл іңір түсе Алматыдан келген екі ұшқыш пен бірнеше жұмысшыны бастап, Нұрәлі зиратқа өзі барды. Үстіндегі тақта тастарды сындыртып, табытты алдырды. Сол ашылмаған қалпында самолеттің ішіне әкеп орналастырды. Тек шам жанған соң ғана ол Күнімжанның үйіне келді. Келіншек баласын көтеріп далаға шығып, азырақ серуендемек болып тұр екен. Нұрәлі серік бола кетті.

Екеуі қатарласа лагерьдің жанындағы белеске беттеді. Бұл кезде аспанда табақтай боп ай туып, ымырт қараңғысы тарап түн ала көлеңкелене бастаған — ды, Солтүстіктен ақырын самал жел еседі. Жақын жердегі қарасудан, қамыс арасына түнеуге бара жатқан қос аққудың бірін — бірі шақырған сыбызғыдай созылған қоңырқай әндері естіледі… Қалың қау арасынан әлсін — әлсін шегірткелер шырылдайды… Алабота түбінен жер бауырлай сонау ойпатқа қарай қосаяқ зымырай жөнеледі.

— Міне, орталарыңа мына құлыныммен оралдым, — деді Күнімжан Нұрәліге қарап.

— Бөпеңнің бетін көргенше, бір түрлі ойда болып едім.

— Қандай ойда?

— Әлі жассың ғой… Өмір қызығы деген бар.

Келіншек енді жүдей сөйледі.

— Әрине, мені түсінбеген адамдар ылғи сіз тәрізді көңіліме нұқсан келтіре ойлайды. Жас екенім де, өмір қызығы бар екені де рас, бірақ қанша әуре болсаң да қолың жетпейтін, жүрегіңе мәңгі бақыт болып ұялаған, ұмыта алмайтын, бүгінгіңнен де, ертеңгіңнен де ыстық және сұлу еткен күндерің болады емес пе? Мүмкін бүгін Қазікенімнен артық көптеген жігіт кездесер. Олар менің сүйгенімнен гөрі көрікті де, ақылды да, өнерлі де шығар. Бірақ менің Қазікенім, қанша талпынсам да енді қолым жетпейтін шынарым емес пе? Ол енді жоқ. Жоқ, болған соң да ешкім жете алмайтын жүйрік, ешкім шыға алмайтын биік қой… Мен антымды сол кездегі күйінгенімнен берген жоқпын, шын сүйгенімнен айырылып, одан басқа адамды сүйе алмайтыныма көзім жетіп бердім…

— Өйтіп өту мүмкін бе? Кәрі ағаш, қуарып, қайтадан жасыл жапырақ атпайды десе сенер едім, сен әлі тым жассың ғой, ал жас ағаш қыс қуарса да, жаз жасарады…

— Сіз көңіл дегеннің не екенін білмейтін бе едіңіз? Адам өзі қанша жаспын десе де, оның көңілінің, қолы жетпес арманынан әлгі кәрі ағашыңыздай, қайта жасармастай боп, қартаятын кезі де жоқ емес. Өзім жас болғанмен, жоғалтқанымның тым қымбаттылығынан көңілімнің енді жасармайтынын білемін.

— Мен бұныңызға сенбеймін. Өмір деген ұлы күш кімді болса да өзінің дегеніне көндіреді.

— Сенбейсіз бе? Сенбей — ақ қойыңыз. Бірақ жанын жеген күйікті жеңе алмай, жүрегіндегі жастық, әйелдік деген сезімді мүлдем басып, өмірбақи тұл болып өткен әйелдерді көрмеп пе едіңіз? Ал менің күйігім басылмайтын күйік. Тек өмір сүрсем, оған бірақ қана себеп бар. Жарыма деген махаббатым, өзім сеземін, енді менің мына құлыныма арналған аналық қуанышыма айналды. Ал мұндай қуаныш үшін де өмір сүруге болады.

— Әрине!—деді Нұрәлі.

Ол енді Күнімжанның антының берік екеніне шек келтірмеді. Бірақ бұған қанша сенсе де, сенгісі келмеді. Ішіндегі бір дауыс: «Сенбе! Сенсең, өз арманыңа жете алмайсың!» — деді.

Нұрәлі келіншекке бұл жолы бөтен ештеңе айта алмады. Қыс Алматыға келгенінде Күнімжанға тағы жолығатын болып уәделесті. Самолет ертеңіне сәске болмай ұшты. Күнімжанды бүкіл лагерь болып шығарып салды. Самолет ұзап кеткенше Нұрәлі орнынан қозғалмады. Неге екені белгісіз, бұл жолы Күнімжанды мүлде көрмейтіндей, ұзақ айлар жүрегінде сақтап жүрген үміті енді біржолата үзілгендей сезінді.

Күнімжан табытты аштырып Қазікеннің денесін қарауға бата алмады. Кешегі қара торы, жанар көзді сұлу жігіттің бұйра шашты басының орнына — көз ұясы шүңірейген, кеңсірігі үңірейген қу сүйекті көргенде кімнің болса да жүрегі лоқсып аузына тығылары сөзсіз ғой. «Менің есімде, өзімнің жүрегімнен өшпес орын алған Қазікенімнің әй — әй бейнесі ғана мәңгі қалсын», — деді Күнімжан.

Алдын ала дайындалған зиратқа жарын қойып, баласын қайтадан тәулік бойы қарайтын сәбилер үйіне апарып берді. Енді сабақ басталғанша Алматыдағы бір ауруханаға уақытша жұмысқа кірді. Қазір Министрліктің шеберханада қара мәр — мәрден жасалып жатқан Қазікеннің тас мүсінін көріп келе жатты. Жұмыстан қолы бос уақытта шеберханаға барып жарының әлі бітпеген тас бейнесін бір көріп қайту оған әдетке айналған. Бүгінде осындай жағдайда еді. Мүсінкердің алдындағы Қазікенінің суретінен әлденелер ойына түсіп өте жүдеу қайтты. Онымен бірге өткізген кешегі қайта оралмас шатты күндер, енді жыландай ұзын, бітпес қайғы — қасіретке айналған. Сол жылан өн бойын шырмап, аяғын алға қарай әзер ілби басып келе жатқан Күнімжан, кенет тоқтай қалды. Айқайлап жібере жаздады. Көптен бері қарасудай тұнып қалған жас әйелдің көңілін селт еткізген осы бір ғажайып оқиға дәл осы сәттен басталды. Булыққан жастан тұманданған көзіне шеберханада жаңа ғана өзі көрген Қазікеннің сурет — бейнесінен аумаған бір жігіт Күнімжанның дәл алдынан өте берді. Келіншек кілт тоқтады. Жігіттің сырт бейнесі Қазікенінен аусайшы! Қою, қара шашы ұйысқан, сұрғылт жүзді. Бойы да, жүрген жүрісі де, тіпті үстіне киген қаракөк костюмі де қаза болған ерінікіндей… Бар ойы сана — сезімі, жүрек толқуы сүйген жарында келе жатқан келіншек дәл осы сәтте Қазікеннің өлгенін ұмытып кетті, жас жігітті сол екен деп қалды. «Қазікен! қайда асығып барасың? Тоқтай тұр!» — дей жаздады.

Бірақ бейтаныс жігіт өтіп кетті.

Елес көрген адамдай Күнімжан аңырып әлі тұр… Бірақ тез — ақ оның есіне Қазікеннің жоқ екені қайтадан түсті. Жүрегі удай ашып кетті. Күнімжан енді жарының сол бір елесін тағы бір көріп қалайын дегендей, мүйісті айнала жігіттің алдынан шықпақ боп жүгіре баса жөнелді. Соңынан қуып баруға арланды.

Жігіт, жолай бірдемеге кідіріп, әлі өтіп кетпеген екен.

Қарсы келе жатқан жастың бейнесін Күнімжан анадайдан көрісіменен, оның ой — сезімін тағы қайғы — мұң билеп, аяғын әзер басты.

Жігіт те бұны көрді. Екі көзі таяй түскен Күнімжанда. Дүниеде сұлу қыз көп, бірақ осынау бейтаныс қыз оған қазір өзгеше біткен бір сурет тәрізді еріксіз толқытып жіберді. Жігіт дәл осы сәтте сұлулық пен тамашаның айырмасы неде екенін ұққандай еді. Әсіресе оны таң қалдырған осы бір жас сұлудың мұңлы жүзі болды. Ақ бетінде бір таусылмас арманның ақша бұлты тұнып, қиылған қас — қабағында қайғы түні мәңгі қонып қалғандай көрінді оған. Сөйтсе де, қыздың қайғылы жүзі, өзінің сұлулығымен, жігітті бір сәулелі арманға шақырып тұрғандай. Күнімжан бұған таяған кезде тостағандай бота көзін жалт еткізіп бір қарады… Жігіттің өн бойы шымырлап кетті. «Япырмай, мұндай да қасірет көз болады екен — ау!»—деді ол таң қалып ішінен. Бұл бір атағы жаңа жайылып келе жатқан жас әнші еді. Осы сәтте өн бойын дәл бір әуенді ән билеп кеткендей болды. Жоқ, оған өмір бойы арман еткен, дүниеде бірақ рет кездесетін сұлу ән өтіп бара жатқандай көрінді. «Тоқтай тұр, мен әлі сенің әдемі әуеніңді үйреніп болғам жоқ» дегендей, жігіт еріксіз қыздың соңынан ере берді. Қайда бара жатыр өзі де білмейді. Қыз бұны өзімен жіпсіз байлап қойғандай, ол қай жаққа бұрылса, бұл да сол жаққа бұрылады, қыз аяғын жылдам басса, бұл да жүгіріп кете жаздайды, тек бар арманы дәл алдында осынау шырқай түскен ғажайып ән жоғалып кетпесе екен дегендей тәрізді.

Адам баласы кей сезімді тек жүрегімен аңғарады. Бұрылып қарамаса да, бағанадан бері жігіттің соңынан келе жатқанын байқап қалған Күнімжан, жатақханасына таяған кезде жас ағашты алаңның жанына кеп тоқтады. Жігіт те таяй берді.

— Қарындасым, аяп келем, жүзіңіз тым қасіретті екен,—деді жігіт билеп келе жатқан сезімнен шыға алмай, — оның қандай емі бар? Қолдан келсе…

Жігіт қызды тым аяп келе жатыр еді. Сондықтан болуы керек жүректегі сырын бірден ашты. Аузына бөтен сөз түспеді. Күнімжан жүдеу күлімсіреді. Жігіттің даусы да оған Қазікеннің даусы тәрізденіп естілді.

— Менің қайғымның емі жоқ…

— Емі жоқ бір — ақ қайғы бар. Қайтып оралмас бақыт…

Өзінің тағдырына жаны ашып тұрған жігітке Күнімжан да дұрыс жауап бергісі келді.

— Мен де сол бақытымды жоғалттым. Махаббатымнан айрылдым…

— Оны қайтаратын күш жоқ па?

— Күш жоғалғанды табуға ғана жетеді. Ал менің махаббатым… Жоқ, жоқ, ол енді маған мәңгі жоқ… Ол қаза болған махаббат…

— Жоғалғанды табатын күш, оны тірілте алмай ма?

— Жоқ, — деді Күнімжан, — қара тасқа жан беруге бола ма? Қаза болған махаббатымнан менің де жүрегім тас боп қатқан…

— Оныңыз бекер болар, — деді жігіт, — қара тасты да жібітетін күшті мен білемін.

— Ол қандай күш?

— Өмір.

Күнімжан жүдеу күлді. Ол жігіттің сөзіне күлді.

«Ал егер сол өмірдің өзі маған өлген болса қайтесің?»—дегісі келе қалды бір мезет. Бірақ айтпады. Оған бейтаныс жігіт тағы Қазікен тәрізденіп кетті. О да ылғи біреумен таласса, не басына әлдеқалай қиындық түссе, үнемі «өмір» деген сөзді пайдаланар еді ғой. «Өмірде не болмайды?», «Өмір бәрін де жеңеді»—деген ұғымдар үнемі оның тіршілігінің арқауы еді. Аузына «өмір» деген сөз түсіп тұрған мынау жігіт те оған, сол сүйген жары тәрізді өмірді сүйгіш шат көңілді Жас боп көрінді. Оның ақ жарқын тілектеріне, сенімдеріне қорғасындай ауыр сөздерімен тас атқысы келмеді.

— Ләйім, сіздің айтқаныңыз келсін!—деді ол тағы жүдеу күлімсіреп.

Міне, осы жігітпен Күнімжан сол күні танысты. Ертеңіне тағы кездесті. Бұған жігіт Қазікенге ұқсай түсті. Енді өзінің жаны сүйген жарының кейбір тәтті мінездерін есіне түсіргісі келгенде көңілі әнші жаспен жиі ұшырасуды тілейтінін сезінді.

Ал жігіттің жүрегінен де осы уақытқа дейін өзіне таныс емес бір жаңа музыка орын алғандай болды. Енді оның осы жаңа музыкадан айрылмасам екен деген тілек шын арманына айналғандай еді. Жігіт Күнімжанмен екеуі қатарласа бау — бақшалы түндерде жүргенінде өзін бір күміс қанатты ғажайып ақша бұлттардың арасында ақырын ұшып келе жатқандай сезінетін күйге жетті.

Бір күні ол Күнімжанға:

— Мен мына үйде тұрамын. Жалғыз өзіммін… Кірсең қайтеді, — деді.

Сол кеште Күнімжан жігіттің қиылған тілегіне мұңая жауап берді.

— Мен өте қайғылы жанмын, — деді. — Қайғыдан айырылмай қуаныш бола ма?

— Мен қайғыда араша түссем қайтеді?—деді жігіт тағы қиылып.

Күнімжан жүдеу басын шайқады.

Жігіт кенет өзінің әдемі даусымен орасан сұлу «Мақпал қара» әнін бастап кетті.

«Үйірі қысырақтың мақпал қара,

Шашыңды күндіз өр де, түнде тара.

Алыстан ат аямай келгенімде

Ей, Мақпал, қырындамай бермен қара!

Осынау тоқылып жатқан жібек жіптей сан бояулы ән қам көңілді кенет елжіретіп жіберді. Енді Күнімжан өзінің қоңырқай жұмсақ даусымен жігітке қосылып кетті.

Екі әдемі дауыс, біріне — бірі дем беріп қатар ұшқан қос аққу тәрізді, шарықтай біресе көкке көтерілді, біресе қанаттарын баяу серпіп, айдын көлге қонғалы келе жатқандай, мүлги баяулады.

Ән Күнімжанның жас көңілін алдағы бір жарық сезімдерге оятқандай.

«Баз күн Дәнетінге салдым салық
Артымда зарланамын Мақпал қалып.
Қосылған ғашық болып қайран құрбым,
Қасіретің өзегімді кетті жарып».

Ән екі жастың жүрегін мүлде жібіткендей. Өлеңнің талмаусырап барып ең ақырғы дыбысы өшкенде жігіт:

— Қайғы кәріге тән дүние, — деді Күнімжанның шашынан ақырып сипап, — әлі жассың ғой, қайғыңды ұмытсаң қайтеді?

— Кәріліктің өзі қайғы ғой… — деді Күнімжан кенет тағы жүдей. Сөйдеді де орнынан тұрып кетті. — Ал жасың жетпей қартайтқан қайғы ол жастығыңды да ұмыттырады.

Әйтседе, осы күннен бастап Күнімжан жігітпен бұрынғысынан көбірек кездесетін болды. Ұзақ уақыт көрмесе сағынып қалатын тәрізді. Жігіттің концерттеріне барып жұрттың оны қошаметтегенін, ұзақ қол шапалақтағандарын көріп, бұның да көңілі қуанышқа бөлене түсті…

Бірақ шын махаббат болат шынжырдан да берік, тот жеп әбден босаңсымай үзілмесе керек — ті. Қазікенге деген жүрегі бөтен адамға оңай ауа қоймады. Бірте — бірте жас жігіттің қанша өнерлі болғанмен де сүйген жарына тіпті ұқсамайтынын түсінді. Бұл жігіт өзінше көрікті, өзінше қасиетті. Ал Күнімжанның жүрегі тек Қазікен үшін ғана жаратылған, ол өлсе де әлі де соны сағынып ауыра соғатынына жас келіншек енді шек келтірмеді.

Қазікеннің мәр — мәр тастан жасалған мүсіні бітіп, зиратының басына қойылған күні Күнімжан алғашқы рет уәделескен жас жігітімен әдеттегісіндей кездесуге келмеді. Сол күннен бастап келіншек оны тіпті көрмей кетті. Әр мейрам, демалыс күндері қолына шоқ гүлдерін ұстай Күнімжан үнемі сүйген жарының зиратының басына баратын болды. Өзінің Қазікенді осылай жақсы көре білгеніне ол қуанышты еді…

Күнімжан жүріп кеткеннен кейін, Нұрәлі қайтадан өз жұмысына кіріскен. Гидрогеология экспедициясы осы жаз бұл арадағы зерттеулерін мүлдем бітіріп, бөтен жаққа көшпекші болды. Қандай зерттеу отряды, партиясы болмасын, ізденулерін қорытар жылы жұмысы көп және ауыр келеді. Қызылтас экспедициясының да жұмысы кем тиген жоқ. Нұрәлінің күндіз — түні қолы босамады. Төрт «ЗИФ» станоктарын құлатып, бөлшектеп, үлкен — үлкен машина, тракторларға тиеп, Нұрәлі жаңадан баратын жерлеріне жүргізді. Соңғы есеп -қисаптарын жасап, болашақ теңіздің Қызылтаста, Қасқыртөбеде жүргізілген ізденулерінің карта, чертеж — сызықтарының ең ақырғы табақтарына дейін бітірді. Нұрәлінің өзі де бұл арадан тезірек кетуге асықты. Зерттеу жұмыстары ойдағыдай нәтижелі біткенмен де, ол бұл Қайрақты өңірінде үлкен қайғыларға ұшырады ғой. Өріктен айырылды, кісі өлді, Күнімжан жүріп кетті. Онымен енді кездесе ме, жоқ па… Ал кездеспесе, оған деген көкірегінде тұнған айтылмай қалған сөз, түбі, ұмытпастық өкінішке айналмасына кім кепіл? Кездескен күнде де, өз арманын аша ала ма, жоқ па, әлі екі талай. Ашқан күнде де, Күнімжан не дейді? Әрине, сертін бұзбайды. Бұныкі құр әуре екенін өзі де сезеді… Бірақ жүpeгi құрғыр тыныштық беретін емес. Ішіңе сарысу етіп жинағанша, сыртқа шығар дейді кеселіңді. Айтпай арманда болғанша, айтып арманыңнан шық деп мазаны алады… Күнімжан былтырғы көтерілген құрақ қамыстай жас. Өмір деген шалқар дария тартылып, дүние қызығы біржолата суалып қалмаса, бойына тағы уыз шырын бітіп, басындағы үкісі шайқала әлі талай жыл жасыл төгіп, жадырап тұрмай ма? Қандай қайғы болса да қажиды, оның да өшетін, әлсірейтін кезі келеді. Ал өмір деген тегеуірінді патшаның әміріне бір де бір адам көнбей өте алмайды. Күнімжан да соның бірі. Күнің жеткенде о да сенің сөзіңді тыңдайды дейді қайдағы жоқ бір далбаса үміт.

Нұрәлі енді бұл арадағы жұмыстарын мүлде бітіріп, бүгін — ертең біржолата жүрмекші болып жүргенінде, Алматыдан академик Вергинскийден: «Осы жетінің аяғында Қамбаров екеуміз Қызылтасқа барып қалармыз» деген телеграммасы келді. Қамбаров Әмірбек — Алматыдағы үлкен орында істейтін жауапты қызметкер. Амал жоқ, енді оларды күтуге мәжбүр болды. Айтқан уақыттарында бұл кісілер де жетті. Бірақ академик Вергинский мен Әмірбек қана емес, қастарында Жарқын мен Пейілжан да бар екен. Академик пен Қамбаров жолай Қайрақтыға түсіпті. Вергинский Жарқынды, Әмірбек Пейілжанды ертіп алыпты. Қамбаров пен Пейілжан бір кезде бір институтта қатарлас оқыған дос — жар жігіттер болатын. Ал Жарқын өзінің қызмет бабында Вергинскийге бағынышты. Бұлар екі жеңіл машинамен келген.

Сірә, Қамбаровтың бұл жақта аздап аң аулап, демалудан да ойы болуы керек, кенеп қапта салған қос ауыз мылтығы да бар. Бірақ ол мылтықты өзі емес, машинадан Пейілжан ұстап түсті. Вергинский арықтау келген, ақ шашты, көгілдір көзді алпыстарға таяп қалған кісі. Әмірбек — ақсары, қой көзді, ұзын бойлы жігіт, жасы қырықтарға жақын. Бұл екеуін де сырт жұрт жақсы атайтын. Вергинский — жұмысшы баласы, ғалым адам. Ал Әмірбек үлкен қызметте жүргенімен, кішіпейіл, бірақ өз жолы бар, өз сөзінде тұратын және өзге елдің айтуы бойынша, әділетті, қулық — сұмдықтан алыс бірбеткей адам. Биыл күз Қайрақтыда Сырдың суын тоқтататын бөгет салына бастамақ. Соның алдында бұлар теңіз алатын жердегі колхоз, жұмысшы поселкелерді соңғы рет аралап, олардың көшу жұмыстарын тексеріп шығу еді. Ал Қызылтас партиясына келгендегі мақсаттары: ең ақырғы зерттеу жұмыстарымен танысып, шешілмей жатқан уақ — түйек істері болса, соған көмектесу болатын.

Машинадан түсіп жатқан Пейілжанды көзі шалғанда, Нұрәлі бір улы жыланды көргендей тітіркеніп кетті. Бірақ сол минутте көңілі қайта басылды. Нұрәлі таң қалды. Өріктен айрылғаннан бері мұны бір рет те ойына алмаған. Өріктің өзі де ақырғы айларда есінен мүлдем шығып үлгерген. Ал бір кезде осы екеуінің қылығы үшін қандай күймеді! Өміршең, өскелең жаны қандай қиналмады! Тіпті өліп кетуге жақындады ғой! Нұрәлінің тағы бір таң қалғаны — өзіне соншалық қиянат істеген Пейілжанға қазір қастығы да, достығы да жоқтығы. Пейілжан оған құлын — тайдай тістесіп бірге өскен бауыр емес, бір бейтаныс адам тәрізді. Оның өскені де, өшкені де бәрі бірдей сезінді. Бұл неліктен? Әрине, көңілі одан шын қалғандықтан… Сол себептен де Нұрәлі онымен амандаспады, хал — жайын сұрап жанына бармады. Бар сұмдықты білетін Жарқын: «Міне, махаббат деген осындай, асықтың алшысы мен тәйкесіндей тел өскен екі жігітті қақ айырды», — деді ішінен. Бірақ Өрік үшін қиялдың қияметін көп шертіп қиналып опық жемей, Нұрәлінің өз сабасына тез түскеніне іштей қуанды.

Күнімен Вергинский мен Әмірбек мұндағы жағдаймен, болашақ теңіздің ең ақырғы шекарасымен, көлемімен, проектіге жататын тағы басқа цифрларымен танысты. Кешке таман оларға қазақ дәстүрімен қонақасы берілді. Таңертең Вергинский экспедицияның басқа жұмыстарымен шұғылданбақ оймен лагерьде қалып, Әмірбек пен Пейілжан қамысты қарасуға барып біраз құс атып, ыңғайы келсе аң аулап қайтуға жүрмек болды. Нұрәлі мен Жарқын академиктің жанында қалуды ұйғарды.

Пейілжан тұрған жерде кешеден бері аузын ашып сөйлемей келген Нұрәлі аналар жүргелі жатқандарындай Әмірбекке қарап:

— Қарасу деген құр аты. Бұл өзі бір қамысты үлкен көл, — деді. — Онда ерлі — зайыпты қос аққу бар. Тек соны ата көрмеңіз.

— Атпаймыз. Аққуларды ату обал, олардың киелі құс екенін өзіміз де білеміз, — деді Пейілжан Әмірбектің орнына киліге жауап қайырып, Нұрәлі үндеген жоқ. Тек ішінен: «Иә, сен ненің обал, ненің обал емес екенін жақсы білесің ғой!» — деп кекете күлді.

Жақын екі адамның арасындағы оқиғадан хабардар емес, сөйтсе де кешелі — бүгін бұл екеуінің қырғи қабақ екенін аңғарып қалған Әмірбек бұлардың араздығын жай ағайын -туыстың өкпе — назы шығар деп ойлаған.

— Әрине, аққуды атуға болмайды, — деді ол. — Аққу құс сұлулық пен сәндіктің белгісі ғой. Оларды өлтіретіндей жамандыққа өзіміз де бара қоймаспыз.

— Адамның бәрі бір емес, —деді Нұрәлі. — Кей адам көрсе қызарлықпен қандай жамандыққа болса да барады.

Бұл сөз өзі жайында айтылғанын ұққан Пейілжан жауап қайырмады. Тек түсі сұрлана қалды.

Әмірбектер жүріп кетті.

Оңаша қалған Жарқын:

— Басыңа түскен зор қайғыны жеңе білгеніңе мен қуаныштымын, — деді.

Нұрәлі мұңая езу тартты.

— Қайғының бәрі бірдей емес, — деді Нұрәлі, — жақсы көрген адамыңның опасыздығынан туған қасірет адамға екі есе қиын тиеді екен. Оның опасыздығына бір күйінсең, өзіңнің махаббатыңның, ар — ұятыңның қорланғанына екі күйінеді екенсің. Мұндайда кейбіреулердің өзін — өзі өлтіруі де осындай орасан ауырлығынан тәрізді. Рас, мен өз күйігімді жеңе алдым. Өзіңді қорлаған опасыз жан үшін, күйінудің де үлкен қылмыс екенін ұқтым. Бірақ менің түсінбейтін бір жайым бар…

— Қандай жай?

— Біреудің жүрегіне өлердей дерт салып тапқан махаббат шын бақытты махаббат бола ала ма?

— Өзің естідің ғой, Өрік өз махаббатын бақытсыз махаббат деді ме?

— Деген жоқ. Бірақ оның махаббатты түсінуі басқаша болып шықты ғой…

— Қалайша басқаша?

— Ол — бақытты тудыратын махаббат емес, бақыт махаббатты тудырады деп ойлады. Қара да тұр, сол өз бақыты үшін ол махаббатын әлі сан рет өзгертеді.

— Оны сен қайдан білесің?

— Үлкен бір опасыздық істеген адам он уақ опасыздықтан тайынбайды. Адамға адал жолдан бір таю қиын. Одан әрі тек берік саналы кісі ғана жамандықтан өзін ұстап қала алады.

— Мүмкін, ондай сана Өрікте де бар шығар?

— Иә, оған сондай сана бітсе екен деп тілер едім.

— Мен де сөйтер едім. Біздің заманымызда бір адамның бақытсыздығы мың адамға батады. Ал адал жүрегі жоқ жан — ол бақытсыз жан…

Нұрәлінің «Өрікке сана бітсе екен деп тілер едім» дегенінен Жарқын бұның жалғыз өзінің ғана емес, өзгенің де көсегесінің көгергенін тілейтін кең қолтық, ақ пейіл адам екенін мықтап ұқты. Нұрәлінің осындай жан екеніне ол тағы іштей қуанды.

Бұлар Вергинский жатқан бөлмеге келіп қалды.

Академик бағана тұрған. Қазір жуынып, шайын ішіп, енді жұмысқа кіріскелі отыр екен.

Бұлар кірісімен Вергинский қолдан жасалған тақтай столдың үстінде жатқан көп чертеж қағаздардан біреуін тауып алды. Бұл осы Қызылтас түбінің қаншалық тереңделе түсуін көрсеткен инженер тілінде разрез деп аталатын жер қалыңдығы сызық қары еді.

— Егер осы араны тағы бір метр тереңдете түссек, қанша топырақ, алынады, қанша уақыт кетіп, қанша шығын болар екен?—деді ана екі жігітке ойлана қарап.

— Өйтудің қажеті болмас, — деді Нұрәлі, — көлденеңінен стол үстінде жатқан ватман қағазына таяу келіп. — Қасқыртөбеге су бармас үшін, бұл араның осы тереңделгені жеткілікті.

— Қазір менің ойым Қасқыртөбеде емес, — деді академик бөтен ватман қағазына таяп, — міне, мына жерде, болашақ теңіздің Күншығыс жағында, өзің де көрсетіпсің ғой. Күнтуар Құдайбергенов археологиялық экспедициясы көптен бері жұмыс істеп жатыр…

— Иә, білемін, Қайрақтыда ғой, — деді Нұрәлі, — О кісінің өзі де таныс, әйгілі адам, баласы Дәниелді де танимын. Алматыда бір мезгілде оқығанбыз, кездесіп жүргенбіз…

— Танысаң — деді академик ойлана,— бұл кісінің осы Қайрақтыдан күткені көп… Тіпті сақ дәуірінен бұрын еткен мәдениетті ашамын ба деген де үміті бар… Бірақ ойлаған мақсатына жету үшін ол әлі екі — үш жыл керек дейді… Біз егер де Қызылтастың тереңдігін осы қалпында қалдырсақ және бөгетті келесі жылы майда бітірсек, су Қайрақтыны келесі жазға таман ала бастайды. Ал Қызылтасты тағы бір метр, бір жарым метр тереңдетсек. Археологтарға тағы бір жаз жұмыс істеуге мүмкіндік береміз.

— Бұған Министрлік көнбейді, — деді Жарқын, —Қасқыртөбемен байланысты проектіден тыс қаншама қаражат кеткелі тұр? Сосын, археолог Күнтуар ол арадан қанша іздегенімен әлі ештеңе тапқан жоқ. Таба ма, жоқ па, о да белгісіз ғой. Ал Сырдың суын дәл осы арада тоқтату да үлкен маңызды іс…. Оны халық күтіп отыр. Құр босқа уақыт өткізіп алмасақ нетсін? Қасқыртөбемен байланысты онсыз бір жылға графиктен кешіктік.

— Сырдың суын тоқтату да, Қасқыртөбені аман алып қалу да, — бәрі де совет адамы үшін істеліп жатыр, — деді академик. — Жылына он мыңдаған еңбекші жұрттың денсаулығын жөндейтін курорт салынатын жерді су түбіне жіберткізбей, болашақ теңіздің жасалуын бір жылға кешіктіргенімізге үкімет алғыстан басқа ештеңе айтпайды. Бұл келісілген мәселе. Ал археология… Әрине, сырт қараған адамға оның маңызы үлкен де емес шығар… Бірақ олай емес! Адам тек бір күнгі нанымменен тұрмайды. Оның ақыл, ойының өскені, интеллектісінің байығаны, өткенін де, келешегін де, білгені өте қажет. Коммунизмді солай өркендей білген, ақыл, ойы өскен адамдар құрады. Өткен мәдениетті қайтадан ашу — адамды рухани байытады. Бұл бізге өте керек қасиет. Ал Күнтуар ол мәдениетті аша ала ма, аша алмай ма, бұл басқа мәселе. Ғылымда тәуекелсіз ештеңе де шешілген емес. Біз де тәуекелге, баруымыз керек. Сол тәуекеліміз қаншаға түседі, соны санайық…

Жарқын мен Нұрәлі академиктің қойған міндет қанша уақыт алады, қанша күш, қаражат керек және бұның бәрі Қайрақты экспедициясының жұмысын қанша мезгілге созады, — бәрін түс ауғанша есептеп шығарды.

— Біз егер болашақ теңізді Қызылтастан бастап Күншығыс жағын тағы бір метрге төмендетсек, археология экспедициясының жұмысын бар болғаны жеті айға ғана созамыз, — деді Нұрәлі.

— Бұған да шүкіршілік, — деді академик, — ендігі мәселені жоғары жақта шешерміз.

Бұлар тамақтанып, аз уақыт дем алып, серуендеп оралғанша күн де батуға айналды. Сол уақытта аңшылар да қайтты.

Машина «Олжалымын! Олжалымын!» дегендей қарқынын бәсеңдетпей, сол зырлаған бойы лагердің ортасындағы алаңға кеп тоқтай қалды.

Бір сағаттан кейін бар шаруаларын бітіріп академиктер жүріп кетті.

ЖЕТІНШІ ТАРАУ

Күнтуар қолжазбасын оқып отырған баласын тағы тоқтатты.

— Сақ дәуірін біздің тарихшылар терең тексерген емес,—деді ол,—Қай тілде сөйледі? Егер аңызға қарағанда олардың арғы атасы Тарғытай, одан Липоксай, Арпоксай, Колаксай туады. Грек тілінде емес, өз тілінде құдайларының аты Апай, Папай, Тәбіти, Ғайтосыр, Арғымпас, Фагимасад. Өздері жағасын жайлаған Сырдарияны Жақсарт деп атаған. Сондай — ақ бізге жеткен Сауран, ақинақ, тағы басқа сөздерге қарағанда көне түркі тілі осы тілден туды ма деп қаласың. Оған тағы бір дәлел: сақтармен жалғаса біздің дәуірімізден үш ғасыр бұрын Сырдария бойында көшпенді елдерден құрылған Кангуй, қытаймен шектес хұну, Жетісуда Үсіней тайпалары болған. Кангуй мен сақтардың аяғы қыпшақтарға барып соғатын тәрізді. Ал Үсіней болса ертеден келе жатқан ел екені белгілі. Біздің дәуірімізден үш жүз жыл бұрын Үсіней тайпасының кәрі патшасына берілген қытайдың жас қызының қайғыдан шығарған:

«Әке — шешем мен бейбақты
Қалап қиыр алыс жақты.
Ерге берді жас шағымда
Үсінейдің патшасына.
Ол тұрады жұмыр үйде
Киізбенен тыстаған.
Ішкені сүт,
Жегені ет ыстаған», —

деген өлеңі қытай хроникасында бар. Дұрыстап тексерсең қыпшақ қытай шежіресінде қыпсақ, қайсақ, қазақ — бәрінің түбірі осы сақтан тууы мүмкін. Ал сонда сақ деген сөздің өзі не ұғым береді? Бұл қазақтың «сақ ел» — деген сөзі ме? Жоқ, олай секілді емес. Геродоттың тарихында сақ елі қасқырдан туыпты — мыс деген аңыз бар. Содан ба, әлде көршілес боп әбден мазасын алғандықтан ба, сақ деп бұларды Иран жұрты атаған тәрізді. Сақ деген сөз көне иран тілінде тағы ит, қасқыр деген мағына берген. Қысқасы бұл иран сөзі — ау деймін… Бұдан тағы бір дәлелім. Кей деп ирандықтар патшаны атаған. Содан патша сақтары кейсақ, қазақ тілінің үндестік заңдарымен байланысты қайсақ болып өзгеруі мүмкін. Ал «Қас» деген сөз ежелден батыр деген ұғымды береді. Сақ елінің жауынгер ел екенін еске алсақ, қас сақтан қазақ шығуы таң қаларлық іс емес. Міне, археологияның да керек жері. Біздің даламызда табылып жатқан сақ мұраларынан бұл сөздердің сол уақытта айтылғанын, айтылмағанын, айтылса қандай мағынада айтылғанын терең зерттеп, әлі көп жайды түсінуге болар еді. Әттең дүние — ай, біздің қолымызға тек сақ дәуірінің алтыннан, күмістен, қоладан жасаған мұралары ғана түсіп жүр. Жазу өнері тым сирек. Және оларды сақтікі деп айту да қиын. Айғақты мүліктер табылады ма деп бір дәмеленгенім Қайрақты төңірегі еді, одан да әзір ештеңе табылмады. — Кенет Күнтуар баласына қысыла қарады. — Ғафу ет, мен сенің кітабыңды бөліп жібердім ғой. — Аморгтың әйелі Спаретраның үш жүз мың еркек, екі жүз мың әйел жауынгермен қарсы шығып Персияның ұлы патшасы Кирды жеңген ұрысын өте жақсы бергенсің. Сыр жағасындағы Қайрақты өңірі сондай дәлме — дәл суреттелінген. Көктемде менімен бірге босқа бармаған екенсің! Кир мен Спаретраның соғысқанын Ктесийден оқығаным бар. Ал саврамат қызы мен жігіт — Дүрия мен Сартардың оқиғасын еш көне авторлардан кездестірген жоқпын. Менің білетінім саврамат қызы, елінің бір жауын өлтірмей ерге шығуға құқы болмаған. Оларда сондай қатал заң ежелден қолданылып келген. Ал сенің жазған оқиғаңда бір ғажап өкініш бар. Осы жерін қайтадан оқышы.

Дәниел даусын сәл көтере түсіп оқи бастады.

— Мен саған бір жауымды өлтірмей, ерге шыға алмаймын, — деді Дүрия. — Ата заңы осылай.

— Махаббат жолы ата заңынан үлкен, — деді Сартар жүр, бірге шашайық! Менің жүрегім сенімен мәңгі бірге.

— Жоқ, қаша алмаймын, — деді қыз. — Шын жүрегің менімен бірге болса, тастап кет оны маған.

— Жүрегімді қалай тастап кетем? Жоқ, ол менің қолымнан келмейді.

— Онда менің жүрегімді өзіңмен бірге ала кет!

— Қалай? Сені өлтіріп пе? Жоқ, Дүрия, мен сені жанымдай жақсы көрем.

Қыз жігітке қандай жауап берерін білмеді.

— Онда, — деді ол бір сәтте. — Менің бір тілегімді орында.

— Жарайды.

— Сен маған он жылдан кейін кел. Оған дейін бір жауды өлтірермін: Және әбден сағынып қосылған махаббат берік болады. Ал саған деген махаббатымды мен адал сақтаймын. Бұған сен!

— Сендім! — деді жігіт.

Жігіт Парфия, Мидия, Лакодамияға сапарға кетті. Бірақ келесі күні қыздың аулына жау тиіп, Дүрия жау жағының бір жауынгерін өлтірді. Әбден ер жетіп қалған қыз жастық ләззатына шыдай алмай бір жылдан кейін басқа жігітке күйеуге шықты. Он жылдан кейін Сартар қайта оралды.

— Мен күте алмадым, ерге шықтым, — деді Дүрия. — Ал сен он жыл қалай шыдадық?

— «Мені шын сүйетін адам бар» деген махаббат қуанышы шыдатты.

— Енді не істейсің? Сенсіз маған дүниенің керегі жоқ дейтін едің ғой, өлесің бе?

— Жоқ. Әлі де болса сол сүйген қызым қайтадан мені жақсы көрер деген үмітпен тағы он жыл өмір сүрем.

Он жыл өткеннен кейін, жігіт шал, қыз кемпір болуға айналған шақтарында бұл екеуі қайта кездесті.

— Міне екеуміз де қартайып қалдық, — деді Дүрия. Зая өткен өміріңе өкпелісің бе?

— Жоқ, — деді Сартар, — мен бақытты өмір сүрдім. Өмір бойы ғашық болып өттім.

— Ал мен бақытсызбын, — деді Дүрия, — махаббатымды жастығыма ұрлаттым. Өмір бойы өкініште өтіп келемін.

— Жақсы әңгіме, — деді Күнтуар. — Бірақ өмір бойы бір адамды ғана сүю екінің бірінің қолынан келмейді. Оған тым үлкен жүрек керек.

— Мысалы сіздің жүрегіңіздей жүрек қой?

Күнтуар Дәниелдің шешесіне ғашық болып қосылды. Екеуі өте бақытты өмір сүрді. Дәниел он екіге келгенде, шешесі Фатима жүрек аурудан қайтыс болды. Ыңғайлы адамдар кездескенмен, жұмысына әбден берілген, жаңа ғана орта жастан асқан Күнтуар екінші рет үйленбеді. «Табиғат адамды ерлі — зайыпты жұп етіп жаратқан. Бүкірейген шал емессің, әр кезеңнің өзінің сәні бар, үйлен», — деген серіктерінің желкемдеу сөздеріне: «Бәрі солай ғой, бірақ Фатиманың маған деген махаббатына кір келтіргім келмейді. Есін біліп қалған балаға өгей ана, қанша жақсы болса да, өз анасына жетпей қалуы мүмкін. Онсыз да жараланған сәби жүрегін қоса жаралап қайтемін? Және кімді алсам да маған Фатимадай болмайды, қосылар жұбайымды да, өзімді де алдаудың қандай қажеті бар?» деп көнбей қойған. Әкесінің бұл сырын Дәниел жақсы білетін. Сол себептен де ол жоғарғы сөзді айтты.

— Сенің анаңнан мені ажал айырды, ол айыпты емес еді, сол себептен де мен оған деген жүрегімді адал сақтауға тиістімін, — деді әкесі. — Ал Жаннаттан сені Жаннаттың өзі айырды. Өзіңді бағаламаған адамға қарап көңілің тым көп қабармасын… Дүниеге адам бір — ақ рет келеді, дегдар жігіт бұған да зейіл қойса керек.

Әке сөзіне түсінген Дәниел:

— Жаннатты сүйгенім маған шын қуаныш еді, — деді. — Мен оны әлі де жақсы көремін.

— Сен жазушы боламын дейсің. Бұл ниетің жақсы ниет. Жоғын көзімен көріп, қуанышын құлағымен естіп, халқының жүрегінің қалай соққанын түсіне білетін жазушы болғанға не жетсін! Бірақ есіңнен бір ақиқатты шығарма. Эмиль Золяның: «Кімде кім оңбаған деген атты естігісі келмесе, ондай адам жазушы бола алмайды», — дегендей, сен әлдекімдердің шулағанынан, жамандағанынан өзіңнің жаныңды жараландыра берсең, онда жазушы бола алмайсың!

Күнтуар кенет тоқтай қалды. Бірақ сол сәтте баласының бұны тек әке деп қана емес, ұстазым деп қарайтыны есіне түсіп кетіп, қайта сөйлей жөнелді.

— Әрине, «шыдай бер, жаныңды жаралама» деу оңай. Ал адам неғұрлым дарынды болса, соғұрлым өзгелерге қарағанда күншілдердің сөздерінен жаралампаз келеді. Тек тәкаппарлығы ұстап сыр бермеуге бар… Расында да, мазасын ала берген ұсақ адамдардың жамандауына, шуына шыдау әркімге — ақ қиын. Піл тұрған қорада тышқандар пайда болса дейді оқымыстылар, олардың аяғының астында жүгіріп мазасын ала берген сыбдыр -қыбырына шыдай алмай, алып жануар етпетінен құлап түсетін көрінеді. Жақсы адамға жамандардың сөздеріне көңіл бөлмеу ауыр тиеді. Бар мәселе сол жамандардың сөздеріне көңіл бөлмеуде, «ит үреді, керуен көшеді» деп қарай алуда.

Күнтуар кенет тағы тоқтай қалды да, ұстазылық ойларымды тегіс айтайын дегендей, сөзін қайтадан бастап кетті.

— Мен осы жасыма дейін сан түрлі жұртпен кездестім, — деді ол,—ойлап тұрсам, оларды үш түрге бөлуге болады. Бірі — адал жандар. Олардың ішінде дара жаратылғандары да, үлкен жүректілері де мол. Бұл топтың бас қасиеті тек өзі ғана емес, өзгенің де бақытты болуын тілейді. Сол үшін күреседі, өмір сүреді. Ал екінші топ — осы адамдардың буын — буынына ұялаған сарысу, тамырларында пайда болған арам қан тәрізді. Бұлар аналардың жүрек соғуларын бәсеңдеткісі, алға басқан адымдарын шабандата түсіруге құмар. Өн бойларына сарысу боп жабысып, тамырында арам қан боп жүгіруге дайын. Бұлар көбейіп кетсе адамға зақым. Бірақ мұндайлармен күресуге болады. Сарысуды да, арам қанды да азайту адамның өз қолынан келеді. Ал үшінші топ — бұл ең қауіпті топ. Жайшылықта көп көрінбейді. Ал басыңа бір пәле түссе, үй іші қараңғы бола қалғанда шыға келетін тарақандар тәрізді, өзі көп, бұрын қайда жүргендерін де білмейсің, күні туғанда саңылау — саңылаудан қаптай жөнеледі. Бәлендей саған зиян істей қоймаса да, күпінің аш битіндей өріп, шақпаған жеріңді, кірмеген жыртық — тесігіңді қалдырмайды. Жүрегіңді айнытады, жаныңды түршіктіреді. Тегіс у беріп қырып тастамасаң, бұлармен күресу де оңай емес. Қараңғы үйде кенет шам жағып жібергенде, тарақандардың не істейтіні есінде бар ма? Ақыл, естерінен адасқандай, қайда барарларын білмей сол қабырғада, стол үстінде, шам жағылған кезде қай жерде тұрса, сол жерде тұрып қалады. Тек өлтірейін деп ыңғайлансаң ғана қаша жөнеледі. Және қаша біледі. Мен мұндайлармен көп кездестім. Міне, осы тарақандар тәрізді, мінез — құлқы, өмірге деген арманы уақ, кілең кәкір — шүкірлер алғашқы топқа өңі келеді. Дарындыларды көре алмайды. Ал өздері ше? Шабан жылқыдан, қанша жемдесең де, жүйрік шықпайды ғой. Бұлар да сондай. Сен бақыттысың. Мұндайларды көрген жоқсың. Қазіргі совет адамдары оларға ұқсамайды. Дегенмен мұндайлар әлі де бар. Әсіресе мұндайлар өзіңнің әріптес, қаламдас серіктеріңнен шығады. Сенің дарыныңды көре алмайды. Сондықтан ең бірінші шабуылды солар бастайды.

— Егер жақсы кітап жазып шығарсам, мейлі не десе о десін!

— Жазып шығарасың, қалқам. Бірақ арманға жету — атқа секіріп міну емес. Оған сенің дарының да, жалықпай жұмыс істеуің де жеткіліксіз. Жазушы боламын деген адам ең алдымен өзінің тақырыбын табуы керек. Бұл жағынан олар археологке ұқсайды. Өткен дәуірлердің ең болмаса бір жұмбағын ашамын деп археолог қаншама жыл ізденеді? Қаншама қорғандарды, зираттарды қазады. Ескі мұраларды топырақтан тазартады, тозып қалған суреттердің көне бояуларын жаңартады? Бірақ табылғанның бәрі сап алтын емес қой. Өткен дүниенің керегі де, керек емесі де бар. Сол керек еместерді ғана тауып, бар өмірін сарп еткен талай ұлы ақыл иесі, дарынды археологтарды көрдім. Жазушы да сондай. Қанша таланты болмасын, егер тақырыбын таба алмаса, ол өзінің дарынын дамыта алмайды, халқының мүддесінен шыға алмайды. Қаламынан күміс маржан сөз төккенмен, ондай жазушыны тарих та, халық та жадында ұзақ сақтамайды. Сенің сақ дәуірімен шұғылданғаның бір ретте жақсы — ақ. Өткен көне көзді білу — бұ да керек. Олардың өмірін, таптық таласын, тартысын, қоғамдық өсуін, өрбуін, өшуін, қатесін, табысын, мәдениетін — көркемөнерін, адамдарының мінез — құлқын ашу бұ да бір ғанибет іс. Бірақ бұның бәрі көркем әдебиеттен гөрі, ғылыми зерттеушілердің дүниесі тәрізді. Ал саған сол дәуірдің өзінен де өз тақырыбыңды табу — жазушылық міндетің.

— Көке, мен өз тақырыбымды тапқан секілдімін. Романыма Дүрия мен Сартар хикаясын босқа кіргізген жоқпын ғой.

— Міне, міне! — деді Күнтуар, — менің де айтып тұрғаным жазушының осындай өз тақырыбы ғой! Бірақ бұл тақырыптың тілегі бүгінгі заманның тілегімен ұштаспай жатпаса, не болашаққа арқау етер ойы, қиялы арманы болмаса, тағы шықпайды. Ондай кітапты замандастарың сүйіп оқымайды. Ал оқылмайтын кітап — жазушының осалдығы…

— Көке, мен замандастарым оқитын кітап жазуға тырысамын. Өзгесін білмеймін, бұл кітап менің шын жүрегімнен туады. Дүрияны өмір бақи сүйіп өткен Сартар менің өзім тәрізді, оның қайғысын, қасіретін мен түсінем…

— Ондай кітап шығуға тиісті, — деді Күнтуар, — және жазуға да міндеттісің! Бірақ бір ұмытпайтын жәйт: махаббат адамды тоқыратпауы керек. Ал бұл дүниеде… уақытын өткізіп алған арманды «Волгамен» қусаң да жете алмайсың.

Дәл осы мезетте телефон шылдыр ете қалды. «Демалыс күнінде де тыныш отыра алмай жүрген бұл кім екен?» деп Күнтуар сәл ойлана қалды да, саспай трубканы алды.

— Иә, тыңдап тұрған — Күнтуар Құдайбергенов! — деді ол.

Телефон сымының арғы ұшынан әлдекім асыға сөйлеп жатыр. Күнтуар үн — түнсіз. Қабағында кенет сәл кейістік пайда болды.

— Филиалдың ғылыми кеңесінде ғой? Тақырыбы «Қайрақты экспедициясының жұмысын тоқтату жайында дейсіз бе? Жақсы. Баяндамашы кім? — Сәл тоқтап тұрды да, — ә, білем, ертеңгі кеңесті кім басқармақ? Филиал директоры Ерғазының өзі?! О, рақмет! Мұндай қиын мәселеге өзінің қатысқысы келгеніне рақмет! Солай деді деңіз! Жарайды, ертең сағат үш ноль — нольде мен конференц — залда боламын!

Күнтуар телефон трубкасын орнына қойып, сәл ойланып қалды.

Жақында Орталық институттың жаңа филиалы осы Қайрақты өндіріс қаласында ашылған. Ерғазы бастығымен жұмыс істей алмайтын болған соң, ортақ өгізден оңаша бұзауды ұнатып, осы филиалға директор боп үй — ішімен көшіп келген. Қайрақты экспедициясы осы филиалға берілген. Негізгі жұмысы Алматыда болғанмен, Күнтуар экспедицияға әлсін — әлсін келіп тұратын. Бұл жолы да осындай бір келген беті еді. Қазір баласы екеуі мейманханада отырған. Ертең экспедицияға жүрмек — ті.

— Баяндамашы әнеугі мақала авторы Пейілжан деген жігіт дейді. Оған баяндама беріп, директордың өзі кеңесті басқармақ болғанына қарағанда, сірә, Қайрақты экспедициясының жұмысын тоқтатуға айналған тәрізді…

— Сіз солай ойлайсыз ба?—деді Дәниел әкесін аяй, сосын кенет: — Көке, ол кеңеске баруға маған да рұқсат ет, — деді тағы, — Қайрақты туралы кітап жазып жүрмін ғой, — әкесінің өзіне неге таңдана көз тастағанын түсініп. — Жоқ, жоқ, — деді күліп, — Қайрақты туралы емес, осыдан екі жарым мың жыл бұрын Қайрақтыда өмір сүрген адамдар туралы ғой…

— Бәсе, — деді әкесі сәл күлімсіреп. Кенет ол тағы да ойлана қалды. — Ғылымда оқымыстыға өз ойын зерттеуге рұқсат етпеу, көркем әдебиетте сыншының өз ойын жазушыға міндеттеуінен кем қауіп емес!..

— Орталық Ғылыми академия институтының Қайрақтыдағы филиалы биыл ғана салынған сәулелі, кең жаңа үйге көшкен. Мәжіліс осы үйдің конференц — залында басталды. Төрдегі сәл биіктеу алаңдағы көлденең қойылған үлкен столдың арғы жағында Ерғазының өзі жалғыз отыр.

Кеңеске біраз адам шақырылған. Кеңес мүшелері, екі — үш кандидат жігіттерден бөтен, осы өңірде археология зерттеу жұмысын жүргізіп жатқан Москва экспедициясының бір -екі ғалымы да бар. Олардан басқа, осы Қайрақтыда жаңадан ашылған жергілікті институтта оқып, археологиямен әуестеніп жүрген студенттер мен диссертациясына материалдар жинауға кіріскен аспиранттар да көрінеді. Тіпті Қайрақты экспедициясының кейбір жұмысшылары да шақырылған. Солардың ортасында қысқа жеңді ақ майка киген, қарының бұлшық еттері ерекше көз тартып Михайлов тұр. Осы көптің ішінде бүгінгі өзіне тапсырылған істің маңыздылығына қарай, түр — келбеті де сәл тәкаппарлана түскен салтанатты киімді Пейілжан ерекше көзге түседі. Үстінде қыры сынбаған жапонның женси сұр костюмі, қызыл түсті галстук, сары туфли, қара көзілдірік…

Аздан кейін кеңес мәжілісін ашып, Ерғазы күн тәртібін айтып, баяндаманы Пейілжанға берді.

— Біздің археологиялық жұмысымызға жаңа қатынасып жүрген жас ғалым, — деді Ерғазы оны жұртқа таныстырып. — Бірақ алдымызға салғалы отырған ойын, өзінің зерттеу, қорытындылары жас емес, қалыптасып қалған оқымысты екенін аңғартады.

Пейілжан оқытушысының сөзін ақтап шықты. Жақсы баяндама істеді. Негізгі пікірлері экспедиция жұмысын тоқтату керектігін бұрынғы жазған мақаласын қайталағанмен, ғалым ретінде археология жұмысына керекті көптеген жаңа ойлар айтты. Ол археологиялық ізденудегі қажырлылық, шыдампаздық, үкімет қаражатын, берілген уақытты дұрыс пайдаланудың керектігіне дәлел етіп, әйгілі археологтар: Оклодниковтың көне Амур бойындағы Сакачи — Алян петроглифтарын, Руденконың Алтай өңіріндегі атақты Пызырық қорғандарын қазып көне сақ мұраларын тапқанын, сондай — ақ, Қарақұмда Парфия мемлекетінің асыл қазына қалдықтарын, көне Хорезм, Қошан мемлекеттерін қалай ашылғанын айтқанда, Күнтуар жас ғалым бұл ойларды өзінің жоғалып кеткен қолжазбасынан алып тұрғандай боп көрініп кетті. «Расында, — деді Күнтуар іштей, — бұл бір болайын деп тұрған жігіт екен, бізден бұрын Орта Азиямен қазақ жерінде өткен мәдениеттердің бәрімен де әбден хабардар. Жоқ, құр ғана хабардар емес, олардың ашылуына өзі қатынасқандай дұрыс тұжырым істей алды. Әлдеқалай, құр доктор болғым келеді деген сөзінен мен бұдан неге қаштым? Кім доктор болуды ойламайды? Ең алдымен өткен мәдениеттерді ашамын, диссертацияны сосын жазамын деп жүрген мен тәрізді кейбір Дон Кихоттар болмаса… Демек, маған да диссертация жазуды ойлайтын кез жеткен секілді. Жас болса, келіп қалды… Уақыты өтіп кеткен арманды «Волга» машинасымен де қуып жете алмайсың деп балама ақыл бергенде жақсымын. Ал өзіме келгенде…

— Сөз жоқ,—деді Пейілжан баяндамасын аяқтап, — жоғарғы археологиялық табыстардың бәріне жету үшін қиындық, белгісіздік көп болғанменен, бәрінің де теориялық негізі бар еді. Ал біздің қадірлі ғалымымыз Күнтуар Құдайбергенов өзі жүргізіп жатқан Қайрақты экспедициясында қандай теориялық жағдайға сүйеніп отыр? Жоғарыда мен айтқандай ешбір дәлел, себеп жоқ. Төрт жылдан бері үкімет қаржысы босқа шығып келеді. Со да жетер, бұл экспедицияны енді жабу абзал.

Ол бір үлкен іс бітіргендей жұртқа тәкаппарлана көз тастап, өз орнына отырды.

Сөзді дереу көзілдірікті, дудар бас жас ғалым алды. Бұл Пейілжанның пікірлес досы еді. Ол Қайрақты экспедициясының ақырғы төрт жылдан бері ештеңе таба алмай келе жатқанын айта келіп:

— Егер бұл экспедиция біздің жеріміздегі тек көне сақ мұраларының қалдығын іздеп жүр десек, онда бәлендей қызық ештеңе күтуге болмайды, — деді. — Сақ мұралары бар әлемге белгілі, толық зерттелген, біз тақ қаларлық жаңа қазыналар табылуы мүмкін емес. Сондықтан экспедицияны жабу орынды деп сөзін аяқтады.

Сөз енді Күнтуардың көп жылдан бергі археология мұраларын, тас таңбаларды зерттеудегі негізгі қарсы пікірдегі адамы кәрі археолог Танысбаевқа берілді. Бұ да әр нәрсенің басын бір шалып келіп:

— Адамның өмір бойы тілегінің бәрі бірдей бола бермейді. Әсіресе, мұндай сәтсіздік ғылыми адамда жиі кездеседі, — деді. Сөйтті де көзілдірігінің астынан Күнтуарға қарады. — Осындай сәтсіздікке, Күнтуар, сен де ұшырап отырсың. Амал қанша, мойындау керек. Әрине, қартайып келе жатқанда ғылыми зерттеуді бір үлкен табыспен бітіру қымбатты іс болар — ақ еді, қайтесің, археологтық мұра деген ол сенің сандыққа салып қойған қазынаң емес, жоққа жүйрік жетпейді.

Дәниел терлеп кетті. Әкесін ол бала жастан сеніп үйренген. Оның үлкен дарын екеніне шек келтірмейтін, сондықтан да ол Танысбаев пен Пейілжанды кенет бағанағы әкесі айтқан дара жандарды алға жүргіздіргісі келмейтін қоғамның буын — буынына ұялап жатқан сарысу, арам қандар деп түсінді. «Иә, иә, — деді ол, — сарысу, арам қандар шырмап жатыр. Ал тарақандар қайда? Қане, қане, өрсеңдерші?»

Жаңағы көзілдірікті дудар бас жас ғалым мен кәрі мылжың Танысбаев тәрізді тағы бір -екі кісі «экспедицияны жабу керек» деген мағынада сөйлеп шықты.

Осы мәжілісті ұйымдастырып отырған Ерғазының, қылығы бір мезет Дәниелге өте жексұрын боп көрінді. Жүрегі айнып кетті. «Иә, иә, тақа жаман дайындалмаған екенсің, Ерғазы, — деді ол тағы өзіне — өзі, — көре алмастығың тым терең жатыр екен! Демек, тарақандарың қайда? Кәні! Кәні! Шығыңдар, қаптаңдар!» Сөзді экспедицияның бухгалтері алғанда, Дәниел: «Міне, басталды тарақандар шабуылы», — деді.

Дәниел терлеп кетті.

Бұдан кейін сөз алған бухгалтер төрт жылдың ішінде қыруар ақша, бензин, азық — түлік тәрізді бөтен қымбат заттардың қанша шығын болғанын қолындағы қағазынан оқып шықты да:

— Азаматтар, мен ғалым емеспін, — деді, — сондықтан бұндай экспедицияның неге керек екенін ұғынбаймын. Шаруашылық адамымын, менің білетінім еш пайдасы жоқ ізденуге босқа қаржы шығару дұрыс емес.

— Бұл экспедицияда жұмыс істеп келе жатқаныма биыл төртінші жыл, — деді мұрнының ұшы арақты көп ішкендіктен қызыл күреңденіп кеткен қойма бастығы. — Сол төрт жыл бойы дер кезінде жалақымды алмаған бір күнім жоқ. Сөйте тұрып, егер біз осы уақытқа дейін ештеңе таппаған болсақ, өз басым сіздерге жалақыны босқа алғаныма ұялып тұрғанымды білдіргім келеді… Әрине, қара жерде тесік болса кіріп кетер едім…

Бұныкі «мыналардың экспедицияны жабатын түрі бар — ау, егер жаба қалса тағы жұмыссыз жүреді екенмін. Одан да жақсы атты көрініп қалайын, мүмкін бөтен экспедицияға тағы қойма бастығы етіп жіберер» деген далбаса еді.

Бастықтардың ыңғайын түсініп қалған бір прораб:

— Нәтижесіз іске осыншама ақшаны босқа шығарғанша, одан да сол ақшаны біздің экспедицияға неге бермейді? Біз екі жылдан бері іздеу жоспарын артығымен орындап келеміз. Биыл да орындамақпыз. Егер қаражат мол берілсе, жердің жеті қабат астындағыны табар едік, — деді.

— Егер бар болса? — деп Күнтуар езу тартты.

Бірақ жан — жақтан әлдекімдер шулап қоя берді.

— Ақшаны жұмыс істейтін экспедицияларға ауыстыру керек.

— Қазасың, қазасың, құмға құйған су тәрізді!

— Қор болған күш.

— Қор болған есіл еңбек!

— Өздері қайланы қолдарына ұстап көрмеген соң, әрине, біздің маңдай терімізге түкіргендері бар.

— Қайран босқа кеткен ақша!

— Жабылсын!

Дәниел: «Міне, тарақандардың шабуылы» деді.

Археология экспедициясы секілді тек белгілі маусымдарда ғана жұмыс жүргізетін орындарға көбіне мамандығы жоқ, «бірдеме етіп жаз ақша тауып алайық» дейтін жұмыстан шығып қалған, қашқан — құтқан жұмысшысымақтар кіретін. Бұны Дәниел жақсы білетін. Қазір шулап жатқандар сондай «ақша құмарлар». Дегенмен, Дәниел кенет қорқып кетті. «Бұлар экспедицияны жаппай тоқтамайтын түрі бар ғой. Сонда әкем қайтеді? Осы экспедициядан оның үміті көп еді ғой» деді ішінен.

Мәжілістің жалпы барысына риза болып отырған Ерғазы «ал қалай екен?» дегендей Күнтуарға мысқылдай ұрлана қарады.

— Осымен бітіреміз бе, әлде бірдеме айтасыз ба? — деді.

— Әрине, — деді Күнтуар.

Ол асықпай басып мінбеге шықты. Көзінен көзілдірігін алып, аппақ орамалымен сүртіп, қайта киді.

— Қара теңіз төңірегіндегі мәдениеті жоғары үлкен қалаларының көркемөнерінің әсері шектес жатқан көшпелі скифтарға мықты тиген. Көп мүсіндерін соларға еліктеп жасаған десек те болады. Ал, көне замандағы көшпелі елдерден шын көркемөнердің төркінін тапқымыз келсе, Шығысқа аттануымыз керек, — деді Күнтуар әдеттегісіндей аспай -саспай. — Скифтар — ұлы көшпелі ел даласының тек батыс тармағы. Бұлардың шығыс жағында сарматтар, одан әрі қазақ жерінде және Орта Азия даласында көшпелі нағыз сақтар мен массагеттар, ал Сібірдің күнгей жағында шаруашылығы, мәдениеті осы сақтар мен массагеттардың сатысындағы басқа көшпелі елдер тұрған.

— Бұның бәрі түсінікті ғой, — деді Пейілжан қабағын шытып.

— Бөлмеңіз, — деді арт жақтағы бір күшті дауыс, — сізге түсінікті болғанмен, бізге түсініксіз. Қызық әңгімені естігіміз келеді.

— Сол сақтар мен сарматтардың көсемдері қойылған бай зираттардан жүздеген алқа -моншақ, жүзік — білезік, аңдардың, адамдардың, алтыннан жасалған, күмістен құйылған әшекейлі мүсіндері табылған. Сол заттардың үстінде, пышақтардың саптарында, қазандардың құлақтарында, қылыштардың қынаптарында аң мен жануарлардың рухтары ұялағандай, егер шебер қаласа, жүгіре жөнелуге дайын, кәдімгідей құлақтары, көздері, ауыздары, тұяқтары; мүйіздері бар тағы аңдар бейнелері салынған. Ал XX ғасырдың ұлы археологиялық табысы болып саналатын, біздің дәуірімізден бұрынғы V—IV ғасырлардан бері астыңғы жағы мұз боп қатып жатқан Алтайдағы Пызырық пен Башадыр қорғандарынан тек қана алтын, күмістен жасалған асыл қазыналармен бірге кигізден, теріден, матадан, ағаштан істелген сақтардың тамаша бұйымдары да кездескен. Бұлардың ерекшелігі, көркемөнерлік құндылығы, салынған шеберлігі күнгей скифтар патшаларының қорғандарынан алынған заттардан бір де бір кем болмай шықты. Алтай қорғандарынан қазылған бұл заттардың өрнегі, сипаты Евразия көшпелі елдердің Темір дәуірінің алғашқы кезеңдегі көркемөнерлерімен іспеттес екені анықталды. Сол баяғы тағы екі аңның таласы, тағы аңның тұяқты жануарға шабуы және мұнда да, оңтүстік скифтарының көркемөнері тәрізді, Таяу Шығыс пен Иран көркемөнеріне ұқсас сарын көп. Ал сонау көне замандағы біздің жеріміздегі көшпелі елдердің идеологиясы Иран мен Таяу Шығыс елдерінің көркемөнерімен тыныстас, идея жағынан бәсекелес осындай өзіне тән көркемөнерді қалай тудырды?—Бұл мәселе бізге әлі де айқын емес. Рас Қайрақты молаларынан, бөтен жердің қорғандарынікіндей күміс, алтын, асыл заттар шыққан жоқ. Олардың бәрі сонау көне заманның өзінде — ақ ұрланған сияқты. Бірақ бұл тұстан темір, қола ыдыс — аяқ, қазан — ошақтардың қалдығы, кейбір үй шаруашылығына керек заттардың бөлшектері, сынықтары кездесті. Мәселе тек алтын заттар табуда ғана ма, біздің міндетіміз алдымызға қойған сұрақтарға сол заттардың қандайы жауап беруінде емес пе? Бұл жағынан қарағанда, біз тапқан арзан заттар алтыннан да қымбат боп шықты. Рас, біз әлі табысымыздың бәрін жариялаған жоқпыз. Бар ойымызды, күмәнсіз табыстарымызды өзімнің қойын дәптеріме жазып жүргем, биыл бітірмек ем (осы еңбегі ғой Күнтуардың диссертация етпек болған, бірақ оны айтпады) әттең не керек, сол қолжазбамды жоғалтып алдым.

Тағы бір дауыс арт жақтан:

— Оны ұрлап әкетіпті деген сыбыс бар ғой!—деді.

— Білмеймін,—деді Күнтуар. — Біреудің еңбегін ұрлау оның миын ұрлаумен тең емес пе? Басқаның миы біреуге ми бола ма? Ұрласа қастықпен, мүмкін, мені шаршатайын деп ұрлаған шығар, оған не айтарсың? Оқасы жоқ, қағазым жоғалғанмен, табылған заттар бар ғой. Құдайға шүкір, қолжазбамды табылмаса қайтадан жазып шығамын. Тірімін ғой…

— Жарайды, — деді Ерғазы Күнтуардың сөзін бөліп. — Бізге табысыңызды айтпасаңыз да, сақ дәуіріне арналған Қайрақтыдағы алғашқы үш жылғы жұмысыңызды дәлелді деп саналық. Ал ол дәуірдің жұмысы біткеннен кейін Қайрақтыдағы қазылған шурф -құдықтарды тағы тереңдетіп, су түбі болған құмайтты, саз балшықты жерді қазуға бұйрық беруіңізді немен түсіндіреміз?

— Сақтар дәуірінің алдындағы, Енисей өзенінің алқабындағы, Саян — Алтай тауларының етегіндегі біздің дәуірімізден мың жыл бұрын өткен Қарасуық мәдениетінің, сондай — ақ бір кезде біздің осы күнгі даламызбен шектесіп, ал сақ дәуірімен ұштасып жатқан, бұдан үш мың жыл бұрын өткен Қырым жеріндегі Қызыл — қобы мәдениетінің, қала берді біздің дәуірімізден IX—XI ғасырлар бұрын өткен, Енисей өзенінің жоғарғы және орта шенін алған Тағар мәдениетінің және Сырдарияның жеңі, қазіргі Жаңадария жағасына бұдан бір мың жыл бұрын салынған Чірік — Рабат шаһар қалдығының табылғандарын еске алсақ, Қайрақты жерін тереңірек қазудың себебі анықталады. Сақ заманынан бұрын қазақ жерінің батысында да, шығысында да, күнгей — шығысында да жоғарғы айтылған көне мәдениеттер болғанда, солардың дәл ортасында жатқан біздің жерімізде мәдениет тек сақтардан ғана басталуы мүмкін бе? Бұл жерде есеп шығарып жатудың қажеті жоқ, менің болжауымша, Қайрақты археология ошағы Сақ — дәуірінен бұрын Жақсарт дариясының жанында болған. Бұл жер және шығысы мен батысындағы елдердің керуен жолы. Сақ дәуірінен бұрынғы көне заман мәдениет ошағын іздейтін болсақ, сөз жоқ осы: Қайрақты тұсынан іздеу керек. Сол үшін әрі қарай қалуға нұсқау бердім.

Әңгіменің бөтен түрге айнала бастағанын сезген Ерғазы қанын ішіне тартып сұрлана қалды.

— Бұл сіздің болжауыңыз ғой, — деді ол. — Тәртіп бойынша, өз болжауыңызды дәлелдеп, академия институтына ұсыныс түсіруге міндетті едіңіз. Өйткен жоқсыз. Егер болжауыңыз дұрысқа шықпаса, халықтың қанша қаржысының желге шашылғалы тұрғанын білесіз бе? Оған кім жауап береді? Қазірдің өзінде төрт айдың ішінде қанша шығын шықты?—Ол бағанағы сөйлеген бухгалтерге қарады. — Иван Филиппович, құдай үшін айтып жіберіңізші?

— Прорабтың ақпары бойынша, төрт айдың ішінде жұмысшылардың жалақысын қосқанда он бес мыңнан асып жығылады.

— Міне, көрдіңіз бе?—деді Ерғазы анаған жаны ашығандай аяй қарап, — мұны сіз қалтаңыздан төлеген жоқ шығарсыз?

— Иә, қалтамнан төледім.

— Бүгінгідей маңызды мәселе сөз боп жатқанда, орынсыз қалжыңның керегі қанша?—деді қабағын шытып Ерғазы.

Ешкім де қалжыңдап тұрған жоқ, — деді Күнтуар қырық жылдай археология саласында қызмет істей жүріп, кассаңда бір он бес мың сомың жатпаса не болғаның?.. Әрине, әдейілеп ақша жинамайсың, осындай бірдемеге керек болып қалар деп және артыңда балаң бар… Жоспармен бекітілмеген жұмысқа үкімет ақшасын шығару, әрине, қылмыс. Бұны кім білмейді? Бірақ сонау жер қазып жатқан жұмысшылардың жазығы не? Төрт ай бойы экспедиция шығының өз қалтамнан төлеп келдім. Бір тиын алмағанымызға сенбесеңдер, орталық бухгалтериядан сұраңдар.

Ерғазы қанын бұрынғыдан да ішіне тарта түсті.

— Ондай бай болсаңыз, — деді ол жымия күліп, — мүмкін, бұдан әрі де экспедицияны өз қаражатыңызбен ұстарсыз?

— Жоқ, әрі кетсе бір — ақ айға ғана ақшам жетеді. Бірақ бұл жұмыстың керек екенін дәлелдеп, осыдан бір ай бұрын орталыққа баяндама қағаз жазғанмын. Бүгін — ертең рұқсаты да келіп қалар.

— Егер ештеңе таба алмасаңыз қайтесіз?

— Жоқ, табам!

— Таба алмасаңыз ше?

— Әрине, жұрттың еңбегінің босқа кеткені өкінішті.

— Ақшаңыздың ше?

— Оқасы жоқ, ақша мені емес, мен ақшаны табамын ғой.

— Міне, оқымысты деп осы кісіні айт!—деді бір риза болған дауыс. Бұл Михайлов еді.

— Ал, тарақандар, шам жағылды, қашыңдар! — деді шаттанып кеткен Дәниел кенет.

Бұның сөзіне ешкім түсінген жоқ. Тек Күнтуар ғана езу тартып күлімсіреді де қойды.

Василий Михайлов соғыс кезінде туған. Әкесі Иван ағаш шебері еді. Отан соғысында Ленинград қоршауында үлкен ерлікпен қаза тапқан. Әкесінің қалай дүние салғанын ол бертін келе Ленинград майданында Иванмен бірге болған кісілердің хатынан білген. Ал оған дейін Василий әлі отызға жетпеген анасының қолында өсті. Пысық және ажарлы шешесі Пелагея ет комбинатында жұмыс істеді. Соғыстың ауыр жылдарының өзінде де жас бала бәлендей жоқшылық көрген жоқ. Шешесі жұмыс істеп жүрген ет комбинатынан арзан бағамен үйіне бас — сирақ, ішек — қарындарды жиі әкеп тұратын. Қолы бос кезінде Пелагея жүн — жұрқадан бөкебай, биялай тоқып сатып, ақшадан да құр алақан болмады. Әйткенмен, бар пәле осы шешеден басталды. Бұрын да етегіне намаз оқымайтын сән -сауыққа іңкәр, қылықты жесір әйел баласы үшінші класқа шыққан жылы, өзінің әбден піскен дер шағы етіп кетер деп қорыққандай, машина жүргізуші Антон дегенге ерге шықты. Екі баласы мен жіңішке ауру әйелін тастап, бұлардың үйіне кірген еңгезердей, іркіс — тіркіс мінезді қара кісі Василийге бірден ұнаған жоқ.

Қапастана, азарлана қалған баланың жүрегі енді өгей әке түгіл, туған шешеден айныды. Кей күні сылтау тауып бөтен балалардың, серіктерінің үйіне қонып қалуды шығарды.

Әкесі мен шешесі қосылған күні бірге түскен дәптердің бетіндей суреттері бұрын жалғыз бөлменің төр жағында ілулі тұратын. Бір күні Василий сабақтан келсе өгей әкесі Антон ана суретті алып тастап, Пелагеямен екеуі жақында түскен үлкен суретін соның орнына іліп жатыр екен. Жыртық портфелін әлі орнына қоймаған Василий (бұл төртінші бөлмеде еді) кенет өзін — өзі ұстай алмай:

— Тиме суретке!—деп шар ете қалды.

Баладан мұндай қылық күтпеген Антон аузына жөнді сөз түспей:

— Неге?—деді.

— Ол — менің әкем!

— Ал мен кіміңмін?

— Сен маскүнемсің.

Қандай бейбастақтық істегенмен, Василийді ұрып көрмеген Антон баланың жағасынан шап беріп ұстай алып, екі бетінен алақанымен тартып — тартып жіберді.

Василий жұлқына ыршып, қолға түскен қасқырдың бөлтірігіндей, жағасынан ұстаған Антонның бармағы мен саусағының ортасындағы жұмсақ етіне қылшылдаған өткір тістерімен жабыса кетті.

— Өлтірді, ойбай, мына иттің баласы!—деп Антон Василийді қоя беріп, қып — қызыл қаны бұрқ еткен қолын ұстап бажылдады да қалды.

Бала портфеліне стол үстінде жатқан кітаптарын салды да, үйден ата жөнелді.

Айы толып, төсек үстінде ұйқылы — ояу жатқан екі қабат Пелагея не болғанын түсінбей, құр «қойыңдар!» дей берді.

Бұл көктем кезі еді. Сол күні Василий түн ортасына дейін көшеде жүріп, балалар паркіндегі ойыншық үйшікте түнеп шықты. Қорланып түнде ешкімнің үйіне бармады. Жас жүрегін ашу — ыза билеп, оның үстіне, жылуы жоқ жұқа киімінен дірдектеп, түні бойы шала ұйықтап шықты.

Таңертең ерте тұрып, арық суымен бетін жуды. Аштан — аш мектебіне барды. Мұндайда жамандық жалғыз келе ме, бір қырсыққа бір қырсық ұштасады.

Қарны ашып, бірінші сабақты әзер бітірген, тыныстамада дәлізге шыққан Василийді, үшінші класта оқитын, бір мекеме директорының тентектеу, ерке өскен баласы байқамаған боп қағып кетті. Қарны аш, ұйқысы қанбай, ашудан әбден бітіп тұрған Василий әлгі баланы қуып жетіп, желкесінен періп — періп жіберді. Бала омақата құлай, мұрнынан қан сорғалаған қалпында өкіріп жылап, екінші қабатқа жүгірді. Екінші қабатта жетінші бөлмеде оқитын ағасы бар еді. Сөйткенше болған жоқ, қоңырау соғылып, балалар кластарына кірді. Василий де өз орнына отырды. Сабақ бойы жылардай боп ызаланып, ешкімге тіл қатпады. Қоңырау соғылып, балалардың бәрі үлкен тыныстамаға кеткенде, бұл кластан шықпай жалғыз қалды. Сол уақытта ағасын ертіп, жаңағы өзі ұрған бала келді.

— Міне, мынау!—деді ол бағанағысындай қорсылдай жылап Василийді көрсетіп.

Жетінші класта оқитын ересек ағасы тым дүлей екен, ай — шайға қарамай, Василийдің үстіне қона кетті. Өлердей етіп, басынан да ұрды жұдырығымен, кеудесінен де төпеледі. Арашалайтын класта ешкім жоқ, өзінен төрт жас үлкен балаға Василий не істей алсын, бар болғаны екі қолымен басы мен бетін жаба берді. Тістеніп ап, ешкімді көмекке шақырмады. Василийді ұрып — ұрып, жетінші кластың баласы:

— Егер екінші рет, менің ініме тиетін болсаң, бұдан да жаман соям! — деп інісін ертіп шығып кетті.

Үйінде де, мектепте де жазықсыздан жазықсыз таяқ жеген Василий өзіне жалғанның жарығы сөнгендей, бар әлемге кектене қалды. Сол күнгі сабақтан кейін үйіне де, мектебіне де бармады. Екі түн бірдей вокзалға қонып, шықты, портфелін, кітаптарын пирожокке, нанға айырбастап қорегін жалғады. Аштық әжең емес, аяуды білмейді, ақыры барып, ойламаған жерден, ересек ұры балалардың үйіріне қосылды.

Үш жыл бірдей қылмыс істеген жас балаларды еңбекпен түзейтін орында болды. Соңынан тағы түсті. Биыл сол жерден шыққан жылы еді. Қазір жиырма бірде. Бұл жолы ол «расымен өмір бойы осылай түрмеде шіримін бе?» деген қобалжыған ойын өзімен бірге ала шықты. Василийдің мұндай ішкі сарайы ашылып, дендеп кеткен аурудан құтылғысы келуіне себеп болған көркем әдебиет кітаптары еді. Оның сонау бейкүнә, асыл, алтын балалық шағынан алып қалған жалғыз жақсы әдеп — әдеті кітап оқу еді. Әсіресе, көркем әдебиет кітаптары оның дүниедегі бір қалаған мүддесі болатын. Ал көркем әдебиет, немістің әйгілі жазушысы Лион Фейхтвангер айтқандай, жас баланы ұлы саясатшы кемеңгерлікке дейін тәрбиелей білген. Сол көркем әдебиет бұны да дұрыс жолға тартты. Бойын удай жайлап алып кеткен үйреншікті ескі әдеттерінен Василий қалай құтылуын білмесе де, оянған саңылау бір мезет майданда ерлікпен қаза тапқан әкесін әкеп есіне түсірді. Енді ол «дұрыс жолға түссем, әке аруағын бұдан әрі жерге таптамасам» деген шешімге мықтап бекіді. Қолынан келіп, істеп кететін бөтен жұмыс табылмаған соң, ол археология экспедициясына шығуға шартқа отырды. Сол экспедицияға баратын өзіндей жігіттермен тағы кездесті. Қанша тырысса да, бұрынғы жайын біржолата тастап кете алмады. Олармен бірге арақ ішті, карта ойнады. Сол жиналудың бірінде Арманның Күнтуардың қолжазбасы жайында қалжыңдап айтқан сөзін естіді. Қаражатсыз жүдеп жүрген жігіт бір жолға ақшаны осылай табуды дұрыс көрді. Бұл — қолыңа пышағыңды ұстап, кісі тонау емес қой, ойын тәрізді бірдеме деп білген. Жер астынан ылғи алтын мұралар тауып, ақшасы қалтасына сыймай жүрген археологты сәл қобалжытып, қолжазбасын қайтып апарып беріп, бір — екі мың «сүйіншісін» алу сауап та шығар деп ойлаған. Осымен соңғы тентектігім бітсін деген. Сол. күннен бастап ол Күнтуардың үйін аңдыған. Бірақ еш ыңғайы келмей қойған. Сөйтіп, жүргенінде Жаннатты екі бейтаныс бұзықтар тонамақ болды. Бұл сол сәтті пайдаланды. Ар жағындағы әңгіменің бәрі Жаннат айтқандай боп шыққан.

Археология экспедициясына келгеннен кейін бос уақытын Василий тағы кітап оқуға жұмсады. Сонау сарғайған беттерден адамдардың ғажайып іс — әрекеттерін көріп, дәл жас кезіндегідей, солардай болсам деп еліктей түсті. Енді ол тарихи романдарды, археология жайындағы кітаптарды әдейі іздеді. Крамердің «Құдайлар. Адамдар. Табыттар» тәрізді кітаптары оның жан дүниесін басқа бір әлемге апарғандай болды. Сөйтіп, Василий археологияны кәдімгідей сүйе бастады. Өзгелердей емес, жер қазса алдынан Тұтыхамонның ғажайып зираты кездесетіндей, жан — тәнімен беріле және сондай жұмбақты дүниеге кездесетініне сене қазды. Сөйтіп жүргенінде, бүгінгі кеңеске шақырылды. Өшкен дүниенің сырын ашамын деп, бар жиғанын жұмысшылардың жалақысына Күнтуардың төлегенін естігенде «міне нағыз ғалым» деп таң қалды. Оның үстіне, бүгін Күнтуардың соғыс кезінде Ленинградты қорғауда болғанын естіген. Ал соғысты басынан өткізген адамның бәрін өзінің әкесіндей көретін, ондай адамдарды ерекше қадірлейтін, соғыс жайында сөйлескісі де келіп тұратын.

«Кім біледі менің әкемді көрген де шығар» деп талай кісімен әңгімелескен де. Бірақ олар еш уақытта да оның үмітін ақтамаған, бәрі де бұның әкесін білмейтін болып шыққан.

Бүгін Күнтуардың сөзін естігеннен кейін, өзіне — өзі жаман ренжіді. «Осындай адамның қолжазбасын қалай алып кеттім? Бишараға қаншама қиянат істедім! Жоқ, жалғыз ғана оған емес, ғылымға қанша кедергі жасадым! Мені қайтадан соттау керек!»

Ол қайткен күнде де сол қолжазбаны тауып, Күнтуардың өзіне апарып бермек болды. Сол себептен мәжілістен кейін Алматыға жүріп кеткен Пейілжанды әдейі іздеп, екі күннен кейін бұ да осында келген. Сол күні сыртқы пішінін өзгертіп, көзіне қара көзілдірік киіп, Пейілжанның үйіне барды. Ананың үйінде қонақтар бар екен, сондықтан Пейілжанды коридорға шақырып алды.

— Мен сенің мына босағаңа қолжазба тастап кеткем, — деді. — Соны өзіме қайтарып бер!

— Қайдағы қолжазба?—деді таң қалып Пейілжан. — Кімдікі?

— Күнтуар Құдайбергеновтікі.

Онсыз да бетінде қан — сөл жоқ Пейілжан енді ақ шүберектей боп бозарып кетті.

— Қой, шырағым, бәлеңнен аулақ, көрсем бұйырмасын.

— Көзіңнен көріп тұрмын — қолжазба сенде! Бересің бе?

— Қайдағы қолжазба? Айттым ғой көргем жоқпын деп.

— Соңынан өкініп жүрме?

— Неменеге өкінем, егер алмасам!?

— Жақсы, — деді Василий даусына зіл беріп. — Өз еркіңмен бергің келмеді, өз обалың өзіңе!

Ол үйден шығып кетті.

Василий Пейілжанды қолыма оңашада түсер ме екен деп үш күн аңдыды. Анау, бұнысын сезді ме, үнемі үйіне қара «Волгасымен» қайтып жүрді. Және қасында ылғи біреу болады.

Бүгін де Василий Пейілжанның үйіне баратын алеяның ішінде тұрған. Қаланың шеті болғандықтан ба, аллеяда тірі пенде жоқ. Тек жел үріп, анда — санда ағаш жапырақтары ғана сыбдырлайды. Аллеядан жақын көшеден етіп бара жатқан машиналардың гүрілдері ғана естіледі. Көп кешікпей күн де батып, қызыл іңір түсті. Қас қарайды. Пейілжан көрінбеді, бірақ Василий кетер емес. «Иә, иә, — дейді ол, — бұдан басқа жол жоқ. Менің қолымнан осылай істеу ғана келеді. Бұл — әбден сыннан өткен әдіс. Көрейін содан кейін қолжазбаны қайтып бермегенін».

Кенет Пейілжан көрінді. Жоқ, өзі көрінген жоқ. Тек үлкен портфелін кейінірек сүйрете ұстаған, сәл былғаңдай басқан сиқы қараңдады. Василий бір еменнің тұсына тасалама қалтиып тұра қалды. Басын жерден алмай, мойнын алға қарай сәл созып, Пейілжан қасынан өте бергенде, Василий бір — ақ ытқып жанына жетті.

— Ойбай!—деді анау зәресі қашып кетіп. Жіңішке даусы шығар — шықпастай боп, күшіктің қыңсылағанындай ғана үні естілді.

Василий ақ көйлегінің жағасы мен қара галстугын қоса айқара ұстап, қылқындыра қыса түсті де:

— Бересің бе, жоқ па қолжазбаны? — деді. — Ал бермейтін болсаң, мына пышақ қазір өкпеңе қадалады!

— Берем! Берем!—деді Пейілжан даусы қырылдай. — Тек тие көрме!

— Онда қазір үйіңнің есігінің алдына, өзіңнің алған жеріңе әкеп қой, — деді сол алқымынан ұстаған қалпында, өгіз бауыздайтындай лөк пышағын ананың кеуде тұсына таяп. — Егер қазір шығармасаң, не милицияға телефон соғып әуре ететін болсаң, өз обалың өзіңе! Бес минут күтемін.

Пейілжанды босатып жіберді.

— Жарайды, — деп анау үйіне сүріне — қабына жүгіре жөнелді. Василий терек арасынан қарап тұр, бір — екі минут өтпей, Пейілжан қолжазбаны сол папкасымен шарбақтың сыртына әкеп қойды да, «әлгі қанішер тағы ұстап алар» дегендей, саса — маса қайтадан үйіне жүгіре басып кіріп кетті.

Василий қолжазбаны алып кейін жүрді.

— Өз затың емес, милицияға телефон соқпайтыныңды білгем, — деді күлімсіреп ол кетіп бара жатып.—Ұры біткен бәріміздің мінезіміз, психологиямыз осындай.—Ол қолындағы пышағын қалың ағаштың арасына лақтырып тастады. — Хош бол!—деді…— Осымен сені ұстағаным бітсін!

Алматыға экспедицияның жабылу — жабылмау мәселесімен келген Күнтуардың үйіне сол күні қолжазбаны әкеп, өзінің өмірбаянын, болған оқиғаның бәрін айтып берді.

— Иә, соғыс талай жанның тағдырын бұзды ғой, — деді Күнтуар Василийді аяп кетіп.

— Мен сіздің Ленинградты қорғауда болғаныңызды естігеннен кейін тіпті шыдай алмадым. Жаңа айттым ғой менің әкем сонда ерлікпен қайтыс болған деп…

— Тоқта! Тоқта!—деді кенет Күнтуар. — Әкеңнің аты, фамилиясы кім дедің?

— Иван Егорович Михайлов!

— Япырм — ай, ол менің ротамда болды ғой. Өз қолымнан қойғанмын. Соңынан әйеліне қалай өлгенін де жазғанмын. Сен соның баласысың ба?

— Иә… — деді Василий кенет көзіне жас келіп.

Бұл оның он бір жасында өз үйінен кеткелі алғаш рет көзіне жас алуы еді.

Әрине, Күнтуар соңғы кезде археология жайындағы Пейілжанның кей пікірлерінің өз ойларына тым ұқсай түскеннен одан сезіктене бастаған. «Япырм — ай, осы жігіт жаман жолға мүлдем түсіп кетпесе жарар еді!» — деп, қолжазбаның жоғалғанына емес, жас ғалымның бұзылып кетуінен қауіптеніп, іштей әбігер бола қалған. Пейілжанмен ашық сөйлесуге дәті бармаған. Сол қолжазбаның бұдан әрі жанжалға, өкінішке айналмай, осылай табылғаны қарт археологтың көңілін жай тапқызды. Ол осы кішкентай оқиға арқылы біріне — бірі мінез — құлқы қарама — қарсы екі кісіні таныды. Әсіресе, жаны жақсы Василийді тапқанына Күнтуар өте қуанып қалды.

ЕКIНШI БӨЛIМ

БІРІНШІ ТАРАУ

Ашқанының болжағанын, күмәнданғанын қағаз бетіне түсіру — Күнтуардың ең жақсы көретін шаруасы. Ол — бұл кезде дүниедегі ең бақытты адам. Жалғанның өзге қызықтары, қобалжу, біреумен күресу, таласу — бәрі екінші сатыға көшеді, тіпті естен шығады. Міне, Михайлов қолжазбасын әкеп бергелі үш жылдан асып барады. Жоғарғы жақтың халық шаруашылық жоспарына өзгеріс кіргізуімен байланысты, Сырдарияны бөгеу жұмысы тағы екі жылға кешіктірілген. Бұған қарап Қайрақтыдағы экспедиция жұмысы тоқталмаған, бірақ жөнді табысқа да жете алмаған. Демек, сақ тайпаларының көркемөнері мен шаруашылығы жайында бұрыннан жазып жүрген кітабын әжептәуір бітіріп қалған. Тіпті биыл күз біржолата аяқтамақ та ойы бар еді.

Біздің заманымыздан төрт мың — бес мың жыл бұрын бұл өңірде қандай халық тұрғанын білмесе де, Қола дәуірдің соңғы кезіндегі Сыр бойын жайлаған сақ елі мен Темір дәуірінің алғашқы шеніндегі сақ тайпаларының ұштасып жатқаны оған айқын еді. Бұны оңтүстік Сібір мен Орта Азия жерлерінен табылған мұралар айқындаған. Ал қазақ жерінде сол тұсқа жататын сақ тайпаларының мұра — қалдықтары әлі жөнді ұшырамаған. Мүмкін ұшырап та қалар еді, қазақ археология зерттеу орындары мұндай тым ерте кезеңмен тікелей шұғылданбаған. Дұрысын айтқанда, Күнтуардың Қайрақтыдағы экспедициясы бұл жағынан қарағанда, ең алғашқы «тырнақ алдылардың» бірі еді. Осы жолғы зерттеу жұмысынан ғалым үлкен үміттенген. Сол себепті де, ол тегі экспедицияның жұмысының аяқталуын күтпек болған. Сосын барып кітабына кірісуді ойлаған. Бірақ оған өміpi құрғыр жетер ме? Жасы болса келіп қалды. Ал ондай кітаптар ондаған жылдар тілейді. Ар жағында басылып шығуына қаншама уақыт керек. Досы көп болғанымен, шын жолдасы жоқ еді. Ал жас кезінен серіктес; «осы менің шын жан аяспасым — ау!» деген Ерғазы анандай боп шықты. Күнтуар, дегенмен де, оның сөзінен кейін алты айдай мезгіл өткен кезде, бір ыңғайы келіп академик Вергинскийге барып жолыққан. Жолдасынан естіген сөзін айта келіп:

— Бұл не деген ағаттық? — деген, — Ерғазы туралы сізге мен еш уақытта жаман сөз айтып көрмеген тәрізді едім, әлде сіз мені басқа біреумен шатастырып алдыңыз ба?

— Сен айтты деген ондай сөз менің аузымнан шыққан емес, — деді академик, — және шығуы да мүмкін емес, өйткені Ерғазыны маған жамандаған жерің болған жоқ. Ал Ерғазыны сенсіз өзім де жақсы білем. Бірге қызмет істедім, қазір де кей жұмысы менімен байланысты. Дегенмен, саған айтарым: ол жолдасың, тегі, арам жігіт. Қабылдамай келгенімнің де себебі сонда…

— Мүмкін қабылдарсыз? Менің жазығымның жоқ екенін және жамандығы болса өзіне айтарсыз?

— Жоқ, қабылдамаймын. Ал сенің қысылатын дымың да жоқ. Арың таза…

Күнтуар үйіне келген соң Ерғазыға телефон соққан. Ол үйінде жоқ екен. Телефонды Ақгүл алған. Күнтуар Ерғазы екеуінің арасында болған сөзді айтып келіп, бүгін академик Вергинскийге жолыққанын естірте:

— Ол кісі маған Ерғазыға сен айтты деп ештеңе дегенім жоқ. Және Ерғазыны бес жылдан бері қабылдаған емеспін деді. Сонда Ерғазы мен жайындағы ана сөздерді қайдан шығарып жүр? — деген.

Ақгүл өзінін жұмсақ даусымен:

— Ол маған бұл сөзді академик Вергинский емес, оның інісі айтты деген. Әлі есімде «Мен мұндайды Күнтуардан күткем жоқ едім» деп сол күні түнімен ұйықтамай шықты.

— Інісі айтты дейді? Маған Вергинский өзі айтты деді ғой, бұнысы қалай? Егер академиктің інісі айтқан болса, оны баяғыда — ақ анықтауға болатын еді ғой. Мен Ерғазы жайы түгіл, жалпы ол жігітпен тіпті сөйлесіп көрген емеспін. Және Ерғазы менің ондай сөз айтпайтынымды білмейтін бе еді, сондай да жолдас бола ма екен?

— Творчествоның адамы емессіз бе, оны да сіз түсінуіңіз керек қой. Егер жақсы көрген жолдасы солай депті деп академик Вергинскийдің туған інісінің өзі айтып тұрса қалай сенбейді?

— Жолдас болғаныңа болайын! — деген кенет ашуланып кетіп Күнтуар. — Біреу мені кісі өлтірді десе, соған да сене ме? — Ол телефонның трубкасын тастай салған.

Күнтуар Вергинскийдің інісіне ренжіген жоқ, оның өсегіне Ерғазының сенгеніне ренжіді. Шын жолдас деп жүрген адамың мұндай келер болса, құрысын бәрі деп, бұдан былай қарай Ерғазы туралы ойлауды да, және онымен сөйлесуді де қойған.

Сөйткен Ерғазы оның алдынан тағы шықты, жоқ өзі емес, оқушысы Пейілжанды шығарды. Амал жоқ, Күнтуар енді: «Осы Ерғазының өзі кім?» — деген сұрақты қайта қоюға мәжбүр болды.

Бұл сұрақты ол осыдан отыз жыл бұрын қоюы керек еді, қайтесің, өзі адал адамның жұрттың бәрін адал көретін әдеті, тек басына таяқ тигенде ғана кімнің кім екенін түсінеді. Күнтуар да ұға бастады.

Ерғазы өз қасиетін тым жоғары бағалайтын кісі еді. Ол тек өзін — өзі жақсы көріп қоймайтын, тіпті басқан аяғын, істеген ісін бәрін өзгелердің істегенінен жоғары санайтын. Егер дүкеннен жолдасымен екеуі бірдей костюм алса, оған өзінің алған костюмі ананыкінен артық көрінетін. Оның мінген машинасы сұр түсті болса, ол, әрине, машинаның ең сұлуы сұр түсті дейтін.

Күнтуардың әлі есінде, жаралы болып қайтқан Ерғазыны, әйтеуір, өзі жұмыс істеп жүрген кеңсеге өйтіп — бүйтіп жанын салып қызметке алдырғанмен бір-екі ай өткеннен кейін екеуіне бір бөлмеде отыруға тура келді. Қызмет дәрежелері бірдейлігіне қарамай, Ерғазы қайткенмен тағы столды иемденгісі кеп жанталасқан. Сондағы қызарақтағаны күні бүгінге дейін Күнтуардың көз алдында тұр!

Күнтуар жолдасының өзімшіл, өте уақ мінезін алғашқы рет сонда байқап қалды. «Оқасы жоқ, мұндай уақтық әркімде-ақ болатын шығар» деп, Күнтуар жолдасының қылығына ішінен күліп, «жоғары жаққа сен отыр» деген.

Әрине, одан Ерғазының абыройы жоғарылаған жоқ. Үнемі осылай. Адамды адам ететін орыны емес, кісілік қасиеті, адамгершілігі екенін ол ұқпады. Оған неғұрлым жоғарғы дәрежелі орынға жетсе, солғұрлым жұрт алдында үстемдігі, өзінің өзгеден биік тұратыны анықтала түсетіндей көрінді. Сол, себептен, Ерғазы өмір бақи қызмет бабында жоғарылай беруді арман етті. Сол үшін істемеген әрекеті қалмады. Ал сайып келгенде, оның түбіне жеткен де осы көкейкесті арманы еді.

Ерғазы соғыс бітіп, енді майданға бармау үшін «бронь» қағаздың керегі жоғын білісімен -ақ ғылым академиясына ауысты. Тікелей ғылыммен шұғылданатын, өндіріспен байланысы бар жұмыстан көрі, ол бастықтық қызметті таңдады. «Институтта жаман оқыған жоқ едің ғой, мүмкін диссертация қорғарсың, ғылыми зерттеу жұмысына, не тікелей өндіріске барсаң қайтеді?» — деген Күнтуардың сөзіне ол: «Мен әкімшілік қызметте жүріп те кандидаттығымды тез қорғаймын», — деді. Айтқаны келді. Бірақ Ерғазы бір нәрсені еске алмады. Қанша доктор болмасын, өзі зерттеп ештеңе ашпаған соң, жұрт оны шын ғалымға санамады. Қызмет дәрежесі өскенмен, ғалымдық, дәрежесі өспеді. Расында, жоқ нәрседен қалай бар шығады? Осы кезде Ерғазы қайтадан Алматыға көшті. «Бұрын өндірісте істемеген, ал бұл бармақшы институт өндірістік беті бар институт» деп академик Вергинскийдің өзі қарсы шығып, Ерғазыны директорлыққа бекіттірмеді. Әрине, басқа біреу болса: «Әлі де ешкімнен кем емеспін, лаборатория басқарамын, жоғарғы оқу орындарында сабақ беремін, доктормын, профессор атағым тағы бар», — деп, сол шыққан биігін місе тұтар еді, бірақ Ерғазы ондай адам емес қой, өйте алмады. Бұрын қабылдауын сұрап өзгелер бұған келетін, ал енді өзі сол өзгенің бірі болғысы келмеді. Жеке кабинет, кресло, секретарь, жеңіл машинаға бауыр басып қалған сорлы басын астыңғы қабаттағы дымқыл ауалы лабораторияда нағыз бір жұмысшыдай тас қашап, ғылым гранитін кеміруге көндіге алмады. Тағы ізденді, тағы жоғарғы жаққа барды. Әйтеуір, өйтіп — бүйтіп жүріп осы Қайрақтыға ауысты. Әрине, бұл бәлендей үлкен орын емес, бірақ бастық деген аты бар. Ерғазы біржолата құрып кетем бе деп қорқып еді, енді бұған жеткеніне де шүкіршілік етті. «Жақсы, — деді ол ішінен, — директорлық лаборатория басқару емес қой, керек адамдарға бір табан болса да жақындай түстім, әзірге бұған да тәуба, соңынан көрермін, тірі жанмын ғой».

Міне, Ерғазы осындай күйде жүрген кезінде Пейілжанның өзі келді.

— Көрінбей кеттің ғой, қайда болдың? — деді оған Ерғазы.

— Бір жетіден бері қолым тимей кетті. Күнтуардың баласы Дәниел тарихи роман жазған екен, баспа маған жабық рецензияға жіберген екен, соны оқумен болдым…

— Не жайында екен?

— Көне заман, сақтар туралы.

— Туу, жас жігіттер осылай келеді! Бүгінгі заман оған жетпеп пе, сақ дәуірі кәрілердің ермегі емес пе… Кітабының өзі қандай екен?

— Әкесінің ықпалы тиген болуы керек… Жаман тәрізді емес.

— Жоқ, жаман болуға тиісті — Кенет Ерғазы ашулана қалды, — Сақ жөнінде ол не біледі?! Ол дәуір мына біздікі! Тек біз ғана құпияларын ашуымыз керек!.. Тоқтай тұр, сонда сенің жабық рецензияңның құны қандай? Баспаның тәртібі қалай еді?

— Менің рецензиям жаман десе, кітап басылмайды. Тәртібі солай. Бұл кітаптың негізгі өзегі сақ дәуірі болғандықтан, оны зерттеп жүрген ғалымдардың бірі менмін ғой… Менің атым, лауазымым бір кітапты шығартпауға жетеді.

— Онда…

Ерғазы ойлана қалды. Жоқ, Дәниел кітап жазып, содан бұлар зерттеп жүрген істің алғашқы ашылуы, қазақ халқына жетуі жазушының үлесіне кетеді екен деп қорыққан жоқ ол. Көркем әдебиетті көп оқитын, жақсы көретін кісі болмағанмен, оның адам туралы екенін Ерғазы да білетін. Және Дәниелдің кітабының бұлардың еңбегіне кесірі тимейтінін де түсінетін. Бірақ оның ойлағаны басқа жағдай. Дәниел болса Күнтуардың жалғыз баласы. Ал Күнтуардың баласына дегенде тек жаны ғана бөлек, әйтпесе бәрі соның үстінде. Қуанышы да, болашағы да бәрі Дәниелі. Жалғыз баласының қабағын шытқаны, ренжігені оған етіне тиер таяқтан ауыр. Жаннат кетіп қалғанда баласынан гөрі, жалғыз қиналады — ау деп әкесі көбірек қайғырды дегенді естіген. Сондықтан баласына атылған оқ — әкесіне де атылған оқ…

Баласының кенет неге толқып кеткенін ұққан Күнтуар:

— Жақында театрда Арман мен Жаннатты көрдім, — деді, — мен бірдеме ұқсам, бақытты адамдар ондай болмайды…

Дәниел бірден жауап қайырмады.

— Иә, солай… солай, — деді ол қолжазбасын әкесінен алып жатып. — Бақыт деген бір қол жетпейтін қиял көрінеді ғой. Сатып та ала алмайсың, сата да алмайтын…

ЕКІНШІ ТАРАУ

Басынан қандай — қилы кезең өтпесін, Ақгүлдің бар көкейкесті тілегі — Арманы болған. Тентектігін де, еркелігін де көтере білген. Бірақ ана жүрегін бала түсінді ме? Әлем біткен ата, ана ,бәрі тек өзі үшін жаралғандай, мінезді, өзімшіл болып өсті. Ол жолдас -жоралары түгіл, шыбын жаны үстінде шіркейдей боп барын жимай, бәле — жаладан қарлығаштай қорғаған анасының дa көңіліне қарауды білмеді. Анаға бұдан асқан азап бар ма? Бұл қылығы аз болғандай, көзінің қарашығындай жалғызы білім, өнер қумай, көңілі карта мен араққа ауып, үнемі ауырдың үстімен жеңілдің астымен жүруді тіледі… Осының бәрін өмір қиындығына табансыз, мінез — құлқы тұрақсыз бала өсіргенін сорлы Ақгүл соңынан білді. Бірақ жалғызы үшін бар махаббатын сарп еткен ана ғой, ескілердің «уа, құдай, бала берсең — сана бер. Сана бермесең, ала бер» деген қағидасынан сонда да қаша берді, әлі де болса «Арманым!» деп бәйек боп, шықпаған жаны, қимаған қызығы қалмады. Әйткенмен, жазмыш адал ниет, ақ жүрек ананың тілегін мүсіркеді ме, Жаннат түскеннен бері Ақгүлдің көңілі орнығайын деді. Көрінген жерге саңғыған тақтақ құс тәрізді, бір орнында дәйек тауып қызмет істей алмай жүрген берекесіз ұлының жетпейтін жерін енді келіні жабатынын ұқты. «Жаман еркекті жақсы әйел адам етеді» деген сөзді медет ете бастады. Оның үстіне, Жаннат екі ұл тапқаннан бері Ақгүл баласының болашағынан дәмеленіп, демін еркін алуға айналды. Осындай жағдайда ол ері Ерғазының туған күні тойына дайындала бастады.

Бүгін күн тымырсық ауыр еді. Ноябрь мейрамы кезіндегі түскен алғашқы ұлпа қар екі күннен кейін кетіп қалған. Содан бері күнара жаңбыр құйып, қаланың үстіп қалың көрпедей боп тұман жауып, ауа райы бір жөнделмей қойған. Оның үстіне, мазутпен жүретін ТЭЦ-тің мұнара мұржасынан будақ — будақ шыққан сасық иісті түтіні қала үстінен көлбей көшіп, оған кеше бойы тыным таппай ағылған самосвал, Камаздардың көкшіл түсті ашқылтым газдары қосылып, адамның тынысын тарылта түскен. Бұдан бұрын басынан екі рет жеңіл инфаркты еткізген Ақгүлге бүгінгі күн райы ауыр тиген. Жүрегі алқынып әзер отырды. Сөйтсе де тойды қалай өткізу керек, не дайындаған жөн, соларды ойлап таңертеңнен бері тыныштай алмаған. Келіні Жаннат балаларын жана ғана шомылдырып болын, өз бөлмесінде киіндіріп жатқан.

Сыртқы есік қоңырауы ұзақ шылдырады.

Ақгүл өзі барып есік ашты. Қоңырау қаққан бейтаныс, мосқалдау келген бір жүдеу өңді, жұпыны киінген әйел екен.

— Ғафу етіңіз, бұл үй профессор Ерғазының үйі ме? — деді ол.

Ақгүл сол қолымен жүрегінің тұсын сәл сипап:

— Иә, — деді.

— Сіз жұбайы боларсыз?..

Ақгүл тағы да:

— Иә, — деді.

Бейтаныс әйел қысылып тұрғандай кейіп көрсетті.

— Рұқсат етсеңіз, мен сізбенен сөйлескелі келіп едім…

— Не жайында? — кенет Ақгүл әбігерлене қалды. — Кіріңіз, үйге кіріңіз. Есік алдында тұрып сөйлескеніміз жөн болмас.

Жат әйел де, сірә, сырқат болуы керек, аяғын ілби басып Ақгүлдің соңына ерді. Екеуі диванға қатарласа отырды. Әйел:

— Байқаймын, сіздің де жүрегіңіз ауырады ғой деймін, — деді.

Ақгүл ақырын күрсінді.

— Бұл дүниеде жаны ауырмайтын жан бар дейсіз бе… Шаруаңызды айта отырыңыз…

Әйел әңгімесін айтарын да, айтпасын да білмей қиналып қалған тәрізді… Сөйтсе де, бөтен лажы жоқтай:

— Сізді де өзімдей ана ғой, менің қайғыма түсінер деп келіп отырмын… — деді ол, — мазаңызды алғанымды айыпқа бұйырмаңыз.

— О не дегеніңіз. Шаруаңызды айта беріңіз.

— Мен бір сорлы жанмын, — деді әйел көзіне жас алып. — Ерім соғыста қаза тапқан. Одан жиырмамда айырылдым… Ұлы сөзде ұят жоқ, қосағымды өте жақсы көретін едім, соның аруағын қара жердің құшағында тебірентпейін деп, қолайлы адам кездессе де, күйеуге шықпадым… Ерімнен бір жасар жалғыз ұл қалған, аты Жағыпар. Хат танымайтын жесір әйелге бала өсіру қандай қиын. Әйтеуір, зауытта жұмыс істедім, бертін келген соң денсаулығым нашарлап кеткеннен кейін мектепте еден жудым, пеш жақтым, ақыры жалғызыма он жылдықты бітірттім. Содан кейін ол өнер — білім қуып Алматыға кеткен. Төрт жыл оқып, биыл ән — күйден сабақ беретін боп, өзі оқыған мектепке келген. Со жақта жүріп үйленген екен. Өзімен бірге келіншегін де ала келді. Аты Бибі… Адам деуге аузың бармайды, шайтан тәрізді бір қуыршақ. Алматыдағы бір үлкен адамның үлде мен бүлдеге оранған, ерке шора қызы екен… Көргеннен-ақ мен секілді үй сыпырушы сорлы әйелдің жалғыз баласына қолайлы бола қояр ма екен деп ойлап едім. Солай боп шықты. Келінім осында мәдениет сарайында екі айдан бері жұртқа би үйрететін боп жұмысқа кірген… Ал балам содан бері құрт ауруға шалдыққандай әбден жүдеп кетті. Ана көзі көреген ғой, бір сұмдықты ішім сезіп, баламнан не болды, келін екеуің келгендегідей емес, салқынсыңдар ғой деп бір — екі рет сұрап көріп едім, «қайтесің, апа…» деп уһілейді де, ештеңе айтпай қойған. Сөйтсем әлгі келіні құрғыр сіздің балаңыз Арманмен көңіл қосып қойған екен.

Ақгүл демін әзер ала сөйледі.

— Қой, бекер болар.

— Ләйім солай болғай деп мен де тілегем. Бірақ шын екен. Бүгін келінім келіп: «Сенің балаңа мен білмей шыққан екем, ертең Арманға кетем, менің заттарымды дайындап қой. Арман сенің балаңдай мыртық емес, Алматының терегіндей бойшаң, нағыз жігіт! Мен оны сүйемін, күйемін! — деді.

— Япырм — ай.. Арманның әйелі мен екі баласы бар ғой.

— Кейбір жастар сіз бен біз бе… Махаббат, шапағат дей ме, әйел мен балаға қарап тыным тауып жүр ме… — Бейтаныс әйел көзіме жас алды, — кімнен кім айрылмай жатыр, келмей — ақ қояйын деп едім, жалғызым, бишара балам, ол бетбақты жанындай жақсы көретін еді. Түрінен қорқам. Егер келін шіркін рас кетіп қалса, өзіне — өзі зақым істей ме деп те зәрем жоқ… Сосын… ана ғой, менің қайғыма түсінер деп өзіңе келдім… Көз жасыма қарар дедім…

— Япырм — ай, менің Жаннатым естісе не дейді, — деп Ақгүл қырылдай сөйлеп келе жатты да, «дейінің» аяқ буыны «діні» айта алмай, жүрегі алқымына тығылып, шалқалай құлай берді.

Бұны көрген әйел де кенет сұп — сұр боп, жүрегін ұстап:

— Бишара — ай, бүйтеріңді білгенімде… — деп әбігер болды да қалды.

Жаңа ғана киіндірген Сәкенін көтеріп, Дәулетін жетектеп әжелеріне көрсетпек боп төргі бөлмеге кіріп келе жатқан Жаннат сұлап жатқан енесі мен не істеуге білмей әзер отырған кемпірді көріп шошып кетті.

Қолындағы нәрестесін құлатып ала жаздап, бір сүрініп түрегелді. Баласын жерге тастай сап, енесінің жанына жүгіріп жетті.

— Апатай — ай, не болды? — деп басын ұстай берді.

Енесінің мұндай ауруын бұрын да көрген Жаннат оның жүрегінің тағы да қысылып кеткенін бірден ұғып, өн бойы дір — дір етіп, телефон трубкасына жабысты. Дереу «жедел жәрдем» кезекшісіне хабар берді. Басқа не істерін білмей, көйлегінің кеудесін ашып жіберіп, комод үстіндегі валокордішді суға тамшылап, аузына құйды. Тағы да барып телефонға жабысты, әлдекімдерге хабар берді. Маңдайынан тер бұрқ — бұрқ шығып әбден састы. Енді не істерге білмей абыржып тұрғанда, Дәулеті жүгіріп хабар берген көршілері де кіріп келді. Бұлар да не істерлерін білмей, «япырм — ай, япырм — ай » деп терезені ашып, құр әлек болды да қалды. Әйтеуір, дәл осы кезде, «тығыз жәрдем» де жетті. Жас дәрігер орыс әйелі бұлардай абыржымай, салмақты пішінмен тез қимылдап, Ақгүлдің тамырын ұстап, кеудесін сәл тыңдап, мұндайда қолданылар темір инеменен денеге тарататын дәріні жіберді. Әлі сұлық отырған ана кемпірге де соны істеді. Содан кейін екеуінің тамырын кезек — кезек ұстап, әлден уақытта барып өзінің жәрдемшілеріне, Ақгүлді зембілге ептеп салдырып, кемпірді қолтықтап машинаға отырғызып, екеуін тез ауруханаға алып жүрулерін бұйырды.

Ақгүл бір сағаттан кейін есін жиды. Ал бейтаныс әйел ауруханаға келгеннен кейін талықси бастады. Екеуінде де инфаркт белгісі болып шықты. Дәрігерлердің арқасында Ақгүл бір ажалдан тағы аман қалды. Ал Жағыпардың шешесі қандай дәрі — дәрмек беріп, уколдар істегенмен, есі кейде болмашы кіріп, жүрегі тағы қысылып талықсып кетіп, өлім мен өмірдің арасында жанталасуда болды. Күннен — күнге халі нашарлай түсті.

Үш күн өткеннен кейін Ерғазы мен Жаннатқа емдеуші дәрігер Ақгүлге жолығуға рұқсат етті.

Дәрігердің «көп отырмаңыздар және көңілі толқыр сөз айтпаңыздар» деген өтінішіне қарамастан, жайшылықтағы сыпайы мінезінен тыс:

— Той болайын деп жатқанда, сенің бұның не? — деп Ерғазы сөйлей кірді.

Ақгүл сәл езу тартты.

— Әдейі істеді дейсің бе?

Ерғазы дөрекі қалжыңдады.

— Кім біледі сені! Бәрібір тойды сенсіз де өткіземіз!.. Тек, өзің құр қалма, тезірек жазылып шық.

Жаннат аң-таң. Қайын атасы бұрын мұндай дөрекі мінез көрсетпейтін. Ал бүгін… бірдемеге қуанғандай ма, әлде әйеліне осылай әдейі қалжыңдағысы келді ме, әйтеуір үнінен бір жасанды саз естілді.

Ақгүл тағы мұңая күлімсіреді.

— Жарайды, айтқаныңды орындармын.

Енесінің маңдайынан сүйіп, қолынан ұстап, үн — түнсіз жүдеп отырған Жаннат:

— Осы тойды әзірге қоя тұрсақ қайтер еді? — деді. — Сіз болсаңыз ауырып қалдыңыз…

Ерғазы сөзін келіннен гөрі, әйеліне арнағандай үнмен:

— Ол дұрыс болар ма екен? Ресторанға банкеттің құнын төлеп қойдық, — деді, — және жұрттың бәрі де хабарланып қалды…

Ақгүл ерінің ыңғайына қарай:

— Әрине, тойды өткізген жөн, — деді Шүкір, қазір мен де сауығып келемін, мүмкін салтанат күніне ауруханадан шығып та қалармын.

— Жоқ, жоқ, — деді Жаннат, — әбден жазылмай сізге шығуға болмайды. Тойды өзіміз де бірдеме етіп өткізерміз. Өткен жылы бекер ерте шықтыңыз. Жүрекпен ойнауға болмайды ғой. — Жаннат сәл кідірді де, енесінің бір жерін ауыртып алмайын дегендей, көңіліне күдік салған жайды сұрады. — Өзі қалай болды?.. Жүрегіңіз неден қысылып қалды?.. Ол әйел кім еді?..

Ақгүл де Жаннатының жүрегін ауыртқысы келмеді, болған оқиғаның бәрін жасырды.

— Қыз кезімізде бірге өскен адам еді, — деді төмен қарап, — көп жыл көрген жоқ едім… Жастық күндерімізді, ананы — мынаны еске түсіреміз деп көңіліміз босап кетті. Көрдіңдер ме, ақырында ауруханадан бір-ақ шықтық.

— Айттым ғой сізге тіпті толқуға, қобалжуға болмайды деп. Әлі той күні шықпақшысыз… — деді Жаннат енесінің басындағы орамалынан шығып кеткен шашын қайта кіргізіп жатып. — Ол бишара әйелдің халі қалай екен?

Әйелдің бөтен бөлмеде қиын халде жатқанын білетін Ақгүл: «Жаман емес», — деп тағы жалған айтты.

Жаннат ертең Арманмен бірге келмек боп, енесінің тез жазылуын тілеп, екі бетінен кезек -кезек сүйіп, қайын атасымен бірге үйіне қайтып кетті. «Осындай, алтын келінімнен айрылып қалам ба» деп тағы қобалжи бастаған Ақгүл үнсіз жылап қала берді. Демек, өзіне — өзі тоқтау салды. «Қой, Арманым ондай ақымақтық істемес, әлі өзімен сөйлесермін».

Ақгүл бейтаныс әйел жөнінде жалған айттым деп ойласа да, дұрысын айтқан еді. Сол күннен бастап, расында да, бейтаныс әйел Нұржамал жөнделе бастаған. Бүйтуіне көңілінің орнығуы себеп болған. Нұржамалдың Ақгүлмен ауруханаға түскенінен Жағыпар бар жағдайды ұққан. Жанындай жақсы көретін анасының мұнда жеткеніне өзін кінәлі санап, күндіз — түні оның ойлаған.

— Aпa, — деген оңаша қалғаннан кейін Арман, — мен бірдеме айтсам тыңдайсың ба?..

— Тыңдайын, қалқам, сені тыңдамағанда кімді тыңдаймын.

— Тыңдасаң… апа, ренжіме, мен Жаннатты тастамақпын…

— Тастамағың қалай?..

— Мен өз бақытымды таптым.

— «Өз бақытымды таптым» дегенің не? Әлде сен бақытсыз ба едің?..

— Иә, білмей келген екем, бақытсыз екем.. Ал қазір бақыттымын… Бибімен кездестім. Біз бір — бірімізді өлердей сүйеміз.

— Ау, қалқам-ау, сен не айтып отырсың? Сонда анау балдан тәтті, көзіміздің қарашығындай, Сәкен мен Дәулетті қайда қоясың? Қалай қиып тастап кетесің?

— Қимасаңдар өздерің алып қал.

Ақгүл бұдан әрі сөйлеуге шыдай алмады. Жүрегі алқынып, тағы есі ауып кетті.

Жүгіріп бақылаушы әйел де жетті. Арманды шығарып жіберіп, укол істеді. Бір сағаттан кейін барып есі қайта кірді. Ертеңіне Жаннат тағы келді. Ештеңеден қаннен — қаперсіз бишара, тойдың қандай дайындығы болып жатқанын айтып біраз отырды. Ақгүл Арманның сөзін Жаннатқа жеткізуге аузы бармады, тек: «Тойды, әйтеуір, дұрыс өткізіңдер, сенерім өзің», — деп қала берді.

Сол күннен бастап Ақгүл: «Япырмай, Арманым мен Жаннатымның арасы не болар екен? Мүмкін ақылға түсер, не ана жүзіқара Бибісі күйеуін қимас» деп қобалжыған көңіліне әлденені демеу етіп, төсегіне қозғала алмай жатып қалды. Бұдан кейін Арманы қайтып жолықпады. Әлсін — әлсін балаларын ертіп келіні келеді. Бұл екеуінің арасындағы әңгіме тек тойды қалай жақсы өткізу ғана болды. Бірақ Ақгүл ауруханадан тез шығып, сонау жеткелі тұрған қайғыны болдырмауға асығуда еді. Мұндайда көңілі күпті адам тез жазыла қоя ма, Ақгүл де жазыла алмады.

Бұл жалғанда кім мақтағанды жек көрген? Демек, бос күбі — дүңкілдек, мақтаншақтық — адамның осалдығы, уақтығы.

Мереке мәдениет сарайында өтті. Оқалы шапандар иығына жабылды, транзистор, магнитофондар сыйлыққа тартылды. «Ғылымның ақ саңлағы», «кәрі тарланы», «бәлендей адамдарды кандидат етті», «ғылымның бәлендей жаңа беттерін ашты» деп Ерғазының түймедей жақсылығы болса, түйедей етіп атап, талай қызыл өңеш ділмарлар «ағынан жарылып» шешіле сөйледі. Пионерлер шығып гүл тапсырды. Аяғында баяғыда өзі қуып жіберген ескі досы: «Міне, біз де қартайдық, — деп көзіне жас алып, бетінен сүйді. Көбінің сөзі жалған екенін біле тұрса да, жалпы жұрттың жылы лебізінен «шынында да мені өзім осындай екенмін ғой!» деп Ерғазы да бір өсіп қалды. «Тағы да айта, түсіңдер» дегендей, әр шешеннің сөзінен кейін жұртқа қарап басын изей, ризалығын білдіріп отырды.

Ертеңінде ресторанда тағам кеші болды. Кешегі мақтау — мақтау ма, сөздің маржан -асыл тастары, міне, осында жарқырай төгілді.

Жұрт белгіленген кезінде жинала бастады. Ресторанның үшінші қабатындағы әжептәуір банкет залына столдар «П» әрпі тәрізді, біріне — бірін тиістіре қойылған. Ақ дастарқан жабылған стол үсті толған тағам. Қазақтың қазы, қарта, өкпе — бауыр, Алматының қып -қызыл апорт, сап — сары лимондарын былай тастағанда, өзбектің балдан тәтті жүзімі, Қырымның апельсин — лимоны, Индияның ананас — бананына дейін бар. Ішімдіктің сан түрлісі тұр. Көз жасындай мөп — мөлдір «Экстрадан» бастап, қоп — қою қара сиядай француз коньягына шекті стол үстінде самсай қалған. Тағам кеші сәнділігі патша тойына бергісіз.

Есік алдында бір екі дос — жар әйелдері мен Жаннаттың өзі қонақтарды қабылдауда. Арманның бір — екі шақырылған жолдасы Ерғазыға әкелген сыйлықтарын алып жатыр. Доктордың өзі ақтығына көз шағылысатындай ақ нейлон көйлек пен ағылшынның қымбат трикосынан тігілген қара костюмін киіп, төрдегі ең үлкен креслода отыр. Көзі сәл жасаурап кеткен, сірә, бірер рюмка коньякты күні бұрын ішіп алған тәрізді. Ғажап, ол бүгін де өзінің тойы екеніне қарамай, жайшылықтағы әдетіне салып, өзін құттықтап келіп жатқан жолдастарын іштей сынап мін тағумен болды. «Япырмай, мына пісте мұрын Сәрсен тышқан аулайтын ақ сары бас құстан аусайшы!.. Мына инеліктей қатқаны кім болды екен? Қартаяйын деген екем, танымай қалыппын ғой, бұл өзімнің көне жолдасым Сиқымбай екен ғой. Қайдан білейін, сыптай болып киініп алыпты. Туу, осы уақытқа дейін қалай аңғармағанмын, мына Сәтібектің тұмсығы түлкінің тұмсығынан аусайшы, тек шеке тұсынан екі тікірейген құлақ бітсе болғаны, қырдың қызыл түлкісі дейсің де қоярсың!.. Ал мынау шалшық судағы балықшы құс тәрізді сидиған кім болды екен?..»

Осы кезде залға Күнтуар кірді. Бұрынғы қою, ұйысқан бурыл шашы тіпті бозғылт тартып кеткен. Бірақ бой тұлғасы сол бұрынғы қалпы, мығым бүкірейетін түрі жоқ… Алтын сымды көзілдірігі әдеттегісіндей жалт — жұлт етеді. Жаннат Күнтуардың кіріп келе жатқанын көріп, беті шыдамай теріс айналып кетті. Археологты бөтен әйел қарсы алып, жоғары қарай қолтықтап әкеле жатыр. Ерғазы өзгелердей Күнтуардың өзін жанына келіп құттықтауын күтпей, асыға орнынан тұрып оған қарсы жүрді…

— Кеше салтанатты кешіңе үлгере алмадым, — деді Күнтуар құшақтасып амандасып болған соң, мұндай мүшелі тойда өкпе-назды ұмыту керек екенін ұмытпай. — Әуе райы болмай, Алматыдан алты сағат кеш шықтық…

— Оқасы жоқ, оқасы жоқ, — деді Ерғазы ескі серігінің келгеніне қуанып қалғандай сыңай көрсетіп, — мүлде келмей қала ма деп қорқып едім…

— Неге? Мұндай столға келмей қалуға бола ма? — деді ол әдеттегі қуақы тіліне салып, жан — жағынан қоршап үлгірген жастарға күле қарап. — Жалпы бұндай салтанаттың мен өзім бірінші ресми бөлімінен гөрі осындай ішіп-жемі көп екінші бөлімін жақсы көремін…

Қарт инженердің қалжыңын ұққан жастар ду күлді. Тағы бір электр шамы жағылғандай зал іші сәулелене, жұрттың көңілі көтеріле түсті.

Ерғазы кенет томсара қалды. «Күнтуар қайда жүрсе де, ылғи осылай, жұрттың көңілін бірден өзіне тартып әкетеді. Жас біткеннің бәрі аузынан шыққан сөзін қошеметтей жөнеледі. Не сиқыры бар?» Доктордың жолдасын көре алмастық ежелгі сезімі кенет тағы оянып, көңілі сәл жүдей қалды.

Күнтуар келісімен жұрт стол басына отыра бастады. Жаннат Дәниелдің әкесінің көзіне түскісі келмей, одан алыстау жерден барып орын алды. Қарсы алдында — Арман.

Жұрт отырып болысымен, кешегі салтанатты кешті ашқан, осы мерекені өткізетін комиссиясының бастығы, бүгінгі кештің қонақ ағасы Сыздық рюмкасын көтерді.

— Қадірлі достар! — деді ол бір қолымен қисайып кеткен галстугын жөндеп, — біз бүгін қазақтың атақты ғалымдарының бірі қымбатты Ерекеңнің тойын жалғай түспекпіз. Бұл кісінің елімізге сіңірген еңбектері аз емес, — ол кешеден бері жұрт айтып бітіре алмай жатқан Ерғазының елге сіңірген еңбегін бармағымен санап атап етті. Сан қилы әсем сөздермен директорын құттықтай келіп, оның «бұдан да артық табысқа жетіп, көп жасауын» тілеп, рюмкесін ішті.

Осындай бағытта тағы да екі-үш ресми адамдар тост көтергеннен кейін, сөз Күнтуарға берілді.

— Адам баласының әр кезеңінің өз қуанышы бар, — деді ол, — жас жанның алдында өмір бар, халқына істейтін еңбегі, ашатын сыры бар. Сондықтан жас кезең — өз алдына бір қызық дәурен. Ал қарт кісінің де қуанышы жеткілікті. Ол тартыс — таласты өмірді өтті. Халқына, Отанына қолынан келген еңбегін сіңірді. Сондықтан да бұның кезеңі де өз алдына бір ғанибет бағалы кезең. Ал қарт адамның осындай тамаша дәуренін ерекше көркейте түсетін тағы бір қасиеті — ол сол қарттың ақниеттігі, ақ жүректігі. Егер сен біреуді қараламасаң, жала жаппасаң, арың, ұятың таза болса, бұдан артық саған бақыт бар ма?! Ерғазы, сен сондай таза адамның бірісің. Сол себептен де сенің құрметіңе көтеріліп жатқан тосқа мен де қосыламын, мен де саған шын жүректен жұртпен бірге бүгінгі күніңнен де үлкен табыс, ұзақ өмір тілеймін. (Ерғазы жадырай қуанудың орнына сұп — сұр боп жерге қарады. «Япырм-ай, — деді ол ішінен, Күнтуар менің өзіне деген ойымды сезбей жүр ме? Сезсе де, бәрін кешіріп, үлкен жүректік көрсетіп әдейі айтып тұр ма? Қайткен күнде де мені өлтірейін деген жері осы екен!») Ал көңілінде бәлендей дақ жоқ Күнтуар айтайын дегенін жалғай түсті, — сөз жоқ, — деді ол, — әйтсе де, жастық дәуреннің бір артықтығы бар. Ол — өзің жассың, балаларың да жас, әзірге сен олардың қайғысын ойламайсың. Ал кәрі кісінің — балалары да ержеткен. Олардың қуанышы — сенің қуанышың, қайғысы — сенің қайғың. Балаларың жаман болса, сен оларды «әлі жас, жөнделеді» дей алмайсың, олардың әр бұрыс басқан қадамына сен қиналасың, жаның күйеді.

Miнe, кәріліктің жастықтан жеңілер ең осал жері осы.

Есік жақта отырған біреу дауыстады.

— Егер балалары жақсы болса, ол кәрілердің аса бір қуанышы емес пе? Оны неге санаққа алмасқа?

— Әрине, жас түлегің жақсы болса, сенен бақытты адам жоқ. Менің айтып тұрғаным ол емес, — деді Күнтуар, — тек кәрілердің жастарға қарағанда қиналар жерін, жастардан кем жерін айтып тұрмын. Құдайға шүкір, бұл жағынан да Ерғазы сен де бақытты жансың. Сондықтан мен осы тостымды өзіңді баладай бағып келген, анау ауруханада сырқаттанып жатқан қосағың үшін, әкелерін бүгінгідей құрметті жасына шаршатпай жеткізген балаң мен келінің үшін ішемін, — деп келе жатты да кенет тоқтай қалды. Ол отырған жұртты көзімен тегіс қарап шығып, Жаннатты тауып алды. Дәниел мен Жаннаттың оқиғасынан хабардар кейбіреулер «тағы не айтар?» екен дегендей құлақтарын түре түсті. Күнтуар көзін енді Жаннатқа үлкен бір әкелік мейірбандықпен тоқтатып: — қарағым Жаннат, — деді,—бұл тосты әсіресе сен үшін ішемін!

Жаннат шыдай алмады, көзінен шығып кеткен жасын сүртпей, тұрып келіп Күнтуардың қасына барды. Кешегі жанындай жақсы көріп құрметтеген, әкесіндей болған кісінің екі бетінен кезек — кезек сүйіп, «көп жасаңыз» деп рюмкасындағы шарабын ішіп орнына кеп отырды.

Дәл осы кезде залға тағы біреулер кірді. Арманның атып тұрғанына таң қалып, Жаннат есік жаққа бұрылды. Кірген үш жас әйел екен. Әжептәуір әдемі түрін асыра бояп бүлдірген, көзінің үстіне ұзын жалған кірпік таққан Бибіні Жаннат бірден таныды. Бұрын бір — екі рет көрген. Бұтына балағы сала құлаш қызыл кримплин шалбар киген. Сондай түсті жеңсіз камзол, талдырмаш, сымбатты денесіне жарасып тұр. Құлағында балық аулайтын жалтырауық жалпақ қармақ тәрізді алтын сырға, саусақтарында — гауһар тасты жүзіктер. Кеудесіне алақандай етіп арап медальонын тағып алған. Бетін соншалық баттастыра бояғаны болмаса, біркелкі сұлу да тәрізді. Ұзын жасанды кірпіктерінің астынан тостағандай ойнақы қарақат көзі жұртқа жаудырай қарай қалған. Арт жағында — шашын желкесіне тоқпақтай етіп түйіп алған, қоңыр киінген орта жасқа таяған сәнқой әйел. Бұның да бетінде бір елі бояу, қалың ерні қан жалаған қанден күшіктікіндей қып -қызыл. Бұның да тұлға бітісі көз тартарлық. Бірақ қызыл киінген жас Бибіге қарағанда, оның көлеңкесі тәрізді ғана жұртқа пор қалдырғандай. Арманның бұлардың жанына жүгіріп барып, бәйек қаққанынан Жаннат әлденеге сескене қалды. Әйел жүрегі бұлтсыз күні жел тұрғанынан үлкен дауыл болатынын алдын ала сезе білетін күйкентай құс тәрізді, өзіне келе жатқан қауіпті, әсіресе, әйелден келер қауіпті бірден байқайды.

«Жоқ, жоқ,— деді Жаннат лүпілдей жөнелген жүрегін әзер басып — бүгін сенің міндетің — қайын атаңның мереке кешін дұрыстап өткіздіру. Өзге оқиғаға көңіліңді алаң етпеуің керек».

Арман үш әйелді өзінің столының жанына әкеп отырғызды. Оларға арақ, шарап құйып, тамақ ұсынып өліп барады. Әсіресе, өзіне күлімсірей қараған Бибіге дегенде, дәл қазір қаңбақ боп ұшып жетуге бар. Бағанадан бері Арман селсоқтау жүрген.Оның әлсін — әлсін есікке қарай бергенінен: «Бұған не болды, әлде біреуді күтіп отыр ма?» — деп ойлаған да қойған Жаннат. Енді бәрі түсінікті секілденді. Арман екеуінің арасына бір қара мысық сұмдықтың жүгіргелі тұрғанын анық сезінді. Сөйтсе де, Жаннат өзгелерге сыр бермеуге тырысты. Іші оттай күйіп бара жатса да, өзін-өзі басты.

Кеш тамаша өтті. Би биленді, ән салынды. Жұрттың бәрі рахаттанды. Тек үйіне Жаннат қана қайғылы қайтты. Арман әлгі әйелдерді шығарып салуға кетіп қалды.

Жаннат өзін күтіп, екі көздері төрт болып отырған екі баласын қасына алып төсегіне жатты. Көзіне ұйқы келмей — ақ қойды. Бір мезет жанына батқан қайғыға шыдай алмай, жастығын құшақтап солқ-солқ жылады. Тек таң ата, көзі ұйқыға кетіп бара жатқанда ғана, сыртқы есікті өз кілтімен ашып Арманның үйге кіргенін естіді. Бірақ ол әйелінің жанына келмеді. Арман көптен бері өстіп кеш қайтатын әдет шығарған. Және үн — түнсіз қонақ үйіне кіріп, диванға жата салатын. «Жолдастарымен карта ойнап кеш қайтқан шығар» дейтін де қоятын Жаннат. Кенжесі Сәкені туғаннан бері күйеуінен гөрі оның көңілі балаларына көбірек ауған еді. Жоқ, құр ғана көңілі емес, бұрынғы жарға деген ләззаты да енді балаларына деген махаббатқа көшкен тәрізденген. Жүрегін, қиялын соңғы кезде ана сезімі мүлдем билей бастаған. Сондықтан да Жаннат бұрында Арманның кеш келгеніне бәлендей мән бермейтін, ашу шақырып ренжімейтін. Ал бүгін ше? Бағанағы Бибіні көргеннен кейін жүрегінде кенет бір қызғаншақтық сезім туды. Енді ғана Арманды

әлі де бұрынғысындай жақсы көретінін анық сезді. Сол себептен де көрер таңын көзімен атқызды.

Таңертең Ақгүл кештің қалай өткенін сұрап телефон соқты, өз қайғысы жанын сүліктей сорып тұрса да, қайын енесінің тез жазылып шығуын шын жүректен тілеген Жаннат, ренжіп қалмасын деп сыр бермей, шамасы келгенше жайдары сөйлеуге тырысты. «Қазіргі тілек — осы бишараның тез жазылуы. Ол жазылғанша да қайғымды баса тұрайын», — деді ол. Бірақ ана емес пе, өзінің басынан да сан қасірет өткен, келіні кештің жақсы аяқталғанын қанша күле сөйлеп мақтаса да, Жаннаттың жүрегіне бір суықтың ұялай бастағанын Ақгүл аңғарып қалды.

Енді ауруханада жата беруге болмайтынын ұқты. Жүрегінің жөнделе бастағанын сылтау етіп, екі күнге бала — шағасының қасында болуға рұқсат алды.

Сол күні кешке таман, шешесі ауруханадан шығар алдында, өгей әкесінің тойын өткізіп, бар борышымды атқарып болдым — ау деп ойлаған Арман балаларының жанында томсарып отырған Жаннатқа:

— Жаннат, сен ренжіме, мен бұл үйден біржолата кетемін, — деді. — Менің киімдерімді ана шамаданға салып дайындап бер…

Арманның сөзі жанына қандай батқаныменен, нәсілі ұстамды Жаннат:

— Киімдеріңді шамаданыңа салып қойғам, бәрі дайын, — деді. — Әне тұр.

— Менің бөлмем де, барлық зат та саған қалсын.

Жаннат кекесін езу тартты.

— Онда тек мына екі балаңды да ала кетерсің?

Жаннат көзіне булыққан жасты Арман көрмесін дегендей бұрылып кетті. Сол сәтте телефон шырылдай қалды. Үйде Ерғазы жоқ еді. Өзінің көңілінің қан жылап тұрғанынан ба, Жаннатқа телефон шылдыры бір түрлі үрейлі, қорқынышты естілді.

Созыла барып телефон трубкасын алды. Ауруханадан үйіне қайтқалы тұрған Ақгүл екен. Жаннатқа немерелерін сағынып қалғанын айтып, егер кеш демесең киімдерімді алып кел деді де, кенет:

— Арман қайда? — деп сұрады.

— Кеткелі жатыр, — деді Жаннат жасқа булыға.

— Қайда?

— Оны өзінен сұраңыз?—деп Жаннат жылап қоя берді.

Бір сұмдықтың болғанын түсінген Ақгүл:

— Трубканы Арманға бер, — деді. Трубканы алған Арманға Ақгүл:

— Мен қазір барамын, — деді, — мен барғанша еш жаққа кетпе!

— Жарайды, — деді трубканы іліп жатып Арман.

Жиырма минут өтпей, үстіне аурухана халаты бар Ақгүл де жетті.

— Қалқам — ау, бұның не?—деді ол демін әзер алып. Сонда қолындағы бақытыңнан қашпақсың ба? Анау бүлдіршіндей екі баланы қалай қиясың? Егер мені aнa дейтін болсаң — бір тілегімді бер. Жаннатым мен екі құлынымды жылатпа!

— Жоқ, апа, мен үшін Бибі күйеуін қиып отыр. Мен де сондай құрбандыққа баруым керек… Өйтпесе махаббат бола ма…

Ақгүл тірі пендеге жамандық ойламаған, тек жақсылық үшін жаралған аяулы жан еді. Ол өзінің маңайындағы жұртқа өте керек болатын. Сол себептен де Ақгүлдің зиратының басына жұрт көп жиналды. Көзіне жас алмаған адам жоқ. Әсіресе келіні Жаннаттың: «Апатай — ау, апатай, кімге бізді қалдырдың?» — деп енесінің ашық бетін өбіп, ағыл — тегіл жас төгіп, дауыстап жылағаны сай — сүйегін сырқыратты.

Өлім дегеннің не екенін енді ұғып, өмір бойы қорғаны болып келген жалғыз анасынан қалай айырылып қалғаны санасына жаңа жеткен Арман да өкіріп жылап, шешесінің табытын құшақтап жатып алды. Жұрт оны әзер көтеріп тұрғызды. Арман анасын бұлай өледі деп ойлаған жоқ. Бұлай өлетінін білгенде ол анаға қатты бір сөз айтпас еді. Махаббат оты жанып, қанша күйдіріп бара жатса да дәл сол күні, сол сәтте «мен кетемін демес еді — ау! Әттең, әттең!» Адам өзі ұққан күнәсінен ауыр азап жоқ. Бұндайда ол өзін -өзі іштей айыптайды, қылмысына ар — ұятының алдында үкім айтады. Өз үкімі қаншалық күнәкәр екенін мойындатады! Жалғанда өз қылмысыңды өзің ұққаннан артық адамға жаза жоқ! Мұндайда кісі істеген күнәсін көтере алмай, жардан құлап өлуден де тайынбайды. Қазір Арман да сондай халде, жаны күйіп, жүрегі өртеніп, әлсін — әлсін жылай беруі де осыдан! Бұндай азапқа ол бұдан әрі шыдай ала ма, шыдай алмай ма, кім білсін!

Жаннаттың да жүрегі бұдан кем күйінуде емес — ті. Қайын енесінің ажалына тікелей қатынасы болмағанмен, өзінің «қайда кететінін Арманның өзі айтсын» деп телефон трубкасын күйеуінің қолына бергені есіне түсіп кетсе, құлай жаздап талықсып кетеді. «Құдай — ау, құдай, сол бір сөз аузыма қалай түсіп еді. Арман кетсе кете берсін деп неге шыдай бермедім? Сол сағат па еді оның жоқтығын апама айтатын?» деп, ол өзін — өзі іштей жазалайтын Жылаған үстіне жылай түседі. Енесінен айырылған ботадай боздайды. Зират басындағы халықтың сай — сүйегін сырқыратты, көздерін жасқа толтырды.

— Көрінбеңіз көзіме!—деді ызалы. — Шық, бұл үйден, кикимора!

ҮШІНШІ ТАРАУ

Күнтуардың ғылыми — зерттеу институтының алғашқы есігін ашқанда, ғылымның төменгі сатыда екені әлі есінде.

Жас бала ойынға әуестенсе, Күнтуар археологияға сондай құмар болды. Оған өзінен бұрын ешкім кездестірмеген бір көне мұра табу — жаңа дүние ашудан кем көрінбеді. Сөйтіп жүргенінде алпысқа келгенін білмей қалды. Өзі де қызық, басқа біреу болса, «мен биыл алпысқа жетемін, ағайын, қандай дайындық істейсіңдер, не әпересіңдер» дер еді? Ерғазы тәрізденіп мүшелі жасын дәріптеуге пайдаланар еді, ал Күнтуар болса, күнделік дәптерін кеше қарап отырып бір — екі күнде алпысқа келетінін бір — ақ білді. Той істей ме, әлде салтанатты мәжіліс өткізе ме? Жоқ, Күнтуар бұның бірін де істемейді. Тек өзінің ескі достарын үйіне шайға шақырып, ұзақ отырады. Өткендерін естеріне түсіреді, мүмкін бірен — саран жас кездерінде шырқаған өлеңдерін айтар: Әттең, дүние — ай, тек Ақгүл жоқ. Күнтуардың бүгінгі қуанышын көре алмады… Қандай өкініш! Бірақ ері Ерғазы бар ғой?.. Жоқ, өзі сұранып келмесе, Күнтуар оны той кешіне арнап шақырмауы да мүмкін… Ал Дәниел болса, жолдастарын ресторанға ма, әлде өз бөлмесіне жинай ма өзі білсін!

Алпыс жас! Бұл отыз жас емес қой. Күнтуар мұңая қалған. Бастан не өтпеді, не көрмеді! Қайғыға да, қуанышқа да сан кенелген. Бір өкініші, осы археологиялық ғылыми жолға түскен шағында болашағына сенімі мол еді. Профессорлық та, академиктік те — бәрі қолын созса, алақанына түсе қалатындай көрінетін. Әрине, ол кезде бұл жас еді. Жастың үміті де, бақыты да — бәрі алда. Бірақ Күнтуар өмірдің әр жылы өткен сайын адам жүнжіп, жаны жасып, атақ, бақ дегеннен көңілі өліп, жүрегі сөніп, алыстай береді екен, соны білді. Сөйтседе ол ең ақырғы зерттеулерін аяқтап, кітаптарының соңғысын кеше ғылыми советке кандидаттық диссертация етіп жолдаған! Жоқ, Күнтуар алпыс жылдық мерекесін жаман қарсы алып отырған жоқ, ол үлкен еңбегін бітірді. Кандидаттықты бере ме, бермей ме, мәселе онда емес. Мәселе болашақ ұрпағы «Күнтуар деген біреу өтіпті, алпыс жыл өмірін босқа жіберіпті» демейді. Miнe, адамның шын құны қайда жатыр!

Бірақ Күнтуарды салтанатты кеңеске кеше шақырмаған шақыртса да, бүгін Ерғазы «мына бір шаруа бітпей тұрып, осыны бекер істедім бе» деп екі ойлы еді.

Бұның себебі мынада болатын. Осыдан он бес күн бұрын академияның кезекті сайлауы жарияланған. Археологияға мүше — корреспонденттікке бір орын берілген. Бұрын Ерғазы осы сайлауларға бір рет түсіп, өтпей қалған. Мүше және мүше — корреспонденттіктерге басқа кісілер өткен. Ал бұл жолы берілген орынға Ерғазымен талас түсер ешкім жоқ секілді еді. Жұрттың бәрі сайланып болғандай. Егер таласса, былтыр докторлығын қорғаған Пейілжан ғана таласа алады. Егер о да өзін ұсындырса — бір орынға екі талапкер, тағы дауыс бөлінеді. Мұндайда Ерғазы тағы өтпей қалуы мүмкін, Тіпті екеуіне де дауыс жетпеуі ғажап емес. Пейілжанның доктор болуына өзі ат салысқандықтан, бұл тұрғанда ол өзін ұсындыра қояр ма екен деп ойласа да, Пейілжанның мінез — құлық жағынан өзіне ұқсас екенін еске алып, одан қауіптенуде еді. «Бекер — ақ соған асыға қалған екенмін, ең болмаса сайлау өткенше докторлық қорғауын соза тұруым керек еді» деп іштей өкінген. Сөйтсе де «жол менікі ғой» деп Пейілжанмен сөйлеспек болған. Сөйлескенде анау бірден «аға тұрғанда, іні төр менікі демес, сіз тұрғанда мен өзімді ұсындырып жын ұрып кетті дейсіз бе, ұсындырмаймын. Алдымен сіз өтіңіз, соңынан маған да кезек келер» деген. Соңынан филиалдан бір дауыспен тек Ерғазы ғана ұсынылған. Пейілжан оны қостап сөйлеген. Сөйткен оқушысының, жанын риза еткен Пейілжанның, кеше өзін Әмірбектің арқасында бөтен жерден ұсындырғанын естіген. Бүгін жанының күйініп отырғаны да осыдан еді. Пейілжанмен тағы сөйлеспек еді. Мүмкін өзінің атын қайтып алар деп ойлаған. Бұған бәлендей сене қоймаса да, кешегі оқушысы мен бір кездесіп, әңгіменің бетін ашып алуды жөн тапқан. Ал Пейілжанның орнына бүгін ол, Күнтуарды пенсияға шығару үшін салтанатты мәжіліспен шұғылданбақ! Мұндай мәжілістің ашылуы мұң, ол біразға созылуы сөзсіз. Әрине, Күнтуарды пенсияға шығарып жатқанда, сөйлемейтін адам қалмайды. Біреу — ескі серігі, басқа біреуі оның дарынына бас иген адам боп шыға келеді. Күнтуарды сылтау етіп көзге бір түсіп қалуға бұл жұрт өте құмар. Амал жоқ, шақырып қойған соң кеңесті өткізу керек, мүмкін тезірек бітіріп жіберер… Күнтуарды пенсияға шығару түгіл, сол академия сайлауы үшін кешегі қайтыс болған әйелі Ақгүлдің басына тас қою мәселесін де соңына қалдырған жоқ па еді? Енді бір кәрі инженердің жұмыстан кетеуіне соншама қиналатын не бар?

Енді ол электр қоңырауының тетігін асыға басты. Үйге көгілдір көзі күлімдеп, қоңыр шашын қартайған әйелдердікіндей буылдыр етіп бояп алған жас хатшы әйел томпиған жерлерін сәл қозғалта, аяғын былқ-сылқ басып үйге кірді.

Көзін төңкере ойнақшыта, еркелей:

— Мені жай шақырдыңыз ба? — деді.

Ерғазы бұл ойнақы жас әйелді хатшылық қызметке жақында алған. Әлі қызығы басылған жоқ еді. Ананың кербез пішініне еріксіз көз аударды.

— Кеше Құдайбергеновке телефон соқтыңыз ба? — деді ернінде пайда болған күлімсіреген пішінін жоймақ болып көзін аударып.

— Әрине ғой.

— Не айтты? Келем деді ме?

— Жауабын бүгін берді. Бағана телефон соққан. Сіз өзіңіз шақырсын деп айтуға асықпап едім…

— Не дейді?

— Мәжілісін өзі өткізе берсін, — дейді. Әйел қол дәптеріне қарады. — Эйнштейн деген біреудің сөзін келтірді. «Алпыс — отыз жас емес, әр сағаты қымбат», — деді… — Әйел тағы Ерғазыға наздана еркелей қарады.—Мен «Алпысқа келген адамның бәрі бірдей емес» дедім…

— Сосын?

— Сосын ол: «Қысқасы, мен кеңеске келе алмаймын. Қайрақтыға жүріп бара жатырмын», — деді. Онда ғажайып тастар табылыпты…

— Сосын не айтты?

— Сосын ба? Сосын не айтты? Ә, «мен сол тастардың зерттеуін бітірмей қайтпаймын»,— деді. Оған дейін пенсия беруді асықпасын, ал асығады екен бұйрығын жаза берсін деді.

Ерғазы «Уф!» деп демін алды. Дегенмен қазіргі жағдайда Күнтуарды пенсияға шығармай тұра тұруды ол жөн көрді.

— Сіз шаршап қалыпсыз ғой. Мен сонша ұзақ сөйледім бе? — деді хатшы әйел тағы көзін күлімдете.

— Жоқ, мен оның бүгін кеңеске келмейтініне қуанып отырмын…

— Соған ғана ма?

— Жоқ, басқасы да бар…

— Айтыңызшы, егер құпия болмаса?

— Сені көргеніме.

Әйелдің көзі сәулеленіп кетті.

— Қойыңызшы!

— Бүгін жұмыстан кейін кетіп қалма.

— Неге?

— Білмейсің бе?

— Білемін. Тек әнеугідей болмасын. Жұрт әбден тарасын… Әйеліңіздің әлі қырқын берген жоқсыз ғой, көзге түсіп қалсақ…

— Көзге түспеу жағын ойлау керек.

— Жарайды.

Әйел өн бойын ойната үйден шыға берді. Оның ту сыртынан қарап қалған Ерғазы нағыз тышқан ұстаған мысықтай көзі жасаурап, аузынан сілекейі ағып кетті. Шіркін, өмір, қандай рахатсың! Қадіріңді біз білмейміз. Қызмет дейміз, ғылым дейміз, өлім дейміз, соның бәрі… әлгідей әйелдің бір жымиған күлкісіне тұрмайды ғой!»

Хатшы әйел қайта кірді.

— Сіздің қабылдауыңызды сұрайды, — деді өмір бойы еркелей сөйлеуге ант еткендей тағы қылымси.

— Кім?

— Сіздің әлгі досыңыз… Кепкен шортан секілді сомпиған доктор бар ғой…

— Ә, Пейілжан ба?

— Иә, иә.

— Кірсін.

Өзі галстугын жөндеп, орнынан тұра берді.

Махаббат тек екі жастың бірін — бірі өлердей жақсы көруі ғана емес, ол, ең алдыменен, сол жастардың мөлдір таза адалдығы. Қиындық, қилы кезеңдерде де бұзылмайтын достығы, берік одағы.

Ал екі жастың бірі сүйіп, бірі сүймесе, сүйген жанның мәңгілік азабы, жарық күніңді қара түнге айналдыратын таусылмас қайғысы. Демек, махаббат — адам жүрегін құлындай ойнатар қызығы, көңілін гүлдей құлпыртар көктемі, дарынын құстай еркін серпінте түсер көк аспаны. Онсыз адам — жер, онсыз адам — кісендеулі құл. Жүрек қуанышынсыз ешкім де өмір сүре алмайды, құр тіршілік етеді. Ал шын сезім тіпті өзінің қайғысымен де ғашықты алыс қиялдарға шақырады, көкірегін шоқ — шоқ отымен күйдірсе де, қиялына қанат беріп, қол жетпес армандарына сілтейді. Тамараны сүйген Шота Руставели тәрізді, қайғысын дарын шабытымен ұмыттырады, күңіренген көңілін көрге айналдырмай, өшпес тілегінің мәңгі гимні етеді. Міне осыдан барып «Жолбарыс терісін жамылған батыр», «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» тәрізді өлмес ұлы дастандар туады. Осындай күшпен қанаттанған жазушы Дәниел де өзінің көңіл мұңы «Сақтар хикаясын» жазды.

Пейілжанның «жабық пікірін» оқығаннан кейін де тағы көп уақыт өткен. Дәниел әкесінің тілін алған. Кітабын қайта қарап, жөндеумен болған. Ақырында баспаға қайта апарған. Кітапты оқып шығып, басу керек деген белгілі сыншы оған:

— Романың өте жақсы, мені кәдімгідей толқытты, Басылуға тиіс, — деді. — Тек, әттең, сенің бүгінгі жастар махаббатын жазбағаның өкінішті.

— Оның қандай өкініші бар? Ол күнде де адам дәл бүгінгідей таза, адал сүйе алған. Меніңше, дүниенің бәрі өзгергенмен, сол күнгіден тек адамның бірін — бірі жақсы көруі ғана өзгерген жоқ. Ғашық болған жастың жүрегі бүгін де сол күнгідей күйеді, сол күнгідей шабыттанады.

— Иә, махаббат өзгерген жоқ. Ол сол күнгідей адамды қуанышқа, бақытқа шақыруда. Бірақ адам өзгерген. Оның идеалы өзгерген. Қазір Баяннан айырылған қозы Көрпештей өзін — өзі сүйгені үшін құрбан етуге баратын бір жігіт бар ма?

— Бар. Бірақ әңгіме бөтенде. Қазір Баян сұлу мен Қозы Көрпештің арасында тұрғандай замана тұңғиығы жоқ. Қазіргі екі жастың одағы — еркіндік одағы…

— Сонда онда идеал болмауы керек пе?

— Қандай идеал? Идеал — бірін — бірі таза, адал сүю… Жоқ, бірін — бірі мәңгі сүю.

— Міне, міне, — деді сыншы. — Сенің Спатран мәңгі сүйе біледі, ал қазіргі қай қыз сақ әйеліндей жігітін ұзақ күте алады? Әлде оны шын жақсы көрмеп пе еді? Жоқ, жақсы көрген. Сонда себеп неде? Бұл опасыздық жаңағы өзің айтқан еркіндіктен туған опасыздық па? Әлде жанының уақтығы ма?

Дәниел ойланып қалды. «Иә, Жаннат мұны неге тастап кетті? Шын себебі тек Арманның сол минутта дегеніне көніп, өзін — өзі ұстай алмай қалғандығынан ба? Әлде сол сәтте Дәниелдің жанында болмағандығы ма, оны қорғамағандығы ма? Солай делік, сонда қалай болғаны?.. Егер Жаннаттың басына бұдан да қиын жағдай туа қалса, мына дәлелдерге қарағанда, бәрібір тастап кетуге тиісті секілді ғой? Бұл неліктен? Мені шын сүймегендігінен бе? Әлде адал сезімін еш уақытта, ешбір жағдайда сатпайтын идеалы болмағандығынан ба? Расымен сыншының сөзі дұрыс па?»

— Махаббат еш уақытта да өзінің ұлы қасиетін жоғалтқан емес, — деді Дәниел. — Тек біз оны жырлай білмейміз. Өткен замандар Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың, Ләйлі мен Мәжнүннің, Қыз Жібек пен Төлегеннің бірін — бірі жақсы көргенін бізге заманының арманы етіп қалдырып кетсе, біз сондай арман боларлық өз замандастарымыздың үлкен сезімдері жайында туындылар жаза алмай жүрміз.

— Міне, міне, — деді сыншы тағы, — менің сөзімді сен жаңа қостадың. Ләззат атты қуанышыңда қазір өзіңнің қандай идеалың бар, соны жаз. Әрине, маған сақтар заманы жастарының сүю, күюлері де қызықты. Бірақ өз замандастарымның жүрегінің қалай соғатынын, қандай идеалдары бар екенін білгім келеді.

Сол күннен бастап Дәниел тағы ойға қалды. Ол өзінің Жаннатқа деген сезімі жайында туынды жазбақ болды. Шынында да, тіпті сыншы ақыл бермеген күнде де Дәниел, әрине, ондай шығарманы жазбай қоймайтын еді. Жаннатқа деген жүрегі еріксіз жазғызатын еді. «Жазбай тұра алмайтын кітабыңды жаз» деген қағидаға ол әрқашаннан — ақ құл болатын. Ал Жаннатқа деген жүрегі, өзін көрмей, тек атын естісе де күні бүгінге дейін соға жөнеледі. Бұл өз заманының ғашықтық хикаясы емес пе? Әрине. Рас, Жаннат бұны тастап кетті, бірақ Дәниел «онсыз маған өмір жоқ» деп жардан құлап, не суға батып өлген жоқ. Опасыздықтың төлемі тек өлім ғана ма? Өмір де бар емес пе? Сол өмір үшін, өмірден де қымбат поэзиясы үшін Шота Руставели Тамара патша әйел мені сүймеді деп өлген жоқ қой. Ол сол арманының ұлы төлемі етіп «Жолбарыс терісін жамылған батыр» дастанын қалдырған жоқ па? Тамараға да, өзіне де, оған деген мөлдір сезіміне де солай өлмес өмір берді емес пе?

Дәниел де осындай арман үшін өмір сүреді. Жаннат бұған жоқ болғанмен, оған деген махаббаты өзімен бірге ғой, соны өлмейтін етеді. Сол еңбегі Жаннатқа арналған мәңгі сынбас құлпытасы болады.

Демек, өмірдің аты өмір, ол тек қайғыдан ғана жаралмайды, оның қуанышы мен қызығы да бар. Қысынан кейін жазы келеді. Дәниелдің жолдастары: «Сен немене, дүниеде тек бір ғана жанаргүл бар деп ойлайсың ба? Жоқ, Дәниел, сен қызығар меруерт гүл, лала, қызғалдақ, сарғалдақтар көп, таңда да, біреуін ал» деп оны осы кезде аты шығып жүрген әнші қызбен таныстырған. Қыз әсем еді, әні өзінен де әсем болатын.

— Қыз қандай екен? — деді соңынан жолдастары.

— Тамаша!—деді қыздың концертінде болған Дәниел.

— Үйленесің бе? — деді жолдастары.

— Кімге? Әніне ме, өзіне ме? Сөз жоқ, ғажап әнші, — деді Дәниел. — Бірақ әнін сүйгенмен, өзін сүйе аласың ба?

Ал балеттің жаңа шыққан «жұлдызы» Дәниелді өзі іздеп тапты. Қыз өткір және кімді болса да өзінін дегеніне көндіре алатын қылықты еді. Бір — екі рет кездескеннен кейін, ол Дәниелден тікесінен сұрады.

— Ұнаймын ба мен саған?—деді.

— Ұнайсың… Бірақ сенен гөрі маған Жаннат ұнайды, — деді Дәниел.

— Подумаешь, тоже мне Эрнест Хемингуэй!—деп қыз күліп жіберді де, өз жайына кетті.

Ұзақ күндер өтіп жатты, ұзақ күндердей романның да ұзақ беттері созыла берді. Дәниелге осы беттегі жазылған сөздері әнші қыздан да, балеттің жаңа шыққан «жұлдызынан да» қызық көрінді. Дәниел енді бар уақытын сол беттерге арнады. Оның көңілін енді тек әкесінен келген хаттар ғана бөле алды. Әке хаттары оған әрқашан да өзіне ой салар, ақылды бір сүйеніш көрінетін. Соңғы хатында әкесі былай деп жазыпты: «Қазір археологиялық көп мұралардың ішінде отырмын. Бұлар мен ойлаған кезеңге жата ма, жатпай ма, әзірге білмеймін. Бірақ бұл мұралардың сақтардікінен гөрі өзге мәдениетке бейім екеніне күмәнім жоқ. Әттең не керек, осы бір жұмбақ тастар менің жас кезімде кездеспеді. Ал қазір бұлардың сырын ашуға уақытым жете ме, жетпей ме, сенімім аз. Оның үстіне, әлдекімдер менің жақсы көрген жұмысымды істеткілері келмей, пенсиясын да дайындап жатыр. Бірақ олар қателеседі. Мен пенсияға шықсам да жаным сүйген жұмысымды тастамаймын. Мүмкін бұл жаңа мұралардың сырын аша алмасам да, солардың араларында жүріп жан берем. Тек қасымда өзің болсаң маған соның өзі үлкен қуаныш!»

Әкесінің хаты, бір жағынан, жаның сүйген ісіңе сондай табанды болудың керектігін ұғындырып, өзіне қанат берсе, екінші жағынан, осындай адамды жақсы көрген жұмысынан айырмақ болған әлдекімдердің қылығы Дәниелдің жанына қатты батқан. Бойын ашу кернеп, әке үшін күреске өзі шықпақ болды. Жоғарғы жаққа хат жазып әкесіне араша түсуге бел буды.

Міне, осындай халде жүргенінде, жоқ жерден бұған Пейілжан кездесіп қалды.

Екеуі амандасып, хал — жайларын сұрасып біткеннен кейін Пейілжан араларында ештеңе болмағандай:

— Кітабың шығайын деп жатыр екен, құтты болсын, — деді — қарап көріп ем, мен айтқан тарихи жерлерін жөндемеген екенсің. Жөндемесең жөндемей — ақ қой, олардың бәлендей маңыздары да жоқ еді… — деді.

— Маңыздары жоқ болса неге жаздың?

— Саған ой салайын деп. Оның үстіне, осындағы бір үлкен кісінің ақылы да себеп болды.

— Ол үлкен кісің кім? Өз басың қайда еді?..

— Өз басым орнында тұрған. — Пейілжан күлді. — Тек әлгі кісі мойнымды бұраңқырап, басымды сәл қисайтып жіберді.

— Біреудің бұрауына оп-оңай көне қалған мойныңа да болайын!

— Қайтесің солай жаралған соң…

Дәниел Пейілжанның сөзіне таң қалды. «Бұл неге бүй деп тұр. Қайда апарып соқпақ? Мен білетін Пейілжан болса, біреуге оңай мұндай сырын айтпаса керек — ті.

— Ол адамды өзің де білесің, — деді Пейілжан қайта сөйлеп, — әкеңнің қасы.

— Менің әкемнің қасы жоқ. Ол ешкімге зиян істеп көрген емес.

— Адам тек зиян істеген кісісіне ғана қас бола ма? Бөтен біреуге қастасу көбіне көңіл тарлығымен байланысты. Білмесең айтайын, ол адам — Ерғазы, әкеңді пенсияға шығарып та отырған сол…

— Пенсияға шығару — Ерғазының әкеме қарсылығын көрсетпейді.

— Сонда не көрсетеді?

— Мысалы, әлдекімнің айтуымен біреудің адал еңбегіне жала жабуды…

Пейілжан тағы күлді.

— Әлі ашуың тарқаған жоқ екен. Кітабың шыққан соң бәрін де кешіресің!

— Әрине. Қастыққа қастық істеуді ойласаң, жұртқа жақсылық істеуге орын қала ма?

— Дұрыс айтасың. Мен де сенің әкеңе үлкен жақсылық істедім.

— Қандай жақсылық?

— Алдымыздағы сайлауға корреспондент — мүшелікке Ерғазы ұсынылған. Ол өтпесін деп мен де өзімді ұсындырдым. Өтпеген күнімде де, дауыс бөлінеді. Ерғазы да өтпейді.

— Ерғазы өтсе менің әкемнің шаңырағы құлап жерге түседі деп ойлайсың ба?

— Сенің ойыңша солай ғой, бірақ әкең олай ойламайды.

— Оны сен қайдан білесің? Солай болған күнде де, сенің жаның менің әкеме неге аши қалды?

— Әлде мені де әкеңе қас деп ойлайсың ба?

— Айтып тұрғаның достың сөзі емес.

Солай — ақ делік. Егер әкеңнің қасына сақтық істеп тұрсам, мен сонда оның кімі боламын?

— Бәрібір оңбаған адам боласың!

— Жарайды, соңынан ұғысармыз, әңгіменің бұл жағын қоя тұрайық. Қысқасы, мен Ерекеңмен жақында кездестім, маған: «Өзіңнің қағаздарыңды қайтып ал, — деді, мен көнбедім, екеуміз қатты сөзге бардық…

Дәниел Пейілжанның ойына әлі түсінбей тұр. «Япырмай , бұл осыншама сырын маған неге айтады? Бұның ар жағында не бар? Бір арам ойы болмаса, мұндай құпияларын ашпаса керек еді…»

Мен Ерғазының қандай жаман адам екенін енді түсіндім, егер сенің әкеңе ана бір мақаламен қиянат істеген болсам, кешірерсің, — деді Пейілжан өкінгендей пішін көрсетіп, — оның есесіне, Ерекеңе айтарымды айтып, Күнтуар ағаның алдында арымды тазалап алдым. Бірақ әкең пенсияға кетіп қалмасын, Ерекеңнің өтіп кететін түрі бар. Осындай сөзін қоштайтын үш — төрт абыройлы кісіге академия президиумына өзін мақтатып хат жаздырыпты.

Пейілжанның түпкі ойына әлі түсінбей тұрған Дәниел:

— Сонда қапы қалмасын дегенің не? Ол үшін әкем не істеуі керек?—деді.

— Хат жаза ма, өзі біледі ғой. Тек көзім жетері — бүкіл елімізге әйгілі қарт инженердің сөзін ешкім жерге тастамайды.

Пейілжанның ойын Дәниел енді ұқты. Ол қысылып кенет терлеп кетті. Осынау жексұрын сөзді Пейілжан емес, өзі айтып тұрғандай ұялып, басын жерден көтере алмады. Сасқанынан не дерін білмей:

— Япырм — ай, япырм — ай, адам деген мұндай да сұмдыққа барады екен ғой, — дей берді…

ТӨРТІНШІ ТАРАУ

Шешесінің қайтыс болуы осы уақытқа дейін өмір сүруіне, сол өмірден мен орнымды дұрыс таптым ба деп ойлап көрмеген Арманның бір сәт бүкіл жан дүниесі төңкеріп тастады. Анасының қалай өлгенінен бастап, соған дейінгі өзінің әр қадамын көз алдынан өткізіп, сонау есеп — қисапсыз босқа жіберген жылдарынан енді жеркенді. Япырм — ау, қаншама жасымды босқа кетіріппін, қалай осы уақытқа дейін түсер — өсер жолымды ойламай келіппін, енді міне қандай күйге ұшырап отырмын!

Арман қатты ойланған тәрізді. Тек, тәңір игілігін берсін! Жасынан өмір аясында алтын айдарлы, жібек шашты боп, дегенін істеп еркін өскен ойсыз жас бірден жөнделіп кете ала ма, кете алмай ма, бір құдайдың өзі біледі. Жалғыз — ақ, бізден бар тілек: тез жөнделгей де!

Рас, өйтіп — бүйтіп он жылдықты бітірді. Иә, оқуына ойыны мен жалқаулығы қырсығын тигізіп келді. Бірақ, ол күндері бұл карта, арақ дегендерді білмейтін, анда — санда серіктерімен бас қосып, біреуінің туған күні кешін өткізгенде де мас болып ләйліген емес. Жасөспірім шағы ғой, қыз дегенге де бәлендей әуестеніп көрген жоқ. Мүмкін жасөспірім тұсында бұған Жаннат, Бибі секілді қырмызы қыздар кездеспегендіктен бе, әйтеуір, бүгінгідей махаббат деп азапқа, машақатқа шалдықпаған албырт ұлан еді. Сондықтан да он жылдықты бітіре алды ғой. Демек, класында қалып қоя жаздаған кездері де аз болған жоқ, бірақ, мұндайда әке — шешесі араша түсті, мұғалімдермен сөйлесті, ақыры Арман кластан класқа өтіп отырды. Сол әке — шеше бар абырой, таныстықтарын салып, бұны жоғарғы дәрежелі мектепке де түсірді. Tiпті студент кездерінде де бірер емтиханды бере алмай қалса, бәз — баяғы әке — шеше тағы «емтихандарды өздері берді». Әйтеуір, өлдім -талдым дегенде, университетті бітіріп шықты. Бірақ тағы сол жан аямас ата — ананың арқасында Арман ауылдық жерге кетпей, жасыл ағашты, күміс сулы, қарлы таулы Алматыға орналасты. Әкесінің досы Күнтуардың экспедициясына кірді. Сонымен қатар, бұрын тиіп — қашып жүрсе, енді қыз, қымыз, арақ, шарап, картаға шындап әуестене бастады. Содан барып, бұның бұзылып кетуінен қорыққан әке — шешесі де жалғыз балаларының тезірек үйленуін тіледі. Міне, осы кезде Жаннат кездесті. Үйлендім деп бірақ бұл тоқтады ма? Жоқ, ресторанға, картаға әуестеніп алған ыстығы басылмаған жас көңіл тоқтау білмеді… Тыстан шығып бара жатқанын кейде өгей әкесі мен келіншегі сезіп, қабақ түйер болса, жалғызына тағы анасы араша түсті. «Жас қой, әлі — ақ сабасына түседі. Бір жолға кешіріңдер» — деді. Ақырында ананың сол «кешіруі» неге апарып соқты? Өзімшіл, тек өзінің ғана өмірінің шаттықта, ойын — күлкіде өтуін тілеген жалғыз баласы анасының ажалына себепкер болды. Бұдан артық анаға істер жамандық жоқ — ау, жалғыз ана ғана емес, өзіңе де әкелер бұдан асқан опасыздық болар ма?

Диван үстінде серейіп жатқан Арман тағы аунап түсті. «Жоқ, жоқ, енді бұлай өмір сүруге болмайды. Істегенінің бәрін кешіретін енді ана жоқ. Рас, әлі де болса да адам болуы үшін күресетін Жаннаты бар». Жаннат есіне түсіп еді, оның ар жағынан қырдың қызыл түлкісіндей бұлаңдаған Бибі көз алдына тұра қалды. Маңдайынан тер бұрқ етті. «Жоқ, жоқ, ойнадық — күлдік, менің Жаннатым бар, екі балам тағы тұр…»

Бұдан кейін Арман ешкіммен де сөйлескен жоқ. Түске дейін тас тасыды. Ал түстегі жарты сағат тыныстамасын жалғыз өзі қорада үн-түнсіз отырып өткізді. «Жүр, асханаға барайық» деген жолдастарына да ермеді. Дем алып болғаннан соң ол сыртта жатқан бір үлкен тасты қашауға кірісті. Бірақ жұмысы өнбей қойды. Анасын ұмытайын деп, тасты қанша ұрғыласа да, мыжғыласа да, көз алдынан оның ақжарқын жүзі бір кетпей — ақ қойды.

Осылай селсоқ боп жұмысында он шақты күн жүрді.

Ахметқали әнеукүнгіден кейін қайтып сөйлеспеген. Тек Арманның қасына кеп, қашап жатқан қара мәр — мәр тасына қарап, тұрып-тұрып кетіп қалады. Сонау адам бойы қара мәрмәр тастан Арман не істемек? Алғашқы кезде оған да белгісіз еді. Әрине, бұл қашап жатқаны завод жоспарына жататын жұмыс емес. Мастер бір ретте «сен не істеп жатырсың, өзіңнің міндетті ісіңе кіріс» демекші де болды. Сосын Арманның қандай жігіт екенін және қандай күйде жүргенін есіне алды да: «Мейлі, не істесе соны істесін, тек қайғыдан арақ ішіп бүлініп кетпесе екен», — деп, оның жұмысына бөгет болмаған. Ахметқали Арманның жанына бүгін тағы келді.

Үн — түнсіз қашалып жатқан тасқа қарап, адам бейнесі екенін ұқты. «Сірә, анасының мүсіні болар» деді. Бұл шотта тек үйлерді өрнектейтін, ескерткіш — мұралардың астарына қойылатын, солар тәрізді вокзал, аэропорт залдарын, салтанат сарайларын әшекейлейтін мәрмәрден тас тақта заттары жасалады. Сөйтсе де, Ахметқали Арманға «сен міндетті шаруаңды — завод жоспарына жататын жұмысыңды істемедің» демеді. Тіпті он беc күн өтіп, жалақыға наряд жабатын мезгіл келгенде де, бригаданың жоспардан артық орындаған жұмысын Арманға жазды. Оның бар ойы: Арман тағы жұмысқа қырын қарап кетпесе екен еді.

— Япырмай, — деді қайтадан Ахметқали, — Ақгүлге ұқсамаса да ұқсайды… Оның қайғысы да дәл осы тасқа түсірілген қайғыдан аумаса керек… Әйтпесе мұндай мүсін тумас еді…

— Иә, — деді Арман, — қайтыс болар сағатында ол дәл осы суреттегідей қасіретті және дәрменсіз еді.

— Ғафу етіңіз, — деді Ахметқали. — Бишараға ондай жағдайға жететіндей не боп еді?

— Сонда қалай болғаны?—деді Ахметқали не дерін білмей абыржып, — жалғыз баласы сен болсаң тірісің ғой…

Арман ауыр күрсінді.

— Одан да менің өлгенім жақсы еді!

«Неге?» деп шебер сұрамады. Арманның неге бұлай дегенін ауыр жағдайын ұққандай: Иә… иә, — дей берді ол.

Мәрмәр заттары заводының директоры Қасымов дем алысынан қайтып келген күні өзі кетерде Қырғызстаннан алдырған қара мәрмәр тасынан еліне келіп қайтыс болған адамдарға ескерткіш тақтасын жасауға жарлық берді.

Тас кесетін станоктағы жұмысшы бұл бұйрықты шеберге жеткізді. Ахметқали сәл ойланып қалды да, директорға келді.

— Ол тас жоқ, — деді.

Қасымов таңдана қарады.

— Қайда кетті?—деді ол. — Камаз машинасын жіберіп Қырғызстаннан өзім алдырып едім ғой…

Директордың ашуланшақ, ызақор мінезіне таныс Ахметқали тасты Арман өз бетімен қашай бастағаны есінде тұрса да:

— Бір игілікті іске жұмсап жібердік, — деді.

— Ол қандай игілікті іс?

Ахметқали сабырлы үнмен жауап берді.

— Өзіңіз білесіз… Күзді күні тас кесетін екінші машинаға үйренуші етіп Арман деген жігітті алып едік қой…

— Иә, ана бір берекесі жоқ жасты айтасың ба?

— Соны… Ол біреудің жалғыз баласы екен…

— Білемін. Өгей әкесі профессор… Сосын ғой оның берекесізденіп жүргені. Ойнағаны — карта, ішкені— коньяк.. Сондайда жұмысшы болатын ба еді… Трест бастығы әкесінің сөзін қимаған соң алғанбыз…

— Түбі одан жақсы адам шығуы мүмкін.

— Әй, білмеймін… Қысқасы, бұның бәрін маған несіне айтып тұрсың?..

— Сол жігіттің сіз жүріп кетісіменен шешесі дүние салған…

— Иә?.. Топырағы торқа болсын!

— Тасты біз сол жігітке шешесінің мүсінін істеуге бердік.

— Мүсін істегені қалай? Мүсін шеберханасына саттыңдар ма? Оған сендерге кім рұқсат етті? — Қасымов кенет ашулана бастады. — Мәрмәр заводы — сауда орны емес қой.

— Жоқ, ешкімге де сатқан жоқпыз. Шешесінің мүсінін жігіттің өзі істеді.

— Түсінсем бұйырмасын? Өзі істегені қалай? Оның ондай өнері болса, бізге неге жұмысшы боп кіріп жүр?..

— Мүсінкер дарынының барын өзі де білмеген болуы керек.

— Иә, сонда ол, тастың құнын төледі ме?

— Жоқ.

— Онда қалай болғаны? Қыруар ақшаға түскен заводтың қымбат тасын біреуге жайға беріп жібергендерің бе? Бұл — заводқа қанша зиян екенін білесің бе?

Ахметқали директор күтпеген жауап берді.

— Зиян болса зиян шығар. Бірақ дүниеге көркемөнердің бір тамаша туындысы келді.

Бағанадан бері ашуын әзер ұстап отырған директор енді шыдай алмады:

— Ay, өзің не айтып тұрсың?! Бұл мәрмәр заттарын істейтін завод па? Әлде өлгендерге ескерткіш жасайтын мүсінші шеберханасы ма?! Маған мүсіннің керегі жоқ! Заводтың өз жұмысымен шұғылданғаны қажет!..

— Сіз алдымен қандай мүсін жасалды соны көріңіз, — деді байсалды үнмен іс шебері. — Мүсін әлі біткен жоқ. Сонда да көруге болады. Көргеннен кейін өзіңіз де ашуланбайсыз.

Директор не дерін білмей, сөз таба алмай отырып қалды.

— Жүріңіз, мүсінді көрсетейін, — деді Ахметқали тағы байсалды үнмен.

Амал жоқ. Қасымов орнынан түрегелді. Ол Отан соғысында үлкен ерлік көрсеткен адал жан еді. Сол себептен де қандай шешімге келсе де, тек халық тұрғысынан қарайтын. Ал өзінің жалпы рухани мәдениеті терең емес — ті. Газет болмаса, кітап оқымайтын. Әдебиет, көркемөнер дегендердің бәрі оған еріккеннің ісі көрінетін. Және оларға көңіл де бөлмейтін. Бар білері «Жоспар! Жоспар! Соны орындау!» Егер біреу — міреу осындай оның өндіріс тілектеріне кедергі істер болса, ондай адам Қасымовтың қасы, өле-өлгенше жауы. Туған баласы болса да, бұндай жандарды «дұрыс жолға қоймай» жаны тынышталмайтын.

Қайғылы тас бейнені ол түсінбеді. Тас мүсін оған сол мүсін қалпында қалды. Көзге түсетін тағы бірдемелері бар ма дегендей, ол әлі әбден бітпеген оба тасты екінші рет айналып шықты. Әлден уақытта:

— Өзін біреуге ұқсатып жасағансың ба, қалай? — деді бұл келгеннен жұмысын тоқтатып, үн — түнсіз тұрған Арманға.

— Анамның бейнесін түсірейін деп едім, — деді анау жай ғана.

— Анамның?.. Айтпақшы, шешең қайтыс болған көрінеді… қайырын берсін. Нешеге келіп еді?

— Елуден жаңа асқан.

— Сенен бөтен баласы бар ма?

— Жоқ…

— Иә, ажал деген сондай. Кімді болса да алады…

Бұл — онын ең тауып айттым деген сөзі. Бұдан әрі не дерін білмей, тағы тұрып қалды. Аздан кейін тағы мүсінді айнала қарай бастады.

— Мен бұл тасты машина жіберіп, сонау Қырғызстаннан әдейі алдырып едім…

Директордың қай жаққа бұрып бара жатқанын түсініп қалған Ахметқали:

— Соныңызға қарай, сол тасыңыздан қандай мүсін жасалды десеңізші!

Қасымов мүсінді тағы айналып шықты.

— Қандай мүсін жасалды?

— Ғажайып! Тамаша!

— Ешбір ғажайыпты, тамашаны көрмей тұрмын — ау…

Ахметқали сол қабағын шытты.

— Дұрыстап қараңыз!

— Meн қалай қарап тұрмын?.. Қаншама тасты қор еткенсіңдер! Қолдан келмейтіндерің бар, бұны мүсін жасайтын шеберханаға апарып істетпейсіңдер ме?.. Енді, міне, тас та жоқ, мүсін де жоқ…

Ахметқали енді ренжи сөйледі.

— Тас та бар, мүсін де бар. Сіздің ұқпағаныңызға ешкім де айыпты емес.

— Ұқпайтын болсам, мені бұл заводқа неге директор етіп қойды?..

Енді Ахметқали да ашуланайын деді.

— Тек ұғатын ғана адамды директор етіп қояды деп кім айтқан?

— Жарайды, мен — ақ ештеңе ұқпайтын кеще болайын. Сонда бүлінген тастың құнын кім төлейді? Рудниктен сатып алынғаны бар, әкелінгені бар, құрығанда бұл тас мың сом тұрады.

Бағанадан бері үндемей тұрған Арман:

— Ақшамыз бар ғой, төлерміз, — деді…

Директор кабинетіне келгеннен кейін өзі кеткелі тас кесетін машинада Арманның жұмыс істемегенін білді.

— Сонда жалақыны қалай төледіңдер?—деген сұрағына завод бас бухгалтері:

— Нарядта көрсетілген жұмыстардың бәрі істелген, — деді, — ал нарядын жапқан Ахметқали.

«Бұл қалай?» деген директордың сұрағына кабинетіне шақырылған Ахметқали:

— Жігіттің бірер айлық жалақысын бригада өз мойнына алды, — деді, — жұмыс мерзімімізді күніне бір сағатқа ұзартып, жоспарды артығымен орындадық. Сол артық орындалған жұмыстың ақшасымен оның жалақысын төледік.

— Сендердің оған мұншалық жандарыңның неге ашығанына түсінбеймін, — деді қабағынан қар жауып директор, — әкесі профессор, ол сендерден ақша сұрап жатқан жоқ қой…

— Жігіт болып қалған адамға өзі тапқан ақшаға не жетсін, — деді Ахметқали. — Ал біз мейлі тас қашасын, қағаз сызсын, әйтеуір бірдемемен шұғылдансын дедік. Онсыз да өзі заводта әзер жүрген адам, ана қайғысын сылтау етіп арақ ішіп кетпесін деп шештік. Біздің бұл ойымыз ақталды. Көрдің бе қандай дарын туды!

— Дарын?.. Жалақымды сендер төлер болсаңдар, тасты ондай етіп мен де қашар едім.

Ахметқали күлді.

— Жарайды, сіздің де жалақыңыз біздің мойнымызда болсын, сондай мүсінді сіз де жасаңыз.

— Әттең, уақытымды босқа өткізгім келмейді. Әйтпесе… — Директор кенет Ақметқалиға түксие қарады. — Заводқа жұмыс істейтін адам керек, жоспар орындалмай қалатын қаупі бар. Ал оның станогы бос тұр…

— Жұмысын аяқтап болсын, сосын көрерміз.

Директор енді өзінің асау мінезін көрсетті.

— Жоқ, күтуге болмайды, — деді кенет түрегеліп, — мүмкін ол тасын әлі бір жыл қашар. Соған дейін станок бос тұру керек пе? — Қасымов енді ентіге, ашулана сөйледі, — Мейлі, тасын қанша қашаса сонша қашай берсін, мен оны ертең жұмыстан шығарамын да, орнына бөтен адамды аламын!

— Білемін…

— Маған, әсіресе, оның мені «кикимора» дегені батып кетті.

— Қайғылы адам не айтпайды…

— Ол қайғылы болғанда, мен жетісіп жүрмін бе? Адам өзін держать ете білуі керек қой…

Дәл осы кезде музыка ойнады.

— Жүр, билейік, — деді Бибі.

Бойын арақ ала бастаған Арман Бибі қолын ұстағанда, қарсылық ете алмады.

Қойнына кіріп кетуге таяу жүрген Бибі би арасында:

— Мен сондай несчастнаямын, — деді Арманға.

— Неге?

— Как неге? Сенің мамаң өлген күні Жағыпарканың шешесінің қайтадан сердечный приступы болды. Жағыпарка осының бәріне сен виноватсың деп маған развод берді. Шешесін алып, басқа қалаға көшіп кетті… Подумай только ,біреудің жүрегі ауырады, мен виноватпын! Ну, она старая, ну, у нее сердечное заболевание, я при чем?..

Осы кезде оркестр басқа бір сабырлы әуенді биді ойнай бастады. Бибі бұрынғысынан да жақындай түсті.

— Рас, мен өте нечастнаямын ғой, — деді ол даусына қайғылы саз беріп, — жалғыз қалдым…

Арман жауап қайырған жоқ. Тек Бибінің қолын қысты да қойды. Расында да, қазір ол не айтуды білмейтін еді. Өн бойын бір жағынан арақ, құшағындағы жас әйелдің сыбырлай айтқан сөзі қыздырып әкетіп бара жатса, екінші жағынан көңіліндегі өкініш, әлі тарап бітпеген қайғы, жанына салған бұғаудай қысып, ойы да, көңілі де күл-талқан еді.

— Правда, мен тіпті несчастная емеспін ғой, — деді Бибі, жұбайына таң ата еркелей күбірлеген ұрғашы көгершін құстай Арманның жүрегін қытықтай сөйлеп, — әлі менің Арманкам бар ғой. Правда, сен мені аяйсың, иә?.. Бір сені үшін мен Жағыпарканың да разводына көндім ғой.

Сол күні түнде Арман Бибімен бірге кетті. Ертеңінде де, арғы күні де жұмысқа шыққан жоқ.

БЕСІНШІ ТАРАУ

Қазақ: «Сынықтан бөтеннің бәрі жұғады», — дейді. Бұл—дана елдің дана сөзі, ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің. Әсіресе үлкендердің жаман әдеттері, өмірге деген қисық көзқарастары, мінез — құлқы әбден қалыптаспаған жастарға тым жұққыш келеді. Жоқ, тек жастарға ғана емес, мұндай адамдардың кесірі өзгелерге де тимей қоймайды. Ең болмағанда ақ ниет адал жандарды қапаландырады, ренжітеді.

Күнтуар: «Ескі жолдасым еді, жүдеп отырған шығар, әңгімелесіп, көңілін көтеріп қайтайын»,—деп Ақгүлді қойған күні кешке таман Ерғазының үйіне қайта келген. Директормен әріптес басқа да ескі серік жолдастарының екі — үшеуі осы үйде отыр екен. Жаннат пен Арман көңіл айта келген кісілерді қабылдап бөтен бөлмелерде жүрген. Бірақ үйінде Ерғазының өзі болмай шыққан.

Қарт археолог таңертең Ерғазының кеше үйінде неге болмағанын білейін деп телефон соққалы отырғанында, бұның бөлмесіне көп жолдастарының бірі кірді. Бұл — Ерғазымен бірге қызмет істейтін, ақ жүрек, аңқаулау қарт инженер еді. Амандасып болғаннан кейін:

— Ерғазының түнде үйінде неге түнемегенін естідің бе? Көршісі айтты, әлгі жаңадан алған хатшы әйелдікінде қонып қапты. Таңертең сол үйден шығып бара жатқанын өзге кісілер де көріпті, — деді. — Әрине, жан жолдасынан айырылған адам, мұндайда өз үйінде жата да алмайтын болар. Үй ішіндегі дүние — мүліктің бәрі жұбайыңды көз алдыңа елестетіп тұруы мүмкін… Бұның бәрін мен де түсінем. Бірақ өз үйінде қону оған қиын болса, не сенікіне, не менікіне неге келмеді? Айдаладағы бір хатшы қатынның үйінде түнеуі қалай? Туысы, туғаны емес, ол әйелде несі бар?..

— Қой, өсек болар? — деді Күнтуар сенбей.

— Ләйім, айтқаның келсін! Бірақ маған көрген адамдар солай деді ғой. Өтірік айтса жандары шықсын!

Күнтуар бұл сөздің рас екенін сол күні бөтен кісілерден де естіді. Енді оның жүрегі Ақгүл үшін удай ашыды.

Дегенмен, Күнтуар бұған сенгісі келмеді. Тіпті мүмкін емес деді ол өзіне — өзі, жиырма бес жастағы қызу қанды жас жігіт емес, ақыл тоқтатқан адам, сондай жан түршігер күнәні істеуі мүмкін бе? Жоқ, егер жүрегінде сәл адамгершілік сәулесі бар болса ондай қылмысқа бармайды. Бірақ, амал жоқ, сенді. Сеніп еді, енді Ерғазыдан жеркенді. Құр жеркеніп қойған жоқ: «Қандай безбүйрек, арам пейіл жан еді, — деді ол осы уақытқа дейін Ерғазыны қалай танымай келгеніне таң қалып. — Иә, иә, мұндайдан қандай сұмдық болса да шығар, бетінде бір тамшы қан жоқ қой… «Ерғазыдан сақ бол, оның бетінде самурайкамикадзаның бетіндей қан-сөлі жоқ, маска тәрізді!» деп кім айтып еді, көріп келгенім бет емес маска екен ғой!» Күнтуарды енді кенет басқа жағдай қобалжытқан. «Иә, иә, мұндай адамнан өгей балаға қандай рахат, қандай рахым? Сырт естуім, о бишара да құр оқу бітірді деген аты болмаса маскүнем, ештеңеге қабілетсіз боп өсіпті. Сорлы ана тек жалғызым деп еркелетуді ғана білген ғой, ал өгей әке… жаман өгей әке, оған тіпті көңіл бөлмегені даусыз… Иә, солай. Енді ол сорлының күйі не болады? Сөйлескен жөн, қамқорлық ету керек. Ақгүлдің аруағы үшін. Оған шыққан Жаннат та кішкентайынан көз алдымда өсті ғой. Оны да ұмытпауым борыш».

Бірақ Михайловтың алып келген тастарын көріп, Күнтуар ертеңіне асығыс экспедицияға жүріп кеткен. Оның үстіне, жаңа табылған тас мұралардың тамашалығы сондай болды — Күнтуар Қайрақтыда үш айдай болып қалған. Осылай ол Арман мен Жаннаттың тағдырына дер кезінде араласа алмаған, қол үшін бере алмаған.

Демек, Күнтуардың күдігі ақталды. Ақгүлдің қырқын бергеннен кейін Ерғазы Арман мен Жаннатты шақырып алған.

— Шырақтарым,—деген ол, майда сөйлеуге тырысып, —Аз уақыт па, көп уақыт па дәмдес болдық, тапқан-таянғанымды аяған жоқпын. Әрқайсымыз әр тараптан бас қоссақ та, ортамызда бәріміздің үй етіп ұстап отырған марқұм Ақгүл бар еді, енді жоқ. Қайғырсаң да, қан жыласаң да қайтып келмейді,—Ол мұңайғандай сәл үн — түнсіз отырды, сосын сөзін қайтадан жалғастырды. — Ал өлгенмен бірге өлмек жоқ, тірінің тіршілігі бар. Тастай түйінген қол жау жеңсе ыдырайды. Үй болып түтін түтетіп отырған адамдар іріткі түссе тарайды. Біздің арамызға тағдыр деген іріткі түсті. Жазмыш солай ұйғарыпты, амал не, оның үстіне, Арман, мен саған әке, сен маған бала бола алмадың… — Ерғазы басына түскен ауыртпалықты шеше алмай қиналғандай тағы үндемей қалды. — Демек, еңкейген кәрі емеспін, әлі де болса бала сүйіп, қызық көргім келеді. Қазаны бөлектің жаны бөлек… Қайтадан үйленбекпін, қалалық Совет арқылы сендерге пәтер дайындадым, енді бұл үйден алатындарыңды алып, өздеріңдікіне барыңдар. Тағдыр солай жазды, әркім өз күнін өзі көрсін…

Жаннат қайын атасының сөзін «енді менен біржолата кетіңдер» дегенді ұқты. Бұрын да, қайын енесі өлгеннен бері, бұның өз үйіне қонбай жүргенінен сезіктеніп, көңілі одан суйи бастаған.

— Жарайды, — деді басын жерден алмай, — бізге бұл үйден ештеңе керегі жоқ…

— Жоқ, алыңдар. Ана бір ыдыс — аяқтарың, мына бір жерде жатқан кілемді… Ана шифоньерде сендерге дайындап қойған көйлектері бар… Аналарың ғой, естеріңде жүрсін.

— Жоқ, бізге ештеңе керегі жоқ, — деді Жаннат басын көтеріп, қайын атасына тікелей қарап. Бұл жолы оның даусы қаттырақ шықты. — Апама опа бермеген дүние бізге опа бере ме, қалсын бәрі өз орнында… Егер қисаңыз бізге мынау үлкен суретін беріңіз. Арман екеуміз қосылған жылы түскен еді бишара… Со да жетеді бізге ескерткішке…

— Ал, ал, — деді Ерғазы асыға. Енді ол «жоқ мына заттарды да алыңдар» деп қыштамады.

Арман қайғыдан, басына түскен ауыртпалықтан және кеше кешке таман шешесінің қырқында ішкен арақтан басы мең — зең боп отырған. Ол Ерғазының сөзіне ренжіп, не ашу шығарып ештеңе деген жоқ. Бұрын өгей әке болса да, осы Ерғазы мен шешесінің арқасында шолжаң өскен, басына ешбір қиындық түсіп көрмеген сорлы, енді біржолата қорғансыз қалудың қайда aпapып соғатынын дәл осы сәтте қайдан білсін!

Арман мен Жаннатты осылай қуып жіберген Ерғазы сол күні кешке таман үйіне төрт жасар қызымен хатшы әйелін кіргізіп алды.

— Қызыңды интернатқа бер, — деді ол жаңа қосылған жұбайына. — Адам тәрізді өздеріміз үшін өмір сүретін кез жетті…

— Әрине, — деді жас әйелі көгілдір көзі бақыт отыменен, сәуле түскен шыныдай, жарқ етіп. — Адам өз қызығын еш уақытта да ұмытпауы керек…

Ана жолы Күнтуар Қайрақтыға келгенде күн тағы шыжып тұрған ыстық еді. Оның үстіне күнгей жағынан бір қапырық құрғақ жел соғып адамның демін алдырар емес. Археолог машинадан түсісімен, шаршап қалғанына қарамай, Михайловқа еріп, жаңа мұралар табылды деген жерге қарай беттеген.

Бұлар бара жатқан түс лагерьдің күнгей жағында болатын. Ол тұс бұрын да Күнтуардың көзіне түскен-ді. Жазық алаңда сәл биіктеу төмпешік тұрған. «Түбі осы араны да бір тексеріп өткен жөн болар-ау» деп ойлаған да қойған. Бірақ бұл жердің биіктігі бәлендей жоғары тұрмағандықтан, «мықтағанда Қола дәуірінің кезіне жатар, ал бізге керегі одан бұрынғы ғасырлар ғой» деп соңына қалдырған.

Михайлов осы төмпешікті айнала қазыпты. Биіктіктің дәл орта шенінде жерге ортан белінен батып кеткен үлкен обатас пен оның екі жағында екі балбала тұр. Бұл тас мұралар әрине сақ замандарынан бұрын жаралған дүние. Жазық далаға орнатылған үлкен обатас пен балбалаларға жел қуып әкелген құм мен топырақ жиналып біртіндеп бұл ара төбешікке айналған. Әрине, мұндай обатастар мен балбалаларды Күнтуар бұрын да талай көрген. Бұл секілді мұралар Сарыарқада, әсіресе Есіл, Тобыл бойларында көп кездесетін. Тарихшылардың болжаулары бойынша олардың көбі көне Қыпшақ Үсіней кездеріне жататын болса (біздің заманымыздан 2000—3000 жыл бұрын), ал, кейбіреулер тіпті көне заманнан, сонау тас ғасырларының кезінде болған, ертегіге айналған Чудь тайпаларыныкі делінген. Мұндай халық сол кезде қазақ жерінде өмір сүрді ме, сүрмеді ме, әрине, оның дәл анығын ешкім білмейді. Бұл тек аңызға айналған болжам. Егер Чудь халқы расымен біздің жерді қоныс еткен болса, әрине, ұрпаққа мұндай ерекше тас мүсіндер қалдыру үшін ол жұрттың мәдениеті өз заманындағы өзге көршілерінен анағұрлым жоғары тұруы керек.

Күнтуар шу дегеннен — ақ бұл мұрттары салбыраған, қолдарына, кеудесіне таяу саптыаяқтар ұстаған обатастардың осы Чудь еліне телінетіндері екенін айтпай түсінді.

Арқа жері болса бір сәрі, Чудь халқы тұрды делінген Сібірмен шектес, ал, Сыр бойына бұл тастар қайдан келді? Расымен сонау әлімсақтан бұрынғы заманда Чудь елі өткен десек, расымен ол санау Есіл, Тобылдан бастап осынау Сырдарияға дейін далиып жайлап жатқан ел болғаны ма? Егер оны осындай көп жерді қоныстанған жұрт деп білсек, сол жұрттың бар қалдырғаны тек обатастар мен балбалдар ғана ма? Тағы бөтен мұралары болулары керек қой? Әлде бұл арада сол Чудь жұртымен мәдениеттес бөтен халықтар тұрды ма? Тегі сол жұрттарды көшпелі ел еді деп қалаларының жоқтығына көнсек, ол халықтың дүниеден өткен адамдарын қоятын зираттары қайда? Әлде көне монғолдар тәрізді олар да жастары келгендерін, тау басына шығартып, не айдалаға қаңғытып өлтірді ме екен? Не болмаса отқа табынған бақсы,бәлгер дәуіріндегідей, кісілерінің пырақтарын отқа жағып, еш белгі қалдырмай жоғалтты ма екен? Бәрі де мүмкін.

Күнтуардың тағы бір таң қалғаны, Чудь дәуірінен ғалымдар тек обатастарды ғана тапқан жоқ, олар сол заманның алтын, күміс қазған орындарын да кездестірген. Ал, егер сонау тас ғасырларында Чудь елі алтын, күмісті жер астынан ала білсе, одан әрине өзіне керек заттарды да жасай алғандары даусыз. Ал, осы уақытқа дейін қазақ жерінде, әсіресе Сырдария бойын Чудь заманына жатады дейтін бір де бір асыл кен орны табылған емес. Егер ол аңыз халықтың алтын, күміс қазғанын анық десек, онда сол асыл заттар қайда жоғалып кетті? Олар тот басып, су жеп өзгеретін темір, қалайы емес, тіпті жел де, су да өзгерте алмайтыны хақ. Әрине, алтын, күміс бір кезде бар болса, қазір де бар. Еш уақытта да жоғалып кетпейді.

Күнтуар обатас пен балбалдарды әлі қарап тұр. Сырын тірі жан әлі анықтай алмаған көне мұралар. Қай заманда, кім бұларды осы араға әкеп тұрғызды? Және қандай құпия сыр бар бұл бейнелерде? Расымен осы мүсіндер сол кездегі адамдарды суреттей ме, әлде олардың табынатын құдайларының тұлғалары ма? Бәрі белгісіз, бәрі жұмбақ. Күнтуар ой шетіне жете алар емес. «Халықты білгір, дана дейді осы жұрт. Оған дауым жоқ. Бірақ халық тек өзінің қазіргісін ғана жақсы біледі. Оның даналығы бұрынғы өткеніне де, алдағы болашағына да жетпеген. Әсіресе қазақ секілді көшпелі жұрттың. Сондықтан да бұл жұрт бұрынғысын білмеген, ойлап алдағы ұрпақтарына өзінін мұраларын қалдырмаған. Қазір көне заман түгіл, дәл кеше өткен қазақтың алғашқы хандығын құрған Жәнібек пен Керейдің молаларын іздесең қайда қалғанын таба алмайсың…»

Күнтуардың ойын Михайлов бұзып жіберген.

Мына екі кіші балбаланың ортасында үсті тас төрт бұрышты жер бар, — деген ол, — әлдеқалай, сол араны қазып едім, күрегім тасқа барып сақ етті. Астында құдық па, әлде қойма бар ма екен? Сіз келгенше жұрт көрмесін деп әдейі үстін бүркеп қойдым.

— Қай жерде?

— Міне, мына арада.

Жігіт тез — тез күреп, төрт бұрышты қызғылт тастың үстін ашты. Тас тұтас біткен жалпақ тәрізді емес, төрт бөлек тастан қалаған секілді.

— Тасты көтеріп көрдің бе?

— Байқадым, мызғыр түрі жоқ. Және жан — жағындағы топыраққа күрек түгіл, лом темір батпайды. Сірә, бұл жерден өзен өтіп, сұр балшық цемент боп әбден қатып қалған тәрізді.

— Жарайды, онда осы араны қазуға кірісіңдер. Егер ломмен алу қиын болса, мына тұстан, ана тастарды сындыртпай, жарты метр жерден от — дәрімен атқыз.

— Жарайды.

Екеуі анадай жердегі төбешікке барып отырды. Азғантай жұмыс істегенінің екі ортасында күнге күйген қара қошқыл денесі суға түскендей терлеп кеткен Михайлов, аңызақ желге кеудесін тоса күйдіріп бара жатқан ыстық ауадан жаны жай тапқандай, күлімсіреп қояды. Күнтуар пенжегін шешіп жанына тастай салды да, көйлегінің омырау түймелерін ағытып сәл желпініп алды.

— Ғажап, — деді Михайлов, — бір-екі жылдан кейін осы жерде электростанция салынып, бұл төңіректің бәрін су басады дейді! Сыр бойының шаруашылығын осы күнгісінен де өркендететін біздің заманымыздың бір үлкен құрылысы жүргізілетін көрінеді!

— Ол тек біздің заманымыздың ғана үлкен құрылысы болмайды. Бұл арада осынау ұшы -қиыры жоқ құмайт даланы игеріп, адам баласының алдағы жүздеген жылға созылатын келешегіне жол сілтейтін құрылысы басталады,—деді Күнтуар — Сондықтан да біз бұл арадан кетпей, археологиялық зерттеу жүргізіп жатырмыз, Ертең бұл тұста су басқанда астында не қалғанын болашақ ұрпақ білуі керек.

Михайлов жылдан жылға археологиялық зерттеу жұмысын жақсы көре түскен. Оған осыдан мың жыл, тіпті бес мың жыл өткен дүниені, елді білу үлкен бір ғанибет қызық өмір көрінген. Күнтуар келген сайын екеуі археология туралы, өткен халықтар, құрып кеткен, не болмаса келесі ұрпақтарға ауысқан мәдениеттер, көркемөнерлер жайында ұзақ әңгімелесетін. Бұл әңгімелер жас кезі ұрлық пен абақтыда өткен, бірақ тегі жақсылықты сүйгіш, кезінде оқудан көз жазып қалған, білімге құмар жас жігітке әсер ететін. Өткен ғажайып елдерді, сол елдердің соғысын, қырғынын, күйреу, дамуларын естіп, жас жігіт бір ертегі ғаламаттардың ішіне еніп кеткенде таң қалатын. Осылай бір кезде қатеден мүлдем күнәкәр болып кете жаздаған жас көңіл, бірте — бірте жамандықтан жаны аршыла түсіп, рухани дүниесі, сана сезімі мүлдем жаңаруға айналған.

Михайловтың мұндай күйін аңғарған Күнтуар онымен әңгімелесуге жалықпайтын. Құнарлы жерге сепкен дәннің шығатынын білген диқандай, жақсы сөзінің бос кетпейтінін түсініп, қарт археолог жігіттің ойына, ақылына, санасына азық болатын әңгімені көп айтатын.

Бұл жолы да сондай әңгіме басталып кетті.

— Археология қызық ғылым, — деді Михайлов, — баяғы заманда өткен адамдардың еңбегінің, әлдеқашан өшіп кеткен ғасырлардың, халықтардың мәдениет мұраларын тауып алып болашақ ұрпаққа қалдырғанға не жетсін! Өзіңнен бұрын не болды, бұны білу қандай қызық! Әрине, адам өз заманынан бес мың жыл бұрын не еткенін түсініп қана қоймай, алдындағы бес мың жылдан кейін не күтетінін білсе, міне шын тамаша жетістік! Өткенің анық, қазіргің көз алдыңда, ал, келешегің айқын, адам тек сол келешекке тез жету үшін ғана өмір сүрер еді, арман етер еді!

Күнтуар дарияның арғы бетіндегі сағымдардан көзін алмай үндемей қалды. Аздан кейін барып:

— Металлогения деген ғылым бар, — деді, — ол ғылым өткен кезде қай жерден қандай металл алынды, бүгін қай жерде, қай тұсында не бар, соған қарап, қай жақта әлі біз білмейтін қандай байлық жатыр, соны ондаған жылдар бұрын болжап ашады. Сондай — ақ өткен өмірімізді, бүгінгі күнімізді, қайда бара жатқанымызды салыстырып, адамзаттың бар жігерінің, ақылының, ойының, байлығын да, бақытын да — бәрін күні бұрын болжауға, білуге болады… Бұл ғылымның иесі, адамзаттың болашағы үшін күресетін мына біздер — коммунистер. Бізге бәрі айқын. Адамзаттың келешегі — коммунизм. Тек уақыт байланысын ұмытпауымыз керек. Бүгінгі күніміз бен өткен күндеріміз сол бірі мен бірі байланысып жатқан уақыттың, замандардың тек жеке бөлшектері ғана… Ал, археология — адамзат тарихының бізге қалған мұралары арқылы өткен кезеңдерін еске түсіретін, көз алдына елестететін сенімді құралы. Археология дүниенің өзі тәрізді көне. Физика, химия, астрономия секілді ғылымдар бүгінгі күні физитрон, реактор, лаборатория, лакатор тәрізді күшті құралдары арқылы табиғаттың құпиясын ашса, археолог өзінің бәз — баяғы қайла, күрек, кетпенімен, ал жазушы ақ қағазға жазған бес тиындық қаламының ұшымен дүниенің сан алуан сырын қопарады. Мысалы Солтүстік Азияны алайық. Оңтүстік — Күншығыс пен Күншығыс Азия және Орталық Азияда адам баласының ең алғашқы қоғамы пайда болып, оның мәдениеті осы арада қалыптасқаны бұрыннан — ақ белгілі еді. Ал, тарихи және жағрафиялық жаратылыс жағдайларға қарағанда, осы арадағы көне заман адамы сол кездерде сонау Қиыр Күншығыс пен Сібірге жетуі мүмкін көрінбеген. Демек, осыдан бір жиырма жыл бұрын Солтүстік Азияға көне адам бұдан 20—25, тіпті 100—120 мың жыл бұрын пайда болған деген пікір туған. Ал, 1951 жылы Қиыр Шығыстағы Филимошка деревнясының жанынан табылған тас дәуірінің құралдары Солтүстік Азияның ұшы — қиыры жоқ даласында бұдан 100—150 мың жыл бұрын көне заман адамдары от жағып, түтін түтеткені анықталды.

— Қойыңызшы!

— Және қалай анықталды десеңізші! Ел ежелден өзен жарлары археологтардың ең жақын жәрдемшілерінің бірі. Өзен жағаларынан көрініп тұрған жер жыныстарының, топырақтардың қат — қабат біткен болмыстарынан, өзіне керек мәліметтерді археологтар кәдімгі кітап оқығандай тауып алады. Жаға жер жыныстары мыңдаған жыл бұрын бұл арада ыстық болды ма, суық болды ма, су тасынды ма, әлде қуаңшылық өтті ме, бәрін айтады. Міне жаңағы селоның жанындағы өзеннің жақында ғана құлаған жар — жағасынан Қиыр Шығыс археолог экспедициясы осы арада көне заман адамдарының қонысы болуы мүмкін деген ойға келген. Көп кешікпей сол жерден тас заманының құралдарын тапқан. Бұдан кейін осындай жүз мың жылдардан бұрын көне адамдар қолданған қару -саймандар Амур өзені бойынан, Алтай тауларынан да ұшыраған. Қысқасы, осылар арқылы адам Сібір мен Қиыр күншығыста Палеолит дәуірінде де өмір сүргені анықталған. Археологияның көне заманға апаратын толып жатқан жолдары бар. Ең алдымен өткен халықтардың көркемөнерлері, этнографиялық тіршілік — тұрмыстарындағы жақындықтары, бағынатын құдайларының бірлігі, діні салты. Америка индейліктерінің арғы аталары Неолит дәуіріндегі Байкал көлінің маңындағы көне адамдардан екеніне ешкімнің бүгін дауы жоқ тәрізді. Бір кезде Америка континенті Азия мен Берингия — кең құрғақ көпірі арқылы қатысып тұрған. Байкал көне адамдары сол құрғақ мойын арқылы Америкаға өткен. Бұны қазір этнографиялық және антропологиялық зерттеулерде дұрыс деп отыр. Американың көне жергілікті адамдарының бас сүйегі монголит іспеттес екені де осыдан…

— Ғажап!—деді тамсанып Михайлов.

Әлімсақ заманында Амур, Лена, Ангара, Зее өзендерінің жағасын жайлаған көне елдердің мәдениеті, сол кездерде өркендеген Жапония, Қытай, Монғолия мәдениеттерінен бірде -бір кем түспеген. Атам заманда тасқа түсірілген бейнелер, маскалар, Кондон ыдыстарындағы ойын салынған еркектер, осыдан бес мың жыл бұрын жасалған сол Кондонда табылған нанай қызының кішкентай мүсіні, тағы сондай толып жатқан көне заман мұралары, бұл төңірекке мәдениет Қытайдан емес, Қытайға осы жақтан барғанын дәлелдейді.

Күнтуар тағы үндемей қалды. Сонау алыс заманның өмірі, өнері, тарихы ойын әлдеқайда жетектеп кеткендей тағы үн — түнсіз ұзақ отырды.

— Егер әр ғасырға, дәуірге жататын көне мұраларды қатар қойып ойға қалсаң, Қиыр Шығыста да ғасырлар байланысының үзілмегенін көресің, — деді Күнтуар қайтадан сөзге кірісіп. — Және бұл арадағы уақ елдердің көне көркемөнерінің тууы сонау Тас дәуіріне кетеді. Бұл ғой адам баласының алғашқы қоғамы, мәдениеті жаралған деген Азияның ең Солтүстік жағы. Және ең алғашқы адамдар бұл жақта 100—150 мың жыл бұрын пайда болған деп отырмыз ғой. Ал, сол Азияның ең Батыс жақ ортасында жатқан қазақ жерінде сол кездерде не болған? Біздің әзірге білетініміз мықтағанда өз заманымыздан бес-алты мың жыл бұрын өткен елдердің жалпы елестері, нақтылы демесек те солардың мәдениеті -ау деген кейбір болжамдар? Ал, ол кезеңдердің ар жағында бұл арада не етті. Жер бетін су алып, мұз басқан кезеңдерден кейін бұл өңірлерге біртіндеп қайта туған өмірлер қандай өмірлер? Оның бер жағында бұл жерлерде Тас дәуірі, Қола дәуірлерінің алғашқы кездерінде қандай мәдениеттер өмір сүрді? Ал, біз білмейтін ондай мәдениттердің бұл арада да болуы мүмкін бе?.. Осыны түсіну, шама келсе ,осы жұмбақтың ең болмаса бір сұрағына жауап беру — менің өмірбақиғы арманым еді. Енді міне сол арманыма жететін түрім жоқ…

— Неге олай дейсіз? — деді Михайлов кенет Күнтуарға жаны ашып кетіп. — Бұл араны су басады деген соң солай ойлайсыз ба?

— Жоқ, — деді Күнтуар. — Көне адамдар жалғыз осы араны ғана қоныс етіп пе? Ойымда бөтен жерлер де бар. Әсіресе Ұлытау маңайы. Мәселе басқада: жас болса келіп қалды. Жалғыз бала жолымды қумады. Ал бастаған ісін жалғайтын соңында адамы жоқ ғалым жапанда жалғыз өскен бәйтерек тәрізді. Түбірімен шіріп құлаған күні — оның орны бос қалады. Әрине, менің жұмысымды бөтендер аяқтайды, бірақ кей адамда көзі жұмылғанша ешкімге айтпай көкірегіне сақтайтын асыл армандары болады. Оны өзгелерге айтуға қызғанбайды, тек кейде өз болжамына өзі де сенбейді, сенген күнде де өзгені шатастырып алам ба деп қорқады. Ал мен болсам, талай жасты тәрбиеледім. Кейбіреулері үлкен оқымысты да болып кетті… Бірақ біреуі де жанымда қалмады. Қалулары да қиын еді. Өмір бойы мені осылай бір жерден бір үміттің көзі кішкентай сығырайса болғаны, соған жеткенімше асығам. Қазақтың ұшы — қиыры жоқ жалпақ даласын кезесің де жүресің. Кім оған шыдасын?!

— Мен шыдар едім! — деді кенет Михайлов.

Күнтуар тағы үндемей қалды.

— Сөзіңе сенемін!—деді ол сәл ойлана.

— Әттең, дүние, білімім жоқ!

— Білім — білгісі келген адамнан қашпайды, — деді Күнтуар, — Әлі жассың, қыс оқы, жаз менімен бірге бол…

— Жақсы.

— А мен білгенімді аямаймын, — деді Күнтуар, — сен маған ұнадың.

Уәделескен адамдай екеуі қол алысты.

Михайлов төрт жігітпен кезектесіп екі балбаланың ортасын он күн қазды. Бұрын дария жағасы боп, артынан үстінен су жүріп, ұзақ ғасырлар бойы лаймен, құммен әбден тастай боп қатып қалған жерді қазу оңайға түскен жоқ. Мәрмәр қашағандай он күн дегенде үстіндегі төрт бұрышты, біріне — бірін қайыстыра салған төрт үлкен қызғылт тастарды әрең алды. Одан әрі жеңілге түсті, ар жағында, шамасы екі метрдей төменнен, өздері төрт бұрышты етіп қазып келе жатқан шұңқырдың құбыла тұсынан қатарлап қалаған тас қабырғаға кездесті. Екі күндей біріне — бірін айыра алмастай етіп қалаған (тастардың ортасы сұр балшық тәрізді) осы тас қабырғаны әзер дегенде бұза алды. Ар жағынан басына тас айбалта мен екі тас құмыра қойылған адамның сүйегі шықты. Сірә өлген адамды бүк жатқызып жерлеген тәрізді, өліктің қол сүйектері мен жілік, сан сүйектері, дене сүйектерінің алдыңғы жағында жатыр. Сан сүйектері мен жіліктері білектері өліктің бүк түстіріп қойылғанын көрсетеді.

Археологияда адамды жерлеумен байланысты көне бұрын өткен мәдениеттер үш түрге бөлінеді.

Бірі тік көр мәдениеті. Бұнда адамды тікелей терең қазылған зиратқа бірден қояды. Екіншісі катакомба мәдениеті деп аталады. Бұл Қара теңіздің солтүстік жағында біздің дәуірімізден екі мың жыл бұрын өткен мәдениет. Мұнда дәл осы күнгі мұсылмандардың кемуі тәрізді зиратты төрт бұрышты етіп қазып, түбінен бір жағына қарай қуыс істейді. Соған өлікті қояды. Бер жағын таспен, не тақтаймен бекітеді. Өлікті осы күнгі мұсылманша қоюдан бұның негізгі айырмашылығы, адам пырағымен бірге оның қару -жарағын, о дүниеде керек болатын, не асыл қазына, қымбат заттарын бірге көмеді. Үшінші мәдениет, бұл осы катакомба мәдениетінен кейінгі тікелей скиф заманына келіп жалғасатын ағаш зират мәдениеті. Бұнда көрді тік қазады да, топырақ басып тастамас үшін қабырғаларын діңгектермен қалап төрт бұрышты үйшік істейді. Үстін де сондай діңгектермен жауып, төбесіне топырақ үйеді. Өлікті бұл мәдениеттің әдеті бойынша, сол жағымен бүк түстіріп, басын солтүстікке қаратып жерлейді. Ал сақтар өлікті шалқасынан жатқызып, басын құбылаға қаратып қойған.

Өлік жатқан зиратқа түскенде Күнтуар таң қалды. Рас қазақ жерінде көне сақтардың денелерін катакомба дәстүрімен (осы күнгі мұсылман ғұрпы тәрізді) жерлегенін сан көрген. Бірақ, еш уақытта да олар өлігін, Днепр мен Днестр өзендерінің бойындағыдай ағаш зираты мәдениет әдетімен бүк түстіріп жатқызып көмген емес. Және оң жағынан жатқызған емес. Күнтуарды әсіресе таң қалдырған тас айбалта болды. Нефрид тасынан істелген бұл айбалта орасан өткір және өте көркем өрнекті еді. Бұл әрине Тас дәуіріне жататын құрал. Нефрид тасынан істелген балтаны Қиыр Шығыс ғалымдары Кондон мұраларынан тапқан. Тек ондағы балтаның суреттегі бейнесі мынау айбалтаға ұқсамайды. Кондон балтасы Байкал көлінің маңындағы нефрид тасынан жасалған. Ал мынау айбалта қай жердің тасынан істелді? Сыр бойында нефридтің бұл түрі жоғы Күнтуарға да мәлім.

Археологтың көңілін аса аударған сол нефрид тасынан қашалып жасалған қос құмыраның сыртындағы өрнегі. Құмыраның өзінің де сырт түрі әдемі (әрине Өліктің жаны шөлдесе ішсін деп оған сүт құйылған), ал қабырғасындағы өрнегі тіпті келісті. Ангара өзенінің бойынан табылған бұдан бес — алты мың жыл бұрын өткен ғажайып мүсіндерде егер аңның, жыланның, құстың, әйелдің бейнелерін көрсек, мынау өрнектерде тек ертеде кездесетін екі басты құс аққуды құшып жатыр. Екіншісінде қарбыз түстес бір аң бұғыны қуып келеді. Күнтуарға бұл өрнектер, соңынан, «тағы андар стилі» деп аталатын сақтардың көркемөнерінің алғашқы бір жобасы секілді тәрізденді. Тек мұнда сақтар заманындағыдай емес, тағы аңдар алыс — жұлысы жоқ. Құстардың ғана бірін — бірі құшқан бейнелері мен жарысқан аңдар…

Демек, жалпы осы зираттан табылған заттар бұрын ешкімге таныс емес мәдениетті аша ма? Және бұлар қай кезге жатады? Айбалта мен қос құмыра Тас дәуірінікі, ал зират бейнесі Қола кезеңінің бас жағындағы Кимирей тайпаларына жатады деп танылған катакомба мәдениетінікі. Ал өліктің жатысы — ағаш зират мәдениеті саналатын Қола дәуірінің орта шенінікі. Сонда не болғаны? Мұндағы мұралар бір дәуірден емес, әр дәуірден құралғаны ма? Шығар басы сонау бұдан жүз — екі жүз мың жыл бұрын өткен Тас дәуірінен алынып, аяғы сонау Қара теңіздің Солтүстік алқабына Орта Азиядан біздің дәуірімізден бұрын VII—VIII ғасырларда келген скифтардың мәдениетін көрсете ме? Содан қалай, әлдекім уақыт, ғасырлар байланысын дәлелдегісі келгендей бір зиратқа бұларды әдейі жинағаны ма? Әлде?.. Әлде бұл мұралар сонау көне заманда Шығыс пен Батыстың түйіскен қазақ даласында сол кездегі мәдениеттердің алғашқы жобасын көрсете ме?

Күнтуар, зираттың бар көлемдерін өлшетіп, өліктің сүйегін, айбалта, құмыраларды сол жатқан жерлерінде суретке түсіртіп, адам мүшелерін орталық антропология музейіне жібертті. Өзі зираттың қалай, қай жаққа қарай қазылғанын тағы бір қарап шығып, құмыралар мен айбалтаны зерттеуге кірісті.

Қарт археолог тағы ойға қалды. «Темір дәуірінің алғашқы шеніндегі Орта Азия (оған Сырдария бойы орта тұсына дейін жатады) сақтары, Қола заманында осы арада тұрып келген жергілікті халықтың ұрпағы екенін қазір ғалымдар мойындаған тәрізді. Оған дәлел біздің дәуірімізден бұрынғы мың жыл бойы өлікті үнемі отқа жағып отырған. Тек күлін ғана жерлеп келген. Мұндай дәстүр Қола дәуірінің соңғы кезінде де болған. Сөйте тұрып, кей ғалымдар бір халықтың үрім — бұтағынан екінші халықтың шығуын мойындағысы келмейді. Сол себептен де олар сақ елінен тікелей қалған ел жоқ дейді. Рас, профессор Бронштейн Тянь-Шань түркі тілдес тайпаларының дүниеге келуін сақтың аргиппей тайпасымен байланыстырады… Сонда бұны қалай түсінуге болады? Қола мен Темір дәуірлерінде Орта Азия мен қазақ жерінің шығысы мен оңтүстігін (Орта Азия кіретін жағын) сақ елі жайлап келсе, ал ол құрып кеткен уақытта, оның орнында кім қалды? Мүмкін сақ елі құрып кетпеген шығар? Тянь-Шань түркі елдеріне айналған аргиппей сақтары тәрізді бұлар Қыпшаққа, сосын қазаққа көшкен шығар? Оған қандай дәлелің бар? Дәлел шамалы. Демек, құр қол емеспіз ғой. Осы уақытқа дейін қазақ елі өліктерін күнбатыс сақтары тәрізді катакомба — зират бүйірінен қуыс қалдырып көміп келеді. Ал адамды жерлеу бұл қай елдің болса да мәдениетінің бір іргесі саналады. Сақ елі өрнегі, жеке салған мүсіндері «тағы аңдар стиліне» бағынса, қазақ елінің өрнектерінде бүгінге дейін арқар, қошқар мүйіз атты кестелері солардан ауыспағанына кім кепіл? Адамның, аңның бейнесін өрнекке салу не алтын, күмістен мүсін етіп ою, қазақ даласында VII ғасырдан бастап мүлдем кездеспейді. Мүмкін бұл сурет салу, адам, аң бейнелерін өрнектеу мұсылмандарға рұқсат етпеген Ислам дінінің салдары шығар? Қазақ елі «одан бұрын да аң мүсін жасаған жоқ» деген сөз жалған да болар? Егер ондай мүсіндерге қазақ елі душар келмесе ертегіге айналып ертеден келе жатқан алтын сақа, ортеке мүсіндері қайдан туды? Қата ма бұл пікірлер? Мүмкін. Әлі көп деректер, дәлелдер іздеу керек. Бірақ ол дәлелдер бар ма, түбі табылуы мүмкін бе? Қазақта «Әлімсақтан бері» деген ұғым бар. Бұл баяғыдан бері деген мағынаны береді. Сонда қазақтың баяғысы сонау сақ кезі емес пе? Қазақтың сақ ұғымын беретін басқа да сөздер бар. Әлі оларды да зерттеу керек…»

Кенет оның есіне былтыр бір қызметкермен сөйлескені түсті. Ол Күнтуарға:

— Мен сізге таң қалам, — деген, — өте дарынды адамсыз, ал миыңызды тіпті керегі жоқ зерттеулерге жұмсап жүрсіз. Жарайды, сіз қазақ жерінде осыдан он мың жыл бұрын қандай ел тұрғанын, оның мәдениеті қандай болғанын шешіңіз. Содан не табасыз? Оның бәрі қайтып оралмайтын өшкен дүние ғой. Тіпті ешкімге керегі жоқ.

Күнтуар жер бетінде мұндай топас, адамзаттың тарихына осыншама тар қарайтын кісі бар деп ойламаған. Ананың сөзінің дұрыс еместігіне көзін жеткізетін қонымды дәлелдер іздеп сәл кідірген.

— Сен өткен өміріңді ойламайсың ба? — деген аздан кейін. — Біреудің істеген жақсылығын, жамандығын, өзіңнің қатеңді, табысыңды есіңе түсірмейсің бе? Солар арқылы алдағы уақытта жақсаруыңды, ұстаған мақсатыңа жетудің жолын іздемейсің бе?

— Әрине өткен кездерімді үнемі еске түсіремін.

— Ал оларды тіпті ойламау үшін не істер едің?

— Жоқ, оларды ойламау тіпті мүмкін емес. Ол үшін адам біржолата ақылынан адасуы, не жазылмайтын ұмытшақтық ауруға шалдығуы керек.

— Сонда сен, өткенін есіне түсірмес үшін бүкіл адам баласы ақылынан адассын, не ұмытшақтық ауруға шалдықсын демексің бе? — деген Күнтуар. — Жоқ, жігітім, адам баласының өткені мен бүгінгісі, біле-білсең ертеңі үшін керек. Сол себептен де мен, сол адам баласының жадынан шығып кеткен замандарын есіне түсіргім келеді. Сол арқылы шамама қарай оның болашағына өз үлесімді қосуды арман етем.

Қазір Күнтуардың есіне осы әңгіме түсті. «Оқыған адам деді ол әлгі жігітті есіне қайта әкеліп, біздің Михайлов құрлы өткенді зерттеудің неге керек екенін түсінбейді. Бұл жалғанда сондай ақымақтар көп. Солар аз болса, дүние шіркін қаншама кеңи түсер еді?»

Күнтуар табылған заттарды зерттеуге шұғылданған күннен бастап, Михайлов өзінің серіктерімен, археолог тың тапсырмасы бойынша бұрынғы тас қабырғаларды топырақтан аршуға қайта кірісті. Бірақ неге екенін өзіде білмейді, өзге жолдастары дем алуға кетсе, бұл, бірдемесі қалып қойғандай тастап кеткен ескі зиратқа әлсін — әлсін келе берді. Осы зираттың қабырғалары бір құпия сырды жасырып тұрғандай, әрбір сүйем жерін, өткір ұшты лом темірмен ұрып тексере бастады. Бірақ ештеңе табылар емес. Сонда да ол осы зираттың үстіне әрқайсысын бір адам көтере алмайтын, төрт тасты неге салғанын ойынан шығара алмады. Және ол тастардың үстін тағы топырақпен көмген. Михайловтың басқа бір ойлағаны: зират үстіндегі бір метрдей жердің соншалық қаттылығы. Оған бұл жер су түбі болғандығынан емес, көне адам осындай тастай етіп оны әдейі істегендей көрінді. Бұлардың бәрі не үшін? Мүмкін анау көмілген кісі көне адамдардың көсемі шығар. Қойылған жерін ұмытпас үшін зиратының үстін әдейі таспен бастырған болар? Бірақ өйтудің қанша қажеттігі бар? Зираттың қай жерде екенін екі жағындағы балбалалар айқайлап айтып тұрған жоқ па?

Сайып келгенде Михайлов бұл тастар текке жатқан жоқ деп шешкен. Және тағы бір ойлағаны: «Катакомбадағы өлікке о дүниеде керек заттары мен оның жанын қинауға келген әзірейілдер көріп, өлікті қинауды ұмытып кететін алтын, күміс дүниелері қайда? Мүмкін тас айбалта мен тас құмыраларға қарағанда бұл Тас дәуірінің зираты болар, әрине онда алтын, күміс табылмауы мүмкін, бірақ зираттың үлгісі археологтың өзі айтқандай катакомба мәдениетіне ұқсас қой. Онда зиратта өлікке керек қазына болуы күмәнсіз» деген үміт еді.

Күнтуар енді алтынды қолына алып тұрып жымия күлді.

— Енді Ерғазылар біздің экспедицияны бәлен жылдан бері үкімет ақшасын босқа шығарып жатыр демейтін болды, — деді ол, сөйтті де Михайловқа қарады, — Василий Иванович, сен нағыз археолог болады екенсің, шын жүрегіммен құттықтаймын, — деді, — және өзіңнің бұл табысыңмен «алтын көрсе періште жолдан таяды» деген ұғымның жалған екенін дәлелдедің!.. Көп рахмет! Археологияда алтын емес, алтын заттың нені көрсететіні қымбат. Ал мынау заттар катакомба мәдениетінен бұрын бұл жерде Қола заманында тағы бір мәдениеттің болғанын дәлелдейтін тәрізді. Ол қандай мәдениет? Оны әлі келешек зерттеулер анықтар. Тек бұл заттардың Қола дәуірінің алғашқы ғасырларына жататыны даусыз ғой деймін…

— Онда тас айбалта мен тас құмыралар қайдан келді? Олар Тас дәуірінің белгісі емес пе?

— Иә, ол солай, — деді Күнтуар. — Бұл жұмбақты да шешерміз. Мүмкін мына зират Тас пен Темір,Қола дәуірлерінің түйіскен мезгілінің мұрасы шығар?

АЛТЫНШЫ ТАРАУ

Арман әнеу күнгі рестораннан кейін Бибінікіне барған күннен бастап сол үйде тұрып қалды. Осының алдында ғана Бибінің әке, шешесі жалғыз қыздарына әдеттегісіндей біраз ақша жіберген. Бұлардың енді «күнімізді қалай көреміз» деп опық жемей, уақыттарын көңілді өткізулеріне мүмкіндік туған.

Осылай олар бір жеті қаннен — қаперсіз қызық өмір сүрген. Сегізінші күні Бибі:

— Все что здесь было — надо забыть… Арманка, давай уедем отсюда, — деген—мои предки тебя примут с радостью!

Арман тағы жеңілтек мінезінен шыға алмады. Күнде ішу, ойын — күлкі, жаңа қосылған келіншектің ыстық құшағы қылықты мінезі, енді оны қайғысынан алып қашқандай, азабын аз күнгі ұмыттырды. Оның үстіне Арманның өзі де дүниенің бұрын көрмеген дозағынан тезірек құтылғысы келді. Қанша арақ пен ләззатқа мас болса да, үй іші мен жұмысы кенет есіне түсіп кетсе, саса қалатын жігітке, Бибінің ұсынысы өткен күннің бәрінен оңай құтылатын бір табылған жол боп көрінді. Арман Қайрақтыдан кетуге тез көнді.

Үйіне келмей қойған Арманның Бибінікінде екенін білген Жаннат, намыстанып, күйеуін іздеп бармады. Қайтсын деп кісі де салмады. Тек екі баласын кезек — кезек құшақтап, үнсіз жылаумен болды. Арманды қаншалық жақсы көретінін ол, енді ғана мықтап түсінді. Сөйтсе де өзі үшін күреспеді. «Мейлі» деп үйінде қала берді. Он шақты күн өткеннен кейін бір таныс әйелі келіп:

— Арман мен ана бір қуыршақ келіншек екеуі бір жаққа кеткелі жатыр — ау деймін, аэропортта шамадандарымен отыр, — дегенде де:

— Мейлі, кете берсін, — деп орнынан қозғалмады.

Тек соңынан ғана, илеуге көне беретін саз балшықтай Арманның жігерсіз мінезін біле тұра, аэропортқа барып қолынан жетектеп үйіне неге әкелмегеніне өкінді. Әттең, әттең! Сүйген жүрек тым өкпешіл келеді ғой, ақылға салуға да мұрша бермеді.

Бибінің әке-шешесі қыздарының жаңа күйеуін құшақтарын жайып қарсы алды. «Жалғызымыздың қызығы біздің қызығымыз», — деді. Әңгімелескеннен кейін, Арманның Ерғазының баласы екенін біліп, әлі де көңілінің желі басылмаған, баттасқан бояуы бетінің әжімін жасырған Бибінің жасамыс шешесі тіпті құлай түсті. Бұрын ауыз толып айтардай қызметі жоқ, бар болғаны «ауыл мұғаліміне» қызының шыққанына ұнжырғасы түсіп жүрген желөкпе бишараға Бибісі өзінің теңін жаңа тапқандай көрінді. Енді жарасқан екі жастың қызметшісіндей бәйек болды да қалды.

Бибі мен Арман екі айдай қызметке кірмеді. Қызы мен күйеу баласы, «Қайрақты» секілді жүздеген жастар барып жатқан жаңа құрылыстан емес, былшиған сары масасы қандарын сорып, дауыл, боранды көздерін аштырмай соғып, әбден мазалары кеткен дозаққа айдауға барған жерінен әзер қайтқандай, Бибінің шешесі барын ауыздарына тосты. «Жұмыс деген не? Қолға түспей кететін бақыт емес қой. Мехнаттануға әлі уақыттарың жетер», — деді ол балаларына. Күнде қонақ. «Толып жатқан туған күндер». «Бірге оқығандар кездесуі» тәрізді той-думандардан бастарын ала алмады. Осылай әр сағаты алтыннан қымбат өмір шіркін бостан — бос өтіп жатты.

Әкесінің әлсін — әлсін қыңқылдауы әбден мазасын алған шешесінің:

— Өздерің ЗАГС — ке тұрып па едіңдер? — деген сөзіне, Бибі:

— Зачем ЗАГС? — деген айнаның алдында кірпігіне кірпік жалғап жатып. — Біз бір -бірімізді өте сүйеміз. Сол дастаточно. Главное — махаббат.

Қызының сөзі көкірегіне қонса да, шешесі:

— Ол солай ғой, — деген. — Бірақ ерлі-зайыпты адамға арналған сондай заң бар.

— ЗАГС еш жаққа да қашпайды, біз алдымен бір — бірімізді изучить етуіміз керек. Бір -бірімізге ұнасақ тұрамыз… Ал өйтпей тіркелгенде ЗАГС-тан қандай пайда бар? Сендердің айтуларыңмен Жағыпаркамен ЗАГС — ке тұрып едім, не таптым?.. Бір марока. Әзер развод алдым.

Бөтен шеше болса: «Қарағым — ау, не айтып тұрсың, қосылатын қыз бен жігіт алдыменен бір — біріне ұнай ма, әбден көздері жеткен соң қосылмайтын ба еді? Ал күйеуге шығып алып бір — бірімізді зерттейміз деген қайдан шыққан сұмдық!» деп ұрсар еді, ал қызының келешегі емес, оның кімге болса да ұнайтын түр — келбетін мақтан еткен Бибінің шешесі:

— Оның да дұрыс шығар, — деген. — Ал ЗАГС — максты әкең екеуміз де білген емеспіз. Құдайға шүкір ЗАГС — сыз да ерлі — байлы болып жиырма жыл тұрып келеміз. Тек друзьяларымыз: «Сапекең, олай — бұлай боп кетсе, өмір бойы қызмет істеген жоқсың, пенсиясыз қаласың» деген соң былтыр ғана ЗАГС — ке бардық.

Осындай ойын — сауықта жүрген Арман, күні — түні құр ішіп — жеп, қыдырудан жалықты ма, екі айдан кейін Халық шаруашылық көрмесіне қызметке кірді. Бірақ, бұндағы жұмысы, бір мезет қиялын жарқ еткізіп оятқан мүсін жасау тәрізді болмады. Алғашқы кезде аздап көңілін тартса да, әрі — беріден кейін мүлде жалықтырып жіберді. Жұмыстан тезірек кетуі, не бармай қалуы көбейді. Көрмеден гөрі ресторандатуды жиілетті. Әрине, ішетін адамға қайда жүрсе де серік кездесе кетеді, бұнда да өзіне ұқсастар табылды. Ақырында, «көрме менің қолым емес екен» деп, заводқа ауысты. Завод әкімдері де алғашқы кезде «жас кадр, тәрбиелеу керек» деп ішуге құмарлығын көріп, ескерту, сөгістерді бере — бере, жалығып, сірә бір адамға осыншама шара қолданғандарынан өздері де ұялған болуы керек, ақырында жұмыстан шығарып тастады. Он шақты күн жүріп, Бибінің әкесінің арқасында Арман енді музейге орналасты. Бұнда да ол тұрақтай алмады. Жапалақпен ішіне сабан толтырған қара құстардың тұлыптары жүрегін айнытып, қол жууға берген спиртті жасырып ішіп, музей ісіне маманданудың орнына,жүн — жүн боп азып — тозып, бұдан да шығып қалды. Өзінің су түбіне кетіп бара жатқанын түсінсе де, арақ — шарабын тоқтатуға күші жетпеді. Бибі де тоқта демеді. Оның өз шаруасы да көбейді. Бұрынғыдай Арманға көңіл бөлуге қолы тимеді. Осылай тағы екі — үш ай өтті. Бибінің шешесі де алғашқы күндегідей емес, бұған кейде қабағын түйе қарайтын әдет шығарды. Әйелінің әкесіне «мені тағы қызметке орналыстырыңыз» деуге бата алмай, жүдеп жүрген кезінде, театрға биші болып кірген Бибі бір күні:

— Надо нам расставаться, — деді бетіне кіремін жағып жатып, жай бір мағынасы болмашы сөз айтып тұрғандай беті бүлк етпей. — Мен өзімнің бақытымды таптым…

Ғажап! Бибі бұл құбыжық сөзді тікелей айтса да, Арман оны ешбір ренжусіз тыңдады. Ең болмаса мұндайда ойнай жөнелетін жүрегі құрғыр да селт етпеді. Түбі солай айырылатынын бұрыннан — ақ білгендей. Арман жарының сөзіне жайбарақат бас изеді.

Ол енді өзіне — өзі таң қалды. Осыдан екі — үш ай бұрын бірісіз — бірі бір сағат тұра алмайтын екі от жүректердің «сүйемін», «күйеміндері» қайда кетті? Жаннатты, екі баласын тастап Бибіге еріп келгенде, бұны шын сүйген секілді еді ғой. Ал бүгін сөйткен жарының «надо расставаться» деген ауыр сөзіне өкпелемеуі, күйінбеуі неден? Әлде бірін -бірі шын жақсы көрмеді ме?

— Саған қиын екенін білемін… — деді. Бибі тағы жайбарақат.

— Қай жағының қиынын айтасың?

— Как не говори, все-таки мы любили друг друга… Және қазір сенің жолға ақшаң жоқ…

— Бибі жай бірдемені саудаласып тұрғандай сөйледі. — Папам сенің үйіңе қайтуыңа монетка береді…

— Рахмет…

Арманның дәл осы тұста қарсы қабырғадағы үлкен күзгіге көзі түсіп кетті. Өзін — өзі танымай қалды. Кешегі ішкен арағынан екі беті көнектей болып ісінген, көздерінің алды күлкілдеп тұр. Нейлон көйлегі уқаланған, жағасы кірлеген. Бір жақсысы, онысы көкшіл түсті болғандықтан біреу — міреу әдейі жақын кеп үңіліп қарамаса кірлеп кеткені алыстан бәлендей білінбейді. Оның орнына үстіндегі қара көк бастон костюмінің түрінен адам шошынарлық. Бір кездегі бастон костюм деген құр аты. Қыртыс — қыртыс, көптен өтектелмеген. Жағасында, жеңінде арақтың ба, төгілген тағамның ба, теңбіл — теңбіл дақ -таңбалары бар… Кенет Арманның жүрегі күйіп кетті.

Иә, бұл шешесінің өлерден үш ай бұрын алып берген костюмі еді. Осы костюмді кигізген күні бишараның қуанғанын көрсең «Қалқам — ау, саған қара көк мата тамаша жарасады екен! Тіпті түріңді ашып жіберді ғой? Және ағылшындар өзін саған арнап тіккендей дәп -дәл! Игілігін көр! Жаннат жаным, ана бір көгілдір панбарқыт көйлегін киіп, екеуің театрға баратын болсаңдар, жұрт сендерден көздерін алмайтындары сөзсіз! Сендердей балалары бар анадан кім бақытты? Құдай, бұныңа да шүкіршілік!» «Иә, мынау сондағы костюм. Жаннат та бұны өтектеген сайын, бір жерін бүлдіріп алмайын деп әбден қысылатын. Сөйткен ана! Сөйткен жар! Ал мен болсам…» Ол енді бұрыштағы шағын айнаның астындағы кішкентай столдың жанында боянып тұрған әйеліне қарады. Кешегі жақсы көрген кісімнен айырылғалы тұрмын — ау деп ол қабақ шытар емес! Тіпті қайғырмақ түгіл, мұңаяр да түрі жоқ. Сол баяғы жаңа салған суреттей жайнаңдаған қалпы, тұнық көзі мөлдіреп, дәнді ерні әлденеге қуанғандай сәл жымиып тұр. Арман енді ғана бір сырды ұққандай болды. Иә, иә, бұл ұзақ махаббат үшін емес, қысқа ләззат үшін ғана жаралған әйел. Әр жазда шашақ ататын қызғалдақ тәрізді, әр ләззаттан құлпырады. Бұның нәрі өзгермес махаббат емес, өзгерімпаз ләззат. Сондықтан да кешегі махаббатым өлді деп қапа шекпейді, керісінше, бүгінгі ләззатым туды деп жайнай түседі. Бұл көп жылдық емес, бір жылдық өсімдік. Осындай әйел үшін жазықсыз Жаннатты қор еттім ғой! Кенет Арманның бойын қайдағы жоқ бір ашу қысып кетті. Ол орнынан асықпай түрегелді де:

— Маған сенін әкеңнің жәрдемі керегі жоқ! — деді ананың жанына барып: — «Қайрақтыға» өзім де жетермін. Бірақ саған айтар сөзім: неткен қарабет едің! Тфу — у! — Ол Бибінің бетіне бір түкірді де есікке қарай жүре берді.

— Ту, Арманка, — деді Бибі ешбір ашусыз мақтамен бетіндегі түкірікті сүртіп жатып. — Өзің қандай мәдениетсіз едің, кремімді бүлдіріп жібердің ғой.

Арман өгей әкесінің бір танысынан ақша алды да, самолетпен Қайрақтыға қайтты. Күн тағы тымырсық ыстық еді. Самолеттен түскеннен кейін автобус аялдамасына барып орындыққа отырды. Қалаға жүретін екі — үш автобусты өткізіп жіберді. Қайда бармақ? Өз үйіне ме? Арман терлеп кетті. Қай бетімен ол үйдің есігін ашады? Түр болса мынау, істеген қылығы анау. Жарайды, беттің арын белге түйіп, өз үйіне келген күнде Жаннат кіргізбей жүрсе не істейді? Не Арманға өкпелеп Жаннат бөтен біреуге ерге шығып кеткен болса, қалай есігін қағып жүреді?» Ол ботинкасының ұшымен жерді шұқылап күрсіне берді. «Расымен қайда барады? Барар жерің жоқ болса, қолыңмен істегеніңді мойныңмен көтер. Осы арада жат та өл!»

Басына кенет келген осынау жексұрын ойдан Арман шошып кетті! «Жоқ, жоқ, — деді ол үркіп, — өлуге болмайды! Болмайды! Әлі жаспын, қызық көргім келеді? Өмір сүргім келеді! Ту, қайдағы жоқ пәленің қайдан миыма кірді?!»

Арман әрі ойлап, бері ойлап Жақсыбайдың үйіне бармақ болды. Айлас қатын мұңдас, ол Жақсыбайдан бөтен, мұның қазіргі жағдайын ұға қоятын адам жоқ деп ұйғарды.

Жақсыбай үйінде екен. Бұл оның тағы бір әйел алып,содан айырылып әлі үйленбеген кезі еді. Жақсыбай сиқы кеткен Арманның үйіне келгенін ұнатқан жоқ. Және ескі досының бейнесінен қалтасында бір тиыны жоқ бишара екенін түсініп, одан тезірек құтылғысы келді. Бірақ не дегенмен де бір кездегі жолдасы ғой, «кет» деуге дәті бармай, шайын қайнатып, алдына кешегіден қалған азғантай арағын қойды.

Арман жартылай ішті. Бойы жіпсіп, көңілі сәл көтерілейін деді. Басынан өткен оқиғаның бәрін айтып келіп, ол:

— Жұмысқа кіріп, орнығып алғанша, сенің үйіңде тұра тұрайын, — деді тақа бата алмай, қысылып.

— Тұрсаң тұр, — деді Жақсыбай бірден «болмайды» деуге тағы ретін таба алмай. — Бірақ былай ет: кей күні, мүмкін күн ара, сен түнгі сағат оннан сағат бірге дейін үйде болма. Көшеде қыдырып жүрерсің… Жарай ма?

Бұл уақытта неге үйде болмаудың керегін түсінген Арман:

— Жарайды. — деді.

— Бүгін де сөйтерсің…

— Жарайды.

Жақсыбай күндіз үйінде болмайды. Газет, радио, телевидение редакцияларын шыр айналады. Өзінің еңбектерін орналастырудан қолы босамайды. Мәдениет сарайлары, клубтарға барып толып жатқан драма, ән — күй, би үйірмелеріне либретто, интермедия, сценарий, скетч, конферанс жазуымен жүреді. Әйтеуір ақша табумен әлек. Ал қалтасына бірдеме түссе, қайдағы жоқ бір дудар бас әйелді тауып алып, ресторанға апарады. Артынан үйіне әкеледі. Әбден әккі болып алғандығынан ба, өзіне керек адамды ол анадайдан таниды. Және еш қателеспейді.

Арман екі — үш күндей, Жақсыбайдың айтқан түнгі сағат оннан бірге дейінгі кезден өзге уақытта, тіпті үйден шықпай қойды. Өзі өз болып бірінші рет көйлегін жуды, костюмін өтектеді. Бетінің ісіктерін, көзінің алдының көгергендерін жоюға тырысты. Содан кейін барып, қайда жұмысқа тұруды ойлай бастады.

Жолдасының әдетімен түнде үйден шығып кеткен Арман қайда барарын білмей, қараңғы бір көшемен беті ауған жаққа келе жатқанында, түнгі сменадан қайтқан Ахметқалимен бетпе — бет кездесіп қалды. Көрмеген адам боп жанынан өте берейін деп еді, ескі жұмысшы оны бірден танып, білегінен ұстай алды.

— Ау, сен Арманжан емессің бе ей?! — деді Ахметқали қуанып кеткен үнменен. «Арманжан!» — жігіттің жүрегі кенет удай ашып кетті. Жаннат; үнемі оны «Арман» дейтін, ал Бибі ылғи «Арманка» деп атайтын, «Арманжан» деп еркелететін тек анасы ғана болатын.

Осы бір жүрегіне үнемі жылы тиетін, ал қазір ұмытылуға айналған «Арманжан» деген сөз енді мына кәрі жұмысшының аузынан шығып тұр. Кенет Арманның көз алдынан пыр -пыр ұшқан құстардай сонау бір тәтті, анасы үнемі «Арманжан» дейтін бақытты шатты күндер, біржолата бұлттан асып ғайып болып бара жатқандай сезінді. Көзінен ыстық жастың қалай шығып кеткенін өзі де байқамай қалды. Өзін жақсы көретін жұмысшының бетіне қарай алмай, басын жерден көтермей, даусы жасқа булығып:

— Иә, Ахметқали аға, менмін ғой, — деді.

— Әйтеуір аман — есен жүрсің бе өзің? Қайдасың? Бала — шағаң қалай, бәрі тегіс аман ба?

Шебер сұрақты үсті — үстіне топырлатып, шыдай алмай барады.

Арман үндемеді.

— Ay, неге үндемейсің? — деді жұмысшы.

Ай селдір бұлттан қайта шықты. Ахметқали Арманның бетіне тесіле қарады.

— Өй, өзің жүдеусің ғой? Не болып қалды?..

— Құдай ұрды ғой мені, Ахметқали аға, — деді Арман сол жерге қараған қалпынан басын көтермей…

— Иә, жөнделе қоймайтыныңды өзім де сезіп едім, бірақ дәл қазіргідей су түбіне кетердей күйге жетер деп ойламап едім. Ал айтшы, не болды?

Екеуі енді қараңғы, тыныш көшені бойлай қатар жүрді. Арман басынан өткенінің бәрін тегіс айтып берді:

— Менің жағдайым осылай, — деп қинала сөзін бітірді.

Ахметқали ұрсарын да, аярын да білмеді. Бар болғаны:

— Япырмай, япырмай… — дей берді.

Олар тағы біраз жер жүрді. Кәрі жұмысшыда үн жоқ. Қабағы қарс жабылып кеткен. Әлден уақытта барып:

— Шырағым, не айтарымды білмей келе жатырмын, — деді, — бір кемпір айтқан екен «қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым» деп. Ұрысайын десем аяймын, менің сөзімсіз де жетісіп жүрмегеніңді ұқтым… ұрыспайын десем істегеніңнің бәрі күнә… Күнә емес — ау қылмыс… Адам бірақ ұрысқанмен жөнделе ме? Мың жерден ұрыс, егер өзіне — өзінің жаны ашымаса, ақыл қонбайды.

Ол тағы үндемей қалды. «Не айтса да көне берейін» дегендей Арман ләм-мим деп жауап қайтармады. Тағы біраз жер жүргеннен кейін Ахметқали:

— Біздің заманымызда адам өз тағдырына өзі қожа ғой, — деді, — жақсы болу, жаман болу бәрі өзіңнен. Рас, құс жеткен жеріне қонады, біреу үлкен ғалым, не үкімет қайраткері болады, ал басқа біреуі сол жұмысшы қалпында қалады. Жұрттың бәріне министр болу арман ба? Арман — әркім өз орнында керекті адам болуы. Егер мамандығыңды игерген жұмысшы, не оңды суретші, мүсінкер болсаң, мұның өзі қандай мақтарлық іс. Кісі жаны құмар жұмысынан айрылмауы керек. Анада шешеңнің мүсінін тастан жасағаныңда мен

өте қуанып қалып едім.

Жігітім өзін тапты, енді адам болады екен деп. Ал сен…

Ахметқали ренжи қолын сілтеді. Тағы ол біраз уақыт сөйлемей қойды. Арманда әлі үн жоқ. «Иә, иә, сол бір мүсінді жасап жүрген кезде, өзіне бір қанат біткендей тәрізді еді. Әлде ол шешесінің мүсіні болғандықтан ба еді? Жоқ, әлі есінде жас бала кезінде бар жақсы көретін ойыны балшықтан кісі, аң, үй істеу еді ғой. Кейде тіпті, әрі — беріден соң өзге балалар жалығып кетіп қалғанда да, бұл сол саз балшықты илеп, ойлаған ат, қоян секілді бейнелерін жасап ымырт үйірілгенше отыратын. Оның сондағы құмарлануы, мүмкін, өзінде мүсінкер дарыны болғандықтан шығар? Жок, бұнда еш дарын жоқ, адам бала кезінде не нәрсеге әуестенбейді, ұшқыш та болғысы келеді, тарзан боп қасқыр, жолбарыс арасына кетуге де бар. Ал дарыны шын бар болса, ол қайда кетті? Дарын адамның еркіне қоймайды, сол құмар ісіңе өзіңді жетектеп отырады дейді ғой жұрт. Әлде сол дарынын арақ құмарлығы жеңіп кетті ме? О да мүмкін… Кітаптан сан оқыған, талай талантты адам, сол құрып қалғыр ішімдіктен қор болған… Соны біле тұрып, араққа осыншама берілуі қалай? «Арман енді осы ішімдіктен дереу құтылмақ болды. Бірақ арақ, құмарлық адамға бір жабысса желім тәрізді қатты жабысатынына ол әлі мән бере қоймаған…

— Сосын, — деді Ахметқали сөзін кенет қайта жалғап, — балалы — шағалы бола тұрып, сырты сан бояулы тотықұс тәрізді бір әйелге еріп, адал жарды тастап кету деген не сұмдық? Махаббат дейтін шығарсың? Онда бірінші әйеліңді қалай алдың? Оны да сүйіп алған жоқ па едің? Сүймесең неге алдың? Жоқ, шырағым, сенікі махаббат емес, махаббатпен ойнау. Махаббат жел қалай қарай соқса, солай қарай қисая жөнелетін әтештің құйрығы емес. Жоқ, шырағым, ондай махаббат болмайды. Шын сүйсең, мейлі ол әйел тіпті төрт аяқты хайуан болып кетсін — ақ, сен оны оп — оңай жек көріп, тастап кете алмайсың. Махаббаттың күшінің өзі осында, оның жүрек ауруы тәрізді оңай жазылмайтындығында. Сенікі әрине, махаббат емес, тек еліктеу. Міне қазір одан айырылдың ғой, бірақ өлген жоқсың. Егер сол кезде де өзіңді — өзің сондай көрсе қызарлықтан, өлердей боп еліктеуден ұстап қалған болсаң, бүгінгідей ауыр халге ұшырамас едің. — Сосын Ахметқали Арманға тағы өкпелей қарады. — Балаларыңды қалай қиып тастап кеттің? Қазақ баланы бауыр етінен жаралған дейді. Кей адам әйелінен айырылса да, балаларынан айырыла алмайды. Ал сен… — Ол қолын бірақ сілтеді. — «Баланың қадірін балалы болғанда білерсің» дейді баяғы бір сол қазақ. Сенің балаларың өзгелердің балаларындай бауыр етіңнен жаралмап па еді? Әлде өзің жас болған соң олардың қадірін білмедің бе? Тастап кету себебің неде? Әлгі бір әйелді жақсы көрген соң, балаларыңды да құрбан еттің бе? Жоқ, шырағым, бар себеп сен балаларыңды жақсы көріп үйренбегенсің. Бала адамға құр өзінен туғандығынан ғана ыстық емес, оны кішкентайынан бауырына сап тәрбиелеп, жақсы көре білгендігінен ыстық.

Арманда әлі үн жоқ. Тек Ақметқалидың сөзінен іші өртеніп барады. «Япырмай, расында да солай екен — ау, екі баланы анда — санда сүйгені, киіндіргені, не әлдеқалай ойыншықтар алып бергені болмаса, олар үшін кәдімгідей қиналып, не ойланып көрген емес. Бар тәрбиелері, ауырып, сырқап қалса бағып — қағуы, далада көп ойнап үйге кірмесе, іздеп әкелуі, өздеріндей балалармен төбелесіп мұрындары қанаса ренжуі, ашуланып қайғыруы — бәрі Жаннаттың мойнында еді ғой. Әрине, балаларымды жек көрген емеспін, бірақ олардың маған ауыртпалығы, қайғы — қуанышы, тәрбиесі тікелей мойныма түспегендіктен, мен өзімді әрқашан да өгей әкедей алыс ұстағаным хақ… Сондықтан да менің ойыма олардың көп түспеуі. Сондықтан да мен оларды оңай тастап кеткен тәріздімін!»

— Ал семья, үй іші деген не? — деді Ахметқали тағы оған ренжи қарап. — Егер көңілің, ойың, махаббатың, табысың оларға емес, бәрі бөтен жаққа, сыртқа, қайдағы жоқ біреулерге ауар болса, ондай семьяда ешбір бақыт жоқ. Ал бақытсыз семьяның берік болмайтыны ежелден аян. Сен шу дегеннен семьям бар — ау, солардың бүгінгісі де, болашағы да менімен байланысты — ау деп әйелің туралы, балаларың туралы бір рет те мықтап ойланып көрмегенсің. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, әке — шешеңнің саған деген махаббатын теріс пайдаланып, тек киініп, ішініп, ресторан, карта, ойын, күлкіге көбірек беріліп кеткенсің. Мұндайда қандай семья, қандай махаббат! Семьямды асыраймын деп маңдайың терлеп жұмыс істемесең, жаныма маза бермей жүр деп бойыңа біткен өнер, дарыныңды ойламасаң, қайдан адам боласың! Қайдан түтін түтетіп, жар сүйіп, бала құшақтап үй боп отыра аласың! Осының аяғы апарып міне енді сені жар басына әкеп тұр…

Бағанадан бері үндемей келе жатқан Арман енді ғана тіл қатты. Ол ауыр күрсініп:

— Бәрі дұрыс… — деді. — Тек сол жар басынан тұңғиыққа құлау ғана қалған секілді.

— Жоқ, құлаудың қажеті жоқ! — деді ұрсып Ахметқали. — Әлі жассың… Рас, аз шатысқан жоқсың, бірақ жөнделуге әлі де болса уақытың бар. Өмірді қайтадан баста! Жұмысыңа кір, семьяңмен қосыл.

— Егер оған Жаннат көнсе?.. Сорлыны аз қинаған жоқпын.

— Иә, ол солай. тәрізді. Бірақ махаббаттың не екенін, міне, осыдан ұғуға болады. Егер, Жаннат сені шын жақсы көрген болса, сенімен қайта қосылады. — Ахметқали ақырын езу тартты. — Ондай жас, көрікті, ақылды адамға қашан да болса күйеу табылады. Сенің мына қылықтарыңа сәйкес әлі де ерге шықпай отырғанына қарағанда, ол сені жақсы көреді…

Арман қалай дауыстап жібергенін өзі де сезбей қалды.

— Ол, расымен әлі де ерге шықпап па?

Ахметқали жігіттің даусынан бір орасан қуаныштың үнін естіді. Енді ол ашық күлімсіреді.

— Жұрттың бәрі сен дейсің бе, көрінген көгершіннің қанатына жабысатын.

Екі күннен кейін Ахметқали курортқа Қырымға жүріп кетті. Бірақ жүргенінше Арманды бұрынғы жұмысына орналастырып үлгірген. Арманның семьясына қосылатынына да ол күмәнданбаған. Оның бұрынғыдай емес, жұмысына да ұқыпты қарайтынына шек келтірмеген.

Тек қарт жұмысшы бір — ақ нәрсені білмеді. Арман махаббат азабынан құтыла алғанменен, ішімдік азабынан құтыла алмайтын кеселді екенін аңғармады.

Ал ол бұрынғы өз орнына қайта кіргеніне қуанышты еді. Шамасы келгенше жұмысын істеп, есін жинап алуға бел буған. Сосын барып Жаннатпен сөйлеспек болған. Сондықтан да Арман барынша тырысып арақ — шарап ішпей өзін — өзі ұстап баққан. Бірақ бір айналдырған қырсық, адамды шыр айналдыратын, әдеті, заводта он бес күн істеп, алғашқы жалақы алған күні, Жақсыбай оған:

— Менің үйімде кештен бастап, осында ауданнан курсқа келген мәдениет сарайының бір методист әйелі пәтерге тұрады, жатақханада жатқысы келмейді, — деді, — сен енді бөтен пәтерге кеш…

Сол күні кешке таман Арман барын үстіне киіп далаға шықты. Қайда барады? Завод жатақханасы жоқ. Бойдақтарға салынып жатқан үй бүгін — ертең бітеді деген. Оған шейін кімдікінде бой тасалай тұра алады? Әлде тәуекел деп өз үйіне барса ма екен? Жоқ, өйтуге болмайды! Күні бұрын Жанатқа кісі салып ыңғайын білу керек.

Арман, не болса да, ең алдымен ресторанға барып тамақтанып алуды жөн көрді.

Мұнда келгеннен кейін ол, басқа барар жері, басар тауы болмағандықтан, ресторан жабылғанша сыра ішіп отыра тұруды ұйғарды. Одан кейін түн болса қысқа ғой, үйіне бірге апаратын біреу — міреу табылмаса, қалалық бақшаға барып түнеп шықпақ болды.

Үйіне бұны ертіп апаратын ресторанда ешкім кездеспеді. Амал жоқ Арманға әлі де отыра тұруға тура келді. Жүдеу көңілін жөндеймін деп, ол енді сыраға қосып арақ та ішті.

Ресторан жабылып, шамы сөніп, бұны күзетші коридордан шығарып жібергенде Арман аяғын әзер алып жүретін мас еді. Ол қалалық бақшаға жете алмады. Қайда барарын білмей, жанын жеген қайғыға мастық қосылып, Арман енді салынып жатқан бір құрылыстың қоршауының жанына келіп жата кетті.

Жұрт жүрмейтін уақыт, қоршаудың қара көлеңкелеу бір тұсына пальтосын шешіп, астына салды да, ұйықтамақ болды. Тек көзі ілігіп бара жатқанда кенет шешесінің: «Қалқам, Жанатжаннан айрылма, Жанаттан айырылсаң мына ішімдікке құмар мінезіңмен, бір қораның түбінде құлап қаласың» деген сөзі есіне түсті. Mac болса да жүрегі тағы күйіп кетті.

Бірақ мастық жеңді.

— Иә, иә, қораның түбінде қаласың деген міне осы… деп сөйлеп жатып ұйықтап кетті…

Бір сағаттан кейін серік қыздарымен түнгі жұмыстан қайтып келе жатқан Жаннат дәл үстінен шықты.

Арманның Бибімен жүріп кеткенін естігенде, Жаннаттың кеудесінен шықпаған құр жаны қалған. Екі баласын кезек — кезек бауырына қысып, тек екі көзіне ғана әлі келген. Сол күні оңашада өксіп — өксіп жылап, қайғысын балаларынан жасырып, көзі таң атып келе жатқанда әзер іліккен. Содан бері кеше ғана жалт — жұлт етіп жайнап жүрген жас әйел, екі ұрты суалып, құрт аурудай, жүдей түскен. Күйеуі тастап кетті, жақсы көретін енесі қайтыс болды, ал ақыл айтатын қайын атасы әйелі өлісіменен өзінің жас хатшысына үйленіп өз жайына қалды. Өгей әке өгейлігін істеді. Енді кімге барып ақылдасар? Кімге мұңын, жоғын айтар? Оның үстіне екі баланы асырау керек, ал өзінің алатыны да белгілі. Кеше, айдын көлдің аққуындай сылаңдаған жас әйелдің бүгінгі басына төнген қара бұлты, қайғысы, расында орасан ауыр және тым жан күйінерлік еді. Бұрын мұндай жағдайды көрмеген жас шіркін, қараңғы түнде жол таба алмаған жолаушыдай жан таласты. Қайғырды. Қапа шекті. Бірақ өмірдің аты өмір, ол кімді болса да өзінің тегеурінді тілегінен босатпаған. Қайғылыны да, қасіретін де. Жаннат та қанша көңілі нала, бауыры жара болғанмен өмірдің сол темір заңынан құтыла алмады, тіршілік үшін күресуге мәжбүр болды. Әсіресе екі баласының жағдайын көп ойлады. Қайғыдан адам өлген бе, Жаннат та өлген жоқ. Қаны қашып, сүзектен тұрғандай жүдеп жүрсе де, жұмысынан қалмады, балаларын да уақытында балалар бақшасына апарып, күнделікті өмірдің әрекетін ұмытпады.

Осыдан бір күні Жаннат өзімен бірге жұмыс істеп жүрген бір жесір әйел екеуі театрға барды. Арман кеткелі жарты жылдан асқаннан бергі, бұл оның ең алғашқы көңіл көтерейін деп кешке Мәдениет сарайына барғаны еді. Жастың аты жас қой, жұрт көзіне көріне қалғалы сылана киіне қоймағанмен, біркелкі өзінің үсті — басына да қараған. Жүдеген ақшыл жүзін үстіндегі қара панбарқыт көйлегі аша түскендей еді. Ұзындау, жұп -жұмыр аппақ мойнына салған меруерт алқасы, кеудесі сәл ашық көйлегіне жараса кеткен. Оқтаудай дүп-түзу балтырлы аяғына биік өкшелі қара туфли киген. Қысқасы, киген киімі, бояусыз ақшыл бетті, қара судай тұнып жатқан мұңлы көзді жүдеу сұлудың сырт бейнесін біркелкі түрлендіріп жібергендей көрінген.

Мәдениет сарайының драма үйірмесі артистерінің қойған «Қозы Көрпеш — Баян сұлудың» бірінші актысы біткеннен кейін бұлар фоэге шыққан. Жаннат:

— Жүр, — деді қасындағы әйелге, — буфетіне барайық, Дәулетім мен Сәкеніме бірдеме алайын. Сен де балаларыңа ұнатқаныңды ал. Олар біз келгенше ұйықтамай күтіп отырады ғой…

Бұл екеуі буфетке қарай аяңдады. Дәл осы сәтте Жаннатқа қарама — қарсы бір жігіт кездесе кетті. Ұзын шашы иығына түскен, талдырмаш бойлы… Жаннаттың жүрегі әлденеге дір ете қалды. Жігіт әдеттегісіндей бірдемені ойлай төмен қарап келе жатқан. Бұл Дәниел еді.

— Дәнеш!—деді Жаннат кенет. Аузынан жігіттің атының қалай шыққанын өзі де аңғармай қалды.

Дәниел басын көтеріп алды. Бірдемеден қысылып қалғандай екі беті қып — қызыл болып кетті.

— Жаннат, — деді ол кенет алқына, қинала, әзер сөйлеп.

Бұл екеуінің Қайрақты экспедициясында соңғы рет жолыққаннан бері ең алғашқы кездесулері еді.

— Қайғыңа ортақпын, — деді Дәниел не деуге білмей, сол абыржыған қалпында. «Қайғыңа ортақпын» дегенімді күйеуінен айрылғанын айтып тұр ма деп ойлап қалар деп қорқып, ол кенет асыға сөйледі, — Ақгүл апай бір тамаша адам еді ғой, өзім үйлеріңе барып көңіл айтамын ба деп едім, ретін таба алмадым.

— Қайтыс болған адамға көңіл айтуға қандай рет керек? — деді Жаннат жүдеп. — Өзің қашан келдің?

— Үш күн болды…

Жаннат енді не дерін білмей тоқтап қалды. Кенет Дәниелден «үйлендің бе?» деп сұрағысы келіп кетті. Бұрынғы Жаннат болса әрине сұрар еді. Ал қазір…

— Қашан қайтасың?—деді бөтен сөз таба алмай.

— Біраз боламын. Сақтар туралы бірінші кітабым шыққан. Соны папама алып келдім. Және екінші кітабыма материалдар жинамақшымын…

— Кітабым шықты дейсің бе? Құтты болсын! — Жаннат кенет жалына сөйлегендей болды. — Маған біреуін бермейсің бе?

— Әрине, әрине, беремін ғой.

— Қашан?

— Қазір жанымда жоқ. Ертең үйіңе әкеп берейін.

— Үйге дейсің бе? Жақсы. Мен ертең түстен кейін үйде боламын. Адресімді жазып ал.

Дәниел төмен қарады.

— Адресіңді білемін…

— Жоқ, біз үлкен кісіден былтыр бөлінгенбіз…

Дәниел басын көтермеді.

— Жаңа адресіңді де білемін.

Дәниелдің әлі күнге дейін Жаннатын ұмыта алмағанын бұл қайдан білсін! Былтыр Дәниел әкесінің экспедициясына келгенінде, Армандардың бөтен үйге шыққанын естіген. Жаннатты сыртынан болса да бір көріп кетейін деп, жолдастарынан адресін сұрап алып, үйі тұрған көшенің арғы жағымен екі сағаттай ерсілі — қарсылы жүрген. Бірақ Жаннат көрінбеген. Үйіне кіруге бата алмаған. Сөйткенше ымырт та үйіріле бастаған. Түнде Алматыға жүруі керек еді. Енді амал жоқ, Жаннатын тіпті сыртынан да көре алмай, жүрегіндегі оған деген оты бұрынғысынан да өрши түсіп, қайғылы мейманханаға қайтқан.

— Білсең… кел. Мен күтемін, — деді Жаннат сол баяғы жүдеу үніменен.

Дәниел қоштасып кетіп қалған. Жаннат пен әлгі жас жігіттің сөйлесулерінің куәсі болған жанындағы серік әйелі:

— Әлгі жігіт кім? — деген күліп Жаннатқа. — Көзінен көрініп тұр, өзі саған өлердей ғашық қой…

— Иә, бір кезде ғашық болған…

— Жоқ, қазір де ғашық. Саған кездескеннен — ақ кеудесіндегі қаны бетіне теуіп, көрдің бе, бір сұрланып, бір қызарып әлек болды де қалды?

Ертеңінде Дәниел Жаннатқа уәделескен уақытында кітабын әкеп берді. Жаннаттың үйінде кешегі Мәдениет сарайында көрген бейтаныс әйел отырған соң жөндеп сөйлесе алмай кетіп қалды. Бірақ әкесінің экспедициясынан қайта оралғанда Жаннаттікіне тағы келмек болды. «Ертең жүрем, — деді ол, — көп дегенде о жақта бір айдай болармын». Бұл келгенше Жаннат кітапты оқып шығуға уәде берді.

Әрине, Жаннат кітапты сол күні бастады. Оқыған сайын романға құмарлана түсті. Томиристың Арпардависқа деген опасыздығы жанын күйдірді. Жаны оның жай ғана күйіп қойған жоқ, сонау рахымсыз патша әйелдің Арпардависқа істеген опасыздығынан кенет Дәниелге істеген өзінің қиянатын таныды. Кітаптың әр беті жүрегін қан жоса етіп тырнап, Дәниелге өзінің істеген қиянатының қандай ауыр екенін мойнына алды. Ал сүйген әйелінен айырылған Арпардавистың қайғысын, көңілінің күйрегенін жазған беттерін оқығанда өзіне деген Дәниелдің махаббатын, өзінен айырылып, өшпес қайғыға ұрынған, бала жастан бірге өскен аяулы жолдасының жан күйігін түсінді.

О, ұлы көркем сөз! Ғажайып кітап беттері! Осыдан бес жыл бұрын өткен Дәниелдің трагедиясын, жан күйзелуін, онымен қатар өзінің опасыздығын, қатесін қайтадан алдына тартты! Өз қылығынан жаны күпініп, жерге кірердей боп қорлана, Дәниелдің қасіретінен оны аяп ағыл — тегіл боп жылады. Романның тағы бір ғажабы: сонау бес жүз бет кітапта Жаннаттың көңілін қалдырар, не арына тиер бір ауыз қатты сөз жоқ, тек өкініш, өкпе…

Кітапты оқыған сайын Дәниелдің бейнесі үлкейе түсіп, өзінің адал, ақ жүрегінен шыққан ұмытылмастай мұңлы үніменен Жаннаттың көңіліне кенет бір шоқ тастап, енді оны өзіне тарта әкетіп бара жатты.

Бір айдан кейін Дәниел қайта оралды. Ертеңіне Жаннаттың үйіне келді.

— Кітабым ұнады ма? — деді.

— Ұнады, — деді Жаннат жауап қайтарып. — Кітабыңнан барлық кейіпкерлеріңнің жүрегін ұқтым.

— Арпардавистың де ме?

— Әрине.

— Оның Томиристы мәңгі сүйетінін де ұқтың ба?

— Әрине.

— Оның Томиристың күнәсін да кешіре алатынын түсіндің бе?

— Әрине.

— Оған дүниедегі ең үлкен бақыт Томириспен қайта қосылу екеніне көзін жетті ме?

— Әрине.

— Енді оған Томирис қандай жауап беруге тиісті?

— Оны кітабыңда өзін айтыпсың… Бұл жолы Томирис алғашқысындай емес, әбден ойланып жауап беруі керек, әйтпесе Арпардавис екі опасыздықты көтере алмайды депсің ғой.

— Иә, Арпардависқа екі опасыздық тым ауыр тиері даусыз…

Иә, Жаннат енді Дәниел жайын қатты ойланатын болды. Оған деген сөнуге жақындаған бала күндегі достығы, жақсы көретіндігі, кенет қайта тұтанып, бір керемет жарық сәулеге айнала түсті. Бірақ Жаннат, жүректің бір соққанынан кеше Арманға ғашық болып, Дәниелді тастап кеткен, баяғы Жаннат емес. Ол қазір өзінің шыдамсыз махаббатынан таяқ жеген, қорланған қуанышты да, қайғыны да басынан өткізген Жаннат. Жаны қайтадан оттай күйіп, махаббат қайтадан құшағын жайып мазасын әкетер болса да, ақылға салып ойланудың керек екенін түсінетін, өзін сабырлылыққа жеңгізген әйел. Және Жаннат, әлі Арманнан ресми түрде айрылмаған. Оған қанша қатты өкпелесе де, ренжісе де, әлі Арманды екі баласының әкесі деп санайды. Сондықтанда Дәниелге деген жүрегі қанша жиі соға бастаса да, біржолата құлап кетпеді. Өзін — өзі ұстап қалды.

Дәниел Алматыға жүріп кетті. Ол кетіп еді, Жаннаттың өзі де түсінбес қызық жаңа басталды. Көңілі кенет, Дәниелге ауа түсті. Арманнан гөрі, Дәниелді сағынатынын сезінді. Ал екі айдан кейін Дәниел қайтып келіп еді, екеуінің арасында Арман қайта тұра қалды. Өзінен біржолата «мен саған жоқпын» деген сөзді естігенше Жаннат Арманды тастап кетуге тағы қимады.

Бірақ Дәниел де күннен күнге оның қиялын, жан сезімін өзіне тарта түсті. Осындай екі оттың арасында жанталасып жүргенінде, құрылыс қоршауының түбінде мас болып ұйықтап жатқан Арманды көрді. Бұл кездесу жүрек таласын шешті. Арманды аяп кетті. Өзі тірек болмаса, оның біржолата су түбіне кететініне шек келтірмеді. Сол мезетте жанындай жақсы көрген қайын енесінің бір күні өзіне: «Жаннатжан, Арманның табансыз мінезін білесің ғой, сенсіз құрып кетеді. Менің аруағым риза болсын десең, көзіңнен таса ете көрме!» деген сөзі есіне түсті.

Арманның масқара жатысын көрген Жаннаттың жүрегі қабынып жарылып кете жаздады. Қасындағы қыздардың көмегімен өлдім — талдым дегенде тұрғызып, қастарынан өтіп бара жатқан бір машинаны тоқтатып, әзер дегенде оны үйіне алып келді. Көзінен жасы ағып жүріп, Арманды ваннаға жуындырып таза киім кигізіп, бұрынғы өзі жақсы көретін қонақ үйдегі тақта диванына жатқызды.

Таң ала көлеңкеленіп атып келе жатқанда жанына келген Жаннатқа, бағана оянып, төсегінде көйлекшең отырған Арман:

— Кешір мені, — деді теріс бұрылып.

Жаннат үн — түнсіз столдың үстінде жатқан орамалды алып, ерінің көз жасын сүртті де:

— Жұмысқа баратын уақытың таяп қалды ғой. Сұр костюмің ана шкафта тұр, — деді,—мен шай дайындайын…

ЖЕТІНШІ ТАРАУ

Күнтуар өмірдің адаммен талай ойнағанын көрген. Біреу жасынан — ақ өсе түссем екен деп жанталасады. Әйгілі де, атақты да болғысы келеді. Жоғары орындарға отырып жұрт басқаруға да құмар. Ондай дәрежеге ұжданы да, қабілеті де жеткілікті. Тек сәті түспейді, жазмыш жібермейді. Өсу, өркею түгіл, болмашы баспалдақтан тайып кетіп, кейде тіпті төмен қарай құлдырайды. Ал мұндай арманнан аулақ, бар тілегі өзінің күнделікті жұмысы болған, адал еңбек істеп жүрген кейбіреу, ойда жоқ жерден жұлдызы көтеріліп, күтпеген дәрежеге жетеді. Қарап тұрсаң, бұндай адамның да қасиеті, білгірлігі алғашқылардан кем емес, жоғарғы орынға дұрыс қойылғаны анықталады.

Кеше ғана дала кезіп су іздеп, тек шағын экспедицияны ғана алып жүрген Нұрәлі бүгін үлкен орталық мекемені басқарады деп кім ойлаған? Ал өмір бойы осындай дәрежеге құмар Пейілжан сол баяғы лаборатория меңгерушілігінен аса алмай — ақ қойды. Рас, ол доктор, профессор, және Әмірбек те аз жәрдемдескен жоқ, тағдыр жазбаса амал бар ма? «Сүзеген бұқаға құдай мүйіз бермейді» деген міне осы.

Кеше Нұрәлі ескі мұғалімдерінің бірі Күнтуардікіне келген. Өзінің жоқ, жерден үлкен қызметке ауысып Алматыға көшкенін айтқан.

Жақсы көретін жігітінің өскеніне қуанып қалған Күнтуар, бұның Өрікпен бір кездегі уақиғаларынан хабардар болғандықтан:

— Өзің үйленіп пе едің? — деп сұраған.

— Жоқ әлі, — деген Нұрәлі жауап беріп. — Осында биыл медицина институтын бітіретін Күнімжан деген бір жас келіншектен ойым бар… Жақында тағы сөйлеспекпін… Мәселеміздің қалай шешілетіні белгісіз…

Күнтуар оған бұдан артық бөтен сұрақ бермеген. Екеуі көп әңгімелескен. Нұрәлінің үлкен қызметке ауысқанын «мен болып қалдым» деп көкірек көрсетпегеніне қарт археолог іштей риза болып қалған. «Ел басқаратын жігіттер әрдайым Нұрәлідей кішіпейіл, ұстамды келсе жарасып тұрар еді» деп ойлаған ол тағы да. Оған өзі де көп әңгіме шерткен. Сол сырларының бірі етіп, көптен бері өзінің бір кездегі жақсы жолдастарының Арман, Жаннат тәрізді ұл — қыздарының не күйде екенін білмей жүргенін айтып, өкінішті екенін білдірген.

«Осы жолы Қайрақтыға барғаннан кейін, оларды әдейі іздеп тауып алып, керек десе қолымнан келер жәрдемдерімді аямаймын»—деген сөзінің аяғында.

Кәрі археологтың сөзіне Нұрәлі де шат болып қалған. «Егер жұрттың бәрі осы Күнекеңдей жұрт қамын ойласа, қандай жақсы болар еді, — деген Нұрәлі де ішінен. — Ешкім жыламас еді».

Екеуі түн ортасы ауа айырылған. Күнтуар Қайрақтыдан келісімен Нұрәліге өзі барып жолықпақшы боп уәдесін берді

Ал Арман Ақметқалидың арқасында мәрмәр заттарын жасайтын заводта, өзінің бұрынғы орнында екі айдай жұмыс істеді. Бұл күндері арақ ішкен жоқ. Бірақ жұмыс істеді деген құр аты. Басынан өткен оқиғалар тым ауыр тигендіктен бе, әлде жұмысын көңіл сүймегендіктен бе, станоктың жанында тұрғаны болмаса, не тебірену, не өз еңбегінің нәтижесіне қуану, қызығу дегеннің бірін де білмеді. Ұйқылы — ояу тұрған адамдай, мең -зең боп жүрген бір бишара. Жүрісі де, қимылы да — бәрі солғын. Тек, әйтеуір, уақыт өтсе екен деген жалғыз тілек. Мұндайда әрине еңбегің жемісті болмайды. Ал еңбегі жемісті болмаған жұмысшы — ол жұмысшы емес, жай әшейін станок жанына қойған бір қарақшы.

Ахметқали, алғашқы кезде, тағдыр соққысынан мәңгіріп қалған ғой, еңбек кімді адам етпеген, әлі — ақ ширап кетер деп ойлаған. Бірақ Арманның күннен — күнге өз жұмысына тағы сұлық қарап, кетіп бара жатқанына әбден көзі жеткен соң оның бұл заводта жүріп, кісі қатарына қосылуынан күдер үзе бастады. Әйтеуір, дәтке қуат ұстағаны Арманның арақ ішпей жүргені. Бірақ оның бұл ұстамдығы ұзаққа бара ма? Кәрі жұмысшы бұған да сене қоймаған. Өйткені, маңдайынан тер шығарып еңбек істеуден қашатын жастардың көбінің түбі көп арақ — шарапқа, кейде тіпті бұзықтық, ұрлық, қарлыққа ұрынатынын талай көрген. Әрине, бөтен біреу болса, Арман оның екі туып бір қалғаны емес, жәрдемін одан аяған жоқ, мейлі енді пұл болмаса, күл болсын деп қолын бір — ақ сілтеп жайына кетер еді. Ал Ахметқали өйте алмады. Ескі жұмысшы жан — жағындағы адамдардың жақсы болғандарын, бақытты болғандарын өзі жұрт қатарына кіргеннен — ақ арман ететін. Қолынан келгенше оларға жәрдем беруге құлшынып тұратын. Біреудің жанына батқан кеселіне егер жеңіл тиеді десе, қоң етін кесіп беруге бар. Өзі жетім боп, көп мехнат көріп өскендігінен бе, әсіресе мұң — мұқтажды, қайғылы — шерлі жастарды көрсе, ондайларға қолынан келген жақсылығын істегенше көңілі көншімейтін. Арман міне осындай адамға кездескен. Оның үстіне Ахметқали Арманды шу дегеннен жақсы көрді. Бұған әрине, жас жігіттің табиғи әдептілігі, кішіпейілділігі, әлі тас болып қатып қалмаған бала мінезділігі себеп болды, Кәрі жұмысшы әбден бүлініп бітпеген жастың өмірден өз орнын таба алмай, табансыздықтан құтыла алмай жүргенін ұғып, оған жәрдем бергісі келген — ақ еді.

Бір күні Ахметқали жұмысқа шаршап келген Арманға:

— Байқаймын, — деді,— саған осы жұмыс ұнамай жүр — ау, ә?

Арман шынын жасырмады.

— Айтпаңыз? Маған тіпті қызғылықсыз. Станоктың жанында тұратын жеті сағатым жеті жылдай.

Ахметқали бұл сөзді текке бастамаған-ды. Жаны сүймеген істің кімге болса да оңайға түспейтіні мәлім. Ал, ондай жұмысқа өзіңді үйрету үшін адамға жігер, қайрат керек. Бұндай қасиетті Арманда жоқ екенін өзі де біліп жүрген. Ал, мұндай адамның өз орнын табу үшін тек жаны сүйген, ең болмағанда оны тартатын, қызықтыратын жұмыс керек. Сондықтан Ахметқали:

— Егер бұл жұмыс сені тартпайтын болса, мүмкін тартатын жұмысыңа барарсың? Өзіңе не ұнайды?

— Білмеймін…

— Білмегенің қалай? Тіпті саған ештеңе ұнамай ма? Әлде мүлдем жұмыс істегің келмей ме? Жоқ, ол болмайды. Біздің заман ондайды көтермейді. Еңбек істеп өзіңе де, өзгеге де пайдаңды тигізуің керек. Өйтпесең қоғамға жағатын адам болмайсың? — Кәрі жұмысшы кенет ақыл айтуын тоқтатып, — ойлашы, мүмкін айтқың келмей тұрған болар… Анада, шешеңнің мүсінін жасағаныңда, мен сенен жақсы тас қашаушы шебер шығар деп ойлап едім. Мүмкін сол жұмысқа барарсың?

— Кім мені алады? Және менен мүсінкер шыға қояр ма екен?

— Неге шықпайды? Сенің тамаша шебер болатыныңа көзім жетеді. Бұрын ондай өнермен шұғылданбаған жас жігіттің анадай мүсін жасауы дарынын көрсетеді. Ал, дарын адамды өзі жетектеп отыруға тиісті.

— Егер ондай дарын бар болса!

Ертеңіне Ахметқали Қайрақты шеберханасындағы белгілі мүсінкер шебермен сөйлесті, такси машина шақырып, оны зиратқа апарды. Арманның жасаған шешесінің мүсінін көрсетті.

— Әрине бұны маманның жасағаны деуге болмайды, — деді шебер. — Бірақ мүсінде кей маманның да қолынан келмейтін, тек жүректен ғана шығатын бір мұңлы әуен бар…

Шебер мүсінді тағы қарап шықты.

— Бұл жігітті оқыту керек, — деді ол. — Бірақ бала — шағасы бар адамға азғана степендиямен оқы деу де қиын… Өзіме үйренуші етіп алар ем, әттең, бізде ондай штат жоқ… көмекшінің өзін әзер берген.

— Штат кімнің қолында?

— Қалалық советтің.

Өзінің қалалық советтің депутаты екендігін пайдаланып, Ақметқалидың бармаған жері жоқ, ақырында шеберханаға керек орынды алды.

Арманды ертіп әкеп мүсін шеберінің қолына тапсырып тұрып ол:

— Ескі заманда қазақ баласын молдаға оқуға бергенде «еті сенікі, сүйегі менікі, тек әліпбиіңді үйретіп шығарсаң болды» деуші еді, бұл жігіттің қазіргі әкесі де, шешесі де менмін, сізге айтарым: қолы ауырады деп жұмыстан қашырмаңыз, басы ауырады деп өнерден айырмаңыз, әйтеуір өзіңіздің өнеріңізге үйретіп шығарсаңыз болғаны, — деді. Сөйдеді де Арманға қарады. — Анада бір айтып едім ғой, адамның тағдыры өзінің қолында деп. Адам болып шығасың ба, шықпайсың ба, бәріне өзің жауаптысың, — деді. — Игілікті жұмыс істеуіңе тілектеспін. Ал әзірге аман бол. Алда — жалда іздей қалсаң… Үйдің қайда екенін білесің ғой.

Ахметқали шебермен және оның жаңа үйренушісімен қоштасып шығып кетті. Мүсінкер еңбек сүйгіш және дарынды тәжірибелі адам еді, сол күні — ақ мүсін жасауға керек аспаптардан бастап, тасқа адам бейнесін түсірудің негізгі тәсілдерін үйретуге кірісті. Бір жетіден кейін Арман қашауды қалай ұстап, балғаны қалай ұрудың амалдарын біліп қалды. Ал, екі жетіден кейін қай тастың қандай өзек — өрнегі бар, оларды адамның, аңның бейнесін беруде қалай пайдалану керек деген тәрізді мүсін жасаудың әліпбиімен танысты. Мүсінге қашалатын тастардың өзі сан қилы екен. Мықтылығы, уатылғыштығы, салмағы, ыстық суыққа шыдамдығы, жергілікті жердің ауа райына қарай, гранитты ма, мәрмәрді ме, әлде жеңіл тасын пайдалану керек пе, мүсінкер шеберші бәрін — бәрін түсіндіре бастады.

Арман алғашқы кезде бәлендей құлшына кірісіп кетпегенмен де, бірте — бірте мұндай ой, дарын керек ететін қиын өнерге қызыға түсті. Шамасы келгенше бәрін үйреніп, бәрін тезірек өз қолымен істеп кетуге асыға кірісті. Үйренушінің мұндай жағдайын көрген мүсінкер, оған өте риза болып:

— Асықпа, асықпа, жігітім, — деді, — көп кешікпей өнеріңді де көрсете бастарсың…

Шебер бұл сөзді ақ жүрегінен айтқан. Расында да Арман көп кешікпей «өнерін» шын көрсетуге айналды. Бірақ оның бұл өнері мүсінкер ойлағандай жақсы өнер емес, адам жүрегі айныр жаман өнер еді. Бір күні мүсінкер екеуі қалалық паркке тұрғызылатын Отан соғысы ардагерлерінің болашақ ескерткішінің бейнесін гипстен құйып жатқандарында, үйге жасы қырықтардан асып кеткен, қаба сақалды біреу кіріп келді. Сұп — сұр боп күлтеленіп кеткен беті әжім — әжім. Бұтында сан түрлі бояу жағылған жұқа брезент шалбар, үстінде жеңі жұлмаланған көкпеңбек қысқа пенжек. Бояу жұқпаған жері жоқ. Басында мыжырайған тозығы жеткен қара берет, мойнына галстуктың орнына әйелдердің басына салатын, қызыл шаршы орамалын будақтап байлап алған. Орамал пенжегінің ішінде көйлегі жоқтығын әдейі жасырғандай кеуде тұсына молырақ түсіп тұр.

— Еңбекқұмарларға бір сәлем!—деді ол үйге асыға кіріп.

Мүсінкер оған бұрыла қарады.

— Өзің де амансың ба? Бұл немене, жұмысқа шыққаның ба?

— Соған ұқсайды.

— Бұл жолы көп жаттың ғой.

— Алкоголь сырқатына шаншу қосылған соң…

— Тағы іштім дейсің ғой?..

Мүсінкер оны аяй сөйледі.

— Сөйтіп жүріп бір күні өлгеніңді білмей қаласың ғой.

Әлгі қызық адам (Арманға ол солай боп көрінген) қулана күлді.

— Боса да өлетін болған соң, біліп өлгеннен, білмей өлгеннің өзі жақсы емес пе?

Мүсінкер жауап қайырмады. Ол бұрылып Арманды көрсетті.

— Таныс болып қой. Арман. Шеберхананың жаңа үйренушісі.

— Ә-ә, солай ма еді? — Кісінің бетінде бір қуаныш белгісі жалт ете қалды. — Менің орныма біреуді алып қойған екен деп едім.

Мүсінкер күлді.

— Бұлай іше берсең, ол күнге де жетерсің!

Қызық адам да күлді.

— Иә, ол күн де келер. Жазмыштан кім қашып құтылған.

Мүсінкер енді әлгі адамды көрсетті.

— Сен де таныс боп қой. Менің көмекшім — Моисей.

— Әулие Моисей емес, — деді күліп, қызық адам, — маскүнем және ұлы дарын иесі екенін ешкім танымаған Моисей…

Мүсінкер қолын сүртіп, босана бастады.

— Жұмысқа шықсаң, енді кіріс. Ана эскизді алып, паркке қойылатын «Отан соғысы ардагерлері ескерткішінің» моделін жасай баста. Және өнеріңмен Арманды да таныстыр… Мен қалалық советке барып қайтайын. Модельді қашан көрмекші екен, біліп келейін…

Мүсінкер кетіп қалды. Моисей ватман қағаздарына салынған эскиздерді қолына алып, «Кармен» операсындағы «Торриодор» әнін ыңырсып айтып ұзақ тұрды. Бір кезде қағаздарды қабырғаға сүйеп қатарлай тізді де Арманға:

— Сен Микельанджело мен Родэннің жасаған мүсіндерімен таныссың ба? — деді.

— Жоқ…

— Тіпті альбомдардағы репродукцияларын да көрген жоқсың ба?

— Көргем жоқ…

— Міне қызық! — деді Моисей шын таң қалып. — Оларды көрмесең, мүсінкер болуға қалай қызығып жүрсің?! Нені үйренбексің? Бетховеннің музыкасына таң қалмай, ешкім Бетховендей музыка шығарсам деп арман етпейді! О, сорлы ұлы шеберлік! Сенің ғаламат сиқырыңды алдымен ұғып алмай, кім көрінген мүсінкер бола қалғысы келеді. Иә, иә, сөйтеді! Сосын барып аяқтары пілдің аяғындай, бөкселері қазақтың еділбай қойының құйрығындай, сандарына құшағың жетпейтін ракетші әйелдердің мүсіндерін жасайды! — Ол бұл сөздерді бастырта сөйлеп келді де, кенет тоқтай қалды. Арманға қарап тағы күлді, — Оқасы жоқ, Микельанджело мен Родэнді көрмесең көрмей — ақ қой, бақытты екенсің, олардың орнына ұлы Моисейді көріп тұрсың… Одан да үйрене аласың! Тек дарының болсын! Және сұлулықты сүйсең!

Моисей екі білегін сыбанып жіберіп, гипстен эскизде көрсетілген мүсіндердің модельдерін жасауға кірісті. Қолы қолына жұқпайды; гипс май балшықтай иленеді. Күндікке Моисейдің келуін күтіп жатып, енді өзінен өзі мүсінге айнала бастағандай. Екі сағаттың ішінде Моисей эскизде көрсетілген бір композицияның — мылтықты еркек пен әйелдің үлгілерін дайын етті.

— Керемет, — деді таң қалған Арман.

— Не керемет?

— Сіздің қалай жасағаныңыз! Мына еркек пен әйел ана қағаздағы суреттен аусайшы!

— Ә, шырақ, — деді Моисей күліп. — Егер менің мұндай өнерім болмаса, мендей адамды бір күн ұстар ма еді!

Моисей құр үлкен шебер, дарын иесі, өте қуақы тілді, мінезге бай, кең пейіл адам екен.

Бір күні ол.

— Өнерге дарын керек. Ал, дарынды үйренуге болмайды, — деді.

— Ал өнерді ше?

— Өнердің де өнері бар. «Ерінбегеннен етікші шығады» дейді ғой сендердің халқың. Ал дарыны болмаса мың жерден тырысса да адамнан суретші, мүсінкер тумайды! Бұлар құдайдың өзінен келер өнерлер!

Тағы бір күні Моисейдің істеген модельдеріне риза боп қарап тұрған мүсінкер Арманға:

— Моисейдің нешеде екенін білесің бе? — деді.

Арман суретшіні алғашқы көрген күніндегі әсерінен әлі құтылған жоқ еді.

— Қырықтарға келіп қалды ғой деймін, — деді.

Мүсінкер мен Моисей екеуі де күлді.

— Дәл үстінен түстің!—деді Моисей, — жиырма сегіздемін.

— Менен бір — ақ жас үлкен болғаның ба?—Арман таң қалды.— Ал, түріңіз…

— Кәрі көрінем бе? Ол көп ойлағаннан!

Енді мүсінкер күлді.

— Қайдағы ой? Бәрі арақтан! Арақ ішпесең жүз жасар едің!

— Арақ адамды қартайтады деп кім айтқан? Мынадай анекдот бар. Медицина экспедициясы жүз жасқа келген бір шалдың үйіне келіпті. Қалай жүзге келгенін сұрапты. Әрине шал арақ ішпегенін, шылым тартпағанын, брынза мен ірімшік қана жеп көп жасағанын айтыпты. Сол уақытта көрші бөлмеден шу естіледі, аздан кейін әлгі бөлмеден бір кемпір жылап шығып, отырғандардың қастарынан өтіп кетеді. «Не болып жатыр мына бөлмеде?» — деп сұрайды дәрігерлер. Сонда әлгі жүзден асқан қарт: «Ой, тәйір, менің ағам ғой. Қазір жүз жиырмаға келді. Бала жасынан араққа үйреніп алған, ішсе болғаны ылғи төбелес шығарады» — депті. Міне, көрдіңдер ме, арақ ішкен көп жасай ма, арақ ішпеген көп жасай ма, әлі медицина шешпеген мәселе… — Моисей тағы күлген, — менің білетінім тек ауру адам ғана өледі.

Мүсінкер ренжи қарады.

— Өзгені білмеймін, сенің ажалың арақтан келеді.

— Қой дейсің ғой?

— Әрине.

— Қойсам өлмеймін бе?

— Неге өлмейсің? Мәңгі тірі қалатын ешкім жоқ. Бірақ ит секілді бір арықтың жағасында маскүнем боп емес, адам тәрізді өлесің?

— Өлген соң бәрібір емес пе?

Арман ойлана қалды. «Расында өлген соң бәрібір емес пе? Өмірдің қызығы да тірі жүргенінде ғой. Ал, арақ кейде көңіліңді көтереді». Ол өзінің арақты көптен бері ішпегенін есіне түсірді. Оны аңсағандай сезінді.

Тағы бір күні мүсінкер Арманға:

Мен ертең Мәскеуге мәжіліске жүремін, — деді. — Мұнда Моисей қалады. Ол жақында ғана ұзақ жатып тұрды. Енді бір — екі айға дейін ішпейді. Уақытыңды босқа өткізбе, одан гипс құюды үйрене бер. Моисей өз ісінің үлкен шебері.

Бірақ Моисей арақ ішуді, мүсінкер айтқандай бір — екі айдан кейін емес, бір жетіден кейін бастады.

Бұлар кезекті он бес күндік жалақыларын алатын күні, Арман гипстен ең алғашқы кісі моделін жасады.

Модельді сынай қарап шыққан Моисей:

— О, сенде дарын бар екен, құттықтаймын! — деді. Сөйдеді де Арманның арқасынан қақты, — дарының шабытты болсын десең ең алғашқы жұмысыңды жуу керек!

Өзі де әзер шыдап жүрген Арман суретшінің берген бағасына қуанып кетіп:

— Мен дайын!—деді.

Осы күннен бастап ескі ауруы қайта оралды. Моисей екеуі енді жұмыс үстінде емес, бөтелке үстінде табысты. Мүсін жасау, үйрену былай қалды. Ақшалары біткенше ресторанда, ақшалары біткеннен кейін әркімге қарызданып, қауғаланып Моисейдің үйінде ішуге көшті. Кей күні сол үйде қонып қалып жүрді. Мүсінкер жиырма шақты күн командировкада болып қайтып келгеннен кейін де Арман жасынан бойын алып кеткен ауруынан құтыла алмады. Мүсінкер бишара бұрын шеберханасында жалғыз адам маскүнем болса, енді оған үйренушісі қосылып, екеу боп, не істеуге білмей састы.

Міне осындай ішімдікке салынып жүрген күндерінің бірінде Арман паркте серуендеп жүрген Дәниел мен әйелі Жаннатты көрді. Енді у үстіне у қосылды, кенет қызғаншақтық пайда боп, іші өртене бастады. Сылтау табылды, қайғысын арақпен баспақ боп, Арман ішуге салынды.

Жаннат Арманды Қайрақтыдан қайтып келгеннен кейін, көшеде мас болып ұйықтап жатқан жерінен үйіне алып келген түні таң атқанша ұйқы көрмеген. Бір жағынан екі баласының әкесі, бір кезде сүйіп қосылған ерінің үйіне қайтып оралғаны көңілін сәл тыныштатып, қорлаған намысын, ар — ұятын бұдан былайғы жаман сөзден, жұрт өсегінен құтқарғанына шүкіршілік етсе де, екінші жағынан соңғы кездесуден кейін шын жақсы көре бастаған Дәниелден, бала кезінен бірге өскен Дәниелінен тағы айырылуға мәжбүр болғаны жанына қатты батқан. Махаббат арақтан да күшті у, бойыңды бір алса одан арылу өте қиын. Бір жақсысы Дәниелге деген көңілі әбден уланып үлгермеген — ді. Әлі де болса Жаннаттың жүрегінде «шыныменен жақсы көремін бе?» деген өзіне — өзі сене қоймаған күмәнді сезім жатқан. Бірақ ол сезім Арманды үйіне қайтып әкелген сағатынан біртіндеп жойыла бастаған. Енді ол Дәниелді шын сүйіп қалғанына шек келтірмеген. Бір кітаптан бір кезде: «Біреуді қаншалық жақсы көретін адам одан айырылған кезінде ғана біледі» деген сөзді оқығаны бар. Сол рас екен. Қас — қабағы қиылып Жаннатқа осы күнге дейін бала жасындағыдай табына қарайтын Дәниелінен тағы айырмақшы болып еді, жүрегі құрғыр бөтен әнге басты. Арманға адамгершілігін сақтап, екі баланың әкесі деп оның өзінсіз құрып кететінін түсініп, жаны ашып, аяғаннан қайта қосылды ғой. Ал, Дәниелден, жан — тәнімен сүйе тұрып, өзіне оның көңілінің пәк, таза екенін біле тұрып, тағы сол адамгершілігін адал сақтау үшін айырылмақшы. Бұл екеуінің әсері жүрекке екі түрлі тиді. Біріншісінен көңілі сая тауып, тынышталып, «осылай болу керек» деп өзіне — өзі ақыл айтса, екіншісінен «олай болмау керек» деп жүрегі удай ашып, әлсін — әлсін толқып, жанын қоярға жер тапқызбады.

Әйткенмен, ақыл жеңді. Таңертең Арманның «кешір мені» деген сөзінен кейін, бірінші шешімге біржолата бекіді. Арман өзін қанша қорласа да, бұның бір кездегі мөлдір махаббатын қанша былғаса да, оның істеген қиянатының, қылмысының бәрін кешті. Демек, жүрегінің түбінде, «әй, осы кешіре алар ма екенсің» деген бір күдік қалған тәрізді көрінді өзіне. Бірақ Жаннат «кештім» деп ойлады. Соған өзі сенгісі келді. Өйткені оған бұндай шешімді ақыл, ойы, келешегі әмір еткен еді.

Сол күні кешке ол Дәниелмен кездесті. Үйіне Арманның қайтып келгенінен хабары жоқ Дәниел кешегі Жаннатпен уәделескен жеріне келді. Көп кешікпей көшенің бір шетінен Жаннатты көрді. Жүрегі ұшқалы тұрған көгершіндей, лыпылдай түсті. Көзі қуаныш атып, аяғын жылдамдата басып қарсы жүрді.

— Ту, сен келгенше өліп қала жаздадым ғой, — деді шынын жасырмай, бірақ түнімен ұйқы көрмей қабағы кіртиіп, боп — боз болып кеткен Жаннаттың түрін көріп шошып кетті, — ауырып қалғаннан амансың ба?

— Жоқ,—деді Жаннат жүдей, — үйге Арман келді. Жоқ, келген жоқ, өзім әкелдім.

Дәниел томсара қалды.

— «Өзім әкелгенің» қалай?

Жаннат болған оқиғаны жасырмай бәрін айтты. Дәниел бірте — бірте әйел сөзін ұға бастады. Арманның қандай күйге жеткенін, Жаннаттың қай жерден тауып әкелгенін естігенде жер көбелей жаны оған ашып кетті.

— Япырмай, ә… япырмай!—дей берді.

— Асыл тұлпар жігіт емес, менсіз ол құрып кетуі ақиқат… Қанша кәрленгенімен де, ол сорлы екі баламның әкесі ғой, аядым. Істеген қиянаты көп болса да, адамгершілікті аяққа басқым келмеді, — деді Жаннат көзінен жасы мөлдіреп. — Батқан күн мен атқан таң бойы көз іліктірмей шықтым, өзім де ұқтым: нақтылы сүйерім өзің екенсің…

— Соны біле тұрып, Арманға қайта қосылған, қандай мықты едің…

— Амалым болмады. Ол біржолата құрып кетеді ғой.

Шығады деп күткен күні шықпай қалғандай Дәниел түнеріп кетті. Көңілі шіркін шайқалған судай толқып — толқып барып, ернеуінен аспай әзер дегенде басылды.

Дәниел екі ерні кезеріп әзер — әзер сөйледі.

— Бақыт деген мені құшағына сыйдырмай — ақ қойды ғой, — деді күрсініп, — сөйтсе де айтарым, адамгершіліктің жолы үлкен, дұрыс істегенсің… Бірақ есіңде сақта, сенің мұндай қасиетіңді көре тұрып, мен өзіңді бұрынғымнан да қатты сүйетін болармын…

Әрине басқа біреу болса «Арман менің қайғыма қарап па еді, менің де қарағым келмейді. Жақсы көретінің рас болса таста оны» дер еді. Ал, Дәниел өйдемеді. Жаннаттың өзін шын сүйе тұрып, аналық, жарлық борышын адал ұстағанына риза болды. Енді Жаннат оған бұрынғысынан да ыстық, қадірлі көрінсе де, тек өзінің алас ұрған тілегі үшін Арманның бақытын бұзғысы келмеді. Бұны түсінген Жаннат та:

— Meн де сені ұмыта алмаспын… — деді қоштасып, — өле-өлгенше жүрегімде өтерсің…

Міне, осылай бірін — бірі шын сүйген екі жас адамгершілік, опалық деген ұлы қасиеттерді таза сақтап, ауыр күйге ұшыраған Арманның жүрегін таптағылары келмей екі айырылған.

Ертеңіне Жаннат Арманға жалғыз тілек айтқан.

— Бар бәле арақтан, — деген, — сенің ақкөңіл екеніңді де білемін. Тек «бұдан былай қарай арақ ішпеймін» деп уәдеңді берсең — бірге тұрамыз.

— Міне — сөзім, міне — антым,— деген Арман. — Бұдан былай қарай арақпен әмпей болсам бетіме түкір!

— Бетіңе түкіріп не қыламын, — деген Жаннат. — Егер уәдеңді енді бұзсаң, өз обалың өзіңе, маған өкпелеме!

— Жақсы, — деген Арман.

Сөйтіп бұл екі жастың ортасындағы қайғылы жағдайлар біткен. Арманның ішуді тастаймын дегеніне шын көңілімен Жаннат та сенген. Дәниелдің сөзі, бұған қайғысы кейде жанына қатты батса да, өзін — өзі ақылға сап, берік ұстауға тырысып, қайтадан есін жинай бастаған. Сөйткен Арман үш ай өтпей, бір күні тағы мас боп келді. «Әлдеқалай, ішпесе болмайтын бір жағдайға кездескен шығар», — деп ол күні үндемеді, жылады да қойды.

— Ертең тағы ішіп келсең, бұл үйдің есігін ашпа! — деді.

Арман ертеңінде де, арғы күнінде де ішкен жоқ. Салы суға кетіп, сүмірейді де жүрді. Бірақ үшінші күні тәлтіректеп үйіне әзер жетті. Ерінің мұндай жағдайын көрген Жаннат үйіне кіргізбей қоюға көршілерінен ұялды. Не болса да таңертең сөйлесуді жөн көрді. Бірақ таңертең Жаннат тұрғанда Арман жоқ боп шықты. Ол өз қылығынан ұялды ма, әйтеуір таң сәріден кетіп қапты. Содан Арман үш — төрт күндей тағы жоғалып кетті. Күйеуінің қайда жүргенін білуге Жаннат қорланды. Ал, Арман үйге келсе мас болып келеді де, ал, келмесе бір апталап қарасын көрсетпейді. Арман екі беті ісініп, көздерінің алды күлкілдеп, тағы бұрынғы таз қалпына түсті. Бір кезде қандай қыз болса да сүйсінетін келбетті, жас қарағайдай сұңғақты ерінің енді мынандай күйге ұшырағанына Жаннат әбден намыстанды. Тағы екі беті суалып жүдей бастады. Енді Арманның қайтадан адам қатарына қосылуынан мүлдем күдіктене түсті. Айырылудан бөтен Жаннатқа жол қалмаған сияқтанды. Бірақ Жаннат бұл ақырғы әрекеттен тағы бас тартты. «Расымен айырылудан басқа шара жоқ па? Жұрт не дейді?.. Маскүнемдік дегенің бұл бір кесел екен ғой. Әсіресе Арман секілді өзіне — өзі күші жетпейтін адамдар бұдан оңай құтыла алмаса керекті. Өлі де болса, оған бұл аурудан айығуына жәрдем беруім керек! Осындай аяулы жігіттің көрер көзге құрып кетуі обал емес пе? Бірақ қалай жәрдем береді?.. Жаннаттан, екі баласынан оған арақ жақын. Кеңсесіне барып директорымен, жергілікті комитетіменен сөйлессем бе екен, өздеріне керек адамды өстіп қоя ма? Бірақ қай бетіммен барамын? Және олар менің қайғыма түсінсе жақсы ғой. Өздері құтыла алмай жүрген болып, менің келгенімді сылтау етіп жұмыстан шығарып жіберсе қайтем? Обалына қалмаймын ба? Өйткені, Арманның өзінің айтуына қарағанда, осы уақытқа дейін істеп келген жұмыстарының ішінен осы орны өзіне ұнайтыны шын тәрізді. Бұдан айырылса оны екінші рет қайтадан енді кісі ете алмайсың. Дегенмен Арманды бұл ауруынан құтқару керек».

Бір жеті ішіп, шай құйған кесесін қолы дір — дір етіп әзер ұстап отырған Арманға бір күні Жаннат:

— Мына қалпыңмен бір күні құрисың ғой, — деді.

— Білемін…

— Білсең ішуіңді неге қоймайсың? Ең болмаса екі балаңды аямайсың ба?

— Аяймын…

— Онда арағыңды таста. Тастай алмайды екенсің ауруханаға жатып емдел. Осы күні арақтан оңай емделетін көрінеді. Антабус деген дәрі шығыпты…

— Естігем… Ол дәріден кейін тағы арақ ішсең адам өліп қалатын көрінеді.

Жаннат көзінде іркіліп тұрған жасын тоқтата алмады.

— Бүйтіп қор болып жүргенше…

Арман Жаннатты да, балаларын да, өзін де аяды. Өзінің шеберханасынан қағаз алып, ауруханаға жататын болды. «Әлі де болса адам қатарына қосылғысы келеді екен, біржолата бітпеген екен», — деп Жаннат қуанып қалды. Бірақ Арман әне, міне деп ауруханаға жата қоймады. Біресе қағаз ала алмады, біресе орын болмады. Бірақ ол ауруханаға әр жатар алдында «бұл менің ақырғы ішуім» деп сылтау тауып арағын тоқтатпады. «Жарайды, емделгесін біржолата қояр» деп Жаннат та оған тұсау бола бермеді. Осылай күндер өте берді. Сөйтіп жүргендерінде көктем келді.

Көктем! Күн көзі жер бетіне күлім қағып алтын сәулесін төкті. Жер үстінен босап, әр тұсы ойдым — ойдым қара жер боп бөлшектеніп, сай — салаларда гүрілдеп су ақты. Өзен тасып, қоңыр бойрат көгілдір тарта бастады. Әне — міне дегенше қар да кетіп, бақ — бақ бүртиіп, бәйшешекті, қозыгүлді, түймедақты. көгал шөп көтеріліп қалды. Сол — ақ екен, қайтқан қаз, үйректер аспанда тізбектеліп ұшып, әлемді қуаныш үніне бөледі. Оған жердегі қара торғай, бұлбұл сайрағандары қосылып, дүние біткен енді ән — күйге толды. Күн жылынғаннан — ақ бүртіктене түскен балқарағай, долана, мойыл, шетендер кенет бой көтеріп қайың, қарағай, шырғанақтар жасыл жапыраққа оранды. Көп кешікпей, қызғалдақтар, сарғалдақтар көрініп, хош иістерін бұрқыратып жанаргүл, лала, меруерт гүлдер сәндене өсіп, жер бетіне жасыл нұр төгіліп, дүние сұлулығымен құлпыра түсті.

Көктеммен бірге қара тасқа да жан кіреді, Ағаш, өсімдіктерде шырын пайда болып, тамыр — жүйелерінде сел жүгірді. Жан-жануардың бойларында қан ойнап, махаббат оянды…

Жаннат та әлденеге қызара қалды. «Иә,иә, бұл біздің ең ақырғы кездесуіміз, — деді ішінен ол, — расыменен екеуміздің арамыздағы махаббат осылай біткені ме? Әлде? Жоқ, жоқ, құдай ондай күнәдан сақтасын!.. Жүректің дегенін істесем, ертең жұрттың бетіне Дәниелдің, Арманның бетіне қалай қарайсың?»

Бірақ Дәниел оның қолынан тағы ұстады. Не істерін білмей дір-дір етіп тұрған Жаннаттың құлағына онын сөзі әлсіреп жетті.

— Мен сені жанымдай жақсы көремін, — деді Дәниел толқи. — Бірақ адам әрқашанда ар – ұятын, адамгершілік қасиетін таза ұстай білуі керек. Сонда ғана махаббатқа опасыздық болмайды. Ал опасыздықты білмейтін махаббат — шын махаббат… Жүрегім қанша өртеніп бара жатса да, мен саған бұдан артық ештеңе айта алатын емеспін.

— Айтудың да керегі жоқ, — деді Жаннат кенет егіліп жылап жіберіп, — онсыз да жанып жүрген жүрегімді бұдан артық жандырмағаныңа мен риза…

Орталарында Арман тұрғанда, бұлар жандарын бұдан әрі қуанта алмайтындарын екеуі де түсінді. Қуантамыз десе де, оған екеуінің де ар — ұяты ерік бермес еді.

Дәниел экспедициядан қайтқаннан кейін, егер Жаннаттың қолынан келмесе, Арманды өзімен бірге Алматыға алып кетіп емдететін боп уәдесін беріп, қош айтысты.

Жаннат та көңілі орныққандай сезініп үйіне қайтты. Бұрынғы бойды алған, ойды алған жастық деген жалыннан енді дым қалмаған тәрізді, бойын енді бір салқын самал күй биледі.

Бұлардың осылай қоштасқанын, әттең, Арман білмеді.

Бұл ой Арманға алғаш рет шешесінің өліміне өзін кінәлі санап қиналған күндерінде келген. Содан кейін анасын жерлеу, оған мүсін жасаумен шұғылданған кезінде есінен шығарған. Сосын бұл ой оған Бибіден айырылып, барар жер, басар тауы қалмаған күндерінде, Жақсыбай үйінен қуып шыққан кездерінде қайта оралған. Жамандықсыз жақсылық жоқ, артынан тағы жол табылып, ол ойдан тағы құтылған. Бірақ, бұл ой желім тәрізді, адамға бір жабысса, соңынан оңай қалмайды екен. Мінекей, сол ой соңғы күндері Арманды қайта іздеп тапқан. Әсіресе соңғы екі күнде Арманға одан бөтен жол жоқ секілді көрінді. Қырсық деген жан — жағынан қоршаған қабаған иттердей қыр соңынан қалмай қойған. Ал оның бәрін жеңуге Арманның күшінің де, жігерінің де жетпейтінін өзі де білетін. Сол себептен ол осы сұм тағдыр сұрқия жазмыштарынан құтылатын ең жеңіл жол осы деп миына қондырған.

Арман бұл ойына Жаннат пен Дәниелді паркте бірге көрген сағатынан бастап біржолата бекінген. Оған сол сәтте бұл екеуі өте бақытты көрінген. Әттең дүние — ай, жүрегін удай ашытып, кенет көзін қарауытып жіберген сол минуттағы сезімін өзі де жөндеп түсіне алмаған. Қызғаншақтық па? Мүмкін… Әлде кеше өзі Дәниелден тартып алған әйелінің бүгін оған ауайын дегені бұның біткенінің белгісі ме? Солай да болар. Шыныменен осылай бар қасиетін жоғалтқаны ма? Егер кешегі жақсы көрген кісің бүгін сені жек көрсе, онда сенің не болғаның? Иә, ешкімге керек емессің! Расында сендей маскүнем кімге керек? Сонда бүйтіп өмір сүруге бола ма?

Жүрегіне шаншудай қадалған бұл сұраққа тағы бір қиын жағдай қосылды. Ана жолы Бибіден айрылғанында Арман іштей өкініп қапа жеп жер болған жоқ. Тек өзінің бұлай далада қалғанына қорланған, ызаланған. Ал бұл жолы Арман өзін тіпті басқаша сезінді. Жаннаттың өзіне қанша керек екенін, оны әлі де жанындай жақсы көретінін түсінді. Дәниелге қимақ емес. Бірақ, екеуінің арасына түсер қандай құдіреті бар? Қазіргі Арман бұрынғы Арман емес, сөз жоқ. Жаннатқа Дәниел қазір анағұрлым қымбатты, керекті. Міне оның жанын аса күйдірген осы жағдай. Өзінің енді дымға татымайтындығы, адам деген құр аты қалғандығы! Осындай күйге жеткен Арман басына түскелі келе жатқан шерден құтылар жол таба алмай, тағы баяғы араққа көшті. Ал арақ жүрегінің жарасын жазған жоқ, қайта аузын қызыл шақа етіп ашып, Арманды енді өмір бойы шыға алмайтын тұңғиығына батыра берді.

Сөйтіп жүргенінде ең ақырғы ұят, арын қорлаған, өзіндік жан сезімін жер еткен тағы бір масқара оқиғаға кез болды.

Бір күні алты жасар Дәулеті жылап келді. Әкесі мен шешесіне еш тіл қатпай, солқылдап бүк түсіп, теріс қарап жатып алды.

— Қалқам — ау, айтсайшы не болды?—деп жалынған шешесіне ақырында:

— Бүкіл балалар бақшасына мені масқара етті мынау, — деді кешегі ішкен арағынан деп -сал боп отырған әкесін нұсқап. — Біздің бақшаның алдында маскүнемдердің фотокарточкаларын іліп қойыпты. Соның ішінде бөтелкесі жерге құлап мынау жатыр. Бала біткен: «Бұл Дәулет пен Сәкеннің маскүнем әкесі, жанында жатқан шапкесі мен шаркесі» деп мазақтап қыр соңымнан қалмай қойды. Мұндай әке болғанша ол неге жанып кетпейді!

Ертеңіне таң атпай тұрып Арман балалар бақшасының жанына барды. Баласының айтқаны рас екен. Бір шалшықтың жанында құлап өзі жатыр. Қасында — бос бөтелке.

Арманның басы мең — зең боп, көзі қарауытып кеткен. Өзінің қандай күйге жеткені жанына қатты батып, көзінен жасы шығып, жападан — жалғыз көшеде ұзақ жүрген. Ақырында бұл масқаралықтан құтылар жалғыз жол тағы арақты тастау деп шешкен.

Бірақ арақты тастай алмаған. Ертеңіне қайта ішкен. Жазылмайтын ауруға іліккенін енді өзі де түсінген. Ақырғы жігерімен ауруханаға да барған. Бірақ бала жастан өн бойын алып кеткен кеселінен емделуге күші жетпей, кейін қашқан. Тағы ішкен. Тағы құлаған.

Сөйтіп жүргенінде кеше бұны жұмыстан шығарған. Жоқ, «сен маскүнемсің, кете бер» деген жоқ, мүсінкердің өзі шақырып алған.

— Арман, сенің бар келешегің алда, сен әлі жас адамсың ғой, — Деген.

Арман үндемеген.

— Дарынсыз да емессің,—деген тағы да әлденеге қинала мүсінкер

Арман тағы жұмған аузын ашпаған.

— Бірақ дарын деген не? Дарын тек еңбекпен ғана дарын!—деген енді күйіне мүсінкер.

— Сен енбек істеудің орнына араққа тым беріліп барасың. Бұдан өз дарыныңды өзің ғана құртып қоймайсың, тіпті адам болудан қаласың, — деген тағы да мүсінкер қиналып,— сен осы жағдайыңды ойлан! Егер келешегіңді ойлап, бәрін тастап, қайтадан мені керек ететін кезің болса, өзімді іздеп тап, қолымнан келген жәрдемімді аямаспын.

Енді ғана Арман ақырын күбірлей сөйлеген:

— Сонда мені жұмыстан шығардыңыз ба?—деді басын жерден көтермей.

— Жоқ, мен шығарғам жоқ, — деді мүсінкер ананы шын аяп тұрғанын жасырмай, — және арақ ішті деп шығармаған. Сенің ол ауруыңмен әлі де күресіп көрер едік, жассың ғой, мүмкін дегенімізге көндіріп те алар ма едік, қайтер едік, бірақ әліміз келмей қалды. Қазынаға түсірген пайдамыздан зиянымыз көп. Сені штатты қысқарту тәртібімен шығарттырды. Үйренуші деген штат шеберханаға берілмейді дейді.

Мүсінкер әнеугі командировкадан кейін кенет жүрегінің кеселі ұстап, екі айдай ауруханада жатып, бүгін келген беті еді. Әлі жөнделіп кете қоймаған. Сөйтсе де:

— Сенің орныңды қысқартқаны маған да оңайға тиіп тұрған жоқ, амал бар ма, — деді.

Штаттан қысқартылудың қандай тегеурінді, ешкімнің бұзу қолынан келмейтінін білетін Арман:

— Өзім өз болғалы көңілім қалаған бір жұмысты таптым ба деп едім, бұдан да айрылдым ғой, — деп ауыр күрсінді.

Шынында қанша ішімдікке салынып жүрсе де, ол өзінің осы жұмысын керемет жақсы көретін. Бұған енді біржолата беріліп істеймін деп ойлайтын, бірақ әрқашанда арақ оған жеткізбей келген. Жұмысынан айрылғаны өзіне ауыр тигенін енді ғана ұқты. Иә, енді мұндай жақсы көретін ісіне қайта орала алмайтыны хақ. Кім бұның қамын ойлайды? Жалғыз тірегі қарт жұмысшы Ахметқали болса ауруханада жатыр, жазылар — жазылмасы екі талай. Ал жақсы көрер жұмысыңыз өмір сүру — о да бір дозақ. Оданда өмір сүрмегеннің өзі артық. Арманның жүрегі қабына жөнелді. Оған осы сәтте дүние өзін кең құшағына сыйдырмай, «кет, жоғал!» деп тұрғандай боп кетті.

Арман далаға шықты. Барлық қайғысын уақытша болса да ұмытқызатын, араққа жұмсай қоятын қалтасында бір тиыны жоқ. Жұрттан сұрағанмен бермейді.

Сұрай — сұрай танысының бәрін мезі еткен. Енді ол шалажансар, әлдекім таяқтың астына салып ұрып әлсіретіп тастағандай боп сүйретіліп үйіне әзер жетті.

Өз бөлмесінің есігін жауып алып, сыртқа шықпай қойды. Міне сонда барып көптен бері соңынан еріп жүрген күшіктей қалмай қойған баяғы бір ой кенет қанды ауыз қасқырға айналып, тамағынан ала түсті.

Бұл ойдың жеңбей қоймайтынын енді өзі де білді. Қалай жеңбейді ол? Жаны сүйген жары болса анау, бала екеш баласы да бөтен кісіден туғандай бұған жеркене қарады. Көңіліне ұнаған жұмыстан оп — оңай «керек емессің» деп қуып шыққандары мынау. Қалған бар тілегі тек арақ! Арақ! Арақ! Ал одан құтылар жолды өзі де білмейді. Арманға осыншама азаптың бәрі енді қабаған иттердей жан — жағынан қоршап алып, өзінің жан — тәнін қан жоса етіп талап жатқандай көрінді. Ал олармен төбелесер, жеңер бұнда дәрмен жоқ… Әсіресе Арманға өзінің енді ешкімге керек еместігі жаман батты. «Расыменен ешкімге керек болмай қалғаным ба?» Жүрегі у ішкендей тағы өртене жөнелді. Кенет оның көз алдына бала кезіндегі бір сурет елестеп кетті.

Шешесінің Ерғазыға қосылған жылы еді. Дәл қазіргідей көктем түскен шақ болатын. Аспан айнадай ашық. Дүние жасыл нұрға бөленген ақ қайың, қызыл шырша, көктемнің қоңыр салқын желімен ойнап, әлденені сыбырлап тұрған жас сұлудай сыбдыр қағады. Терезе алдындағы қарағаштың қалың бұтақтарына қонып алған бір топ қара торғай батып бара жатқан күнді құттықтағандай сайрай жөнеледі. Көктемнен әлем біткен сая тауып ғажайып бір қуанышқа бөленген. Арман да сол күні шексіз қуанышты еді. Ол сол күні пионерлер қатарына алынған. Мойнындағы қызыл галстугы жарқырап, мектебінен орасан көңілді қайтқан. Есік алдында отырған шешесінің қасына келіп, жоғалып табылған кішкентай күшіктей еркелей, мойнынан құшақтап, мақтана:

— Апа, мен бүгін пионер болдым! — деген.

Анасы бұны бауырына қысып аймалай сүйген.

— Құтты болсын, құлыным!—деген. — Енді жақсы пионер бол!

— Боламын, aпa!

Анадай жерде тұрған өгей әкесі: — Қазір пионерсің, бұл жақсы,—деп күлген, — ал өскенде кім боласың?

— Апамның тірегі боламын!

— Тағы кім боласың!

— Рокоссовскийдей маршал боламын!

Анасы бұны тағы құшырланып сүйген.

— Менің қалқам генерал да, маршал да болады! Апасының үмітін ақтайды!

Сөйткен Арман мынау! Кім болды? Алкоголик! Маскүнем! Отызға жақындаса да, ең ақыры үйренуші жұмысына жарамай, міне, енді далада тағы қаңғып қалып отыр! Анасының үмітін ақтап, арманына жеткізудің орнына, ажалына себепкер болды! Мұндай бала кімге керек? Керексіз адам!

— Кімге керекпін?—деді ол айқайлап жіберіп. — Ешкімге де керегім жоқ! Мендей адам өмір сүріп кімді жарылқайды? Кімді көгертеді?! Жоқ, мендейлер керегі жоқ адамдар! Өлсін! Құрысын!

Ол кенет қайтадан үн-түнсіз отыра кетті. Әлден уақытта орнынан асықпай тұрып, аяғын нық басып есігін ашты.

— Жаннат, Дәулет! — деді кенет жігерлі үнмен, — Маған келіп кетіңдерші!

— Жай ма? — деді Жаннат.

Күйеуінің жұмыстан босап қалғанын Жаннат та естіген. Кешеден бері бөлмесінен шықпай қойғанынан бір жағы қорықса да, екінші жағынан оны аяуда еді.

— Сәкен әлі ештеңеге түсінбейді ғой, — деді Арман ана екеуі үйге кіргеннен кейін, — шақырмай-ақ қойыңдар.

Жаннат әдетінше жүдей қарады.

— Бірдеме айтайын деп пе едің?..

— Иә, — деді Арман. Ол тағы үндемей қалды, сәл күрсініп отырды да, Жаннатқа қарады. — Жаннат, мен сені жақсы көріп қосылып едім, бірақ үмітіңді ақтай алмадым. Өміріңді қайғы, шерге айналдырдым… Егер кешіре алсаң кешір менің қиянаттарымды, — деді, сөйтті де Дәулетке бұрылды, —Дәулетім, бері кел, — деді, анау әкесінен бұрын мұндай ықылас көрмегендіктен батылы бармай әзер жақындады, — сен де кешір, ұлым,—деді баласын алдына алып екі бетінен кезек — кезек сүйіп. — Мектептің есігін ашпай жатып, сені де ұятқа қалдырдым. Бұнымды кеш. Әкеңдей болмауға тырыс, — деді сөйтті де терезеге бұрылып кетті. — Жарайды, енді бара беріңдер. Өзім шақырмай кірмеңдер.

Ештеңеге түсінбеген Жаннат:

— Шай іш, — деді, — қазір дайын болады.

Арман терезеге қарап тұрған бетінен бұрылмады.

— Жарайды, — деді.— Дайындай бер.

Көңілі сәл орныққан Жаннат, ас пісіретін бөлмеге келіп шайын дайындай бастады. Бір-екі минуттей уақыт өткен жоқ кенет: бір тосын дыбыстар естілді.

Жаннаттың жүрегі әлденеге қобалжи қалды. Арманның бір түрлі үрейлі өкінішті шыққан даусынан қолындағы шәйнегі жерге түсіп кетті. Шашыраған ыстық судың балтырын күйдіріп жібергеніне қарамай, үйге жүгіріп кірді. Сол сәтте есінен танып, босағаға құлай берді. Оның ақырғы көргені терезеге таяу еденге қан — қан боп құлаған Арман болды.

Сәл соңырақ кірген Сәкен қанды суретті көріп, шырылдай жылап есікке қарай ұмтылды.

Дәл осы минутте асыға басып үйге Дәниел кірді. Болған оқиғаға бірден түсініп, телефонға қарай жүгірді.

— Ах, кешігіп қалғаным — ай!—деді ол телефонды «03»-ке соғып жатып.

Сол күні Қайрақтыға келген Күнтуар баласынан Арманның қалай өлгенін естіп, өзінің оған еш жәрдем бере алмағанына қатты өкінді.

— Бәрі арақтан, — деді Дәниел,—Тым жастай ішкен екен, ақыры түбіне жетті.

— Жоқ, жалғыз ғана арақ емес, — деді Күнтуар, — Арманның трагедиясы тереңде жатыр. Ақгүл марқұм оны мәпелеп өсірді. Жамандығы болса жасырды, жақсылығы болса асырды. Өмірдің қиын тартыс екеніне оны дайындаған жоқ. Ал шешесі қайтыс болып еді бұрынғы қайғысыз, мұқтажсыз күйінен айырылған Арман өзін — өзі жаңа жолға салуға күші де, жігері де жетпеді. Миында да, ақыл, ой — санасында да ешбір өзгеріс тумады. Бәрі сол бұрынғы тәтті өмірін көксеген қалпында қалды. Ал ондай күй енді қайтып оралмайтынын Арман жақсы ұқты. Міне, осыдан барып ол бұл тұңғиықтан құтылатын жалғыз жол өлім деп шешті. Міне, Арманның трагедиясы!

— Егер бір күн ерте келгенімде ол трагедия болмайтын еді! Алматыға өзіммен бірге алып кетіп, емдететін едім!

Күнтуардың көңілі кенет босап кетті.

— Ақылыңнан айналайын, — деді ол Дәниелді бала кезіндегідей арқасынан сипап, — өзгеге жақсылық істеу — бұл адам баласының ең ұлы міндеті. Мен аз өмір сүргем жоқ, мүмкін ұрпаққа қалар ұлы еңбегім де жоқ шығар, бірақ тірі жанға қолымнан келер жақсылығымды аяған емеспін. Сол себептен де өзімді бақытты санаймын. Сені де, жалғыз мұрагерімді де өзімдей болады деп сенемін. Сөйтсе де саған әкелік жалғыз аманатым: ұлы бол, кіші бол, тек өзгеден қолыңнан келер жақсылығыңды аяма! Сонда ғана жұрт сені шын Адам деп біледі.

СЕГІЗІНШІ ТАРАУ

— Мен сенімен әдейі сөйлескелі келдім, — деді Күнтуар зілдей столдың бер жағындағы жұмсақ креслоға отырып жатып.

Ерғазы басын столдан көтермеген қалпында:

— Не жайында? — деді.

— Өмір, адамгершілік, адалдық жайында. Өзің мен Арман туралы да айтарым бар…

— Қызық екен!

— Дым да қызығы жоқ. Арыстай жігіт қаза болды…

— Сонда… Екеуміз сөйлессек, ол тіріліп келеді дейсің бе?

— Әй, сен не малтаңды езіп отырсың?—деді кенет қызына қалған Күнтуар. — Өгей әке болсаң да, әке емес пе едің?! Мысық екеш мысық та асыраған баласына мейірімді келеді!

Ерғазы мысқылдай күлді.

— Айт! Айт! — деді ол. — Мысық деген сөз аузыңа бекер түспеген болар. Жұрттың бәрі мені «мысық тектес» дейтін көрінеді ғой сыртымнан.

Арманның қазасын сол күні Алматыдан Қайрақтыға келген Күнтуар Дәниелден естіген. Ертең Жаннат пенен Арманды тауып алмақшы болып отырған. Кенет күтпеген қаза! Қайғылы оқиға қарт археологтың сай — сүйегін сырқыратып, көңілін қамықтырып, түн бойы көзін іліктірмей шыққан. Күнтуар Ақгүлдің мінезін, адамгершілігін, нәрестедей ақкөңілдігін орасан жақсы көретін. «Сондай бишара өзі анандай боп дүние салды. Ал артындағы мәпелеп өсірген жалғыз баласы мынандай боп өлді. Бұған тек Арман ғана айыпты ма? Оның осындай күйге жеткеніне бәріміз айыптымыз. Әсіресе Ерғазы. Мәселе өзіңнің тумағандығыңнан ба? Кішкентайынан бауырыңа салған соң сен оған туған әкесің! Оның болашағына сен алдымен жауапкерсің! Ерғазының әлденеге тас бауыр мінезінен сезіктенген Күнтуар Ақгүлдің қабірінің басында: «Ақгүлдің бала — шағасына өзің қамқор бол!» демеп пе еді Ерғазыға. Ал одан не шықты?! Ақыры оқиға осылай боп тынды».

Әрине, Күнтуар да Ерғазының Ақгүлдің қырқын берісіменен үйленгенін, Арман мен Жаннатты үйінен қуып шыққанын, одан өгей баласынан біржолата қол үзгенін естіген. Қарт археологке Арман тәрізді бұрын еш қиындық көрмей өскен, өмірдің ауыр тегеуірінді сыннан өтпеген, және өмір үшін, өзінің болашағы үшін, әлі күресіп көрмеген жасқа қолтығынан сүйейтін бір күшті қолдың керегі айқын — ақ еді. Өзі болса, соңғы жылдары жаз үнемі экспедицияда, қыс Алматыда болып, Арманға көңіл бөле алмады. Қайрақты қаласында тұрса, ең болмаса Ақгүл үшін оған қамқорлық істер еді. Ал жас Жаннаттың қолынан не келеді? Бір рет уақыт тауып, Арманмен сөйлеспекші болғанында ол балалық істеп қайдағы жоқ әйелге еріп Алматыға кетіп қапты. Жазын экспедицияда өткізіп, Алматыға келгенінде, Арман тағы Қайрақтыда боп шықты. Әрине, Арманға мұндайда жасы үлкен, өмірден тәжірибесі бар әкенің ақыл, ойы, көмегі керек — ақ еді. Ал ол әкенің түрі мынау! Балаға қамқорлық істемек түгіл, жас жігіттей өзі бүлінген, жиырма жылдан артық өмір сүрген қосағының аруағын сыйламай, шынында, қырқы өтер — өтпестен өзінен отыз бес жас кіші әйелге үйленген.

Күнтуар ескі досымен тікелей ашуланысып, жанып — күймегенімен, іштей кәрлі еді. Ерғазының басқа қылықтары да жанына бұрыннан батып жүрген археолог енді онымен бетпе — бет сөйлеспекші болды. Ескі досың адамгершілікті ұмытып еді, біржолата суға батып бара жатқанын көріп, әлі де болса ар, ұят дегенді алдына тартып дұрыс жылға салсам деді. Ерғазыға қанша ызаланғанмен, кең пейіл Күнтуар оның жақсы қасиеттен мүлдем жұрдай боп, жұртшылық алдында тіпті қарабет еткізіп қалдырғысы келмеді. «Егерде осындайда оған қолымның ұшын бермесем, менің білгендігім қайда?» — деді Күнтуар.

Міне сол үшін ол бүгін таңертең Ерғазының кабинетіне әдейі оны іздеп келген. Жаңағы сөздер осы әңгіменің басталуы еді.

— Иә, жұрт сені расында мінезі мысыққа ұқсас дейтін көрінеді. Оны мен де естідім, — деді Күнтуар сөзін қайта бастап.

— Бірақ жұрт саған мысықтың жаман қылықтарын тағады. Ал сол мысықтың жақсы жағы да бар ғой.

Ерғазы тағы кекете езу тартты.

— Тышқан аулайды. Сөйтіп өзгелерді жұқпалы кеселдерден сақтайды дейсіз ғой! Ондай жақсылықтарынан мені құр қалдырмағаныңа рақмет!

— Жоқ, неге?—деді Күнтуар әдеттегі салмақты сабасына түсіп, — мысықтың бөтен жақсылығы да аз емес. Әлде сен естімеуші ме едің, мысықтың балажан екенін? Жоқ, тек өз балаларына ғана емес, егер кішкентайынан қойнына салсаң, ол құстың балапанын да, қоянның көжегін де, тіпті иттің күшігін де өз балаларынан кем көрмей асырайды, ана сүтін аямайды. Ал біреу — міреу оларға тиер болса, өз балалары үшін жанын қиғандай, асыранды балалары үшін де сондай ажалдан тайынбайды. Бұл бұл ма, үлкендер үйде жоқта, бесіктегі нәрестені қорғап, Африка, Индияларда у жыландармен алысып жан тапсырған мысықтар аз болмаған. Әттең не керек, сол мысықтың сезіміндей сенде өз балаңа деген сезім болмағаны өкінішті!.. Бұл жағынан жұрт сөзі мысыққа теңесе, олардың мысықты қорлағаны!

Ерғазы Күнтуардың сөзін бөліп жіберді.

— Арман менін балам емес! — деді ол кенет киіп кетіп. — Оны өз балам деп есептегім де келмейді!

— Мәселе тек өз балаңда болуда ғана ма? Жарайды, бөтеннің баласы — ақ болсын! Сонда сен оның ауыр жағдайда екенін біле тұра жәрдем бермейсің бе? Бұрыс кетіп бара жатқаның көре тұрып дұрыс жолға қалай салғың келмеді? Сосын, жиырма жыл қолыңда ұстағандағы өзіңнің берген тәлім — тәрбиең қайда?

— Тәлім — тәрбие қонбайтын болса, оған мен не істеймін? Арманның жөнделмейтінін мен әлдеқашан білгем!

— «Кісіні жөнделмейді деген адамның тілін кесер едім!» дейді ғой атамыз Абай. Сен тәрбие беріп бала одан жөнделмей кеткен жоқ. Әңгіме басқада. Тәрбие беру үшін адам өзі тәрбиелі болуы керек. Ал өзің қандай адамсың? Ішіңе үңіліп бір қарағаның бар ма? Әрине, жоқ. Қарар болсаң, ішіңде талай сұп — суық көлбақалардың жатқанын көрер едің. Сен, дүниеде не істесең, тек өз басың үшін ғана істеген адамсың!

Ерғазы тағы бөліп жіберді.

— Сонда мен сен үшін жұмыс істеуім керек пе еді? Сен үшін кандидаттық қорғап, докторлық жазуым ғана қалған ғой,сірә?

— Неге өйдейсің? Мен үшін қиналуыңның қажеті жоқ. Қорғамасам, жазбасам ол менің айыбым. Иә, докторлық қорғадың, профессор болдың! Бірақ не үшін болдың? Ғылымнан бір жаңалық ашайын, халқыма пайдамды тигізейін деп қорғаған жоқсың, тек доктор аталып, жұрттан дәрежем жоғары тұрсын деп қорғадың! Сондықтан да докторлық диссертацияң шаң — шаң болып әне ана шкафта жатыр. Қорғағаннан бері, бетін өзің де ашпаған шығарсың! Иә, өзіңе салсаң, оны ашудың да қажеті жоқ. Өйткені, диссертациядан аларыңды алдың, жетеріңе жеттің. Енді саған оның тіпті керегі жоқ. Иә, жалғыз ғылымға ғана сен бұлай қарамайсың, өмірге, дүниеге деген пәлсапаларың да сондай. Саған жолдас та, дос та, жар да — бәрі тек өз басыңның қызығы үшін жолдас, дос, жар! Өз басыңа керек болмаса бәрі де тек өткен күн. Пайдасы біткен дүние. Бұл неліктен?

— Иә, бәсе неліктен?

— Адамгершілігіңнің, мәдениетіңнің, біліміңнің жоқтығынан!..

— Адамгершілік, мәдениет жайында мен қазір таласпай — ақ қояйын. Олар туралы, байқаймын, екеуміздің түсінігіміз екі түрлі сияқты, — деді кекете, тек ерні ғана күліп Ерғазы. — Ал білімің жоқ дегеніңе жол болсын. Профессор, доктор атанғаныма, мінекей, құдайға шүкір он жыл!

— Жоқ мен ондай, қағаз бетінде куәлігі бар білімді айтпаймын, — деді Күнтуар күйіне сөйлеп. — Адамның бойына, ойына біткен жақсылығын, білгірлігін айтамын. Сендей доктор, профессор атын алмағанмен, хат танымайтын, бірақ жаны жақсылыққа толы, көңілі күндей ашық, жан — жағына тек сәулесін ғана төге білетін, өзгесін қойғанда, кәдімгі қара қазақ та көп. Білім деген сөз міне осы көргендік мағынада. Ал сенде қандай көргендік бар? Жан — жағыңа қандай сәуле төгіп жүрсің? Артыңа арамдықтан, қызғаншақтықтан, көре алмастықтан бөтен не қалдырмақсың?

— Сонда мен сені көре алмаймын ба? Неңді көре алмаймын? Дәрежеңді, әлде атақ, атыңды ма? Бақытсыз сорлы!

— Жоқ, мен емес, сен бақытсызсың? Өйткені дарын үлкен бақыт. Ал дарынсыз адам ең бақытсыз адам! Өзгенің істегені оның қолынан келмейді. Сондықтан ол бөтенді көре алмайды. Ал бөтенді көре алмау — ол үлкен бақытсыздық!

— Сен мені расымен дарынсызсың демексің бе? Олай болса…

Енді Ерғазыны Күнтуар бөліп жіберді.

— Иә, дарынды тәрізді едің. Сол үшін өзіме жақындатқам. Бірақ сен сол дарыныңды тек өз басыңның мансапқорлығына ғана жұмсап, өзіңді — өзің ұрладың. Жоқ өзіңді ғана емес, халқыңның да сенен күткен үмітін ұрладың. Иә, сенде бәрі де бар; дәреже де, атақ та, ат та, бірақ халқыңа берген ғылымың жоқ. Сол үшін саған жаным ашиды. Сен бақытсыз жансың!

Ерғазы терлеп кетті.

— Бүйтіп жаның ашымай — ақ қойсын!

— Олай деме! Дос жылата айтады, дұшпан күлдіре айтады. Мен саған әлі де доспын. Сен қасқыр емессің, адамсың! Ал адамға адам әрқашан да дос болуға тиіс — ті. Жаман жолда, жаман ниеттісің. Әлі де болса айтар ақылым — өзіңе өзің қара, жөндел.

— Сірә, маған қайта ту демексің ғой? — деді сұрлана түсіп Ерғазы. — Жоқ, Күнтуар, менің барым осы. Саған ұнамағанмен, өзіме ұнайды!

— Маған жұмыс істеткің келмей, Пейілжанға мақала жаздырғаныңда да, алпысқа толған күні істеп жүрген шаруамды бітіртпей пенсияға шығарып жібермекші болғаныңды да кешіріп едім. Тек Арманның өлімін кешіре алмағам. Сол себептен өзіңмен сөйлескелі келіп едім. Түсінбедің. Түсінсең де түсінгің келмеді. Ал бұныңды мен кешпеймін. Өйткені сен маған керек адам едің. Әлі де болса жоғалтпайын деп едім. Сондықтан да айтарым: әлі де болса кеш емес, егер қолыңнан келсе ғылымның адал жолына қайта орал.

— Егер қолымнан келмесе ше? — Ерғазы тағы кекете езу тартты.

— Келтір. — Күнтуар кенет Ерғазыға ренжи, тұтана қарады. — Сен өзің қандай адамның бақытты екенін білесің бе?

Ерғазы жалпылама жауап берді.

— Бақыттың жолы толып жатыр…

— Жоқ, оның жолы біреу — ақ: адал еңбек. Ал шын бақытты адам — ол өзгеден жақсылығын аямайтын адам. Сен де жұртқа жақсылық істейтін бол. Дүниеге, жан -жағыңдағы жұртқа тек директорлық сатыдан ғана қарама, адамгершілік тұрғысынан да көз жібер. Адамгершілік деген ол бір зор байлық. Оны алтынға да сатып ала алмайсың, ол адамның бойына сана, сезімімен, ақыл, арманымен бірге ұялайды. Бұрын оған мән бермесең, енді мән бер.

Дәл осы кезде үйге, екеуіне бірдей таныс жасы келіп қалған бір ғалым кіріп келді.

— Құттықтаймын сізді! — деді ол аңқылдай сөйлеп Ерғазыға, — жаңа ғана академия президиумі археология тар мамандық деп Пейілжан екеуіңіздің кандидатураларыңызды ерекше қарап жалпы дауысқа жіберді.

— Қойыңызшы! Екеуімізді бірдей ме?

— Иә, бөтен бөлімнен тағы бір мүше-корреспонденттік орын ауысыпты. Ал президиум бекітті деген сөз — ол он бес минутсіз мүше-корреспондент деген сөз! Күні бұрын құттықтай беруге болады.

Жаңа ғана тұнжырап отырған Ерғазының, екі бетіне қан жүгіріп, көзі күлімдеп сала берді. Ол қуанып кеткенін жасыра алмай:

— Міне бақыт осылай келеді!—деді Күнтуарға.

Күнтуар ақырын жымиды. «Иә, иә, кейбіреуге академияға мүше-корреспондент болып өту зор бақыт! Ал расында бұл бақыт па, бақ па? Әрине, дүниеде еш ғылым сырын ашпаған адамға бұл бақыт та, бақ та шығар! Ол өзін енді бақытты санайды. Ал екі рет дауысқа түсіп, академияға бақкүндестері өткізбеген, бірақ химия элементтерінің периодикалық текшелігін ашқан ұлы ғалым Менделеев, академияға өтпедім деп өзін бақытсыз санады ма екен? Жоқ, мүмкін емес. Периодикалы текшелікті ашқан оқымысты мейлі академик болмай — ақ қойсын, ол ең бақытты адам!

«Қалай екен сабазым, жеңілдің бе?» дегендей Ерғазы енді Күнтуарға масайрай қарады.

— Міне енді сіздің сұрағыңызға жауап беруге болады: Шын бақыт — адамның ойлаған арманына жетуі!

— Сонда бар арманыңыз осы академияға мүше-корреспондент болу ғана ма? Бақытты сіз тым арзан бағалайды екенсіз?

Ерғазы масайрай түсті.

— Маған со да жетеді!

Күнтуар тағы жымиды. «Иә, жетпей! Бишара осы атақты алу үшін қанша уақыт күттің! Бұл сенің жатсаң — тұрсаң құдайдан тілеген ұлы арманың еді ғой! Жоқ, Ерғазы, сен ғылым сырын ашуды сұраған жоқсың, мүше-корреспондент болуды тіледің! «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ бере көр» деп құдайға сан рет жалбарынған шығарсың! Қуан, шаттан енді, тілегенің болды!»

Дәл осы кезде бөлмеге секретарь қыз кірді. Бұрынғы секретарь әйел өзіне жұбайы болғаннан бері Ерғазы оның орнына басқа адам алған.

— Ғафу етіңіз, жолдас директор, мен түсіне қоймадым, — деді сызылып қыз бала. — Біреу телефон соғып тұр, сіздің әйеліңіз Ленинградқа бір ұшқышпен кетіп қалды дей ме, қалай, трубканы алыңызшы…

— Не дейді? — деді сұп — сұр боп кеткен Ерғазы. Қолы дір — дір етіп телефон трубкасына жабысты. — Тыңдап тұрған профессор Аюпов…

Телефон мембранынан ар жақтағы дауыс ап — анық естілді:

— Кешіріңіз, — деді қырылдап шыққан үн, — әйеліңіз біздің бір ұшқыш жолдасымызбен Ленинградқа жүріп кетті. Сізге қайтып оралмаймын деді. Соны айтуды менен өтініп еді.

— Қашан? Кіммен кетті?!—деді қалш — қалш етіп Ерғазы.

— Бүгін таңертең. Кіммен кеткені сізге енді бәрібір емес пе? Өзіңізге жоқ, сонымен қанағаттаныңыз. Ғафу етіңіз, бұдан басқа айтарым жоқ. — Бейтаныс адам телефон трубкасын салып қойған болуы керек, бұл жақтағы телефон енді «түк, түк» деп безілдей жөнелді.

Ерғазы телефон сабын ұстаған қалпында әжептәуір уақыт үн-түнсіз отырды да, ерні кезеріп орындығынан сырғып жерге қарай құлай берді.

— Су, су әкеліңіз!—деді хатшы қызға Күнтуар, өзі жүгіріп барып жолдасының басын ұстай. Әйтседе, Ерғазы бетіне су бүркілместен бұрын есін жинады. Енді қайтадан сүйретіле түрегеліп, орнына отырды. Өң-түс жоқ, тісі — тісіне тимей хатшы қыз әкелген стаканнан суды бірер рет жұтты.

Күнтуар ескі жолдасын енді қатты аяп кетті, бірақ ештеңе демеді.

Ал, Ерғазы екі қолымен басын ұстап, столға сүйеніп отырды да қалды.

Алматының күзі биыл да жылдағысындай әдемі еді. Қоңыр салқын жел үрлеп қайың, емен, қарағайлардың сарғылт, қызғылт жапырақтары сыбдырлай жерге түсіп жатыр. Жел қаттырақ соқса, топырлай ұшып, асфальт үстін қаттаса жабады. Жаяу адам дәл құрғақ жапырақтардың үстін емес, бір алтын кілемді басып келе жатқандай сезінеді. Ағаш бастарындағы кішкентай құстар мен бозторғайлардың сайрағанына, мұз бұлақтай жүгірген арық суларының сылдырлары қосылып әлемді бір музыканың жанға жайлы үн гармониясымен тербейді. Бұл үндерге өзінің қызыл алтын бояуымен сән бергендей зәулім биік ағаштардың бастарында батып бара жатқан күн сәулесі ойнайды.

Ұзын салқын аллеяның бойымен екі адам келе жатыр. Бірі — әйел, екіншісі — еркек. Екеуі де жас. Бірақ жас болғанмен екеуінің жүзінде махаббаттың құлпырған көктемі, не жаныңды күйдіретін ыстық жазы емес, көңіліңді сабырлы саясына бөлейтін жаймашуақ ерте күзі сезіледі. Бұл екі адам Дәниел мен Жаннат. Бұлар май айының ақ қанатты көбелектеріндей баяғыдай ұшып — қонбайды, бір – бірімен үлкен ләззатпен сабырлы, сазды сөйлесіп келеді.

— Алматыға көшпеске амалым қалмады, — деді Жаннат. — Арманнан айрылдым, сен болсаң жоқсың… Көңілің қалған шалдың жанында қанша отыруға болады. Және өзі де біздің кеткенімізді тіледі…

— Сап — сау адам еді ғой, — деді Дәниел — қалай паралич ұрып жүр? Өзі қалай болған?..

— Бізден айрылғаннан кейін әлгі жас хатшысына үйленгенін білесіңдер ғой. Сол әйелі төрт жасар қызын «нәрестелер үйіне» тастап, Ерекеңнің біраз қымбат заттарын алып, бір ұшқышпен қашып кеткен. Ерекең соған қатты қайғырды. Мен өліп қалар ма деп едім, әйтеуір ештеңе бола қойған жоқ. Дәл осы кезде академияның мүше — корреспондентіне Пейілжан деген біреу өтіпті де, бұл кісі қалып қойыпты.

— Пейілжанмен бірге оқып едім, бәлендей дарыны жоқ тәрізді еді…

— Бірақ мүше — корреспонденттікке өтіпті ғой?

— Иә, өтті. Кім біледі, жас ғалым ғой, алдында келешегі бар деп өткізген шығар.

— Сосын?

— Сосын. Ерекең әлгі академиктігіне өтпей қалғаннан кейін Қайрақтыға қайтып келген. Мен өзім бұл кезде көрген жоқпын, ал көрген адамдар мүше — корреспонденттікке өтпей қалғанына қатты қиналып жүр дейтін. Содан болуы керек, бір күні күтпеген жерден бір жақ денесі қимылдамай қалды.

— Япырмай, адам соншалық баққұмар болар ма!

— Баққұмарлық па, әлде ниетіне қарай табиғаттың өзінің берген жазасы ма, кім білсін. Өзінен өзгеге тым қатал адам боп шықты ғой. Ақгүл апам, бишара, шу дегенде осы кісінің қылығынан жүрек ауруға шалдыққанын енді ғана түсіндім.

— Сосын?

— Сосын… Паралич ұрғаннан кейін мені іздеттіріп тауып алды. Қанша көңілің қалғанмен, біраз мезгіл бірге тұрдық қой, және мұндайда бишараны адам аяйды екен. Үш айдай басы қасында боп күттім. Әрине, тастап кетпес едім, әлі де сол үйде тұра беретін едім, жүруге жарағаннан кейін өзі пенсияға шықты… Жөнделіп кетсем, қызметті сосын көрермін деді. Бізге өз жайымызға кетуге рұқсат етші. Бұрын да балалардың у — шуын сүймейтін. Ауырғаннан кейін, тіпті көтере алмайтын күйге жеткен сияқты. Үйі, күйі, дүние мүлкі жеткілікті, шамасы өзін күтетін, теңдес біреуді алып, қалған өмірін тыныштықта өткізгісі келді — ау деймін. Сосын… біз Алматыға көштік.

— Дұрыс істегенсің! Келмегенде өзім барып көшіріп әкелейін деп жүр едім.

— Рақмет ондай жаныңның ашығанына,—деді Жаннат кенет көзіне келіп қалған жасын сүртіп. — Саған істеген қиянатымның қайғысын өзім де тарттым ғой. Күнің болып өтуге бармын!

— Ту, қайдағы жоқ сөзді айтады екенсің! — деді Дәниел, кенет оның діріл қаққан саусақтарынан ұстап. — Сен менің күңім емес, мен сенің құлың болып өтсем, арманым жоқ!—Кенет ол қуана күлімсіреді. — Жоқ, қара да тұр, біз екеуміз дүниедегі ең бақытты ғашықтардай өмір сүріп өтеміз! Қосылуымызды тым ұзақ күттік қой…

Қайғыдан әбден көңілі қайтып қалған Жаннат, ақырын жымиды.

— Құдай енді жылатпауға жазсын!

Сағынып, сарғайып қосылған жандар, осы бір сәтті, бақытты минуттерін өмір бақи естеріне сақтағылары келгендей, үн — түнсіз қол ұстасып ұзақ жүрді.

— Біздің қосылатынымызды естісе, көкем сұмдық қуанады! — деді әлден уақытта Дәниел.

— Мен де сөйтер деп ойлаймын. Бірақ…

— Не бірағы бар?

— Менің мына екі кішкентайымды қалай қабылдар екен о кісі? Ерекеңнен аузым күйген бе, ұзақ жыл жалғыз боп тыныштыққа үйренген адам, үйінде балалардың у — шу боп жатқанын жақсы көре қояр ма екен? Оның үстіне бұлар өзінің туған немерелері емес қой.

Жаннат пен Дәниел қосыламыз деп уәделескенмен, екі бала жайы әңгіме болмаған. Егер Дәниел де Ерғазы тәрізденіп, бұның да сәбилерін балалар үйіне бергізгісі келердей қылық көрсетсе Жаннат оны қанша жақсы көрсе де, қосылудан бас тартпақ еді. Демек, Дәниелдің өйтпейтініне күмәні жоқ тәрізді, сонда да қайын атасын сылтау етіп, бұл сөзді оған әдейі айтып келеді. Жаннаттың ойын түсінген Дәниел байсалды, орнықты жауап берді.

«Бала кім бауырына салса соныкі», — дейді менің көкем. Сен олар туралы қам жеме, екеумізге ұнағандай жас балалар көкеме де ұнайды, — деді. — Олар бөтен әкеден туғанына жазықты ма? Тек Арманды бөтен санаған Ерғазыдай болғызбасын құдай. Балаларыңды өз балаларымдай көруіме күмәнданба. Сосын менің көкемнің тыныштығын бұзады деп ойлама. Ол өте балажан адам. Жақында — Дәниел ақырын жымиды, — әкем маған: «Өзіңнің үйленетін түрің жоқ қой. Жас баланың даусы шықпаған үй қаңырап қалған мұра сарайлар тәрізді, егер немере тауып бермесең, балалар үйінен бір бөбекті аламыз ба, қайтеміз?.. Бала күлкісін тым сағынып қалдым» деген…

Жаннаттың көзі тағы жасқа толып кетті. Ол үн — түнсіз келе жатып, жүріп жатқан жұрттан ұялмай Дәниелдің қолынан ұстады.

— Қалған өмірімнің қуанышта өтетініне күмәнім жоқ, — деді, — Тек құдай саған ұзақ өмір берсін.

Күнтуар баласының ойын бірден дұрыс деп тапты. Көп кешікпей той жасап Дәниел мен Жаннат қосылды.

Енді Күнтуардың көптен бері тыныштықта мүлгіген жасыл бау — бақшалы кең сарай үйі, жас балалардың айқай шуына бөленді Қуана салған жас әйелдің өлеңі мен жас жігіттің шат күлкісіне толды.

Қарт ғалым да жасара түскендей. Жұмыс бөлмесінде ол бұрынғысындай үнемі сарылып отырмайды, бір мезет далаға шығып немерелерімен балаша ойнап, ұмытылып бара жатқан шаттыққа кенеледі.

Сосын тағы жұмысына кіріседі. Қарт ғалымның осындай ойлануда, ізденуде өтіп жатқан қуанышты күндерің бір — ақ зат қана бұзды. Бұған тағы да Пейілжан себепкер болды.

Пейілжанның бақыт тасы Ерғазынікіндей емес, өрге қарай домалай түскен. Ерғазы мысық тәрізді сыбдырын білдірмей, дүниенің қызығын жеке көруге құмар болса, бұл жолдас -жора жинап, өзін қостайтын, қошаметтейтін топ ұйымдастыра білді. Ерғазы тек өз күшіне, дәрежесіне, бағына, атына сенсе, бұл өзін қолдайтын абыройлы адамдарға арқа сүйеді. Олардан асын да, машинасын да, тіпті керек болса жанындай жақсы көретін қимасын да аяған жоқ. Бар еңбегі алдымен кандидаттық, соңынан тереңдетіп докторлық еткен тайыз пікірлі жалғыз ғана зерттеу болса да, оны дәріптей, құнды ғылыми табыс етіп көрсете алды

Сотқар кекшіл мінезін ол әрдайым тек «осыған күшім жетеді — ау» деген кісілерге ғана көрсетуге тырысатын. Ал өзінен дәрежесі, не абыройы үлкендердің аяғындағы шұлғауы, беліндегі белбеуі бола кететін. Қате болса да солардың сөзі дұрыс, тайыз болса да солардың ойы терең дейтін.

Дарынсыз жан осында дарынды ойланған әрекеттерінің арқасында өсе берді, өсе берді.

Міне осылай шын ғалымдармен терезесі тең түсіп қалған Пейілжан, өзінің комитет кеңесшісі екенін пайдаланып, Мәскеуде бекілуге жатқан Күнтуардың еңбегіне қарсы пікір жазып, диссертациясын бекітпей қойғызған.

Бұл әңгімені Мәскеуге барған бір жолдасы Күнтуарға айтып келген.

Алғашқы естігенде Пейілжанға ренжіп, азырақ ашуланғанмен, артынан: «Жасым болса келіп қалды, өмір бойы ешбір атақсыз да жүрдім ғой, қалған уақытымда кандидатсыздық та өтер, мейілдері!» деп қолын бір — ақ сілтеген. Тек зерттеп жүрген жұмыстарына, бұрынғысынан да белсене кіріскен.

Осы бір Пейілжан қырсығы тиген істен бөтен өзге күндерінің бәрі біркелкі серпінді, қуанышты өтіп жатты. Ал Пейілжанның істеген қастығының да қазір жағдайы екі ұшты болып қалғанын Күнтуар естісе, көңілі тіпті жадырай түсер еді.

Мәскеуден бар әңгімені естіп келген кісі Пейілжанның қылығын тек Күнтуарға ғана айтып қоймаған, қарт археологтың жаны ашыр жолдастарының бәріне де жеткізген. Бұл сөзді академик Вергинский де естіген. Ол халыққа белгілі бірнеше серіктерімен бірігіп Күнтуардың ғылымға еңбегі сіңген әйгілі археолог екенін және бұрынғы шығарған кітаптарының өте қымбат бағаланатынын айтып, қарт ғалымға тек кандидаттық емес, доктор атын берулерін сұраған.

Мәскеуден жақында хабар келген. Белгілі ғалымдардың өтініштері қаралып жатқанын естіртіп, комиссия председателінің өзі енді Күнтуардың қазір қолға түспейтін, ерте кезде жарық көрген бір — екі кітабын жіберулерін Вергинский өтінген.

Академик кітапханасынан бұл кітаптарды таба алмағандықтан, ескі досының үйіне өзі келген.

Ақ шашты академиктің қораға кіріп келе жатқанын терезеден Күнтуардың өзі көрді. Ол орнынан асыға түрегеліп, сыртқа қарай ұмтылды.

— Жел айдап, әлде толқын қуып келе жатырсың ба? — деді Күнтуар ескі досын құшақтай.

— Жел айдайтын, не толқын қуатын мені сонша қаңбақ дейсің бе? — деді әзілге әзіл қайтарып Вергинский. — Мен секілді академикті қаңбаққа санап, байқа, соңынан академиктікке ұсынылғаныңда бір дауыс кем алып жүрме!

— Қорқытпа!—деді күліп Күнтуар, — дәл бұл мәселеден менің күнім саған түспейтінін өзім де білемін!

— «Құдай қырына алса, қырқында да адам таз болады» дегенді білмейтін бе едің?

— Таз ету қолдарыңнан келетінін білемін!—деген тағы әзілдеп Күнтуар, — Осында біреу басымдағы шашым ағарғанша, отыз жыл бойы жазып келген еңбектерімнен де дым қалдырмапты!

— Ол кім? — деп кенет күлкісін тыя қойған академик.

— Қорықпа, сен емессің!

Бірақ Күнтуар Пейілжанның атын айтпады. Күнтуардың біреуді сыртынан әңгіме ететін әдеті жоқ, не болса да адамның бетіне айтатын. Бұл жолы да сол әдетіне салды.

— Айтпасаң айтпа, бәрібір мен де білемін.

— Қайдан білесің?

— Жамандық жерде жатпайды!

Академик те Пейілжанның атын атаған жоқ. Ол ескі досын келінді болуымен құттықтап, ұзақ отырды. Өткен жастық шақтарын әңгіме етіп, екі шал көңілдерін ашты. Жаннат бұларға шай дайындап, аяғының ұшынан жүріп қызмет етті. Тек кетерінде ғана академик Күнтуардың Мәскеу сұраған кітаптарын атап:

— Өзіңде бар шығар, маған бір — бір данасынан берші, — деді.

— Оны қайтесің?—деді Күнтуар. — Тым ерте кезде шыққан кітаптарым ғой.

— Сол үшін де қайта бір қарап шығайын деп едім, — деді академик. Мәскеудің сұрап жатқанын айтпай. «Егер Мәскеу алда — жалда бір себеппен біздің өтінішімізді қабылдамай қойса, алдын ала дәмелендіріп жанына жара салып не қыламын» деп ойлады академик.

Вергинский сұраған кітаптарын алып кетіп қалды. Күнтуар мектепте бірге оқыған досының баласының үйленгенімен құттықтап келгеніне көңілі толқып, мәз болып біраз отырды да, жұмысына кірісті.

Арада тағы жыл өтті. Сонау күншығыстағы Хабаровскіден күнбатыстағы Мәскеуге жылдамдығы дыбыстан да тез реактивтік самолет жеті сағатта жететін заманда, бұл қандай жүйрік жыл болды десеңдерші! Шабысы жылдам, істелген ісі орасан көп жыл.

Осы бір жылда кешегі Қайрақты экспедициясы жұмыс істеп жатқан баялышты, жыңғылды құмайт дала, қазір су басып ұшы — қиыры жоқ теңізге айналды. Кешегі шөлейтті өңірде бозтікен мен сексеуіл шоғырлары арасынан тасбақа жылжыса, бүгін сұрғылт су алабының үстінде моторлы қайық және бірқазан, қаз-үйрек жүзді.

Қазір осы қолдан жасалған теңізді тамашалап биіктеу жағасында бір топ су зерттеуші мамандары мен археологтар топтары тұр. Бүгін — ертең Сыр жағасына салынған, осы қолдан жасаған теңіздің ағыс қарқынымен жүретін ГЭС — жұмыс істемек. Көбі сол ГЭС-тың ашылуына арналып шақырылған қонақтар. Су зерттеушілерді басқарған академик Вергинский, қасында Әмірбек, осы жаңа ГЭС — тың директоры болып дайындалған Жарқын, гидрогеология экспедициясының кешегі бастығы, бұл күнде Алматыдағы үлкен қызметтегі Нұрәлі, тағы басқа мамандар. Археологтарды басқарып келген Күнтуар. Бұл қазір доктор, биылғы сайлауда Қазақ Академиясына мүше боп өткен. Қасында Михайлов, Дәниел және Ерғазы, биыл медицина институтын бітіріп, осы араға дәрігер болып келген жас әйел Күнімжан тұр. Пенсиядағы Ерғазыны Күнтуар әдейі ертіп келген. Бұның да себебі бар еді. Өздерінің жұмыс істеп жатқан жерін бүгін — ертең су басатынын білетін Күнтуар бір айдан бері экспедицияның басында еді.

Қанша көңілі қалғанменен хал — жайын білуге кеше ескі досы Ерғазының үйіне барған. «Қастығы да, достығы да — бәрі де өткен дүние, өзіміз қартайып қалғанда, несіне өткенді кек тұтамыз» деп ойлаған. Ерғазы бұның келгеніне қуанып қалған. Өзінің де денсаулығы жөнделген соң, үйінде бұрынғы жазғандарын қарап жұмыс істей де бастаған екен. Екеуі біраз сөйлесіп отырғаннан кейін «сенің айтқаныңның бәрін ұқтым, көп мезгілімді босқа өткізіп алыппын. Қазір, менің жасымда, өткеннің орнын қайтадан толтырам деу, әрине, қиын. Сөйтсе де ермек болсын деп бірдемелерді қарап жүрмін. Өмір бойы жұмыс істеп келген адамға, бір ғажабы үйде отырып қалу үлкен азап көрінеді. Тіпті кейде «екі қолыңды алдыңа сыйдыра алмайсың» деген. Өзің бағып — қағып жүрген жасы келіп қалған әйелі, бұларға шай беріп болғаннан кейін Күнтуар:

— Қайрақтыға келіп тұрып, тағы басына бармай кетсем аруағы ренжір, жүр қазір Ақгүлдің басына гүл қойып қайталық, — деген.— Арман да сол жерде ғой…

Өзім де бүгін — ертең Ақгүлімнің зиратына барып, ішімдегі шерімді тарқатайын деп жүр едім, сенің келгенің жақсы болды, — деген Ерғазы бірден көніп, — машина шақырайын…

Олар такси шақырып, өсімдіктер дүкенінен гүл — гүл алып, Ақгүлдің зиратының басына келген.

Күнтуардың күтпеген оқиғасы осы арада болған.

Арманның жасаған анасының тас мүсінін Күнтуар бұрын көрмеген еді. Қара мәрмәр тасынан қашап жасаған бейнеге таң қалды. Ақгүлдің осынау тас бейнесі, өзінің қайғылы, азалы түрімен кенет көңілін босатып, көзін жасауратып жіберді. Жоқ, бұл Ақгүлдің өзі емес, оның қасіреті мен өкінішінің суреті. Өмірінде тас қашап көрмеген жігіттің, анасының бейнесін дәл осылай түсіре алады деп кім ойлаған! Міне баланың анаға деген шын махаббаты! Ол анасының қайғысын да түсіне білген, адам баласына мәңгілік мұра етіп қалдырған.

— Япырым — ай, мына мүсін қандай ғажап!—деді ол толқып кетіп: — бері қарашы.

— Қай мүсінді айтасың, Күнтуар? — деді Ерғазы.

— Мына Арман жасаған…

Сірә Ерғазы да бұрын көрмеген болуы керек, ол кенет құяң болған адамдай, аяғын ілбіп басып Күнтуардың жанына келді. Мүсіннің дәл өзіне тікелей қарай қалған келбетінен көзін алмай ұзақ тұрды.

— Япыр — май, ә… — деді ол таңданғандай.

Мүмкін дәл осы сәтте оның есіне ақ Жарқын пішінді, кең пейілді жұбайы мен кішкентайыңда алдына алып, екі бетінен талай сүйген Арманы түсіп кетті ме, әлде осындай аяулы адамдардың тағдырына ара тұрар, дер кезінде жақсылық істеудің орнына, өзінің өзімшілдік мінезінен туған қатыгез кінәлары жанын күйдіріп жіберді ме, ол кенет өксігі жылап қоя берді.

Ең алдымен бұршақтай — бұршақтай боп екі бетін айғыздай жасы ағыл — тегіл төгіліп «аяулым — ай, аяулым!» деп Ақгүлдің тас мүсінін құшақтай берді де, сол сәтте қабірінің басына таман барып, етпетінен түсті.

Енді ол әйелінің топырағын аймалап ботасынан айырылған нардай, боздай жылады. Бір мезет басын көтеріп ап, көзінен аққан жастан да, бүкіл зират басын тітіретіп жіберген қатты қарлыға шыққан даусынан да ұялмай, кәдімгі жоқтау айтқан әйелдей, екі бүйірін екі қолымен ұстай алып, бар даусымен айқай салып зар қақты.

— Қалай айрылып қалдым мен сенен, Ақгүлім, ай гүлім, ақ жаным? Қалай түсінбедім мен сенің мынау тас мүсіндегі қайғыңды?! Бар күнәмді енді ұқтым, аяулым, періштем, кешір мені, кешіре гөр!—деген.

Ол өксігін әзер — әзер басып сәл отырды да қайтадан күңірене жөнелген, бұл жолы даусы тас қуыста жатқандай тұншыға, булыға шықты.

— Кімге тастап кеттің сен мені? Қандай қымбат екеніңді енді білдім ғой! Жоқ, жоқ, сәл шыда, жуырда мен де келем қасыңа! Бұл дүниеде қалдырған көңіліңді, о дүниеде қайтарам! Жалғыз ұлыңа да қарамаған күнәмді, қасына барып ақтаймын. Дозаққа салса көнемін!

Ерғазының бұл жоқтау — зарынан Күнтуардың сай — сүйегі сырқыраған. Ескі жолдасының қиналуын да, өкінуін де ұққан. Қайғылы кәріні қатты аяп кеткен. Бірақ «қой» демеген. Іштегі күйігін көз жасымен шығарсын деп тұрып қалған. Тек Ерғазы әбден шаршаған шағында ғана ол:

— Ал жүрелік, — деді.

— Өзің кете бер, мен осы арада қалам, — деді Ерғазы, — Ақгүліммен әбден шерім тарқағанша мұңдасам, қандай ақыл береді, не дейді кеңесем, кеңес сұраймын.

Жоқ, Күнтуар Ерғазыны тастап кеткен жоқ. Іштегі күйігін көз жасымен армансыз төгіп болсын деп, шешесінің зиратынан тақа алыс қойылмаған Арманның бейітінің қасына барды. Жақындау ойпаттау жерден бір шумақ жанаргүл мен қызғылт енді сепсегүлді әкеп басына қойды. Оның зиратына Күнтуар бір зор өкінішпен қайғыра қарады. «Анандай мүсінді жасаған, болғалы тұрған дарынға дер кезінде қалай жәрдем бере алмадық? Ей, адам сорлы, сен қашан бөтеннің тағдырына жаның ашып, араша түсетін боласың? Кейде сенің осындай безбүйректігіңнен туған жаны ашымастығың, көрдің бе, қандай қымбат жасты жоғалтуға себеп болды?!»

Күнтуар тек күн бата ғана, әбден қалжыраған Ерғазыны үйіне алып қайтқан. Олар тағы ұзақ сөйлескен. Күнтуар сақтар дәуірінен бұрынғы қазақ жерінде қандай мәдениет өткені жайында өз ойларын, болжамдарын әңгіме етті. Ерғазыны әлі до болса өзімен бірге жұмыс істеуге шақырды.

Бүгін мына жаңа теңіз жағасына оны өзімен бірге алып келген себебі де осыдан еді. Қалаға оралған соң Ерғазыны қайтадан жұмысқа алдыру жайында академик Вергинскиймен сөйлеспек.

— Қараңызшы, Күнтуар Құдайбергенович, — деді академик Алексей Максимович Вергинский сонау ұшы — қиыры жоқ су алабын көрсетіп, — қандай тамаша, ғасырлар бойы тек жылан менен тасбақа мекен еткен құм далаға су келді! Енді мұнда жаңа өмір басталады!..

Күнтуар мұңая езу тартты.

— Бірақ бұл арадағы ескі өмірді, жоқ жалғыз ғана ескі өмірді емес, бір кездегі өткен көне дүниелерді де су басады ғой, — деді. — Кім біледі, осы жаңа теңіздің астында бір уақыттарда адамзаттың қуанышы болған, улы мәдениет, цивилизация, жұмбағын болашаққа аша алмай, енді мәңгі жоғалатын шығар…

Академик күлді.

— Сол үшін де өзіңнің экспедицияңды осы жерде он жылға таяу ұстаған жоқсың ба? Су басқанша бұл арада ескі мұра болса армансыз зерттесін дедік қой.

— Әрине, солай. Бірақ бұдан мыңдаған жыл бұрын өткен, және адам баласының есінен шығып кеткен мәдениетті қайтадан табу, ол мая шөптен инені іздегеннен кем емес, кейде жүздеген жылдар керек.

— Әрине. Бірақ амал не, өмір дөңгелегі тоқтауды білмейді, үнемі алға жүре түсуді тілейді. Бүгін міне ғасырлар бойы тыныш жатқан осынау бозғылт даланы, енді адам баласының пайдасына жарататын кезек жетті.

— Иә, ол солай, — деді Күнтуар, — бұған ештеңе істей алмайсың, бірақ адамзаттың жас дәуірі, өзіңнің жас кезің тәрізді ойыңа, ақылыңа еш із қалдырмай кетсе, о да бізге өкінішті, аянышты, тек соны айтам.

— Қайтеміз, ондай жағдайлар өмірде аз кездеспейді.

Күнтуар академик Вергинскиймен бір мектепте оқып жүріп, жас кездеріңде, көгаршын ұстап, өзенге бірге қармақ салған жан аяспас дос болған. Тек институтқа түсер шақтарында ғана екеуінің жолы екі айырылды. Біреуі жер зерттеу мамандығың қаласа, екіншісі, cу электростанциялары құрылыс ғылымын қуды. Өзінің үлкен дарынының арқасында, Вергинский тез өсті. Ғылыми жолы соқпақты кедір — бұдырлы болмады. Бұл өзі өсіп қана қоймады, жан — жағындағы адамдардың өркеюіне де жәрдем берді. Сол жәрдемінің қатты тигенінің бірі осы Күнтуар. Вергинский археологты ескі жолдастығы үшін емес, оның дарыны, істеген еңбегін жоғары бағалаған. Сондықтан да үнемі оған көз қырын сала жүретін. Өзі жоқта оны Ерғазының пенсияға шығармақшы болғанын Дәниелден естіп, қатты ренжіген, дереу қарт археологқа тимеуді бұйырған. Ал Мәскеуден өздерінің өтініші қабылданып, Күнтуарға доктор аты берілгеннен кейін, құттықтап академиктің өзі тағы бұның үйіне келген. Өзіне докторлық атты осы Вергинский бастаған қазақ жерінің белгілі ғалымдарының өтініші арқылы бергенін соңынан білген Күнтуар оған шын жүректен рахметін айта келіп:

— Мені әсіресе, көзге түспей жүрген мен секілді, қарапайым, еңбекқұмар кісілерді өзің тәрізді есіне алатын әділетті адамдардың бары қуантты, — деді.

— Қарапайым, еңбекқұмар екенің рас, бірақ ғылымда сен қарапайым жан емессің, — деген күліп академик. — Өзіңді — өзің жеткілікті бағаламайсың, әйтпесе сен нағыз ғалымсың, Доктор ғана емес, академик болуға лайықсың.

Күнтуар күлген:

— Менің дарынымды сонша жоғары санағаныңа рақмет. Бірақ академик болғым келмейді.

— Неге?

— Ғалымның бәрі академик болуға тиісті ме? Есіңде ме Лобачевский мен сол кездегі белгілі математик Остроградский? Лобачевский Эвклид геометриясынан тыс көлемдік геометрияны ашты. Ал Остроградский көлем геометриясы дымға тұрмайды деп өзінің үлкен академиктің абыройымен Лобачевскийдің ұлы еңбегін жоққа шығарғысы келді.

Академик Вергинский күлді.

— Оның атақты афоризмі есіңде ме?

— Қандай афоризмі? Есімде жоқ…

— «Не нәрсе жаңа болса — ол дұрыс емес, ал не нәрсе дұрыс болса — ол жаңа емес» деген сөзді кім айтқанын ұмытып қалдың ба?

— Рас, ұмытып қалған екем. — Күнтуар күлген. — Иә, бұл соның сөзі. Және тауып айтқан!

Академик Вергинский сөзінде тұрған. Осы жақында өткен сайлауға Күнтуарды академияның мүшелігіне ұсындырған. Күнтуар босқа күпті болған екен, қарт ғалымның еңбегімен жұрт көптен таныстықтан сайлауда бір дауыстан өткен.

Әйтсе де Күнтуар өзін сол бұрынғы инженер қалпында сезінген. Ал академик боп абыройының өскенін бір — ақ нәрседен байқаған. Өзі қорықпайтын, күнім түспейді дейтін адамдарын үнемі газет, журнал бетінде жамандап жүретін Пейілжан, Күнтуар академик болысыменен кенет оның еңбегін дәріптеп мақала жазған.

— Рас, академик болған екем! — деген күліп Күнтуар. — Өйтпесем, Пейілжан мұндай мақтар ма еді?!

Міне, сондағы Вергинский қазір де Күнтуармен қалжыңдаса сөйлесіп тұр:

— Тағы айтарым, — деді ол күлімсірей, — сенің көне мәдениеттеріңді біржолата су басты деп ренжіме. Әлі техникамыз сондай өседі, егер керек бола қалса, су астындағы мұраларды да дәл қазіргіден де оп — оңай қазып алатын боламыз.

— Егер оған жасымыз жетсе…

— Жетпесе менің жасым, сенің жасың жетпес, ал мыналардікі ше? — Ол қатарласа тұрған Дәниел, Михайлов, Нұрәлі, Күнімжан, Жарқындарды көрсетті. — Әлде ісіңді жалғай түсетін оқушыларың жоқ па? Онда бір сәрі…

— Неге болмасын! — деді күліп Күнтуар, — құс қанатсыз ұша алмайды, ғалым соңынан ерген оқушысыз өмір сүре алмайды. — Ол Михайловты көрсетті, — менің соңымдағы мына Василий Ивановичымның өзі не тұрады? Көп жылдан бері бірге жұмыс істеп келеміз. Биыл ғана тыстан оқып, Мәскеу университетінің археология, этнография факультетін бітірді, мұндай оқушысы, Дәниелдей баласы бар ғалым арман… — деп келе жатты да Күнтуар сол қолымен жүрегін ұстап жерге құлай берді…

Қалың жапырағы көлеңкесіндегілерге сая болған кәрі емен құлады. Жан — жағындағы жұртқа тек жақсылық ойлаған қарт археолог дүние салды. Пейілжандар қуанды, Дәниел, Михайловтар жылады. Жаман адам өлсе — жамандығы өзімен бірге кетеді. Жақсы адам өлсе— жақсылығы артындағы ұрпағына жетеді. Күнтуар жақсы адам еді. Сол себептен күтпеген жерден оның қаза болғанына жұрттың бәріне бірдей батты. Әсіресе Дәниел мен Жаннатқа бұл өлім — екі аяулы жан жана ғана қосылып, бақыттарын тапқанда — жарық күндерін қараңғыға, қуаныштарын қайғыға айналдырған тәңір қарғысымен әдейі айтқандай көрінді.

Дәниелдің ойына осы сәтте бір ақынның өледі түсті. Ол ақын өлім жөнінде былай деп жазған еді.

Өлім не? Ол — тыныштық тас қамалды.
Білмейсің кәріні, әлде жасты алады.
Тек қана қаһарманға қара жерден
Мәңгі өлмес ұзақ өмір басталады.

Дәниел, әкесінің адамзат тарихына, не өз халқының тағдырына әсері тиген әйгілі қаһарман емес екенін жақсы білетін. Тіпті ғылымда да жұрт таң қалар жаңа көз ашқан жоқ, қоғамды алға сүйреген жарық жұлдызы да емес. Бар болғаны Күнтуар өз жұмысын өлердей сүйген, соған өле — өлгенше адал қызмет етуді арман еткен, үлкен дарынды, жақсы адам еді. Ал дәреже құмар, күншіл көре алмастары көп осынау жан таласқан дүниеде, өзгесін былай қойғанда, басқаға жақсылық ойлайтын жақсы адам болудың өзі аз қасиет пе? Аз емес! Аз емес!

Дәниел әкемдей болам дегенде, әкесінің ғалымдығы, атақтылығы емес, осы жұртқа жақсы кісі аталған адамдық қасиеттерін ұстайтынын айтқан. Демек, жалғыз баласы болса да, соңында өзіне еліктейтін ұрпағы бар адам — бақытты адам! Күнтуар да өзін бақытты санаған. Рас, көп жылдан бері, сақ дәуірінің алдында қазақ жерінде қандай мәдениет болғанын білсем деген арманына ол жете алмай кетті. Бірақ өзінің мұрагері Михайлов ол бұл арманымды да аяқтайды деп әбден сенген. Сол себептен де Күнтуар таяп келе жатқан өлімді қорықпай күткен.

Күнтуар көп кешікпей бұл дүниеден ететінін білген. Бұл сенім оған Жақыптың өлгенін естігеннен кейін келген, және сонау бір бейтаныс, бір — ақ рет көрген кісісінің қалай қайтыс болғанын естігенде таң қалған. Мен де ажалды сол жігіттей қарсы ала алсам жарар еді деп өзіне тілек еткен.

Оқырман, есінде бар ма, Ақгүл дүние салғанда оның қабірінің басында, Ерғазыдан бұрынғы күйеуінің інісі, Түркістаннан келген ұзын бойлы, қара торы Жақып деген қайнысының егіліп тұрып сөйлегені? «Аяулы жеңгем, сен о дүниеге жүргелі жатқаныңда, ең болмаса басыңда отыра алмадым, көзіңді өз қолыммен жауып, ақырғы бауырлық «Бақыл бол» деген сөзімді айта алмадым. Осы бір өкініш жүрегімді удай жалап барады» деп еді ғой? Сол жігіт, Ақгүлдің өлімінен кейін, қан қысымы бұзылып, қатты сырқаттанып қалған. Дәрігер — балгерлерге көрініп қанша емделгенмен, кейде жөнделіп, кейде қайта сырқаттанып, жазылмай-ақ қойған. Сөйтіп жүргенінде ағасының жалғыз баласы Арманның қалай қайтыс болғанын естіген. Қан қысымы бұрынғысынан кенет өсіп, қозғала алмай төсек тартып жатып алған. Сәл жөнделгенде өздеріне жақын Тәшкент қаласына барып ауруханаға түскен. Бір айдай емделді. Бірақ жазылмады. Бір күні денесінің бір жағы ұйып, бір жақ тілінің жаны кете бастады. Сірә, ажалдан құтыла алмайтынын сезген болуы керек, дәрігерлердің «басқа да ем қолданып көрейік» дегеніне көнбей, үйіне қайтуға рұқсат сұрады. «Жүрегім сезеді, бұл сырқаттан мен құтыла алатын емеспін ғой, ең болмаса бала — шағамның қасына барып өлейін» деген. Дәрігерлер амалсыз көнді. Үйіне келгеннен кейін, төсегінің қасына қыздайынан қосылған мұғалима жұбайын шақырып алды. Аудандық жер ғой, қала адамдары да малсыз тұра алмайды. Уақ малынан бастап жылқысына дейін жан-жақтағы колхоздарға қояды.

— Біздің малдардың қай колхоздарда екенін сен білмейсің ғой, қолыңа қағаз, қаламыңды ал, айтайын, — дейді Жақып әйеліне. — Сосын кісілер жіберіп бәрін жинатып ал. Сойып, қасапқа өткізіп, етін саттыр. Мен кеткеннен кейін бәрібір ол малдарды баға алмайсың, одан да ана балаларыңа оқуларын бітіргенше қаражат болсын.

Әйелінің «қойшы, қайдағыны айтпай. Әлі — ақ жазыласың» дегеніне көнбей, өзінің айтқанын істетеді. Сірә, жүрегі құрғыр сезген болуы керек, енді ұзаққа бармайтынын… Күннен күнге халі ауырлай түседі. Шымкенттен, Алматыдан келген дәрігерлер де ештеңе істей алмайды. Тек әйтеуір, әзірге тілі сөзге келіп жатады. Осындай ауыр хәлдегі Жақып бір күні бірінен бірі үлкен сегіз баласы мен жылаудан көзі білеудей боп ісіп кеткен жұбайын қасына шақырады.

— Мен әкемнен қалғанда жеті жасар едім, құдайға шүкір, кісі қатарына жеттім, екі институт бітірдім, ауданның белгілі қызметкерлерінің бірі болдым, — дейді, ол балаларына. — Ал сендердің хәлдерің менікінен көп оңды. Алдың жиырмаға келіп қалдың. Жақсы кісі болыңдар, біріңді бірің қорғап, біріңе бірің мейірімді келіп өсіңдер, — сөйдейді де жылап отырған әйеліне қарайды: — Аяулы қосағым, сен де жасыңды тый, ренжіткен жерім болса кешір дейді. Содан кейін әзірге жаны кетпеген сол қолымен балаларының маңдайынан бір — бір сипап, әйелінің алақанын сәл қысып жатады да, — ал енді қош болыңдар, — деп Жақып о дүниеге жүре береді.

Есіл ер осылай қырық сегіз жасында бірте — бірте сөнген майы таусылған шамдай дүние салады, — деді Күнтуарға Жақыптың өлімін айтқан жігіт. — Ал Жақып осынау ауыра бастағанынан көзін жұмғанға дейін бір рет өлімнен қорқып, сабырсызданып, ренжіп, қиналып, не өмірді қия алмай көзіне тамшы жас алып көрген емес. Сол табиғи сабырлы қалпында, осылай болуға тиісті дегендей, дүниеден өтті. Бұлай өлудің өзі бір ерлік пе?»

Иә, ерлік. Жоқ, бұл ерлікке бергісіз ұстамдылық. Күнтуар майданда жау оғына қарсы жүгіріп, қаза тапқан талай ер жігітті көрген. Өзі де оқтан қорқып әбігерленбеген. Ал Жақып секілді, өлетінін біліп жатып және сол өлімге бірте — бірте таяған сайын өзінің жан дүниесін, мінез — құлқын өзгертпей, бәріне де күні бұрын көніп, мұндай дүние салған адамды көрген емес. Жоқ, бұлай өлу көп адамның қолынан келмес ерлік! Адамның үлкен қасиеті!

Күнтуар сол күні түс көріп шықты. Түсінде жардан құлап бара жатып, өледі екем деп қорқып, айқайлап келеді екен. Өз дауысынан өзі шошып оянған. Жүрегі тым қатты соғып, бұрынғы ауыратынындай емес, демі алқымына тығылып әзер жатыр екен. Қарт археолог сол түні енді өзінің ұзаққа бармайтынын түсінген. Бір күні осылай ұйықтап кетіп, таңертең тұрмай қаламын ғой деген көңіліне аздаған қауіп те кірген. Бірақ Жақыптың қалай өлгені есіне түсіп, «алпыстан асып кеткенімде, менің бұным не?» деп өзіне — өзі іштей күлген. Тек өлім өз дегенін істеді. Күнтуар үн — түнсіз жатып жан бермеді, жоқ жерден жүрек қабы жарылып кетіп, ажал құшағына кірді.

Өмір бойы адал еңбек істеп, тек ғылымды ғана арман еткен әйгілі археолог Күнтуар осылай қуанышты сөз үстінде, кенет қаза тапты. Оны жерлеуге бүкіл Қайрақты маңындағы жұрт жиналды. Қабір басында академик Вергинскийдің өзі сөйледі:

— Қадірлі ағайын, — деді ол даусы қайғыдан күңірене шығып, бүгін арамыздан қазақтың әйгілі ғалымының бірі Күнтуар Құдайбергенұлын ұзақ сапарға аттандырып отырмыз. Осы кісінің айтуы бойынша көне сақ халқында өлді деген сөз болмаған… Егер адам қайтыс болса, оны ұзақ сапарға жүріп кетті деген… Жетісін, қырқын, жылын бергенде: «Біздің қадірлесіміз бәленше ұзақ сапарға аттанып кеткелі жеті күн, қырық күн, бір жыл болды» деп ай, күн, жыл санағын сол кісінің өлген күнінен бастап отырған. Олар кешегі өзімен бірге жүрген адамын «өлді» енді «жоқ» деуге ауыздары бармаған, қимаған. Сол тәрізді біз де»Күнтуар Құдайбергенұлын арамыздан біржолата ғайып болды, өлді деуге қимаймыз. Жоқ, ол өлген жоқ, тек ұзақ сапарға жүріп кетті. Оның әр еңбегін қолымызға алған сайын өзімен сөйлескендей боламыз. Ал Күнтуардың үрім — бұтағы оның тірісіндей сөйлесетін өлмес еңбегі көп. Халайық, мұндай адамды өлді деуге бола ма? Жоқ, болмайды. Тек рас, ол ұзақ сапарға жол салды. Еңбегі өлмей, өзі де өлмейді. Сол өлмес еңбегі арқылы бізге ол әлсін — әлсін ұзақ жолынан қайтып оралып отырады. Сол еңбектері бізге Күнтуарды ұмыттырмайды. Сондықтан да біз оның атын, ақ жарқын кең пейілді бейнесін жүрегімізде мәңгі сақтаймыз!

Кеше экспедициясы жұмыс істеген жердің орнына пайда болған осы жаңа теңіздің жағасындағы Күнтуардың зиратының басына Дәниел мен Вергинский қызыл мәрмәр тасынан жасатып үлкен мүсінін қойдырды. Астыңғы жағына Дәниел әкесінің мынандай эпитафия — қанатты сөзін жаздырды: «Адам дүниеге келеді, кетеді, тек өлмес ісі ғана қалады». Сәл төменірек: «Күнтуар Құдайбергенов. Академик» деген алтын сөздің астына қарт ғалымның туған уақыты мен дүние салған жылын көрсетті.

Дүние деген, міне, осындай! Адам өмір бойы оның қызығына қол созумен болады. Мұратына біреу жетеді, біреу жетпейді. Тек сол қызыққа ісімен ерінбей еңбектенген адамның жете алмай өткені өкінішті – ақ! Ондай кісі, ақын айтқандай, екі терезенің арасында қалған ара тәрізді: жасыл төккен ағаштар, шық моншағына бөленген қырмызы гүлдер бәрі жақын, жарқырап көрініп тұрғанымен қызығына кенелуге дәрмені жоқ, бейшара хал кешеді…

Күнтуар ондай өкінішке ұрынбаған, өмірден алғаны да, бергені де көп аяулы адам еді, жарықтық қара жердің құшағында тыныш ұйықтасыншы…