Әңгіме: Ғабиден Қожахмет | Төл теңге және азаттықтың рухы

0
Бұлар бірінші курсқа түскендерінде өздерінің ұстазы, кафедра меңгерушісі ағайларының: «Айналайындар-ай, сендердің қадамдарың құтты болды-ау! Екі бірдей қуанышқа кенелдік қой!» деп қайта-қайта айта берген сөзі бар еді. Өйткені ол қуаныштың біріншісі республикада тұңғыш рет қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы осы оқу орнында филология факультетінен бөлініп, өз алдына дербес шаңырақ көтеріп жатса, ал екінші қуаныш сол оқиғадан кейін арада жиырма екі күн өте бере, яғни 22 қыркүйек күні қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін алған қуанышы еді. Ұстаздарының шаттықты жүздеріне қарап отырып, сонда бұлар адамның жекебас қуанышынан да айрықша қуаныштардың бар екендігін сезінген. Ал арада санаулы күн өткенде Алматыдан келген профессор әйел адамның: «Тілімізге мемлекеттік тіл мәртебесін алу оңай болған жоқ қой, қарақтарым! Біз қуаныштан жылап тұрдық қой!» деген сөзін естіп тебіренген.

Бірінші курста өздеріне СОКП тарихынан сабақ берген қарт доценттің бұған «Бала!» деп алып, әр түрлі сұрақтар қоя беретін мінезі бар еді. Бірде сол ұстазы: «Бала! Не істейміз, тәуелсіздігімізді аламыз ба?!» — деп сұрақ қойғаны бар. Бұл әлгі сұраққа не деп жауап берерін білмей қалды. Өйткені бұл кезде әлі Тәуелсіздік туралы Заңның қабылдануын былай қойғанда, Қазақстан егемендік туралы Декларациясын да қабылдай қоймаған кезі еді. Сонда ұстазының айтқаны: «Мына Балтық бойының елдері тәуелсіздігімізді аламыз деп жанталасып жатыр ғой! Біз не істейміз?!»

Арада бір жылдан астам уақыт өткенде Қазақстан Республикасы да өзін айдай әлемге тәуелсіз мемлекетпін деп жариялады. Сонан соң оны жиһандағы өзге мемлекеттер бірінен кейін бірі мойындады.

Бұлар соңғы курста оқып жүргендерінде Қазақстан Республикасы азаттықтың бір нышаны — өзінің ақшасын шығарды.

Қарашаның 14-і күні түнде қалада қар үздіксіз жауып тұрған еді. Теледидар да үздіксіз қосылып тұрды. Себебі теледидардың ішінде мемлекет басшысы сөйлеп отыр еді. Мемлекет басшысының қолында Қазақстанның ақшасы теңге тұрды. Халыққа көрсетіліп, таныстырылып жатқан теңге дәл қарашаның 15-і күні халықтың қолына тиюі тиіс болатын.

«Қар жауды деп қуанба, артынан болар аязы». 15 қараша күні қалада шыңылтыр аяз тұрып алған еді.

Дәл 15 қараша өзінің мектептегі мемлекеттік практикасының басталатын күні де еді. Кімді қай сыныпқа жетекшілікке жібереді, қай сыныпқа сабақ береді, осыны айтатын жиналыс өтуі тиіс болатын. Бірақ бұл түнде ғана телевизорда Елбасының қолында тұрған теңгені көруге асығыпты.

Мөлтек ауданның кішкентай байланыс бөлімшесінде халық сыртқа шығып тұрды. Күн шыңылтыр аяз болса да, адамдар көңілді тұрған еді. Ол кездегі халықтың рухы, шынында да, биік болды. Себебі бұлар тәуелсіздіктің алғашқы дәмін татып жатқан халық еді. Сол халықпен бірге кезекке тұрған мұның да қолына ақыры Қазақстанның төл теңгесі тиді. 200 теңге.

Енді сол теңгені жұмсауға асықты. Дәл осы кезде дүкендер заттарды сөре астынан шығара бастаған еді. Себебі теңге айналымға түсуі тиіс болатын. Кеңестік дүкендерден қалған бір әдет кей заттарды сөре астына жасырып ұстайтын.

Дүкенге кіргенде сол кездегі жастардың қызығушылығын оятатын сөреде тұрған магнитофон көзге түсті. Бұл кеше болмаған, алдында да. Ашық көгілдір түсті магнитофон. Алғаш рет теңгеге сатып алған заты осы магнитофонның бағасы қазақ теңгесімен 170 теңге тұрған еді.

Арада айлар өткенде бұларға Қазақстанның мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген диплом қағазын тұңғыш рет табыстады. Ол ашық көгілдір түсті жұқа қағаз еді. Бірақ онда азаттықтың нышаны бар.

Мектепке барғаннан кейін екі жылдан соң алғаш рет қолына қалам алып, Қазақстан Тәуелсіздігінің 5 жылдығына орай, сценарий жазды. Қазақ хандығының 540 жылдығы, Желтоқсан оқиғасының 10 жылдығына да негізделген, «Қазақ хандығының құрылуы», «Ақтабан шұбырынды» және «Соттағы соңғы процесс» көріністерінен тұратын «Біз, қазақ, ежелден еркіндік аңсаған» атты әдеби-тарихи, сазды бағдарлама Қожабақы ауылдық мәдениет Үйінде бір күннің ішінде екі рет қойылды. Үлкендерге және балаларға бөлек.

Арада екі жыл өткенде мұның тағы да азаттықты негіз еткен, тарих және өнер тақырыбын үйлестірген «Мен қазақпын тараған Көк түріктен» бағдарламасына аудандық музыка мектебінің директоры Роман Әуезов диплом берді. Аймақтық байқауға мектептерден нөмір іріктеп алып кетуге келген қазылар алқасының төрағасы Р.Әуезов: «25-тің ұжымы осы бағдарламасымен аудандық байқауға түгел қатысады» деді.

Осыдан соң арада бір жыл өткенде XXI ғасырды қарсы алу үшін аудандық білім бөлімі ұйымдастырған жаңа жылдық кешке мектебінің атынан қатысуға жіберілген еді. Өлең оқыды.

…Батырлыққа бас иіп, дұшпаныңа жұлқындың,
Мойындаған талайы батылдығын жұртыңның.
Басын ала алмап еді талай жауы қазақтың,
Бұл ғасырда алдымен тілін кесті-ау ұлтыңның.

Елдігіңді сақтап ең қандай қиын кезде де,
Кедей халық емеспіз іске-дағы, сөзге де.
Жаңа ғасыр келгенде ұлы мақсат біреу-ақ —
Қазақ деген халықты мойындату өзгеге!

Азаттық рухымен оянған халық осылай XXI ғасырдың табалдырығынан да аттап кеткен еді.