Әңгіме: Ғабиден Қожахмет | Шай үстіндегі әңгіме

0
Саттар мен Тоқтар — әскерде бірге болған жігіттер. Саттар үйленді. Үйленгеніне де аса көп уақыт бола қоймаған еді, бір күні Саттардың үйіне жанында Әбу деген жолдасы бар Тоқтардың кіріп келгені. Әскерде бірге болған екі жігіт лезде құшақтары айқасып, бірін-бірі арқадан қағысты да қалды. Тоқтар жанындағы Әбуді Саттарға таныстырды. Саттар онымен де емен-жарқын амандасып, танысып қойды. Енді Саттар өзінің келіншегіне Тоқтардың кім екендігін, өзінің өмірінде қандай орны бар екендігін айтып жатты. Қонақ жігіттердің келуімен бірге үйдің ішіне
бір көңілді дабыр орнады.

Саттардың келіншегі пысық-ақ жан еді. Күйеуінің жолдастары келіп қалғасын, бір бөлмеге жылдамдатып дастарқанын дайындай қойды, ас та әзірленіп келді, дастарқанның шетінен самаурын да орын алды. Сол-ақ екен, әңгіме қызып сала берсін. Әңгіме әуелі екі адамның арасында — әскерде бірге болған Саттар мен Тоқтардың арасында басталды да, сәлден кейін олардың әңгімесіне Саттардың келіншегі де емен-жарқын пейілмен араласып кетті. Ал Әбу көбіне тыңдаушы болып, жігіттердің әңгімесіне оқта-текте бір атсалысып отырды. Осылай басталып кеткен әңгіме отқа тамызық тастағандай лаулай түспесе, бір бәсеңдеген жоқ. Біраздан соң шай да өз мәресіне жете бастады. Әңгіменің тізгіні осы кезде барып қана сәл-пәл тартыла бастаған еді. Енді Саттардың келіншегі үй иесіне тән қонақжайлылық пейілмен:

— Жігіттер, шай алсаңдаршы. Қане, тағы да шай ішіңдер. Тоқтар, кесеңді бер, шай құяйын, — деді.

Бұл кезде Тоқтар кесесін төңкерген еді.

— Ой, жоқ, біраз іштім шайды. Әңгімемен отырып шайды да біраз алдырып тастаппыз ғой, — деді ашық-жарқын мінезді Тоқтар.

Саттардың келіншегі енді Әбуге бұрылды:

— Әбу, қане, әкел кесеңді, шай құяйын.

Бірақ Әбудің алдында кесе жоқ еді. Сөйтсе, Әбуге мүлде шай да құйылмаған екен. Мұны көріп дастарқан басындағылар «Ау, әңгімемен отырып Әбуге мүлде шай да құймаппыз ғой» деп дуылдасып күліп жіберді.

— Қап, — дейді Тоқтар. — жолдасымның кесесі жоғын менің де байқамағаным-ай. Өзің неге айтпадың шай құй деп.

Сөйтсе, Әбу:

— Ой, жоқ, өзім шай ішпейтін едім, — дегені.

Бұл сөзге үй ішіндегілер тағы да дуылдасып күлді.

«Әңгіме бұзау емізер, бұзау таяқ жегізер». Бұл жерде таяқ жей қойған ешкім жоқ, әрине. Сонда да үйге бас сұққан екі қонақ жігіттің бірінің соншама бір самаурын шайдан бір кесе де шай ішпеген күйі аттанып кеткені қызық болды.