Әңгіме: Ғабиден Қожахмет | Селода тұрады екенсің
Бағана басында сөйлеп тұрған үлкен радио «Қазалыдан сөйлеп тұрмыз. Жергілікті уақыт…» дей берген кезде, ойнап жатқан кішкентай балалардың шуылы сол сәт тына қалып, бір-біріне: «Тұра тұрыңдар! Тұра тұрыңдаршы! Қазалыдан сөйлеп жатыр!» деп тоқтау сала бастайтын еді. Әлгі радионың ішінде сөйлеп тұрған диктордың даусы кәсіби дикторлардың даусынан бірде-бір кем емес еді. Бұл дауысты естіген жандар мұны мойындаған.
Әшейінде апалары шақырғанда, ойыннан естімей қалып жататын балалардың осылай тына қалуына диктордың даусының кәсіби дикторлардың даусына ұқсайтындығы немесе радионың Қазалыдан сөйлеп тұрғандығы да себепші емес, олар қазір тура бір майдан хабарын тыңдағалы жатқандай, өз ауылдарының егін жинаудан нешінші орында келе жатқандығын білгісі келіп тұр. Өйткені осыған байланысты мәліметті дәл қазір ана радиода сөйлеп тұрған дауыс оқитындығын олар жақсы біледі. Енді радиодан бір сәт лекітіп барып, екпінге толы күйдің даусы төгіліп шығады да, ол бірте-бірте бәсең тартып, диктордың даусы қайтадан естіледі. Диктор осы кезде әлгі балалар күткен мәліметті оқи бастайды. «Көш бастап келе жатқан — Энгельс атындағы совхоз» деген сөзді ести сала, бүкіл бала «алақайлап» тұрып қуанып, аспанға секіреді. Олар өз ауылдарының егін жинаудан бірінші орында келе жатқандығына қуанады. «Біздің ауыл бұл жолы да бірінші орында келе жатыр екен! Өткенде де бірінші орында келе жатқан! Сол орнын ұстап қалыпты!» деп балалар мәз-мейрам болады. Әлсін-әлсін, қайталап оқылып тұратын осы бір мәліметте олар өз ауылдарының, диктор оқығандай, көшбасында тұра бергендігін қалайды.
Балалардың бұлай қуануының тағы да бір себебі — олар егін жинауға аттанып бара жатқан техникаларды өз көздерімен ұзатып салған. Нақ осы радио сөйлеп тұрған бағанаға қарама-қарсы, көшенің екінші бетіндегі алаңқайға әлгі техникалар келіп тұрған. Олар тазаланған, майланған, жөнделген, бір сөзбен айтқанда, егін жинауға сақадай сай әзірленген. Техникаларды басқаратын жандарға басшылар мен халық осы сәтте сәт сапар тілеген. Енді сол техникалар дәл қазір егін жинау науқанында жүр. Егін орылып жатыр, астық бастырылып жатыр, ол қырманға тасылып жатыр, қаладан көмекке келген тіркемелі көліктер оны асфальт жолдың үстімен тасып алып кетіп жатыр. Оның есебі шығарылып, осы мәліметтер журналистің қаламында түрленуде. Осы радиохабарда оқылып жататын мәліметтерді де аудандық газеттің журналисі дайындап отыр. Егер осы журналист жазған очеркті мына дауыс оқып шығар болса, ол аудандық газеттің бетінен өзің оқып шыққандағыдан да әлдеқайда әсерлі естілер еді.
Егін жинау науқаны бітісімен, әлгі техникалар қайтып келе жатады. Олар енді кеткендегідей сән-салтанатпен қайтпайды. Үздік-создық болып қайтады. Әрі кеткендегідей тап-таза күйінде емес, шынжыртабандарға батпақ жұққан. Себебі күріш деген дақыл ала жаздай суда бастырылып тұрғанды керек етеді. Бірақ техникалар осы қалпында-ақ салтанатты. Себебі олар еңбектен қайтып келе жатыр. Үйдей болып, танк секілді арылдап-дарылдап, даланы басына көтеріп келе жатқан шынжыртабанды техника өте бергенде, балалар: айғай салады:
«Бункерге қараңдар! Бункерде жұлдызшалар салынған! Ал штурвалда жалауша қадаулы тұр!»
Демек, жұлдызшалар мен жалауша тегіннен-тегін тұрмайды. Ол өзі секілді техникалардың алдына шыққан деген сөз. Үйдей техникалар үздік-создық өзінің шеберханасына қайтып бара жатады. Олар енді келесі егіске әзір тұруы тиіс.
Осы балалардың ішінен де кейін осы техникалардың тілін меңгерген ұл-қыздар өсіп шығады. Өйткені олардың мектебінің бір бөлмесінде де «Селода тұрады екенсің — техниканың тілін біл» деген жазу үлкен әріптермен жазылып, ілініп қойылған. Олар қазір төменгі сыныптарда ғана оқиды. Ал әлгі кабинетке олар жоғары сыныпта барып оқи бастайды. Сонан соң оларға техниканың мамандығына сай құжат беріледі. Оның емтиханын инженер жігіттердің өздері келіп қабылдайды.
Әлгі балаларды елең еткізетін радиохабардың соңғы жағы әманда былай аяқталушы еді:
«Хабарды дайындаған — Раушанбек Сейтенов. Хабарды оқыған — Ордабай Аяпбергенов».