Әңгіме: Ғабиден Қожахмет | Педагог

0

— Ол кезде мектепке алғашқы келген жылдарым, — дейді мұғалима. — Өзім сүйіп, қалап алған ұстаздық жұмысқа әрі жастыққа тән қызу күшпен, әрі мамандығыма деген қызығушылық сүйіспеншілікпен араласып кеткен кезім. Өзім мектепте үздік оқығанмын. Енді жоғары білімді ұстазбын. Қалаған мамандығыма қол жеткізгенмін. Осылай жүргенде бір күні бір жағдай орын алды. Алдымда бір оқушы болған еді. Сол оқушының сабақ үлгерімі өте төмен болды. Баламен жұмыс істеп байқадым. Бірақ нәтижем күткендегідей болмады. Сонан сон баланы «екілік» бағаға қорытып жібердім. Шу осы кезде шықты. Артынша-ақ мектептің директорына шақырылдым.

— Не себепті баланы «екілік» бағаға қорытасыз? — деді директор.

— Өйткені бала оқымайды, — дедім.

— Мүмкін емес, — деді директор. — Оқымайтын бала деген болмайды, оқыта алмайтын педагог болады. Сіз баламен жұмыс істей алмағансыз, педагогиканың соны тәсілдерін қолдана алмағансыз, ескі сүрлеуде жүрсіз, баланың қызығушылығын оята алмағансыз.

— Егер мені нашар ұстаз деп есептесеңіз, тәжірибелі әріптестерім сабағыма қатыссын, — дедім. — Басқа әріптестерімді де қатыстырып көріңіз. Мен кімнің де болса алдында сабақ беруге әзірмін.

— Ол басқа мәселе, — деді директор. — Дәл қазіргі әңгіме «екілік» туралы болып отыр. Бұл аяқсыз қалмайды, бұл сұралады.

Айтқаны рас екен. Көп ұзамай білім бөлімінің басшысының алдында тұрдым.

— Не себепті баланы «екілікке» қорытасыз? — деді білім бөлімінің басшысы.

— Бала оқымайды, — дедім.

— Оқымайтын бала деген болмайды, — деді білім бөлімінің басшысы. — Баламен жұмыс істей алмайтын педагог деген болады. Сіз оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін тиімді пайдалана алмағансыз.

— Егер мені нашар ұстаз деп күдіктенсеңіз, сабағыма қатысыңыз, — деппін. Ол кезде аздап қызбалығым да бар еді.

Білім бөлімінің басшысы бұл сөзімді елеусіз қалдырды.

— Баланың «екілік» бағаға қорытылуының өзі сіздің педагогтік деңгейіңізді көрсетіп тұрған жоқ па? — деді білім бөлімінің басшысы. — Бұдан артық не дәлел керек? Сіз күтілген нәтижеге қол жеткізе алмағансыз. Баланы үлгерушілердің қатарына қоса алмағансыз. Жұмыс істеген мұғалімнің баласы үлгеретін оқушылардың қатарында болады…

— Содан бері қаншама жылдар өтті, — деді мұғалима. — Тіпті зейнет демалысы қол созымдай-ақ жерде қалыпты. Артқа тастаған осы жылдардың ішінде қаншама жетістіктерге жеттім. Ұстаздық жұмыстың шыңына шықтым демеймін, бірақ биігіне көтерілдім. Талай мәрте осы пәннен сабақ беретін әріптестірімнің арасында топ жардым. Осы пәннен талай үздік шәкірттер тәрбиелеп шығардым. Талай мықты деп жүрген ұстаздардың алдында сабақ та көрсеттім, өзімнің тәжірибемді ортаға салдым. Бірақ әлгіндегідей оқиға ұстаздық тәжірибемде одан кейін қайталанған жоқ. Мен ол кездегі мектептің директорына да, білім бөлімінің басшысына да еш уақытта ренжіген емеспін. Олар солай айтуға тиісті еді. Кім де болса солай айтар еді. Бұл оқиға маған сабақ болды. Және өмір маған тағы да бір нәрсені үйретті. Өмір маған басшылармен тіл табысып жұмыс істеуім керек екендігін, оларға тым қарсы келе бермеуім керек екендігін үйретті. Егер олай етпесем, маңдай терімді төгіп жүріп істеген жұмыстарым үшін берілер марапаттарым да қол созымдай жерден-ақ қолымнан сусып шығып кетуі де мүмкін еді. Онда мен зейнетке шыққанда да өзгелер де осыншама жыл мұғалім болып жұмыс істегендігіңізде алған марапаттарыңыз неге тым аз, мүмкін сіз нашар педагог болған шығарсыз деуі де әбден мүмкін еді.