Әңгіме: Ғабиден Қожахмет | Отан
Ол кішкентай еді. Бірақ ойлары тым терең болатын. Үнемі Отан туралы ойлайтын.
Бала Отан деген ұғымды көзіне елестеткісі келді. Ол Отанды жақсы көру керек екенін білетін.
Отан оған өзінің анасы болып елестеді. Ол осы бір қарапайым әрі мейірімді жанды жақсы көретін.
Отан оған өзінің әкесі болып елестеді. Ол осы бір қарапайым әрі мейірбан жанды жақсы көретін.
Отан оған өзінің туған жері болып елестеді. Ол оның төсінде талай рет асыр салып ойнаған. Сондықтан да ыстық көрінетін.
Отан оған өзінің қасиетті ұясы мектебі болып елестеді. Ол өзінің мектебін жақсы көретін.
Ол осының барлығын да жақсы көрді. Ендеше, Отанын да жақсы көруі керек.
Отан туралы оған ұстазы айтқан еді. Балаға бір уақыт Отан деген ұғым өзінің ұстазы секілді көрінді. Ол оны айрықша құрметтейтін, жақсы көретін.
Оған ұстазы Отан деген ұғыммен бірге ұлттық сезім, оның қадір-қасиеті туралы да айтқан еді. Ол баланың жан-дүниесінде Отан деген қасиетті ұғымға осы арқылы баспалдақ салғысы келген шығар, кім білсін. Балаға Отан деген ұғым енді өзінің ұлттық сезімі мен оның қадір-қасиеті, ар-намысы секілді көрінді.
Ол осының барлығын да жақсы көретін. Ендеше, Отанын да жақсы көреді.
Бала Отан деген ұғымды осылай түйсінді. Кішкентай болса да, өзін осы ұғымдарға қарыздармын деп есептеді.
«Отаныңа қызмет қыл» деді оған мектебі.
«Қызмет қыламын!» — деді бала.
«Отаныңа қызмет қылу үшін, білім алуың керек» деді оған ұстазы.
«Білім аламын!» — деді бала.
«Отаныңды қорғай да білуің керек» деді оған көрші үйдегі әскерден енді келген аға.
«Қорғаймын!» — деді бала.
«Отаныңа қызмет қылу үшін, оған адал болуың керек, — деп үйретті оған ата-анасы. — Отан әрдайым ұлдарынан адалдықты талап етеді».
«Отаныма адал боламын!» — деді бала.
Ол енді не үшін білім алуы керектігін, не үшін қызмет қылуы керектігін білді.
Бала өскісі келді. Оның армандары көп еді.
Ол түсінде Болашақты көріпті. Оған Болашақ армандарын орындауға көмектесті.
Ол оянған соң осыған сенді, осыған иланды. Оның осыған сенуге қақысы бар еді. Өйткені оның өзі кішкентай болса да, үлкен сезімдерге лайық Отаны бар ғой. Оған бұл туралы ұстазы айтып берген. Мүмкін ұстазына балаға бұл туралы айтып беруді Отанның өзі тапсырған шығар, кім білсін. Ал Ұстаз еш уақытта аманатқа қиянат жасамайтын жан ғой.
Кеудесінде қайрат-күші бұлқынып,
Болашақ деп шырқай түскен ұранын.
Өзі де сол болашаққа ұмтылып,
«Отан» десіп өсіп келеді ұланың.
Отан деген — асқақтатып көкке ұлын,
Келешек деп жетелейтін арман-ән.
Ол тәуелсіз желбіреген Көк Туың,
Отан деген — мынау байтақ кең Далаң!