Әңгіме: Ғабиден Қожахмет | Мектепте

0

Мектепте бүгінгі кезекшілікте Айжан тұр еді. Осы кезде есіктен Күлия кірді. Күлия — өзін кербездеу ұстайтын әйел. Шәкірттің ата-анасы. Айжанға бас изеп амандаса салып, аржағында келе жатқан орыс тілінен сабақ беретін Сәулені көріп, үйіріле кетті. Сәуле де Айжандар қатарлы қыз еді.

— Амансың ба, қарағым, Сәуле?! Біздің қыздың сабағы қалай? — деді Күлия.

— Дүрияны айтасыз ба? — деді Сәуле. — Дүрияның сабағы жақсы ғой.

— Жақсы болу керек! — деді Күлия сенімді дауыспен. — Өйткені папасы да мектепте жақсы оқыған ғой.

Сәуле Күлияның сөзіне жымиды. Осы кезде мектепке дәудірлей сөйлеп Сейдолла кірді. Сейдолла — зор денелі кісі. Есік аузында тұрған Айжанды аса елемеген күйі Сәулені көріп, үйіріле қалды:

— Сәуле қарындас! Біздің ұлдың сабағы қалай?!

— Аға, жай сөйлесеңізші! — деді Айжан, Сейдолланың дәудірлей сөйлегеніне кейістік білдіріп. — Мектепте сабақ өтіп жатыр ғой.

— Кешір, қарындас, кешір!

— Сайдолланы айтасыз ба? — деді Сәуле Сейдолланың сұрағына. — Сайдолла орташадан жоғары көтеріліп келе жатыр ғой.

— Көтерілу керек, — деді Сейдолла. — Көтерілмесе, соны көтер, Сәуле қарындас! Құлағынан тартып көтер. Баланың бір құлағы сенікі, — деді сосын Сейдолла.

Осы кезде арғы жақтан шет тілінің маманы Перизат келе жатты. Перизат та — Сәуле, Айжандар қатарлы қыз.

— Пай-пай, осы Перизат қарындасымның жүрісі тым тәкаппар! — деді Сейдолла оны көре салып. — Перизат қарындасым! Біздің ұлдың сабағы қалай?

Перизат Сейдолланың әлгі сөзіне салқын жымиды. Сонан соң сұрағына жауап берді:

— Орташадан көтеріліп келе жатыр.

— Көтерілу керек, — деді Сейдолла. — Көтерілмесе, соны көтер, Перизат қарындас! Құлағынан тартып көтер. Әлгінде ғана баланың бір құлағын Сәуле қарындасқа ұстатқанмын. Енді екінші құлағы сенікі, — деді Сейдолла.

— Перизат сіңлім! — деді осы кезде Күлия. — Біздің қыздың сабағы қалай?

— Жақсы ғой, — деді Перизат. — Дүрияның сабағы жақсы.

— Жақсы болу керек! — деді Күлия. — Папасы да мектепте жақсы оқыған ғой.

— Айтпақшы, Перизат қарындасым! — деді енді Сейдолла. — Бүгін кешке үйде апайың дастарқан дайындап жатыр. Соған Сәуле қарындасым екеуің келіп қонақ боласыңдар.

— Аға, оған уақытымыз болса… — деді Перизат.

— Уақыт тап, Перизат қарындасым!

Осыны айтқанда зор денелі келген Сейдолланың басын бір жағына әнтек қисайтқан қалпы еркелегендей бір күйде тұра қалған қазіргі күйі өзіне жарасымды болып тұр еді. Осыны көріп Перизат күліп жіберді.

— Жақсы, аға, баруға тырысармыз.

— Е, солай жөнге кел, Перизат қарындас!

— Мен келесі аптаға дайындаламын, — деді Күлия. — Қыздар, менің талғамымды білесіңдер ғой.

— Жарайды апай. Келесі аптаға дейін уақыт бар ғой, — деді Перизат.

Енді Сейдолла мен Күлия сыртқа беттемек болды.

— Жүретін бе едің? — деді Сейдолла Күлияға бұрылып.

Күлия ақжарқын кейіппен күліп алды.

— Жүрмегенде… енді осы мектепке қонып жатар деп пе едің?

Зор денелі Сейдолла есіктен өте беріп, есік көзінде тұрған Айжанды босағаға апарып бір-ақ жапсырды.

— Аға, өлтіресіз бе адамды! Қолымды ауыртып жібердіңіз ғой!

— Кешір, қарындас, кешір!

Сейдолла мен Күлия есіктің аржағына өте бере, Сейдолла тағы да дәудірлей жөнелді:

— Ау, Сәкен інішек келе жатыр ғой! Кәне, Сәкен інішек, еркектерше алақанды шарт-шұрт еткізіп, қол қысысып амандасып қояйық. Жашігіңнің сыры қалай, Сәкен інішек? Үйретіп жатырсың ба?

— Үйретіп жатырмыз, — деді Сәкен салқындау сөйлеп.

— Үйрет, үйрет, Сәкен інішек! Заман жәшіктің заманы болып тұр. Әлгінде ғана баланың екі құлағын Сәуле мен Перизат қарындасыма ұстатып келе жатырмын. Енді екі көзі сенікі.

— Айтпақшы, Сәкен інішек, — деді Сейдолла. — Бүгін кешке апайың үйде дастарқан дайындап жатыр. Соған Сәуле мен Перизатты да шақырып отырмын. Құрбыларыңмен бірге сонда боласың.

— Оған бізде уақыт жоқ қой, ағасы, — деді Сәкен. — Бізде бос уақыт деген бола бермейді.

— Сәкен інішек! — деді Сейдолла нығыздай сөйлеп. — Маған ондай әңгімені айтпа. Сен, айналып келгенде, осы ауылдың баласысың.

— Жақсы, жақсы, ағасы! — деді Сәкен күліп. — Баруға тырысармыз.

— Е, солай жөнге кел, Сәкен інішек!

— Мен келесі аптаға дайындаламын, — деді Күлия. — Апайыңның талғамын білесің ғой.

— Жарайды, апай. Келесі аптаға дейін уақыт бар ғой.

Сәлден кейін Сейдолланың даусы да семді, тұрғандар да жан-жаққа тарап кетті. Тек есік көзінде ауыртып алған қолын ауырсынып Айжан ғана қалды.