Әңгіме: Ғабиден Қожахмет | Еврейдің баласы болса олай етпес еді
Ғабиден Қожахмет
Еврейдің баласы болса, олай етпес еді
Әңгімелер / Мақалалар admin14.04.2016011627
Сабақ алдында
— Білім дегенді шартты түрде зат деп алайықшы, — деді методист еңбек жолын енді ғана бастап жатқан жас ұстаз мұғалима қызға қарап. — Иә, кәдімгі зат деп алайық. Бұрын қалай болды? Сол затты мұғалім балалардың көзіне көрсетіп, ол жөнінде барлығын да өзі айтып беретін. Енді біз олай етпейміз. Зат алақанда жасырулы күйінде тұруы тиіс. Оны бала ізденіп, өзі табатын болсын. Мен өзге елдердің білім жүйесімен танысып қайттым. Соның ішінде еврейлерде де болдым. Сабағыңызды абыржымай жүргізе беріңіз. Мен сіздің сабағыңызға қатысып, сізге бағыт-бағдар беріп отырамын. Іске сәт!
Сабақта
Мұғалима. Сонымен, балалар, апайдың, алақанында не жасырулы тұр екен? Қане, бәріміз бірге табамыз? Апайдың алақанында не жасырулы тұр?
Методист (сыбырлағандай етіп). Көрдіңіз бе? Салған жерден «білмеймін» деулерін көрдіңіз бе? Еврейдің баласы болса, олай етпес еді. Іздендіре беріңіз. Талпындыра беріңіз. Өзіңізге тарта беріңіз.
Мұғалима. Балалар-ау, бұларың қалай? Салған жерден білмеймін деуге болады ма? «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз…»
Методист. Абайдан дұрыс қозғадыңыз. Талпындыра беріңіз. Анау шеттегі баланы көрдіңіз бе? Өз-өзімен оқшау қалған. Жанына жақындаңызшы. Жеке жұмыс жүргізіңіз.
Мұғалима. Диас! Неге сабаққа енжармыз? Қане, апайдың алақанында не жасырулы тұр екен?
Методист. Бірден-ақ мойнын ішіне тығуын көрдің бе? Әбден басылып қалған. Өз-өзіне сенімі азайған. Сенімін оятыңыз.
Мұғалима. Диас! Мұның қалай?! Осылай етуге де болады ма? Балалар! Тырысса, Диас та таба алады емес пе? Солай ма?
Балалар. Әрине, таба алады! Ол да біз сияқты бала емес пе?!
Методист. Жолдастарының сенімін дұрыс ояттыңыз. Талпындыра беріңіз. Сыныппен жұмыс жасаңыз.
Мұғалима. Балалар-ау, сонымен апайдың алақанында не жасырулы тұр екен? Қане, табамыз.
Методист. Бағыт-бағдар беріңіз. Балалардың ізденулеріне бағыт-бағдар беріңіз. Сіз сыныпта бағыт-бағдар беруші тұлғасыз.
Мұғалима. Балалар, біздің уақытымыз аяқталып та қалды ғой. Сонымен таба алмадық па? Апайдың алақанында кәдімгі өшіргіш жасырулы тұрды емес пе? Қиын ба екен? Табуға болады ма екен? Мен сендерге бағыт-бағдар бердім ғой. Ал сендер өзге жауап айтасыңдар. Еврейдің баласы болса, олай етпес еді. Жарайды, балалар! Сендерге үйге тапсырма: «Апай келесі сабақта алақанына не жасыруы мүмкін?» Осы тақырып төңірегінде өз бетімізше ойланып, ізденіп жүреміз.
Балалар. Сау болыңыз, апай!
Мұғалима. Сау болыңдар, ботақандарым менің!
Сабақтан кейін
Методист. Жақсы, жақсы! Ең бастысы, балаларда талпыныс бар. Біздің балалар аздап қулық жасағысы келеді. Олар орнынан түрегеліп, саусақ арасынан сығалап көрмек. Еврейдің баласы болса, олай етпес еді. Олар қайдан білсін, мұғалімдер дайындайтын оқу орнында енді саусақтармен арнайы жаттығу жұмыстары жүргізілетіндігін. Ендігі жерде мұғалімдік мамандыққа саусағы жымдасып тұратын ұл-қыздар ғана алынады. Сонымен келесі сабақта алақанға не жасыратын болдыңыз? Тиын дейсіз бе?! Айта көрмеңіз тиын туралы. Онсыз да кей адамдардың санасын ақша билеп алған заманға кез болып отырмыз. Басқа бір тәлім-тәрбиелік мәні бар дүние туралы ойланыңыз. Көрдіңіз бе, сіздің өзіңізге де әлі де іздене түсу керек. Білім әр уақытта ізгілікке бағытталып отыруы тиіс. Тиын туралы ойларыңызды экономикалық
тәрбие беру мақсатындағы сынып сағатыңызда пайдаланыңыз. Үнем және адал еңбек. Ұштастырыңыз. Бізде қалай? «Жұлымыр-ау, кеше ғана емес пе оқу құралдарыңды түгелдеп бергенім. Кішкене үнемшіл, ұқыптылау болсаң қайтеді?! Ол баланың шешесін маған несіне айтасың?! Мен сол баланың шешесіндей болып жүрмін бе?! Қожайынның қабағына қарап, тікемнен тік тұрып, неше сағат жұмыс істеймін. Соның бәрі сен үшін емес пе?! Анаңды да кішкене аясаң нетті?!» Бұл жөнінде тәрбие саласының мамандарымен ойласып көріңіз. Әзірге сау болыңыз.
Сізден болашақта жақсы ұстаз шығады. Еврейлер бір-біріне әманда осылай деп айтады. Сізден бірдеңе шығады дейді.
Мұғалима. Сау болыңыз.
Сынып ішінде
Оқушы қыз. Түу, жаңа өшіргіш деп айтқым келіп тұрды-ау!
Балалар. Айтпадың ба енді?!
Оқушы қыз. Қойшы! Жауабым тағы да дұрыс болмай қалатын шығар деп қорқасоқтап тұрдым. Бізде қалай? Жауабың дұрыс болмай қалса болды, жатқан бір күлкі. Еврейдің баласы болса, олай етпес еді.