Әңгіме: Ғабиден Қожахмет | Ештеңені өзгертуге болмайды

0
114

Мерекелік іс-шараларға байланысты өткізілетін бағдарламалардың іс-жоспарын талқылап, бекіту үшін ұжымда шағын жиналыс өтіп жатыр еді. Жиналысты басқарушы сөйлеп отырған, кенет жаңадан келген қызметкер:

– Мына бір тақырыпқа кішкене өзгеріс енгізуге болмайды ма? – деді.

– Қай тақырыпты айтасыз? – деді жиналысты басқарушы.

– Мына «Тілім – тірегім» деген тақырыпты айтамын.

– Ол тақырып сізге несімен ұнамай тұр?!

– Сәл жаттандылау естілетін секілді. Кішкене өзгеріс енгізуге болмайды ма?

– Несі бар, әп-әдемі-ақ тақырып! – деді жиналысты басқарушы. – Біз жыл сайын осы тақырыппен өткізіп жүрміз ғой.

– Тым болмаса, екі сөздің орнын ауыстырып көру де ойларыңызға келмеді ме?

Жиналысты басқарушы шошып кетті:

– Сіз сөйлем мүшелерінің орнын ауыстырып жібергеннен кейін не болатынын білесіз бе?!

– Не болады екен?!

Бірақ ешкім де не болатындығын айта алмады.

– Ал мына «Тәуелсіздігім – тұғырым» деген тақырыпты ше? – деді жаңадан келген қызметкер.

– Ол тақырыпты не деп өзгертейін деп едіңіз?!

– Тым болмаса, «Тұғыр үстіндегі тәуелсіздік» деп өзгертіп көрмедіңіздер ме?

– Құрметтім! – деді жиналысты басқарушы. – Сіз тым тереңдеп барасыз! Тәуелсіздік тұғыр үстінде тұрады ма, әлде өзі бірдеңеге тұғыр болып тұрады ма, оны шешетін сіз емес!

– Оған бола несіне абыржисыздар? – деді жаңадан келген қызметкер. – Бұл бар болғаны мерекелік іс-шаралардың тақырыбы ғой. Сіздерді түсінбей отырмын.

– Мен де сізді түсініп отырған жоқпын! – деді жиналысты басқарушы. – Ол тақырыптарға неменеге шүйліге қалдыңыз?! Біз жыл сайын осы тақырыптармен өткізіп жүрміз ғой. Әп-әдемі-ақ өтіп жүр. Үлкендер алда, жастар артта, қол шапалақтайтын жерлерінде қол шапалақтайды.

– Тым болмаса, бағдарлама жаңа әндермен байытылып отырар деп үміттенем.

– Жоқ! Өзінің тақырыптық әндері бар. Сол әндерді айтатын бекітіліп қойылған әншілері бар.

Жаңадан келген қызметкер ауа жетпегендей қарманып барып, жұтынды.

– Ең болмаса, сол әншілер үстеріндегі көйлектерін ауыстырып отыратын шығар?

– Ешқашан! Жыл сайын сол бір көйлекпен шығады.

– Тамара апайға қиындау тиіп жүр, – деді әлдекім. – Ол кісі толығып кеткен. Қыз күніндегі көйлегі тарлық етіп жүр.

– Ол кісіге жаңадан көйлек тіктіру де ойларыңызға келмеді ме?

– Одан бірдеңе шыға қояр ма екен? – деді жиналысты басқарушы. – Ол кісінің өмірдегі ең ұлы мұраты – сол үстіндегі көйлегімен зейнет демалысына шығып кету.

Жаңадан келген қызметкер басын шайқады.

– Сіз бұл жерге жаңадан келген қызметкерсіз, – деді жиналысты басқарушы. – Жаңадан келген қызметкерге кейбір нәрселер оғаш көрінуі мүмкін. Алайда бара-бара үйреніп кететін боласыз. Әлі-ақ өзіңіз де осы ырғақпен ән сала бастайсыз.

– Сонымен іс-шаралардың тақырыбын бекітеміз бе? – деді жиналысты басқарушы. – Бекітілсін дегендеріңіз қол көтеріңіздер.

Бәрі қолын көтерді. Жаңадан келген қызметкер де қолын көтерді.

– Жақсы, – деді жиналысты басқарушы. – Енді бастыққа барып бекіттіріп ала қояйын.

– Ештеңені өзгертіп жіберген жоқсыңдар ма? – деді бастық. – Бір жаңалық енгіземіз деп, бірдеңеден қателесіп кетіп жүрмейік.

– Жоқ, Сәке! Ештеңені өзгерткен жоқпыз. Бәрі де бәз-баяғысынша.

Қол қойып берді.