Әңгіме: Ғабиден Қожахмет | Билеті де бәсі де жоғары концерт
Концертке билет таба алмағандығы үшін, сүйіктісінің соншама ренжігені жігіттің жанына батты. «Осы концертке барамын деп, неше күннен бері үміт етіп едім… Саған сенгендігім осы ма?..» — деп, қызының ашу шақырғандығына да, өзіне ренжіп ұрысқандығына да жігіт ләм-мим дей алмады. Рас, кінәлі еді. Үш күндік концерттің бірде-біріне де билет таба алған жоқ. Билет жоқ еді. Күнібұрын сатылып кеткен. Қолдан-қолға тигізбеген.
Бәрінен де бұрын жігітке сүйіктісінің дәл қазір осыған бола жылағандығы қиын тиді. Не деп жұбатарын білмеді. Сөйтсе де, өзін біржағынан жәбірленген жандай сезініп отыр. Қолынан келгеннің бәрін жасады ғой. Концерттің билеті онсыз да қымбат еді. Соның өзінде де, егер билет қолда сатылып жатса, бірнеше есе бағасына да сатып алуға келісер еді. Бағана ғана сондай бағаға сатып жатыр екен деп жүгірген қалың дүрмектің арасында өзі де болмап па еді. Бірақ жым-жылас. Билет жоқ.
Енді міне осы үшін сүйіктісі жылап отыр. Жігіттің жанына батып отырғаны да осынысы болды. Ешуақытта мұндай мінез көрсетпеген еді. «Ерке ғой, — деп жымиды жігіт. — Біреудің ерке-тотайы. Тым қымбат киінеді. Қымбат мектептен өткен. Бірнеше шет тілін меңгерген. Сонысына қарап бәсін арттырады-дағы». Бағана ғана өзі сатып әперген бағалы заттарын өзіне қарай лақтырып: «Осының барлығының маған керегі не?! Осылар осы концерттің бір билетіне де татиды ма?!» дегені қиын болды. Оны өзі де біледі.
«Осы концерті болғалы жатқан әншілердің бәсі неге тым жоғары?» деп ойлады жігіт.
Кешкі қараңғылық түсіп, көз байлана бастады. Екі ғашық бір-біріне тоң-теріс қалыпта отыр. Қыз манағыдай емес, жылауын қойыпты. Бірақ жігітіне арқасын берген күйі үнсіз отыр. Маған әлі де өкпелі деп ойлады жігіт. Қызына бірдеңе деп сөйлеуден жасқанды. Өзінің ашуы басылар сәтін күтті.
Бұл кезде концерт басталып жатыр еді. Концерт өтіп жатқан сарай жақтан шұғыла сәуле төгіледі. «Осы сарайды неге осындай қылып салды екен? — деп ойлады жігіт. — Қаланың қай бұрышынан көз салсаң да, осы сарайдан шұғыла сәуле төгіліп тұрады. Өзін осы әншілер үшін ғана арнайы салыпты дейді».
Арада тым-тырыс тыныштық орнап тұр еді. Жігіт кенет қалғып кетіп бара жатқандай болып, селк ете түсіп, көзін ашып алды… Осы сәт өзінің үйінде, өзінің төсегінде жатқандығын бір-ақ аңғарды. Манағысының бәрі түс екен. Көрген түсін ойланып біраз жатты. Сонан соң телефонына қол созды. Сүйіктісіне қоңырау шалмақ болды. Өзінің көрген түсін айтқысы келді. Телефонды іле-шала көтерген қызға жігіт:
— Түсімде өзіміздің дәстүрлі бағыттағы ән салатын әншілердің концертіне алып бармадың деп, қиғылық мінез танытып жатыр екенсің, — деп күлді. — Тіпті осыған бола сенен ажырап қаламын ба деп қорыққаным.
Қыз жігіттің сөзіне сыңғырлай күлді.
— Бұл мүмкін бола қояр ма екен? — деді қыз күліп. — Менің талғамым тек шетел эстрада жұлдыздарының концертін ғана қалайды ғой.
— Өзім де солай ойлап едім, — деді жігіт. — Бірақ нақ осындай жағдай сенің басыңда алдағы уақытта қайталанып қалмасына кім кепіл? Адам түсті бекер көрмейді ғой.
— Мүмкін! — деді қыз ойнақыланып. — Дәл солай деп қиғылық мінез танытып жатуым да ғажап емес. Сондықтан да бәріне де дайын бол, жігітім!
Жігіт күлді:
— Несі бар, сен үшін бәріне де дайынбыз ғой!