Әңгіме: Ғабиден Қожахмет | Ақ тілек

0
(Аға-жеңгелер тілегі)

Екеуі де бірдей жоғары білім алып, екеуі де адам жанына арашашы болар мамандықты өз өмірлеріне серік етіп алған, Астана қаласында еңбек етіп жатқан ініміз бен келініміздің өмір жолға бірге қадам басқан тойларының да, міне, бүгін өсіп келе жатқан кейінгі ұрпаққа үлгі берер шамшырағы жағылған сәт. Алты ата Әлімнен өрбіген Асанның Баймырзасынан тарайтын осы үйдегі ағамыз бен жеңгеміздің, он екі ата Байұлының Жаппас атты іргелі бір елінен өрбіген құдаларымыздың көзінің қарашығындай қос перзенті бүгін бас қосты. Осынау Той иелеріне қуаныштарыңыз құтты болсын дей отырып, бүгінгі тойдың себепкері болып отырған екі жас – ендігі отағасы атанар ініміз бен Баймырзадай іргелі елге келін болып түсіп отырған келінімізге бүгінгі көтерген Ақ отауларың құтты болсын дейміз! Бүгінгі өздеріңе тапсырылғалы отырған Некенің куәлігі куәландыратын ақ некелерің өз өмірлеріңде қаншалықты заңды болып табылса, болашақ жұбайлық өмірлерің де соншалықты мәнді болсын! Ендігі өздеріңнің жұбайлық өмірлеріңе серік болғалы тұрған Некенің қос жүзігі қаншалықты сәнді болса, жүректегі сезімдерің де соншалықты мәңгі болсын! Бүгінгі тойда аға-жеңге болып тілеріміз: осы тойда айтылған барлық ақ тілектер сендердің келешек өмірлеріңді жақсылыққа қарай біріктірсін, отауларыңа әрдайым да ырыс пен бақ, дәулет пен несібе күліп кірсін! Ата-ананың адал перзенті болыңдар, құрған отауларыңның ішіне жұбайлық адалдықтың шырағын жағыңдар! Ырыстарың көбейе берсін, керегелерің кеңейе берсін! Әрбір істеген істерің берекелі табыс боп елене берсін! Тағы да тілеріміз: бүгінгі Жас жұбайлар болашақ өмірлерінде баянды бақытқа кенеле берсін! Бүгінгі жас отау иелері, құрылған заңды некелерің құтты болсын!

Жетті, міне, ұл мен қыз тағы баққа,
Шырқалды әсем саздың әні бақта.
Сумұрын Жаппас елінің бір еркесі,
Келін болды Баймырза атты шаңыраққа.

Көңілде сезім оты оянды шын,
Айтады ата-ана да ақ алғысын.
Қадірлеп, қастерлейтін құдалар да,
Ұзатып берді бізге аяулысын.

Шаттығын шаңырақтың ұғады шын,
Сондықтан айтады жұрт мың алғысын.
Бүгінгі той иесі аға-жеңге,
Бөлісті елмен бірге қуанышын.

Мұндайда шын тілекші екен елім,
Біледі баба парыз өтелерін.
Жұбайлар, сендерге енді құтты болсын,
Ақ Отау құрған заңды некелерің!