Әңгіме: Ғабиден Қожахмет | Апасының тәлімі
Радио үлкен бөлмеде тұрады. Апасы сол бөлмеге өтіп, қасына сүйеніп отыратын жастығын алып, жырды тыңдауға дайындалып отырар еді. Бұл радионың кішкене түймесін басады. Түймені басқанда, радионың бетінде аппақ самаладай жарық сәуле жарқырайды. Егер осы түймені қайтара басса, самаладай сәуле сөніп, радионың жарты бетінде қызылды-жасылды жарық бірқалыпты жанып тұрар еді. Егер мынау жатқан күйтабақтардың арасынан эстрадалық бағыттағы күйтабақтардың бірін алып ойнатса, мына қызылды-жасылды жарықтар дауыс пен әуеннің ырғағына сай жанып-сөне бастар еді. Егер әншінің даусы тым биікке көтеріліп тұрып алса, жарықтардың ішіндегі ашық, көгілдір сәулелі жарық өзге жарықтардан ерекше бөлініп барынша шұғыла шашқан күйі тұрып қалар еді де, әншінің даусы төмен түскенде барып, көк шұғыла да іле-шала сөне қалар еді. Ал егер әншіні сүйемелдеуші музыканттың гитарасының даусы әуенді қайырмалап ойнап тұрып алған сәтте, жарықтардың арасынан ашық қызыл шұғыла сәуле ғана жарқыраған күйі бөліне жанып, сол күйі тұрып қалар еді де, әнші әнді жалғастырып кеткенде, қызыл шұғыла да іле-шала бәсеңси қалар еді. Қазір апасы «Қыз Жібекті» қойып беруді сұрап отыр. Дәстүрлі бағыттағы әндерді қойғанда, қызылды-жасылды жарықтар эстрадалық әндерді қойғандағыдай аса құбылып ойнай бермейді. Тек жыршы даусын көтеріп «әу» деп қалған сәтте ғана, манағы көгілдір сәулелі жарық бір мәрте жарқ ете түсіп, іле-шала тез сөнеді. Дәстүрлі әндерді ойнатқанда, ең бастысы, бұл жарықтарды сөндіріп қойған дұрыс. Өйткені дәстүрлі бағыттағы әндердің басты қасиеті әуеннің ойнақылығында емес, сөз, сөздің құдіреті, сөздің қасиетінде жатар еді.
«Қыз Жібек» жырының күйтабақтарының өзі де дәл осы жарықтардың түсі секілді қызылды-жасылды еді. Бұл солардың алғашқысын алып радионың бетіне қойып, үстіне инені орналастырады. Пластинканың беті аздап сызылған еді, сондықтан радиодан қытырлаған дыбыс шығып тұрады да, жыршы домбырасын қағып, жырды бастап, арасында әйел адамның құлаққа жағымды даусы қара сөзбен жазылған мәтінді дауыстап оқып отырады.
Бұл енді ойнап кеткісі келеді. Бірақ мұны осы бөлмеге еріксіз байлап қоятын бір нәрсе бар. Ол мына толқып айналып тұрған күйтабақтың үстіндегі иненің кейде тоқтап қалатындығы. Егер ине тоқтап қалса, жыршы бір айтқанын қайталап тұрып алады. Мұндайда апасының жырды тыңдап отырған әсері бұзылады ғой. Сондықтан апасының жанына жүгініп отыра қалып, бұл да еріксіз жыр тыңдауға кіріседі. Осылай-осылай ұзақ жырды тыңдауға үйренді.
Бұған, әсіресе, жырдың ішіндегі Сансызбай бейнесі ерекше ұнайтын. Сансызбайдың батырлығы ағасы Төлегеннен артық болмаса, бір де кем емес. «Сол елде, сірә, жігіт жоқ па, тәңірі-ай, жесірін іздеп келіп неге алмайды». Ару Жібектің тілегі орындалды ғой ақыры. Сансызбай жолға шықты. Сансызбай Жібекті жаумен шайқасып жүріп алды. Ол тек жеңгені ғана емес, қазақтың ару қызын жаттың құшағына бермеген батыр жігіт.
Апасы жырды тыңдап болып, үйдегі күнделікті тіршілігіне кірісер еді. Бұл осы кезде барып далаға қарай сытылып шыға береді. Соңынан апасының даусы естіледі:
«Әй, тым ұзап кетпе, жұмсағанда керек боласың».
***
Бала болмысты екіге бөлуші еді: жақсы және жаман. Ол жақсы деп қабылданған нәрсенің барлығын адамдар жақсы деп қабылдайды, ал жаман деп қабылданған нәрсенің барлығын адамдар жаман деп қабылдайды деп ойлайтын.
Хан Кененің атын ең алғаш рет апасының аузынан естіді. Бірде апасы үлкен ағасынан: «Балам, осы Хан Кенені неге айтқызбайды?» — деп сұрады. Ағасы шылым тартуға оқталып, сыртқа беттеп бара жатыр еді. Артына бұрылып қарады да:
«Ол кісі орысқа қарсы шыққан, апа, сонан соң айтқызбайды», — деді. Осы кезде ұршық иіріп отырған апасы: «Ой, құдай-ай», — деп қабағын шытынып қалған еді. Бала осы әңгіме арқылы Хан Кенені жақсы адам деп қабылдады. Бірақ балаға ешкім де олай деп айтқан жоқ қой. Ендеше, баланың санасында ондай ұғым қалай пайда болады? Себебі балалар апаларын жақсы көруші еді. Ал балалардан апаларыңды неге жақсы көресіңдер деп сұраудың өзі әбестік. Баланың санасы тым қабылдағыш, сезімтал. Әлгінде апасы ағасына сұрақ қойып жатқанда, әлгі кісінің есімін соншалықты бір ілтипатпен атады ғой. Егер ол кісі жақсы адам болмаса, апасы сөйтер ме еді? Оның үстіне ағасының жауабынан кейін «Ой, құдай-ай» деп қабағын шытынып қалды емес пе? Демек, айтқызғанын тілегені. Егер жақсы адам болмаса, айтқызғанын
тілер ме еді? Ендеше, апалары жақсы деп таныған адамды балалары да жақсы деп білуі керек.
Бірақ бала бәрібір бір нәрсені түсінген жоқ. Ол ағасының жауабы еді. Оның санасында «Жақсы адам жақсы адамға неге қарсы шығуға тиіс?» деген сұрақ тұрып алды. Ол мұның жауабын өскесін барып түсінді.