Әңгіме: Ғабиден Қожахмет | Алтын теңге

0
144

Өз жолына түсіп алып сүрлеу соқпағымен кіп-кішкентай Құмырсқа келе жатыр еді, кенет алдынан пенде шыға келді. Пенде Құмырсқаны бір-ақ мыжып өлтіре салсам ба екен деп ойлады. Сол оймен пенденің дәп-дәу бәтеңке киген аяғы көтеріліп келе жатыр еді, осы кезде Құмырсқа:

– Ей, пенде, тұра тұр! Айтатыным бар, – деді.

– Не айтайын деп едің? – деді пенде Құмырсқаға сайқымазақ дауыспен. Сөйтті де, өзі жүресінен отыра қалды: – Ал айт, айтатыныңды! Әйтпесе, мыжи салам!

– Жақсылық жаса, – деді Құмырсқа.

Пенде Құмырсқаның сөзіне күйіп-пісті:

– Сол ма айтайын дегенің?! Сол да жаңалығы бар сөз бе?!

– Жақсылық жасасаң, өзіңе пайдасы тиеді, – деді Құмырсқа.

– Сауабы тиеді десейші, – деді пенде мырс етіп. – Соны мен білмейді деп ойлайсың ба?!

– Оны айтып тұрған жоқпын, – деді Құмырсқа. – Жақсылық жасасаң, әмияныңнаң бір түйір алтын теңге тауып аласың.

Пенде Құмырсқаның сөзіне ішек-сілесі қатып күлді:

– Кіп-кішкентай болып алып сен де мені алдағың келеді, иә? Сенімен сөйлесіп отырған мен де ақымақ. Мен сен түгілі, өзім сияқты пендеден алданбаймын ғой.

– Сенбесең, сынап көр, – деді Құмырсқа. – Бірақ сол бір түйір алтын теңгені қанағат ет.

Сөйтті де, Құмырсқа пендені айналып өтіп, өзінің жолына түсіп жүре берді.

Пенде сол күні жақсылық жасады. Бірақ үйіне келе жатып: «Қайдағы бір Құмырсқаның сөзіне сеніп, алтын уақытымды босқа кетіргенімді айтсайшы. Одан да сол уақытымды өзіме пайдасын тигізер бір іске жұмсасам нетті?» – деп өкініп келе жатты.

Пенде кешкісін әмиянын ашып қалып еді, ішінде жарқырап жатқан бір түйір алтын теңгені көріп қуанып кетті. «Алтын теңге тауып алдым! – деп айғай салды пенде. – Бұл енді менікі! Менің ақшам!

Сонан соң пенденің көңіл-күйі түсіп кетті. Бағанағы Құмырсқаның «соны да қанағат тұт» деген сөзін тарс есінен шығарып: «Неге алтын теңге біреу-ақ? Мен бүгін екі адамға жақсылық жасап едім ғой», – деп томсырайып өкпелеп отырды.