Әңгіме: Ғабиден Қожахмет | Аянаның табысы
Директордың бөлмесінде отырған Баянбаеваның осында кіргендегі көңілі пәс тартты. Әлгінде ғана қалалық жарыстан озып шыққан шәкірті Аянаның табысы директор ханымды аса қуанта қойған жоқ. Баянбаеваның алабұртқан көңілі осыған сап басылды.
Директор сұрағын тағы да қайталады:
— Сайынованың шәкірті не болды?
— Сайынова… — Баянбаева директор ханымның көңіліне қарап кібіртіктеп қалды. — Сайынованың шәкірті қалалық жарыстан өте алмады.
Сол-ақ екен, директордың қабағы қарс түйіліп кетті.
— Өте алмаған екен ғой!.. — Баянбаева директордың даусынан әлдебір күйінішті лепті сезді.
«Адамды неге алалайды? — деп ойлады Баянбаева. — Мен де осы мектептің мұғалимасы емеспін бе? Менің шәкіртім Аяна да осы мектептің оқушысы ғой».
Рас, Сайынованың көрсеткен көрсеткіштері жоғары еді. Сайынова деңгейі жоғары педагог болып есептелетін. Бірақ Сайынованың қалалық жарыстан шәкіртін құлатып алғандығына Баянбаева кінәлі емес қой.
Баянбаеваның екі шекесі солқылдады. Денесі қызынып, бусанып кеткендей болды.
— Сайынованың шәкірті құлаған екен ғой…
Баянбаеваның құлағына директордың даусы қаңғыр-күңгір етіп естілді. Директордың не айтып отырғандығын Баянбаева сосын ғана барып түсінді. Бірақ директор бұл кезде Баянбаеваға қарап сөйлеп отырған жоқ еді.
Баянбаева директордың бөлмесінен көңілсіз шықты. Әлгінде ғана шәкірті Аяна екеуінің қалалық жарыстан шыққаннан кейін мәз-мейрам болып келе жатқандағы сәттерін әлдене көмескілендіріп тастағандай болды. Сонда Баянбаева шәкірті Аянаны бауырына қысып тұрып: «Айналайын-ай!» деген еді жақсы көріп.
Баянбаеваның құлағына кенет «Апай!» деген нәзік дауыс естілгенде, өзін тосып тұрған шәкірті Аянаны көрді. Аяна ұстазының жанына жүгіріп келді.
— Апай! Тапсырмаларға дайындала берейін бе?!
Баянбаева кенет серпіліп кетті:
— Дайындал! Әлі облыстық кезеңнен де топ жаратын боламыз!
Баянбаеваның аузына сол жолы құдай салды ма екен, бүгін шәкірт пен ұстаз облыстық кезеңнең де олжалы шықты. Өздерінің табыстарына қуанған шәкірт пен ұстазы тағы да шадыман шаттықта келе жатты. Қалада қар жауып тұр еді. «Біз табысқа жеткен күні қар жауып тұрды-ау, — деп ойлады Баянбаева. — Біздің табысымызға табиғат ананың өзі де қуанып тұрған секілді». Аппақ ұлпа қар түйіршіктері ұстаз бен шәкірттің иығына келіп қонақтайды. Осы кезде Баянбаева шәкіртіне: «Аяна! Сенің мамаңа барамыз! Мамаңнан барып сүйінші сұраймыз!» — деді. Сүйікті анасының атын ұстазының аузынан естігенде Аяна қуанып кетті.
Аянаның әкесі Аянаның кішкентай күнінде дүниеден озып кеткен еді. Өзін үнемі көтеріп, еркелетіп жүретін сүйікті әкесінің жүзі Аянаның көз алдында еміс-еміс қана сақталып қалыпты. Аянаның әкесі қайтыс болғаннан кейін, «жығылған үстіне жұдырық» дегендей, Аянаның мамасы автомобиль апатына ұшырап, бір аяғын тізеден кестіріп, протездың көмегіне сүйеніп қалған еді. Бірақ қайсар әйел мойыған жоқ. Сүйікті қызы Аянаны жеткізу үшін барын салды. Бертін келе кәсіпкерлікке ден қойып, өзіне шағын дүкен ашып алып, сонда жұмыс істейтін.
— Бүгін Раушан жоқ шығар, — деді Аяна ұстазына әлгінде ғана болған қуаныштан әлі де жүзі бал-бұл жана қарап. — Раушан жұмыстары болып сұранып кеткен болуы керек. Дүкенде мамамның өзі тұрған шығар.
Аянаның Раушан деп отырғаны — осы қаладан арнаулы орта білімді заңгер мамандығы бойынша колледж бітірген, ауылдан келген жас қыз еді. Әзірге жұмыс табылмай, білімімді кейін жалғастырамын деп жүрген Раушанды Аянаның мамасы өзінің дүкеніне бірге жұмыс істеуге шақырған. Дүкенде көбіне Раушан тұратын. Әрі Раушан Аяналармен бірге тұрады. Раушан мен Аяна тура бір әпкелі-сіңлілі жандардай болып кеткен.
Ұстаз бен шәкірт Аянаның мамасының дүкеніне жақындап келе жатты. «Аяна» дүкені. Аяна әрдайым маңдайшадағы осы бір жазуды оқыған сайын, өзінің есімін маңдайшаға жазып қойған анасына мың алғыс айтатын.
Ұстаз бен шәкірт дүкен ішіне қол ұстасып кіріп келгенде, дүкен ішінде сатып алушылар жоқ кезі еді. Өздеріне Аянаның мамасы назарын салып қарай бергенде, ұстаз бен шәкірт қосарлана: «Біз жеңдік!» деді. Әйел жеңіске жеткен қызын құшақтап сүймекке сөрені айналып өтпек болып, ұмсына бергенде, Аяна:
— Мама!.. Мен өзім!.. — деді де, жүгіре басып барып, сөрені айналып өтіп, анасын құшақтады. Ана мен қызының қуанышына Баянбаеваның жүрегі елжіреді. «Шіркін, адамдардың бәрі осылай қуанса ғой!» деп ойлады Баянбаева.
Ана мен қыз шүйіркелесіп жатқанда, Баянбаева дүкен ішіндегі сөреде тұрған заттарға бір сәт назарын аударған еді. Бір кезде артына бұрылып қарағанда мамасының жанында кішкентай балаша еркелеп шоколад жеп тұрған Аянаны көрді. Мынау әлгінде ғана мықты деген мектептердің мықты деген шәкірттерін артқа тастаған Аяна ма? Баянбаева шәкіртіне қарап күлімсіреді. Көңілі босады. Бірақ Баянбаеваның дәл қазір босансуға қақысы жоқ еді. Өйткені сүйікті шәкіртінің өзіне деген үміті мен сеніміне қоса, алда оларды тағы да бір үлкен асу күтіп тұр еді.