Әңгіме: Емле ережесінің негізі дыбыстық жүйенің дұрыстығы
Сауатты жазу мәселесі тіл ғылымы саласында ауық-ауық шешімін іздеп тұратыны белгілі. Емле ережеміздің бекітіп берген қағидалары заман өзгерген сайын қолданыстағы әрекеттер барысында кереғарлық үдерісіне ұшырап жатады. Кейде оларды «орфоэпиялық заңдылықтарымыз» мойындамай қояды. Осыған орай, мерзімді баспасөз беттерінде біріккен сөздердің жазылуы, сөз тіркестерінің жазылуы, қосымшалардың дұрыс жалғануы, кейбір түбір сөздердің жазылуы төңірегінде ұсыныстар мен ескертпелер жарияланып тұрады. Ғалымдар ғылыми жол іздейді, жазушылар тіл тазалығын қорғайды, оқырман қауымы қолдану ерекшелігін негізге алады. Бәрінің мақсаты – ана тіліміздің ұлттық сипатын ұлықтау. Емленің екшелуі қателікті табудан емес, сол қателіктің орнына дұрыс ұсыныс айтумен ғана жүзеге асады. Қысқарған сөздерге жалғанатын қосымша соңғы сөздің толық нұсқасындағы соңғы дыбысқа байланысты жалғанады дейтіндер ҚазҰУ-нің деп жазады да, қысқарған соңғы дыбыстың айтылуына байланысты жалғайтындар ҚазҰУ–дың деп жазады. Бұл екі түрлі нұсқа басылым беттерінде қатар қолданылып келеді. Бұлардың екіншісі дұрыс нұсқа екендігіне бір ғана АҚШ қысқарған сөзіне қосымша жалғау арқылы көз жеткізуге болады. Егер бірінші қағида бойынша жазсақ – АҚШ-ның (Америка Құрама Штатының), ал екіншісі бойынша АҚШ-тың. Егер бұл ұсынысқа келіспейтіндер болса, қосымшаның басқа түрін жалғап көрсетіңіз: ҚазҰУ-не әлде ҚазҰУ-ға, АҚШ-на әлде АҚШ-қа. Дұрысы – соңғы қысқарған сөздің бас әрпінің айтылуына қарай қосымша жалғау. Біріккен сөздердің жазылуындағы әралуандық та бірізділік сипат ала алмай келеді. Бұл күрделі атаулардың біріккен тұсындағы қатар келген екі дауыстының біріншісі айтылмайтындықтан кейде оны түсіріп жазамыз да, кейде екі дауыстыны да қатар жазамыз: Сарыарқа, Жанұзақ (Жаныұзақ) Қараой, Ұлмекен (Ұл ма екен). Әрине, кез келген тұлғаның негізге алатыны – Орфографиялық сөздік. Сөздікте дәл осылай берілген. Ережесі кейбір жалқы есімдердің осылай жазылатыны турасында ғана. Егер біріккен сөздердің қатар келген екі дауыстысы «қысаң – ашық» тұлғасында келсе, екеуі де жазылып, «ашық – ашық» тұлғасында келсе, алғашқысы түсіріліп жазылады десек, емлеміз ережеден ақсай қоймас еді. Ереженің құрамына кейбір деген сөз қосылса, ол қағида ережелік сипатынан айырылады. Көріп отырғанымыздай, сөздердің дұрыс жазылуы морфологиялық салада көрініс тапқанмен (қосымшаның жазылуы, күрделі сөздің жазылуы), дыбыстық жүйенің мазмұнынан алшақтап кетпейді. Емле ережесінің 70-80 пайызы дыбысқа байланысты деген пікірлердің өзі толық ақиқат емес. Өйткені емле ережесінің ереже дәрежесінде қалыптасуына мәжбүрлейтін – орфоэпия заңдылығы. Ал орфоэпия дыбыстардың айтылу жүйесіне негізделеді. Қазақ тілі дыбыстарына қатысты ережелердің бәрі орфоэпия заңдылығына қатысты туындайтынын ықпал түрлерінен, буын түрлерінен, қосымшалардың вариантылығынан айқын көруге болады. Қаншама мәжбүрлеп, жалған қағидаға бағындыра жазсақ та, фонетика саласын талдап оқытқан тұста қарама-қайшылыққа ұшырасамыз да отырамыз. И дыбысын дауысты деп оқытамыз да, оның ешуақытта қысаң Ы және І дауыстыларынсыз айтылмайтынын қаперімізге алмаймыз. Жи, ки, қи түрінде түбір етістік қылып, бір буынды сөз ретінде түсіндіреміз. Бұдан кейін бұл сөздерді негізге алмай-ақ басқа тақырыптарды өтуге болар еді ғой. Жоқ, осы сөздерге дауыстыдан басталған қосымшаны жалғауға бейім тұрамыз. Сөйтіп дауыссыздан кейін келетін жалғауды жалғап және екі дауысты қатар келгенде байқалатын кейінді ықпалды жоққа шығарып, оқушының алдында екіжүзділік танытамыз. Салыстырып көрейік:
орфография бойынша — орфоэпия бойынша —
ки + ін кі + йін
жи + ыл жы + йыл
қи + ыл қы + йыл
Егер осы сөздердің емле ережесіне сай түрлеріне дыбыстық жүйенің ережесі бойынша (дауыстыдан кейін қосымша дауыссызға басталады) қосымша жалғасақ (ки – м, жи – м, қи – м) айта алмас едік. Айта алмау деген сөз – орфоэпия заңдылығының бұзылуы. Орфоэпия – сөздің айтылмауы емес, дұрыс айтылуы. Қазіргі қазақ тіліндегі У «дауыстысы» да осындай кереғарлықты қайталауда:
орфография бойынша — орфоэпия бойынша —
ту + ыс тұ + уыс
жу + ыс жұ + уыс
бу + ыс бұ + уыс
Ережелерге сүйенетін болсақ, бұл етістіктерге де етіс жұрнағы – с күйінде жалғануы тиіс ( ту – с, жу – с, бу – с ). Балабақшадан бастап, мектеп бітіргенше оқытылып келе жатқан дыбыстық жүйені өзгерте салу оңай жұмыс емес. Бірақ өзіміз айтқан ережелерімізді теріске шығармау үшін осы екі дыбысқа қатысты( И мен У) жасандылықты түсіндіргеніміз жөн деп ойлаймын. Оны түсіндірудің бір жолы – жоғарыдағы үлгілеріміз. Ал екінші жолы – буын түрлерін өткен тұста айқындалатын көріністер. Оқулық атаулының бәрінде буынның ережесі бірыңғай түсінікте беріледі. Ол – айтқан кездегі сөздердің толқынды бөлшегі. Яғни, буын айтуға байланысты ерекшелетінін бәрі мойындайды. Бірақ қалай айту керектігіне мән берілмей келе жатқан секілді. Сөзде қанша дауысты болса, сонша буын болады деген жаттанды ережемізді айтып аламыз да, буын деген сөздің өзін буынға дұрыс бөле алмай келе жатқанымызды мойындамаймыз. Өйткені буын қалпында бөлшектейміз де, айтылу ұстанымын жоққа шығарамыз. Жалпы буынның түрлеріне қатысты берілген тұжырымдарды негізсіз қалдырамыз. Дұрысын айтқанда, сөзді айтылуына қарай буынға бөлмей, буынына қарай айтып жүрміз. Мысалы: су-ық, жу-ық, ки-ім, би-ыл, жи-ыр-ма т.б. Сонда буын дегеніміз не? Буын дегеніміз — сөздердің ырғақты (ритмді) бөлшекпен айтылуы. Жоғарыда келтірілген мысалдарда (су-ық, жу-ық, ки-ім, би-ыл, жи-ыр-ма, бу-ын) осы ырғақ бұзылды. Бұларды ырғақпен айтатын болсақ : сұ –уық, жұ-уық, кі-йім, бы-йыл, жы-йыр-ма, бұ-уын түрінде, яғни дұрыс күйінде болады. Профессор Айтбай Айғабылұлының …буынның түрлерінің… сөз басында, ортасында, соңында келуі дегенге онша көңіл аудармай, тек дыбыстық құрамына қарай тану басым болып келеді деген ескертуі маңыздылығын осы тұста шыңдай түседі (1). Буынның дәстүрлі үш түрінің (ашық, тұйық, бітеу) сөз құрамындағы қалыпты орындарын бұрмалауды мектеп қабырғасынан бастағанымыз ( бұрмалап оқыту) , әрине, өкінішті-ақ. Оқулықтарда анық көрсетілген жалаң ашық буын сөздің басында ғана келеді (2), тұйық буын сөздердің басында кездесіп отырады (3) делінген пікірлермен санасуды қойғандаймыз. Әйтпесе, мектеп бітірушілерге арналған арнайы оқу құралдарында төмендегідей тапсырма берілмес еді
№ 6 нұсқа, 21-тапсырма. Қай сөздің 4-ші буыны тұйық буын?
А. Тарихи жерлерді аралау өте керемет.
В. Мен әдебиет сабағын жақсы көремін.
С. Таудан төменге қарай құлдилады.
Д. Ақырын басып үйге жақындады.
Е. Оның ағасы жау тылында қаза тапты.
№7 нұсқа, 4-тапсырма. Қай сөз тасымалданады?
А. екі С. ашық Е. сөз
В. бір Д. буын
16-тапсырма. Тасымалдауға болмайтын сөзді табыңыз?
А. қиыр В. суық С. бейім Д. қия Е. жиһан
№8 нұсқа, 1-тапсырма. Қай сөзде тасымалданбайтын буын бар?
А. әулие С. бәтеңке Е. күртеше
В. жәрмеңке Д. шемішке
(Қазақ тілі: ҰБТ-ға дайындық оқулық-тест.Алматы, Шың — кітап, 2013).
«Дұрыс» жауаптарының астын сызып көрсеттік. Тұйық буынды төртінші буынға дейін апарып, жалаң ашық буынды үшінші буынға қойған оқытушының орфоэпия заңдылығынан хабары барлығына күмәнданбасқа амалың жоқ. Тіпті тасымалдың өзінде дауысты дыбыстан басталатын буынның екінші жаққа апарылмайтыны да ашық айтылған ғой. Мәселенің бәрі И мен У – дың дауысты дыбыстар қатарына кіргізілуінен болса, сол екеуін дауысты қылмайтын мысалдар да жеткілікті емес пе?! Теріс тұжырымды оқушының санасына сыналай бергеннен ұтарымыз шамалы. Ғылым саласында буынның алмасуы, буынның жылысуы деген ұғымдардың бар екенін білеміз. Оны қосымшалардың дауыстыдан басталуы мен қатар келген екі дауыстының алғашқысының айтылмауымен дәлелдейміз. Бұдан ерекше ғылымға тән жаңалық іздемегеніміз жөн. Оны орфоэпия заңдылығына апарып телігеніміз — әлдеқайда жеңілірек. Қазақ тілінде сөздің ортасы мен соңында жалаң ашық буын мен тұйық буын айтылмайтын болғандықтан, осы буын тұлғасындағы қосымшалар не екі дыбысты ашық, не бітеу буынның құрамына кіріп айтылады.
Мысалы: тол +ы = то-лы, бар +ым=ба-рым, жай +ыл = жа — йыл. Бұл жерде дыбысқа емес, буын ырғағының үйлесімділігіне назар аударғанымыз орынды. Енді қосымшасыз-ақ, біріккен сөздер мен тіркестердің ара жігіндегі буын өзгерісін байқайық. Жалаң ашық немесе тұйық буын айтылмайтындықтан, буын ықшамдалады. Жалаң ашык буын екі дыбыстан тұратын ашық буынға, ал тұйық буын бітеу буынға айналады:
біріккен сөздер: тіркес үлгісіндегі сөздер:
Са-ры-ар-қа – Са-рар-қа, са-ры ал-тын — са-рал-тын,
Са-ры -ө-зек – Са-рө-зек, ба-сы а-шық — ба-са-шық.
Көріп отырғанымыздай, сөзге жалаң ашық буын мен тұйық буын немесе осы буындар үлгісіндегі қосымшалар жалғанғанда ғана буын алмасу үдерісі жүреді. Ал екі дыбысты ашық немесе бітеу буын және осы үлгідегі қосымшалар жалғанғанда сөз құрамында буын алмасу құбылысы болмайды. Өйткені бұл буындар мен осы үлгідегі қосымшалар сөздің басында, ортасында, соңында еркін айтыла береді.
Әрине, қаншама жылдар оқытылып келе жатқан, оқулықта бекітіліп берілген ережелерді лезде өзгерту керек деген ұсыныс жасаудан аулақпыз. Ұсынымыз — оқушымызға ненің дұрыс, ненің жасанды екенін түсіндіре оқыту керектігін оқытушының ар-ожданына жүктеу. Әйтпесе, біп – биік, жып- жинақы, сұп-суық, құп-қу шырайларындағы біп, жып, сұп, құп күшейткіш буындарының қайдан шыққанын дұрыс оқытқан оқушының білмеуі мүмкін емес. Дұрыс оқытқан оқушының жоғарыда берілген тест тапсырмалары үлгісінің дұрыс емес екендігіне көзі толық жетеді. Емле ережесінің дыбыстық жүйеге негізделетінін, ал дыбыстық жүйенің күре тамыры орфоэпиямызда жатқанын естен шығармағанымыз абзал. Біздің мақсатымыз — оқушымызға емле ережесіндегі шынайылықтың қастерлілігін пайымдату
Қайсар Қадырқұлов
Әдебиеттер:
1. А.Айғабылов, Қазақ тілі морфонологиясы мен лексикологиясы – Алматы:2006, 272 б.
2. Ғ.Әбуханов, Қазақ тілі – Алматы: 1982, 282 б.
3. І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев, Қазіргі қазақ тілі – Алматы:1975, 305 б.