Әңгіме: Джек Лондон | Тұтылу
«Сұлай кету», «құлай кету», «жата қалу», «қата қалу» деген сөздердің мағынасы біз үшін біреу-ақ, ол — ұйықтау. Бұл қаланың «нашар» екенін, яғни тентіреп жүрген біз сықылды кезбелерге қолайсыз екенін сезе қойдым да, сол шаһардың өзін қойып, төңірегіне қарай бет түзедім. Қайдағы бір шарбақтан қарғып өтіп, далаға қарай «жөнеп келем». Иен далаға Заң тақсырдың құрығы жете қоймас — деп ойладым көк шөптің үстіне құлай кетсем, жас нәрестедей балбырап, әудемде тәтті ұйқыға батып кеткен екенмін. Ауаның жұпар иісі, тамылжыған түннің жылы лебі маужыратып, түні бойы бір оянсамшы. Таң ата көзімді ашып жібергенде, есіме кешегі таңғажайып күркіреуіктің түсе кеткені. Жалма-жан шарбақтан кері өтіп, тағы бір көрсінші деп суға қарай ентелеп келем. Уақыт әлі ерте екен, сағат сірә бестің кезі. Ертеңгі астан сегізсіз үміт жоқ. Демек, өзеннің арынды ағысын тамашалауға әлі толық үш сағат уақытым бар. Бірақ, амал не, маған өзенді де, күркіреуікті де көруге жазбаған екен!
Қала қалың ұйқыда. Қаңыраған бос көшемен келе жатыр ем, тап қарсы алдымнан сойдауылдай үш адам мініп келді. Үшеуі қатарласа жүріп келеді «Дәу де болса мен сияқты тым ерте өрген кезбесіңдер ғой» деген ой келе қалды. Бірақ әнтек қателессем керек. Болжамымның, егер есепке жүгінсек, үштен екісі ғана расқа шықты. Екі жағындағы адам, рас, кезбелер екен, алортасындағыны кезбе деуге жүрегім дауаламады. Мен жол беріп, тротуардың жиегіне қарай ығыстым. Бірақ олар кетпеді. Ортадағы кісі бірдеме дегендей болып еді, үшеуі кілт тоқтады да, әлгі адам маған үн қатты.
Бір бәлеге ұшырағанымды сездім. Ол «перғауын» болып шықты, жанындағы екі кезбе — соның тұтқыны екен ғой! Заң тақсыр да ерте оянып, саятқа шыққан екен. Сол құсы мен болдым. Әттең тәжірибемнің аздығы-ай, егер бірнеше айдан кейін кездессе ғой құдай ақына, сол арада жалт бұрылып, зыта жөнелер ем! Әрине перғауын ту сыртымнан мылтық атар еді, бірақ көздеген оқ тие бере ме, құтылып кетуім де ғажап емес еді. Ол мені, бәлкім, қуалай қоймас та, әйтеуір қолға түскен екі бірдей адам зырқырап қашып бара жатқан бір менен артық қой. Бірақ әлгі неме дауыстаған кезде ақымақ мелшиіп тұра қалыппын! Көп сөйлескеніміз жоқ.
— Қонақ үйдің қайсысына түсіп едің? — деді ол,
«Тұтылған жерім» осы болды. Қонақ үйге түспегенім өзіме аян, тіпті өтірік те болса бірдеме дей салуға шамам келмей қалғаны, өйткені әлі қонақ үйдің ешқайсысын көре алғаным жоқ-ты. Көшеге тым ерте де шыққамын ғой өзім. Не керек, шырмалдым.
— Келгенім жаңа ғана еді! — деппін.
— Жарайды олай болса, бұрыл да алға түсіп жүре бер, тым асықпа, бірақ. Сені осында бір кісінің көргісі келеді.
Мен «тұтылдым!» Көргісі келіп, ынтығып отырған сабаздың кім екенін түсінем. Сонымен аяңдап отырып, тұп-тура қаланың абақтысынан барып бір-ақ шығайын екі кезбе мен перғауын өкшелеп артымнан жүріп отырды, пергауынның бар сөзі олай жүр де, былай жүр. Түрмеге келгесін бізді тінтіп, аты-жөнімізді жазып алды. Фамилиямды кім деп жаздырғаным қазір есім де жоқ. Мен Джек Дрэйкпін деп едім, тінтуде табылған бір хаттың адресінде Джек Лондон деп жазылған екен. Жағдай осынау тұста көмескіленіп бара жатқасын, менен бұ қалай деп сұрады олар… Соның немен тынғаным қазір ұмытыппын. Әйтеуір не Джек Дрэйк болып немесе Джек Лондон болып ұсталғанымды анық білемін Осы екі фамилияның бірі дәуде болса күні бүгінге дейін сол түрменің тізімінде бар шығар. Сұрастырып анығына жетуге болар еді. Өйткені бұл оқиға 1894 жылы июньнің екінші жартысында болған. Мен абақтыға түскеннен кейін көп ұзамай темір жолшылардың үлкен ереуілі басталған.
Контордан шыққасын бізді «хобоға» апарып қамады. «Хобо» дегені тәртіп бұзғандарды қамайтын төрт бұрышты үлкен темір тор, түрменің бір бөлегі. Тәртіп бұзушылардың дені «хоболар», яғни кезбелер болғандықтан, темір торлы кілетті де «хобо» деп атайды екен. Біз келсек ішінде сол күні таңертең қолға түскен бірнеше кезбе отыр. Түрмешілер минут сайын есік ашып, екі үш кісіні итермелеп кіргізеді. Top үйшіктегі хоболардың саны он алтыға толғанда, бәрімізді жоғарыдағы сот камерасына алып барды. Мен енді сізге «соттық» қалай өткенін бұлжытпай баяндап берейін, ондағы жайлар менің американдық азаматтық ар-намысыма тиді, сонан бері бұзылған көңілім бір түзеле алмай-ақ келеді.
Сонымен, сот камерасында он алты тұтқын, бір судья,екі сот приставы болды. Кейін білдік, судья хатшының қызметін де өзі атқарады екен. Куә жоқ. Қаласында әділ соттың қалай жүріп жатқанын өз көзімен бере тұғын Ниагара-Фоллестің азаматтарынан да ешкім болмайды. Судья алдында жатқан «істердің» тізімін шолып жіберіп, біреудің фамилиясын атады. Кезбелердің біреуі үрпиіп орнынан түрегелді, судья сот приставына қарады.
— Қылмысы кезегендік, алдияр тақсыр,— деді пристав.
— Отыз күн! — деп салды тақсырдың өзі.
Кезбе орнына отырды. Судья тағы біреудің фамилиясын атады — тағы бір кезбе түрегелді.
Оның соты да бас-аяғы он бес секундте аяқталды. Онан кейінгіміз де соның, кебін кидік. Сот приставы: «Кезегендік, алдияр тақсыр»,— дейді, тақсыр: «Отыз күн», — дейді. Бар болғаны сол, сот ісі хронометрмен жүріп тұрғандай: әрбір хобоға он бес секунд… отыз күн түрме.
«Неткен жуас, үнсіз хайуан едіңдер! — дедім ішімнен. Тұра тұр бәлем; менің де кезегім келер, көрсетермін әлі тақсырыңа!» Сот осылайша жүріп жатқан еді, «алдияр тақсыр» әлде қалай біреудің сөз айтуына рұқсат берді. Бірақ ол нағыз хобо емес екен. «Соттан шыққан» кәдімгі хоболарға еш жері ұқсамайды. Біз әлгі су тартатын водокачканың қасында товар поезын күтіп тұрғанымызда қасымызға келе қалса ғой, оның «бала мысық» екенін бірден таныр ек. Кезбелер патшалығында «бала мысық» деп біздің жолымызға жаңа түскендерді айтады. Ол жас та емес — түріне қарағанда шамасы қырық беске келген кісі тәрізді. Әбден жел қақты болған беті быржық, бүкіштеу біреу.
Айтуына қарағанда, бір фирмада жүк тасушы болып істепті, ұмытпасам, Нью-Йорк штатындағы Локпортта ғой деймін. Фирма сәтсіздікке ұшырайды да, 1893 жылғы қиын-қысталаңда жабылады. Жөнді жұмыс болмағанымен иесі мұны ақырына дейін ұстапты. Сосын ол бірнеше айдай жұмыс іздеп, таба алмағанын айтты, қайда барсам да қаптап жүрген өңкей жұмыссыздар, ақыры Шалқар Көлден бірдеме табылып қалар деген үмітпен Боффалоға келеді. Сөйтіп жүргенде мынау пақыршылық халге де жетіп — қолға түседі, ұсталады. Бәрі ап-анық, түснікті-ақ.
— Отыз күн! — деді де судья тақсыр кезектегі мәселесі біреудің атын атады.
Ол да түрегелді.
— Кезегендік, алдияр тақсыр,— деді сот приставы.
— Отыз күн! — деді тақсыры.
Сот ісі осылайша қалыпты ретімен жүріп жатыр: он бес секунд — әрқайсымызға отыз күн түрме. Әділ coттың машинасы тоқтаусыз-ақ істеп тұр. Тақсыр тым ерте тұрып, таңертеңгі асын ішпей келген-ау деймін, енді асығып отырса да ғажап емес.
Әбден зығырданым қайнап отырмын. Американдық арғы аталарым маған тіл қатқандай болды. Бабалармымыздың қан майданда кескілесіп, басын құрбандыққа қиған бір арманы соттала қалсақ, ішінде ант берген әділ заседательдер отырсын деген тілек еді. Солардың қасиетті қанымен жуылған осы право маған да мирас болып қалған және сол правомды қорғауды өзімнің адал борышым деп білемін. «Жарайды,— дедім ішімнен судьяға тісімді қайрап.— Менің де кезегім келер!»
Менің де кезегім келді. Фамилиямның біреуін атаған кезде, қайсысы екенін қазір ұмыттым,— түрегелдім. Сот приставы:
— Кезегендік, алдияр тақсыр!—деді.
Мен де тайталасып сөйлей жөнелдім! Судья да қосарлана кетті:
— Отыз күн! — деді ол.
Мен қарсылық білдіре бастап ем, судья тақсыр ілесе: «Сөйлеме!» деп жекіріп тастады да тізімдегі тағы біреудің фамилиясын атады. Пристав мені зорлап орныма отырғызды. Кезектегі кезбе де отыз күнін алды, сонсоң сыбағасын алмаққа орнынан тағы біреуі тұрды.
Әрқайсымызды отыз күн түрмеге кесіп, сазайымызды беріп болған соң судья бізді жөнелтуге ыңғайланды да, бірақ бағана әлде қалай өзі сөйлеуге рұқсат бергені кісіге, әлгі Локпорттың жүк тасушысына қарап:
— Сен әлі не себепті жұмыс тастадың? — деді.
Жүкші жұмысты тастамағанын, қайта жұмыс тоқтап қалғанын әлгіде ғана түсіндіріп айтып еді ғой, енді судьяның мына сұрағынан ол абдырап қалды.
— Алдияр тақсыр,— деді ол сасқалақтап,— сұрағыңызға таңырқап тұрмын…
— Ендеше жұмыс тастағаның үшін тағы отыз күн! — деді тақсыр, сонымен сот ісі тоқтады. Жинақтай келгенде жүкшіміз алпыс күн, қалғанымыз отыз күннен арқалап шыға келдік.
Бәрімізді төменге әкеліп, тор кілетке қамады да, тамақ берді. Түрме үшін тамағы жаман емес екен — бірақ сонан қайтып ай бойы тап сондай тәуір ас ішіп көрген емен.
Менің жаным түршікті: заседательсіз соттағаны аз болып, сотқа өзімнің бейкүнә екенімді айтуға да пұрсат бермеді-ау, сот орнына бәрімізді келеке қылып, үкім шығарғаны қалай? Осы арада тағы бір ой сап ете түсті:адамның өз басына қол сұқтырмау правосы бар, сол үшін де бабаларымыз қан майданда кескілесіп еді ғой. Мен оларға көресіні көрсетемін әлі! Адвокат сұрап едім, жұрт мазақ қылып күлді. Правомыз рас бар ғой; бірақ оның маған пайдасы тимейтін болды, себебі түрмеден тыс ешкіммен қатынасуға болмайды екен. Мейлі, бәрі-бір оларға көресіні көрсетемін! Мені өмірбақи абақтыда ұстамас. Жарайды, тұра тұр бәлем, түрмеден бір шығып алайын. Билетермін алдымда бәріңді де! Менің заңнан аздаған хабарым бар, праволарымның да бар екенін білемін. Әділ заңды бұзып отырғандарыңды дәлелдеп бермесем маған серт! Түрмешілер келіп, бәрімізді алдына салып, түрменің үлкен кеңсесіне қарай айдап әкеле жатқанда мен қиялымда талапкер болып, шеккен зиянымды даулап жүргендей болам, менің таңғажайып хабарымды жұртқа жария еткен газет заголовкалары көз алдымда елестейді.
Полисмен қолымызға кісен салды, менің оң қолым мен бір негрдің сол қолын бірге кісендеді. («Аһа,— дедім ішімнен,— тағы қорладыңдар ма?! Тұра тұр бәлем, тұтқыннан босанып алайын!..») Негр соқталдай біреу екен, бойы алты футтан артық болар сірә, қолымды сәл итеріп жүреді. Бұрын-соңды көре жүрген негрлерімнің ішіндегі киімі алба-жұлба ең жаманы және өзі бір ең жайдарысы болып шықты!
Сонымен бәрімізді екі-екіден қосақтап, кісендеді. Бұғау салып болған соң болат шынжыр әкеліп, барлық кісеннің шынжырынан көктей өткізді де, құлып салды.«Бұғау салады» деген осы екен. Жүруге әмір етілді, көшенің бойымен аяңдап келеміз, бізді екі полицей айдап келеді. Ұзын бойлы негр мен маған құрметті орын тиді — ең алда келеміз.
Көрдей қараңғы тар қапастан кеңшілікке шыққаныңда күн сәулесі көз ұялтады. Шылдыр қаққан шынжыр-бұғаумен келе жатқан маған күн нұры сондай рахат жайлы тиді, көп ұзамай оны да отыз күндей көре алмайтынымды білем.
Жұрт бізге таңырқайды, кішкене қаланың көшесімен темір жол станциясына қарай жүріп келеміз. Қонақ үйдің қасынан өте бергенімізде верандада тұрған бір топ турист бізді әбден тамашалап қалды.
Шынжыр өте ұзын еді, поездың темекі тартуға рұқсат берілген бір вагонына кіріп, скамьяға екі-екіден салдыр-гүлдір отыра кеттік. Өзімді, ата-бабаларымды осыншама қорлағанына қатты қызараңдағаныммен ағат кетпедім, бұған есім де, ебім де жетті. Мен үшін төңіректегінің бәрі жаңалық. Алдымда бір ай белгісіз өмір тұр… Мен енді жырынды адам бар ма деп жан-жағыма қарадым. Бізді жүз қаралы кісі қамайтын кішігірім абақтыға емес, он күннен он жыл мерзімге дейін кесілген тұтқындарды ұстайтын нағыз түзету үйіне әкеле жатқанын білдік.
Менің арт жағымдағы скамьяда балуан денелі, шып-шымыр, дембелше келген біреу отыр. Шамасы, жасы отыз бес-қырықтарға келген. Қыжақтап соған қарап отырмын. Оның көз жанарында бір сықақ күлкі, жайдарылық бар сияқты, ал кейпі көбінесе хайуанға ұсайды, тіпті жыртқыш аң тәрізді, ерен күшті, жыртқыштың барлық инстинктін бойына түгел жиған, ар-ұяттан әбден безген адамсың-ау деп те қаласыз. Бірақ ашуына тимесе айбатын шақырмайтын жыртқыштың жайдары жымысқығаны сықылды оның көз жанарында айуандығын жуып кететін бір жылылық та бар, маған ұнағаны осынысы.
Бұл бір «олжа» болды маған. Бар «қастерімді тіктім». Менімен қосақтаулы ұзын негр кір жуатын жерге жұмысқа тұрмақ болып уәделескенін, бірақ ұсталып қалып, онан да айырылғанын әзіл-күлкісін араластырып айтып келеді. Осылайша поезд Буффалоға қарай заулатып келе жатқанда мен де бір сәтте артымдағы кісімен тілдесіп қалдым. Трубкасында түйір жоқ екен. Сары майдай сақтап жүрген темекімнен трубкасына толтырып темекі салып бердім, өзіме ол он папиросқа жетер еді. Несін айтасыз, сөйлескен сайын ұнап, таптырмайтын серік екеніне көзім жете бастады. Ақыры менің барлық темекімді екеуміз бөліп тартып кеттік.
Айта кетейін, мен кісінің көңілін көп аса жықпайтын адаммын, өмірден тәжірибем тағы бар, нендей жағдайға болса да үйлесе кетем. Қалауымның қымбат екенін әлі анық білмесем де, мен осы кісімен қалай да үйлескім келді. Бізді әкеле жатқан «түзету үйінде» бұрын ол отырып көрмеген екен, бірақ басқа түрмелердің біразында — бірінде бір жыл, бірінде екі жыл, кейбіреуінде тіпті бес жыл ұдайымен жатып шыққан көрінеді, әйтеуір тұтқындардың айла-амалын жақсы білетін адам болып шықты. Екеуіміз әб-сәтте шүйіркелесіп кеттік. Ақыры ол маған: білдің бе, айтқанымнан шықпағайсың дегенде жүрегім қуанғаннан дүрсілдеп кетті. Ол маған «жігітім» дейтін болды, мен де «жігітім» деп кеттім оны.
Поезд Буффалодан бес миль жердегі бір станцияға келіп, тоқтады да, біз шынжырымызды сылдырлағын поездан түстік. Соның қай станция екені қазір есімде жоқ, — әйтеуір Роклин, Роквуд, Блэкрок, Роккасль немесе Ньюкасль сияқты бір станция болатұғын. Оның атында не жұмысымыз бар, әйтеуір бізді біраз жаяу айдап апарып, трамвайға отырғызғанын білем. Вагон бұрынғы ескі вагон екен, отыратын орны екі жақ қабырғасының өне бойында. Кіргесін жұртты тұрғызып, вогонның, бір жағына отырғызды да, бізді екінші жағына орналастырды. Жұрттың бетпе-бет қарсы алдында отырмыз. Әлі есімде, әйелдердің әбден құты қашты, тегі, бізді кісі өлтіріп немесе банкі тонап, каторгаға кесілгендер деп ойлаған болу керек. Мен де жорта түсімді бұзып, нағыз қанішер бола қалдым. Бірақ кісендес серігім, әлгі жайдары негр, көзін алақтатып: «О жасаған-ай. Жасаған ием жар бола гөр!» деп күле береді.
Біз вагоннан түсіп, жаяу Эри округінің түзету түрмесінің кеңсесіне келдік. Мұнда бізді тағы тізімге тіркеді. Менің екі фамилиямның біреуін сонан тауып алуыңызға да болар. Бізге ақша, темекі, оттық, бәкі сияқты бағалы заттарыңды тапсырыңдар деді. Менің жаңа танысқан досым бетіме қарап, басын шайқады.
— Егер қазір тапсырмасаңдар, кейін бәрі бір қатталады,— деді түрменің әкімі.
Бірақ достым маған басын шайқай береді. Тұтқындардың сырт жағынан оның қимылдаған қолын, не істегенін көрдім (қолдағы кісенімізді ағытқан). Мен де сияқты өзіме қат нәрсенің бәрін қол орамалға түйдім. Түйіншекті көйлегіміздің ішіне жытырдық. Сағаты бар бір-екі ғана кісі болмаса, тұтқындардың ешқайсы нәрсесін тапсырмады. Олар сәті түссе, амалдап алып өтерміз деп тәуекелге бел байлаған сияқты; менің жолдасымдай қу мүйіз емес екен олар, себебі, керек заты ешқайсысы орамалға түйген жоқ.
Бізді әкелген конвой босаған кісені мен шынжырын алып, кетіп қалды, бізді енді өзге қарауылшылар түрмеге алып жүрді. Түрменің кеңсесінде тұрғанымызда тобымызға тағы біраз тұтқын келіп қосылған еді, сонымен ұзын санымыз қырық-елуге жетіп қалды.
Еркіншілікте жүрген әлеумет, сіздер орта ғасырда сауда жолы қандай тар болса, үлкен түрменің ішінде де жүру-тұру сондай қиын екенін білесіздер ме?! Түзету үйіне бір қамалғасын, еркін жүру деген болмайды Аттаған сайын алдыңыздан тастай берік есік не қақпа ұшырайды да отырады. Бізді шаштаразға қарай алым жүрген еді, жолда жабық тұрған есік сияқты бөгеттен көп нәрсе жоқ екен. Бірінші «вестибюльде»-ақ есік ашқанша езіліп, біраз тұрдық. «Вестибюль» — дегендері не вестибюль, не коридор емес. Биіктігі алты этаж кірпіштен қалаған төрт бұрышты үлкен қуыс; этаж сайын қатар-қатар камера, әр қатары, айталық, елу камера. Tiпті ең дұрысы зәулім биік бал омартасын еске түсіріңізші. Оны жерге қойып, айналасына қабырға тұрғызын, төбесін жапсақ, дәл Эри округіндегі түзету түрмесінің «вестибюлі» болады да қояды. Түсінігіңіз толығырақ болу үшін камералардың әрбір қатарын бойлай салған, шетінде темір кермесі бар, ұзынша, тар аспалы галерей-сымақтарды еске түсірсеңіз болғаны. Өрт бола қалса керек болар деп, галерейлердің екі жақ шетін тар темір басқышпен қосқан.
Сонымен, күзетушілер есік ашқанша бірінші «вестибюльде» иіріліп тұрдық. Қасымыздан шашын ұстарамен тақырлап алған, үстінде түрмеде отырғандар киетін жол-жол ала киімі бар тұтқындар өтіп жатыр. Сондайлардың біреуі біздің дәл үстімізде, үшінші этаждағы галерейдің көрмесінен асыла қарап тұр екен. Бізді мүлде байқамаған адам тәрізді. Бет алдына қарап, жай тұр. Менің досым «ш-ш» деп ақырын дыбыс берген кезде, ол жалт бұрылып, төмен қарады. Сол сәтте екеуі ымдасып та үлгірді. Серігім түйіншегін жоғары лақтырып кеп жіберді. Тұтқын түйіншекті қағып алып, қойнына тыға қойды да, түк көрмеген кісідей жайымен тұра қалды. Достым маған сен де сөйт деп ишарат білдірді. Күзетші әрі қарай берген кезде түйіншегімді мен де ырғыттым, ол да барып, тұтқынның қойнына түсіп, жоқ болды.
Бip минуттан кейін есік те ашылып, бізді шаштаразға алып барды. Мұндағылар да өңкей ала жолақ киім киінген түрменің шаштараздары екен. Ванна, ыссы су, сабын, щеткалары да бар көрінеді. Бізге шешініп, жуынып шығуға бұйырды, өзара екі-екіден үйлесіп, арқаларыңды да ысқылап жуыныңдар деді. Мұнысы әншейін бір әурешілік болып шықты,— түрменің іші қыбырлаған қандала мен бит-бүрге екен. Жуынып шыққан соң әр қайсымызға киім салатын бір-бір кенеп қапшық берді.
— Киімдеріңді мына қапшыққа салыңдар,— деді конвой.— Рұқсатсыз нәрсе алып өтем деп әуреленбеңдер! Бәріңді де киімсіз тұрғызып қойып қараймыз. Отыру мерзімі отыз күннен аспайтындардың башмақ пен шалбардың иық бауын алуына болады. Отыз күннен артыққа кесілгендер ешнәрсе алмасын.
Жұрттың бәрі: «Рұқсат етпеген нәрсені жалаңаш адам қалай алып өтпек» деп орынсыз бұйрыққа кейістік білдіріп жатты. Өзгелердей абыржымаған достым екеуміз ғана. Шаштараздар да іске кірісті. Олар бізбен сыпайы сөйлесіп, жік-жапар болып, қимас заттарыңыз болса, сақтауға бере тұрыңыздар, бүгін қайтарып береміз, десті. Сөзіне қарасаң — бізге шын жаны ашыған жандар сықылды. Әлгі Фра Филиппо Липпи (XV ғасырда болған итальян суретшісі; ел аузындағы аңызға қарағанда, оны теңіз қарақшылары алып кеткен) оқиғасынан кейін еш жерде, ешкім адамды, сірә, бұлай тонамаған болар. Оттық, темекі, папирос қағазы, трубка, пышақ, ақша — осының бәрі шаштараздардың қойнынан түсіп кетті. Қойын-қонышы олжаға толған шаштараздар үрген местей, күзетшілер де түк көрмегенсіп тұр. Қысқасы, заттың бәрі сол күйі кетіп отырды. Оны иелеріне қайтарған ешкім жоқ. Қайта олар мұны заңды олжамыз, «құдай берген» қосымша табысымыз деп біледі. Кейін байқасам, түрмеде кісі тонаудың толып. жатқан айла-тәсілі болады екен. Мен досымның арқасында соның, талайын аңғардым.
Шаштараз бөлмесінде бірнеше ғана орындық бар, олар бізді кезекпен қапыл-құпыл күзей бастады. Мен адамның сақал-шашын тап сондағыдай шапшаң алған ешкімді көрген емен! Кезектегі кісі сақал-мұртына өзі сабын жағып, әзір тұрады, шаштараздар тек ұстарасымен сыдыртып өте шығады, бір кісіні бір минуттен асырмайды. Дегенмен, шаш алуға келгенде сәл кідіретіні рас. Сонда да он сегіз жастағы менің шашымды үш минуттің ішінде-ақ алып үлгірді ғой, шаш түбінде қалғап қылтаны демесеңіз басым нағыз биллиардтың шарындай болып шыға келдім. Киім-кешегімізбен ұсақ-түйек көр-жеріміз сықылды сақал-шаштан да көзді ашып-жұмғанша жұрдай болдық. Маған нансаңыз, солардың қолынан өткеннен кейін бәріміз де түрінен кісі шошитын нағыз жауыздың өзінен айнысақ не дейсіз! Шетімізден кілең бір жексұрын малғұн екенімізді бұрын, сірә, елемесем керек!
Бізді қаз-қатар тұрғызды. Қырық-елу кісі Лунгтунпенді қиқулап шауып алған Киплингтің еңіреген ерлеріндей тұттай жалаңашпыз. Башмақтан өзге лыпа жоқ, бұл тінтуді тіпті-ақ жеңілдетті. Шаштаразға сенбеген екі-үш ердің темекі, трубка, оттық, майда ақша сияқты тыққандары оңай табылып, табан астында қатталып кетті. Бұл шаруаны да жайғастырып болған соң киім берді: түрменің кәдімгі шидем киімі — күрте, шалбар, бәрі де ала жолақ. Мен бұған дейін қылмыс жасаған кісіге ғана ала киім кигізеді деп қателесіп жүріппін. Сол арада-ақ қате пікірден қайттым, үстіме жүзі қаралардың киімін киіп, сап түзеп жүруге де көндіге бастадым.
Біз тізбектеліп жүріп келеміз, әр кім екі қолымен алдындағы серігінің иығынан ұстап жүруге тиіс. Осылай жүріп отырып, екінші үлкен «вестибюльге» келдік. Мұнда бізді қабырғаның бойына қаз-қатар тұрғызып қойды да, сол қолдарыңның жеңін түріңдер деп әмір етті. Біздей хайуандарды умаштап, дәрігерлікке жаңа төселіп келе жатқан бір студент-медик, жап-жас жігіт қатарымызды көктей өтіп келеді. Ол бізге дәрі егіп жүр, жұмысын шаштараздардан да тез тындырды. Қаны тоқтап, жарасы жабылғанша абай болыңдар, ештемеге тигізбеңдер деп ескертті де, түрмешілер бәрімізді бөліп-бөліп камераға қамай бастады. Достым екеуміз осы арада ажырастық, бірақ ол маған: «Сорып таста!» — деп сыбыр етті.
Қамай салысымен еккен дәрісін сорып тастадым. Кейін өзгелердің қолын көрсем, жұдырық сыйып кеткендей үлкен жара болыпты! Өз обалдары өзіне! Сорып тастамаған өзінен көрсін…
Камерада тағы бір тұтқын отыр екен. Екеуіміз осында мерзімді бірге өтемекпіз. Көршім көп сөйлеспейтін, мығым ғана жас жігіт, бірақ жалпы жөні түзу тамаша бала сияқты — Огайо штатының «түзету үйлерінің» бірінде екі жыл отырып, жақында ғана шыққаны оқа емес қой.
Жарты сағат шамасында бір тұтқын галерейдің бойымен өтіп бара жатып, біздің камерамызға қарады. Ол менің тамырым екен. Бақсақ, оған «вестибюльде» еркін жүруге рұқсат етіпті. Таңертеңгі сағат алтыда оның камерасын ашып, кешкі тоғызға дейін жаппайтын болды. Түрмеден бір көңілдес адамы табылып, мұны «коридоршы» дейтін өздерінің сенімді кісісі етіп қойған екен. Бұл қызметке оны тағайындап жүрген де тұтқындардың арасынан қоятын «бірінші коридоршы» деген , сенімділердің бірі көрінеді. Біздің корпусімізде он үш осындай коридоршы бар — он галерейдің әрқайсысына бір-бір коридоршыдан — олардың бәрінің үстінен бірінші, екінші, үшінші коридоршылар қарайды. Абақтыға бүгін түскендер еккен шешегі шыққанша кешке дейін камерада болады, ал ертең таңертең түрменің қорасына шығарады, еріксіз жұмыс істетеді деді менің досым.
— Мүмкін болған бір сәтте сені өзім босатып алармын,— деді ол.— Коридоршылардың біреуінің орнына сені қойғыздырам!
Қойнынан бағанағы менің түйіншегімді алып, темір тор арқылы өзіме берді де, коридорды бойлап жүріп кетті.
Түйіншекті шешіп қарасам, нәрселерім түп-түгел! Оттықтың бір талына да тимепті. Камералас серігіме мен темекі ұсындым. Оттық жағарда ол маған тұра тұр деді. Керуетімізде тозығы жеткен бір-бір кір адиял жатыр еді. Жиегінен жіңішкелеп жыртып алып, шиыршықтап есті де, шетіне от тигізді. Мақтадан тоқыған мата алауламай қызарып қана тұтанды. Ол бірнеше сағат бойы сөнбейді екен. Камералас жолдасым оны «білте» дейді. Білте біте бергенде тағы біреуін есіп алып, бір шетін ,сөніп бара жатқан шоққа тигізіп үрлесең — от дайын.
Көріп отырсыздар, от сақтауға келгенде біз Прометейдің өзін де ұрып байланамыз!
Сағат он кезінде түскі тамақ әкелді. Кілетіміздің есігінде тауық қораның есігіндей, табалдырыққа тақау жерде кішкене ғана тесік бар еді. Сонан екі тілім кепкен нан мен екі аяқ «сорпа» қойып кетті. Сорпа дегеніміз бір кружкадай қайнаған қара су, бетінде жалғыз жыланқарақ қалқып жүр. Шамалы түз дәмі бар.
Сорпамызды іштік, нанға тигеніміз жоқ. Тоқ болғандықтан емес, немесе нанның нашарлығынан да емес — жоқ, қайта бізге наны тым тәуір көрінді — оның басқа бір себебі болған-ды. Менің жолдасым камераның іші қандалаға толы екен деді. Жарық біткеннің бәрі, қабырғаның сылауы түскен жеріндегі кірпіш-кірпіштің арасы сыңсыған қандала. Әбден үйреншікті болып алған немелер тал түсте-ақ өріп жүреді. Қабырға мен үйдің төбесі қара-құрым… Бірақ жолдасым ептеген тәжірибесі бар жігіт екен, Чайлд-Роланд (ХІХ ғасырдағы ағылшын ақыны Роберт Браунинг поэмасының кейіпкері) сықылды қандаламен соғыс ашты. Қырғын ұрыс басталып кетті. Ұрыс ұзаққа созылды. Екі жағы да аянған жоқ. Бірақ ақыр соңында қансыраған қалың жау сылақ пен кірпіштен соққан бекіністеріне қарай тым-тырағай қаша жөнелгенде жұмысымыздың жармысы да бітпеген еді. Біз енді қайтқан жау қашып кірген қуыс-қуыстың бәрін нан шайнап, желімдей бердік. Тесік-тұсықтың бәрін бітеп болғанша ымырт та жабылды. Нан қорғанның ар жағында кейін болған сұрапыл ашаршылық пен айуандық есіме түссе, денем түршігеді!
Қарнымыз ашып, әбден қалжырап, керуетке сұлай кеттік, кешкі тамағымызды күтіп жатырмыз. Бір күнге осы да жететін шығар. Енді қаптап жүрген пәленің тірі азабынан құтылатын боламыз. Түскі тамағымыз садаға, қарынымыз ашса да тәніміз байыз табар-ақ. Бірақ не пайда! Зая кеткен есіл еңбегіміз-ай! Ұзақты күн бейнеттеніп, жанбасымыз жаңа ғана жерге тие бергенде надзиратель есік ашты: тұтқындарды қайта орналастыратын болыпты, екеумізді екі галерей жоғары басқа камераға айдады да кетті.
Ертеңіне таңертең камералардың бәрін ашып, бірнеше жүз тұтқынды астыңғы «вестибюльде» тізбектеп тұрғызып алып, жұмыс істеуге түрменің қорасына шығарды. Эри округінің түзету түрмесінің түпкі қорасының, тап іргесінен Эри каналы өтеді екен. Біз шпалмен жүзіп келген кемелердің жүгін түсірдік, шпал үлкен құрсау болттарды арқалап, түрмеге тасыдық. Жұмыс істей жүріп, бір жағынан қашудың да амалын қарастырамын. Бірақ үміт жоқ сияқты. Қабырғаның өне бойын торып, ілгері-кейін автомат винтовкалы күзетшілер жүр. Тіпті жоғарыдағы күзет мұнарасында қарулы тұрған пулемет те бар деседі.
Сонда да мойығаным жоқ. Отыз күн деген көп өмір емес! Шыдармын. Қайта әділ соттың арамзалары туралы материалым көбейе берсін, түрмеден босап шыққасын көремін ғой. Мен сықылды құқығы мен кісілігі аяққа басылған Америка жастарының шынтуайтқа келгенде қолынан не келетінін әлі-ақ көрсетермін! Мені заседательдер соты соттауға тиіс еді, ол правоны бермеді маған, оны айтасыз, мен өзімді айыптымын деп санаймын ба, жоқ санамаймын ба — оны да сұрап білген жан жоқ. Әділін айтсақ, мені сотсыз соттады (себебі, Ниагара-Фоллестегі келемежді мен сот дей алам ба!);маған юриспен, тіпті тірі жанмен тілдесуге пұрсат бермеді-ау, демек сот үкіміне шағым етуге де право берген жоқ; шашымды қырып қорлады, ала жолақ киім кигізді, қорегіме су мен наннан өзге ас бермей, каторгадағыдай ауыр жұмыс істетті, қарулы конвой алдына салып айдап жүрді. Соның бәрі не жазығым үшін? Не істеппін мен соншама? Үйіп-төгіп осыншама жаза бергендей мен Ниагара-Фоллес қаласының азаматтарына не зәбір көрсетіппін? Мен түнде көшеде жатуға тыйым салатын қаулыны да бұзғаным жоқ. Мен көшеде емес, жапан жерде жатып шықтым! Олай-бұлай өткендерден нан сұрап, немесе қайыршыланып, «оңай ақша» тіленбедім! Бар жазығым тротуарымен жүріп, көк тиынға татымайтын күркіреуігін көргенім ғой! Мұның несі қылмыс? Заң бойынша мен зәредей қылмыс жасағаным жоқ! Жарайды көресіні көрсетермін, қапастан құтылып алайын! Келесі күні надзирательге арыз айттым. Адвокат сұрандым. Надзиратель мені әжуа қылды. Кімге айтсам да бассалып өзімді мәжнүн қылатын болды. Бүкіл дүниеден қол үздім. Хат жазуға да ойланып едім, байқасам, хаттың бәрін ашып оқиды екен, цензура тексереді екен, немесе түрменің әкімдері басып қалады екен. Ал «қысқа мерзімдегілерге» хат жазуға жалпы рұқсат жоқ. Мен босап шыққан тұтқындар арқылы да хат жіберіп көрдім, бірақ тінтуде хатым қолға түсіп, жыртып тастады деп естідім. Жарайды, еркін дүниеге шығып алайыншы, қылмыстарыңды тізгенде бұл да бір сауал болар сендерге.
Қанша айтқанмен, уақыт озған сайын аз-аздап «ақыл да кіре бастады». Полицейлер, адвокаттар, полиция соттары туралы ақылға сыймайтын не сұмдықтар естідім Тұтқындар полициямен үлкен қалаларда талай кездескені туралы жан түршігерлік жайлар айтты. Бейкүнә қаза тапқан бишаралар туралы да солардың аузынан суық сөз естігенім бар. Өлген кісі өзі туралы ешнәрсе айта алмай дүниеден кетті ғой. Бірнеше жыл өткесін «Лексоу комиссиясының» баяндамаларынан қилы-қилы хикаялар оқығанымда, төбе шашым тік тұрды, түрмеде естігенім оның қасында ойыншық екен. Абақтыға алғаш түскен бетімде бұл жайларды күле тыңдап, әншейін ғайбат сөз болар деп ойлаушы едім.
Бірақ уақыт озған сайын оған да илана бастадым. Себебі, түзету үйінде жүріп, ақылға симайтын нелер сұмдықты өз көзіммен көрдім ғой. Көре жүре заңның, құрығынан, бүкіл сот машинасынан үрейім қашатын болды.
Ашу-ыза бара-бара бәсеңдеді, қорқыныш пен үрей бүкіл жан-жүйемді аралап, терең тамыр жайып алды Мен түптей келе кімге қарсы шығып жүргенімді жақсы түсіндім. Жуасыдым, жасыдым, кең дүниеге бір шығып алсам, шу көтермей-ақ қоярмын деген тоқтамға келдім, сол ой күн сайын беки берді. Ендігі бар арманым — бұл маңайдан аулақ кету. Босап шыққасын солай істедім де. Тілімді тарттым, бұрынғыдай «қырамын да жоямын дегенді қойдым, моп-момақан, жұп-жуас, кәнігі ғана, көнбісті ғана кісі болдым, қойшы, сол бетіммен бас cayғалап, бой тасалап, Пенсильвания штаты қайдасың деп зытып отырдым.
Аударған Боранбай Омаров