Әңгіме: Джек Лондон | Тектік сарын

0
ЖАБАЙЫ ӨМІРГЕ ОРАЛУ

Қажаумен кезбе түйсік тым ежелгі,
Бұғауын дәуір, дағды үзе берді.
Жабайы аң қатты ұйқыдан көзін ашып,
Кісенін сілкіп тағы түрегелді.

Бэк газет оқымайтындықтан бір өз басына ғана емес, Пюджеттен Сан-Диего шығанағына дейінгі бүкіл сүйекті де сіңірлі, жүндес ит атаулыға төніп келе жатқан қауіпті аңдаған жоқ. Мұның бәрі поляр түнегіне түртпектеніп өткен біреулер сары металға кезігіп, сол олжаны көлік-кеме компаниялары дабырлатып жер-жаһанға жайған соң мыңдаған адамның Сібірге қарай лап қойған сәтінен басталған-ды. Ол адамдарға ауыр жұмысқа жарайтын мығым, өздерін аяздан сақтайтын қалың да сабалақ жүнді, ірі тұрпатты иттер қажет-тін.

Бэк күнгей Санта-Клара алқабындағы үлкен үйде мекендейтін. Жұрт бұл орынды «судья Миллердің үй-жайы» деп атайды. Бұл өзі жол аузынан сырттау, жартылай ағаш тасасында тұрған үй еді, тек бұта арасынан баспанаға жағалай, жапсарлата салған кең де, саялы дәліз ғана көрініп тұрады. Үйге қарай қиыршықтастан төселген жіңішке жол бар. Ол бұтақтары ию-қию бытысқан сымбатты теректер түбіндегі көк шалғынды қақ жара өтеді.

Үй сыртындағы жер тіптен кең. Онда қаптаған ат қараушылар мен олардың көмекшілері күйбеңдеп жүретін кең жылқы қоралары тұр, қызметшілерге арналған жабайы жүзім саясындағы іркес-тіркес үйшіктер мен жүйелі салынған өзге де аула құрылысы көп. Ал бұлардан әріректе көкмайса жайылым, жүзімдіктер, жеміс-жидек, бау-бақша көз тартады. Мұнда терең құдықтан су тартатын қондырғы мен судьяның ұлдары әр таңда, күн ыстықта тіпті түсте де шомыла беретін таспен цементпен шегенделген жүзу әуізі де бар.

Осынау атшаптырым иеліктің бәрі Бэктің құзырында болатын. Ол осында туған, өз өмірінің барлық төрт жылын осында өткізген. Әрине, мұнда басқа да иттер бар еді. Мынандай — аса кең орында олардың болмауы мүмкін емес-тін, бірақ ондайлар есепке кіре бермейді. Пайда болуынан жоғалуы тез, тар күркелерде жатады немесе үй түкпірінен ұзамайтын анау жапон мопсигі Туте секілді бар-жоғы белгісіз бірдеңелер, яки жүн атаулыдан жұрдай, тып-тықыр мына Мексика иті Изабель сияқты тұмсығын таза ауаға анда-санда ғана шығарып, бақ пен аулада сирек төбе көрсететін қолапайсыз бір тіршілік иелері. Оның үстіне бұл үйде жиырмадан кем түспейтін тұтас фокстерьерлер тобы бар, -олар да еден жуатын құрал-жабдықтарымен қаруланған әйелдердің тасасында тұрып терезе ішінен бой қылтитатын Туте пен Изабельге ызалана ырылдайды.

Бірақ Бэк үйкүшіктер тобына да, аула төбеттері қатарына да жатпайтын. Барлық үй-жай өз қарауында болатын. Әуізде де жүзетін, судьяның ұлдарымен аңға да шығатын. Қожайынның қыздары Молли мен Алисаны ымыртта немесе таң ертесімен серуенге шыққан кездерінде қарауылдап жүретін. Қысқы кештерде кітапханада алаулай жанған камин қасында отыратын судьяның аяғы астында жатады. Оның немерелерін арқасына мінгізеді немесе көкшалғында солармен бірге асыр салып ойнайды, олар батыл түрде алды-артына қарамай аула түкпіріндегі фонтанға дейін, тіпті, одан да арғы жайылым мен бау-бақша басталатын аулаққа шығып кеткен жағдайда күзетіп жүреді. Ол судья Миллердің үй-жайы аумағындағы екі аяқты тұрғындарды қоса есептегенде, жүгірген де ұшқан, өрмелеген жан иелерінің бәрінің үстінен қарайтын билеуші падишаһ болғандықтан да әлгі фокстерьерлер тұсынан кеуде керіп өтер еді, ал Туте пен Изабельді көзге де ілмейтін.

Бэктің әкесі ірі сенбернар Элмо кезінде судьяның сенімді серігі еді. Бэк те әкесінің лайықты ізбасары болатынын байқатқан. Әйткенмен ондай аса ірі емес-тін, енесі, Шотландия овчаркасы Шеп секілді жүз қырық қадақ қана тартатын. Алайда жақсы тұр-мыс пен жан-жақты құрмет арқылы пайда болатын тәкаппарлықты қоссаңыз, жүз қырық қадақ та өзіңді асқақ ұстауға жарап тұр. Бэк жарық дүниеге келген күшік күнінен бергі төрт жыл бойы нағыз ақсүйектің күнін кешті; тым өр болды, тіпті, дүбірлі дүниеден оңаша өмір сүретін кейбір дәулетті мырзалардың мінезінде кездеспейтіндей аздаған өзімшілдік әдеті де жоқ емес-ті. Бірақ Бэктің шектен шықпауына оның еркетотай үйкүшік еместігі де септігін тигізді. Аңшылығы мен таза ауадағы өзге де түрлі ермектері семіруге жол бермей, бұлшық етін қатайтқан. Суық суға шомылу дағдысы да ширатып, шынықтыра түскен еді.

Төбет Бэк осылайша Клондайкте алтын табылып, адамдар төрткүл дүниенің тұс-тұсынан суық Сібірге лап қойған 1897 жылдың күзіне дейін өмір сүрді. Бэк мұның бірде-бірін білген жоқ, себебі газет оқымайтын еді. Ол сондай-ақ бағбан көмекшілерінің бірі Мануэльмен достығының да жақсылыққа апармайтынын аңдамаған-ды. Мануэльдің бір осалдығы — қытай лотореясына құмар-тын. Әсіресе бұл құмарпаз ойыншының дауасыз әлсіздігі өз жүйесіне ессіз сенетіндігінде еді де, түбінде орға жығылып опық жемей тынбайтыны әу бастан-ақ белгілі болған. Жүйе бойынша ойнау үшін ақша керек, ал кіші бағбанның жалақысы әйелі мен шұбырған балаларының қажетіне зорға жетеді.

Мануэль опасыздық жасайтын сол қырсықты күні судья Миллер шарап жасаушылар қоғамының жиналысына кеткен де, ұлдары спорт клубының құрылысы жұмысымен жүрген, сондықтан Мануэль мен Бэктің бақ арқылы әдеттегі серуенге (Бэк солай ойлаған) шығып бара жатқанын ешкім байқаған жоқ. Тек олардың сұрауы бойынша пойыз аялдаған жерде шағын «Колледж — бақ» бекетіне келгенін жалғыз бір ғана адам көрді. Әлгі адам Мануэльмен әлдене туралы тілдесті де, одан қолдан-қолға өткен ақша сылдыры естілген.

Бейтаныс:

— Тауарды ашық-шашық әкелгенің қалай? — деп күңк етті де, Мануэль Бэктің мойнын жуан арқанмен қос қабаттап байлап берді.

Мануэль:

— Жанын көзіне көрсететіндей қаттырақ тартып қойсаң тырп ете алмайды, — деді, ал анау жауап орнына құптаған сыңаймен бірдеңені міңгірлей салды.

Бэк арқанды мойнына лайықты сабырмен таққызды. Рас, бұл бір түрлі тосын жайт еді, бірақ өзімнен ақылдырақ деп білетіндіктен таныс адамдарға сенетін-ді. Алайда арқанның ұшы бөтен біреудің қолына тиген сәтте айбат шеге ырылдаған. Бұл әшейін өзінің өр мінезін аңдатып, наразылығын байқатқаны-тын. Таң қалғанда, кенет арқанның қысылып кеткені сонша, қылқынып қала жаздаған. Ашуы бұрқ ете қалған ол қиянат жасаушыға тап берді, алайда анау да шапшаң қозғалған: тамақтан қатты қысып, епті қимылмен шалқасынан түсірді. Арқан Бэкті аямай буындырды, бірақ зор кеудесі басылып-көтеріле, ышқына ауыр тыныстап, тілі салақтаған бұл әлгі адаммен жанталаса жағаласқан. Бұған дейін ешкім де өзіне мұнша дөрекілік жасап көрген емес-ті, сондықтан ғұмырында дәл мұндай ызаланып та көрмепті! Дегенмен, көп ұзамай-ақ әлсірей берген, көздері шатынаған ол естен тануға айналған, пойыз тоқтаған сәтте екі еркек мұны тауарлық вагонға бір-ақ атты.

Есін жиғанда ең алдымен тілінің ауырғанын түйсінді. Одан, жайсыз секілді сезініп, жолайрықтағы паравоздың ащы қиқуын естігенде Бэк өзінің қайда жатқанын түсінген. Судьямен бірге саяхатқа жиі шығатын ол жүк вагонындағы жүріске қатысты әсерді жазбай таныды. Ит көзін ашты. Жанарынан тұтқынға түскен корольдің атойлаған ашу-ызасы ұшқындап тұр еді. Ұры оның алқымынынан шап бермекші болған, бірақ Бэк бұл жолы шалымдырақ қимылдады. Азуды әлгінің қолына салған, сөйтіп арқанмен қайтадан қылқынып, есінен тағы танғанша қарысқан жағы ашылған жоқ.

— Құтырған бұл! — деп түсіндірді анау арпалыстың шуын естіп вагонға бас сұққан жолсерікке қан-қан қолын жасырып.

— Қожайыным мұны Фрискоға апаруды бұйырған. Сонда мұны емдейтін бір керемет ит дәрігері бар көрінеді.

Бэкті ұрлаған адам кейінірек Сан-Францисконың порт қабағындағы түпкі бөлмеде отырып сол түннің оқиғасын кездескеннің бәріне қолынан келгенше әсерлей әңгімелеген.

— Сонда осы үшін небәрі елу аламын, — деп шағынды ол. — Білсем ғой, қолма-қол мың берсе де аттап басар ма едім!

Білегі қанға боялған қол орамалмен таңулы еді, ал шалбарының оң жақ балағы етектен тізеге дейін жұлма-жұлма.

— Ал әлгі жігіт бұл жұмысқа бола қанша алды? — деп қызығушылық танытты қабақ қожайыны.

— Жүз. Одан төменге көнбей қойды.

— Бас-аяғы, демек, жүз елу ғой, — деді кабакшы. — Ал бұл ит оған татиды, бәс тігейін!

Ұры орамалды жазып ит қапқан қолын көре бастады.

— Құтырған болып шықпаса жарар еді…

Онда о дүниеге аттанып кетуің де ғажап емес…

— Қорықпа, бұдан өлмейсің. Маңдайыңа дар ағашында салбырап тұру жазылған! — деп қалжыңдады кабак иесі. Одан: — Кәне, аздап көмектесіп жібер маған, кейін әрі қарай жылжи берерсің, — деп қосып қойды.

Есеңгіреп, тынысы тарылып, алқымындағы қылбұраудан жаны көзіне көрінген Бэк қалайда қинаушыларға қарсылық жасауға тырмысты. Бірақ мұны мойындаған ауыр жез қарғыбауын кесіп алып тастағанша қайта-қайта еденге аунатып, арқанмен буындыра берді. Осыдан соң әлгілер бұғауды да шешіп, Бэкті торға ұқсас шабақ жәшікке итеріп енгізе салды.

Ол осы тор ішінде ыза кернеп, намыстан қатты қорланып, сарғайтқан ұзақ түнді өткізді. Осының бәрінің не екенін түсіне де алмаған. Өзінен не тілейді бұл бейтаныс адамдар? Тар қапасқа не үшін қамады мұны? Бэк қатты аңырды, төніп келе жатқан беймәлім қауіп түйсігі азапқа түсірді. Ол ашылған есік тарсылын естіп бірнеше мәрте қарғып тұрған, — судья немесе оның ұлдары келіп қалды ма деп елеңдеген еді, алайда тек әрбір жол жарығы әлсіз май шырағданын сығырайтып сарай ішіне көз салған кабак қожайынының ісінген сұлбасын көреді. Сөйтіп Бэктің көмейінен шығуға оқталған қуанышты үн ызбарлы ырылға айналып кете берді.

Әйтеуір, кабак иесі бұған тиген жоқ. Тек таң азанда төрт еркек келді де, жәшікті көтерді. «Тағы да жан қинағыштар ғой» деп ойлады Бэк, өйткені бұлар қайдағы бір сабалақ-сабалақ, жалба-жұлба, күдікті біреулер екен. Сондықтан да оларға тор қабырға ішінен еліре ырылдады. Бірақ аналар тек ыржалаңдап, мұны таяқпен түртпектеген. Бұл әлгілерге керегінің өзі де сол екенін түсінгенше азуды таяққа салған. Содан кейін ғана тұнжырап жата кетті де, жәшікті фургонға ауыстырғанша қыбыр еткен жоқ.

Осылайша Бэк өзінің торымен бірге қолдан-қолға өте бастаған. Бастапқыда бұл іспен көлік кеңсесінің кызметкерлері шұғылданды, олар мұны басқа фургонға тиеді де, әрмен қарай әкетті. Одан қаптаған жәшіктер мен сәлемдемелерге қосып пароммен жөнелтті. Одан соң үлкен теміржол вокзалына жеткізген; ақыр аяғында қайтадан тауар вагонына әкеліп тықты.

Вагон екі күн, екі түн бойы ышқына гулеген паравоз соңынан жүйткіді. Бэк те екі күн, екі түн бойы нәр сызған жоқ. Қатты ашынған бұл жолсеріктердің қамқорлығына ырылымен жауап қатады, ал олар өш қайтармақ үшін ызаландыра түседі. Қалшылдаған күйі аузы көбіктеніп торға ұмтылғанында мұны мазақ қылып, қарқ-қарқ күліп, жаман қора төбеттерінше біресе ырылдап, біресе үріп, мияулап, тұмсығының тұсынан қол ербеңдетіп, әтеш болып шақырады. Бэк оның ақымақтық екенін түсінді, әйткенмен соның өзі намысына тиіп, ашу-ызасы күшейген үстіне күшейе түсті. Аштыққа әлі де болса шыдауға болар еді, бірақ шөлден қаталады, осыдан да естен тана ашынған. Аса сезімтал, нәзік түйсікті бұған әлгіндей қорлық кері әсерін тигізбей қойған жоқ, ақыры ауырды да қалды. Ыстығы көтерілді, оған шөлден салдарынан ісінген тілі мен тамағының кеберсуі қосылды.

Бір жақсысы, әйтеуір, мойны арқаннан бос еді. Байлаулы кезінде мыналар әбден басынғаны рас. Ал қазір одан ада, енді көрсетеді бұл оларға! Бұдан былай әлгілер бұғау сала алмайды бұған! Бұл осыған нық бекінді. Екі тәулік бойы нәр татпағандықтан осынау уақыт ішінде бойды кернеген кектің асқынғаны сондай, әлдекім бірінші болып соқтықса сазайын оңбай тартатыны сөзсіз еді. Бэктің көзіне қан толып, нағыз жыртқышқа айнала бастаған. Қазір мұны судьяның өзі де танымас еді, осы күндер арасында мүлде өзгеріп кеткен-ді, сол себептен де жеткізушілері өзін Сиэтлгс түсіріп, әйтеуір құтылған сәтте жеңілейе күрсінген.

Төрт адам өте сақтана жүріп, Бэк қамалған жәшікті фургоннан биік дуалмен қоршалған аулаға ауыстырды. Қарсы алдыдан жағасы салбыраған қызыл тоқыма свитер киген тортпақ денелі еркек шығып, жеткізушінің қолындағы кітапқа мұны алғаны туралы қол қойған.

«Тағы бір азаптаушы» деп шешкен Бэк торға қарай айбаттана атылды. Свитерлі адам тұнжырай мырс етті де, үйге кіріп, балта мен сойыл алып шықты.

— Расымен де босатпақшысыз ба мұны? — деп таңырқады жүкші.

— Әрине, — деп жауап қатқан свитерлі балтасын жәшік қабырғасына қадаған.

Төрт тасушы жалма-жан тұс-тұсқа шашырай қашып, қауіпсіз биік шарбаққа шығып алды да, тағы бір қызықты тамашалауға кірісті.

Бэк балта жүзі тиіп жарылған іргеге тап беріп, оны тіспен жұлмалап, қабырғаны бар денесімен қыңсылай соққылаған. Ит балта сырттан ұрған тұсқа бірде ырылдап, бірде үріп іштен шабуылдайды. Ол тордан тезірек шығып кету үшін алапат күш жұмсады, қызыл свитерлі адам да еш абыржымастан мұны босатуға бекінгендей екен.

— Ай, қызыл көз пері-ай! — деді ол қорап саңлауы ит сыйып кетердей әбден кеңейген кезде. Сөйтті де балтаны лақтырып тастап, оң қолына сойылды алды.

Бұл уақытта Бэктің, шынында да, ашуы қара қазандай қайнағаны сонша, тұла бойы дүрдиіп, қан толған көзі қызыл от шашып, езуінен ақ көбік шұбырды. Ол осы мезетте өзінің жүз қырық қадақ салмағымен атылып барып, адамға бас салуға дайындала бастаған. Ауаға ырши көтеріліп жауына жармаса кетуге ұмтылды, бірақ сол мезетте ауыр соққыға кезігіп, ұшқан бойда кейін серпілген. Жаны көзіне көрініп, тісі сақ еткен Бэк ауада шыр айналып барып, жерге шалқалай құлады. Өмірінде таяқ жеп көрмегендіктен абдырап қалған еді. Дәрменсіз қыңсылай ырылдаған ол жалма-жан атып тұрып дұшпанға қайта бас салмақшы болғанында екінші соққы және тұралатты. Енді ол бар пәленің сойылдан келгенін сезінген, бірақ ызадан сақтықты тағы ұмытқан-ды. Оншақты рет атылды, — сойыл секірген сайын сұлатып сала берді.

Әсіресе ауыр тиген бір соққыдан соң Бэк зорға көтерілген. Абдырағаны сонша, енді жағаласуға әл-қуаты қалмап еді. Ол шатқаяқтап тұрды, аузы-мұрнынан, құлағынан қан кетті, жылтылдаған, әдемі жүні қан аралас сілекеймен былғанды. Қызыл свитерлі адам оған жайбарақат тақалып келді де, тұмсықтан оңдырмай тағы соқты. Бэктің бұған дейін жеген барлық таяғы мұның қасында түк емес екен. Арыстанша ырылдаған ол азап-таушыға және ұмтылған. Алайда ол қолындағы сойылды сол қолына ауыстарған анау ақырын ғана мұның астыңғы жақ сүйегінен ұстай алды да, ересен күшпен шыр айналдырғанда Бэк алдымен ауада толық шеңбер жасап, одан жартылай және бір дөңгеленіп барып жерге бас пен кеудесі қатар соғылып, гүрс ете құлап түсті.

Бэк әлгіге қарай және бір мәрте қарғыды, әйткенмен анау қасақана кейінге сақтаған алапат соққысын және бір сілтеп үлгерді. Бэк бұл жолы естен танып түсіп еді.

— Міне, азамат! — деп саңқ етті риза дауыспен шарбақта отырғандардың бірі. — Бұл кез келген итті тәубесіне түсіреді!

— Меніңше, мынандай итпен жағаласудан гөрі күніне бір рет касса тонау әлдеқайда жеңіл болар, — деді көшір. Ол осыны айтты да орнына отырып аттарды қулай жөнелді.

Бэк есін жинады, бірақ әбден әлсіреп, жығылған орнында жатқан қалпы көзін қызыл свитерлі адамнан айырған жоқ.

— «Бэк» деген атқа келеді, — деді анау тірідей жүк тиелген жәшіктің жіберілгенін мәлімдеген санфранцисколық кабакшының хатын дауыстап оқып. — Ал, Бэк көгершінім, — деп жалғады одан көңілдене, — біраз шуладық қой екеуміз, артығырақ та кеткен шығармыз, енді ең дұрысы, ұмытайық осының бәрін. Сен өз ісіңді біл, мен — өзімдікін. Тілалғыш ит болсаң бәрі ойдағыдай болады, ал бұзақылық жасасаң көзіңе көк шыбын үймелетемін. Түсіндің бе?

Осыны айтқан ол ешбір сескенбестен жаңа ғана тоқпақтаған бастан аялай сипады. Бэк оның қолы тиген сайын тіксінгенімен шыдады, қарсылық көрсеткен жоқ. Свитерлі адам су әкеліп берді, бұл оны құныға ішті. Бұдан соң жаңа қожайын ұстаған дәмді сыбаға — шикі етті кесек-кесегімен жұлып алып ашқарақтана жеген.

Ол жеңілген еді (мұны өзі де түсінді), бірақ қыңған да, сынған да жоқ-тын. Сойылмен қаруланған адамның өзінен мықтырақ екенін алғаш рет жіті түсінген, ал алған сабағын ғұмырлық жадына тұтты. Сойыл осылайша көзін ашқан. Ол мұны жабайы заңдар үстемдік ететін әлемге енгізген. Бэк бұл заңды тез игерді. Сол сәтте өмірдің қатал шындығымен бетпе-бет келген еді, бірақ одан сескенген жоқ: жан түкпірінен табиғи хайуандық айлакерлік түйсігі оянайын деген.

Уақыт өте берді. Дәл сондай жәшікке салынған немесе жіп таққан басқа иттер әкеліне бастаған. Бірі өте тілалғыш та жуас, екіншілері еліріп, бастапқыдағы Бэк секілді ұли жөнеледі. Хайуандарды осылайша тәртіпке түсіру әрекетін бақылаған Бэк санасына ақырындап қарапайым бір шындықты мықтап сіңірді: сойылы бар адам би, қожайын екен, оны сүю шарт болмаса да, бағынуға тиіс екенсің. Бэк те қожайынға мойынсұнды, бірақ көзінше талай рет таяқ жеген кейбір иттердей құйрығын бұлғаңдатып, қолын жалап жағынған жоқ. Ол сондай-ақ тәртіпке көнгісі де, бағынғысы да келмеген бір иттің ақыр аяғында өлтіріліп тынғанын да көрді.

Анда-санда бөтен біреулер келіп, қожайынмен кейде көңілсіздеу, кейде оған жарамсақтанған кейіппен әлдене туралы тілдесіп тұрады. Сөйтіп осындай әңгімелерден кейін иесінің қолына ақша ұстатқан әлгі адамдар бір немесе бірнеше итті өздерімен бірге алып кетіп жатады. Бэк осылар қайда кетеді деп, өзінше дал болады. Ертеңгі күндерден қатты сескене бастаған бұл сатып алушылардың көзі өзіне түспеген сайын қуанатын-ды.

Алайда күндердің күнінде мұның да кезегі келді. Өзін тіксінткен ертеңгі күннің үлесі оған ағылшын тілін бұзып сөйлейтін, оның өзінде де мағынасы Бэкке түсініксіз қайдағы бір тосын сөздерді қолданатын ап-арық, әжім-әжім әлдекімнің кейпінде жеткен.

— Sacredam, — деп айқай салды ол көзі Бэкке түскен бетте. — Miнe, ит! Керемет төбет! Оһо! Қанша тұрады.

— Небәрі үш жүз. Су тегін, — деп жедел жауап қатты қызыл свитерлі адам. — Саудаласып бұлданбайтын шығарсың, Перро? Ақша сенікі емес, қазынанікі ғой.

Перро мырс етті де қойды. Итке деген сұраныстың көптігінен баға да шырқап тұр еді, сондықтан оған Бэктей керемет ит үшін сұралған сома бәлендей көп көріне қойған жоқ.

Канада үкіметі бұл саудадан кедейленіп қалмайды, ал мұның поштасы жылдам жеткізілуі керек. Перро ит танитын еді, сондықтан бір қарағаннан-ақ Бэктей иттердің мыңнан біреу болып жолығатынын жазбай таныған. «Тіпті, он мыңның ішінен біреу ғана!» — деп өз-өзін түзеп қойды іштей.

Бэк ақшаның қолдан қолға өткенін көрді, сол себептен де жүзін әжім басқан адамның өзі мен арсалаңдаған ньюфаундленд Кэрлиді ала жөнелгенде таңданған жоқ. Бэк бұдан былай қызыл свитерлі адамды ешқашан көрген емес. Ал Кэрли екеуі «Нарвал» кемесінің палубасынан анадайда қалып бара жатқан Сиэтлге қарап тұрған сәтте енді жылы оңтүстікті де ешқашан көре алмайтынын білген жоқ.

Перро екеуін де төмен қарай алып кетті де, Франсуа деген дәу қараға тапсырды. Канада французы Перро қара торы адам еді, ал Франсуа одан екі есе қара екен, себебі, ол метис болатын. Бэк мұндай нәсілді адамдарды алғаш рет ұшыратқан (кейін ондайларды талай көрді), бұларды аса жақсы көріп кете қоймағанмен лайықты құрмет тұтуға дағдыланды. Келе-келе Перро мен Франсуаның әділ де сабырлы адамдар екеніне, ешқашан жазықсыз жазаламайтынына, хайуанаттың мінез-құлқын жақсы білетіндіктен оларды ешбір ит алдай алмайтынына көз жеткізген.

Кемеде Бэк пен Кэрлиді басқа екі итпен қатар орналастырды. Олардың бірі кит аулайтын кеме капитаны Шпицберген аралынан әкелген тайыншадай ірі, аппақ ит еді. Кейінірек бұл ит Өлі Жерге геологиялық топты бастап жүрді. Өзі өте жуастың, алайда зұлым да болатын, бір мезгілде жағынуға да шебер мұның жауыздығы да жоқ емес-ті: ол қатар тамақтанған алғашқы сәтте-ақ Бэктің жемінің бір бөлігін жұлып әкетті. Сазайын тарттырмақ үшін тап берген Бэктің алдын Франсуа ораған: жыландай ысылдаған бишік ұшы ұрыға сарт етті. Бэкке өзіне тиісті сүйекті қайта қақшып алудан өзге ештеңе қалған жоқ.

Франсуаның осы әділетті әрекетінен кейін Бэк оған құрметпен қарайтын болған.

Ешкімге жағынуды білмейтін, сонымен бірге ешкімге ұнай қоймайтын және бір ит бар, өзі жаңадан келушілердің тамағын тартып жеуге құмар да емес.

Бірқалыпты, тұнжыраңқы тірлік салтын ұстанатын ол Кэрлиге «сен тимесең мен тимен» екенін, ал соқтыға қалса оңдырмайтынын аңдатқан. Дэйв дейтін бұл төбет тамақтанып алып ұйықтауды ғана біледі; ал ояу жатса — тек есінеу, бұ дүниеде оны қызықтыратын ештеңе жоқ сияқты. Тіпті «Нарвал» Шарлотта патшайым шығанағынан өтер тұста шайқалып, сұрапыл толқындардың жалында жын ұрғандай безек қаққанда Бэк пен Кэрли үрейден естерінен тана жаздаса, Дэйв анда-санда көңілсіз кейіппен бас көтеріп, маңайға марғау ғана көз тастап қойып, бір есінеп алатын да, мызғуға қайтадан кірісетін-ді.

Кеме дамылсыз бүлкілдеген қан тамырыңдай ырғақты мотор жұмысының әсерінен күні-түні діріл қағады. Бір күн бір күннен өте айнымайды, әйткенмен Бэк ақырында суық түсе бастағанын аңдаған. Сосын, бірде қапалақтың дүрілі тына қалды да, «Нарвалда» аласапыран әбігер басталды. Бэк те басқа иттер секілді айналадағы қауырт қарбаласқа қарап, әлдебір өзгеріс басталғанын түсінген.

Франсуа бұлардың бәрін де мойыннан тізіп палубаға шығарды. Суық жерді басқан Бэк табанының аппақ лайдан аумайтын әлдебір ботқаға батып кеткенін сезінді. Түршіге пысқырынып, кері серпілген. Дәл сондай ботқа жоғарыдан да жауып тұр екен. Бэк сілкінді, бірақ әлгі үсті-үстіне себелеуін доғарған жоқ. Таң-тамаша болған бұл оны иіскеп көрді. Одан соң жалады. Оттай күйдіріп жіберетін бірдеме… және тіліңде еріп кетеді. Бэк қатты таңырқап, қайта жалады — сол әлгі еріп кетер бірдеме. Маңайдағылар қарқ-қарқ күлді, бұл әлденеге ыңғайсызданып қалды, бірақ мына адамдардың неге күлетінін түсіне алмады.

Бэк алғаш рет қарды осылайша көрген еді.

ТАЯҚ ПЕН ТІС

Дайя жағасындағы бірінші күн Бэкке сұмдық үрейлі көрінді. Мұнда не әлденеге таңырқайсың, не бойыңды қорқыныш билейді. Ойда жоқта осылайша өркениет төрінде жүріп, қайдағы бір жабайы дүниеден бір-ақ шыққан еді. Оңтүстік түкпіріндегі не істерін білмей зерігетін мамыражай, марғау тірлігі көзден бұл-бұл ұшты. Бұл жерде бір мезет дамыл табу мүмкін емес екен. Бэк өзін қауіпсіз сезіне алмады. Төңірегінде қым-қуыт тіршілік қайнап жатады, айналаң түгел әбігер және сәт сайын ажал төніп тұрады, не мертігіп тынасың. Осынау жаңа жаһанда әрдайым өте сақ болу керек сияқты, өйткені мұндағы иттер мен адамдар қаланың иттері мен адамдарына мүлде ұқсамайды екен. Бұлардың бәрі тағылар еді және олар таяқ пен тістен басқа ешбір құдіретті білмейтін де.

Бэк иттердің бір-бірімен дәл осындағыдай таласатынын көрмепті: бұлардың қасқырдан көп айырмашылығы жоқ екен, Бэк бірінші қақтығыста-ақ ұмытпастай сабақ алды. Рас, бұл алғашқы таласқа қатысқан жоқ, қатысса одан тірі шықпас еді де, кейін сонда алған тәлімін пайдалана да алмас еді. Ажал құшқан бұл емес, Кэрли болатын.

Ол екеуін дүкен орналасқан ағаш тамның қасында қалдырған-ды. Кэрли қашанғы біртоға қалпымен үлкендігі көкжал қасқырдай, бірақ өзінен екі еседей кіші төбетпен ойнай бастаған. Кенет әлгі төбет ешбір ескертусіз жарқ еткен найзағайдай ұшқырлықпен тап берді де, ақсиған өткір тістерін сақпан тасындай сарт еткізген де, сосын дәл әлгіндей жылдамдықпен кері серпілген — артынша Кэрли өзінің тұмсық терісінің көзден езуге дейін дал-дұл сыпырылып қалғанын көрді.

Бұл иттердің қасқырша бас салған бетте қайта ыршып түсетін әдеттері бар еді. Бірақ іс мұнымен біткен жоқ. Екі ит ес жиғанша әлдеқайдан отыз, қырықтай басқа иттер жетіп келіп бұларды, жым-жырт қоршап алысқан. Бэк бастапқыда ол иттердің тықыршып нені күтіп тұрғанын, неліктен сілекейлерін қомағайлана жұтына беретінін түсіне алмады. Кэрли қарсыласына тап берген, бірақ анау мұны қайтадан бір қапты да, тағы кері ыршып түсті. Екінші рет секіргенде Кэрли оны кеудесімен қағып жіберген, әйткенмен өзі де аяқтан тұра алмай қалды. Бұларды қоршап тұрған иттердің күткені де осы еді. Кэрлидің қайта көтерілуге шамасы келмеді: мыналар жан-жағынан атыла секіріп, лап қойған. Ажал аузында ауырсына қыңсылаған Кэрли қаптаған жүндес денелердің тасасында жоқ болып кетті.

Мұның бәрі күтпеген жерден апыр-топыр өткендіктен Бэктің ес-түсі қалмаған еді. Ол Шпицберген итінің қып-қызыл қыл тілін салақтатып тұрғанын көрді — бұл оның күлгені болатын. Балтасын шошаңдатқан Франсуаның үйме-жүйме қара топырдың ортасына сойып кеткенін байқады. Сойыл ұстаған үш еркек оған дереу иттерді қууға жәрдемдескен. Кэрли құлағаннан кейін екі минуттей өткенде шабуылдаушылардың ең соңғысы да қуылды. Алайда түте-түтесі шығып итектеліп қалған Кэрли тапталған қардың бетінде қан жоса боп өліп жатыр еді. Ал оның үстінен төнген қара қоспа болса әлдене деп түтіге боқтанып тұр.

Кейін сол көрініс Бэктің есіне жиі түсетін-ді, тіпті, түсінде де талай көрген. Міне, өмір деген осы екен! Мұнда адалдық пен әділдікке орын жоқ. Құладың ба — құрығаның! Демек, мықты болу керек екен. Шпиц тілін шығарып тағы күлді, Бэк оны сол сәттен бастап өлердей жек көріп кетіп еді.

Кэрлидің қасіретті ажалынан кейін ес жиып үлгергенше Бэкті тағы бір сұмдық күтіп тұрыпты: Франсуа бұған көп өтпей-ақ қайыс әбзел кигізіп қойды — мұндайды әдетте Бэктің туып-өскен жерінде атқа тағатын. Сөйтіп бұл да енді жегілген аттары сияқты жұмыс істей бастаған. Ол Франсуаны шанамен таяз жердегі орманнан ағаш тасуға апарды. Әрине, өзінің жегуге көнгеніне қатты қорланған, алайда тым қарсыласпау қажеттігін жақсы түсінген. Ол мұның бәрі тосын да, түсініксіздеу болғанмен өз-өзін күштеп, жұмысты жақсы істеуге тырысқан-ды.

Франсуа қатал болатын, ол тек бишігінің күшімен ғана «тілдесуді» білетін. Бұған қоса Бэк сәл мүлт басса болды, ортаға жегілетін тісқақты Дэйв азу тісті аямай жамбасына салады. Бұлардың жегіміндегі Шпиц деген көсем ит тура Дэйвтің өзіндей талайды көрген, талайды білетін іс қаяқ еді, егер Дэйв сүрінген Бэкті шаужайлай алмай қалса, оған ол жақтырмай, ырылдап немесе денесінің бар салмағын пәлекке қарай түсіріп, аса ептілікпен жолға қайта сала қояды. Бэк мұндай ым мен дымды жеңіл игеріп, Франсуа мен өзінің екі серігінің арқасында жүрдектіктің әдіс-айласын лезде-ақ үйренді. Солайша ол станға қайта оралғанша «хо!» деген айқайдың «тоқта» екенін, ал «тарт» десе алға тарта беру керектігін; бұрылыстарда шабысты баяулатып, жүк тиелген шана таудан төмен сырғанаған сәтте ортадағы иттен алысырақ жүруді біліп алды.

— Иттердің үшеуі де жақсы, — деді Франсуа Перроны көріп. — Мына Бэк жұмысты керемет істейді екен. Көп ұзамай-ақ не нәрсеге құрдай жорғалатамын.

Үкіметтік поштаны жедел жеткізуге тиіс болған Перро күндіз тағы екі итті — Билли мен Джоны алып келді. Бұл тазақанды лайкалар бір шешеден туғанымен, екеуі күн мен түндей екі бөлек еді. Биллидің бір ғана кемшілігі шектен тыс момындығы болса, Джо керісінше тым елгезек те, пысық болатын. Ұдайы үруден аузы босамайтын ол бәріне өшпенділікпен қарайды.

Бэк Билли мен Джоны меймандостықпен қабылдаса, Дэйв оларға назар да аудармаған, ал Шпиц болса дереу алдымен біреуіне, одан екіншісіне тұра шабуылдады. Билли бастапқы бітімгерлікпен құйрығын бұлғаңдатты. Бірақ бұнысынан ештеме шыға қоймайтынын байқаған ол қаша жөнелмекші еді — үлгермеді. Шпицтің өткір тісі бүпіріне гірш еткенде, ол қаңқ еткен, соның өзінде даусы аянышты, жалбарынышты шыққан. Есесіне Джо Шпиц қай жағынан ұмтылса да сол тұстан тап-тап беріп, құлағын жымып, айбат шекті. Ызбарлана ырылдап, тістері сақ-сақ етіп, көздері ұшқын атып шыға келген бұл өліспей беріспестің белгісі еді. Бұны сезген Шпиц те енді амалсыз жүнін жыға беріп еді. Бірақ ол жеңілгенін жасыру үшін әлі де жалбаңдай қыңсылап жүрген дәрменсіз Биллиге қайтадан тарпа бас салып, оны станның ең шетіне дейін қуып тастады.

Перро кешке қарай өзіне тағы бір жегін ит — кәрілеу келген, денесінде бір сылым артық еті жоқ, жарау лайка тауып алды. Бет-аузы тыртық-тыртық бір жақ көзінің тек жыртиған орны ғана бар — талай талас пен төбелесті бастан кешкені осыдан-ақ көрініп тұрғандай. Алайда қайтпас қайсарлық оты ұшқындаған сол сыңар көздің өзі-ақ айналадағыларды амалсыз мойынұсындырады екен. Иттің лақап аты — Соллекс, яғни Ашушаң болатын. Ол да Дэив секілді өзгелерден ештеңе талап еткен емес, ештеңе күтпейтін де; және ақысын жегізген кезі де жоқ. Баппен ғана маңғаз басып бұларға таянып келген сәтінде оған тіпті Шпицтің өзі қыңқ дей алмады. Соллекстің бір әдеті өзінің соқыр көзі жағынан ешкімнің жүруін ұнатпаушы еді. Бастапқыда мұнан еш хабарсыз Бэк өзінің қай жерде жаза басқанын кейін мынадан білді: бір асығыс сәтте ұмтылып барып Соллекстің соқыр көзі жағына шыға бергені сол… ол арс ете қалып, бұның иық тұсынан оңдырмай қауып алғанды. Бұдан кейін Бэк Соллекстің тыйым салатын тұсына ешқашан жолаған емес, Соллекс те бұған қарадай соқтықпаған. Тегі ол Дэйв секілді өзін ешкімнің ешқашан мазаламағанын қалайтын болса керек. Әйтеуір, Бэк көп ұзамай-ақ екеуінің де мейлінше өр мінездеріне көз жеткізе түскен.

Алғашқы күні-ақ Бэкті көбінесе түнейтін орын жайы мазалады. Қарлы алаңның қақ ортасында ішінде шырағдан жанған шатыр сонадайдан жарқырап көз тартқан. Бұл лайықты орным сол шығар деп ойлаған-ды. Бірақ кіріп барғанда Перро мен Франсуа айқай салып боқтана жөнелгенде, бұл жанып қоярға жер таппай зытып берген. Қатты соққан ызғары жел етінен өтіп, сүйегіне жеткендей еді, әсіресе жаралы иығы суық тиген сайын удай ашығаны бар. Бэк жатып ұйықтамақ болып, бауырын қарға тосеген, бірақ тұла бойын қарыған аяз аяғынан қайта тік тұрғызды. Сөйтіп ықтасындау бір жер таба алмай шатырлар арасында әрлі-берлі сеңделіп жүрген де қойған. Біресе аннан, біресе мұннан қабаған иттер тап-тап береді, бірақ бұл да оларға дүрдиіп, айбарлана ырылдайды (мұны да тез үйренген), сонда ғана әлгілер өз жайына кетеді.

Ал өзімен бірге жегілген серіктері қайда? Олар қай жерге орналасты екен? Бэк маңайына тінтіне ұзақ қараған. Бірақ қанша қараса да төрт аяқты өзі тектестердің бірде-бірін көре алмады. Ұшты-күйлі жоқ. Бұл төңірегін тағы бір шолып шықты. Жоқ. Солар шатыр ішінде емес пе өздері? Жоқ, ол мүмкін емес, — жаңа ғана Бэктің өзін де қуып шықты ғой одан! Сонда жер жұтты ма оларды? Дірдек қағып, құйрығы салбыраған ол шатыр маңында жападан-жалғыз сенделіп кеп жүрді. Кенет алдыңғы екі аяғының астындағы қар көтеріліп кетті де, құлап түсуге шақ қалған. Табан тұсынан әлдене қозғалып кеткендей көрінді. Аяқ астынан пайда бола кеткен белгісіз нәрседен шошынып, түгі тікірейген Бэк ырылдап, тұра безді. Бірақ ақырын ғана шыққан таныс қыңсыл бұны тез тыпшытып, әлгі орынды барлауға қайта оралған. Танауына жылы ауаның лебі ұрды: қар астындағы шұңқырда домалана бүріскен Билли жатыр екен. Ол Бэкке өзінің ізгі ниеті мен ықыласын аңдату үшін жалбақтай үріп, құйрығын бұлғаңдатқан, құдды: «мені танымай қалғаның не!» дегендей ып-ыстық тілімен бұны жалап та жіберді.

Міне, тағы бір есте болатын дүние: мұнда суықтан осылайша қорғанады екен! Бек енді сенімді бір орын таңдап алды да, ұзақ күйбеңдеп жүріп өзіне қар түбінен ін қазып алды. Бірер минуттен кейін денесі ұяны жылытып, ұйықтап та кеткен. Ол күндізгі ауыр тірліктен кейін небір жайсыз түс көріп, кейде қарадан-қарап үріп, кейде тістене ырылдап, таң атқанша берекесі қашып шыққан-ды. Оны тек таңертеңгі стапның шуы оятқан. Алғашқы сәтте қайда жатқанын түсінбей қалды. Түнімен жауған қар інін мүлде көміп тастаған еді. Қардың бар салмағы жан-жағынан қысып жіберіпті. Кенет Бэкті жабайы аңның тұзақ алдындағы үрейі билеген-ді. Бұл — бойда оянған алыс ата-бабаларының түйсік белгісі-тін, әйтпесе осынау жетілген тірлігінде тіпті, толықтай жетілді деуге де келе қоймайтын қазіргі шағында ол тұзақ атаулыны көрген емес-ті, сондықтан одан сескенбесе керек-ті. Артынша ол тұла бойы булыға тітіреп, желкесі мен жон арқасының түгі тікірейе ырылдап, айналасына қарды олай-бұлай бұрқырата шашып, інінен бір-ақ ырғып шықты. Сонда ғана қарсы алдындағы аппақ алаңға тігілген станды көріп өзінің қайда жүргенін түсіне қалды, сосын өзінің Мануэльмсн серуенге шыққан сәтінен бастап, кесіле түнде жататын ін қазып алғанға дейінгі бастап кешкен күндерді түп-түгел есіне түсірді.

Франсуа бұған айқайлай сәлемдескен.

— Ал, не айтып едім мен? — деді ол Перроға қарап. — Мына Бэк не нәрсеге бейім екен! Көргенін көрген жерде қағып алады. Перро маңғаздана бас изеді. Ол пошта мен маңызды қағаздарды таситын, Канада үкіметінің шабарманы болатын, сондықтан оған жақсы иттер өте керек-ті. Міне, енді оған Бэк сияқты әрі мықты, әрі алғыр итті сатып алудың сәті түсе қалған ғой. Арада бір сағат өтер-өтпесте ол шанасына жегетін тағы да үш ит сатып алды да, олардың саны сөйтіп тоғызға жетті; тағы бір ширек сағат өткенде бәрін жегіп үлгерген Перро қарлы жолға түсіп, Дайск жағасына қарап жүйткіп бара жатты. Бэк өзгерістерге қуанған, жұмыс ауыр болғанмен оны бәлендей жек көре қойған жоқ. Бастапқыда серіктерінің бәрі шананы құлшына тартқандарына іштей таңданғаны да бар, бірақ көп өтпей-ақ сол құлшыныс өз бойын да билей бастағанын сезген. Бұл жағына Дэйв пен Соллекстен озған да ешкім жоқ, жеккі оларды өмірге қайта әкелгендей: қазір бұл екеуі мүлде басқа иттер боп шыға келген, бойларындағы баяғы босандық пен марғаулықтың бірі де жоқ. Мұншама жігер мен күш-қайрат бұларға қайдан келген! Және… өздерімен қоса өзге иттерден де осындай қимылды талап ететіндері несі екен? Сөйтсе, еңбек бұлардың тірлігінің ең мәртебелі мәні көрінеді, бүкіл ғұмыр мағынасы да, жалғыз қуаныштары да сонда секілді.

Дэйв ортаңғы болатын, онымен Соллекстен ілгерірек Бэкті жеккен. Қалған иттер бұлардың алдында қазтабандап жүгіріп отырады, ал ең бастағы көсем — Шпиц еді.

Бэкті Дэйв пен Соллекстің арасына солардан үлгі алуы үшін әдейі жеккен-ді. Бұл алғыр шәкірт, ал аналар өткір тістерінің көмегі арқылы бағындырып, қателігін қолма-қол жөнге салатын жақсы үйретушілер болып шықты. Дэйв әділетті де ақылды ит еді. Бэкті ешқашан да бекерден-бекер ренжіткен емес, ал бірақ Бэк жаңсақ баса қалса қаппай қалған кезі және жоқ, ондай сәттерде Франсуаның бишігі де қосыла кетеді, сондықтан Бэк қарсыласудан гөрі алға ұмтылып, қателеспеуге тырысу тиімдірек екен деп түйген. Бірде қысқа аялдамада қайысқа шырматылып, жүрісті бөгегені бар. Сонда Дэйв пен Соллекс жабыла бас салып, сазайын берді. Бұл бей-берекетті күшейте түскен-ді, бірақ есесіне Бэк кейін бау қайысты шатыстырмауға тырысып баққан: күн соңына қарай өз міндетін жақсы атқара түскені сонша, «оқытушылары» да қабуды доғарайын деген. Төбесінен Франсуаның бишігі де сартылдауды сиретті, ал Перро тіптен айрықша қамқорлық жасауға көшкен: мұның табандарын кезек-кезек көтеріп мұқият қарап шықты.

Бұлар бірінші күні өткен асу өте ауыр еді. Өзекті бойлап Қой станы арқылы, Таразы мен орман шекарасы тұсынан жоғары қарай өрлеп, биіктігі бірнеше жүз фут мұзарттар мен күртік қар ішін кезіп, бос жатқан маңды Сібір маңайын күзеткен кәрі қарауылдай ащы су мен тұщы су арасында созылып жатқан ұлы Чилкуттсн асқан. Бүткіл жол бойындағы сөнген жанартау шұңқырларында қатқан тұтас қол тізбектерінен ойдағыдай өтіп, түн ауа мыңдаған алтын іздеушілер көктемгі мұз көшкініне әзірленіп қайық соғып жатқан Беннет көлінің жағасындағы үлкен станға жеткен. Сол жерде Бэк өзіне қар түбінен ін қазып алды да, қалжыраған кезбедей мызғуға кіріскен, алайда ұйқы қандырудың сәті түспеді, — мұны көп ұзамай-ақ апаннан шығарып алды да, аяз түн түнегінде өзге иттермен бірге шанаға жекті.

Бұл күні олар тапталған жайдақ жолға тап болып қырық мильдей жерді өндіре жүріп өткен. Есесіне ертеңіне, одан кейін де бірнеше күн бойы қалың қарды өздері бұзып жол салуға мәжбүр болды, қатты шаршап, жүрістері өніңкіремеді. Аракідік Перро жегімнің алдына шығып, қарды шаңғысымен өзі таптап, иттердің жүрісін жеңілдетіп отырды, ал Франсуа сырығымен ыңғайлап, шананы жолға салады. Кейде Перро екеуі орын алмастырады, бірақ бұл үнемі жиі емес-ті. Перро мұз қабатының қалыңдығын Франсуа көзбен жақсы ажырата алатынына сенетін, ал бұл күзгі қабыршақ мұз кезінде өтс қажет еді. Ал ағын қатты тұстарда мұз атаулы тіпті жоқ болатын.

Бэк күнбе-күн (сол күндердің өзі шексіз болып көрінетін) жегімде жүреді. Аяқты тек қас қарая суытатын, ал аспан сәл ашыла бастаса-ақ қайта жолға түсіп, бір қиырдан бір қиырға тынымсыз жөңқи беретін. Өстіп келе жатып бұлар тағы бір кешкі ымыртта стан құрған; иттер әдеттегідей өздсріне тиесілі балықтарын алып, ұйықтау үшін қар астына сүңгіді. Бэктің тәбеті қасқырдікіндей еді. Оның күндізгі үлесі бір жарым қадақ кепкен бұлан етінен тұратын, бірақ бұл оған жұғын да болмайтын. Ешқашан тойып көрген емес, ұдайы ашқұрсақ жүреді. Ал салмақтары жеңілдеу әрі мұндай тірлікке мейлінше икемдірек өзге иттер бір қадақ қана балыққа қанағаттанып, күш-қуаттарын сақтай біледі.

Бэк көп ұзамай-ақ баяғы Оңтүстікте, үйде жүргендегідей кірпияздығын доғарған. Асты асықпай, талғап ішетін әдеті бар еді, келе-келе жолдастарының өз үлестерін тез қарпып алып, бұл жеп үлгермеген азық қалдығын сүйрей жөнелетінін аңдады. Өзіне тиісті асты сақтай да алмай қалатын, — бұл екі немесе үш ұрымен арпалысып жатқанда балығы басқа біреулердің аранында кетеді. Содан соң ғана әлгілердей тез тамақтануға әдеттенді. Аштық қорлығының өткендігі сонша, бірте-бірте ұрлық жасаудан тартынбайтын деңгейге дейін түскен. Оны басқалардың қалай жасайтынын бақылап жүріп бұл да солардан үйренейін деген. Жаңадан келгендердің бірі, жылпос қу, әрі ұры Пайктің Перроның көзі тая бергенде оның алдындағы төс еттің кішкене бөлігін лып еткізіп жұлып әкеткенін көрген Бэк келесі күні дәл сондай қимылмен тұтастай төсті алып тайып тұрған-ды. Артынан сұмдық аласапыран болды, бірақ бұған ешкім күдік келтірген жоқ, мұның қылмысы үшін ылғи қолға түсе беретін ынжық Даба бейшара таяқ жеді.

Осынау алғашқы ұрлық Бэктің Сібірдің қатал жағдайында өле қоймайтынын аңдатқан. Бұдан оның жаңаша ғұрыпқа бейімделе бастағаны байқалған еді. Мұндай қабілеті болмаса ұзамай-ақ азапты ажалдың аранына түсетіні анық-тын. Оның үстіне алғашқы ұрлық қасиеттен ажыраудың басы-тұғын. Бойындағы бұрынғы барлық ізгілік түсініктерінен айырылуға айналған, олардың керісінше, аяусыз қатыгез күреске пайдасынан зияны көптің. Сүйіспеншілік пен достық заңы салтанат құрған Оңтүстікте ол қасиет орынды шығар — онда өзгенің мүлкіне құрметпен қарап, басқаларды аяу қағидасы қалыптасқан. Ал мұнда. Солтүстікте таяқ пен тіс заңы үстемдік етеді, сондықтан ауыздағыңнан айырып, тірлікке бөгет жасаудан өзге берері жоқ адалдықты тек ақымақ қана ұстанар еді.

Әрине, Бэк дәл бұлайша топшыламаған, — ол әшейін жаңа жағдайға ішкі түйсікпен ыңғайлана түскен. Ол күштің ара салмағы тең болмаған күннің өзінде күрестен ешқашан қашпас еді. Алайда қызыл свитерлі адамның таяғы қаншама қатты болса, ол оны өмірге соншама тез үйрете бастаған. Бэк биік мәдениеттің итаяғынан ас жеп жүрген кезінде өзінің биік тұтқан тәртіптері жолында, тіпті ол керемет қатал болса да — өліп кетуге даяртын. Мысалы сонда Миллердің ат айдайтын қамшысын қорғап, безек қаққан кезі қаншама! Енді сол бір асыл мұраттарды тәрк етіп, жан сақтауға ұмтылуы оның біртіндеп жабайылана бастағанын аңдатқан. Ол ұрлықты өнер көргендіктен емес, аш құрсақтың дамылсыз дабылына бағынып барып жасаған-ды. Және оны бұғып, ақырындап, барлық сақтық шараларын ескеріп жасады, себебі таяқ пен тіс заңына бас иген-ді. Қысқасы, істемеуден гөрі істеуге жеңіл түсетін нәрсенің бәрінен бас тартқан жоқ.

Ол өте тез ширады (анығында, жабайыланды). Бұлшық еттері болаттай ширығып, анау-мынау ауыртпалық батпайтын деңгейге жеткен. Ол іштей де сырттай әбден шынығып алған еді. Ең жеркенішті,сіңбейтін астың өзін жей беруге дағдыланды. Асқазаны ішкен нәрсесінің нәрін соңғы түйіршігіне дейін сіңіріп, қаны қорытылған асты тұла бойына дарытып, денесін күннен-күнге нығайта түсті. Бэк керемет қырағы да, иісшіл еді, ал есту қабілетінің тым күшейгені сонша — құлағы, тіпті, ұйықтап жатып-ақ қыбыр еткен нәрсені аңдап, оның не қауіпті не қауіпсіз әшейін, не қатерлі дыбыс екенін ажырата қоятын дәрежеге жеткен. Бармақтарының арасына қатқан мұзды сорып жеуді үйренді, ал шөлдеген кезінде, суаттың бетін қалың мұз қабаты көмкеріп жатқан жағдайда, оны серпінді алдыңғы аяқтарымен қақ айыра білетін-ді. Әйткенмен Бэктің ең ғажайып қабілеті желдің бағытын күні бұрын болжай алатындығы болатын. Тып-тымық бір кештерде ағаш түбінен немесе жағалау тұсынан өзіне ін қазып алса, сол орны жел соққан жағдайда ылғи ық жақта, жып-жылы, жайлы болып шығар еді.

Бэк мұның бәрін тек тәжірибе арқылы игерген жоқ-ты — оның бойынан әлдеқашан өшіп қалған жабайы түйсіктері дүр сілкіне оянып келе жатты. Ал қолда үйретілген бірнеше буын ата-бабасынан жұққан қасиеттері, керісінше, тұншыға берді. Жан түкпірінен түп аталарының алыстағы жастығы мен жабайы иттер үйір-үйірімен адам аяғы баспаған ну ормандарда азық іздеп жортып жүргенде өткен кезеңнің түсініксіз де бұлыңғыр үні естілгендей болған. Бэк сөйтіп тырнақ пен тісті іске қосуға дағдыланды, ұшқыр көкжалдық ептілігі қалыптаса түсті. Оның есте жоқ ата-бабалары солайша айқасар еді. Өстіп еткен шақтың ғұрыптары оянып, ұрпақтан-ұрпаққа берілген ескі әдеттер енді мұның өз дағдысына айнала бастаған. Бұл оны ешбір жатырқамастан да таңырқамастан, баяғыдан өзіне тән қасиеттей еш қиналмастан игерді. Тымық та, салқын түндерде тұмсығын көкке көтеріп қасқырша ұзақ-ұзақ құмыға ұлыған сәттерінде Бэктің болмысынан ғасырлар бойы жұлдыздарға қарап күңіренген өзінің әлдеқашан сүйектері құрап қалған бабаларын көруге болатын-ды. Бэктің үнінен дәл сондағыдай ноталар — жан өзегінде тыныштық пен түн-түнек һәм ызғар туғызған ащы зар уілі естілер еді.

Солайша, біздің бәріміздің де табиғаттың қолында қуыршақ екеніміздің дәлеліндей, Бэктің де көкірегінен бабаларының ежелгі әуені күңірене лықсып, бірте-бірте өз ата-тегіне орала түскен. Ал мұның бәрі біреулердің Сібірде сары металға кезіккендігінен, содан соң бағбан көмекшісі Мануэльдің алған жалақысының өзінен айнымайтын қаптаған шикі өкпелері мен әйелінің қажетіне жетпегендігінен барып туындаған жағдай еді.

ТАҒЫЛЫҚ ҮСТЕМДІГІ

Бэктің тағылығы күн өткен сайын күш ала берді де, ол жаңа тіршіліктің қатал жағдайларында басқалардан біртіндеп басым түсе бастаған. Бірақ бұл байқала қойған жоқ. Бэктің оянған хайуандық айлакерлігі өз түйсігін жасырын ұстауға жәрдемдесті. Оның үстіне тосын тіршілік салтына бейімделу қажеттігі тұрақты түрде сақ жүруді талап еткен, сондықтан да ереуілдеп таласқа түсе кетпеуімен қоса кез келген қақтығыстан бой тартуына тура келген. Сөйтіп мінез-құлқынан біршама ұстамдылығы мен аңғарымпаздығы байқала түскен-ді. Асығыс, ұшқыр қимылға бармайтын. Шпицпен арада өліспей беріспейтін өшпенділік оты өрши түссе де, ешқашан күйгелектеніп, жауына өзі бірінші болып соқтығып көрген емес-ті.

Шпиц болса, керісінше, бірден тісін ақситып мүмкіндікті құр жібермейді, — тәрізі, Бэктің қауіпті бақталас екенін болжаса керек. Ол ұдайы өршеленіп, Бэкті ызаландырып, екеуінің бірін сөзсіз мерт қылып тынатын таласқа шақырудан тынбаған. Ондай айқас жол басында-ақ болып та қала жаздап барып, кездейсоқ киліккен жағдай бөгет жасаған-ды. Бірде кеш қарсаңында шаналар Ле-Барж көлінің жағасындағы жел азынаған жайсыздау бір орынға аялдаған. Алакөлеңкедегі үскірік, теріні қыздырған пышақпен сұққылағандай еттен өткен өткір жел тынығатын ықтасын қарастыруға мәжбүр еткен. Бұдан нашар орынды іздесең таппас едің. Алдыдан серейіп жақпар тас шыққан, сондықтан Перро мен Франсуаның oт жағып, ұйықтайтын қаптарын тура мұздың бетіне төсемеске лажы қалмады. Шатырды артық жүк болмасын деп Дайяға тастап кеткен-ді. Төңіректен су тасқыны әкелген біраз шөп-шалам жинап алып от жаққан, алайда алау тек астындағы мұзды ерітті де, өшіп қалды, сол себептен қараңғыда тамақтануға тура келді.

Бэк өзін желден қорғайтындай тура күз түбінен ін қазып алды. Баспанасы аса жылы да жайлы болып шыққан, сондықтан Франсуа иттерге алдында отқа қыздырған балық таратқан сәтте зорға шыққан. Бэк өзіне тиген азықты жеп алып қайта келсе, орнына біреу жайғасып алыпты. Айбарлы ырылынан басқыншының Шпиц екенін таныған. Бұған дейін жауымен қақтығысудан қашқалақтап жүретін Бэк бұл жолы шыдамады. Атойлап, хайуандық мінезі оянған. Ол Шпицке екеуіне де тосын долылықпен бас салды, әсіресе қарсыласын күші мен салмағына ғана сенген өте қорқақ ит санатына жатқызып қойған Шпиц мұндайды күтпеген еді.

Тас-талқан болған іннен тістесе арпалысып шыққан екеуін көргенде Франсуа да таң қалды. Бірақ таластың себебін лезде-ақ түсінген.

— Aha! — деп айқай салды ол Бэкке, — Тартқыз сазайын! Бер сыбағасын жақсылап жексұрын ұрының!

Шпиц ұрысқа ұмтылды. Taп беретін ыңғайлы сәтті күтіп ызалана шыдамсызданған ол Бэкті шыр айналып жүріп алған. Екіленген Бэк те сақтана қимылдауға тырысып Шпицпен айнала аңдысып жүр. Бірақ дәл осы тұста күтпеген бір жағдай килігіп, басымдылық айқындалатын алапат айқасқа бөгет жасады. Ол бұдан едәуір кешірек, бұл жерден тағы да бірнеше шақырым ауыр да, азапты жол жүргеннен кейін ғана барып жалғасқан еді.

Әлдене деп боқтанған Перроның даусы, жон арқадан тиген таяқтың дыбысы, одан ауырсына қаңқылдай шыққан ащы дауыс осыдан кейін-ақ іле-шала басталған аласапыран белгісіндей көрінген. Аяқ астынан дүр сілкінген стан төңірегі лезде ию-қию сапырылысқан жүндес хайуандарға толды да кетті.

Бұлар таяу маңдағы әлдебір үндістер қонысынан станның иісін сезіп салып ұрып жеткен жүз қаралы аш иттер тобыры болатын.

Шақырылмаған бұл «меймандар» Бэк пен Шпиц шарпыса бастаған тұста станға кіріп те үлгерген-ді, ал таяқтарын алып Перро меп Франсуа жеткен бетте аласұрған иттер соларға тап берген. Азық иісі естерінен адастырған еді. Тамақ салынған жәшікке тұмсығын тығып үлгерген бір төбетті байқап қалған Перро ауыр таяқпен әлгінің аш бүйірінен оңдырмай соқты. Жәшік аударылып түсті де, аш мақұлықтар төгілген нан мен төс етке таласып қырқыса жөнелген. Соққының астында қалған иттер шаңқ-шұңқ етіп қыңсыл қаққанмен қу тамақ үшін барын салған азық үшін аянбай таласуды да доғарған жоқ, сосын ең соңғы қоқымға дейін жеп біткенше алаңды тастамаған да.

Осы аралықта Перроның барлық иттері індерінен үрейлене үрпиісіп шығып тұрған. Ашынған келімсектер ауызды енді соларға салды. Бэк мұндай иттерді бұрын-соңды көрмеген еді. Қабырғалары арса-арса. Кір-кір терімен қаптап қойған қу сүйек қана дерсің. Көздері жайнап, езулерінен көбік бұрқырайды; аштықтан екіленген олардың сықпыты аса қорқынышты әрі тым айбарлы-тын. Жегім иттері алғашқы айқаста-ақ құзға қарай ығысқан. Бэкке бірден бөтен төбеттердің үшеуі жабылып, ә дегенде-ақ иығы мен тұмсығын жаралап тастады. Маңайдағы шу құлақ жарарлықтай еді. Билли әдетінше жанұшыра қыңсылап жүр. Денелері қанға боялған Дэйв пен Соллекс қатарласып алып айқасқа аянбай кірісіпті. Джо да құтырына арпалысады. Аузына бөтсн иттсрдің бірінің алдыңғы аяғы ілігіп қалған — ол соны қаусата шайнап тастады. Ал айлакер Пайк со бойда мертіккен итке тап беріп, желкесін үзіп жіберді. Бэк аузынан көбігі ағып өзіне қарай тұра ұмтылған қарсыласын кеңірдектен ала түскен. Шапшыған қан тұла бойын жуып кетті. Ауыздағы жылымшы қанның дәмі Бэкті бұрынғыдан бетер жындандыра түсті. Баса бір итке бас салған ол сол сәтте-ақ әлдекімнің ақсиған тісті тура өзінің көк желкесіне салғанын аңдады. Бұл оған опасыздықпен соқтыққан Шпиц болатын-ды.

Перро мен Франсуа станның бір бөлігін «шақырылмаған қонақтардан» тазалап болған соң өз иттерін құтқаруға ұмтылды. Олар жеткенде құтырынған аш хайуандар легі кейін шегінді де, Бэк мойнына жармасқан Шпицті сілкіп тастады. Алайда тыныштық ұзаққа созылған жоқ. Перро мен Франсуа қайта жүгіре жөнелген — оларға қалған азық-түлікті аман сақтап қалу керек-тін, — сол бойда үндістердің төбеттері жегім иттерге тағы төнді. Құтырынған жауларының қыспағын ерлікпен батыл бұзып шыққан Билли мұз бетімен жүйіткіп берді. Оның соңынан Пайк пен Даб жөнелді, бұдан кейін олардың ізіне Перроның өзге иттері ілескен. Бэк те мұз бетіне ыршып түсуге оқталған сәтте көз қиығы мұны аяқтан шалып түсу пиғылымен өзіне қарай екпіндей ұмтылған Шпицті шалып қалды. Егер Бэк құласа соңдарынан жөңкілген қалың нөпір иттің табанының астында қалып, ажал құшатыны айдан анық-тын. Бірақ бұл бар күшімен Шпицті қағып тастап, көл бетімен өзгелердің соңынан аршындап жөнелді.

Әлден уақытта жегімдегі барлық тоғыз ит бас қосты да, орман ішіне сіңіп кетті. Бұдан кейін оларды ешкім қуған жоқ, әйткенмен, жағдайлары өте аянышты еді. Әрқайсысы кемінде төрт-бес жерінен жараланған, кейбірі тіпті оңбай таланыпты. Дабтың артқы аяғы қатты жұлмаланған, Доллидің (Дайяда сатып алынып, жегуге ең соңында қосылған ит) желкесі жырым-жырым, Джоның көзі ағып кетіпті, ал Билли бейшара түнімен ыңырсып қыңсылап шықты — оның бір құлағынан түк қалмаған екен. Таң бозара бұлар зорға деп алғашқы тұраққа қайта оралған да, әлгі тонаушылар табандарын жалтыратыпты. Франсуа мен Перро ашудан жарылып кете жаздады. Азықтарының тең жартысын жеп кетіпті. Аш иттер мұнымен де қоймай тартпалар мен кенеп қаптардың жырым-жырымын шығарған. Тістері таңдайға татиды-ау деген нәрсенің бірі сау қалмағандай. Бұлан терісінен тігілген Перроның башмағын да жеп қойыпты, қайыс божыны да шайнапты, аппақ қып шайнап-шайнап тастаған, тіпті, Франсуаның бишігі де екі футтай қысқарып қалыпты. Айдаушы осынау көңілсіз көріністен бір сәт назар тайдырып, иттердің жарасына назар салып еді.

— Әй-әй-әй, байғұстар-ай! — деді ол ақырын ғана. — Қалай таланғансыңдар! Енді аяқ астынан сендер құтырынып жүрсеңдер қайтеміз! С-сайтан! Бәрінің де жынданып шыға келулері мүмкін ғой! Қалай ойлайсың, Перро?

Көшір дегбірсіздене бас шайқаған. Доусонға дейін әлі төрт жүз миль бар, — ендігі жетпегені иттердің құтырынуы еді! Сыпырта боқтана жүріп атқарылған екі сағаттық азапты жұмыстан кейін көлік ретке келтірілді де, шанаға жегілген иттер жанға батқан жарақаттарына қарамастан жанталаса тырмыса түсіп, сапардың ең ауыр бөлігін игеруге жөнеп беріскен. Олар дәл осы аралықтағыдай басқа еш жерде қиналып көрмепті.

Отыз мильдік өзен сақылдаған сары аязға пысқырып та қарамаған екен. Оның адуынды ағыны суықтың бегін ылғи да қағып тастап, еңіске қарай сарқырай төгіліп, жыл арқасына тіпті қабыршақ мұз да қатырмаған. Осынау азапты отыз мильді өту үшін алты күн діңкелеуге тура келді. Әр қадам сайын иттерді де, адамдарды да ажал күтіп жатты. Жолды байқаспаған Перро мұз астына жиырма мәрте құлаған. Оны ұзын сырығы ғана құтқарған еді, — ол сырықты құлаған сайын жылымға көлденеңінен түсетіндей етігі ұстаған-ды. Аяз бірте-бірте күшейіп, сынап бағанасы нөлден төмен елу градусты көрсетіп тұрды. Перро осылайша суға әрбір малынып шыққан сайын суық тиіп қатты ауырып қалмау үшін де от жағып қайта-қайта кептірінген.

Бірақ ол ештеңеден қорқа да қойған жоқ-тын. Ол өте ер жүрек адам болғандығынан да оны үкіметтік шабарман етіп тағайындаған-ды. Перро әжім басқан ашаң жүзін желге тосып ап кез келген іске нар тәуекелмен араласа беретін адам еді, күнбе-күн таң бозынан қас қарайғанша қиындық атаулымен арпалысатын да жүретін.

Ол кез келген сәтте ойылып түсер өзеннің жұқа мұзды жиегімен — ешбір қауіп-қатерге қарамастан, қашан да алға қарай батыл адымдап келе жатады. Бірде Дэйв пен Бэк шана-манасымен суға батып кетті. Сонда тұншығып та қала жаздап, үсіп өлуге де шақ қалған иттерді әрең шығарған. Оларды аман алып қалу үшін от жағуға тура келді. Денелеріне қатқан қалың мұзды еріту үшін Франсуа мен Перро оларды қып-қызыл жалынды айналдыра жүгірткен екен, сонда тіпті, иттердің түктері үгітіле бастаған ғой.

Келесі бір жолы Шпиц құлады да, өзімен бірге жегімдегі Бэкке дейінгі бүкіл итті өзімен бірге сүйрей кетті. Бэк барлық күшін салып мұз бетінде төрт тағандап тұра қалды, айналасындағы қатқақтың қақырай жөнелгеніне де қарамастан алдыңғы екі аяғымен жылымның тайғақ жағасына сіресе тіренген. Сәті түскенде Бэктің соңынан Дэйв жегілген еді, ол да жанұшырып артқа жұлқынды; шананың сыртында тұрған Франсуаның да бұларды өзіне қарай күшене тартқаны сонша, мұның бұлшық еттері сөгіліп кете жаздап еді.

Енді бірде мұз қабаты шананың алды-артынан қатар опырылды. О жолы тұстарындағы сорайған құздың көмегі арқылы ғана құтылуға болатын-ды. Перро әлдебір ғайыптың күшімен соған көтеріліп алды да, төмендегі Франсуа істің сәтін тілеп Жасағанға жалбарынумен жүрді. Сөйтіп қолдағы барлық тартпа, божы, жіп атаулыны жалғап, иттерді біртіндеп құз басына шығарып алғандары бар. Шана мен барлық жүк көтеріліп болған соң жоғарыға қарай ең соңынан Франсуа өрмелеген. Одан соң қайтадан жерге түсетін ыңғайлы тұс іздестірілді. Ақырында, әйтеуір, әлгі арқанның көмегімен түсті-ау: бұлар өзен бетіне тағы табан тірегенше көз де байланған. Сөйтіп бұл күні олар не бәрі ширек мильдей ғана жол жүріп еді.

Мұзы қалың Хуталиновкаға жеткен мезгілде Бэк әбден қалжыраған еді. Басқа иттердің де оңып тұрғаны жоқ-ты. Бірақ жоғалтқан уақытты қуып жету үшін Перро оларды дамыл тапқызбай тағы да қамшылай бастады. Бірінші күні бұлар отыз бес мильді артқа тастап Үлкен Бұланнан бір-ақ шықты. Екінші күні тағы отыз бес миль жүріп, Кіші Бұланға тұяқ іліктірсе, үшінші тәулікте қырық миль заулап Бес Саусақ аузына жақындай түскен.

Бэктің сирақтары Сібір иттерінікіндей аса мықты да, серпінді емес-тін. Оның ең соңғы жабайы бабасы үңгір адамының қолына үйренгелі бері немесе тіреулі баспаналардың тұрғынына айналғаннан бастап бұл тұқымдас иттер ұрпақ ауысқан сайын нәзіктене берген ғой. Аяғының ауырғанына қарамастан күні бойы ақсаңдай жортқан Бэк кешке қарай кезекті тұраққа тоқтағанда мұрттай ұшып, сүріне жығылған. Тіпті оны тамаққа тәбетінің өзі орнынан қозғай алмады, балық таратқан сәтте Франсуа оның үлесін өзі апарып беруге мәжбүр болды. Сол Франсуа күн сайын кешкі астан кейін жарты сағаттап оның табанын уқалап, өз башмағының қоныш жағын садақа етіп, Бэктің төрт аяғына бірдей башмақ тігіп берді. Бұл қиналып жүрген итке өте қолайлы болды. Бірде таңертең Франсуа Бэкке әлгі башмақтарды кигізуді ұмытып кеткені бар. Сонда Бэк оны кигізбесеңдер жолға шықпаймын дегендей шалқадан жата қалып төрт аяғын бұлғаңдатқанын көргенде өмірі қабақ ашпас Перроның өзі жадырай күлген-тін. Бірақ бірте-бірте оның табандары мүйіздей қасаңданып алды да, бұдан әрі оған башмақтардың түкке де қажеті жоқ боп қалған.

Енді бірде ергеңгісін Пелли аялдамасында иттерді жегіп жатқан сәтте, бұған дейін ешбір оғаш мінез көрсетпеген Долли аяқ астынан еліріп шыға келгені. Ол кенет қасқырша ұли жөнелген; жан шошытар даусының ащылығы сонша, өзге иттердің тұла бойлары тітіреді.

Сөйтті де, ол Бэкке қарай тұра ұмтылды. Өмірінде құтырған итті алғаш көрген Бэк бастапқыда одан сақтану керектігін де білмеген. Әйткенмен өз-өзінен қатты үрейленіп айдалаға тұра безді. Алға қарай заулап бергенде соңынан қол созымдай ғана аралықта аузынан ақ көбік ағып ырс-ырс еткен Долли өкшелей ілескен еді. Сол сәтте Бэк қорқыныштан қашса, Доллиді қуған жын болатын, екеуі құйрық тістесіп ұзақ шапқылаған.

Бэк қалың тал-шіліктің арасына қойып кетті де, аралдың төменгі етегі жағынан ытқып шықты, одан бетінде мұз қалқыған әлдебір тоғаннан жүзіп өтіп, келесі аралға шығып, содан соң үшінші бір алаңқайға жеткен. Сөйтіп айнала зымыраған ол өзеннің негізгі арнасына қайта оралды да, үрейден жүрегі аузына тығылып мұз үстімен құйындай ұшқан. Артынша қарауға мұршасы болмағанмен соңынан тісін шықырлата қуып келе жатқан Доллидің ызалы үні де тура құлақ түбінен естіледі. Осылайша ширек мильдей жүгірген соң Франсуаның шақырғанын аңдап, кейін бұрылған. Сосын ышқына демігіп, Доллидің алдына ораған күйі Франсуаға қарай барын салды. Бір құтқарса айдаушы ғана құтқарар деп үміттенген еді. Бұл уақытта Франсуа да оны құтқаруға ьңғайланып тұрған Бэк жанынан зулап өте шығысымен соңындағы Доллидің басына қарай балтасын сілтеп кеп жіберіп еді.

Әбден әлсіреген Бэк құр сүлдерін сүйретіп шанаға жеткені сол, оның осы дәрменсіздігін пайдалана қойған Шпиц арс етіп, азулай жөнелді. Ол Франсуа жүгіріп жеткенше Бэкті екі жерден оңдырмай қауып та үлгерген. Шпицтің төбе тұсынан бишік ысқырып келіп жөн арқасын осып өтті. Бұндай соққыны жегімдегі бірде-бір ит жеп көрмеген-ді, Бэк бұған іштей риза боп қалды.

— Мына Шпиц дегенің бір жын ғой! — деді Перро. — Бір күні бұл Бэкті жайратып салмасына кім кепіл!

— Оқасы жоқ, Бэктің ішінде бір емес, екі жын отыр! — деді Франсуа.

— Мен оны байқағалы қашан! Бұл жөнінде саған мынаны айтам: күндердің бір күнінде ол әбден тағыланып алады да, сенің Шпиціңді екі шайнап бір түкіретін болады. Көр де тұр!

Сол сәттен бастап Бэк пен Шпицтің арасында ашық майдан басталды. Бүкіл жегімнің көсемі де көшбасышысы ретінде әлдеқашан мойындалған Шпиц осынау таңғажайып оңтүстіктік иттің өзіне бақталас екенін енді анық аңғарған. Бэктің таңғажайып көрінетін себебі, Шпиц бұған дейін қаншама оңтүстіктік иттерді кездестірсе де, олардың ешқайсысының дәл осындай жергілікті иттермен тайталасқанын көрген емес-ті. Сол күнгейлік келімсектердің бөрі өтe әлжуаз келетіндіктен не ауыр жұмысқа, ие суыққа, не аштыққа шыдай алмай, кез келген сәтте қылжия салатын. Бэк олардың бірде-біріне ұқсамайтын, бәріне төзіп, жаңа тіршілікке бейімделіп, теріскейлік иттерден күш жағынан да, шыдамдылық пен батылдық тұрғысынан да еш қалыспай шыңдала түскен. Оның үстіне өте өр еді, ал анау қызыл кеудешелі адамның ауыр таяғы талай намазды үйреткенмен оны бірақ бұрынғыдан да қатерлі дұшпанға атталдырған-ды. Ол өте айлакер-тін, сондықтан көсемдікке ұмтылғанда тек аңдарға тән мінезбен ыңғайлы сәтті зор төзіммен күтуге дағдыланған.

Басымдық үшін бір шайқастың болатыны анық еді, Бэктің тілегені де сол-тын. Оған құмарту себебі — болмысы сондай еді және жегімдегі иттерді соңғы демі біткенше жолдап шықпауға итермелейтін, ал егер қатардан алып тастаса құсадан өлтіретін өрлік қасиет бұған да жат емес-тi. Дейвтің де сондай асқақтық мінезі белгі бере бастаған, өзін ортаңғы орынға жеккенде ол барлық күшін салып Соллексті шана сүйреуге мәжбүр еткен. Сөйтіп жолға шыққан кездері барлық иттерге дем беріп, тауыс та тартыншақ хайуандарды дүр сілкінтіп, шалдықпайтын еңбексүйгіштікке айналдыратын. Мұндай өрлік иттерді күні бойы cap желдіріп отыратын еді де, кешке аялдар тұста бейберекет мазасыздық пен қияңқылыққа орын ұсынатын. Көсем ІІІпиц сүріншектеп, жетек бауға оратылатын немесе таңертең жегетін кезде тығыла бастайтын иттерді дәл осындай кәнігі өркеуделікпен қабатын-ды. Ол Бэкті өз орнына көсем сайлап қоя ма деген асқақ пиғылдан да сескенген болатын, ал Бэк расында да көшбасылықты көксеген.

Рас. Бэк бұдан былай көсемдікке ашықтан-ашық ұмтылды. Ол Шпиц жазалағысы келіп тұратын жалқауларға жақынырақ тұрып алып, жанжал шыққан кезде әдемі екі ортаға қыстырыла кетуді шығарды. Әлдебір түнде қар жапалақтап көп жауған, ал таңертеңіне жалқау да қулау Пайк шанаға келмей қалды. Өзі қар астынан терең етіп қазып алған ініне тығылып жатып алыпты, Франсуа оны әуреленіп көп іздеп, дауыстап шақырумен болған. Шпиц жынданып кете жаздады. Ол әрбір күдікті орынды тіміскілей қопарыстырып стан арасын шарқ ұрып ұзақ жортқан, ал оның ызалы ырылын апанында жатып естіген Пайк қорыққаннан діріл қағып кетті.

Әйткенмен, ақырында әлгі жерден шығарып алған сәтте Шпиц оған сазайын тарттыру үшін тап берген еді, кенет Бэк те дәл сондай екпінмен тұра жүгіріп, екеуінің арасына киліккен. Бұл қимылдың тосын да епті шыққаны соншалықты, соққыдан артқа қарай серпілген Шпиц шатқаяқтап құлап түсті. Жаңа ғана жеркенішті күйге түсіп үрейден қалшылдап кеткен Пайк осынау ашық шабуылды көргенде бірден жанданып шыға келген де, жеңіліс тапқан көсемге бас салған. Шпицке осы аралықта адал шайқас ережесін естен шығарған Бэк те ұмтылды. Бірақ осының бәрі қызық көрінсе де әділдік орнатуды көздеген Франсуа Бэкті бишігімен аямай тартып-тартып жіберді. Әйтсе де Бэк қарға домалап жатқан дұшпанынан ажырай қоймады, сол кезде Франсуа бишіктің сабымен сартылдата бастаған. Бэк ауыр соққыдан сонадай мұрттай ұшып түсті. Сонан кейін-ақ бишік астында қалған; осы аралықта Шпиц те жексұрын Пайктің сазайын беруге кірісіп кетіп еді.

Бұлар Доусонға бет түзеген келесі күндері де Шпиц кінәлі иттерді жазалаған сайын Бэк араға түсумен болды. Алайда қулығын асырып, маңайда Франсуа жоқта ғана килігеді. Бэктің бұл әрекеті бағынбаудың белгісіндей еді, осыдан бастап-ақ жегімдегі тәртіп бірте-бірте бұзылған үстіне бұзылуға айналды. Тек Дэйв пен Соллекс қана сыр берген жоқ, қалған иттер беттерімен жайыла бастаған. Сөйтіп әдеттегі тірліктің қиюы қашты. Талас-тартыс көбейді. Жағдай біртіндеп қиындай — түсті мұның бәрі Бэктің кесірінен еді. Осы үшін Франсуаның да мазасы кетті, бұл Шпиц екеуі енді бірі өліп бірі қалғанша тынбайды-ау деп қауіптенеді ол. Шындығында Франсуа ерте ме, кеш пе, сондай бір сәттін болмай қоймайтынын түсінген. Тіпті түпде бірдеме тықыр ете қалса, мыналар тағы да бастады ма деп, сүріне-қабына сыртқа атып шыққан кезі қаншама. Алайда олар бірін-бірі өлтіре қоятындай жағдай байқала қойған жоқ, сонымен бұлар ақырында олар бұлыңғыр күндердің бірінде Доусонға да келіп жетті. Ал әлгі Франсуа күткен ол ұлы айқасқа дейін әлі біраз күндер барып ешкім есепке алған жоқ. Доусонда адам көп екен, иттер одан да көп, Бэк мұндағы барлық иттің жұмысқа жегілгенін аңдады. Тәрізі бұл үйреншікті нәрсе болса керек. Бас көше шұбатылған иттер жегімінен босамайды, тіпті, қоңырау үні түнде де тыншыған емес. Иттер құрылысқа бөрене, ағаш, кен орнына қажетті басқа да жүктерді тасиды. Санта-Клара алқабында аттар атқаратын жұмыстың бәрі осыларға жүктеліпті. Бұлардың арасында оңтүстіктер де кездесетін-ді, бірақ көпшілігі қасқыр тұқымдас жергілікті төбеттер болатын. Олар қараңғы түсе — тура тоғызда, он екіде, одан түнгі үште — төбе құйқаңды шымырлатып ышқына ұлуға кіріседі. Бэк те оларға бар ниетімен үн қосады.

Тас төбеңнен солтүстік шұғыласының суық шапағы мың құбыла жарқыраған немесе жұлдыздар көк жүзінде алапат аяздан дірдек қаққан, ал қарға бөккен кең дала сіресе бүріскен мұндай түндердегі иттер әуені мұңды әуезімен де, көкірек түбінен күңірене шығатын созылыңқы, қамығыңқы үнімен де өксуге ұқсас өмірдің өз жоқтауындай естілер еді. Жоқ, анығында, одан сол өмірге, тіршіліктің ауыр азабына шағынған аса мұңды сарынды аңдар едіңіз. Бұл жер бетіндегі дәл өз тұқымдарындай ең ескі де ежелгі — һәм сол дәуірдегі жас дүниенің барлық әндерінің зарлы келетініндей және ең алғашқы да ащы әуендердің бірі еді. Бұл — бойына қаншама буын ұрпақтың қайғы-қасіреті сіңіп, Бэктің өкпе-қолқасын суырған мұң болатын. Ол да басқа иттерге қосылып алып, суық түннің тылсым сұмдықтарының алдында өзінің баяғы жабайы бабаларын зар қақсатан тіршілік тауқыметінен қан жұта ұлитын-ды. Осынау сарғайған сағыныш жаңғырықтарының Бэктің жан-жүрегін қозғауы оның отырықшы адам өмірінің бейбіт ошағынан әлгі зарлы үнді алғаш туғызған сонау жабайы да тағы дәуірге орала бастағанын байқататын еді.

Бұлар Доусонға келгеннен кейін арада жеті күн өткенде құлама жағалау арқылы Юкон мұзына қайта түсіп, Дайя мен Тұзды суға қарай кері жөнелді. Перро бұл сапар Доусонға жеткізгеннен де гөрі аса шұғыл пошта әкетіп бара жатқан-ды. Оның үстіне әбден желігіп алған ол жылдамдықтың жылдық рекордын қоюды ұйғарған. Бұған басқа да бірқатар жайттар қолайлы жағдай туғызған. Бір аптадай дамылдап тыныққан иттер де күйлі-қуатты болатын. Алдында өзге жолаушылар таптап кеткен қар сүрлеуі сайрап жатты. Бұған қоса полиция осынау жол бойындағы екі-үш жерден ит пен адамдарға арналған азық-түлік қоймасын ашып қойғандықтан қайтар жолға қиналмай шығуға мүмкіндік те мол-тын.

Алғашқы күні бұлар Юконды өрлей салып, елу миль жүрсе, ал екінші күні кешке қарай салып-ұрып Пеллиге таянды. Бірақ мұншалықты жүйткіген жылдамдық Франсуаны әжептәуір әуреге де түсірген еді. Бәріне кінәлі — тағы да Бэк. Ол өзі мұрындық болған баяғы ереуілді қайта бастап жіберген. Иттер бұрынғыша бірқалыпты жүгіре алған жоқ. Бэктің араға түсуіне дәндеген ереуілшілер жиі құтырына бастаған. Көсемнен сескенетін тәртіпті ұмытып, Шпицтен қорықпауды шығарды. Дәлірегінде, одан мүлде қаймығуды доғарды, жалғыз Бэк қана емес, енді бәрі де оны мүлде мойындамауға айналып еді. Бірде кеште Бэкті арқа сүйеген Пайк Шпицтің жарты балығын ұрлап алып, сол бойда-ақ оны қылғытып жіберген. Келесі бір жолы Даб пен Джо Шпицке басынан бағы тайғанын ескерткендей оған жабыла кетті. Тіпті жуас Биллидің өзі баяғы жұмсақтығын ұмытып бұрынғыша жалбақтай қыңсылауын қойды. Ал Бэк болса Шпицтің қасынан өткен сайын ырылдап, ызбарлана айбат шегеді. Сөйтіп ол өзін кәнігі бұзықтарша ұстап, Шпицтің тура тұмсығы тұсынан алшаңдап өтуді шығарып еді.

Тәртіптің бұзылуы басқа иттердің өзара қарым-қатынасына кері ықпалын тигізді. Олар бұрынғыдан да жиі таласа бастағандықтан стан іші бірте-бірте нағыз тозаққа айналды. Тек Дэйв пен Соллекс қапа әдеттегі қалыптарынан айныған жоқ, бірақ біртіндеп бұлар да тынышсыздана түскен — айналадағы талас-тартыс оларды да ығыр қылып біткен сияқты. Франсуа түсініксіз бір сөздерді айтып боқтанумен жүреді, шарасыздықпен жер тепкілеп, өз шашын өзі жұлады. Бишігі де иттердің жон арқасы тұсынан ысылдаудан тынбайды, әйткенмен одан пайда шамалы еді. Франсуаның көзі сәл тайса-ақ болды, бәрі қайтадан басталады. Ол — Шпицті, ал Бэк басқаларын қорғаштайды. Франсуа бәріне кінәлі Бэк екенін жақсы білді, Бэк те айдаушының соны білетінін түсінген. Бірақ бұл айлакер төбет еді, сондықтан оның айыбын мойындату мүмкін емес-тін. Ол жегімде жақсы жүреді, өйткені бұл іс өзіне аса ұнайтын-ды. Бұған қоса жолдастарын байқатпастан қақтығыстырып қойып, соңынан өзі із жасырып кету ол үшін тіптен қызық-ты. Бірде Тэхкина сағасындағы аялдамада кешкі астан кейін Даб әлдебір қоянды үркіткенімен бас салып ұстай алмай қалды. Мезетте бүкіл ит соның соңынан лап қойған. Станнан жүз ярдтай жерде Солтүстік — Батыс полициясының елуге тарта ит ұстайтын стансасы бар еді, ол иттер де лек-легімен әлгінің ізінен түскен. Қоян өзен бетіндегі мұз үстімен қаша жөнелді де, қатқан бұлаққа қарай кілт бұрылып, омбы қарда жеңіл ырғып әрі қарай заулады, ал салмағы ауыр иттер сәт сайын малтығумен болған. Бұрылыстан бұрылысты айнала шауып, аршындап зымыраған Бэк алпыс иттің ең алдында кетіп бара жатты, әйтсе де қоянды қуып жете алмады. Бауырын соза шапқан ол құмарға әбден түскендіктен қыңсыл қағып та қояды. Оның қараңдап заулаған алып сұлбасы аппақ ай сәулесінен анық көрінеді. Аязды түнде елестей қылаңытқан қоян да алдында құстай ұшып барады.

Жылдың белгілі бір кезеңдерінде адамдарды шулы қаладан айдаладағы орман-тоғайға алып шығып, бейшара жануарларды аяусыз қырғызатын тағылық түйсік енді Бэктің көкірегінде де пайда болған еді — осынау қанқұмарлық пен ессіздік рақаты біртіндеп әбден табиғилана түскен. Ол алдында таяқ тастам жерде қашып бара жатқан, қалайда тезірек жетіп, ып-ыстық қанға тұмсығын армансыз матыру үшін иттер тобырының ең басында зымырап бара жатты.

Бойына ғұмырлық қуат дарытып, тіршіліктің шыңына бастайтын әлдебір желік болады. Бір ғажабы, өмірдің мәніндей көрінетін сол құмарлық бір сәт өзіңді де, айнала қоршаған дүниені де ұмыттырып жібереді. Ондай шаттық сезімі жасампаз суретшіге шабыт бұған шақтарда келсе керек. Ал сарбазды майдан даласында еліктіріп, оны шайқас үстінде адам танымастай қанаттандыра түседі. Міне, ежелгі қасқырлардың осындай жеңімпаздық құмарлығы билеген Бэк айлы түн астында жұлдыздай зымыраған жемтігінің соңында топ жарып бара жатқан еді. Ықылым дүние тереңіне қайта бойлатқан бұл желікті сезім қандай ынтызарлықтан пайда болғанын өзі де түсінбейді. Алайда арнасына сыймай тасып, бұлшық етіп бұлт-бұлт ойната күш-қуатты қаннатып, жан-жүрегін шаттыққа бөлеп, жұлдыздар жамыраған түн құшағында аяздан сірескен қалың тоңның апшысын қуыртып, осынау ессіз бәйгеге салған да сол белгісіз ынтызарлық-тын.

Ең қызу құмарлық билеген сәттердің өзінде сабыр сақтап сақ қимылдайтын Шпицтің өзі де шаршы топтан оқшау кетіп, өзеннің бұрылыс бір тұсындағы тар шығанақ арқылы қоянға барын салған-ды. Бэк мұны байқаған жоқ: ирек тұсынан бұрыла берген оның көзі алдында ағараңдаған қоян сұлбасынан ажырамаған. Кенет одан үлкенірек тағы бір ақшыл дене тік жардан ырғып түсіп, тура қоянның қарсы алдынан шыға келді. Бұл Шпиц еді. Қоян кері қарай бұрыла алмай қалды. Шпиц зулаған бетінде азуды оның ту жонынан салған, ал қоян ауырсынған адамша қатты шыңғырып жіберді. Бэктің соңынан жөней келе жатқан қалың тобыр Тіршілік деген бейшараның Ажал тырнағына іліккен сәттегі осынау ащы шиқылына құмарлана гу ете түскен.

Тек Бэк қана дыбыс шығарған жоқ. Ол зымыраған бойда Шпицкс бір-ақ атылған, екпінінің қаттылығы сонша, оны кеңірдектен ала кетудің сәті келмеді. Екеуі қарды бұрқыратқан күйде ұмар-жұмар бірге құлаған. Артынша бірінші болып Шпиц атып тұрды — тіпті құламағандай өте шапшаң көтерілген еді, — ол Бэкті иықтан қапты да, бір бүйіріне қарай ырғып түсті. Жақ сүйектері темір қапқанның аузындай сақылдап, екі мәрте сіресе жабылған; одан жақсылап қайта секіру үшін кейін серпілді, сөйтіп жоғарғы езуін тыжыртып, тістерін сақылдатып ырылға көшті.

Бэк өліспей беріспейтін шешуші шайқас сәтінің жеткенін түйсінді. Бұлар құлақтарын жымырып, шабуылдың ыңғайлы тұсын аңдып, өзара ырылдай жағаласып жүрген кезде Бэкке кенет осының бәрі баяғыдан өте таныс нәрседей көрінген: айнала аппақ орман, ақ шаңқан дала, ай жарығы мен айқас рақаты. Тым-тырыс төңірек тылсымға шомып тұрғандай. Маңайда тырс еткен дыбыс та, сыбдыр да жоқ, тіпті ағаш басынан қураған жапырақтың да қыбыр еткені байқалмайды — тек иттердің аузынан шыққан бу ғана аязды ауада баяу қалқиды.

Қолға нашар үйренген қасқырлардың ұрпақтары қоянды қолма-қол қаузап болып, енді айқасқа түсушілерді үн-түнсіз ширыға қоршасып тұрды. Көздері шоқтай жайнап, ашылған ауыздарынан бу бұрқырайды. Әлдебір жабайы замандардың осынау суреті Бэкке ешбір жана да, таңсық та болып көрінбеген. Бұл баяғыдан бар, өте үйреншікті нәрсе сияқты еді.

ІІІпиц ысылған сарбаз болатын. Ол Шпицбергеннен бастап бүкіл Арктиканы, Канада мен Бедеу Даланы шарлаған жолында небір иттерді кездестіріп, бәрін де тырп еткізбей бағындырған. Долылығы керемет еді, бірақ ешқашан да ақылдан алжасқан емес. Алдындағысын шақ келтірмей шайнап тастауға бейім, алайда қарсыласының да дәл өзіндей адуын күш иесі екенін бір мезет те ұмытпайтын. Дұшпанның қарымта шабуылына дайындалып алмай бірінші болып соқтыққан емес. Сондай-ақ Жеңіске жететініне көзі жетпесе бірден өзі ұрынбайтын да.

Бэк осынау алып ақ төбеттің желкесінен ала кетпек болып ұзақ әуреленді. Ашық тұсқа аранын салса болды, Шпицтің азуына кезігеді. Тістері тістеріне соғысқан екі иттің тұмсықтары қанға боялды, бірақ Бэкке сақ қарсыласып алдап соғудың ыңғайы келмеді. Ыза буған ол енді бас-көзге қарамай Шпицті шабуылдың астына алуға ұмтылған. Тіршілік қаны бүлкілдей соққан ақшақардай ақ тамаққа қайта-қайта жармаспақ болады, әйткенмен әрбір жолы ауызды өзіне салған Шпиц тайқып кете береді. Бэк енді өзге тәсілге көшкен: Шпицті кеңірдектен ала кетпекші түр танытады да, сосын басын кейін серпе бұлғарып, Шпицті құлатып түсіру үшін иықпен соғады. Бірақ тағы да өзін қауып үлгерген Шпиц бір жағына қарай жеңіл ырғып түседі.

Шпиц әлі сап-сау еді, ал Бэктің тұла бойы қан жуып кеткен, зорға тыныстап жүр. Шайқас біртіндеп ширыға түсті. Айнала қоршаған иттер екеуінің бірі құлап, сосын өздері жеңілгенін жеп қоятын сәтті тағатсыз күтіп, демдерін ішіне тартысып тұр. Бэктің ентіге түскенін байқаған Шпиц қорғаныстан шабуылға көшіп, дамыл таптырмауға айналды. Бэк біраздан соң тәлтіректей бастаған. Тіпті бір мезет құлап та қалды — сол сәтте алпыс ит орындарынан атып-атып тұрды. Алайда Бэк бір-ақ ырғып тез көтерілді де, әлгінде дүркірей тұрған иттер қайтадан тына қалды.

Бэкте көп мақұлықта кездесе бермейтін ғажап бір қасиет бар-тын: ол — сәтінде адамды да, аңды да құдіретті ететін — ой ұшқырлығы еді. Арпалыста түйсікке бағынатын-ды, әйткенмен миы да жұмысын тоқтатқан емес. Ол жауына бұрынғы иықпен соқпақшы әдісті қанталамақ түрмен тағы ұмтылды да, соңғы сәтте жерге жата кетіп Шпицтің алдыңғы сол жақ аяғына жармасты. Сынған сүйек күтір ете түсті — ақшулан төбет енді үш аяқтап қалған. Бэк қарсыласын құлату үшін үш мәрте әрекеттенді, одан әлгі тәсілін тағы қайталап, оның алдыңғы оң жақ аяғын шайнап тастады.

Жаны көзіне көрініп дәрменсіз халге түскен Шпиц жығылмауға күш салып бақты. Ол үн-түнсіз қоршаған иттердің жарқыраған көздерін, көзді сосын салақтаған тілдері мен демдерінен ауаға көтерілген күміс буды байқады. Сыртындағы шеңбер біртіндеп тарыла түскен-ді,ал бұл шайқаста жеңіліс табушыны қысатын мұндай қоршауды талай көрген. Бұл жолғы тізе бүгуші өзі еді.

Оның тағдыры шешілген-ді. Бэк аяған жоқ. Жұмсақтық көрсететін жер бұл емес екенін білген. Артынша ол шешуші соққыға дайындалды. Иттердің тақала түскені сонша, қос бүйіріне жақындаған жылы демді аңдаған. Шпицтің сыртынан көздері жайнап оның әрбір қимылын баға, бас салуға ыңғайланып жер бауырлағандарды көрді. Бір сәт тыныштық орнаған. Бүкіл ит орын-орнында тасқа айналғандай қатыпты да қалыпты. Тек Шпиц қана қалшылдай шатқаяқтап, төне түскен ажалды үркіткісі келгендей айбарлана ырылдап жүр. Бірақ осы сәтте оған Бэк те ыршып үлгерді, — сөйтті де кері қарғып түскен. Бұл жолғы нықпен жасалған соққы өз дегенін істеген еді.

Шпиц құлады. Иттердің қара құрым шеңбері ай жарығына шағылысқан қар бетінде бір нүктеге шоғарланды да, Шпиц жоқ болып кетті. Ал Бэк сонадай жерде жеңімпаз ретінде асқақ қарап тұрды. Бұл жауының көзін жойып, сонысына іштей риза болып тұрған елти рақаттанған нағыз жабайы жыртқыштың келбеті еді.

АҚТЫҚ ШАЙҚАСТА ЖЕҢГЕН КІМ?

Келесі күні Шпицтің ұшты-күйлі көрінбей кеткенін, ал Бэктің оңбай жараланғанын байқаған Франсуа жанындағы жолсерігіне: — ал не деп едім мен? Мына Бэктің ішінде бір емес екі жынның барын айтпап па едім саған! — деп лепірген. Сосын ол Бэкті алаудың қасына жетелеп әкелді де, оның бүйірі мен арқасын оттың жарығына тосып еді.

— Әлгі Шпиц тура тағы жыртқыштарша шайқасқан ғой, — деп тамсанды Перро ырсиған жараларын көрсетіп.

— Ал Бэк екі жыртқышқа тең! — деп қарсыласты Франсуа. — Енді жағдай оңала бастайды. Шпиц кетті, талас-тартыс та бітті дей бер.

Перро шаналарға керек-жарақтың бәрін тиеп болғанша айдаушы иттерді жегумен жүрді. Бэк ылғи Шпиц жегілетін көсемнің орнына келіп тұрған. Бұған ешбір назар аудармаған Франсуа осынау аса қалаулы орынға Соллексті әкеліп орналастырды. Бірақ Соллекске ызалана тап берген Бэк оны ығыстырып жіберіп Шпицтің орнына қайта тұрды.

— Ой, сұмдық-ай! — деп Франсуа екі алақанымен қос бүйірін сарт еткізді: — Бұл не деген пәле-ей, а! Шпицті шайнап тастап енді өзі көсем болмақшы.

— Бар кет, оңбаған! — деп жекіді ол Бэкке. Бірақ анау түк болмағандай тұра берген.

Франсуа оның жұлқына ырылдағанына да қарамастан былай ысырып тастап, көсемнің орнына Соллексті қайтадан әкелді. Бірақ қарадай тартыншақтай берген. Бұнысы Бэктен қарыққаны еді. Бірбеткей Франсуа да өз дегенінен қайтпаған, әйтсе де ол сәл бұрылған сәтте-ақ Бэк Соллексті жанынан ығыстырып жіберді. Бұған ол қуана-қуана келіскендей еді.

Осы кезде қатты ашуға мінген Франсуа:

— Қазір көрсетейін саған! — деп айқай салған да, жүгіріп жөнеліп барып ұзын таяқ алып келген.

Бэк қызыл свитерлі адамды есіне түсіріп, ақырындап кейін шегінді. Енді ол қайтадан алдыға шығарған Соллекспен жағаласа кетуге ұмтылған жоқ. Әйтсе де таяқ басы жетпейтіндей ғана жерден әрі ұзай да қоймады. Франсуа оны өзіне сілтей қалған жағдайда тайқып үлгеретіндей аралықты ұстап, бір жақ көз қиығымен айдаушының әр қимылын қалт жібермей баққан күйі ол алға қарай үлкектеді де отырды. Өз ісімен жүрген айдаушы Бэкті Дэйвтің алдындағы ескі орнына жегетін кезегі келгенде ғана дауыстап шақырған. Бэк бірнеше қадам кейін шегінді. Франсуа таяна түскенде, ол тағы қашқалақтаған. Бұл көрініс бірнеше мәрте қайталанған соң Франсуа Бэк осыдан сескеніп түр екен деп таяғын тастай салды. Бірақ мәселе таяқта емес-ті — Бэктің ашықтан-ашық мінез көрсетіп көздегені — көсемнің орны еді. Расында бұл орынға орналасуға ол әбден құқылы-тын және одан төмен жерге тұрғысы келмейтінін де аңдатқан-ды.

Франсуаға жәрдемдесу үшін Перро да жетті. Олар екеулеп таяқтай жүріп Бэкті жөнге салуға бір сағаттай әуреленген, бірақ ырыққа көндіру мүмкін болмады.

Әлгілер оны әке-шешеден бастап жетпіс жеті атасына, одан өмірге әлі келмеген келешек ұрпақтарына дейін, терісіндегі әрбір қылшық пен тамырындағы түйір тамшы қапға дейін түк қалдырмай сыбап шықты. Бэк болса бұл балағатқа жауапты ырылмен қайтарып, жанына маңайлатпай қойған. Ол өз тілегін табанда орындатуға тырысқан жоқ, дегенмен адамдарға ниеті орындалса қайтадан жуаситынын анық аңдатып, стан ішін айналып жүріп алды.

Франсуа ақыр аяғында қарға отыра кегіп желкесін қаси бастады. Перро сағатына қарағыштап боқтанып жүр. Уақыт өтіп барады, ал бұлар осыдан бір сағат бұрын жүріп кетуге тиіс еді. Басын шайқап, желкесін тағы қасыған Франсуа шабарманға абыржыған түрмен ыржия қараған. Анау жауап орнына жеңілгендерін мойындағандай иығын қушитты.

Сол сәтте Франсуа Соллекстің жанына келді де, дауыстап Бэкті шақырды. Бэк өзіндік мәнермен, иттерше күлді. — сөйтсе де сонадай жерден тақала қоймады. Франсуа Соллексті босатып алып, оны өзінің бұрынғы орнына жеккеп. Бір мезетте тізбекке тұрғызылған бүкіл жегім сақадай сай тұрды. Бэкке енді ең алдыдағы көсемнің орнынан өзге бос орын қалмаған. Франсуа қайта шақырғанда Бэк тағы да итше күлді, бірақ шақырған үнге құла аспады.

— Тасташы таяғыңды! — деп Перро айқай салды.

Франсуа оның айтқанын орындаған сәтте ғана маңғаздана басқан Бэк жегімнің ең басына келіп тұрды. Оған қайыс тартпалар тағылып, болып, шаналар күртін қарға түскен соң жегім бірден заулап өзен бегіне шыққан. Іле-шала бұлардың соңдарынан аяқтарына шаңғы ілген жарау жігіттер ілесігі еді.

Бұның ішінде екі бірдей жын отыр деп әспеттейтін Франсуа Бэк туралы бұрын да жоғары пікірде еді, алайда арада бір күн өтпей жатып бұл иттің күшін кемдеу бағалап жүргеніне көз жеткізген-ді. Бэк көсем міндетін атқаруға кіріскен бойда-ақ ақылымен, күшімен, алғыр да ұшқырлығымен Франсуа көріп жүрген иттердің қай-қайсысынан да асып түскен.

Әйткенмен оның ең бір керемет қасиеті сол өзгелерді өзіне өте жылдам бағындырып ала қоюшы еді. Ол көп өтпей-ақ жегімдегі барлық иттерді өз дегеніне жүргізді. Дэйв пен Соллекс жаңа көсемге еш қарсылық көрсеткен жоқ. Олардың бар білетіні аянбай еңбек етіп, еңбектеніп, күні бойы тыртыңдап шана сүйреу болатын, өздеріне ешкім кедергі келтірмесе олар бәріне көнуге даяр еді.

Көсем орнына Биллиді қойса да бәрібір, тек тәртіп сақтаса болғаны! Алайда соңғы кездері босаңсып кеткен өзге иттер Бэктің тәртіпке шақырған қаталдығына қатты таңданған. Жегімде Бэктен кейін орналасқан жалқау Пайк бұрын жетек қайысты орташа күшпен ғана тартатын-ды: әйтеуір қандай жағдайда да қиналып көрген емес. Бірақ Бэк бұған жиі-жиі дем беріп тартпақтауға кіріскен, сондықтан Пайк алғашқы күннен бастап-ақ ғұмырында тұңғыш рет құлшына араласуға мәжбүр болды. Ал қай уақытта да көңілсіздеу жүретін Джо бірінші кеште-ақ аялдамада жақсылап тұрып сазайын тартты — мұндайды тіпті Шпиц те ешқашан жасай алмаған. Бэк анау кешірім сұрап жалбарынғандай — қыңсылап, қарсылық білдіруді доғарғанша оған бар салмағымен қисая жатып алып, әбден қинады.

Сөйтіп бүкіл жегімнің жұмысы бірден жақсарып сала берген. Қозғалыстың баяғы ырғағы қалпына келіп, барлық иттер жетекті бір күшке біріккендей жақсы тартуға кірісті. Перро Ринк Рэпиде атты кейін табалдырығына кіре берісте Тика және Куна деген есімді екі канадалық итті тағы алды. Бэктің оларды қолма-қол үйретіп алғаны сондай, Франсуаның аң-таң болмасқа шарасы қалмаған.

— Дәл Бэктей төбетті күндіз шам жағып іздеп таба алмайсың! — деп түйді ол — Мұндай ит үшін мың доллар берсең де артық емес. Құдай ақы! Қарсылығың бар ма осыған, Перро?

Перро келіскен. Ол шабарман ретінде осы уақытқа дейін жылдамдық арттырудың рекордын жасап, оны күнбе-күн үдетіп отыруды дағды қылған. Қатқақ, әрі әбден тапталған жол сондай жақсы еді, жүрісті бөгейтіндей жаңа жауған борпылдақ, көбік қар жоқ. Оның үстіне күн де бәлендей суық емес. Нөлден төмен елу градусқа түскен температура ұдайы осы қалыпта тұрды. Перро мен Франсуа шана мен шаңғыға алма-кезек ауысады, шоқырақ шабысқа түсіп алған иттер анда-санда ғана дамыл табады.

Отыз мильдік өзенді әлдеқашан қалың мұз көмкергендіктен бұлар Доусонға дейін он күн жүрген ұзақ жолды енді бір-ақ күнде зымырап өте шықты. Бұдан соң Ле-Барж көлінен Ақбоз Ат аузына дейінгі алпыс миль аралықты ешбір аялдамастан және артқа тастап үлгерді. Иттердің Марш, Тагиш, Беннет көлдері арқылы (жетпіс миль) заулатқаны соншалықты, бұған дейін шаңғымен тырпылдап келе жатқан екі еркектің бірі шана енді артына тағылған арқаннан ұстап алып, сынаптан сырғыды да отырды. Ақырында бұлар екінші аптаның соңғы кешінде Ақ асу арқылы аңқылдата сілтеп келіп, Скагуэя іргесінде кеме оттары жарқырап тұрған теңізге қарай құлдилай құлап еді.

Бұл нағыз рекордтық жүріс болатын. Олар екі жеті ішінде күніне орта есеппен қырық мильден жүрген екен. Перро мен Франсуа Скагуэяның бас көшесінде алшаң-алшаң басып үш күн бойы қыдырды. Үш күн бойы оларды өздерімен бірге шарап ішуге шақырушыларда бір толастамады. Ал сонда олардың жегімдегі иттеріне қызығып, таңдай қаққандар қаншама! Таңдай қағып тұрып сатып алуға барын салғандар да бір төбе. Алайда көп ұзамай Батыстан келген бір топ қарақшы қаланы тонамақшы болады. Алайда мұнда оларға кеуде керіп тұра білген әлдебір жанкештілер табылады да, әлгі қараниет хайуандарды түк қалдырмай қырып салады. Сөйтіп жұрт назары енді бірден сол оқиғаға ауған-ды. Бұдан соң көп ұзамай Перроның қолына дереу кері қайту жөнінде ресми нұсқау тиген. Осыны естіген Франсуа Бэктің жанына келіп, оны қос қолдап құшақтай отырып жылап жіберген. Бұл Бэктің Франсуа мен Перромен соңғы қоштасуы болатын еді. Сөйтіп олар да баяғы басқа адамдар секілді бұның ғұмырынан біржола жоғалып еді.

Бэк бастаған топты әлдебір шотландтың қолына өткізісімен бұлар өзге де үйір-үйір жегімдегі иттермен бірге қайтадан сонау азапты Доусон жолына шықты. Бұдан былайғы жүрістері жеңілдей түскен еді, оның үстіне рекорд жасауға да мұршалары болмаған. Жоқ, бұлар күнбе-күн тынбастан тырмысып, ауыр жүк тиелген шаналарды сүйреді де отырды. Қайтқан құстардың тізбегіндей шұбалған бұл керуен — Солтүстік полюс ығында алтын іздеген адамдарға дүниенің түкпір-түкпірінен сәлем-сақпыт, хат-хабар тасып жүр еді.

Бэкке бұл керуен ішінде жүру аса ұнаған жоқ, әйткенмен ол баяғы кәнігі өр мінезбен жұмысты жақсы атқарды, сонысымен де Дэйв пен Соллексті қанаттандырып отырды, бұған қоса жолдастары істі ұнатсын, ұнатпасын, бәрібір мойынға алған шаруаны лайықты орындауларын қадағалаумен болды. Өмір аққан судай бір қалыппен өтіп жатты. Күндер егіздің сыңарындай бір-біріне өте ұқсас еді. Аспаздар таңертең белгілі бір уақытта орындарынан тұрып, от жағып, таңғы асты даярлайды. Одан соң біреулер шатырларды шанаға тией бастайды, ұзамай басқалары да сөйтеді, өзгелері ит жегуге кіріседі. Жолға түн түнегі серпілерден бір сағаттай бұрын, яғни тау алагеуімде шығады. Кешке қарай аялдап, дем алады. Жұрт шатыр тігіп, отын жарып, жерге төсеу үшін шырша бұтақтарын сындырып әкеледі, аспазшыларға су немесе мұз жеткізіп береді. Осыдан кейін иттерді тамақтандырады. Бұл енді жұмыс күніндегі ең бір қуанышты сәт! Жалпы, бұдан кейін де ұзын саны жүзден асатын басқа иттердің арасында өзіңе тиесілі балығыңды жеп алып бірер сағат бос жататын сәттер жанға жайсыз емес-ті. Олардың арасында кеуделі, азулы мықтылары да бар еді, дегенмен. Бэк олардың ең күшті деген төрт-бесеуімен бір-бір сілкілесіп алғаннан кейін қалғандары оның алдында арттарын қысып жүретін болған. Бэк бәрінен бұрын, маздап жанған от жанын қатты ұнататын. Артқы аяқтарын астына жиырып, алдыңғы екеуін алдыға созып, мойнын тік ұстаған күйі сиыр тіліндей жалақтаған қып-қызыл жалынға қызыға қарап жататыны бар. Ондай сәттерде кейде есіне күнгей Санта-Клара алқабындағы судья Миллердің үлкен үйі, сонда өзі жүзген тас қабырғалы мөлдір бассейн, тықыр терілі мексикандық Изабель мен жапон мопсигі Туте түседі. Бірақ Бэк көбінесе қызыл кеудешелі адамды елестетеді,сосын кейде Кэрлидің ажалы жөнінде, Шпицпен өткен алапат шайқасы туралы, бір кездері өзі жеген немесе дәмін татуды армандаған тәтті нәрселер төңірегінде жиі ойланады. Ол Отанын аңсаған емес. Сол бір түстіктегі ел бұның жүрек қылын аса тарта бермейтін бұлыңғыр да алыс елеске айналған. Оның санасын көбінесе өзге бір өмірдің, ертедегі ата-бабалары ғұмырының естеліктері билейді. Соның арқасында бұрын өзі көрмеген құбылыстардың көбі етене таныс көрінер еді. Ал қазір баяғыда ұйқыда жатқан түйсіктері (олар да дәл ата-баба тіршілігінің жаңғырығындай сезілетін) оянып, дүр сілкінген.

Анда-санда осылайша алау жанында, жанған отқа ұйқылы-ояу көзін сығырайта қарап жатқан сәттерде, осы бір жалақтаған қызыл жалын өзі кезінде жылынған басқа бір отқа, ал қасында жүрген мына семіз аспазшы мүлде өзге бір адамға ұқсап кететіні бар. Сол өзге адамның аяқтары қысқа, қолдары ұзын, бұлшық еттері мынандай май басқан жұмсақ емес, өрілген арқан іспеттес еді. Үрпе-түрпе шашы да ұзын, маңдайы көзден төбе сүйекке дейін тайқы жататын. Тосын дыбыстар шығаратын әлгі адам, тәрізі, қараңғыдан қатты қорқатын болса керек, себебі, басына үлкен тас байлап алған кедір-бұдыр таяғын қысыңқырай ұстап қара түнекке үрейлене жалтақтар еді. Өзін тұттай жалаңаш деуге де келеді — тек арқа тұсында ғана от тиіп алба-жұлба болған әлдебір аңның терісі салақтап тұрады.

Денесін тұтастай түк басқан, кеудесіндегі, иығындағы, қолының сырты мен сандарындағы жүн аң терісіндей өте қалын. Тұрысы да тік емес, тізелері бүгіліңкі, кеудесі еңкіш. Дегенмен, денесінен әлдебір сұрапыл серпін мен мысық қимылындай ептілік, қыбыр еткен қозғалыс пен тырс еткен дыбысты қалт жібермес керемет сақтық сезіледі.

Кейде осы жүндес адам от жанында басын салбыратқан күйде жүрелеп, қалғып отырады. Ондайда шынтағын тізесіне тіреп, жауыннан қорғанғандай басын қос алақанымен қапсыра жауып алады. Ал алау сыртындағы түн-түнек қойнауынан жап-жасыл от шоқтары жарқырап тұрады, және әрдайым қос-қостан, екіден: Бэк олардың жыртқыш аңдардың көздері екенін біледі. Сол аңдар қақ жарып өткен сәттегі бұталардың сытырлағанын естиді, олардың жақындап келе жатқанын аңдататын барлық дыбысқа құлақ түреді.

Бэк осылайша Юконның жағасында жанған отқа самарқау ғана көз тастап қойып қиялға шомып жатқан шақта осынау дыбыстар мен өзге әлем елестерінің бір мезет тұла бойын тітіркендіріп жіберетші соншалықты, арқа түгі тік тұрып, ақырын қыңсылауға немесе даусы құмыға үруге кірісер еді. Сол сәтте дүрегей аспаз: «Ей, Бэк, ұйықтама деп айғай салады. Сол кезде ғана әлгі елестер әлдеқайда жоқ болып кетеді, көз алдына нақты дүние қайта оралып, Бэк расында да жаңа ғана оянғандай орнынан тұрып, есінеп, керіліп-созыла бастайды.

Жол қиын, жүк ауыр еді, иттер жұмыстан қажиын деген. Олар ақыр аяғында Доусонға жеткенде әбден азып, аянышты халге түскен-ді. Оларға он күндей немесе кемінде бір аптадай дамылдау қажет болатын. Бірақ олар арада екі күн өтпей жатып шананың шанағын майыстырған қап-қап хаттарды сүйреп Казармнан Юконның көк мұзына қарай өңмеңдей түсіп келе жатты. Иттер мүлде қалжыраған, айдаушылар айқайлау мен боқтаудан жақ жаппайды, бұған қоса Құдайдың құтты күні қар жауады. Иттердің бауырын сызған осынау ұлпа қарда адым ашып жүру барған сайын қиындай түскен. Обал нешік, адамдар бұлардың жайын түсініп, бар жақсылықты алдымен соларға жасауға тырысып еді. Мәселен айдаушылар әр кеш сайын станды тігіп болған соң бірден иттермен айналыса бастайды. Кешкі ас адамдардан бұрын иттерге беріледі, айдаушылардың ешқайсысы иттерінің табанына бір қарап алмай ұйықтайтын қаптарына кірмейді. Бірақ оларға қандай жағдай жасағанмен де ыңыршақтары шыққан бейшаралар бірден мал бола қала ма. Бұл қыста олар ауыр жүк тиелген шаналарды сүйреп мың сегіз жүз миль өтіп жүрігі үлгерген еді. Ал бір мың сегіз жүз миль дегеніміз ең мықты, төзімді итіңіздің өзін шалып жығады. Өзгелерді де жұмыс істеуге мәжбүр етіп, жегіміндегі тәртіпті сақтаған Бэк әзірге беріле қойған жоқ, бірақ ол да қатты діңкелеген болатын. Билли түнімен түсінде қыңсылап шығады. Джоның да ұнжырғасы мүлде түскен, ал Соллекстің соқыр жағынан емес, көретін көзі тұсынан келудің өзі қауіпке айналған.

Әйткенмен бәрінен де қатты қалжыраған Дэйв еді. Әйтеуір одан маза қашты. ЬІзақор, не нәрсеге сіркесі су көтермей тұрады; түнеуге жайғасқан бойда бірден өзіне ор қазып алады да, жығыла кетеді — айдаушы оған азықты сол жерге әкеліп береді. Сөйтіп Дэйв ертеңгі күні азап қамытын қайта мойнына ілгенше сұлық түсіп жатады да қояды. Кейде жол үстінде аракідік тоқтай қалған шананы қайта жұлқып-тартқан сәтте, бейшара ауырсына қыңсылап жібереді.

Айдаушы талай рет тексерді, бірақ оған не болғанын түсіне алмай-ақ қойған. Басқа айдаушылар да оның әрбір жеріне шұқшиып ұзақ қараған: бірақ «не болды?»- ға ешкім нақты жауап айта алмады. Бір күні кешкісін олар Дэйвті оттың жанына алып келіп, сипалап-уқалап барлық жерін тексеруге кіріскенде, ол бірнеше мәрте қинала қыңсылады да қойды. Сүйегі сынғаннан аман сияқты, бірақ басқа ештеңе анықтала қоймады. Тәрізі іш құрылысының бір жері ауыратын болса керек.

Бұлар Кассьяр қайраңына жеткен мезгілде Дэйвтің әлсірегені соншалықты, қайта-қайта құлай берген. Шотланд тоқтауға белгі берді де, оны босатып, орнына ең таяу тұрған ит Соллексті жекті. Ол Дэйвті біраз тыныстатып, шана соңынан бос жүгірте тұрмақшы еді. Бірақ Дэйв аурудан әбден әлсіреп қалғанына қарамастан өзін жұмыссыз қалдыруға көнгісі келмейтінін аңдатты. Үстінен қайыс әбзелді сыпырған сәтте ырылдап үре бастаған ол артынша өз орнында Соллекстің тұрғанын көргенде ышқына ұлып жіберді — ол өлім аузында тұрса да өзін басқалармен ауыстырғанға қатты қорланып еді.

Шаналар қозғалған шақта бір бүйірден қосыла жүгірген ол қайта-қайта Соллексті қарпып қалуға тырысады немесе оны сүрлеудің екінші жағына итеріп түсіріп, қарға аунатуға ұмтылады; сөйтіп жол бойы Соллекс пен шананың ортасына қыстырыла кетуге барын салып, жанына батқан ауру мен ызадан біресе қыңсылап, біресе ұрумен болды. Шотланд оны бишікпен қақпайлауға әрекеттеніп еді, бірақ Дэйв ешбір соққыға пысқырып та қараған жоқ, сондықтан айдаушы да оны ұра беруден жалыққандай болған. Төбет соңындағы сайрап жатқан тегіс жолмен жүруден бас тартып, ерегіскендей, жиектегі көбік қармен сүйретіле жылжыды да отырды. Енді бір мезгілде әбден діңкелеп, құлап түсті.

Жығылған жерінде жанынан жүйткіп өтіп жатқан ұзын сонар шаналар тізбегіне қарап қамыға ұлып жатты.

Одан соң Дэйв ең соңғы күш-қуатын жұмсап, керуен бір жерге тоқтағанға дейін соңдарынан бүлкектеп ерді де отырды. Дэйв әлгілер тоқтағанда сүйретіліп өзінің бұрынғы орнына жетті де, Соллекстің бүйір тұсына келіп тұрып алды. Айдаушы темекі тұтатып алу үшін бақа шаналарға қарай кеткен еді. Бір минуттен кейін ол қайтып келді де, жүруге белгі берді. Иттер лып етіп, артық күш жұмсамастан, өте жеңіл қозғалған — кенет бәрі артқы жаққа аңтарыла қарап, кілт тоқтай қалысты. Айдаушы да қайран қалған еді: шаналар орнынан жылжымапты. Ол саңқ етіп бұл тамашаға жолдастарының да назарын аударған. Сөйтсе, Дэйв Соллекстің пәлекке жалғанған екі сырма қайысын бірдей шайнап үзіп тастап, шананың алдындағы өзінің ескі орнына тұрып алыпты.

Оның көздерінде қуа көрмеңдерші деген жалбарыныш тұр еді. Айдаушы тұйыққа тірелген. Серіктері жұмыстары қаншалықты ауыр болса да иттерді жегімнен шығарып тастағанда қатты қорланатынын айтуға кіріскен-ді. Қартайып немесе ауруға шалдығып, іске жарамай қалған кездерінде босатып жіберілген иттердің құсадан өлетінін айтып, түрлі оқиғаларды еске түсірісті. Ақыр аяғында Дэйв ажалдан бәрібір құтылмайды, сондықтан оған шананың алдындағы ескі орнында тыныш өлуге мұрсат беру керек деген ортақ пікірге тоқтасқан.

Дэйв шанаға қайта жегілді де, ол анда-санда іштегі әлдебір дерті жанына батқанда амалсыз қыңсылап қойып бұрынғысынша алға қарай адымдай жөнелген. Ол бірнеше мәрте жығылды, бірақ басқа иттер оны пәлекпен қоса сүйреп әкете берді. Бірде шананың астында қалған; осыдан кейін Дэйв артқы аяқтан ақсады.

Дегенмен, тұраққа жеткенше сыр алдыра қойған жоқ. Айдаушы оны оттың жанына жақын әкеліп жайғастырды. Таңға қарай Дэйвтің әлсірегені сонша, жүруден мүлде қалған еді. Жегетін уақыт келгенде ол айдаушының алдына қипала сүйретіліп жетті де, қалт-қалт етіп орнынан көтерілген, бірақ қиралаңдап қайтадан құлап түсті. Одан соң ақырындап жер бауырлай жылжып серіктеріне жегу әбзелін кигізіп жатқан орынға жетті. Алдыңғы аяқтарын созып, денесін екі дюймдей ілгері сырғытты; бұдан кейін осы қимылды қайта-қайта және қайталаған. Бірақ көп ұзамай күш-қуаты әбден сарқылды, жөней жөнелген иттер қар үстінде ауыр тыныстап жатқан Дэйвтің өздерінің соңынан өлеусірей қарап жатқанын көрді. Ал оның зарлы үні бұлар жағалаудағы орманды асып кеткенше құлақтан үзілген жоқ.

Керуен тоғай сыртына барып аялдады. Шотландтық ақырын аяңдап, жаңа ғана шыққан тұраққа қарай қайта беттеген. Жұрт тынши қалды. Кенет алыстан тарс еткен тапанша дыбысы естілді. Шотланд жедел басып шаналарға келді де, бишіктер сартылдап, қоңыраулар сыңғыр қағып, шаналар тағы заулады. Алайда Бэк те, басқа иттер де жағадағы орман сыртында не жағдай болғанын білді.

ЖОЛ АЗАБЫ

Доусоннан шыққаннан кейін арада отыз күн өткенде Бэк бастап сүйреген пошта керуені Скагуэйге келіп кірген. Иттер әбден діңкелеп, қалжыраған еді. Бэктің салмағы бұрынғыдай жүз қырық емес, жүз он бес фунтқа түскен. Арық-тұрақ иттер бұдан да бетер жүдеді. Айдаушыларды өмір бойы алдап келе жатқан айлакер Пайк енді шындап-ақ ақсап қалыпты. Соллекс те бір аяғын сылтып басады. Жауырыны шығып кеткен Дабтың да жетісіп тұрғаны шамалы.

Бәрінің де табаны сұмдық қажалып, терісі сыпырылып, қаны шығып, жай жер басып жүрудің өзі бұларға үлкен мұң болған. Мәселенің бәрі осыншама қажып-шаршап болдыруда жатыр еді. Қысқа мерзімге қиналғанның өзінде қайтадан күш жинау үшін кемі екі-үш сағат қажет. Ал мынандай болдыру бірнеше айға созылған ұзақ әрі кезең-кезеңмен күш сарыққан күйзелістің салдары ғой. Енді иттерде ешқандай қуат қоры да, оны қалпына келтіретін ешбір мүмкіндік те жоқ еді: күштің бәрі ең соңғы жұрнағына дейін жұмсалған, бүкіл денелерінде шаршамаған, қажымаған, жұқарып-тозып бітпеген тырнақтай жер қалмаған. Енді қайтсін! Иттер айналасы бес айға жетер-жетпес уақыт ішінде екі жарым мың миль жол жүрді, ал оның соңғы мың сегіз жүзінде небәрі бес-ақ күн дамылдады. Керуен Скагуэйге келгенде олардың сүріне-жығыла жеткені көрініп-ақ тұрды. Олар жетек қайыстарын зорға тартып, ал төменге құлдилаған сәттерде шананың астында қалып қоя жаздап әрең жүрген болатын.

— Кәне, кәне, көтеріңдер бастарыңды, менің сайыпқыран ақсақтарым! — деп көтермеледі айдаушы бұлар Скагуэяның орталық көшесімен сүйретіліп келе жатқанда. — Аз ғана қалды, ұзамай жақсылап дем аламыз. Иә, иә, ұзақ дамылдайтын боламыз!

Адамдар да мұндағы тынығудың біразға созылатынына бек сенімді еді. Өйткені бұлар да бүкіл сапар барысында екі-ақ күн тыныстап, шаңғымен мың екі жүз миль өтті ғой; сондықтан әділет тұрғысынан да, қисын жағынан да әбден тынығуға хақылары бар-тын. Бірақ Клондайкке түкпір-түкпірден жиналған ер-азаматтарға Отанында қалған әйелдері мен туған-туыстарынан келген қап-қап хаттарды Альп жотасынан асыру міндеті тұрған-ды. Одан соң әр түрлі үкіметтік нұсқаулар да қаптап келіп жатқан болатын.

Cөйтіп жарамай қалған иттерді жаңадан келген тыңдармен ауыстырып, қайтадан жолға шығуға бұйрық берілген. Қатардан шығып қалған иттерді сату керек-ті, ал доллар иттен құндырақ болғандықтан бұларды тез өткізіп жіберу қиынға түсе қойған жоқ.

Бэк пен оның серіктері Скагуэйде дамылдаған үш күн ішінде ғана өздерінің қаншалықты шаршап, титықтағанын сезінген еді. Төртінші күні таңертең штаттық екі американдық келді де, оларды әбзелдерімен қоса су тегінге сатып әкетті. Бұл адамдар бір-бірін Хэл және Чарльз деп атайды екен. Чарльз — ақсары өңді, көкшіл көздері үнемі жасаурап тұратын орта жастағы адам. Ал салбыраған ұзын мұрты дүрдиген еріндерін жасыру үшін әдейі қойылғандай екен. Хэл — түріне қарағанда он тоғыз-жиырмаларда. Белбеуіне қыстырған үлкен кольтімен аңшы пышағы бар. Оқ-дәрі толтырылған осы белдік оның ең қымбат бұйымы. Және өз қожайынының әлі шикі, ысылмаған бозокөпе екенін айғақтайды. Бұл адамдардың екеуінің мұндағы жағдайға мүлде жат екені көрініп-ақ тұр әрі өздерін осынау Қиыр Солтүстікке не айдап келгенін өзгені қойып өздері де түсінбейтін секілді. Бэк бұл екеуінің үкімет өкілімен қалай саудаласқанын естіді, оларға ақшаны қайтіп ұстатқанын көрді, сөйтіп шотландтық пен пошта керуені айдаушыларының бәрі де көп ұзамай баяғы Перро мен Франсуа секілді қожайындарының жоғалғанындай көз алдынан мүлде құритынын түсінді. Өзі мен жегімдегі басқа иттерді жаңа қожайындардың станына алып келгенде Бэк мұндағы ластық пен тәртіпсіздікті бірден байқаған. Шатыр жартылай ғана тігіліпті, ыдыс жуылмаған, бәрі қалай болса солай жатыр. Бір қызығы — бұл жерде әйел заты да бар екен. Еркектер оны Мерседес дейді. Ол — Чарльздің зайыбы, ал Хэлдің әпкесі болатын; өздерінің отбасылық жолаушылар екені де аңғарылып тұр.

Бэк олардың шатырды жығып, шанаға тиегенін самарқау ғана қарап жатты. Әлгілер істі құлшына істегісі келетін секілді, бірақ тым қолалайсыздықтары әр нәрседен-ақ көрініп тұр: шатырды умаждап-умаждап, алатындай етіп орады. Қалайы ыдыстарды жумастан сала салды. Мерседес ылғи да араласпайтын іске араласып ауыз жаппай ақыл айтып үнемі бөгет жасаумен болды. Киім салынған қапты шананың алдына орналастырғанда, оның орны бұл емес, артта деп нұсқады. Қап қайта жайғастырылды, оның үстіне басқа жүктер тиелді, осы кезде Мерседес кенеттен әлдебір ұмыт қалған заттарды тауып алып, олардың әлгіндегі қанарларға қалай салынбай қалғанына қатты өкініш айтқан — осылайша шанадағы дүниені қайта қопаруға тура келіп еді.

Көршілес шатырдан шыққан үш еркек бұлардың ісін бақылай тұрып бір-біріне жымыңдай ымдасқан.

— Жүктерің тым көп қой! — деді олардың бірі. — Әрине, сендерге жөн сілтейтін мен емес, дегенмен сендердің орындарыңда өзім болсам мына шатырды енді босқа сүйремес едім.

— Әркімнің өз ақылы өзіне! — деп Мерседес қабағын кіржің еткізді — шатырсыз сонда үсіп өлмекпіз бе!

— Өй, өңшең арамтамақ! — деп ақырды Хэл.

— Көктем келді ғой, енді ешкім суықтан арам қата қоймас, — деді көршісі. Мерседес тіл қатқан жоқ, ал Чарльз бен Хэл шанадағы тау болып үйілген жүктің үстіне ең соңғы бұйымдарды артып жатты.

— Тартады деп ойлайсыздар ма? — деп сұрады қарап тұрғандардың бірі.

— Неге тартпайды! — деді Чарльз да сыздана бұрылып.

— Жарайды, жарайды, менікі әшейін жай сөз ғой… — деді анау әңгімені созғысы келмей. — Тек маған шаналарыңыздың жүгі артықтау болып көрініп еді.

— Әрине, ештеңе етпейді, — деді оны іштей қостаған екінші адам.

— Иттер мұндай жүкті қиналмай тартуға тиісті.

— Оған сөз бар ма! — деді Хэл салқын ғана. Сөйтті де бір қолына ұзын бишікті, екінші —қолына тізгін сырықты алды.

— Кәне! Жөнеліңдер! — деп ол сосын бишігін сермеп қалды. — Әй-йда!

Иттер күшене жұлқынып, барып бір орында тырбаңдаған да қалған. Шана табандары соқыр-соқыр етті де қойды.

— Қазір көрсетейін сендерге! — Ол иттерді бишіктің астына алуға кірісіп еді. Осы арада Мерседес киліге кетті. — Есің дұрыс па сенің! — деп ол інісінің қолынан бишікті жұлып алды. — Байғұстарды обалсынсаң етті! Жолда енді бұларға соқтықпаймын деп сөз бер, әйтпесе бір қадам да аттап баспаймын бұл жерден!

— Килікпейтін жерде неге желігесің сен, — деді Хэл кіжініп. — Иттермен қалай сөйлесуді білмейді екенсің, жағаласпа! Білдің бе! Бұл арамтамақтар қамшыдан басқа ештемеге бағынғысы келмейді. Сенбесең сұра әнеки! Мына кісілерден. Мерседес көршілеріне жалынышты түрмен қараған. Бірақ оның осы түрінде иттің де, адамның да жағдайын түсіне қоятындай мысқылдай нышан сезіле қоймап еді.

— Егер білгілеріңіз келсе, бұл иттердің құр сүлдері ғана қалған, — деді оған еркектердің бірі. — Иә, бұлар әбден шалдыққан. Басқа ешқандай кінә жоқ бұларда. Тек тынығу қажет!

— Қайдағы тынығуды айтасыз сіз! Дәл қазір осыны айтатын сәт пе! — деп күңк етті Хэд

Оның боқтанып тұрғанын байқаған Мерседес ауыр күрсінді. Алайда туыстық сезімі жеңіп кеткен ол лезде:

— Көлденең сөзді көңіліңе алып қайтесің, Хэл, — деді даусың ыңырсыта созып. — Бұл иттер біздікі, сондықтан не істесең де өз еркіңде.

Хэлдің бишігі иттердің үстіне қайтадан төнді. Олар тапталған қарды тырмалап, барлық күштерін сала, шананы жер бауырлай тартуға тырысқан. Әйткенмен, табаны зілдей ауыр шаналар тырп етпеді. Екі мәрте әрекеттен кейін иттер ентіге тоқтады. Бишік ауада ерсілі-қарсылы ысыл қақты да, Мерседес қайтадан иттерді қорғауға көшті. Бэктің алдына тізерлей отыра қалған ол оны жыламсырап мойнынан құшақтаған.

— Байғұстарым-ай, бейшара иттерім-ай! — дейді ол аянышты үнмен. — Неге тырмыспайсыңдар? Сонда ұрмайды ғой сендерді!

Мерседес Бэкке ұнаған жоқ, бірақ серпіп тастауға әл-дәрмені жетпеген еді. Ол бүгінгі күні көңіліне жақпаған талай жайтқа төзгеніндей, оның да дегеніне көнді.

Осының бәрін байқап, өз-өзін боқтанудан тістене ұстап жүргендердің бірі ақыр аяғында төзімі таусылып, айтарын айтып салды:

— Ашығын айтқанда, сендер сияқты топастарға ешқандай аяушылығым жоқ. Бірақ иттерге обал. Сондықтан оларға қалай жәрдемдесудің жолын көрсетуге мәжбүрмін. Сендердің шаналарыңның табаны әбден қатып қалған. Алдымен соның мұзын кетіріңдер. Ол үшін шаналарды орнынан қозғағанша бар күштеріңді салып олай-бұлай ырғаңдар.

Бұл жолы көкейге қонымды сөзге құлақ түрген Хэл мұзды қағып, жерге жабысып қалған шана табанын босатты. Шамадан тыс жүк тиелген рабайсыз шана ақырындап орнынан жылжи берді. Бэк пен оның серіктері жон арқаларына тарс-тарс тиген таяқты елеместен алға қарай мүшене ұмтылған. Жол тұрақтан жүз ярдтай әткенде бұрылыс жасап, бас көшеге қарай күрт төмен түсетін-ді. Мұндай ылдидан ауыр жүк артылған шананы мына Хэл сияқты түк көрмеген байғұс емес, тек тісқаққан айдаушы ғана алып жүре алатын. Сөйтіп әлгі шұғыл бұрылыста шана аударылып түсті де, жібі бос тартылған жүктің тең жартысы жолға шашылды да қалды. Иттердің тоқтайтын түрі жоқ. Енді жеңілдеген шаналар олардың соңынан бір жамбастап алып секектеп бара жатты. Ал осынша ауыр жүк тартуға мәжбүр болған өздерін тек ит деп білген екі аяқтыларға ызаланғандықтан да заулай түскен еді. Бэк тіптен құтырынып кеткендей екен. Ол жегімдегі барлық итті соңынан ерткен бойда аяғы-аяғына жұқпай зымыраған. Хэл: «Тоқта! Тоқта!» дейді өңеш жырта айқалап. Бірақ оны тыңдаған бір ит жоқ. Өзі сүрініп кетіп мұрттай ұшқан. Аударылған шана мұның үстінен ұшып өтті де, иттер көріп тұрғандардың айызын қандыра, жүктің қалғанын шаша түсіп, Скагуэяның бас көшесімен жүйтки жөнеліп еді.

Көше бойындағы әлдебір жөні түзу адамдар иттерді тоқтатып, шанадан шашылған заттарды жинауға кіріскен. Сөйте жүріп олар ақыл-кеңестерін де аяп қалған жоқ. Хэл мен Чарльзге егер бұлар әйтіп-бүйтіп Доусонға жеткілері келсе, жүктің жартысын тастап, иттердің қатарын екі есе көбейту жөнінде айтылды. Хэл мен оның апа-жездесі ақылды жүре тыңдады. Бұлар шатырларын тігіп, мүліктерін сұрыптай бастаған. Олар маңайдағылардың күлкісін келтіріп консерві құтыларын лақтырып тастады — өйткені консерві Ұлы Солтүстік Соқпағында жолаушының арманына айналған ең қымбат нәрсе болатын.

— Мұндағы көрпелеріңнің өзі тұтас бір мейманханаға жетеді ғой! — деді Хэл мен Чарльзге жәрдемдесіп жүргендердің бірі қулана күліп. Ал сөздің шындығын айтсақ, осы көрпелердің жартысының өзі көп. Бұларды сатып жібергендерің дұрыс. Шатырды тастаңдар, ыдыстарды да біраз ықшамдап алғандарың жөн — бұларды жолда кім жуады? Құдай сақтасын, не ойлағансыңдар өзі? Немене, осында Пульман вагондарымен шайқалып жүрмекші ме едіңдер?

Осылайша тәжірибелі адамдардың нұсқауы бойынша артық заттың бәрі аяусыз лақтырылды. Мерседес, тіпті, өзінің жол қапшығындағы нәрсенің бәрін жерге төгіп, әжеттік заттардың бір бөлігін тастай бастағанда жылап жіберді. Сосын көзінен жасы тоқтаусыз төгілген ол әрбір тасталған зат үшін жеке-жеке және еңіреген. Екі қолымен тізесін қапсыра құшақтай отырып, өстіп біраз жылап алған соң, ақыр аяғында кейбір заттарды өзі аяусыз лақтыруға кіріскен. Бұдан кейін өз қабындағы заттарды шашып бітірген соң серіктерінің мүліктеріне жаудай тиген-ді.

Осындай әрекеттен соң шаналарда жүктің жартысы ғана қалған еді, бірақ әлі де өздеріне жетерлік дүние баршылық-ты. Кешкісін Чарльз бен Хэл ит сатып алуға барды да, олардың алтауын әкелді — бәрі де жергілікті емес, сырттан жеткізілген екен. Енді он төрт ит жегілді — алтауы Перроның алғашқы жегімінен қалған, одан соң рекордтық сапар алдында сатып алынған Тик пен Купа және алтауы жаңадан қосылғандар. Алайда осы сырттан жаңа қосылғандар бұрын үйретілді деген аты болмаса, көбі тәжірибесіз, күш жағынан әлжуаздау көрінді. Бұлардың арасында тықыр терілі үш пойнтер мен бір ньюфаундленд бар-тын, ал екі ит тұқымы белгісіз дүрегейлер еді. Расында, жаңадан алынғандардың мүлде ысылмағандығы байқалды. Бэк те, басқа иттер де оларды жақтыра қойған жоқ. Бэк оларға тыйым салынатын нәрселерді бірден көрсеткен, бірақ атқарылуға тиісті істі үйрете алмай-ақ қор болды. Оларға жүк тартатын иттердің жұмысы ұнағанды жоқ-ты. Пойнтерлеер мен ньюфаундлендтер ұнжырғалары түсіп, жабайы Сібірдің жағдайы мен өздеріне деген дөрекі қылықтардан мұқалып-ақ қалған екен. Ал бұрынғы екі аула иті тіптен жатып алып сүйек кеміруден өзгені білмейтін тірі өлік секілді.

Міне, осындай жаңадан қосылғандар ештеңеге жарамаса, ал екі жарым мың миль жерді демалмай өткен ескі жегім әбден қалжыраса — не жақсылық күтуге болады! Алайда көңілдері тоқ Хэл мен Чарльз өз-өздеріне сенімді еді. Енді қалайша, істерінің бәрі ойдағыдай — жегімдегі он төрт ит ойыншық па! Бұлар жұрттың Доусон асуы арқылы аттанғанын, одан көп өтпей қайта оралғанын көрген және сол жолаушылардың бірде-бірінде мұншама ит болып па еді!

Ал Арктикадағы жиһанкездердің бір шанаға он төрт ит жекпеуінің қисынды себебі де жоқ емес-ті: мұншама иттің азығын бір шанаға сыйғызу мүмкін емес қой. Бірақ Хэл мен Чарльз мұны білмейтін. Олар бәрін қағаз бетіне қарындашпен есептеді: бәленше ит, иттің түгенше азығы, жолдасы осынша күн, — барлығы… Қарындаш қағаз бетінде ойқастап жүр, ал күйеуінің иығының тұсынан қарап тұрған Мерседес шікірейе бас изеді — бәрі де қарапайым әрі түсінікті нәрселер.

Келесі күні таң аяғында Бэк Скагуэя көшесімен ұзын-сонар ит тобын бастап бара жатты. Өзі де, өзге иттер де ешбір серек қимыл таныта қоймады. Олар жолға шаршап, зорға шыққан еді. Бэк Тұзды Су мен Доусонның арасындағы жолды төрт мәрте өтіп үлгерген, енді әбден қалжырап, сіңірі шыққан өзін осынша ауыр сапарға тағы салуы оны қатты ызаландырған. Бұл бұған да, басқа иттерге де ұнамады. Жаңа иттерде зәре жоқ, ал ескі, кәнігілері мына қожайындарға мүлде сенбеген.

Бэк осы екі еркек пен бір әйелге мүлде үміт артуға болмайтынын іштей әлдебір түйсік арқылы жақсы түсінді. Қолдарынан түк келмейтін белардың күндер өте келе ештеңе үйрене алмайтыны айқындалып-ақ қалған. Бәрін қалай болса солай істейді, тәртіп пен ережені сақтамайды. Кештің жарымы о ғып, бұ ғып шатыр тігуге, жарты таң жолға жиналуға кетеді, ал шананы ешбір ойсыз, қолапайсыз тиейтіндері сонша, күні бойы тоқтап, жүкті қайта-қайта туырлауға тура келеді. Қайсыбір күндері он миль де жүріп үлгермейді, кейде тіпті орнынан да жылжи алмай қалатын кездері болады. Әдетте Солтүстіктегі жолаушылар: иттерге қанша азық қорын алу керек, бір күнде орташа қанша жол жүру қажет деген сияқты нәрселердің бәрін есептеп алушы еді, ал бұларда бұның бірі де ескерілмеген-ді.

Әуел бастан-ақ Хэл мен Чарльзге жолда иттерге азықтың жетпейтіні белгілі болған. Бірақ өздері бұған қарамастан оларды шамадан тыс артық тамақтандырып, қысылшаң күндерді қолдан апатты жақындата түскендерін білген жоқ. Жол жүріп үйренген басқалар сияқты ашқұрсақтық пен азға қанағаттанып дағдыланбаған жана иттер сұмдық қомағай еді. Ал жергілікті иттердің сылбыр қозғалуын әдеттегі қорек мөлшерінің аздығынан деп ойлаған Хэл оларға азықты екі есе көбейтті. Оның үстіне Мерседес те көздеріне жас үйіріліп, даусы дірілдей түсіп, иттерге тамақты көбірек беруді өтінеді одан. Ал Хэл көнбеген кезде иттерді оңашада қаптан ұрлаған балықпен өзі жарылқап тастайды. Бірақ Бэк пен оның жолдастары тамақтан бұрын демалысқа зәру еді. Және оларды өздері сүйреп келе жатқан жүктің ауырлығы да қатты діңкелеткен.

Бұл да аз екен, артынша бұған аштық келіп қосылды. Күндердің бір күні Хэл жолдың ширегіне жетпей ит азығының тең жартысы желініп қойғанын, ал бұл жақта оны алтынға да сатып ала алмайтындарын жайып салды. Сөйтті де иттерге күндіз беретін тамақ мөлшерін бірден азайтып, есесіне жылдамырақ жүруді ұйғарды. Әпкесі мен жездесі оған келісті. Бірақ бұдан ештеңе шықпаған: өйткені жүк шамадан тыс көп, ал адамдар тәжірибесіз. Иттерге тамақты аз беру тым оңай болғанмен оларды тез жүргізу бәрібір қолдарынан келмеді, себебі қожайындардың салбөк-селігінен таңертең жолға кеш шығады, сөйтіп көп уақыт босқа кетеді. Яки бұл адамдар иттерді ширата алмады, ал өздері жинақталуды білмейді.

Алғашқы болып Даб құлаған. Ұрлығы үшін ылғи қолға түсіп таяқ жейтін бейбақ бір жағынан өте еңбекқор да еді. Шығып кеткен жауырыны орнына салынбай, жағдайы бірте-бірте мүшкілдей берді де, ақыры оны Хэл үлкен кольтімен атып тастады. Солтүстікке басқа жақтан әкелінген иттерді жергілікті төбеттермен бірдей қарап тамақтан көбірек қағып жіберсе, аштан өлетінін мұндағылардың бәрі біледі. Ал Хэл сол мардымсыз тамақтың өзін жартылай қысқартып тастағаннан кейін Бэкпен бірге жегілген алты иттің бәрі бірдей ажал құшатыны анық еді. Алдымен ньюфаундленд, оның соңын ала пойнтердің үшеуі де өліп тынды.

Бұл уақыт аралығында әлгі үш жолаушы оңтүстіктерге тән баяғы жұмсақтық пен сыпайылықтан мүлде айырылған. Арктикадағы саяхаттың енді көңіл шалқытар өсері жоқ. Шындық өте қатал болып шықты. Мерседес иттерді аяп жылауды қойды — бұдан былай ол тек өзін ғана мүсіркеп егілетін болған және барлық уақыты күйеуімен, інісімен ұрысуға кететін. Шындығында, бұлар бір-бірімен салғыласудан ешқашан жалыққан да емес: қайсысының болмасын сіркесі су көтермей тұрады. Ерік-жігер, ақыл, қайрат дегеннің бәрінен бұлар айырылған ба дейсін. Осы екі еркек пен жалғыз әйел Ұлы Солтүстік Соқпағының жұртты қатал жағдайларда мейірімділікке баулып, еңбекте шындай түсетін ғажайып қасиетін бойларына мүлде сіңіре алмады. Бэктің жаңа қожайындарына титтей де төзімділік бұйырмаған еді. Суықтан сүмірейген олардың ауырмайтын жері де жоқ: бұлшық еттері де, сүйектері де, тіпті, жүректері де сыздайды. Есесіне таңертеңнен кешке дейін бір-біріне тілдерін безеп, ұрсысады да жатады.

Мерседестің көзі сәл тайып кетсе болды, енді Чарльз бен Хэлдің өзі өзара тәжікелесе кетеді. Бұлардың әрқайсысы жұмыстың қомақты бөлігін өздері атқарып жүргеніне бек сенімді еді әрі осыны сәт сайын еске алып отырудан бір жалықпайды. Ал Мерседес болса біресе күйеуінің, біресе інісінің сөзін сөйлейді, — сөйтіп отбасының ұшы-қиырсыз дау-дамайы басталады. Мәселен, Чарльздің немесе Хэл екеуінің қайсысы отқа жағатын бұта әкелуге тиіс деген тартыс туады да, бас жоқ, аяқ жоқ, осыдан мың миль жерде жатқан барлық туған-туыс, әке-шеше, немере бауыр-қарындас, тіпті, о дүниедегі адамдар түгел ауызға ілігеді. Кейде тіпті Хэлдің нағашы ағайы жазған пьесасы отын шабу мәселесіне қалай кіріп кеткенін өздері де байқамай қалады. Артынша бұған жауап ретінде Чарльздің саяси сенімі қыстырылады. Және Чарльздің апайының ұзын тілі мен Юкондағы от жағудың қандай байланысы бар — бұл осы тақырыпқа орай үстін-үстін түсінік беретін, сөйтіп күйеуінің өзге де туыстарының жағымсыз жақтарын қопара жөнелетін жалғыз Мерседестің өзіне ғана аян жайт еді. Әйткенмен, от жағылмайды, жатар алдындағы тамақ даярланбайды, иттер аш қалады.

Мерседестің қыржиып-тыржиып, болмасқа дауыс көтеріп, долданып шыға келуі көбінде оның таза әйелдік мінезінен туындап жатады. Ол сұлу еді, нәзік еді, оған еркектер әрдайым серілерше қызмет ететін. Ал күйеуі мен інісінің оған деген қазіргі қатынасын ешбір серілік мінез деп атай алмайсың! Мерседес ылғи өзінің әйелдік дәрменсіздігіне жүгініп дағдыланған. Бұл Чарльз бен Хэлге ұнамайды. Бірақ ол өз жынысының басты артықшылығы деп санайтын ұғымының бәрін қызғыштай қорғап жанындағыларды жалықтырып біткен. Ол шаршаған еді, ол өзін сырқатпын деп сезінген еді, сондықтан да енді иттерді аяуды қойып, шанаға шоқайып отырып алатын болған. Алайда осынау «әлсіз де нәзік» жаратылыстың өзі ғана жүз жиырма фунт еді. Ал әлсіреген әрі аш иттерге бұл да әжептәуір жүк біршама салмақ болатын. Мерседес сөйтіп күні бойы — иттер қалжырап, мұрттай ұшып құлағанша шанадан түспейді. Чарьлз бен Хэл оған: иттерге сәл жеңіл болсын. сен біраз шаңғымен жүрші деп өтінеді, жалынады, бірақ оны тыңдап жатқан Мерседес жоқ, алдымен екі өрнекті сабап-сабап алып, сосын Құдайды қарғауға кіріседі. Еркектер ақыры оны шанадан түсірді, бірақ ол сол бойда-ақ бұдан былай бір адым да жаяу жүрмейтінін айтып, қыңыр балаша жорта ақсап жолға отыра кетті. Еркектер ілгері озған, ал анау орнынан табжылмайды. Үш миль өткеннен кейін олар қайта оралып, жүктің бір бөлігін түсіріп, әйелді күштеп шанаға қайта отырғызуға мәжбүр болды.

Өз бастарымен әлек болған бұл үшеуі біртіндеп иттерді ойлауды естен шығара бастаған. Хэл шынығудың қажетті нәрсе екенін білетін, бірақ ол өзінің бұл ілімін өзгелерге қолдануға бейім. Бастапқыда әпкесі мен жездесіне жасап көріп сәтсіздікке ұшырағаннан кейін онысын таяқ арқылы иттердің бойына сіңіруге күш салған. Бұлар Бес Саусаққа жеткен мезгілде иттердің азық қоры түгесілді де, әлдебір кемиек үндіс кемпір Хэлдің белдігіне ұзын аңшы пышағымен бірге сән берген кольтқа бірнеше қадақ қатқан жылқы терісін айырбастауға келісті. Осы маңайдағы бір малшының бұдан бір жыл бұрын аштан өлген атының терісі әйтеуір аз да болса ас орнына талғажау етуге жарайтын бірдеңе еді. Өзі қаңылтырдай қатып қалған. Иттер зорға дегенде бір кесегін жұтып, әлден уақытта асқазандарына бірдеменің қатты батып ауыртқанын сезіп еді.

Осының бәріне шыдаған Бэк әлдебір ауыр түс көріп жүргендей күші жеткенше шананы тартып, жегімнің басында ирелеңдеп келе жатады. Ал шамасы біткен мезгілде құлап түсіп, таяқпен немесе бишікпен ұрып тұрғызғанша жата береді. Кезінде жылт-жылт етіп, көрген кезді жауын алатын қалың жүні енді жалба-жұлба боп, өңі қашып әбден біткен. Үсті-басы кір-қожалақ, Хэлдің таяғы, оңбай тиген жон арқасының әр жеріне қан қатыпты. Бұлшық еттері өрілген талшық жіпке ұқсап, мүлде азып-тозған. Божырап, қатпарлана салбыраған терісінің астынан әрбір сүйегі арбиып-арбиып көрінеді. Мұндайда кез келген жүрек жарылып-ақ кетер еді, бірақ Бэктің жүрегі баяғыда қызыл свитерлі адам айтқандай темірден жаратылған ғой.

Қалған иттердің жағдайы да Бэктен асып тұрған жоқ. Олар да құр сүлдерін сүйретіп жүр. Өздері — Бэкті қосқанда жетеу ғана. Әлсірегендері соншалықты, бишік пен таяқты сезбейтін күйге түскен. Дәлірек айтқанда бұлар енді таяқ уытын соншама бұлыңғыр түйсінеді және айналадағының бәрін бейнебір алыстан естіп-білетіндей халде болады. Аялдамаларда өздерін ағытып болғанша жол жиегіне әл-дәрменсіз сұлық түседі: сондайда соңғы демдері бітіп, жан-тәсілім еткен екен деп қаласыз. Ал таяқ пен бишіктің соққысы жауып кеткен сәттерде сол тіршілік оты аз-кем ұшқындағандай болады да, әзер көтеріліп тағы да іліп жөнеледі.

Бір күні мейірімді Биллидің де құлап түсіп, тұра алмай қалған кезі жетті. Енді Хэлдің тапаншасы да жоқ еді, сондықтан ол Биллиді балтамен бастан бір ұрып жайрата салды да, үстіндегі әбзелін шешіп алып, өзін жол шетіне сүйретіп тастады. Бэк мұның бәрін байқады, өзге иттер де көрді және бәрі де көп ұзамай-ақ бұл жағдайды өздерінің де бастан кешетінін түсінді. Келесі күні Куна жан тапсырды, енді бұлардың бесеуі ғана қалған еді. Олар: сау тамтығы қалмай діңкелеп, тіпті, ырылдауға жарамай қалған Джо, барлық қулық-сұмдығынан айырылған ақсақ, мүгедек Пайк, сыңар көзді Соллекс, дәл осы қыстағыдай ешқашан ұзақ жолға шығып көрмеген әрі бәрінің ішіндегі тәжірибесіз болғандықтан таяқты да жиі жеген, сөйте тұра шана тартуға күш-қайратының жетпегені үшін өзін-өзі жер етіп келе жатқан Тик және күні бүгінге дейін көсемнің орнын босатпаған, бірақ тәртіпті сақтауға дәрменсіз, әрі оған бәлендей ұмтыла да қоймайтын Бэк. Ол әлсіздіктен соқыр иттей зорға ілбігенмен аяқтары әбден дағдыланғандықтан да, тұман арасынан жолды жазбай танып, сүрлеуден титтей де ауытқып көрген емес.

Көгілдір көктем де жеткен еді, алайда соны адамдар да, иттер де аңдамай қалды. Әр таңда күн ерте көтеріліп, кеш еңкейеді. Таң үштің кезінде-ақ аппақ болып атады, ал ымырт кешкі тоғызда бір-ақ жабылады. Сөйтіп сәске ауғанша көзді қарықтырып күн шақырайып тұрады. Қыстың мүлгіген үнсіздігі түлеген өмірдің көктемгі дүбірімен алмасты. Дүр сілкіне шаттанған бүкіл дүние жайнап сала берді; ұзақ аязды айларда жансыздана сіресіп қалған нәрсенің бәрі қайта тіріліп, қозғалысқа түскен. Қарағайлардың шайыры мөлт-мөлт етіп көзге ұрады. Тал-шілік пен көк терек бүршік жарды. Бұта біткен жасыл мауытыға оранған. Түнде қара шегіртке шырылдап, күндіз жер бетіндегі жәндік атаулының бәрі күнге қыздырынып, үйме-жүйме тіршілігіне кіріседі. Орман ішінде құрлар өзара үн қатысып, тоқылдақтар ағашты тоқылдатып, ақ тиіндер ескек қағысып, әнші құстар құйқылжыта сайрайды; ал сонау көк зеңгірінде қанаттарын киле жайып оңтүстіктен қайтқан жабайы қаздар қаңқылдайды.

Әрбір төбешіктен су жүгіріп, ауада көзге көрінбеген бұлақтардың әуені құйқылжиды. Айнала төңірек жіпсіп, көктемгі самалмен тербеле шулап, тіршілікке асығады. Юкон кеудесін қысқан мұз құрсауды серпіп тастауға ұмтылады. Ол тоңды төменнен бұзса, үстіден күн шуағы қыздырып тұр. Жылға пайда болып, мұз жарығы бірте-бірте кеңейе түсіп, жұқарған қатқақ сетінеп, суға айналып жатыр. Ал көктемнің осынау барлық сән-салтанаты арасында, оянған тіршіліктің дүбірі мен көз қарықтырған күн мен еркелей желпіген самал аясында иттердің соңындағы екі еркек пен бір әйел ажалдарына беттегендей мимырт сенделіп барады.

Иттер сәт сайын сүрінеді, шанадан түспеген Мерседес жылаудан тынбайды, ашынған Хэл кіжіне боқтанады, Чарльздың жасаураған көзіне мұң ұялапты.

Бұлар осылайша Ақ өзеннің жағасындағы Джон Торнтонның тұрағына да келіп жеткен еді. Шаналар тоқтаған бойда иттер жан тәсілім еткендей сұлап-сұлап түсіскен. Мерседес көз жасын сүртіп Джон Торнтонға қарайды. Чарльз дамылдау үшін бөренеге тізе бүкті. Ол өте баяу, әрең отырған еді — тұла бойы икемге келмей сіресіп қалыпты.

Сөзді Хэл бастаған. Джон Торнтон қайың кеспегінен балтаға сап жасап жатқан-ды. Әңгімеге жұмысын істеп отырып-ақ құлақ түрген ол жанындағыларға анда-санда ғана күңк етіп тіл қатады немесе өзінен бірдей қолқа салып сұраған кезде ғана қысқаша кеңес береді: ол мұндай адамдардың түрімен таныс-тын һәм айтқан ақылының орындалмайтынын жақсы білетін.

— Анда, жоғарыдағылар да бізге жол сенімсіз, сондықтан әрі қарай жүрмей-ақ қойыңдар дегенді айтқан, — деді Хэл Торнтонның қазір мұз үстімен жүрудің қауіптілігін ескерткен сақтығына жауап ретінде. — Ақ өзенге жете де алмайсыңдар деп қарғанған еді. Міне, жеттік қой!

Соңғы сөзі кекесінмен, ащы мысқылмен айтылған.

— Онда сендерге дұрыс берген екен кеңесті, — деді Джон Торнтон. — Мұз сәлден кейін-ақ жүріп кетуі мүмкін. Дәл қазір өзеннен өтуге есалаң біреулер ғана тәуекел ететін шығар. Әдетте ақымақтардың жолы болғыш келеді. Бірақ сендерге турасын айтайын: мен басымды қатерге тікпес едім және Алясканың барлық алтынын берсе де мына мұздың бетіне шықпас едім.

— Енді, әрине, сіз ақымақ емессіз ғой, — деді Хэл. — Ал біз бәрібір Доусонға қарай тарта береміз.

Ол бишігін сермеп қалды.

— Тұр, Бэк! Кәне! Тұр дедік қой саған! Түс алға!

Торнтон төмен қараған күйі сазарып отыр. Ол білетін еді: есалаңды есалаңдықтан сақтандырудан пайда жоқ. Әрі ақыр аяғында екі-үш ақымақ азая түссе дүние бүліне қалмайды.

Әйткенмен, иттер ақырғанға да қарамастан, тұрмады. Олар таяқтамаса орындарынан көтерілмейтін халге баяғыда жеткен. Ана тұстан бір, мына тұстан бір ойнақ салған бишік өзінің қатыгез ісіне кірісксен. Джон Торнтон тістенді. Бірінші болып зорға дегенде Соллекс тұрды. Одан соң Тик, Тиктен кейін ауырсына қыңсылап Джо көтерілді. Пайк те қатты азаптанып тұруға әрекеттенген. Алдыңғы аяқтарына тұрған ол бір құлап, екі құлап барып, үшінші мәрте дегенде ақыры түрегелді. Бэк болса, тіптен, талпынған да жоқ-ты. Құлаған жерінде қыбыр етпестен жатыр. Ол денесіне бишік соққысы жауып бергенде қыңсылаған да, қарсыласқан да жоқ. Торнтон әлдене айтқысы келгендей бірнеше рет оқталды да үндемеді. Көзіне жас толып кетіпті. Хэл Бэкті сабауын тоқтатпады. Орнынан тұрып кеткен Торнтон күмілжіп, ерсілі-қарсылы жүре бастады.

Бэк алғаш рет бағынудан бас тартқан еді, бірақ осының өзі-ақ Хэлдің зығырданын қайнатуға жетіп жатқан. Ол бишікті лақтырып жіберіп, сойылға жармасты. Алайда алдыңғыдан ауыр, жаңа соққылар да Бэкті тұрғыза алмады. Басқа иттер сияқты мұның да әупірімдеп көтерілуіне болар еді, әйткенмен әлгілерден айырмашылығы — бұл саналы түрде тұрмады. Ол таянып келе жатқан ажалды бұлдырата болжаған. Шананы жағаға тарта бастаған мезгілде-ақ пайда болған ондай түйсік Бэктің санасында әлі жүр еді. Ол күні бойы табанының астынан жұп-жұқа, әлсіз мұзды сезініп, қазір қожайыны қайта қуғалы тұрған төңірекке тақала түскен апатты түйсінгендей болатын. Сол себептен де тұрғысы келмеген. Өзінің әбден қажып біткені соншалықты, етіне тиген соққыны да сезінбеген. Таяқ үсті-үстіне жауған сайын оның соңғы демі де біртіндеп түгесіле түскендей-тін. Бэк өліп бара жатты. Өне бойының бір түрлі жансызданып қалғанын аңдаған. Ауырғанды сезінуден қалған ол өзін ұрып жатқанын бұлыңғыр ғана түйсінеді, тәніне тиген сойыл соққысын да аулақтан естігендей болады. Бірақ сол дене өзінікі емес сияқты, осының бәрі әлдебір алыста өтіп жатқандай.

Осы сәтте мүлде күтпеген жерден Джон Торнтон әлдебір хайуанның үніне ұқсас шыққан түсініксіз айқаймен сойыл ұстаған адамға тап берді. Хэл кескен ағаштың астында қалғандай болып мұрттай түсті. Мерседес шыңғырып жіберген. Чарльз осынау көрініске баяғы мұң ұйыған жанармен қараған. Бірақ тұрған жоқ, өйткені денесі зіл батпан болып сіресіп қалыпты.

Джон Торнтон өз-өзін зорға ұстап Бэктің үстінен төніп тұр. Бойын билеген ашу-ызадан сөйлей алар емес.

— Егер мынау итті тағы бір рет ұратын болсаң, мен сені өлтіремін! — деді ол ақыр аяғында ентігіп.

— Ит менікі, — деп қарсыласты орнынан көтеріліп, аузының қанын сүртіп тұрған Хэл. — Кәне жоғал, әйтпесе орныңда жайратамын сені. Біз Доусонға кетеміз!

Бірақ Бэк пен әлгінің арасында тұрып алған Торнтонның жоғалатын түрі мүлде байқалмады. Хэл белбеуінен өзінің ұзын аңшы пышағын жұлып алған. Мерседес біресе шыңғырып, біресе жылап, біресе күледі, қысқасы, әбден екіленіп алған. Торнтон Хэлді балтаның сабымен қолдан қағып жіберіп пышағын ұшырып түсірді. Жерден пышақты көтеруге ұмтылған Хэлдің қолына екінші мәрте соққы тиді. Одан соң Торнтон еңкейіп, пышақты өзі алды да, Бэктің жетек жібін қиып жіберді.

Хэлдің барлық жыны бу болып ұшып кетті. Оның үстіне өзінің қолына, анығында, иығына сұлай кеткен әпкесімен әуре болуға тура келген, және Бэктің енді қажеті жоқ — бәрібір өлгелі жатыр, шана тарта алмайды деп ұйғарған еді.

Арада әлденеше минут өткенде шаналар жағадан мұзға қарай түсіп келе жатты. Ұзап бара жатқан көліктің дүбірін естіген Бэк басын көтерген. Жегімнің басындағы мұның орнында Пайк орналасқан, Соллекс — ортада, ал олардың арасына Джо мен Тик жегіліпті. Бәрі де ақсап, сүріншектеп барады. Шанадағы жүктің үстіне Мерседес жайғасыпты, Хэл алдыда, жетек сырықтың түбінде бара жатыр. Арттан ілбіп Чарльз ілесіпті.

Бэк олардың соңдарынан қарай қалыпты, ал мұның жанына тізерлей отыра кеткен Торнтон өзінің қарулы қолдарымен мұның әлдебір сүйегі сынғаннан аман ба деп аялай сипалап, тексеруге кіріскен. Ол тек иттің оңбай таяқ жегенін және соншалықты азғанына көз жеткізді. Бұл кезде шаналар ширек мильдей алыстап кеткен еді. Адам мен ит мұз бетімен қыбырлап бара жатқан солар жаққа көз тіккен. Кенет бұлардың көз алдында шананың артқы жағы шұңқырға батқандай шоңқия кетті де, Хэл жармасқан сырықтың басы көкке көтерілді. Мерседестің зар қаққан үні естілген. Бұдан соң Бэк пен Торнтон Чарльздің кейін бұрылып, жағаға қарай жанталаса ұмтылғанын көрді. Бірақ сол сәтте олардың аяғы астындағы мұз аумағы түгелдей опырылды да, адамдар да, иттер де суға кетті. Әлгі орында орасан жылға пайда болған. Мұз бетіндегі жол қаусап қалды.

Джон Торнтон мен Бэк бір-бірінің көздеріне қараған.

— Әй, байғұсым-ай! — деді Джон Торнтон. Бэк оның қолынан жалап алды.

АДАМҒА ДЕГЕН МАХАББАТ

Желтоқсан айында Джон Торнтон аяғын үсітіп алғанда жолдастары оны тұраққа жақсылап жайғастырып, оңалғанша сонда қалдырды да, өздері өзеннің жоғары жағына ағаш даярлауға кеткен оны Доусон арқылы ағызды. Торнтон Бэкті құтқарып қалған кезінде аздап ақсап жүр еді де, күн жылына келе әбден айығып кетті. Ал Бэк көктемнің ұзақ күндерінде жағада жатып өзеннің ағысына самарқау қарап қойып, құстар әнін, көктем дүбірін тыңдаумен болды, сөйтіп біртіндеп күш ала бастаған.

Үш мың миль өткен жан иесіне демалыс та тәтті-ақ. Және, расын айтқанда, жарасы жазылып, сіңірлері қатайып, сүйектері қайтадан ет ала бастаған сайын Бэк жалқауланған үстіне жалқаулана берді. Дегенмен, мұнда Бэк қана емес, Торнтонның өзі де. Скит пен Ниг те, бәрі Доусонға баратын салды күтіп, түк істемей бос жатқан. Ирландық сеттер тұқымдас кішкене ғана ит Скит шалажансар Бэкпен тез достасып кетті де, бұл оның мейірімі мен қамқорлығынан бас тарта алмай қалған. Өзге де кейбір иттердікі секілді Скиттің де жаралар мен кеселдерді емдеп жазатын ерекше қасиеті бар еді. Бұл да мысықтың мәуленін жалайтыны секілді Бэктің жарасын жалауға кіріскен. Ол әрбір таңда Бэк тамақтанып болғанша күтіп жатады да, өзінің ерікті түрдегі міндетін атқаруға кіріседі, сөйтіп ақыр аяғында оны Торнтонның күткеніндей күтуді өз мойнына ықыластана алған. Иісшіл ит тұқымы мен шотланд тазысының буданынан шыққан Ниг те дос пейілді екен. Дегенмен, көздері жайнап тұратын аса мейірбан бұл дәу қара төбет ұстамдырақ еді.

Бэкті таңырқатқаны, осы иттер бұдан қожайынды да ешбір қызғанған жоқ, өзіне іштарлық та жасаған емес. Тәрізі, бұларға Джон Торнтонның қайырымдылығы мен кең пейілділігі дарыған сияқты. Олар Бэк оңалған кезде мұны кейде Торнтонның өзі де шыдамай осыла кететін көңілді ойындарына тарта түскен.

Осылайша әбден тыңайып алғанын өзі де аңдамай қалған Бэк жаңа өмірді бастаған еді. Ол алғаш рет сүйіспеншілікті, нағыз адал махаббатты сезінген болатын. Судья Миллердің үйінде, күн шуақты Санта-Клара алқабында ешкімді де дәл осыншалықты сүйіп көрмепті. Аңға шығып, алыс серуендерге бірге баратын судьяның ұлдарына жолдастықпен, оның кішкене немерелеріне биік тәкаппарлықпен, ал судьяның өзіне асқақ өрлігін жоғалтпай достық ниетпен ғана қараған екен. Мұның жан түкпіріндегі албырт махаббатты, шексіз де, ессіз сүйіспеншілікті ояту тек Джон Торнтонның қолынан келіпті.

Торнтон мұның жанын сақтап қалды — осының өзі-ақ талай жайтты аңғартса керек. Оның үстіне бұл адам тамаша қожайын еді. Өзге жұрт иттерін міндеті ретінде және өздеріне пайдалы болғандықтан күтеді. Ал Торнтон бұларға әкенің балаларын мәпелегеніндей ешбір есеп-қисапсыз қарайды — оның жаратылысы сондай. Бұған қоса итті сергітетін қанатты сөзбен қуантып қоюды да ешқашан ұмытқан емес, солармен ұзақ сөйлесуді ұнатады (оны өзі «мылжу» деп атайды), әрі осы әңгімелері әлгілерден гөрі көбінесе өзін рақаттандырар еді. Торнтонның Бэкті қос қолдап бастан ұстап, маңдайына маңдайын тіресіп алып, итті олай-бұлай жұлқылай отырып түрлі боқауыз атаулармен сіміртетін әдеті бар — оны Бэк еркелету деп ұғады. Бэк үшін осынау боқтау арқылы жасалатын дөрекілеу мейірімнен артық қуаныш та жоқ, қожайыны өзін осылайша сілкілеген кезде шаттықтан жүрегі аузына тығылады. Ақыр соңында Торнтон босатқан мезгілде атып тұрып аранын қуана ашады, — сол сәтте оның түрінен көмейіне өзі айтып жеткізе алмайтын шаттық сезімнің тығылып тұрғанын аңдар едіңіз. Ал Джон Торнтон орнында сілейіп қалған әлгіге құрметпен қарап: «О, Жасаған! Мынау ит — адам. Тек сөйлей алмайды!» деп тамсанды.

Бэк те өз сүйіспеншілігін иесін жаралап тастайтындай тұрпайы тәсілдермен білдірді. Ол, мәселен, Торнтонды қолдан тістей алып шайнап жіберердей қатты қысатыны сонша, теріге түскен азуының таңбасы көпке дейін кетпейді. Әйткенмен, қожайын осынау жалған қатыгездіктің тек еркелік екенін түсінеді, дәл сол сияқты Бэк те боқауыз атаулардың өзіне деген шексіз мейірім белгісі екенін жақсы білетін.

Бэктің махаббаты көбінесе үнсіз сүю түрінде көрінеді. Торнтон өзін сипағанда немесе мұнымен сөйлескенде шаттықтан есі шыққанымен мұндай мейірім белгілеріне тіленген де емес. Скит керісінше Торнтонның қолының астына тұмсығын сұғып, өзін сипағанша танауын тіреп тұрып алса немесе қожайынға сүйкенетін әдеті бар Нигу дәу басын оның тізесіне қойса, Бэк тек алыстан жақсы көрумен қанағаттанады. Ол Торнтонды құдды зерттегендей, жүзіне тіктене қарап, оның аяғының астында сағаттап та жата алады. Ол қожайынының жүзіндегі әрбір өзгерісті, қалт еткен әрбір көңіл күйі табын жіті бақылайды. Ал кейде оның қимылын сырттау тұстан бақылап, иесінің бір бүйірінен немесе артқы жағынан қарап жатады. Адам мен иттің арасында осындай жіті жақындық орнап, мұндайда Бэктің көзқарасын бірінші болып аңдайтын Торнтон басын бұрып, оған үн-түнсіз қарап қалады. Сөйтіп бір-бірінің көздеріндегі жарқылдаған сезімді оқиды.

Бэк Торнтон өзін құтқарғаннан кейін ол едәуір көрінбей кетсе қатты алаңдайтын әдет тапқан Торнтон шатырдан шыққан сәттен бастап қайта оралғанша тобст оның ізінен қалмайтын еді. Мұнда, Сібірде Бэктің иелері бірнеше мәрте алмасқаннан кейін тұрақты қожайындар болмайды екен деп ұйғарған бұл баяғы Перро мен Франсуаның, кейінірек, шотландтықтың кетіп қалғанындай Торнтон да жоғалып кете ме деп қорқатын. Осы үрей, тіпті, түсінде де қыр соңынан қалмай, жиі оянып кететін Бэк түнгі суыққа да қарамастан баспасынан шығып шатырға барып, кіреберісте қожайынның деміне ұзақ құлақ түретін еді.

Алайда, Джон Торнтонға ғажайып сүйіспеншілігі Бэкті жұмсарта түсіп, өркениетті ықпалын тигізуге тиісті болғанымен, бойындағы Сібір оятқан жабайы бабаларына деген құштарлығы бәсеңсіген жоқ. Үй жағдайында өскен бұған иесіне адалдық қасиеті тән еді, бірақ сонымен бірге бойында тағы хайуандардың қатыгездігі мен зұлымдығы бұғып жататын. Бұл енді күн сәулетті Оңтүстіктің жылдар бойы қолға үйренген ит буындарының ұрпағы емес-ті, жоқ, бұл жабайы орманнан Джон Торнтонның алауына келген алғашқы қауымдық аң болатын. Осынау кісіге деген зор сүйіспеншілігі Бэкке одан азық ұрлауға мұрсат бермейтін, бірақ бұл оны кез келген басқа адамдардан, әрбір өзге станнан ұялмастан-ақ жымқыра салады және ол істі өзінің айуандық айлакерлігінің арқасында жымын білдірместен атқарады.

Тұмсығы мен денесінде көптеген ит азуларының ізі қалған ол кейінгі айқастарда да сол баяғы кәрлілігінен таймай, қазір бұрынғыға қарағанда тіптен әккілене түскен. Скит пен Ниг бейбітшілік сүйгіш, мейірімді иттер болатын, бұл олармен таласқан жоқ, — оның үстіне бұлар Джон Торнтонның иттері ғой. Ал егер мұнда бөтен бір ит келе қалса, ол тұқымы мен күш-қуат деңгейіне қарамастан бірден Бэктің басымдығын мойындауы тиіс, әйтпесе оған қатерлі дұшпанмен жан беріп, жан алысатын қанды шайқасқа түсуге тура келеді. Ал Бэктің аямайтыны анық. Сойыл мен ауыздың заңдылығын жақсы игеріп алған ол ешкімге ешқашан да есе жіберіп көрген емес.

Мұны Шпицтен, азуын полициялық және пошта таситын иттерден үйренген. Ол тең орта дегеннің болмайтынын білген — не сен ұтасың, не сені жеңеді, ал жауды аяу — әлсіздіктің белгісі. Жабайы жаратылыс иелері мейірім дегенді мойындамайды. Оны қорқақтық деп қабылдайды. Аяушылықтың артында ажал тұрады. Өлтір, әйтпесе өзің өлесің, же немесе сені жалмайды — тағы дәуірдің қағидасы осындай. Замана тереңінен өзіне дейін жеткен осы заңдылыққа Бэк те бағынды.

Ол өзі өмір сүрген мезгілден, айналада өтіп жатқан кезеңнен ересек еді. Мұның бойында өткен шақ пен осы дәуір мәңгіліктің алапат ырғағынша мидай астасып, ескі кезең мен жаңа заманның үні алма-кезек ауысып жатты, бұл тасу мен басылу секілді немесе жыл маусымының алмасқанындай ерекше құбылыс болатын. Джон Торнтонның алауының қасында түгі сабалақ, ақ азулы, кеудесі талыстай төбет отырды. Бірақ оның сыртында жартылай қолға үйренген, жартылай жабайы өзге иттердің көзге көрінбейтін көлеңкесі қаптап тұрар еді. Олар сәт сайын өздерінің бар екенін ескертіп, мұнымен ой сабақтасып, бұл жеген етті жеп, ішкен суын ішіп, естіген нәрсесін қоса естіп, бұған жабайы орман өмірі дүбірінің сырын ұқтырумен болады. Олар мұның бойына өздерінің көңіл күйлері мен қуаттарын сіңіріп, іс-әрекетіне кеңес беріп, қасында жатып алып, ұйықтаса ұйықтап, осы көрген түсті қоса көріп, өздері де түске енеді.

Осынау көлеңкелер үнінің құдіреттілігі сонша, күн өткен сайын адамдар мен олардың талаптары біртіндеп Бэктің санасынан кейінгі орынға қарай ысырыла берді. Мүлгіген орман түкпірінде арбаған бір тылсым сарын естілетін еді де, сол үн Бэктің құлағына талып жеткен сайын бұл от маңы мен мынау тапталған алқаптан қайда және не үшін баратынын білмесе де, сонау түпке қарай тұра безгісі келетін қажеттілік үкімін түйсінеді.

Иә, бұл қайда және не үшін баратынын ойлаған да жоқ: әлгі сарынға қарсыласу да мүмкін емес-тін. Алайда Бэк жасыл орман саясында, жайлы көкмайсада жатқан сәттерінде Джон Торнтонға деген сүйіспеншілігі күшейе түсетін еді де, мұны әрдайым кейінге қарай, қожайын жаққан алауға қарай тартатын да тұратын.

Мұны тежейтін тек Джон Торнтон болатын. Қалған адамдардың барлығынын да Бэк үшін бары мен жоғы бірдей еді. Кейде жолшыбай жолыққан саяхатшылар мұны еркелетіп, жылы сөздерін айтады. бірақ бұл оған назар аударған емес, ал әлдекім әбден ығыр қылатындай болса, орнынан тұрады да кетіп қалады. Ұзақ күттірген салмен Торнтоннын жолдастары Ганс пен Пит келгенде Бэк оларға бастапқыда көңіл де бөлмеген, ал кейінірек олардың Торнтонға бөтен емесін түсініп, жүріс-тұрыстарына шыдап, олардың мейірім көңіл жықпастықпен, кішіпейілдікпен ғана қабылдайтын. Ганс пен Пит тура Джон Торнтон тектес адамдар болатын, — жандары жайсаң, терең ойлы, көзқарастары жарқын, табиғатқа жақын кісілер. Олар мұның алдында Доусонға жүзіп жетпек, өздерінің салдарын ағаш кесетін жердегі асау арынды суға түсірмей тұрған кезде-ак Бэктің барлық мінез-құлқын зерттеп алған еді де, бұдан өздеріне Ниг пен Скит көрсететін үйірлікті талап еткен жоқ.

Алайда Бэк Джон Торнтонға үйірсектенген үстіне үйірсектене берген. Торнтон жазғы сапарлар кезінде бұл ит өз арқасына әлдебір жүк артқызуға көнетін бірден-бір адам болатын. Бэк Торнтон не бұйырса соның бәрін орындауға даяр еді. Бірде (ол жағдай бұлардың суға ағызылған ағаштан түскен ақшаға азық қорын жасап алып, Доусоннан Тананға өрлеген кездерінде болған) адамдар мен иттер үш жүз футтай төменде жатқан ашық тас алаңның тұсында серейіп тұрған құз-жартасқа жайғасты. Джон Торнтон ең шетте, ал Бэк сонымен қатар иық тіресе отырған. Кенет Торнтонның басына бір тентек ой сап ете түсті де, ал Ганс пен Питке қазір бір тәжірибе жасаймын деп қалды.

— Бэк, қарғы! — деп бұйырды ол қолымен төмендегі шыңырауды нұсқап.

Келесі мезетте-ақ ол тік жардың шетінде күшене жармасып Бэкпен арпалысып жатты, ал Ганс пен Пит олардың екеуін де артқа қауіпсіз жерге қарай сүйреп әкеткен.

— Бұл әлдебір санадан тыс нәрсе! — деді бәрі сабырға келіп дем басқан сәтте.

Торнтон бас шайқаған.

— Жоқ, бұл тамаша ғой, бірақ сендерге айтайын, сонымен бірге қорқынышты да! Сенесіңдер ме, мені кейде осы иттің адалдығы шошытады.

— Иә-ә, мен саған мұның көзінше соқтығуға тырысқан адамның орнында болғым келмес еді! — деп түйді Пит сөзін басының қимылымен Бэкті нұсқап.

— Мен де, Құдай ақы! — деп қостады Ганс.

Сол жылы-ақ Серкльде Питтің айтқанын айдай келтірген жағдай болды. Бірде елірме мінезді, қатал Қара Бартон бардың ішінде жергілікті салттармен таныса қоймаған әлдебір жаңадан келген адаммен төбелес шығарып, оларға арашаламақ болып Торнтон киліккен-ді. Бэк қашанғысындай тұмсығын аяқтарына сүйеген күйі қожайынының әр қимылын бағып жатқан. Бартон күтпеген жерден бар күшімен құлаштай тұрып қол сілтеді. Анадай жерге ұшып түскен Торнтон дүкен үстелін бөліп тұрған ағаш қанатқа жармасқандықтан ғана құламай қалды.

Бұл оқиғаның куәгерлері үруді де, ырылды да емес, — жоқ, жабайы гүрілді естіген еді. Әп сәтте ыршып, әуеге көтерілген Бэк Бартонның кеңірдегіне ұмтылған. Ырықсыздан қолын алға созған анау сонысымен де жан сақтап қалған еді. Бірақ Бэк оны аунатып тастап, астына басып алды. Келесі сәтте азуын Бартонның қолынан босатқан ол оны қайтадан өңештен ала түсуге тырысқан. Бұл жолы Бартон сәтті жалтарғандықтан Бэк оны көк желкесінен ғана қауып үлгерді. Сол мезгілде бардың ішіндегілер түгелдей көмекке ұмтылып, итті қуып тастады. Дегенмен, дәрігер қанын тоқтатуға тырысып Бартонмен әуреге түсіп жүрген уақытта ызалана ырылдап айнала төңіректеген Бэк қайтадан Бартонмсн жағаласа жөнелген, бірақ жұрттың қаптаған таяқтары кес-кестеп жолатпады.

Әйтсе де алтын іздеушілердің сол жерде қолма-қол жасалған жиналысында иттің ызаланатындай-ақ жөні бар деп ұйғарылып, Бэктікі дұрыс деп шешілді. Содан бастап оның даңқы көтерілді де, аты Алясканың барлық елді мекендеріне тарап кетті.

Кейінірек, сол жылы күзде, Бэк әлгіден мүлде өзге жағдайда Торнтонның өмірін сақтап қалды. Үш жолдасқа ұзын да жіңішке қайықтарын қырқыншы мильдің қауіпті табалдырығы арқылы өткізу керек болды. Ганс пен Пит кендір арқанның көмегімен қайықтың қозғалысын тежеп ағаштардың сыртымен жағада келе жатты да, ілгекті бақан ұстаған Торнтон жағалаудағыларға айқайлап нұсқау беріп қайықта отырған. Бэк те жағада қайықпен қатарласып салып келеді. Қожайынынан көз айырмаған ол қатты абыржыған еді.

Өзенге мейлінше кірігіп, судан сорайып шығып тұрған жақпар тастардың тұсындағы аса қауіпті жерге барғанда Торнтон қайықты ырғақ ілгегімен өзеннің ортасына қарай бағыттай берді де, Ганс арқанды босатып, қайық құзды айналып өткен сәтте қайта тарта қою үшін жағамен алға қарай оза жүгірді. Қайық өтті, ағынмен төмен қарай құлдырай жөнелген. Арқанды тартқан Ганс оны тежеді, бірақ өте шалт қимылдаған еді. Қайық қатты жұлқудан аударылып түсіп, жағаға қарай төңкерілген күйінде жылжи бастады да, қатты ағыс Торнтонды табалдырықтың кез келген жүзгішке ырық бермейтін ең қауіпті тұсына қарай ағызып әкетті.

Бэк сол мезетте суға секірген. Долдана тасыған ағынмен үш жүз ярдтай жүзіп барып, Торнтонды қуып жетті де, Торнтонның қолы өзінің құйрығына жармасқанын аңдаған мезетте қуатты аяқтарын барынша сермеп, жағаға қарай жүзе жөнелді. Алайда өте баяу жылжыған еді: бұл бағытқа қарай жүзуге сұрапыл ағын бөгет жасады. Төмендегі су долдана арқырап жатыр — алып жоталардың азуы іспеттес жартастарға соғылған асау ағынның толқыны жан-жаққа күл-паршасы шыға шашырайды.

Ең соңғы өте тік табалдырықтағы су алапат күшпен иіре тартып барады, Торнтон жағаға жүзіп жете алмасын түсінген. Ол алғашқы құзға барып соғылды, одан екіншісіне қақтығысты, бұдан соң алапат күш үшінші жартасқа қақпақыл қақтырып жіберді. Бэктің құйрығын қоя берген ол тастың тайғанақ ұшар басына қос қолдап жармаса кетіп, даусын сарқыраған су ағынының үнінен асыруға тырысып:

— Жөнел, Бэк! Тарт! — деп бұйырды.

Ағын Бэкті төменге қарай әкеткен; су арынымен бірталай босқа арпалысқан оның кері бұрылуға да шамасы келмеді. Қожайынның екі қайталанған бұйрығын естіген ол оны соңғы рет көріп қалғысы келгендей судан көтеріліп мойнын биік созды да, айтқанды тыңдап, жағаға қарай жүзе жөнелді. Пит пен Ганс мұны судан әбден әлсіреп тұншыға бастаған сәтінде шығарып алған еді.

Ганс пен Пит Торнтонның сұрапыл толқын астындағы тайғанақ құзға әрі кетсе тек үш-төрт минуттей жармасып тұра алатынын түсінген. Сөйтіп олар жағаны бойлап, өзен ортасындағы Торнтон ілігіп тұрған жартастан әлдеқайда жоғары қарай жанұшыра жүгіре жөнелді. Жеткен бойда Бэкті қимылына кедергі келтірмейтіндей және тұншықтырып тастамайтындай етіп арқанмен шандып, суға түсіріп жіберді. Бэк өзеннің шет жағын ала жүзе жөнелген. Ол өз қателігін өте кеш байқады: Торнтонмен қатарласқан кезде табандарын бірнеше ғана сермеп құзға жетіп те барар еді, бірақ ағын айдалаға сүйреп әкетті.

Ганс сол бойда Бэк байланған арқанды тартып қалған. Бэк күтпеген жұлқудан батып кетті де, өзін жағаға алып шыққанша су астында қала берді. Жоғары көтергенде шалажансар халде болғандықтан Ганс пен Пит оны дереу аяқтарынан тартқылап, қолдан демалдыруға кірісті. Бэк тұрды да, қайта құлап кетті. Кенет Торнтонның әлсіз даусы естілген, бұлар сөзін анық ести алмағанмен жедел жәрдемдеспесе оның мерт болатыны анық-тын. Қожайынының үні Бэкке электр қуатындай әсер етті. Ол атып тұрып жағаны бойлап жүгіре жөнелді. Соңынан Ганс пен Пик ілескен. Бұлар Бэкті алғаш суға түсірген орынға қарай асыққан еді.

Арқанмен қайта байланғаннан кейін тағы жүзген, бірақ бұл жолы өзеннің тура ортасымен салды. Бэктің бір мәрте қателесуі мүмкін, тек екі рет емес. Ганс арқанның ұдайы тартулы тұруын қадағалап ақырындап қана жазып, бірде босатып отыр, ал Пит оны түзеп қояды. Бэк Торнтонмен қатарласқанша жүзе берді. Қажетті межеге жеткен бойда кілт бұрылды да, иесіне қарай ытқына ұмтылған. Торнтон мұны көрді, Бэк алапат ағын күшімен тура таран секілді бар салмағымен өзіне келіп соғылған сәтте Торнтон оның жүндес желкесіне қос қолдап жармаса кетті. Ганс арқанды ағаш діңіне орап тарта жөнелгенде Бэк пен Торнтон су астында қалды. Тұншығып, шашалып, өзеннің тастақ табанында сүйретіліп, су астындағы жартас пен тырбиған бұталарға соғылып, анда-санда бетке қалқып шығып, бірде Бэк Торнтонның астында қалып, бірде төменге Торнтон түсіп, ақыр аяғында жетті-ау жағаға.

Торнтон көзін ашқанда толқындар лықсытып тастаған бөренені құшақтап етпеттеп жатқанын аңдады, ал Ганс пен Пит өзін әрлі-берлі ырғап, жан дәрмен тірілтуге кіріскен екен.

Ол бәрінен бұрын көзімен Бэкті тауып алды. Бэк сұлық түсіп жатыр, оның жансыз денесінің тұсында Ниг ұлып отыр, ал Скит оның су-су тұмсығы мен жұмулы көзін жалайды. Өзі де сау тамтығы қалмаған Торнтон есін жинаған бойда мұқият түрде Бэктің денесін сипалап отырып, оның үш қабырғасының сынғанын білді.

— Демек, шешілді, — деп мәлімдеді ол — Біз осында қаламыз.

Сөйтіп бұлар Бэктің қабырғалары жүрісті жалғастыратындай деңгейге жетіп бітіп кеткенше әлгі жерде қалды.

Ал қыста, Доусонда Бэк аса керемет болмаса да даңқын бұдан да асыра түскен тағы бір ерлік жасады. Аталған ерлік нағыз дер кезінде істелген еді, себебі үш қожайын сол арқылы өздері көптен құмартып, әлі бірде-бір алтын іздеушінің аяғы басып көрмеген шығыстағы ну ормандардың біріне саяхат жасауға мүмкіндік берген құрал-жабдыққа қол жеткізді.

Бәрі «Эльдорадо» барындағы әңгімеден басталған: еркектер сүйікті иттерін мақтауға көшкен. Бэк танымалдығына байланысты шабуыл нысанына айналған еді де, Торнтонға оны қызғыштай қорғауға тура келетін. Арада жарты сағат та өтпестен әңгімешілердіц бірі өз итінің бес жүз қадақ жүк тиеген шананы орнынан қозғап, тіпті, тартып та кететінін айтып қалды. Екіншісі өз итінің алты жүз; үшіншісі жеті жүз фунт сүйрететінін айтып мақтанды.

— Түк емес! — деді Джон Торнтон. — Менің Бэгім мыңын бір-ақ тартады!

— Сондай жүкпен ең құрығанда жүз ярдқа дейін бара ала ма? — деп сұрады әлгі өз иті жеті жүз қадақ тартады деген алтын кеніштері корольдарының бірі Меттьюсон.

— Иә, шананы да тартып жүз ярд өтеді, — деді Джон Торнтон жайбарақат қана.

— Жарайды, — деді Мэттьюсон сөзін бәрі анық еститіндей нығыздап.

— Оның оған шамасы жетпейтініне мың доллар бәс тігейін. Міне ақша.

— Сөйтті де сәкіге жуандығы болон шұжығындай алтын құм салулы қапшықты тастай салды.

Бұл шақыруға ешкім үн қата қойған жоқ. Бәрі Торнтонның сөзін бос даңғаза деп қабылдаған еді. Торнтон жүзінің нарттай қызарып кеткенін аңдады: әлгіндей сөздің аузынан қалай шығып кеткенін өзі де білмей қалған екен. Бэк мың қадақ жүк тиеген шананы тарта ала ма? Жарты тонна ғой! Бұл салмақ Торнтонның жағасын ұстата жаздады. Өзі Бэктің күшіне қатты сенетін еді де, ол кез келген жүкті тарта береді деп ойлайтын. Бірақ осыны бірде-бір рет тексеріп көрмепті, енді ондаған адам жан-жағынан төніп, үн-түнсіз күтіп түр! Оның үстіне өзінде де, Ганс пен Питте де мың доллар жоқ-тын.

— Далада әрқайсысы елу фунттан келетін менің жиырма қап ұн тиеген шаналарым тұр, -деп сөзін жалғастырды Меттьюсон ожарлана нығызданып. — Демек, енді тоқтау деген болмайды.

Торнтон үндемеді. Не дерін білмеген де еді. Ол ойын жинақтай алмай тұрған адамша абдырап, жанындағы кісілерге алма-кезек тұнжырай көз сүзеді. Кенет оның назары кезінде өзіне жолдас болған жергілікті дәулеттілердің бірі Джим О Брайеннің жүзіне аялдай қалды. Сол итермеледі ме, Торнтонның басына бұрын келмеген бір ой орала кетті.

— Маған мың доллар қарыз бере аласың ба? — деп сұрады ол сыбырға жақын үнмен.

— Әрине, — деп жауап қатты О Брайен; сөйтіп сөре үстіндегі Меттюсонның дорбасының қасына екінші бір алтын құм салынған қомақты қалта дүре ете түсті. — Әйткенмен, Джон, сенің итіңнің мұндай істі атқара алатынына көзім жетпейді.

Тамашадан құр қалмау үшін «Эльдорадода» отырған жанның бірі қалмай далаға шықты. Карта үстелдерінде де ешкім қалған жоқ, кімнің ұтқанын көру үшін һәм өздері де бәстесуге бола ойыншылар да тысқа ақтарылған. Киімдері аң терісінен тігілген жүздеген адам жартылай шеңбер жасап, шаналарды анадайдан қоршап иін тіреседі. Мың қадақ ұн тиелген Мэттьюсонның шаналары да қақаған аязда екі сағаттан бері тұр (сынап бағанасы нөлден төмен алпыс градусты көрсетеді), табандары әбден тапталған қарға сіресіп қалған. Тартыс құмарлар Бэк шаналарды жылжыта алмайды деген бекем сеніммен бәсті біреуге қарсы екеу деп, әркелкі тігуді ұсынды. Күрделі дау туған: «шананы қозғау» деген сөз қалай түсініледі? О Брайен оны Торнтонның шана табанына қатқан мұзды қағып босатуға құқы болады да, Бэк одан соң орнынан қозғайды деп ұққан. Мэттьюсон болса бес шарты бойынша Бэк шананы қатқан табанды жерден жұлқып шығарып тартсын деп талап қойды. Таластың көпшілік куәгерлері дауды Мэттьюсонның пайдасына шешті де, Бэкке қарсы тігілген бәс бірдің ара-қатынасына үшке дейін өсті.

Алайда бәсті өздері көтеріп алуға тілек білдірушілер табыла қоймады: Бэк мұндай ерлік жасайды дегенге ешкім сенбеді. Торнтонның нар тәуекелге бел буғаны да түсінікті болған. Оның өзі де осынау шаналар мен қарға аунап жатқан жегімдегі он итті көріп бұл батырлықтың мүмкіндігіне күмәндана түскен. Мэттьюсон шаттанып жүр.

— Біреуге қарсы үшеу! — деп айқайлайды ол. — Тағы да мың тігемін, Торнтон! Қол алысамыз ба, қалай?

Торнтонның жүзінен жанын қинаған қауіп табы аңғарылып-ақ тұрды, алайда оны ешбір есепке қаратпайтын һәм айқас дүбірінен өзге ештеңені естіртпейтін атойлаған арын мен діттеген нәрсеге жеткізбей тынбайтын жойқын желік билеген еді. Ол Ганс пен Питті шақырып алды. Бұлардың әмияндары өте жұқа болатын, үшеуі зорға дегенде тірнектеп екі жүз доллар шығарған. Соңғы кездері жолдары болмай жүрген олардың барлық қаражаты осы екі жүз доллар ғана-тын. Әйтсе де сол ақшаны ешбір іркілместен Мэттьюсонның алты жүз долларына қарсы тікті.

Мэттьюсонның он иті ағытылды да, шаналарға өз әбзелімен Бэк әкеліп жегілді. Төңіректе салтанат құрған құмарлық оған да көшкен, ол іштей Джон Торнтон үшін әлдебір өте маңызды әрекет атқару керектігін түйсінді. Жұрт осынау ғаламат хайуанатты көргенде шаршы топтың арасынан қайран қалушылардың күбірі естілген. Бэк тамаша қалыпта болатын — бір мысқал артық май жоқ, ал өзінің жүз елу қадақ салмағы жүзу елу фунт ерлік қуатына пара-пар еді. Қалың түгі болса жібектей құлпырады. Жалға ұқсайтын мойны мен иығындағы түк тыныш жүрген кезінде де сәл қимылдан-ақ асып-тасыған күш-қайратын айғақтап тікірейіп шыға келеді. Алпамсадай кеудесі мен тегеуірінді алдыңғы аяқтары бүкіл дене бітіміне сайма-сай, ал тығыз бұлшық еті тері астынан бұлт-бұлт ойнайды. Тақалып келіп сол бұлшық еттерді сипап көрген жұрт темірдей екен дескен. Бэкке қарсы тігілген бәс бірге қарсы екіге дейін төмендеді.

— Мынауыңыз керемет, сэр! Нағыз құт иесі! — деп самбырлады Скукум — Бенча корольдері әулетінің арасынан біреу. — Сізгс бұл үшін сегіз жүз берейін — сынақ басталғанша, сэр, ескеріңіз! Қолыңызға сегіз жүзді ұстатамын да — мұны осы тұрған қалпында ала саламын.

Торнтон бас шайқады да, Бэкке тақалды.

— Жоқ, былай тұрыңыз! — деп қарсылық білдірді Мэттьюсон. — Бұған еркіндік беріңіз, сонда ойын адал болады.

Тобыр тынши қалды, бәсті біреуге қарсы екеу тігуді ұсынып әлектенген жекелеген дауыстар ғана естіледі. Бәрі де Бэктің керемет ит екенін мойындайды, бірақ әрқайсысы елу қадақ тартатын жиырма қап ұн өте ауыр болып көрінгендіктен, көрермендер әмияндарын ашуға жүрексінеді.

Торнтон Бэктің жанына тізерлей отыра қалып, оны басынан қос қолдап құшақтап, бетіне төседі. Бүгін әдеттегідей ойнап, жұлқылап-сілкілемеді, жақын тартып боқтанған атауларды да қайталамады. Тек құлағына әлдене деп сыбырлаған.

— Егер де мені жақсы көрсең, Бэк… Егер жақсы көрсең… — Міне, сыбырлаған сөзі осы еді. Сол кезде Бэк тағатсыздана қыңсылап жіберді.

Айналадағылар көріністі қызыға тамашалап тұр. Осынау тосын да, тылсым көрініс әлдебір рух шақыруға ұқсап кеткен. Торнтон орнынан көтерілген кезде Бэк оның қолын тістей алды да, иесінің жұдырығын аранына салып бірталай ұстап тұрып әрең дегенде ақырындап босатты. Бұл оның тілсіз жауабы болатын, ол қожайынына деген сүйіспеншілігін осылайша білдірді.

Торнтон анадай жерге шегініп барып тұрды.

— Кәне, Бэк! — деп бұйырды ол.

Бэк жетек қайыстарын кере тартты, одан оны бірнеше дюймге қайта босатты. Бұл оның әдеттегі әдісі болатын.

— Тарт! — Торнтонның даусы ширыққан үнсіздік арасынан саңқ етіп айрықша естілген.

Бэк оңға қарай ырғалды, одан, бейне, сүңгитіндей бүгілді, сырма жіптерін керді, кенет жұлқынып қалды да, өзінің жүз елу фунттық денесінің салмағын кілт тоқтата қойды. Шанадағы жүк дір ете түсіп, көлік табаны астынан әлдене қатты күтір етті.

— Кәне! — деп тағы да айқай салды Торнтон.

Бэк бұл жолы солға жұлқынып, әлгі тәсілін және қайталады. Күтірлеген дыбыс сатыр-сұтырға ұласты да, шана ырғалып, сықырлаған табан бір бүйірге қарай бірнеше дюйм сырғанап кетті. Шана тұрған орнында қатырып тастаған мұздан босады.

Жұрт амалсыздан демдерін ішке тартқан.

— Енді жөнел!

Торнтонның бұйрығы тапанша оғынша саңқ етті. Бэк қайыстарын қатты керіп алға жұлқынды. Тұла бойын алапат күш кернеп түк астынан бұдырлана көрінген өрім-өрім бұлшық еті бұлт-бұлт ойнайды. Анай төсімен жер бауырлап, басын алға созған, ал аяқтары әбден тапталған қар бетіне қос-қатар біразда салып зыр қағады. Ырғалып, қалшыл қаққан шана орнынан жартылай жылжып та үлгерген. Кенет Бэк бір аяқтан сүрініп кетті де, шаршы топ арасынан әлдекім ah ұра опынып қалды. Бірақ шана ендігі әлгі орынға сіресуді доғарып, ойқастай қозғалып, алға қарай жұлқына жылжи бастады — алдымен жарты дюйм… одан бір… одан тағы екі дюйм… Қимыл біртіндеп қалыпқа келіп, шана ақыр аяғында екпінді түзеп жылдамдай түскен сәтте Бэк тесіліп ала жөнелген.

Осыдан бір минуттей бұрын ғана демдері бітіп қалғанын аңдамаған жұрт жеңілейе тыныстады. Ал Бэкті қақпайлаған Торнтон шана соңынан шаттана айқайлап жүгіріп барады. Ара-қашықтық алдын ала белгіленіп қойылған болатын, Бэк жүз ярд бітетін жерге тасталған бір арқа отынның тұсына жеткенде сүйсінген дауыстар естілді. Бэк Торнтоннын бұйрығы бойынша сол ағаштардан асып барып тоқтаған кезде әлгі дауыс гуілге ұласқан. Жұрттың бәрі, тіпті, Мэтьюсонның өзі де есі шыға еліріп жүр. Аспанға бөрік те, қолғап та атылды. Жиналғандар алдындағы адамның таныс-бейтаныстығына қарамастан бір-бірінің қолдарын қысысады, сөйтіп қуаныштың аяғы аласапыран у-шуға ұласып кетті. Ал Бэктің қарсы алдына тізерлеп отыра қалып маңдайына маңдайын тіреген Торнтон оны сілкілеп, жұлқылап қояды. Алдыға қарай шығып кеткендер оның Бэкке ұрсып отырғанын естіді. Ол оған аялап, рақаттана, сүйіспеншілікпен ұзақ ұрысқан еді.

— Ғажап, сэр! Керемет! — деп міңгірледі король Скукум — Бенча. — Бұл үшін сізге мың доллар беремін, тұтас мың, сэр! Әлде бір мың екі жүз сұрайсыз ба?

Торнтон тұрды. Жанарын жас жуып кетіпті, ол жүзінен сорғалаған көз жасын жасыруға тырысқан жоқ.

— Жоқ, сэр, — деді ол король Скукум — Бенчаға. — Жоқ, ештеңе сұрамаймын. Кетіңіз кәне, сэр! Менің сізге беретін бар кеңесім осы.

Бэк Торнтонды қолдан тістей алды. Торнтон оны қайтадан сілкілей бастады. Бұларды қызыға тамашалаған қауым ұзаңқырай берді, осыдан кейін араға киліккен әлгіндей оспадар адамдар кездесе қоймады.

САРЫН ЖЕТТІ!

Бэк бес минуттің ішінде бір мың алты жүз доллар тауып берген соң Джон Торнтон әлдебір қарыздарын қайтарды да, аты дәл осынау өлкенің тарихындай аңызға айналған алтын аралас топырақты іздеу үшін жолдастарымен бірге шығысқа қарай бет түзеді. Алтынның соңына түсушілер көп еді, тапқандар некен-саяқ, ал іздеушілердің көпшілігі сол сапарынан оралмаған. Оны алғаш болып кімнің ашқаны да белгісіз еді. Талай қасіретке бастаған, ертегіге айналған топырақ төңірегінде жұмбақ көп. Тіпті, ең ежелгі аңыздардың өзінде ол туралы ештеңе айтылмайды. Жұрт тек сол орында қисайған, ескі лашық тұрғанын ғана біледі. Кейбір алтын іздеушілер өлер алдында құлағалы тұрған үй мен топырақты кездестіргенін айтып қарғанып, сөздерінің дәлелі ретінде бүкіл Сібірде теңдесі жоқ алтын кесектерін көрсеткен. Алайда тірілердің арасынан сол қазына қоймасынан әлдене тауып алудың сәті түскен ешкім болған емес, ал өлгендер өліп кетті. Джон Торнтон, Пит пен Ганс та өздерімен бірге Бэкті және тағы басқа бес-алты итті алып, өзге адамдар мен иттердің аяғы баспаған жерге жетуден үміттеніп, тың жолмен бағытты шығысқа қарай түзеген еді. Бұлар Юконмен жоғары қарай жетпіс миль жүрді, одан Стюарт өзені арқылы солға бұрылды, Стюарт тұтас құрылыққа дендей еніп, биік тау жоталарының айналасындағы бұлақтарға айналып ирелеңдей ағып жатқан Мэйо мен Мак — Квещеннің тұсынан өтті.

Джон Торнтонның адамдар мен табиғатқа қоятын талабы аса қатал емес-ті. Қуаң, жабайы орындар оны сескендіре қоймайтын. Қалтасында бір шымшым тұз бен иығына асқан мылтығы болса жетіп жатыр, ормандар түкпірінде қанша жүргісі келсе, сонша жүреді. Оның тіршілігі үндістердікіне ұқсас, ешқашан да ешқайда асыққан емес һәм сапар кезіне азығын аңшылықпен табады. Аң-құс ұшыраспаса сол баяғы үндістердің сабырымен оған ертелі-кеш бір кездесетініне деген бекем сеніммен жолды жалғастыра береді. Олардың шығысқа тартқан ұлы саяхаты кезіндегі азықтары да аңшылықтан түскен жас еттен тұратын еді, ал шанадағы жүктері — негізінен жабдықтар мен қажетті құрал-сайман, жоспарлары ұзақ уақытқа лайықталған болатын.

Аңшылық, балық аулау, жаңа, бейтаныс орындарда адасу Бэкті алаңсыз сайрандатты. Бұлар бірде апталап жол жүрсе, бірде әлдебір жерлерге жеткенде шатыр тігіп тастап жетілеп жатады, сондайда иттер босайды, ал алтын іздеген адамдар тоң жерді немесе жынысты қопарып, оны от жанында науамен ертелі-кеш шаймалауға кіріседі. Кейде аш жүреді, кейде ас та төк молшылыққа кенеледі — оның бәрі жолшыбай кездесетін аң-құстың мөлшері мен саятшылықтың сәтіне байланысты келеді. Жаз да жетті, жүктерін сүйреткен адамдар мен иттер салға отырып көгілдір тау көлдерімен жүзіп өтті, ағаш дінінен шабылған ескі қайықтарға мініп, бейтаныс өзендердің ағысы арқылы бірде жоғары өрлеп, бірде еңіске қарай құлдилады.

Айлар өтіп жатты, бұлар осынау жан баласы жоқ, ал егер айдаладағы лашық туралы аңызға сенсе, кезінде біреулер жүрген беймәлім өңірдің жабайы алқабын кезіп шарқ ұрды да жүрді. Өзендер арасын бөліп тұрған тау жоталарынан асты, қаншама мәрте боранға да ұрынды. Жалаңаш шың-құздарда, ормандар мен мәңгі қар шекарасында суық күн сәулесіне жылына алмай талай дірдек қақты. Шыбын-шіркейлер бұлты қаптаған жылы алаптарға түсті, көшпе мұздардың аясынан піскен қойбүлдірген мен әсемдігі жағынан Оңтүстіктің гүлдерімен тайталасатын гүлдерді терді. Күзде кезінде құс базары болған, ал қазір мұңды да үнсіз, әлдебір тіршілік белгісінен ада тек өкпек жел гулеген, таса тұстарында су қатып, баяу сылдырлаған күйрек толқындары қуаң жағалауға ұмтылған сиқырлы көлдер мекеніне жеткен.

Сөйтіп мұнда өздеріне дейінгі баяғыда-ақ ескіріп кеткен адам ізін іздеп екінші қысты өткерген. Бірде мүлгіген орманда әлдебір сүрлеуге тап болды. Бұл өте ескі соқпақ еді -оларға тозған лашық тіпті қол созым жерде тұрғандай көрінді. Алайда осынау жалғыз аяқ жолдың қайдан басталып, қайдан аяқталатыны белгісіз еді және мұны кімнің не үшін таптағаны да жұмбақ-тын.

Тағы бір жолы бұлар аңшылардың уақыт тоздырған жер кепесіне кездесті онда Джон Торнтон шіріген көрпе арасынан шақпақ таспен атылатын ұзын ұңғылы мылтық тауып алған. Ол мұндай қару түрін жұрт солтүстік-батысқа жаппай ағыла бастаған алғашқы жылдары Гудзонов шығанағы компаниясы шығарғанын білетін, онда дәл осындай бір мылтық алу үшін осынша биік қатталған құндыз терісінің теңін беретін. Қираған заттар ішінен кезінде осынау күркені салып, көрпе арасына мылтығын тастап кеткен адамды еске түсіретіндей басқа ештеңе табылмады.

Одан қайтадан көктем келді, бұлар ұзақ қаңғығаннан кейін ақыр аяғында аңызға айналған лашыққа емес, кең алқаптағы алтын топырағына кезіккен. Кеннің молдығы сонша, шаятын науа түбіне сары майдай іркіліп қалатын еді. Үш жолдас кезуді доғарды. Бұлар күніне мың доллардың таза алтын құмы мен кесек алтынын шаймалауға кіріскен. Ал жұмыс күнде істеледі. Алтынды әр қалтаға елу фунттан бөліп, бұлан терісінен жасалған қапшықтарға салды. Ал оларды шырша бұталарынан тоқып салған күркелерінің алдына ағаш қаттағандай қалап қойды. Өздері ауыр жұмысқа әбден берілгендіктен уақыттың да қалай заулап жатқанын аңғармаған еді. Күндер көрген түстей зулай берді, ал қазына қоры үйілген үстіне үйіле түсті.

Иттер мүлде іссіз қалған — тек анда-санда Торнтон атқан жабайы құстарды алып келеді, сөйтіп Бэк от жанында күні бойы ойланып жатады да қояды. Осынау бос сағаттарда көзіне әлдебір қысқа аяқты жүндес адам жиі елестер еді. Солайша алауға сығырая қараған Бэк еміс-еміс есіне түсетін әлгі адаммен қиялында өзге бір әлемді кезіп жүреді.

Сонау басқа дүниеде, тәрізі, үрей салтанат құратын болуы керек. Басын тізелерінің арасына тығып, алау қасында бүк түсіп ұйықтап жататын жүндес адамды бақылаған Бэк оның қатты мазасызданатынын, түсінде жиі шошынатынын, ал оянған сәтінде түн-түнекке үрке қарап, отқа тамызық тастайтынын аңдар еді. Егер бұлар теңіз жағасында жүрсе бақалшақ жинаған жүндес оның ішін сол бойда-ақ қаузап жеп алып, жан-жағына алақ-жұлақ қорқа соқтай қарап, қатер белгісі білінген алғашқы сәтте-ақ құйындай ұшып безе жөнелуге даяр тұратын. Орман арасымен ың-шыңсыз өтеді — алдыда жүндес, артта Бэк. Екеуі де әрдайым аса сақ, құлақтары елеңдеп, танаулары желп-желп етеді, өйткені адамның да есту мен сезу қабілеті тура Бэктікіндей өте күшті. Жүн басқан адам жердегі жүйріктігіне сай ағашқа да тым шебер өрмелейді. Бір бұтақтан екінші бұтаққа жармасқан ол кейде он-он бес фут ара қашықтықтағы ағаштан-ағашқа әуеде құстай қалқып, емін-еркін секіре береді. Өзін ағаш басында жерде жүргендей-ақ өте епті сезінеді. Бэк жүндес адам қолдарымен бұтаққа қатты жармасып ұйықтап тұратын ағаш түбін қорыған түндерін есіне жиі түсіреді.

Бэкке елестейтін түкті адаммен тектес бұрынғыша қараңғы орман түкпірінен естілетін әлдебір сарын пайда болған. Ол Бэктің тынышын алып, түсініксіз құмарын оятады. Бэк әлдебір бұлыңғыр шаттықты, мазасыздықты, неге екені беймәлім сарынды сағынышты сезінеді. Кейде сонау сарын естілетін орманға қарай жүгіріп, оны көзге көрінетін нәрседей сол жақтан іздейді, сөйтіп көңіл күйіне қарай кейде ақырын, кейде өршелене үреді. Тоғайдағы суық мүкке немесе биік шөп арасындағы ылғал топыраққа тұмсығын тығып, солардың иісін тұшынып, рақаттана түшкірінеді. Немесе бейне бір торуылда жүргендей дауылдар құлатқан ағаштардың тасасын да сағаттап жатады, айналадағы әрбір дыбысқа жіті құлақ түріп, көзін бақырайтып селт еткен қозғалысты аңдиды. Мүмкін осында жатқанда өзінің тынышын алған сонау түсініксіз сарынды торитын болар. Осыны не үшін жасайтынын өзі де білмейтін еді: еркінен тыс әлденеге бағынған ол бәрін де ырықсыз атқаратын.

Осылайша қазір жеңімпаз түйсіктің құзырына бағынып алған. Кейде станда жылы жерде қалғып жатады да, кенеттен басын шалт көтеріп, әлденені тыңдағандай құлақтарын түреді, одан атып тұрып айдалаға қарай безе жөнеледі, сөйтіп орман арасында немесе жазық алаңқайда ерсілі-қарсылы сағаттап шапқылайды. Кеуіп қалған өзендердің табаны бойымен жүгіріп, орман өмірін бақылауды қатты ұнатады. Күні бойы көк майсада маңғаздана басқан яки қанаттарын сілкіп бір орыннан екінші орынға ұшқан құрларды бақылауға ыңғайлы шілік түбінде жатады. Бірақ Бэк бәрінен бұрын жазғы ақ түндерде шапқылап, тоғайдың мимырт, бұйығы сыбдырына құлақ түруді, адамның кітап оқығанындай, дыбыстар мен белгілерді пысықтауды, сонау өңінде де, түсінде де өне бойы естілетін тылсым сарынды іздеуді көбірек ұнататын.

Бірде түн ішінде шошына атып түрегелді де, көздерін кең ашып, дірілдеген тұмсығын ауаға тосты. Түк терісі тік тұрып, одан жел тербеген толқындай жапырылды. Орманнан әлгі сарын алғаш рет ап-анық естілген. Бұл жегімдегі иттердің даусына ұқсайтын да, ұқсамайтын да күңірене ұлыған үн болатын. Бэкке өте таныс көрінді, — иә, мұны бір кездері естіген! Ол бірнеше аттап ұйқыдағы стан бойымен жүгіре жөнеліп, ың-шыңсыз заулаған күйі орманды бетке алды. Ұлу өте жақын жерден жеткен сәтте Бэк керемет сақтық сақтап, ақырын жүріске ауысты. Ақыр аяғында ашық алаңқайға тақалды да, ағаштардың арасынан басын қылтитып тұмсығын көкке көтере ұлып отырған үлкен арық қасқырды керді.

Бэк тырс еткен дыбыс шығармаған-ды, бірақ мұны сезе қалған қасқыр ұлуды кілт доғарды. Ол дұшпанның қайда екенін анықтауға тырысып ауаны иіскелеген. Бэк құйрығын қайсайтып алып бұққан күйде айрықша сақтықпен табандарын санап басып алаңға шықты. Оның әрбір қимылында қатер бар еді, сонымен бірге бейбітшіл достығын ұсыну ниеті де жоқ емес-ті. Орман жыртқыштары дәл осылайша жолығады. Алайда Қасқыр Бэкті көрді де безе жөнелді. Бэк оның соңынан қуып жетуге екілене құмартып аршындай ұмтылған. Ол оны жағалай тал-шілік қопасы жапқан кепкен бұлақтың жырасына қуып тықты. Қасқыр Джо мен басқа да иттердің тығырыққа тірелгендегі әдетінше артқы аяқтарына шоңқия кетіп, әбігерленіп, шыр айналды да қалды. Ырылдап, жалын күжірейтіп, тістерін сақылдатты.

Бэк шабуылдаған жоқ, қайта өзінің бейбіт ниетін қалайда байқатуға тырысып, көкжалды төңіректеп көп жүрді. Әйткенмен қасқырдың күдігі басым еді және Бэк өзінен үш еседей ірі, әрі бір бастай биік болғандықтан қатты үрейленді. Бөрі бір мезетте сәтін тауып қашып берді де, қуғын қайта басталды. Анда-санда Бэк оны тағы да әлдебір қуыстарға қуып тығады да, бәрі қайтадан басталады. Қасқыр өте арық еді, әйтпесе Бэкке оны қуып жету оңайға түспесі анық-ты. Ол қашып бара жатып Бэктің басы бүйір тұсына іліккен кезде қорғана кету үшін орнында тұра қалып шыр айналады, бірақ алғашқы мүмкіндік туған сәтте салып ұрып жорта жөнеледі.

Ақыр соңында Бэктің табандылығы ақталды. Бөрі оның ниетінің зиянсыздығына кез жеткізген соң тоқтап бұрылды да, екеуі иіскелесе бастады. Осылайша достық қатынасқа көшкен бұлар өзара ойнауға кіріскен, бірақ ойындарында түз тағыларының қатігездігін жасыратын ширыққан, үрейшіл сақтық бар-тын. Қасқыр Бэкпен ойнап болған соң бар қимыл-әрекетімен өзінің ешқайда асықпайтынын көрсетіп һәм Бэкті соңынан еруі керектігін байқатып әрі қарай бүлкілдей тартты.

Екеуі ымырт қараңғылығында өзен арнасының бойын өрлей, одан түнерген тау сілемі басталған тұстан жоғары қарай қатарласа салды.

Су айрығының қарсысындағы ылдимен үлкен ормандары мен көптеген айдындары бар жазыққа түсті, солайша осы ағаш арасымен алға қарай желе берді. Сағаттар өтіп жатты, бір мезгілде күн де ту биікке көтеріліп, төңірек едәуір жылына түскен. Бэк ғажайып шаттыққа кенелді. Енді ол өзінің орманда ұшырасқан ағайынымен бірге түсінде де, өңінде де естіген сонау құзыретті сарынға қарай бірге беттеп бара жатқанын білді. Санасында әлдебір ежелгі естеліктер жедел жаңғырып, кезіндегі елес іспеттес шындықты қабылдағанындай осы түйсікке де тезірек үн қатуға құмартқан. Иә, дәл қазіргі құбылыс бұлдырап есіне түскеніндей, бұрын өзге бір дүниеде де басынан өткен болатын: бұл онда да дәл осылай еркін заулап келе жатты, аяғының астында жан баласының табаны тимеген жер, ал төбеде зеңгір көк төніп тұр еді.

Бұлар су ішу үшін бұлаққа аялдаған. Сол сәтте Бэктің есіне Джон Торнтон түсті. Ол отырды. Қасқыр қайтадан сонау сарын естілген жаққа қарай сала жөнелді, бірақ Бэктің орнынан қозғалмағанын байқап кері оралды да, мұны қалайда ілестіре кетудің әрекетімен тұмсығымен түрткілеген. Алайда Бэк одан теріс айналып, баяу басып, келген тұстарына қарай қайта тартты. Жабайы қандасы бір сағатқа таяу қатар жортып, ақырын ғана қыңсылаумен болған. Содан соң отыра кетті де танауын көкке көтеріп ұлуға кірісті. Бэк осынау қамыққан үнді әбден үзілгенше кетіп бара жатып ұзақ естіді.

Джон Торнтон Бэк станға құстай ұшып келіп өзіне бас салған сәтте түстеніп отыр еді. Ол қожайынына деген ессіз сүйіспеншіліктен оны жерге аударып тастап, үстіне қонжия кетті де бет-аузын жалап, қолынан тістелей бастады — бір сөзбен қайырғанда, Джон Торнтон айтпақшы «ақымақтануға» кірісті, ал иесі өз кезегінде итті басынан шап беріп, жұлқылап, аузына келген сөзді айтып әдетінше сүйсіне боқтаған.

Бэк екі тәулік бойы стан аумағынан шықпай өкшелеп, Торнтонды аңдумен болды. Соңынан бір елі қалмай, кенішке барса бірге барып, тамақ ішкеніне, кешке көрпе астына кіргеніне, таңертең одан шыққанына дейін бақылаумен жүрді. Әйткенмен арада осынау екі күн өткенде орманнан жеткен сарын Бэктің құлағына бұрынғыға қарағанда өткірірек һәм өктемірек естілген. Қайтадан дегбірсіздене бастаған оның есіл-дертін таулардың арғы бетіндегі дүбірлі алқап туралы, ормандағы қандасы жөніндегі, онымен бірге ұшы-қиыры жоқ тоғай кеңістігінде қатарласа жортқаны жайлы ойлар ала берді. Сөйтіп қайтадан орманға қашуды бастады, бірақ жабайы бауырын кездестіре алған жоқ. Құлағын ұзақ түндерде қанша түргенімен Бэкке оның жабығыңқы ұлуын қайтадан есту жазбапты.

Бірнеше күн бойы қайда болса сонда түнеп, станнан безіп кететін әдет тапқан. Бірде таныс су айрығы арқылы өтті де, қайтадан тоғайлар мен өзендер мекеніне жетті. Мұнда жыртқыш бауырласының ізін іздеп әуреге түсіп бір аптадай жүрген. Жолда өзі қаққан жабайы құс етімен қоректенді; сөйтіп еш бөгелместен жеңіл желіп алға қарай бүлкілдете салды да отырды, салды да отырды. Ол арғы сағасы алыстағы теңізге ұласып жатқан үлкен өзеннен арқан балық аулап жүрді. Осы өзенде бір ірі қара аюды жарып тастаған. Аю да тура Бэк секілді осында балық аулап жүр еді, кенет жабылып кеткен қалың маса түк көрсетпей, долданған күйі жандәрмен орманға қарай безе жөнелді. Оның дәрменсіздігіне қарамастан қиянкескі өткен айқас Бэктің бойында қалғып бара жатқан тағылықты дүр сілкіндірген еді.

Екі күннен кейін аю өліп жатқан жерге оралғанда он шақты құнудың осы олжаға таласып қырқысып жатқанын көрді. Бұл бара сала бәрін ту-талақай етіп жан-жаққа лақтырып тастады; қауып үлгермеген екеуі мертігіп, сол орында қалған.

Бэк тамақ асырау үшін жолыққан жан иесін жалғыз өзі жайпап, жеке күш-қуаты мен жаужүректігіне арқа сүйеп, жабайы табиғатқа үстемдікпен қарап. тек мықтылар ғана тіршілік ететін жағдайға дағдыланған нағыз қанқұмар тағыға айналды. Өз бойындағы күшті сезіну өрлікті оятқан. Бұл оның қозғалысынан, барлық бұлшық етінің қимылынан көрініп тұрар еді, әрбір әрекетінен сөзсіз-ақ әйгіленетін осы тәкаппарлық, тіпті, мұның онсыз-ақ тамаша түгіне де жаңаша өң беріп, жарқырата түскен. Егер тұмсығы мен көздерінің үстіндегі қоңыр дақ пен кеудесіндегі ақ жолақ болмағанда оны алып қасқыр екен деп қалар едіңіз. Әкесі сенбернерден тұлғасы мен салмақты алғаны болмаса, қалған қасиетінің бәрі овчарка шешесінен дарыған-тын. Тұмсығы қасқырдыкіндей ұзын, бірақ оныкінен үлкен, бас сүйегі де жалпақ әрі шомбал демесеңіз, пішіні бәрібір көкжалдардың бас қаңқасын есіңе түсіреді.

Өзіне нағыз қасқырлық айлакерлік, жабайы жыртқыштардың қатерлі әбжілдігі тән. Бұғап қоса овчарканың ақылдылығы мен сенбернердің ұғымталдығы бірдей жұққан еді. Осының бәрі өмірдің қатал мектебі арқылы жинақталған тәжірибеге қосылып Бэкті тағы ормандарда ақырған кез келген аңнан да қауіптірек қыла түскен. Енді тек шикі етпен ғана қоректенетін бұл ит күші кемелденіп, өмірлік қайрат-жігері арнасынан асып-төгіле бастаған. Торнтон арқасынан сипаған кезде Бэктің түгі бейнебір әр талының түбінен жасырын магниттік ұшқын шашырағандай сытыр-сытыр ететін. Оның бойындағы, денесі мен миының әрбір клеткасы барлық сіңірі мен бүкіл жүйке талшықтары біркелкі ғажайып ырғақпен толықтай тепе-тең, ширыға тіршілік етер еді. Не көрсе де, не естісе де, жауап қатуды талап еткен нәрсенің бәріне Бэк найзағай оғындай ұшқырлықпен әрекет жасайды. Солтүстік тұқымдас иттер тез қимылдап, шабуылдан жылдам қорғанады. Ал Бэк мұны олардан екі есе жедел атқарады. Өзге иттер қимылды көріп, дыбысты естіп, мән-жайды ұғып болғанша Бэк барлық қимылды олардан бұрын жасап үлгереді. Бэк істі қабылдау, шешімге келу, әрекет етуді бір мезгілде орындайды. Осынау үш сәт — қабылдау, ұйғарымға келу, қимылдаудың бірінен кейін бірі атқарылатыны белгілі. Алайда Бэк үшін бұлардың аралығындағы мезеттердің жоққа тән көрінетіні сонша, осының бәрі бір мезгілде өтетіндей болатын. Күш-қуатқа толы бұлшық еттері болат серіппе секілді жылдам, әрі дәл қозғалады. Тұла бойын кернеген асау арыны денсесін күл-парша етіп жарып шығып, арнасынан лықси-төгіле, бүкіл дүниені жайлайтындай әсер туғызады.

— Бұл әлемде дәл осындай ит жоқ, болмаған да! — деді бірде станнан асқақ басып шығып бара жатқан Бэкті бақылап отырған Джон Торнтон жолдастарына.

— Иә, қалыбы бұл құйылып біткеннен кейін қақырап қақ айырылып, түкке жарамай қалған шығар! — деп төндіріп қойды Пит.

— Құдай ақы, мен де солай ойлаймын, — деп қоштады Ганс.

Бұлар Бэктің станнан қалай шыққанын көрген еді. Бірақ орманға еніп, адам көзінен тасалаған бетте оның бойындағы сонау мезеттегі үрейлі өзгерісті байқай алмаған-ды. Тоғайда ол мұншалықты маңғазданбайды, онда бірден жабайы жыртқышқа айналып, ағаштар арасында сыбдырын білдірмей мысықша бұға басып, ормандағы көп көлеңкеге астасып кетеді. Кез келген жерге жасырына қояды, бауырымен жыланша жылжып, тұтқиылдап жыланша шабуылдап, соққы береді.

Құрды соншама ептілікпен ұясынан суырып ала салады, ұйықтап жатқан қоянды қағады, ағашқа шығудан бір мезет кешіккен ала тышқандарды қалт жібермейді. Бұдан қаптаған судағы балықтар да құтыла алмас еді. Тіпті өздерінің тұрақтарын жөндеп жатқан құндыздардың аса сақтығы да іске аспай қалатын. Бэк жемтігін мақсатсыз қатыгездікпен емес, қарын тойғызу үшін өлтіреді. Және өзі қаққан азықты ғана жеуді ұнатады. Аңға шыққанда кейде ерігетін мінезі де жоқ емес-ті. Мәселен, ақ тиінге ұрланып жетеді де, сәл қимылдаса-ақ аузына түсіп тұрған оған өлердей зәресін ұшырып ағаш басына құстай ұшып шығуға мүмкіндік береді.

Күзге қарай орманда бұлан көбейді — олар төмендегі жылылау алқапқа қыстау қамымен баяу жылжи көшіскен. Бэк табыннан қалып қойған бұзаулардың бірінің сілікпесін шығарып қуды. Әйтсе де оның ірірек жемтікке түскісі келген еді де, бірде тілегеніне тay бөктеріндегі өзен сағасында ұшырасып қалған. Мұнда орман мен өзендер өңірінен тұтас табын — жиырма бастай бұлан келген екен, көсемдері бойы алты футтан асатын ірі бұқа көрінеді. Өзі ызадан аласұрып-ақ үлгерген. Бэкке бұдан қатерлі қарсыласты тілеудің өзі қиын еді. Бұлан он төрт тармақты алып мүйізін шайқап тұр. Кішкене көздерінен долы өшпенділік оты ұшқындаған ол Бэкті көрген бойда құтырынған ашудан өкіріп жіберді.

Бұланнын кеуде тұсында қауырсынды жебе қадалып тұр еді, оны жанын жай таптырмай ызаландырған да сол болатын. Бэктің ежелгі дүниедегі ормандарда аң қаққан бабаларынан жеткен түйсігі ең алдымен көсемді табыннан ажыратып тастау қажеттігін ескерткен. Оңай міндет емес-ті. Ырылдаған ит бұланның алдында еңгезердей мүйізі мен бір соққысы дарыса-ақ мұның жанын жаһаннамға жіберетін темірдің тұяғы тиіп кетпейтіндей ара-қашықтықта ойнақ салды. Осынау азулы періге арқасын беріп, тайып отырудың ыңғайын таппаған бұлан қаһарына әбден мінді. Ызадан екіленген ол Бэкке бірінші болып тұра ұмтылған. Ал анау жорта қорғансыз көрініп. аса ептілікпен тайқып шыға беріп, сонысымен де бұланды біртіндеп алдап оқшаулата түсті. Бірақ кәрі бұлан топтан ұзай берген сайын екі-үш дөнежін жаралы көсемнің табынға қайта қосылуына жағдай жасап, Бэкке қарай тап-тап береді.

Жыртқыштарға, мәселен, өрмектегі өрмекшіге, шеңберлене жиырылған жыланға, тосқауылға бұққан ілбісінге бірнеше сағат тапжылмастан отырғызатын, өмірдің дәл өзі секілді айрықша төзім тән. Мұндай шыдамдылықты тірі жемтігін аңдыған жан атаулының бәрі көрсетеді. Қазір соны бір бүйірден соқтығып табынды бөгеп, жас бұқашықтарды ызаландырып, құнажындар мен бұзауларды үркітіп, жаралы көсемді қауқарсыз ашудан жарылардай етіп Бэк те жасады. Бұл әрекет тура жарты күнге созылған. Бэк тап бір бірнеше бөлікке бөлініп алғандай тұс-тұстан шабуылдап, табынды әлдебір үрей құйынымен матап, оралып соққан сайын онсыз да үріккен тобырдың дегбірін алып, жемтігін оқтаулаған сайын оқшаулай берді.

Кешке қарай, күн еңкейген шақта (күз құзырына кіріп, көз ерте байланып, түн алты сағатқа созыла бастаған) жас бұландар көшбасшыларына көмектесуге құлықсыздық көрсетіп, табыннан ұзамауға тырысқан. Қыс тақалып келе жатқандықтан алқапқа қарай асығу қажет-ақ еді, ал мынау жолды бөгеген қайсар хайуаннан құтылу мұңға айналып барады. Оның үстіне қатер тұтас табынға, жас бұландарға емес, бір ғана кәрі бұланның басына төнген еді де, әркімнің өз жаны өзіне тәтті болғандықтан, әлгілер ақыр аяғында көсемді құрбан етуді ұйғарған.

Ымырт жабыла бастады. Басы салбыраған кәрі бұлан өз табынына: талай серік болған ұрғашы бұландарға, бұзауларына, ырқына бағындырған дөнежіндерге қарады. Олардың батқан күннің шұғыласына шомылып асыға басып бара жатқанын көрді. Бұл оларға қосылып ілесе жөнеле алмады, өйткені тұмсығының түбінде ойнақтаған қатыгез азулы албасты тырп еткізбеді. Салмағы жарты тонна бұл күрес пен мұқтаждыққа толы қатал да ұзақ өмір кешкен, міне енді, ажалы сіңірі білем-білем тізесіне зорға жететін қайдағы бір аласа мақұлықтың азуынан келгелі тұр!

Осы сәттен бастап күндіз-түні жемтігінің қыр соңынан қалмаған Бэк жаралы бұланға бір мезетте тыныштық бермеуге айналды. Ол оған жас қайың мен қызыл талдың жапырақтары мен жасыл желегіне ауыз тигізбеді, өздері өткен бұлақтардың суын ішкізбеді, бұлан қатты қысқан шөлін баса алмай қор болды. Жиі-жиі жан сауғалап тұра қашады. Бэк оны тоқтатуға тырыспайды, бірақ өзінің осынау ермегіне сүйсініп, артынан бір елі қалмай, ақырын ғана бүлкілдейді де отырады. Бұлан бір орнында тұрған мезгілде Бэк жата кетеді; анау оттауға немесе су ішуге ыңғай білдірсе бас салып, жағаласа жөнеледі.

Бұланның мүйізі тарам-тарам ағаш іспеттес алып басы бірте-бірте салбыраған үстіне салбырап, өзі сүйретілген үстіне сүйретіле берді. Енді ол тұмсығын жерге тіреп, құлақтары салбырап ұзақ меңірейіп тұруды әдет қылған, ал бұл мезгілде шауып барып шөл қандырып алған Бэк дамылдауға кіріседі. Ауыр тыныстап, қызыл тілін салақтатып, еңгезердей бұланнан көз айырмай жатқан сәтте маңайдағы дүние өзгеше күйге түсе бастағандай көрінеді. Түйсінеді: айнала төңірек құбылып барады. Мұнда бұландармен бірге көзге көрінбейтін басқа да бір тіршілік иелері пайда болған сияқтанады. Солардың келуінен орман да, су да, ауа да діріл қағып тұрғандай сезіледі. Мұны Бэкке өзінің көзі де, құлағы да, тұмсығы да емес, ішіндегі әлдебір жаза баспас ғажайып қабілеті жеткізеді. Бәлендей тосын құбылысты көрген де, естіген де жоқ, алайда қоршаған ортада өзгеріс болғанын, айналада беймәлім бір жан иелерінің аласұрып жүргенін білді. Сөйтті де қазіргі бастаған ісін аяғына жеткізіп болғаннан кейін төңіректегі дүниені жақсылап зерттеуді ұйғарды.

Ақыр аяғында төртінші күннің соңына қарай кәрі бұланды титықтатып біткен. Бір күн, бір түн бойы жемтігінің маңайынан ұзамай, ішініп, тойынып алды да, соның қасында айналшақтап жүрді де қойды. Одан дамылдап, отығып алған соң Джон Торнтон есіне түсті де, желе жортып станға қарай бет түзеді. Ол үйге қарай шым-шытырық жолда шатыспастан, компас ұстаған адамның өзі қиналатындай бейтаныс мекендерде ешбір жаңылыспастан, сенімді түрде бірнеше сағат бойы жүйткіді.

Бэк жолшыбай маңайдағы үрейлі жаңа өзгерістерді біртіндеп қаттырақ сезіне түскен. Енді жағалай мұның жаз бойы бақылаған көріністерінің мүлдем бөлек тіршілік басталған секілді. Мұны бұл жолы Бэктің ішкі түйсігі ғана сездірмеген болатын. Жоқ, ол жөнінде құстар сайрап, ақ тиіндер өзара күңкілдесіп, тіпті желдің өзі сол туралы гулеген. Бэк бірнеше мәрте аялдады, таңғы самалды иіскелеп, одан өзін жылдамырақ жүруге итермелеген хабарды андады. Әлде енді ғана таянып келе жатқан, не болып үлгерген жайсыз оқиғаның лебі дегбірін қашырған. Ол ең соңғы су айрығынан өтіп стан орналасқан алқапқа түскенде абайлап, жүрісті баяулатты.

Үш мильдей өткен соң жаңа іздің үстінен түсіп, желке түгі тікірейіп кеткен. Іздер станға, тура Джон Торнтонға қарай бастайды! Бэк сақтықты бұрынғыдан да күшейтіп жөнеп берді.

Бүкіл түйсік сезімдері ширыққан ол бәрін бірдей жайып салмағанымен талай жайттан хабардар еткен деректерді жіті қабылдады. Өзі жүгіріп келе жатқан жолмен мұның алдында ғана беймәлім адамдардың өткенін иісінен білді. Мүлгіген орман өзінің тыныштығымен-ақ ішіне әлдебір қатерді бүгіп тұр. Құстар да үнсіз қалыпты, барлық ақ тиіндер де ғайып болған, Бэктің көзіне бір ғана нәрсе түсті: өзінің жалт-жұлт еткен сұрғылт сұлбасы кепкен сұп-сұр бұтақтармен астасып, ағаштардың бөлшегінше солармен біте қайнасып кетіпті.

Бэк көлеңке іспеттес сонша жеңіл, әрі жылдам жылжыған, кенет оның тұмсығы белгісіз көлденең күштің ықпалымен бір бүйіріне қарай жалт бұрылды. Тосын, бейтаныс иіс ырқымен жүрген ол бұта арасынан Нигті көрді. Төбет бір қырынан жатыр. Өліп қалған. Тәрізі, осы жерге дейін сүйретіліп келіп жан тапсырған сияқты. Қос бүйірінен бір-бір жебе сорайып тұр.

Тағы да жүз ярдтай өткен Бэк Торнтон Доусонда сатып алған жегім иттердің бірінің үстінен түсті. Ажал тырнағына іліккен ит тура жол жиегінде ирелеңдеп жатыр. Бэк оған қайырылмай айналып өте шықты. Стан жақтан бірде баяу, бірде күшейе түскен дауыстар күмбірі жетеді, — ол бірқалыпты әуен ырғағы болатын. Жер бауырлай жылжыған Бэк орман жолының аяғына шыққанда қадалған жебелерден жайраға ұқсап етпеттеп жатқан Ганска тап болды. Дәл сол сәтте Бэк шырша бұтағынан жасалған өздерінің лашықтары жаққа басын бұрғанда назарына іліккен көріністен қатты тіксінді. Тұла бойы ызадан жарылып кетердей қалшылдаған. Ол қаһарлана, кәрлене ырылдай бастағанын өзі де аңғармады. Бір сәт бұрқ еткен долылық ақыл-айлаға ерік бермеді. Бэк естен айырылған еді, оған себеп Джон Торнтонға деген ғажайып махаббат болатын.

Күркенің орнын айнала билеп жүрген ихеттер кенет өздеріне қарай заулап төніп келе жатқан бұрын-соңды кездеспеген аңның үрейлі ырылын естіді. Бойын кек құмары билеген Бэк бұларға өртке тиген дауылдай соқтыққан. Ол ең жақын тұрған біреуді бас салып (ихеттердің көсемі-тін), кеңірдегін суырып алғанда қан фонтанша атқыды. Бэк құлап түскен үндіске қайта тиіспей келесісіне ұмтылып оны да алқымдап тастады. Енді оны тоқтату мүмкін емес-тін. Тобырға қырғидай тиген ол өзіне қарай қардай бораған жебелерге қарамастан бәрін баудай түсіріп қырып-жоюға кіріскен. Ол найзағай отындай ойнақтап жүргендіктен өзара тығыз ұйлыққан үндістердің атқан оғы бұған дарымай, өз адамдарын жайрата бастаған. Бір жас аңшының алапат күшпен Бэкке лақтырған найзасы екінші бір аңшының кеудесінен тиіп, арқасынан бір-ақ шықты. Сол тұста сұмдық үрейге бой алдырған ихеттер жын-шайтанға тап болдық деп бақырып-шақырып орманға қарай тұра безді.

Бэк ағаш арасымен бұландарды қуғанындай өкшелеп бұлардың да іздеріне түскен сәтінде, расында да, дию-періге ұқсап кеткен еді.

Бұл ихеттер үшін қарғыс атқан күн болды. Тоғайдың тұс-тұсына ту-талақай болып қайтқан олардың аман қалғандары арада бір жеті өткенде ғана түкпірдегі алаңқайда бас қосып, шығындарын түгендеуге кіріскен.

Ал бұларды қуудан шаршаған Бэк бос қалған станға қайта оралды. Ол ұйқыда жатқандықтан әлгілер көрпесінің астынан шығып үлгертпей өлтіріп кеткен Питті тауып алды. Айнала төңіректе Торнтонның аянбай шайқасқанын әйгілеген белгілер сайрап жатыр. Бэк сол іздерді жағалай иіскелеуге кіріскен. Іздің шеті терең тоғанның жағасына алып келді. Жиектегі суға басы мен алдыңғы аяқтарын сұғына, қожайынына адалдық танытып, ең соңғы сәтке дейін ұзамаған Скит жатыр. Кен шаймаланғандықтан лайланып кеткен балдырлы тоғанның түбінде не бар екені белгісіз. Ал онда Джон Торнтон жатыр еді. Бэк оның табан ізінің суға дейін барғанына көз жеткізді, бірақ қайтқан ізі жоқ.

Бэк күні бойы біресе тоған басында отырып, біресе стан ішін шарқ ұрып шарлаумен жүрді. Ажалдың не екенін білетін еді: адам қимылдауды доғарады, одан тірілер арасынан мүлде жоғалады. Ол Джон Торнтонның өлгенін, енді қайтып келмейтінін түсінді де, құлазып сала берді. Бұл аштық секілді түйсік екен, бірақ азынаған осы бостық жанға бататын сияқты, ол қуысты ешбір азықпен толтыра да алмайсың. Аталған сырқаттың аялдан ихеттердің өлігіне қараған кезде ғана басылатынын аңдады. Сол сәтте оның кеудесінде керемет өрлік пайда болды, ол ешқашанда өз-өзін дәл мұнша асқақ сезінш көрмепті. Өйткені бұл ең асыл аң адам өлтірді ғой, түптеріне сойыл мен азу заңы бойынша жетті. Өліп жатқандарды тамсана иіскелеген. Сөйтсе, адам өлтіру оп-оңай көрінеді! Әшейін итті өлтіруден де жеңіл. Жебелері мен найзасы және сойылдары болмаса олар мұнымен, мына Бэкпен күш сынасуға дәрменсіз екен.

Көз байланды, ағаштардың ұшар басынан төнген толық ай төңіректі күміс нұрға бөледі. Осы түні тоған түбінде торығып отырған Бэк орманда өзі үшін өзге бір өмірдің басталғанын айқын сезінді. Ол орнынан тұрды, айналаға құлақ түріп, ауаны иіскеледі. Алыстан әлдебір әлсіз, бірақ өте анық ұлыған үн естілді. Одан оған тұтас хор қосылған. Ұлу біртіндеп күшейе түсті де, сәт сайын тақала берді. Бэк қайтадан бұл дыбысты өзінің сана түкпірінде сақталған өзге бір әлемде естігендей болады.

Сөйтіп ашық алаңқайға шықты да, құлақ түрді. Иә, бұл сонау сарынның өзі, сол көп дауысты сарын! Бұрын дәл мұнша күшпен сарнамаған болар, дәл қазіргідей арбамаған да шығар, Бэк оған ілесе жөнелуге даяр еді. Джон Торнтон өлген. Соңғы дәнекер үзілген. Бэк үшін оның талаптары мен құштарына ие болатындай адам енді жоқ.

Үндістерге ұқсап тірідей олжа қаққан қасқырлар үйірі көшкен бұландардың ізіне түсіп, ормандар мен өзендер шетімен өтіп бара жатқанда Бэктің алқабына тап болған-тын. Олар ай шапағына шомылған алаңға сұрғылт ағындай лықсып шыққанда бұларды дәл ортада тас мүсіндей қасқайып Бэк күтіп тұрды. Осынау тапжылмаған алып хайуан қасқырлардың зәресін алған еді, бірақ бір сәттік қобалжудан кейін олардың арасындағы ең батылы Бэкке қарай қарғыды. Көз ілеспес жылдамдықпен соққы беріп үлгерген Бэк оның мойын омыртқасын үзіп жіберді. Ол бұрынғысынша, бірталай уақыт қалт етпестен тұра берді, ал оның сырт жағында жанталасқан қасқыр дөңбекшіп жатты. Одан соң тағы да үш көкжал кезек-кезек шабуылдауға тырысқан — бірақ бәрі де қанға боялып кеңірдегі немесе иығы жұлмаланып кері серпілді.

Ақыр аяғында Бэкке бүкіл топ жабылды. Жемтікке құмартқан бөрілер оған бір-бірін кимелеп иін тіресе ұмтылған. Алайда Бэктің керемет әккілігі мен ептілігі көмекке келді. Азу мен тырнақты іске қосып, артқы аяқпен шыр айналған ол басқыншылардан қорғанып бақты. Әлгілерге сырт жағын беріп қоймау үшін шегінуіне тура келген. Ол тоғаннан ұзап, кепкен өзеннің арнасына іліккенше шегіншектей берді.

Сөйтіп биік жарға тірелді де, одан өтіп алғаннан кейін қожайындары шаймалауға құм алып жүрген орға дейін жетті. Бұл тұста үш жағынан бірдей қорғанып алған болатын. Енді жауды тек маңдайдан тойтару ғана қалған-тын.

Мұны ойдағыдай атқарғаны сонша, қасқырлар жарты сағаттан кейін әбден абдырап, кейін ысырылды. Тілдері салақтап зорға демалады. Алмас азулары ай жарығында жылт-жылт етеді. Біреулері тұмсықтарын көтеріп, құлақтарын тікірейткен күйі жата-жата кетісті. Екіншілері Бэкті аңдып тұр. Кейбіреулері тоған суын қомағайлана жұтады. Бір мезгілде ірі, арық қасқыр ақырын басып алға шықты. Қимылынан достық пейілі айқын байқалады, — сонда ғана Бэк тәулік бойы орман арасында қоса жортқан жабайы бауырын таныды. Көкжал ақырын ғана қыңсылады да, Бэк те оған дәл солайша жауап қатты; сөйтіп өзара иіскелесе бастаған.

Бұдан кейін Бэкке таласудан тұла бойында сау тамтығы қалмаған тағы бір кәрі қасқыр таяу келді. Бэк бастапқыда тісін сақылдатқанымен, онымен де иіскелесті. Осынау салтанаттан соң қарт қасқыр шоқиып отырды да, тұмсығын айға көтеріп созылтып ұли бастады. Қалғандары да сөйткен. Бэк ұзақ түндерде мазасын алған сонау сарынды таныды. Бұл да отыра қалып ұли жөнелді.

Бәрі тыншыған мезгілде қорғанған орнынан шықты да, мұны қоршай алған бүкіл үйірдің тең жартысы достықпен, екінші бөлігі жауыққан түрде жағалай иіскелеуге кіріскен. Көсемдер ұлуды тағы жалғастырып, орманға қарай жөнеді. Соңдарынан ілескен бөрілер де қосыла ұлып келеді. Жабайы туысына еріп Бэк те жүгіріп берді. Ол да жортқан бойда ұлып қояды.

Осымен Бэк туралы әңгімені аяқтаса да болар еді.

Арала біраз жылдар өткенде ихеттер ормандағы қасқырлар тұқымының едәуір өзгергенін аңдаған. Басы мен тұмсығында қоңыр дағы, омырауында ақ жолағы бар көкжалдар ұшыраса бастады. Ең кереметі ихеттердің айтуынша, қасқырлар үйірін Ит Рухы бастап бара жататын көрінеді. Бұлар осы иттен қатты қаймығатын еді, өйткені ол айлакерлеу. Қақаған аяздарда қорларын ұрлайды, қақпандағы олжаларын алып кетеді, иттерін жеп қояды және ең жаужүрек аңшылардан да сескенбейді.

Бұдан да қорқынышты нәрселер айтылып жүрді: кейде орманға кеткен аңшылар тұраққа қайтып оралмайтын, кейін қайсыбіреулерін кеңірдектері жұлынып өліп жатқан жерлерінен тауып алған. Ал айналасындағы қардағы із қасқыр табанынан ірірек дейді.

Иттер күзде бұлан аулауға шыққанда бір алқапты ылғи айналып өтеді. От басында сол алқапты Жын-Шайтанның баспана қылып алғаны туралы әңгіме басталғанда олардың әйелдерінің жүзін мұң кіреукелейді.

Иттер бұл алқапқа жазда бір орман жыртқышының соғатынын білмейді. Ол — өзге бөрілерге ұқсайтын да, ұқсамайтын да, түгі жалтылдаған алып қасқыр. Өзі тоғай түкпірінен жалғыз өзі шығып, алқапқа, ағаштар арасындағы алаңқайға түседі. Мұнда тоз-тозы шығып, ішінен жерге алтын құм сорғалаған бұлан терілі қаптар жатыр. Араларынан сорайып өскен биік шөп алтынды күн көзінен көлегейлеп тұрады.

Таңғажайып қасқыр осында бірталай уақыт ойланған пішінмен отырып, құмыққан үнмен ұзақ ұлып-ұлып, ақырында кетеді.

Кейде топпен де келеді. Ұзақ қысқы түндер басталғанда алқапқа жемтік іздеген басқа қасқырлар да түседі, сонда оның лек басында жортып бара жатқанын көруге болады. Ол әлсіз ай сәулесі астында немесе солтүстік шұғыланың мың құбылған жарығы аясында өз бауырластарының арасынан жотасы ерек көрініп, барлық үнімен әлемнің сонау балғын кезіндегі әуенді — қасқырлар үйірінің әуенін күңірентіп бара жатады.

ТЕҢІЗ ТЕРМИНДЕРІНІҢ ҚЫСҚАША СӨЗДІГІ

Анкерок — тұщы суға арналған кеспек.
Бак — жоғарғы палубаның тұмсық жағы.
Бакштаг — кеме бағытының бір түрі. Бұл бағытты ұстағанда кеме жүрісі жел бағытымен 100°-тан 170°-қа дейінгі аралықты құрайды.
Баркептина — шлюпкада ескекшілер отыратын орындық, үш немесе одан да көп мачталы желкенді кеме. Мұндай кеменің алдыңғы мачтасындағы желкен түзуінен, ал қалғандарында қиғаш орналасады.
Бейдевинд — кеме бағытының бір түрі. Бұл бағытты ұстағанда кеме жүрісі жел бағытымен 10°-тан 80°-қа дейінгі аралықты құранды.
Бизапь-мачта — үш немесе одан да көп мачталы кеменің ең артқы мачтасы.
Бимсы — кемеге көлденең бекіткен белағаштар. Палуба осылардың үстіне қондырылады.
Битенгтер — арқан-жіптерді бекітуге арналған ағаш немесе металл тұғыршалар.
Бом-кливер — кеме тұмсығындағы үшбұрышты қиық, желкендердің алдыңғысы.
Брашпиль — зәкір немесе құрал-жабдықтарды көтеруге арналған айналмалы шығыр.
Арқан бухтасы — шиыршықтап (шумақтап) оралған арқан.
Бушприт — кеме тұмсығына шамалы шығып тұратын ағаш бөрене.
Бом — кливер мен кливердің алдыңғы төменгі бұрыштары осы бөренеге байланады.
Ванттар — мачтларды тігінен ұстап тұратын, бір ұштары бортқа байланған құрал-жабдықтар. Арқан баспалдақтары бар.
Верт — кішірек зәкір.
Вымбовка — зәкір шпилін қолмен бұрап көтеруге арналған шығыр.
Жел бетіне шығару — желкеннің төменгі артқы бұрышын жел жақтағы бортқа қарай ауыстыру.
Галион — үлкен желкенді кеменің бір түрі.
Галс — кеменің жел ыңғайына қатысты бағыты. Мысалы: он немесе сол галспен жүру дегеніміз — он жақтан немесе сол жақтан соққан жел ыңғайымен жүру деген сөз.
Галфинд — кеме бағытынын біртүрі. Бұл бағыт кезінде кеме жүрісі 80″- тан 100″-қа дейін бұрыш жасайды.
Гафель —бір басын мачтаға жантайта бекіткен бөрене. Жоғарғы желкендер осы бөрене арқылы көтеріледі.
Гафель-гардель — гафельдің алдыңғы ұшын көтеруге қызмет ететін құрал
Гик — бір басы мачтаға бекітілген көлденең бөрене.
Гиттер — желкеннің төменгі жиегін жоғарғы басына қарай тартатын(сиыратын) арқан-жіптер.
Грот-грот — мачтегі төменгі желкен.
Грот-мачта — мачтаны тұмсық жағынан екіншісі.
Дирик-фал — гафельді көтеретін құрал
Каперлер — теңіздегі дұшпан кемелерін ұстаудан тұтқындауға дейін өз үкіметінен ұлықсат алған каперлік жеке меншік кемелер.
Кат-балклер — зәкірлерді палубаға көтеруге арналған кеме тұмсығындағы кран іспетті бұрылмалы, төрт қырлы бөренелер.
Килъ — кеменің астыңғы жағына ұзыннан салынған жуан бөрене. Кеменің негізгі бөлшектерінің бәрі осы бөренеге бекітіледі.
Кильватер — кеменің артында қалатын құйрықты жұлдыз секілді ақсонар із. Мыс: кильватерде жүру дегеніміз ─ алдыңғы кеменің ізін қуалап жүру деген сөз.
Кливер — кеме тұмсығындағы үшбұрышты қиық желкендердің екіншісі.
Кливер-фал— кливерді көтеретін арқан-жіп.
Клипер — желкенді кемелердің аса жүрдек (жүйрік)түрлерінің бірі.
Клотик — мачтаның немесе стеньганың төбесіне жабылған ағаш дөңгелек.
Клюз — зәкір шынжыры өтетін борттағы тесік.
Кнехтеp — палубаға бекітілген, тросты орауға арналған темір тұғыршалар.
Коммингс — су кіріп кетпес үшін биіктеу жасалған люктің жиегі.
Корма — кеменің артқы жағы (бөлігі).
Кафель — нагель-мачта шеңберінің тесігіне кигізілген діңгек (құрал-саймандарды бекітуге немесе іліп қоюға арналған).
Лаг — кеме жүрісінің жылдамдылығын немесе оның жүріп өткен жолын өлшейтін (анықтайтын) аспап.
Лаглинь — лаг қалтқысын байлайтын жіп.
Леер — екі ұшы екі жаққа (діңгекке) бекітілген ұзын жіп. Бұл көбінде кейбір желкендерді қоюға, ал кейде кәдімгі кір жаға үшін пайдаланылады.
Ликтрос — желкен жиектерін көктеуге арналған жұмсақ трос.
Марсовые — мачта желкендерін қоюға немесе жинап алуға бейімделген мастростар.
Теңіз милі (миль) — 1 миль-1852 метрге тең ұзындық өлшемі.
Бортқа! (на борт) — жүргізу тұтқасын шегіне дейін бұрау.
Найтовы — тросты немесе шымжырлы бекіту.
Нирал — желкендерді жинар кезде оларды төмен тартатын құрал
Нок — кез келген көлденең немесе қиғаш бөрененің сыртқы ұшы (басы); мыс: гафельдің ногі.
Обводы — кеме қаңқасының түрі (формасы)
Оверштаг — «оверштаг бұру» — кеме жел арнасын тұмсығымен кесіп өтерде, желге қарсы шұғыл бұрылу.
Остойчивость — жел немесе су ағысы қисайтқан кезде кеменің түзу қалыпқа қайта түсуге икемділігі.
Пиллерстер — палубаны астынан ұстап тұратын тік бөренелер.
Планшир — шлюпка бортының немесе кеме фалынбортының үстіңгі белағашы.
Полветра — «полветрде» — галфинд деп аталатын кеме бағытының екінші атауы (кеме жүрісі жел бағытымен 10″-тан 80°-қа дейінгі аралықты құрайды).
Полубак — кеме тұмсығындағы палуба үстінде орналасқан алаңша.
Ракс-бугель — мачта бойымен ары-бері жүгіріп тұратын қармақты сақина. желкеннің үстіңгі жиегі бекітілетін сырықшаны көтеруге арналған.
Рангтоут — желкендер байланатын ағаш немесе металл бөліктер.
Риф — «рифке алу» — желкеннің төменгі етегінен бастап сиыра жинау арқылы оның көлемін кішірейту. Желкендер негізінен қатты жел кезінде рифке алынады.
Рубка — жоғарғы палуба үстіне тұрғызылған кішкентай үйшік. Кеме жүрісі осы үйшіктен басқарылады.
Румпель — жүргізу тұтқасының (руль) үстіңгі бөлігіне кигізілген мүйізшелер . Руль осы мүйізшелер көмегімен бұрылады.
Салинг — айқын түрінде мачтаға бекітілген ағаш сырықтар, — арқан-жіптерді байлауға, сондай-ақ степьгаға тіреу болуға қызмет етеді.
Сампан — Қиыр Шығыспен Қытайда кеңінен тараған жалпақ табанды желкенді кеме.
Свайка — троспен жұмыс істегенде пайдаланылатын істік тәрізді үшкір темір.
Сезни — оралған желкендерді бір орынға жинау кезінде, оларды біріктіріп байлап қоюға пайдаланылатын қысқа тростар.
Спенкер (контр-бизань) — артқы мачтаға ілінетін төртбұрышты қисық желкен.
Стаксель — фок-мачтаға тікелей ілінген алдыңғы үшбұрышты желкендердің үшіншісі.
Стеньга — мачтаның жалғасы болып есептелетін ұзын ағаш діңгек.
Степс — мачтаның төменгі басым бекітетін терең ұялы ағаш бөрене.
Такелаж — рангоуттың кейбір бөліктерін бекітетін немесе желкендер мен рангоутты көтеріп-түсіріп тұратын құрал-жабдықтар.
Тали — ауыр заттарды көтеруге арналған ұялы темір шығыр. Онымен желкендерді де басқарып тұрады.
Талреп — тік тұрған такелаж құрал-саймандарың тартуға арналған трос немесе винт (бұранда).
Топ — ұшар басы, төбесі, топ-мачта-мачтаның ұшар басы, төбесі.
Топсель — грот-мачта пен фок-мачтанын жоғарғы қиық желкені.
Тузик — екі ескекті шағын шлюпка (қайық).
Туманный горн — желкенді кемелерде тұманды сәттерде дабыл қағып тұратын керней.
Уваливать под ветер — желден жалтару — қарсы соққан жел арқылы тұмсығымен бұрылу.
Фал — желкенді немесе туды көтеруге арналған құрал.
Фалшь — шлюпканы байлап қоятын трос (арқан).
Фалшь — борттың жалғасы, үстіңгі палубаның биік ернеуі.
Фальшкиль — кильдің астынан бекітілген төрт қырлы бөрене (брус).
Фок — фок-мачтадағы төменгі желкен.
Фок-мачта — алдынғы мачта.
Фор-ванты — Фок-мачтаның ванты (мачтаны тігінен ұстап тұратын арқан-жіптер)
Фордеинд — кеме бағытының бір түрі. Бұл бағытты ұстағанда кеме жүрісінің бұрышы он борт жақтан 170″-тан сол жақ борттан170″-қа дейінгі аралықты қамтиды.
Форштевень — кеменің алдынғы тұмсық тұсы (кильдің жалғасы).
Хват-тали — екі шығырдан тұратын шағын талилер (палубада әртүрлі жұмыстар атқаруға пайдаланылады).
Швартовы — кемені жағаға байлайтын немесе басқа бір кемегс тіркеуге ілетін трос (арқан).
Шкот — желкендерді басқаруға арналған құрал
Шлюп — бір мачталы шағын желкенді кеме.
Шпангоуттар — кеме қаңқасының көлденең қабырғалары.
Шпигаттар — борттың немесе палубаның су ағызуға арналған тесіктері.
Шпор — мачтанын немесе стеньганың төмен басы (ұшы).
Штаг — мачтаны немесе степьганы алдыңғы жағынан ұстап тұратын құрал (арқан-жіп).
Шторм-трап — арқан-жіптен жасалған баспалдақ.
Ют — палубаның корма жағы (артқы).
Якорный огонь — зәкір оты — кеме зәкірде тұрған кезде тұмсық үстіне іліп қоятын шам.

Орыс тілінен аударған Дидахмет Әшімханұлы