Әңгіме: Джек Лондон | Ойын

0
Бірінші тарау

Алдарында қызылды-жасылды көркем кілемдер жаюлы жатыр. Coның ішінен бұлар екі Брюссель кілемін бірден ұнатқанымен, өзгелерінің де бояуы мен өрнегі ерекше еліктірді. Қызықтырмай, сірә, қояр емес, әттең бағасы тым қымбат. Бөлім бастығы бұларға ерекше сый көрсеткісі келгендей басы-қасында өзі болды; әйтсе де қыз осыншама құрмет өзіне емес, Джоға бола көрсетіліп жатқанын біліп тұр, жаңа ғана екеуі жоғары көтерілген кезде лифтер бала Джодан көзін ала алмай аңырайып қарап қалған жоқ па. Тіпті қаланың батыс жағындағы өздері тұратын кварталдың бойымен екеуі өте қалса, көшедегі бала-шаға, жастар тап осылай таңырқаушы еді ғой.

Бөлім бастығын телефонға шақырып әкеткен кезде қыз көңілін де бағанадан арпалысқан екі ой — әдемі кілем алсам деген арман мен көп ақшам кетіп қалады-ау деген қызғаныш сәл серпілгендей болды да, оның орнына жүрегіне тікенше қадалған бір түйткіл тағы оралды.

— Мен түсіне алмадым, Джо, соншама сен қызығатын не бар еді онда,— деді қыз ақырын ғана, бірақ өжет үнменен бұл тегі екеуінің осының алдында ғана келісе алмаған бір талас сөзінің жалғасы болу керек.

Жас балуанның бала сықылды сүп-сүйкімді жүзінен болар-болмас реніш колеңкесі жылжып өткендей болды да қас қаққанша қабағы жадырап сала берді. Жаңа салған ұясына жасау іздеп, өмірдің табалдырығынан енді ғана аттағалы тұрған бұл екі жан өндірдей жас еді, жігіт әлі жас бала тәрізді науша болса, қызды сары ауыз балапан десе болғандай.

— Ренжімесең қайтеді? — деді жігіт.— Бұл менің ең, соңғы. тіпті ең ақыры кезегім ғой.

Ол осы сөзді айтты да, жымиып күлді, бірақ қыздың құлағы оның күлкісінен болар-болмас өкініш лебін шалғандай болып, әлденеге жүрегі қысылды; ғашығын қызғыштай қоритын әйел затының қызғаншақтық әдеті жеңген қыз өзі үшін жұмбақ болып жүрген, бірақ жігіттің аусарын аударып әкеткен осы бір құмарынан секем алып сескене беруші еді.

— Өзің білесің ғой, О’Нейльмен кездескеннен кейін мен мамамның үйіне бересі борышын түгел төлеп құтылдым.— Сөйтіп бір уайымнан арылдым. Ал Понтамен бүгін кездессем, жүз доллар жүлде тағы алам, жүз доллар дегенге түсінемісің! Оны түгелімен жасауға жұмсаймыз.

Қыз бұл арада тиын есептеу ерсі ғой дегендей қолын бір сермеді.

— Сен рингіге соншама құмарсың. Соның себебін білуге бола ма?

Жігіт сөзге шорқақ долаң еді. Жұмыста тілі орнына қолы жүрсе, рингіде де бұлтылдаған бұлшық еттері мен бүткіл денесі түсінгенге ойнай сөйлейтін, бірақ рингіге неге құмар болғанын өзі де айта алмайды. Дегенмен бар білген-сезгенін айтпақ болып, күмілжи, тұттыға сөз бастады, күрес кезінде, әсіресе айғай-сүрен көтеріліп, арқасы қозғанда өзінің қандай халде болатынын түсіндірді.

— Саған бір ғана жайды айтайын, Дженевьева; рингіде өзіңмен жұдырықтасып жүрген әріптесің уысыңа түскенін анық сезгенге бұл дүниеде ештеңе жетпейді. Miнe ол сені біресе оң қолымен, біресе сол қолымен дәлдеп соқпақ болады, сен әрдайым бойыңа дарытпай жалтарасың, жабыласың. Бір кезде қапысын тауып сен де қағып жібересің, ол тәлтіректеп келіп, өзіңді айқара құшақтап алады, жармасып айрылмайды, сол кезде төреші екеуіңді ажыратып жібереді, міне тап осы арада оның жұмысын бітіресің, желікті жұрт есінен танып, у-шу азан-қазан болады, сонда барып сен жеңгеніңді білесің әділ ұрыстым, ережені бұзбадым, ал жеңген болсам, ұрысқа онан гөрі артық шығармын деп ойлайсың. Түсінесің бе, мен…

Өзінің, тым көп сөйлеп кеткенін ерсі көріп, әрі Дженевьеваның көзінен әлдеқандай үрейдің белгісін байқады да, ол сасып, тұттығып тұрып қалды. Қыз Джоның сөзін тыңдағанда көзіне көзін қадай қарап еді, тыңдаған сайын жүзінен ауыр қасірет белгісі айқын көріне бастаған. Өміріндегі ең бір қызықты минуттері туралы айтқанда Джо өзінің қиялында ұрып жыққан адамын рингінің жарқыраған оттарын, құшырлана қол соққан халықты көргендей болған-ды, дәл сол кезде Дженевьева Джоның өзінен алыстап, түсініксіз, жұмбақ өмірдің асау толқыны оны ағызып әкетіп бара жатқанын сезді. Мынау адуын арынға шіркін ғашықтық тосқауыл бола алмады-ау. Үйреншікті Джосы қазір бірте-бірте алыстап, сағымдай бұлдырап барып, көз алдынан ғайып болды. Бала тәрізді жылы жүзі, мейрімді сұлу көзі, оймақтай әсем аузы қайда кеткен. Оның алдында қазір ересек еркек адам тұр, құдды қалыпқа құйған құрыштай бет бейнесі қатал да, қаһарлы да; еріндері болат қақпанның серіппесіндей тістесе қабысқан, айналасына адырая қараған әрі қырағы, әрі салқын көзі жасыл берендей жарқ-жұрқ етеді. Бұл нағыз еркектің кескіні, қыздың білетіні баланың сәуледей жылы шырайы ғана еді ғой. Мұндайды көріп тұрғаны бүгін бірінші рет.

Қыз аздап сескенейін десе де, ішінен әрі масаттанып тұрғандай. Жігіттің ерге лайық әсем пішіні — жауын жеңген жау жүрек еркек атаулының кейпі ғой, бұл оның әйелдік нәсіліне қызулы әсерін тигізбей қоймады, өмірлік сенімді серік тапсам, еркектің шық тастай шымыр қайратына қол артсам дейтін әйел баласының ежелгі үмітін оятпай қоймады. Жігіттің бойын билеген құмарын түсінбесе де, өзінің ғашықтығы оған дару бола алмасын сезді; тек бір өзі үшін, екеуінің арасындағы ғашықтық үшін ол құмарынан ақыры қайтып, сүйген ермегі мен қызығынан безгені, бүгін рингіде ақтық рет ұрысқалы тұрғаны есіне түсіп, көңілін жұбатты.

— Миссис Силверстейн: боксты жаратпаймын, соның түк қызығы жоқ дейді. Ол ақылды әйел ғой,— деді Дженевьева.

Жігіт көңілінде көптен жүрген дықты бүркегісі келгендей сыпайы ғана күлді: өзінің күллі жаратылысы мен өмірінен өзі ұнатқан осы бір өнерін Дженевьеваның жаратпай-ақ кеткеніне өкінішті еді. Рингіде атағы шығып, даңқы жайылды. Бұл дәрежеге бір ғана өзінің қайратымен, ерінбей бейнеттенген еңбегімен жетті. Дженевьеваның сүйіспеншілігіне бола өзін де, бойындағы бар жақсы қасиетін де қимақ болғанда, қыздың аяғының, астына тастаған ең асылы осы еді ғой. Ол боксты үлкен өнер деп, ерлік пен ержүректіліктің ең жарасымды, ең сәнді айғағы деп біледі, өзге еркектің әйелге тартар мұндай сыйы жоқ, олай болса, Дженевьеваны өзімсінуге, икемдеуге, иемденуге правом бар деп ойлайды жігіт. Бірақ бұл жайды қыз ол кезде түсінбеді, қазір де ұғып жүрген жоқ, япыр-ау, осы қыз мені қалай ұнатып жүр, менің енді неменеме ғашық болып жүр екен деп ішінен жігіт таң-тамаша болады.

— Миссис Силверстейн жылауық жемсау кемпір кісі ғой,— деді ол кексіз үнмен.— Ол не біледі? Маған сенсең, бұл спорттың жақсы жағы да аз емес. Әрі денсаулыққа шипа,— деді ол аз ойланып.— Міне маған қарашы. Егер маған бабыма келем десем, ең алдымен таза жүруім керек. Мен миссис Силверстейннен гөрі немесе оның шалынан, тіпті сен танитын кісінің бәрінен тазамын. Үнемі режим сақтаймын: ваннаға түсем, денемді сылатамын, шынықтырамын, жақсы, таза ас ішемін, қанағат-ынсап сақтаймын. Арақ ішпеймін, темекі тартпаймын — қысқасы зарарлы нәрсенің бәрінен сақтанамын. Мен сенен де тазамын, Дженевьева…— Қыздың томсырая қалғанын байқап: — Адал сезім! Мен сабын мен су туралы айтып тұрғаным жоқ, міне мына қарашы,— қызды қарынан сыпайы, қатты қысты да,— сенің денең жұп-жұмсақ, боп-бос, мендей емессің. Міне, қарашы.

Дженевьеваның саусақтарының ұшын тастай қатты бұлшық етіне басып еді, қыз ауырсынып тыржия қойды.

— Менің, бүкіл денем осындай,— деді ол тағы да.— Тып-тығыз, шып-шымыр. Тазалық деп осыны айтамын. Тәнімде кіршік жоқ — таза емес небір талшық, небір тамшы қан, бір тал бұлшық ет жоқ; сүйегіме дейін тазалық, тіпті сүйегімнің өзі шыныдай таза. Тәніңді сумен сабындап жусаң да тазарасың ғой, бірақ бұл ол емес, бұл бүткіл ағзаң таза деген сөз. Нансаң, мен мұны бүкіл денеммен сеземін. Таңертең тәтті ұйқыдан тұрып, жұмысқа бара жатқанымда бүкіл қаным, бойымдағы әрбір талшығым тазамын деп шулағандай болады Ал, сен болсаң…

Ол сөзін бітірмей мүдіріп қалды, шешенсіп, тым көп сөйлеп кеттім-ау деп қынжылды да. Өмірі кісімен сөйлесе жүре бүгінгідей суырылып, өзеуреп көрген жоқ, бірақ оған бүгінгідей мықты сылтауы да болмағаны рас. Шынында да Дженевьева боксты жаратпаймын деді, тілдеді, жамандады. Ал Джо болса дүниеде онан артық тамаша бар деп білмейді. Тек бір күні қыдырып жүріп. Силверстейннің дүкеніне әлде қалай кіре қалды да, сонда Дженевьеваны көріп, көркіне ғашық болды, сонан бері өзге құмарға орын қалмады ғой. Бірақ қазір әйел заты мен өзінің осы бір әуесі бір-біріне қарсы екенін жаны сүйген қызығы мен әйелдің еркекке деген құштарлығы осы арада жараса алмағанын аздап аңғарады. Бірақ ол көрген-білгенін ақыл таразысына салып, қорытып пікір айта алатын адам емес. Бір ғана білетіні көз алдында құбылып күнде жүрген Дженевьева мен аңсары ауған әсем дүниесі — рингінің арасында терең, ор жатыр. Дженевьева мен ринг бір-бірімен бақастасып, әр қайсысы өзіне еліктіре тартады; екеуінің де отына күйіп, ешқайсысын анық қалай алмай, Джо ағыстың ағынымен жылжи берді.

Дженевьева қызу сөйлеген Джоның сөзін тыңдады, оның үлбіреген кіршіксіз ажарынан, отша жайнаған көзінен, қыздың көркіндей әсем нәзік дидарынан көзін ала алмай шаншыла қарады. Оның сөзі дәлелді екенін біле тұрса да, тыжырынып қалды. Джосын өзіне еркін билеттірмей, айырып әкететін осы бір бокс дегенді ешбір дәлел-сылтаусыз әбден жек көріп алулы. Ол бір күндесі тәрізді, бірақ жай-мәнісін, не жұлдызының, не сиқырының барын біле алмай-ақ қойды. Егер екеуінің арасына өзге қыз түссе бір сәрі-ау, білімі, білігі бар, кісіні сынай білуі бар — әйтеуір түптемей қоймас еді. Бірақ мынау не көріп, не сезіп, не түсініп болмайтын жау болды, ешбір хабар-дерегін біле алмады, қараңғыда ғана қармалап жүріп, тілсіз жауымен арпалысты. Джоның сөзінде де бір шындықтың барын сезеді, сезген сайын аяр жауы ашына түскендей көреді.

Дженевьева өзінің дәрменсіз қораш жан екенін сезді, қынжылды, өзін өзі егіле аяды; Джо басыбайлы бір өзімдікі ғана болса екен деуші еді. Оның әйелдік табиғаты осыны аңсайтын, бірақ қаншама тырысқанымен жігіт құшағын суытып кетіп бара жатқандай. Міне қыздың көзінен мөлтілдеп жас та келді, кемсеңдеп ерні жыбырлады,— сөйтіп күтпеген жерде жеңілісі жеңіске — айналды: құдіреті күшті Ринг нәзік әйелдің жеңбей қоймайтын аяулы халін көріп, көңілі жібіп, жеңілді.

— Қойшы, Дженевьева, жыламашы,— деді жалынып жігіт, жалынатын ешбір жазығы болмаса да. Аяқ астынан пайда болған осы бір қасірет-қайғының қайдан шыға қалғаны еркек адам үшін қиын жұмбақ, бірақ қыз жылап тұрғасын өзге дүниенің бәрі есінен шығып кетті.

Қыз көзінен жасы шұбырып, жылап тұрып күлді, оның көз жанарынан Джо өзіне бір үлкен кешірім болғанын байқады, кешірім күтерлік кінәсі болмаса да, жүрегі елжірей қуанды. Қыздың шынтағынан қысып ұстамақ болып еді, қыз кекірелеп, бәлдемсіп ұстатпады. Бірақ жайнаңдап жадырай күлді.

— Міне, мистер Клаузен де келді,— деді ол, айлалы әйел жынысынан емес пе, қыз бөлім бастығына абыржып тұрғанын сездірмей құп-құрғақ көзімен жыламаған кісідей жайраңдай қарап.

— Сіз мені күтіп қалдыңыз ба, Джо? — деді бөлім бастығы. Ол кішкентай көзі күлімсіреген, қою самай сақалы үрпиген, қызыл шырайлы, қунақы пысық кісі екен.— Ал сонымен не айтасыздар? — деді ол жайнаң қағып.— Қайсысын қаладыңыздар? Мынау кілемше ұнай ма? Бейне бір кішкене көркем сурет тәрізді емес пе? Иә, иә, әбден түсініп тұрмын. Өзім де жұмасына он төрт доллар жалақы алып тұрған шағымда үй түзегем. Қанша айтсаң да өз ұяң ғой, ең тәуірін алғың келеді де тұрады, солай емес пе? Әлбетте, солай! Бар болғаны жеті-ақ цент қымбат екен. Қатеріңізде болсын, қарақтарым, арзаннан гөрі қымбат зат алған әр уақытта пайдалы. Бері қарақыз, Джо,— бөлім бастығы әбден ықыласы ауып, шын сырын енді айтайын деген адамша сыбырлай сөйледі,— ал жарайды, бір ғана сіз үшін тағы екі цент кемітейін. Бірақ бек, бек өтінемін,— деді ол астыртын ант байласқалы тұрғандай-ақ,— қанша төлегеніңізді ешкімге айта көрмеңіз.

Джо мен Дженевьева өзара ақылдасып, ақыры алмаққа бел байлаған соң бөлім бастығы:

— Бәрін тап-тұйнақтай қылып, буып-түйіп, үйлеңізге апарып береміз,— әлбетте, оның шығыны да бағасына кіреді. Ал үйдің тойы қашан? Қанат қағып, ұядан қашан ұшпақсыздар? Ертең деймісіз? Күні ертең бе? Тамаша, тамаша! — Ол мүләйімсіп, аспанға қарап көзін сүзіп, мейірбан әкесіндей екеуіне елжірей күле қарады.

Бөлім бастығының сұрағына Джо құлықсыздау жауап қайтарды, ал Дженевьева қызараңдап қалды. Оның сөзі екеуіне де ерсі көрінді. Ерсі көрінгенде әдеттегі әдептен озғандығы үшін емес, екеуінің де жүрегінің ең терең түкпірінде жатқан асыл сезіміне тигені үшін; өздері енді ғана адам боламыз деп ақ ниеттің үстінде тұрған ибалы, арлы, әдепті жұмысшы жандарға бөлім бастығының қылығы тым өрескел көрінді.

Мистер Клаузен лыпыл қағып, екеуінен де көзін алмай күлімдеп, лифтіге дейін шығарып салды, ал приказчик атаулы тегіс Джоның сұңғақты сымбатына тамашалап қарай қалыпты.

— Айтпақшы, бүгінгі кездесу қалай болар екен? деді мистер Клаузен бұлар лифт күтіп тұрғанда.— Қалай — көңіліңіз шат, қаузарыңыз мол ма? Жеңесіз бе?

— Күмәнім жоқ,— деді Джо.— Өте жақсымын.

— Шын айтасыз ба? Тіпті жақсы, тамаша! Бірақ әлде не келеді ойыма… Той болса таянып қалды, оны мұнысы дегендей… ха-ха!.. шаршатады ғой кісіні… жүйкені де құртады. Таң қалатын не бар, өзім де күйеу болып көргем. Бабыңыз, күтіміңіз жақсы ма әйтеуір? Paс, тіпті сұрап та керегі жоқ, өзім де көріп тұрмын… Ха! Ха! Ал жолыңыз болсын, қарағым! Жеңетініңізге күмәнім жоқ, ешбір күмәнім жоқ. Илаһи, сіз жеңіңіз!

— Хош-сау болыңыз, мисс Причард,— деп ол Дженевьеваны сыпайы сүйемелдеп лифтіге отырғызды.— Ұмытпаңыздар бізді. Келіңіздер тағы да, әр уақытта шын ықыласыммен қуана-қуана қарсы алармын.

— Жұрттың бәрі сені «Джо» дейді екен,— деді қыз жаратпағандай, екеуі лифтімен төмен сырғып келе жатқанда.— Мен лайықсыз көрем. «Мистер Флеминг» десе қайтеді екен?

Бірақ ол сөзге құлақ аспай, ойланып, лифтер балаға қарап тұрды.

— Саған не болған, Джо? — деп Дженевьева наздана еркелете сөйледі, қыз назданса жігіттен билік кетушi еді.

— Жай әншейін,— деді ол.— Менің бір тілегім бар, «ол туралы ойланып тұрмын…

— Тілек… не тілегің бар? —деп қыз да арбаса кетті, еркекті еліктірмей қоймайтын әдемі көзімен сұқтана қарады, бірақ әрі қарап тұрған Джо онысын елемеді.

Бір кезде бетіне жалт қарап:

— Бар арманым мені рингіде тымқұрыса бір көрсең деймін,— деді.

Қыз тіксініп жаратпай иығын қақты, жігіт түнеріп кетті. Қаһарлы жауым араға түсіп, тағы да Джоны ертіп әкетті-ау деген ой инедей қадалды.

— Жарайды, көруге болады…— деді қыз өзін өзі қамшылап, асыға сөйлесе де шын ықылас білдіргісі келгендей. Әйел ердің ерін осылай жеңер болар.

— Рас па? Ризамысың? — Джо оның көзіне қадала қарады.

Дженевьева жігіттің неге қобалжығанын сезді: шын ғашық па екен, соны білмекке әдейі сынап тұр ғой деп ойлады.

— Сен барсаң, ол менің өмірімдегі ең бақытты минутым болар еді-ау,— деді жігіт.

Ойламаған жерден Дженевьеваны осы байламға келтірген не? Сүйген жүректің сәуегейлігі ме, өзінен ризалық-ықылас күткен Джоның көңілін жыққысы келмегені ме, арбасқан жауымен бетпе-бет кездесіп, соның хикматын бір көрейінші дегені ме? Немесе күнделікті өрісі тар күйкі өміріне әлде бір жат дүниенің маған кел деп шақырған өктем үні келіп жетті ме екен? Әйтеуір бұрын байқалмаған бір батылдық пайда болғаны анық.

— Ризамын,— деді қыз.

— Мен сені көне қояр деп ойлаған жоқпын, бәлкім, өтініш айтуға да бата алмас едім,— деп Джо шынын айтты екеуі магазиннен шығып бара жатқанда.

— Неге, әлде баруға болмай ма? — Дженевьева меселім қайтып қалар дегендей қорқа сұрады.

— Жоқ, оны өзім реттеймін ғой. Бірақ сені көнеді ғой деп ойламап едім,— деп таң-тамаша болған Джо қызды трамвайға отырғызып, қалтасынан билет алатын майда ақша іздеп жатып, бір айтқан сөзін қайта-қайта айта берді.

Екінші тарау

Дженевьева мен Джо ортасында өздері туып-өскен бейнетқор кісілердің ішіндегі ақсүйексымақтауы. Олар күнде көріп жүрген жоқшылыққа, нас тұрмысқа жеңдірмей бойы-басын таза ұстай біледі. Екеуі де сыпайы, сәнді тұрмыс көксеген, өздерін тым зор тұтатын тыраш жандар, сондықтан төңірегіндегілерден іргесін әрдайым аулақ салатын. Кісімен тез танысып, араласып кетуге ықыласы болмағандығынан ба қалай,— әйтеуір екеуінің де сырлас, қиыспас, жақын досы жоқ. Задында кісіге үйір, жатық мінез жастар болғанымен бұлардың ешкім мен шүйіркелесе алмай жүрген себебі — адаммен астасу адамгершілікке онша үйлеспейтін былапыт нәрсе деп түсініп кеткендігінен болу керек.

Жұмысшы әйелдер арасында Дженевьевадай елден оқшау жүретін тұйық адам таппайсыз. Тұрмыстағы әдепсіз әдеттер мен қатыгез мейірімсіз қылық оған әсер етпейді. Себебі ол өмірден өзінің қалағанын іздейді, қалайтыны бірыңғай жақсылық, ал пасықтық пен жексұрын әдеттің байыбына бармай-ақ, қасынан көзін жұмып өте шығады. Өзі кісікиік, жалғыздыққа жасынан үйренген жан. Дженевьева біреудің жалғыз қызы еді, бірақ кең көшеге шығып, көрші балалармен ойын-думан құрудың орнына ауру шешесін күтумен күн кешті. Контор қызметкері болған әкесі жіңішке ауруы бар ілмиген адам еді, кісіге өте қайырымды болғанымен, жастайынан жасқаншақ, ұяң болып өскендіктен, адамға жуымай ылғи үйінде отыратұғын-ды. Сондықтан да бұл шағын семья тату-тәтті өмір сүрді.

Он екі жасында Дженевьева жетім қалды. Ол әкесін жерлеп қайтқан күні тура Силверстейндерге барып, олардың тағам сататын дүкенінің үстіндегі пәтеріне түпкілікті орын тепті; қарттардың қызға дегенде көңілінде еш алаңы болған жоқ, киіндірді, ішіндірді, қыз болса олардың саудасына қолғабыс етті. Силверстейндердің Дженевьеваны бір ұнатқан жері ұстаған діндері жұмыс істеуге қоспайтын сенбі күндері де оның дүкен ашып отыра алатындығы.

Оның жастық шағы алты жылдай осы көңілсіз, кішкене, тар дүкенде өтті. Таныс кісісі жоқ десе болғандай. Қыздардан да көңілі ұнатқан серік іздеп таппады. Жасы он беске келер-келместе өз көшесіндегі жігіттермен кешке қыдыруға шыға бастайтын езге қыз-қырқынның оңына ермеді ол.

Қыздар Дженевьеваны сыртынан «кекірейген қуыршақ» деп, сұлу көркі мен паңдығын іштей жаратпағанымен, көзінше сыйлайтын. «Шабдалы» — деп өтетін қасынан жас жігіттер, егер естіп қалып, ылаң салатын жақын маңайда таныс қыздары болмаса; олардың ешқайсысының танысу ойына да келген емес, себебі оны қол жетпейтін асылзада ару көрді.

Дженевьева расында да ажарға өте сұлу, нағыз байырғы американ қызы, ол кенезесі кепкен құнарсыз жерге бір кереметтің күшімен әлдеқалай құлпырып өсе қалатын сирек гүл-шешек тәрізді, жұмысшылар арасында да әредікте осындай сұлу қыздар ұшырайды ғой. Оның тал бойынан тарыдай мін таба алмайсыз: албыраған екі беті «шабдалы» десе дегендей, зипа бойы мен келбеті керемет келіскен көркем сұлу. Нәзік үні баяу, қимылы кербез, өзін қалыпты ұстап, абыройын сақтай білетін бала. Киімді талғап, таңдап кие білетін болғандықтан, не кисе де бойына құп жараса кетеді. Ол өте сүйкімді нәзік, ибалы бала еді, ғашықтықтың әзірше лауламай, бықсып жанған оты оның ана болуға, жар болуға жаралғанын аңғартқандай. Бірақ көп жылдан бері жүрегінің түкпірінде булығып бұлқынып жатқан осы бір сезім тек қалаған жарын ғана күтетін тәрізді.

Сөйтіп жүргенде жаздың бір ыссы кезінде сенбі күні Силверстейннің тағам сататын дүкеніне балмұздақ жеуге Джо келе қалғаны. Ол кезде прилавканың алдында алты-жеті жасар бір бала әйнек астындағы «Бес центке бесеуін аласыз» деп жұртты қызықтыру үшін іліп қойған жазуға, оның астындағы неше түрлі тәтті тағамға жұтына қарап, қайсысын аларын білмей дал болып тұр еді, Дженевьева соны күтіп, әдепкіде Джоға тіпті назар аударған да жоқ.

Келген кісінің: «Содалы су мен балмұздақ рақыметсеңіз маған» деген сөзін естіді де, қарамай-ақ: «Балмұздақтың қайсысын қалайсыз?», деп сұрады. Жігітке жалтақтап қарай беру әдетінде жоқ еді. Оларды адам түсініп болмайтын, дөрекі, оғаш адамдар деп ойлайтұғын. Бірақ кейбірі көз тігіп, қарай қалса, не қыларын білмей қысылып қалатыны да бар-ды; тегі бір өңкей тоңмойын доғал немелер ғой деп, олардан бойын аулақ салушы еді. Күні бүгінге дейін ешбір еркек Джеңевьеваға ой түсіріп көрген емес. Кездестіре жүрген жігіттерінің еш қайсысы ұнамады да, ешқайсысын бұл елемеді де. Қысқасы, Дженевьевадан еркек адам дүниеге не үшін жаралыпты деп зәуі сұрасаңыз, жауап бере алмас еді.

Стаканға балмұздақ салып жатып, әлдеқалай Джоға көзі түсіп кетіп еді, келбетін ұнатқандай болды. Дәл сол сәтте Джо да қарай қалған екен, қыз көзін төмпі салып, сызылып, содалы су құятын сифонға барды. Су құйып тұрып, жігітке еріксіз екінші рет қарады, бірақ бір секундтен артық көз тоқтата алған жоқ, себебі оның да аусары ауа қалған екен, Дженевьева жалт бұрылып кетті.

Танымайтын жат еркектің бір көргеннен ұнай кеткеніне таң болды. «Әдемі бала екен өзі»,— деп ойлады ол жайдары шын көңілімен, өзіне қарай еріксіз тартып баpa жатқан бір күштен әлде неге құтылғысы келгендей болды, өзін бұл халге түсірген жігіттің тек ажары ғана емес сияқты. «Бірақ, жоқ, тіпті әдемі деуге де болмайды»,— деді ішінен, балмұздақты жігіттің алдына қойып, майда ақшасын санап алып жатқанда үшінші рет көзіне көзі түсіп кетті. Қыздың сөз қоры онша көп емес-ті, сөзді таңдай білмеуші де еді, бірақ ұлан жігіттің жігерлі, өжет көркіне үңіле қарап, «әдемі» деген сөздің лайық емес екенін түсінді.

«Олай болса сұлу болғаны ма»,— деп ойлады да, көзіне көзі түсіп кетіп, Дженевьева төмен қарады. Бірақ жұрт ажарлы деген еркектің бәрін сұлу деуші еді ғой, жоқ, қыз бұл сөзді де ұнатпады. Не дегенмен есіл-дерті ауып қарағысы келіп барады.

Джо ше? Ол мынау прилавканың аржағында сауда жасап тұрған қыздай сұлу жанды кездестірген емес. Табиғат заңдарына Дженевьевадан гөрі жетігірек болғандықтан, әйелдің дүниеге неге жаралғанын ол ойланбай-ақ айта алар еді, бірақ әйел жынысының дүниедегі орнын анық білмейді. Оның әйелдер жөніндегі ойы да Дженевьеваның еркектер жайындағы ойынан онша алыс емес. Ол бұрын әйел де.мұндай сұлу болар деп ойлаған жоқ-ты; қазір Дженевьеваға таңырқай қарап тұр, бірақ қыздың көзіне көзі түссе, не қыларын білмей, теріс қарап кеткісі келеді, сөйткенше болмай қыз ұялып, онан бұрын төмен қарай қояды.

Бір кезде Дженевьева ақырын ғана кірпігін көтеріп, қадала қарады,— бұл жолы шыдай алмай қыз емес, жігіт көзін бұрды, қыз емес, жігіт нарттай болып қызарды. Дженевьеваның да жүрегі алып-ұшқанымен сырттай сыр берген жоқ. Белгісіз бір соны сезім аза бойын билеп жеткені де рас, бірақ әдепті, сабырлы қалпын сақтай алды. Қайта Джоның сасқалақтап, берекесі кетіп тұр.

Жігіт те, қыз да ғашықтықтың не екенін білмейді, бірақ екеуі де бірін-бірі көз тоқтатып көріп алуға іңкәр. Екеуі де әлде неге ұялып, қысылып тұр, бір-бірімен қосылуға үнемі әзір тұратын химиялық элементтер сықылды бір керемет күш екеуін де еріктен тыс баурап, әкетіп барады. Джо бір стакан балмұздағын алдына қойып, қасығымен ойнап, бір қызарып, бір бозарып, кетейін десе, кете алмай отыра берді. Қыз сондай сүйкімді нәзік дауысымен биязы сөйлеп, сызылып төмен қарап, жігіттің басын әбден айналдырып алды.

Не дегенмен жалғыз стакан балмұздаққа ұзақты күн үңіліп отыра беруге болмайды ғой, тағы сұрауға дәті жоқ. Ақыры бір кезде орнынан тұрып, көшеге шыға жөнелді, ес-түс жоқ, көзі түк көрер емес. Қыз да өңім бе, түсім бе дегендей айран-асыр. Ертеден кешке дейін қалың қиялға шомып, ақыры жігітке ғашық болып қалғанын білді қыз. Ал Джоның халі өзгеше. Ол қызды тағы бір көрсем, көркіне көз тоқтатып тағы бір қарасам-ау деумен болды, өзге ой келген жоқ оған, дұрысы бұл ой да емес, сағымдай бұлдырап, сағындырған бір арман еді.

Аңсаған арманы күндіз-түні Джоның көкейінен кетер болмады: тағам сататын тар дүкен, прилавканың түбіндегі қыз көз алдында тұрды да қойды. Елестен құтыла алар емес. Дүкенге енді баруға жүрегі дауамайды, әрі ұялады, мен «әйелге жарамсақтана» алмаймын деп өзін-өзі алдамақ та, жұбатпақ та болды. Бірақ бұл сөзді бір емес, екі емес, он рет, сан рет айтса да ем болмады: арада үш күн өтпей жатып, бір күні кешке жақын, жұмыстан шығысымен ол Силверстейннің дүкеніне тағы келді. Келе жатып қысылмай, қымтырылмай емін-еркін кіріп барамын ғой деп ойлаған еді, жоқ, олай болмады, буындары босап, ілгері басқан аяғы кері кетіп, табалдырықтан азар аттап өтті. Бұл жолы тіпті бірінші келгендегісінен де қолапайсызданып кетті. Жүрегі дүрсіл қағып, тайдай тулағанымен, қайта Дженевьева бұрынғысынша сабырлы сияқты. Джо тілі таңдайына жабысып қалған немедей сөйлей алмай әрең дегенде:

«Содалы су мен балмұздақ рақым етсеңіз маған», — деді міңгірлеп. Өзінен өзі асығып-үсігіп, сағатына қайта-қайта қарап, балмұздағын қапыл-құпыл жеді де тұра жөнелді.

Дженевьева оның көп кідірмей кетіп қалғанына қатты налыды. Төрт күн санадан сарғайып күткенде көрсеткен жақсылығы осы ма! Ғашық болдым деп шынымен-ақ ойлап еді-ау. Әрине, ол жақсы бала ғой, өте оңды бала, кішкене отырыңқыраса қайтеді екен? Ал Джо болса көшенің бұрышына жетпей-ақ қызға қайта барғысы келді. Ғашықтық деген сөз ойына да келген жоқ, Ғашықтық деген не? Ол әлгі жігіт пен қыздың қыдырын жүретіні ғой. Ал өзі болса қайтер еді… Дженевьеваны көрсем деген құмары екеуі оңаша бір серуендемей тар қамайтын тәрізді: қызбен шынында да бірге болғысы келеді, көргісі келеді, ендеше екеуі серуендеп жүруі керек. Е-е, жастардың әлгі жұп-жұп жүретіні осынан екен ғой! Сенбі таянған сайын осы бір ой маза бермейтін болды. Бұрын ол қызбен көше қыдыру әншейін әдет, жол-жора шығар деп ойлайтын, оны неке қияр алдындағы ырымға да жори салатын. Ал қазір қыдырудың жай ғұрып емесін, қайта терең сыры бар қызық дүние екенін әбден түсінген тәрізді, енді сол ғұрыпты сақтауға әзір. Ақыры қызға ғашық болғанын бұл да түсінді. Сонымен екі жағы мәмлелесіп, бір сөзге келіп дегендей, күндердің бір күні Дженевьева Джоға еріп серуенге шыға қалып еді, бұған квартал бойында таң қалмаған жан қалмады.

Сөзге шорқақ екі жас көпке дейін жарасып кете алған жоқ. Жігіт қанша үйіртпектегенімен қыз илікпеді, әйтсе де ұнатқанын жаудыраған көзінен-ақ көруге болар еді. Егер қыз көзінен шашыраған опасыз оттың үнсіз тілі ішіне бүгіп жүрген сырын сөзден де сұлу сездіріп жүргенін білсе, ибалық жасап, бәлкім, сендіре қояр ма еді.

Олар бір-біріне «қымбаттым», «аяулым» деген сөздерді айтуға келгенше көп уақыт өтті,— алғашқыда екеуі де бұлай деу әдепсіздік болар деп те ойлаған-ды; бірақ кейінірек те Джо мен Дженевьева өзгелердей ғашықтығын жыр қылып көрген емес. Көпке дейін кеш болса екеуі көшеде қыдырып немесе қала бақшасына барып, скамьяда жай отырып қайтатын. Бірақ сыр ашып сөйлеспейтін; сағат бойы жалғыз ауыз сөз айтпайтын жағдайлары да болған,— тек бірінің-бірі көзіне қарап, мөлиеді де отырады, әйтеуір әдеттегідей қысылу, қымтырылу деген жоқ, өйткені көңіл айнасы — көз нұрын аспандағы жұлдыздың күңгірт сәулесі бүркемелеп, қобалжытарлық ешнәрсе көрсетпеді.

Бұрынғының серілері де ғашығын тап Джодай әспеттемеген болар. Екеуі көшеге шыға қалса, үнемі ол тротуардың жиегімен ғана жүреді, себебі, осылай еткен жарасымды болады деп біреуден естігені бар,— егер көшенің екінші жағына өтуге тура келсе, ол білгенінен бір жазбайды, жалмажан Дженевьеваның сыртынан орағытып барып жіптіктей болып көше жағынан шыға келеді. Қыздың қолындағы буыншақ-түйіншегін қолқалап алып жүру былай тұрсын, бір жаңбырлы күні қол шатырын да көтеріп жүрді. Ал сүйген қызына гүл ұсынатын дәстүр барын ол қайдан білсін, гүлді қоя тұрып, аз да болса, ас болсын дегендей, түрлі жеміс алып беретін болды. Бір күні қыздың шашына қадаған гүліне көзі түсті де, бұрын қатеріне кірмеген осы бір жай ойына орала кетті. Қапелімде ол қырмызы гүлден көзін ала алмай қарай қалған. Иә, Дженевьеваның шашына үлбіреген раушан жарасып-ақ тұр, оның ұнайтын тағы бір себебі — қыз гүлді өзі таңдап алып, өзінің наз қолымен қадады. Гүлдің бұрын аңғармаған осынау кереметін енді ғана байқағандай. Тіпті ол қараған сайын жүз құлпырып, Дженевьеваға ғашықтығын арттыра түскен тәрізді. Сонымен ол қызыл раушан гүл бір-біріне ынтық болып жүрген екі жастың жүрегін тағы бір дір еткізді. Сонан бері Джо гүлді қатты ұнатады. Ол өзінше жаңалық ойлап тапқандай, қызға серіге лайық сый көрсетпек болды да, бір шоқ қоғажай гүл жіберді. Бұл шынында да біреудің ақылымен емес, өзінің ойлап тапқан идеясы-ды. Бұрын ол гүлді бөлмеге көрік беретін жасау тәрізді немесе бағзы бір опат болған кісіні жерлегенде керек болатын дүние ғой деп ойлаушы еді. Басы осынан басталып, енді ол Дженевьеваға күн сайын гүл жіберетін болды және мұнысын ешкімнің ойына келмеген, өзім тапқан жаңалығым деп түсінді.

Ол Дженевьеваның алдында құрдай жорғалап, айрықша ізетпен құрмет көрсетсе, Дженевьева да оның ықыласы мен сыйына сый қайтарды. Джо үшін Дженевьева ең таза, шын асыл зат, орынсыз өбектей беруді көтермейтін қасиетті ару. Оған адам баласы тең емес; өзге қыздардың ешқайсысына ол зәрредей ұсамайды. Өзінің немесе өзге біреудің апа-қарындасы Дженевьева тәрізді екен десе, Джо онан сөкет сөз естігенім жоқ дер еді. Өйткені Дженевьеваны сұлу қыз деу ғана жеткіліксіз, ол әйел атаулының асылы. Ол… бір сөзбен айтқанда,— Дженевьева ғой,— бұл дүниеде теңдесі жоқ табиғаттың ерек жаратқан еркесі ғой.

Өзінің сүйгені туралы Дженевьеваның ойы да тап осыған ұсайды. Егер Джо ғашығына пәлен деуге батылы бармай, көзін жұмып, басын изей беретін болса оның кейбір қылығына Дженевьеваның ара-тұра ренжіп қалатыны рас, бірақ бейуақта ғашығын есіне түсіріп қиялданып отырған кездерінде ұсақ-түйектің бәрін ұмытып, ешбір мін, кінә таға алмайды; оны өмірінің мәні де, сәні де деп біледі, ол үшін пәруана болуға, бұл дүниеде бір ғана сол үшін өмір сүруге әзір сияқтанады. Кейде ұшқыр қиялы Джоның садағасы болып, қыршынынан қиылып бара жатқан аянышты бір халін көз алдыма елестетеді, өзінің ынтықтығын айтып жеткізуге жас өмірі жетпей, тек өлім арқылы білдіре алатындай көреді.

Олардың сүйіспеншілігін лапылдаған жалынға, таңертеңгі мөлдіреген шыққа теңесек болар еді. Көңілдерінде кіршіктей алан, жоқ — әдепсіз ой сақтауды екеуі де ерсі көреді. Жан жақындығы ақыры бір күні тән жақындығына апарар деп әсте ойламайды. Әйтсе де бір біріне өте құмар, қол-қолға, иық-иыққа тисе, әлдеқалай қол алысса, қапылыста сүйісе қалса, үлбіреген шаш жылы тиіп, бетін қытықтаса, немесе маңдайына түскен кекілін қыз саусағымен қайырып қойса сонан біртүрлі ләззәт алысады. Осының бәрін әр кезде аңғара жүргенімен, неге екені белгісіз, тым жақындаса беруді, бірін-бірі еркелетіп, еркінсіте беруді екеуі де күнә сияқты көруші еді.

Кейде Дженевьеваның Джоны қатты қысып құшақтағысы келеді, іші-бауырына еркелеп енгісі келеді, құмарымды бір тарқатсам-ау дейді, бірақ әрдайым күнәдан қорқып, өзін өзі тоқтатады да, япыр-ау, мен бір сұрапыл күнәға батып жүргенім жоқ па деп ауыр ойдың азабына түседі. Әрине, ұнатқан жігітінің мойнына асылғысы келгені жақсы емес,— масқара ғой. Абыройы, ар-намысы бар қыздың бұған батылы, сірә, барар ма. Бұл тіпті, әйелге лайық емес. Іс-міс жоқ мойнына келіп асыла кеткен қыз туралы жігіт не демек. Осы бір сорақылық есіме түссе, қыз өзінен-өзі құнысып, қатты ұялып, қалтырап кететін.

Осынау ғажап желік Джоның көңіліне де кірейін деді. Ең ғажабы тағы бір қызулық тап болды; неге екені белгісіз, о тоба, Дженевьеваны қатты қинасам деп кұлшынады да тұрады. Ғашықтықтың талай шырғалаңынан өтіп, ақыры бір күні сүйгенінің мықынына қолы тигенде, қапсыра құшақтай алып, шыңғыртқысы да келген еді, өзін-өзі әзер-әзер тоқтатты. Асылы ол біреуге қайтсем қастық жасаймын деп тұратын қаныпезер емес. Мұндай арам ой рингіде де қаперіне кіріп көрген жоқ. Ринг бақталас бәсекенің орны ғой,— қолыңнан келсе — ұр да жық, он секундке сеспей қатыр. Әрине, Джо қиян-кескі соғысқанда қинау үшін ұрмайды. Бар мақсаты жеңу болғасын, бәлкім, ондай-ондай болатын да шығар, бірақ мақсат ол емес қой. Міне қазір де оның есі-дерті сүйген сұлуын қинамақта болып отыр. Бағана қос саусағымен қыздың білегін қайшылағанда соншама құшырланып, сүйегі шытыр еткенше қиқалай бергісі келгені несі екен? Осы әдетіне түсіне алмай-ақ келеді, әлде жанымның түкпірінде өзім білмейтін бір мейірімсіздік жатыр ма деп ойлайды да, қынжылады.

Бір күні ол қоштасарда Дженевьеваны құшақтай алып, бауырына баса қойды. Шошынып, қымс еткен қыздың жалынышты үнін естігенде барып ақыл тоқтатып, құшағын жазды; осы қылығынан өзі қатты ұялды, ұялуын ұялса да, айтып беруге тіл жетпейтін зор қуаныш аза бойын бір қалтыратқан. Бұл сезім Дженевьеваны да билеген еді — Джо қайратты қолдарымен қайыстыра қысқан сәтте қатты ауырсынғанымен, әудемде әлденеге мейірі қанғандай болған-ды; бұл жайға тағы да ренжіген: күнаға баттым-ау, сірә, деп ойлаған, әттең не күнәсінің барын, не үшін күнәлімін деп жүргенін біле алмады бірақ.

Екеуі жаңа танысып жүрген шақта Силверстейн тағам сататын дүкеншесінен бір күні Джоны көріп, таңырқана, көзін шаншылта қараған. Жігіт шығып кетісімен миссис Силверстейн де іліп ала жөнеліп, қоруыш ана әуелі боксер атаулының жер-жебіріне жетіп алып, Джо Флемингке ала-бөле кеп киліккен. Силверстейн ашумен ашынып алған зайыбын тоқтата алмаған,— не, осылай лекітіп ызғарын шашудан өзге не дәрмені бар оның ана махаббаты бар да, аналық ермегі жоқ бір бишара жан ғой.

Екіленген еврей кемпір есін тандырған Дженевьева оның не айтып — не қойғанына құлақ аспаса да, бір жайды анық біліп, елдал болды,— өзінің ғашық болып жүрген жігіті кәдімгі атышулы боксер бала Джо Флеминг екен ғой! Бұл адам айтса нанғысыз, ақылға симайтын сорақы іс болды! Өзінің жарқын жүзді, жаудыр көзді Джосы боксер дегенге кім нанар. Боксер дегендерді өмірі көрген емес, бірақ сол сұмпайлар мен Джоным арасы жер мен көктей екенін анық біледі. Дженевьеваның ойынша өзге боксерлер көзі жолбарыстың көзіндей маңдайы маймылдың маңдайындай тайқиған дөрекі, добалдай біреулер. Әрине, Джо Флеминг туралы бұрын естігені де рас, Батыс Оклендіде оны білмейтін жан бар ма? Бірақ жаны сүйген жары тап соның өзі деп ойлаған емес.

Аяусыз тиген алғашқы соққыдан есін әрең, жиған Дженевьева миссис Силверстейннің: «Тапқан екенсің сыңарыңды — бокспен күнін көріп жүрген әлдекімді», — деп бажылдаған байбайын естіді. Сонан кейін ерлі-зайыпты екі кәрие өзара сөз таластырып кетті: Джоның атағы бар ғой, деді ері; болса ше, атақтың жақсысы да, жаманы да бар, деп зайыбы оны қайырып тастады.

— Джо жақсы бала, табысы көп болса да, ақшасын рәсуа қылмайды,— деп тайталаса кетті Силверстейн де.

— Не сөйлеп тұрсың өзің! — деді оған дауысын көтеріп миссис Силверстейн.— Сен не білуші едің! Онан да жайыңа қарап отырсайшы. Осы оңбаған боксерлерді көрем деп босқа ақша шығарып жүргендердің бірі сен емессің бе? Сен оны қашаннан бері білуші едің? Жоқ, айтшы кәне, қайдан білесің?!

— Білемін,— деді қарт тайсалмай. Ашу үстінде қосағына бұрын-соңды қарсы сөз айтқанын Дженевьеваның естіп тұрғаны осы.— Әкесі марқұм қайтыс болғаннан кейін ол Хэнзеннің қоймасына жұмысқа кірді. Семьясында өзінен басқа тағы алты бала бар. Бұл соларға әке орнына әке болды. Ертелі-кеш ерінбей еңбек етті. Семьясын нан мен етке тарықтырған жоқ, пәтер ақысын төлеп тұрды. Сенбі сайын үйіне он доллар ақшасын түгел әкеліп тұрды. Кейін Хэнзен жалақысын көбейтіп, он екі доллар алып тұрған кезде Джо қайтті деші? Он екі долларын да шешесіне түп-түгел беріп тұрды. Сарпылдап жұмысын істей берді. Хэнзен бір күні оған жиырма доллар жалақы кесті. Сонда Джо қайтті? Ақшасын түгелімен үйіне беріп тұрды. Шиеттей жас іні-қарындастары мектепте оқиды, жақсы киінеді, етпен наны үзілмейді, шешесі де молшылыққа жарыды, жүзі жарқын, көңілі шат. Джосын көкке көтеріп, құрметтейді, өйткені ол өте бір жақсы бала.

Қарамаққа көркі қандай, дене бітісі қандай! Ах, құдай шебер-ай! Күшке анау-мынау өгізден кем емес, шап-шаңдығы жолбарыстан кем емес, әрі ақылды, әрі сабырлы, көздері сондай қырағы, көрмейтіні жоқ, тек оқша шаншылады. Ол әуелі Хэнзеннің қоймасындағы жігіттермен, кейін магазиндегі жігіттермен, онан соң клубта ұрысты, клубта Спайдерді ұрып жықты — қасқайта бір соққанда қалпақтай ұшырды! Жеңгеніне бес доллар алды! Сонда қайтті деші! Ақшасын сол күйі үйіне апарып, шешесінің қолына салды.

Әне, сонан бері клубта жиі ұрысатын болды; жеңіп алмаған жүлдесі қалмады — ұрысқа тіккен он, елу, жүз доллардың бәрін осы алды. Сонда ол қайтті деп ойлайсың? Хэнзендегі қызметін тастап немесе жолдастарымен арақ ішіп, желігіп кетті ғой деймісің? Жоқ, өйткен жоқ! Ол жақсы бала — бұрынғы орнында әлі істеп жүр, кешке клубқа барып, боксқа түседі. Бір күні ол маған: «Силверстейн, менің осы пәтер жалдауым жеткен жоқ па?» — деді. Не дегенімді мен айтпай-ақ қояйын саған, бірақ көп ұзамай, шешесіне жақсы үй сатып әперді. Бір жағынан, баяғы Хэнзендегі қызметін де тастаған жоқ. Ал үйінің ақшасын өтеу үшін кешке клубқа барып, бокспен айналысты. Қарындастарына рояль сатып әперді, тұс кілем алды, үйіне суреттер ілгізді. Тағы бір сөз айтайын — ол адал боксер; ылғи бәс тігіп күреседі, егер боксер бәс тігеді екен — көп ойланудың керегі жоқ, соған сенің де бәс тігуің керек…

Осы арада құмар ойынға жаны қас миссис Силверстейн жағасын ұстап, жалбарынып ала жөнелді, қызыл сөздің қызығына еріп, тым ағат кеткенін енді ғана аңғарған ері ызғарлы зайыбын ырқына жібермей, ойыннан көп ақша ұтқанын айтып, ант беріп жұбатпақ болды.— Бұл да болса Джо Флемингтің арқасы,— деді ол.— Мен соған ғана бәс тігемін және ылғи ұтып жүргенім де рас.

Бірақ Дженевьева мен Джо біріне-бірін табиғат әдейі арнап жаратқан шын ғашық жар, екеуін ешнәрсе, тіпті мына сорақы суық сөз де ажырата алмақ емес. Дженевьева Джоны қаншама жек көрейін дегенімен, жек көре алған жоқ,— дұрысында ол Джомен емес, соған дегем ғашықтықтың азабымен арпалысты. Джоны ақтайтын мың да бір сылтау табылды, оны көңілі қимай жүргенін түсініп, қайран да болды. Ақырында әйелдердің әдісі бойынша жігіттің өміріне қол сұққысы келді, қол сұққанда тағдырын өз дегеніне қарай бұрмақ болды; екеуі жарасса, алдағы ортақ өмірі де бақытты болатындай көрінді. Көп ұзамай ол дегеніне жетті де: қиылып тұрған қыздың көңілін қимай, Джо бокс ойынын тастауға уәдесін берді!

Ғашықтықтың арманын әбден аңсаған әрбір еркек тәрізді Джо да, бұл дүниенің баға жетпес асылын алақанының аясына қайтсем қондырамын деп жүргенде, оның бір тілегіне қарсы тұра алсын ба?! Дегенмен дәл сертін беріп тұрған секундте де жанының бір түкпірінде рингіні тастап кетуге ырық бермейтін зілді күш жатқанын сезді: әйтеуір бір жерде, бағызы бір уақытта, ерте болсын — кеш болсын, түбінде рингіге қайтып оралатынын анық білді. Оның көз алдынан анасы, іні-қарындастары, олардың толып жатқан ділгері мен мұқтажы, үкіметтің алым-салығы, ылғи ақтап, сырлап тұруды керек ететін үйі, Дженевьевадан көретін балалары және Хэнзеннің қоймасынан алатын азынаулақ жалақысы — осының бәрі тізбек-тізбек болып өтіп жатты. Бірақ ол ойсананың сақтандырған салқын үніне құлақ аспады, көз алдында шұбырған көңілсіз көріністерді елегісі келмеді. Оның көзіне бір ғана Дженевьева ілікті, бір ғана соған аңсары әбден ауды, тек соның сүйіспеншілігін жан-тәнімен қалады, қалады да — ойланбастан соның жөніне қарай жығылды; қыз да ойланбастан оның өмірі мен тіршілігіне әмірін жүргізе бастады.

Жігіт биыл жиырмада, қыз — он сегізде, дүниеге тұқым жаю үшін, үбірлі-шүбірлі болу үшін жаралған жас жұбайлар. Дендері сау, денелері шымыр, екі бетінен қаны тамған егіз жас қатарласып жүре қалса, теңіз шығанағының жағасымен жексенбі күні серуендеп жүрген танымайтын талай кісі бір қарамай өтпейді. Ер пішінді Джоның келбеті жас арудың ақ дидарынан олқы емес; қыздың көз таңдаған зипа бойы жігіттің насатты тұлғасына, биязылығы мен нәзіктігі оның сымбатты сұлу мүсініне жарасып-ақ тұр. Қоғам сатысында Джодан анағұрлым биікте тұрған талай әйел оның жарқын жүзіне, арасы сәл алшақтау біткен көк мөлдір көзіне көз салмай өткен емес. Бірақ ол әйелдердің жылы райын, тіпті еліктіре тартқан жүзіндегі мейірін де елемейді. Ал осының бәрін Дженевьева көріп те, біліп те жүр; сөйткен Джо әйтеуір өзгенікі емес, өзімдікі ғой, мен қалай бұрсам, солай жүреді ғой деген ой келеді де ішінен қуанады. Еркектердің Дженевьеваға көз тастап қоятынын Джо да байқамай жүрген жоқ, тіпті кейде кіжініп те қалады, бірақ еркектің көз жанарының сырын онан гөрі қыз қатесіз түсінеді ғой.

Үшінші тарау

Дженевьева Джоның ұлтаны жұқа жеңіл бәтеңкесін киіп алып, екі аяғын созып, шек-сілесі қатып күлді, сықылықтаған Лотти де еңкейіп, оның шалбарының балағын қайырып жатыр. Лотти Джоның қарындасы, екеуінің сырына ортақ; бағана шешесін көршісінікіне қонаққа жіберіп, үйді оңаша қалдыруға себеп болған да сол. Екі қыз астағы ас үйге түсті, онда бұларды Джо күтіп отырған. Дженевьеваны көргенде орнынан ұшып тұрған ол қуанып, ажарланып кетті.

— Бол, Лотти, юбкасын жөндеп жібер,— деді Джо дауыстап.— Тездетіңдер. Иә, солай етсең де жетер. Шалбарының шеті ғана көрініп тұратын болсын; пальтосы жауып кетеді ғой. Ал көрейікші, кәнекей, қалай болар екен. Мен Крисстің пальтосын сұрап алғам. Жақсы жігіт өзі! Шапшаң-ақ, ой-ой! Кіп-кішкентай болып алып шұнаң қағады,— деді ол Дженевьеваға пальто кигізіп жатып, пальто қыздың қызыл асығынан келгенімен жалпы шақ сияқты,— еркек баланың пальтосы ғой — бұдан артық жараса қоймас.

Джо басына кепка кигізді де, пальтоның жағасын көтерді. Жағасы тым жалпақ екен, кепкасын көміп тұр, енді шашы да көрінбейтін болды. Жағаның екі ұшындағы ілгегін салып еді, Дженевьеваның бет-аузы, иегі көрінбей, әдейі қараған кісі ғана кепканың күн қағары көлеңкелеген екі көзі мен ағараңдаған мұрнын ғана көзі шалар еді. Қыз бөлменің ішінде олай-бұлай жүрді, жүрген кезде де пальтоның етегінен шалбардың балағының шеті ғана көрінеді екен.

— Бокс құмар біреу болдың да қойдың, көрген кісі тымауратып, оранып-шымқанып жүрген сиқы ғой мынау демей ме,— деп Джо өз ісіне өзі риза болып, масайрай күлді.— Ақшаң бар ма жаныңда? Алты долларға қарсы он доллар тігемін. Ел ұнатқан ерге қарсы бәстесемісің?

— Кімге? — деді Дженевьева.

— Понтаға да,— деді Лотти, бұл арада көп ойлаудың лайығы жоқ қой дегісі келгендей.

— Иә, солай-ақ болсын,— деді Дженевьева.— Meн соның түгіне түсінбеймін.

Лотти үндемей қалды, түріне қарағанда Дженевьеваның сөзі намысына тиіп кеткен тәрізді. Джо сағатына қарады да, баратын уақыт болған екен деді. Лотти ағасын құшақтап, ернінен өпті; сонан кейін Дженевьева екеуі сүйісті. Джо қарындасын белінен құшақтады да екеуі сол күйі сыртқы есікке дейін барды.

— Алты долларға он доллар тіккенің қалай, ол немене? — деді Дженевьева көшеге шыққасын; шытымыр аязда екеуінің басқан ізі тық-тық етіп ап-айқын естіледі.

— Ол былай — мен ел ұнатқан бәйгі бермейтін палуанмын,— деді Джо.— Сондықтан рингіге келген жұрттың бірсыпырасы мені жеңеді деп он доллар бәс тігеді, ал кейбіреулер мені жеңіліп қалады деп алты доллар тігеді.

— Егер сен сондай саңлақ болсаң, сенің жеңетінің рас болса, бәстесіп керегі не?

— Бәсекенің аты бәсеке ғой,— деді Джо күліп,— егесу, ерегісу деген бір әдет бар емес пе. Тіпті орайы келіп, ол бір рет дәл ұрса, ойламаған жерде жығып та кетуі мүмкін. Ақыры не боларын кім біледі,— деді ол салмақтай сөйлеп.

Қыз әлде қалай көңіліне секем алып, қорқып, құнысып, Джоны әлде бір қатерден қорғағысы келгендей ұстай алып, бәйек бола бастап еді, жігіт жайраңдап күлді де, бұрынғысынша көңілді, еркін сөйлей жөнелді.

— Тұра тұр, тұра тұр әлі, өз көзіңмен көресің ғой. Сен бірақ әдепкіде қорқып қалып жүрме. Алғашқы бірнеше раунд сұрапыл қатты болар, Понтаның бір күшті жері осы. Ол қайыспайтын қайсар адам, адам емес, құдды бір құйын сықылды, үсті-үстіне түйгіштеп ала жөнеледі — алғашқы раундарда-ақ жеңіп кететін әдеті. Ол өзінен класы жоғары талай боксерді талдыра соққан. Мен оның ет қызуына қалай да шыдауым керек, алғашқы екпініне төтеп берсем — болғаны. Кейін қарқыны қайтатын-ды. Сол кезде сазайын берем ғой. Жақсылап қарап отыр, менің қай кезде шындап кіріскенімді өзің-ақ аңғарарсың. Мен оны бүгін тегін жібермеймін.

Осы кезде бұлар жарығы жоқ бір күңгірт көшенің бұрышында тұрған үйге келді; мұны спорт клубы дейді екен, тегі бұл клуб емес, жай үй көрінеді, мұнда полиция рұқсат етсе ғана боксшылар жүлде алу үшін кездеседі екен. Джо Дженевьеваны ертіп өзі бастап үйге кірді.

— Қолыңды қалтаңнан шығарушы болма,— деді оған Джо,— осы айтқанымды орындамасаң — ши шығарып аласың. Бес минутке шыда.

— Мына бала менің серігім,— деді Джо полисменмен сөйлесіп тұрған швейцарға.

Швейцар да, полисмен де Джоға достарына басын изеп, серігіне қараған да жоқ.

— Екеуі де түк сезген жоқ, ешкім де елей қоймас,— деді ол сыбырлап Дженевьеваға екеуі баспалдақпен екінші этажға көтеріліп бара жатқан кезде.— Бірен-саран біле қойған адам мені сыйлап, үндемейді ғой. Менің кімді ертіп келгенімді қайдан білсін. Бері жүр, бері!

Ол бір шағындау бөлменің есігін ашты — тегі, кеңсе болу керек, түбі түскен, тозаң басқан орындыққа Дженевьеваны отырғызды да, өзі шығып кетті. Бірнеше минуттан кейін үстіне ұзын халат, аяғына кенеп башмақ киіп қайта келді. Дженевьева әлденеге үрейленіп, қалтырап, құшақтай алды. Джо да бір қолымен ақырын ғана құшақтады.

— Қорықпа, Дженевьева,— деді ол жұбатып.— Бәрін реттеп келдім. Ешкім тимейді саған.

— Мен қорқам, Джо,— деді Дженевьева.— Мен өзім үшін қорқып тұрғаным жоқ, маған бәрі бір ғой. Сен жазым боласың ба деп қорқамын.

— Маған бәрі бір деймісің? Мен сені өзі үшін өбектеп жүр ғой десем!

Ол қызға таңырқай қарады, Дженевьева бұрын да өзінің сергектігін, сезімі терең нәзік жан екенін талай байқатып та, таң қалдырып та келіп еді, міне бүгін ол әйелдің абзал, ұлы жан екенін тағы көріп тұр. Бір минуттей тілі күрмеліп, күмілжіп, ештеме айта алмай ақырында:

— Мен үшін қорқамысың? — деді.— Жұрт ойына келгенін айта берсін, маған бәрі бір деймісің? Менен өзге уайымың жоқ па? Жоқ қой?

Біреу есікті қатты-қатты қағып: «Қайда отырсың салқындап!» — деп даурыға сөйлеген кезде есін жиды.

— Кәне, Дженевьева, тезірек тағы бір сүйші мені,— деді шын ықыласымен сыбырлап.— Бүгін менің ең соңғы кезегім ғой, сен отырғасын мен де аянбаспын.

Ерні оттай дуылдаған Дженевьева бітегенеден кейіп қақтығысқан бір топ жас жігіттің ортасына кіріп кетті; ешкім елемеген сияқты. Кейбіреуінің үстінде пенжагі жоқ, көйлекшең, жеңдерін түріп, сыбанып алған. Дженевьеваны ортасына ала бәрі артқы есіктен топырлап залға кірді де, жан-жаққа тарай бастады.

Сарай сықылды қара күңгірт залдың іші лық толы адам; темекінің көкала түтінінен ешнәрсені ажыратып болар емес. Дженевьева тұншығып кете жаздады. Залдан еркектердің гу-гу еткен қоңыр дауысы, ара-тұра афиша мен содалы су сатып жүрген балалардың ащы айғайы естіледі. Біреулер Джо Флеминг үшін алты долларға қарсы он доллар бәс тігемін деп ентелесе, енді біреулер қорқа соғып, құлықсыз күңк етеді. Оны естіген Дженевьева: бәсе, менің Джома қарсы бәстесуге кімнің жүрегі дауалар дейсің! — деп масайрап қалды іштей.

Қыздың көңілін толқытқан мақтаныш қана емес. Әйелдер маңынан жүрмейтін осы бір жын-ойнаққа келісімен-ақ делебесі қозғанғай. Мұнан артық қызық бар ма? Бұрын көрмеген, білмеген не сұмдық, не құпия сыр осында. Өзі-өзі болғалы әдеп бұзғаны да осы шығар, бұ дүниедегі тирандардың ең қаталы — жұмысшы кварталында тұратын абысындар ұнатқан кәдімгі мүләйімсіген момындықтың шегінен озғаны да осы болар. Дженевьеваны тағы да үрей жеңді, мұнан бір минут бұрын бар уайымы Джо ғана болса, енді әлденеге өзі үшін қорықты.

Сөйтіп жүріп, залдың арғы шетіне қалай жеткенін білмей де қалды, жатаған ғана басқыштан екі аттап, кішкене бөлмеге кірді. Мұнда да кілең еркектер отыр екен, сірә рингіге қатысты біреулер болар-ау деп ойлады Дженевьева. Сол арада Джо бір жаққа кетіп қалды. Енді қайтем дегенше болмай, қасындағы біреу: «Әй бала, бері жүр!» — деді зекіп. Соның соңына еріп, есікке қарай өте бергенде артынан тағы бір қорушы ере шыққанын сезді.

Бұлар ұзыншалау сәкінің үстімен жүріп келеді. Жұрт оған үш қатар болып орналасып алған екен. Дженевьева рингіні осы арада ғана анық көрді. Алаң дәл қасында, жап-жақын, қолын созса кермесінен ұстауға болатын. Еденіне болық төсепті. Рингінің екі жағы мен арғы шеті лық толы халық, олар қарауытып, бұлдырап әрең көрінеді.

Жаңа ғана өзі шыққан бөлме сол рингінің бір бұрышына жапсарлас екен. Қасындағы кісілермен Дженевьева рингінің екінші бұрышындағы тап сондай тар бөлмеге барып кірді.

— Мен келгенше осы арада тентек болмай, тып-тыныш қана отыр,— деді де ертіп келген жігіт қабырғадағы кішкене тесікті нұсқап көрсетті.

Төртінші тарау

Дженевьева жалмажан жаңағы тесіктен сығалады, тұп-тура қарсы алдында алақанның аясындай болып ринг жатыр. Залдағы жұрттың бірсыпырасы көзден таса. Алаңның үстінде бір шоқ газ-шамдал жарқырап жанып тұр. Өзі жаңа өткен сәкінің алдыңғы қатарында қолдарына қарындаш, блокнот ұстаған біреулер көрінеді. Бұлар жергілікті газеттің хабаршылары ғой деп ойлады Дженевьева; біреуі резина шайнап отыр. Қалған екі қатарына осы маңайдағы өрт сөндірушілер мен бірнеше полисмен орналасыпты. Алдыңғы қатардың орта шенінде, екі хабаршының арасында, жап-жас полиция бастығы отыр. Дженевьева рингінің арғы бетіндегі адамдардың арасынан мистер Клаузенді көріп, таң қалды. Өзі аппақ, екі беті нарттай қып-қызыл болып, самай-сақалы қауқиып, ол бірінші қатардан, рингінің дәл жанынан орын алып апты. Онан сәл әрірек, тап сол қатарда делебесі қозып қызараңдаған, бет-аузы әжім-әжім Силверстейн де көрініп қалды.

Жұрт әр жерден сирек қол шапалақтады, өңшең көйлек киген жас жігіттер қолдарына шелек, шөлмек, орамал ұстап, арқанның астынан өтті де, алаңшаны қия кесіп, Дженевьеваның қарсы алдындағы бұрышқа барды.

Біреуі сол арада тұрған отырғыштың үстіне кермеге арқасын сүйеп көлбей отырды. Үстінде тығыз ақ күрте, аяғында қоңылтаяқ киген кенеп башмақ. Тағы бір топ жігіт Дженевьеваның тұсындағы бұрышқа келді. Залдағылар ду қол шапалақтады, анықтап қараса, келгендердің біреуі Джо екен: ол да орындыққа отырды, үстінде бағанағы халаты; жез бұйра шашы Дженевьевадан қол созым жерде ғана.

Мойнына крахмалдаған тым биіктік жаға, үстіне қара пар костюм киген қою шашты бір жігіт рингінің ортасына шығып қолын көтерді,

— Уа, құрметті әлеумет, темекі тартпауларыңызды өтінеміз,— деді ол.

Оны естіген жұрт күңкілдеп-күбірлеп қалды, кейбіреуі ысқырып та жатыр. Ешнәрсені елең қылмай темекісін бұрқыратып отырған жұртқа Джеьевьеваның ызасы келді. Мистер Клаузен басқарушының сөзін қолындағы жанып тұрған оттығын ұстай отырып тыңдап еді, естіп болған соң түк білмеген кісідей жайымен темекісін тұтата бастады. Дженевьева жек көріп кетті оны. Мына көкала түтіннің ішінде Джо қалай ұрысады? Ол түгіл қарап отырған өзі де дем ала алар емес.

Басқарушы Джоның қасына келді. Джо түрегелді; халатын иығынан ысырып тастап, рингінің ортасына шықты, үстінде ақ трусиі мен кенеп башмағынан өзге киімі жоқ. Дженевьева төмен қарады. Бір өзі оңаша отырғанымен ғашық жігітінің ашық тәнін көргенде қызарып, қатты ұялып қалды. Өжданы, ар-ұяты: қадалып қарай берме, ол ұят, күнә,— деп тұрса да, шыдай алмай тағы қарады.

Көңіліндегі қатты толқу, Джоға деген ынтығы,— осының бәрі, әрине, күнә. Бірақ күнә да болса қиялдай тәтті екен. Әдептен озған қыз ғашығынан көзін ала алмай сұқтана қарады. Байырғы инстинкт, бірінші күнә, күллі табиғат оны баурап әкеткендей. Мұнан мың-мың жыл бұрын өткен абзал аналардың күбірлеген күңкілі мен шыр етіп жерге түскен жас нәрестелердің алғашқы ащы дауысы естілгендей болды. Бірақ осының бәрін ол елемейді, мен күнәлі болсам, бір ғана іңкәрім үшін күнәлімін деген ой әбден жеңген оны, әйтсе де тәкаппар кеудесін жоғары көтеріп, бетке шіркеу болған шырмаудың бәрін бұзайын, күнәға біржолата батып-ақ кетейін деген ойға келген тәрізді.

Киім жапқан адамның өз денесі қандай болады екен деп Дженевьева бұрын ойлаған жоқ-ты. Дене дегенде оның анық білетіні қол мен бет. Адамды мұнтаздай етіп киіндірген осынау ұлы мәдениеттің ұрпағы болған соң ол үшін киімсіз адам жоқ. Оның ойынша адам заты кілең киім киінген, беті-қолы ғана ашық, шашы дудардай, екі аяқтылар. Бейуақта Джоны қиялында көз алдына келтіре қалса, Дженевьеваның көретіні — екі беті үлбіреген, көзі көк, шашы бұйра, әрине, мұнтаздай киінген жас жігіт. Ал қазір сол жігіт көз тұндырған сүттей жарық шамдалдың астында жалаңаш тәні жарқырап перизаттай сұлу көрінеді. Осы арада Дженевьеваға бір ой түсе кетті: ол бұрын ешбір киімсіз, тек бұлт бүркенген бір ғана тәңірі шығар-ау деп ойлаушы еді. Япыр-ай, ғашығын қиялында болса да осылай құдайға теңегені жөн бе — ауыр күнә ғой бұл, құдайды қорлағандық қой, деп Дженевьева тағы да қынжылды, қорықты.

Дженевьева сұлулықты, өзі көре жүрген көріксіз сұрқай суреттердің деңгейімен бағалап үйренген, бірақ туа біткен көркемдік сезімі мына көріп отырғаны шын сұлулықтың өзі екенін білдіргендей. Джоның кейпі бұрын да ұнайтұғын, бірақ оның көркін үстіндегі киімінен ажырата’алмаушы еді де, сүйкімді, кербез, сұлу көрінетін себебі бойына жарасқан әсем киімінен ғой деп топшылайтын. Сол киімнің астында не көркем сұлулық көрінбей жататынын білмеуші еді. Бұған енді ғана көзі жетіп, таңырқап, таң-тамаша болып отыр. Джоның денесі әйелдің тәніндей аппақ, ал теп-тегіс түксіз терісі жылт-жылт етіп, масатыдай құлпырады; Дженевьева осының бәрін бірден қапысыз аңғарып қалды; Джоның көрікті мүшелері, ешбір артық-кемі жоқ, бұлшық еті ойнаған, әдемі тұлға пішімі ықыласын тез аударып әкетті. Джоның кейпі әрі мінсіз, әрі әсем. Құдды бір асыл тастан ойған мүсіндей жұтынып тұрған жүзінен күлгенде нұр төгіліп, күндегісінен де жап-жас көрсетеді.

Джоның күлген себебі басқарушы иығына қолын салып, бетін жұртқа қаратып бұрды да:

— Сіздерге таныстырайын, Джо Флеминг, Батыс Оклендінің мақтанышы,— деді.

Жұрт желіге қол шапалақтады. У-ду айғай, қошеметтеген дауыстар естілді.

— Джо! Біздің Джо! — деген серпінді айғай залдың тұс-тұсынан естіліп тұр.

Джо бұрыштағы орнына қайтып келді. Дженевьева оның боксерге тіпті де ұқсамайтынын, әсіресе, бүгін анық аңғарғандай. Моп-момақан, көзінде де, жүзінде де қайырымсыздық, қаталдық белгісі жоқ, уыздай жас, тәні нәзік, терісі жібек, бет ажары сәбидің жүзіндей мейірлі де, нұрлы да. Бірақ әлі тіс қақпаған Дженевьеваның көзі оның күмбездей кеудесін, желбезегі желбіреген кем, танауын, терең тынысын, масатыдай терісінің астында кеседей дөңгеленген бұлшық еттерін,— қысқасы булығып бұғып жатқан бұла күшті, тепсе темір үзетін ерен қайратын аңғармайды. Қайта оны өбектеп, күтіп ұстайтын карлен мүсіншедей, егер қолың қатты тисе, кұлпарасы шығатын нәзік заттай көрді.

Джон Понта да, ақ күртесін екі секунданты мықшыңдап әрең сыпырып алған соң, рингінің ортасына шықты. Дженевьева көзі түскенде-ақ селк ете қалды. Міне нағыз боксер — тырбық, маймыл маңдай, түксиген түкті қабағының астындағы кішкене екі көзі шүңірейген, талпақ танау, дорбауыз нағыз жыртқыш. Дженевьева оның төрт бұрыштанған төменгі жақ сүйегіне, бұқаның желке қыртысындай күжірейген шүйдесіне, қабанның қыл жалындай тікірейген тікендей қысқа шашына қарап, шошынайын деді. Міне алапат ноқай күш — жабайы, тағы тажал. Қара қошқыл денесін, әсіресе кеудесі мен екі иығын, барақ иттің жүніндей бұйра-бұйра тығыз түк басқан. Қайқиған қапсағай кеудесінде, әлуетті аяқтарында, торсиған кесек-кесек бұлшық еттерінде — не сұлулық, небір жарасым жоқ. Күллі денесі ойдым-ойдым, қыртыс-қыртыс, түйін-түйін жойқын қайрат еңсеріп әкеткен денесінде адамға ұқсас ештеме қалмағандай.

— Джон Понта, Вестбэй спорт клубынан,— деді басқарушы.

Жұрт оны салқындау саябыр қарсы алды. Көбінің ықыласы Джоға ауып кеткені көрініп-ақ тұр.

— Ұмтыл! Түтіп же, Понта! Түтіп жемейсің бе ананы! — деді тына қалған жұрттың арасынан біреу айғай салып.

Залдың тұс-тұсынан кекеткен, келемеждеген мысқыл сөз естілді. Понта көпке ызғарын шашып, тісін бір ырситты да, жалт бұрылып, бұрыштағы орнына қарай жөнелді. Әлденеге тіксініп жаратпай қалған жұртшылықтан жылы рай күтуге болар ма — оның жабайы, тағы кескіні кісіні түңілдірсе түңілдіргендей де ғой, ол сезім дүниесінен, парасаттан жұрдай жануар — кеңшілікке бетімен қоя бермей, тек темір торда қамауда ғана ұстайтын жолбарыс немесе жылан сықылды көрген адамның жаны түршігетін әзірейлінің өзі емес пе.

Көрермендердің суқаны сүймейтінін Понта да түсінеді. Қаумалаған аңшылардың ортасына түскен аңдай айналасындағы анталаған жауларының кескініне кекті көзімен асықпай сұғына қарап өтті. Бағанадан бері Джоның қошеметіне бола әлекке түсіп, айғай салып отырған қораш Силверстейннің көзіне көзін қадап еді, ол денесін от шарпыған адамша жиырылып, кілт тоқтап, айтайын деген сөзі көмейіне тірелді де қалды. Мұны Дженевьева да аңғарды. Понтаның өткір көзі өзіне түскенде Дженевьева тұра қарай алмай пысы жеңіліп, өз-өзінен қымтырыла түсті. Сол сәтте Понтаның көзі жылжып отырып Джоға тоқтады. Дженевьева осының бәрін Понта бойындағы бар ызбары мен қаһарын шақырып, шамырқану үшін істеп тұр ғой деп ойлады. Джо әріптесіне балаша жадырай қарағанымен, кескінінде қатулық та жоқ емес еді.

Басқарушы үстінде пенжагі жоқ, жылы шырайлы, жайдары бір жас жігітті тағы ортаға ертіп шығып:

— Таныстырамын: Эдди Джоне, бүгінгі ұрыстың төрешісі,— деді.

— Эдди! Біздің Эдди!—деді айғайлап залдағылар, бәрі судьяны қошеметтеп ду қол шапалақтады, соған қарап Дженевьева бұл халайық төрешіні де жақсы көреді екен ғой деп ойлады.

Секунданттар ұрысқа түсетін екі боксшының қолғабын кигізуге көмектесіп жатыр. Понтаның бір секунданты Джо тұрған бұрышқа келіп, оның ұрысқа киетін қолғаптарын кимес бұрын тексерді. Төрешінің ишараты бойынша боксшылар, олардың артынан секунданттары рингінің ортасына шықты. Джо менен Понта бетпе-бет қарсы келіп тоқтады, екеуінің ортасында төреші, қатарында қолдарын бір-бірінің нығына салып, мойындарын созып секунданттар тұр. Төреші оларға бірдеме деп еді, бәрі ықылас қойып тыңдады. Сонан кейін екі топ ажырап кетті, ортаға басқарушының өзі шықты.

— Джо Флемингінің салмағы — жүз жиырма сегіз,— деді ол,— Джон Понтаның салмағы — жүз қырық. Боксшылар бір қолы бос болса, ұрыса береді, тек айқасқаннан кейін сақ болулары керек. Әлеуметтің есіне саламыз: ұрысты екеуінің бірі жеңбей тоқтатпаймыз. Біздің клуб тең ойын дегенді білмейді.

Басқарушы керменің астынан еңкейіп өтіп, ырғып жерге түсті. Бұрышта тұрған секунданттар да орындықтары мен шөлмектерін ала жөнелді. Рингіде екі боксер мен төреші ғана қалды. Дағыра даңғыр етті. Ұрысушылар тез-тез басып ортаға шықты. Екеуі қапыл-құпыл қол алысқандай да болды. Сол-ақ екен Понта жалма жан қиян-кескі ұрысқа кірісті, оң қолымен де, сол қолымен де соғып жүр, бірақ Джо кейін ырғып, бұлтарып, бойына дарыта қоймады. Понта да сақпанның тасындай зуылдап кеп Джоға үсті-үстіне шүйліге түседі.

Ұрыс басталды. Дженевьева қалтыраған қолдарын кеудесіне басып, көзін алмай қарап отыр. Понтаның құйындата ұрған екпінінен, шапшаңдығы мен өжеттігінен сескенейін деді. Джоны ұрып жығып, мерт қылатынын анық білді, кей-кейде Джоның беті-жүзін де көре алмайды, селтең қаққан жұмыр қолғаптар көрсетпейді, жұдырық дұрс-дұрс тиген сайын зәресі ұшып, жүрегі лоблып отырды. Боксшылардың қолғабы тек бір-біріне немесе иыққа тиіп құр дүрсілдегені болмаса, ойсыраған әлі ештеңе жоқ екенін ол білмеді.

Бір кезде ұрыс кенет өзгерді: ұрысшылар бірін-бірі айқара құшақтап тұра қалысты; ешқайсысы қол жұмсаған жоқ. Джо айтқан «айқасу» деген осы екен ғой деп ойлады Дженевьева. Понта жұлқынып босанбақ болып еді, Джо жібермеді. Төреші: «Ажыраңдар!»—деп айғайлады. Джо шегіне берем дегенде Понта бір қолын босатып алды. Енді оған ұрғызбау үшін Джо тағы қапсыра құшақтады. Бұл жолы қолғаптары Понтаның аузы мен иегіне дөп келген екен, төреші екінші рет: «Ажыраңдар!» — деген кезде, Джо Понтаның басын кері шалқайта беріп, өзі кейін оршып түсті.

Ара-тұра Дженевьева ғашығын түгел көріп қалады. Сол аяғын сәл ілгері басып, бүкіл денесі мен тізесін болар-болмас не бүгіп, екі иығын көтеріп, басын ішіне тартып алған. Екі қолы көз алдында лыпыл қағады, қағуға да, ұруға да әп-әзір, бұлшық еттерінің бәрі шиыршық атады, қозғалған сайын түйін-түйін болып, ақ терісінің астымен сынапша сырғанайды.

Понта шабуылын тағы бастады, Джо бұл жолы қысылайын деді. Бұрынғысынан да төмен иіліп, қол-аяғын бауырына жинап алып, жұдырыққа екі иығын, шынтағы мен қолдарын кезек тосып, шыдап-ақ жүр. Бірақ Понта үсті-үстіне шүйлігіп, түйгіштеп, көз ашырар болмады, Дженевьева бүгін Джо тірі қалса болар еді деп отыр. Бірақ әлі шыдап жүр, қорғанып, біресе иығымен, біресе қолғабымен қағып қалады, жел шайқалтқан шынардай ырғалып, бұралып бір ілгері, бір кейін ұмтылады. Тек жұрттың қол соққанын, «Жарайсың, Джо! Болма, беріспе!» — деген айғай-шуын естіп, әбден риза болған Силверстейннің орнынан тұра жаздап, тұра жаздап дедек қағып отырғанын көріп, Дженевьева жағдайды енді-енді аңғара бастағандай: Джоның жазатайым болу түгіл, тіпті халі жақсы ма деп қалды. Бірақ буырқанған Понта әлі бәсеңдеген жоқ, бұрынғысынша құйындатып, қым-қиғаш ұрысып жүр, Дженевьева көп төмпештен көз аша алмай жүрген жарын әрең дегенде, анда-санда бір көріп қалады.

Бесінші тарау

Дағыра даңғыр етті. Джоның айтуынша ұрыстың үш-ақ минут болатынын Дженевьева білетін, бірақ оған ұрыс ең кемі жарты сағатқа созылғандай көрінді. Джоның секунданттары лезде керменің астымен алаңға қарғып шықты да, Джоны, бір минут болса да дем алғызып, байыз тапқызбақ болып, бұрышына қарай қаумалап ала жүгірді. Секунданттың біреуі жүресінен отыра қалып, Джоның аяғын тізесіне салып, балтырын алақанымен қатты-қатты ысқылап жатыр. Джо екі қолын артындағы керменің арқанына кере салған бойы, басын кейін қарай шалқайтып, бүкіл денесімен кең дем алып, орындығында отыр. Аузын аңырайтып ашып жіберген, алдында екі секунданты орамалмен денесін желпіп тұр; тағы бір секундант беті мен кеудесін сүртіп жатып, құлағына әлде не деп сыбырлайды.

Осының бәрі бітер-бітпесте көзді ашып-жұмғанша болмай тағы дағыра қағылды; секунданттар шелегі мен орамалын ала сала шыға жөнелді. Ортаға Джо мен Понта шықты.

Дженевьева бір минуттың тым қысқа екенін білмеуші еді. Әлде демалыс уақытын біреу қасақана қысқартты ма деген көңіліне күдік те келді.

Понта бірінші раундағыдай ұрысқа тағы екі қолым кезек сілтеп, ашына кірісті, Джо қарсы қару көрсеткенімен төзе алмай, қашақтап, кері шегінді; сол кезде дене салмағын теңгерем деп сол қолы мен басын сәл көтеріп қалған еді, Понта ашылып кеткен иегіне жолбарыстай шаншыла атылды. Джо бұғып қалды, Понтаның қолы тура тимей, желкесін жанап өтті. Джо басын енді көтере бергенде, Понта сол қолын тура тіке сілтеді, дәл тигенде Джо керменің ар жағына ұшып түсетін еді. Бірақ бұл жолы да Джо шапшаң бұғып үлгірді, Понтаның жұдырығы жауырынын сипап өтті. Понта іле-шала оң, қолын сілтеді, бірақ Джо бойына дарытпай жалт беріп айқаса кетті.

Дженевьева уһ деп күрсініп, демін бір алды; бүткіл жүйкесі босап, денесі түсіп, талғаурап кете жаздағандай. Жұрт ду қолшапалақтап жатыр. Орнынан ырғым тұрған Силверстейн есалаң адамша бар дауысымен бақырып, екі қолын ербеңдете береді. Мистер Клаузеннің де әбден делебесі қозған, қасында отырған біреудің құлағына ентелеп, бірдеме деп айғайлап жатыр.

Міне боксерлер құшағын жазып, тағы шайқасты. Джо бойына жұдырық дарытпай, шегініп, айнала үйіріліп, аңдысып, айла-әдіс жасап жүр. Өзі сирек ұрады, себебі Понтаның көзі тым қырағы, патшағар ұруға да, қағуға да бірдей. Оның дүлегей күшін мойыра аларлықтай қарымы да жоқ, бар сенгені — қауқарың бір қайтар-ау деген үміт қана.

Дженевьева сүйгенінің қашқалақтай бергеніне таң-тамаша; әрі-беріден кейін ыза да болды: осыншама өлімдесіп, басына шапшып жүрген айуанның сазайын тарттыруы керек еді ғой! Қыз ашуланып үлгіргенше болмай, ұтырын келтірген Джо да Понтаны ауыздан қойып кеп жіберді. Жұдырық оқсата тиген екен, Понтаның басы кекшең етіп, ернінен қаны бұрқ ете түсті. Джоға риза болған халық өкіріп, бүкіл залды басына көтерді. Ызақор Понта Джоға тағы ентелей түсті. Бұрынғы шүйлігуі жай екен, нағыз дауыл енді басталды. Джо соққыға тойтарыс беру түгіл сол дауылдың сұрапылына қалай төземін деп, әрең-әрең қорғанып, жалтарып, бар болғаны айқасудан бас сауға, байыз таппақ.

Бірақ айқасу не толық тыныс, не қорғаныс берер емес — көз алмай арбасып, аң болмаса болмайтын секілді — ал айқасудан ажырайтын кез нағыз хауіпті сәт. Дженевьева Джоның Понтаны өлердей құшақтағанына езу тартып күлді де; мұның себебін қапелімде түсінбеген еді, тек ол тағы да тас кенеше жабыса бергенде, Понтаның шірене сілтеген жұдырығы иегіне сәл ғана тимей қалғанын көріп, Джоның неге жабыса беретінін aңғарайын деді. Тағы бір айқасқан кезде жан сақтады-ау деп тыныс алғанша болмады Понта тоқпақтай жұдырығын Джоның иығынан асыра сілтеп, ту сыртынан, бел омыртқаның үстінен қойып кеп жіберді. Жақсы көретін балуанына жаны ашыған жұрт шу ете қалды, бірақ Джо енді ұрғызбау үшін шапшаң қимылдап, қалт еткенше болмай Понтаның екі шынтағын қапсыра қысып, сығымдай түсті.

Сол кезде дағыра соғылды, бір минуттен кейін ұрыс қайта басталды. Джо отырған бұрышынан шықпай жатып-ақ Понта оған тұра ұмтылды. Джоның жұдырық тиген белі қып-қызыл болып қанталап кеткен екен; үлкендігі Понтаның қолғабының аумағындай. Жаны ашыған Дженевьева қанталаған жерден көзін алмай отыр. Енді бір айқасқан минутте Понта бағанағы жазым әдісін қолданып, бүйрек тұстан тағы соғып жіберді. Сонан кейін Джо да сақтанайын деді, ол айқасқан сайын Понтаны иегінен тіреп, басын артқа қарай қайырып, ұрғызбауға тырысты, бірақ кәнігі Понта раунд біткенше үйреншікті әдісін үш рет қолданып, үшеуінде де жұдырығы Джоның жаңағы жанды жеріне дәл тиді.

Тағы бір минут үзіліс, тағы бір кезек раунд өтті, бірақ екі жағы да жеңісе алған жоқ. Бесінші раунд жаңа басталған бір сәтте бұрышқа барып тығылған Джо айқаспақ болғансып, ұмтыла түсті де, Понта құшақтай берем дегенде сәл шегініп қалып, ашылып кеткен өңменіне, дәл жүректің басынан ұрып жіберді, іле-шала оңды-солды төрт рет соқты. Сірә, тым қатты тиген болу керек — Понта екі қолын созған қалпымен тәлтіректеп, шегіншектеп барып, бүкшиіп тұра қалды, қазір екі бүктетіліп гүрс етіп құлайтындай көрінді. Ашылып кеткен әріптесінің есін жидырмай Джо сылқ еткізіп, аузынан тағы қойып жіберді, көз ілестірмей иегін көздеп және сілтеген еді, жұдырығы иегіне тимей бетіне тиіп, Понта қалпақтай ұшты.

Халық у-шу, азан-қазан. Орындарынан өре түрегеліп, қол шапалақтап, айғай салып жатыр, Дженевьева жұрттың: «Саудасы бітті Понтаның, бітті!» деген дауысын есітіп, асыға күткен кезегім келіп жеттің бе деп отыр. Өзі не болғанын білмейді, әдеттегі адамға деген аянышы, әдепті қалпы қайда кеткен десеңізші: сүйік тісі сілейте соққан сайын төбесі көкке бір жетіп қалады.

Бірақ Понта әлі күшін сарқыған жоқ. Әйтсе де жолбарыстай шапшып жүрген енді Понта емес, Джо; ол Понтаны еңсеріп барады.

Бір кезде Джо әріптесінің иегіне тағы бір оқталым еді, Понта жалт беріп үлгірді. Джо жұдырығы тимей бар екпінімен ойыса бергенде Понта да жалмажан сол қолымен қыл мойнынан қойып жіберді. Джо екі қолын ербеңдетіп, ілгерілі-кейін теңселіп барып, гүрс ете құлады. Төреші қасына жүгіріп барып, үстінен төніп тұрып, дауыстап секунд санады, есебін айтқан сайын оң қолын бір сермеп қалады.

Зал тым-тырыс. Қошемет күткен Понта жұртқа қарай бұрылып еді, ешкім жұмған аузын ашқан жоқ. Понта долдана тұнжырады. Осы да әділдік болып па: әріптесі не ұрып, не жалтарып қалған сайын шуылдап, қол шапалақтап қолпаштайтын жұрт, ұрыс басталғаннан беpi барын сала қимылдап жүрген Понтаға тым құрса бір рет қол шапалақтамады.

Понтаның кекті көзінен ашулы ыза жарқ етті, ширығып тас түйін болып, сұлап жатқан жауына жетіп-ақ барды. Бара үстіне төніп, он, жұдырығын кезеніп, бас көтерсе өлтіре соқпаққа дайындалып тұр. Оң қолын сермеп, секунд санап тұрған төреші сол қолымен Понтаны кейін итермеледі. Понта айналып екінші жағынан келмек болып еді, төреші артынан қалмай желкелеп, жерде жатқан Джоға жуытпады.

— Төрт, бес, алты — деген кезде Джо етпетінен аунап түсіп, тізерлеп тұрмақ болды. Екі қолын еденге тіреп, әуелі бір аяғын бүгіп, сонан кейін ептеп екінші аяғын бауырына тарта түсті.

— Есеп бітпей тұрма, бітуін күт! — деген дауыстар естілді.

— Асықпа! Бітуін күт! — деді дауыстап рингінің дәл қасында тұрған Джоның секунданты да. Дженевьева оған жалт қарады: жігіттің түсі сұрланып кеткен екен, ес-түс жоқ, ернін жыбырлатып, төрешімен бірге:— жеті, сегіз, тоғыз… деп тұр.

Тоғызыншы секунд дегенде төреші ақтық рет Понтаны қолымен итеріп қалды, сол сәтте Джо да орнынан қарғып тұрып, қорғануға оңтайтайлана қойды. Әлсіреп қалған екен, бірақ сондай сабырлы көрінді. Понта да бас салды, бар күшін жинап, екі рет қол сілтеді: бірінші рет туралап, екіншісінде қайыра соқпақ болды. Джо екі ретінде де қолын қағып жіберді, үшінші рет сілтегенде бұғып қалды, төртіншісінде жалтарып кетті, бірақ Понта үсті-үстіне тоқпақтап, бұрышқа қуып тықты. Джо әлсірейін деді, тізелері бүгіліп, аяғын әрең басты. Понта жан алқымға алып, кермеге қамады — өзге барар жер де қалған жоқ. Сол кезде Понта демін бір алып, бар күшін сала оң қолын сілтеп қалып еді, Джо айқаса кетті, сөйтіп әрең дегенде тағы бір жан сақтады.

Понта бұлқынып босамақ болады; жеңілген жауының саудасын бітірейін-ақ деп еді, Джо жармасып, айрылар болсашы; Понта босап бара жатса, қайтадан қапсыра құшақтай алады.

— Ажыраңдар! — деді төреші. Джо ажырасу түгіл жабысып тіптен айрылар емес.

— Қойдырсаңызшы мынаған! Қара басқыр, жұлқыламай не қарап тұрсың? — деді ентігіп Понта төрешіге. Төреші тағы да ажыраңдар деп әмір етті. Бірақ бұл әдісі ережеге қайшы болмаған соң, Джо төрешінің берген тәртібін орындаған жоқ. Секунд сайын әлі кіріп, есін жинап, көз алдындағы бұлдыраған тұман серіле бастады. Раунд жаңа ғана басталған еді, қалай да үш минут жал таппай болмайды.

Төреші бір қолымен Джоны, бір қолымен Понтаны иығынан итеріп, екеуінің арасына түсті. Босай сала Понта Джоға жыртқыш аңша секірді. Джо жабыла қалды да, қолын қағып жіберіп, қапсырып алды. Понта тағы да босамақ болып, жұлқынып, Джо жібермей, ақыры екеуін төреші келіп ажыратып жіберді. Бұл жолы да Джо қашақтап жүріп, ақыры айқара құшақтап алды.

Айқасса-ақ Джоның жан сақтайтынын Дженевьева енді жақсы біледі. Олай болса, төрешінің өлімдесіп, қайта-қайта ажырата беретіні несі? Бұл адамгершілік емес. Эдди Джоне ажыраңдар деп команда берген сайын Дженевьева оның жылы шырайлы дөңгелек жүзіне жазғыра қарайды, орнынан ұшып тұрып, тырнақтары алақанына біздей қадалғанша жұдырығын түйеді. Бүкіл раунд, ұзақ-ұзақ үш минут, қайта-қайта құшақтасып, қайта-қайта ажырасумен өтті. Понта ақтық рет қасқайта бір ұра алмай-ақ қойды. Жеңілудің аз-ақ алдында әлсіреп жүрген Джоны ұрып жығуға дәрмені жетпей зығыры қайнады. Бір ғана ұрса, бір-ақ рет ұрса болғаны еді — әттең, орамы келер емес! Джоны әзірше аман сақтап жүрген тек тәжірибесі, өзінің сабырлылығы. Есеңгіреп, аяғынан әрең басып жүрсе де, жармасып қайта-қайта құшақтай береді, қашан бойына күш-қаузары жиылғанша айқасып айрылмайды. Әбден ызасы қайнаған Понта бір кезде Джоны көтеріп алып, жерге дұрс ұрайын деп мықшыңдай бастап еді, залдан:

— Онан да тістеп алсайшы! — деген Силверстейннің ащы даусы саңқ ете қалды.

Тына қалған тамам халық қыршаңқы сөзді түгел естіді. Ақыры не боларын білмей, жақсы көрген күрескеріне қабырғасы қайысып отырған жұрт ду күлді. Күлгенде де шек-сілесі қата шиқылдай күлді. Силверстейннің әзіліне жұртпен бірге күлген Дженевьеваның үрейі сәл тарағандай, бірақ басы айналып, жүрегі лоблыды: бағанадан бері рингіден көргені титығына тиіп, әбден жүрегін шайған екен.

— Тістеп ал! Қыршып ал! — деді залдағылар гуілдеп.— Құлағын шайнасайшы! Естисің бе, Понта! Бәрі бір әлің жетпейді. Онан да жеп қойсайшы! Жеп қой! Неғып тұрсың?

Көптің ұтылаған қаңқу сөзі Понтаның жанына тиді. Кіжінген сайын ұрысы ұрыс болмай барады. Құр бекер күшеніп, тістеніп, жылмасырап, күшін босқа жұмсайды; ұстамды, ұтымды болу деген жайына қалды, қара күшке сала береді. Қанына қарайған Понтаның жауымды құртсам деген соқыр сезімнен өзге ойы жоқ; айқасқан кезде Джоны егеуқұйрық тістеген иттей сілкілейді, қолын босатпақ болып, бұлқынады, тулайды. Бірақ Джо қапсыра құшақтаған бойы без бақпай тұрып алады. Төреші екеуін ажыратып жіберуге шынымен-ақ күшін салып жүр. Абзалы бұл оңай іс болмады — әбден сабылды. Жанталасып, бар қайратын жұмсап, екеуін ажыратып жіберсе, Джо іле-шала қапсыра құшақтап алады, амал жоқ, қайтадан тағы бір азапқа түсу керек. Понта да Джоның тұтқыр уысынан шырғалып шыға алмай жүр. Тым алыстап кетуге болмайды: ұру үшін қол соғым жер жақын келу керек, жақындаса-ақ болғаны Джо шап беріп құшақтап алады да жіпсіз байлайды.

Орындығының үстінде бүкшиіп, тар бөлменің қабырғасындағы кішкене тесіктен сығалап қарап отырған Дженевьева да бүгін ойындағы арманынан шыға алмағандай. Мынау өлермен, қанқұйлы қатты ұрыста ол бейсауат адам емес, мүдделі кісінің бірі. Себебі ұрысып жүргендердің біреуі жан-жары, Джосы. Бірақ өзге жұрт бәріне түсініп, түшіркеніп отырғанда ол әлі ешнәрсе ұққан жоқ. Ринг бұрынғысынан да қиын жұмбақ болды; оның елді еліктіріп әкететін не ғажайыбының барын біле алмады. Бұлшық еттері дірілдеп, білеуленіп, өлімдесе арпалысып, өлтіре ұрып жүрген Джо не мархабат тапты? Дженевьеваның көрсетер мырзалығынан — оның тып-тыныш рахат тұрмысы мен мөлдір махаббатынан мұның несі артық? Джоның жүрегі мең жан сырына ортақ боламын десе, қайтарар қармысы да әрі қимасы, әрі қымбаты еді ғой, рингінің онымен тайталаса алатын не жөні бар, бірақ жігіт екеуімен де тілсіз арбасады: қызды құшағына қысса, көз-құлағы сонау сиқыршы әзәзілде, әттең оның құпиясына қана алмай-ақ барады.

Дағыра даңғыр етті. Раунд Понтаның бұрышында, екі боксер айқасып тұрған мезетте аяқталды. Бағанағы сұрша секундант алаңға қарғып шығып, Джоны қолтығынан сүйемелдеп, бұрышына қарай жүгірді; секунданттардың бәрі жалмажан екі аяғын үйкелеп, қарнын шапалақтады, тынысы кеңісін деп трусиін тартты. Қарнымен дем алған дегенді Дженевьеваның көріп отырғаны осы, бұрын өзі көшеде трамвай қуалағанда да бұл сықылды қос бүйірін соға ентігіп көрген емес-ті. Мұрын жарған ащы иіс қайдан десе: Джоның бетіне мұсатыр спиртін бүріккен губка қойып жатыр екен, ол басын айықтыру үшін спирт иіскеді. Аузын, тамағын шайқады, бір тілім лимон татты. Джо сөйтіп жатқанда, секунданттары: қаны тазарсын, жаңғырған қан алдағы ұрыста тамыр-тамырына тарасын деп, асығып-үсігіп жан-жақтан сүлгі орамал желпіп, өкпесіне оттегін айдаумен болды. Пысынаған денесін сулы губкамен ысқылап, басына шөлмектен су құйысты.

Алтыншы тарау

Дағыра қағылып, алтыншы раунд басталысымен ұрыскерлер ортаға шықты; денелерінде су тамшылары жылт-жылт етеді. Орнынан өpe тұрып, ентелей ұмтылған Понта Джоға рингінің ортасында емес, бұрышына таяу, шеткерірек барып килікті. Ол Джоның есін жидырмай жұмысын тез бітірмекке асыққан-ды, бірақ Джо да жапырыла қойған жоқ, тыңайып қалған екен, секунд сайын әлденіп, қайратына мінді. Әріптесінің алғашқы екпінін әуелі тойтарып алып, мықтап бір соғып жібергенде, Понта кейін қарай ұшып түсті. Джо тап берейін дегендей қомдана түсті де, қоя қойды, қайта Понтаның құйындатып келіп тиіскен ашулы екпінін абыржымай сайлана қарсы алды.

Ұрыс бастапқы күйіне тағы келді. Джо құшақтап қорғана берсе, Понта ұмтылып ұрғылай түседі. Бірақ ұрысына өзінің көңілі толып жүрген жоқ,— еңсеріп, еркінсіп кете алмады; қаншама бастырмалатып барын салғанымен, орайы келсе, Джо да есесін жіберер емес. Ол күш сақтап жүр, Понта он ұрса, ол бір соғады, соққанда сілтегені тегін кетпейді — дәл тиеді. Понта Джоға қарағанда шабуылға шебер екен, бірақ әлі дендеп әкете алмай-ақ жүр, Джоның анда-санда әдіспен бір ұрғаны оның тегін жау емес екенін көрсеткендей. Бұл жайтты жақсы түсінген Понта бұрынғыдай емес сақтанайын деді. Алғашқы раундыдағыдай бір ұрғаннан қалдырмаймын ғой деп өкіректей беруін қойды.

Ұрыс кейпі көзбе-көз өзгере бастады. Мұны залдағылар сезіп отыр, тоғызыншы раунд басталғанда Дженевьева да түсінді. Енді шабуылға Джо белсеніп кірісіп жүр. Айқасқан уақытта ту сырттан, белден соғатын енді Понта емес, Джо болды. Ол айқасқан сайын бір-ақ ұрады, бір ұрса да аянбай зілдеп соғады. Айқасудан ажырар кезде төс шеміршектің түбінен, немесе шықшыттан, немесе тура ауыздан оқсата ұрады. Ал Понта құйындата бастаса, шегініп кетіп, жабыла қояды.

Осылайша екі раунд өтті, онан кейін тағы бір раунд өтті; Понта кәдімгідей әлсірейін деді. Джоның ендігі міндеті титықтап, діңкелету болды — бір емес, он емес, қояр да қоймай, көзін ашырмай, үсті-үстіне үздіксіз ұрып, Понтаның қажымас қайратын қайтарып, мойыру керек сықылды. Джо шынында да тыным бермей тықсырып барады, ентелеп ілгері басқан сайын сәл бүгулі сол аяғы қатқыл болыққа тып-тып тиеді. Кей уақта ол жолбарысша атылады, бір рет немесе бірнеше рет ұрып қалады да, көзді ашып-жұмғанша болмай кері шегініп, қайта ұмтылады. Понта ұмтылса, жабына түседі, көзін ала беріп тағы шапшиды, ентелейді, екіленеді, сол аяғының әрбір басқаны тағы да тып-тып естіледі.

Понта әлсірей берді, әлсірей берді. Егестің немен тынатыны анық болды.

— Джо! Біздің Джо! — дейді жұрт жас боксшыға ризалығын білдіріп.

— Мынау сөлекет үшін біреуден бәс ұту да ұят шығар! — дейді залдан әлдебіреу Понтаны мұқатып.

— Неге жеп қоймай жүрсің, Понта? Кәне, қылғысаңшы!

Раунд бітсе енді Понтаның секунданттары әбігерленеді. Оның моюды білмейтін мол күшіне қатты сенген секунданттары да күмәнданайын дегендей. Дженевьеваның көзі олардың безек қаққан қимылында болса, құлағы Джоның сұрша секундантының айтып жатқан ақылында.

— Асықпа, дейді ол.— Понтаның қарқыны қайтып, қалжырағаны анық, бірақ сен тым аптықпа. Оның, сырын мен жақсы білемін: ақырына дейін бір соғарын сақтайтын әдеті бар. Талай-талай таяқ жегенін де көргенбіз, сілесі құрыған-ақ шығар деп ойлайсың сонда да патшағар бір ұрарын уысына бүгіп қалады. Бір ұрыста Микки Салливен әбден есін тандырғаны әлі есімде, қатарынан алты рет нокдаун болды, сөйтіп жүргенде өзі ашылып кетіпті. Сол-ақ екен Понта жақ сүйектен сылқ еткізді. Екі минуттен кейін әрең есін жиған Микки: иә, не болды дегені ғой. Сақ бол, жігітім, абайла, асқақтама. Сен үшін бәс тігіп ем, әлі ұтысым уысыма түсті деп айта алмаймын.

Бұл кезде Понтаның үстіне секунданттары су себелеп жатқан. Тап дағыра ұрылған сәтте біреуі басына шөлмектен лықылдатып су құйды. Понта ортаға қарай жүргенде секундант шөлмегін оның басына төңкерген күйі артынан рингіге қарай ере жүрді. Төреші оған дауыстап зекіп қалды, секундант рингіден зыта жөнелгенде, қолынан еденге ұшып түскен шөлмегі зыр домалап, ішіндегі суы лақылдап еденге төгілді, төреші шөлмекті аяғымен қағып жіберді.

Дженевьева Джоның дидарынан бүгін таңертең мебель магазинінде бокс туралы әңгімелескенде байқаған бір райын көре алмай отыр. Кей раундыда ол уылжыған жас ұландай ажарланып кетеді. Понтаның жұдырығы жанына қатты батса, солғын тартып, сұрланады, түнереді, ал уақыт ұтпақ болып, Понтаға қайта-қайта жармасып жүрген кезде тіпті мұңайғандай да болады. Бірақ қазір жауынан сескенбейді, енді басынып еркіп жүр Дженевьева онан боксшының шын кейпін жаңа көре бастады. Көрді де — шошынды. Джо біртүрлі алыстап кеткен тәрізді! Оның жайын білем ғой, ар жақ — бер жағын жақсы түсінем ғой, өзімнің уысымда ғой деп ойлаушы еді, бірақ мынау бейнебір құрыштан құйылған қатал кескіні, мынау еріні, көк берендей жалт-жұлт еткен көздері мүлде жат. «Жүзіне құдіреттің нұры түскен мәңкір-мәңкірдің» нағыз өзі ғой деп ойлады Дженевьева ішінен.

Понта алғашқы раундыдағыдай тегеуріндеп, сес көрсетпек болған, бірақ Джо оны ауызға ұрып, беттеттірмей, сұлқын басып тастады. Бір секунд тыным бермей титықтап, тықсыра берді. Он үшінші раунд бітерде Понтаны түйгіштеп, бұрышына қуып тықты. Оның қарсыласпақ болғанын көріп, тағы бір соқты, Понта екі тізесін бірдей бүгіп, сылқ етіп отыра кетті. Оныншы секундта орнынан тұрып, айқаспақ болды, бірақ Джо жуытпай төс шеміршектің түбінен төрт рет қойып-қойып жіберді, дағыраның дауысы естілген сәтте демі бітіп, талықсыған Понта секунданттарын құшақтай құлады.

Джо жүгіріп, рингіні көктей өтіп, өзінің бұрышына барды.

— Міне менің де келер кезегім келді,— деді ол секундантына.

— Иә, бұл жолы сілікпесін шығарғаның рас,— деді секундант.— Енді нақ бір қырсық кездеспесе, сәті келген сықылды, сонда да сақтан Понтадан, сақтан.

Джо тұра жүгіруге сигнал күткен жаяу жүйріктерше ілгері еңкейіп, тізесін сәл бүккен қалпында қалшиып тұр. Даңғырды ести сала екі секіріп, Понтаның бұрышына жетіп барды, ол кезде айнала қоршаған секунданттарының ортасында отырған Понта жаңа ғана тұра бастаған еді. Тап сол арада Джо оң қолымен ұрып жықты. Шырмалған шелек, орындық, секунданттардың арасынан әрең шыққан Понтаны екінші рет ұшыра соқты. Бұрышынан бері шыққанша Понта үшінші соққыдан сүре жығылды.

Сонан кейін Джо көз ашырмай құйындатып ала жөнелді. Джоның: «Сен аңысын аңдап отырғайсың, шындап кіріскенімді өзің-ақ аңғарасың»,— дегені Дженевьеваның жадында еді. Бұл жайды залдағылар да аңғарды. Бүкіл жұрт орындарынан ұшып тұрып, айғай-шу, ұлы сүрен салды. Мына желіккен, көзіне қан толған тобырдың өкірігін есіткенде Дженевьева аш қасқырлар да осылай жиылып алып, бет-бетімен шуылдап ұлитын болар-ау деп ойлады. Жан жарының жеңетініне көзі әбден жеткесін, оның жүрегінен Понтаға да аз-кем аяныш табылғандай.

Понта қорғана алмай, не қарсы қайрат көрсетіп, не бұлтарып, не айқасып жал таба алмай әбігер — Джо оны аяған жоқ, нокдауннан көз ашырмады. Понта болыққа шалқасынан да, жанбасынан да жығылды, айқасқанда да, ажырасқанда да сілейе соққы жеді, басы зеңіп, бұлшық еттері босады. Джо біресе қақпалап бұрышқа қуып тығады, біресе бері айдап шығады, кермеге қарай ұшыра соғады, күтіп тұрып, қайта тұрған кезде қайыра соғады. Понта беталды жұдырығын сілтей береді, сілтей береді, кейде құлаштап келіп ұрады, тигізе алмайды. Адамға емес, тағыларға, қамауда қалған, жанталасқан, арсылдаған аңға ұсады. Тізерлеп барып шөге құласа, он секунд уақытын күтпей, қиқайып, тәлтіректеп тағы тұрады, Джо көрменің арқанына қайыра соғады.

Соққыдан сілейіп, өлесі болып, аяғын әлтек-тәлтек басып, аузымен ауа қармап, алқынып, ырсылдап, көзі бозарып, рингіде сенделіп әрең жүрсе де, Понтаның әлі де дұшпанымды оқсатсам деген дәмесі бар. Жеңілгенін мойындамастан, ақырына дейін арпалысып, әрі қайтпас қайсар екенін, әрі өзінің шіркіндігін көрсетті.

Бір кезде болықтың су тиген жерінен Джоның аяғы тайып кетті. Қанталаған көзі мұны шалып қалған Понта әлі бір үмітім бар екен ғой деді де, сол секунтінде бойындағы бар қайратын сарқа жиып, дәл иектің астынан тапжылтпастай мығым соқты. Джо серең етіп, шалқасынан қалпақтай түсті. Дженевьева оның құлап бара жатқанда бүкіл денесі болбырап кеткенін көріп, болық төсеген еденге қара құсы қатты тигенде, сылқ ете қалғанын естіді.

Залдағы шу тына қалды. Төреші сұлап жатқан Джоның үстіне құдия төніп, секунд санады. Понта оған қарай тәлтіректеп ұмтыла аттады да, гүрс етіп тізерлей құлады. Орнынан әрең тұрып, залдағы халыққа өшпенді көзімен айнала қарады. Аяқтары қалтырап, тізелері бүгіліп, қырылдап демін әрең алды. Теңселді, кейін қарай ауытқыды, құлап кетпес үшін кермеден ұстай алып, әлсіреп, екі бүктеліп, басы темен салбырап, денесін билей алмай, арқанға барып асыла кетті.

Төреші он секунтін санап болғасын, қолымен Понтаны нұсқады; бұл — жеңген мынау деген белгісі еді.

Залдан жан адам қол соққан жоқ, Понта ирелеңдеп жер бауырлап, керменің астынан әрең өтті, күтіп тұрған секунданттары қолтығынан ұстай алды, қабырғаның бойымен бүкіл зал арқылы ала жөнелді. Джо әлі сұлық жатыр. Секунданттары оны да көтеріп апарып, бұрыштағы орнына сүйеп отырғызды. Көптің ішінен кейбір қызық құмар адамдар ортадағы алаңға андағайлап шыға бастаған еді, полисмендер ай-жайына қаратпай айдап шықты.

Дженевьева осының бәрін тесіктен көріп отыр. Оншама абыржыған да жоқ. Ғашығы жеңіліп қалды, ол қатты қынжылатын да болар, өкінішіне іштей ортақ,— онан өзге не қылсын. Мүмкін, тіпті осылай болғаны оңды шығар. Опасыз ринг оны жер соқтырып кетті ғой — енді Джоға бір өзі ғана бауыр басып кетеді-дағы. Нокауттың жайын Джодан естіген: кейде боксшы бірден есін жия алмай жатып та қалады дейді ғой. Бірақ секунданттар дәрігер шақыртқанда барып, Дженевьеваның жүрегі зыр ете түсті.

Секунданттар Джоны рингіден көтеріп алып кетті. Кермеден өткесін, оларды Дженевьева көре алған жоқ. Әлден уақытта есік ашылды, бөлмеге Джоны көтеріп, бірнеше кісі кіріп келді. Олар Джоны тозаң-тозаң еденнің үстіне ұзынынан салды; секунданттың біреуі оның былқ-былқ еткен басын сүйеп жүр. Дженевьеваның мұнда отырғанына келгендердің ешқайсысы таңырқай қойған жоқ. Дженевьева Джоның жанына барып, тізерлеп отыра кетті. Көздері жұмулы, тісі сәл ырсиып, аузы сәл ашылыңқыраған. Қыз оның қолын көтеріп еді, бір түрлі жансыз, зілдей ауыр көрінді де шошып кетті; басын көтеріп, секунданттарға, айналасында тұрған өзге еркектерге қарады. Олардың бәрі де әлде неге үрейленіп тұрған тәрізді. Тек біреуі ғана күбірлеп, әлде кімді тілдеп қатты сөгініп тұр. Бір кезде өзінің қасында тұрған Силверстейнге көзі түсті, оның да үрейі ұшқан. Ол жай ғана иығына қолын тигізіп, мүсіркеген адамдай қысты.

Оның мүсіркегені онан сайын үрейін алды. Ақылы алжасып, есінен танды. Бөлмеге біреу кіріп келді. Тұрғандардың бәрі ығысып, жол берді оған. Келген кісі кейіп:

— Кетіңдер! Бәрің де шығыңдар! Бөлмені босатыңдар! — деді.

Бірнеше кісі үн-түн жоқ үйден шыға бастады.

— Сіз кімсіз? — деді жұлып алғандай Женевьеваға қарап.— Мынау қыз бала ғой, шайтан алғыр!

— Оқа етпес, басында болсын, қалыңдығы ғой,— деді бағана өзін осында ертіп келген жас жігіт.

— Сіз ше?—деді ол Силверстейнге шатынай қарап.

— Мен мына қыздың серігімін,— деп қарт шамданып қалды.

— Бүл кісі мынау қыздың қожасы болады,— деп түсіндірді оған жас жігіт. Сонан кейін,— бәрін реттедік, өзіңізге айттым ғой,— деді.

Дәрігер жаратпай қымс етті де, жүресінен отыра қалып, Джоның қан жуған дымқыл шашын бір сипады, тағы бір қымс етіп, түрегелді.

— Мен түк істей алмаймын,— деді ол,— жедел жәрдем шақыртыңыздар.

Сонан кейін оқиғаның бәрі Дженевьеваға үрейлі түстей болды. Сірә, есі ауған болу керек, әйтпесе Силверстейн бір қолымен сүйемес еді ғой. Айналасындағы жұрттың бет-жүзі бұлдырай бастады; әлдекімнің даусы естілді: өзін ертіп келген жігіт газет хабаршылары туралы бірдеңе айтты.

— Сенің есімің де газетке жазылады,— деген Силверстейннің шыңыраудан шыққандай әлсіреп әрең жеткен сөзін естіп, сәл айығып, наразылық білдіргендей басын шайқады.

Тағы да танымайтын бір топ кісі кіріп келді. Олар Джоны зембілге салып, алып кетті. Силверстейн қыздың үстіндегі пальтоның түймесін салып, жалпақ жағасын көтерді. Бетіне түннің салқын самалы тиді. Аспанда жымыңдаған суық жұлдыздарға көзі түсті. Біреулер сүйемелдеп, тар жерге отырғызды. Қасынан Силверстейн орын алды. Джо да осында екен: зембілдің үстінде сұлық жатыр, шешіндіріпті, үстіне адиял жауыпты. Көк мундир киген қасында тағы біреу отыр, ол көңіл айтқансиды, бірақ не айтқанын аңғара алған жоқ. Тақ-тақ еткен ат тұяғының дүбірі естілді, әлдебір екпін қараңғы түннің құшағына ала жөнелді.

Міне көзіне тағы жарық түсті, самбырлаған дауыстар естілді, иодоформның исі келді. «Аурухана екен ғой,— деп ойлады.— Анау операция столы, дәрігерлер де тұр». Бәрі де Джоға үңілген. Шетелден келген адам тәрізді бір қара көзді, қара сақалды кісі басын көтеріп алып, қасындағы дәрігерлерге:

— Өмірімде мұндайды көргенім жоқ. Бүкіл қара құсы солайымен…,— деді.

Ыстық ерні тобарсыды. Жас булығып алқымына тығылды. Бірақ неге қыстығады, неге жыламайды? Жылауы керек қой! Реті солай екенін біледі де. Әнекей, енсіз кереуеттің ар жағында Лотти де жылап тұр (бұл бүгін көрген қорқынышты түсінің тағы бір суреті). Біреулер дабырлап сөйлейді, коматоз, өлім халі, жан тәсілімі дейді. Оны айтқан жаңағы қара сақалды доктор емес, басқа біреу. Бірақ кім айтса да — бәрібір ғой. Сағат қанша болды екен? Оның, үнсіз сұрағын естігендей таңда рауандады.

— Бүгін тойымыз болатын күн еді-ау,— деді ол Лоттиға.

— Үндеме! Үніңді шығарма! — деді оған Джоның қарындасы, сөйтті де екі қолымен бетін басып, өксіп-өксіп жылады.

Сонымен, бәрі адыра қалды: кілемшілері де, мебелі де, жылы-жайлы ұясы да; жұлдызды аспан астында талай кездесіп, серуендеген күндері, біріне-бірі шын ғашық болған бақытты дәурені — бәрі өтті-кетті. Ақыры ұшығына шыға алмай бара жатқан осынау ринг деген неткен рақымсыз әзірейіл еді! Еркек атаулының жанын осынша арбап, жады қылған рингінің күш-қасиеті туралы, оның алдамшы опасыз қылығы туралы ойлап қыз шошынайын деді; хауіпті, қанқұйлы, құтырынды ойынның түсіне алмастай не сұмдығы бар! Сол ойынның салдарынан әйелдің халі мүшкіл болды емес пе: ол еркектің көңілін бір өзіне толық аудару түгіл, соның ермегіне, азынаулақ алданышына ғана айналып кеткен жоқ па. Еркек әйелге назарын салады, мәпелейді, күтеді, жүрегінің қызуы мен минуттық қызығын ғана ұсынып, ал мынау жәдігөйге күні мен түнін, бар ықыласын, ақыл өнері мен күш-қаузарын, барша сабыры мен жан қимасын, бүкіл өмір қайраты мен өңменін салады.

Силверстейн сүйемелдеп орнынан тұрғызды. Қыз оның ырқына көне берді. Ұйқының шырмауынан да әлі арылып болмағандай. Қарт қолтығынан сүйеп, есікке қарай алып жүрді.

— Неге сүймейсің?—деді оған Лотти жұлып алғандай, ол қарауытқан мұңлы көзімен жаратпай шаншыла қарады.

Дженевьева үн-түн жоқ, өлі дененің үстіне еңкейіп, Джоның әлі суымаған аузына ернін тигізді. Алдынан есік ашылды, басқа бір бөлмеге кірді. Онда миссис Силверстейн тұр екен, ашулана, ызалана қарады. Дженевьеваның еркекше киінгенін көргесін, тіпті кекті көзінен кейістік ұшқындап кетті.

Силверстейн қаһарлы жұбайына жалына қараған-ақ еді, болмады, адуындап ала жөнелді.

— Мен саған не айтып едім, білесің бе? Не айтып едім? Жоқ, қасарысып болмадың, маған боксшы керек деп отырып алдың! Ал енді газет біткеннің бәрі білгенін жазады! Масқара-ай, рингіге еркекше киініп келіпті дейді-ау! Ах, жүзіқара-ай! Ах, оңбаған шіркін-ай! Ах, сен бе…

Даусы кілт үзіліп, көзінен жас сорғалады, быржық қолын жайды, қолбыраған, қолапайсыз сиқынан әулие ананың киелі нұры төгілді, ол мелшиіп тұрып қалған Дженевьевасына барып, бауырына басты. Күрсіне күбірлеп, сыбырлап, түсініксіз, бірақ мүсіркеген мейрімді сөздерін айтты, батпандай қолдарымен қыздың иығын сипалап, ілгері-кейін ақырын ырғалып тұрды.

Аударған Боранбай Омаров