Әңгіме: Джек Лондон | Бір кесек ет

0
Том Кинг ақырғы нан кесегімен сұйық қамырдың ең соңғы түйірін іліп алды да, сонымен тәрелкені тап-таза етіп сүртіп, әлгіні ұзақ отырып әбден шайнады. Ол үстел басынан өзекті жалаған алапат аштық түйсігімен тұрған. Және тамақтанғанда жалғыз өзі ғана болатын. Екі кішкене ұл құрсақтарының бостығын ұйқы кезінде ұмыта тұрар деген үмітпен көрші бөлмеге ертерек жатуға жайғастырылған еді. Әйелі асқа жолаған жоқ, күйеуіне сонадайдан мұңдана қарап, үн-түнсіз отыр. Ажары тая қоймағанмен арық, жүдеу-жадаулау бұл әйел жұмысшының қызы. Қамыр тұздық даярлайтын ұнды көршілерінен қарызға алған. Соңғы жарты пенниі нан алуға жұмсалды.

Терезе түбінде қирағалы зорға тұрған орындыққа ауыр салмағымен сықырлата отырған Том Кинг езуіне үйреншікті дағдысымен трубкасын қыстырып, жан қалтасына қол салды. Одан темекінің жоқтығы есіне түскенде өз-өзін ұмытшақтығы үшін бір сыбап алып, түтікшесін былай ысырып қойды. Қимылы сылбыр, тіпті ебедейсіз еді — сырт қарағанда буылтық-буылтық бұлшық етінің салмағынан қорлық көріп жүрген кісіге де ұқсап кетеді. Бұл өзі өте сұсты, аса айбарлы адам болатын; түр-тұлғасын тым тартымды деуге келе қоймайды. Үстіндегі ескі киімі іле салған қапша салбырап тұрады. Тозған башмақтары да күпі өткен ауыр нәлмен тағаланған. Екі шиллингтік арзан жейдесінің жағасы да әбден оңған, ал оған сіңген кірді енді ешбір сабынның ала алмайтыны анық.

Том Кингтің кәсібін оның түрінен-ақ жазбай тануға болады — кескіні нағыз кәнігі боксшынікі. Шаршы алаңдағы ұзақ жылғы жұмысы бойына әлдебір айқасқа әзір тұратын жыртқыштың сақтығын дарытқан. Осынау түнеріңкі адамның жақтары барлық сықпыты мейлінше айқын көрінсін дегендей мұқият қырылған. Сиықсыз еріндері қалай болса солай орналасқандықтан аузы жатқан бір жара сияқтанады. Ауыр, шомбал иегі алдыға қарай шығып тұр. Домбыққан қабақ пен жүндес қастың астындағы көздерінің де тым баяу қозғалатыны сондай, тіпті, тіршілік белгісі жоқ па деп қаласыз. Иә, Кингтің сырт келбетінен әлдебір жыртқыштықтың белгісін, әсіресе, ұйқылы-ояу көзінен шайқасқа түскелі тұрған арыстанның мінезін анық аңдар едіңіз. Тар маңдайы тайқы біткен, ал тықырлау күзелген шашының астынан кедір-бұдыр басының ор қыртысы анық көрінеді. Қисапсыз соққыдан жайыла жапырайып, екі мәрте сынған мұрны мен сиқынан айырылғаны сонша — ұдайы ісінгендіктен, өзінің қалыпты деңгейінен екі еседей үлкейіп кеткен қалқан құлақтары да мүлде көрік қосып тұрған жоқ. Ал таяуда қырылған сақалының орны көкпеңбек.

Қысқасы, Том Кингтің сықпыты әлдебір қараңғы тұста немесе оңашалау бір орындарда ұшырасса адамның зәресін алар еді. Дегенмен, ол ешбір қылмыскер емес-тін, және ешқашан бұзақылыққа барып та көрмеген. Кейде әлдекімдермен сөзге келіп қалатын кезде кездеседі — бұл оның ортасында үйреншікті нәрсе, ал жалпы өзінің жан баласына зияны тиген емес. Мұның ұрыс-керіс шығарған сәтін ешкім көрмепті. Том Кинг кәсіпқой боксшы болатын, сондықтан барлық жауынгерлік кәрін кәсіби сайыстар үшін сақтайды. Рннгтен тысқары жерлерде ол мүлде сылбыр, жуас адам, жас шағында ақшаны көпіртіп ұстаған кездерінде оны өз жағдайына қарайламастан мырза қолымен өзгелерге тарататын әдеті бар-тын. Кек сақтамайды, сол себептен дұшпандары да сирек. Шаршы алаңдағы ұрыстар бұл үшін күнкөріс көзі. Рннгте соққыларын қарсыласын қаусатып, жарадар етіп, қатардан шығару үшін жасайды, бірақ сонысының өзінде өшпенділік деген болмайды. Бұл оның әдеттегі шаруасы. Көрермендер қарсыластардың бір-бірін қалай құлататынын көруге келеді. Жеңімпазға қомақты ақшалай сыйлық беріледі. Том Кинг бұдан жиырма жыл бұрын Улумулу Гуджермен кездескенде Гуджердің астыңғы жақ сүйегінің Ныкаслке сайысында сынып, жазыла бастағанына небәрі төрт ай өткенін білетін-ді. Сондықтан да дәл сол жерді көздеп, тоғызыншы раундта тағы сындырып тынды, бірақ мұны Гуджерге деген қаскөйліктен емес, оны қатардан шығарып жүлденің ауқымды бөлігін алу үшін жасаған еді. Гуджер де бұған тіс қайрай қойған жоқ. Ойын заңы солай, екеуі де соны білді һәм басшылыққа алғандары да сол болатын.

Том Кинг сөзшең емес-ті. Терезе түбінде тым-тырыс отырған ол тұнжыраған күйі өзінің қолдарына қарайды. Білегінің ішкі жағында жуан қан тамырлары адырайып тұр, ал саусақтарының жапырайған ұсқынсыз буындары өздерінің атқарып жүрген қызметтерінен сыр аңдатқандай. Том Кинг адам ғұмыры оның күре тамырының тіршілігі дегенді естіген емес, бірақ оған осынау ісінген, жуан тамырлардың мәні жақсы таныс болатын. Жүрегі сол арқылы сұрапыл қысыммен өте көп мөлшерде қан айдайды. Олар, тіпті, өз міндеттерін атқара алмауға айналған. Шамадан тыс салмақ салып бұлардың да қалыпты жұмыс ырғағын бұзды, сонымен бірге өзінің де төзімділігін жоя бастайды. Енді тез шаршайтын болған, бұрынғыдай гонгтан-гонгқа дейін жын соққандай аласұрып, жанталастырған жиырма раунд бойы өз иығын өзі жұлып жеп, бірде керілген арқанға өзі тіреле қалып, бірде соған қарай қарсыласын тықсыра түсіп, әр раунд сайын шабуылдарының қарқынын үдеткен үстіне үдетіп, жекпе-жектің соңғы, жиырмасыншы кезеңінде бүкіл зал орындарынан атып тұрып гу ете түсетіндей, барлық күш-қуатын бір арнаға тоғыстырып, бәсекелесін жұдырық астына алып, өзі де соншама таяққа төтеп бере жүре алма-кезек жалтара кетісіп, одан қайта-қайта талмай шабуылдап, сол мезгілде асау жүрегі бүлкілдей тасыған тамырларына үздіксіз қан айдап, соққыдан соққы жасай алмайды. Ұрыс кезінде көлемі ұлғая түсетін күре тамырлары кейін сәл солады, алайда түгелдей емес, әйткенмен әрбір жолы аңдампаз көз олардың бұрынғыдан әжептәуір кеңіп кеткенін байқар еді.

Том Кинг өзінің қан тамырлары мен саусақтарының мылжа-мылжа буындарына қарап отырып, бір мезет осынау қолдардың алғаш «Валли Құбыжығы» деген лақап есіммен танымал Бекни Джонстың басына тиіп, сүйектерінің бірін майыстырып алғанша балғын, сүйкімді пішінді болғанын есіне түсірді.

Аштық қайтадан мазалай бастаған.

— Еһ! Бір кесек еттің табылмағаны ма! — деп міңгірледі ол өзінің дәу жұдырығын түйіп, ақырын ғана жекірініп.

— Іздеп көрдім, Берк пен Сөулейден де сұрадым, — деді әйелі кінәлі кейіппен.

— Бермеді ме? — деді бұл.

— Жарты пенниге де бермеді. Берк айтты…

Әйел күмілжіп қалған.

— Айтсайшы! Не деді ол?

— Азық-түлікті менен онсыз да көп алып қойдыңдар және, тәрізі, Сэндл енді сенің сазайыңды беретін шығар деп отыр.

Том Кинг жөткірінді, бірақ үндемеді. Кенет оның есіне өзінің жастау кезінде етке тойдырып асыраған бультерері оралды. Ондай кез болса Берк Кингке әбден сеніп, бұған қарызға мың бифштекске дейін берер еді. Ал қазір заман өзгерген. Том Кинг қартайды, ал екінші разрядты клубтардағы жарыстарға қатысушы кәрі боксшылар ләпкершілерден әлдебір жөні түзу несие ала алмайды.

Том Кинг осы таңда бір кесек сиыр етіне аңсары ауып оянған еді, енді сол құмары тояттанбай тыншитын емес. Оның үстіне бұл алдағы шайқасқа ойдағыдай дайындала алмай жүргемін білетін-ді. Биылғы жыл Австралияда қуаң болды да, жұрттың бәрінің жағдайы мүшкілдеп кездейсоқ жұмыс табудың өзі мұң болып кетті. Томның бірге жаттығатын әріптесі жоқ еді, әрі нашар ауқаттанатын. Тойып тамақ ішкен сәті сирек. Ыңғайы келгенде бірнеше күн бойы қара жұмыс атқарады, ал таңертең аяқтарын ширату үшін төмен бағып айнала жүгіреді. Серігің болмаса жаттығу да қиын, оның үстіне өзіңе қарап отырған әйелің мен балаларыңды асырауың керек. Сэндлмен арада өтетін сайыс мұның лөнкершілерден алатын несие көлемін көтере қоюы да неғайбіл. Гейети клубының хатшысы бұған жеңімпазға тиемел жүлденің бір бөлігі ретінде алдын ала үш фунт берді, бірақ бұған қосымша ештеңе бере алмайтынын ашық айтты. Кингке анда-санда ескі жолдастарынан үзіп-жұлып бірнеше шиллинг алудың сәті түскен; олар әрине, өздерін де тығырыққа тіреген құрғақшылық болмаса көбірек те берер еді. Жоқ, бірақ жасыратын несі бар, сайысқа өз даярлығы өтe нашар болатын. Дұрыс тамақтанып, бас қатыратын шаруалары аздау болса бір сәрі. Және қырыққа келгенде қалыпқа түсе қою да оңай емес, жиырмада да емессің.

— Сағат неше болды, Лиззи?

Іргелес үйдегі көршілерінен уақытты біліп қайтуға тұра жөнелген әйелі лезде қайта оралды.

— Сегізге он бес минут қалды.

— Алғашқы ұрыс бірнеше минуттан кейін басталады, — деді ол Ол тек сынақ сайысы. Одан соң төрт раунд Диллер Уэллс пен Гридлидің арасында, бұдан кейін он раунд Скайлайт пен әлдебір теңізшінің арасында өтеді. Мен кемінде бір сағаттан кейін шығамын.

Сөйтіп он минуттей үн-түнсіз тағы отырған ол әлден уақытта орнынан тұрды.

— Шынымды айтсам, Лиззи, менде дұрыс дайындық болған жоқ.

Кинг бас киімін алып есікке қарай беттеді. Ол әйелінің бетінен өпкен жоқ, — қоштасарда ешқашан сүймейтін еді, — бірақ бұл жолы өзі сүюді ұйғарған зайыбы оны қос қолдап мойнынан қысып басын еңкейтті; әйел алып денелі күйеуінің жанында тіпті шүйкедей ғана болып көрінген еді.

— Жолың болсын, Том, — деп сыбырлады ол — Сен оны жеңуге тиіссің.

— Иә, мен оны жеңуім керек, — деп қайталады бұл да. — Басқа әңгіме жоқ. Мен оны еңсеремін, бар жоғы сол ғана.

Ол жорта жайдарылана күлді. Ал әйелі мұны әлгісінен де қаттырақ құшақтай түскен. Бойы сорайған бұл жұбайының иығынан асырып жұпыны бөлмеге көз тастады. Өзінің дүниедегі барлық жиған-тергенінің бәрі осы-ақ: көптен бері ақысы төленбеген бөлме, әйелі мен балалары. Бұл жан серігі мен бүлдіршіндерін асырау үшін осыларды тастап, түн қатып жолға шығар еді, бірақ табысты станогына беттеп, бірыңғай жанкешті еңбегімен табатын жаңа заманғы жұмысшыдай емес, ежелгі алғашқы қауымдық құрылыс дәуіріндегідей жыртқыштық жолмен — айқаспен келтірер еді.

— Мен оны жеңуім керек, — деп қайталады ол бұл жолы тістене түсіп,

— Егер сұлатсам отыз фунт аламын да, барлық қарыздарымнан құтыламын және қаншама ақша қалады одан. Жеңе алмасам түк те жоқ, бір пенни де ала алмаймын, тіпті, үйге жететін трамвай жолақысы да тимейді. Ал қош бол, кемпір. Жеңіске жете қалсам тікелей үйге ораламын.

— Мен жатпаймын, күтемін! — деп дауыстады соңынан жүгіре шыққан әйелі сатыдан мойнын созып.

Гейети клубына дейін жап-жақсы екі мильдей жол жатыр еді, көшеде адымдап келе жатқан Том Кинг кезіндегі, сонау бақытты сәттеріндегі өзінің ауыр салмақ бойынша Жаңа Оңтүстік Уэлстегі чемпион болғанын, жарыстарда кеб көлігімен жүргенін, ал бұл үшін орасан ақша тігушінің өзінің асты-үстіне түсіп, көліктің ақысын төлейтінін есіне түсірді. Енді міне, анау Томмен Берне те, мынау зәңгі яки Джек Джонсон да автомобильмен жүр, ал бұл болса жаяу сүйретіліп келеді! Ал мына жатқан екі мильді өту ұрысқа деген керемет дайындық емес екенін кім білмейді. Бұл қартайған, өмір болса кәрілерді жарылқай қоймайды. Енді қара жұмыстан өзге бірдеңеге жарай қоюы қиын, сынған мұрын мен мылжаланған құлақтың да кедергі келтіріп бағатыны анық. Өзге бір кәсіп игеріп алмағаны да ішті ашытады. Иә, қарап отырса, сөйткені жөн екен. Бірақ уақытында ешкім ондай кеңес бере қоймапты. Әйткенмен, жан-жүрегімен ұғынады — бұл онда бөгде біреулердің ақылына бәрібір құлақ аспас еді. Онда бәрі оңай келетін. Мол ақша, қызу да дүбірлі сайыстар, ал арасында ұзақ демалыс кезеңдері, бос жүріс болады… Айналаңда қаптаған жағымпаздар… Арқадан қағу, қол қысу… Мұнымен бес минут тілдесіп қалудың өзін мәртебе көріп, үсті-үстіне виски ұсынған ақсүйек кербездер… Сөйтіп осының бәрі көпшілік көрермендердің дүр сілкіне толқуына, дүбірлі мәреге, төрешінің: «Кинг жеңіске жетті! » деп хабарлауына ұласады, ал ертеңіне газеттер мұның атын спорттық бағанасына шулатып жазып жатады.

Иә, ғажайып кезең еді! Ал енді содан кейін өз әдетінше сол төңіректе ақырындап ұзақ толғанып көрсе, дәп бұл онда қарттарды тұғырдан тайдырып жүрген кезі екен. Сол сәттерде өзі жарық жұлдыз, Жастық екен де, әлгілер Кәрілікке бет түзегендер көрінеді. Оларды жеңу себебі де түсінікті сияқты: қан тамырлары адырайған, буындары мылжа-мылжа, қисапсыз шайқастардан әбден әлсіреген адамдар болатын. Раш-Каттерс Бэйде ол сегізінші раундта кәрі Стоушер Биллді соққыға жығып, тізе бүктіргені есіне түсті, сонда ол шешінетін орнында балаша жылап еді. Мүмкін Билл әлгі кезде пәтерақысын төлей алмай жүрген шығар? Әлде үйінде әйелі мен балалары күтіп отырды ма екен? Бәлкім, Билл сайысқа шығатын күні аш болып, бір кесек етті аңсады ма? Қарт берілмей қасарысып бақты, ал бұл оны оңдырмай соғып еді. Енді сол қарсыласының кебін киген Том Кинг осыдан жиырма жыл бұрыңғы сонау кеште Стаушер Биллдің бәске даңққа бола, жеңіл келетін ақша үшін шайқасқан жас Томға қарағанда көбірек шығынданғанын жіті түйсінді. Сайыстан соң Стоушер Биллдің шешінетін жерде жылау сырын түсінбейтін не бар?

Иә, қарап отырса, әркімге айқас санына арналып берілетін күш те өлшеулі екен. Ұрыстың темірдей заңдылығы осы. Біреу жүздеген сайысқа, ал келесі әлдекім тек жиырма шайқасқа ғана төтеп беруі мүмкін; әркім өз болмысы мен күш-қуатына сәйкес белгілі бір кезеңге дейін бара алады, ал бұдан кейін ол біткен адам. Әйтеуір Том Кингке өзгелерге қарағанда көптеу мұрсат беріліп, мұның маңдайына өкпесі мен жүрегіне жарылып кетердей күш салып, сан алуан қиян-кескі, қатыгез ұрыстар өткізу жазылыпты, содан да қан тамырлары ажардан айырылып, тал шыбықтай икемді тұрпаты біртіндеп дөрекіленіп, бұлшық еті сіңірлене түсіп, жүйкесі де тозып, денесі мен миы ауыр салмақтап мүлде қалжыраған болатын. Иә, бұл басқаларға қарағанда көптеу жүріпті! Мұның ескі достарының бәрі шаршы алаңнан әлдеқашан кеткен. Бұл кәрі сарбаздар тобының ең соңғы өкілі-тін. Олар қатардан мұның көз алдында шыққан, енді міне, өзі де сол межеге қадам басыпты.

Мұны жасамыстарға қарсы шығаратын еді де, бұл оларды, мәселен, шешінетін орында Стоушер Биллдің жылағанындай күлкі етіп, бірінен кейін бірін шақ келтірмей жайпап шығатын. Міне, бұл да қартайды, енді жастар мұның өзін күштерін сынайтын нысанға айналдырған. Мысалы, анау Сэндл сайыпқыранды алайық. Ол атағын шығарып, Жаңа Зеландиядан келген. Бірақ мұнда, Австралияда ешкім білмейтін оны кәрі Том Кингке қарсы шығарғалы отыр. Егер Сэнди өзін көрсете білсе оған күштірек қарылас береді де, жүлде көлемін өсіре түседі. Сол себептен ол бүгін аянбай шайқасады. Өйткені бұл сайыста бәріне де қол жеткізе алады — жүлдеге ақша да, атақ пен мансап та тігілген. Ал даңқ пен дәулетке бастайтын осынау кең жолды кәрі, бозбас Кинг кес-кестеп тұр. Кинг болса үй иесі мен ләпкешілермен есеп айырысатын отыз фунттан артық ештеңе ұта алмайды. Осыны ойлаған сәтте оның мүлгіген миында өзі сап-сау, өкпе-қолқасы шаршап-шалдығу дегенді білмейтін, терісі жібектей құлпырып, бұлшық еттері бүлт-бүлт ойнап гүл жайнаған Жастықтың бейнесі пайда болды. Күш-қуатын баптағандарды күлкі қылатын Жастықтың бейнесі! Иә, Жастық деген — Жаза! Ол осынау қимыл-әрекеті арқылы өз-өзін жоя бастайтынын ойланбастан қарттарды ойсырата опырып жібереді. Алайда біртіндеп күре тамырлары білеуленіп, саусағының буындары жапырыла түсіп Жастықтың өзі жеңіледі. Әйткенмен, Жастық әрдайым балғын. Тек кезектескен ұрпақтар қатары ғана қартаяды.

Кеслри-стрит тұсына жеткенде солға бұрылды да, үш квартал өтіп Гейсти клубына келді. Кіре берісте иін тіресіп тұрған жастар легі ізетпен ығысты. Бұл сыртынан шыққан:

— Сол! Том Кингтің дәл өзі! — деген дауыстарды естіді. Шешінетін жерге беттеп бара жатып хатшыны — түрі түлкінің сықпытына ұқсас жылмаңкөз жігітті ұшыратты. Ол қол ұсынған.

— Көңіл күйіңіз қалай, Том? — деп сұрады ол

— Тамаша! Піскен алмадай тып-тыңмын! — деп жауап қатты Кинг шіп-шикі өтірік айтып тұрғанын білсе де.

Дәл қазір қалтасында жалғыз фунт стерлинг жатса ойланбастан бір кесек жақсы етке бола бере салар еді.

Шешінетін орыннан өзінің секунданттарына еріп орындықтар арасымен зал ортасындағы арқанмен қоршалған шаршы алаңға беттеп келе жатқанында асыға күтіп отырған көпшілік дүр етіп, ду қол шапалақтап қарсы алды. Оңына да, солына да иіле бас иген Том Кинг өзіне таныс адамдардың аз екенін аңдаған.

Көрермендердің көпшілігі бұл рингте алғаш жеңіске жете бастаған тұстарда жарық дүниеге келіп те үлгермеген жасөспірімдер еді. Керілген арқандардың арасынан лып етіп өткен Кинг шаршы алаңға жеңіл ырғып шықты да, өз бұрышына барып, жинамалы орындыққа жайғасты. Төреші Джек Болл мұның қолын қысуға ұмтылды. Рингке шығуды доғарған бұрынғы боксшы Боллдың сайысқа түспегеніне он жылдан асқан. Кинг төрешілікке Боллдың тағайындалғанына қуанып қалды. Бұлардың екеуі де шау тартқан адамдар. Том Боллға сенім артуға болатынын білді. Егер бұл Сэндлмен шайқаста ережеден тыс әлдебір қимыл жасап қалса Болл оны көрмеген бола қалады.

Ауыр салмақты жас боксшылар бірінен кейін бірі алаңға көтеріліп жатты, ал оларды көпшілікке таныстырған төреші сол бойда-ақ сайысқа түсушілердің бәске тіккен қаражат көлемін жариялаған.

— Солтүстік Сиднейден келген жас Пронто жеңімпаздарды шақырады, — деп айқайлады.

— Бәске елу фунт тігеді!

Көпшілік қол соқты. Арқандар арасынан ырғып өтіп, өз орнына жайғасқан Сэндлді де ду қол шапалақтап қарсы алысқан. Том Кинг қарсыласына тесіле қарады. Енді бірнеше минуттен кейін екеуі бір-бірін естен тандырып сұлатып түсіргенше жандарын салатын шайқасқа түседі. Алайда бұл Сэндлдің тұлғасын анықтап көре алмады, себебі ол да өзі секілді спорттық костюмнің сыртынан ұзын шалбар мен свитер киіп алыпты. Сэндл ер кескінді, әдемі жігіт екен, маңдайына алтын түстес бұйра кекілі төгіліп тұр. Мығым, етті мойны алып күш иесі екенін байқатады.

Жас Пронто қарсыластарымен қол алысу үшін бұрыш-бұрышты айналып өткен соң рингтен секіріп түскен. Таныстыру жалғаса берді. Әзірге таныла қоймаған, бірақ жеңімпаздармен күш пен айлакерлік жағынан тартысқа түсуге даяр екенін айдай әлемге жариялауға асыққан жас перілер шаршы алаңға кезек-кезегімен көтеріліп жатыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын ешкімді бет қаратпай жеңіп, даңқтың шыңына көтерілген Том Кингке ұрыс алдында өткізілетін салтанатты шаралар іш пыстыратын күлкілі нәрсе болып көрінуші еді. Ал қазір дуаланып қалған адамша сілейіп, осынау Жастық шеруінен көз айыра алмайтын халге түскен болатын. Өмір заңы осы — жас буын өкілдері арқан арасынан бірінен кейін бірі өтіп, айналадағылардың бәрін күш сынасуға шақырысады. Ал шау тартқандар жеңіліс тауып, олардың алдында тізе бүгуге мәжбүр. Иә Жас сайыпқырандар табысқа қарттарды таптап өту арқылы қол жеткізеді. Және өздері спортқа лег-легімен келіп жатады. Жастық дегенің өзі де осы — олар жеңіске тойымсыз. Алайда жолдарынан кәрілерді ысырып тастай салатын олар келе-келе өздері де қартайып, солардың көшіне қосылады, осылайша түрлі ұрпақ буындары алма-кезек орын алмастырып отырады. Бұл салт ғасырдан-ғасырға жалғаса бермекші, ал өз жолымен жүріп отыратын Жастық ешқашан өлмек емес.

Кинг журналистер отырған орынға көз тастап, «Спортшыдағы» Морган мен «Рефериде» істейтін Корбетке бас изеді. Бұдан соң өзінің көмекшілері Сид Сэлливен мен Чарль Бейтске қолын созған. Олар бұған қолғап кигізді де, оның бауын алдында Кингтің буындарына тартылған орауышты тіміскілей тексерген Сэндлдің көмекшісінің көзінше мықтап байлап берді. Кингтің жәрдемшісі де Сэндлге қатысты өз міндетін қарсыластарының манағы әрекетіне сайма-сай атқарған. Сэндл шалбары шешілгеннен кейін орнынан тұрып, оның свитері де басы арқылы сыпырылып алынды. Сол сәтте Том Кинг жылтылдаған тері астынан бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнаған нағыз апайтөс жастықтың кескінін көрген еді. Том Кинг ұзақ уақытқа созылатын шайқастар әрбір жолы жастық нәрін сарқа түсіп, біртіндеп өмір қайнарын түгесе беретін сайыстарға әлі шығып үлгермеген, күш-қуаты арнасынан асып-төгілген бұл дененің дер шағында екенін аңдады.

Қарсыластар бір-біріне қарай беттеді; Гонг соғылды да жәрдемшілер жиналмалы орындықтарын алып төменге ырғып-ырғып түсісті. Том Кинг пен Сэндл қол қысысып, ұрысқа ыңғайланып бетпе-бет тұра қалысқан. Сэндл бірден жақсы жасалған құрыш серіппе механизм секілді алға қарай жұлқынып, бір мезетте қайтадан кері серпілді, одан әлгі қимылын және қайталап Томды сол қолымен көзден ұрды да, сүңги беріп оң жақ қолын қабырға түбінен сілтеді. Сөйтіп қарсы соққыға ұрынып қалмау үшін бейне бір билеп жүргендей өте жеңіл қозғалып артқа қарай ыршып түсті де, қолма-қол қайта қатер төндіре ойқастап, тағы да ілгері ұмтылды. Өзі өте ұшқыр әрі епті еді. Көрініс бірден еліктірген. Зал екілене дүрлікті. Алайда бұл көріністер Кингті аса таңдандыра қойған жоқ. Ол осындай жас боксшылардың талайын көріп, неше қилы шайқастарды бастан өткеріп үлгергендіктен мұншалықты шамадан тыс жылдам, шектен асқан епті соққылардың аса қауіп туғыза қоймайтынын жақсы білетін. Тәрізі, Сэндл ұрысты бірден бастырмалата дамытуға ұмтылатын сияқты. Бұл заңды да еді. Жан алып, жан берісердей қиян-кескі айқастарда өзінің теңдессіз артықшылығы мен ғажап көркін төгіп-шашқан жастық қарсыласын асып-тасқан күш-қуат, жеңісқұмарлық арқылы жедел тұқыртып тастауға тырысады.

Аяқ-қолы жеңіл, қызуқанды, бұлшық еттері бұлтылдап, аппақ денесі жарқыл қаққан Сэндл сұрапыл толқын бетінде қақпақыл ойнаған қайықтай бірде мұннан, бірде аннан шығып, сынапша сырғып, өзінің даңққа баратын жолын кес-кестеген Том Кингті жоюға бағытталған жалғыз ғана мақсаты жолында мыңдаған қимылды бір арнаға тоғыстыруға тырмысып жүр. Том Кинг мұның бәрін зор төзіммен көтерді. Ол өз ісін білетін еді, және қазіргідей жасамыс тартқан. Жастық дегеннің не екенін терең түсіне түскен.

Енді тек қарсыласының ентігіп, арыны басылатын сәтін күту ғана қалды. Осындай ұйғарымға келді де, іштей масайрап төбесін қасақана ауыр соққының астына тоса қойды. Бұл бір опасыз әдіс болатын, әйткенмен, бокс ережесі бойынша қолдануға рұқсат етіледі. Әркім өз буындарының жайын өзі ойлауы керек, ал бәсекелесің сенің төбеңді оюға ұмтылса өз обалы өзіне. Кингтің төменірек бұғып қалып соққыдан тайқып кетуіне мүмкіндік бар-тын, бірақ оның есіне алғашқы ұрыстары мен бірінші рет саусағының буынын Валлн Құбыжығының басына соғып мылжалап алғаны оралды. Қазір соның есесін қайтаратын сәт келгендей. Бұл айласы Сэндлдің қолын өзінің басынан ұрғызып жаралатуды діттеген. Мейлі, қызынып алған Сэндл мұны аңдамай-ақта қойсын, — ол сайыстың соңына дейін ештеңеге қарайламастан осындай ауыр соққыларды үсті-үстіне жасай беретін болады. Сонда келе-келе, әйтеуір бір, ұзақ ұрыстардың салдары сезіле бастаған кезде Сэндл артына бұрылып қарайды да, осы бір буынын Том Кингтің басына соғып жаралап алғаны есіне түсіп бармақ шайнайтын болады.

Бірінші раунд бойы тек Сэндл шабуылдаумен жүрді, ал оның жасын отындай жарқылдаған соққыларына тәнті болған көрермендер залы гу-гу етеді. Ол Кингті жұдырықтың астына алды, ал Кинг жауап қатқан жоқ. Бірде-бір соққы жасамаған бұл тек бұғып, тосқауыл қойып, еңкейе жалтарып, шабуылдан қорғанумен жүрді. Сөйте тұра баппен қозғалып, анда-санда жорта ұрыс салған түр көрсетіп, ауыр соққыға ұрынған сәтінде бас шайқап қояды, алайда не алдыға, не артқа қарай секірмегендіктен, бір мысқал да артық күш шығындаған жоқ. Сақ Қарттың есесін қайтарғанша Сэндлдің Жастық желігі әбден басылсын. Кингтің барлық қимылы өте сылбыр, баяу еді, ал қалың қабақтың астындағы суық жанары мен тұнжыраған көзқарасынан оны есінен танған немесе ұйқылы-ояу жүрген адам деп қалар едіңіз. Әйткенмен, оның назары ештеңені қалт жібермеген -бұл шаршы алаңдағы жиырма жылдан аса уақыт ішінде селт еткен қимылдың бәрін қадағалауға дағдыланған. Көздері соққы тиген кездің өзінде қысылған жоқ, үрейлену дегенді де білмей, арақашықтықты өлшеп, алға қарай сыздана қадалумен болған;

Раунд аяқталған соң бір минуттік үзіліс кезінде Том Кинг өз бұрышында дамылдап отырды. Аяқтарын созып, қос қолын керілген арқанға жая тастап, көмекшілері өзін орамалмен желпіп жатқан сәтте барлық кеудесімен, бүкіл өкпе-қолқасымен терең тыныстайды. Көзін жұмған күйде жұртшылықтың үніне құлақ түреді.

— Heгe шайқаспайсың, Том? — деп айқайлады көрермендердің қайсыбірі.

— Қорқасың ба, немене?

— Бұлшық еттері тығыз! — деп мәлімдеді алдыңғы қатардан әлдекім.

— Бұл жылдам қозғала алмайды. Мұның салмағы Сэндлдікіндей екеу шығады!

Гонг қағылды да қарсыластар бұрыштарынан шықты. Сэндл екеуінің ортасын бөліп тұрған арақашықтықтың үштен екісін өтті — ол айқасты тез бастауға асығады, ал Кинг өз үлесінің аздығына қуанды. Бұл оның күш үнемдеу айласына сай келетін еді. Тыңғылықты даярлана алмаған, аш құрсақ, сол себептен әр қадамды санап басу қажет болатын. Оған қоса бұл рингке дейін екі миль жаяу келді ғой! Кезекті раунд та алдыңғыны қайталаған: Сэндл бәсекелесіне тағы да құйындай жүйткіп соқтықты, ал жұртшылық Кингтің болбырлығына наразылық танытып шулай жөнелді. Кинг бірнеше пайдасыз, сылбыр соққы мен көзбояу үшін жасалған жасанды шабуыл сиқынан өзге қимылға баспады, — тағы да бұғып, жалтарып, немесе қайта-қайта құшақ айқастыра кетеді. Сэндл ұрысты құтырынған жылдамдықпен жүргізуге жан салады, ал тісқаққан Кинг бұған бармайды, қуат-қайратын тек кәрілік қана қызғана сақтайтындай әл үнемдеуді тоқтатпаған оның, талай қақтығыстар таңбасы қалған жүзінде әлдебір мысқыл ойнайды. Ал жастықтың нағыз өз бейнесіндей Сэндл күш-жігерін балғындықтың қамсыз аңғырттығына салып ысырап етіп жүр. Ринг перісі Кингке шаршы алаңның небір шайқастары даналық дарытқан. Қимылының сылбыр болатыны да содан. Бір мезетте ақылдан алжаспаған ол Сэндлдің жауынгерлік арынының босаңситын сәтін аңдумен болған. Көпшілік көрермендер Кинг тым әлсіз, баяғы шеберліктен айырылған деп есептеп те қойғандықтан бәстің көп бөлігін Сэндл үшін тігіп, өз пікірлерін даурыға айта бастаған. Десе де, бұрынғы Кингті білетін тәжірибелілірек кейбіреулер (мұндайлар көп те емес-ті) бәсті соның жеңетініне деген бекем сеніммен қабылдаған.

Үшінші раунд та дәл алдыңғыдағыша басталды, — белсенділік тізгінінен айырылмаған Сэндл өне бойы шабуылдауды тоқтатпады. Бірақ раундтың басталғанына жарты минуттей өткенде Сэндл өз-өзіне деген шектен тыс сенімділікпен бір сәт сақтықты жоғалтып, ашылып қалды. Кингтің жанары жарқ етті де, әлгі мезетте оның оң қолы жоғары қарай сермелді. Бұл оның қолға серпін бере түсу үшін шынтағын жартылай бүгіп бар салмағымен шыр айналдыра жұмсаған ең алғашқы соққысы — хук болатын. Жорта ұйқылы — ояу жүрген арыстан осылайша қатерлі шеңгелін іске қосты. Сэндлдің шықшытына бүйірлей тиген соққы оны еденге қасапханадағы өгізше шоңқайта құлатқан. Жұртшылық гу ете түсті де, залда мұның қимылына ризалық білдірген күбір толқыны тербеліп өтті. Сөйтсе, мына шалдың бұлшық еттерін икемсіз деу бекер екен, мұның оң қолы ұстаның шоң балғасындай тиетін көрінеді.

Сэндл абдырап қалды. Ол орнынан көтерілмекке ниеттеніп бұрыла түскенде, оны есептің соңын күт деп шу ете түскен көмекшілері тоқтатты. Сөйтіп төреші тұрып алып дәл құлағының түбінен секундтарды санап біткенше бір тізерлей отырып тұруға дайын отырды. Том Кинг тоғызыншы секундта ұрыс қайтадан сақадай-сай тұрған бұған қарап соққысының бір дюйм төмендеу — тура иектің астынан тимегеніне опынды. Онда анау нокаутқа түсіп, бұл отыз фунтты қалтасына салып алып, үйіне, әйел, бала-шағасына таяр еді.

Раунд тиісті үш минут өткенше тағы жалғасты. Сэндл, тәрізді, өз қарсыласына алғаш рет құрметпен қарай бастаған секілді, ал Кинг сылбыр қимылына қайта көшкен, көздері де баяғы тұнжыраңқы қалпына түсіпті. Көмекшілерінің арқан арасынан кіре салуға әзірленіп ринг шетінде жүрелеп отырғанын көрген Кинг сайыс кезеңінің аяқталуға таяғанын аңдап, ұрысты өз бұрышына қарай ауыстырды. Гонг соғылған бойда орындығына тізе бүкті, ал Сэндлге өз бұрышына жету үшін бүкіл алаңды шарлап өтуіне тура келеді. Бұл, әрине, ұсақ-түйек жайттар-тын, әйткенмен, майда-шүйденің бәрі жинала келе зор мәнге ие болмақшы. Сэндл сөйтіп бірнеше артық қадам жасап, сол үшін белгілі деңгейде күш-қуат жұмсап, қымбат демалыс уақытының едәуір бөлшегінен айырылады. Кинг әрбір раундтың басында баяу қимылдап, өз бұрышынан көп ұзамайды. Сол арқылы қарсыласына біршама жерді артық жүргізеді. Ал ұрыстың соңына таман бірден орындығына жайғаса кету үшін сайыс орнын мүмкіндігінше өз бұрышына қарай жылжытады.

Келесі екі раундта да Кинг әл-қуатын үнемдеуге тырысса, Сэндл бұрынғыша ұрысты жан сала жалғастырған. Сэндлдің шайқасты тездетуге тырысуы Кингке оңай тимеді, себебі жаңбырша жауған соққының көпшілігі нысанаға дәл тиді. Жастар жағы шулап, тіпті, кейбір қызуқандылары жекпе-жекті жедел жандандыруды талап етсе де Кинг баяғы жайбасарлықтан жазбады. Алтыншы раундта Сэндл жаңылыс басты да, Кингтің қатерлі оң қолы ауада және бір мәрте селтең ете түсіп, шықшытынан тиген кезекті соққыдан кейін Сэндлдің ту төбесінен тағы да тоғыз секунд санап тұруға тура келді.

Жетінші раундта Сэндл өзін онша мықты сезіне алған жоқ; бұрын-соңды кездесіп көрмеген ауыр сайысқа түскенін түсінді. Том Кинг жасамыс тартқан адам, бірақ мұндай шалмен бірде-бір рет күш сынасудың ыңғайы келмепті; ол сәл босаңсыған сәтіңді құр жібермейді, ғажап қорғана біледі, ал соққыларының сойылмен ұрғандай ауыр тиетіні сонша, әр жұдырығында бір-бір нокаут жасырынып жатқаны аңғарылады. Әйткенмен, Кинг қолды жиі жұмсауға ұмтыла қоймады. Өзінің мылжаланған буындарын бір сәт те естен шығарған жоқ, саусақ сүйектері ұрыс соңына дейін шыдауы үшін әр соққының есепте болуы қажеттігін білді. Бұрышында отырып қарсыласына алаң түбінен көз тіккен ол кенет Сэндлдің жастығы мен өзінің тәжірибесін ұштастырса ауыр салмақтағы әлем чемпионының шығатыны туралы ойлады. Бірақ мәселе де сонда: Сэндл ешқашан да әлем чемпионы бола алмайды. Қазір оған тәжірибе жетіспейді, оны тек жастығын тәрк ету арқылы ғана иемдене алады, ал оған қолы жеткен мезгілде жастық шақ артта қалмақшы.

Кинг машығындағы барлық артықшылығын сарқа пайдаланды. Ол құшақ айқастыра кетуге болатын бірде-бір мүмкіндікті қалт жібермеген және әрдайым иығымен қарсыласының қабырғасына соқтыға кетуге ұмтылады. Ринг философиясы иық пен жұдырықтың екеуі де зақым келтіруге қолайлы құралдар деп үйретеді, ал күш үнемдеуде алғашқысының артықшылығы басым. Оның үстіне Кинг құшақ айқасып қалған шақтарда барлық салмағымен бәсекелесіне артыла дамылдап алады, сол себептен мұндай оңтайлы мүмкіндіктен айырылғысы келмейді. Әрбір жолы төрешілер әлі дем алып дағдыланбаған Сэндлдің өзінің көмегі арқылы зорға ажыратады. Сэндл зыр қаққан қолдары мен бұлт-бұлт ойнаған бұлшық еттерін іске қосуға асығады. Кинг иығымен Сэндлдің қабырғасына қарай күшпен ене түсіп, басын соның сол жақ қолының астына тығып алған сәтте анау оң қолымен өзінің қолтығының астынан шығып тұрған мұның басын аямай соққылайды. Бұл жұртшылықты дүрліктіретін епті әдіс еді, бірақ қауіпті емес, тек күшіңді бос сарыққаннан өзге пайдасы шамалы. Сондықтан соққыларды қабылдаған Кинг іштей мырс-мырс күліп тұрады.

Сэндл оң қолымен Кингті кеудеден аямай соқты. Сырттан қарағанда, бұл жолы Кинг оңбай таяқ жеген сияқтанған. Алайда сайыстарды құр жібермейтін жанкүйерлердің бірі Кингтің сол жақ қолғабының соққы алдында қарсыласының шынтағының ішкі жағын аса ептілікпен жанап өткенін аңдады. Рас, Сэндлдің әрбір соққысы нысанасына дарып жатты, алайда әр жолы Кингтің шынтақ бұлшық етіне қол тіреп үлгеруі соққы күшін әлсіреткен. Тоғызыншы раундта Кингтің шынтақтан бүгілген оң қолы бір минут ішінде Сэндлдің шықшытынан үш мәрте тиді, Сэндл үшеуінде де барлық салмағымен еденге гүрс-гүрс құлады. Бірақ ол тиісті тоғыз секундты қайта-қайта пайдаланып орнынан есеңгірей көтерілген. Әйтеуір әзірше әлсірей де қоймаған-ды. Дегенмен, бұрыңғы беттілігі саябырсып, сақ қимылдауға көшті. Бет-жүзі тұнжыраңқы тартқан, алайда ол басты байлығы — жастығына сүйенген болатын. Ал Кингтің негізгі капиталы тәжірибе еді. Күші қайтып, жауынгерлік рухы әлсіреген тұстан бастап Кинг оны көп жылдарғы шайқастар арқылы келген даналықпен, айлакерлікпен алмастырып, күш-жігерді үнемдеп пайдалануға көшкен. Басы артық қимыл жасамауымен қатар қарсыласын діңкелетуге де дағдыланған. Аяғының, қолының, бүкіл тұлғасының алдау қозғалысы арқылы Сэндлді қайта-қайта артқа қарай ыршып түсуге, жалтартуға, қарсы соққы жасауына мәжбүр еткен. Кинг өзі дамылдады, бірақ Сэндлге бір сәт те тыным берген жоқ. Қарттықтың стратегиясы осындай еді.

Кинг оныншы раундтың басында Сэндлдің шабуылдарын сол жақ қолымен бетке ұрған тіке соққылары арқылы тойтаруға кірісті, ал сақтыққа ауысқан Сэндл де сол қолымен қорғанып, одан оң жақ, қолымен бастан бүйірлете берген ұзын соққыларымен жауап қайтарған. Мұндай соққы биіктен жасалғандықтан бәлендей үрей тудыра қойған жоқ, бірақ нысанасына алғаш дарыған мезетте Кинг баяғыдан таныс бір сезімді бастан кешкен, миын әлдебір қара перде бүркеп қалғандай күйге түсті. Бір сәтке, анығында, қас-қағым мезетке Кинг жоқ болып кеткендей хал кешті. Қарсыласы көз алдынан ғайып болды, оның сыртында аңтарылып отырған жұртшылық та көрінбей қалған; дегенмен, сол бойда бәсекелесі мен жанкүйерлер залын қайта көрді. Бейне сәл ғана қалғып кетіп қайта оянғандай. Осы мезеттің қысқалығынан ғана Кинг құлаудан аман қалды. Көрермендер оның теңселіп кеткенін көрді, тізесі де бүгіліп кеткен, бірақ есін тез жиып, сол жақ қолымен қорғана түсіп, иегін ішке қарай тұқырата түсті.

Сэндл Кингті жартылай есеңгіреген қалыпта ұстап, бұл соққысын қатарынан бірнеше рет қайталады, бірақ анау бір мезгілде қарсы шабуыл міндетін атқаратын ерекше қорғаныс тәсілін жасап алды. Бәсекелесінің назарын өзінің сол жақ жұдырығына аударып, жарты қадам артқа шегінді де, сол бетте барлық күшімен оң қолымен апперкот берді. Соққысының дәл есептелгені сонша, жұдырық Сэндл еңкейген мезгілде жағынан тиді де, ол көтеріліп барып еденге басы мен иығымен бірдей соғылып гүрс етіп құлады. Кинг бүл әдісті екі мәрте қайталады, одан соң күшін үнемдеуді доғарып, қарсыласын жұдырық астына алып, оны қарсы бетке тықсырып тастады. Сөйтіп Сэндлге дамыл тапқызбай оны дүр сілкіне көтеріліп, екілене дуылдаған жұртшылықтың көз алдында ес жиғызбастан сабады. Алайда Сэндлдің күші де, төзімі де ғажап екен, бәріне шыдап бақты. Бәрібір нокаут жақындай түскендей көрінген соң жағдай қиындап кетер деп ойлаған полиция қызметкері ұрысты дереу тоқтатуға ниеттеніп, алаңның шетіне жақындап келіп тұрды. Осы кезде раундтың аяқталғанын жариялап гонг та соғылды. Сэндл полисменге өз жағдайының бірқалыпты екенін байқатып, шатқаяқтап өз бұрышына барып жетті. Халінің ойдағыдай екенін көрсету үшін екі мәрте ескіріп, ойқастап та қойған соң анау да тыншыды.

Кинг қатты шалқайып, ауыр тыныстаған күйі өз бұрышында отырған. Ол қабыржыңқы болатын. Егер ұрысты тоқтатқанда төреші шешімді осының пайдасына шығарар еді де, жүлдені өзі алар еді. Бұл шайқасқа Сэндл секілді даңқ пен мансап үшін емес. отыз фунтқа бола түсті ғой. Ал енді Сэндл осынау бір минуттік демалыс сәтінде тынығып қалады.

Кингтің басында «Жастық дегенін істейді!» деген ой қылаң берді де, осынау сөзді алғаш рет өзінің Стоушер Биллді жеңген түні естігенін есіне түсірді. Мұны ұрыстан кейін өзін вискимен сыйласаң әлдебір кербез кісі арқасынан қағып тұрып айтып еді: «Жастық дегенін істейді!» деп. Сол керім дұрыс айтқан екен. Алыста қалған әлгі кеште Кинг қандай жас еді! Ал бүгін сол Жастық қарсы алдындағы сонау бұрышта отыр. Онымен жарты сағат бойы арпалысты, өйткені шал ғой. Егер Сэндл секілді айқасса он бес минут те шыдатпас еді. Мәселенің бәрі сонда, бұл жедел оңала алмайды. Мынау адырайған қан тамырлары мен әлсіреген жүрегі раундтар арасындағы үзілістерде күш жинай қоюға мүмкіндік бермейді. Иә, расын айтқанда, тартыс алдындағы күш-қуаты да шамалы-тын. Ол аяқтарының зілдей ауырлай бастағанын, сіңірінің жұлқи тартқанын аңдады. Иә, ұрыстың дәл алдында табанданған екі миль жолды жаяу өтпеу керек еді! Және таң азаннан бір кесек етке зар болмады ма! Етті қарызға бермей қойған ләпкешілерге деген сұмдық өшпенділігі оянды. Шау тартқан адамға тойынып алмай рингке шығу киын. Әрі бір кесек сиыр еті деген немене? Бірнеше пенниге бағаланатын майда-шүйде. Ал сол жалғыз тілім ет отыз фунт стерлингке айнала алар еді.

Он бірінші раундтың басталғанын әйгілеп дабыл қағылған бетте Сэндл бойында мүлде қалмаған тыңдығын көрсеткісі келіп шабуылға құтырына ұмтылды. Кинг мұның бокстағы ежелден белгілі қоқан-лоққы екенін түсінді. Бастапқыда қарсыласынан қорғану үшін құрсауға кірді, одан соң босап, Сэндлге шабуылға қайтадан ыңғайланып алуға мүмкіндік берді. Одан сол қолымен алдарқата жасқап, бәсекелесін бүгежектетігі сүңги қорғануға мәжбүр етті де, өзіне төменнен жоғары қарай сілтенген жанама соққыны қабылдады. Сөйтіп жарты қадам артқа шегініп, алапат апперкотпен Сэндлді еденге тоңқалаң асырды. Сол сәттен бастап Кинг Сэндлге дамыл таптырмаған. Өзі де таяқ жеді, бірақ Сэнделді тіке де, жанама, қысқа да, ұзын қисапсыз соққыдан көз аштырмай еңсеріп, оның шеңгелінен жұлқына қашып немесе құрсауға алмақ әрекетін дер кезінде тойтарып, қарсыласы құлап бара жатса әрбір жолы бір қолымен қапсыра сүйемелдеп, екінші қолымен оны жығылудан сақтаған керме арқанға тықсыра тірей түскен.

Көрермендерден ес кетті, енді олардың бәрі Том жаққа ауысып, түгелге жуық:

— Кәне, Том! Шырқырат! Беріңкіре, Том! Тартқыз сазайын! Күш сен жақта, Том! — деп ышқынды.

Сайыстың соңы қызу бітетіні байқалған және көпшілік сол үшін де ақша төледі ғой.

Сөйтіп жарты сағат бойы күшін үнемдеген Том Кинг енді өзіне белгілі мөлшердегі барлық қуатты мықты бір бағытқа жұмылдырып аямай жұмсауға кірісті. Бұл оның жалғыз ғана мүмкіндігі болатын — қазір немесе ешқашан да.

Күші тез сарқыла бастаған, ал бұл қарсыласын әл-дәрмені түгесіліп бітпей сұлатудан дәмелі еді. Алайда соққы салмағы мен түсетін жарақат деңгейін сарабдал саралап, шабуыл қарқынын үдетіп жұдырық жұмсауды жиілеткен үстіне жиілеткен бүл Сэндл секілді періні құлатудың қаншалықты қиынға соғатынын түсіне бастаған. Оның өмірлік қуат қоры мен төзімділігі — әлі шығындалмаған ғұмырлық пәрмені мен жастық қажыры шексіз еді. Иә, Сэндл, сөз жоқ, алысқа барады. Бұл — туабітті боксшы. Чемпиондар тек осындай мықты материалдан қалыптасады.

Сэндл шыр айнала теңселіп жүр, Том Кингтің де аяқтарының сіңірі тартыла берді, ал саусақтарының буындары икемнен әбден қалды. Ол бәрібір әр ұрған сайын істен шыққан қолдары сырқырай ауырып, жаны көзіне көрінсе де өз-өзін аяусыз соққылар жасауға мәжбүр етуден танған жоқ. Бірақ енді қазір өзіне соққының сирек дарығанына қарамастан бұл да бәсекелесі секілді тез әлсірей бастады. Мұның соққылары нысанаға дөп тиіп жатты, бірақ олары өте әлсіз еді және әрқайсысын жұмсау зор күшке түсті. Қорғасын байлап қойғандай зіл тартқан аяқтарын әрең қозғап жүр. Осыны аңдаған Сэндлдің жақтастары дүрлігіп өз сүйіктілерін көтермелеуге кірісті.

Бұл Кингті қамшылай түсіп, жинақталуға итермелеген. Ол Сэндлге бірінен кейін бірін: сол қолмен өкпе тұстан сәл жоғарырақ, оң қолымен шықшыттан екі соққы жұмсады. Соққылар ауыр еместін, бірақ әлсіреп, діңкелеген Сэндлді мұрттай түсірді. Ол тұла бойы діріл қағып жерде жатты. Төреші төбеден төне қатты дауыстап тағдырды шешетін секундтарды санап тұр. Сэндл онға дейін тұра алмаса жеңіледі.

Жұртшылық демін ішке тартты. Кинг теңселіп зорға жүр; әбден титықтаған оның басы айналды: қарауытқан көз алдында қалың көпшілік нөпірі шайқалып бара жатқандай сезілген, ал секундтарды санаған төрешінің даусы алыстан талып естілгендей болады. Бірақ бұл жеңіске жеткеніне сенімді еді. Осыншалықты таяққа жығылған адамның орнынан көтерілуі мүмкін емес

Мұндайда тек Жастық қана тұра алар еді — Сэндл көтерілді. Төртінші секундта екпеттей аунап түскен ол соқыр адамша сипаланып керме арқанға жармасты. Жетіншіде бір тізесіне тұрып тыныстап отырды; басы мас адамдардыкінше екі жағына қалт-қалт етеді. Төреші: «Тоғыз!» деп айқайлаған сәтте Сэндл сол қолымен бетін, оң қолымен кеуде жағын қалқалап, қорғанған кейіппен түрегеліп тұрды. Осылайша ол неғұрлым осал тұстарын қорғаштап, уақыт ұту үшін құшақ айқастыра кету үмітімен алға, Кингке қарай шайқалақтай жылжыды.

Сэндл орнынан көтерілген бойда Кинг де бұған тұра ұмтылған, бірақ алғашқы екі соққысы да Сэндлдің қолдарының тосқауылына ұрынды. Келесі мезетте Сэндл қарсыласына қапсыра жармасып алып, төрешілердің ажыратқанына жанталаса қарсыласқан. Кинг құрсаудан босауға тырмысады. Ол Жастықтың қалайша тез тынығатынын, сондықтан Сэндлді күш алдырмау арқылы ғана күйрететінін білетін-ді. Жақсы бір соққы істі тындырды. Сэндл жеңілді, күмән жоқ, ұтылды. Бұл жеңді оны, әбжілдігінің арқасында асып түсті, ұпайды көбірек жинады.

Құрсаудан шыққан Сэндл шайқалақтап кетті, — тағдыры қыл үстінде тұр еді. Жақсылап бір ұрып тоңқалаң асырса — саудасы бітеді! Том Кинг іші удай ашып тағы да бір кесек ет туралы ойлап, мынау соңғы, шешуші шайқас алдында өзек жалғап алудың сәті түспегеніне өкінді. Бойын жинақтап, әлгі ойлаған соққысын да жасады, бірақ онысы аса мықты да, сонша шалт та шыға қоймады. Сэндл теңселіп кеткенімен құламады, керме арқанға тіреліп, содан ұстап қалды. Қалтақтаған Кинг бәсекелесіне бас салып қолының жанына бата қатты ауырғанына қарамастан тағы бір соққы жасады. Алайда күші жетпеген еді. Бойында титықтағаннан мұнартып, өшіп бара жатқандықтан атой салғысы келген дәрменсіз санадан өзге ештеңе қалмаған-тын. Шықшытқа бағыттаған соққысы иыққа тиді. Кинг жоғарырақ сілтеген болатын, бірақ шалдыққан бұлшық еті ырқына көнбей, тіпті, өзі құлап кетуге шақ қалды. Кинг соққыны және қайталаған. Әйткенмен, бұл жолы мүлде мүлт кетіп, әбден әлсіреп, жер қаппау үшін Сэндлді құшақтай құлаған.

Кинг енді ажыратуға тырысқан жоқ. Бұған дейін қолынан келгеннің бәрін істеді, енді бәрі біткен болатын. Жастық дегенін істеді. Сэндлмен құшақ айқастырып тұрып оның күш жинай бастағанын аңдаған. Төреші бұларды ажыратқан мезгілде Кинг Жастықтың өзінің көз алдында құр аттай сілкініп, қуат ала бастағанын көрді. Сэндл сәт сайын күшейе түскен; оның бастапқыдағы нысанаға дарымаған босаң соққылары біртіндеп қатайып, дәл тие бастады. Том Кинг тұман ішінде жүргендей өзінің шықшытына бағытталған қолғапты жұдырықты байқады да, қорғанып, қолын тоса қойғысы келді. Төнген қауіпті аңдады да, әрекет қылуға қамданды, бірақ қолы зілдей ауыр тартты. Бір тонна қорғасын құйып қойғандай қозғалмады, Кинг қолын көтеру үшін барын салды. Алайда осы мезетте қолғапты жұдырық нысанасына тиген. Тоқпен ұрғандай соққы Кингтің тұла бойын солқ еткізді де, бұл қараңғылық құшағына құлап бара жатты.

Көзін ашқанда өз бұрышындағы орындықта отырғанын көрді, құлағына көпшілік қауымның бейне бір Бонди-Бичтің теңіз толқындарының шуындай лықси жеткен үні естілді. Біреу желкесіне ылғал сулық төсеп жатыр, ал Сид Сэлливен сергіту үшін беті мен кеудесіне суық су құйып тұр. Қолғаптары шешіліп те үлгерілді, ал Сэндл еңкейіп келіп мұның қолын қысты. Кинг өзін жолдан ысырып тастаған бұл адамға деген өшпенділігінің жоқ екенін аңдап, өзі де оның қолын мылжаланған буындары дірілдеп дәл соншалықты риясыздықпен қысқан. Одан соң Сэндл ортаға шықты да, ол жас Пронтоның шақыруын қабылдайтынын және бәсті жүз футқа дейін көтеруді ұсынатынын айтқанда алапат шу бір сәт сілтідей тына қалды. Кинг оның көмекшілерінің су-су денесін сүртіп, бетіне орамал тосып, рингтен кетуге дайындап жүргенін селқос қарап отырды. Кинг аштығын түйсінген. Әлгі ылғи сезінетін әдеттегі өзекті жалаған аштықты емес, әлдебір сұмдық әлсіздікті, таңдайының астынан тұла бойын сыздата жайылған майда дірілді сезінді. Ойы қайтадан Сэндлдің қалтақтап жеңілудің аз-ақ алдында тұрған ұрыс сәтіне оралды. Иә, бір кесек ет іске нүкте қояр еді! Міне, бұл шешуші соққысын берген кезде жетіспеген нәрсе! Сайыста жеңілуге себеп болған да сол! Бәрі де осы бір кесек еттің әлегінен!

Жәрдемшілері арқан арасынан шығып кетуіне көмектесіп сүйемелдей берді. Бірақ бұл оларды серпіп тастап, еңкейіп, керме арасынан ешкімнің көмегінсіз-ақ өте шықты да, төменге гүрс етіп секіріп түсті. Ол иін тірескен жұртшылық нөпірі арасын қақ жарып өзіне жол ашқан көмекшілеріне ілесіп келе жатты. Шешіну бөлмесінен шығып, вестюбильмен өтіп, сыртқы есікті ашқанында әлдебір жас жігіт тоқтатқан.

— Сэндлді қолыңда тұрған сәтте неге ұрып жықпадың? — деп сұрады жігіт.

Том Кинг:

— Ой, баршы, ей, сайтан алғыр! — деді де, баспалдақпен түсіп, тротуарға шықты.

Бұрыштағы сырахананың есігі айқара ашылды да. бұл оттар мен күлімдеген даяшы қыздарды көрді, манағы сайысты таңқылаған дауыстар мен үлдірікке соғылған тиынның сыңғырын естіді. Әлдекім дауыстап ішуге шақырды. Бұл біраз абдырап тұрда да, ұсыныстан бас тартып өз жөніне тартты.

Қалтасында бақыр тиын да жоқ-тын, бұған үйге дейінгі екі мильдік жол соншама ұзақ көрінген. Иә, қартайып келеді екен! Домен бағын қиып өте беріп кенеттен ұрыс нәтижесін білу үшін ұйықтамай күтіп отырған әйелі есіне түскенде еңсесі езіліп, кездескен орындыққа отыра кетті. Бұл кез келген нокауттан да ауыр еді және онымен жүзбе-жүз ұшырасуға беті шыдамайтындай көрінді.

Керемет қалжырағанын сезді, ал тамтығы қалмай ауырған буындары әлдебір жұмыс кезіксе кемінде бір аптадай күрек-қайла ұстай алмайтынын еске түсірді. Таңдайының астындағы діріл құсқысын келтірген. Дәрменсіздік еңсесін езіп жіберген еді, көзіне әдетінде жоқ жас үйірілді. Қолдарымен бетін басқан бұл жылап келе жатып Стоушер Биллді ойлады, көз алдына оны баяғы сонау бір кеште оңдырмай жеңген сәті оралды. Байғұс, кәрі Стоушер Билл! Кинг шешінетін орында Биллдің неліктен жылағанын енді ғана жақсы түсінді.