Әңгіме: Бердібек Соқпақбаев | Бурыл ат

0
Оp болып қалушы еді шапқан жерің,

Шаттанып тұрушы еді қосқан елің,

…Бота тірсек, қыз сағақ, сандал керім…

АҚАН СЕРІ

1

Жиын-терін қызу жүріп жатқан күзгі уақыт. Колхоз парторгі Кәрім бір күні үйіне шұжықтай тұнған әдемі семіз бурыл ат жетектеп келді.

Кәрімнің он алты жасар інісі Сүлеймен жақсы ат көрсе, ішкен асын жерге қояды. Оған бір мініп түспейінше көңілі көншімейді де, жаны жай таппайды. Жалына созса қол әрең жететін биік, әсем тұлғалы бурыл атты көргенде Сүлейменнің көзі жайнап кетті. Колхоздағы төрт тұяқ, қыл құйрықтың іске татырының оған бәрі мәлім. Ал мына ат болса, бұрын Сүлейменнің көзіне шалынбаған, соны мал.

— Аға, бүл кімнің аты? — деп Сүлеймен ынтық бола сұрады.

— Өзіміздікі.

— Қайдан алдың?

— Заставадан сатып алдым. Күзде соғымға соямыз.

Сүлейменнің өрекпіп тұрған жүрегі мына сөзді естіп, дір ете қалғандай болды. Он екі мүшесі сау, жап-жас әсем атты соғымға соямызы қалай?

— Інісінің ойын Кәрім кейпінен білді. Бурылды ауланың оңашалау бұрышына байлап, жайғастырып болған соң кіріп істің мән-жайын баян етті. Осы поселіктің тап іргесінде, су бойында шекаралық застава бар. Ондағы шекарашылар мен колхоз адамдары бауырмал, аралас-құралас. Қажет болған жағдайда шекарашыларға көмек етіп, қол ұшын беру үшін колхозшылардан құрылған жасақшылар тобы бар. Оның басқарушысы да осы Кәрім. Соңғы бір-екі жылда жай адамдардан құрылған бұл топ айласын асырмақ болған бірнеше шекараны бұзушыларды ұстап, заставаға табыс етті. Ұсталғандардың ішінде не бір сұм -сұрқия қауіптілері де бар көрінеді.

Міне, сол заставаға жаңадан аттар әкелінген екен. Соның ішінен осы бурыл атты солдаттар қанша азаптанғанмен, үйретіп міне алмай қойыпты, Содан соң екі акті жазып, жарамсыз етіп шығарыпты.

Мана колхоз кеңсесіне застава бастығы капитан Халваши келген. Ол Кәріммен оны-мұны шаруаны сөз етіп отырды да;

— Сендер, қазақтар, жылқы етін жақсы көресіңдер ғой, Бізде жарамсыз болған бір ат бар. Соны арзан бағаға берейік, сатып ап, соғымға соймайсыңдар ма? — деді.

— Семіз бе?

— Семіз болғанда қандай. Жарылғалы тұр.

Кәрім капитан Халвашимен ілесіп, заставаға барды. Қорада шөп жеп тұрған жерінен атты көрді. Әдемі бесті екен. Түрінен пәлендей ит мінезі байқалмайды.

— Бұның несі бар? Неге жуасымайды? — деп сұрады Кәрім.

— Былай жай тұрған кезде бұл жұп-жуас. Ұстап жүгендеуге, ерттеуге — бәріне көнеді. Ал бірақ адам мінгізбейді, Адам мінсе, қояншығы ұстайды. Тулай ма не керек, мөңки ме, әйтеуір үстіндегі адамды ұшырып түсірмейінше, мөңкуін қоймайды. Бұны үйретем деп бір солдаттың иығы шығып, енді бірінің қолы сынды. Сондай мүттәйім.

Капитанды тыңдады да, Кәрім иланды:

Олай болса, мен бұны қыста соғымға сояйын.

Әңгіме осымен тынды. Көңілдес екі дос ұзақ саудаласып жатпады. Кәрім арзанға сатып алды.

Содан жетектеп келіп тұрғаны осы еді.

Кәрім өз атына мініп кетіп бара жатып:

— Мен Өмірәліге айтам. Бұны жылқыға әкетеді. Оған дейін тұрсын, ешқайсың тиіспеңдер, — деді.

Сүлеймен үндеген жоқ.

2

Кәрім кеткен соң да, Сүлеймен бурыл атқа көз алмай ұзақ қараумен болды. Тіпті қарамау мүмкін емес-ті. Тұлғасы қандай сұлу еді, шіркіннің. Өз бойындағы осы сұлулықты оған мынау атқұмар албырт жасөспірімнің қызыға да, құмарта қарап тұрғанын бурыл ат сезетін тәрізді. Қарасаң қара дегендей тұлғасын көлденеңдей тосып, қамыс құлақтарын тынымсыз қайшылап, пысқырынып, мойнын аққудай иіп, шекесінен қарап қояды. Алдыңғы аяқтарын кербездікпен сәндене сілкіп, жер тарпиды. Мініс көріп қағылмағандығы ап — айқын білініп — ақ тұр. Үстіне шыбын келіп қонса, дір ете қалады.

Шіркіннің не маңдай, не аяқ тұстарында бір шөкім теңбіл белгі болсайшы. Тұлабойы түп-түгел шымқай бурыл. Тек тұяқтары ғана әдейі сән үшін орнатылғандай қап-қара тіп — тік.

Осы тұрғанда бурыл аттың бойында адам қолынан пайда болған бір ғана белгі, өзгеріс бар. Ол құйрығының тілерсектен жоғарырақ етіліп қырқылғандығы. Заставада болған азды-көпті уақыттың ішінде әскери өмірден бурыл атқа жұққаны тек осы болса керек.

Сүлейменнің танығыш, сынамшыл көздері бурыл аттың бойынан иненің жасуындай да мін таба алмады. Оның ынтықтығы артқан үстіне артып, басына «шіркін-ай, өзін мінер ме еді!»—деген ой келді. Мынадай әсем атты пышаққа шалу бері болғанда обал да, ары болғанда қылмыс. Жаратып, мініп алған кезде бурылдың түр — тұлғасы бұдан да көріктеніп, бұдан да әсемденіп кететіндігі Сүлейменнің көз алдына елестеді.

Сүлеймен бурыл атқа алдыңғы жағынан жақындап келді. Алақанын созып, еміреніп, шынайы достық ниет ұсынды. Бурыл секемденбей тыныш тұрды. Созылған алақанды дәмелене иіскеді. Сүлеймен бұған қуанып, батылданып, бурылдың маңдайын, жағын сипап, онан соң бірте-бірте мойнына қарай жақындады.

Жоқ, бурыл ат үркетін емес. Адам иісіне кәдімгідей үйренген кейпі бар. Сүлеймен, әне, оның шоқтығын, арқасын сипалан тұр. Бірте-бірте қасымалдай жылжытып қолын оның сауырына да апарды. Бурыл аттан ешқандай сезікті мінез байқалмайды. Ағасының әлгіндегі айтқаны Сүлейменнің есінде. Үстіне адам мінсе, қояншығы сонда ұстайды. Әйтпесе тыныш тұрады деп еді ғой. Бірақ алғаш үйретілген кезде тулап — мөңкімейтін жылқы баласы бар ма? Бәрі де мөңкіп тулайды. Тек оған беріспеу, өктем бола білу керек.

Бұны үйретуге қалай да болады деген ой Сүлейменнің басына мықтап орнады.

* * *

Әлгінде Кәрім айтқан Өмірәлі Сүлеймен мен Кәрімнің немере ағалары. Колхозда жылқы бағады. Отан соғысына қатынасып сол қолынан жаралы болып келген. Қолының кемдігіне қарамастан Өмірәлі бұрынғысынша колхоздағы асау біткенің пірі. Шалма тастағанда қашағанның қақшаңдаған басына лып еткізіп дәл түсіреді. Әлгі кемтар қолымен шалма арқанның үш жағын тақымға басып ұстағанда, асауды тырп еткізбейді.

Сүлейменді титімдейінен атқа үйір еткен міне сол Өмірәлі. Аяғын апыл — тапыл басқан құйттай кезден — ақ ерінің алдына мінгізіп алып жүруші еді. Сүлеймен бұған қуанып мәз болатын. Ұзақ күн тастамай алын жүрсе де қыңқ деп жыламайтын.

Жүре бара Сүлейменнің аңдып бағатыны үйлеріне келетін атты кісілер болды. Қолын созып, мінгіз деп, тура кеп жүгіреді. Мінгізбесе, өкіріп — бақырып, жер тепкілеп жыланды.

Талай рет Сүлеймен үйге келген қонақтың атының астына кіріп кетіп, жазым да бола жаздады. Бір рет ат теуіп жіберіп, өлім аузынан қалды. Бірақ соның бір де бірі оның жүрегін шайлықтырмады.

Төрт-бес жасқа келгенде Сүлеймен атқа әзі мінуге жарады. Үзеңгіге аяғы жетпейді, Тамға немесе есік алдындағы бөрене қарағайға жақындатып барып мінеді. Сегіз-тоғыз жасқа келгенде ерден ұстап, тырмысып, мініп алатын болды.

Сүлеймен сол кезде ерсіз жайдақ атқа мінудің де амалын оп-оңай тапты. Аттың басын төмен тартып ұстайды да, мойнына артулы тұрған тізгінді қос — қабаттап, үзеңгі етіп аяғына салады. Содан соң жалдан ұстап секіріп, әуелі аттың мойнына мініп алады, Одан кейін жылжып арқасына мінеді.

Мінезі бимәлім үркек атпен тура шабамын деп, неше рет ол аттан да жығылды. Сүлейменнің атқұмарлығына бұл да бөгет бола алмады.

Сүлеймен соңғы жылдары, өзі ат ерттеп мінуге жарағалы бері, жазғы демалыс уақытын ылғи да жайлауда Өмірәлі ағасымен бірге өткізеді. Өмірәлі оған мынау деген мақтаулы құнан — дөнендердің біреуін ерттеп беріп қояды. Оған мініп Сүлеймен жылқы бағысады. Анда-мұнда барып кел деп жұмсаса, құстай ұшып жөнеледі.

Осы биыл жазда да Сүлеймен жайлау қызығын, ат қызығың барынша көріп қайтты. Ешкім міндеттеп жүктемесе де үні айға жуық жылқышылармен бірге жылқы бақты. Бірнеше асаудың құлағында ойнап, жуасытты.

Сүлеймен жуасымайтын мал бар дегенге өз басы, біріншіден, сене қоймайды. Екіншіден, мынадай әдемі сурет атты тек асаулығына бола соғымға союға еш қимайды. Жаны ашиды.

Бурылды ол жуасытып көрмекке белін бекем байлады. «Нар тәуекел, жығылсам жер көтерер!»

Сүлеймен бурыл аттың мінезін кәнігі жылқышылардай — ақ әбден барлап тексерді. Өн бойынан ұстамаған, сипамаған жер қалдырмады. Соның бәрі — бәріне де бурыл ат селт деместен көнді. Тек мойнын бура, қарап, сен өзің кімсің не істегелі жүрсің дегендей секемдене иіскегені, бір-екі рет арқа тусын дір-дір еткізгені болмаса, басқадай оғаш мінез көрсетпеді.

Бурыл ат ерттеуге де көнді. Енді тек міну ғана қалды. Қалай мінбек?

Сүлеймен бурыл атты ауланың сыртына, көшеге жетелеп шықты. Жетелегенге де көнді. Тек үзеңгілердің шайқалақтап дүбірге соғылуынан ғана сескеніп, құлағын жымыра түсіп қояды.

Сүлеймен осы арада тұрып мінбекші болды. Біреу-міреуді көмекке шақырайын деп еді, ешкімнің қарасы көрінбеді.

Тәуекел!

Бурыл аттың мойнынан сипаған болып тұрып, Сүлеймен оның үстіне қарғып мінудің амалын ойластырды. Тізгінді ықшамдап, жалмен қосып мықтап ұстады. Үзеңгіні дайындады. Дәл осы кезде бурыл ат әлденеден сезіктенгендей тым — тырыс бола қалды. Бұны Сүлеймен де байқады. Бірақ дегенінен қайту Сүлейменнің салты емес. Көз ілеспейтін жылдамдықпен ол бурыл аттың үстіне топ етін, бір-ақ қонды.

Болар іс болды.

Бурыл ат қосаяқтай шапшыды да, бұл қай басынғаның дегендей шыңғырып кісінеп жіберді. Шапшығанда, бір сәтке тіп-тік боп, қаздиып тұрып қалған еді. Сүлеймен жалдан қатып ұстап, жабысты да қалды.

Екінші рет шапшыды. Одан соң бір шаншып, бір тулап, нағыз шайтан мінезін енді көрсете бастады. Сүлеймен сонда да құламады. Бурыл ат енді тіке шапшығанды қойды. Мойнын тұқырынып, басын омырауына тығып алып, мөңкуге салды. Мөңкуінің өзі өзгеше, керемет. Әлгінде алдыңғы екі аяғын аспандата сермеп көтерсе, енді артқы екі аяғын дәл солай аспандатады. Сүлеймен қанша мықты болғанмен бір — екі рет аттың мойнынан сыпырылып түсіп қала жаздады. Дегенмен берілмей шыдап бақты. Жалдан шеңгелдей ұстаған қос қолы қарысып, қатқан да қалған еді.

Тулап, мөңкіп үстіндегі «пәледен» құтыла алмаған бурыл ат және бір шыңғырды да, алып жөнелді. Су ағып жатқан шұңғыл арықтан тағыдай орғып өтіп, тіке төмен заставаға қарай тартты. Сүлейменнің іші қып ете қалды. Жіберіп алған бір ағаттығы ойына келді. Бұл осы барғаннан барады да, өзінің жем жеп үйренген ат қорасына қояды да кетеді. «Қап, әлгінде заставаға барып, ішкі — сыртқы қақпаларының бәрін жауып қойыңдар деп ескертіп айтпағанымды қарашы!»

Кең көшенің бойымен бурыл ат сатырлатып ұрып келеді. Үстінде ермен ер бон жабысып алған Сүлеймен. Ол бір — екі рет тізгінді шірене езулей тартып, ат басын иен дала жаққа бұруға әрекеттеніп бакты. Бірақ онысынан түк шықпайтыны аян еді.

Екі қапталдағы үйлер, теректер, есіктерінің алдында тұрып, таңырқаса қарасқан қатын -қалаш, балалар зып-зып етіп сырғып өтіп қалып барады. Олармен бірдеңе деп тілдесуге назар тігіп қарауға дәл кәзір Сүлейменде мұрша жоқ.

Заставаға төтесінен өтетін көлденең көшеге жеткенде, бурыл ат қабырғалай бұрылып әлгімен тартты. Сол кезде дәл алдынан өзі жүретін бір комбайн бетпе-бет қарсы келіп қалар ма! Болды, бітті, қирадым деген ойлар Сүлейменнің басында жарқ-жұрқ етті. Ешқандай әрекет жасап үлгермеді. Бурыл ат пысқырып, жалтара секірді. Жолдың оң жақ шеті ор еді, ордың шеті қорық — дуал. Соның бәрін қабаттап бір-ақ секіріп, Әкімқожа ұстаның картоп бақшасына топ ете түсті.

Бұның бәрі бас-аяғы бірнеше секундтың аралығында болған уақиға. Сүлейменнің жаны тырнағының ұшына зымырап келген. Бурылдың комбайнмен қалай соғыспай, аман қалғанына оның таңы бар. Қабырғаға ұрған балшықтай бырш етуден басқа мүмкіндік жоқ секілді еді. Сүлейменді де, долы бурылды да құдай бір ажалдан сақтады.

Ара — кідік сыриып сары қалпақты күнбағыс өскен картоп егісін сатырлата жапырып, бурыл алып қашып келеді. Ештеңені тыңдамайтын да, жасқанатын да емес. Беті сол застава жақ. Арындаған күйі қорықтан және секіріп өтіп, арғы беті ашыққа шықты. Танауы пыс — пыс етеді. Заставаның қақпасын бетке алып, құтырынып, құйғытып келе жатыр.

Заставаның үстіндегі биік мұнараның басында мойнына дүрбі асып алған қарауыл солдат осы жаққа қарап тұр. Ол бурыл аттың әлгіден бергі қылығын түгел көріп, ақыры немен тынар екен деп, елегізе күтуде. Бірақ бурыл атты ол таныған да, мына ат сол болар деп ойлаған да жоқ. Колхозда не коп, асау көп, асауды үйретуші көп. Солардың бірі болар деп, қызықтап қарап тұрған.

Енді әбден жақын келіп қалғанда бір-ақ таныды. Бағана осы арадан Кәрім жетелеп кеткен бурыл ат. Өздерін қан — қақсатып біткен асау бурыл. Үстіндегі адамның кім екенін солдат тани алмады. Тек балаң жігіт екенін топшылады. Солдаттар жуасыта алмаған долыны жуасытпақ болған жүрек жұтқан бұл қай жан!

Бурылдың тап осы қазір жем жеп үйренген қораға қойып кеткелі келе жатқанын қарауыл солдат та бірден білді. Заставаның сырт қақпасы да, ауланың ішіндегі ат қораның есігі де бұл кезде ашық тұрған. Ат үстіндегі адамның маңдайшаға соғылып, жазым болуы мүмкін екенін ойлап, ол төмендегі біреулерге қарбаласа дауыстап жатыр:

Жабындар қақпаны! Жабыңдар! Бол! Тез! Бурыл ат біреуді алып қашып келе жатыр.

Жердегілер оның сөзін ұға қоймай:

— Не? Немене? Кімді? — деп тұрғанда бурыл ат қақпаға келіп те қалды. Сүлеймен бейқам емес болатын. Қақпа ашық па, жабық па деген ой оның басына бурыл ә деп ала қашқанда -ақ келген. Үңірейіп ашық тұрған қақпаны көрген кезде, ол бір шешімге келіп те үлгерді. Екі аяғын үзенгіден шығарып алды да, аттың оң жақ қапталына қарай қолымен ерге тірене кеп секірді. Қақпаға жиырма қадам шамасы жетпей, лақтырылған беріктей боп, жердегі шаң-топыраққа бұрқ етіп, домаланып түсті. Абырой болғанда, мертіккеннен аман тәрізді. Қаншалық тез домалап түссе, соншалық орнынан тез ұшып түрегелді.

Артымда не болғалы жатыр дейтін бурыл емес, тасырлатқан бойда застава қақпасына кіріп те кеткен еді.

Сүлейменді қоршалап алған солдаттар Істің мән — жайын біліскеннен кейін кеу-кеулеп кетті:

— Бала, өлгің келген екен. Бұл ат үйретуге көнбейді. Ана Никифоровты көрдің бе, ол да үйретем деп, қолын сындырды. Бекер жазым боласың.

— Қолың емес, басыңнан айырыласың.

— Мұны түлен түртіп, ажал айдаған ғой.

— Бұл бурылмен ойнауға болмайды! Бұның емі басын кесіп, былқытып асу да, табаққа салып, ет жегіш қазақтардың алдына қою.

Сүлеймен бұл айтылған сөздердің біреуін де құлағына ілмеді.

— Аттан жығылып өлген қазақтың моласын көрсем бұйырмасын. Сіздер тек қана мен оның үстіне қарғып мінгенше басып ұстап, көзін басып тұрыңыздар. Сонан соң не көрсем де, обалым өзіме.

Сүлейменнің қайсарлығы әрі ұнады, әрі таң қалдырды. Оның тыңдамасына көздері анық жеткеннен кейін ақыры:

— Ерік өзінде. Біз мінгізіп жіберейік, Бірақ, дегенмен байқа, сақ бол, — деді олар.

Қалш-қалш етіп, еліріп алған бурылды қорадан сыртқа жетелеп шықты. Заставаның ар жақ, бер жақ есіктері түгел жабылып бекітілді. Екі солдат аттың екі жағына шығып, сулықтан қос қолдап, мықтап ұстап: денелерімен бурылдың басын орталарына қысып, арт жақта не болып жатқанын ол көрмейтіндей етіп, көзін қалқалап турды. Сүлеймен тізгінді ықшам етіп ұстады да, аттың үстіне қарғып мінді.

Тізгінді ұстап тұрған екі солдат жалт беруге үлгіргенше бурыл ат шыңғырып, аспандай секіргенде, екеуі екі жаққа ұшып — ұшып түсті. Шіркін, жан деген тәтті ғой. Екі солдат жығылып жатып, жанталасып домалай қашып барады.

Әлгі тулаған — тулаған ба? Әлгі мөңкіген — мөңкіген бе? Нағыз әлеуметті бурыл енді салды. Аспандай шапшыған кезде, арқырап кісінеп — кісінеп жіберді. Не бір түрлі жаңаша соны туластарға салады. Мөңкіп — мөңкіп келеді де, алдыңғы екі аяғын көсіле созып, басын тұқырып, қалт тұра қалады. Сүлеймен бірнеше рет ерден лықсып ұшып түсе жаздады.

Асаудың үстіндегі Сүлеймен түгіл, көлденең қарап тұрған солдаттар үрейленумен болды. Бурыл ат таптап, жаншып, қағып кетпесін деп, олар дүркірей қашып барып, дуалдың үстіне шығып алды.

Тулап, тулап, үстіндегі жабысқақ тажалдан құтыла алмаған көк долы бурыл бір кезде ытырылып және алып жөнелді. Қақпаға кеп, берік тұрған қақпаны омыраулата бір соқты. Одан жалт бұрылып, заставаны айнала шауып жөнелді. Ар қақта қақпа бар екенін біледі. Ол да жабық. Оны соққан жоқ. Дәл алдына кеп тапырақтап, не істерін білмей бөгеліп қалды. Содан соң жалт бұрылып және мөңки бастап еді. Әй, бәлем, ызаң етті — ау, сенің деген оймен Сүлеймен осы кезде сауырға қамшымен көміп — көміп жіберді.

Өзі өз боп бурыл аттың тәніне қамшы тигені осы еді, Алты ерме қамшы тәнін емес, жанын тілгендей болды. Бурылдың ашынуы шегіне жетті, Және бір аспандай секіріп, шыңғыра кісінеп алды да, төмен йен далаға қарай алып жөнелді.

Сүлейменнің тілегені осы еді. Не істесе де, жазықта, далада істеуіне ол разы. Тулай ма, алып қаша ма, өзі білсін. Әйтпесе асау асау атана ма?

Асауды асаудай адам үйретеді. Жылқыны да жылқыдай адам бағады. Қағидаға бергісіз бұл сөздер Сүлейменнің Өмірәлі ағасыныкі. Даланың бөз көдесі, қурай, ши, арық -тоғандары ат бауырынан зымырап етіп жатыр. Бастағы ой — сезімнің алмасуы да тап сол тәріздес.

Сүлеймен қамшыны сауырлата тағы да кемді. Бауырлата және де тартып — тартып жіберді. «Бәтшағар, міне саған! Сеп аянбасаң мен де аянбадым!»

Алдыңғы жақ көлбеген жаңа айдау — зябь еді. Топырақтың әлі дымы да кеппей, барқыттай қап-қара болып жатыр. Сүлеймен бурылды еркіне қоя берді. Қане, мықты болсаң айдаумен шауып көрші.

Долданып алған бурыл тайынбады, айдауды кешіп жөнелді Топыраққа толарсақтан батып — батып кетеді. Бұл күйімен қаншаға барсын, лезде — ақ желігі басылып, әлсіреп қалды. Үсті-басы қан сорпа. Төгілген маржан тәрізденіп мойын түп, құлақ түптен тер деген мөлт-мөлт сорғалайды.

Долының саудасы біте бастағанын Сүлеймен анық байқады. Есін жинап, бел алып, кеудесін жазыңқырап отырды. Өзінің де алқынып, терлеп кеткенін жаңа сезінді.

Қамшыны және де басты. Енді бірақ бурыл атта селт етуге шама қалмаған секілді. Тікірейген қамыс құлақтарынан жан кетіп, мойны сөлбірейіп, иі түсіп қойшының қойға мініп қажытқан мәстек аты тәрізденіп мырт — мырт желіп кетіп бара жатты.

3

Кәрім қырман басында болатын. Түскі үзіліс уақыты. Әйел-еркегі аралас отыз шақты адамға халықаралық хал жайынан лекция оқып тұр.

— Алжир деген ел, міне, мынау,— деп ол картадан шыбықшасымен көрсетіп өтті. Франция мен екі аралығында Жер Орта теңізі жатыр. Негізгі халқы арабтар… Мына біреу кім өзі тал түсте жол таппағандай айдау кешіп келе жатқан?

Кәрім нұсқаған жаққа колхозшылар жапырыла мойын Сұрып қарасты. Айдаудың қара топырағына атын омбылата бастырып келе жатқан салт аттыға ел назары бірден ауды.

Әркім таңырқап:

— Өзінің дені сау адам ба? Жолмен неге жүрмейді?

— Аты болдырған біреу ғой, десті.

— Салт атты айдаудан шығып, тақыр жермен атын жеделдете бастырып, тура осылай қарай келеді. Жақындап қалды.

Кәрім енді таныды.

— Ой, Сүлеймен ғой! — деді таңырқаған дауыспен. Оның астындағы бурыл ат екенін кергенде, Кәрімнің көзі атыздай болып кетті.

— Мынау… мынау мініп алған ба — ей? — деді.

Сүлеймен қырманның шетіне келіп тоқтады. Астындағы бурыл сүме — сүме. Бүйірі солқ-солқ етіп, діңкелеп әзер тұр. Әңгімесін жайына қалдырды да, Кәрім оған қарсы жүріп, жақындап келді.

— Өй, сен мұны қалай міндің?!

Сүлеймен ірі тістерін ақсита күлімсіреді.

— Кәдімгідей міндім.

— Бұны жуасымайды дегендері қайсы?!

— Мінекей жуасыды.

— Тулаған жоқ па?

— Аздап тулады.

— Аз туласа мұншама қиналар ма еді? Сүлеймен мен бурыл аттың оңайлықпен тіл табыспағанын Кәрімнің іші сезді. Інісінің ат құмарлық мінезі өзіне жақсы мәлім. Бағана бурылды алғаш көргенде — ақ сұқтана көз алмай қарауы тегін емес еді.

Бурылдың аяқ астынан мініске көніп, ат болып шыға келуі Кәрімді де қуандырды. Інісіне ол кешірім жасап, көңілін аулай сөйледі:

— Жарайды. Мінуге көнсе, онда соймаспыз. Мініп, көлік етерміз. Өзің бүгін таң асырып, байлап тастау керек.

Бұл сөзді естіп Сүлейменнің төбесі көкке жеткендей болды.

4

Сүлеймен таң бозара түрегеп қорадағы бурыл атқа келді. Енді оны отқа қойса да болатын еді. Бурылдың кейпі сергек, мойнын бура қарап, сәл ғана оқыранғандай болды. Іші кәдімгідей тартылып жіңішкеріп қалған. Тұла бойы терден сатпақ — сатпақ, кешегі тартқан азабының куәсі. Бірақ сонда да басынан ештеме кешпегендей сылаң ұрады. Көзінде жылт — жылт еткен ұшқын бар. Кеше қалжыраған кезде шүберектей салбырап иі кеткен құлақтар кәзір енді қаламның ұшындай шаншылады.

Бурыл кереметтей тың еді.

Сүлеймен бурылға тағы да бет алдынан жайлап емірене қол созып барды. Тұмсығын, маңдайын, одан соң мойнын, арқа тұстарын сипап жүнінің бытысып терге қатып қалған жерлерін қасымалдай үгіп, бірсыпыра тұрды.

— Сен енді долылықты қой. Жөнге кел. Мен саған жамандық ойлап жүргем жоқ. Жақсылық ойлап жүрмін. Бүйтіп долылана берсең, қыста қар бір жауғаннан кейін басынды «әмиін» деп, кеседі де алады. Содан соң бітті шаруаң. Қазаққа бүлкілдеп қайнағанды ғана білетін боласың. Ал өйтпей, жөнге келіп, мініске үйренсең, онда сені ешкім де соймайды, ұқтың ба?

Бурыл ұқтым дегендей басын шұлғып қойды.

Сүлеймен жүгенді сыпырып алып, ноқтасымен ғана қалдырды. Содан соң алдына уыздай жас, жаңа орылған жоңышқа әкеп салды. Тәулік бойы нәр сызбай аштан қатқан бурыл бас салып, көмейлеп асап, жей бастар деп ойлаған еді. Бірақ олай болмады. Бурыл ат жоңышқаны әуелі тәкаппарлана иіскеледі, содан соң бір талдап, екі талдап, ара — арасынан таңдап алып қана жей бастады.

— Тәкаппарсың — ау, бурыл ат!—деп қойды Сүлеймен.

Кәрімнің қазіргідей қызу науқан кезінде оқта-текте болмаса үйге қонбайтын әдеті. Жұмыс басында түнейді. Бүгін де Кәрім үйде жоқ-ты. Сүлеймен анасы Ұлтуар екеуі ғана. Ұлтуар кеше Сүлейменнің бурылмен қалай арпалысқанын өз көзімен көрмесе де, көрген елден естіп, аза бойы қаза болып шошыған. Шай үстінде ол баласына соны сөз етіп отыр.

— Осы сен бе? Сен көріп тұр. Ажалын асаудан болады бір күні.

Шешесін Сүлеймен жеңеше деп атайды.

— Жеңеше, сіз қызық адамсыз. Мініліп жүрген аттардың барлығын жұрт асаудан үйретпегенде, осы күйде жұп-жуас бон туа қалды дейсіз бе?

— Асаудың да асауы бар. Бүкіл застап болып үйрете алмаған немені… Өстіп жүріп бір күні мойның үзіліп өлгенде бір-ақ тынасың.

Кеше солдаттарға айтқан сөзін Сүлеймен шешесіне де айтты:

— Аттан жығылып өлген қазақтың моласын көрсем, бұйырмасын!

* * *

Ат баптаудың жайын Сүлеймен бір кісідей біледі.

Шайдан соң ол бурылды өзенге жетелеп барып, суғарды. Қайта жетелеп әкеп, тағы да отқа қойды. Енді міне қорадан аулаға алып шығып, үстін ат тарақпен әбден мұнтаздай етіп тазалап, ерттеп жатыр.

Тағы да бір тықырдың тақалғанын сезіп, бурыл ат іш жиып, сақтана бастаған тәрізді. Тартпа тартқан кезде құлағын жымқыра түсіп, бір рет тістеп те алмақ болды.

Сүлеймен ете бір сақтықпен тез қимылдап:

— Тәк! — деп, зекіп тастады. Бұл екі арада тартпа лып етіліп тартылып та қалды.

Сүлеймен бурылды бері кешеге жетелеп шықты. Олай-бұлай жүргізіп, сыр түйіп бақты. Мінбек болды.

Тағы да алып қашса, заставаға алып барады. Кеше мерт бола жаздағаны ойына келді. Құдай оңдағанда, жайдақ атқа мініп, сөмпиіп Есенғали келе жатыр екен. Ол Сүлеймен екеуі де бір класта оқиды. Сүлеймен шақырайын деп еді, Есенғали осылай қарай өзі бұрылды. Ұзын аяқтарымен мәстек аттың бауырынан орай тебініп келіп тоқтады.

— Әлгі заставадан сатып алған асауларың мынау ма? Кеше бұл сені өлтіріп кете жаздапты ғой. Рас па?

— Оны кім айтады?

— Осы әлгінде біреулер дүкеннің алдында сөз қылып тұрғанын есіттім.

— Е, жай сөз ғой, — Сүлеймен Есенғалиға қолқа сала бастады. — Есенғали, мен қазір міндім болды, мынау алып қашып заставаға апарады. Сен барып, кезекші солдатқа ескертші. Қақпаларын бекітіп, жауып қойсын.

— Бұзау іздеп бара жатыр едім… — деп Есенғали міңгір — міңгір етті де әзер көнді.

…Сүлеймен бурылға мінбек болып, алдарқатып тұр. Үзеңгіні ұстап, сілкіңкіреп, ердің үстіне салмақ түсетіндей етіп, басып-басып қояды. Кешегі қилы-қилы меңкістер, қилы-қилы туластар Сүлейменнің есінде. Сүлейменнің жүрегінде шайлығу да, үрей де жоқ емес. Бірақ шешінген судан тайынбайды дегендей тәукелге бір мінген соң ақырына дейін шыдау керек.

Бурыл үнсіз, тыныш тур. Құлағын сәл жымыра жаздап қояды. Тағы да бір тықырдың тақалғанын сезініп, пәле күтіп, ішіне пәле жинап тұрғандай. Денесінің әр түгі жыбыр -жыбыр оянып, іштегі дүлей жыны қозуға дайын екені ап-айқын аңғарылғандай.

Мейлі, Сүлеймен өз дегенінен қайтпайды. Әне, ол бурылға қарғып мінді. Бурыл мөңкіп тулай бастады. Кеше жарты күн бойына көк есектей көнбістеніп мінілгені ойынан мүлдем шығып кеткен. Жүген-құрық тимеген шу асауындай, тағының тағысындай шыңғырып аспанға атылады. Бірақ буған Сүлеймен құлар емес.

Бурыл ат туластың жада әдісіне көшті. Жалғыз аяғымен жер тіреніп, Диірменнің тасындай шыр айналды. Асаудың талайын мініп жүріп, Сүлеймен мұндай ғаламатты көрмеген еді. Бурыл айнала жөнелгенде, ол құларман болып, жалға жабысып әрең қалды. Басы айналып, көздері қарауытып кетті. Жер дүние төңкеріліп аспан ауытқып құлап бара жатқандай. Осы шыр көбелек айналу тағы да төрт-бес секундқа созылғанда, Сүлейменнің жалп етіп қулап түсуі даусыз еді. Олай боларын бурыл ойламаса керек. Тағы бір кісінеп, көкке шапшып, заставаға қарай алды да жөнелді.

Құйындатқаннан құйындатып, ол әуелі заставаның алдыңғы қақпасына келді. Жабық тұрғанын көріп, жалт берді. Артқы қора жаққа келді. Мұндағы қақпа сырғауылдан істелген аласалау болатын. Дуалдың деңгейінен келеді. Мына ғаламатқа қараңыз, бурыл ат жабық тұрған қақпадан тайынбады. Арындап келген қалпымен секірді. Сүлейменнің жүрегі солқ етіп, табанына түсіп кеткендей болды. Жаны тырнағының ұшына барды. Бұл оның үш ұйықтаса түсіне кірмеген, күтпеген жағдай. Сүлеймен есін жиғанша бурыл ат ауланың ішіне келіп дік ете қалды.

5

Қанша долы болғанмен бурыл ат бірте-бірте бастығып, адам еркіне кенейін деді.

Көнбесіне Сүлеймен қояр емес. Тулай бастаса, дырау қамшымен мойынға аямай көміп -көміп алады. Ала кеп қашса, сауырлап және ұрады. Сөйтіп туласаң тулай түс. Шапсаң шаба түс деп егескендей болады.

Сүлеймен айдауға әдейі әкеп салды. Атызды сүзе жұлқып ала жөнелді. Сүлеймен шалқалап барып, өзін-өзі әрең ұстап қалды. Сөйткенше болмай, бурыл жаңа бір өнер шығарды. Арындап шауып келе жатты да, төрт тағандап, кілт тоқтап тұра қалды. Сүлеймен бұны тіпті де күтпеген еді. Әскери жылмақай ердің басынан ұшты да кетті. Топыраққа барып, топ ете қалғанын бір-ақ байқап үлгерді.

Сүлеймен ол айдауды шекесімен сүзе құлап жерде жатыр. Басын тез көтеріп артына қарады. Өзімен-өзі қалған бурылда қашайын деген тіпті де ниет байқалмайды. Ештеңе сезіп білмегендей басын шұлғып қойып, әлгі орнынан тапжылмай жайбарақат тұр.

Сүлеймен тұрып келіп, аттың тізгінінен ұстады. Екі күн бойына арпалысқанда бурылдан мықтап бір жеңілгені, мықтап алданғаны осы еді.

— Өй, пәлекет бурыл! Сенен тағы қандай өнер шығар екен? — деп қайта оны мадақтап, мойнын алақанымен қағып — қағып қойды.

Бурылдың жығып тастап, қашпай тұрып алғаны Сүлейменге керемет бір адалдықтай көрінді.

* * *

Ертесінде бурыл жаңағы қауіпті әдісін және қайталады. Шауып келе жатып, басын тұқыртып кілт тоқтай қалғанда, Сүлеймен ердің басынан және ұшып түсті. Бұл жолы оның құлаған жері көшенің қақ ортасы — тақыр еді. Оңбады. Бір жақ бетін, шекесін жер айғыздап қанатып кетті. Бурыл тағы да қашпай қасында тұр. Қалай, жараланғаннан аманбысың дегендей Сүлейменнің шаң-шаң киімін оқыранып, иіскеп қояды.

Құлап жатқан Сүлейменге елден бұрын тызалаңдап шешесі Ұлтуар жетті.

— Сенің ажалың аттан болады деп, айтпап па едім! Әне, қарашы не болдың? Мойның үзіліп, еле жаздадың ғой! Бұл Жауызға енді мінбе де, жолама! Басын кесілгірдің басын кесіп қана тастайтын бір адамның табылмауын!

Бірсыпыра жұрт әлгі араға жиналып қалған еді. Олар да Сүлейменді жазғырып ұрыса бастады.

— Сау басына сақина тілеп, бұл не азап!

— Солдаттарға ырық бермеген жауыз саған ырық беретін бе еді!

— Әне, қарашы езге асаулар болса, үстіндегі адамнан құтылған соң безіп жөнелер еді. Ал, мынау кел, ер болсаң тары мін деп, әдейі егесіп, шақырып тұр. Бұл ма, бұл адамнан бетер зымиян сұмпайы мал!

Жұрт сөзі Сүлейменнің бір құлағынан кірсе, екінші құлағынан шығып жатты. Бурылға ол қайтадан қарғып мініп, тебініп шаба жөнелді.

Пәленің аяқ тастасы жұрт көзін арбап алғандай әдемі — ақ еді.

6

Қыс етіп, көктем етіп, жаз келді.

Шәлкөде жайлауындағы малшылар таңертең кездерін ұйқыдан тырнап ашқан бетте әуелі аспанға қарасты. Ауа райының қалай болатынын барлап, көкпеңбек ашық аспанды кергенде масайрап, қуанысып жатты.

Бүгін малшылар үшін ерекше күн. Жылда осы мезгілде бір рет дүрілдеп ететін дәстүрлі тойлары болмақ.

Той десе қу бас домалайды. Жан-жақтан атты, машиналы ағыл-тегіл келіп жатқан халықта қисап жоқ.

Ұзын саны жиырмадан астам киіз үй және сол шамалас шатырлар тігілген. Әнші, күйші, қызыл отау, көшпелі магазин, сауда-саттық дүкендері, милиция, қарына қызыл байлаған жасақшылар — бәрі осында. Той болған соң ойын-күлкі тамашасымен қабат шатақ -төбелесі де болып қалуға ықтимал…

Әуелі жиылыс ашылып, желпіністі сөздер сөйлейді. Тізбектеліп аталып табыстар айтылды.

Кемшіліктер және көрсетілді.

Озат малшыларға сыйлықтар берілді. Оза алмағандары іштері күйіп қарап тұрды.

Малшылар тойының әртүрлі тамашасының бірі емес, бірегейі — бәйге. Бүгін де бәйге болады. Колхоздар, совхоздар жүйріктерін жаратып алып келген. Олардың ішінде бұрыннан атағы шығып жүрген әйгілі, мәлім аттар да бар. Бірінші рет қосылып отырған қауым үшін беймәлім соны жүйріктер де бар, Соның бірі Абай колхозынан Сүлеймен мініп келген бурыл ат.

Кәдімгі долы бурыл.

Жоқ, дәл кәзір оны долы деу шындыққа жанаспайды, қиянат болады. Бурыл ат бұл кезде мініліп жүрген жылқы тұқымдарының ішінде жуастың жуасы да, ақылдының ақылдысы Бірдеңеден үркіп, селт еткенді білмейді. Иесі үстінен түсіп, тізгінді қаңтарып қойса, әлгі арада турады да қояды. Ешқайда кетпейді.

Ал егер несі ер-тоқымын сыпырып алып, сауырға бір салып:

— Жылқыға бар, — деп қоя берсе, бурыл ат құйрығын тігіп алады да, шапқаннан тауып отырып жылқыға келеді. Ал енді Пасқа жерден үйге бар деп қоя берсе, онда ешқайда бұрылмастан тура үйге келеді. Жол-жөнекей ешкімге ұстатпайды да, бөтен адамды шеніне жуытпайды.

Қораның аузындағы қашаны тұмсығымен сырғытып, адам құсап өзі ашып кіреді. Соңынан тағы басқа мал кірмек болса, тістеп, теуіп жолатпайды.

Жүрісі қандай шіркіннің

Аяңы тымақты алшы кигізгендей,

Кісіні бол-бол қағып жүргізгендей, —

деп, Абай айтқанның нақ өзі.

Бурылдың аяңынан басқа аттар желіп отырады. Және аяңдаған кезде біресе оңға, біресе солға жалт-жалт беріп, ойнап — билеп аяғын сілке тастап көлденеңдеп басқанда, үстіндегі адамды шайқамайды да. Лекітіп, тербеп тек шалқытып отырады. Әсіресе екі-үш салт атты немесе одан да кеп адам топтасып жүрген кезде, бурыл міне, жүрістің кекесін сонда көрсетеді. Қатарлас өзге аттардан мойнын озық ұстап, көсемдене жүру оның мызғымас әдеті. Кекіл жалы, желк-желк желкілдеп, оқтын-оқтын ауыздықты жұлқи тартып, есіп жөнеп бергенде, о шіркін, қойын — қонышыңды желдей кеулеп шабыт сезімі кіргендей болады.

Бұл күнде «Абай» колхозында бурылға бір мінуді арман етпейтін пенде кемде-кем.

Қыс бойы бурылды Кәрім мініп шықты. Егер Сүлеймен болмағанда ол оны баяғыда-ақ пышаққа шалатын еді де, ендігі бурылдың сүйектері үйдің артындағы шұқырда қурап жататын еді ғой. Кәрім осы кезде соны ойына алғанда таңдайын қағып: «Осындай тамаша атты соғымға соймақ болдым — ау!»—деп басын шайқайды.

Бурылдың мініске көніп, колхоздағы ең бірінші ат болғанын көрген застава бастығы капитан Халваши:

— Бұны енді біздің өзімізге қайта сап — деп, Кәрімге жат та жабысты.

— Жоқ сатпаймын да, сата алмаймын. Осыншама азаппен үйретіп… Жо — жо, атама, капитан жолдас,— деді Кәрім.

— Үйреткен ақыларың үшін тағы сол өз бағасындай ақша қосын берейік.

— Жо-жоқ, сіз буынсыз жерге пышақ салмаңыз. Бурыл ат кәзір менің билігімде емес, колхоз билігінде. Мен бір өзім оның тағдырын шеше алмаймын. Ал енді колхоз жылқысын жақсарту, асылдандыру керек деп өзіңіз үгіт соғасыз. Сөйтесіз де, маңдайымызға біткен тәуір атымызға қолқа саласыз. Ол болмайды, капитан жолдас. Бұл атты жарамсыз қып шығарып акті жазған өзіңізсіз. Сойып же деп сатқан өзіңізсіз. Біз сізді алдап алған жоқпыз. Жо — жо, сіз бізге өкпелемеңіз. Жақсы ат сіздерге қажет болса, бізге де қажет.

Кәрім илікпеді.

Осы биыл.қыста Кәрім бурылмен үш қасқыр, бес түлкі соғып алды. Сүлеймен екі рет демалыс күндері мініп шығып, екі түлкі соғып әкелді. Бурылдың жүйріктік даңқы ауылға осылай мәлім болды.

Бурылмен аң қуғанда, колға сойыл шоқпар ұстаудың қажет! жоқ. Аңды ол қуып жеткен бетте алдыңғы аяғымен тарпып мертіктіреді. Оған болмаса кәдімгі итше тістеп лақтырады. Сөйтіп ол аңды тек қуып жетіп қана қоймайды, несіне соғып та әпереді.

Мінекей, бір кездегі долы бурыл осындай өнерлі де, ақылды мал болып шыққан еді.

Ол жөнінде көбірек сөз етуге тап кәзір, біріншіден уақыт тығыз. Әне, бәйге басталғалы жатыр. Екіншіден, бурылдың бойындағы өнер — қасиет осы бәйгеде бәрінен де айқын байқалуға тиіс. Оқушы соны өз көзімен көрсін де, өз санасымен бағаласын.

Бурылға мініп шабатын бала Сүлейменнің немере ағасы жылқышы — Өмірәлінің Асқары. Асқар биыл төртінші бітірген, жасы он екіде. Әкесіне тартқан қағылез, ақсұр бала. Сүлеймен құсатып Өмірәлі оны да кішкентайынан аттың үстінде алдына алып жүріп баулыған. Одан соң алты-жеті жасқа келгенде тайға мінгізіп үйреткен. Солай тәрбиеленіп өскен Асқар бұл күнде қандай аттың болса — дағы құлағында ойнайды. Әне, оның ерде отырысын қарашы, қаздитып қағып қойған мық шеге тәрізді.

Асқардың қасында басқа бір атқа мінген Сүлеймен жанамалап, ақыл сөйлеп жүр. Бурылдың мінез — сырын ол Асқардың құлағына сіңіріп айту үстінде:

— Қамшы салудың керегі жоқ. Тізгінді бос жіберіп қойма. Шамамен тартып, тежеп отырсаң ат жақсы шабады. Ал қамшы басу керек болғанда, мен өзім айқайлап айтам.

Асқар үндемейді. Сүлейменнің айтқандарын бүкіл бейіл, зейінімен назар қоя тыңдап, бір шаршы орамал тартып алған басын болмашы изеп қана қояды.

Әнe, даяшы бәйгеге шабатындарды көмбеге шақыра бастады. Аттарының құйрықтарын шарт түйіп, бастарына орамал тартып алған балалар әлгінің соңынан жапырыла ілесті. Өзге жұртты көмекші даяшылар серпіп кейін қарай тықсырды. Бәйгі аттары үш шақырымдық шеңбердің бойымен шабады. Сопы бес рет айналулары керек.

Жиырма шамалы ат көмбеге қаз-қатар тізіле бастады. Жұрттың көзі де, көңілі де; міне соларда. Мал танығыш сынампаз кәриялар ентелеп, мойындарын соза қарасып, әртүрлі болжал айтысады.

— Осы бір бурыл ат қайдан келді? Өзінің түр-тұлғасы бөлектеу екен? «Абайда» мұндай ат бар ма еді?— дескен әңгіме құлаққа шалынып жатты.

Даяшы жалауын құлдилата сермеп қалды:

— Барыңдар!—Жолдарын болсын! — деді.

Ауыздықпен алысқан жиырма ат жерді дүрсілдетіп, шаба жөнелісті.

Сүлейменнің екі көзі бурылда.

Аттар жарты айналмаға дейін түйдектеліп бара жатты. Содан кейін біртін-біртін қара үзіп шыға бастады. Бір қарагер ат жалғыз дара озғындап ала түсті. Онан соң бір сары ат суырылды, үшінші бурыл.

Қанжардай болып қатып қалған бурыл ана екеуіне қарағанда сирақты екен. Ең алдағы қаракердің тұрқы ұзын. Бойын одан бетер ұзарта созып, аяғын пәрменімен көсіле тастағанда, бауырымен жер сызып бара жатқандай болады.

Сүлеймен бурыл аттан мықты үміткер. Бәйгеге қалай да ілігетініне сенімі мол. Бірақ көңіл шіркін одан да гөрі молырағын қалайды. Бірінші боп келсе деп арман етеді. Кім білсін, ол да мүмкін. Бурыл ат осы кезде нағыз жүгіретін бабында.

Қаракер сол ұзағаннан жалғыз дара ұзап шыға берді. Оның артындағы сарының да аяқ тастасы осал емес. Бүл екеуі де осы аудандағы бұрыннан аты шығып, озып жүрген жылқылар.

— Қаракер енді кетті!

— Болды, жеткізбейді.

— Бәйгесін бере берсе де болады! — деген астам дауыстар жамырай бастады.

Бір айналым… Екі айналым.. Үш айналым.

Аттардың ендігі қара көрінісі дастарқандағы шұбалтып шашып тастаған бауырсақ тәріздес. Әлгіндегі түйдек топ жіпке тізген моншақтай дараланып барады. Бортаңдап ең артта қалған атты алдыңғы ат қуып жетуге айналды.

Қаракерден оқ бойы кейінде сары ат келе жатыр. Оның соңында шалма тастам жерде бурыл ат. Бұларға таяу ат жоқ.

Асқардың атқа шабысына Сүлеймен риза болып тұр. Тізгінді тежеп, қымти ұстаған қалпы ерге етбетінен жабысып алған. Екі көзі тек алда. Жан-жағына жалтақтап, артық қимыл қозғалыс жасамайды.

Міне, бурыл ат иіріліп қарап тұрған жұрттың тұсына жақын келіп қалды. Төртінші айналым таусылып, енді қалғаны бір-ақ айналым. Сүлеймен ілгері таман тебіне шығып, Асқарға бар даусымен айқай салды:

— Бас қамшыны! Бас! — деді.

Арқардың құлақ түріп андып келе жатқаны осы еді. Бұзаубас дырау қамшыны сауырлата көміп — көміп жіберді. Бурылдың да тілегені болғандай ытырылып, бейне бір тосын қосылған тын. аттай өршеленіп шыға келді.

Аршындап аяқ тастасына сүйінбеген адам жоқ. Бір кезде ол алдында кетіп бара жатқан сары атты қуып жетіп, басып озды. Одан соң қаракердің ізіне түсті.

— Бас! Бас қамшыны! — дейді Сүлеймен дауысын Асқар естімесе де.

— Бас! Бас! — деп, өзге жұрт та шуласады.

— Ойпырмай, жануар — ай! Мына бурыл мал екен ғой!

Сөреге жарты айналым қалғанда бурыл ат қаракерді де қуып жетіп, басып озды. Қарап тұрған жұрт небір ойда жоқ ризашылықпен шулап қоя берді. Сүлейменнің көзінен қуанғандықтан жас шығып кетті.

Бурыл ат сереге жалғыз: дара болып, қаракерден оқ бойы озып келді.

Осы той, осы бәйгеден кейін бурылдың даңқы көкке көтерілді. Оның «Абай» колхозында пайда болу тарихы, бурылды жуасытуда Сүлейменнің сіңірген еңбегі ауыздан ауызға аңыз болып айтылды.

Енді Абай колхозында бурылды тым құрса бір мінгісі келіп құлшынушылар бұрынғыдан да көбейді.

Осы Абай колхозында Қорғасбай дейтін мойны — басын безеу басқан дүкенші жігіт бар. Атқұмар қазақтың ол да біреуі. Бұған қоса Қорғасбайдың бойындағы және бір әдет атқа мініп алған соң ауыл арасында ақырын жүруді білмейді. Көшедегі жұрт көрсін мені дегендей ылғи Да соқтырып, шабуылдап жүргені. Үйінен шыға шауып, ат басын дүкенге келіп бір-ақ тірейді. Дүкеннен шыға шауып. үйіне есігінің алдына келген де және бір-ақ тоқтайды.

Қорғасбайдың бұл мінезінен мезі боп біткен кәрі әжесі:

— Әй, Қорғасбай, қалқам, ауыл арасында шабуылдауыңды қой деп, мен саған қанша айтам. Біреу-міреуді басып кетесің ғой, — деп ылғи да ескертіп отырады.

Бұл ескертпені Қорғасбай пішту құрлы көрмейді.

Асылы, тақымына тәуір ат тиген кезде Қорғасбайдың делебесі қозып кететін болуға тиіс. Оның әлгідей шабуылдап бара жатқанда атқа отырысының өзі соншалық оғаш дарақы. Тізгінді қос қолдай тартып, шалқая шіренгенде, екі аяғы аттың құлағына жетеді. Аяқтарының үшін қаздитып және де созып алады. Ауыл үйдің бір қора итін соңынан улата — шулата ертіп, екі жағына жалтақ-жалтақ қарап кетіп бара жатады.

Жұрт үйлерінен шықпай-ақ бұл өтіп бара жатқан басқа емес, Қорғасбай екенін біліп отырады.

Осы Қорғасбай бір күні Кәрімге жалынып жат та жабысты:

— Ағатай, бурылыңды бере тұршы. Мына арадағы загот — скоттың базасына барып қана келейін. Бір тығыз шаруам бар еді.

Кәрім қиналыңқыраса да әлгінің көңілін қимады, берді.

Қорғасбай қарғып мінді де ,әдетінше, соқтыра жөнелді. Сулығының екі етегі далия желбіреп жөнеп барады. «Осы иттің осы әдеті — ай! Ауыл арасында жай жүрсе болмай ма екен!» деген оймен Кәрім оның соңынан аз қарап тұрды да, үйіне кіріп кетті.

Содан арада бес минуттай уақыт өтті ме, өтпеді ме, бір бала есіктен ентіге кіріп келді.

— Кәрім аға, Қорғасбайды машина қағып кетті. Бурылдың аяғы сынды!..

Кәрімнен бұрын үйден Сүлеймен атып шықты. Арғы көшеде жұрт у-шу болысып жатыр. Екі өкпесін қолына ұстап Сүлеймен жетті. Біраз адам жиналып қалған екен. Алдыңғы бір аяғын баса алмай, дір-дір етіп бурыл тұр. Жануар әп-сәтте сұры қашып, бүгіліп, мүсәпір болған да қалған. Қолының басы шодырайып ісіп кеткенін көргенде, Сүлейменнің жүрегі су ете қалды.

Анадай жерде радиатордың бір жақ шеті қабысып, колхоздың самосвал машинасы тұр. Сөйтсе, тік төмен ағызып келе жатқан машинамен көлденеңінен шыға келген бурыл ат соқтығысып қалыпты. Бәрі алаңғасар, елірме Қорғасбайдың кесапаты.

Қорғасбай өзі дін аман, ештеме де болмаған. Керек десе, аттан жығылмапты да.

Бурылдың қолының басы — тоқпан жіліктің жауырынға жалғасқан тұсы — күл болып кеткен…

Сүлейменді көргенде, бурыл ат басын шұлғи түсіп, ыңыранып қоя берді. Даусы да, тұрған тұрысы, жасаураған көздері де кереметтей аянышты еді. Сүлейменнің сай-сүйегі сырқырап балқып кетті. Бурылдың басын құшақтап жылап жіберді…

Бурыл ат енді ат болудан қалған еді.

1963