Әңгіме: Бауыржан Момышұлы | Өз обалым өзіме
Мен жақында кететін кісімін. Соған түсінбеген жеңіл-желпі жақындарыма өкпелеп кетіп бара жатырмын. Сенгенім сен деген кісіге «Қап, қателестім-ау!» дегеннен басқа айтар сөзім жоқ. Оның да құдай өз жазасын өзі берер. Таңдап алған өзім едім, сеніп алған өзім едім, өз обалым өзіме деп мойындауым керек.
* * *
Қартайғанда екі мәселеге душар болдым.
«Алыс жолда атың өлмесін, Қартайғанда қатының өлмесін».
Бұл сөзді басыңа келгенде басқаша түсінеді екенсің. «Ат» деген сөз денсаулық екен, қазакең образбен сөйлейді. «Алыс жол» деген денсаулығың екен. Жасың жетсе, денсаулығың дұрыс болсын деген сөзден ұғындым.
«Қартайғанда қатының өлмесін» деген сөз — саған түсіне білетін, сені күте білетін ең жақын жан жарың өлмесін деген сөз екен. Осы екеуі де басқа түсіп отыр. Оны уақыт ұқтырып отыр.
Қартайғанда асығудан қорқады екенсің. Орыстар «поспешишь людей насмешишь» дейді.
Үйсіз-күйсізді екі (духовный, биологический) тұрғыдан түсіну керек.
«Көлеңкесіз дүниеде зат болмайды»
(Әзілхан Нұршайықов туралы)
Бірақ көлеңкенің айырмасы бар. Әр көлеңке әртүрлі. Сынды осы тұрғыдан түсіну қажет, әрқайсысының сырын, мақсатын білу керек.
Қазақта сөз бар: «Көлеңкеңмен күн көріп жүрміз», — дейді. Мысалы, Иван Грозный. Оны орынсыз жамандайды. Ал, оның мақсаты — орысты ел ету ғой. (1-Петр де солай).
«Төрімнен көрім жақын» — бұл ақымақ үшін солай, ал, естіге ол басқаша қабылданады.