Әңгіме: Балғабек Қыдырбекұл | Атадан ақыл
Әкесі елу тоғызға шыққалы бері Адалдың қатты мазасы кетіп жүрді. Әйелінің әр сөзі дұрыс та болса, оған инедей қадалады. Өсіп, алды он беске, арты беске келген үйелмелі-сүйелмелі жеті бала жақындап жанына әкелеп келсе, оларды да маңына жолатпады. Несіне жолатады? Өзін апарып жардан лақтыратын, өзінің ажалы солардың бірінің қолына екенін біле отырып оларды қалай жақсы керуге болады. Әкесі болса бар шаруаны тындырады. Мұның табанына кірген шәңге менің маңдайыма қадалсын дегеннен басқа байқұс шалда не жазық бар еді. Бірақ хан жарлығы солай, «алпысқа келген атаңнан ақыл сұрама!» Бұл ойын біреуге тіс жарып айтуға болмайды, оны зәушайтан біреу-міреу біле қойып жеткізер болса, ертесіне-ақ әлде тура, әлде қайқы қылыш көтерген жасауылдардың жетері хақ. Сонан соң жаның жаһаннамға кетті дей бер. Басың алмадай домалап көкжендет алдында жатады. Міне, жыл тез етіп барады. Енді біраздан кейін Адал әкесімен біржола қоштасады. Өзі қолымен жардан лақтырып өлтіреді.
Байқұс Ақыл шал да соңғы күндері өзінен өзі шөжіп, торы еттен ажырап, тамақты татып алмайтын болды. Кемпірі қазанға толтыр ұйытқан, қасық тік тұратын қой қатығының бетін сыпырып әкеп шал алдына қояды. Қазандағы айранның қаймағын келін сыпырып алып қарашұнақ балалардың біріне беріп қоймауы үшін таң рауандап к еле жатқаннан тұрып, зар қағады. Тіпті бір күн көретін жарығы болса да жақсы жүрсін дейтін болар, шелекке қымыз үстіне сиыр жебіндісін сауып, көпіршік жасап та береді. Бірақ бәрі бір санаулы күні қалғандықтан ба, жоқ тәбеті тартпай ма, әйтеуір Ақыл оларды татып алмайды. Кемпірі де, баласы Адал да шалдың күннен күнге шүйкедей болып кішірейіп, жүдеп-жадап бара жатқанын көріп, жандары жабырқай түседі. Өзіне ұсынған жылы-жұмсақ, тәтті-дәмді тағамдарды Адалдың балаларына бөліп беріп, солардың таласа-тармаса жегенін, жас күшіктей бірі мен бірінің алысып, асыр салып жатқанын тамашалап отырады.
Ақылдың да өз есебі бар. Шіркін өмір дейді ол, қас қаққанша өте шыққаны мынау. Енді бір айлық көретін күні қалды. О дүние бар деседі. Бұл дүниеде көрмегенімді өлгеннен соң көреді дегенге сенетін сорлылар да бар. О дүниедегі ұжмағыңды не қылайын. Мың күнгі ұжмақтан бір күн. көрген жарығым артық емес пе! Елден безіп қашып кетуге күш-қуаты да жетеді, тұғырдан түсіп тұрған адам емес. Бір күн басы ауырып, балтыры сыздамай-ақ бұл дүниеден кетіп барады. Қашып, ұшан далаға, қиырға, қиырдан шиырға шығып кетсе қайтеді. Әрине бұл солай істей алар-ау, бірақ артында қалатын жалғыз ұлдың көрген күні не болады? Хан жендеттері құрығын соған салмай ма? Қой деді шал, өз ойынан өзі шошып кетіп, жалғызымның мойнына арқан салғызып күн көргенше, өзім-ақ өлімді күтіп отырайын. Өлген мен-ақ өлейін. Көппен көрген ұлы той. Алпысқа келіп өліп жатқан жалғыз мен бе екенмін. Мен көптің бірі емеспін бе? Жалғызыма жамандық келмесін. Адалым артымда қалсын. Япыр-ау деп ойлады ол, әлі сонша жерге Адал көтеріп барады-ау. Қабырғасы қайысып жалғыз шырағым, мендей кәрі моланы қалай көтермек? Әлі етім арыған жоқ, жалғызыма салмақ салып жанын қинағанша оған дейін тамағымды тартайын.
Сөйтіп Ақыл өлеріне бір ай қалғанда тамақ ішуді мүлдем тыйды. Өлмес ауқат қана жасап жүрді. Екі-үш күн қалғанда шалдың құры сүлдері ғана бар еді. Тіпті тірі өлік десе де болады. Ертең елетін адам елетінін білсе, онда ол байқұста не тірлік қалады. Далаға кіріп шыққанда ебелектей жеп-жеңіл, ұшып-қонып, әр жерді бір басады.
Ауыл Іле Қапшағайынан күндік жер. Ақылды Адал соған жаяу көтеріп баруы керек. Үйде мал, көлік бар болса да жоралғы солай. Ол бүкір заңды түзетуге де, өзгертуге де болмайды. Әкемді қолымнан өлтіремін-ау деген жегі ой Адалды да тамырымен жұлынған шөптей солдырып еді. Хан шабармандары дігерлеп таң атысымен-ақ жетті. Екі жендет алпысқа келген атаны баласына көтертіп, жолға салуы керек. Ақыл тез киінді. Өлімді күні бұрын біліп, күтіп отырған адам жылап-сықтаған да жоқ. Олай болса да бәрі бір жаны қалмас еді. Екі жендет ат үстінен тұрып бұйрық берді. «Әкеңді бүгін жардан құлатып қайтуың керек. Хан жарлығы жарықшақсыз. Алды ажал, артта өмір. Бол, жол болсын!» Нақ осы дауыстаған қатал үкімді естігенде, Адал күйіп етті. «Нақ осы жолыма жуа бітсін!» Баласының ақырын айтқан сезін жендеттер естіп қала ма деген әке Адалдың арқасына келіп өзі жармасты. Ол амал жоқ, әкені арқалап жолға түсті. Екі жендет жоралғы бойынша қозы көш жерге шығарып салды. Енді өлімге баратын жолда әке мен бала оңаша қалды.
Іле бойының құмына іліккен соң Адалдың адымы қысқарды. Сақалы қаудиғаны болмаса баладай жеп-жеңіл әке салмағы да тобықтан кешкен қып-қызыл құмда ауырлық етті. Елсізде жалғыз аяқ елім жолында келе жатқан екеу біріне бірі тіл қатыса қоймады. Әке баласына жаны ашығандықтан оны сөйлеткісі келмеді. Өйткені жүк көтеріп келе жатқан адамға сөйлеу де күшке түсетінін біледі. Ал бала өлтіруге апара жатып, не бетіммен сөйлеймін деп ойлады. Былай қарағанда екеуінікі де дұрыс еді. Дегенмен борпылдақ, бос құмды қызыл асықтан кешіп, жаны қиналып келе жатқан баласын аяп, әке жүрегі шыдамай бір сөз деді:
— Балам, шамам келгенше мен өзім жүріп барайын. Жүре алмағанда көтерерсің. — Баласы үндемеді. Өйткені ең болмаса соңғы жолға жанын қинамай шығарып салуы керек қой.
Көбіне-ақ салқын болатын желтоқсанның күні де бүгін қас қылғандай жылып, денені босатып тур. Іле қапшағайы әлі көп жер. Құмға ескен жантақ та шапан етегін ұстап қалып, құмда күмпілдеп келе жатқан сорлы аяқты ол да тежей берді. Әншейінде күннің кезін көлегейлеп көрсетпейтін түсі суық сұп-сұр бұлттар да бүгін жең. Қанша жеңіл, құры кеудесі қалды десе де тірі дене әжептәуір ауырлық жасады. Бұйрат-бұйрат бұйыр құм таусылар емес, көз ұшына дейін созылып жатыр.
Түс ауып, күн екіндіге таянғанда Адал әбден шаршады. Жол үстіндегі айдаладағы жалғыз тастың жанына келіп әкесін арқасынан түсіріп, дем алмақ болды. Қажыған әкеде де шама жоқ, арқада келе жатса да ол да шаршаған екен, қисайып жата кетті. Адал терін сүртіп болып, қара тасқа дүмін төсеп отыра бергенде, қисайып жатқан әке күліп жіберді. Шамасы жеткенше қатты күлмек еді, нәріккен аш адам көп қатты күлуге мұршасы болса да, әлі келмеді. Дегенмен әке күлкісі баласына ой салды. Адал:
— Әке, неге күлдіңіз? — деп сұрады.
— Сұрадың ғой, балам, айтайын, — деп бет-аузында қаудиып сақалы ғана қалған, екі жағында қырым еті жоқ, құлағынан арықтығынан күн көрініп тұрған Ақыл басын көтеріп алды. Балам көтергенде ауыр болмайын деп бір айдай тамақ ішпеген, күштен айрылған ол ренжу сөйледі. — Осыдан нақ қырық жыл бұрын, әкемді жардан суға лақтыруға апара жатып мен де тура осы қара тасқа отырып дем алған едім.
Япырай деп, ойланып кетті Адал, ертең мені де балаларымның біреуі Іле қапшағайының қара тасынан суға лақтырады-ау. Бұған қалай осы уақытқа дейін мән бермегенмін. «Өгізге туған күн бұзауға да туады» деген аталарымыз қалдырып кеткен данышпандық нақыл нағып ең бір жанның ойына келмеген? Әкемізді «алпысқа келген атаңнан ақыл сұрама» деп жардан лақтырамыз, тіпті біз төрт аяқты хайуаннан да жаман болдық қой. Жоқ, біз нағыз хайуанбыз. Тек тіліміз бар, екі аяқты хайуанбыз. Әйтпесе әкемізді өлтіргелі бара жатып, оны көтеріп барған иемізді алған. Көтеріп барғанымыз не, өлтіргеніміз не? Өлтіргелі бара жатып көтергенімізді адамгершілік деп ұққанымыз ғой, шамасы. Әлде бұл тағдырдың бізді келеке қылғаны ма?! Алпысқа келмей ажалынан мерт болса, онда ғой әкемізге жылаймыз. Өй, өйтіп жылаған көзді шел қаптасын. Ондай өп-өтірік жылаған көзді ағызып жіберу жөн болмас па?! Егер алпысқа келмей өлген әкемізге жылайтын болсақ онда өлмеуге тиісті аяқ-қолы балғадай әкемізді неге өлтіреміз?!
Адалдың жан дүниесінде әлем-тапырық ой бірін-бірі қуып, сұрапыл соғыс жүріп жатты. Түнеріп біраз үндемей тұңғиық ойға шомып, дүниені шарлап кетті. Есін жиғандай болған бір сәтте, әкесіне қайта сауал қойды:
— Әке, бұл әке өлтіру деген пәле қайдан шыққан? — Ақыл оны айтқысы келмей, біраз қипақтап отырды. Ақыры «соңғы тілегім болсын» деп қиылып болмаған соң:
— Қиылып, қиналып сұрадың ғой, балам. Енді айтайын,— деп, Ақыл итініп баласына жақындай түсті. Елсіз далада даусын біреу естіп қоятындай сыбырлай сөйледі. Будан қатты сөйлеуге Ақылда күш те жоқ еді. — Менің әкем айтар еді, бұл бір өмір өксітер заңға айналып кеткен зұлымдық іс жеті жасымда жария болды деп. Ол бір құбыл заманда елде Аран деген әкім болса керек-ті. Әкім өз төңірегіндегі өренкіген нояндарды біріне бірін айдап салып, керілдестіріп қойып, кесепатты қолдан жасап, соларға билік айтқан болып отырады екен. Сол бір қырық пышақ болып, қырқысып отырғандардың бірі әбден ішінен ыза болып булығып жүреді де, ақылы аздау Арамы деген ханзаданы әкесіне айдап салады. «Сенің де таққа отырар, баққа батар кезің болды. Сұмырай әкең өзі өлмей сені орда маңына жолатар емес. Жасы да біразға — алпысқа келді. Сенің ел сұрайтын кезеңің келді», — деп. ой салды.
— Оны қалай жүзеге асырамыз? — деп сұрайды Арамы.
— Таңертең әкең Көртоғайға балық аулай барады. Сонда құздан құлатып жібер, — дейді зымиян уәзір, Ол заманда Көртоғай ернеуіне келіп, тіпті кейде арнадан асып, далаға жайылып кетіп жатса керекті. Оның үстіне бұл өңірде зіл де, піл де, қырыс та қаптап жүреді екен. Сарымағын шұбатқан өлекшін жалғыз-жарым адамды жарып жейді екен. Қазір де жолбарыс аз емес қой, — дейді Ақыл Адалға тағы да жақындай түсіп, — сонда да ол заманда аланын ерткен таутан, барыс таудан етекке дейін түсетін мезгілдері болады екен. Сондықтан сыртқа шыққан адам ер қаруы — бес қаруды түгелдеп, сауыт-сайманын сайлап кетеді екен. Сөйтіп Көртоғайға барған Аранды баласы Арамы артынан аңдып барып құздан құлатып тынған. Сонан соң хан тағына отырған соң Арамы езін ақтау мақсатымен «алпысқа келген атаңнан ақыл сұрама», деген әмір берген, демек алпысқа жеткен соң әкеңді деген. Міне, балам сол Арамының жауыздығы осы күнге дейін тәлім болып қалса керек.
Ақыл осыларды айтып болып жан-жағына, ауып бара жатқан күн кезіне қарады. Содан соң «күні бітті» деген осы екен-ау деп ойлады. Бұл ойымды балам біліп қойды ма дегендей, Адалға да жалтақтап еді, ол тіпті басын көтермей тұңғиыққа батып кетіпті. Әке баласын қатты аяды. Екі оттың ортасында отыр емес пе, ол шынымен. Қалай-ақ өз әкесін өзі қияды және біреу емес, өзі көпе-көрінеу құздан арыны қатты Ілеге лақтыруы керек.
— Балам, — деді баласын аяған әке, — мені мүсіркемей-ақ қой. Күн болса ауып барады, Кепі алдында жолбарыстың жортар шағы болмай, ел шетіне жетуің керек. Жүрелік. — Ол орнынан тұра бермек болып, жалпаң етіп құлап түсті. Әкеде қауқар қалмаған. Енді әкесін бала аяды. Ол орнынан қозғала қоймады. Нақ осы бір сәтте әкемді өлтіріп не барақат шегемін, одан да әкемді сақтаудың жолын ойлайын деп бекінді де, жол азыққа алған жиде талқаны тұрған дорбаның аузын шеше бастады, Дорбаның бүкпелі ернеуін қайырып, талқанды жеуге ыңғайлап әке алдына тартты. Әке тағы да талқаннан татып алмады. Адал ойлана отырып, талқаннан бір-екі уыстап өз аузына құйды. Сонан соң ол орнынан тұрғанда, әке де арқасына жармасты. Бірақ Адал бетті түстікке бұрып, басқа жолға түсті. Беті қыстау. Әкесі үстінде келе жатып біраз таңданды да, шал құлататын тағы бір жер бар шығар деп қайта тіл қатпады…
Түннің бір шамасында әкелі-балалы екеуі үйлеріне қайтып келді. Жерге түсіп, үйге кірген Ақыл шырт ұйқыда жатқан немерелерін көріп, әз баласын құшақтап жылап жіберді.
— Адалым, атынды да Адал қойып едім, адал болдың.
Сонымен шалдың тұрағы жүктің арты. Адал үйі елмен араласа көшуді қойды. Не ел тұрмай жұрттан бұрын кешіп кетеді, не елдің :артында қалады. Бәрі шалды көрсетіп алмауға бағындырылады.
Бір жылы жаз тым құрғақ болды да, өзен, көл, бастау-тұмалар, қайнар-томарлар суы азайып барып, нақ тамыз айы туғанда құдықтарға дейін құрғап қалды. Бұл бір апат айналдырған екі-үш күн ішінде болды. Алдымен адамдар мал сүтімен бірер күн шел басып еді, артынан су ішпеген мал да сүт бермейтін болды. Қой маңырап, сиыр мөңіреп, ит ұлып, бәрі де ұлардай шулады. Ел де, мал да қырылатын болды, шөлдеп барады. Сабадағы қымыз, қарындағы айран, күбідегі көже, местегі іркіт, қысқасы сұйық атаулының бәрі таусылып, ыдыстың бәрі бүрісіп, кеуіп, кенезесі кепті. Шолпып ішіп, шайқап төгіп жүрген балалар шулап, жоғыңды біле ме. мазаны алып барады. Жұрт ошарылып ақыл таппай қысылды.
Түннің бір мезетінде Адал әкесіне ақыл салды. Ол әкеге болып жатқан бар жанды алға тартып, жұрттың қатты күйзеліп тұрғанын айтты. Әкесі ойланып барып үн қатты:
— Менің бала кезімде осындай бір алапат болып еді, балам, мүмкін соның бір қайталап соғар кезеңі келген болар. Жұртқа келген сол селебеден құтылар бір-ақ амал бар. — деді Ақыл, біреу есітіп қоя ма дегендей сыбырлай сөйлеп. — Ауылдағы сиырды жинаңдар да түйеге мініп, алдарыңа салып қуыңдар. Суды сиыр табады. Суға шыдамсыз мал да сиыр. Сол әбден шелдегенде су кезі бар жерді иіскелеп, мүйізін қадап, өкіріп-бақырып тұрып алады. Сол жерді қазсаңдар, арқан бойы жерден су шығады.
Таңертең Адал ауылдағы сиырды жинап, түйеге мініп қуалады-ай келіп. Екі көш жер жүргенде, үлкен бір аңғардан шилі алқап кездесті. Қалың сиыр тана-торпағымен өкіріп, жерді иіскелеп, мүйізін шаншып тұрып алды. Ары-бері сиырды айдап көріп еді, әлгі жерден кетер болмады. Ауыл жігіттері жиналып, сиыр иіскеген алқаптың ең шұңқыр жерін әп-сәтте-ақ кезектесіп қазып, талқан қылды. Арқан бойы барғанда өлексе қара батпақ шықты да, арғы жағынан құм, тас көріне бастады. Тас арасынан жылап, су тамшылары да көрінді. Енді бір-екі күрек алғанда суға да жетті. Күрек өтпей қалған тас астынан су бұрқылдап, бүлкілдеп жүріп берді. Мал да, жан да суға кенеліп, апаттан аман қалды. Адалдың атағы елге жайылды.
Арада көп жыл өткен. Көктем кезі екен. Жан-жануар жанданып, жонданып, есімдік атаулының бар тамыры балқып, барын жер бетіне жайып салған мамыр айының іші еді. Ел Күрті қапшағайына, Тасмұрынға кешіп, кектеп отырған, сүт көп, кемір аз, балауыз шақ болатын. Тоғыз судың торабы Күрті де кенересінен асып, өткел бермейді. Жұрт жоғарылап барып, оның салаларынан ғана ат жалдатып ете алады. Мал төлдетіп, ақ көлдетіп отырған ел Күрті жағалауында еді. Бір күні хан жарлық берді. «Күрті қапшағайынан өтетін жерінде су астында алтын көрініп жатыр, соны алу керек. Соған жұрт жиналсын».
Ертемен Күрті бойына қапшағайға жиналған жұрт құмырсқадай қимылдайды. Алтын суда көрініп жатыр. Хан жарлығы қатты. Көрініп жатқан алтынды алып шықпасқа не деп талай боздап суға кетті. Талай сұлу қара жамылып, талай үйден «боздағымдаған», «ой бауырымдаған» дауыс шығып аза тұтылып қалды. Қазақтың өзі сияқты, көп сыр сақтай бермейтін, аңқылдақ киіз үйдің ішінде жүк артында жатып Ақыл бәрін де естіп, біліп жатты. Бірақ елімнің неден болып жатқанын ғана аңғара алмап еді. Түнде Ақыл баласы Адалдан не болып жатқанын сұрады. Адал бәрін айтты.
— Жұрт қырылмасын, балам, — деді Ақыл. — Алтын суда емес болар. Ол жарда тұрған шығар. Көктемгі қарғын шайып шығарып кеткен ғой. Судағы алтынның сәулесі ғой. Ақырын барып жардан қарай ғой.
Ертесіне жұрт жиналған кезде Адал да су басына келді. «Мен барам, мен табамын» дегендер бүгін де көп еді. Бәрі де хан алдында беделге ие болып, марқайып қалмақ, сый-сыяпат кермек, атқа, атаққа жетіп, әкімнің оң тізесін баспақ. Суға түсуге дайындалып, енеден тумай жалаңаштанып жатқандар жанына жеткен ол көпке қарап сөйледі:
— Ау, халайық, — деді Адал. Жұрт сілтідей тына-қалды. Тұрған тобыр сыбырласып, Адалдың кім екенін біріне бірі жеткізіп жатты:
— Анау жылы жұртты шөлден алып шығатын Адал деген жігіт.
— Иә, осы бір ақыл табар.
— Тағы да елді селебеден қорғап қалар. — Жұрт сөзі таусылар емес. Адалдың даусын бірсыпыра адам-ақ анық естіп тұрды.
— Ау, халайық, — деді қайта тамағын кенеп Адал, — бәріміз бірдей қырылмайық. Мен бір амал тауып көрейін. Сіздер кішкене шыдай тұрыңыздар. — Ол дайындап келген қазық пен тоқпақты, арқанды жерге тастады. Сонан соң ұшы, үшкірленген бір құлаш қазықты жардың басына мықтап жарым ортасына дейін қақты. Оған екі қарала қыл арқанды жалғап ұшын беліне, бір ұшын қазыққа байлап, суда тұрған сәуленің тұсынан жарға жақындады. Арқанның ортасын жігіттерге ұстатып, шым-шымдап, аздан жіберіп тұрыңдар дегенді айтты. Мойнына үлкен атдорбаны бауынан ілді. Сөйтіп құздың астына түсіп кетті. Жардың асты түйетайлы екен.
— Енді арқанды жібермеңдер, осы қалыпта ұстап тұрыңдар, — деген дауыс естілді жар астынан. Жұрт құлаққа ұрған танадай, бәрі демін зорға алып тұр. Тыбыр еткен біріне барлық адамның алакөзі ата қарайды.
Жарға аяғын тіреп, Адал біресе оңға, біресе солға жүр’ , жарды бағдарлап, ақыры алтынды тапты. Қой басындай алтын жарға зорға ілініп тұр екен, екі шетіне Адалдың қолы тиісімен түсе кетті. Ол алтынды атдорбаға сүңгітіп жіберді.
— Алтын жоқ болды, — деп үстегілер шулады. Нақ сол шақта Адал жоғарыға қарап айғай салды:
— Тартыңдар, арқанды! — Сәл үнсіздіктен кейін түлкі інін қазған адамдай үсті-басы сары топырақ болып Адал жардан көтерілді. Атдорбадағы жұртқа ажал болып келген, талайдың түбіңе жеткен алтынды ханнан басқа ешкім көргісі келмеді.
Ханның бас уәзірі Әділ ақыл иесі, байсалды адам еді. Ол жұртты қайта-қайта селебеден құтқарған жігітті ордаға шақыруды ұсынды.
— Осында бір сыр бар, бұл осынша ақылды қайдан тапты, — деді.
Сол сәтте-ақ Адалды дедектетіп хан ордасына жеткізді. Адал болған жағдайды тегіс айтып, бұл ақылды әкесі бергенін хан ордасында жария етті.
Сөйтіп Арамы қалдырған «алпысқа келген атаңнан ақыл сұрама» деген тажалды әдет Адал әкесіне көрсеткен адалдықтың табанында қалды. Атадан ақыл алу сол Ақыл өлмей аман қалған күннен адамзатқа олжа болды. Арамы жасаған арамдықты Адалдың адалдық ізеті жеңіп, ол ізет ізбінге, одан жолға, одан үлкен дәстүрге айналып бізге мұра болып мәңгі қалды. Бүгінде атамыз арамызда, ақылы біздің басымызда.