Әңгіме: Балалар БОЛАШАҒЫМЫЗ

0
БОЛАШАҚ ҰРПАҒЫМЫЗ ҮШІН 5 МИНУТЫҢЫЗДЫ БӨЛІП, СОҢЫНА ДЕЙІН ОҚЫП ШЫҒУЫҢЫЗДЫ СҰРАЙМЫН!

Қазіргі таңда бала тәрбиесіне көңіліңіз тола ма? Болашағымыз — балаларымызды дұрыс тәрбиелей алып жүрміз бе? Балаларымыздың тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөлудеміз бе? Бұл сұрақтарға өзіңіз іштей ойланып, жауап беріп көріңіз. Ал, мен өзімнің тәжірибем бойынша түйген бірнеше ой-пікірімді сізбен бөлісіп көрейін.

Біздің қоғамда ата-аналардан «бала тәрбиесі дегенді қалай түсінесіз?» деп сұрасаңыз, көбінен «қарны тоқ, көйлегі көк, ел қатарлы өмір сүріп жатыр, басқа не керек?» деген жауап естисіз. Яғни, біз балаларымыздың жағдайын жасап, өз ортасында ұялмай жүре алуы үшін барымызды саламыз. Жағдайымыз қатты мәз болмаса да, «балам мұңаймасын» деп қалаған телефонын да алып беруге дайынбыз. Тіпті, көптеген ата-аналардан «соңғы киімімді сатсам да сені оқытамын, қатарыңнан қалдырмаймын» деген сөзді естисіз. Керемет, қуантарлық жағдай. Дегенмен де, балаларымыз өсе келе күткен нәрсемізді ала алмай дел-сал боламыз. «Балам үмітімді ақтамады, мені жерге қаратты» деп реніш білдіреміз. Әсіресе, өтпелі кезеңге келген кезде балаларымызға сөз өткізе алмай, оны түсіне алмай, тіпті оны тани алмай шарасыз күй кешеміз. Неге? Кеше ғана қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай мәпелеп өсірген балапанымыз қалай ғана бүгін «бөтенімізге» айналды? Міне, осы сұрақтар көбімізді мазалайды деп ойлаймын. Бұл жағдайдың басты себептерінің бірі – бала тәрбиесі ұғымын қате түсінуіміз. Яғни, біз ата-аналық борышымызды тек қана баланың материалдық қажеттіліктерін қамтамыз етумен шектейміз. Баланың ішкі жан дүниесімен, сезімдерімен санаспаймыз. Баланы жеке тұлға ретінде қабылдап, өзіне тән өмірі бар екенін ескермегендіктен, уақыт өте келе «тәрбие жүйеміз» сыр бере бастайды. Қоғамда жиі айтылатын «бала ғой, не түсінеді дейсің?» секілді сөздер жоғарыда айтып өткен пікірімді дәлелдей түсері анық. Баламыздың ішкі жан дүниесіне көңіл бөлмегендіктен, сезімдері жараланып, бізбен байланысы әлсірей бастайды. Яғни, балаларымыз қоғамда қалыптасқан қате ұғымдардың құрбанына айналып жатады. Негізінде, біз дұрыс деп ойлайтын, бірақ педагогикалық тұрғыдан, баланың сезімдері тұрғысынан бұрыс болып есептелетін әрекеттер, түсініктер баршылық. Сол қате ұғымдардың ара-жігін ажыратып, педагогикаға сай, дұрыс тәрбие жүйемізді қалыптастыра алуымыз үшін «жаттанды» ата-ана түсінігінен бас тартып, саналы түрде ата-ана бола алу «өнерін» игеруіміз қажет. Бұл өнерді игеру үшін барлық мүмкіндікті толық қолдануымыз керек. Ең бастысы, ауруымызды жасырмай, ем іздеп, шара қолданғанымыз жөн. Тіпті, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағиданы ұстансақ нұр үстіне нұр болар еді.

Дегенмен де, ата-ана бола алу өнерін тек қана өзіңіз игеруіңіз немесе тек қана өз балаңызды керемет қылып тәрбиелеуіңіз жеткіліксіз. Өйткені, біз өмір сүріп жатқан қоғам мен сол қоғамның адамдары да өте маңызды, олармен де санасуымыз керек. Оларды да ата-ана бола алу өнерін игеруге және баласын ұлттық құндылықтарымызбен тәрбиелеуге шақыруымыз қажет. Сондықтан да, бала тәрбиесіне байланысты қандай да бір керемет қазына тапсаңыз, оны дереу айналаңыздағылармен, таныс-туыстарыңызбен бөліскеніңіз жөн. Мүмкіндік болса, оларды да ізденіске, саналы әрекетке баулығаныңыз жөн.

Осы орайда біздің «Бақытты отбасы» отбасылық кеңес орталығымыздың арнайы жобаларын сіздермен бөлісуді жөн көріп отырмын. Бала тәрбиесіне өз үлесімізді қосу мақсатында басталған «күнделікті телеграм кеңестеріміз» әрбір ата-ана мен болашақ ата-аналардың ажырамас бөлшегіне айналуы тиіс деп ойлаймын. Күн сайын бала тәрбиесіне байланысты бір кеңес келіп отырса, балаңызбен қарыс-қатынасыңызды реттеуде айтарлықтай көмегін тигізері анық. Сонымен қатар, орталығымыз тарапынан ұйымдастырылып жүрген семинарлардың да рөлі ерекше. Әр ата-ана мен болашақ ата-аналар жаңсақ түсініктерден арылып, саналы әрекеттің белгісі ретінде семинарларға белсенді түрде қатысса дер едім.

Ойымды жинақтап, сөзімді қорытындылар болсам, балаларымыз — ертең оратын егісіміз, жинайтын жемісіміз екенін ұмытпайық! Егер ертең өкінгіңіз келмесе, бүгін балаларыңызға ерекше көңіл бөлуге шақырамын!

Елжас Ертайұлы

«Бақытты отбасы» отбасылық кеңес орталығының құрушысы