Әңгіме: Асқар Алтай | Альпинист

0
Шың басына шығыпты…

Шың басы — шыңылтыр аяз. Қар беті — қабыршақ мұз. Көк пен жердің арасы — кілкіген кілегей мұнар. Сол мұнар дүниеде таутекедей сексиіп жалғыз өзі қалыпты. Сол мұнар әлемде кеменің желкенсіз жалаңаш мачтасындай жетім шың жүзіп келеді.

Көлкіген мұнар ішінде, шаншылған шынар ұшында қарақшыдай қалқиып тұрған мұны мұң иеледі. Іле үрей биледі. Бойын суық тер басты. Ұлы биікте ауа жетпей, қос өкпесі қысылды.

Бұғалық түскен жылқыдай бөбежігі буындырып, жанары жарылардай шатынай бере оқыстан оянып кетті.

Қараңғы бөлмеде қара терге түсіп жатыр екен. Демін тереңнен тартып, көз үйретіп ұзақ жатты. Әлгінде ғана шың басын торлаған шаңыт әлем сансыраған санасынан жалқаулана сейілді.

Таң қараңғысы селкеу тартып, балкон жақтан бозғыл сәуле білінеді. Барыстай жымып балконға шықты. Көктемнің таңғы ызғары тәнін қарып, сергіп сала берді. Ол әлден уақта ас үйден апыл-құпыл ауқаттанып, тысқа шықты. Алматы ояныпты. Бір сәтке көк мұнар ішінде кемедей жүзген мұзарт шың мен шың басында жетімсіреген жұмбақ күйін есіне алды. “Бұл қай шың? Неге жалғыз? Түске де түрлі жайлар кіреді-ау!” деп автотұраққа қарай асыға адымдады.

Көктем туғалы, көңіліне жеңілтек қыздай жел кірген-ді. Алғашында жаз шықпай алаңдағанына жол болсын деп, өз-өзін тыйып тастауға тырысса да, алаң кірген сезімі асаусып, бастықпай-ақ қойған. Мамыр туып, жер жылысымен қарғын судай лықсып, алып-қашпа алапат сезімге ұласты. Бүгінде жар төсегін суынтқан таңғы сезім кешікпей байырқалы ойға бекіді. Өзін таудың шақырғанын түйсінді. Түйсінді де тіксінді…

Тап қазір құз кесіп, шыңға шырға салар мезгіл емес. Мазаң мамыр. Жылдың бұл айында күн қақтаған Африканың Килиманджаро төбесіне де адам атаулы аяқ баспайтын. Ал мұның асық көңілі қайда тартып тұр? Жер ананың төсіндегі Монблан мен Эверест тектес қос анарына да, ақ жал мен қара жал түсті жылқының шоқтығындай Аляска мен Кавказдың жалама жондарына да табаны тиген еді. Перғауынның пирамидасы іспетті Алатаудың Хантәңірісі мен боз бөрінің иесі текті Алтайдың Ақтауына да қонышы қажалған. Ендігісіне не жорық?

Күні бойы құла тасқын көлікті қала көшелерін таксиімен арылтқан Тайшынды қала халқының қыбырлаған тіршілігі алдаусыратқанмен, белгісіз биікке деген құштарлық жан дүниесін суыртпақтап тарта берді. Қай тауға, қай шыңға сапарлау керек екенін біле алмай дал болды.

Екі иінінен қорғасындай басып тұратын бетон үйіне кіріп келгенде: “Күршімнің сулары, Құзғынды шыңдары… Қайыңдай қыздары, қарағай ұлдары” деп, тақпақтаған сегіз жасар ұлының әуеніне елең ете қалды да, жарқ еткен оқыс ой санасын осып өтті. Состиып кіре берісте тұрып қалды. “Құдай-ау, Құзғынды екен ғой түсіме кірген! Құзғынды екен ғой шақырған… Тәңірім, тілегімді бере гөр! Осы уаққа дейін қалай сезбей келгем?”

Іле кішкене Мұқан да жүгіре шығып:

— Көке, келдіңіз бе? — деді қуанып. — Мен бүгін үш “ алдым… Маған үш жүз теңге бересіз! Ертең компьютер ойнаймын.

— Жарайсың, ұлым! Бес алғаның жақсы, тек ақша сұрағаның жаман… Сен сабақты ақша үшін оқымауың керек, өзің үшін оқуың керек, — дей салды.

Сол күні түнде-ақ Тайшын әйелінің “дем алсаңшы” дегеніне қарамастан, аздап “таксилетіп” келейін деп, таксистер тұратын әуежайға емес, қашанда тау басында табысатын “таулық достары” альпинистердің үйді-үйін аралап кетті. Түнделетіп жүріп біреуін үйінен тапса, біреуін таба алмады. Тапқандары Құзғынды шыңын көктейік деген сөзін күліп қарсы алды. “Құзғынды — Алтайдың атақты Мұзтауымен деңгейлес, жалғыз шаншылған жетім шың” дегеніне сенсе де, ешқандай альпинистің табаны тимеген дегенге күдіктене қарады.

Амалсыз кері бұрылды, бірақ адуын сезімін, құмар көңілін баса алмады. Ол жалғыз да болса, Құзғындыға көтерілуге іштей бел байлады. Сонда ғана көңілі жай тапқандай болды. Дегенмен былтыр Гималайға бірге барған әлгі бір студент жігіт ойына орала берді.

Ертеңіне кештетіп студент Сұңғатты жатақханасынан тапты. Ол да мұны күтпеген-ді, бірақ ұсынысты албырттықпен қабыл алды. Тайшын да қуанып кетті. Студенттің тәжірибесі аз болса да, тауда серік керек. Оның үстіне Құзғынды да Гималай шың-құздарынан бір кем емес екені бұған белгілі. Баяғы бозбала күнінде, тап Сұңғаттай студент кезінде барыс атам деп, Құзғындының қар-мұз құрсанған құзарының алқымына шейін арқанмен көтерілгені бар… Сөйткен Құзғындыға тұңғыш рет соқпақ салмақ, сына қақпақ. Бұл Құзғындыны, Құзғынды бұны ұмытқалы да не заман?!

Осы бір қуанышты кешті екеуі оңашалау, тыныш кафеде отырып атап өтті.

— Аға, — деді Сұңғат, — мен кейде мына қалаға сыймай кетем. Ондайда жападан-жалғыз Алатауға тартып отырамын. Тау ауасын жұтып, сергіп қайтам. Өзім жазықта тусам да, тау арасын аңсаймын да тұрамын… Тау туралы ойласам, жүрегім тулап қоя береді.

— Міне-міне, сен де түбің, тегің — тау ұлысың… Сен екеуі-міз ұқсаспыз, — деп қуанып кетті Тайшын.

— Аға, мен таусыз тұра алмайтын секілдімін. Өзімді кейде жетім қалғандай сезінем…

— Мен де жетіммін, бауырым, менің әке-шешем — тау… Тау менің егізім.

— Мен кейде жылаймын… көзімнен жас шықпайды, бірақ ішім қан жылап жатады.

— Е-еһ, бауырым! Таулар да толқиды, таулар да жылайды. Ең ғажабы — таулар да аңсайды, таулар да жоқтайды… Иә, жоқтайды! Сен сенбей отырсың ба?

— Жо-оқ, неге сенбеймін? Сенемін!

— Сенсең — солай, бауырым! — деп Тайшын қызынып кетті, мінезі де тау адамына тән қызуқандылау еді. — Тау да адамды аңсайды. Аңсағаннан да өзіне шақырады, ыңғайы келсе, бауырына басып қалады. Ал бауырына жазатайым басып қалса, бар мейірін төге әлдилейді. Бар зарын төге жоқтайды… О-о, сен ондай күңіренген үнді естіген жоқсың. Ғажап үн… Міне, мені сол зарлы үн шақырады да тұрады. Сен бірақ оған беріліп кетпе! Егер ести қалсаң… Ол — қатерлі сарын. Оған бой алдырдың бар ғой, имандай шыным, онда мына түтін көмген ойдағы қалаға оралам деп ойлама! Тау басында қалғаның. Талай альпинист қалды ғой… Жә-ә, алып қоялық!

Екеуі де қағыспай қағып салысты.

— Сіз өзіңіз философ екенсіз ғой…

— Бауырым-ау, біз де бірдеңе оқығанбыз. Қазір ғой керексіз боп қалғанымыз. Философ мен емес — тау… Тау — философ. Менің айтып отырғаным – тау сарыны.

— Тау сарыны — ажал сарыны… демексіз ғой.

— Ол, бір жағынан, күрес сарыны… Жекпе-жек сарыны. Тау басында не ол жеңеді, не сен жеңесің. Басқа жол жоқ. Тау басы — тығырық. Сен өскен Оралдың сағымды сахарасы емес, тұманды төскей. Адасуың қиын, ажалың жақын.

— Аға, сіздің сөзіңізден қорқайын дедім.

— Ха-ха-ха, бауырым, қызып қалған ағаңның сандырағына көңіл аударма!

…Құзғынды сапары сабылыссыз, сандалыссыз жалғасты. Студент Сұңғат та университетінен оңай сұранып шықты. Өз-өзіне қожа таксист Тайшын да қалада құнжыңдай қоймады. Асай-мүсейлерін, азық-түліктерін қамдасып алысымен, ұзын жол үсті аялыссыз жүрді. Күршімнің өткеліне түнделетіп жетті. Амалсыз аюдай дөңкиген қара “Тойота” джипінің ішіне түнеуге тура келді. Өткел аузына таспиықтай тізіле кезекке тұрған төрт-бес “КамАЗ” көлігін жанамалай өтіп, паром кемесі иек артар табалдырық темір үстіне шығып тоқтаған.

Бұлар таң әбден ағарып атқанда ғана дүрілдеген машина дауысынан оянды. Тоңазып қалыпты. Сұңғат басын көтергенде алғаш көргені – көлкіген көкпеңбек Ертіс, ұшан теңіз судың бетінде өздеріне қарай оймақтай боп жүзіп келе жатқан аппақ кеме-паром мен бұлдыраған арғы жағаны көмкере қоршап жатқан бурыл таулар еді. Таңғы сұлулыққа аңтарыла қалып, тысқа атып шықты. Жүзін тау мен даланың ауасына қанығып, ұлы өзеннің буына шомылып шыққан дымқыл леп жалап өтті. Сарайы ашылып қоя берді.

Тайшын да көкірегін кере тыныстап, керіліп-созылып алып, су бойына барып бетін шайды. Екеуі Ертіс жағасының жан жадыратып, көңіл толқытар сиқырлы күйіне елтіп жүргенде, алып ақ кеме де темір табалдырық текшеге жеткен. Паром үстіне алдымен екеуінің көлігі шықты.

Найза тұмсықтанған ақ кеменің үшінші қабатына көтерілген Сұңғат бесіктей тербелген паромы мен ұлы өзеннің жайыла аққан мол суын, анда-санда ызғарлы желі су бетінде желпи қуалаған буалдыр тұманы мен жағалауындағы шұбар құмын өзі өскен Жайық бойымен салыстыра қарап тұрды. Арнасы төрт шақырымнан астам алып астау ішінде толып аққан өзенді Жайықтай үшеу-төртеу шығар деп ойлап, айран-асыр қалды. Паром ағысы ауыр өзенде әрең жыл-жиды.

Арада сағатқа жуық уақыт өткенде жағаға қайырлаған кемеден жылжып түскен көлік көк бұйра көкке малынған бурыл тауды бауырлап, Күршімге қарай заулап берді. Күршім өзені ойынан Маралды биігіне көтеріле бергенде, Жайдақтың қарлы жоны қапсағайлана барып, қима еңісі құлдилап кетіп, кенет қасқыр азуланған Құзғындының қар-мұзды оқшау шыңы жарқ ете қалды. Сол сәтте мамыр күнімен күлтелене көтерілген Бурабайдың көк алабын, Қойтастың қыртыс-жыртыс қатпарлы тауларын қызықтап келе жатқан екеуі “Аѕ!” десіп қалысты. Көкке қадалған сынадай сүйір шың солаң етіп, жүректерін суырып алды.

— Сұлу екен, — деп Сұңғат сүзілді.

— Сүйріктей ғой, шіркін! — деп Тайшын сүйсінді.

— Аға, бұған қалай шықпай жүрсіз? Дүниенің талай шыңын шылбырлағанда…

— Ой, бауырым-ай, ақымақ болған соң қайтесің? Біздікі баяғы қағынан жеріген, жатырын жатсынған құланның аяғын құшу ғой… Әйтпесе адам қияр жер ме осы?! Мен шықпайтындай шың ба? Бәрін де кеш ұғып жатамыз ғой.

— “Ештен — кеш жақсы” деуші ме еді. Алла бұйыртса, асуды табанға таптармыз!

— Тәйт! — деп зекіп қалғанда, Тайшынның қолы оқыс бұрылып қап, ортекедей ойнақтап келе жатқан “Джип” те жалт беріп, қия жолдың құламасына қайқаң етіп барып қайтты. — Тек, бауырым, бейпіл сөйлеме! Асылық болмасын, таудың да киесі бар.

Сұңғат та әбес сөйлеп қалғанына қысыла берді.

Керік мойын Құзғынды ғана кекірейген қалпы…

Мамырдың маңған күні, таудың тұнық ауасы, табиғаттың сұлу сесі көңілдерін алып ұштырады. Жазда да сүрі қардан ақтандақтанып жататын Жайдақтың сауыры ақ жолақ киттей жондана түсіп, Құзғынды құз-шыңына шейін созылған қапсағай қабырғасы барыстай шұбартып, көздің жауын алады. Орманды өзен бойлары мен арша-шыршалы тау сілемдері, көкала кілемдей күреңшелі алқаптары мен құж-құж жартасты жаламалары жанға жайлы сезім ұялатып, бойына бір ерекше күш-қуат құяды. Алтайдың алқам-салқам біткен әсем табиғаты арқа-жарқа күйге ендіреді. Әлденеге өрекпіп, әлдеқайда асыға түсесің?!

Бесін белден аса қысаң қолаттың ішіне, Жайдақтың жылан бауыр етегіне үйме-жүйме орын тепкен ежелгі қоныс Маралдыға жетті. Мұнар таудың мұңсыз ауылы манаурай қарсы алды. Көріспеген ағайын — туған ағыла келісіп, қауқылдаса құшаққа алысты.

Тайшын туған ауылы Маралдыда бір-ақ күн аунап-қунап жатты да, келер таңды құланиектен күтіп алып, үш жігіт боп жолға шықты. Астарында — тоқжарау аттар. Алдарында — асқақтаған Құзғынды. Бөктергілері — орамды, қоржындары — қоңды. Көңілдері — алаңсыз, сапарлары — соқпақсыз. Белдерін бекем буысқан. Тау арасында танау суытар ызғар бар. Шымырлаған ызғардан аттар да пысқырынып, танау желбіршегін пырылдатып қояды.

Кейде аяңмен, кейде желіспен жүрген салт аттылар жылқының кетпен тұяғымен көтеріле алар Құзғындының қырық қатпар кезеңінен кештетіп асты. Белді күліктерінің шаптары шабыла көбік атып, бауырларының қан-сорпасы шықты. Қаладан келген екеуді салт аттың жүрісі соғып тастады. Қас қарайғанша үшеуі жіті қимылдап, ықтасындау жер шоқысына шатырларын тігіп, астарын қамдасып үлгерді.

Аттарды ауылдан ере шыққан жігіт тықыр отқа қойып келсе, екі альпинист жатып қалыпты. Әлгі жігіт ай туғанша тыста созалаңдап жүрді де, ол да ұйқыға бас қойды. Енді қарауытқан құз-қия, үңірейген жарық-жартас ішін төмендегі су сарыны, жел суылы тербеп, аласарған аспаннан жарық жұлдыздар бадыраяды. Түнгі ызғар күшейіп, тау самалы көкайылданып, ұйқыдағы шатыр маңын ториды. Тау іші аруақтай суына түскен.

Олар салқын шатыр ішінде кешегі ерсоқты жүрістен құлантаза арылып, Құзғындының алып тұлғасынан таң шапағы шашырап үлгермей, аса бір сергектікпен оянды. Түстіктің мамық айындай емес, төскейдің мамырында мұң-сыз оянысып, ат үсті астанып, ат ұстар жігітке “үш күннен кейін кел” десіп, шаңыт шыңға бөгеліссіз бет түзеді.

Бар үміт, бар күдік — биікте. Көк шаңырағын дара көтерген бақандай шың шоқтығында. Құдай жар болғанда, күн ашық. Әзірге көңілге кірбің түсірер теңгедей бұлт жоқ. Бүгін биіктің бел ортасынан асып, көк мұз қашар қиялы беткейге “тірек шатырын” тігулері тиіс. Ертең ертемен мұз сыналап, құз қиялап шың шынарына өрлемек. Тірек мекендеріне күнбе-күн қайтып оралулары керек.

Бұл жайды екеуі де айтпай-ақ білетін. Студент жас болса да, Гималайға сына қаққан жігіт. Оның қуатты қимылына, жастық жігеріне бәрі де дән риза болысқан. Ол жолы бұлар жетеу-тұғын. Бүгін екеу. Әзірге жалама жартасқа темір сына қағып, шығыршық іліп, арқан тарта қойған жоқ. Жартастың жықпыл-жықпыл қуысымен, қақпа-соқпа қалақша қыртыстарымен құндызша қуалап, енді келген ернеулерін еппен басып, бүрлі табандары мен әлді саусақтарына сенген. Арқаларына асынған рюкзактары мен мойындарына ілген, белдеріне байлаған темір сына, ілмешек, шығыршық заттары, ораулы қос-қос арқан зіл тартып, тұла бойларын тер басады. Оған бірақ көңіл аударар емес. Бар ниеттері – биікке ұмтылу. Албаты сөз қағысу, сыр тартысу да жоқ. Өз істеріне берік, өз жүрістеріне жетік.

Жел басылған. Жанға жайлы мамыр самалына ойысқан. Күн де шың иығына шыққан. Бұлар бет қойған теріскей көлеңке. Анда-санда салқын самал шымырлаған ызғар әкеледі. Ызғар қар-мұз қатып жатқан құз-қия қуыстарынан, шұғылалы шың басынан шымырлап жетеді. “Шың басы — үскірік, — деп шешті Тайшын. — Күнгей — күйік… алдамшы жібуімен қауіпті. Көктемгі көшкіні бар. Мына самал сол өңірден. Көп альпинист күнгейде қапы қалады”.

Жүк — ауыр, жол — жалтаң. Құзғындының қиясынан анда-санда көздерімен шолып қалғанда, көк бұйра орман мен көк балауса жасаң жапқан таулы өңір төменде қалып, алақанға салған суреттей көз тартып қоя береді. Ондайда аңырып қалған Сұңғатты алдыға салып келе жатқан Тайшын: “Бауырым, босаңсыма! Алда әлі ұзақ жол бар… Биікке көтеріліп алайық, сосын көзің қарыққанша қарарсың” деп селт еткізіп, терін бір сыпыртып алып, тоқтаусыз жүріп кетіседі. Тауға шығып келе жатқанда аяқ суытып, бел сындырып алу — альпинист үшін ауыр. Ширығып келе жатқан тән шау тартқандай босап, жанығып келе жатқан жан жайлылық билеп байсал тартса, жол ортада жамбастап қаларың анық. Сұңғат әлі жас қой, тәжірибе де кемшін, көңілі де көрінгенге көрсеқызар, көгергенге іңкәр.

Екеу елеусіз ғана иек қағысады. Иек астынан ащы тер тамшылайды. Бірін-бірі көздерімен ұғысады. “Нағыз адамдық асыл қасиет тау басында ғана оянады…” деген ой келді Тайшынға. Таудағы достық — бәрінен биік. Таудай биік, таудай қатал, таудай төзімді. Таудан төмен түскен жерде пендешілік бой көтереді. Төменде “достық” дегеннің өзі “қастық” дегенмен қатар жүреді. Ойда достыққа да, қастыққа да орын бар. Тауда орын жоқ. Тау — тарпаң.

Тайшынға бұл таңсық ой емес. Құз қиясында қырандай қанаттасып қатар жүрген, бар қиындықты қара нардай бірге бөліскен альпинистер етекке түскенде бұзаубас кесірткедей құбылап сала береді. Қар құлайтын, мұз жылайтын жалама беткейлерде адамдық жанашыр сезімдеріне сызат түспестей, сына қағылмастай боп көрінгенімен, қалаға кіре бере бұлғақсыз бауырмалдығы қорғасындай суынады. Адам атау-лы бір-біріне суық қана жымиып, ішін бермейтін қаланың қалың қатпарлы тіршілігімен беттескен сәтте бәрі де әдіре қалып, тау төсіндегі сәбидей пәк сезімдері лезде ластанып қоя береді. Шың басындағы кешегі қара тастай берік достық, альпинистік адал сезім сынған хрустальдай шыл-шыпыры шығып, әрқайсысы бөтен біреулерге айнала жөнеледі. Тайшын осыны түсінбейді… Ойға түсе көңілі күңгірт күздей құлазиды, жапанда қалғандай жалғызсырайды. Ал бозбала Сұңғат оны қайдан білсін?! Ол — әзірге әсершіл.

Сөзбен емес, сынақты іспен іштей серттескен екеу Құзғындының көксір мұзына да ілікті. Қалыңдығы құлаш-құлаш көк мұз арасынан кейде қара жартастар жарып шығып, кейде құрық бойламас жарықтар ырсиып, қия беткей тік беткейге ұласты.

Күн де екінтіге еңкейіп кеткен еді. Көлеңке басы ұзап, бұлар түстенбестен үздіксіз өрмелеп келе жатқан батыс бетке шуағын төккен. Күн әукесі ұзын аққан Ертіске еңкейіп те қалыпты.

Құзға шалқая бітпей, бұларға еңкейе біткен көкқасқа алаптан құтылу керек екенін екеуі де түсінді. Тайшын “оңға қарай қырындай көтерілейік” деп иек қағып, тағы да ту сыртына қарады. Қарады да жүрегі зу ете қалды. “Япыр-ай, көкжиектен бұлт көтеріліп келеді-ау! Түн ортасына жетпей-ақ Құзғынды ақ бурадай шабынбаса ет-ті”.

Адам алақаны ғана жанасқан шың жаламасында тұрып, көкжиекке көз салған Тайшынға нарттай табақ алдымен шалынды. Ол күллі құбыланы қызыл мұнарға бөлепті. Күрең күннің астында жылқы жалданған қою бұлт көтеріліпті. Бұлт түсі де талақ тигендей күрең. Бауыр күрең көкжиектен бері бұлдыр-бұлдыр қызыл мұнар кеулепті. Жай күнде сағым сырғыр Ертіске еңкейген кең өңір – құба жон, қожыр тау, көк орман, шұбар жартас – қызғылт мұнар әлемінің бауырында балқиды.

Бауырдай балқыған сиқырлы өңірдің бәрі Құзғынды қиясын қырқалап, бір табан биік тұрған Тайшынның қарашығына сыйып кеткен еді… Күреңіткен көкше шың шынардай шаншылыпты. Ал көк тәңірісінің көзіндей көрінетін күн де көкжиекке салбырап, қу мойын Құзғындыға басын иіпті. Құзғындының кеудесін бермес тәкаппар асқары мұның көкірегін мақтаныш сезіміне суғарды.

Сыналы соқпақпен арқан саумалап бара жатып: “Ең үрейлі, ең күшті сезім де тау басында туады…” деп түйді. Тау басынан түскен соң, осының бәрі сап тыйылады. Баяғы бір өгіз аяң, жорға сылаң тіршілікке енесің. Өлгенше өкшелеген өмірдің ұсақ-түйегіне алданып, алдамшы ағыспен жүзесің. Тау төсінде ғана өзіңді нағыз адам сезінесің, сол сенімнің өзін де тау арқылы түсінесің. Қияда қыл арқанға ілініп тұрып, өзіңнің соншама әлсіз, соншама қуатты екеніңді бағамдайсың. Бір сәтке болса да биіктің бұлалығын түсінесің.

Сұңғат та әзірге сыр берер емес. Сусыма беткейде сабырмен қиялайды. Желім тұяқты таутекедей сырғып барады. Ол бұған, бұл оған сенген. Қайла-балғамен де қапысыз қимылдайды. Екеуі де барын салған. Күн көзін құбыладан көтерілген қызыл шобыр бұлт басқанда, еңкіш қия мұз беткейінен құтылып, сәл ғана шалқайыңқы жылтыр құз жалына темір істікті табандарын тіреді. Сонда ғана жоғарыдан әлдеқандай қошқыл белдеу көрінді.

— Ана белдеуге жетіп жығылайық, — деді Тайшын.

— Жартас шығар, — деді Сұңғат.

— Баламысың деген… Ол белдеу — “Барыс белдеу”. Барыс жазда осы белдеу тұсқа дейін көтеріледі, одан әрі бармағын да баспайды. Жоғары жақ — көксір мұз. Бізге кешкі күн сәулесімен қошқыл жартас секілденіп көрінгені ғой. Бұл белдеу — граниттей боп қатып қалған мыңдаған жылғы мұз түйіршіктер. Мұны альпинистер “шың шапкасы” деп те айтады.

— Түсіндім, аға!

— Солай, бауырым! — деді екеуі бусанып тұрып. — Шың шөкпей, шың “бөркі” де жоғалмайды. Қазір сонда жетіп, шатырды сонда тігеміз. Бөрікте ернеу бар.

Мұз жалын жондап, шыңның қаракөк түсті “бөркіне” екеуі еркін жетті. Қос қабат боп қатқан көк мұздың бауыздау алқымы әжептеуір ернеу екен. Осы мұз қабаттың алқымы астында арқанға салбырап тұрып, болат сүңгідей сыналар мен қадаларды қағып, арқалап жүрген қызыл шатырды екеулеп жүріп тікті. Қос қабат қалың шатыр ернеу кертпе астында құрқылтайдың ұясындай салбырап, бір жақ қабырғасы мұз жаламасына жапсырылып, биік үйді белдеулеген бітеу балкондай боп шыға келді. Не көкте емес, не жерде емес күйде асылып, керіле тартылып тұр.

Қалжырап шаршағандарын шатырға кіргенде ғана аңдады. Бесіктей жайлы шатыр ішінде кішкене газ баллонымен пешін жағып, мұз салынған шәйнегін қойып, су қайнатты. Қайнаған шәйнек ішіне піскен қазы-қартаны салып, ысытып алды. Ашқарақтана кешкі астарын ішісімен, қалың киімдерімен қисая кетісті.

Шатыр іші — май тоңғысыз. Ысытылған ас-су мен адам демі қосылған соң қос қабат жібек шатыр түнгі суықты не қылсын. Оның да сыры бар: Тайшын алғаш альпинистік сапарға шығып келісімен, анасы үстіндегі киім-кешегіне көңілі толса да, баспаналық шатырына “биттің қабығындай” деп баға берген. Сынына толмаған шатырды сөгіп, ішіндегі синтефонын алып тастады да, төрт қабырғасына түйенің жүнін тартып, қар-мұзға төселетін табанына жұқа киіз басып тастады. Ұлына тағы бір шатыр алғызып, оның тысқы қалың қабатын сыртынан және сырып берген. Содан бері Тайшын табиғаттың талай құқайын қасқая қарсы алып, қос қабатты қалың шатырымен талай альпинистің таңдайын қақтырып келеді. Қазір де екеуі қар үстінде жатқан қасқырдай қыңқ деместен ұйқы құшағына еніп кеткен.

Оларды түн ортасында ырғай тербеген жел оятты. Ернеу асты ықтасын болса да, шыңды қозғардай гуілдеген қарлы боран құтырып тұр. Ұйқыдан маза кетті. Теңіз толқынындай тербеліске бұлардың қаққан темір қадалары мен болат сыналары шыдаса жарар еді. Сұңғаттың ойында түк жоқ, теріс қарай бүк түсіп жатыр. Тайшын бойында “Тым шығандап кеткен жоқпын ба? Қатты мұз үсті де емес, аспанда ілініп тұрғанымыз қалай болар екен?!” деген күдік басым.

Қос қабат шатырын ыққа тіксе де, Құзғындының үскірікті дауылы төрт бұрышынан тартылған жібек арқанды ырғап-ырғап қояды. Шатырдың ұзына етегін мұз қабырғаға жанастыра жапсырып тастаса да, суыра соққан жел үйіріп кеп, бұл екеуін қаңбақ құрлы көрмей, қараңғы көр шыңырауға тастап жіберетіндей жұлқиды. Тайшын қазір өзі үшін емес, бүктісіп жатқан Сұңғат үшін уайым жеулі.

Шатыр іші қараңғы. Сырты суық, іші жылы лақат секілді. Тайшын өзін өлі мәйіттей сезінді. Қараңғы көр түбінде жатқандай оқыс аунап түсті. Тас қараңғылық құшағында қайсы бір соқпа сезім жанын жылымдай тартады. Тәуекелшіл басын қарлы борандай қаптай жеткен ойлар тұтқындап алған.

Тайшын альпинист болайын деп болған жоқ. Альпинист қылған да қаланың қажытқан тірлігі. Құла түсті халқы атқыдай ақтарылған, құба түсті көлігі тасқындай жөңкілген мекенін кейде тастап та кеткісі келеді. Тастап та көрген, университеттің философия факультетімен қосып… Бірақ қайда барады? Ауылды адасқан қаздай айналып-айналып ақыры Алматыға тартқан. Алматының бір сарынды өмірінен жалыққанда, Алатауын аралаймын деп жүріп альпинист жігіттерге жолыққан. Оның соңы тау-тас кезіп, қар-мұз қиялап, құз-шың шарлап, түз адамына айналды.

Қу жаны таумен ауырады, құлазыған көңілі таумен жазылады. Кіндігін кескен де тау, көзін ашқан да тау. Тау ішінде туды, тау ішінде өсті (Әй, тау ішінде өлетін де шығар!). Таусыз адам — жансыз. Тау мұның анасы еді. Алтайдың бұл баласы еді. Құзғынды деп қияға көз тіккені де сол анаға деген сағыныштан екен. Ал сағыныштың сүрленгеніне де сан жылдар өтіпті. Сағынбасаң – қас қағым сәт, сағынсаң — бағзы бабаларыңды да бұлдыратып алар, сағымға сіңген ұзақ сарын.

Құрым қараңғылық құшағында ойға батып, Құзғындының қарлы-боранды буырқанысына құлақ түріп қояды. Жел ырғаған шатырдың сықырына сана салмай, өз ойымен өзін қажап жатыр. Сұңғат болса ұйқылы-ояу дөңбекшиді. Талай тау басында түнеп, талай қансоқтаны көрсе де, Тайшын бүгін түн әлдеқандай жүрексінулі… Тәкаппарсыған талай таудың кеудесін басыпты, менменсінген талай шыңның ұшарын таптапты. Бірақ туған жеріндегі шаңсыз шыңына жолы түспепті… Пендеге тән менмендігі, тау ұлына тән тәкаппарлығы. Әйтпесе Күршімнің Құзғындысы бұл ұмытатын жер ме? Алтайдың аңызға айналған Мұзтауына анадайдан андағайлап тұрған құзтауы — Құзғындыға қайырылмапты.

Құзғындының бүгінгідей кәрін тігуіне өкпе жоқ. Бәрін де осы жерден бастау керек еді. Ал бүгін өткенін ұмытқан сыңаймен бұлғыр биікке көтеріліпті. Құзғындыдай ақиықты емес, өзін ұмытып келіпті… Қуықтай ғана аспалы шатырдың ішінде Тайшынның жаны қинала түсті. Қап-қараңғы түнек ішінде көңілі де күңгірт тартты. Таң атпай қойды. Ұлы құзды орап алған қарлы үскірік ысқырып-ақ тұр. Түнек ішінде тыпыр ете алмай бұлар жатыр. Дәрменсіздікке мойынсұнған сыңайлы. “Таулар ғана өз болмысын бұзбаған, таулар ғана тәңірі алдында таулық мінезін сақтап тұр. Таулық миссиясын адал атқаруда” деп сендірді өзін Тайшын. Тау табиғаты адам сияқты ластанбаған. Ай астындағы, күн көзіндегі әлемде пенделерден иығы биік таулар тәңіріні еске түсіреді.

Шулаған жел өтінде, шіренген шың бетінде шайқалған шатыр тұңғиық теңіз сияқты. Тайшын сол тұңғиық түбінде малтығып жүрген секілді. Ол тіпті көзге түртсе көргісіз дүниеде қасында жатқан Сұңғатты да есінен шығарып алған. Бар ойы шың мен өзі туралы толғанулы: адам шыңның таз төбесіне табаны тиіп тұрып, шыңға басын иіп тұрады. Тұңғиық төменге қарап тұрып, таңырқап тұрып — табан астыңа табынасың. Табына тұрып шағынасың: адам шыңды бағындырмайды, шың адамды бағындырады.

Ол — асқақ шың мен аспалы шатырдың, ұйтқыған боран мен ұйлыққан ойдың тұтқыны. Көк пен жердің арасында асылып қалған абақтыда азалы күй кешулі: жарық жер бетінде бәрі де тұтқын. Шаншылма шың да, құлама құз да… Бәрі де бедерін бұзады. Адам да болмысын жоғалтады: қояндай қорқақ, қарсақтай жортақ, түлкідей бұлтақ. Бағзы замандарда мұндай емес болатын. Бөрідей бұрқақ еді…

Бір қырына аунап түсті. Көзі ілінбей-ақ қойды. Қорқыраған малдай, күркіреген аңдай Құзғынды кәрленіп тұр. “Адам тау кәріне шыдайды, тау адамды шыңдайды” деген талғажу ой келді. Шыңға шалма салу адам қолынан келеді. Адам да, тау да бір-бірін сынайды. Тау — тағдырдың сынақ кезеңі. Таулар да аласарады, адам ғана аласармақ емес. Таулар да жел мүжіп, жаңбыр шайып, ақжем болып желінеді — жеңіледі. Адам рухы ғана желінбейді — жазмышына жегіледі…

Осы бір ойға табан тіреген Тайшын шалқасынан аунай беріп, әлсіз жарық сызатын сезіп қалды. Сонда ғана серпіле: “Ух! — деді. — Таң да сыз берді-ау!” Шатыр іші бозамық тартты. Жерге жарық түсісімен азынаған жел де баяулай бастады. Көктем күні жылт етісімен, шың басы да шуақтап, басын бүркеген бұлт та үркіп, Ақтау құздарына қарай асып кетті.

Шатыр маңын қарлы боран түнімен торыса да, шыбын таяр тайғақ ернеу астына тұрақтай алмай, түйдек-түйдек қар қасаты жалама құз қабырғасымен ағып кетіпті. Орта мамырдың ойпыл-тойпыл мінезі байсал тартып, шың басын күн шұғыласымен аймаласа, биікке бас тіккен екеу қара көзілдіріктерін киіп, шыныдай жылтыр қабырғаға болат сыналарын қадады.

Алыстан ақшаңқан көрінер Құзғынды “бөркі” болат сына бата бермес шыны боп шықты. Қайсыбір құздай жадағай емес, көк жүзіне кері сорғалаған сүңгідей сом, оқтаудай жұмыр. Бұлар арқан салған батыс беткей тіпті тік. Екеуі арқанға асылып, шығыршықты сом сына бойымен өрлеуде.

Жеңіл ғана тамақтанып, түнімен тынығып, кешелі бері еттері де үйреніп, қандары да суына түсіп, жүректері де орнығып алысқан-ды. Жандары қиналмайды, тәндері ширығады. Тәндері ширыққан сайын таң асқан тау тарпаңындай алқынбайды. Қаңбақтай жеңіл сырғиды. Жыландай жиырылып жатқан арқан бойымен кезек-кезек алмасып, жол бастаушылық тізгінді кезектесе қолға алады. Сына қағам, шығыршық ілем, арқан шалам деп, алдыңғы тізгінші тоқырап қалмас үшін, екеуі алмаса қимылдайды.

Көк мұз жаңқасы көз әйнекке ұшып, болат сына мен балға-қайла шыңылдай соғылып, шың басы сыңғырлай жаңғырып, самалы суылдай лекітіп қояды. Осы бір өзгеше күй де көңілге майдай жағады. Санаң да самаладай ашылады. Адам рухы мен тау рухы қосылғандай күйге енесің… Сондай бір етене сезімді бастан кешесің.

Дәл қазір Тайшын шың басында шалдыға шыққан шыңылдан рақат бір күй кешулі еді. Сұңғаттың орнын басып, тізгінді қолға алып, алдыға өзі өткенде: “Құзғынды-ау! — деді ұлы шыңмен тілдесіп, шыны мұзына сынаны кірш еткізе қадап тұрып. — Сен кешір мені! Түндегідей кәріңді тіге көрме?! Қасымда албырт серігім бар. Бір ашуыңды қи!” Ол күдіктене күбірледі. “Тау адамға түйедей шөге салады” деп сыбырлады бір ойы. Оны көтеретін пендеде күш жоқ. Тау — тәуелсіз. Таусыз альпинистің күні — қараң… Адамсыз таудың да күні — тәмам. Адамсыз — тау да жетім, тау да жесір … тау да көңілсіз, тау да мейірімсіз.

Сүйрік шыңның сүйір қабырғасы кенет кертпе болып кездесті. Кертпе жарты құлаштай жалпақ боп бітіп, ары қарай құрық салым жер түпсіз жарық боп шықты. Жарық шыңның батыс бетін белдеулей кеулеп, қара белбеудей қараңғы мор тарта созылыпты.

Кертпе үстіне екеуінің де табаны тиіп, қуанып қалды. Қарсы алдындағы көк мұз жартас ғарыш кемесіндей көкке тік шаншылыпты. Ал тайқы текше мен мұз қабырға арасындағы қараңғы көр тектес алып аран Сұңғатты сескентіп тастады. Алып жарықты бойлай көз жүгіртіп өтіп, өткел болар жымдасқан жері жоқ екенін көріп:

— Сұмдық екен! — деді үркінішін жасыра алмай.

Тайшын сыр бермеуге тырысты.

— Саспа! — деді. — Барысша атылып, бармағымызды бір батырсақ, қабырға біздікі…

— Иә, аға, аралық жақын ғой, — деді Сұңғат та енді сескенбей.

Қалада қиялын тербеген қия шың тап қазір аранын ашқандай кеп танытқанынан Тайшын секем алса да, бұл да бір сын болар деп, сенімге бой салды. Сұңғатқа текше үстінен сом сына қақтырып, құрық салым қарсы бетке қарғуға өзі ниет қылды. Тайқы текше боп біткен мұз жалы бетіне қос сына қағылды. Шығыршығынан арқанды өткізді. Құзар қиясына бекітілген қосымша қада шығырына мұрындықтай іліп, арқан ұшын текше үстінде секиіп тұрған Сұңғатқа берді.

Бәрі дайын болды-ау дегенде:

— Иә, пірім, жар бол! Әй, Құзғынды, қолда!.. — деп, қарауытқан мұз жарығы жалынан қарсы қабырғаға қиялай қарғыды.

Түпсіз үңірейген жалама жарыққа қыранша сорғалап, қиялай қалықтап барып, қолындағы қос балға-қайласымен мұз қабырғаға соғылды. Қос балға-қайла сіреу мұзға қапысыз қадалды. Екі аяқтың басындағы үшкір біздей емшек істіктер де шаншыла кетті. Атам замандардан шақпақтана қатқан көк мұз қабырғаға тұңғыш рет адам баласының тәні тарбия жабысты.

Тайшынның оң білезігі болат сынаны сылқылдата батырып үлгіріп, белінен ілінген арқанды сына шығыршығына іліп те жіберді. Ет қызуымен сезбепті, көк мұзға қатты соғылғанын енді байқады. Тұңғиық тартқан аран жарықтың терең қойнауынан ызғарлы леп жүзін шарпыды. Төменнен тез-ақ көтеріліп, текшеге тұспа-тұс келіп, сәл биіктен білектей белді қазықты қағып, аран арасына салма арқан тартты. Сұңғат та оқтай түзу арқанға аяқты айқастыра іліп жіберіп, қарсы қабырғаға саумалап жетті.

Шың басы шылбыр тартым қалғанын екеуі де айтпай түсініскен. Тайшын Сұңғатты алға салды. Жас қой, шың басына алғашқы боп шықсын. Мұның соңында келем деп шамырқанбасын, шың ұшарына жете алмадым деп шалдықпасын. Тайшын табанын таудың тасы жаныған, жанын жайдың оты қарыған тарлан ғой. Қашан да қияны көксер көңілі елінің еңсесі, жерінің тепсеңі биік болуын қалайтын. Оны бірақ түсінген кім бар? Тауы — меңіреу, пендесі — мылқау. Таудың тілсіз болғаны, пенденің үнсіз қалғаны да жөн шығар. Өзін елеп-ескерердей бұл кім еді? Ұлы Құзғынды қол бұлғамаса, сәби Мұқаны есіне салмаса — Алтайына оралар ма еді, оралмас па еді?! Түсінде шалықтап, өңінде шаңыттап тұрған шыңға шығары да неғайбыл-ды.

Бәлкім, етегін қар қыстаған, басын мұз тыстаған жат бір биікке барыстай бармақ басар еді. Сол жат биікте тұрып құлазыған көңілі басылмас еді. Құзғындыға құрық салғандай, көңілі кіршіксіз ашылмас еді… Қияға құмар жаны басылмас еді. Балалық шағындай бұла күйде тасымас еді. Шерменде күйлі шерлі ойында: жер еңсесі — белімен биік, ер еңсесі – елімен биік. Қар-мұз құрсанған Құзғынды — қол жетпес белі болғанда, қойтастай шашыраған жұрты — есесін жібермес елі. Ерінің еңсесін тіктейтін де Алтайдай селді тауы мен қазақтай белді ұлты. Қысаң қалада, жалтаң далада қара түндей құмығып, қара таудай торығып жүрген кезінде, жан дүниесін жай отындай суғарып, тұңғиық сезімін жел айдаған тұмандай серпілтетін де жаңбыр жуған тау табиғаты мен тау жайлаған жетім жамағаты емес пе?!

Осындай бір өткір ойлар қапелімде ойқастап өткен Тайшын жоғары қарады. Аран жарықтан аспалы арқанмен саумалап өткен Сұңғат тіп-тік мұз қабырға бетімен қырықаяқтай қобалжусыз жылжып барады. Бедерсіз қабырға күлгін түстеніп, тоқтау салар түрі жоқ. Табанына киіз қамсаулап, қабырғасына жабағы шудалап жылылаған Тайшынның шатыры тұрмақ, әлгіндегі салма арқан көпірлеген текше де алыста қалыпты. Мұз жарығы ғана киіз үйдің етегін жаба айналдыра қазылған мор секілді дөңгелене көлбей, қарауыта үңірейеді.

Түпсіз құрдым өзін шақыратындай… Бұл қайтып артына қарағысы келмеді. Ерекше бір екпінмен алға ұмтылды. Әудемде Сұңғатты өкшелей жетті. Сұңғат қауырт қимылды күтпесе керек, таңырқай қарады. Тайшын бірақ ләм демеді. Қатар жүрейік дегенді сездірді. Шың шынарына екеуі де тізелесе қатар шықты. Екеуі де иықтаса қатар тұрды. Екеуі де тілектесе тілдесті.

— О-о, ға-а-жа-а-ап! — Сұңғат таңданысын жасыра алмады.

— Құзғынды, ризамын мен са-а-ға-а-ан! — Тайшын да тілегін ірке алмады.

Құзғынды басы тақиядай ғана екен. Таздың төбесіндей жып-жылтыр мұз. Саф ауа, суық еспе. Екі азамат та бір сәт тереңнен тыныс тартып, төңіректі қаракөк көзәйнекпен шолды. Күн төбеде, шың төменде. Талтүс. Шөкім бұлт жоқ. Екеуінің де көкірегі кіршіксіз қардай, бұлтсыз көктей ашылған. Екеуі де көк пен жер ұштасқан заңғар биікте бір сәтке оңаша қалған.

Олар шың басында тұрып, ұлан-ғайыр әлемде алғаш рет өздерінің жалғыздығын сезінді. Екеуі иықтаса тұрып жаратқанның құдіретіне ұйыды, қасиетіне иіді… Бойларында бірақ қорқыныш сезімі жоқ еді. Шың басы көкірек көздерін ашып, жандарын желпіндіріп әкеткен.

— Әйдік әлем екен, аға!

— Ә-ә, бұл — Құзғынды-Сарытау алабы… Анау теңіздей шалқып-толқып жатқан Ертіс пен Зайсанға дейінгі астаудай алып алқап — Күршім мен Марқакөлдің жері. Ал ту сыртымыз теріскейде андағайлап тұрған атақты Мұзтау-Ақтау сілемдері. Ол — Қатон-Қарағай мен Нарын-Күршім алқабы… Қалжыр мен Қалғұты, Күршім мен Бұқтырма сарқып құяр мың салалы бұлақты аймақ қой… Бауырым, бұл — Алтайдың Құзғынды көгінен шолғанда көзге шалынған қос алқабы. Ал Ресей, Қытай, Монғолияға қарап қалған мың сан өңірі қаншама?! Көзге жас, көңілге шер ұялайды.

— Аға, сіз о жақты көре алдыңыз ба?

— Е-е, дүние-ай, ол ұзақ әңгіме… Кезеген аяқ кезді ғой, кешті ғой, — деп келмес күндерін Тайшын булыға есіне алды. — Жә, жылжиық бауырым! Шыңнан құлдилау да оңай болмас. Күн де ауып барады.

— Ай-хой, шіркін шың — Құзғынды!… — деді Сұңғат бір көтеріліп: — А-ха-хо-оу! Мен мұндамын! — деп айқайлады-ай келіп. — Рахмет саған Құзғынды! Аға, еліміздің алақандай жалаушасын алып шығып ем, соны тігіп кетейін.

— Тік-тік! — деді Тайшын да, ойына мойнына таққан тұмары түсті. Дереу үшбұрыш тері дорбаға салынған, былғары мойынтақты тұмарын алды. Тұмарды ұзын жолға арнап, мешітте жаздырып еді. Көк мұзға қадаған көк жалаушаның темір қазығына қалмақша күрмеп байлады.

Сәлден кейін екеуі де биік басында аяқтарын суытып, белдерін жазысып алысымен, етекке құндыздай түсуге бет қойды. Қия беткейде кереге басына ілінген торсықтай салбырап, темір сына бойымен, қауіп-қатерсіз сезіммен жылжи берді. Ал төменде мамырдың ақ сағымына бөккен, кешегі қарлы-жаңбырлы түннің ылғалынан бусанған буалдыр әлем маужырап жатты.

Күн шың шынарында шағырмақ, шың бауырында жайма-шуақ еді. Құзғындының тасасында қалып, бұларды қоңыр көлеңкелі көк мұздың ызғары қарып, салқын желі ескектей тіміскілейді. Бұдырсыз мұз жүзімен кідіріссіз жылжыған екеуі алып аран текті мұз жарығына да таяп қалған. Кенет жоғары жағында келе жатқан Сұңғат:

— А-ах! Аға-а! — деп айқайлап, сыналарды сатұр-сұтыр жұлқып, сынаптай аға жөнелді.

Тайшын жанталаса қимылдап, мұз қабырғаға төрт тағандап жабысып, балға-қайласымен мұзды қашай қадалды.

— А-а-а!.. — Сұңғаттың сансырған дауысы жаңғырыға естілді.

Абырой болғанда, болат сыналар борт-борт үзіліп, мұз жарықшақтарынан шығып кетсе де, мұз қабырғаға тырнағын батырған барысша балға-қайласын қадаған Тайшынды аққан жігіт жұлып әкете алмады. Серігі баяғы алып мұз жарығының аузына жетіп, сүңгідей салбырады да қалды. Үн-түнсіз тыныштық орнады.

Тайшын бозбала жігіттің үрейден үні өшіп қалғанын бағамдады. Сонда да оған сыбыс беріп, есін жидырып, жоғары өрлеуге бұйырды. Сұңғат та тез өзіне келіп, арқаннан тартып өрмелеп, мұз төскейге тырнақ іліндірді.

Бұлар қайтар жолын сыналы соқпақпен таңдаса да, құздан аққан серігі қиыс кетіп, төмендегі аран жарық үстіне тартып кеткен арқан-салма көпірлерінен сәл-пәл алыс қалды. Тайшын Сұңғатқа тұрған жерінен тапжылтпай, сом сыналар қақтырып, өзі мұз жарығы үстіне кере тартылған арқан-көпірге тура түсуге тырысты.

Мамыр күні мұздақ бетін жіпсіткен болар деген күдікпен, сына темірлерді салмақ сала сынап көрді. Олар бірақ былқ етер емес. “Оқыс деген аяқ астынан ғой” деп ойлады. Сөйткенше болмады, істік-істік болат шегелі аяқ киімі тайып кетті де, Тайшынның өзі кіндігінен арқанға іліне берді. Қолындағы балға-қайласын қабырға мұзға қайырыла сілтей бергенде, суғаруы кемшін болат сына морт сынды. Сол бойда сақпан тасындай құлаған Тайшынды басқа сыналар да ұстай алмай қалды.

Ал биіктен құстай ұшып келе жатқан Тайшын бойын дәрменсіздік билеп өтті. Бар істеген амалы – кірпік қағардай ғана мезгілде ернін тістеп үлгерді. Ондағы ойы үрей билеген дауысын шығармау еді. Сыналарды суыра құлаған жан иесі құрдым жарыққа тереңдей еніп, күңгірттеу қуыста бокс қапшығындай салбырап, ырғалды да тұрды. Сонда ғана қыршып тастаған ернін босатып: “У-уһ!..” деп демін алды. Өз жүрегінің ересен дүрсілін естіді. Іле құлағына көктен:

— А-а-ға-а! — деген Сұңғат дауысы жетті.

Тайшын бойын жиып ала қойды. Әлгіндегі ет жүрек қорқыныш үркіп кетті. Төмен жағы – түнек, жоғарғы жағы – жарық нұр. Осы аралықта жуандығы саусақтай ғана жібек арқанға асылып қалыпты.

— Аға, — деген ащы үн тағы шықты.

Кенет керіліп тұрған арқан солқ етті.

— Сұңғат, не болды?! — Дауысы оқыс шықты.

Серігінен кемінде он шақты құлаш төменде салақтап тұрғанын да сезді. Аран аузындағы Сұңғат сұлбасын саулаған сәуле көрсетпей де қойды.

— Арқанды мен ұстап тұрмын, аға, — деген дауыс анық естілді.

— Темір сына қалмады ма? — деді Тайшын.

— Жо-о-оқ! Балға-қайламен әрең ұстап қалдым… Сынаның бәрі ұшып кетті.

Тайшын басына бұғалақсыз ойлар құйындай соғып өтті. Қасат қар емес, қиялаған көксіреу мұз. Бір қолымен арқанға көгенделген мұны ұстап, бір қолымен мұзға қадалған балға-қайла сабын мытып, Сұңғат ұзаққа шыдай алмайды. Қимылдаса — екеуі де құрдымға жұтылады. “Бәрінен құтылады…” Ет жүрегі дір етті. Бір-ақ жол — қылдай арқанды қию. “Құдай-ау, қосақталған екеуі де жалғыз арқанға жалынулы екен ғой… Өмір де өрмекшінің жібіндей нәзік қылға ілінулі”деген оқыс ой жасындай жарқ етті.

— Енді қайттік, аға?! — Шарасыз дауыс шалықтай естілді.

— Сұңғат! — деді зілді айқайлап. — Сен енді жалғыз қайтасың… Басқа амал жоқ. Сен мені кешір! Үй ішіме… Менің жайымды түсінген шығарсың.

— Олай демеңіз, аға! Екеуіміз бірге барамыз… Мен жоғары өрлеймін!

Осы сәтте арқан солқ ете түсті.

— Тоқтат, ақымақ! — деп Тайшын ақырып жіберді. — Екеуіміз де өлеміз. Арқан үзіліп, құздан құлап кетті де… Қош!

— Жо-о-о-оқ! — Шың шыңғырғандай болды.

Тайшын бірақ бөгде ойға бой алдырмады… Жалпақ белдік кісесіндегі кішкене пышақты қынынан суырып, қылпылдап тұрған жүзімен жуандығы шынашақтай арқанды осып жіберді. Шірене тартылған жібек арқан қақ бөлініп, бір ұшы шолтаң ете қалды.

Көкте қу бас Құзғындының қылаң төбесін күн ғана аймалайды.