Әңгіме: Артур Конан Дойл | Үш студент
1895 жылы кейбір жағдаяттар, — бұл арада оларға тоқталып жатпаймын, — мистер Шерлок Холмс екеумізді айтулы университет қалашықтарының біріне ат басын бұрғызды; біз онда бірнеше апта болып, тұрпайылау болғанымен тағылымы мол бір оқиғаға ортақтастық. Енді соны баяндап бергелі отырмын. Әлбетте, оқиғаның қай колледжде орын алғанын және қылмыскердің кім екенін оқырманның дәл анықтап білуіне мүмкіндік беретіндей егжей-тегжейлі деректер келтіру орынсыз боп табылады, оның үстіне бүл намысқа тиетін нәрсе. Мұншалықты масқара оқиғаны жылы жауып қоя салғаннан келіп-кетер ештеңе болмас та еді. Алайда тиісті дәрежеде сыпайыгершілік сақтай отырып ол турасында айтып берудің артығы жоқ, өйткені бүл оқиғада досымның таңғаларлық қабілет — мүмкіндігі жаңа қырынан танылған-ды. Айтқалы отырған әңгімемде мұның қай жерде болғанын немесе кім жайында сөз боп жатқанын аңғаруға септік жасайтын жайлардың бәрінен орағытып өтуге тырыспақпын.
Біз кітапханаға таяу маңда орналасқан, жиһазбен жабдықталған бөлмелерде тұрып жатқанбыз. Аталмыш кітапханада Шерлок Холмс ежелгі ағылшын хартияларын зерттеумен шұғылданып жүрген — ізденістерінің қайран қыларлық нәтиже бергені сонша, бұл менің болашақта жазатын бір әңгімемнің тақырыбына айналуға әбден татиды — ақ. Бір жолы кешкісін бізге танысымыз, Әулие Лука колледжінің оқытушысы, мистер Хилтон Сомс келді. Мистер Сомс ұзын бойлы, жұқалтаң адам еді және қашан кездестірсең де ашушаң, ызақор біреу секілді әсер қалдыратын. Ал бүл жолы жүзі тіптен түтігіп кеткен-ді, соған қарап әлденендей бір төтенше жағдайға тап болғанын аңғару қиын емес-ті.
Мистер Холмс, асыл уақытыңыздың бірнеше сағатын маған арнай алмас па екенсіз? Колледжімізде шектен тыс сорақы оқиға орын алды, егер өзіңіз қазір осында болмасаңыз, шын сөзім, тіпті не істерімді де білмес едім.
— Жұмысым бастан асады, сондықтан басқа шаруаға алаңдауға мұршам жоқ, — деп жауап қатты досым. — Полицияға арызданғаныңыз жөн шығар.
— Жо-жоқ, қадірменді сэр, өйтуге мүлде болмайды. Егер тергеуді заңды жолмен жүргізсек, оны тоқтата алмай қаламыз, ал мынау колледж абыройына нұқсан келмеуі үшін оны жұртшылыққа жария қылмаудың қолдан келер барлық амалын жасауды талап ететін нәрсе. Сіз небір күрделі істің жұмбағын шешудегі талантыңызбен ғана емес, сондай-ақ әдептілігіңізбен де мәшһүр адамсыз, осы себепті жалғанда өзіңізден басқа жан баласына арызданбас едім. Өтінем, жалынам сізден, мистер Холмс, көмектесіңізші маған.
Жылы ұядай ұнамды Бейкер-стриттен жырақта жүргенімен досымның мінез-құлқы бұдан айтарлықтай өзгере қоймаған-ды. Газет қиындылары жапсырылған альбомы, химиялық дәрмектері мен дағдылы әдетінше қалай болса солай тастай салған басқа да жарақтары жоқ Холмстың бабы онша табылмай тұрған. Ол келіскендей кейіпте иығын кейістікпен қиқаң еткізді де, қатты толқу үстіндегі қонағымыз қолын олай да бұлай сермей отырып істің мән-жайын асығыс-үсігіс баяндай бастады.
— Кілтипан мынада, мистер Холмс. Ертең фортескью стипендиясын алуға арналған алғашқы емтихан болмақшы, мен сол емтиханды қабылдаушының бірімін. Грек тілінен сабақ берем, ал бірінші емтихан тап осы грек тілі бойынша. Бейтаныс мәтіннің бір үлкен үзіндісі стипендия үміткеріне аударуға беріледі. Бүл үзінді баспаханада басылады, егер үміткер оны алдын-ала дайындай алса, онда, әрине, өңге емтихан тапсырушылармен салыстырғанда үлкен артықшылыққа ие болады. Емтихан материалының құпия сақталуы қажеттігінің себебі осында.
Бүгін сағат үшке таман баспадан мәтіннің терімі келді. Тапсырма — Фукидид шығармасының жарты тарауы. Мен оны мұқият тексеруге міндеттімін — мәтінде бірде-бір қате болмауға тиіс. Торт жарымға дейін бүл жұмыс аяқталып бітпеген еді, ал мен жолдасым үйінен шай ішуге уәде еткем. Терімді үстел үстіне қалдырдым да, шығып кеттім. Содан бір сағаттан кейін ғана оралдым.
Колледжіміздің есіктері қандай екенін өзіңіз де білетін шығарсыз, мистер Холмс, -еменнен жасалған, әйдік те ауыр, ішкі жағынан жасыл шұғамен қапталған. Қайтып оралғанда есікте кілт тұрғанын байқап қатты таңырқандым. Кілтті құлыпта өзім қалдырған шығармын деген ой келген, бірақ қалтамды қарманып кілтімді сонда жатқан жерінен таптым. Екіншісі малайым Бэннистерде болуға тиіс еді, ол маған он жылдан бері қызмет етіп келеді, адалдығына зәредей күмәнім жоқ. Кейін мәлім болғанындай, бүл шынымен соның кілті екен — шай ішкім келе ме, соны білмекке кіріпті, кетерінде алаңғасарлықпен кілтті құлыпта қалдырыпты. Бэннистер, шамасы, өзім шығып кеткеннен кейін бірнеше минуттан соң кірсе керек. Оның ұмытшақтығына басқа уақытта мүлдем көңіл аудармаған болар ем, бірақ бүгін бүл мені үлкен өкінішке ұрындырды.
Әлдекімнің қағазымды қопарыстырғанын жазу үстеліне көз жіберген бойда — ақ біле қойдым. Терімдер үш ұзын параққа басылған еді. Кетерімде бәрі үстел үстінде атқан. Ал қазір біреуін еденде жатқан жерінен, екіншісін — терезе алдындағы шағын үстелден, үшіншісін — қалдырған жерімнен таптым.
Холмс сұхбаттасының сөзін алғаш рет бөлді.
Еденде — бірінші парағы, терезе жанында — екіншісі, ми қалдырған жеріңізде — үшінші парағы жатты ма?
— Дәп солай, мистер Холмс. Ғажап!.. Оны қайдан біліп қойдыңыз?
— Әңгімеңізді айта беріңіз, өте қызықты хикая екен.
— Алғашқы сәтте: Бэннистер рұқсат етілмейтін еркіндік жасап қағаздарымды қараған екен, деген ой келді. Бірақ ол мұны үзілді-кесілді түрде мойындамай отыр және оған өзім сенем де. Мынадай жайдың да болуы ықтимал: өтіп бара жатқан біреудің есіктегі кілтті көзі шалып, бір жаққа кеткенімді білетіндіктен емтихан мәтінін көріп шығуға ниет қылуы да мүмкін. Әңгіме аса қомақты сома жөнінде болып отыр — бүл өте жоғары дәрежедегі стипендия, сондықтан ұят дегенді ұмытқан адам артықшылық алу үшін тәуекелге барудан тайынбайды.
Бэннистер қатты қапаланып, күйіп-пісті. Терім басқа біреудің қолында болғанын білгенде талып түсе жаздады. Оған бір жұтым бренди бердім, содан бөлмені қарап шыққанымша әл-дәрмені құрып креслода отырды да қойды. Ұзамай шақырылмаған қонақтың шашылып қалған қағаздан басқа да іздерін көрдім. Терезе алдындағы үстелшеде қарындаш аршығаннан түскен жоңқа жатыр екен. Қарындаш ұшын да сол жерден таптым. Шамасы, мәтінді жанталаса көшіріп жатып әлгі оңбаған қарындашты сындырып алса керек, сосын оны ұштауға мәжбүр болса керек.
— Тамаша, — деп үн қатты Холмс. Әңгіме оны барған сайын баурай бастағаны, содан көңілі жадырай түскені аңғарылып тұрған. — Жолыңыз болыпты.
— Тағы айтарым бар. Жазу үстелім жаңа, айрықша сапалы қызыл былғарымен қапталған. Бэннистер екеуіміз ант-су іше аламыз — былғарысы титімдей дақ жоқ, теп — тегіс болатын. Ал қазір үстелдің бетінен ұзындығы үш дюймдей боп қалатын тілікті көрдім — сызат емес, тіліктің тап өзі. Тек бұл ғана емес, үстел үстінен қара балшықтың бір шөкімін таптым, онда ағаш үгіндісіне ұқсас әлденендей ұсақ қиқымдардың бар екені байқалады. Мұның бәрі қағазды қараған адамның қалдырған нәрсесі екенінде дау жоқ. Еденге түскен із де, қаскүнемнен сыр аңғартатын басқа айғақтар да жоқ. Қаламызда жүргеніңіз, сәтіне қарай, есіме сап ете қалмағанда ақыл-естен айырылғандай күй кешер ем. Өтінем сізден, мистер Холмс, көмектесіңізші маған. Сол адамды қайткен күнде де табу керек, өйтпеген күнде жаңа материал дайын болғанша емтиханды кейін қалдыруға тура келеді, ал бүл үшін түсініктеме жазу керек болады, ондай жағдайда шатақ шықпай қалмайды, бүл тек колледждің ғана емес, күллі университеттің абыройына нұқсан келтіреді. Жұртшылық ештеңе білмесе екен — жалғыз арманым осы.
— Бұл іспен айналысуға, сізге қол ұшын беруге дайынмын, — деді Холмс орнынан тұрып, пальтосын киіп жатып. — Өте бір қызықты жағдаят екен. Терімді алғаннан кейін өзіңізге кіріп-шыққан біреу-міреу болды ма?
Жоғарғы қабатта тұратын индус студент Даулат Рас келіп, емтиханға қатысты бір нәрселер жайында сұрастырды.
— Ол емтихан тапсыратын ба еді?
— Иә.
— Терім үстелде жатты ма?
— Ұмытпасам, оның орамасы жазылмаған — ды.
— Мұның терім екенін аңғаруға болатын ба еді?
— Әрине.
— Бөлмеңізге басқа ешкім келген жоқ па?
— Ешкім.
— Терімнің сізге жіберілетінін біреу-міреу білетін бе еді?
— Әріп теруші ғана.
— Ал, малайыңыз, Бэннистер ше?
— Әрине, білмейтін. Ешкім де білмейтін.
— Бэннистер қайда қазір?
— Ол кабинетіндегі креслода отырған күйінде отырып қалды. Мен өзіңізге бармақ боп асығып жаттым. Ал оның жағдайы нашарлап кеткені сонша, орнынан тұрарлық дәрмені болмады.
— Есікті құлыптамаған екенсіз ғой?
— Қағаздарды жәшікке салып, кілттеп кеттім.
— Ендеше, мистер Сомс, индус ештеңе білген жоқ десек, онда терімді қарап шыққан адам да мұның сізде екенінен алдын-ала хабарсыз боп, терімді кездейсоқ тауып алған ғой, солай ма?
— Өзім де сондай ойдамын.
Холмс жұмбақ түрде жымиып қойды.
— Жөн екен, — деді ол — жүрейік. Бүл жағдаят сіздің оң жамбасыңызға келе қоймас, Ватсон, — бұл арада әрекет ету емес, ой кешу қажет. Жарайды, қаласаңыз бірге жүріңіз. Сөйтіп, мистер Сомс, қызметіңізге әзірмін.
Досымыздың қонақ бөлмесінің қорғасын жақтауы бар аласалау терезесі колледждің қына басып кеткен ескі ауласына қарайды екен. Есіктің арғы жағынан, жатағандау арканың астынан тепкішектері желініп қалған тас баспалдақ басталады. Бірінші қабаттағы бөлмелерді оқытушы иеленіпті. Үстіңгі қабаттарда үш студент тұрады екен, олардың бөлмесі бірінің үстіне бірі орналасыпты. Біз келгенде күн қараңғы тарта бастаған. Холмс тоқтап, терезені мұқият қарап шықты. Сосын оған таяп келіп, аяғының ұшына көтерілді де, мойнын созып бөлменің ішіне көз жіберді.
— Ол, сірә, есіктен кірген шығар. Терезе ашылмайды, кішкентай желкөзі ғана бар, — деп хабарлады оқымысты жолбасшымыз.
— Солай ма еді! — деп қалды Холмс, сосын түсініксіз түрде езу тартып, серігімізге көз тікті. — Не істейміз енді, бұл арадан ештеңе біле алмайтын болсақ, үйге кірейік те.
Қожайын есіктің құлпын ашып, бізді бөлмеге бастады. Біз табалдырықта тұрып қалдық, ал Холмс кілемді зер салып қарауға кірісті.
— Өкінішке қарай, ешқандай із қалмаған, — деді ол — Әлбетте, жауын-шашынсыз күндерде ондай із болмайды да. Малайыңыз есін жиған да шығар. Кеткен кезіңізде ол креслода отырған күйінде қалды дедіңіз бе? Қай креслоға отырып еді?
— Анау, терезе жанындағы.
— Түсінікті. Әне бір үстелше қасындағы. Ішке кіре беріңіздер. Кілемді қарап болдым. Енді үстелшеге кірісеміз. Бүл жерде не болғанын болжаудың еш қиындығы жоқ. Бөлмеге кірген біреу терімнің бір парағынан кейін екіншісін жазу үстелінен терезе жанындағы үстелшеге әкеп тұрған: сол жерден оған ауланы назарда ұстау оңтайлы болатын, бой көрсеткен кезіңізде тып-тыныш жылыстап кете алатын.
Ол мені көре алмайтын еді, — деп қосып қойды Сомс, — мен бүйірдегі кішкене есіктен кіргем.
Солай ма! Тіптен тамаша!.. Қалай болған күнде де, оның терімді алып терезе жанына жайғасқанда сондай мақсатты көздегені анық. Үш парақтың үшеуін де көрсетіңізші маған. Ешқайсысында саусақ таңбасы жоқ! Сөйтіп, ол әуелі мұнда біріншісін әкеліп көшіріп алған. Сөзді қысқартып жазғанда бұған қанша уақыт қажет? Ширек сағат шығар, одан кем болмас. Сосын ол бүл парақты лақтырып тастап, келесісіне жармасқан. Орта шеніне дейін жеткен, бірақ сол арада сіз келіп қалғансыз, оған дереу қарасын батыруға тура келген; асыққаны сонша, қағаздарды орнына қоюға да, мұнда біреудің болғанын байқататын белгілерді жоюға да үлгермеген. Баспалдақпен көтеріліп келе жатқаныңызда біреу-міреудің шапшаңдата жүріп жырақтап бара жатқан аяқ дыбысын құлағыңыз шалмады ма?
— Ондай ештеңе естімеген секілдімін.
— Сонымен, белгісіз біреу терезе алдында отырып терімді асығыс-үсігіс көшіре бастаған, қарындашты сындырып алған, одан соң, көріп тұрғаныңыздай, оны қайтадан ұштауға мәжбүр болған. Бұл өте бір қызықты жағдай, Ватсон. Мынау жай қарындаш емес. Өте жуан, грифелі жұмсақ, сыртының түсі қара көк, фабриканттың әулет есімі оған күміс әріптермен бедерленген, ал ұзындығы бір жарым дюймнен аспайды. Дәл осындай қарындашты тапсаңыз, мистер Сомс, қылмыскерді құрықтадым дей беріңіз. Бұған оның үлкен әрі өтпейтін шаппа пышағы бар екенін қоссам, сізде тағы бір айғақ пайда болады.
Жаңбырдай жауған бүл деректер мистер Сомсты абыржытып тастады.
— Ойыңыздың өрісін түсініп тұрмын, — деді ол, — бірақ қарындаштың ұзындығы қандай екенін қайдан білдіңіз?..
Холмс оған үстіңгі жағындағы бояуы шетіней бастаған, «нн» деген екі әрпі бар жоңқаның титімдей бөлігін ұсынды.
— Енді түсінікті ме?
— Бәрібір онша түсіне алмадым…
— Байқауымша, сізге дәйім әділетсіздік жасап келіппін — ау, Ватсон. Ондай адам бір өзіңіз ғана емес екен… Мына «нн» деген әріптер нені білдіреді? Иоганн Фабердің қарындашы жиі кездесетіні белгілі жай. Ендеше, «нн» — фабрикант есімінің соңғы әріптері боп табылады.
Холмс үстелшені жарық түсетіндей етіп орналастырды.
— Егер жұқа қағазға жазсаң жылтыратылған ағашта із қалады. Жоқ, ештеңе байқалмайды. Енді жазу үстелін көрейік. Мына бір шөкім, шамасы, әлгінде өзіңіз мәлім еткен қара балшыққа ұқсас нәрсе болса керек. Түрі жағынан ортасы қуыс үш бұрышқа ұқсайды; балшықта, өзіңіз айтқандай, ағаш үгіндісі бары байқалады. Ғажап, ғажап, айтары жоқ! Енді үстелдегі тілікке келейік — былғары, шынтуайтына келгенде, жыртылған. Түсінікті. Жіңішке сызат боп басталып, шет жақтары жырымдалған ойық боп аяқталады. Осынау өте қызықты оқиғаға ортақтастырғаныңыз үшін сізге дән ризамын, мистер Сомс. Мына есік қайда бастайды?
— Жатын бөлмеме.
— Емтихан мәтініне сұғанақтық жасалғанын байқағаннан кейін оған кірдіңіз бе?
— Жоқ, бірден өзіңізге қарай тарттым.
— Жатын бөлмені көруге рұқсат етіңізші. Ескілікті үлгідегі қандай сүйкімді бөлме десеңізші! Рақым етіп, сәл — пәл күте тұрыңыз, еденді қарап шығайын. Жоқ, назар аударарлық ештеңе жоқ. Мынау неғылған қалың перде? Ә-ә, қалтарысында киім ілулі түр екен. Бүл бөлмеге біреу — міреу жасырынбақшы болса, осының тасасына тығылар еді: кереует тым аласа, ал гардероб енсіз. Бұл арада, әрине, ешкім жоқ шығар?
Холмс пердеден ұстады, азды-кем елегізген, тіпті мазасызданған деуге болатын позасынан қандай тосын жағдайға бол сын дайын екені көрініп тұр еді. Ол пердені тартып қалды, бірақ бұл арадан бірнеше костюмнен басқа ештеңе көре алмадық. Холмс бермен қарай бұрылды да, оқыстан еденге қарай еңкейді.
— Ал мынау немене? — деп дауыстап жіберді ол
Еденде қара балшықтың жазу үстеліндегіден аумайтын үш бұрышты шөкімі жатыр еді. Холмс оны алақанына салып, шам жарығына тосты.
— Көріп тұрғаныңыздай, қонағыңыз тек қонақ бөлмеде ғана емес, сонымен бірге жатын бөлмеде де із қалдырыпты, мистер Сомс.
— Оған бұл жерден не керек болды екен?
— Меніңше, бұған күмән келтірудің қисыны жоқ. Сіз күтіп отырған жағынан емес, басқа жақтан келдіңіз, сөйтіп ол аяғыңыздың дыбысын есіктің тап алдына келгеніңізде ғана естіді. Оған не істеу керек енді? Заттарын алды да, жатын бөлмеңізге қойып кетті.
— Мынау деген сұмдық қой, мистер Холмс, сонда Бэннистермен сөйлесіп тұрған кезімде әлгі жексұрын торға түскен торғайдай жатын бөлмемде бұғып отырған боп шықты ма, ал біз бұдан мүлдем бейхабар болдық па?
— Реті солай сияқты.
— Бәлкім, бәрі басқаша болған шығар, мистер Холмс. Жатын бөлмедегі терезеге назар аудардыңыз ба?
— Кішкене әйнектер, қорғасын жақтау, үш кәсек, біреуінің топсасы бар және адам кіре алатындай әжептәуір кең.
— Айна-қатесіз солай. Ал бұл терезе ауланың бұрышына қарайды, осы себепті ауладан оның бір бөлегі мүлдем көрінбей тұрады. Қылмыскердің жатын бөлмеге енуі ықтимал; перденің тасасында із қалдырып, ол жерден қонақ бөлмеге өтуі, сөйтіп, ақыры есіктің ашық тұрғанын байқап сол арқылы қашып кетуі мүмкін.
Холмс шыдамсыздана бас шайқады.
— Көңілге қонымды пайым жасайық, — деді ол — Айтқан әңгімеңізден түсінуімше, мына баспалдақты үш студент пайдаланады және олар әрдайым есігіңіздің жанынан өтеді, солай ма?
— Иә, олар үшеу.
— Сонда олардың үшеуі де осы емтиханға қатыса ма?
— Иә.
— Бұлардың арасында басқаларынан гөрі көбірек күдік келтіретін біреуі бар ма?
Сомс бірден жауап қатқан жоқ.
— Бұл өте қиын сұрақ, — деді ол — Қолыңда дәлелің болмағандықтан біреуге кінә артқың келмейді.
— Сөйте тұрғанымен, күмәнданар жайларыңыз бар екен. Бізге соны айтып беріңіз, ал дәлелдеу жағын маған қалдырыңыз.
— Ендеше, сол үшеуінің әрқайсысы жөнінде бір-екі ауыз сөзбен баяндап берейін. Тура менің үстімдегі қабатта Гилкрист тұрады, өте қабілетті студент, маңдай алды спортшы, регби мен крикетте колледж намысын қорғайды, кедергіден қарғып өтуде және ұзындыққа секіруде дәйім бірінші орын алады. Мақтан етуге тұрарлық жігіт. Әкесі, — атышулы сэр Джейбс Гилкрист, — ат жарысына бәс тігем деп тақырға отырды. Ұлының қолына соқыр тиын да тимеді, бірақ бүл еңбекқұмар, ынталы жас. Болашағы зор жігіт.
Үшінші қабатта индус Даулат Рас тұрады. Индустардың көпшілігі секілді салмақты, біртоға. Сабақ үлгерімі жақсы, тек грек тілін онша игеріп кете алмай жүргені болмаса. Сабаққа табандылықпен, жүйелі түрде әзірленеді.
Ең жоғарғы қатардағы — Майлс Мак-Лареннің бөлмесі. Іске бар ынты — шынтысымен кіріскенде таңғаларлық жетістіктерге ие болады. Ол ең дарынды студенттеріміздің бірі, бірақ мінезі шатақ, қыдырымпаз және өте тұрақсыз. Бірінші курста карта ойынына қатысты әлденендей істері үшін оқудан шығып қала жаздады. Бүкіл семестр бойынша түк бітірмей тентіреп жүрді, шамасы, алдағы емтиханнан қатты қорқатын болса керек.
— Ендеше, содан күдіктенесіз бе?
— Олай деп қадап айта алмаймын. Бірақ, үшеуінің арасынан, әділіне көшсем, басқаларынан гөрі соған сенімім аздау.
— Түсінем. Ал, енді, мистер Сомс, бізді Бэннистермен таныстырыңызшы.
Малайы аласа бойлы, шашы бурыл тартқан, өңі қуқылтым, таза қырынған елулердегі адам екен. Осынау тұтқиылдан тап болған, күнделікті күйкі тіршілігінің тынышын кетірген тауқыметтен әлі толық арылып болмапты. Ісіңкіреген беті деміл — деміл тартып кетеді, қолы дірілдейді.
— Манағы жағымсыз оқиғаның жай — мәнісін анықтамақ боп жатырмыз, Бэннистер, — деді оған қожайыны.
— Түсінем, сэр.
— Қателеспесем, кілтті есікте қалдырған сіз ғой? — деді Холмс.
— Иә, сэр.
— Бөлмеде анадай маңызды қағаздар жатқан күні осындай орашолақтық жасағаныңызды қалай түсінуге болады?
— Иә, сэр, өте ыңғайсыз болды. Бірақ мен кілтті бұрын да ұмыт қалдырып жүргем.
— Бөлмеге қашан кірдіңіз?
— Төрт жарымға таяу. Күнде осы уақытта мистер Сомсқа шай берем.
— Мұнда қанша болдыңыз?
— Орнында жоғын көрдім де, сол бойда шығып кеттім.
— Үстелде жатқан қағаздарды қарап шықтыңыз ба?
— Жоқ, сэр, о не дегеніңіз.
— Кілтті есікте неге қалдырдыңыз?
— Қолымда поднос бар еді. Кейін келіп алармын дегем. Тарс есімнен шығып кетіпті.
— Есікте серіппелі құлып бар ма?
— Жоқ, сэр.
— Ендеше ол өне бойы ашық тұрған екен ғой?
— Иә, сэр.
— Яғни бөлмеден шығып кетудің еш қиындығы болмаған ғой?
— Иә, сэр.
— Мистер Сомс қайтып оралып, өзіңізді шақырған кезде қатты абыржыдыңыз ба?
— Иә, сэр. Қызметінде жүрген жылдардың ішінде мұндай жағдай ешқашан орын алып көрмеген еді. Есімнен танып қала жаздадым.
— Мұны түсіну оңай. Нашарлап қалған кезіңізде қай жерде болдыңыз?
— Қай жерде дейсіз бе, сэр? Мына арада, есік жанында болдым.
— Қызық екен, өйткені сіз ана жердегі, бұрыштағы креслоға барып отырдыңыз ғой. Неліктен аулақтағы креслоны таңдадыңыз?
— Білмеймін, сэр, маған қай жерге отырсам да бәрібір болатын.
— Меніңше, бұл өзінің не істеп, не қойып жатқанын жадында жақсы сақтап қала алмаған сияқты, мистер Холмс. Түрі жан шошырлық еді — ақ қағаздай боп қуарып кеткен.
— Қожайыныңыз кеткен соң мұнда қанша болдыңыз?
— Бір минуттай ғана, одан көп емес. Есікті құлыптадым да, бөлмеме бардым.
— Кімді күдікті санайсыз?
— Сэр, бұл жөнінде ештеңе айта алмаймын. Бас пайдасы үшін осындай іске баратын бір джентльмен бүкіл университеттен табылар ма екен. Жоқ, сэр, бұған сенгім жоқ.
— Рақмет сізге, осымен доғарайық, — деп түйіндеді сөзін Холмс. — Айтпақшы, тағы бір сұрақ. Осынау жайсыз жағдай турасында өзіңіз қызмет көрсететін үш джентльменнің қайсысын құлағдар еттіңіз?
— Ешқайсысын, сэр.
— Олардың біреу — міреуін кезіктірдіңіз бе?
— Жоқ, сэр, ешкімді кезіктірген емен.
— Тамаша. Енді, мистер Сомс, мархабат етсеңіз, ауланы қарап шығайық.
Қоюлана бастаған қараңғылықта төбемізден үш сарғыш текше жарық шашып тұрған.
— Үш қарғаның үшеуі де ұясында отыр екен, — деді Холмс жоғарыға көз жүгіртіп. — Оһо, мынаған не болған? Біреуі отырарға орын таппай жүрген сияқты ғой.
Ол индустың түсірілген перде тұсынан оқыстан қарауытып көріне кеткен сұлбасы жайында айтып тұрған. Студент бөлмені кезіп әрлі-берлі адымдап жүр еді.
— Үшеуімен де жүздесіп көрсем деп ем, — деді Холмс. — Мұның ретін келтіруге болар ма екен?
— Одан оңай нәрсе жоқ, — деп жауап қатты Сомс. — Бұл үй — колледждегі ең ескі ғимарат, сондықтан мұнда келімді — кетімділердің көп болатынына ешкім таңырқамайды. Жүріңіз, өзім бастап барайын.
— Құдайақы, ешкімнің әулет есімін атай көрмеңіз! — деген өтініш айтты Холмс, Гилкристтің есігін қағып тұрған кезімізде.
Бізге есікті сымбатты келген, ұзын бойлы, ақ сары шашты жігіт ашты да, мазалап тұрған мақсатымыздан хабардар болған соң ішке кіруімізді сұрады.
Бөлмені шынымен-ақ орта ғасырлық интерьердің таңырқауға татырлық үлгісі деуге болады екен. Соның бір пұшпағына Холмстың қатты қызыққаны сонша, сұлбасын қолма-қол блокнотына түсіріп алуға құлшынды, қарындашын сындырып алып, қожайыннан басқасын беруді сұрады, ақыр аяғында, бұған қоса, одан шаппа пышақ беруін өтінді. Дәп осындай қызғылықты кеп индустың бөлмесінде де қайталанды. Көп сөйлемейтін, орақ мұрынды шапаты индус бізге күдіктене көз тігумен болды, ал Холмстың архитектуралық зерттеулері аяқталған кезде кәдімгідей қуанып қалды. Бүл сапары барысында Холмс қылмысқа айғақ болардай ештеңе кезіктіре алмады. Үшінші студентке барғанда сәтсіздікке душар болдық. Есігін қаққанымызда ашпай қойды, оған қоса былапыт сөзді қарша боратты.
— Кім екендеріңе түкіргенім бар. Жоғалыңдар әрмен! — деген ашулы дауыс естілді есіктің ар жағынан. — Ертең емтихан, уақытымды босқа жібере алмаймын!
Жолбасшымыз ашудан қызарып кетті.
— Дарақы неме! — деді ол бұрқылдап баспалдақпен төмен түсіп келе жатқанымызда. -Әрине, менің есік қағып тұрғанымды білмегені анық. Әйтсе де, мұнысы шектен тыс дөрекілік, ал мынадай жағдаят кезінде, оған қоса, күдік тудырарлық.
Холмстың бұған қайтарған жауабы таңдануға тұрарлық боп шықты.
— Әлгі жігіттің бойының ұзындығы дәлме-дәл қандай екенін айтып бере алмайсыз ба маған? — деп сұрады ол
— Ақ адал шыным, мистер Холмс, айта алмаймын. Ол индустан биіктеу, бірақ Гилкрист секілді бойшаң да емес. Бес фут және алты дюйм шамасындай боп қалар.
— Мұның айрықша маңызы бар, — деді Холмс. — Ал, енді, мистер Сомс, сізге қайырлы түн тілеуге рұқсат етіңіз.
Жолбасшымыз үрейлене дауыстап жіберді:
— Ол не қылғаныңыз, мистер Холмс, осындай сәтте мені жалғыз қалдырмақсыз ба! Мәселенің мән-жайын онша түсінбеген секілдісіз ғой. Ертең емтихан. Мен бүгін кеште үзілді-кесілді шешім қабылдауға тиіспін. Материал біреу — міреуге мәлім болған жағдайда емтиханның өтуіне жол бере алмаймын. Бүл ахуалды реттейтін амал табу керек.
— Бәрі бұрынғыша қала берсін. Сізге ертең таңертең соғам, сонда асықпай ақылдасармыз. Кім біледі, бәлкім, оған дейін көңілге қонымды ұсыныстар да ойлап табармын. Ал әзірше ешқандай әрекет жасамаңыз, түк ештеңе істемеңіз.
— Мақұл, мистер Холмс.
— Тағы бір айтарым, бекерден — бекер абыржып — абдырай бермеңіз. Біз міндетті түрде бірдеңе ойлап табамыз. Қара балшықтың мына бір шөкімі мен қарындаштың жаңқасын өзіммен бірге ала кетем. Cay болыңыз.
Аула қараңғылығына енгенімізде терезелерге тағы бір мәрте көз жібердік. Индус әліге дейін бөлмесінде әрлі — берлі адымдап жүр екен. Өзгелері көзге ілікпеді.
— Ал, Ватсон, бұл жөнінде не айтасыз? — деп сұрады Холмс көшеде. — Үш картамен жасалатын фокус секілді қол боста ермек қылатын ойынға ұқсайды — ақ емес пе? Міне, сізге үшеуі. Осының біреуі керек. Тандап алыңыз. Сіздіңше кім?
— Соңғы қабаттағы бейпілауыз. Жаман атағы шыққаны тағы бар. Индус та күмән келтіреді. Тыным таппай әрлі — берлі теңселіп жүргені тегін деймісіз?
— Жоға, бұл дәнеңе білдірмейді. Бірдеңе жаттаған кезде көп адам сөйтіп әрлі-берлі теңселіп жүреді.
— Ол бізге жақтырмай қарағыштаумен болды.
— Қиын емтихан қарсаңында үйіңізге бір топ сауық — құмар сандалбай кіріп келсе, өзіңіз де дәп солай қарар едіңіз. Оның бүл қылығы зәредей күмән келтірмейді. Олардың қарындаштары мен пышақтары да күдік туғызбайды. Жоға, менің ойымды басқа адам алаңдатып түр.
— Кім?
— Бэннистер, малай. Бүл іске оның қандай да болсын қатысы бар.
— Ал маған ол кіршіксіз таза адам секілді көрінген.
— Маған да. Нағыз таңғаларлық нәрсе осы. Кіршіксіз таза адам не үшін… Оһо, мына арада қағаз-қалам сататын үлкен дүкен бар екен. Іздеуді осы жерден бастаймыз.
Қалашықта қағаз-қалам сататын төрт-ақ тәуір дүкен бар еді, Холмс соның бәрінде болып, қарындаш жаңқасын көрсетіп, дүкенде осындай қарындаштардың бар-жоғын сұрады. Барлық жерде де оған мұндай қарындашты алдыруға болатыны, бірақ көлемі алабөтен екені, саудаға сирек түсетіні айтылды. Бүл сәтсіздік досымды онша өкінте қоймаған секілді, бар болғаны жымия күліп, амал қанша дегендей иығын қомдап қана қойды.
— Сәті түспеді, қадірменді достым Ватсон. Ең сенімді және бұлтартпас айғақтан пайда болмады. Дей тұрғанмен, шынымды айтсам, онсыз да бір амалын табатынымызға сенімдімін. Мәссаған! Сағат тоғыз боп қалыпты ғой, достым — ау, үй иесі әйелдің жеті жарымға таман жасыл бұршақтан дәм әзірлеп қоям дегені бар емес пе еді. Байқаңыз, Ватсон, шылымға деген құмарлығыңыз бен түскі асқа әманда кешігіп келетін жаман ғадетіңіздің қырсығынан сізді пәтерден шығарып жіберіп жүрмесін, сізге қосып, кім біледі, мені де қуып жіберер. Әділіне келсек, бүл бізге, қалай болған күнде де, әйтеуір дәл қазір, ашулы ұстаз, алаңғасар малай және үш ынталы студентке қатысты осынау оғаштау оқиғаның жұмбағын әлі шешіп болмаған шақта онша жақсы тимес еді.
Сол күні Холмс бүл мәселеге қайтып оралған жоқ, алайда кешіктіріп ішкен кешкі асымыздан кейін ұзақ уақыт ойға шомып отырғаны бар. Таңертеңгі сағат сегізде, жуынып-шайынып бола берген шағымда ол бөлмеме кірді.
— Ал, Ватсон, — деді ол, — Әулие Лука колледжіне аттанатын шақ та келді. Таңертеңгі асты бір рет ішпегеннен ештеңеңіз кетпейтін шығар?
— Әлбетте.
— Біз барғанша Сомстың шығарда жаны жоқ күйде отырары анық.
— Оған естіртер жақсы хабарыңыз бар ма?
— Бар секілді.
— Жұмбақты шештіңіз бе?
— Иә, қымбатты Ватсон, шештім.
— Әлденендей жаңа айғақтар тапқансыз — ау, шамасы?
— Сенесіз бе, сенбейсіз бе таптым! Бүгін таң елең — алаңнан тұрдым, сағат алтыда жолға шықтым және сөйткенім дұрыс болды. Айнала маңды екі сағаттай шарладым, бес мильдей жер жүрдім. Міне қараңыз, нәтижесін!
Ол маған қолын созды. Алақанында жұмсақ қара балшықтың үш бұрыштылау боп келетін үш шөкімі жатыр еді
— Апырай, Холмс, кеше мұндайлар сізде екеу ғана емес пе еді!
— Үшіншісі бүгін таңертең пайда болды. Біріншісі мен екіншісінің құрамы қандай болса, үшіншісінікі де сондай екені көрініп түр. Солай емес пе, Ватсон? Жә, шығайық, Сомс досымызды азаптан арылтатын уақыт жетті.
Айтса айтқандай-ақ, бейшара ұстаздың соры қайнап, сілесі құрып отыр екен. Санаулы сағаттардан кейін емтихан басталмақ, бүл болса — жымысқы әрекетті жұртшылыққа жария етуі керек пе әлде айыпкерді анандай өте жоғары стипендияға арналған емтиханға жіберуі керек пе — не істерін білмей әлек. Күйіп-пісіп, дегбірінен айрылып тұрған ол Холмсты көрген бойда құшақ жая ұмтылды.
— Келгеніңізге сондай қуаныштымын! Күдері үзіліп, бүл істен бас тартуды ұйғарған шығар деп қорқып ем. Менің не істеуім керек енді? Бастайын ба емтиханды?
— Міндетті түрде.
— Ал ана жексұрын…
— Ол қатыспайтын болады.
— Оның кім екенін біліп тұрсыз ба сонда?
— Білетін секілдімін. Бүл әңгіме басқа құлаққа шалынбас үшін өз күшімізбен шағын құрамдағы далалық әскери сотқа ұқсайтын бір шара ұйымдастыруымыз қажет. Сомс, рақым етіп, ана жерге отырыңызшы! Ватсон, сіз — мына араға! Ал мен ортадағы креслоға жайғасам. Меніңше, түріміз қазір барынша сұсты да үрейлі болды ғой деймін, қылмыскерді тыпыр қақтыратын боламыз. Малайға қоңырау соғыңызшы.
Ішке Бэннистер кіріп, талқыға салушылардың қаһарлы тобын көріп, әрі таңырқап, әрі шошынып шегіншектеп кетті.
— Есікті жабыңыз, Бэннистер, — деді Холмс. — Ал енді кешегі оқиға жайында ақ адал шыныңызды айтып беріңіз.
Малайдың түрі өзгеріп кетті.
— Сізге бәрін баян еттім ғой, сэр.
— Ештеңе қоспайсыз ба оған?
— Ештеңе де, сэр.
— Жарайды, онда өзімнің кейбір тұспалымды айтып берейін. Кеше мына креслоға келіп отырған кезіңізде шақырылмаған қонақты әшкерелейтін әлдебір затты жасырмақ болдыңыз ғой, солай емес пе?
Бэннистердің жүзі қуарып сала берді.
— Жо-жоқ, сэр, әсте олай емес.
— Бұл тек болжам ғана, — деді Холмс бәсең дауыспен. — Жасыратын не бар, мұны дәлелдей де алмас едім. Алайда, бүл жаны бар болжам: өйткені, мистер Сомс табалдырықтан әрмен аттаған бойда — ақ сіз жатын бөлмеде жасырынған адамды босатып жібердіңіз ғой.
Бэннистер құрғап кеткен ернін жалап алды.
— Онда ешкім болған жоқ, сэр.
— Жауабыңыз көңіл көншітеді, Бэннистер. Осыған дейін сіз қандай түрде болған күнде де, әйтеуір, шындықты айттыңыз, ал қазір, сөз жоқ, жалған сөйлеп тұрсыз.
Малайдың әлпеті алған бетінен қайтпай, қасарып тұрып алатынын аңғартты.
— Онда ешкім болған жоқ, сэр.
— Шын айтып тұрсыз ба, Бэннистер?
— Иә, сэр, ешкім де.
— Демек, бізге қосымша мәлімет бере алмайтын болдыңыз ғой. Бөлмеде бола тұруыңызды сұраймын. Ана жерге, жатын бөлме есігінің жанына барып тұрыңыз. Ал қазір, Сомс, сізден бір жақсылық жасауыңызды өтінем. Рақым етіп, Гилкристтің қабатына көтеріліп, оны осында шақырып келіңізші.
Бір минуттан соң ұстаз студентін ертіп қайтып оралды. Бұл өзі келбеті келіскен, сымбатты, ұзын бойлы, шымыр денелі, елгезек, адымы серпімді, әлпеті адамды баурап алатын жігіт еді. Көгілдір көзінің үргелек назары әрқайсымызды кезекпе-кезек шолып өтті де, ақыры шынымен үрейлі нышан тауып, бұрышта отырған Бэннистерге барып тоқтады.
— Есікті жабыңыз, — деді Холмс. — Сөйтіп, мистер Гилкрист, біз бес адамбыз, басқа бөтен ешкім жоқ және қазір осы арада айтылатын әңгімені ешкім ешқашан естімек емес. Бір-бірімізден сыр жасырмауымызға болады. Ал енді, мистер Гилкрист, өзіңіз адал адам бола тұра, кешегідей іске қалай бардыңыз, соны түсіндіріңізші бізге.
Бейшара жігіт теңселіп кетті де, Бэннистерге жаман көзбен қарап қалды.
— Жо-жоқ, мистер Гилкрист, мен ешкімге ештеңе айтқан жоқпын, аузымнан бір ауыз сөз шыққан емес! — деп айқайлап жіберді малай.
— Бұл рас, — деп құлаққағыс етті Холмс. — Алайда мына лебізіңіз айыбыңызды мойындаумен пара-пар нәрсе. Ал, енді, сэр, — деп қосып қойды Холмс Гилкристке қарап, -сізге қалатыны тек бәрін бастан-аяқ барынша шыншылдықпен баяндау ғана.
Гилкристтің өңі бұзылып сала берді, өзін-өзі ұстауға тырысып баққанымен, келесі кірпік қағымда үстел жанына тізерлей кетті де, бетін қолымен басқан күйі егіл-тегіл еңіреп жіберді.
— Сабыр етіңіз, сабыр етіңіз, — деді Холмс бәсең үнмен, — адасу — адамға тән қасиет, оның үстіне, әрине, сізді барып тұрған жырынды деп атау ешкімнің ойына келмейді. Болған жайды мистер Сомсқа мен айтып берсем, сізге, бәлкім, жеңілдеу тиер, ал сіз қателескен жерімде мені түзетіп қана отырыңыз. Келістік пе? Қиналсаңыз жауап қатпауыңызға да болады. Енді тыңдай беріңіз, сосын өзіңізге қатысты зәредей болсын әділетсіздікке жол берілмеуін мұқият қадағалаңыз.
Істің мән-жайы маған, мистер Сомс, аталмыш терімнің бөлмеңізде екенін ешкімнің, тіпті Бэннистердің де, білмейтінін айтып берген кезден-ақ түсінікті бола бастады. Әріп терушінің бұған қатысы жоғы мәлім — қажет етсе мәтінді баспаханада жатқан кезінде-ақ көшіріп алатын еді. Индустың да бұған араласы жоқ деп шештім: себебі ол кезде терімнің орамасы жазылмаған, мұның не екенін аңғару оған, әрине, қиын еді. Екінші жағынан, бөтен бөлмеге әлдебіреу кездейсоқ тап болады және бұл оқиға үстелде емтихан мәтіні жатқан күні орын алады! Мұндай сәйкестік, менің ойымша, мүлдем ақылға сыйымсыз. Осы себепті мен: кірген адам үстел үстінде жатқан мәтін жайында жақсы білген дейтін тұжырым жасадым. Ол мұны қайдан білген сонда?
Үйіңізге келген соң терезені мұқият қарап шықтым. Бөлмеге терезе арқылы кіру мүмкіндігін ойластырып тұрған шығарсыз дейтін жорамалыңыз – тапа — тал түсте, қарсы бетте тұратындардың көзінше! — күлкімді келтірді. Бүл, әрине, көңілге қонбайтын болжам. Терезе жанынан өтіп бара жатып үстел үстінде жатқан қағаздарды көре алатын адамның бойы қандай болуы мүмкін екенін ойша жобалап тұрғам. Менің бойым алты фут, үстелді тек аяғымның ұшына көтерілгенде ғана көрдім. Яғни оны алты футтан аласаның ешқайсысы көре алмас еді. Осыдан барып мынадай ойға тірелдім: үш студенттің бірі тым бойшаң болса, ең әуелі сонымен айналысу керек деп шештім.
Ішке кіріп бөлмені қарап шыққанымда терезе жанында тұрған үстелше айғақтың тағы бір суыртпағын қолыма ұстатты. Гилкристтің ұзындыққа секірумен айналысатынын құлаққағыс еткеніңізге дейін жазу үстелі де жұмбақ болатын. Сол арада маған бәрі түсінікті болды, тек бірнеше дәлел ғана жетпей тұрған, соны тезірек тауып алуға тырыстым.
Енді оқиғаның қалай өріс алғанын айтып берейін. Мына жас жігіт секіруге жаттығып, кешегі күнді спорт алаңында өткізді. Сосын үйге қайтты, қолында спорттық аяқ киімі бар-тын; оның табанында өткір бұдырлары болатынын білесіздер. Терезеңіздің жанынан өтіп бара жатып, бойының ұзындығы арқасында үстел үстінде орама етіп бүктелген қағаз жатқанын көріп, мұның не екенін бірден аңғара қойды. Егер есіктен малай аңдаусыз қалдырып кеткен кілтті көзі шалмағанда ешқандай бәле болмас та еді. Ішке кіріп, мұның шынымен терім екеніне көз жеткізуге деген құштарлық оны басы бүтін баурап алды. Бұдан келіп — кетер қатер жоқ-ты: өйткені сізге әлдебір шаруамен келген бола салудан оның ештеңесі кетпейтін. Мұның шынымен — ақ терім екенін көрген ол елігіп кетті. Бәтеңкесін жазу үстеліне қойды. Ал терезе жанындағы креслоға не қойдыңыз?
— Қолғапты, — деп күңк етті жас жігіт.
— Демек, креслода қолғап жатқан болды. — Холмс Бэннистерге масаттана көз жіберді. -Одан соң ол бірінші парақты алды да, үстелшеде көшіріп жаза бастады. Біріншісін тәмамдаған соң екіншісіне кірісті. Сізді терезеден көрініп тұрған қақпа арқылы келер деп ойлаған. Ал сіз, мистер Сомс, бүйірдегі кішкене есік арқылы келдіңіз. Тұтқиылдан, тұп-тура табалдырықтың ар жағынан аяқ дыбысыңыз естілді. Қолғапты ұмыт қалдырған студент бәтеңкесін жұлып алды да, жатын бөлмеге қарай зытты. Байқап тұрсыз ба, үстелдегі тілік мына арадан онша көрінбейді, ал жатын бөлме жақтан бірден көзге түседі. Бүл бәтеңкені осы бағытта тартып қалғандықтан айыпкердің жатын бөлмеге барып жасырынғанының айқын белгісі. Бір бұдырдың айналасына жабысқан шөкім балшық үстел үстінде қалды да, екіншісі жатын бөлмедегі еденге түсті. Бұған қосарым, бүгін таңертең секіруге жаттығатын спорт алаңына бардым; оның маңайы қара балшық екен. Өзіммен бірге балшықтың бір шөкімін және ағаштың ұсақ сарғыш үгіндісін ала кеттім -спортшы секірген кезде тайғанақтамауы үшін жерге осындай үгінді себіледі. Оқиға осылай, өзім айтып отырғандай түрде өрістеді ме, мистер Гилкрист?
Бұл кезде студент тіктеліп отырған.
Иә, сэр, тап солай, — деді ол.
— Апырай, сіздің бұған алып қосар ештеңеңіз жоқ па? — деп дауыстап жіберді Сомс.
— Бар ғой, сэр, бірақ әлі есімді жия алар емеспін, мынадай масқара түрде әшкерелену жаныма қатты батып тұр. Бүгін түні бойы кірпік ілмей шықтым, сосын таң атар алдында, мистер Сомс, сізге хат жаздым. Әшкере болғанымды білгенге дейін. Ол хат мынау, сэр: «Мен емтихан тапсырмауды ұйғардым. Жуырда маған Родезия армиясына офицер боп баруға ұсыныс түскен, таяу күндерде Оңтүстік Африкаға аттанбақпын».
— Осыншалықты арсыз әрекеттің жемісін пайдаланудан бас тартқаныңызға қатты қуаныштымын, — деді Сомс. — Бірақ сізді мұндай шешім қабылдауға мәжбүр еткен не?
Гилкрист Бэннистерді нұсқады.
— Мені тура жолға түсірген осы кісі.
— Бермен қараңызшы, Бэннистер, — деді Холмс. — Бұл айтылғандардан мына жас жігітті бөлмеден шығарып жіберуге тікелей қатысыңыз бары белгілі боп түр, өйткені мистер Сомс сізді жалғыз қалдырды ғой, ал кетерде сіз есікті құлыптап кетуге тиіс болатынсыз. Терезе арқылы қашып шығу, көріп тұрғаныңыздай, мүмкін емес. Ендеше бұл хикаяның жұмбағы шешілмеген соңғы парағы жайында айтып берсеңіз және ондай әрекетке барғаныңыздың себебін түсіндірсеңіз қайтер еді?
— Егер астарында не жатқанын білсеңіз мұнда, әрине, түсінбейтін дәнеңе жоқ, — деді Бэннистер. — Бірақ, болжалдау қиын, тіпті сіздің пайым парасатыңыз да дәрменсіз. Кезінде, сэр, мен сэр Джейбс Гилкристте, мына жас джентльменнің әкесінде аға малай боп қызмет еткем. Сэр Гилкрист бар дәулетінен айырылған соң, мен осында, колледжге келдім, бірақ ескі қожайынымды ұмытқам жоқ, өйткені сол кезде ол үлкен тауқыметке тап болған еді. Өткен күндер сағынтып, баласына қолымнан келгенінше қызмет көрсетіп бақтым. Айтайын дегенім, сэр, мистер Сомс кеше дабыл қаққанда мен кабинетке кіргем; қарасам, креслода мистер Гилкристтің сарғыш қолғабы жатыр екен. Оны бірден таныдым да, бәрін түсіне қойдым. Тек мұны мистер Сомс көріп қалмаса екен — онда іс насырға шабады ғой деп дегбірім қалмады. Әлім кетіп, діңкем құрып креслоға қонжия кеттім де, мистер Сомс сізге аттанғанша, орнымнан тырп етпедім. Осы кезде жатын бөлмеден жас қожайыным шығып, айыбын мойнына алып аһ ұрды, — оны сәби кезінен білем ғой, алдыма алып әлдилеген бала ғой, — оған қалай қол ұшын бермейін енді! Марқұм әкесі оған не айтар болса мен де бұған соны айттым да, мұндай қылықтың түбі жақсылыққа апармайтынын түсіндіріп, шығарып жібердім. Бұл үшін мені кінәлауға бола ма, сэр?
— Әрине, болмайды, — деп шын жүректен қоштады оны Холмс, креслодан көтеріле беріп. -Сөйтіп, Сомс, құпия ашылды, ал бізді үйде таңертеңгі дәм күтіп түр. Жүріңіз, Ватсон. Родезияда мақтанарлық мансапқа жететініңізге сенгім келеді, сэр. Бір рет сүріндіңіз. Бірақ болашағыңыз кір шалмас таза болғай.