Әңгіме: Артур Конан | Дойл Көгілдір жақұт
— Қолыңыз бос емес пе? Бөгет жасаған жоқпын ба? — дедім.
— О не дегеніңіз, — деді ол — Қайсыбір ізденістерімнің нәтижесін бірлесе талқылауға болатын досымның барына сондай қуаныштымын. Бұл ауыз толтырып айтуға тұрмайтын іс, бірақ таңданарлық әрі тағылым аларлық бірқатар оқиға мынаған, — ол саусағымен қалпақты нұсқады, — тығыз байланысты боп тұр.
Мен креслоға жайғасып, сытырлап жанып жатқан каминге қолымды жылыта бастадым. Аяз күшіне мініп тұрған; терезе әйнегіне қалың мұз қатып, түрлі-түрлі өрнек салып тастаған-ды.
Күйкілеу көрінетін бүл қалпақтың, шамасы, әлденендей бір қанды оқиғаға қатысы болғаны ғой, — дедім мен. — Сірә, бүл жан түршігерлік құпияның жұмбағын шешуге себепкер болатын шығар, соның арқасында сізге қылмыскерді әшкерелеп, сазайын тарттырудың сәті түсер.
Жоға, — деп күліп жіберді Шерлок Холмс, — бұл істе қылмысқа қатысты әңгіме жоқ, бірнеше шаршы мильдей ғaнa аумақта төрт миллион адам иін тіресіп тұрып жатқан жерде күн сайын дерлік кездесіп қалатын болмашы күлкілі эпизод қана. Осынау орасан зор адам омартасында уақиғалар мен фактілер алуан түрде қиыса береді, болымсыз болғанымен, жұмбақ та түсініксіз оқиғалар ондап, жүздеп туындап жатады, алайда бәрін бірдей қылмыс деп бағалау қиын. Мұндай жағдаяттар бізге талай мәрте жолықты ғой.
— Жолыққанда қандай! — деп дауыстап жібердім. — Жазбаларымды толықтырған соңғы алты эпизодтың үшеуінде ешқандай заңсыздық жоқ.
— Дәл солай. Ирен Адлердің фотосуреттерін іздеп табуға байланысты әрекетімді, мисс Мэри Сазерлендтің басынан өткен оқиғаны және жырық ерінге қатысты хикаяны айтып отырсыз ғой. Мына істің де тап сондай әншейін бір нәрсе боп шығары кәміл. Шабарман Питерсонды білетін бе едіңіз?
— Иә.
— Мына олжаның қожасы сол.
— Бұл соның қалпағы ма?
— Жоға, ол мұны тауып алыпты. Кімдікі екені белгісіз. Бұған ескі-құсқы бірдеңе ретінде қарамай, бойында айтуға тұрарлықтай құпия жасырынып жатқан дүние ретінде қарауыңызды сұраймын… Алайда, әуелі оның мұнда қалай тап болғаны турасында айтып берейін. Бұл мұнда керемет семіз қазбен бірге Рождествоның алғашқы күні пайда болды, әлгі қаз қазір Питерсонның ас үйінде қуырылып та жатқан шығар. Оқиға былай болған. Рождество күні, таңғы сағат төртте, Питерсон, өзіңіз жақсы білетіндей, ол адал да ізгі ниетті азамат қой, той-томалақтан шығып, Тоттенхем-Корт-роуд көшесімен үйіне қайтып келе жатады. Газбен жанатын фонарьдың жарығынан аппақ қардай қазды иығына салып алған әлдебір ұзын тұра адамның қарсы алдында шатқаяқтай басып кетіп бара жатқанын көреді. Гудж-стриттің бұрышында оған бұзақылар тиіседі. Біреуі қалпағын ұшырып түсіреді, ал әлгі бейтаныс қорғанам деп құлашын сермегенде қолындағы таяғы арт жағындағы дүкеннің витринасына барып тиеді. Питерсон оған болыспаққа ұмтылады, бірақ әйнекті сындырып алған анау өзіне қарай жүгіріп келе жатқан адамнан зәре-құты қалмай қорқып, қазды тастай сап тұра қашады да, Тоттенхем-Корт-роудтың сыртындағы шағын тұйық көшелер шытырманына сіңіп жоқ болады. Питерсонның үстінде формасы бар еді, қашқынның зәре-құтын алған нәрсе бәрінен бұрын сол болса керек. Бұзақылар да жан-жаққа бытырай қашып жоғалады. Сөйтіп, майдан алаңында жалғыз қалған шабарман мына мыж-мыж қалпақ пен рождестволық ғаламат қаздың қожайыны боп шыға келеді…
— Питерсон, әрине, қазды иесіне қайтарған да шығар?
Әңгіме сонда боп тұр ғой, қымбатты достым. Рас,қаздың сол жақ аяғына байланған кәртішкеде: «Миссис Генри Бейкерге» деген жазу бар, ал қалпақтың астарынан кісі есімінің «Г.Б.» деген алғашқы әріптерін ажыратуға болады. Лондонда бірнеше мың Бейкер мен бірнеше жүз Генри Бейкер тұрады, сондықтан жоғалған меншікті соның біреуіне апарып табыс ету оңай шаруа емес.
Питерсон не істеген сонда?
Түкке тұрғысыз дейтін жұмбақтың өзін де шешуден бас тартпайтынымды білетін ол қазды да, қалпақты да маған әкеп тастады. Қазға бүгін таңертеңге дейін тиіскен көк едік, бірақ енді аяз қаншалықты қатты болғанымен оны бұдан артық сақтай алмайтынымыз, ең жақсысы оны қолма-қол жеп қою екені белгілі болды. Питерсон қазды алып кетті, сөйтіп қазыңыз тағдыр әу баста маңдайына жазған іске жаратылды, ал менде рождестволық кешкі асынан айрылған бейтаныстың қалпағы қалды.
— Ол газетке хабарландыру берген жоқ па?
— Жоқ.
— Мұның кім екенін қалай анықтайсыз?
— Тек ой кешу арқылы ғана.
— Осы қалпаққа қарап отырып ой кешу арқылы ма?
— Әлбетте.
— Қалжыңды қойнаңызшы! Мына жұлым-жұлым ескі киіз қандай ой туындатуы мүмкін?
— Міне, үлкейткіш шыны. Менің тәсілімді қолданып көріңіз. Қалпақтың қожайыны боп табылатын адам жайында не айта алар едіңіз?
Көнетоз қалпақты қолыма алып, асты-үстіне селсоқ көз жүгірттім. Ешқандай ерекшелігі жоқ, дөңгелек, қатқыл, әбден тозған қара қалпақ. Бір замандағы қызыл түсті жібек астары қазір оңып кеткен. Фабрика қоятын таңбаны таба алмадым, бірақ, Холмс айтқандай, ішкі бетіндегі бір бүйірінен «Г. Б.» деген әріптер көрінеді. Жиегінде қалпақты ұстап тұратын резеңкеге арналған ілмек барын байқадым, бірақ резеңкенің өзі жоқ еді. Жалпы алғанда, бүл мыж-тыжы шыққан, әбден кірлеген, дақ басқан қалпақ болатын. Айта кетерлігі, дақтарды сиямен бояп тастауға әрекет жасалғаны байқалатын.
— Дым ештеңе көріп тұрған жоқпын бұдан, — дедім қалпақты Шерлок Холмсқа қайтарып беріп жатып.
— Жоға, Ватсон, көріп тұрсыз, бірақ көріп тұрған нәрсеңіз жайында ой кешуге ерінесіз. Логикалық тұжырым жасаудан жалтарасыз.
— Ендеше, өзіңіз қандай тұжырымға келдіңіз, соны айтыңызшы.
Холмс қалпақты қолына алып, бір өзіне ғана тән сұңғыла назармен оны зер салып қарай бастады.
— Әрине, бәрі түп-түгел айқын деуге бола қоймас, — деп құлаққағыс етті ол, — бірақ кей нәрсе жайында көзбен көргендей дәл айтып беруге болады, ал кей нәрсе турасында көңілге қонымды ықтималдық тұрғысынан жорамал жасау керек. Қалпақ иесінің өте ақылды адам екендігіне, үш жыл бұрын көп ақшасы болғандығына, ал қазір қайғы шегіп жүргендігіне ешқандай күмән жоқ. Ол тыңғылықты адам болатын, ертеңгі күнге қам жасайтын, бірақ біртіндеп азғындыққа бет ала бастаған, тұрмысы күйзеліске ұшыраған, осы ретте біз оның әлденендей бір жаман әдетке, — бәлкім, бүл маскүнемдік шығар, -салынып кетуі де мүмкін деп жорамалдауға қақымыз бар. Осының салдарынан әйелі де одан теріс айналған…
— Қадірменді Холмс…
— Алайда жеке басының қадір-қасиетін әлі күнге дейін белгілі бір дәрежеде сақтап келеді, -деп сөзін жалғай түсті Холмс менің оқыс үн қатқаныма еш көңіл аудармай. — Ол дәйім үйде отырады, көшеге сирек шығады, спортпен мүлдем айналыспайды. Бүл орта жастағы адам, шашы ақ бурыл, оны иіс маймен майлап қояды және жақында шаш қидырған. Бүған қоса, үйінде газбен жанатын шамның жоқтығына да сенімім кәміл
— Қалжыңдап отырсыз-ау, Холмс.
— Әсте олай емес. Бәрін түгел айтып бердім ғой, мұны қалай білгенімді сонда да түсінбегеніңіз бе?
Мені есі кем біреу деп есептей беруіңізге болады, алайда шынымды айтуға тиіспін, ой ағымыңызға ілесіп аларлық шамам жоқ. Мысалға, оның ақылды екенін қалай болжап білдіңіз?
Жауап орнына Холмс қалпақты басына қондыра салды. Қалпақ маңдайын түгел жауып, мұрнына барып тірелді.
— Көрдіңіз бе, қандай екенін! — деді о л — Мынадай үлкен бас сүйектің бос қау ақ болуы мүмкін бе!
— Ал оның кедейленіп кеткенін қайдан білдіңіз?
— Бұл үш жыл бұрын сатып алынған қалпақ. Ол кезде шеті жоғары қайырылған, тегіс жиек сән саналатын. Жоғары сапалы қалпақ. Мына жібек лентаға, көрікті астарға көз салыңыз. Егер бұдан үш жыл бұрын ол кісінің осындай керемет қымбат қалпақ аларлық жағдайы болса, ал одан бері басқасын сатып алмаса, онда бұл оның шаруасы шалқайғанын аңғартады.
— Жарайды, бұл айтқандарыңызбен келісуге болар. Бірақ тыңғылықты адам екенін, ал қазір қайғы шегіп жүргенін қалай ғана білдіңіз?
— Тыңғылықты екендігінің куәсі — міне, мынау, — деді ол қалпақ резеңкесінің ілмегін нұсқап. — Резеңкені қалпақпен бірге сатпайды, оны өз алдына бөлек сатып алу керек. Егер бүл адам резеңке алған болса және оны қалпаққа бекіттірген болса, демек, қалпағын жел ұшырып кетпеуіне қам жасаған.
Алайда резеңкесі жұлынып қалғанда орнына жаңасын салмаған, бұл оның өз түр-әлпетін қадағалауды қойғанын, азғындай бастағанын білдіреді. Солай бола тұрғанымен, екінші жағынан, қалпағындағы дақтарды сиямен бояп тастауға тырысқан, яғни жеке басының қадір-қасиетін сақтау жайын біржола ұмыт қылмаған.
— Мұның бәрі шындыққа жанасымды-ақ.
— Қалпақ астарының төменгі жағына зейін сала қарағанда оның орта жастағы адам екенін, шашы бурыл тартқанын, жақында шаш қидырғанын, шашын иіс маймен сылайтынын бірден байқауға болады. Астарға жабысып тұрған, шаштараз қайшысымен мұқият түрде қиылған және иіс май аңқитын шаш үлкейткіш шыныдан көрініп тұр. Байқадыңыз ба, қалпаққа қонған шаң — көшенің сұрғылт, қатқыл шаңы емес, үй ішінің қоңырқай, мамық шаңы. Демек, қалпақ көп уақыт үйде ілулі тұратын болған. Ал ішкі жағындағы дымқыл тарқандықтың белгісі иесінің тез терлейтінін көрсетеді, себебі көп қимылдауға дағдыланбаған.
— Ал, әйелінің одан теріс айналғанын қалай білдіңіз?
— Қалпақтың тазартылмағанына әлденеше апта болған. Қымбатты Ватсон, егер қалпағыңыздың құрығанда бір апта тазартылмағанын және соны киіп көшеге шыққаныңызды көрсем, онда зайыбыңыздың ықыласынан айрылғансыз-ау деп қауіптенген болар ем.
— Бәлкім, ол бойдақ шығар?
— Жоқ, ол қазды үйіне әдейі әйелінің көңілін табу үшін алып бара жатқан болатын. Құстың аяғына байланған кәртішкені еске алыңыз.
— Қандай сұраққа да жауабыңыз дайын тұрады, әйтеуір. Ал оның үйінде газ жоғын қайдан білесіз?
— Қалпақтағы бірер тамшы майдан қалған дақ — кездейсоқтық. Бірақ мұндай дақтың бесеуден кем еместігін көріп тұрмын, сондықтан оның май шамды жиі пайдаланатына ешқандай күмән келтіре алмаймын, — бәлкім, ол түнде бір қолына қалпағын, екінші қолына еріп кеткен май шамын ұстап баспалдақпен жоғары көтерілетін шығар. Қалай болған күнде де, әйтеуір газдан май дағы қалмайды… Келісесіз бе осыған?
Иә, қисыны келіп-ақ түр, — дедім күліп. — Бірақ, өзіңіз .ол қандай, бүл оқиғада ешқандай қылмыс жоқ қой. Қазды жоғалтқан адамнан басқа ешкім зардап шеккен жоқ, демек, босқа бас қатырған болдыңыз.
Шерлок Холмстың жауап қайтаруға оқталғаны сол еді, дәл осы кірпік қағымда есік тұтқиылдан шалқасынан ашылып, бөлмеге Питерсон кіріп келді; қатты толқығаннан беті нарттай боп кетіпті.
— Қазды айтам, қазды, мистер Холмс! — деп айқайлап жіберді ол ентіге дем алып.
— Ал, иә? Не болды оған? Жан бітіп, ас үйдің терезесінен ұшып кетті ме? — Питерсонның алаураған әлпетіне назар салу үшін кушеткада отырған Холмс алға қарай еңсерілді.
— Қараңызшы, сэр! Бөтекесінен әйелімнің не тауып алғанын көріңізші!
Питерсон қолын созды, сол сәт оның алақанынан жарқырай сәуле шашқан, бұршақтан сәл кішілеу, көгілдір тасты көрдік. Тастың тазалығы сонша, қарауытқан алақанда құдды электр ұшқыны тәрізді жалтылдап түр еді.
Холмс ысқырып жіберді де, кушеткаға отыра кетті.
— Құдай ақы, Питерсон, сіз қазына таптыңыз! Мұның ие екенін білесіз бе өзіңіз?
— Алмас қой, сэр! Асыл тас! Әйнекті май тілгендей тіледі!
— Жай ғана асыл тас емес бұл, бұл деген…
— Апырай, шынымен-ақ графиня Моркардың көгілдір жақұты ма бұл? — деп айқайлап жібердім мен.
— Taп соның өзі! Тасты сипаттамасы бойынша танып тұрмын, оның жоғалып кеткені жайындағы құлақтандыруды «Таймнан» соңғы кезде күн сайын кездестіріп жүрмін. Бүл жаратылысы алабөтен ерекше тас, шын бағасы қанша екенін құдай біледі. Тауып берген адамға ұсынылған мың фунт сыйлық өз құнының жиырмадан бір бөлегін ғана құрауы мүмкін.
— Мың фунт дей ме! О, жасаған!
Шабарман бізге бақырая қараған күйі креслоға сылқ етіп отыра кетті.
— Сыйлық бергені дұрыс қой, — деді Холмс, — бірақ менің ойымша, кейбір жағдаяттарды ескерер болсақ, бүл тасты өзіне қайтару үшін графиня бүкіл дәулетінің тең жартысын беруге де бар секілді.
— Қателеспесем, бүл тас «Космополиттен» қонақ үйінде қолды болған еді ғой, — деп құлаққағыс еттім мен.
— Дұрыс айтасыз, жиырма екінші желтоқсан күні, тура бес күн бұрын. Тасты ұрлағаны жөнінде дәнекерші Джон Хорнерге айып тағылды. Айғақтардың анықтығы сонша, іс сотқа жіберілді. Бұл турасында менде газет есебі бар сияқты еді.
Шерлок Холмс газеттерді ұзақ қопарыстырды, ақыры біреуін алып қыртысын жазды да, екіге бүктеп, төмендегіні оқып берді:
«»КОСМОПОЛИТЕН» ҚОНАҚ ҮЙІНДЕ АСЫЛ ТАСТЫҢ ҚОЛДЫ БОЛУЫ»
Джон Моркар, 26 жаста, дәнекерші, осы айдың 22-і күні қобдишадан графиня Моркардың «Көгілдір жақұт» деген атаумен мәлім асыл тасын ұрлағаны жөнінде айыпталып отыр. Джеймс Райдер, қонақ үйдің қызметшісі, ұрлық жасалған күні Хорнердің графиня Моркар бөлмесіндегі камин тор көзінің босап қалған шыбығын дәнекерлегеніне куәлік етті. Райдер бөлмеде Хорнермен аз ғана уақыт бірге болған, сосын оны бір жаққа шақырып кеткен. Қайтып оралған ол Хорнердің зым-зия жоғалғанын, бюроның қиратылғанын, кішкене сақтиян футлярдың, — кейін белгілі болғанындай, графиня асыл тасты соған салып қояды екен, туалет үстелшесінде бос жатқанын көреді. Райдер дереу бәрін полицияға мәлім етеді, сөйтіп сол күні кешкісін Хорнер тұтқынға алынады, бірақ тас оның қалтасынан да, үйінен де табылмайды. Кэтрин Кьюсек, графиняның күтушісі, Райдердің аһ ұрған айқайын естіп бөлмеге жүгіріп келгенін, бос жатқан футлярды өзінің де көргенін айтып берді. «Б» округіндегі полиция инспекторы Бродстрит Хорнердің тұтқындалған кезде жан ұшыра қарсылық көрсеткенін, кінәсі жоқтығын барынша дәлелдеп баққанын хабарлады. Тұтқынның ұрлық жасағаны үшін бұрын да бір рет сотталғаны мәлім болғаннан кейін сот тергеу жүргізуден бас тартып, істі қазылар алқасы өткізетін сотқа табыстады. Мейлінше қатты толқып, тынышсызданып отырғаны байқалған Хорнер талып қалды да, оны сот залынан көтеріп әкетуге тура келді».
— һім! Полициялық соттың бізге берер мәліметі осындай ғана, — деді газетті былай қойған Холмс ойлы жүзбен. — Ендігі біздің міндетіміз — тастың графиня футлярынан қаздың бөтекесіне қалай тап болғанын анықтау. Қарапайым ой-толғамымыздың оншалықты мән-мағынасыз боп шықпағанын көріп тұрсыз ба, Ватсон. Сөйтіп, міне, тас. Бұл тас қаздың ішінде болды, ал қаз мистер Генри Бейкердің қолында болды, анау әлгі өзіңізге сырттай сипаттап беруге тырысып, ішіңізді әбден пыстырып жіберген кісіні, көнетоз қалпақтың иесін айтам. Несі бар, енді бізге бұл джентльменді іздестірумен шындап шұғылдану керек болады, сөйтіп осынау құпияға толы хикаяда оның қандай рөл атқарғанын анықтауға тиіспіз. Әуелі ең қарабайыр тәсілді қолданамыз: кешкілік шығатын газеттердің бәріне хабарландыру жариялаймыз. Егер мұндай жолмен мақсатымызға жете алмасақ, басқа әдістерге көшеміз.
— Хабарландыруға не деп жазбақсыз?
— Маған қарындаш пен бір жапырақ қағаз беріңізші. «Гудж-стриттің бұрышынан қаз бен қара киіз қалпақ табылды. Мистер Генри Бейкердің бұларды бүгін кешкі сағат 6.30-да Бейкер-стрит, 2216-шы үйден келіп алуына болады». Қысқа да нұсқа.
— Расында да. Бірақ, бүл хабарландыру оның көзіне шалына қояр ма екен?
— Әлбетте. Қазір ол газет атаулының бірін қалдырмай шолып жүр: жоқ-жұқа адам емес пе, рождестволық қаз ол үшін айтып-жеткізгісіз байлық. Қираған әйнектің сыңғырын естіп, жүгіріп келе жатқан Питерсонды көріп есі шығып қорыққаны сонша, ештеңе жайында ойламастан тұра қашқан болатын. Бірақ, кейін, әрине, үрейі ұшып қазды лақтырып тастап кеткеніне өкінгені анық. Газетте оның есімін атаймыз, таныстары көрсе бүл жарияланым жайында оған қолма-қол жеткізері кәміл… Сонымен, Питерсон, хабарландыру бюросына жүгіріңіз, мынаны кешкілік газеттерге басатын болсын.
— Қай газеттерге, сэр?
— «Глоб», «Стар», «Пэлл-Мэлл», «Сент-Джеймс газет», «Ивнинг ньюс стандард», «Жаңғырық» — ойыңызға оралған барлық газетке.
— Құп болады, сэр! Ал тасты қайтеміз?
— Айтқандай, ұмытып барады екем! Тасты әзірше өзімде қалдыра тұрам. Рақмет сізге! Ал қайтар жолыңызда, Питерсон, к.іі’1 сатып алыңыз да, оны маған әкеп беріңіз. Өйткені бұл джентльменге қазіргі кезде отбасыңыз ауқаттанып жатқан қаздың орнына басқасын беруге тиіспіз ғой.
Шабарман шығып кетті, ал Холмс тасты алып, оны жарыққа тосып қарай бастады.
Кереметтей көркем тас! — деді ол — Қалай жарқырап, ұшқын атып тұрғанын көрмеймісіз. Басқа асыл тастар секілді бұл да қылмыскерлерді өзіне магниттей тартады. Құдды шайтанның құрған тұзағы дерлік. Ежелден мәлім үлкен тастардың әр қыры әлденендей бір зұлымдық жайында айтып бере алады. Бүл тасқа әлі жиырма жыл да болған жоқ. Мұны Оңтүстік Қытайдағы Амой өзені жағасынан тауып алған және бүл бойына жақұттың барлық қасиетін жинақтаған, бір ғана ерекшелігі: бүл қызыл-күрең емес, көгілдір. Жастығына қарамастан қазірдің өзінде бұған қатысты көптеген жан шошырлық оқиға орын алып үлгерді. Қырық грамм кристаллдық көміртегіне бола көп адам тонауға ұшырады, біреуді күкірт қышқылымен күйдірді, екі рет адам өлтіру, бір рет өзін-өзі өлтіру оқиғасы болды. Мынадай әдемі әшекей бұйым адамдарды абақты мен дар ағашына жетелейді деп кім ойлаған. Тасты өртенбейтін шкафыма салып тастаймын да, оның бізде екенін айтып графиняға хат жазам.
— Қалай ойлайсыз, Хорнер кінәлі ме?
— Білмеймін.
— Ал Генри Бейкердің бұл іске араласы бар ма?
— Шамасы, Генри Бейкердің бұған қатысы жоқ шығар. Меніңше, таза алтыннан құйылған күннің өзінде де қолындағы қаздың мына тастан әлдеқайда арзанға түсетіні оның қаперіне кіріп те шықпаса керек. Генри Бейкер хабарландыруымызға үн қатса, көп ұзамай бәрі белгілі болады.
— Oған дейін ешқандай әрекет жасамайсыз ба?
— Ешқандай.
— Ондай жағдайда науқастарыма жолығып шығайын, кешкісін осында қайтып келермін. Мына шытырман оқиғаның қалай аяқталғанын білгім келеді.
— Келіңіз. Түскі асты сағат жетіде ішем. Түскі асқа шіл беріледі ғой деймін. Айтпақшы, таяудағы оқиғаларға байланысты миссис Хадсонға оның бөтекесін мұқият тексеріп шығу жайында құлаққағыс ету қажет болар ма екен?..
Мен кішкене кешіктім, Бейкер-стритке қайтып оралғанымда сағат жеті жарымнан асып бара жатыр еді. Холмстың үйіне жақындап келгенімде есіктің жоғарғы жағындағы терезеден төгілген жарық аясында басына шотланд телпегін киген, сюртугін иегіне дейін түймеленіп алған бір еркектің тұрғанын көрдім. Мен келіп жеткен кезде есік те ашылды, сөйтіп Шерлок Холмсқа екеуміз бір мезгілде кірдік.
— Қателеспесем, мистер Генри Бейкер боларсыз? — деді креслодан көтерілген Холмс қонақты бейқам да жайдары кейіппен қарсы алып, — мұндай кейіпке енуге ол өте шебер еді. — Рақым етіп, отқа жақынырақ отырыңыз, мистер Бейкер. Бүгін кешкісін күн қатты суытып кетті, меніңше, сіз өзіңізді қыстан гөрі жазда жақсырақ сезінетін секілдісіз… Ватсон, уақытылы келіп үлгердіңіз… Мынау сіздің қалпағыңыз ба, мистер Бейкер?
— Иә, сэр, менің қалпағым.
Бейкер қазанбастау, кесек денелі, бойы еңкіш тартқан, жалпақтау беті жылы шырайлы және сарғылтым шоқша сақалды адам еді. Мұрны мен жақтарындағы қызғылтым дақтар, созған қолының азды-кем дірілдейтіні оның жаман ғадеттері турасындағы Холмс айтқан жорамалды айғақтап тұрған. Үстінде түгел түймеленген, түсі оңып кеткен сюртугі бар-тын, ал жеңдерінен көрініс беріп тұрған арықтау білегінен манжет байқалмайтын. Әр сөзін асықпай ойланып, қамығыңқы үнмен үздік-создық сөйлейтін ол тағдырдан теперішті көп көрген зиялы адам секілді әсер қалдыратын.
Қалпағыңыз бен қазыңыздың бізде сақтаулы тұрғанына бірнеше күн болды, — деді Холмс. — Жоғалған нәрселеріңіз жайында газетке хабарландыру береді ғой деп күткем. Неге олай етпегеніңізді түсіне алмадым.
Қонағымыз ыңғайсыздана езу тартты.
— Бағзы бір кездегідей көп шиллинг жоқ менде, — деді ол. — Өзіме тиіскен бұзақылардың қалпақты да, құсты да алып кеткеніне сенімді болатынмын, сондықтан ақшаны босқа шашқым келмеді.
— Оныңыз орынды. Айтқандайын, қазыңызды жеп қоюымызға тура келді.
— Жеп қоюға дейсіз бе? — Қонағымыз қатты абыржып, орындығынан ұшып тұрды.
— Иә. Өйткені, ол бәрібір бұзылып кететін еді, — деп сөзін жалғай түсті Холмс. — Бірақ, меніңше, буфетте тұрған, бүгін ғана сойылған және салмағы да дәл сондай өте бір құс қазыңызды айырбастай алады ғой деймін.
— Әрине, әрине, о не дегеніңіз! — деді көңілі орнына түскен мистер Бейкер.
— Рас, бізде құсыңыздың қауырсыны, сирақтары мен бөтекесі қалып түр, егер қажет қылсаңыз…
Бейкер шын көңілден қарқылдап күліп жіберді.
— Әшейін тек бастан кешкен хикаям жайында естелік болсын демесем, — деді ол — Шынын айтқанда, марқұм болған ескі танысымның қалдығы қандай әжетіме жарайтынын білмей отырмын. Жоға, сэр, рұқсат етсеңіз, мен тек буфеттен өзім көріп отырған әне бір керемет семіз қазды ғана қанағат тұтқым келеді.
Шерлок Холмс маған қарап миығынан күліп алды да, иығын болар-болмас қомдап қойды.
— Сөйтіп, міне қалпағыңыз бен қазыңыз, — деді ол — Айтпақшы, ана қазды қай жерден алғаныңызды айтып бермес пе екенсіз? Құстардың жайынан азды-кем хабарым бар, алайда анандай ғаламат семіз қазды сирек кездестіресің.
— Айтайын, сэр, — деді орнынан тұрып жаңа қазды қолтығына қысып алған Бейкер. — Біз шағын компания боп Британия музейі жанындағы «Альфа» трактиріне барып тұрамыз; біз, түсінемісіз, күні бойы музейде боламыз. Трактир қожайыны Уиндигейт, ол өзі бір асыл адам, биыл «қаздар клубын» ашты. Әрқайсымыз аптасына бірнеше пенстен төлеп тұрамыз да, Рождество кезінде бір-бір қаздан аламыз. Мен борышымды толық өтеген едім, ал қалғаны өзіңізге жақсы мәлім. Сізге дән ризамын, сэр, — өйткені менің жасымдағы басалқалы адамға шотланд телпегін киіп жүру деген өте ыңғайсыз нәрсе ғой.
Ол бізге көңілі масайраған адамның кейпінде маңыздана бас иді де, шығып кетті.
— Генри Бейкермен әңгіме тәмәм, — деді Холмс, есікті жауып жатып. — Асыл тас мәселесі оның үш ұйықтаса түсіне кірмегені көрініп түр. Қарыныңыз ашты ма, Ватсон?
— Онша емес.
— Ендеше, түскі асты кешкі асқа айналдырсақ, сөйтіп қазір дереу із кесуге аттансақ деген ұсыныс айтқым келіп түр.
— Мен дайын.
Кешкісін аяз қатайып кеткен-ді, осы себепті мойнымызға бөкебай орап алуға тура келді. Бұлтсыз ашық аспандағы жұлдыздар жабырқау жылтырайды, ал жүргіншілердің тыныс алуынан тараған бу атылған пистолеттен ұшқан түтіннен аумайды. Аяқ дыбысымыз көшелерде аппақ әрі жаңғырығып естіліп тұрды. Біз Уимпол-стритпен, Харли-стритпен жүріп, Уигмор-стритті кесіп өттік, сосын Оксфорд-стритке шықтық, сөйтіп ширек сағаттан кейін Блумсбериде, «Альфа» трактирінің, — Холборнға қарай бастайтын бір көшенің бұрышындағы қарабайыр ішімхананың жанында тұрдық. Холмс барға кіріп, ақшылтым алжапқыш байлаған, беті нарттай қызыл трактиршіге екі саптыаяқ сыраға тапсырыс берді.
— Сыраңыздың сапасы жақсы шығар деп шамалаймын, қаздарыңыздан кем түсе қоймайтын болар, — деді Холмс.
— Менің қаздарымнан ба? — Трактирші аңырып қалғандай көрінді.
— Иә. Жарты сағат бұрын мистер Генри Бейкермен, өзіңіз ашқан «қаздар клубының» мүшесімен сұхбаттасқам.
— Ә, түсіндім. Бірақ, турасын айтайын, сэр, ол қаздар менікі емес.
— Солай ма еді? Сонда кімдікі?
— Ковент-Гардендегі бір саудагерден екі дюжина қаз сатып алғам.
— Міне, ғажап! Ондағылардың бірсыпырасын білуші ем. Кімнен сатып алдыңыз?
— Оның есімі Брекинридж.
— Жоқ, Брекинриджді танымайды екем. Ал сіздің денсаулығыңыз үшін, трактиріңіздің саудасы қыза беруі үшін, қожайын! Қайырлы түн!
— Енді мистер Брекинриджге аттанамыз, — деді аязды далаға шығып, пальтосының түймесін салып жатқан Холмс. — Есіңізден екі елі шығармаңыз, Ватсон, жорамал жібіміздің бір ұшында бар болғаны бір бейшара қаз тұрса, екінші ұшына адам байланған, егер жазықсыз екенін дәлелдеп бермесек, ол жеті жылға қаторгаға айдалады. Кім біледі, бәлкім, ізденістеріміз нақ соның өзі айыпты екенін айқындап бере, қайткен күнде де қолымызда полициядан жылыстап кеткен, кездейсоқ түрде өзімізге тап болған дәйек бар. Қаншалықты қайғылы түрде аяқталмасын мейлі, ақырына дейін барайық. Сөйтіп, енді оңтүстікке қарай бет бұрайық та, тартып кетейік!
Біз Холборнды кесіп өттік, Энделл-стритпен жүріп отырып, әлдебір қиқы-жиқы ескі үйлердің арасымен Ковент-Гарден базарына жеттік.
Ондағы ең үлкен дүкендердің бірінде: «Брекинридж» деген жазу бар екен. Дүкен иесі, жақсы етіп қойылған жақсақалы бар, ат жақты адам, балаға терезе қақпағын жабуға жәрдемдесіп жатыр екен.
— Қайырлы кеш! Қызылшұнақ аяз деген осы-ay, ә? — деді Холмс.
Досыма сұрақты көзбен қарап қалған саудагер басын изеді.
— Қаздар, шамасы, сатылып кеткен-ау? — деп сөзін жалғай түсті Холмс бос жатқан мәрмәр сөрені нұсқап.
— Керек болса, ертең таңертең бес жүзін алыңыз.
— Ертең маған қаздың қажеті аз.
— Анау шам жанып тұрған дүкенде бірдеңе қалды-ау деймін.
— Солай ма? Бірақ маған өзіңізден ал деген.
— Кім?
— «Альфаның» қожайыны.
— Ә, сол ма. Оған екі дюжинасын жібергем.
— Қаздар сондай семіз екен! Бұларды қайдан алып жүрсіз?
Бұл сұраққа саудагердің шат-шәлекейі шығып ашуланғанын көріп таңырқап қалдым.
— Сізге не керек өзі, мистер? — деді басын қақшитып алған ол екі қолымен бүйірін таянып. -Турасын айтыңызшы.
Мен барынша тура сөйлеп тұрмын. «Альфаға» жіберілген қаздарды сізге кім сатқанын білгім келеді.
— Айтпаймын, неғыласыз.
— Айтпасаңыз — айтпай-ақ қойыңыз. Одан бірдеңе кеміп кетер деймісіз. Жоқтан өзгеге күйіп-піскеніңіз не?
Қалай күйіп — піспейін? Осылай мазаңды ала берсе менің орнымда өзіңіз де күйіп-пісерсіз. Мен жақсы тауар алам да, оған жақсы ақша төлеймін, бір қарағанда, осымен .ініме де тәмәм болуға тиіс еді. Жоқ, олай емес екен: «Қаздар қайда?», «Қаздарды кімнен сатып алдыңыз?», «Қаздарды кімге саттыңыз?» дейді келіп. Осыншама шу шыққанын естіп тұрғанда дүниеде осы қаздардан асқан ғанибет ештеңе жоқтай көрінеді!
— Сізден әр нәрсені сұрастырып мазаңызды алатындарда шаруам қанша, — деді Холмс немқұрайды түрде. — Айтқыңыз келмесе — айтпай-ақ қойыңыз. Бірақ мен құстың жайынан хабарым бар адам едім, өзім етін жеген қазды деревняда асыраған деп бес фунт стерлингке бәс тіккем.
— Ендеше, құрыды фунттарыңыз! Қалалық қаз ғой ол! — деп салды саудагер.
— Мүмкін емес.
— Айтып тұрмын ғой, қалалық деп!
— Сенбеймін дедім, сенбеймін!
— Бұл істе менен көбірек білем деп ойлайсыз ба? Бүл іспен тәй-тәй басқан кезімнен бастап айналысып келем ғой. Қайталап айтам, «Альфаға» сатылған қаздың барлығы да қалада асыралған.
— Қанша айтсаңыз да, бәрібір, сендіре алмайсыз.
— Бәс тіккіңіз келе ме?
Бұл ақшаңызды тегіннен-тегін алумен пара-пар болар еді. Ол пікірімнің дұрыстығына шүбәм жоқ. Бірақ қалтамда бір соверен бар, енді қайтып бұлай қасарыспауыңыз үшін соны бәске тігуге дайынмын.
Саудагер миығынан мырс етті.
— Дәптерлерді алып келші, Билл, — деді ол
Бала бірі жұқалтаң, екіншісі қалың әрі әбден кірлеп кеткен екі дәптер әкеліп, сөреге, шам жарығы астына қойды.
— Ал, мистер Даукес, — деді саудагер, — бүгін қаздардың бәрін түгел сатып болдым ғой дегем, бірақ, олла-біллә, Құдай дүкеніме тағы біреуін әкеп берді. Мына дәптерді көріп тұрсыз ба?
— Көрсем ше?
— Бұл өзіме тауар сататындардың тізімі. Көрдіңіз бе? Мына жерде, мына бетте, деревнядан келетіндердің есімі жазылған, ал әрбір әулет есімінен кейін тұрған цифрлар екі арадағы есеп-қисап жайы баяндалған гроссбухтың бетін көрсетеді. Ал мына қызыл сиямен толтырылған бетті көріп тұрсыз ба? Бүл маған қаладан тауар әкелетіндердің тізімі. Үшінші әулет есіміне көз жіберіңіз. Дауыстап оқыңыз.
— «Миссис Окшотт, Брикстон-роуд, жүз он жеті, екі жүз қырық тоғызыншы бет», — деп оқып берді Холмс.
— Тап солай. Енді гроссбухтың екі жүз қырық тоғызыншы бетін ашыңыз.
Холмс айтылған бетті ашты:
— «Миссис Окшотт, Брикстон-роуд, жүз он жеті — құс пен жұмыртқа жеткізуші».
— Ал соңғы жазбада не делінген?
— «Желтоқсан, жиырма екісі. Жиырма торт қаз, жеті шиллинг алты пенстен».
— Дұрыс. Мұны еске сақтап қойыңыз. Ал төменде ше?
«Мистер Уиндигейтке, «Альфа», сатылды, он екі шилингптен».
Ал енді не айтасыз бұған?
Шерлок Холмстың ұнжырғасы түсіп кеткендей көрінді. Қалтасынан соверенді алып сөреге тастай салды да, қатты күйінген адамның кейпінде жалт бұрылып, үн-түнсіз шыға жөнелді. Алайда бірнеше адым жүрген соң, фонарьдың астына тоқтай қалып, өзінің ешкімге ұқсамайтын шат көңілді әрі дыбыссыз күлкісімен мәз бола күлді.
— Анадай жақ сақалы болса және төс қалтасына анадай қызыл орамал салып жүрсе, ол адамнан бәс тігу арқылы ме қаласаң соны біліп алуға болады, — деді ол — Бәстесу арқасында білген мына секілді егжей-тегжейлі мәліметті одан жүз фунтқа да сатып ала алмайтыным кәміл еді. Сонымен, Ватсон, көздеген мақсатымыздан қол созымдай ғана жерде тұрмыз. Әлгі миссис Окшотқа тап қазір аттанамыз ба әлде бүл сапарымызды ертең таңертеңге қалдырамыз ба — бізге осы жөнінде бір шешімге келу ғана қалып тұр. Жаңағы можантопайдың аузынан шығып кеткен сөзге қарағанда, бұл іске тағы біреулер әуестік білдіріп жүрген сияқты, сол себепті мен…
Әлгінде ғана өзіміз болған дүкен жақтан аяқ асты шыққан айқай-ұйқай Холмсқа сөзін аяқтауға мүмкіндік бермеді. Бұрылып, шайқалақтап тұрған шамның сарғылтым жарығынан әлдебір аласа бойлы, беті нарттай қызыл адамды көрдік. Дүкеннің есігінде тұрған Брекинридж оның тұмсығына жұдырығын тақап-тақап қояды.
— Өздерің де құрыңдар, қаздарың да құрысын! — деп бажылдап жатыр Брекинридж. -Көрінбеңдер көзіме! Егер қайтадан келіп, жоқтан өзгені сұрағыштайтын болсаңыз, шынжырдағы төбетті босатам да жіберем. Миссис Окшотты осында алып келіңіз, жауабын соның өзіне ғана берем. Сіздің бұған катысыңыз қанша? Сатып алғаным сіздің қазыңыз ба еді?
Жоға, бірақ соның біреуі менікі болатын, — деп дыбдырлады әлгі адам.
— Ендеше, оны миссис Окшоттан барып сұраңыз!
— Ол маған сізден барып сұра деді.
— Пруссия королінен сұрасаңыз да еркіңіз! Басымды қатырмаңыз! Кетіңіз бұл жерден! -Ашу қысқан саудагер тұра ұмтылды да, әлгі тапал қараңғылық қойнына сіңіп ғайып болды.
— Еһе, енді бізге Брикстон-роудқа барудың қажеті жоқ секілді, — деп сыбыр етті Холмс. -Жүріңіз, жаңағы сүмелектің бізге пайдасы тиер ме екен, байқап көрейік.
Жарыққа шомылған дүкеншелер төңірегінде тентіреп жүрген қағылған-соғылғандар арасымен сығылысып өткен досым тапалды жылдам қуып жетіп, иығына қолын қойды. Анау шошына жалт бұрылды, газбен жанатын фонарьдың жарығынан өңі қуқыл тартып сала бергенін көрдім.
— Сіз кімсіз? Не керек сізге? — деп сұрады ол дауысы дірілдеп.
— Кешіріңіз, — деді Холмс бәсең дауыспен, — әлгі саудагерден не нәрсе жайында сұрастырғаныңызды кездейсоқ құлағым шалып еді. Өзіңізге көмегім тиер деген ойдамын.
— Сіздің бе? Сіз кімсіз? Маған не керегін қайдан білесіз?
— Менің аты-жөнім — Шерлок Холмс. Мамандығым — басқалар білмейтін нәрсені білу.
— Маған не керегін сіз ешқашан біле алмайсыз.
— Кешірім өтінем, бірақ мен бәрін білем. Сіз Брикстон- роудта тұратын миссис Окшоттың саудагер Брекинриджге сатқан қаздары кімнің қолына түскенін анықтағыңыз келеді. Саудагер қаздарды «Альфаның» қожайыны мистер
Vимдигейтке сатқан еді, ол әлгі қаздарды Генри Бейкер мүше боп табылатын «қаздар клубына» берген болатын.
Сэр, маған керек адам тап өзіңіз екенсіз ғой! — деп айқайлап жіберді тапал, діріл қаққан қолын ұсынып. — Бұл өзім үшін қандай маңызды мәлімет екенін айтып жеткізе алмай тұрмын!
Шерлок Холмс өтіп бара жатқан арбакешті тоқтатты.
Ондай жағдайда мынадай желемік базар алаңынан гөрі жанға жайлы бөлмеде отырып сөйлескеніміз жөн шығар, — деді ол — Алайда, жолға шықпас бұрын, рақым етіп, қолдан келерлік көмегімді кімге көрсеткелі тұрғанымды айтыңызшы?
Тапал қас-қағым сәтке қобалжу білдірді.
— Менің аты-жөнім — Джон Робинсон, — деді ол тура қараудан тайсақтап.
— Жоға, маған шын атыңыз керек, — деді Холмс мейірім голы әуезбен. — Өзінің шын аты-жөні бойынша әрекет ететін адаммен шүйіркелесу әлдеқайда ұнамды.
Бейтаныстың қуқыл тартқан өңіне қан жүгірді.
— Ондай жағдайда, — деді ол, — менің аты-жөнім — Джеймс Райдер.
— Өзім де солай деп ойлағам. Сіз «Космополитен» қонақ үйінде жұмыс істейсіз ғой. Рақым етіп, күймеге отырыңыз, көп ұзамай сізге білгіңіз келетін нәрсенің бәрін айтып берем.
Тапалтақ орнынан қозғалар болмады. Біресе Холмсқа, біресе маған үмітпен және үреймен жалтақтап қарағыштай берді: өзін бәле тосып тұр ма әлде бақыт күтіп тұр ма, соны біле алмай дағдарып қалған еді. Ақыры ол күймеге мінді де, жарты сағаттан кейін біз Бейкер-стриттегі қонақ бөлмеде отырдық.
Жол бойы ешкім жақ ашқан жоқ. Бірақ серігіміздің тынысы жиілеп, жұдырығын біресе жазып, біресе сығымдай түсіп отырған түрінен жүйкесі қалай ширығып кеткенін аңғару қиын емес-ті.
Сөйтіп, үйге де келдік! — деді Холмс көңілдене. — Мынадай аязда лаулап жанып жатқан каминнен асқан не бар! Тоңып қалдыңыз-ау деймін, мистер Райдер. Рақым етіп, мына талдан тоқылған креслоға жайғасыңыз. Аяғыма шабатамды киіп алайын, сосын дереу сіздің шаруаңызбен шұғылданамыз. Міне, киіп те алдым! Сөйтіп, әлгі қаздарға не болғанын білгіңіз келе ме?
— Иә, сэр.
— Дәлірек айтқанда, өзіңізге мәлім сол қазға не болғанын білмекпісіз? Меніңше, сізге керегі қаздардың тек біреуі ғана — құйрығында қара жолағы бар ақ қаз ғой…
Райдер шамадан тыс толқып, тыпыршып кетті.
— Оу, сэр! — деп айқайлап жіберді ол — Сол қаздың қайда екенін айтпас па екенсіз?
— Ол осында болған.
— Осында деймісіз?
— Иә, ол шынымен-ақ ғажайып қаз боп шықты. Сіздің бұл қазға ерекше көңіл бөлуіңіз де тегін емес екен. Дүние салғаннан кейін ол бір жұмыртқа туды — керемет көркем, жарқыраған көгілдір жұмыртқа. Ол мұнда, менің коллекциямда.
Қонағымыз орнынан тәлтіректей тұрып, оң қолымен каминнің сөресінен ұстай алды. Холмс өртенбейтін шкафты ашып, ішінен жұлдыз сияқты жарқырап, сан құбылған сәуле шашып көзді арбап тұрған көгілдір жақұтты алып шықты. Райдердің түрі бұзылып, тасты беруін талап етуді не одан бас тартуды білмей дал боп тұрып қалды.
— Ойыныңыз осылды, Райдер, — деді Шерлок Холмс сабырлы үнмен. — Тәлтіректемей дұрыс тұрыңыз, әйтпесе отқа құлап кетесіз. Отыруына көмектесіңізші, Ватсон.
Алаяқтық жасаудың айла-амалын әлі меңгермепті. Бір күтім бренди беріңізші оған. Міне, солай! Сиқы енді ғана дұрыстала бастады. Мұндай да бейшара адам болады екен.
Райдер буынынан әл кетіп, әрең тіктеліп тұрған, бірақ ішімдіктен жүзі алабұртып сала берді де, әшкерелеуші адамына үрейлене жалтақтаған күйі креслоға тізе бүкті.
Мен бәрін түгел дерлік білем, барлық айғақ түгел дерлік қолымда, бұған алып-қосарыңыз көп бола қоймас. Сөйте тұрғанымен, бүл істе түсініксіз ештеңе болмасы үшін өзіңіз бастан-аяқ баяндап беріңіз. Графиня Моркардың көгілдір жақұты барын қайдан білдіңіз? Соны айтыңызшы, Райдер.
— Оны маған Кэтрин Кьюсек айтты, — деп жауап қатты анаy дауысы дірілдеп.
— Білем, мәртебелі ханымның күтушісі ғой. Оңай жолмен байлыққа белшеден бата қоюға деген құштарлық алды-арғыңызға қаратпады ғой, солай ма? Мұндай жағдай қадір-қасиеті сізден әлдеқайда жоғары адамдардың да басында болған. Сонан соң мақсатыңызға жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасадыңыз. Менің ойымша, сіз, Райдер, нағыз ардан безген адамға айналарыңыз анық. Ана дәнекерші Хорнердің бұрын бір рет ұрлық жасап ұсталғанын, күдік бірден соған ауатынын сіз жақсы білдіңіз. Одан кейін не істедіңіз? Сыбайласыңыз Кьюсекпен бірге графиня бөлмесіндегі камин торының шыбығын сындырып қойдыңыз да, оны жөндеуге тек сол Хорнерді жібертудің қамын жасадыңыз. Хорнер кеткеннен кейін футлярдан тасты алып, дабыл қақтыңыз, сөйтіп ана сормаңдай тұтқынға алынды. Бұдан соң…
Осы сәт Райдер күтпеген жерден кілемге сырғып түсті де, досымды аяғынан құшақтай алды.
— Құдай үшін, аяушылық етіңізші маған! Ең болмаса, әкем мен шешемді аяңызшы! Ажалына жетеді ғой бүл олардың! Бұрын ешқашан ұрлық жасаған жоқ едім, ешқашан! Енді қайталанбайды бүл, ант етем сізге! Тауратты ұстап тұрып ант етейін! Өтінем сізден, бұл істі сотқа тапсырмаңызшы! Христос үшін, сотқа тапсырмаңызшы!
— Отырыңыз орныңызға, — деді Холмс қатқыл дауыспен. Қазір тізеңізбен жорғалауға дайынсыз. Ал бейшара Хорнерді жазықсыздан-жазықсыз абақтыға аттандырған кезде не ойладыңыз?
— Мен қашып кетем, мистер Холмс! Англиядан кетем, сэр! Сонда оған тағылған кінә да жайына қалады…
— һім! Бұл жөнінде әлі сөйлесеміз. Ал әзірше ұрлық жасалғаннан кейін қандай жайлар болғанын тыңдайық. Асыл тас қалайша қаздың бөтекесіне, ал қаз қалайша базарға тап болды? Шындықты айтыңыз, өйткені сіз үшін бәледен құтылудың жалғыз ғана жолы -шындық.
Райдер құрғап кеткен ернін жалап алды.
— Ештеңе жасырмай бәрін түгел айтып берем, — деді ол Хорнерді тұтқынға алғаннан кейін, полицияның өзімді және бөлмемді тінтуге ойы кетіп жүрер деп, тасты бір жерге апарып қоюды ұйғардым. Қонақ үйде тасты жасыратын қолайлы орын жоқ еді. Қызмет бабына байланысты кеткен боп шықтым да, апайымның үйіне қарай бет алдым. Ол Окшотт дейтін біреуде тұрмыста болатын, Брикетом роудта тұратын, базарға шығару үшін үй құсын семіртумен айналысатын. Жолшыбай кезіккендердің бәрі маған полицей немесе тыңшы секілді көрінді, сүйектен өтетін суық жел соғып тұрғанына қарамастан маңдайымнан тер шүмектеп ақты. Апайым: жүзің неге қуқыл тартып кеткен, бір бәлеге ұшыраған жоқсың ба, деп бәйек болды. Қонақ үйімізде асыл тастан жасалған әшекей ұрланды, соны уайымдап тұрмын дедім. Сосын артқы аулаға шықтым да, қорқорымды тартып, не істеу керегін ойластыра бастадым.
Модели есімді танысым бар еді, тура жолдан тайып, таяуда ғана Пентонвиль түрмесінде жазасын өтеп шыққан. Екеуміз жолығысып, ашық-жарқын әңгімелескенбіз, сөз жұмысында ол ұрланған заттарды ұрылардың қалай өткізетіні алмас айтып берген. Мені ұстап бермейтініне сенімді себебі кейбір күнәсін білетінмін, сондықтан тура Килбернде тұратын соған барып, құпияма салыстыруды ұйғардым. Ол маған мына тасты қалай ақшаға айналдырудың жолын көрсете алатын. Бірақ оған қайтіп аман-сау жетуге болады? Қонақ үйден келе жатқан жолдағы азабымды еске алдым. Полицейлердің мені кез-келген сәтте тұтқындап, тінтіп, жилетінің қалтасында жатқан тасты тауып алуы әбден мүмкін еді. Жарға сүйеніп, п.и і .шымда ырғала басып жүрген қаздарға бей-жай көз тігіп тұрғам, әлемдегі ең айлакер тыңшының өзін қалай айдап соғуға болатыны жайындағы ойдың табан астында басыма сап ете қалғаны…
Бұдан бірнеше апта бұрын апайым маған Рождествоға ең семіз қазды сыйға тартатынын айтқан және ол айтқан сөзінде тұра да білетін. Сол қазды дәл қазір алуды, тасты қаздың ұшасы арқылы әкетуді ұйғардым. Аулада әлдебір сарай тұрған, құйрығында қара жолағы бар нән семіз ақ қазды соның сырт жағына қарай қақпайладым. Сосын оны ұстап алып, тұмсығын ашып, тасты жұтқыншағына мүмкін болғанынша тереңірек сұғып жібердім. Қаз жұтып салды, мен тастың бөтекеге қалай өткенін сыртынан қолыммен сезіп тұрдым. Бірақ қаз тыпырлап, қанатын сілкумен болған, соны естіген апайым келіп, не болғанын сұрады. Жауап қайтармаққа бұрыла бергенімде әлгі оңбаған қаз қолымнан сытылып шықты да, үйіріне қосылып кетті.
«Құсқа неге тиістің, Джеймс?» деп сұрады апайым.
«Маған Рождествоға бір қазды сыйлауға уәде етіп ең ғой, қайсысы семіздеу екенін байқап көрмек болғам».
«Оу, біз саған беретін қазымызды тандап та қойдық қой, — деді ол — Оны өзіміз «Джеймстің қазы» атандырып жүрміз. Әне бір үлкен ақ қаз. Барлығы жиырма алты қаз, біреуі саған, біреуі өзімізге, қалғаны базарға сатуға апарылмақ».
«Рақмет, Мэгги, — дедім мен. — Бірақ егер өзіңе бәрібір болса, онда маған жаңағы ұстап алған қазымды берші».
«Сенің қазың одан үш фунттай ауыр, біз оны арнайы семірткенбіз».
«Ештеңе етпес, жаңағы қазға көңілім қатты ауып түр, берсең қазір ала кетер едім».
«Өзің біл, — деді ренжіп қалған апайым. — Қайсысын алғың келеді сонда?»
«Әне бір құйрығында қара жолағы бар ақ қазды… Әне, үйірдің ортасында жүр».
«Жарайды, бауыздап ала ғой».
Мен тап солай істедім, мистер Холмс, сосын құсты Килбернге алып бардым. Танысыма бәрін түгел айтып бердім — ол өзі сондай, қысылып-қымтырылмай ашық сөйлесуге болатын адам. Ол ішегі түйілгенше қарқылдап күлді дейсің, сосын пышақты алып қазды союға кірістік. Сөлекет қателік кеткенін, тастың жоқтығын көргенде есімнен танып қала жаздадым. Қазды тастай салып, апайыма қарай тұра жүгірдім. Артқы аулаға ұшып кірсем — қаздар зым-зия жоқ.
«Қаздар қайда, Мэгги?» дедім айқайлап.
«Саудагерге жөнелттім».
«Қай саудагерге?»
«Ковент-Гардендегі Брекинриджге».
«Қаздардың арасында өзім әкеткеннен аумайтын, құйрығында қара жолағы бар тағы біреуі болды ма?» деп сұрадым.
«Иә, Джеймс, болған. Құйрығында жолағы бар құс екеу еді ғой, мен оларды кілең шатастырып ала беретінмін».
Сол арада бәрін түсіндім де, әлгі Брекинридж дейтінге қарай шаба жөнелдім. Ол қаздарды сатып та үлгеріпті, бірақ кімге сатқанын айтқысы келмеді. Менімен қалай-қалай сөйлескенін өздеріңіз де естідіңіздер ғой. Апайым мені жынданып кетті деген ойда қалды. Кей-кейде мен де ішімді ақылымнан алжасқандай сезінем. Сөйтіп, енді… өмірімді өксіткен сол байлыққа жақын жай алмасам да, қазір ұжданнан жұрдай ұры атанып отырмын. Жасаған ием, жәрдемдесе гөр маған! Жәрдемдесе гөр, Жасаған ием! — Ол алақанымен бетін басып, өкіріп жылай бастады.
Сосын ұзаққа созылған үнсіздік орнады, тек Райдердің ауыр-ауыр күрсінісі мен досымның саусағымен үстелді бірқалыпты тықылдатқан дыбыс қана естіліп тұрды. Кенет Шерлок Холмс орнынан ұшып тұрды да, есікті айқара ашты.
— Жоғалыңыз! — деді ол
— Не дедіңіз? Сэр, құдай жарылқасын сізді!
— Ештеңе де айтпаңыз! Жоғалыңыз бүл арадан!
Қайталаудың қажеті болмады. Баспалдақтан асыға
басқан аяқ дыбысының тасыр-тұсыры, төменнен есіктің тарс етіп жабылғаны, ал көшеден тапырақтай басқан аяқтың дүрсілі естілді.
— Түптеп келгенде, Ватсон, — деді қыштан жасалған қорқорына қарай ұмсына түскен Холмс, — мен полициямыздың қателігін жөндеу мақсатында жұмыс істеп жүрген жоқпын ғой. Егер Хорнердің басына қатер төніп тұрса, онда әңгіме басқа. Енді Райдер оны кінәлап — құстаналамайтын болады, сөйтіп оған тағылған айып та жайына қалады. Бәлкім, мен алаяқты қорғаштап отырған да шығармын, есесіне оның жан дүниесінің тазаруына септестім. Бұл жігіттің басында мұндай нәрсе енді қайталанбайды — зәре-құты қалмай қорыққаны көрініп тұр. Егер мұны абақтыға апарып қамасаңыз, ол одан өмір бойы қол үзбейтін болады. Оның үстіне қазір мереке күндері ғой, күнәні кешірген лазым. Кездейсоқ оқиға бізді оғаш та өте қызық жұмбаққа жолықтырды, оны шешудің өзі бізге тәп-тәуір сыйлық. Егер рақым етіп қоңырау соқсаңыз, дереу басқа бір «зерттеумен» шұғылданар едік және оған да құстың қатысы бар боп шығар еді: өйткені, бізге түскі асқа шіл берілмекші ғой.