Әңгіме: Артур Конан Дойл | Интернатта болған жағдаят
Бейкер-стриттегі қарапайым сахнамыздан не қилы шиеленісті эпизодтар көрініс берген еді, алайда онда өнер магистрі, философия докторы, т.б. және т.т. атақ иегері Торникрофт Хакстейбл алғаш пайда болған кездегідей мүлдем тосын әрі таңғаларлық нәрсені әлі ешқашан жолықтырған емен.
Ғылыми дәрежелердің осындай ұзақ тізбесі үшін тым — тым бәлекей көрінетін визит кәртішкесі одан бірнеше секунд бұрын ғана кірді; кәртішкенің ізін ала оның өзі де, бұл ұстамдылық пен табандылықтың айғақ нышанындай ұзын бойлы, денелі, маңғаз адам еді, — бой көрсетті. Сөйтіп, ішке кірген бойда — ақ екі қолымен үстелге тіренді де, ақырын-ақырын еденге шөге бастады, сосын есінен танып құлап, каминіміздің алдына жайылған аю терісінің үстіне еңгезердей денесімен ұзынынан түсіп сұлап жатты.
Орнымыздан атып тұрып, өзімізге әлдебір алыс қиырда, шетсіз де шексіз өмір теңізінде тұрған сұрапыл күшті дауыл жеткізіп берген, күйреу мен қираудың осынау қомақты кесегіне бір минуттай үнсіз таңырқай қарап қалдық. Одан соң Холмс жедел қимылдап басының астына көпшік салды, ал мен аузына бір рөмке коньяк тостым. Бейтаныстың қуқыл тартқан толық бетін терең әжім торлапты; ісініп кеткен көздерінің астына көкшілтім түсті кіреуке қоныпты; жартылай ашық қалған аузының езулері ерепейсіз салыңқы тартып кеткен; бұғағынан қылшықтар қылаңдайды. Шамасы, ол жырақтан келсе керек, себебі жағалығы мен көйлегі кірлеп кетіпті, көптен таралмаған шашы жазық та әсем маңдайына тұтам — тұтам боп қонақтаған. Біздің алдымызда әлденендей бір үлкен қасіретке душар болған адам жатыр еді.
— Бұған не болған, Ватсон? — деп сұрады Холмс.
— Әл-дәрменнен айрылған… сірә, аштық пен арып — талудың салдарынан болар, — деп жауап қаттым, тамырынан өмір ағымы әзер-әзер сезілетін білегіне саусағымды басып тұрған мен.
— Мэклтонға қайтатын билет. Ол Англияның солтүстігінде ғой, — деді оның сағат қалтасынан темір жол билетін суырып алған Холмс. — Қазір әлі он екі болған жоқ. Тым ерте шығуына тура келген екен!
Қонағымыздың ісіңкі қабағы дір етті де, қоңырқай көзі бізге меңірейе қарап қалды. Ұяттан қып-қызыл боп кеткен ол сәлден соң орнынан тұрды.
— Айыпқа бұйырмаңыз, мистер Холмс. Жүйкем әбден ширыққандықтан талып кеттім. Жоқ, рақмет сізге. Бір үзім кептірілген нан мен бір стақан сүт жетеді — бәрі ойдағыдай болады. Мистер Холмс, мұнда сізді өзіммен бірге ала кетейін деп келдім. Бүл істі кейінге қалдыруға болмайтынын ешқандай телеграмма сізге түсіндіріп бере алмайтындай көрінді маған.
— Өзіңіз біржола сауығып кетіңіз, сосын…
— Қазір толық қалпыма келдім. Не болғанын білмей тұрмын өзіме. Мистер Холмс, ең алғашқы пойызбен Мэклтонға аттануыңызды өтінем сізден.
Холмс басын шайқады:
— Шаруа көп, қолымыз бос емес, бұған әріптесім дәрігер Ватсон да куәлік ете алады. Ферьер құжаттарының жоғалуына байланысты тергеу жүргізу үшін аванс алып қойғам, оған қоса жақында Абергавеннидегі кісі өлімі жайындағы іс тыңдалмақшы. Айрықша маңызды бір нәрсе болмаса Лондонды тастап шыға алмаймын.
— Маңызды болғанда қандай! — Қонағымыз қолын көкке жайды. — Апырай, герцог Холдернестің жалғыз ұлын ұрлап кеткендері жайында қалайша ештеңе естімегенсіз?
— Герцог Холдернестің дейсіз бе? Бұрынғы министрдің бе?
— Иә, иә, тап соның! Бүл турасында газеттерде ештеңе жарияланбауы үшін барымызды салғанбыз, бірақ кешегі «Глобуста» әрқилы өсек-аяң жарық көріп те үлгеріпті. Бұдан өзіңіз де хабардар боп қалған шығарсыз деген болжамым дұрысқа шықты.
Холмс ұзын да тарамыстау қолын созып, сөреден энциклопедиялық анықтамалықтың «X» әрпіне арналған томын алды.
— «Холдернесс, алтыншы герцог, Байлауыш орденінің иегері, Құпия кеңестің мүшесі…» және тағы басқа, осылай жалғасып кете барады. «Боверли бароны, Карлтон графы…» Апырай, неғылған көп атақ десеңші! «Хэллемшир графтығындағы соттың төрағасы (1900 жылдан). Сэр Чарльз Эпплдордың қызы Эдитке үйленген (1888). Жалғыз ұлы және мұрагері — лорд Солтайр. Екі жүз елу мың акр жердің қожайыны. Ланкашир мен Уэльсте кеніштері бар. Адресі: Карлтон-хаустеррас; Холдернес-холл, Хэллемшир; Карлтон қамал-сарайы, Бангор, Уэльс. Адмиралтейство лорды, министр…» Бір сөзбен айтқанда белгілі адам, бәлкім, тіпті еліміздегі ең белгілі адамдардың бірі шығар.
— Ең белгілі, оған қоса, ең бай адамдардың бірі болуы мүмкін. Білуімше, мистер Холмс, өз салаңызда сіз қаражаяу біреу емессіз және қашанда қандай іске болсын сол істің жұмбағын шешу мақсатында кірісесіз. Алайда, айыпқа бұйырмасаңыз айтайын, баласын тауып берген адамға мәртебелі мырза бес мың фунтқа чек беруге, сондай-ақ, қарақшының немесе қарақшылардың кім екенін айтса, әлгіге қосымша тағы да мың фунт беруге уәде етті.
— Айтары жоқ, мол сыйлық! — деді Холмс. — Ватсон, абзалы, екеуміздің доктор Хакстейблмен бірге Англияның солтүстігіне аттанғанымыз жөн шығар. Ал сіз, доктор, сүт ішіп алыңыз, сосын бізге не болғанын, қашан болғанын, қай жерде болғанын, сондай-ақ, Мэклтон маңындағы интернаттың директоры доктор Торникрофт Хакстейблдің бүл іске қандай қатысы барын және неліктен оның оқиға өткеннен кейін үш күннен соң ғана, -мұны сақалы қырылмаған иегіңізге қарап айтып отырмын, — азын-аулақ қабілетіме сенім білдіріп маған келіп тұрғанын айтып беріңіз.
Қонағымыз кептірілген нанмен бір стақан сүт ішіп алды да, қызбалана сөйлеп, болған жайды ештеңесін қалыс қалдырмай егжей-тегжейлі түрде баяндай бастады. Көз жанары жанданып, жүзі шырайланып сала берді.
— Сіздерге айтып қойғаным артық болмас, джентльмендер, мен Мэкльтон маңындағы мектеп-интернаттың негізін қалаушы әрі директоры боп табылам. Хакстейблдің «Горацийге түсініктемесі», бәлкім, кім екенімді естеріңізге салар. Ер балаларға арналған интернатымның Англиядағы ең тәуір және ең жоғары дәрежелі оқу орны екенінде дау жоқ. Лорд Леверстоук, граф Блэкуотер, сэр Кэткарт Сомс — міне, осындай адамдар маған ұлдарын сеніп тапсырып отыр. Алайда атақ-даңқының шырқау шегіне мектебім бұдан үш апта бұрын жетті — сол күні лорд Холдернесс өз хатшысы Джеймс Уайлдер арқылы он жасар лорд Солтайрдың, жалғыз ұлы әрі мұрагерінің, менің мектебімде оқитынын хабарлаған еді. Басы осылай жақсы басталған іс ұзамай-ақ өмірімдегі ең үлкен бақытсыздыққа айналады деп сол кезде ойлап па едім!
Лорд Солтайр бірінші мамырда, жазғы семестрдің басында келді. Осынау сүйкімді бала күнделікті өмір тәртібімізге тез көндігіп кетті. Ескертіп қойғаным жөн шығар, — бұл үшін мені ешкім әдепсізсің деп айыптай қоймас, өйткені бүл жөнінде айтпай кетудің еш қисыны жоқ, — бала өз үйінде жарым көңіл жүрген болатын. Герцогтың отбасылық өмірі аса көңіл толарлықтай еместігі жұрттың бәріне мәлім жай-тұғын, сөйтіп өзара келісім бойынша ерлі-зайыптылар ажырасып, герцогиня Францияның оңтүстігіне барып орын тепкен-ді. Мұның бәріне көп уақыт өте қоймаған, ал баланың перзенттік сезімі, кейін білгеніміздей, толығымен анасының жағында болған. Ол Холдернесс-холлдан аттанып кеткен соң бала анасын сағына бастаған, осыны көрген герцог оны менің интернатыма жіберуді ұйғарыпты. Екі аптадан кейін кішкентай лорд Солтайр бізге әбден бауыр басып кетті, өзін өте жақсы сезініп жүрді.
Соңғы рет жұрт оны он үшінші мамыр күні кешкісін, яғни дүйсенбі күні көріпті. Оған бөлінген бөлме екінші қабатта болатын, ал онымен бір есіктен кіретін үлкен іргелес бөлмеде екі бала жататын. Бұл балалар түнде ештеңе көрмеген, ештеңе естімеген, ендеше лорд Солтайр өз бөлмесінен есік арқылы шықпаған. Терезесі ашық қалыпты, ал бұл жердегі қабырғаны қалың боп өскен, бұтақшалары әжептәуір жуан шырмауық басып кеткен-ді. Жерден ешқандай із таппадық, өйтсе де оның терезе арқылы шыққанына еш күмән жоқ.
Қашқынның мектепте жоқтығын сейсенбі күні, таңғы сағат жетіде білдік. Кереуетіндегі төсек жиналмапты. Кетерінің алдында мектеп формасын — қара түсті итондық күртешесі мен сүр шалбарын киіпті. Түнде оның бөлмесіне ешкім кірмеген, егер ол жақтан айқай-ұйқай немесе алыс — жұлыстың дыбысы шықса оны, Контер, іргелес бөлмедегі балалардың үлкені, әрине, естіген болар еді, өйткені ұйқысы өте сергек.
Лорд Солтайрдың жоғалғаны анықталған бойда — ақ бүкіл интернатты — балаларды, мұғалімдерді, малайларды түгел жинап алдым. Сол арада біз лорд Солтайрдың жалғыз қашпағанына көз жеткіздік. Неміс тілінің мұғалімі Хайдеггер де жоқ боп шықты. Хайдеггердің бөлмесі екінші қабаттың қарама-қарсы қанатында болатын, оның да терезесі көгалға қарайтын. Мұғалімнің де кереуеті жинаусыз қалыпты, алайда оған дұрыстап киінудің, шамасы, реті келмегенге ұқсайды, себебі көйлегі мен үйықтары еденде жатыр екен.
Ол терезеден шыққан, сосын шырмауыққа жармасып темен түскен, мұны жердегі ізі айғақтап түр. Көгал шетінде орналасқан шағын сарайға қойып жүретін велосипеді де орнында жоқ боп шықты.
Хайдеггер мектебіме бұдан екі жыл бұрын келген, қолында жүрекке жылы кепілдемелері болған, бірақ ол көп сөйлемейтін, қабағы ашылмайтын тұйық адам еді, оқушылар да, мұғалімдер де оны онша жақтырмайтын.
Бүгін күн бейсенбі, қашқын жайында сейсенбіден бері ешқандай жаңа дерек ала алмай отырмыз. Әрине, мен салған жерден Холдернесс-холлмен хабарластым. Герцогтың мекен-жайы мектептен бар-жоғы бірнеше миль ғана жерде, үйін сағынған лорд Солтайр әкесіне қайтып оралған шығар деп үміттенгенбіз, бірақ ол онда жоқ боп шықты. Герцог алабөтен абыржып отыр, ал маған келсеңіз, мазасыздық пен шәкірт тағдырына деген жауапкершілік сезімі адамды қандай күйге душар ететініне өздеріңіз куә болдыңыздар. Мистер Холмс, өтінем сізден, аянып қалмаңызшы! Бұл өзі бар ынты — шынтыңызбен кірісуге тұрарлық іс.
Шерлок Холмс сормаңдай директордың әңгімесін мұқият тыңдап алды. Түйіліп кеткен қабақ пен қос қабақтың ортасына жиналған қыртыс — оның бүл іске ешкімді жалындырмай-ақ кірісетінін, оқиғаны тергеп-тексеруге бар күшін аямай жұмсайтынын көрсетіп тұрған, өйткені бүл аса жауапты болуымен қатар, шетін де шытырман жайлардың шешуін табуға деген байырғы ынтызарлығына қозғау салған іс еді. Ол қалтасынан блокнотын алып, есте сақтау мақсатында әлденені жазып қойды.
— Маған сол бойда келмей үлкен қателік жасағансыз, — деп салды досым қатулы жүзбен. -Бүл тергеуді кереметтей қиындатып жібергелі түр. Мәселен, көгал да, қабырғадағы шырмауық та тәжірибелі адамды коп нәрседен хабардар ететініне кәміл сенімдімін.
— Мұнда менің кінәм жоқ, мистер Холмс. Мәртебелі мырза мұның жұртшылыққа жария боп кетпеуіне барын салды. Отбасындағы ырың-жырыңы өсек-аяңға жел бере ме деп қауіптенді. Мұндайды оның суқаны сүймейді.
— Лорд Солтайрдың қашып кету оқиғасына жергілікті өкімет орындары тергеу жүргізді ме?
— Иә, сэр, бірақ, — әттеген-ай десеңші! — бұдан ештеңе өнбеді. Әу баста қашқындардың ізіне түскендей болғанбыз — әлдебір жігіттің таңертеңгі пойызға отырып кеткені, қасында бір бала болғаны жөнінде стансамыздан хабар келген. Алайда кеше кешкісін олар Ливерпульде қолға түсті — мұның қателік екені сол бойда белгілі болды. Міне, осыдан кейін тіптен қатты торығып кеттім, сосын түнімен кірпік ілмей шықтым да, ең алғашқы пойызбен өзіңізге аттандым.
— Полиция бұрыс жолға түскен бойда — ақ, шамасы, оқиға болған жердегі тергеу жұмысы шабандап қалған шығар, солай ма?
— Шынтуайтында, тергеуді тоқтатып тастады.
— Демек, үш күн босқа өткен. Сөйтуге бола ма!
— Иә, айып менен. Дұрыс айтасыз.
— Жалпы, бұл шешуін табуға болатын жұмбақ. Бүл іске қуана-қуана кірісем. Айтыңызшы, ғайып болған бала мен неміс тілі мұғалімінің арасын жақындататын әлденендей бір дәнекер бар ма еді, соны анықтай алдыңыз ба?
— Олардың арасында ондай ештеңе болған емес.
— Мұғалім оның сыныбына сабақ беретін бе еді?
— Жоқ, және, білуімше, ол тіпті баламен бір ауыз тілдесіп те көрмеген.
— Ғажап, ғажап, айтары жоқ! Балада велосипед бар ма еді?
— Жоқ.
— Ал басқа велосипедтер орнында ма?
— Орнында.
— Кәміл сенімдімісіз бұған?
— Зәредей күмәнім жоқ.
— Неміс баланы көтеріп алып тас қараңғы түнде велосипедке отырып кетіп қалды деген ойдан аулақ шығарсыз?
— Әлбетте.
— Ендеше, мұны қалай түсіндірер едіңіз?
— Бәлкім, олар велосипедті көз алдау үшін алған болар, сосын оны бір жерге тығып тастап, өздері жаяу кеткен шығар.
— Мүмкін. Бірақ мұның көз алдаудың қолайсыздау тәсілі екеніне өзіңіз де келісетін шығарсыз. Өйткені, сарайда басқа да велосипедтер тұрды емес пе?
— Иә.
— Егер сізді жаяу кетпей, велосипедпен кеткендері туралы ойға жетелегісі келсе, оған екеуін тығып тастаған тәуір емес пе?
— Солайы солай.
— Міне, көрдіңіз бе. Жоқ, бүл түкке алғысыз теория. Әйтсе де, велосипедтің жоғалып кетуінің өзі тергеуді одан әрі жүргізуге жасалатын алғашқы қадам бола алады. Түптеп келгенде, ол өзі оп-оңай жасырып қоятын немесе жойып жіберетін нәрсе емес. Тағы бір сұрақ: қашып кетерінің алдында балаға біреулер келген жоқ па?
— Жоқ.
— Бәлкім, оның атына хаттар келген шығар?
— Иә, бір хат болған.
— Кімнен?
— Әкесінен.
— Оқушыларыңыз алатын поштаны ашып қарайсыз ба?
— Жоқ.
— Ендеше, хаттың әкесінен келгенін қайдан білдіңіз?
Конверттің сыртында герб бейнеленген болатын, адресі де герцогтың ойқы-шойқы қолтаңбасымен жазылған еді. Оған қоса, баласына хат жазғанын герцогтың өзі де еске алды.
Оған дейін бала басқа хатты қашан алып еді?
Соңғы күндерде оның атына ештеңе келген жоқ.
Ал Франциядан хат болған жоқ па?
— Ешқашан.
— Нені діттеп отырғанымды сіз, әрине, түсінетін шығарсыз деп ойлаймын. Лорд Солтайрды не күш қолдану арқылы алып кеткен, не ол өз еркімен қайтып кеткен. Соңғы жорамалға орай: егер сырттан біреу түртпектемесе, баланың мұндай іске өз бетімен тәуекел ете алмайтыны жайында тұжырым жасауға болады. Оған ешкім келмеген, демек оған хат арқылы түртпек жасалған. Балаға хат жазып хабарласатындардың кім екенін білгім келгенінің мәні, міне, осында.
— Бұл тұрғыда сізге көмек көрсете алмаймын — ау деймін. Бізге белгілісі — оған хат жазған тек әкесі ғана.
— Және әкесінің бүл хаты тап сол бала қашатын күні келіпті. Әкесі мен баласының арақатынасы қандай — олар тату-тәтті, достық қатынаста ма?
— Мәртебелі мырза ешкіммен достық қатынас орнатып әуре болмайды: маңызды мемлекеттік істерден басқаға бұрылуға мұршасы жоқ. Әдеттегі адамгершілік сезімдер одан аулақ жүретін секілді көрінеді. Әйткенмен, оз тұрғысында ұлына жаман қарамайды.
— Сөйтсе де, бала анасын жан-тәнімен жақсы көреді деп ойлайсыз ба?
— Иә.
— Өзі айтты ма мұны?
— Жоқ.
— Кім айтқан? Герцог па?
— О не дегеніңіз! Әрине, ол емес!
— Сонда мұны қайдан білдіңіз?
— Мәртебелі мырзаның хатшысы мистер Джеймс Уайлдермен бір-екі рет тілдескенім бар. Лорд Солтайрдың көңіл күйі турасында маған құпиялап хабар берген сол.
— Түсінікті. Айтпақшы, герцогтың сол хаты баланың бөлмесінен табылды ма?
— Жоқ, хатты өзімен бірге алып кетіпті… Мистер Холмс, бізге вокзалға баратын уақыт болған жоқ па?
— Қазір кэб шақыртам. Ширек сағаттан кейін сіздің құзырыңызда боламыз. Үйіңізге жеделхат салмақ ниетіңіз болса, мистер Хакстейбл, ондағылар іздестіру жұмысы әліге дейін Ливерпульда жүргізіліп жатыр деп ойлай берсін. Жалған жорамал полицияны сол жаққа жетелеп кетті емес пе? Ал бүл кезде мен мектебіңіз есігінің қақ алдында біреу -міреудің бөгетінсіз жұмыс істейтін болам, бәлкім, мына тұрған құлдығыңыз бен Ватсон секілді тіс қаққан екі тыңшыны түйсігі алдай қоймас, оқиға өткен орында бірдеңенің құйрығынан ұстар.
Кешкісін біз Дерби графтығының бой сергітер салқын ауасын жұтып тұрдық, доктор Хакстейблдің атышулы мектебі осы графтықта болатын. Оған келген кезімізде күн қараңғы тартып кеткен. Ауызғы бөлмедегі үстелде визит кәртішкесі жатыр екен. Малай директорға әлдене деп сыбыр етті де, абыржып қалған анау бізге қарай жүзін бұрды.
— Герцог осында, — деді ол — Герцог пен мистер Уайлдер мені кабинетте тосып отыр. Жүріңіздер, джентльмендер, сіздерді оған таныстырайын.
Осынау есімі дүйім елге мәшһүр мемлекеттік қайраткерді мен, әрине, фотосуреттерінен жақсы білетінмін, алайда ол портреттегі кейпіне мүлдем дерлік ұқсамайтын боп шықты. Қарсы алдымызда, камин жанындағы кілемде, жүдеулеу қушық бетті, ерепейсіздеу көрінетін имектеу ұзын мұрынды, керемет сәнді киінген, маңғаз да өркөкірек адам тұр еді. Жүзі ақ қағаздай қуарып кетіпті, өңінің осынша қуқылдығын жалындай жайнаған ұзын жирен сақалы айшықтай түсетіндей; сақалының тұсынан, ақшылтым жилеттен, сағаттың алтын шынжыр бауы жылт — жылт етеді. Бұрынғы министр бізге ызбарлана қарап тұрды. Жанындағы аласа бойлы, қағылез, көгілдір көзді жас жігіт — өзім жобалағандай, оның жеке хатшысы Уайлдер болатын. Алдымен сол сөйледі және бірден барынша екпіндеп әрі тіпті кәрлене сөйледі.
— Доктор Хакстейбл, бүгін таңертең осында болғам, бірақ, өкінішке қарай, кешігіп қалдым, Лондонға сапарыңызды тоқтата алмадым. Айтушылар маған сізді онда мистер Шерлок Холмсты шақырып келу үшін кетті деді, мына істі тергеуді соған тапсырмақ көрінесіз. Өзімен алдын-ала ақылдасып алмай осындай қадамға барғаныңызға мәртебелі мырза қатты таңырқап түр, доктор Хакстейбл.
— Полицияның іздестіруі ешқандай нәтиже бермегенін білген соң…
— Мәртебелі мырзаның бұған көзі әлі жете қойған жоқ.
— Дей тұрғанмен, мистер Уайлдер…
— Доктор Хакстейбл, өзіңізге мәлім, мәртебелі мырза бүл істің көпшілікке жария боп кетпегенін қалайды. Осы себепті бұған басы артық адамды араластыра бермегенді жөн көреді.
— Мұны жөндеу оп-оңай, — деп міңгірледі үрейі ұшқан доктор. — Мистер Шерлок Холмс таңертеңгі пойызбен Лондонға жүріп кете алады.
— Ондай ойдан аулақпын, доктор, ондай ойдан аулақпын, — деді Холмс сыпайы езу тартып. — Солтүстіктің ауасы сондай ұнамды, денсаулыққа сондай пайдалы, сол себепті бірнеше күн осында, жазықтықта, бола тұрайын деп ұйғардым және бұл күндерді барынша қызықты өткізуге тырыспақпын. Сіздің шаңырақтан ба әлде деревнялық мейманханадан ба — қайсысынан маған орын табылатыны, әлбетте, тек өзіңізге ғана байланысты.
Доктор байғұс дал боп тұрып қалды, бірақ сол арада оған жирен сақал герцогтың бейне бір жұртты дүрліктіріп түскі асқа шақырған гонг дыбысындай боп естілген гүрілдеген жуан дауысы жәрдемге келді.
— Мистер Уайлдер дұрыс айтып түр, доктор Хакстейбл, менімен ақылдасып алуыңыз керек еді. Алайда бұл істің жай — жапсарын мистер Холмсқа мәлім етіп қоюыңыз себепті оның көмегінен бас тартқанымыз жөн болмас. Деревня мейманханасына барудың қажеті жоқ, мистер Холмс, сізді өз үйімде, Холдернесс-холлда, қуана-қуана қабылдаймын.
— Шын жүректен ризамын, мәртебелі мырза. Алайда айналыспақ ісіміздің пайдасы үшін, абзалы, менің осында, оқиға орын алған жерде қалғаным дұрыс болар.
— Сізді мәжбүрлей алмаймын, мистер Холмс. Әйткенмен, өзімнен немесе мистер Уайлдерден әлденендей деректер қажет бола қалса, сіздің құзырыңыздамыз.
— Бәлкім, Холдернесс-холлға барып қайтуыма тура келетін де шығар, — деді Холмс. — Ал қазір, сэр, білгім кеп тұрғаны жалғыз-ақ нәрсе — ұлыңыздың жұмбақ жағдайда жоғалып кетуін өзіңіз қалай түсіндіре аласыз?
— Бұл сұрағыңызға қандай жауап қайтарарды білмей тұрмын, сэр.
— Жағымсыздау тақырыпты сөз етпегім үшін кешірім сұраймын, бірақ онсыз болмайды. Қалай ойлайсыз, бүл іске герцогиняның араласы бар ма?
Министр бірден жауап қата қоймады.
— Араласы жоқ, — деді ол ақыры.
Яғни, оқиғаның өзінен-өзі сұранып тұрған тағы бір түсіндірмесі бар: бәлкім, баланы құн төлету үшін ұрлап о кеткен шығар? Ондай талап болған жоқ па?
Жоқ, сэр.
Тағы бір сұрақ, мәртебелі мырза. Жоғалып кететін күні ұлыңызға хат жазғаныңыз мәлім.
— Жоға, хат оның алдында жазылды.
— Дұрыс айтасыз. Бірақ балаңыз хатты тап сол күні алды емес пе?
— Иә.
— Бұл хатта оны алабөтен абыржытатындай немесе қашып кету жайындағы ойға итермелейтіндей бірдеңе болған жоқ па?
— О не дегеніңіз, сэр!..
— Хатты өзіңіз салып жібердіңіз бе?
Герцог үшін хатшысы кіділене жауап қатты:
— Мәртебелі мырзаның хат-хабарды өзі жіберетін әдеті жоқ. Бүл хат басқаларымен бірге кабинеттегі үстелде қалдырылған болатын, кейін мен бәрін поштаға арналған сөмкеге салдым.
— Басқа хаттардың арасында бүл хаттың да болғанына көзіңіз анық жете ме?
— Иә, мен көргем оны.
— Сол күні қанша хат жаздыңыз, мәртебелі мырза?
— Жиырма ма, отыз ба, білмеймін. Хат алысатын адамдарым өте көп. Меніңше, негізгі мәселеден азды-кем ауытқып кеттік пе деймін.
— Жоға, әсте олай емес! — деді Холмс.
— Іздестіру жұмысын Францияның оңтүстігіне қарай бағыттау жөнінде полицияға өзім кеңес бергем, — деп сөзін жалғай түсті герцог. — Қайталап айтам: баласын осындай сөлекет іске итермелеу герцогиняның қолынан келеді деп ойламаймын, бірақ шешесіне өжет баланың өзі қашып кетуі әбден мүмкін, оның үстіне, әлгі неміс азғырып, көмек көрсеткен болса. Ал, енді, доктор Хакстейбл, қоштасуға рұқсат етіңіз.
Холмстың әлі талай сұрағы бар екенін сезіп тұрдым, бірақ герцог әңгімені шорт кесті. Шонжардың ақсүйектік намысы отбасылық істерді бөтен адаммен бірге талқылауға дес бермеген еді; ол, шамасы, әрбір жаңа сұрақ өмірінің мұқият түрде көлеңкелеп қойған бұрыш-бұрышына жарық түсіре ме деп қорықса керек.
Герцог пен мистер Уайлдер кеткеннен кейін досым дағдылы құштарлықпен іске кірісті.
Баланың бөлмесі ықтиятпен тексерілді, бірақ бүл оның терезе арқылы ғана қашып кетуі мүмкін деген жорамалға біржола тоқтауға көмектескені болмаса, басқа ешқандай нәтиже бермеді. Неміс мұғалімнің бөлмесіндегі заттар арасынан да жаңа айғақ табылмады. Терезе астындағы шырмауық оның салмағын көтере алмапты, көгалға қол шамның жарығын түсіргенімізде аяқ киім өкшесінен қалған терең ізді көрдік. Жапырылған шөп қана осынау түсініксіз түнгі оқиғаға куәлік етіп түр еді.
Шерлок Холмс мені жалғыз қалдырып кетіп қалды да, содан тек түнгі сағат он екіге таман келді. Әлдебір жерден осы араның үлкен картасын тауып алыпты, оны менің бөлмемдегі кереуетке әкеп жайып, қақ ортасына шамды орналастырды. Сосын темекісін тұтатып, өзі айрықша назар аударған пункттерді қорқорының түтіндеп тұрған янтарь мүштігімен маған әредік — әредік көрсетіп қойып, қолға түсірген қадірлі дүниесіне зейін сала үңіле бастады.
— Бұл оқиға мені барған сайын баурап барады, Ватсон, — деді досым. — Қызғылықты оқиға, өте қызғылықты… Бірақ қазір, бүл істі енді-енді ғана қолға алған шағымда, жекелеген географиялық детальдарға назарыңызды аударғым келіп түр, өйткені тергеу барысында бұлардың үлкен көмегі тиюі мүмкін. Картаға көз салыңыз. Мына штрихталған шаршы -мектеп. Бұған түйреуіш шаншып қоялық. Мынау тас жол Ол мектептің жанымен шығыстан батысқа қарай тартылып жатыр және бір мильдей жердің ұзына бойында одан оңға қарай да, солға қарай да басқа жол тарамайды. Егер қашқындар осы бағытты таңдаса, онда олар тас жолға соқпай өте алмайды.
— Дұрыс.
— Түрлі жағдайлардың сәтті түрде тоғысуы арқасында біз сол күні түнде жол бойында не болғанын біліп отырмыз. Мына арада, қазір қорқорым тұрған жерде, түнгі сағат он екіден таңғы алтыға дейін полисмен кезекшілік еткен. Көріп тұрғаныңыздай, бүл тас жолдың шығыс бөлігіндегі алғашқы жол айырығы. Полисмен өз постынан бір минут былай жырақтамаған, егер сол маңайдан өтсе ересек адам мен баланы міндетті түрде байқаған болар едім, дегенді айтады. Бүгін кешкісін онымен сөйлестім, меніңше, оның сөзіне сенуге әбден болады. Демек, олар тас жолдың бүл бөлігіне аяқ баспаған. Енді оның батыс бөлігіндегі жағдайды қарастырайық. Онда «Қызыл бұқа» аталатын мейманхана бар, қожайыны әйел екен, сырқаттанып жатыр екен. Мэклтоннан дәрігер шақыруға адам жіберіпті, бірақ анау басқа бір науқаста болыпты да, бұған таң алагөбеңде ғана келіпті. Оның келуін күткен мейманхана адамдары түні бойы көз ілмепті, келе жатыр ма деп тас жолға қарағыштаумен жүріпті. Олардың айтуынша, мейманхананың қасынан ешкім өтпеген көрінеді. Айтқандарына сенсек, тас жолдың батыс бөлігіне де ешқандай күмән келтіруімізге болмайды. Ендеше, қашқындардың басқа бір жолды таңдағаны анық.
— Ал велосипед ше? — деп сұрадым.
— Иә, велосипед бар. Қазір соның жайын қарастырамыз. Сөйтіп, әңгімемізді әрмен жалғайық. Егер қашқындар тас жолға шықпаса, онда олар мектептен не солтүстікке қарай, не болмаса оңтүстікке қарай бағыт алған, бұған дау жоқ. Қане, осы екі жорамалдың екеуін де талқыға салып көрейік. Мектептің оңтүстік бетінде ұсақ телімдерге бөлінген ауқымды егістік жатыр; әр телім тас дуалмен қоршалған. Ол жерден велосипедпен өту мүмкін емес. Олай болса, бүл жорамалды да былай қою керек. Енді солтүстікке назар салайық. Ол жақтан Қисық қарағай аталатын тоғайды көріп тұрмыз, ал оның сыртында, солтүстікке қарай ұзаған сайын жота — төбелері көбейе түсетін, ұзындығы он мильдей батпақты жазықтық көсіліп жатыр. Оның сол жақ бетінде Холдернесс-холл орналасқан, оған дейін тас жолмен жүрсең он мильдей, тура тартсаң алты мильдей болады. Бүл — адам коп тұрмайтын, сұрқай жазықтық. Әр жеріне мал бағатын бірнеше шағын ферма қоныс тепкен. Қой, сиыр және батпақтағы құстар — міне, бұл өңірді мекен ететін осылар ғана. Көріп тұрғаныңыздай, әрмен қарай Честер-фильд тас жолы өтіп жатыр. Жолдың бойында екі-үш коттедж, шіркеу мен мейманхана бар. Арт жақта — биік те жарлауытты жоталар. Іздестіру жұмысын осы жаққа, солтүстікке қарай бағыттауымыз керек, бұған кәміл сенімдімін.
— Ал велосипед ше? — деп қайталадым мен.
— Велосипедтің бұған қатысы қанша! — деді Холмс дегбірсізденіп. — Мықты велосипедшілер тас жолмен ғана жүре бермейді. Жазықтықта не көп — сүрлеу соқпақ көп, оның үстіне сол түні ай сүттей жарық болған… Тұра тұрыңыз! Бұл немене?
Есік тарс-тұрс қағылды да, сол бойда бөлмемізге доктор Хакстейбл кіріп келді. Қолында күнқағары ақ жіппен зерленген көгілдір түсті кепкі бар.
Олжа! — деп дауыстап жіберді о л — Құдай сәтін салды! Баламыздың ізіне түстік — ау ақыры! Мынау соның кепкісі!
— Оны қайдан таптыңыздар?
— Жазықтықта қонып жатқан сығандардың фургонынан таптық. Олар сейсенбі күні көшіп кеткен еді. Бүгін полиция қуып жетіп, фургонға тінту жүргізді. Табылған нәрсе — осы.
— Бұл олардың қолына қалай түскен? Не дейді олар?
— Жөн сөйлемейді, жалтарады. Кепкіні жазықтықтан сейсенбі күні таңертең тауып алдық деп ант-су ішеді. Жоға, ол оңбағандар біледі, баланың қайда екенін! Бір жақсысы, бәрін торға тығып тастады. Заңнан зәресі ұшып, әлі-ақ сайрап берер олар. Бәлкім, тек қорқыныш қана емес, герцогтың әмияны да көмектесіп қалар.
— Несі бар, бұл жақсы хабар, — деді Холмс, доктор бөлмеден шығып кеткен соң. — Қалай болғанда да, бүл жазықтықтан іздестіру ғана белгілі бір нәтижеге жеткізеді деген теориямның дұрыстығын дәлелдеп түр. Полиция мұнда сығандарды тұтқындағаннан басқа түк бітірген жоқ. Картаға қараңызшы, Ватсон. Жазықтықта жылға бар. Мектеп пен Холдернесс-холлдың аралығындағы кей тұсы батпаққа айналған. Құрғақшылық боп тұрғаны сонша, басқа жерлерден із кесу бос әурешілік боп шығады, ал батпақта, бәлкім, бірдеңе қалған да шығар. Ертең сізге ертерек соғармын, сосын екеуіміз осынау құпиясы мол хикаяның сырын ашуға талаптанып көрерміз.
Ертеңіне таң елең-алаңда оянғанымда, кереуетімнің тап қасында тұрған ұзын бойлы, жұқалтаң Холмстың тұлғасын бірден көзім шалды. Киініп алыпты, тіпті серуендеп қайтқаны да байқалады.
— Көгал мен велосипедтер тұрған сарайды тексеріп шықтым, — деді досым, — сосын Қисық қарағайда қыдырдым. Тұрыңыз, Ватсон, көрші бөлмеде какао дайын тұр. Тездетуіңізді өтінем, өйткені бүгін бізге көп шаруа тындыруға тура келеді.
Досымның жүзі алабұртып, көзі жайнап түр еді — сүйікті ісіне кіріскісі келіп шыдамсызданып тұрғанында дау жоқ — ты. Бүл басқа Холмс болатын — көңілі шат, жігерлі, Бейкер — стриттің өңі қуқыл тартып, өз ойымен өзі боп тұнжырап отыратын арманшыл адамына мүлдем ұқсамайтын Холмс еді. Күш-қайраты тасыған, сергек те ширақ кейпін көріп бүгін тыным таба алмайтынымызды түсіндім.
Бірақ бүл күн өте үлкен өкінішпен басталды. Жайылған малдың сансыз көп сүрлеу-соқпағы кесіп өтіп жатқан, қоңырқай шымтезек жапқан жазықтықпен зор үміттің жетегінде жолға шығып, көп ұзамай өзіміз келген жер мен Холдернесс-холл аралығындағы батпағы басым жасыл шабындыққа да жеттік. Егер бала үйіне қарай зытқан болса, онда осы маңайға соқпай өте алмас еді, сондықтан бүл арада оның немесе неміс мұғалімнің ізі қалар еді. Бірақ біз ондай ештеңе таба алмадық. Шабындықтың жиегімен жүріп келе жатқан, қабағын қарс түйіп алған досым оның мүк басқан үстіңгі қабатындағы қарауытқан дақ атаулының бәріне қадала қараумен болды. Қой тұяғының ізі мұнда көптеп кездесетін, ал тағы да бірнеше мильді артқа тастағаннан кейін сиыр тұяғының таңбаларын көрдік. Бар тапқанымыз осы ғана еді.
— Қателік кетті, — деді Холмс алдымызда көсіліп жатқан жазықтықты жабырқау көзбен шолып. — Ана жерлер де — батпақ, аралығында өтуге болатын енсіздеу құрғақ жер бар. Қараңызшы! Анаған қараңызшы! Не мынау?
Біз қара лента секілді ирелеңдеген соқпаққа түстік. Оның қақ ортасынан, ылғалды топырақтан велосипед шиналарының ізі ап-анық көрініп жатыр еді.
Ура! — деп айқайлап жібердім мен. — Міне, велосипед те табылды!
Бірақ Холмс басын шайқады, әлпетінен қуаныштан гөрі таңырқаушылық пен әлденеге алаңдаушылық аңғарылып тұр еді.
— Велосипед екені велосипед, бірақ ол емес, басқа, — деді ол. — Мен велосипед шинасы қалдыратын қырық екі түрлі таңбаны білем. Мынау, көріп тұрғаныңыздай, «Данлоп» фирмасының шинасы, оған қоса, жамауы бар. Хайдеггердің шинасы «Палмер» фирмасынан болатын, ұзына бойы созылатын жолағы бар-тын. Демек, бұл арадан Хайдеггер емес, басқа біреу жүріп өткен.
— Ендеше, ана бала шығар?
— Шіркін, оның велосипеді болғанын дәлелдей алғанымызда ғой! Онда велосипед болған жоқ деп сендіріп түр і ой бізді. Мына із мектептен бермен қарай шыққан із, оған өзіңіз де көз жеткізе аласыз.
— Бұл мектепке қарай бағыт алған із болуы да мүмкін.
— Жоға, қымбатты Ватсон. Артқы дөңгелек қалдыратын таңба әманда тереңірек болады, себебі оған салмақ көбірек түседі. Көріп тұрсыз ба? Бірнеше жерде ол алдыңғы дөңгелек қалдырған болмашы ізді басып өтіп жойып жіберген. Жоға, велосипедшінің мектеп жақтан келе жатқанына күмән келтіруге болмайды. Бәлкім, мұның іздестіруімізге ешқандай қатысы жоқ та шығар, әйткенмен, із кесуді әрмен жалғастыру үшін, қанеки, осыны бойлап кері қарай жүріп көрейік.
Біз тап солай істедік, сөйтіп екі жүз үш жүз ярдтай жүрген соң, соқпақ батпақты жерден бұрылып кеткен кезде, шина таңбасы да ғайып болды. Сәл әрменіректе соқпақты жіңішкелеу жылға кесіп өтетін, оның арғы бетінен із қайтадан пайда бола кетті, басым бөлегін сиырлар таптап тастапты. Одан соң соқпақ Қисық қарағайға — мектеп ғимаратынан қол созым жерде тұрған тоғайға енді. Велосипедші, шамасы, осы тоғайдан шықса керек. Холмс қойтасқа тізе бүкті де, қолымен жағын таянып отырып қалды. Ол осылай қыбыр етпей ойланып отырған кезде мен екі сигарет тартып үлгердім.
— Несі бар, — деді досым ақырында, — алды-артын байқауға машық адамның із жасыру үшін, әлбетте, велосипед шинасын ауыстыруы да мүмкін ғой. Ондай керемет көрегендігі бар қылмыскермен ұстасуды өзім үшін зор бақыт санаған болар ем. Бүл сұрақты жауабы табылмаған күйінде қалдырып батпаққа қайтып оралайық, өйткені ондағы жердің бәрін түгел қарап шыққан жоқпыз.
Жазықтықтың батпақты бөлігін қайтадан мұқият тексере бастадық, сөйтіп көп ұзамай еңбегіміз де ақталды: Холмс ылғалы мол тағы бір соқпақты көріп, оған жақындай бере шаттана дауыстап жіберді. Соқпақтың қақ ортасымен телеграф сымындай жіңішке жолақтар созылып жатыр еді. Бұл палмерлік велосипед шинасынан қалған таңба болатын.
— Міне, герр Хайдегтер өткен жер! — деді Холмс дебдіреп. – Ой тұжырымым оншалықты осал емес екен-ау, Ватсон!
— Құттықтаймын сізді.
— Бірақ жұмбақтың шешуі әлі табылған жоқ. Өтінем сізден, соқпақпен жүрмеңізші. Енді мына ізді бойлап ілгерілейік. Мұның ұзамай үзіліп қалары анық.
Алайда жазықтықтың бүл бөлігінде ылғалды жерлер деміл — деміл жолығып жатты, велосипед ізі жиі-жиі жоғала бергенімен біз оны жылдам тауып алып тұрдық.
— Мына арада велосипедшінің педальды барынша қатты басқанын байқадыңыз ба? — деді Холмс. — Бұл айдан анық нәрсе. Алдыңғы дөңгелектің де, артқы дөңгелектің де іздері сақталған мына жерге қараңызшы. Екеуі де ап-айқын. Ал мұны велосипедшінің веложарысқа қатысушылар секілді рөлге салмақ салғанымен ғана түсіндіруге болады. Мәссаған, ол құлап қалыпты!
Балшықты соқпақтан ұзын да жалпақ ойық бедер байқалды. Одан әрі шәркейдің ізі, содан соң қайтадан велосипед ізі көрінді.
— Дөңгелектері тайып кетті ме екен? — деп сұрадым мен.
Холмс жерден бекіштің сынған бұтасын алды. Жүрегім зырқ ете қалды: сарғыш гүлдердің бетінде қызғылтым дақтар бар екен. Соқпақтан да, бекіш бұталарынан да қатқан қанның қоңырқай дақтары қарауыта көрініп түр еді.
— Іс насырға шауыпты! — деді Холмс. — Жақсылықтың белгісі емес бүл! Мына жерді басып кетпеңіз, Ватсон, әрменірек тұрыңыз. Сонымен, бұдан не аңғаруға болады? Ол жараланып құлаған… орнынан тұрған… қайтадан велосипедке отырған… әрмен кеткен. Соқпақпен табын жүріп өткен. Оны бұқа сүзіп құлатпағаны анық! Бірақ мұнда басқа із жоқ. Алға, алға, Ватсон! Қан дақтары, велосипед шинасының таңбалары — осы іздермен — ақ оны тауып аларымыз кәміл!
Іздестіруіміз ұзаққа созылған жоқ. Велосипед ізі ылғалды соқпақпен олай да бұлай бұлталақтай бастады. Сол арада алға қарай көз жібергем, кенет көз алдымда бірдеңе темірдің жалтылындай боп жарқ ете қалды. Біз бекіш бұталары арасынан палмерлік шинасы бар велосипедті суырып алдық. Бір педалі майысып қалыпты, рөлі мен алдыңғы дөңгелегін қан жуып кетіпті. Сәл әрменіректен, шоп арасынан шәркей көрініп тұрған. Солай қарай тұра ұмтылып, бейшара велосипедшінің өзін де көрдік — бүл кесек денелі, қаба сақалды адам еді, көзінде оң жақ әйнегі сынып қалған көзілдірік бар екен. Өліміне бас сүйегін уатып жіберген сұрапыл соққы себеп болыпты. Мынадай жарақаттан кейін қайтадан велосипедке отырып әлі де бірнеше метр жүргені жанының сірілігі мен рухының мықтылығын паш етіп түр еді. Шәркейін аяғына жалаң киіпті, ал бешпетінің астынан төсекке жатарда киетін көйлегі көрініп түр. Бұған ешқандай шүбә келтіруге болмайтын: алдымызда жатқан адам неміс мұғалім еді.
Холмс мәйітті ұқыптап аударды да, асықпай қарап шықты, сосын отырып алып ойға берілді. Досымның мазасызданып кеткен әлпетіне көз жүгіртіп өттім де, оқыстан табылған осынау жан шошырлық олжаның тергеуіміздің алға жылжуына онша көп көмектесе қоймағанын ұқтым.
— Не істеуіміз керек, соған басым жетпей отыр, Ватсон, — деді ақыры Холмс. — Әрмен қарай жүре бермек ойым бар. Іздестіруді созып алғанымыз сонша, ендігі жерде бір сағатты да босқа жіберуге болмайды. Сөйте тұрғанымен, полицияға да хабар беру керек. Мына сормаңдайдың мәйітін осы араға қалдырып кетуге бола ма!
— Қағаз жазып беріңіз, мен барайын.
— Сіз маған керексіз, маған көмектесуіңіз қажет! Тұра тұрыңыз, ана жерде біреу шымтезек ойып жатыр екен. Соны шақырыңыз, полицияны осында ертіп келетін болсын.
Мен Холмстың өтінішін орындадым, сөйтіп ол зәре — құты қалмаған фермер байғұсты қағаз жазып беріп, доктор Хакстейблге аттандырды.
— Сонымен, Ватсон, — деп қайтадан сөйлеп кетті досым, — бүгін таңертең екеуіміз екі түрлі ізге тап болдық. Біріншісін палмерлік шинасы бар велосипед қалдырған, оның бізді қайда алып келгенін өзіңіз көріп тұрсыз. Екінші тапқанымыз — данлоптық жамаулы шина қалдырған із. Осы екінші ізге түспес бұрын алдымен өзімізге мәлім нәрселерді анықтап, мәндісі мен мәнсізін ажыратып алғанымыз дұрыс болар… Ең әуелі мен баланың өз еркімен қашып кеткенін атап айтқым келеді. Ол сыртқа терезе арқылы шыққан да, жалғыз немесе сыбайласымен бірге зытып берген. Бұған ешқандай күмән келтіруге болмайды.
Мен қоштап бас изедім.
— Бұл солай. Енді бейшара немістің жайын қарастырайық. Бала киініп үлгерген — яғни, ол қашуға алдын-ала дайындық жасаған. Ал неміс, шамасы, асығыс киінсе керек, сондықтан ұйығын киместен кеткен.
— Дұрыс айтасыз.
— Оны терезеден қарғуға не мәжбүр етуі мүмкін? Баланың қашып бара жатқанын көріп қалғандығы шығар. Оны қуып жетіп, кейін қайтарғысы келген болар. Сөйтіп, ол велосипедін алады да, қашқынның соңынан түсіп береді, ақырында батпақта қаза табады.
— Оқиға шынымен-ақ осылай өрбіген сияқты.
— Енді осы байламның ең даулы бөлігіне тоқталайын. Кішкентай баланы ұстап алғысы келген ересек адам соңынан тұра жүгіруге тиіс болатын. Өйткені оны қуып жету еш қиындық келтірмес еді. Алайда, доктор Хакстейблдің айтуынша, керемет жақсы велосипедші боп табылатын неміс басқаша қарекет жасайды, яғни велосипедін алу үшін сарайға қарай жүгіреді. Бұдан шығар қорытынды: баланың жаяу адамнан гөрі жылдамырақ жүретін бірдеңені пайдаланғанын көрген.
— Басқаша сөзбен айтқанда, бала біреудің велосипедін алған ғой, солай ма?
— Қашып кету оқиғасын толықтай қалпына келтірейік. Неміс мектептен бес мильдей жерде қаза табады — және, көрдіңіз бе, оқтан емес, — оқты бала да ата алады ғой, — күш-қайраты мол адамның бастан ұрған аяусыз соққысынан көз жұмады. Демек, баланың жанында серігі болған және олардың жедел жырақтап кеткені сонша, велосипедші оларды тек бесінші мильде ғана қуып жеткен. Қан төгілген орынды қарап шыққанымызда сиыр тұяқтары қалдырған ізді ғана көрдік. Мен елу қадамдай болатын алшақтау шеңбер жасап жүріп өттім, әйтсе де бірде-бір басқа соқпақты кезіктіре алмадым. Екінші велосипедшінің кісі өліміне ешқандай қатысы жоқ, ол жерден адам ізі де табылмады.
— Холмс! — деп дауыстап жібердім мен. — Бұл адам сенгісіз нәрсе!
— Бәрекелді! — деді ол. — Тауып айттыңыз. Менің баяндауымда оқиғалар адам сенгісіз нәрсе боп көрінеді екен ғой — демек, бір жерден қате жібергенмін. Бірақ сіз үнемі менімен бірге болдыңыз, бәрін өз көзіңізбен көрдіңіз. Мен қай жерден қателестім?
— Бәлкім, ол құлаған кезде басын жарып алған шығар?
— Батпақты жерде ме, Ватсон?
— Не дерімді білмей тұрмын, Холмс.
— Жә, жә, біз бұдан әлдеқайда қиын жұмбақтың да шешуін тапқанбыз. Ой-толғамға жарайтын материал бізде молынан жинақталды, тек соны ақылмен пайдалана білу керек… Сонымен, енді әрмен қарай қозғалайық, Ватсон. Палмерлік шина бізге айтарының бәрін айтты. Енді данлоптық жамаулы шинаның бізді қайда алып баратынын байқастайық.
Сол ізді бойлап жүріп кеттік, бірақ ұзамай алдымыздан қалың арша өскен жатаған жоталар көлбеді; жылға артта қалды, велосипед ізі де жоғалды. Енді оның бізге көмегі тимейтін. Ізі ғайып болған данлоптық шиналар бүл жерден бізді сол жақтағы, айбарлы мұнаралары аспанға бой созған Холдернесс-холлға, не ту сыртынан, карта бойынша көрініп тұрғандай, честерфильдтік тас жол өтіп жатқан аласа сұрқай үйлерге ғана алып баруы мүмкін еді.
Маңдайшасында әтештің бейнесі бар, тозығы жеткен әрі көрер көзге сиықсыз мейманханаға қол созымдай жер қалғанда Холмс аяқ астынан ah ұрып, құлап кетпес үшін иығыма жармаса кетті. Ол аяғын қайырып алған еді, ал мұндай жағдайда адамның мүлдем дәрменсіз боп қалатыны белгілі жай. Аузында қорқоры бар, орта жастағы, мығым денелі, қоңырқай өңді бір адам отырған мейманхананың кіре берісіне дейін ол ақсаңдай басып әзер жетті.
— Сәлем, мистер Рюбен Хейз, — деді Холмс.
— Ay, сіз кімсіз және аты-жөнім қандай екенін қайдан білесіз? — деп сұрады әлгі адам Холмсқа жаман көзбен күдіктене қарап.
— Аты — жөніңіз төбеңіздегі маңдайшада жазулы түр. Ал қожайынды тану қиын емес. Айтыңызшы, аулаңызда таратайка секілді екі доңғалақты арба бар ма?
— Жоқ.
— Оң аяғымды баса алмай қалдым.
— Баса алмай қалсаңыз, баспаңыз.
— Қалай жүрем сонда?
— Бірдеңе ғып бір аяқпен секіріп барарсыз.
Мистер Рюбен Хейздің жауабынан ізеттілік аңғарылып тұрған жоқ-ты, бірақ Холмс оның дөрекілігіне таңданарлық түрде шыдамдылық білдірді.
— Бері қараңыз, құрметтім, — деді ол, — қандай бәлеге тап болғанымды көріп тұрсыз ғой. Бізге жетер жерімізге жетіп алсақ болды, ал қалай және немен жетеміз — ол жағы маған бәрібір.
— Ал маған баяғыдан бәрібір, — деп жауап қатты оған дөкір неме.
— Мен мұнда маңызды іспен айналысып жүрмін. Маған велосипедіңізді беріңіз де, ақысына соверен алыңыз.
Қожайын елең ете қалды.
— Қайда бармақсыз?
— Холдернесс-холлға.
— Герцогтың тап өзіне қонаққа бармақпысыз? — деді қожайын балшыққа былғанған киімімізге мысқылдай көз жіберіп.
Холмс кең пейілдене күлді:
— Герцог бізді құшақ жая қарсы алады.
— Не себепті?
— Себебі оның жоғалып кеткен ұлы жайында жақсы хабар әкеле жатырмыз.
Мистер Хейз селк ете қалды.
— Шынымен-ақ тауып алдыңыздар ма?
— Ливерпульден баланың сонда екені жайында хабар келді. Бүгін-ертең табылып та қалар.
Сақал-мұрты алынбаған сұрықсыз ұсқыннан әлдебір өзгеріс нышаны жылт етті. Мистер Хейз қолма-қол жібіп сала берді.
— Герцогтан ала алмай жүрген өшім бар, — деді ол, — себебі онда атшы боп істегем, сол кезде мені жер соқтырды. Пішеншінің мен жайында не қилы өтірікті көйіткеніне сеніп, жұмыстан босатып жіберді, тіпті кепілдік хат та берген жоқ. Сөйтсе де, жас лордтың Ливерпульден табылғанына мен бәрібір қуаныштымын. Жарайды, мына жақсы хабарды Холдернесс — холлға жеткізуге жәрдемдесейін.
— Рақмет, — деді Холмс. — Бірақ біз әуелі кешкі ас ішеміз, сосын бізге велосипедіңізді бересіз.
— Менде велосипед жоқ.
Холмс оған соверенді көрсетті.
— Айтып тұрмын ғой сізге, менде велосипед жоқ деп! Атпен барасыздар.
— Бопты, — деді Холмс. — Бізге тамақ беріңіз, бұл жайында сосын тағы сөйлесе жатармыз.
Еденіне тас тақтайшалар төселген ас үйде екеуміз оңаша қалған кезде Холмстың аяғы ойда жоқ жерден жазылып кетті. Күн кешкіртіп келе жатқан. Қарнымыз ашып қалған еді, сондықтан үстелден тұруға асыға қоймадық. Өз ойымен өзі боп кеткен Холмс тіс жарып тіл қатпаған күйі бірнеше рет орнынан тұрып терезе алдына барды. Терезе қоқыр-соқыр толы аулаға қарайтын. Оның бір бұрышында көрік үйі орналасқан еді, онда үсті-басы кір қожалақ бозбала жұмыс істеп жатқан, ал екінші бұрышында — атқора бар-тын. Осындай бір қыдырыстан кейін Холмс қайтадан үстел басына отырды, сосын кенет айқайлап жіберіп орнынан атып тұрды.
— Таптым, Ватсон, таптым! — деп сөйлеп кетті ол. — Енді бәрі түсінікті. Бүгін таңертең сиыр тұяғы қалдырған таңбаларды көрген едіңіз ғой?
— Көргем.
— Қайдан?
— Қайдан деріңіз бар ма — барлық жерден. Батпақтан да, соқпақтан да, сосын ана бейшара Хайдеггер өмірмен қоштасқан маңайдан да.
— Дұрыс. Ал енді, Ватсон, айтыңызшы, неше сиыр көрдіңіз?
— Сиыр көзіме түспеді.
— Ғажап қой, Ватсон! Қайда қарасаң да сиыр тұяғының таңбаларын көресің, ал сиырдың өзі жоқ. Шынында да, ғажап емес пе?
— Рас-ау.
— Енді, Ватсон, қаперіңізді кішкене ширықтырыңыз да, сол іздердің соқпақта қандай түрде көрініс бергенін көз алдыңызға елестетіңіз.
— Ал, елестеттім.
— Есіңізде ме? Кейде олар мынадай түрде болатын. — Ол нанның қиқымын үстел үстіне жая бастады: — :::: — Кейде мынадай: — :.:.:.:. — Ал кейде мынадай түрде кездесетін: — .:.:.: -Есіңізде ме?
— Жоқ.
— Ал мен ұмытқан жоқпын және мұны ант ішіп отырып растай алам. Айтқандайын, ол жерге әлі қайтып ораламыз, сосын бәрін сол арада қолма-қол тексереміз. Бұдан тиісті қорытынды шығармағаным не болғаным, соны түсінбей тұрмын!
— Қандай қорытынды?
— Мынадай: бұлар неғылған керемет сиыр десеңші, оларды желіспен де, шоқырақпен де, аяңмен де жүргізуге болады! Осы сөзімді ұмытпаңыз, Ватсон, мұндай алабөтен айла-шарғы деревнялық арзан асхана қожайынының қолынан келмейді! Аулада көрік үйдегі баладан басқа ешкім жоқ. Шығып кетейік те, ондағы ахуалдың қандай екенін көрейік.
Жартылай қираған атқорада жал-құйрығы сабалақ, үсті сауыс-сауыс екі ат түр еді. Холмс біреуінің артқы аяғын көтерді де, қарқылдап күліп жіберді.
— Тағалар ескі, бірақ жақын арада ғана шегеленген. Тағалар ескі, шегелер жаңа. Бүл классикалық істердің қатарына қосылғалы тұрған оқиға болды — ол соған әбден лайықты да. Енді көрік үйге кіріп шығайық.
Өз шаруасымен айналысып жатқан бозбала бізге түк көңіл аударған жоқ. Холмстың темір кесектері мен ағаш жаңқаларына толы көрік үйді жедел шолып шыққанын байқадым. Кенет арт жағымыздан аяқ дыбысы естіліп, қожайынның бізге қарай асыға адымдап келе жатқанын көрдік. Ашу оты ұшқындаған көзінің үстіндегі қалың қастары бір сызықтың бойына жиналыпты, қара күрең беті деміл — деміл тартып кетеді. Қолына қорғасын құйылған келтек ұстаған оның бізге сес білдіре төніп келгені сонша, қалтамдағы револьверді қолыммен сипап көріп қуанып кеттім.
— Полиция тыңшылары! — деп айқайлады ол — Сендерге не керек бұл жерден?
— Мистер Рюбен Хейз, сабыр етіңіз! — деді түк саспаған Холмс жайбарақат. — Мына жерден біз шын мәнінде де бірдеңе тауып алар деп қорқып тұрғаннан саумысыз?
Өзін-өзі тежеу үшін Хейзге зор күш жұмсауға тура келді, сөйтіп өтірік күлімсіреген боп ернін жымырайтты — мұнысы маған оның кісі шошырлық түрінен де қорқынышты боп көрінді.
— Жарайды, іздеңіздер. Тапқан нәрсеңіздің бәрі сіздердікі болсын, — деді ол — Бірақ бөтен біреулердің ауламда рұқсатсыз сүмеңдегенін жаратпаймын. Сондықтан, мистер, неғұрлым тезірек есеп айырысып, бүл жерден кетіп отырсаңыз, соғұрлым жақсы болар еді.
— Ренжімеңіз бізге, мистер Хейз, — деді Холмс. — Жай әншейін аттарыңызды көрейік дегенбіз, алайда мен жаяу жүріп те жететін секілдімін. Холдернесс-холлға дейін онша алыс емес қой деймін?
— Осы арадан тура қақпасының алдына дейін екі мильдей болады. Жол әне, сол жақта.
Ол бізді ауладан түксиген кейіпте шығарып салды.
Біз жолмен онша алысқа ұзай қойған жоқпыз, өйткені өзімізді енді ешкім көре алмайтынын білген Холмс оның алғашқы бұрылысында — ақ тоқтай қалды.
— Балалар ойынында айтылатындай, тым «ыстық» болып еді, — деді ол — Ал, мейманханадан жырақтай бастағаным сол, бойым да барған сайын салқын тартып барады. Жо — жоқ, бүл арадан кетуге әлі ерте!
— Рюбен Хейздің бәрін білетініне шүбәм жоқ. Одан асқан сұмпайы сүдінді өмірі ешқашан кездестірген емен!
— Рас-ау! Нағыз қанішер! Ал, аттары ше? Көрік үйі ше? Иә-ә, «Сотқар әтеш» аталатын бұл орын таңырқауға әбден татиды — ақ екен! Қане, онда не боп жатқанын бақылап көрейік, тек сақ болайық, көрініп қалмайық.
Арт жағымызда сұрғылт түсті қойтастар жатқан жайпақтау жота бар-тын. Соның баурайымен жоғары көтеріле бастағанда Холдернесс — холл жаққа көз жібергем, кенет соқпақпен жүйткіп келе жатқан велосипедшіні көріп қалдым.
— Бұғыныңыз, Ватсон! — деп айқайлады Холмс, иығыма қолын қойып.
Қойтастың тасасына тығылып үлгергеніміз сол еді, әлгі адам жанымыздан зу етіп өте шықты. Велосипед көтерген шаңның арасынан, қатты толқып, қуқыл тартып кеткен әлпет ағараң ете қалды — әлденеден үрейі ұшып, зәре-құты қалмай қорыққан адамның әлпеті еді бұл: аузы аңқиып қалған, көзі ұясынан шыға адырайып кеткен. Кешегі танысымыз -сәнқой да сергек Джеймс Уайлдерге жасалған сиықсыз карикатура сияқты болатын.
— Герцогтың хатшысы! — деп дауыстап жіберді Холмс. — Тезірек, Ватсон! Анда оған не қажет болғанын көрейік.
Тастан тасқа секіре отырып баураймен жоғары көтерілдік, сол жерден мейманхана есігі көзімізге шалынды. Уайлдердің велосипеді қабырғаға сүйеулі тұр екен. Үйдің ішінде қандай да бір қимыл-қозғалыс бары байқалмайды, терезеден ешкім сыртқа басын шығарған жоқ.Күн Холдернесс-холлдың биік мұнаралары тасасына түсіп, жазықтықты ымырт жайлай бастаған. Көп ұзамай — ақ, қоюлана түскен қараңғылықта, мейманхана қасындағы атқорадан бүйірлерінде фонары бар екі аяқты арба сырғып шықты. Сосын, бірер минуттан кейін, қос аяқтап шапқан ат әлгі арбаны жанымыздан алып өтіп, Честерфильдке қарай асты.
— Мұны қалай түсінуге болады, Ватсон? — деп сыбырлады Холмс.
— Қашып бара жатқан секілді.
— Екі аяқты арба, онда, көріп үлгергенім, бір ғана адам отыр. Бірақ бұл мистер Джеймс Уайлдер емес, себебі ол, қараңыз, әне тұр.
Есіктің жарыққа шомылған шаршысында хатшының сұлбасы қарауытып тұрған. Біреуді күтетіндей мойнын созып жан-жағына қарағыштай береді. Арада бірнеше минут өтті, сөйтіп ақыры жол бойынан аяқ дыбысы естілді. Есіктен түскен жарықтан тағы біреудің көлеңкесі елес берді, есік жабылып, мейманхана қайтадан қараңғылық құшағына енді. Сосын жоғарғы терезелерінің бірінен шам жарығы көрінді.
— «Сотқар әтешке» жұмбақ жүрісті адамдар көп келеді екен, — деді Холмс.
— Арғы бетінде ішімхана бар ғой.
— Дұрыс. Әлгі екеу, сірә, соған келушілер емес, қожайынның қонақтары шығар. Алайда, мынадай қуыстан мистер Джеймс Уайлдерге не қажет болды екен, оның үстіне осындай беймезгіл уақытта деймін-ау? Ол жерде кіммен кездесуге уәделесіп жүр екен? Тәуекел дейік, Ватсон, оларға жақын жерден көз салайық.
Біз жолға түстік те, ұрлана басып мейманхана есігіне келдік. Уайлдердің велосипеді сол бұрынғыша қабырғаға сүйеулі түр еді. Холмс шырпы шақты да, жарығын велосипедтің артқы дөңгелегіне жақындатты. Шырпының болмашы жарығынан данлоптық шинаның жамауын көрген оның мырс ете қалғанын естідім. Шам жағылған терезе дәл біздің жоғарғы жағымызда болатын.
— Терезеден сол ғана сығалау керек. Ватсон, арқаңызды тоссаңыз, ал өзіңіз қабырғаға тіреніп тұрсаңыз, мен бірдеңе етіп солай істер де едім.
Қас қағым уақыттан кейін Холмс аяғымен иығыма шықты да, сол бойда — ақ жерге секіріп түсті.
— — Жүр, кеттік, достым, — деді ол — Бүгінге осы да жетеді. Қолдан келгеннің бәрін жасадық. Босқа уақыт кетірмейік: мектепке дейін бірталай жер ғой.
Екеуміз шаршап-шалдығып жазықтықпен жай басып келе жатқан кезімізде Холмс жақ ашпады десем де болады, сосын жеделхат жөнелту үшін мектепке кірместен бірден стансаға кетті. Одан соң мұғалімнің қайғылы қазасын қатты уайым ғып отырған доктор Хакстейблге жұбату айтып жатқанын естідім, оны өз бөлмемнен тек түн ортасынан ауған кезде ғана көрдім — таңертең қандай сергек те көңілді болса, қазір де тап сондай болатын.
— Бәрі ойдағыдай, достым, — деді ол — Ертең кешке қарай бұл құпияның жұмбағын шешеміз деп сізге уәде берем.
Ертеңіне сағат таңертеңгі он бірде Холмс екеуіміз Холдернесс-холлдың атақты тиіс аллеясымен жүріп келе жаттық. Малай бізді керемет көркем портал жанынан қарсы алып, жоғары мәртебелінің кабинетіне ертіп барды.
Ол жерде алдымыздан мистер Джеймс Уайлдер шыға келді. Кішіпейіл де сыпайы мінез көрсеткенімен, деміл — деміл тартып кететін бетінен, жан-жаққа алақтап тұрған көзінен үрей табы әлі арыла қоймаған болатын.
— Герцогпен кездескіңіз келе ме? Өкінішке қарай, мәртебелі мырзаның мазасы болмай түр. Кеше бізге доктор Хакстейбл жеделхат арқылы хабарлаған ана қайғылы оқиғадан есін әлі жия алмай жатыр.
— Менің герцогпен кездесуім керек, мистер Уайлдер.
— Бірақ ол бөлмесінен шықпай отыр ғой.
— Ендеше, оған өзім барайын.
— Ол төсекте жатыр.
— Бәрібір онымен қалайда кездесуім қажет.
Холмстың қарсылық білдіруге көнбейтін ызбарлы дауысы айтыстан ештеңе өнбейтініне хатшының көзін анық жеткізді.
— Жарайды, мистер Холмс, келгеніңізді хабарлайын.
Герцог кабинеттен бой көрсеткенше бір сағатқа жуық уақыт өтті. Көзі бұрынғыдан да бетер шүңірейіп, иығы салбырап кеткен — кешеге қарағанда әжептәуір қартайып қалғандай еді. Бізбен аса бір сырбаз сыпайылықпен бас иіп амандасқан ол креслоға келіп отырды.
— Құлағым сізде, мистер Холмс.
Алайда досым жарылқаушысының жанында тұрған хатшыға қарап қалған болатын.
— Мәртебелі мырза, әңгімеге мистер Уайлдердің қатысуы азды-кем ыңғайсыздық тудырғалы түр.
Жүзі қуқыл тартып сала берген хатшы Холмсты оқты көзбен атты.
— Егер мәртебелі мырза хош көрсе…
— Иә, иә, шыға тұрыңыз… Сонымен, мистер Холмс, маған не айтқыңыз келіп еді?
Хатшы есікті жауып шығып кеткенше досым жақ ашқан жоқ.
— Мәртебелі мырза, — деп бастады ол әңгімесін, — өзіңіз ынталы боп отырған істің жай-жапсарын ашқан кісіге ақшалай сыйлық беруге уәде еткеніңізді әріптесім дәрігер Ватсон екеуміз доктор Хакстейблдің айтуынан білетінбіз. Енді соны оз аузыңыздан естігім келіп тұр.
— Естуіңізге болады, мистер Холмс.
— Маған дұрыс жеткізген болса, ұлыңызды тауып берген адамға бес мың фунт тағайындапсыз.
— Дәп солай.
— Тағы бір мыңды оны қамауда ұстап отырған адамның немесе адамдардың кім екенін айтқан кісіге бермек болыпсыз.
— Дәп солай.
— Бұл арада, әрине, тек қылмыскерлер ғана емес, сонымен бірге қылмысты ұйымдастырушылар да мегзеліп отыр ғой, солай емес пе?
— Иә, иә! — деп дегбірсіздене дауыстап жіберді герцог. — Мистер Шерлок Холмс, бұл құпияны ашар болсаңыз, сізден ештеңе аяп қалмаймын.
Досым қутың-қутың етіп алақанын ысқылады, бұған мен таңырқанып қалдым, өйткені осы күнге дейін оны азды қанағат тұтатын, ашкөздігі жоқ адам ретінде білуші едім.
— Ана үстел үстінде жатқан чек кітапшасы ма? — деп сұрады ол — Мәртебелі мырза, маған алты мың фунтқа чек жазып беруіңізді сұраймын! Оксфорд — стриттегі банк бөлімшесінде ағымдағы есепшотым бар, соған ақша аударатын чекті.
Креслоға тіктеліп отырған герцог досыма ежірейе қарап қалды.
— Қалжыңдап тұрсыз ба, мистер Холмс? Әзіл-әжуаға лайық тақырып па бұл?
— О не дегеніңіз, мәртебелі мырза! Әзілдеуден аулақпын.
— Бұл нені білдіреді сонда?
— Бұл менің сыйлық алатын болғанымды білдіреді. Мен балаңыздың қайда екенін білем, сондай-ақ оны өз үйінде ұстап отырған адамдарды да, дәлірек айтсам, үйдің қожайынын да білем.
Герцогтың қағаздай қуарып кеткен өңінен жирен сақалы жанған от тәрізді лап ете қалғандай болды.
— Балам қайда менің? — деді ол ернін әзер қимылдатып.
«Сотқар әтеш» мейманханасында, үйіңіз қақпасынан екі мильдей ғана жерде. Қалай болғанда да, әйтеуір, ол кеше сонда болды.
Герцог кресло арқалығына шалқалай кетті.
— Кім айыпты бұған?
Шерлок Холмстың жауабы мені таң-тамаша қалдырды. Ол екі-үш аттап герцогқа жетіп барды да, иығына қолын қойды.
— Бұған сіз айыптысыз. Ал, енді, мәртебелі мырза, рақым етіп маған алты мың фунтқа чек беріңіз.
Герцогтың орнынан қалай ұшып тұрғанын, бейне бір терең құздың жағасында тәлтірек қаққан адамдай қолын сермелеп қалтақтағанын өмірі ұмытпаспын. Сосын бар күш-жігерін жұмсап ақсүйектік ұстамдылығын көмекке шақырған ол қайтадан үстел басына келіп, қолымен бетін басып отырып қалды. Арада бірер минут уақыт өтті.
— Сізге мәлім жайлар қандай? — деп сұрады бейбақ, басын көтермеген күйі.
— Кеше кеште балаңызбен бірге отырғаныңызды көрдім.
— Мұны досыңыздан басқа тағы кімдер біледі?
— Мен ешкімге ештеңе айтқам жоқ.
Герцог саусағы дір-дір етіп қаламды алды да, чек кітапшасын ашты.
— Мен айтқан сөзімде тұрам, мистер Холмс. Уәде етілген чекті аласыз, оның өзіме қайғы-қасіреттен басқа ештеңе әкелмеген хабар үшін төленетініне де қарамаймын. Сыйлық беруге уәде еткен кезімде мұндай ахуалға тап болам деп ойлап па едім! Сөйте тұрғанымен, өзіңізді де, мистер Холмс, досыңызды да парасатты адам деп санауға болатын шығар?
— Не айтқалы отырғаныңызды түсіне алмадым, мәртебелі мырза.
— Жарайды, енді әңгіменің ашығына көшейік, мистер Холмс. Егер бұл істің жай-жапсарын екеуіңізден басқа ешкім білмесе, онда мұны жылы жауып қоюға болады. Сіздерге он екі мың фунт қарызбын ғой, солай емес пе?
Холмс езу тартып күлді де, басын шайқады:
— Өкінішті-ақ, мәртебелі мырза! Бір қарағанда, жеңіл көрінгенімен, мұның бәрін тып-тыныш тындыра қою оңайлыққа түспейді. Мұғалімнің өлімі үшін біреу жауап беруге тиіс.
— Бірақ бұл іске Джеймстің қатысы жоқ! Кінәнің бәрін оған арқалатуға болмайды. Кісі өлтіру — ана хайуанның, ана ардан безгеннің ісі, бақытсыздығына қарай Джеймс соның қызметін пайдаланған еді.
— Ал мен, мәртебелі мырза, қылмыс жолына түскен адам соның салдарынан туындайтын не түрлі нәрсенің бәріне моральдық жауапкершілікте болуға тиіс деп санаймын.
— Моральдық дегеніңіз дұрыс. Бірақ оны заң алдында жауап беруге мәжбүр етпеңізші! Өз көзімен көрмеген, білмеген кісі өлтірушілік үшін, өзіңізбен бірдей дәрежеде күйініп, қапаланған кісі өлімі үшін оны айыптауға болмайды. Мұғалімнің қазасы жайында естіген бойда ол ар-ұятының азабына шыдай алмай маған бәрін жайып салды. Сосын ізін суытпай барып кісі өлтірушімен арадағы байланысын үзді. Мистер Холмс, құтқарыңызшы оны, құтқарыңызшы! Өтінем сізден, құтқарыңызшы оны!
Герцогтың ақсүйектік ұстамдылығы жайына қалды. Өңі бұзылып кеткен шонжар қолдарын олай да бұлай сермеп кабинетте ойқастап жүріп алды. Ақыры сабасына түсіп, қайтадан үстел басына отырды.
— Сіздің, ең алдымен, өзіме келгеніңізге дән ризамын. Мені масқарашылықтан сақтап қалу үшін қандай шара қабылдау керек — ең болмаса осы жайында пікірлесейікші.
Пікірлесейік, — деді Холмс, — Бірақ ондай жағдайда, мәртебелі мырза, бір-біріміздің алдымызда ақырына дейін ашық болуымыз қажет. Бұл істің барлық бүге-шігесіне қаныққаннан кейін, қолымнан келгеннің бәрін жасауға дайынмын. Сізді дұрыс түсінсем, әлгі сөзіңіз Джеймс Уайлдер турасында айтылды — ау деймін, демек, кісі өлтіруші ол емес деген тоқтам жасап тұрсыз ба?
— Иә, кісі өлтіруші қашып кетті.
Холмс болмашы ғана езу тартты:
— Мәртебелі мырза, бұл саладағы азын-аулақ жетістіктерімнен құлағдар емессіз — ау, шамасы, әйтпесе менің құрығымнан оп-оңай сытылып кетуге болады деген ойға келмес едіңіз. Кеше, түнгі сағат он бірде, мистер Рюбен Хейз менің тапсырмам бойынша Честерфильдте тұтқынға алынды. Ондағы полицияның бастығы бұл жайында маған бүгін таңертең хабарлады. Жеделхаты мектептен шығар алдында келді.
Герцог креслоның арқалығына шалқайып, досыма аңтарыла қарап қалды.
— Апырай, білмейтініңіз жердің астында шығар, мистер Холмс! — деп дауыстап жіберді ол -Демек, Рюбен Хейз қамауға алынған ба? Несі бар, бұған тек қуануға ғана болады. Оның тұтқындалуы Джеймстің тағдырына кесірін тигізбес пе екен?
— Хатшыңыздың ба?
— Жоқ, сэр, баламның.
Бүл жолы Холмстың таңырқауына тура келді.
— Шынымды айтсам, мәртебелі мырза, бүл өзім мүлде ойламаған нәрсе боп шықты. Бәлкім, бәрін дұрыстап түсіндірерсіз.
— Мен ештеңені жасырып-жаппаймын. Сіз дұрыс айтасыз: қызғаныштан ақыл-есін жоғалтқан Джеймс екеуімізді бірдей тап қылған осынау сұмдық ахуалдан, өзіме қаншалықты ауыр тиетінімен, тек ақ — адал шындықты айтудың арқасында ғана азды-көпті арылуыма болар. Жастық шағымда, мистер Холмс, өмірде бір-ақ рет ғашық болатындардың жағдайын мен де бастан кешкем. Ұнатқан қызыма үйленуге ұсыныс жасағам, әйткенмен ол мұндай неке менің қызмет бабында өсуіме кедергі келтіре ме деп қауіптеніп, ұсынысымнан бас тартты. Егер ол тірі болса, басқа біреуге ешқашан үйленбес едім. Бірақ ол дүние салды, артында кішкентай сәбиі қалды, сүйіктіме деген махаббатым үшін оны алақаныма салып аялап өсірдім. Әкесі екенімді оған ашық айта алмайтынмын, бірақ балам өте жақсы білім алды, сосын, ер жеткен соң, үнемі қасымда болды. Бүл құпиямды ол кездейсоқ біліп қойды, міне содан бері сырымды жұртқа жаятынын айтып қорқытып, перзенттік құқын барынша пайдаланып бағуға тырысып келеді. Әйелімнен ажырасуыма да оның Холдернесс-холлда тұруы белгілі бір дәрежеде себепші болған-ды. Ал, жаныма ең ауыр тиген нәрсе, кішкентай ұлымды, заңды мұрагерімді, алғашқы күннен-ақ керемет қатты жек көріп кеткендігі еді.
Осындай іс қылығын көре тұрып, неліктен оны қасыңнан жырақтатпадың, деп сұрауыңыз мүмкін. Бұған жауабым мынадай: оны көрсем шешесін көргендей болатынмын, сол үшін шыдап бақтым. Тек кескін — кейпімен ғана емес, сонымен бірге жүріс-тұрысымен де, мәнерімен де сүйгенімнің сүйкімді бейнесін сәт сайын көз алдыма әкелетін де тұратын. Онымен қош айтысу қолымнан келмеді. Бірақ ақыр соңында бұл Артурға — лорд Солтайрға бір жамандық жасап жүрер деп қорқа бастадым, сосын баланы интернатқа, доктор Хакстейблге аттандырып жібердім.
Қожалықта атқарылатын шаруалар Джеймстің қолында еді, жалгерлерімнің бірі Чейзбен ол осылай танысқан.
Осынау бесенеден белгілі жексұрынмен оны не жақындастырғанын білмеймін, бірақ әйтеуір олар достасып кетті. Айтқандайын, Джеймстің қағылған-соғылғандармен әмпей -жәмпей болуға деген құштарлығын бұрыннан байқап жүретінмін. Лорд Солтайрды ұрлап әкетуді ұйғарған ол осы адамды өзіне сыбайлас қылып алды.
Қашып кетерінің алдында Артурға хат жазғаным есіңізде ме? Міне, Джеймс сол конвертті ашып, ішіне Артурдан мектеп іргесіндегі Қисық қарағай тоғайында езімен кездесуін өтінген қағаз салыпты. Бала кездесуге келген, себебі әлгі қағаз герцогиняның атынан жазылып отыр, делінген еді. Джеймс тоғайға велосипедпен барған, — мұны маған кейін өзі айтып берді, — сосын балаға шешесінің қатты сағынғанын, оның осы араға жуық маңда екенін, егер түн ортасында тоғайға келсе, жетегінде бұған арналған аты бар жолбасшының күтіп тұратынын айтып Артурды сендірген. Бейшара бала осы қақпанға түсіп қалған. Белгіленген уақытта тоғайға келген ол жетегінде пониі бар салт атты Хейзді көреді. Артур пониге мінеді де, екеуі жолға шығады. Кейін мәлім болғанындай, — бүл жөнінде Джеймс кеше ғана білді, — біреу олардың соңынан түсіпті. Хейз қуғыншыны келтекпен бастан салып-салып жіберіпті, анау алған жарақатынан сол арада жан тәсілім етіпті. Хейз Артурды мейманханасына алып келіп жоғары қабаттағы бөлмеге қамап, миссис Хейзді, мейірбан жанды, бірақ нойыс күйеуінің сөзін қалт еткізбей орындайтын әйелді оған бас-көз болуға мәжбүр етіпті…
Міне, мистер Холмс, бұдан екі күн бұрын, өзіңізбен кездескен кездегі істің жай-жапсары осындай еді. Бұның барлығы жайында мен де өзіңізден коп біле қоймағам. Егер менен Джеймсті мұндай іске итермелеген не нәрсе деп сұрасаңыз, сізге былай деп жауап берген болар ем: ол лорд Солтайрды иттің етінен жек көретін. Джеймс менің барлық қожалығым өз қарамағына өтуге тиіс деп санайтын, елде қолданыста жүрген мұрагерлік заңдар жөнінде жақтырмай сөйлейтін. Айта кетерлігі, оған тыным таптырмаған тек ес — түссіз өшпенділік қана емес-ті, сонымен бірге көкейтесті мақсаты да бар еді. Ол қожалықтарымды майорат құзырына жеткізбей, өзіне өсиет арқылы қалдыруымды көздеді, Артурды қайтаруға уәде беріп, менен осыны талап етумен болды. Өзін полицияға ешқашан ұстап бермейтінімді жақсы білетін. Джеймстің ой-ниеті осындай еді, бірақ бүл ой-ниет күйінде ғана қалды, өйткені оқиғалардың жедел өрістегені сонша, жоспарын орындауға мүмкіндігі болмады.
Сіз Хайдеггердің мәйітін тауып алдыңыз, сол арқылы осынау зымияндық әрекеттің тамырына балта шаптыңыз. Мұғалімнің қазасын естіген Джеймстің есі шығып кетті. Бүл жайында біз кеше осы кабинетте отырып білдік: доктор Хакстейблдің жеделхатын осы араға алып келген. Бұл хабар Джеймстің әптер — тәптерін шығарды, жер-көкке сыймай аласұрғаны сонша, өне бойы ойымнан кетпей мазамды алып жүрген көмескі жорамалым нық сенімге айналып шыға келді де, осының бәрін ұйымдастырып жүрген сен деп бетіне айтып салдым. Ол ағынан жарылып бәрін түгел мойындады, бірақ артынша сұрқия сыбайласының қашып құтылуы үшін үш күнге кідіре тұруымды сұрап жалына бастады. Қай тілегіне болсын қарсы келмейтін әдетім бойынша, қарсылық білдіре қойғам жоқ. Хейзді сақтандыру үшін және қашып кетуіне көмектесу үшін Джеймс сол бойда — ақ мейманханаға аттанды. Маған ол жаққа күн жарықта барудың мүмкіндігі жоқ-ты, өйткені бүл өсек-аяң тудыратын. Қараңғы түсуін тостым да, сүйікті Артурыма қарай тарттым. Ол аман-есен екен, бірақ кісі өлтіруді көзбе-көз көріп тұрудың балаға қандай жаман эсер еткенін ойлап көріңізші! Берген уәдемді есіме алып, амалым құрып, Артурды тағы да үш күнге мейманханаға, миссис Хейздің күтіміне қалдырып кеттім. Өйткені, кісі өлтірушіні ұстап бермей тұрып мұның бәрін полицияға хабарлау қисынсыз болатын, ал Хейздің тұтқындалуы сормаңдай балам Джеймстің түбіне жететін.
Бір-бірімізбен ашық әңгімелесейік деген едіңіз, мистер Холмс, осы сөзіңізден айнымауыңызды өтінем. Сізге бәрін түгел айтып бердім, ештеңе жасырғам жоқ, ештеңе қосқам жоқ. Өзіңіз де менімен аяғына дейін ашық болыңыз.
Мақұл, мәртебелі мырза, — деп жауап қатты Холмс. — Ең әуелгі айтарым, заң алдында шамадан тыс зор жауапкершілікке душар болып отырсыз. Қылмысты бүркеп қалдыңыз, қылмыскердің қашып кетуіне көмектестіңіз, себебі оның қашып құтылуына қажет ақшаны Джеймс Уайлдер, дәу де болса, сіздің қалтаңыздан алған шығар.
Герцог үн-түнсіз басын төмен салды.
— Иә, жағдай шамадан тыс ауыр. Алайда, менің ойымша, кенже ұлыңызға қатысты істеген ісіңіз, мәртебелі мырза, одан да асқан сорақы нәрсе. Оны осынау жын ойнақта тағы да үш күн қалдыруға келісім бердіңіз!
— Маған ант-су ішіп уәде етті ғой…
— Ондай адамдардың ант-су ішкеніне сенуге бола ма! Балаңызды әлдебір қиян түкпірге апарып тығып тастамайтынына сенімдімісіз? Қылмысқа бейім үлкен ұлыңыздың шылауынан шыға алмай, ешқандай айып-кінәсі жоқ балақанның өмірін себепсізден -себепсіз қатерге тігіп отырсыз! Жо-жоқ, бүл ісіңізді кешіруге болмайды!
Өр көкірек шонжар мынадай сөгіс сөздерді естіп дағдыланбаған еді — және қай жерде десеңші! Өзінің, герцогтың шаңырағы астында! Өңі алабұртып шыға келді, бірақ ар-ұяты тілін тістеуге мәжбүр етті.
— Сізге көмектесем, бірақ мынадай шартым бар: малайды шақырыңыз, ол менің бұйрығымды орындайтын болсын.
Герцог бір ауыз тіл қатпастан электр қоңыраудың түймесін басты. Кабинетке малай кірді.
— Лорд Солтайрдың табылғаны туралы хабар, бәлкім, сізді қуантатын шығар, — деді оған Холмс. — Герцог оны дереу осында алып келу үшін «Сотқар әтеш» мейманханасына күйме жіберуге әмір етеді… Ал енді, — деді Холмс қуаныштан көзі жайнап кеткен малай кабинеттен жүгіріп шыққан соң, — алдағы күндер жайын бірыңғайлаған соң, біз артта қалған күндердегі оқиғаларға кеңшілікпен қарай аламыз. Әділдік қалпына келетін болғандықтан, мен, бейресми адам ретінде, өзіме мәлім жайлардың бәрін өкімет орындарының құлағына жеткізуді қажет деп санамаймын. Хейздің жөні басқа. Оны дар ағашы күтіп түр, оның өмірін сақтап қалу үшін шөп басын да сындырмаймын. Ол сіздің құпияңызды аша ма әлде ашпай ма — ол жағын білмеймін, алдын-ала болжай алмаймын, алайда артық әңгіме айтудың оған пайдасы тимейтіні жайында құлағына құйып қоюыңызға болатыны сөзсіз. Полицияда Хейзге баланы құн өндіріп алу мақсатында ұрлап әкеткені жөнінде айып тағылады. Егер ондағылар өздері тереңірек шұқылап жүрмесе, оларды басқадай болжамдарға итермелеудің жөні жоқ деп білем. Бұған қоса, мәртебелі мырза, мистер Джеймс Уайлдердің өз үйіңізде одан әрмен тұра беруінің түбі жақсылыққа соқтырмайтынын сізге арнайы құлаққағыс еткім келеді.
— Оны өзім де білем, мистер Холмс. Екеуіміз келісіп те қойдық: ол Холдернесс — холлмен біржола қош айтысып, өз бақытын іздеуге Австралияға аттанады.
— Мәртебелі мырза, бір сөзіңізде зайыбыңызбен арадағы кикілжіңге Джеймс Уайлдердің себепкер болғанын айтып едіңіз. Енді герцогинямен татуласуға, сөйтіп отбасылық өміріңізді қайтадан қалпына келтіруге талап қылсаңыз қайтер еді?
Бұл турасында да ойландым, мистер Холмс. Бүгін таңертең герцогиняға хат жазып жібердім.
Ондай жағдайда, — деді Холмс орнынан түрегеліп жатып, — сіздің жақта өткізген азын-аулақ уақытымыздың әжептәуір жемісті болғандығына орай досым екеуіміз өзімізді құттықтап қойғанымыз жон шығар. Маған бір мәселенің ғана басын ашып алу қалып тұр. Хейздің аттары айрықша тағамен тағаланыпты — қалдырған ізі сиырдың аша тұяғының таңбаларына ұқсас боп көрінеді. Оған мұндай ақылда кім беріп жүр екен — мистер Уайлдер емес пе екен?
Қабағын түйіп ойға шомып қалған герцог бір минуттай үнсіз отырды. Сосын шын мәніндегі музей боп табылатын көрші бөлменің есігін ашты да, арғы шетіндегі витринаға ертіп барып әйнек астындағы жазуды көрсетті.
«Бұл тағалар, — деп оқыдық біз, — Холдернесс-холл қамалын қоршаған орды қазу кезінде табылды. Бұлар жылқыны тағалауға арналған, бірақ сиырдың аша тұяғы түрінде жасалған. Шамасы, орта ғасырларда қарақшылықпен айналысқан Холдернесс-холлдың алпауыттары бүл тесілді қуғынды ізден шатастыру үшін пайдаланса керек».
Холмс әйнек қақпақты көтерді де, саусағын түкіріктеп алып тағалардың біріне сүйкеп өтті. Саусағында қара дақ қалды — батпақтың балшығы әлі жөнді кебе қоймапты.
— Рақмет сізге, — деді досым. — Сіздің жақта мені айрықша қатты қызықтырған екінші нәрсе осы болатын.
— Ал, біріншісі не?
Холмс чекті екі бүктеді де, қойын дәптерінің арасына мейлінше мұқияттап салып қойды.
— Мен бай адам емеспін, — деді ол Соны айтып, дәптерін бешпетінің қойын қалтасына сүңгітіп жіберді.