Әңгіме: Антон Чехов | Москвадағы труба алаңында
Шымшықтар бес тиыннан, сарышымшықтар қымбатырақ, ал басқа құстардың бағасын білудің өзі қиын.
— Мына бозторғайыңа не сұрайсың?
Бозторғайына не сұрайтынын сатушының өзі де білмейді. Ол желкесін қасып, құдай аузына не салса, соны айта салады, не бір сом дейді, немесе үш тиын сұрайды, оны саудалаушының түріне қарай айтады. Қымбат құстар да бар. Әнебір қапаста салтақтанып қалған шыбыққа қонақтап, ұсқыны қашқан, құйрығы түсіп селдіреген сиыр құйрық сарышымшық отыр. Түрі отставкаға шыққан генерал сияқты байсалды, маңғаз, салмақты. Қапаста отырғанына қайғырмайды, оған баяғыда-ақ аяғын шолтаң еткізіп бір-ақ сіліккен, көгілдір аспанға да бұл күнде селқос қарайтын болған. Өзі, сірә, неге болса да ықылассыз қарайтын болғандықтан пәмді құс деген атаққа ие болса керек. Бұл құсты қырық тиыннан кем беруге болмайды. Осында гимназистер, жұмысшылар, сәнді пальтолы жас жігіттер, тозығы жеткен бөрік киген, шалбарларының тышқан жегеннен қалғандай сілімтірленген балақтарын қайырып алған құс құмарлар жердің балшығын айдап, ентелесіп, құстарды төңіректеп жүр. Сатушылар жастар мен жұмысшыларға құстың ұрғашысын еркегі деп, балапанын үлкені деп сата береді… Ондай адамдар құс танымайды. Ал нағыз құмарпаздарды алдай алмайсың. Ондай құс құмарлар құсты сонадайдан — ақ танып айырады. Сарышымшықтың аузын ашып қарап, құйрығының қауырсынын санап алып: тауық балапандары қауырсыны қашқан ұсқынсыз бастарын созып, балшықтан бірдеңелерді шұқып жеп жатыр. Көгершін көтеріп жүрген балалар, осы кісі көгершінге құмар емес пе екен дегендей, бетіңізге тесіле қарайды.
— Солай! Сөз таба алмай қалдыңыз ба! — дейді біреу ашулы дауыспен. — Әуелі көріп алып айтпайсыз ба! Мұны көгершін деуге бола ма? Бұл көгершін емес, нағыз бүркіт қой.
Самай сақалын өсірген, мұртын қырған, ұзын, арық, сырт пішініне қарағанда малай тәрізді, әрі науқасты, әрі мас біреу қардай аппақ бір қанденді базарға салып жүр. Қолындағы кәрі қанден қыңсылайды.
— Осы жексұрынды сат деп жібергені, — дейді малай ыза аралас күлкімен, — Бәйбішеміз қартайған күнінде, жеуге тамақ жоқ, енді ит пен мысықтарын сатып нәпақа тауып отырған жайы бар. Өзі қимай жылап, мұның арам тұмсығынан сүйеді, сөйтсе де амалсыздан сат деп жіберді. Олда — білде шыным! Алыңдар, мырзалар! Кофе алуға ақша керек болып тұр.
Бірақ оның айтқанына ешкім де күлмейді. Жанында тұрған бала бір көзін сығырайта оған аяушылықпен қарайды.
Бұлардың бәрінен де балық саудасы қызық. Оншақты мұжық қатар отырып алған. Әрқайсысының алдында бір — бір шелек, ал шелектерінің іші кішкене түнек тозақ сияқты. Жасыл лай суда бықыған табан балық, жылан балық, ұлу, тарбақа, майда шабақ тритондар. Бір аяғы сынған дәу су қоңызы табан балықтың арқасына өрмелеп шығып, тарбақаның үстіне секіріп, тар судың бетінде тыным таппайды. Тарбақалар қоңыздардың үстіне, тритондар тарбақаның үстіне қарай өрмелейді. Жан — дәрмен өлермендік қой! Қара көгілдір түсті қара балықтарға, бағалы балық болғандықтан, ерекше жағдай жасалған: олар жүзіп жүруге болмағанымен де, онша тығыздық етпейтін бөлек ыдысқа салынған. Табан — балықтың төресі ғой! Бұл арам қатқырды қолда бағып семірткенмін, асыл тектім! Шелекке салып бір жыл бақсаң да өлмейді. Осы балықтарды осыдан бір жеті бұрын ұстап едім. Перервадан ұстағам, рақымшыл мырзам, со жерден жаяу келдім. Табан балықтар екі тиыннан, жылан балық үш тиыннан, майда шабақтың оны он тиын, арам қатқырың! Бес тиынға майда шабақ алыңыз. Әлде құрт беруге бұйырасыз ба?
Сатушы шелектегі суға қолын сұғып жіберіп, дөрекі, күсті саусағымен үлбіреген майда шабақты немесе құйтақандай табанды ұстап алып көрсетеді. Шелек жанында қармақ бауы, тілше қармақ, шортан қармақ және күн көзінде жарқырап қызыл шақа шуалшаң құрттар жатыр.
Құс әкелген көліктердің, балық салған шелектердің маңайын төңіректеп, басында елтірі картузы бар, темір құрсаулы көзілдірік киген екі аяғына бейне екі броненосецтей калош киген бір құмарпаз шал жүр. Бұл, осы базардағылардың тілімен айтқанда, «тип». Қалтасында көк тиыны жоқ, сөйте тұра әр нәрсені бір саудалайды, күйзеледі, күйінеді, сатып алып жатқан адамдарға ақыл айтады. Бас-аяғы бір сағаттың ішінде базарға түскен барлық қояндарды, көгершіндерді, балықтарды бастан-аяқ көріп шығады, олардың әрқайсысының тұқымын, жасын, бағасын айтып береді. Сарықанаттарға, табандарға, майда шабақтарға балаша қызығып қарайды. Мысалы, сіз онымен ана тұрған сиырқұйрық сары шымшық жайында сөйлесіп көріңізші, оның айтқанын ешбір кітаптан таппайсыз. Соның бәрін сүйсіне, құмарлана айтады, кейде өзіңді шикі надан екенсіз ғой деп мінейді. Ал сарықанаттар мен бөрік торғайлар жайында, екі көзін шарасынан шығара ежірейтіп, екі қолын ербеңдетіп, тынбастан сөйлеуге бар. Бұл адамды Трубада тек суық түскен соң ғана көресіз, ал жаздыгүні Москвадан басқа жаққа кетіп, сыбызғы тартып бөдене ұстайды, қармақ салып балық аулайды.
Міне, тағы бір «тип» — серейген ұзын бойлы, өте арық, көзінде көк көзілдірігі бар, сақал-мұртын қырған, басында кокардалы фуражкасы бар, баяғы заманның подьячиі сияқтанған біреу. Бұл да құмарпаз, едәуір лауазым иесі гимназия мұғалімі, оны Трубаның байырғы адамдарының бәрі біледі, құрметтеп, тағзым етіп қарсы алады, өзіне ерекше бір қошемет көрсетіп, «есімдік тақсыр» деген ат тағып алыпты. Бұл адам әрдайым Сухарев мұнарасы жанындағы базарға барып кітап қарайды, ал Трубаға келгенде жақсы көгершін іздейді.
— Рақым етіңіз! Мұғалім мырза, есімдік тақсыр, мына тұрмандарға1 көз қиығыңызды бір салыңызшы! Есімдік тақсыр!
— Есімдік тақсыр! — деп жұрт жан-жағынан шуылдасып жатады.
Бульварда жүрген бір бала да:
— Есімдік тақсыр! — деп жұрттың айтқанын қайталайды.
Ал «есімдік тақсырдың» құлағы осы лауазымға әлдеқашан-ақ үйреніп кетсе керек, қабағын түйіп, түсін суытқан күйі, көгершінді екі қолымен алып басынан асыра көтеріп, айналдыра қарай бастайды, ондайда сырын білдірмейін деген адамша, қатуланып қабағын түйе түседі.
Сөйтіп, Москваның Труба дейтін осы түкпіріндегі, жәндіктерді бір жағынан соншалықты елжірей сүйетін, екінші жағынан соншалықты азаптайтын адамдардың бір мезгіл өмірі осылай шуылдасып, даурығысып өтіп жатады, ал осы алаңның бір жанымен өз беттерінше кетіп бара жатқан сауда адамдары мен діндар адамдар бұл жердегі халықтың, мына бықыған ала-шұбар бөріктілердің, картуздылардың, цилиндрлердің неге үймелеп жатқандарымен, не жайлы даурығысып, не сатып жатқандарымен жұмыстары да болмайды.
Аударған Р.Ахмедов