Әңгіме: Антон Чехов | Әбігер
Жаңа ғана курс бітіріп шыққан жас институтқа Машенька Павлецкая, өзі гувернантка есебінде тұратын. Кушкиндердің үйіне серуеннен қайтып келгенде, тосын бір әбігердің үстінен шықты. Оған есік ашқан швейцар Михайло бір нәрсеге абыржығандай екі беті қып-қызыл екен.
Жоғарғы үйден шу естіледі.
«Сірә, бәйбішенің дерті ұстап қалған болар…- деп ойлады Машенька, — әлде күйеуімен ұрысты ма екен…»
Ауызғы үй мен дәлізде қызметші қыздарды жолықтырды. Бір қызметші қыз жылапты. Содан кейін Машенька өз бөлмесінен үй қожасы Николай Сергеичтің жүгіріп шыққанын көрді; бұл өзі шілтиген кішкентай, бірақ пәлендей мосқал болмаса да бет, төбесі жалтыраған кісі.
Қазір өңі қызарып кеткен. Беті — аузы жыпылықтап тұр… Гувернантканы байқамастан, қасынан өте шықты да, екі қолын жоғары көтеріп, налып барады:
— Ойпыр-ай, бұл неткен сұмдық! Неткен әдепсіздік! Неткен ақымақтық, айуандық! Оңбағандық!
Машенька өзінің бөлмесіне кіріп еді, дәулетті, бай ақсүйектерден нанын тауып жүрген тәуелді, көнбіс адамдарға соншалықты таныс сезімді өмірінде алғаш рет жанына осы арада сезінді. Бөлмесіне тінту жасалыпты. Үйдің бәйбішесі Федосья Васильевна, толық денелі, жауырынды, қалың қара қасты, жалаңбас, денесі сай — сай, тебіндеген түбіт мұрты бар, екі қолы қып-қызыл, кескін — кейпі мен жүріс-тұрысы қарапайым аспазшы қатынға ұқсаған әйел мұның үстелінің қасында түрегеп тұрып, қыздың боқшасына жүннің бір шүйкелерін, шүберек қиқымдарын, тағы бір қағаздарды қайтадан тығып жатыр екен… Сірә, ол гувернантка келіп қалар деп ойламаған болуы керек, себебі, бұған жалт қарап, қыздың сұп-сұр болып кеткен өңін, таңданған жүзін көрді де, сәл-пәл қымсынғандай болып, күмілжіді.
— Pardon, мен, байқаусызда шашып алып, жеңіммен іліп кетіп…
Сонсоң тағы бірдеңе деді де, мадам Кушкина көйлегінің етегін шұбалтып шыға жөнелді. Машенька таңданған көзбен өз бөлмесін бір шолып өтті де, түгіне түсінбей, не ойларын да білмей, иығын бүрістіріп, қорыққаннан денесі мүздап кетті. Федосья Васильевна мұның боқшасынан не іздеп жүр? Егер өзі айтқандай, шынында да жеңімен іліп кетіп, шашып алса, онда Николай Сергеич неге қызарып, неге сонша абыржып шықты бөлмеден? Үстелдің бір жақ суырмасы неге ептеп бері тартылған? Гувернантканьң майда ақшалар мен ескі маркалар салып жүрген қобдишасының аузы ашылып қалыпты. Оның аузын ашқан да, бірақ қайта жаба алмай, құлпының бетін тырналап тастаған. Кітап қойылған этажерка, үстелдің үсті, төсек — орын — осының бәрінде тіміскілеген тінтудің ізі жатыр. Кір салған себеттің іші де сондай. Жуылған кірлерді дестелеп-ақ қойыпты, бірақ Машеньканың үйден кетердегі қалпында емес. Ендеше, нағыз тінту, кәдімгі барып тұрған тінтудің өзі жасалған ғой, ал сонда неге, не үшін жасалады? Не боп қалды? Машенька швейцардың жаңағы абыржуын, ана жақтағы әлі де басылмай жатқан әбігерді, қызметші қыздың жылағанын есіне түсірді, сонда осының бәрі жаңа ғана өз бөлмесінде болған тінтумен байланысты емес пе екен? Өзі бір сұмдық іске ілігіп кеткен жоқ па екен? Машенька сұрланып, тұла бойы мүздап, кір салынған себетке отыра кетті. Бөлмеге бір қызметші қыз кірді.
— Лиза, сен білмедің бе, неге мені бүйтіп… тінтті екен? — деп сұрады гувернантка.
— Бәйбішенің екі мың сомдық түйреуіші жоғалыпты… — деді Лиза.
— Иә, ал сонда мені неге тінтеді?
— Бикеш-ау, бәрімізді тінтті. Мені де түп-түгел тінтті. Бізді тырдай жалаңаш шешіндіріп қойып тінтті емес пе?.. Ал мен бар ғой, бикеш, құдай ақыңа… оның түйреуішін алмақ түгіл, тіпті жеке заттарының маңына да жақын барған емеспін. Мен полицияға барғанда да осыны айтамын.
— Ал… мені неге тінтеді?- деп гувернантка әлі де байыбына түсінбей тұр.
— Түйреуішін біреу ұрлап алыпты деп тұрмын ғой… Бәйбіше бәрін өз қолымен ақтарып шықты. Тіпті, швейцар Михайлоны да өзі тінтті. Масқараның әкесі! Николай Сергеич көзі бақырайып, тауықша қыт-қыттап жүр. Сіз бар ғой, бикеш, бекерге қалтырайсыз. Сізден ештеңе де таба алмады. Әгәрки, түйреуішті сіз алмаған болсаңыз, онда қорқатын дәнеңесі де жоқ.
— Бірақ та бұл, Лиза, пасықтық қой… бұл қорлық қой! — деді Машенька ашуға булығып, — Бұл жексұрындық, оңбағандық қой! Маған күдік келтіріп, нәрселерімді ақтаруға оның қандай қақысы бар?
— Сіз кісі қолында тұрасыз, бикеш, — деп күрсінді Лиза. — Сіз бикеш болғаныңызбен, қанша айтсаңыз да… күң іспеттісіз… Папатайыңыз бен маматайыңыздың қолында тұрған емес бұл..
Машенька төсекке құлай кетті де, қорланып жылап жіберді. Еш уақытта ешкім бұған мұндай зорлық істеген емес, еш уақытта дәл мұндай қорлық көрсеткен емес… Көргенді тәрбие алған, сезімтал бойжеткенге, оқытушының қызына, ұрлық қылдың деп жала жабады, оны көшенің қаңғырған әйеліңдей қылып тұрып тінтеді. Бұдан асқан қорлықты ойлап табу қиын болар, сірә. Осындай жәбір-жапаның үстіне келіп, енді не болар екен деген ауыр қорқыныш қосылды. Басына әртүрлі шым-шытырық ойлар келді. Егер бұған ұрлады деп күдік туғызар болса, онда енді мұны тұтқынға алуы, тырдай жалаңаш шешіндіріп тінтуі, содан кейін алдарына салып алып, көшеде айдап жүруі, дәл баяғы княжна Тараканова сияқты, іші толған тышқан мен жүнді құрт, асты керемет сыз, іші тастай қараңғы, мұздай суық камераға апарып қамап тастаулары да мүмкін ғой. Бұған кім араша түспек? Әке — шешесі болса шалғай провинцияда тұрады; бұған келетіндей ақшалары да жоқ. Астанада бұл ешбір туыссыз, таныссыз, жапан түздегідей жападан-жалғыз. Бұған жұрт не істеймін десе де істей алады.
«Барлық соттар мен қорғаушыларға жүгіріп барамын… — деп ойлады Машенька тұла бойы дір-дір етіп. — Мен оларға айтып түсіндіремін, ант-су ішемін… Олар менің ұрлық қыла алмайтыныма сенеді».
Машенька себеттің ішінде, ақжайманың астында бір азғантай тәтті жатқанын есіне алды, оны бұл институтта оқып жүргендегі ескі әдетімен тамақ үстінде қалтасына тығып бөлмесіне әкеліп жүретін. Өзінің осы бір кішкентай құпиясы үй иелеріне жария боп қалды-ау деген ойдан Машеньканың тұла бойы ду-ду етіп қатты ұялды, міне, осының бәрі — ішкі қорқынышы, ұяты, көрген жәбірі қосылып келгенде, жүрегі дүрс-дүрс соғып, одан екі шекесі, екі қолы, бүкіл іш — бауыры солқылдап кетті.
— Тамаққа жүріңіз! — деп қызметші қыз Машеньканы асқа шақырды.
«Бару керек пе, әлде бармау керек пе?».
Машенька шашын дұрыстап, дымқыл орамалмен бетін дымдап, асханаға кетті. Жұрт түскі асқа кірісіп кеткен екен… Үстелдің бір жақ басында маңғазданып Федосья Васильевна отыр, өңінен түйілген топастық байқалады, ал екінші баста — Николай Сергеич. Екі жақ бүйірден қонақтар, балалар жайғасқан. Тамақты үстеріне фрак, қолдарына ақ қолғап киген екі малай тасып жүр. Үй ішінін әбігер екенін, бәйбішенің қайғырып отырғанын бәрі де біледі, сондықтан ешқайсысы үндемейді. Тек тамақ шайнаған ауыздарының салпылы мен тәрелкеге тиген қасықтардың тықылы ғана естіледі.
Әңгімені бәйбішенің өзі бастады.
— Үшіншіге не беруші едіңдер? — деп сұрады ол малайдан шерге толы күйзелісті үнмен.
— Эстружон а ля рюсс — деп жауап қайырды малай.
— Оны, Феня, мен едім әзірлеткен…- деп Николай Сергеич асыға жауап берді… -Балық жегім келіп кетті. Егер сен ұнатпасаң, ma сһе – ге онда бермей-ақ қойсын… Мен жай әншейін… айта салғам…Федосья Васильевна өзі айтып әзірлетпеген тағамды жаратпаушы еді, міне енді екі көзіне жас мөлтілдеп шыға келді.
— Жарайды, ренжімей-ақ қояйық, — деді оның үйдегі дәрігері Мамиков жәдігөй үнмен, қолын бәйбішенің қолына болар-болмас тигізіп және сондай бір тәтті жәдігөйлік күлкімен. — Жүйкеміз онсыз да құрып отырған жоқ па. Түйреуішті ұмытайық! Денсаулық екі мыңнан гөрі қымбатырақ!..
— Мен екі мыңға қиналып отырғам жоқ! — деді бәйбіше, сол-ақ екен көзінің жасы томардай боп бетінен сорғалай жөнелді. — Мен осы істің өзіне ыза боламын! Мен өз үйімде ұрының болғанына төзе алмаймын, мен ештеңені қимай отырғам жоқ, бірақ та менің нәрсемді ұрлау деген — бұл барып тұрған оңбағандық! Сонда менің жақсылығымды осылай қайтарғандары ғой…
Жұрттың бәрі төмен қарап, тәрелкелеріне үңіліп отыр, ал Машенька бәйбішенің әлгі сөзінен кейін жұрттың бәрі өзіне қарап отырғандай көрінді. Кенет тамағына бірдеңе тұрып қалғандай түйіліп отырды да, жылап жіберді, сөйтті де бетіне орамалын баса қойды.
— Pardon,- деп күбірледі ол. — Мен отыра алатын емеспін. Басым ауырып барады. Кетейін.
Сөйтті де, үстелден түрегеліп, орындықтарды ебедейсіз тарсылдатып және сонысына одан сайын қысылып, шыға жөнелді.
— Құдай салмасын! — деді Николай Сергеич, қабағын тыржитып. — Соның нәрселерін тінту не керек еді! Осының өзі расында да… қандай ыңғайсыз.
— Мен түйреуішті сол алды деп отырғаным жоқ, — деді Федосья Васильевна, — бірақ сен соған кепіл бола аламысың? Шынын айтсам, мен осы оқымысты кедей қыздарына онша көп сене қоймаймын.
— Рас айтамын, Феня, ыңғайсыз… ғафу ет, Феня, бірақ заң бойынша сенің біреуді тінтуге ешқандай қақың жоқ.
— Мен сендердің заңдарыңды білмеймін. Мен өзімнің түйреуішім жоғалғанын ғана білемін, міне, бітті сонымен. Бірақ мен бұл түйреуішті табамын! — Ол қолындағы шанышқымен тәрелкені салып қалғанда, көзі шатынап шыға келді. — Сендер тамақтарыңды ішіңдер де, менің жұмысыма араласпай, жайларыңа отырыңдар!
Николай Сергеич жым болып төмен қарады да, күрсінді.
Сол екі арада Машенька өзінің бөлмесіне келе салып, төсекке сылқ етіп құлай кетті. Енді ол ешкімнен қорыққан да жоқ, ұялған да жоқ, көкейінде керемет бір ғана тілек бар -жаңағы мұңсыз боп отырған көкдолы, топас әйелді барып жақтан салып-салып жіберсем деп ойлайды.
Жантайып, бетін жастыққа басып жатып, ол бір нәрсені арман етеді: қазір барып, ең қымбат түйреуішті сатып алып, мынау есуас қатынның бетіне лақтырса, қандай жақсы болар еді, дейді. Құдай беріп, бір күні Федосья
Васильевна жұтап қалса, сөйтіп ел ақтап, қайыр сұрап, жоқшылық пен құлдықтың барлық сұмдығын көрсе, сол кезде мынадай қорлыққа түскен Машенька оған қайыр — садақа берсе. Шіркін-ай, бір керемет байлықтың мұрагері болып, тамаша арба сатып алар ма еді, сонсоң оның көзін қызықтыра, терезесінің алдынан салдыр-гүлдір еткізіп, ағызып бір өтсе!
Бірақ мұның бәрі жай арман ғана еді, ал шынтуайтқа келгенде енді бір-ақ нәрсе қалды — ол жылдамырақ кету, бұл жерде бір сағат та аялдамай, кетіп қалу. Әрине, жылы орныңнан айырылып, қолдарында түгі жоқ әке-шешеге кайта бару сұмдық — ақ, бірақ амал қанша. Машенька бәйбішені де, өзінің мына кішкентай бөлмесін де енді көргісі келмейді, бұл жерде әбден тынысы тарылып, тұншығып барады. Аурумен бая-шая болып, өзінің жалған ақсүйектігіне бөсіп, әбден есі ауысқан Федосья Васильевнаның бұған тіпті жексұрын көрініп кеткендігі сондай, осы әйел жер басып жүргенде мына дүниенің бәрі бұған бір түрлі дөрекі, ажарсыз сияқты болып көрінеді. Машенька кереуеттен атып тұрып, нәрселерін жиыстыра бастады.
— Кіруге бола ма? — деп дауыстады Николай Сергеич есіктің ар жағынан; ол аяғының тықырын білдірмей, есікке жайлап келіп, жұмсақ даусымен сыбырлап сөйледі — Рұқсат па?
— Кіріңіз.
Ол кіріп келді де, есіктің алдында тұрып қалды. Күңгірт көзінде ешқандай нұр қалмаған, кішкентай қызыл мұрны әлі де жіпсіп тұр. Түскі астан кейін сыра ішсе керек, онысы жүрісінен, жылбысқы, сылбыр қолынан білініп тұр.
— Жиналып жатырмын. Кешіріңіз, Николай Сергеич, бірақ мен бұдан әрі сіздің үйде қала алмаймын. Осы бір тінту мені қатты қорлады!
— Мен түсінемін… Бірақ сіз мұны бекер істейсіз… Не үшін? Тінте берсін, ал одан сізге… одан сізге келіп-кетер не бар? Сіздің түгіңіз де кетпейді одан.
Машенька үндемей, заттарын жинастыра берді. Николай Сергеич тағы да бірнәрсе айтқысы келіп, ойланғандай, мұртын ширатып тұрып, жарамсақтана сөйледі.
— Мен, әрине, түсінемін, бірақ кісіге кешірімшіл болу керек. Білесіз ғой, менің әйелімнің жүйкесі бұзылған, еркетотай адам, тым қатаң кетуге болмайды…
Машенька үндемеді.
— Егер сіз сондай жәбірленген болсаңыз, — деді Николай Сергеич, сөзін әрі қарай созып, -онда, рұқсат етіңіз, мен — ақ сіздің алдыңызда кешірім сұрауға әзірмін. Кешіріңіз.
Машенька жауап қатқан жоқ. Төмен қарай тұқырып, өзінің шамаданымен әуре боп жатыр. Әбден ішкілікке салынып кеткен осынау ынжық адамның үй ішінде ешқандай қадірі жоқ. Ең аяғы үйдегі малайлардың көз алдында да жай бір басы артық, тек ас иесі адамның бейшара халінде жүр; сондықтан мұның кешірім сұрауында ешқандай мән жоқ еді.
— һім… Үндемейсіз? Сіз мұны азсынып тұрсыз — ау? Ендеше әйелім үшін де кешірім сұрайын. Әйелімнің атынан… Ол дөрекілік жасады, мен мұны ақсүйек адамша мойындаймын…
Николай Сергеич әрлі-берлі жүріңкіреп, күрсінді, сонсоң тағы да сөйлеп кетті:
— Сонда сіз, демек, менің мына жерімді, жүрегімнің астын бір нәрсе тырнай берсін дейсіз ғой… Сіз мені ар-ұяттың азабын шексін дейсіз ғой…
— Мен білемін, Николай Сергеич, сіз кінәлі емессіз, — деді Машенька, бұлаудай боп ісінген аялы көздерімен оның бетіне тура қарап. — Сіз несіне қиналасыз?
— Әрине… Бірақ сөйтсе де сіз әлгі… кетпеңізші… Өтінемін сізден.
Машенька көнбей басын шайқады. Николай Сергеич терезенің алдына тұра қалып, әйнекті тырсылдатты.
— Мен үшін осындай кірбіңдер — нағыз барып тұрған азап, — деді ол күбірлеп. — Қайтейін, сіздің алдыңызда тізерлеп тұрайын ба, не істейін? Сіздің намысыңызға тиген екен, соған сіз жыладыңыз, енді кетейін деп жатырсыз, бірақ менде де намыс бар ғой, сіз оны мүсіркемей тұрсыз. Әлде сіз менің құдайға жалбарынып, арыздасқан кезде де айтпайтын сөзімді айтқызбақсыз ба? Сөйткіңіз келе ме? Бері қараңызшы, сіз мені жан тапсырайын деп жатқан ақтық демімнің алдында да мойындап, ағынан жарылмаспын деген нәрсемді мойындатқыңыз келе ме?
Машенька үндемеді.
— Әйелімнің түйреуішін мен алдым! — деді Николай Сергеич жұлып алғандай. — Енді ризамысыз? Қанағаттандыңыз ба? Иә, мен… алғанмын… Бірақ, әрине, мен сіздің ұстамдылығыңызға сенемін… Құдай үшін, жан адамға жалғыз ауыз сөз, титтей де тіс жарып айта көрмеңіз.
Машенька әрі таңданып, әрі қорыққан күйінде жинала берді: ол өзінің заттарын тез-тез жинастырып, қалай болса солай бүктеп, шамаданы мен себетіне тыққылап жатыр. Енді, Николай Сергеичтің жаңағы ашық мойындауынан кейін, бұл бір минут та қала алмады және бұған дейін қалай ғана тұрып келгенін енді түсінбеді.
— Таңданатын түгі де жоқ… — дейді Николай Сергеич, аз үнсіздіктен кейін. — Үйреншікті жағдай! Маған ақша керек, бірақ ол.. бермейді. Осы үйді, осы дүниенің бәрін тірнектеп жинаған менің әкем еді, Мария Андреевна! Осының бәрі менікі еді, түйреуіш те менің шешемдікі болатын… бәрі де менікі! Ал анау осының бәрін тартып алып, иемденіп отыр… Мен онымен соттаса алмаймын ғой, солай емес пе… Сондықтан сізден өтініп сұраймын, кешіріңіз… сөйтіңіз де… сөйтіңіз де қалыңыз осында. Pout comprendre tout pardonner. Қаласыз ба?
— Жоқ!- деді Машенька үзілді-кесілді, өзі қалшылдай бастады. — Енді мені мазаламаңыз, өтінемін сізден.
— Жә, бетіңізден жарылқасын, — деп күрсінді Николай Сергеич, шамаданның қасындағы кішкентай орындыққа отыра беріп. — Мен, шынымды айтсам, намыстана білетін, біреуді жек көре алатын, тағы да сондай адамдарды жақсы көремін. Өмір бойы осылай сіздің мына ызалы жүзіңізге қарар едім де отырар едім… Сөйтіп, сонымен, қалмайсыз ғой? Мен түсінемін… Басқаша болуы мүмкін емес… Иә… Әрине… сіздікі жақсы ғой, ал енді маған былай болады… Осы зынданнан аяқты аттап шыға алмаймын. Өзіміздің біреуіне бара қалсаң, соның бәрінде де осы әйелдің құйыршықтары отырады… Құдай атқыр, өңшең басқарушылар, агрономдар. Бәрін өткізеді де жатады тынымсыз… Балығын аулама, шөбіне аяқ баспа, бір бұтасын сындырма.
— Николай Сергеич! — деген Федосья Васильевнаның дауысы естілді залдан. — Агния, шақыршы мырзаны!
— Сонымен қалмайсыз ғой? — деді Николай Сергеич, орнынан ұшып тұрып, есікке қарай жүре беріп — Қалсаңыз етті, құдай ақыңа! Кешкісін мен сізге келер едім… әңгімелесер едік. Ә? Қалыңызшы! Сіз кетіп қалсаңыз, бүкіл осы үйде адам пернелі бір жан қалмайды. Ол сұмдық емес пе!
Николай Сергеичтің арақ сіңіп, сұп-сұр болған кескінінен жалыныш байқалып еді, бірақ Машенька көнбей, басын шайқады, сонсоң ол қолын бір сілтеп, шығып кетті.
Енді жарты сағаттан кейін қыз жол үстінде кетіп бара жатты.
Аударған Ж. Ысмағұлов