Алғыс арқалаған ару | | Ortalyq.kz
Оқылды:
678
«100 жаңа есім» жобасының үміткері – «Аяулым» әлеуметтік қолдау» қоғамдық ұйымының төрағасы, қиын жағдайдағы әйелдер мен балаларға көмек көрсететін «Шаңырақ» дағдарыс орталығының басшысы Қаламқас ӘБДУӘЛИЕВА.
Нарық қатынастар белең алған заманда өзгелер үшін аянбай еңбек ететін адамдарды тым сирек кездестіретініміз анық. Десек те, қоғамда ондай абзал жандардың бары көңілге медеу болады. Солардың бірі – бүгінгі кейіпкеріміз Қаламқас Әбдуәлиева. Ол басшылық етіп отырған «Шаңырақ» орталығын паналап келген әйелдер өздерінің және балаларының құқықтарымен танысып, тегін психологиялық, заңгерлік және әлеуметтік көмек алады. Сонымен қатар, шаштараз, тырнақ әсемдеу қызметі және массаж ісі тәрізді мамандықтарды үйреніп, қаржылық сауаттылықтарын арттырады. Бұл тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандардың қиындықты еңсеріп, жеке кәсіп бастауларына жол ашары анық. Қамкөңіл жандарға қолғабыс көрсету үшін күндіз-түні дамыл көрмеген Қаламқастың еңбегі еленіп, талай жанның алғысын арқалап жүр.
Ұйымның басты мақсаты – отбасылық құндылықтарды сақтау, гендерлік теңдік ұстанымдарын жүзеге асыру және әйелдер мен балалардың құқығын қорғау.
– Біз жеткен жетістікте тоқтап қалмай, алға жылжимыз. Жұмыс моральдық тұрғыда қанағаттандырады және қоғамдық қызмет аз уақыт алмаса да, жұмысың адамдардың өмірін жақсы жағына өзгерткенін көрген кезде, шабыттанатынымды мойындаймын,– дейді Қаламқас Әбдуәлиева.
Оның өмірлік философиясы «Ұлы істер жасау міндет емес, кішкентай ғана істерді де сүйіспеншілікпен жасауға болады» деген ұстанымға саяды.
Өз тілшімізден.