Әлем елдерінің жаңа жылдық салт-дәстүрлері

0

Әлемнің түкпір-түкпірінде санаулы сағаттан кейін табалдырығымыздан аттағалы тұрған Жаңа жылды қарсы алуға қарбалас басталып та кетті. Бұл дәмді тағамдар, салаттар әзірлеу, үйді, шыршаны безендіру, сыйлықтар жасау секілді ортақ қарбалас. Оның үстіне, бұл мерекенің басты атрибуттары Аяз ата мен Ақшақар, жасыл желекті шырша мен қоржын толы сыйлық емес пе? Сондықтан, бүкіл әлем мерекені бір қалыпта қарсы алатындай көрінуі мүмкін. Әйткенмен, Жер шарын мекен еткен әрбір ұлттың өз дәстүрі, өз салты бар екені мәлім. Сол себепті Жаңа жыл мерекесінде әлем халықтары түрлі дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды ұстанады. Мысалы, кей елде Жаңа жыл қарсаңында есікті айқара ашып қойса, кей халық тірі балықты суға жібереді. Осы орайда әлемдегі түрлі салт-дәстүрлердің ең қызықты дегендеріне тоқталып өтпекпіз.

Бирмада Жаңа жыл түні ыстық болатындықтан, бұл күні тұрғындар Су фестивалін ұйымдастырады. Яғни, адамдар бір-біріне су шашады және оған ешкім реніш білдірмейді. Себебі, бұл әрекеттің астарында «Жаңа жыл бақыт әкелсін» деген тілек жатыр.

Вьетнамда да біздегідей Жаңа жылды түнде қарсы алады. Кеш батысымен жергілікті халық саябақтар мен көшелерде от жағып, бірнеше отбасы оның айналасына жиналады да, отқа күріштен жасалған түрлі дәмді тағамдар әзірлейді. Жаңа жыл түнінде вьетнамдықтар тірі тұқы балықты суға жібереді. Олардың нанымы бойынша, тұқы балықтың үстінде Құдай болады екен және ол Жаңа жыл түнінде аспанға ұшып, Жердегі адамдар қалай өмір сүретінін баяндайтын көрінеді.

Ал Аргентинада түрлі мекеме мен кеңсе қызметкерлері ескі жылдың соңғы жұмыс күнінде қажетсіз құжаттар мен қағаздарды, күнтізбелерді терезеден лақтыруды бұрыннан дәстүрге айналдырған. Елдің іскерлік ордасы – Буэнос-Айрэсте түс ауа тас жол мен жаяужолдарды ақ қағаздар жауып қалады. Аталмыш дәстүрдің қолайсыз тұсы осында. Бірде, баспахана қызметкерлері қағаз лақтыруға қызу кірісіп кетсе керек, терезеден газеттің бүкіл мұрағатын лақтырып тастаған екен.

Ұлыбританияда Жаңа жылды мерекелеуде сүйір жапырақты ағаштың бұтасымен үйді әшекейлеу дәстүрге сіңіп кеткен. Сондай-ақ, Рождество қарсаңында ер адам осы бұтаның астында тұрып қалған кез келген қызды, тіпті танымаса да, сүюге құқылы.

Ал Грекияда сағат тілі түнгі он екіні көрсеткен уақытта отағасы аулаға шығып, анарды қабырғаға қатты ұрып жарады. Егер оның дәндері жан-жаққа ұшып, шашырап кетсе, жаңа жылда отбасы бақытты өмір сүреді деген сенім бар.

Ирландияда Жаңа жыл қарсаңында үйдің есіктері айқара ашылып тұрады. Кез келген адам қалаған үйіне кіре береді және ол сыйлы қонақ саналады. Оған төрден орын беріп, шарап құйып, «Осы үйдегі және бүкіл әлемдегі татулық үшін!» деген тілек айтылады. Он екіге қарай ирландықтар орталық алаңға шығып, ән айтып, би билейді, жалпы, көңіл көтереді.

Кенияда Жаңа жылды суда қарсы алу дәстүрге айналған. Кениялықтар бұл мерекеде өзен-көлге шомылып, қайыққа мініп, көңіл көтереді.

Колумбияда оқ ату, жарылыс пен отшашусыз мереке болмайды деп саналады. Жаңа жылда колумбиялықтар ескі жылды бейнелейтін қуыршақ жасайды да, оларды таяқпен алып жүреді. Содан соң оны алысқа лақтырады. Қуыршақтың ішіне салынған күкірт, оқ-дәрілер түн жарымында атыла бастайды. Осылайша, бұл от пен түтінге оранған ескі жыл Жаңа жылға жол ұсынады деген мағына береді.

Ал Перудегі жаңа жылдық дәстүр тіпті қызық. Егер кімде-кім жаңа жыл түнінде өз үйін шабаданмен айналып өтсе, онда жаңа жылда ол көптен бері армандаған сапарға шығуы ықтимал. Егер үй айналасында қолына шыбық ұстаған бойжеткен жүрсе және ол жігітке шыбықтың екінші ұшын ұстауды ұсынса, онда ол екеуі отбасын құрады деген ырым екен.

Швецияда Жаңа жыл мерекесінде көршілердің ауласында ыдыс-аяқ сындыру дәстүрі бар.

Шотландияда Жаңа жыл қарсаңында бөшкеге құйылған шайырды жағып, ол бөшкені көшемен сырғанатады. Бұл ескі жылды жағу дәстүрі деп аталады. Сағат тілі он екіге жақындаған сәтте отағасы үнсіз үй есігін соңғы секундқа дейін ашық ұстап тұрады. Осылайша, ол үйге Жаңа жылды кіргізген болады. Сондай-ақ, жаңа жылда үйге келген қонақ өзімен бірге бір кесек көмір алып келіп, оны отбасылық камин, үй пешіне тастайды және отбасындағы оттың сөнбеуін тілейді.

Ал Болгарияда ағайын-туыс пен дос-жаран мерекелік дастарқан басына жиналады да, барлық үйде жарық үш минутқа сөндіріледі. Жарық сөнген сәтті «жаңа жылдық сүйісу уақыты» деп атайды екен және оның құпиясын қараңғылық қана біледі деп санайды.

Бұл тізімді әрі қарай жалғастыра беруге болады. Себебі, өздеріңіз білетіндей, әлемде сан түрлі халық бар, ал сол халықтың мыңдаған дәстүрі мен салты бар. Бастысы, сіз ұстанған салт пен дәстүр осы мерекеде көтеріңкі көңіл-күй сыйласын. Себебі, Жаңа жылды қуанышты күйде қарсы алу – бұл осы әлемдік мерекенің негізгі салты деп айтуға болады.


Дереккөз: https://massaget.kz/

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз