Айдар Тұрғанбектің жаңа бейнебаяны жұрттың жүрегін елжіретті
Әнші Айдар Тұрғанбек Алматыда «Аман жүр анашым» деген жаңа бейнебаянын таныстырды. Жай таныстырып қойған жоқ, сүйікті тыңдармандары, өнердегі достары мен тілшілер қауымы алдында тұсаукесер рәсімін өткізді.
Бұл бейнебаян бұрынғы бейнебаяндарынан өзгерек. Олай дейтін себебіміз, ән туындысы мен ондағы сюжеттің берер тағылымы мол. Жұмбақтамай айтар болсақ, қазіргі қоғамдағы жетімдер жай-күйі баяндалады. Жай баяндалмайды, бәрі де шынайы. Өйткені бейнебаянға түскен, хор болып ән шырқаған жас жеткіншектер қатарында Әмина апа асырап алған балалар да бар. Жалпы бейнебаян желісі – жетім баланың шешесіне жолдаған хаты хақында.
Қоғамдағы жетімдердің жай-күйі жалғыз қазақ елінде ғана бар дүние емес. Ата-ана мейірімін аңсаған бүлдіршіндердің тағдыры — ғаламдық мәселе. Айдар осы бейнебаяны арқылы адамзат баласына ой салғысы келеді.
Қазақ әуелден-ақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған халық. Дегенмен бүгінде бауыр еті баласын бағып-қағудан бас тартқан түрлі оқиғалар жайлы оқып, көріп жүрміз. Бұл қоғамдағы індетті жазу — бір міндет те. Әнші өнердегі бір міндетін осы тақырыпқа арнауды парыз санағандай.
Айдардың бейнебаянын көргендер көзіне жас алып, әншіге алғыстарын да жаудырды.
Бір жылдары Б. Омаровтың әні мен С. Қалиевтің сөзіне жазылған «Сәби бақыты» әні Ұлықпан Жолдасовтың орындауында қалың тыңдарманның жүрегін елжіреткен еді. Сол әндегі:
Жетімнің көзі жасты екен,
Удан да дәмі ащы екен.
Әкенің мұз ба жүрегі?!
Ананың бауыры тас па екен?!
Аңсатқан жанды ақ арман,
Жас болып аққан жанардан.
Сәбидің бәрі бақытты,
Болуы үшін жаралған, — деген жолдары әлі есіңізде болар. Бұл ән талайларға тағылымы мол тәрбие сыйлады. Айдардың жаңа бейнебаяны да осы бір тақырыпты ту еткен.
Шашпаса күн шуақ,
Гүл қалай көктейді.
Әлемнің мейірімі,
Анаға жетпейді, — деген жолдары жүректі тербейді. Оған ән сазын қосыңыз. Ананың амандығы, баланың бақыты — ғаламның шаттығы емес пе?! Осы тұста туындының шығармашылық тобы жайлы айта кеткеніміз де абзал. Ән авторы — Ербол Ақбасов, ал сөзін Рүстем Арсланов пен Сара Жүнісбек жазған. Ал ағылшын тіліндегі нұсқа авторын Диас Мырзақожа аударған. Бейнебаянның режиссері — Азамат Ержанұлы.
Бейнебаянның өзгешелігі жайлы айттық. Енді жаңалығы жайлы айта кеткеніміз де жөн. «Аман жүрші анашым» әні қазақ және ағылшын тілдерінде айтылған. Бейнебаян да екі тілде жарыққа шығады. Немісше оқыған Айдар үшін ағылшынша айту оңай болмағаны да анық. Әйтсе де Backstreet Boys, Beyonce әндерін көбірек тыңдайтын әнші үшін қатты қиын болмапты.
Айта кетейік, биыл Айдар ән шырқайтын «Жігіттер» квартеті 15 жылдығын атап өтті. Алматы мен Астана қалаларында мерейтойлық ән кештерін де өткізді.
«Жігіттер» квартеті мен ондағы әр әншінің жеке шығармашылығына жарқын жетістіктер тілейміз.
Дереккөз: https://massaget.kz/