Айбек Нұғымаров екінші жыл қатарынан «Әлем барысы» атанды
Қазақ күресі шеберлерінің басты бәсекесіне айналған «Әлем барысы» жарысы өз мәресіне жетті. Алматыдағы Балуан Шолақ спорт кешенінде өткен абсолютті әлем чемпионатында Айбек Нұғымаров жеңістің биік тұғырынан көрінді.
Биылғы «Әлем барысына» 29 елден келген 33 балуан бақ сынады. Аса тартысты өткен боз кілемдегі белдесулер тартысқа толы болды. Кіл мықтылар кім мықтыны анықтау үшін барын салып бақты.
Жарыста қазақ елі атынан 5 балуан қатысты. Руслан Әбдіразақов алғашқы белдесуінде иран балуаны Джафар Пехлабанға жол беріп, жарысты ерте аяқтады. Нұрдәулет Жарылғапов армян Якоб Аракелянға есе жіберіп, жүлделі орынға ілікпеді. Ширек финалда Айбет Сейтен грузин Гурам Тушишвилиден жеңіліп жартылай финалға шыға алмады.
2018 жылғы «Әлем барысының» жартылай финалына қазақ балуандары Айбек Нұғымаров пен Ерсұлтан Мұзаппаров, грузин Гурам Тушишбили мен ресейлік Роман Бобиков шықты.
Ерсұлтан ресейлік балуанды айқын жеңіп, финалға бірінші болып шықты. Ал өткен жылы финалда белдескен Айбек пен Гурамның кездесуі қызықты өтті. Қазақ балуаны қарсыласының жауырынын жер иіскетіп, жеңіске жетті. Әйткенмен жеңілісті көтере алмаған грузин балуаны боз кілемді ерте тастап шықты. Тіпті үшінші орын өтетін белдесуге шықпады да. Нәтижесінде Роман Бобиков қола белбеу мен 3 миллион теңгені еншіледі.
Финалда алып Айбекке қарсы Ерсұлтан барын салды. Әлем барысы атану үшін тер төкті. Алайда салмағы ауыр, тәжірибесі мол Айбектің адуыны жоғары болды. Қарсыласының әдісін ұтымды пайдаланып, Ерсұлтанды таза жеңді. Осылайша екінші жыл қатарынан «Әлем барысы» атанды.
Биылғы жарыстың ережесіне де аздап өзгерістер де енгізілген. Бұған дейін кілемде үш төреші: ортадағы және қапталдағы қос төреші болса, енді боз кілемдегі төрешілер ғана болды. Одан өзге жаттықтырушы бұрынғыдай төреші шешіміне қарсылық білдіріп, қамшы лақтыратыны алынып тасталған. Белдесу барысында күмәнді жағдай туындаған жағдайда ғана видеоқайталау экранға шығарылды. Барлық белдесулерді толықтай бас төреші бақылады.