Адамдар бір — біріне қайырымдылық жасап, мейірімділік таныту
Мұқтаж жандарға қайырымдылық жасау – адамның ең ізгі қасиеттерінің бірі. Адамдар бір — біріне қайырымдылық жасап, мейірімділік таныту арқылы адамгершілік қасиеттерді бойына дарытады, жақсылыққа қадам бастап, ізгіліктің нұрын себеді. Әл — Фарабидің «Тек бақытты адамдар ғана ізгі істер атқаруға қабілетті болады» деп айтқанындай, сауабы мол істі жасау әрбір адамның азаматтық парызы.
Осы орайда жуырда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым — Жомарт Кемелұлы Тоқаев жариялаған «Еріктілер жылы» аясында әл — Фараби атындағы ҚазҰУ — ң «Қайырымды қоғам» челленджі (#AlFarabiQQ) негізінде жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының оқытушылары Алматы қаласындағы қарттар мен мүгедектерге арналған «Мирный Қазақстан» Қарттар үйіндегі қариялар мен соғыс ардагерлеріне қайырымдылық шарасын ұйымдастырды.
Жасы ұлғайып, қараусыз қалған қарттар мен мүгедектерге мейірімділік танытып, қамқорлық көрсетуге талпынған кафедра оқытушылары аталған мекемедегі қарттардың көңілін, халдерін сұрап, жағдайларымен танысып, олармен әңгімелесіп, апарған арнайы азық — түлік өнімдерін, яғни қайырымдылық көмегін тапсырып қайтты.
Іс — шара барысында кафедра оқытушысы М. Ешимов: «Біздің міндетіміз үлкенге құрмет көрсету. Біз қарттарға арналған қайырымдылық акциясын бірінші рет өткізіп жатырмыз. Алдағы уақытта тағы да осындай іс — шаралар ұйымдастыруды жалғастырамыз деген ойдамыз. Қарияларға қашанда көмек көрсетіп, қолдан келгенше жақсылықтарымызды аямауымыз керек» — дейді.
«Мирный Қазақстан» Қарттар үйінің басшысы М. М. Мурзалиева: «Кафедра ұжымы бүгін, міне, өте бір сауапты іс атқарып отыр. Кафедра ұжымына осындағы қариялар да шексіз риза»,- деп шынайы алғысын білдірді.
Шара соңында кафедра оқытушылары сырқат қариялардың бөлмелеріне арнайы кіріп, ізгі тілектерін білдіріп, арнайы әкелген сыйлықтарын тарту етті.
Кафедра ұжымының құрмет көрсетіп жүргендеріне орталықтағы қариялар да ризашылықтарын білдірді. Қарттар үйінің қызметкерлері де өз тараптарынан алғыстарын жеткізді.
А. Е. Саденова
Әл — Фараби атындағы ҚазҰУ
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті
Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының меңгерушісі