Абай жолы романы 1 том

0

Назарларыңызға Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман – эпопеясының қысқа мазмұнын ұсынамыз.

I – том
Қайтқанда

Абайдың жасы 13 – ке тақалды. Орыс мектебінде 3 ай оқымай, ауылға қайтсын деп әкесі Байтас және Жұмабай деген кісілерді жібереді. Ауылға үш күндік жол қалғанда бала шәкірт барын салды. Ол асып, алға шауып кете берді. Байтас баланы қуып жетіп: «Енді асықпа, Есенбайдың жырасында ұры жатады» – дейді. Бала шәкірт сөзге қарсы орайын білдірмей, біраз бірге жүреді. Соңсоң тағы шауып кетіп, екі – үш белден көрінбей кетеді. Байтастың мінгені Құнанбайдың қара жал бұрыл аты. Ал Жұмабайдың астындағы да Құнанбайдың Найманкөк деген үлкен көк ала аты болатын. Олар баланың соңынан жарыса кетті. Бір бел асса бала көрінбейді. Аздап уақыт өткен соң Жұмабай арт жағынан тасырлап келе жатқан ат дүбірін есітті. «Е, бұл Есенбайдың жырасындағы жау болар», – деп ақ – көк атты тепкілей берді. Күндіз шабатын ұры бет – аузын таңып алыпты. Артынан қуып жеткенде Жұмабайдың қалың қара тымағын көзіне қарай баса кигізіп жібереді. Ақбозат бірдемеге тіреліп тоқтады. Жұмабайдың реңі қашып қара тымағын алса, ол ұры емес, өзі айтқандай «Құнанбайдың бөлтірігі» Абай екен. Байтас пен Абайдың ішек – сілесі қатып күлді. Аз уақыт өткен соң Абай Жұмабайдан орынсыз ісі үшін кешірім сұрады.

Бұл Шыңғыс бөктеріне үш – төрт ауыл қоныпты. Бұлар «Құнанбай ауылы» деп аталады. Абай ауыл ортасындағы ақ үйлердің қасында қарап тұрған екі шешесі Ұлжан мен Айғызға жеткенше асықты. Аттан түсе салысымен шешесіне беттей берсе, Ұлжан: «Әуелі әкеңмен амандас», – деп, Құнанбайды меңзейді. Сосын Абай әкесі және қасында тұрған кісілерге барып, сәлемін береді. Онымен бірге Байтас пен Жұмабай да келіп сәлемдеседі. Әкесі Абайдан: «Молда болдың ба? Бойыңа қоса білімің де өсті ме?», – деді. Соңсоң шешесіне баруын меңзеп, өзі батыстан келе жатқан төрт – бес салт аттыға қарап тұрып қалады. Абайды шеше – жеңгелері сүйіп, Телғара деп еркелете түседі. Абай бәрімен амандасып болып, бәрінен де көп сағынған Зере әжесінің құшағына енеді. Кеш түсіп, Абай әжесіне арнап өлеңдер айта бастап еді. Біршама уақыт өткен соң Құнанбай баласын шақыртып алады. Абай келіп отырысымен іштегілер қала, оқу жайын сұрастыра кетті. Сөйткенше сырттан Оспан кіріп келеді. Ол Абайдан бес – алты жас кіші інісі. Оспан біраз тыныш отырды да, нашар сөздер айта бастады. Құнанбайдың ашуы келіп, Оспан жұлқып жібереді де, атшабарға алып кетуін бұйырады.

Үй іші бірталай жым – жырт болып, отырып қалды. Тек Құнанбай Абайға таныс сөздермен, кей – кейде ыза, зілмен сөз сөйлеп жатыр. Құнанбай біршама тоқтаусыз уақыт сөйледі. Сол кезде Абай жалығып, іште отырған кісілердің жүздерін (беттерін) дәріптей бастады. Абай әкесінің сөздерінде «Қодар сұмның қылығы» дегенді естігенде, ол әуелі «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырындағы Қодарды елестетеді. Құнанбайдың айтуы бойынша Қодар қазақта болмаған лағнетті іс жасаған көрінеді. Соның шындық не өтірік екенін талқыға салып отыр. Байтас пен Жұмабай қалаға тек Абайды алып қайтуға ғана емес, Құнанбайдың тапсырмасы бойынша Ахмет Риза хазіреттен осы іске фәтуа сұрауға барыпты. Ол болса: «Жазасы дарға асу», – депті. Жалпы бұл жерде жиналған кісілердің мекені Тобықты болады. Тобықтының өзі бірнеше рудан тұрады. Соның ішінде Жігітектен – Бөжей, Көтібақтан – Байсал келіп отыр. Сүйіндік Бөкеншінің адамы, ал Құнанбай Ырғызбай руынан. Ал басты мәселе Қодар Барсақ руынан еді. Жиреншенің үлкендер арасында әбден іші пысып, сыртқа шығады. Бала Абай оны жақсы танитын. Содан Қодардың кім екенін білгісі келіп, ол да тысқа шығады. «Жаңағы осы Қодар деген кім?», – деп сұрады Абай. Сонда Жиренше: «Ол мынау Шыңғыстың ет бөктерінде тұратын жақыны жоқ, жалғыз үйлі бір Барсақ. Қодар биыл қыстыгүні жалғыз баласы өлгеннен кейін келінімен жақын болыпты», – деді. Абай алдымен түсінбеді. Сосын Жиренше бір тұрпайы қозғалыстар жасап, түсіндіре кетті. Содан барып Абай түсінгендей болды. Кейін ол үйге қайтып кірмей, шешесіне қарай беттеді.

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз