2050 жылға қарай шоколад шығарылмайтын болады
Тәтті құмарлар үшін ауыр жаңалықпен бөліскелі отырмыз. Ғалымдардың пікірінше, 2050 жылға қарай шоколад мүлдем шығарылмайтын болады.
Бұл туралы Ұлттық мұхит және атмосфера зерттеу орталығы (NOAA) мамандары хабарлады. Қазір Жер шарында орын алып жатқан климаттық өзгерістер салдарынан шоколад көзі саналатын какао ағаштары жойылып кетеді деп болжайды ғалымдар.
Шынында да, какао ағаштары тропикалық флораның «ақсүйектері» деген атауға ие, өйткені олар өте кірпияз және өсіру үшін өте нақты жағдайларды талап етеді.
NOAA деректері бойынша, бұл ағаштар экватордан солтүстікке немесе оңтүстікке қарай 20 градусқа дейін өседі, ылғалдылығы мен жауын-шашынның мөлшері тұрақты жерлерді тұрақ етеді.
Сондықтан, какао бұршақтарының жартысынан көбі Батыс Африкада, нақтырақ айтсақ, Кот-д’Ивуар мен Гана елдерінде өндіріледі. Ғалымдардың айтуынша, 2050 жылға қарай осы екі елдегі температура Фаренгейт бойынша 3,8 градусқа өседі. Бұл какао фермаларының тропикалық ормандарды тастап, тауға көтерілуіне алып келеді.
Бұл, әрине, оңай шешім болып көрінгенімен, таулы аудандардың көп бөлігін табиғи қорықтар құрайды. Сондықтан какао өндірушілер не бүкіл әлемді шоколадпен қамтамасыз етеді не жабайы табиғатты қорғап қалады.
Алайда үміт әлі де бар. Берклидегі Калифорния университетінің ғалымдары Mars компаниясымен бірлесе (M & M және Snickers жасайтын) какао дақылын болашақта қалай сақтауға болатынын анықтады. Олар бұл өсімдіктердің ДНҚ-сын жақсартуды ұсынады.
Business Insider мәліметтері бойынша, жоба жаңа көшеттерді жылы және құрғақ климатқа бейімдеу үшін гендік өңдеу технологиясын (CRISPR) қолданады.